Үздіксіз білім беру процесіндегі экологиялық тәрбие сабақтастығының мазмұндық сипаты



Пән: Педагогика
Жұмыс түрі:  Материал
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 50 бет
Таңдаулыға:   
КІРІСПЕ

Зерттеудің көкейкестілігі. Бүгінгі таңда бүкіл адамзаттың алдында тұрған
өмірлік маңызы бар ауқымды проблемалардың ішінде, табиғатты қорғау мен
табиғи ресурстарды тиімді пайдалану мәселесіне ерекше көңіл бөлінуде.
Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, күннен-күнге туындап отырған экологиялық
мәселелер мен олардың шешімін іздестіру өзінің көкейкестілігін дәлелдеуде.
Ал бұл болса үздіксіз білім беру процесінде (отбасы→ балабақша → бастауыш
мектеп) балалардың экологиялық тәрбиелілігін дамыту қажеттілігін күн санап
арттыра түседі, өйткені қоршаған орта мен адамның денсаулығын сақтау
маңызды құндылықтың бірі болып табылады.
Көпсатылы оқу жүйесінде экологиялық білім мен тәрбие беру мәселесі
бойынша Қазақстан Республикасының 2004-2015 жылдарға арналған экологиялық
қауіпсіздігін сақтау тұжырымдамасы (2003ж.), Қазақстан Республикасының
Конституциясы мен Білім туралы Заңында, бірқатар ұсыныстар беріліп,
жаңа шешімге бағыттап отыр. 2006 жылы қабылданған Экологиялық кодексте
мемлекеттік экологиялық саясатты дәйектілікпен жүзеге асырудың механизмі
берілген.
Алайда жоғарыда айтылғандардан экологиялық білім мен тәрбие
мәселесіне бүгін ғана аса назар аударылып отыр деген ой туындамауы керек.
Адамзат тарихында табиғатпен саналы қарым-қатынас жасап, оның
құндылығын бағалауда адам-қоғам-табиғат дамуының философиялық заңдылығын,
сабақтастығын ғылыми тұрғыда негіздеуде ұлы ойшылдар (Аристотель, Платон,
Гераклит) үлкен үлес қосқан.
Экологиялық білімнің ғылыми-теориялық мәселелері бірқатар
ғалымдардың (Э.Геккель, Ч.Дарвин, Ж.Ж.Руссо, Г.Песталоцци, Ф.Дистервег,
Я.А.Коменский, К.Д.Ушинский, С.Т.Шацкий, И.Д.Зверев, Н.С.Сарыбеков,
Ә.С.Бейсенова, Ж.Жатқанбаев, И.Н.Нұғыманов және т.б.) зерттеулерінде
қарастырылады
Көптеген ғалымдар (М.Фамин, В.И.Фурсов, В.В.Журавлев, Ә.Н.Нысанбаев,
Ж.Әбділдин, Д.Кішібеков және т.б.) экологиялық тәрбиенің философиялық
тұжырымдамаларын анықтап, табиғатқа саналы көзқарасты адам дүниетанымының
құрамды бір бөлігі ретінде қарастырған, белгілі психологтар болса
(Т.Тәжібаев, М.Мұқанов. Ә.Алдамұратов, Х.Шерьязданова және т.б.) жеке
тұлғаны тәрбиелеудің психологиялық аспектілеріне мән берген.
Экологиялық тәрбиенің теориялық-әдіснамалық негіздері
В.А.Сухомлинский, Н.К.Скалон, А.Н.Захлебный, М.Н.Сарыбеков, Т.В.Кучер,
Ғ.К.Ділімбетова, Ж.Б.Шілдебаев және т.б. еңбектерінде көрініс тапса,
экологиялық білім мен тәрбие берудің ғылыми-әдістемелік жолдары
А.А.Сотников, К.Ж.Сарманова, Ұ.Ә.Есназарова, К.С.Құрманбаева және т.б.
ғалымдардың еңбектерінде жан-жақты зерделенген.
Адам-қоғам-табиғат арасындағы қарым-қатынастың ұлттық салт-дәстүрлер мен
байланысы, халық педагогикасын зерттеген ғалымдардың (Қ.Жарықбаев,
С.Қалиев, С.Ұзақбаева, К.Қожахметова, Р.Төлеубекова, Қ.Аймағамбетова,
Р.Дүйсембінова және т.б.) еңбектерінде көрініс алады.
Бастауыш сынып оқушылары мен мектеп жасына дейінгі балалардың
дүниетанымын қалыптастыру, экологиялық білім мен тәрбие беру мәселесін
тікелей зерттеген ғалымдардың (С.Н.Николаева, А.М.Пушнина, Н.Н.Кондратьева,
Г.В.Кирикэ, Е.И.Золотова, Н.Ф.Виноградова, Қ.А.Аймағамбетова,
Ә.М.Мұханбетжанова, П.Г.Самарукова, Н.А.Рыжова, Т.В.Христовская және т.б.)
еңбектерінде табиғаттың тұлғаны қалыптастырудағы ықпалы туралы құнды ғылыми-
әдістемелік тұжырымдар берілсе, мектепке дейінгі тәрбие мәселесін
қарастырған ғалымдардың еңбектерінде (Б.Б.Баймұратова, А.К.Меңжанова,
М.С.Сәтімбекова, Қ.М.Меңдаяқова, Ә.С.Әмірова, Ф.Н.Жұмабекова және т.б.)
тиімді әдіс-тәсілдер ұсынылады.
Көптеген ғалымдар жалпы білім беретін мектептерде экологиялық білім мен
тәрбие берудің теориялық, әдістемелік аспектілерін жүйеге келтіреді
(Н.А.Гладков, Я.И.Габев, С.Н.Назарова, Е.А.Сластенин, А.В.Чигаркин,
М.Н.Фомин, Е.З.Батталханов және т.б.), кейбірі экологиялық іс-әрекеттің
мәнін айқындап, мазмұнына жан-жақты сипаттама береді (С.Н.Соломина,
И.Д.Лаптев, В.А.Ясвин және т.б.).
Оқытудағы сабақтастық проблемасына қатысты құнды ой тұжырымдар
Я.А.Коменский, К.Д.Ушинский, А.С.Макаренконың еңбектерінде көрініс алса,
оқытудың әдіснамалық ұстанымы ретіндегі сабақтастық С.М.Годник,
З.А.Мукашев, А.В.Петров, А.В.Самускевич, Э.А.Баллердің еңбектерінде
зерделенеді.
Бірқатар ғалымдар (Б.Г.Ананьев, Ш.И.Ганелин, А.К.Бушля және т.б.)
сабақтастықты ағарту жүйесінің әр түрлі буындары арасындағы байланыс
ретінде қарастырса, енді бірі (И.Т.Суравегина, Н.М.Мамедов, И.Д.Зверев,
В.Л.Горохов, А.Н.Чилингаров, А.Н.Захлебный және т.б.) экологиялық білімнің
үздіксіздігін сабақтастық ұстанымын орындаудың құралы деп түсінеді.
Сонымен, ғылыми зерттеулер мен әдебиеттерге, озық педагогикалық
тәжірибелерге жасаған талдау қарастырылып отырған проблеманың ғылыми
тұрғыда негізделмегенін дәлелдейді.
Демек, отбасында, балабақша мен бастауыш сыныптарда экологиялық
тәрбие берудегі қоғамның сұранысы мен оның жүйелі түрде зерттелмегені
арасында; кіші жас балаларына қоршаған ортаны аялай білуді сабақтастықта
жүргізу қажеттігі мен экологиялық тәрбие сабақтастығын қамтамасыздандыратын
бірыңғай тұжырымдаманың және оны жүзеге асыруға байланысты оқу-
әдістемелік кешеннің жеткіліксіздігі арасында қарама-қайшылықтың бар екені
байқалады. Осы қарама- қайшылықтардың шешімін іздестіру бізге зерттеу
проблемамызды анықтауға және тақырыпты Үздіксіз білім беру процесіндегі
экологиялық тәрбие сабақтастығының ғылыми-педагогикалық негіздері деп
таңдауымызға негіз болды.
Зерттеу объектісі: үздіксіз білім беру процесі (отбасы → балабақша →
бастауыш мектеп).
Зерттеу пәні: үздіксіз білім беру процесіндегі (отбасы → балабақша→
бастауыш мектеп) экологиялық тәрбие сабақтастығы.
Зерттеудің мақсаты: үздіксіз білім беру процесіндегі (отбасы, балабақша,
бастауыш мектеп) экологиялық тәрбие сабақтастығын теориялық-әдіснамалық
тұрғыда негіздеу және әдістемелік жүйесін жасау.
Зерттеудің болжамы: егер, үздіксіз білім беру процесіндегі экологиялық
тәрбие беру сабақтастығының теориялық-әдіснамалық негіздері айқындалып,
құрылымдық жүйесі, шарттары, әдістемесі анықталса және оларды жүзеге
асыруға байланысты тұжырымдама мен соған сай әдістемелік кешен жасалып,
практикаға енгізілсе кіші жастағы балалардың экологиядан білімі толысып,
қоршаған ортаға деген аялы көзқарасы қалыптасады. Ал, бұл болса оларға
табиғатты қорғауға, онымен достасуға көмектеседі.
Зерттеудің міндеттері:
1.Үздіксіз білім беру процесіндегі экологиялық тәрбие сабақтастығының
әдіснамалық-теориялық негіздерін анықтау.
2.Үздіксіз білім беру процесіндегі экологиялық тәрбие сабақтастығының
педагогикалық шарттарын және құрылымдық жүйесін айқындау.
3.Үздіксіз білім беру процесіндегі экологиялық тәрбие сабақтастығының
тұжырымдамасын жасау.
4.Үздіксіз білім беру процесінде халық педагогикасының кіші жас
балаларына экологиялық тәрбие берудегі мүмкіндіктерін айқындау.
5. Үздіксіз білім беру процесіндегі кіші жас балаларының
экологиялық тәбиелілігі моделін жасау.
6. Үздіксіз білім беру процесіндегі экологиялық тәрбие
сабақтастығының әдістемесін жасап, оның тиімділігін эксперимент жүзінде
дәлелдеу.
Жетекші идея: үздіксіз білім беру процесіндегі экологиялық тәрбиені
сабақтастықта жүзеге асыру, баланың табиғатпен қоғам туралы дүниетанымының
дұрыс қалыптасуына ықпал етеді.
Зерттеудің әдіснамалық және теориялық негіздерін табиғат пен қоғамның
қарама-қайшылықтарының бірлігі туралы идеялар; қоғам мен табиғат арасындағы
үйлесімділік тұрғысындағы философиялық қағидалар, диалектикалық таным
теориясы, терістеуді терістеу заңы, жеке тұлғалық, тұлғалық-бағдарлық; іс-
әрекеттік теориялар; біртұтас педагогикалық процесс және ынтымақтастық,
құндылық теориялары құрайды.
Зерттеу көздері: Қазақстан үкіметінің ресми материалдары, ҚР
Конституциясы, Білім туралы Заңы, ҚР Қазақстан – 2030 даму стратегиясы;
ҚР Білім мемлекеттік бағдарламасы; ҚР экологиялық білім мен тәрбие
берудің ұлттық стратегиясы; ҚР экологиялық қауіпсіздікті сақтау;
Экологиялық білім бағдарламасы; Қазақстан Республикасының 2004–2015
жылдарға арналған экологиялық қауіпсіздігі тұжырымдамасы; Айнала қоршаған
ортаны қорғау туралы Заң, Экологиялық кодекс және т.б. ҚР Білім және
ғылым министрлігінің отбасы, балабақша, бастауыш мектепке байланысты
ұсынған құжаттары (тұжырымдамалары, бағдарламалары, оқулықтар мен оқу-
әдістемелік құралдары), педагогиканың ғылыми жетістіктері мен озық
тәжірибелері; белгілі философтардың, экологтардың, педагогтар мен
психологтардың еңбектері; диссертанттың жеке басының педагогикалық және
зерттеушілік іс-тәжірибесі.
Зерттеудің негізгі кезеңдері. Бірінші кезеңде (1999–2000 жж.)
қарастырылып отырған проблеманың тақырыбы, ғылыми аппараты нақтыланды.
Зерттеу проблемасы бойынша ресми құжаттар, материалдар талданып, жүйеленді,
ғылыми педагогикалық, психологиялық әдебиеттер мен әдіснамалық еңбектерге
шолу жасалды. Ғылыми мақалалар мен оқу құралы басылым көрді.
Екінші кезеңде (2001–2003 жж.) зерттеу проблемасы бойынша материалдар
жинау жалғастырылды, жүйеге келтірілді, үздіксіз білім беру процесіндегі
экологиялық тәрбие сабақтастығының педагогикалық шарттары айқындалып,
тұжырымдамаға қажетті материалдар сұрыпталып, арнайы курс материалдары мен
экологиялық тәрбие беру бағдарламасы дайындалды. Озық тәжірибелер
қорытындыланды.
Үшінші кезеңде (2004–2005 жж.) зерттеу материалдары құрылым бойынша
жүйеге келтірілді, нәтижелері нақтыланды, тұжырымдама, балабақша
тәрбиешілері мен бастауыш мектеп мұғалімдеріне арналған арнайы курс
бағдарламасы, оқу-әдістемелік кешендер басылым көрді, пайдаланылған
әдебиеттер жүйеге келтіріліп, диссертация талапқа сай рәсімделді.
Тәрбиеші-мұғалімдердің экологиялық білімдерін жетілдіру мақсатындағы
арнайы курс жоспары бойынша Алматы, Ақтау, Астана, Атырау, Талдықорған,
Шымкент қалаларындағы облыстық мұғалімдердің білімін жетілдіру
институттарында курстар өткізіліп, экспериментті қорытындылау жұмыстары
жүргізілді. Жинақталған теориялық және практикалық материалдар
қорытындыланып, жүйеленді.
Зерттеу әдістері: зерттеу проблемасы бойынша ғылыми әдебиеттерге,
мектепке дейінгі мекемелер мен бастауыш мектеп құжаттарына талдау беру,
озық тәжірибелерді зерделеу, сауалнама, әңгімелесу, тест, деңгейлік
бақылаулар, педагогикалық эксперимент, алынған нәтижелерді сұрыптау,
математикалық тұрғыда өңдеу.
Зерттеу базасы: Алматы (№№ 88, 130, 139), Ақтау (№№ 46, №59),
Талдықорған (№45), Астана (№70) қалаларының, Атырау облысы, Жылой ауданы,
Сарықамыс ауылы орта мектебінің бастауыш сыныптары және Алматы қаласының
(№№ 342, 279, 125, 337, 40) балабақшалары, Республикалық, Алматы облыстық
және қалалық мұғалімдер білімін жетілдіру институттары.
Зерттеудің ғылыми жаңалығы мен теориялық мәні:
1.Үздіксіз білім беру процесіндегі экологиялық тәрбие
сабақтастығының әдіснамалық-теориялық негіздері анықталды.
2.Үздіксіз білім беру процесіндегі экологиялық тәрбие сабақтастығының
педагогикалық шарттары және құрылымдық жүйесі анықталды
3.Үздіксіз білім беру процесіндегі экологиялық тәрбие сабақтастығының
тұжырымдамасы жасалды.
4 Үздіксіз білім беру процесінде қазақ халық педагогикасының кіші
жас балаларына экологиялық тәрбие берудегі мүмкіндіктері негізделді.
5.Үздіксіз білім беру процесіндегі кіші жас балаларының экологиялық
тәрбиелілігі моделі жасалды.
6.Үздіксіз білім беру процесіндегі экологиялық тәрбие
сабақтастығының әдістемесі жасалды.
Зерттеудің практикалық мәні. Отбасы, балабақша, бастауыш мектептерге
арнап:
Үздіксіз білім беру процесіндегі экологиялық тәрбие сабақтастығы
тұжырымдамасы;
- Экологиялық тәрбие бағдарламасы;
- ҚР Білім және ғылым министрлігінің ұсынуымен дайындалған Айналаны
қоршаған орта. Экология (қазақ және орыс тілінде) экологиялық тәрбие беру
кешені;
- тәрбиешілер мен бастауыш мектеп мұғалімдеріне арналған әдістемелік
нұсқаулар жасалды.
Зерттеу нәтижелерін отбасы тәрбиесінде, мектепке дейінгі мекемелерде,
бастауыш білім беретін мектептерде, арнайы және жоғары педагогикалық оқу
орындарында, педагог кадрлар біліктілігін жетілдіретін мекемелерде
пайдалануға болады.
Қорғауға мынадай қағидалар ұсынылады:
1.Үздіксіз білім беру процесінде отбасы → балабақша→ бастауыш мектепте
экологиялық тәрбиенің сабақтастықта жүргізілуі, кіші жас балаларының осы
саладан меңгерген білім, іскерлік дағдысының жүйелі, бірізділікте
қалыптасуына және оларға күнделікті өмірде тиімді пайдалана білуіне
көмектеседі.
2.Үздіксіз білім беру процесіндегі экологиялық тәрбие сабақтастығы
мынадай педагогикалық шарттарды ескерумен (сабақтастықтың жетекші идея
бойынша жүзеге асырылуы; білімді әр пәндерден меңгерілетін ұғымдардың
жалпылығына сүйене отырып сабақтастықта жүргізу мүмкіндігі; қоршаған орта
мен табиғаттағы мінез-құлық ережелерін, пайдалы іс-әрекет дағдыларын
дамытудың әртүрлі әдістерін қолдана отырып, балаларды табиғат жөніндегі
шығармашылық әрекетке баулу мүмкіндігі; аталған шарттардың әрбір
тақырыптарда сабақтастықта жүзеге асырылуы) құрылымдық жүйені (мазмұны,
принциптері, әдіс-тәсілдері оны оңтайландыру жолдары, формалары мен
бағыттары) анықтаумен қамтамасыздандырылады.
3.Үздіксіз білім беру процесіндегі экологиялық тәрбие сабақтастығы
тұжырымдамасы, экология пәні бағдарламалары мен оқулықтары мазмұнын
балалардың жас ерекшеліктеріне қарай сабақтастықта құруда ғылымға
негізделген тұжырымдамалық көзқараста бағыт-бағдар береді.
4.Қазақ халық педагогикасының мазмұндық сипаты, оның үздіксіз білім беру
процесінде кіші жастағы балаларға экологиялық тәрбие берудегі
мүмкіндіктерінің жоғары екендігін дәлелдейді.
5.Үздіксіз білім беру процесіндегі кіші жас балаларының экологиялық
тәрбиелілігі моделі мотивациялық-құндылық, эмоционалдық-сезімдік, іс-
әрекеттік компоненттерінің бірлігінде байқалады және нақты көрсеткіштер,
өлшемдер мен деңгейлер арқылы сипатталады.
6. Үздіксіз білім беру процесіндегі экологиялық тәрбие сабақтастығының
біз жасаған әдістемесі мен ғылыми әдістемелік кешендер кіші жастағы
балалардың экологиялық тәрбиелілігі деңгейін көтеруді қамтамасыздандырады.
Зерттеу нәтижелерінің дәлелділігі мен негізділігі ғылыми-теориялық
және практикалық тұрғыда дәлелденуімен; зерттеу мазмұнының ғылыми аппаратқа
сай келуімен; зерттеу пәніне сәйкес кешенді әдістерді қолданумен;
эксперимент жұмыстарының жоспарлы кезеңділігімен; ұсынылған әдістеменің
тиімділігімен; бастапқы және соңғы нәтижелерді қорытындылаумен; балабақша
мен бастауыш мектептерде олардың тиімділігін эксперимент жүзінде тексерумен
және оқу-тәрбие процесінде кең көлемде пайдаланылуымен қамтамасыз етіледі.
Зерттеу нәтижелерін сынақтан өткізу және практикаға ендіру. Зерттеу
жұмысының негізгі қағидалары мен нәтижелері халықаралық, республикалық,
облыстық ғылыми-теориялық, ғылыми-практикалық конференцияларда баяндалды:
Мектептегі білім берудің сапасы: қазіргі жағдайы, даму үрдісі және
болашағы (18–19 мамыр, 2000, Алматы), Қазақстандағы география және
экология ғылымдарының дамуы (27–28 наурыз, 2002, Алматы), Қазіргі таңдағы
мектепке дейінгі және бастауыш білім берудің психологиялық-педагогикалық
негіздері (11–12 қараша, 2003, Алматы), Әлемдік білім беру кеңістігі
жағдайындағы ғылым мен практика интеграциясы (13–14 ақпан, 2003, Алматы),
Формы и пути непрерывного педагогического образования в Кыргызской
Республике (4–5 желтоқсан, 2003, Бішкек), ХХІ ғасырдағы қазақ мектебі:
даму болашағы (28-29 наурыз, 2006, Алматы), Жоғары оқу орындарында
білікті мамандар даярлаудың өзекті мәселелері (28-29 наурыз, 2007,
Тараз), Возможности педагогической технологии в процессе непрерывного
экологического образования. Образование через всю жизнь: непрерывное
образование для устойчивого развития (3-6 июнь, 2007, Санкт-Петербург),
Мектепке дейінгі және бастауыш білім: қазіргі жағдайы, даму тенденциялары
және мәселелері (28-29 сәуір, 2007, Алматы); республикалық, облыстық,
қалалық, мұғалімдер білімін жетілдіру институттарында өткізілген семинарлар
мен арнайы курстарда жүзеге асырылды; отандық, алыс - жақын шетелдік
мерзімді педагогикалық басылымдарда, ғылыми жинақтарда көрініс тапты.
ҚР Білім және ғылым министрлігінің ұсынысымен балабақша мен бастауыш
мектепке арналып, екі тілде жасалған Айналаны қоршаған орта. Экология
курсы бойынша дайындалған бағдарлама, әдістемелік нұсқау, оқу құралы,
әліппе-дәптер, хрестоматиялық жинақ бүгінгі таңда республика балабақшалары
мен бастауыш сыныптарында үлкен сұраныспен пайдаланылуда.
Диссертацияның құрылымы: диссертация кіріспеден, үш бөлімнен,
қорытындыдан, пайдаланылған әдебиеттер тізімінен және қосымшадан (кестелер,
бағдарлама жоспары, жаңа педагогикалық технологиялар негізінде құрылған
тестік тапсырмалар, сабақтардың үлгі жоспарлары) тұрады.
Кіріспе бөлімінде зерттеудің көкейкестілігі мен маңыздылығы негізделді,
жұмыстың мақсаты, объектісі, пәні анықталды, зерттеудің міндеттері мен
болжамы құрылып, әдіснамалық негізі, жетекші идеясы, ғылыми жаңалығы мен
практикалық маңыздылығы, зерттеу әдістері мен кезеңдері көрсетілді,
қорғауға ұсынылатын қағидалар, зерттеу нәтижелерінің дәлелділігі баяндалды.
Үздіксіз білім беру процесіндегі экологиялық тәрбие сабақтастығының
теориялық-әдіснамалық негіздері атты бірінші бөлімде философиялық,
психологиялық, педагогикалық ғылыми еңбектерге талдау жасалып, экологиялық
тәрбиенің қазіргі теориядағы және практикадағы жай-күйі зерделенді,
үздіксіз білім беру процесінің тұжырымдамасының қалыптасу кезеңдері
жіктеліп, үздіксіз білім беру процесіндегі экологиялық тәрбие
сабақтастығының проблемалары, сабақтастық, экологиялық тәрбие
сабақтастығы ұғымының және маңызы айқындалды.
Үздіксіз білім беру процесіндегі экологиялық тәрбие сабақтастығының
мазмұндық сипаты атты екінші бөлімде үздіксіз білім беру жүйесінде халық
педагогикасының кіші жас балаларына экологиялық тәрбие берудегі
мүмкіндіктері айқындалып, экологиялық тәрбие сабақтастығын жүзеге асыру
тұжырымдамасы жасалды. Экологиялық тәрбие сабақтастығының педагогикалық
шарттары кіші жас балаларының экологиялық тәрбиелілігін қамтамасыз ететін
бағыттар көрсетіліп, экологиялық экологиялық тәрбиелі кіші жас тұлғасының
моделі құрылды.
Үздіксіз білім беру процесіндегі экологиялық тәрбие сабақтастығын
жүзеге асыру жолдары атты үшінші бөлімде үздіксіз білім беру процесіндегі
(отбасында, балабақша мен бастауыш сыныптағы) экологиялық тәрбие
сабақтастығының әдістемелік жүйесі, Экологиялық тәрбие бағдарламасы және
соған сәйкес әдістемесі ұсынылып, тиімді әдіс-тәсілдері мен экологиялық
тәрбиені сабақтан тыс уақытта жүргізу жолдары ұсынылды. Білім сапасын
арттыруда қолданылып жүрген жаңа педагогикалық технологиялардың бастауыш
сынып оқушыларының экологиялық тәрбиелілігін қалыптастырудағы мүмкіндіктері
мен жолдары қарастырылды. Экологиялық тәрбие сабақтастығының балабақша мен
бастауыш сыныптарда жүргізілу қарқынының өсу динамикасы, эксперимент
нәтижелерін тексеруде пайдаланылған математикалық есептеулер қорытындылары
кесте, диаграмма түрінде көрсетілді.
Қорытындыда зерттеу жұмысының нәтижелері мен тұжырымы баяндалды, ғылыми-
практикалық ұсыныстар берілді. Зерттеу проблемасына байланысты болашақтағы
атқарылатын жұмыстың бағыттары белгіленді.
Қосымшада зерттеу жұмысында пайдаланылған түсінік-сөздер, балабақша мен
бастауыш сыныптардағы экологиялық тәрбие жұмысы жоспарының үлгілері,
экологиялық бағытта орындалған Қазақстандық зерттеу жұмыстарының мазмұндық
сипаттамасы, ата-аналарға арналған семинар жұмыстарының бағдарламасы,
тәрбиешілер мен бастауыш сынып мұғалімдерінің экологиялық білімін
жетілдіруге арналған арнайы курс жұмысының жоспары, тестік тапсырмалар,
анкета сұрақтары берілді.

НЕГІЗГІ БӨЛІМ

Қазақстан Республикасының 2004-2015 жылдарға арналған экологиялық
қауіпсіздігін сақтау тұжырымдамасында экологиялық ахуалды жақсартудың жаңа
технологиялық мүмкіндіктері айқындалып, еліміздің экологиялық қауіпсіздігін
қамтамасыз ету жағдайындағы қоғамды экологияландыру мәселесі қамтылады.
Қоғамды экологияландыру – бұл адамның табиғатпен үйлесімділігіне қол
жеткізуге бағытталған қоғам көзқарасының жаңа жүйесін қалыптастыру процесі.
Тарихи тұрғыдан бағдарласақ, адамның өмір тіршілігінің, қызмет-әрекетінің
негізі – табиғат заттары мен табиғи процестер. Олар адамзаттан әлдеқайда
бұрын пайда болған, адам санасынан тыс және тәуелсіз өмір сүреді. Қоршаған
ортаны танып білу, игеру барысында адам табиғат дүниесіне қуатты және
ауқымды ықпал ете алатын құдіретті өзгертуші күшке айналады. Мұны ғылымда
екінші табиғат деп атайды.
Демек, табиғат заттарының, процестерінің, құбылыстары мен жәй-күйлерінің
болмысы өткінші, өтпелі. Олардың болмысы (болмыссыздығы) ауыспалы,
қалыптасу, даму, өзгеру процесі кезектесіп отырады. Олардың болмысы –
сақталатын да, жоғалатын да болмыс. Гегель қалыптасу процесін саралай
отырып, оны жоғалатын болмыс немесе болмыстың жоғалуы деп дәл көрсеткен
болатын. Сонымен, табиғат болмысының тағы бір ерекшелігі, тұтастық
ретіндегі табиғат дүниесінің тұрақты әрі түпкілікті болмысындағы жекелеген
мәндердің өтпелі және тұрақты болмысының диалектикасын танытады.
Екінші табиғат қатаң түрде шынайы, бірінші төл табиғатқа тәуелді және
соның туындысы десе болады. Әйтседе, екінші табиғаттың өзіндік мәнді
ерекшеліктері де жоқ емес. Екінші жасанды табиғат дүниесінің шынайы төл
табиғаттан айырмашылығы: біріншіден, оны жасап дүниеге келтіру барысында
адам табиғат байлығын, табиғи материалдарды пайдаланып, өңдеді, екіншіден,
екінші табиғат дүниесін жасауда адамның еңбегі, іс-тәжірибесі және білімі
пайдаланылды, үшіншіден, екінші табиғат бұйымы ермек үшін жасалмайды. Оны
дүниеге келтіру адамдардың әлеуметтік өмірдегі белгілі мұқтаждарынан,
мақсат-мүдделерінен туындады. Осылайша, екінші табиғат бірінші табиғаттың
заңдылықтарына бағынатын төл туындысы, оның материалдарынан адамның білімі,
еңбегі, тәжірибесі және дағдысы негізінде қоғамдық сұраныстарды
қанағаттандыру мақсатында жасалды. Яғни, екінші табиғат болмысы – табиғи
- рухани-әлеуметтік тұтастық құрайтын нақтылы ақиқат. Сондықтан да, бір
жағынан, қоғам мен екінші табиғаттың үнемі үйлесім тауып отыру қажеттігі
еш уақытта маңызын жоймайды, екінші жағынан, бірінші табиғат пен екінші
табиғаттың ортақ заңдылығын, бір тұтастығын, бірегей болмысына қатысты
олардың өзара байланысын сақтап, реттеп отыруы да заманымыздың жалпы
адамзаттық мәселесі болып табылады.
Дамудың диалектикалық концепциясының басты ерекшелігі мынада: даму
дүниеде бар нәрселердің саны жағынан жәй ғана өсуі (көбеюі немесе азаюы)
тұрғысында ғана түсіндірілмейді, ол ескінің құру, жойылу және жаңаның пайда
болу процесі ретінде ұғындырылады. Бұл процесс сан өзгерістерінен сапа
өзгерістеріне және керісінше өту заңына негізделеді. Сан өзгерістерінің
сапа өзгерістеріне өтуінде керісінше процесс те болады: жаңа сапа жаңа сан
өзгерістерін тудырады. Бұл табиғи нәрсе, өйткені жаңа сапа басқа сандық
параметрлермен заңды байланыста болады.
Сан өзгерістері үздіксіз және біртіндеп жүріп жатады. Сапа өзгерістері
үздіксіздіктің, бірте-бірте жүретін дамудың үзілісі түрінде болады. Тірі
заттың пайда болуы өлі материядағы жәй ғана бір жаңа сан өзгерісі емес,
керісінше, оның түбірлі сапалық өзгерісі, жаңа қасиеттері, заңдылықтары бар
материяның мүлдем жаңа түрінің тууы деп білеміз. Міне, бұл – дамудағы
үздіксіздік.
Дамудың эволюциялық (біртіндеп болатын) және революциялық (үздіксіз
түріндегі) формаларының бірлігі қоғамдық дамудың заңын құрайды.
Үздіксіздіктің, сапалық өтулердің осындай типтік және неғұрлым жалпы
формаларына тоқталатын болсақ ол: біріншіден, бір сапаның басқа сапаға
айтарлықтай тез және бірден айналу формасы; бұл өзіне тән құрылымы бар
объект біртұтас система ретінде бірден, түбірлі сапалық өзгеріске ұшыраған
кезде болады; екіншіден біртіндеп болатын сапалық өту формасы; бұл нәрсе
бірден және тұтастай өзгерместен, сапалық өзгерістердің біртіндеп жинақталу
жолымен оның жеке жақтары, элементтері өзгергенде, осындай өзгерістердің
қорытындысында ғана ол бір күйден басқа күйге өткенде болады. Демек,
сапалық жағынан ауысу қаншалықты біртіндеп жүргенмен де, ол үздіксіз болып
табылады.
Үздіксіздік нәтижесінде пайда болған жаңа сапа жаңа мөлшерлік
өзгерістер туғызады. Сөйтіп, бұл заң даму процесінің механизмін көрсете
отырып, қалай? қайтіп дамиды? деген сұрақтарға жауап береді.
Диалектиканың даму заңдылығынан бастау алған үздіксіздік педагогика
ғылымында тігінен, көлденеңінен динамикалық икемділік пен универсалды болу
қажеттігін білдіреді. Оқытуды тәжірибеге бағыттау жағы күшейтілсе және
тұлғаның білім троекториясын еркін сақтап қалу, білім беру субъектісі
ретінде үздіксіз білім беру жүйесі өзіндік негіз болып табылады.
Үздіксіз білім – толассыз, тоқтаусыз білім, ешқашан аяқталмайтын,
өміршең білім. Үздіксіз білім адамның өмірге келген күнінен басталып,
өмірінің соңғы күніне дейін жалғасын табатын процесс, қазіргі өмір бойы
білім алу қағидасы білімнің үздіксіздігі идеясының заңды жалғасы.
Демек, үздіксіз білім беру термині әлемдік практикада осыдан алпыс
жыл бұрын қолданысқа енгенімен, оның негізгі идеялары екінші дүниежүзілік
соғыстан кейін-ақ жариялым алды. Үздіксіз білім берудің басты идеясы
өмірлік білім беру идеясының орнына өмір бойы білім алу идеясын
басшылыққа алудың дұрыстығы заман талабынан туындап отыр.
Н.А.Лобановтың сөзімен айтқанда үздіксіз білім беру біріншіден, жеке
тұлғаның даму кезеңдеріне үздіксіз білім берудің белгілі бір басқыштары
мен деңгейлері, оның нақты мақсаттарын іске асыру шарттары мен
мүмкіндіктері сәйкес келеді.
Екіншіден, білім беру жүйесін біріңғай үздіксіз білім беру жүйесіне
айналдыру үшін бірқатар ұстанымдарды негізге алу керек, атап айтқанда:
үздіксіздік, демократиялық, жалпылық және т.б. ұстанымдар.
Үшіншіден, үздіксіз білім беру жүйесі оның сатылық және көп құрамдық
құрылымынан көрінеді: білім берудің көп деңгейлілігі ( отбасы, балабақша,
бастауыш, орта, жоғары және жоғарыдан кейінгі); мамандарды даярлаудың көп
сатылығы; оқу орындарының көп қызметтігі (оқытуды ұйымдастырудың түрлі
формалары); білім бағдарламалары мен құрылымының вариативтігі.
Осы қағидалардың негізінде үздіксіз білім беру жүйесінің барлық
сатыларын қамтитын кешен қолданылады. Бұл кешенде сабақтастықтың екі
принципі сақталады: төменнен жоғарыға дейін; жоғарыдан төменге дейін. Ал,
бұл білім беру сатыларының сабақтастығы жүйесін қамтамасыз етеді: отбасы
→ балабақша →бастауыш мектеп →арнайы орта білім → жоғары білім → жоғарыдан
кейінгі білім (Білім жетілдіру). Жоғарыдан төмен жүйесі оқу орындарының
басқару қызметін білдіреді. Демек, мұндай құрылым білім беру кеңістігінің
біртұтастығын, сабақтастығын қамтамасыз етеді. Оқу жоспарлары мен
бағдарламаларын дұрыс интеграциялаған жағдайда білім алушылар білім берудің
төмен деңгейінен жоғары деңгейіне жеңіл өте алады.
Біздің зерттеуімізге сәйкес үздіксіз білім берудің біріңғай жүйесінің
бірінші сатысы - отбасы, яғни баланың алғашқы әлеуметтік ортасы - мұнда
баланың өзін-өзі тәрбиелеу, білім алуға деген алғашқы іс-әрекет дағдылары
қалыптасады. Бұл баланы балабақшаға дайындаудың алғашқы қадамы болып
есептеледі.
Үздіксіз білім берудің бірыңғай жүйесінің екінші сатысы - мектепке
дейінгі тәрбие. Мектеп пен басқа оқу мекемелері қызметінің нәтижесі
негізінен мектепке дейінгі тәрбиеге байланысты. Бұл ерекшеліктер балабақша
мен бастауыш мектептердегі тәрбие сабақтастығының тиімділігін дәлелдейді.
Үшінші саты – бастауыш мектеп, балабақшада берілетін тәрбие мазмұнының
жалғасы және жоғары сатыларда берілетін білімнің негізі, алғашқы бастауы.
Үздіксіз білім берудің негізгі сипаты білім беру жүйесінің
біртұтастығымен айқындалып, білім беру сатыларының арасындағы тығыз
байланыстың болуы сабақтастықты білдіреді. Ал, бұл болса үздіксіз білім
беру процесіндегі экологиялық тәрбие беру сабақтастығын білім беру
процесінің барлық сатыларында жүзеге асыруды талап етеді.
Қазақстан Республикасының 2004–2015 жылдарға арналған экологиялық
қауіпсіздігін сақтау тұжырымдамасында еліміздегі толассыз белең алған
экологиялық ахуалды жақсартудың жаңаша мүмкіндіктері айқындалып,
экологиялық білім мен тәрбие беру мәселесіне ерекше мән беріледі. 2006
жылы қабылданған Экологиялық кодексте экологиялық саясатты дәйектілікпен
жүзеге асырудың механизмі реттеліп, оның жоғары деңгейде шешілуі қажеттігі
басты назарда болды.
1950 жылы қоршаған ортаны қорғаудың халықаралық одағының жанынан
табиғат қорғау жөнінде білім берудің тұрақты комиссиясы құрылып, табиғатты
қорғау, сақтау, оған жауапкершілікпен қарауға жұмылдыру мәселесіне Біріккен
Ұлттар Ұйымы назар аудара бастады. 1960 жылдың аяғында педагогикада
экологиялық білім мен тәрбие берудің ғылыми-педагогикалық, әдістемелік
негізін қалыптастыру бағытында табиғат қорғауға оқыту термині кең
қолданылды. 1970 жылдың ортасында бұл терминді табиғат қорғауға тәрбиелеу
термині ауыстырып, соңғы жылдары уақыт талабына сай экологиялық тәрбие,
экологиялық білім терминдері пайдаланылуда.
Экология – биология ғылымының негізінде ХІХ ғасырдың орта шенінде
айқындала бастағанымен, оның өз деңгейіне көтерілуі ХІХ ғасырдың аяғы мен
ХХ ғасырдың басы болып саналады.
Осы тұрғыдан алғанда жалпыға бірдей экологиялық білім мен тәрбие берудің
мақсат-міндеттерін, республикамыздың үздіксіз білім беру жүйесінің барлық
сатыларында жүзеге асыруды, жастардың көзқарасын, табиғатқа жауапкершілік
қарым-қатынасын қалыптастыруды, мектепке дейінгі мекемелерден бастап жоғары
оқу орындарына дейінгі аралықты экологиялық білім мазмұнымен жаппай қамтып,
оны сабақтастықта жүргізуді талап етеді.
ЮНЕСКО-ның шешімі бойынша ХХ ғасырдың соңғы 20 жылының Экологиялық
білім беру жылы деп жариялануы үздіксіз экологиялық білім берудің барлық
өркениетті елдерде ең басты әрі көкейкесті проблема болып отырғандығын тағы
да дәлелдеп берді.
Экология мәселесі жөніндегі қабылданған мемлекеттік құжаттарда болашақ
ұрпақ үшін қоршаған ортаны қорғаудың құқықтық негіздері көрсетіліп,
биологиялық алуан түрлілікті сақтау мен табиғатты ұтымды пайдалануға
бағытталған іс-шаралар белгіленген. Мәселен:
- мектепке дейінгі мекемелер мен арнаулы орта және жоғары оқу
орындарында экологиялық білім негіздерін міндетті түрде оқыту;
- басшы қызметкерлер мен мамандардың кәсіби экологиялық даярлығы және
қоршаған ортаны қорғау туралы заңдар негізінен білімі болуы;
- қоршаған ортаны қорғау саласынан ғылыми зерттеулердің,
конструкторлық және практикалық тұрғыда тәжірибеге енгізу жұмыстарының
мемлекет тарапынан қолдау табу мәселелері атап көрсетілген.
Қоршаған ортаны қорғау туралы пікірлерді біз көне дәуір оқымыстылары
Эмпедокл, Гиппократ, Теофраст еңбектерінен көреміз. Олар өсімдіктер мен
жануарлар тіршілігінің біріншіден морфологиялық, екіншіден физиологиялық
бейімделушіліктің қоршаған ортаға тәуелділігін экологиялық тұрғыдан
қарастырды.
Шығыстың екінші ұстазы, әл-Фарабидің пайымдауынша табиғаттың баға
жетпес байлығы біріншіден адамды оқу-білім, тәлім-тәрбие, ізгілік сияқты
қасиеттерге баулу үшін алдымен қоршаған дүниені, табиғат құбылыстарын танып-
білу керек; екіншіден табиғатты аялау, ізгілікке баулу ұлттық тамырдан нәр
алады, үшіншіден табиғатқа деген адам көзқарасының дұрыс бағытта болуы оның
ой-сезіміне әсер етіп, мінез-құлқын жетілдіру арқылы жүзеге асады.
Ұлы Абай да өзінің қарасөздерінде табиғат туралы философиялық ой-
пікірлер мен табиғат заңдылықтарын терең пайымдап, табиғаттың бар байлығын
адам баласының аузына тосып, таусылмас азық болып отырғандығын көрсете
келе, Кім өзіне махаббат қылса, сен де оған махаббат қылмағың парыз, –
деп өскелең ұрпақты табиғат-ананы сүйе білуге үндегені белгілі.
Демек, философтардың, педагогтардың еңбектеріндегі ой-тұжырымдардан
олардың экологиялық тәрбие беруді экологиялық сана, экологиялық таным,
экологиялық қарым-қатынас; экологиялық іс-әрекет; экологиялық сезім;
экологиялық қызығушылық; экологиялық көзқарас ұғымдарымен бірлікте
қарастырғанын байқаймыз. Егер, табиғатты қорғау – әлеуметтік табиғи түзілім
десек, оның құрылымын құрайтын экологиялық ұғымдарға зерттеуіміздің
мазмұнына сай, біз төмендегідей мазмұндық сипаттама беруді жөн көрдік:
Экологиялық сана - экология саласындағы мәселелерді шешу, ең алдымен
адамның оған қатысты экологиялық санасын қалыптастыруды қажет етеді,
экологиялық сана экологиялық білім, табиғатты және қоршаған ортаны қорғау
заңдылығын бұзғандармен өздік қалауы бойынша белсенді күрес жүргізудегі
талпынысы немесе әрекеті, сол себепті экологиялық сана қоғамдық сананың
формасы ретінде маңызды қызмет атқарады.
Экологиялық таным - ақылы, сезімі ретінде баланың ең басты
қасиеттерінің бірі - өзін қоршаған ортаны танып-білуге деген ерекше
ұмтылысы. Бала айналасындағы әлеуметтік дүниені, табиғатты танып білу
барысында олардың ішкі құпиясына үңіледі, табиғаттың даму заңдылықтарын
білуге әрекет жасайды, өзінің құрдастарымен қарым-қатынасын белгілейді.
Демек, экологиялық таным баланың қоршаған орта жөніндегі жаңа әрі тың
білімді игеріп, рухани баюы болып есептеледі.
Экологиялық қарым-қатынас – баланың табиғатты танып білуге, оны
қамқорлығына алуға, өзгертуге және сақтауға бағытталған танымдық, қызметтің
маңызды бөлігі. Экологиялық қарым-қатынас адам мен табиғат,
табиғат–қоғам жүйесінің тиімді жағдайын қолдау мақсатында адамдардың өз
арасында пайда болады.
Экологиялық іс-әрекет – адамның табиғи ортаны танып білуімен,
меңгеруімен, өзгертуімен және сақтауымен сипатталады. Мәселен, техника
саласындағы-өндірісті экологияландыру, ғылымдағы-экологиялық проблеманың
төңірегіне интелллектуалдық күштерді жинақтау, құқық саласындағы -
табиғатты қорғау жөніндегі заңдарды дайындау сияқты педагогикада -
экологиялық ойлау стилі мен табиғаттағы пайдалы іс-әрекет дағдыларын
меңгерту.
Экологиялық сезім – табиғаттағы әсемдікті қабылдап, бағалау кезіндегі
рухани ләззат алушылықтың ең жоғары көрінісі. Табиғаттың сұлулығына
сүйсіне білу, адамды көріксіз нәрседен жирендіріп, жақсылыққа ұмтылуға
бастайды.
Экологиялық қызығушылық – адамның қоршаған ортаға, табиғатқа деген
ерекше көңілі. Қызығушылық табиғаттағы белгісіз жағдайларға қызығу, оның
заңдылықтарын, құпия сырларын, табиғат құбылыстарының бір-бірімен қатынасы
мен өзара байланысының себебін біліп, оны әрі қарай зерттеуге ұмтылудан
тұрады.
Экологиялық көзқарас – тұлғаның ішкі сұраныстарынан туындап, объективті
дүние мен ондағы адамның алатын орнына, адамның өзін қоршаған шындыққа және
оған қатынасына байланысты қалыптасатын дүниетанымы мен көзқарастар жүйесі.

Адамзаттың табиғатпен саналы қатынас жасауы, оған құрметпен қарап
құндылығын бағалауы ежелден қалыптасқан түсінік. Сол себепті оны тарихи
-философиялық ғылымдардағы ой-пікірлермен тығыз байланыста қарастырған
жөн. Аристотель Заттың бастамасы тек материя түріндегі бастама...
табиғаттан тыс еш нәрсе жаратылмайды және еш нәрсе өлмейді, олар мәңгілік
сақталып қалады,- деп табиғат құндылығын сақтауды мұрат етсе, Гераклит
... табиғаттың өзі көп сырын аша бермейді, адамдардың көпшілігі әбден
тойынған, сол себепті олар табиғат сырын түсінуге талпынбайды- дейді, ал
неміс философы Л.Фейербах болса адам табиғаттың ең жоғарғы нәтижесі,
сондықтан оны табиғаттан бөліп қарастыруға болмайды,- деп ой түйіндейді.
Философтардың зерделі ой-тұжырымдарынан мынадай қорытынды шығаруға
болады: біріншіден, табиғат заңдарын өшпенділікпен бұзу жағдайында, адам
тарапынан көрсетілген зорлықта табиғат өзінің қасиетін жоғалтып, өсіп-өну
қабілетінен айрылады; екіншіден, табиғаттың даму заңдарын білмейінше,
табиғат пен адам арасындағы қайшылықтарды туғызған себептермен емес, оның
зардаптарымен күресуге көп күш-жігер жұмсалады, үшіншіден, табиғатты тек
білімді адамдар ғана түсінеді, адамдардың табиғат туралы білімі, тәрбиесі
болғанда ғана, олардың қоршаған ортаға деген аялы көзқарасы қалыптасады.
Жеке адам мен қоғамның табиғатқа деген оң көзқарасын, ізгілік қарым-
қатынасын қалыптастыруда ең алдымен кейбір әлеуметтік және экономикалық
мәселелерді шешіп алу қажет:
- экологиялық және табиғат қорғау заңдарын жетілдіру, оларды бұлжытпай
орындау;
- қоршаған ортаның тазалығы мен адам денсаулығының үйлесімділігін
сәйкестендіру;
- экологиялық білім беруді үздіксіз, сабақтастықта ұйымдастыру.
Жоғарыда айтылғандарға байланысты үздіксіз білім беру процесіндегі
экологиялық тәрбие сабақтастығының мақсатына, мазмұнына, түрлеріне, жаңа
педагогикалық технологияларға негізделген әдіс-тәсілдерге байыптап қарап,
бағамдау үшін біз үздіксіз білім беру процесіндегі экологиялық тәрбие
сабақтастығының философиялық-педагогикалық генезисіне мән бердік.
Сабақтастық, үздіксіздік ұғымдары даму, біртіндеп және сатылай
өзгеруді білдіретін болса, белгілі бір кезеңде сандық өзгерістер құбылыстың
жаңа сапаға өтуіне әсер етеді, сөйтіп өзгерістердің үздіксіздігі қамтамасыз
етіледі. Сабақтастықтың философиялық заңдылықтары мен мәні бірқатар
ғалымдардың (Э.А.Баллер, Б.С.Батурин, А.И.Зеленков, Г.Н.Исаенко,
З.А.Мукашевтың және т.б.) зерттеулерінде қарастырылып, сабақтастықтың
терістеуді терістеу заңының маңызды жақтарының бірі екендігіне мән
беріледі. Солардың ішінде Э.А.Баллердің көзқарасынша сабақтастық –
жүйеліліктің өзгермелі элементтерінің тұтастай немесе бөлек түрде
ұйымдастырылуын сақтау тұсында болмыс пен танымның бірнеше сатылары мен
кезеңдері арасындағы өзара байланысы, яғни бір жағдайдан келесі жағдайға
көшуі болып саналады.
Сабақтастықты біржақты процесс деп қарастыруға болмайды, өйткені ол
байланыс орнату механизмінің өзін анықтауы тиіс және сонда ғана сабақтастық
кез келген дамудың әдіснамалық ұстанымының негізі бола алады. Сабақтастық
кең мағынада алғанда үш бірлікті процесс. Бұл терістеуді терістеу заңын
ұстанатын а)деструкция (бұзу, алдыңғыны ығыстырып шығару); ә)кумуляция
(ішінара сақтау, мұра ету, көрсету); б)конструкция (құру, жаңаны жасау,
қалыптастыру) және тар мағынада сабақтастық сақтау, мұра ету, беру, көрсету
сияқты сандық қасиеттері жағынан қарастырылатын процесс.
Сонымен, философиялық түсінікте сабақтастық дегеніміз – тарихи процестің
сатылық сипатын анықтайтын маңызды заңдылық. Экологиялық тәрбие
сабақтастығының философиялық мағынасы барлық жақсы, оң нәрселерді сақтау
талабымен бірге жаңалық енгізуге, өзгертуге әзірлікті қамтиды. Даму
процесін, сондай-ақ терістеудің салыстырмалылығын дұрыс түсіну үшін аталған
категорияны ескіні қарапайым түрде жою ретінде емес, мағынасы бар процесс
түрінде нақты қарастыру қажет сабақтастық кездейсоқтық емес, ол дамудың
сатылық сипатын қамтамасыз ететін қажетті заңды құбылыс.
Дүниеге келген жаңа, ескінің ішіндегі мәдениетті, мәнді әдет-ғұрыпты,
өміршең дәстүрлерді, тағы басқаларын өркендетеді. Ескі мен жаңаның
арасындағы диалектикалық байланыс сабақтастық жолымен дамытылады.
Сабақтастық болмаса, дәуір мен дәстүрдің, қоғам мен қоғамның, ұлт пен
ұлттың арасында ешқандай байланыс орын алмайды. Дүниежүзілік өркениет те
өткен дәуірдің ұшан-теңіз байлығын кіршіксіз сақтау негізінде пайда болды.
Ендеше, бұл сабақтастық- қажетті, ұрпақтан ұрпаққа тарайтын заңды процесс.

Одақтық энциклопедияда сабақтастық – даму процесінде құбылыстар
арасындағы жаңаның ескіні ығыстыра отырып, оның кейбір элементтерін өзінде
сақтап қалатын байланыс деп берілсе, педагогикалық энциклопедияда
Оқытудағы сабақтастық – оқу пәнін оқып-үйренудің түрлі сатыларында оның
бөліктері арасында қажетті байланыстар мен дұрыс арақатынасты құрудан
тұрады деп көрсетілген. Олай болса, сабақтастық ұғымы оқытудың әрбір
сатысында оқушылардың білімдері мен біліктеріне, жаңа оқу материалын
түсіндіру формаларына, әдістері мен тәсілдеріне және оны бекітуге
бағытталған барлық жұмыстарға қойылатын талаптарды сипаттайды.
Сонымен ғалымдардың берген анықтама-түсініктеріне және Білім заңына
жасаған талдау білім беру жүйесінің әрбір буыны немесе сатысы бір-бірінен
бөлініп, жекеленіп қалмай, келешекте берілетін біліммен сабақтастықта
жүргізілгенде, бала бұрынғы сатыда алған білімін еске түсіру арқылы жаңаны
қабылдауға ұмтылыс жасайды деп ой тұжырымдауымызға және: сабақтастық -
үздіксіз білім беру процесіндегі баланың дене және рухани дамуының ішкі
үйлесімді байланысы мен жеке басы дамуының бір сатыдан екінші сатыға
өтудегі ішкі дайынды, ал үздіксіз білім беру процесіндегі (отбасы→
балабақша → бастауыш мектеп) экологиялық тәрбие сабақтастығы – баланың
қоршаған ортадағы әсемдікті сезініп,оны бағалай білу қасиеттері мен
дағдыларының мектепке дейінгі кезеңнен бүкіл ғұмырындағы түрлі сатылар
арасындағы байланысы деп өз анықтамамызды беруге септігін тигізді.
Әлбетте, экологиялық тәрбие сабақтастығын тиімді жүзеге асыру кіші
жас балаларының өзіндік педагогикалық-психологиялық ерекшеліктеріне
байланысты екені белгілі. Өйткені баланың бұл ерекшеліктерін ескермей
экологиялық тәрбиелілігін жүзеге асыру мүмкін емес. Біз өз зерттеуімізде
баланың әрбір жас кезеңіндегі ерекшеліктеріне, жеке басының мінез-құлқының
қалыптасуына, қоршаған ортаны қызығушылықпен қабылдауына, қоғамның оларға
қоятын талаптарына тоқталамыз.
Отбасында баланың қарапайым іс-әрекетке деген талпынысы мен оны іске
асыра білу дағдылары пайда болып, жетіле түседі. Мұның жәй талпынудан, ниет
білдіруден өзгешелігі сол – бала өз мақсатын ұғынумен қатар, оған жету
жолдарына ұмтылыс жасайды. Бұл жастағы балаларда қоршаған дүниеге деген
қызығушылық басым болып, таным үрдістері қалыптасып, бақылампаздығы,
ережеге бағына білуі жетіледі, мінез-құлқы орныға бастайды. Табиғаттағы
заттардың жалпы белгілерін сыртқы қасиеттеріне, материалына, қажетіне қарап
ажырата бастайды, заттарды топтап, құбылыстар арасындағы қарапайым себепті
байланыстыруға әрекет жасайды. Белгісізді анықтауға бағытталған
тәжірибесіне сүйеніп, ата-аналарынан көптеген сұрақтарға жауап алуға
талаптанады.
Сол себепті экологиялық тәрбие жұмысын ұйымдастыруға ұсынылатын
материалда балалардың жас ерекшеліктерін, психологиялық физиологиялық
қабылдау мүмкіндіктерін ескеріп оны тәрбие процесінде тиімді пайдаланған
дұрыс. Балалардың отбасында өсімдіктер мен жануарлар дүниесіне деген
қызығушылығы, оларды сырттай бақылауы, өсімдіктерді басып-жаншып сындырмау,
өзен-көл суларын ластамау, қоршаған ортада тазалық сақтау сияқты адамға
ғана тән табиғат қорғау іс-әрекеттерінің ата-аналардың ықпалымен
жүргізілуі балалық шақтан дағдыға айналып, күнделікті өмірде орындауға
тиісті міндеттерге айналуына мүмкіндік туғызады
Мектепке дейінгі жастағы балалардың үлкендермен және құрдастарымен
арадағы қарым-қатынасы күрделіленіп, іс-әрекетінің мазмұны мен формасы
нығайып, жетіле түседі. Негізінен бұл жастағылардың әрекеті қарапайым еңбек
түрлерін орындауға бағытталады. Өзінің жас шамасына сәйкес тапсырмаларды
ынталылықпен орындау нәтижесінде қоғамдық еңбек мотиві ерекше сипатқа ие
болады. Табиғаттағы пайдалы жұмыс түрін орындауда ынталанушылық көрініс
табады. Табиғат аясында тәрбиеші ұсынған әр түрлі тапсырмаларды өздігінен
орындау дағдыларының дамуы баланың оқу ісіне, білім алуға бейімделуіне
ықпал етеді. Кішкентай балаларға қарағанда бұл жастағылардың ұғыну,
қабылдау әрекеті неғұрлым мақсатты сипатқа ие болып, табиғаттағы
бейнеленген нәрсені немесе заттың түсіне қарай, тәрбиеші көрсеткен
көрнекіліктерге ерекше назар аудара алады.
Бұл жаста балалар судың қажеттілігін, бастау, бұлақ, қайнардың
қайдан пайда болатыны туралы түсініктерді тәрбиешілердің көмегімен түсініп,
суды үнемдеп жұмсау дағдылары пайда бола бастайды. Қыс айларында топ
бөлмесіндегі ауладан әкеліп қойған бұтақтарды бақылау барысында жасанды
түрмен бүршіктер, жапырақтардың пайда болғанын еске түсіріп, табиғи
құбылыстардың нәтижесінде барлық ағаштар бүршіктеніп, жапырақ жайып,
кейбіреулерінің гүл жаратындығы жөнінде түсінік қалыптасады. Дәрілік
өсімдіктер туралы мағлұмат беріліп, олардың пайда, зиянына тоқталып, өсіп
тұрған жерін қоршап қою сияқты іс-әрекет түрлерін атқара алады.
Бастауыш сынып. Бастауыш сыныптың табалдырығын алғаш аттаған
бүлдіршіндер білім ұясы саналатын мектептен көп қызық дүние, үлкен жаңалық
күтеді. Мектеп жасындағы балалар үшін мұғалімнің айтқанының бәрі заңды,
бәрі орындалуға тиісті жағдайлар болып саналады. Бұл жастағы балалар
сенгіш, тіл алғыш, қоршаған ортадағы өзін қызықтыратын нәрселерге, іс-
әрекетке еліктеушілігі басым және оларға араласуға ынталы болып келетін
әсерленгіш қасиеттері мен есте сақтау қабілетінің қарқынды дамуымен
ерекшеленеді. Сол себепті бастауыш сыныптарда экологиялық тәрбие беру
жұмыстарына балалардың жас ерекшеліктерін ескеріп, олардың қабылдау
мүмкіндіктеріне сәйкес лайықтыларын ғана пайдаланып, оларды тиімді қолдана
білген жөн. Бастауыш сыныптағы ана тілі мен дүниетану, музыка мен бейнелеу
өнері, математика мен еңбекке баулу пәндері негізінде экологиялық тәрбие
сабақтастығын қамтамасыз ету, оқу бағдарламасына сәйкес әрбір пәндегі
табиғатқа қатысты берілген тақырыптардың оқушыларға экологиялық тәрбие
берудегі мүмкіндігін пайдаланумен қатар, балалардың қоғамның бір мүшесі
ретіндегі табиғатқа деген жауапкершілік қарым-қатынасын арттыруға да ықпал
етуге болады.
Біз жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, кіші жастағы балалардың
экологиялық тәрбиелілігін қалыптастыруда олардың жас кезеңдерінің, ыңғайлы
кезең екендігін, нақты компоненттерді тірек ете отырып (мотивациялық-
құндылық, эмоционалдық-сезімдік, іс-әрекеттік) шешімін іздестіруге
болатынын дәлелдейміз.
Мотивациялық-құндылық компонент – балалардың табиғатпен қарым-
қатынасындағы мотивтерінің (түрткілерінің) жиынтығы, қоршаған орта
жөніндегі ұғымдар мен табиғатқа деген жағымды көзқарасының қалыптасуы,
табиғатпен мәдени қарым-қатынас жасауды өз деңгейінде зерделеп ұғынуы.
Эмоционалдық-сезімдік компонент – қоршаған ортамен қарым-қатынасы кезінде
эстетикалық әсерге бөленіп, табиғаттағы әдемілікті көңіл-күймен
сезінуі, табиғатқа және оның объектілеріне деген қызығушылықтарының артуы,
табиғат аясындағы мінез-құлық этикасы. Іс-әрекеттік компонент – табиғатты
қорғауға байланысты пайдалы іс-әрекет дағдыларының қалыптасуы.
Зерттеліп отырған проблеманың бүгінгі жағдайына талдау бере отырып,
үздіксіз білім беру процесінде кіші жас оқушыларының нені меңгеріп, білуі
қажет екендігін саралап көрсетеміз:
- адам мен табиғаттың үйлесімділігі жөніндегі дүниетанымдық көзқарасын,
білімін қажет жағдайларда қолдана алуы;
- жас ерекшелігіне сәйкес табиғат қорғаудағы белсенділігі;
- табиғатпен жағымды қарым-қатынасы яғни экологиялық мәдениетінің болуы;
- табиғаттағы мінез-құлық ережелерін сақтап, пайдалы іс-әрекет түрлерін
атқара білуі;
- қоршаған орта, табиғатқа қамқорлық жөніндегі ұлттық тәрбие
тағылымдарын меңгере білуі;
- табиғаттың әсем көрінісін сезінуде халық фольклоры жанрларын
пайдалана білуі.
Бұл бағыттар сабақтастық факторлары мен сабақтастықтың белгілі бір
педагогикалық шарттарын сақтаған кезде ғана жүзеге асады. Жүзеге асырылған
экологиялық тәрбие сабақтастығы құрылымы аталған мәселелерге жеткілікті
көңіл бөледі, пәндік жүйені жетілдіре отырып, оның кемшіліктерін жоюға
мүмкіндік туғызады. Ол оқушыларға қызығу туғызатын, мағыналы түсінікті
материал арқылы берген кезде пайдалы болады; пәндер арасындағы
сабақтастықты тереңдетеді, сол арқылы жалпы идеяға біріктірілген және уақыт
бойынша шоғырландырылған әртүрлі ақпараттарды көбірек қабылдауға мүмкіндік
береді. Аталған факторлар (процестің қозғаушы күші) қазіргі зерттеулерді
талдау, мұғалімдер тәжірибесі мен эксперименттік жұмыстардың нәтижесі,
сабақтастықтың мүмкін болатын педагогикалық шарттарын анықтауға мүмкіндік
берді.
Бірінші шарты: жетекші идея бойынша сабақтастықтың жүзеге асырылуы.
Бұдан бұрын айтылғандай үздіксіз білім беру процесіндегі экологиялық тәрбие
сабақтастығы отбасы, балабақша мен бастауыш мектеп оқушыларының қоршаған
орта, табиғат, экологиялық ұғымдарына байланысты. Сондықтан жетекші идея
болып саналатын: қоршаған орта, табиғат құбылыстарын түсініп-білу,
экологиялық проблемалар, даму және олардың идеялары бірлігі.
1. Бастауыш мектептегі барлық пәндер негізінен балалардың қоршаған
орта, табиғатты тану процесіне өз үлестерін қосады. Сондықтан пәндерді
жетекші идея негізінде жақындастырудың, бірлікте үйлестірудің әртүрлі
варианттары болуы мүмкін. Ол идея білімнің әрбір аймағында сол жалпылықты,
яғни жекеліктің көп түрін табуға мүмкіндік береді, өйткені сол жалпыны тану
арқылы табиғатты, адамдардың табиғатқа деген жағымды қарым-қатынасын
көру қалыптасады.
2.Дүниетану (Табиғаттану) пәні әуел бастан сабақтастық негізге құрылған,
яғни адам-қоғам-табиғат бөлімдерінен тұрады. Зерттеу жұмысы сондай-ақ ана-
тілі, бейнелеу өнері, музыка, еңбекке үйрету пәндеріндегі сабақтастықтың
нәтижелі екендігін көрсетті. Зерттеліп отырған проблема бойынша: ана тілі,
дүниетану, бейнелеу өнері, музыка, еңбекке үйрету сабақтарының
балабақшадағы экологиялық біліммен сабақтастығына қол жеткізілді. Көк
кептер, Өсімдіктер экологиясы, Қорықтар, Жер-Ана, Табиғатым-
тағдырым және т.б. тақырыптар бойынша сабақ жоспарлары жасалды.
Екнші шарты: білімді әр пәндерден зерделенетін ұғымдық жалпылығына
сүйене отырып сабақтастықта жүргізу мүмкіндігі. Бұл бірлік тұжырымдамалық
(ұғымдардың жалпылығы), феноменалдық (құбылыстардың ортақтығы) және
проблемалық болуы мүмкін.
Экологиялық тәрбие сабақтастығы қамтылатын тақырыптар, қойылған мақсат
пен міндеттердің жалпылығы (тәрбиелік және дамытушылық) мұғалімге
оқушылардың өздерінің белгілі бір іс-әрекеттерін ұйымдастыруда, әр оқушыда
табиғатқа деген жағымды көзқарастың әрбір қырын: зиялылық, адамгершілік,
эстетикалық, этикалық қалыптастыруда ықпалы зор.
Жалпы стандарт негізгі басымдықтарды анықтауға, барлық пәндерге ортақ
экологиялық тәрбие сабақтастығы қамтамасыздандырылатын тақырыптарды бөліп
алуға мүмкіндік береді. Мәселен, Табиғат және біз, Адам мен табиғаттың
үйлесімділігі, Табиғат-тіршілік бесігі тақырыптары балабақшадағы
экологиялық тәрбиені сабақтастықта жүргізуге және сол сабақтардың
жоспарларын жасауда тиімді болып саналады. Бұл туралы диссертацияда жан-
жақты мазмұндалады.

Үшінші шарты: қоршаған орта мен табиғаттағы мінез-құлық ережелері мен
пайдалы іс-әрекет дағдыларын дамытудың әртүрлі әдістерін қолдана отырып,
балалардың табиғат жөніндегі шығармашылық әрекетке баулу мүмкіндігі деп
білеміз. Балалардың экологиялық көзқарасын, табиғаттағы өз орнын түсінуі
әртүрлі іс-әрекет тәсілдерімен, таным әдістерімен қамтамасыз етіледі.
Эксперименттік оқыту процесінде түрлі әрекет тәсілдері (оқу, сұрақ-жауап,
тестпен, суреттермен, кестелермен) жұмыс, сонымен қатар эвристикалық,
шығармашылық әдістер қолданылады.
Шығармашылық тапсырмалар, қоршаған ортадағы жағымды және жағымсыз
құбылыстар жөнінде эссе, шығарма, ертегі, әңгіме, өлең жазу, өз
құрбыларының табиғаттағы теріс және пайдалы іс-әрекеттерін бейнелейтін
суреттер салу, орындалған жұмыстарды талдау, талқылауға қатынасу міне,
мұның бәрі сын тұрғысынан ойлаудың пайда болуына, өз ойларын дәлелдеп
беруге, пікірлерін ашық айтуға жағдай жасайды.
Төртінші шарты: Жоғарыда аталған шарттарды жүзеге асыруды, оқу
пәндерін, тақырыптарды, сабақтастықта жүргізуді көздейді.. Бұл шарттарды
біз нақты сабақтарда қарастырамыз. Сабақтарда белгілеген экологиялық тәрбие
сабқтастығының педагогикалық шарттарының бәрі де жүзеге асырылады.
Біріншіден, пәндерді біріктіруші идея анық көрінеді. Ол-экологиялық тәрбие
сабақтастығының моделі. Екіншіден, әртүрлі пәндердің бағдарламалық
тақырыптар бойынша берілетін ұғымдардың сабақтастығы байқалады. Үшіншіден,
балаларды танымдық-шығармашылық, практикалық ... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Қазақстанда үздіксіз экологиялық білім беруде этноэкологияның орыны
Орта оқу орындарында география пәні арқылы экологиялық білім мен тәрбие беру
Мектеп жасына дейінгі балаларды табиғатқа деген саналы қатынасқа тәрбиелеу
Химия және табиғатты қорғаудың экологиялық мәселелері
Үздіксіз білім берудегі экологиялық білім және тәрбие сабақтастығы
Балабақша мен мектеп жұмысының сабақтастығы
Экологиялық тәрбие туралы ақпарат
Биология сабағында және сабақтан тыс кезде экологиялық құзыреттілікті қалыптастыру мәселелері
Экологиялық тәрбиенің теориялық мәселелері
Абай, Шәкәрім, Мұхтар шығармаларының тәрбиелік қызметі
Пәндер