АҚЫНДАР ПОЭЗИЯСЫНДАҒЫ ШЕШЕНДІК ОРАЛЫМДАР


м А З М Ұ Н Ы
КІРІСПЕ 3
І ЖЫРАУЛАР МҰРАСЫНДАҒЫ ШЕШЕНДІК ҮЛГІЛЕР
- Ежелгі жыраулар шығармашылығындағы дидактикалық сарындар 5
- Кейінгі дәуір жыраулары шығармашылығындағы шешендік
ойдың берілуі 17
ІІ АҚЫНДАР ПОЭЗИЯСЫНДАҒЫ ШЕШЕНДІК ОРАЛЫМДАР
2. 1 Шешен ақындар шығармашылығындағы түйдектер 22
2. 2 Абай шығармашылығы - қазақ шешендігінің жаңа белесі 42
ҚОРЫТЫНДЫ 57
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР 60
КІРІСПЕ
Тақырыптың өзектілігі. Қазақ ақын-жыраулары шығармашылығы ежелгі дәуірде жасаған жыраулар шығармашылығынан бастау алады және дербес Қазақ хандығы кезеңінде поэтикалық биіктікке көтерілді. Қазақ хандығы дәуіріндегі жыраулар толғауында қазіргі ақындар шығармашылығына тән поэтикалық үндестіктердің ХІХ ғасыр ақындары шығармашылығына ұласуы - шешендік дәстүрдің жалғастығы болып табылады. Қазақ шешендігінің түпкі негіздерін Абай дәуіріне дейін ұласуын толығырақ қарастырып, аталған кезеңдердегі поэтикалық жаңалықтарды дипломдық жұмыстың тақырыбы ретінде алып, талдау жасаудың маңызы зор деп білеміз. Өйткені, шешендік сөздер қазақ әдебиетіндегі мектеп бағдарламасында бастауыш сыныптан бастап жоғары сыныптарда өткізілетіндіктен, қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғаліміне шешендік сөздерді талдай білу қажеттігі үнемі туындап отырады. Сондықтан да жұмыстың өзектілігі айқын деп білеміз.
Зерттеудің мақсаты мен міндеттері ретінде жыраулар мұрасындағы шешендік үлгілерді қарастыру және ақындар шығармаларындағы шешендік айтылымдарды зерттеу жұмыстың басты мақсаты болып табылады.
Осы мақсатты іске асыру үшін мынадай міндеттерді шешу көзделді:
- ақындар мен жыраулар шығармашылығына шолу жасау, олардың шығармаларындағы шешендік түйдектерді талдау;
- қазақ әдебиетін жаңаша деңгейге көтерген Абай Құнанбайұлының шешендік қырларын таныту;
- шешендік шиырларына қатысты, дипломдық жұмыс бойынша өзіндік ой қорыту.
Зерттеудің нысаны ретінде қазақ әдебиеттану ғылымының саласы қазақ фольклортану ғылымы негіздеріне сүйене отырып, Қазақ хандығы дәуірі мен ХІХ ғасыр аралығындағы танымал ақын-жыраулар шығармашылығы зерттеудің нысаны ретінде алынды.
Зерттеудің пәні ретінде қазақ фольклорының бай да, өміршең саласы шешендік сөздер алынды.
Зерттеудің ғылыми жаңалығы. Диплом жұмысын жазу арқылы ақын-жыраулар шығармашылығындағы поэтикалық жетістіктер, олардың шешендік дәстүрді жалғастырушылығы және басқа да жақсы қырларын танытуға талаптануымыз, осы мақсатта біршама мағлұматтардың басын қосуымыз -жұмыстың жаңалығы болып табылады
Теориялық және әдіснамалық негіздері. Жалпы әдебиеттану ғылымының теориялық негіздеріне, оның ішінде фольклортану ғылымы, шешендік өнері (ораторское искусство) салаларының зерттеу әдістемелеріне сүйенілді.
Ғылыми жаңашылдығы мен практикалық құндылығы. Жұмыста қазақ шешендігінің ежелгі дәуірден нағыз бет-бейнесін тапқанға дейінгі дәстүрлі сабақтастығы мысалдар арқылы көрсетіліп, талдануы жаңашылдығы болып табылады. Сонымен қоса, Мұхтар Әуезовтың нақты ел аузындағы деректер арқылы «Абай жолы» романында Абайды шешен ретінде көрсетуін біз жұмысымызда арнайы тарауша арқылы қарастыруымыз практикалық тұрғыда құндылыққа ие болып табылады.
Практикалық негізі. Жұмыстың практикалық негізі ретінде қазақ шешендік өнерінің даму динамикасы, дәстүр жалғастығы туралы теориялық негіздеме жасалуы практикалық негізі болып табылады.
Зерттеу жұмысының құрылымы кіріспе бөлімнен, екі бөлімнен әр бөлімнің екі тараушасынан, қорытындыдан, пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады. Бірінші бөлімде жыраулар мұрасындағы шешендік үлгілері қарастырылады және тараушаларда ежелгі жыраулар шығармашылығындағы дидактикалық сарындар мен хандық дәуірінен кейінгі дәуір жыраулары шығармашылығындағы шешендік ойдың берілуі зерттелді.
Екінші тарауда ақындар поэзиясындағы шешендік оралымдар қарастырылып, тараушаларда шешен ақындар шығармашылығындағы түйдектер мен Абай шығармашылығының қазақ шешендігіндегі орны сараланған.
Зерттеу нәтижелері қорытындыда түйінделді.
І ЖЫРАУЛАР МҰРАСЫНДАҒЫ ШЕШЕНДІК ҮЛГІЛЕР
1. 1 Ежелгі жыраулар шығармашылығындағы дидактикалық сарындар
Қоғам, халық тағдырына қатысты зор әлеуметтік мүддені көздеген шешендік мұралардың қатарына жыраулар толғауын жатқызамыз. Кейбір толғаулар жеке адамдарға, жеке оқиғаға, жеке бір мәселеге қатысты болса да, оларда бәрібір әлеуметтік үн болады. Себебі қай жыраудың толғауын алсақ та, онда адамдық, адамгершілік т. б. сияқты тәрбиеге қатысты жайттар сөз болады. Мұндай ақыл-кеңес, өсиет-толғау жеке адамға ғана емес, көпке қарата айтылады. Өлең, жыр тағы басқа жанрларға қарағанда, толғаудың шешендікке жақындығы - үгіт, насихат, яғни дидактикалық сарында болып келетіндігі. Шешен сөйлеу әлеуметтік қызметтің бір түрі болғандықтан, философиялық ойлауға құрылады, философиялық ойлау логика заңдарына сүйенеді; шешеннің міндеті тыңдаушының айызын қандыру, сезіміне әсер ету болғандықтан, оның сөзінде исихологиялық толғаныстар орын алады. Қазақ жырауларына да тән қасиеттер осылар: олар көбінесе елдік мәні үлкен, келелі мәселелердің тұсында халық пен ханға бірдей ақылшы, көрген-білгені көп кемеңгер ойшыл ретінде көрінеді; айтпақ ойларын толғау түрінде философиялық, дидактикалық түйіндер арқылы, психологиялық параллелизмдер негізінде, асқақ рухта жеткізеді.
Жұмыстың аталған тарауында жыралуар поэзиясындағы шешендікке тоқталатын боламыз.
Әдебиетішілерді ойландырған жыраулар шығармалары мен билер сөзінің орта ғасыр ойшылдарының мұраларындағы поэтикалық, көркемдік әдіс-тәсілдердің біртектілігі шешендердің ойлау табиғаты мен таным-білім қасиетінің табиғи тамырластығында, сана-сезім мен жан дүние жаратылысының біте қайнасқан бірлігінде жатқан сияқты. Асан қайғының:
"Таза мінсіз асыл тас,
Су түбінде жатады,
Таза мінсіз асыл сөз
Ой түбінде жатады.
Су түбінде жатқан тас
Жел толқытса шығады.
Ой түбінде жатқан сөз-
Шер толқытса шығады» [1, 18-б] .
дегенін одан төрт ғасыр бұрын Ж. Баласағұни да айтпап па еді? Шешендерді туғызған дәуірлердің қоғамдық-әлеуметтік сипаты әр дәуірдегі шешендерге бірдей міндет жүктеді: Ол - ел тәуелсіздігі, халықтың бостандығы мен бірлігі, ақыл-ой еркіндігі, соларға жеткізер адамдық, адамгершілік қасиеттерді насихаттау. Осы жерде В. Г. Белинскийдің сөзі еске түседі: " . . . Тіпті француз шешені Англияда, англия шешені Францияда сөйлеп табысқа жетпес еді, өйткені олардың әрқайсысы өз отанында өз сөзінің күшімен халқына билік жүргізген, үстемдік еткен" [2, 3-б] .
Сөз өнерін тануда бүгінгіге дейін орын алып келген пікір - билерді ғана шешен деп, жырауларды шешен деп танымау - тарихи әділетсіздік болар еді. Жыраулар шешендерше толғап, шешендер жырауларша термеледі. Сондықтан жыраулардың ішінде бір тобын әрі шешен, әрі би, әрі жырау деп танып, шешендік өнер тарихынан оларға тиісті орын берілуі қажет. Жырауларды бұлай таныту Н. Төреқұлұлының еңбегінде нақты көрініс тапқан [3, 53-63-б] .
Қазақта би-шешендер ерекше тұлға. Ерекше тұлға дейтін себебіміз, бұрын-соңды қазақтан басқа халықтарда мұндай тұлға, мұндай елді аузына қаратқан адамдар болған емес. Шығыс халықтары арасында біздің билерімізге ұқсас бірлі-жарым болуы мүмкін, бірақ олар дәл қазақтағыдай емес-тін. Демек би-шешендер тек қазаққа тән құбылыс. Олар айтқан билік, шешендік сөздер тек қазақ арасында кездесетін халықтық асыл қазына болып табылады.
Біріншіден, жырау да, шешен де сөз қадірін өз қадірім деп түсінген халық. Екеуі де керемет дарын иесі. Бірақ нағыз шешен мен жырау үшін бір ғана сөзге шебер болу жеткіліксіз, табанда тауып айтатын тапқыр, шаршы топта тартынбай сөйлейтін батыл, сөз сайысында саспайтын сабырлы болуы шарт. Жүйелі сөз бастаудың қиындығы туралы Бұқар жырау айтқан дейтін мынандай сөз бар:
Көш бастау қиын емес,
Қонатын жерде су бар.
Қол бастау қиын емес,
Шабатын жерде жау бар.
Шаршы топта сөз бастау қиын-
Шешімін адам таппас дау бар [4, 83-б] .
«Шешен де, жырау да өз заманының озат ойшылы, оқымаса да көкейге тоқыған мол саналы, парасатты азаматы. Халық қадір тұтқан жыраулар мен шешендерден жұрт толқыған, халық дағдарған, бүліншілік шыққан немесе ел шетіне жау келген кездерде кеңес сұрайтын болған» [5, 8-б] . Яғни, екеуі де тек әлеуметтік мәселелерге қатысқан, олардың шығармаларында махаббат, табиғат лирикасына арналған тақырыптар жоқтың қасы. Жырау мен шешенге тән тағы бір ортақ қасиет - импровизаторлық. Қазақ халқы тарихындағы шешендерді ой елегінен өткізсек, олардың бәрі - ақылгөй абыз-жыраулар және ел басқарған шешен билер. Бұлар - қазақ халқының тағдырын бірлесе отырып шешкен, өз елі мен жерінің амандығын жауапкершілік етіп арқалаған парасат иелері, елдің ішкі, сыртқы істерін өз мойындарына алған қоғам қайраткерлері. Қай дәуір тұрғысынан да, тіпті қазіргі өмір тұрғысынан да шешендерге қойылатын талап - осы болу керек. Тіпті батыс елдеріндегі, әсіресе шешендік өнердің көш бастаушысы саналып келген грек, рим шешендерінің де қоғам қайраткерлері болғаны мәлім.
Демек тақырыптың осындай өзектілік сипатын ескере келіп, «Ақын-жыраулар мұрасындағы шешендік» деген тақырыпта диплом жұмысын алып отырмыз.
Негізгі мақсатымыз - ақын-жыраулар шешендігінің шешендік өнер тарихының тұтас бір кезеңін қамтитындығын дәлелдеу. Сонымен берге ақын-жыраулар шығармашылығындағы шешендіктің табиғатына, оның өзіндік ерекшеліктерін анықтау болып табылады.
Көркем тілді қару етіп, халықтың жоғын жоқтап, мұңын мұңдаушы, қоғам қайраткері ретінде есімдері ерте заманнан сақталып, ел аузында жүрген жыраулардың көш басшысы - Сұрғалтайұлы Сыпыра жырау. Көш басшысы дейтініміз - Сыпыра жырауды қазақтың кейінгі ғасырларда өмір сүрген жыраулары өздеріне ұстаз санаған, оған сыйынып сөз бастаған. Сыпыраның аты халық арасында аңызға айналып кеткен, оның бізге жеткен шығармалары көп емес. Олардың кейбірі эпостық жырлардың ішінде жүр, мысалы "Ер Тарғын", "Едіге", "Қырымның қырық батыры" жырларында жырау есімі аталады. Сыпыра жырау тарихи деректерде Тоқтамыс хан тұсында ХІV ғасырда жасаған, Маңғыстау мен Жайық бойын, Сарайшық қаласын мекендеген.
Ә. Марғұлан оны қыпшақ руынан шыққан, өте ұзақ өмір сүрген, тарихта ноғайлы жырын туғызған эпик жыршы екенін және оның аса шешен болғанын айтады [6, 55-б] .
«Тоқтамыс жырын» алғаш бастырған П. М. Мелиоранский өзінің алғы сөзінде Сыпыра жыраудың қыпшақ даласының көп хандарын көрген көне ақыл иесі болғандығын, ол 1393 жылы ханның шақыруымен Тоқтамыс ордасында ең соңғы толғауын айтқан еді дейді. (Сказание о Токтамыше и Едиге) . Жырдың кейін, 1927 жылы, Қ. Сәтбаев бастырған нұсқасына жазған алғы сөзінде
Қ. Сәтбаев: "Сыпыра - топ бастаған дана, үздік дара шешен, қажымас еңбек, қайтпас жігер, мұқалмас қайрат иесі, халық қиялының төрешісі болған қария жырау», - деп бағалайды.
С. Сейфуллиннің 1931 жылы жариялаған "Қазақтың ескі әдебиет нұсқалары» жинағында "Кәрі бидің жас биге айтқаны» деп аталатын мадақ сөз бар. Оны Х. Сүйіншәлиев Сыпыра жыраудың сөзі деп қарайды.
Көп ішінде сөйлесем,
Жас жігіт саған қарасам-
Қара лашын тұйғынсың.
Асылыңа қарасам-
Құс алатын қырғисың.
Қызыл тілге келгенде,
Сар садақтың оғындай,
Көлденеңдеп сырғисың.
Көрмегеннен сұраймын,
Асылыңды білдірші,
Қай ұлыс елсің, жарқыным?!
Сөзді жұптап, түйдектеп,
Бәйге атындай шұлғисың! [7, 138-б] .
Ал эпостық жырларда Сыпыра атынан айтылатын толғаулар бар. Бәрінде де Сыпыра жырау - хан мен батырлар арасын бітістіріп жақындастырушы, жұрт тыныштығын ойлаған сәуегей адам. Мысалы, "Ер Тарғын» жырында мынадай жолдар бар: « . . . Ол уақытта жүзден асып жатқан бір Сыпыра жырау деген бар еді. Ол Сыпыра жырау өз өмірінде қолынан тоғыз ханды өткізіп, толғау айтып, тоғыз ханды түзеткен кісі еді. Жұрт сасқан соң ханы, халқы жиылып, Сыпыра жырауға барды да, Сыпыра жыраудан сұрады. "Біз Тарғын батырды екі алдадық, әуелі Бұлғыр тауға жалғыз тастап кетіп қайтып келеміз деп, келмей кеттік. Екінші қызымды беремін деп жауымызды қырдырып алып, бермей қалдық. Сонан соң ол ашуланып Қырымдағы қырық құрдасымды алып жұртыңды аламын деп кетті, ол өзі Қырымнан қыз алып қашты, ханына қылмысты болып жүрген кісі еді. Ол жұртына барып, мұнда қайтып келер ме, болмаса ол бізге өтірік айтып, алдап қорқытып кетті ме? Соны болжап бізге айтшы, көпті көрген едің әрі не десең де сіздің ақылыңызбен боламыз", - деді. Сонда Сыпыра жырау айтты:
"Хан менен төрем келіпсің,
Би мен мырза отырыпсың.
Бізге ақыл салсаңыз,
Біздің тілді алсаңыз,
Батырды еске алыңыз!
Егер кетсе еліне,
Шулатпай кетпес балаңды,
Қан етпей кетпес қалаңды,
Бір түбектей бір қылар,
Жалпы жатқан далаңды,
Қырым деген ағаңды,
Етегіне басың салыңыз!
Тату болып қалыңыз!
Буырқанып бұрсанса,
Мұздай темір құрсанса,
Жыртпай кетпес жағаңды,
Ағаның ісі жаман-ды".
Тарғындайын батырға,
Жиылып барып барыңыз!
Қараң түгіл ханыңыз,
Қимылдаған жаныңыз. [4, 84-б] .
Ханы, халқы жиылып Тарғынның алдына барып, кешірім сұрап, Тарғынды ханның үйіне алып келген соң, хан ұялғанынан сөз бастай алмады. Сонда Сыпыра жырау Тарғын батырға қарсы сөйледі:
"Ай, батырым, батырым!
Тауда тарлан ақырса,
Тас мұрынын ару сұңқар шыжғырса,
Көгілдірін ертіп,
Көлден қулар ұшар ма?
Әділ туған хандары,
Қара берен батырға,
Беремін деп бермеді,
Өтірік сөзден өлмеді,
Бұл сықылды хандары,
Бұл сықылды байларды,
Жалтаң сөзбен қысар ма?
Хан мен қара келген соң,
Сіз сықылды батырға,
Ашуын бермей кетсе ұқсар ма? [4, 84-б] .
Жыраудың шешен толғауынан біз өзінен бірнеше ғасыр кейін өмір сүрген Жиембеттің немесе Бұқар жыраудың, өршіл ақын Махамбеттің сарынын еркін аңғарамыз. Шешен батырды райынан қайтару үшін шешендіктің үлгісін көрсетіп бағады:
Ай, батырым, батырым!
Сөз айтады алдыңда
Сыпыра жырау пақырың.
Ханы, халқың жиылып,
Айтып отыр біздерге,
Айтып отыр біздерге,
Құлақ салып тыңдасаң,
Біз айталық сіздерге,
Аруақты туған ер болсаң,
Неғыласың бір қызды?
Жас баладай жайдақтап,
Жас тайлақтай ойнақтап,
Шыға бермей түзлерге!
Мына отырған ханыңыз,
Қимылдаған жаныңыз
Сый қылады алыңыз! [4, 85-б] .
Сыпыра жырау Ер Тарғынға ханның атына, халықтың атынан сөйлеп, жаудан құтқаруын өтінеді. Жыраудың уәде еткендері Ақтамберді жыраудың «Күлдір күлдір кісінетіп» толғауындағы қазақ мырзасының арманы іспетті. Ары қарай жалғастырырып көрелік:
Қара лашын береді,
Көлден көлге шүйсейші!
Қара арғымақ береді,
Елден елге мінсейші!
Ақ падиша жіберген
Балдағы алтын ақ берен
Мұны сізге береді,
Аш беліңе ілсейші!
Бадана көзді кіреуке
Мұны сізге береді,
Баса келіп кисейші!
Неғыласың бір қызды?
Бес жүз ауыл береді.
Шағаннан көшсең суытып,
Бес жүз атан береді,
Желдеп мұны байлашы! .
Неғыласың бір қызды?
Бес жүз ауыл береді,
Өз алдыңа сұлтан боп,
Сүйген жерің жайлашы!
Неше батыр болсаң да,
Алмаймысың бұл сыйды?
Миың болса басыңда,
Айтып тұрмын қасыңда
Осы жерін бір ойлашы! [4, 83-б] .
Шешенннің алмастай өткір, балдай тәтті сөзіне ұйыған, халқы үшін ханға деген өкпесін кешіріп, батыр райынан қайтып, ханның, халықтың берген сыйын алды. Қара ноғайдың хан, халқымен татуласып табысты» [5, 203-205-б] .
«Сыпыра жырау сөзінің өткірлігі - қайталана қолданған қаратпа сөздің екпінінде, шартты мәнде жұмсалған құрмалас сөйлемнің риторикалық сұрақпен қайырылуында. Жырау сөзінің өтімділігі - эпосқа тән буырқанып бұрсану, мұздай темір құрсану, жағасын жырту, қара лашын, қара арғымақ, балдағы алтын ақ берен, аш бел, бадана көзді кіреуке тәрізді жауыпгерлік фразеологизмдерді үдемелі сипатта қатар қолдана отырып, сөзінің соңын бұйрық, тілек мәніндегі сөйлемдермен аяқтап отыруында (барыңыз, алыңыз, салыңыз, қалыңыз, шүйсейші, мінсейші, ілсейші, кисейші, байлашы, жайлашы, ойлашы) . Осындай сөйлеу тәсілдерінің өзі Сыпыра жыраудың айтқанына көндірген айбарлы, елді сөзіне ұйытқан ақылшы, елдік мәселелерді шешуге қатысқан білгір шешен екендігін танытады. » [6, 20-21-б] . Сыпыра жыраудың алпыстан астам ханға ақыл-кеңес берген қайраткер жан болғанын зерттеуші Есім Байболовтың жариялаған мына бір өлеңінен білуге болады:
Өрлеуге қандай алабың,
Шыңға шықсын талабың,
Алпыс екі хан көрдім,
Несіне оны сұрадың?!
Атқа мінер халі жоқ,
Мінсе түсер әлі жоқ,
Жүз сексен жасаған,
Халі осы да Сыпыраның! [4, 86-б] .
Фольклортанушы ғалым Х. Сүйіншәлиев Сыпыра жырауды 1213-1393 жылдар арасында өмір сүрген ноғай-қазақтардың атақты жырауы деп таниды [7, 235-б] .
Өз мүддесінен ел мүддесін жоғары қоя білген ірі қоғам қайраткері әрі шешен, би Шоқан сөзімен айтқанда, көрнекті ойшыл, дала философы Асан қайғы Сәбитұлы болды.
Асанның аты - Хасан, ол жасынан жетімдік көріп, тағдыр тауқыметін көп тартқан, өскеннен кейін де халқының болашағын ойлап, толғанумен мұңды болып жүріпті, содан халық оны Асан қайғы деп атап кеткен. [8, 73-б] . Бұл туралы Құрбанғали Халидовтың «Тауарих хамсасында» мынадай мәлімет бар:
«Асанның асыл түбі - ноғай, әйгілі Майқы бидің тұқымы. Шын аты Хасан екен, халық оны құрмет тұтып, Асан ата атап кеткен. Асанның мақал-мысал сөздері қазаққа аңыз боп кең тараған және ол күн-түндеп айтса да таусылмайтын ұзақ жырдай мол болыпты. Бағзы қазақтар Асан сөздерін ауызша да, жазбаша да айтады. Олар Асанды халыққа қамқорлық ойлаған ізгі адам ден санайды» [9, 121-б] .
С. Сейфуллин атап көрсеткеніндей, Асан сөздерінің негізгі арқауы - ханды әдлетті болуға шақыру, өзімшілдіктен сақтандыру, қиянатқа жол бергізбеу. Халқы үшін уайым жеген жырау ханның алдында да ең маңызды, ең басты мәселе етіп ел тағдырын қояды. Асан туралы қалам тартпаған зерттеушілер кемде-кем. Бәрінің пікірінше, Асан - заманының кемеңгер ойшылы, шешен биі, көрнекті қоғам қайраткері. М. Әуезов сөзімен айтқанда: « . . . халықтың нағыз ертегісі болып, тек сол қалыпта ғана ой жадында сақталған адам».
Аңыздардың айтуынша, Асан XV ғасырда Жәнібек ханның тұсында, өмір сүріп, сарай маңындағы ақылшы-ақсақал жыраулардың басы болған. Асан қайғының атымен байланысты жер аттары Қостанай, Торғай, Ыргыз бойында өте көп. Қазіргі Ақтөбе облысында "Асан Ата» есімінде ескі бейіт бар екен. Ақтөбе облысы, Қобда бойында Асанның баласы Абаттың моласы да бар делінеді. [10, 24-б] . Асанның өмір сүрген жері қазіргі Ақтөбе облысы екенін анықтай түсетін оның мынадай атақты толғауы бар:
Қырында киік жайлаған,
Суында балық ойнаған,
Оймауыттай тоғай елімнің,
Ойына келген асын жейтұғын,
Жемде кеңес қылмадың.
Жемнен де елді көшірдің!
Ойыл деген - ойынды,
Отын тапсаң тойынды.
Ойыл көздің жасы еді,
Ойылдан елді көшірдің [1, 18-б], -
деп, қазақтың сол кездегі мекен еткен жеріне, жайылым, қонысына көңілі толмай, елді теріс бетке бастап көшірген Жәнібекке қарсы айтқаны еді.
Тарихшылардың айтуынша, Асан қайғы өмір сүрген заманда бұрынғы Алтын Орда жұртынан бөлініп шыққан хандықтар арасында өзара қайшылықтар көбейе бастаған болатын. Жәнібек бастаған қазақ хандығы XV ғасырдың 60-жылдары Әбілқайыр бірлестігінен (өзбек хандығынан) бөлініп, Шу бойында жаңа хандық құрды. Бөлініп шыққан хандықтарға белгілі бір жерді тұрақты астана ету қажеттігі туды. Жаңа құрылған жас хандықпардың жауы да аз болған жоқ. Ел басына төнген осындай ауыр жағдайлардан құтылудың бір жолын Асан қайғы көшу, қоныс аудару деп түсінді. Елге жайлы қоныс іздеді. Ел аузында Асан қайғының желмаяға мініп жайлы қоныс іздеген әрекеті, қазақтың кең байтақ даласын, тау-тасын шарлап, солар жайлы айтқан сын пікірлері тапқырлықтың үлгісіндей болып, жатталып қалды.
Асан толғауларындағы шешендік тәсіл - психологиялық, синтаксистік параллелизмдер жиі қолданылады. Асанның өлең, толғаулары бастан-аяқ параллелизм тәсілімен жасалған. Мысалы:
Құйрығы жоқ, жалы жоқ
Құлан қайтіп күн көрер?!
Аяғы жоқ, қолы жоқ
Жылан қайтіп күн көрер?! [1, 18-б] .
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz