Актер шеберлігі және ұлттық ойындар


Қазақстан Республикасының Ғылым және Білім Министрлігі
«Актер шеберлігі және ұлттық ойындар»
Ақан сері атындағы мәдениет
колледжінің оқытушысы
Оспанова А. Б.
КӨКШЕТАУ - 2008 ж.
Мазмұны:
І. Кіріспе. 2
ІІ. Актер тәрбиелеудің алғашқы жылында ұлттық
ойындарды пайдалану. 5
ІІІ. Актерлік техниканы жетілдіруде салт-дәстүрдің
маңызы. 16
ІҮ. Сахналық этюдттер:
1. «Алғашқы аялдама . . . »20
2. «Екінші айналым . . . » 27
3. «Үшінші асу . . . »30
4. «Соңғы серпіліс . . . » 34
Ү. Қойын кітапшасынан. 40
ҮІ. Актер шеберлігі пәніне қосымша. 54.
1. Кіріспе
Өнер… сиқырлы да жұмбақ әлем! Өнер мен сұлулық, әдемілік, әсемдік ұғымдары жұптаса қалатыны заңды сияқты, дегенмен әсемдік заңдылықтарына тарау-тарау өнер салалары ғана емес ғылым да тікелей байланысты. Себебі әдемілік - табиғат перзенті. Үлгі өрнегі табиғат пен өмірден алынады. Әл Фараби, Ибн Сина, Кеплер, Галилей, Эйнштейн т. б. көптеген әйгілі ғалымдар өз теорияларын әсемдік заңдылықтарына сәйкес құруға тырысқан, яғни шынайы шындыққа сүйенген. Әл Фараби, Ибн Сина, Иоганн Кеплер аспандағы жымыңдаған жұлдыздармен сырласып өлең жазса, ұлы физик Эйнштейн скрипкада Моцарттың әуенін ойнай отырып шабыт алған. Өнер мен ғылым сабақтастығы ертеден белгілі болғанымен, өнердің ірі саласының бірі театр теориясы, актер шеберлігі, режиссура ғылыми негізделмеген болатын. Жиырмасыншы ғасырдың басында 1908-1938 жылдар аралығында К. С. Станиславский «бұрын - соңды болып көрмеген сахна ережесін тыңнан туғызды». Сөйтіп эстетикалық трактат емес, театр өнерінің техникасы «Станиславский жүйесі» дүниеге келді. Бүкіл әлемде «жүйе» негізінде тәрбиелейтін мектептер, студиялар, жоғарғы оқу орындары ашыла бастады.
Қазақстан жастары арасында Театр атты құпия әлемге саяхат жасаушылар көбейіп, актерлік өнерге ерекше көзқарас оянып, ілтипат көрсетіле бастады.
Сонау 1928 жылы «Жалпы театр өнері мен қазақ театры» атты мақаласында ұлы Мұхтар Әуезов: «Театр - сымбатты өнердің ішіндегі ең зор өнердің бірі. Ешбір өнерді тілек, құрғақ бұйрық туғызбайды. Қай елдегі, қай түрдегі өнерді алсақ та, сән - салтанатпен ырғалып - жырғалып, бір күннің ішінде ғайыптан көшіп келген жоқ. Барлығы да болымсыз кішкене ұрықтан жайлы топыраққа көміліп, белгілі шартпен бағылып қағылған уақытта ғана бой жасап өсіп - өнген».
…Қай өнерді алсақ та әуелде өз елінің халық өнері болып, жалпы адам баласының ортақ теңізіне барып құяды.
Өзге жұрттың мысалына қарағанда, театр өнерінің ұрығы елдің әдет - салтынан, ойын - сауығынан, ән-күй, өлең-жырынан басталған. Өнердің ірге тасын қалайтын елдің өзі - дей келіп, «Қазақтың театр өнері біздің заманымызда басталғанына біз қуанамыз. Бірақ сол қуанышпен бірге, бұл сияқты ұлы өнердің келешегі үшін жауапты екенімізді ұмытпау
керек» - деп сол кездегі өнердің төңірегінде жүрген зиялы қауымды, көп ойланып, ептеп бастау керектігі жөнінде ескертеді.
Сондай сақтықпен 1954 жылы Құрманғазы атындағы мемлекеттік Консерваториясы жанынан А. Тоқпанов, Р. Қаныбаева, Г. Рутковскаяның ұйымдастыруымен театр факультеті ашылып, қазақ жастары өз елінде терең білім алу мүмкіндігіне ие болды. Бірте - бірте Қазақстандағы жоғары театр мектебі ұйымдастырылып, театр педагогикасы қалыптаса бастады.
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор Рабиға Мұқай қызы Қаныбаеваның жетекшілік етуімен ұйымдастырылған «Актер шеберлігі және режиссура» кафедрасының құрамы өсіп қана қоймай, сол кездегі Одақ көлеміндегі бірден -бір деңгейі жоғары ұстаздар шоғырланған, білікті маман дайындайтын оқу орындарының қатарынан көріне бастады.
Әйгілі В. Меркурьев пен И. Мейерхольдтың шәкірті А. Н. Островский атындағы ЛГИТМиКтің түлегі, халық артисі, профессор Хадиша Бөкееваны да, Қазақстанның халық артисі, профессор Асқар Тоқпанов шеберханасында 2 курста оқып жүріп-ақ Ақтоқтыны ойнап, қазақ аруларының символына айналған Қазақстанның халық артисі, профессор Шолпан Жандарбекованы да ұстаздық етуге шақыруы Рабиға апайдың көрегендігі еді.
Қазіргі кезеңде осы ұлы ұстаздардың шәкірттерінің шәкірттері қазақ елінің, өнерінің әлемге танылуына зор үлестерін қосып, өнердің өрлеуіне ат салысып жүр.
К. С. Станиславский «жүйесін» негізге ала отырып қазақ театр педагогикасы актер тәрбиелеудің өзіндік тәжірибесін жинақтады. Еліміз егемендік алып, тіліміз мемлекеттік деңгейге көтерілгелі барлық облыс орталықтарында қазақ театрлары ашылды. Дарынды, білімді, білікті мамандарға қажеттілік артып отырған кезеңде, қазақ тіліндегі оқу құралдарын шығаруға мемлекетіміздің көңіл бөле бастауы қуантады. Бұрын да ғылыми еңбектер жазылып, зерттеу жұмыстары жүргізіліп, диссертациялар да қорғалып жатты. Дегенмен қазіргі таңда ұлттық театр мектебінің дамуы қазақ тіліндегі педагогика ғылымының деңгейіне, актер шеберлігін жетілдіру әдістеріне байланысты. Қазақ тіліндегі ғылыми құнды жалғыз оқу құралы М. Байсеркеновтың «Сахна және актер» кітабының жарық көргеніне де он жылдан асып барады.
Тәуелсіз еліміздегі этнопсихологиялық өзгерістерді ескере отырып, актер тәрбиелеу жүйесінде жаңа бағыт, бағдарлама қажет. Өмір ағымына байланысты актер тәрбиелеу әдісі мен мазмұнының өзгеріп отыруы да заңды. Қазіргі театр педагогикасымен айналысып жүрген көптеген ұстаздардың өз әдістері қалыптасқан. Біз ұсынып отырған әдістемелік жұмыс та осындай көп жылдық тәжірибеміздің нәтижесі. Бұл жұмыста актер тәрбиелеудің алғашқы жылындағы кейбір сәттер ғана қамтылған. Ұстаздық жолын енді бастап жатқан жас мұғалімдерге сілтеме, ой түрткі болар деп сенеміз.
Орыс театр педагогикасындағы К. С. Станиславский негіздеген оқу жүйесі төңірегінде көптеген әр қилы пікірлер айтылды. Оқушыларының өзі де неше түрлі қарама-қайшы әдістерді ұсынып, ой айтты. Солардың ішіндегі Г. Кристидің «Воспитание актера школы Станиславского», М. Кнебельдің «О действенном анализе», «Словесное действие», Б. Захаваның «Мастерство актера и режиссера» және де басқа құнды еңбектерді Қазақстандық театр мектебінде де ұстаздар өз қалауынша пайдаланып, өз әдістерін қалыптастырады. Ортақ мақсатқа жету үшін әркім әр түрлі жолмен келеді. Әсіресе өнер мен педагогикада барлығын бір қалыпқа салуға болмайтыны белгілі.
Актер - оқушының шығармашылық көңіл - күйін келтіру үшін неше түрлі тәсілдерді қолдануға тура келеді. Актер табиғатына қай кезде қалай әсер ету де ұстаздың тәжірибесіне, таным, талғамына, түйсігіне байланысты.
Шынайы көркем өнер - дарын мен шеберліктің тоғысуынан туындайтыны белгілі. Ал оқушының дарынын ашып, шеберлігін шыңдайтын - мектеп. Мектепте жоғарғы актерлік техниканы меңгеріп, іздену құпиясына үңіледі. Мектептің жұмыс бағыты, табысы қабылдау кезеңіне мүдделі. Қаншалықты мұғалімнің деңгейі жоғары болса да қабылдау сәтсіз болса, яғни қабылданғандардың табиғи деңгейі төмен болса нәтиже де ойдағыдай бола алмайды. Себебі, театр мектебінде тек табиғи дарынын ұштап, бағыт бағдар ғана бермеуі керек. Қабылдау кезеңіндегі жұмысты ғылыми негіздеп, жүйелеу мүмкін емес, ұстаз тек өз тәжірибесі мен көрегендігіне, сезімталдығына ғана сенеді.
2. Актер тәрбиелеудің алғашқы жылында
ұлттық ойындарды пайдалану.
Әр ұрпақ мәуелі бәйтеректің жапырағы сияқты, тамырын тереңнен алып, біреуі ерте, біреуі кейіндеу, бір сабақтан нәр алып өшпес ұрпақ байланысына айналады. Ғылым, әдебиет пен өнер адамдарының жауапкершілігі тіпті ерекше. Қандай қым-қиғаш, қысылтаяң кездерде ұлттық негізімізді сақтап қалу үшін ереуілдеп алға ұмтылып, ұрандатып бас көтеріп жүргендер де солар. Сондықтан өнерге аяқ салған әр оқушы ұлтжанды, тілі мен дініне берік, тәрбиелі де тәртіпті болуы абзал. Театр - (коллективтік) ұжымдық өнер болғандықтан тәртіптің де маңызы зор…
…Актер сахнада лүп еткен ұлпа сезімін, жалындаған отты сөзін «дәл қазір, осы жерде» көрерменге сыйласа, қайталанбас сәтті басынан кешіру үшін қаншама ақ тер, көк тер болады десеңізші. Осы бір сәт бүкіл ұжымның жұмыла жасаған еңбегінің нәтижесі, біртұтас творчестволық ансамбльдің туындысы, сондықтан әр адам- директордан бастап, көрермендерді қарсы алушыға дейін әуелі өзінің, сосын ұжымының қадір-қасиетін арттырып, намысын қорғай білуі тиіс. Жүректері лүпілдеп, көздері жайнап, өзін сахна жұлдызындай сезініп отырған оқушыға өнердегі тәртіптің маңызын түсіндіру абзал. Әрине алғашқы кездесудің мазмұнды да, әсерлі болғаны дұрыс.
Көркем шығармашылық, театр өнері, актердің жан-жақтылығы жайлы әуелі оқушының өз білгенін ортаға сала отырып, «өнер жасау үшін өмірдің өзінен үйрену» керектігінен /М. С. Щепкин/ әңгіме өрбітеміз. Табиғаттың қайталанбас сұлулығын, адамның мұңы мен қуанышын, дір еткен сезімі мен қасқайған өр мінезін суреттеген суретші өз зейінділігі, байқағышты, тереңдігі, сезімталдығымен - ұлы. Актер боламын деп келген жастың өмір тәжірибесі өте аз, сондықтан ұлылардан үйреніп, көп оқу керектігіне де баса назар аударамыз.
Абай Құнанбаев, А. С. Пушкин, М. Әуезов, В. Шекспир, Сервантес, Леонардо да Винчи, Рафаэль, Бальзак сияқты көптеген авторлардың өлмес шығармаларымен таныса отырып үйренетінімізді және қалай пайдаланатынымызды да сыр қылып ақтарамыз. Бірте-бірте байқап жүргендеріміздің ішкі байланысын, тілмен айтып жеткізе бермес ым-ишарат, сезім тартылысының себептерін іздейміз, сөйтіп ойымызға, қиялымызда образ туындап, сосын тұтас шығармаға айналады. Өнердің қай саласында болсын сүбелі нәтижеге жету үшін дарынның болуы шарт, ал сол дарынды дамытып, межелі биіктен көріну үшін жан жақты
білім, терең ой, жоғарғы мәдениет, ақар сезім керек-ақ. Осы қасиеттер тоғысса, өлмес туындылар дүниеге келеді. Жеке адамның білімі, біліктілігі, ақ ниет, адал жаны және шығармашылық дарыны қосылып хас шеберді тудырады.
Театр- көптеген өнердің тоғысқан орталығы, бірақ сол суретшінің декорациясын, драматургтің сөзін, композитордың музыкасын, режиссердің мизансценасын т. б. ақтап, біріктіріп, жандандырып көрерменге әсерлі жеткізетін тек қана- актер. Сондықтан актерге жүктелер жауапкершілік те мол, деңгейіне қойылар талап та жоғары.
Мектептің басты мақсаты; оқушының дарынын ашып, шығармашылық дара тұлға ретінде қалыптастыру. Әлем әдебиеті, театр тарихы, Қазақстан тарихы т. б. пәндерден сусындау арқылы өреміз биіктеп, біліміміз тереңдеп, қиялымыздың шарықтайтынын әр оқушыға жеткізе отырып, актер шеберлігі пәнінен тапсырылған әр сынақ, әр емтихан барлық басқа пәндерден де тапсырылған емтихан деп түсінуіміз керек, өйткені көркем шығармамен, яғни образбен жұмыс жасау кезеңінде актер өзінің бар болмысын, бойына жинаған бар байлығын ашып, көрсетеді. Театр мектебі қабырғасында жүрген оқушыға арнайы пәндер мен теориялық пәндер арасындағы тығыз байланысты жеткізе білу -әр оқытушының міндеті және парызы. Қазіргі кезенде актер тек шығармашылық жұмыспен ғана емес, мемлекеттік мәселелерге де араласуда. Депутат, театр басшылары, облыс тық әкімшілікте, тіпті елбасылық дәрежелерге де жетіп жатқандары бар.
Сол себепті тек табиғи дарын, терең біліммен қоса көргендік пен ойшылдық жағына да мән беріп, ұлы тұлға қалыптастыруға ат салысуға тиіспіз. Әлбетте бұндай ірі жетістікке жету үшін оқушы да алғашқы күннен өзін жүйелі дайындық, өзіндік сын, сыпайы, сыйлы қарым-қатынас, достық пейілге ыңғайлап, менмендік, мансапқорлық, дандай судың зиянын сараптай алғаны жөн. Творчестволық әдеп пен тәртіптің күнделікті ұсақ-түйектен құралатынын, жаман да, жақсы да жақтарымыздың бүкіл ұжымның жұмыс барысына әсер ететін әркез ұмытпағанымыз дұрыс. Оқушының күнделікті жүріс-тұрысы, киім кию, қарым-қатынас мәдениеті жан-жағындағылар үшін де өте маңызды. «Сахнаның сыртында ұсақ, пасық өмір сүріп, сахнадан Шекспирдің деңгейінде ой айту мүмкін емес» / К. С. С. /
Театрдың қоғамдығы орны, актерлік этика, тәртіп туралы әңгіме бір-екі күннің шаруасы емес, сондықтан реті келген кездерде, оқушылардың жағымсыз қылық, дөрекі мінез, өтірігі мен сараңдығы т. б. байқалған сәттерде, әр нәрсені мысалға ала отырып тәлім-тәрбие процессін жалғай береміз.
Делетанттық пен нағыз өнер ерекшелігін де аша түсу жөн. Шынайы өнер актердің ішкі және сыртқы техникасының жетік дамуын талап етеді.
«Кейіпкер жандылық өнерінің» мақсаты - сахнада тірі адамның рухани тіршілігін сомдап, оның кескін -келбетін сахналық көркем пішінде бейнелеп беру болып табылады» ( К. С. С -ауд. М. Б. ) - деген анықтама шынайы өнер иелерінің ұстанар заңы.
Сахнадағы актердің өнері - өз жаны мен тәні, өз табиғаты. Актер күн сайын рөлімен сахнада өмір сүру мен ішкі сезім иірімдерін жұптастыра отырып, шынайы творчестволық өмір сүру прцессінің ләззатына бөлінеді. Бұл ләззатты тату үшін актердің тынымсыз өз бетімен жұмыс жасауы қажет. Өзіндік жұмыс - тоқталмайтын, толастамайтын жұмыс. Актердің өз бетімен жұмыс істеуі; ұдайы жаттығулар жасап, болмыс сымбатын, тілі мен әуезін қалыптастырса, әлем әдебиетін үзбей зерттеу арқылы рухани тәрбиеленеді. Осының бәрі сайып келгенде сахнаға жанды кейіпкерді- образды тудыру үшін қажет.
Театр өнеріндегі түрлі ағымдарды білу, соның ішінде табиғилығы, шынайлығымен ерекшеленетін «кейіпкер жандылық» мектебінің жалпы өнердің дамуына әсері туралы да тартымды әңгімеленеді.
Театр мектебінің алға қойған басты мақсаты да, тәрбиеленушілерін адастырмай, дұрыс жолға бағыт беру, әр адамның ерекшелігін, мүмкіндігін, әсерін, шамасын ашып және эстетикалық көзқарас, творчестволық әдістеме, актерлік техникаларындағы өзгерістерін де айқындап көрсету.
Әңгіме енді әрі қарай актер шеберлігі пәнінің тәжірибелік бөлімінде жалғасады. Негізінде бұл пән теориялық емес, сондықтан неден бастап, әңгімені қалай өрбіту әр оқытушының тәжірибесі, білімділігі, сезімталдығына байланысты. Сонымен қатар 3-4 жылда жаңарып отырар әр курс оқушылары да (олардың қабылдауы, көзқарасы, тіпті тыңдау мәдениеті де) бір-біріне мүлде ұқсамайды. Бір топ зейінді, жинақы болып, көп кешікпей күрделі жаттығуларға көшсе, келесі бір топтың зейінін 1-2 ай бойы жинау мүмкін емес. Бір топ жан-жануарларға байланысты этюдтерді мейілінше терең зерттеп, емін-еркін жұмыс жасаса, келесі топ интеллектуалды, фантастикалық шығармаларды рахаттана дайындайды.
Актерлік бөлімге негізінен ауыл жастары қабылданатындықтан, эстетикалық тәрбиеге баса назар аударылады. Ұстаздар алғашқы күннен шәкірттерімен бірге театрларға, концерт залдарына, мұражайларға барып, көргендерінен, естігендерінен алған әсерлерін ортаға салып, еркін әңгімелеседі. Жалпы өнер, өнер адамының қоғамдағы орны, актерлік шеберлікті шыңдау үшін назарыңнан тыс нәрсенің болмайтынын түсіндіріп, арманы, өмірге көзқарасы, жақын адамдары жөнінде сыр шертіседі. Театр мектебіндегі ұстаз бен шәкірттің қарым-қатынасы ерекше. Ана мен бала арасындағыдай «нәзік шектер» арқылы байланысып тұратын бір ғажап әлем. Шынайы, адал сезім, ашық әңгіме, терең сырласу- ертеңгі сахнада сомдалар образға бару жолындағы барлау. Ұстаз бен шәкірт арасында шынайы сенім болмаса, актер творчествоның қайнар көзі, бал бұлағы ашылмай қалады. Сондықтан болар мен тәлім-тәрбие алған Х. Бокеева алғашқы күннен әр шәкіртке өмірі, өнерге көз- қарасы, сүйікті актерлері, алғашқы махаббат, табиғат тақырыптарына өз ойын, көзқарасын жазып келуді тапсырады. Әйтеуір жанын тебірентіп, көңіл-күйін қозғар сәттерді еске алу тапсырылады. Ал шығармалар әр түрлі; біреуі нәзік лирикамен өлең жазса, біреуі басынан кешкен қызықты оқиғаны әдемі қалжыңмен, үшіншісі жанын жегідей жеген азаматтың көзқарасын, төртіншісі өмірінің трагедиялық тұстарын еркін де ашық ақтарыла жазады. Сөйтіп қарапайым жаттығулар арқылы күрделі творчестволық процесске жол басталады.
«Сахнаның қожасы - актер» деген ұғым тек айтуға ғана жеңіл, ал сол қожалыққа жету жолының тайғақ теперештерінен өтудің қаншалықты ауыр екенін біреуі түсінсе, біреуі түсіне бермейді.
Жан-жақтан жиналған, әр түрлі ортада өскен жастар мүмкіндігінше бірден ұжымдық қарым-қатынасқа жауапкершілікпен қарап, «өзі үшін емес, партнері үшін» жұмыс жасауға бейімдегені абзал.
Актерлік курстың алғашқы жылы шәкірттің өз қиялынан туындап, өзі ойлап тапқан «тосын жағдайда», өз атынан әрекет етіп, қызық жаттығулармен еліктіріп тез өссе, екінші жылында үзінділер арқылы автор ұсынған жағдайда кейіпкердің, яғни бөтен адамның жан-дүниесіне үңілеміз. Әрі зерттеп, ұғыну арқылы автордың да, режиссердің де ойын ашу өте күрделі «инемен құдық қазғандай кезең». Актер өмірі «Браво» деп айқайлаған халық қошаметінен, табанына тасталар гүл шоқтарынан тұрады деп, даңққа жеңіл жеткісі келгендері білімін де, біліктілігін көрсетер, қайраты мен жігерін аямай, жаны мен жүрегін сарқа жұмсап, өнер ләззатының дәмін татар кездерге жете алмай кетіп қалып та жатады. «Болсам да болам, болмасам да болам» - деп буынсыз жерге пышақ ұрар, қыңырлары да кездеседі. Не керек шым-шытырық оқиғаларға толы іздену, жаңару, қапалану, үміттену, күмәндану, серпілу жылдары басталады.
…Әр шәкірт жеке бір әлем, әрқайсысына дара көзқарас, актерлік шеберлікке баулуда ыңғайлы әдіс, жан-дүниесін танып, дарын көзін ашуға төзімділік қажет.
ХХ- ғасырдың ортасынан бастау алған қазақ театр педегогикасы да, басқа салалар сияқты орталықтанған бағытта, яғни «жоғарыдан» түсірілген бағдарлама, нұсқаулар, бойынша ғана жұмыс жасады. Сөз жоқ актерлік шеберлікті ғылыми негіздеп, жүйеге келтірген К. С. Станиславскийдің еңбегі аса зор. 30 жылға жуық өмірін осы ұлы іске арнаған ұлағатты ұстаз адастырмас өзек қалдырды. Бүкіл әлем реформатор деп таныған К. С. Станиславский еңбегін білмейтін актер біздің елімізде жоқ. Өйткені Қазақстан театр мектебі де актердің кәсіби техникасы мен шеберлігін шыңдауда осы құнды еңбекке сүйеніп, орыс театр мектебі құрастырған, дамытқан жаттығуларды пайдаланып келді. К. С. Станиславский жүйесінің басты мақсаты- сахнада өмір шындығына жету.
Бүгінгі күнге дейін К. С. Станиславский жүйесін әркім өз түсінігі, өз қабылдауы бойынша саралап, шәкірттері өз әдістемелерін ұсынып «жүйенің» негізі- мақсат, түпкі мақсат дейді. «Жүйе» төңірегінде әлі күнге дейін әр қилы пікірлер айтылып жүргені белгілі. Қазақ театр педагогикасы да дамып, өзінің ұлттық ерекшеліктерін, этнопсихологияны ескере отырып, одақтық бағдарламаны қайта қарап, жаңалықтар енгізе бастады. Қазақ балаларының ұлттық ерекшеліктерін ескере отырып, әуелі бағдарлама қайта жасалды.
Ұлттық сана- сезім, қимыл-қозғалыс мәдениеті, тіпті киім кию мен сән ерекшеліктері, ан тіліміз ескерусіз қалып, көзсіз еліктеуге бой ұрдық. Орысшадан ағылшыншаға сеңдей соғылып, есеңгіріп жүрген жайымыз бар. Қала жастары ғана емес ауыл балаларының да тілдері шұбарланып, ойын еркін жеткізе алмайтын халге жетті. Осындай аласапран заманда ұлттық болмысымыздың өзегін тауып, нәр берер өнер ордасы- театрға нағыз маман тәрбиелеу үшін болашақ актердің қаны да ан да қазақ болуы тиіс. Қазақ тілін жете меңгермеген оқушы бүкіл елдің дау- жанжалын екі- ақ ауыз сөзбен ымыраға келтірген шешен, би төрелердің сөз астарын қайдан ұқсын?! Болашақ сахна иелері
«Бисилләһир рахманир рахим» деп өнерге аттаған күнінен өз халқының ұлттық бейнесін танытатын да өздері екенін ұғынуы тиіс. Бұл жолда біздің айнымас серігіміз әрине- фольклер. Оның ішінде ұлттық ойындар. «Ойынсыз ақыл- ойдың қалыпты дамуы да жоқ және болуы да мүмкін емес. Ойын дүниеге қарай ашылған үлкен жарық ан іспетті, ол арқылы баланың рухани сезімі өмірменен ұштасып, өзін қоршаған дүние туралы түсінік алады. Ойын дегеніміз ұшқын, құмарлық пен еліктеудің маздап жанар оты». (Сухомлинский В. А. «О воспитаний» М, 1973)
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz