А. БАЙТҰРСЫНОВ АНА ТІЛІН ОҚЫТУ МӘСЕЛЕСІ ЖӨНІНДЕ


МАЗМҰНЫ
КІРІСПЕ . . . 3
І А. БАЙТҰРСЫНОВ ЖӘНЕ ҚАЗАҚ ӘЛІПБИІ
- Қазақ әліпбиінің тарихы . . . 5
- «Тіл құрал» еңбегінің ерекшеліктері . . . 27
ІІ А. БАЙТҰРСЫНОВ АНА ТІЛІН ОҚЫТУ МӘСЕЛЕСІ ЖӨНІНДЕ
2. 1 Әліпби үйретудің әдістері» . . . 33
2. 2 А. Байтұрсынов әдістемелік еңбектері . . . 46
ҚОРЫТЫНДЫ . . . 57
ПАЙДАЛАНҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ . . . 61
КІРІСПЕ
Тақырыптың өзектілігі: ХХ ғасырдың алғашқы он жылдығында ескі мен жаңаның қарбалас кезеңінде білімі мен күш-қайратын бала оқытуға жұмсаған ғалымдардың арасындағы ерекше тұлға Ахмет Байтұрсынов еді.
Демократтық-ағартушылық қызметті өзінің азаматтық борышы деп санаған Ахмет Байтұрсынов халықты оқытуға шақыруымен ғана тынбайды, оқытудың амал-жолдарын іздестіреді, бағдарлама, оқулықтар жасайды.
Кезінде, Ахмет Байтұрсынов жайында Сәкен Сейфуллин, Мұхтар Әуезов, Мыржақып Дулатов деректі мақалалар жазған болатын.
Есімі дүние жүзіне мәлім аса беделді түрколог академик А. Н. Кононов библиографиялық сөздікте Ахмет Байтұрсынов «Жетілдірілген қазақ алфавитін жасаушы, қазақ тілінің фонетикасын, морфологиясын, синтаксисін зерттеп, оқулықтарын түзуші, қазақ әдебиеті мен тарихын зерттеуші»[1] деп танытады.
Р. Сыздықова, Р. Нұрғалиева, Д. Әлімханов, С. Кәкішев, Т. Қожакеев сияқты зиялы ғалымдар Ахаң жайында ақиқатты монографиялық еңбектер жазды. Осылайша қазақ тіл білімінің ірге тасын қалаушы аса көрнекті ғалым А. Байтұрсыновтың лингвистикалық мұрасы тілші ғалымдар тарапынан зерттеле бастады. Бұл саладағы Ә. Қайдаров, Р. Сыздықова, Ә. Айтбаев т. б. тілші ғалымдардың жарияланған еңбектерін Ахметтанудың берік бастамасы деп тануымызға болады.
А. Байтұрсынов және қазақ тілі білімі деген объектінің маңызының зор екендігі сонда - оның есімі Ұлттық академиямызға беріліп отыр. Мұның сыры А. Байтұрсыновтың халқына сіңірген сан-саладағы еңбегінің зоры - тіл білімінде жатқандығында, лингвистика ғылымының негізін қалауда. Осы тұжырымды енді тереңдете дәлелдеу керек. Ең алдымен мектеп оқулықтары жай ғана білім бе? Әлде ғылым саласына жата ма? Осыны ашып алу қажет, өйткені дүние жүзі ғылымында, оның ішінде орыс ғылымдарының арасында бұл жөнінде керезар пікірлер бар. Бірқатары мектеп грамматикаларында ғылым жоқ деген пікірде.
Бұл пікірді қазақ тілі біліміне келгенде қостауға болмайды, өйткені тіл білімі ғылымының бастауы мен барысы, мазмұны мен сипаты барлық жұртта, барлық кезеңде бірдей болуы шарт емес. Оның тіл таныту мақсаты, зерттеу принциптері, зерттеу жұмысының өзі, әдістері мен ғылым ретінде дамуына қажет мүмкіншіліктері тұрғысынан қарағанда, әр халықтың тарихында әртүрлі сипатта болуы заңды. Оның үстіне бір халықтың мәдениетінде пайда болған ғылым саласының алғашқы кезеңі мен орта тұсында және қазіргі күйінде айтарлықтай ерекшеліктерінің болуы және даусыз. Осы тұрғыдан келгенде қазақ тілі туралы ғылым саласы осы тілдің жалпы және тұрақты белгілерін ана тілімізде тұңғыш рет сипаттаған мектеп оқулықтарынан басталады деген концепцияны ұстауға болады.
Демек, А. Байтұрсыновтың «Оқу құралдары» мен «Тіл құралдарын» зерттеуді «тіл туралы білім» мен «тіл туралы ғылымның» байланысын, арақатынасын, кешегісі мен бүгінгісін танып білу деп бастау керек болады, яғни бұл зерттеулер қазіргі таңда ғылымның жаңа тармағы - «Ғылым туралы ғылымға үлес қосу болмақ».
Осы жағдайларды ескере отырып, аталған мәселені диплом жұмысы тақырыбы етіп алып отырамыз.
Зерттеудің нысаны: Жұмысымның зерттеу нысаны етіп ғалым А. Байтұрсынұлының тіл біліміне қатысты еңбектерін алдым. Атап айтар болсақ, «Оқу құралы» (1912ж), «Әліпби» (1928ж), «Сауаташқыш» (1926ж), «Тіл - құрал» (1914ж), «Тіл - құрал» (1915ж), «Тіл - құрал» (1925ж), «Баяншы» (1920ж) еңбектері. Аталған еңбектері 1992 жылы «Тіл тағлымы» деген атпен жинақ болып шыққан болатын. Бұл еңбектерін осы жинақтан алдық.
Диплом жұмысының мақсаты мен міндеттері:
А. Байтұрсынұлы қазақ әліпбиінің негізін қалаған реформаторы екендігін зерттеу.
- А. Байтұрсынұлы - қазақ тіл білімінің, қазақ әліпбиінің реформаторы екендігін айқындау;
- А. Байтұрсынұлының қазақ теориясын көрсету;
- А. Байтұрсыновтың әдістемелік еңбектерін қарастыру.
Зерттеу әдістері: Зерттеу барысында салыстырмалы-тарихи әдіс, ретроспективтік тәсіл, диахрондық және синхрондық әдістер пайдалынылды.
Зерттеудің негізгі тұжырымдары:
- А. Байтұрсынұлының қазақ тіл білімінің, қазақ әліпбиін қалыптастырушы екендігі айқындалған;
- Қазақ әліпбиінің қалыптасып дамуы кезеңдері сұрыпталған;
- А. Байтұрсынұлының әдістемелік еңбектерінің алар орны бар екені анықталды;
Зерттеудің құрылымы: дипломдық жұмыс кіріспеден, екі тараудан, қорытындыдан және пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.
«А . Байтұрсынов және қазақ әліпбиі» тарауында қазақ халқының әліпбиінің қалыптасып даму тарихынан және «Тіл- құрал» еңбегінен толық ақпарат беріледі.
«А. Байтұрсынов ана тілін оқыту мәселесі жөнінде» атты тарауында әліпби үйретудің әдістері, А. Байтұрсыновтың әдістемелік еңбектері және оны оқыту мәселесінде қолданылу жайы сөз тарқатамыз.
Қорытынды бөлімде А. Байтұрсыновтың қазақ әліпбиін қалыптастырушы, қазақ тіл білімінің реформаторы екендігі жайында тұжырымдар жасалады.
І А. БАЙТҰРСЫНОВ ЖӘНЕ ҚАЗАҚ ӘЛІПБИІ
1. 1 Қазақ әліпбиінің тарихы
Әліпби (алфавит) - жазуда қолданылатын әріптердің белгіленген тәртіп бойынша орналасқан ретін білдіретін жиынтығы.
Жазудың әліпбилік үлгісін, яғни таңбаның бір ғана дыбысқа (фонемаға) сәйкес келуін біздің заманымызға дейін ІІІ мыңыншы жылдардың ортасында семит халықтары сына жазудағы таңбаларды пайдалана отырып, дауыссыз дыбыстарды дауыстылармен тіркесуіне қарай үш түрлі таңбамен берген, (мысалы: т дауыссызын та, те, ти), өйткені семит тілдерінде үш-ақ дауысты дыбыс бар. Ал біздің заманымызға дейін ІІ мыңыншы жылдың алғашқы жартысында консонтаттық буын жазуының жаңа түрі пайда болып, кез келген дауыстымен тіркескен дауыссыз жоғарыда айтылған сына жазудағыдай әр түрлі таңбамен берілетін болған. Біздің заманымызға дейін ҮІ-ІҮ ғасырларда Кіші Азиядан Үндістанға дейінгі билік құрған Ахемен әулеті билеген парсы мемлекетінде қолданылған парсы-арамей жазуы (парфян, соғды, хорезм жазуларына негіз болған), еврейлердің шаршы жазуы, сирия-арамей жазуы (манихей, несториан, яковит жазуларына негіз болған), жол асты, жол үсті дәйекшелерімен толықтырылған араб жазуы, тағы басқа арамей жазуының жергілікті тармақтарына жатады. Түзу сызықты финикий әліпбиі бастапқы түрінде Кіші Азия, Грекия, Италия т. б. елдерде қолданылады. Ал көне грек әліпбиі бірнеше тілдердің жазу-сызуына негіз болады. Бұлар жазу-сызу тарихында батыс әліпбилері деп аталады. Классикалық грек жазуы, Византия жазуы, копт (христиан мысырлықтар), гот, славян жазулары көне грек әліпбиінің Шығыс тармақтарына жатады. Ал италий, этрус, көне герман сына жазу т. б. батыс грек әліпбиінің тармақтары болып саналады. Этрус әліпбиі латын әліпбиіне негіз болған.
Еліміз Ресей бодандығында болған соңғы үш ғасыр көлемінде тарихымызды бұрмалап, оны жоқ қылып көрсеткісі келгенмен, зерттеулерге қарағанда б. з. д. Ү-ІІІ ғасырларда-ақ қазақтың ата-бабаларының ежелгі әліпбиі болғаны белгілі.
ҮІІІ-ХІІІ ғасырларда Орта Азиядағы түркілердің арамей сирия тармағынан тараған несторион, манихей жазуларымен жазған жазба ескерткіштері болды. Сондай-ақ парсы-арамей тармағына жататын соғды әліпбиі Шығыс Түркістанда кеңінен қолданылған көне ұйғыр әліпбиіне, көне ұйғыр әліпбиі ХІІІ ғасырдан кейін тұңғас-манжүр жазуларына негіз болған. Түркі халықтарының әлемге әйгілі Орхон-Енисей жазба ескерткіштерінің әліпбилеріне соғды жазуы негіз болған деген пікір бар. Дания ғалымы В. Томсен мен орыс ғалымы Е. Д. Поливанов түркі әліпбиін арамей әліпбиіне жанасымы жоқ идеограммалардың негізінде пайда болды деген болжам жасаған. Орыс шығыстанушысы Н. Аристов түркі әліпбиін ешбір бөгде әліпбидің ықпалынсыз, түркі таңбалары негізінде туған төл жазу деп санайды. Жазу-сызу мен сауаттылық орта ғасырларда дінмен тығыз байланысты болып, діни уағыздарды таратуда кеңінен қолданылды. Араб әліпбиі мұсылман дінінің, ислам мәдениетінің кеңінен таралуына байланысты көптеген түркі халықтарының жазу-сызуына негіз болды. Қазақ және түркі халықтары сан ғасыр бойы пайдаланып келген араб әліпбиі арқылы қазақ жазба мұраларының көпшілігі біздің заманымызға жетті. Араб әліпбиі қазақ халқының рухани өміріне, мәдениетіне, зиялы қауымның қалыптасуына ықпал етті. Қазақтың ұлт болып қалыптасқанға дейінгі қолданылып келген әліпбилерін нақты мына әліпбиден кейін мына әліпби қолданылды деп кесіп айтуға болмайды, өйткені, ол кездерде жаппай сауаттылық болмаған және көбінесе жазумен әр халық немесе тайпа басшыларының арнайы адамдары айналысқан. Сондықтан түркі тілдес халықтардың арасында әртүрлі әліпбилердің ішінара қатар қолданылған тұстары да болған. Тарихи деректерге қарағанда еврей жазуы, қыпшақ-армян жазуы деген ескерткіштердің де бар екендігі белгілі. Жекелеп тоқталатын болсақ, еврей жазуын кейіннен қазақ халқының құрамына кірген Хазардың беріш тайпалары қолданған. Қыпшақ-армян әліпбиін қыпшақтар ХІІ-ХІІІ ғасырларда өз тілінде діни, заң және басқа әдебиеттерді жазуда қолданды. Әліпбидің бұлай аталуы мұнда армян әріптерінің басым болуында. Ғылымда бұдан басқа ұйғыр, соғди, манихей, сирия, тибет және брахми жазуларымен жазылған түркі тайпаларының эпиграфтық ескерткіштері де белгілі. Қазақстан жерінде орхон әліпбиінен басқа ҮІ-ҮІІ ғасырларда ұйғыр-найман деген әліпби болған. Бұл әліпбидің орхон әліпбиінен айырмашылығы араб әріптері секілді сөз басында, сөз ортасында және сөз аяғында болуына байланысты әр түрлі болып жазылған. «Орхон да, ұйғыр да арамей әліппесінен өз алды өзгертілген, бірақ қай уақытта екені белгісіз . . . » - дейді С. Аманжолов әліпбилер тарихы туралы еңбегінде. Орхон әліпбиіне қарағанда, ұйғыр әліпбиін қазақ халқына бір табан жақын деуге болады. Оның себебі ерте кезде сол әліпбиді қолданушы наймандар - бұл күнде қазақ халқының ішіндегі бір рулы ел. Екінші жағынан, ұйғыр әліпбиі қазақ ел болып қалыптасқаннан кейін де, Абылайға дейінгі қазақ хандығын, Еуропаның көбін өзіне қаратып алған монғолдардың заманында да түркі тілдес (ХІ-ХҮ ғ. ) халықтардың негізгі әліпбиі болып саналды. Қазақ тіліндегі дыбыстар жүйесін арнайы зерттеп, әліпби құрастырған қазақтың алғашқы фонологі - А. Байтұрсынов. Ғалым өзінің бүкіл саналы өмірін қазақ жазба тілін лексикалық шұбарлықтан, басқа тілдердің синтаксистік ықпалынан тазартумен айналысып, қазақ тілі ғылымын дамытқан.
А. Байтұрсынов мұғалімдер даярлайтын оқу орнын /мектебін/ бітірісімен, 1895 жылдан бастап 13-14 жыл бойы бала оқытумен шұғылданады. 1895 - 1909 жылдар арасында ауылдық, болыстық бастуыш мектептер мен 5-6 жылдық екі кластық училищелерде мұғалім болып қызмет атқарады. Бала оқыта жүріп, сол оқыту ісіне қажетті жағдайларды қарастырады. Ең алдымен қазақ балаларының сауатын қазақша ашатын ұлттық жазу таңбалары /графикасы/ бар ма, екіншіден, оқыту жүйесі жолға қойылған, үкімет тарапынан ашылған мектептер бар ма, үшіншіден, ондай графикасы мен мектебі болған күнде қазақ тіліндегі «Әліппе» кітабы мен оқулықтары бар ма, міне осыларға назар аударуы. Әрине, осылардың бірде-біреуінің жоқ екенін біледі және осыларды дүниеге келтірмейінше, жүзеге асырмайынша, қазақ даласындағы оқу-ағарту ісін дұрыс жүргізу мүмкін емес екендігін жақсы түсінеді. Енді ол «Барымен базар болып», күнделікті бала оқытумен қатар, жоғарыда айтылған «Жоқтарды түгендеуге» кіріседі. Атап айтқанда, А. Байтұрсынов 1990 жылдардан бастап қазақ графикасымен /жазуымен/ айналыса бастады. Сол күнге дейін өзге түркі халықтары сияқты, қазақтар да пайдаланып отырған араб таңбалары таза сол күйінде қазақ тілі үшін қолайлы емес екендігін біліп, оны қазақтың ұлттық жазуына икемдеп, қайта түзуді қолға алды. Ол үшін алдымен қазақ тілінің фонетикалық /дыбыстық/ жүйесін зерттеуге кіріседі. 1929 жылы 12 майда өз қолымен жазған өмірбаянында: «1901 жылдардан бастап бала оқытқан кездерден бос уақыттарымда өз бетіммен білімімді толықтырдым, әдебиетпен шұғылдандым» дейді. Ал Орынборға келгеннен кейін ең алдымен, қазақ тілінің дыбыстық жүйесі мен грамматикалық құрылысын зерттеуге кірістім, одан кейін қазақ алфавитін /шрифтісін емес/ және емлесін ретке салып, жеңілдету жолында жұмыс істедім, үшіншіден, қазақтың жазба тілін бөгде тілдік қажетсіз сөздерден арылтуға, синтаксистік құрылысын өзге тілдердің /жағымсыз/ әсерінен тазартуға әрекеттендім, төртіншіден қазақ прозасын /яғни, іс-қағаздар тілін, публицистика мен ғылыми тілін/ жасанды кітаби сипаттан арылтып, халықтың сөйлеу тәжірибесіне икемдеу үшін ғылыми терминдерді жасауға кірістім және айналыстым. Стильдік өңдеу үлгілерін көрсетумен шұғылдандым» - дейді [2] . А. Байтұрсынов қоғам, ғылым және мәдениеттің өркендеуі жазу арқылы іске асатынын жақсы түсінді. Ғалым сауатсыздықты жою үшін әріп, оқулық мәселесін кезек күттірмейтін мәселе екенін біліп, 1910 жылдан бастап, араб жазуының қазақ тілі үшін қолайлы емес жақтарын түзеп, оны тілдің дыбыстық ерекшеліктеріне сай етіп, сингармониялық ұлттық әліпби түзеді [3] . Сөйтіп, А. Байтұрсынұлы полиграфиялық жағынан қолайлы-қолайсыз жерлерін, оқыту процесіндегі тиімді-тиімсіз жақтарын таразылай отырып, 24 әріптен тұратын әліпби құрастырады. Әліпбиде қазақ тіліне тән, төл дыбыстарға ғана орын беріліп, кірме дыбыстар алынбайды. Ғалым гетерогенді сипат алған емлені, әліпбиді жалпыхалықтық, ұлттық негізде қарастырады. Көне түркі ұрын жазуынан бастау алатын қазақ жазуы түрлі әліпбилерді бастан кешіріп, қазіргі таңдағы кириллица негізінде жасалған қазақ әліпбиімен жалғастық тауып, көптеген артық дыбыстардың болуына қарамастан тіліміздің дыбыстық ерекшелігін барынша қамтитын ұлттық жазбамызға айналып отыр. Қазақ жазба мұраларының көпшілігі араб әліпбиі арқылы біздің заманымызға жетті. 1912 жылы Ахмет Байтұрсынов араб әліпбиіне негізделген қазақ жазуына алғаш реформа жасады. Ол қазақ жазуы тарихында «жаңа емле» (төте жазу) деп аталып, халықты сауаттандыруда ірі бетбұрыс жасады. Әліпби 1913 жылдан бастап мұсылман медреселерінде, 1929 жылға дейін кеңестік мектептерде қолданылды. 20 ғасырдың 20-жылдары аяғында әліпбиді ауыстыру жайлы түркі, қазақ зиялылары арасында айтыс жүріп, Байтұрсынов реформалаған әліпби қолданыстан шығарылды. Шығыс Түркістандағы - Шыңжаң автономиялық ауданындағы қазақтар Байтұрсынов әліпбиін қазіргі кезге дейін қолданып келеді. 1929 жылы Кеңес Одағының құрамындағы түркі халықтары латын әліпбиіне көшірілді. 1940 жылы Кеңес Одағы халықтары біртекті әліпбиді қолдануы қажет деген саясатпен орыс әліпбиі қолданысқа енгізілді. Орыс тілінде жоқ қазақ тілі дыбыстарының таңбалары кирилл таңбаларына ұқсастырылып (қ-к, ғ-г, ө-о, ң-н, ) қабылданды. Бұл әліпбидің қазақ тіліне тән ерекшеліктердің бәрін толық таңбалай алмауына байланысты кейінгі жылдары қазақ жазуын латын әліпбиіне көшіру мәселесі көтерілуде.
А. Байтұрсынов жасаған қазақ әліпбиіне кеңірек тоқталайық. Қазақтың ұлы ғұламасы Ахмет Байтұрсыновтың халқы үшін істеген игі істерінің ішіндегі ең шоқтығы биік қызметінің бірі - араб жазуына өзгерістер енгізіп, қазақ әліпбиін (алфавит) құрастыруы. Осы арқылы ғалым қазақ халқының тез сауаттанып хат тануына, оқу білімге деген құштарлықтарының оянуына ерекше ықпал етті. А. Байтұрсынұлы жазуы дамымаған ұлттың артта қалатынын, оның қоғамдағы қажеттілігін және адам өміріндегі маңызын өзінің шығарған оқулықтарында үнемі ескертіп отырады. Жазу дегеніміз - шын мәнінде, кез келген халықтың рухани деңгейі мен мәдени дамуын көрсететін негізгі құрал. Ғалым осы құралды ұлттық деңгейге көтеру жолында жан аямай еңбек етіп, тер төкті. Себебі сол кезеңге дейін ұзақ ғасырлар бойы қолданыста келе жатқан араб жазуының халықты тез әрі жаппай сауаттандыру жолында үлкен кедергілері мен қиындықтары бар еді. А. Байтұрсынұлы осы кедергілер мен қиындықтарды жоюдың ең басты тәсілі - араб жазуын қазақ тілінің заңдылығына сәйкес реформалау деп білді. Ғұлама осылайша ұзақ ғасырлар бойы өзгеріссіз қолданылып келе жатқан араб графикасын қазақ халқының игілігіне айналдыру идеясын көтеріп, оны іс жүзінде реформалады.
Бұған дейінгі қолданылып жүрген араб жазу жүйесінің қандай кемшіліктері бар, оны реформалауға не түрткі болды дегенге келсек, дәстүрлі араб жазуында: біріншіден, бір дыбысты жазу үшін бірнеше әріптер пайдаланылатын; екіншіден, сөзді жазғанда оның тек дауыссыз дыбыстары ғана таңбаланатын да, дауыстылары жазылмаған сөздің мағынасын түсіну қиындық тудыратын; үшіншіден, араб әліпбиінде дауысты дыбыстарды белгілейтін таңбалар саны үшеу ғана болғандықтан, бұл таңбалар тоғыз дауыстысы бар қазақ тілі үшін жеткіліксіз болды; төртіншіден, «мұсылманша сауат ашу» әдісінде әріптердің таза араб тіліндегі дыбысталуы мен айтылуын жаттатумен ұзақ уақыт кететін; бесіншіден, ол кездегі жазба тілдің құрылымында араб, парсы, «ескі тілдің» сөздері көп қолданылатындықтан, қалың бұқараға емес, аз ғана топтың мүддесіне қызмет ететін.
Аталған жазудың осындай кемшіліктері халықты сауаттандыру ісін тежейтінін түсінген А. Байтұрсынов 1910 жылдардан бастап араб жазуын қазақ тіліне ыңғайластырып, жақындатуды қолға алады да, оны 1912 жылдардан бастап қолданысқа енгізеді. А. Байтұрсынұлы бір халықтың әліпби (алфавит) жүйесін екінші бір халық қабылдағанда, оны өз тіліне «икемдеп, үйлестіру» қажеттігін, олай етпеген жағдайда әріп мәселесінің дұрыс шешім таппайтынын 1924 жылы өткен «Қазақ білімпаздарының тұңғыш съезінде» ашық түрде айтқан еді. Ғалым съезде сөйлеген сөзінде: «Осы күнгі жұрттардың бәрі де өзі шығарған әліпбиін тұтынып отырған жоқ. Бәрінікі де өзгеден алған әліпби. Еуропа жұрттарының тұтынған әліпбиінің түбі көне семит әліпбиі. Көне семит әліпбиін өз тіліне үйлестіріп финикий жұрты алған, онан грек алған, гректен латын, Еуропа жұрттары алған. Түркі әліпбиінің түбі де көне семит әліпбиі, олардан куфалықтар алған. Куфалықтардан араб өз тіліне үйлестіріп алған. Арабтан Иран, Түрік және басқа мұсылмандар алған. Солардың қайсысы да бірінің әліпбиін бірі алғанда тұрған қалпында алмаған. Өз тілдерінің дыбыстарына қарай өзгеріс кіргізіп алған. Тіліне әліпбидің артығы болса алып тастаған, кемтігі болса әріп қосып толықтырған» дейді. Сондықтан да Ахмет Байтұрсынов араб жазуына өзгеріс енгізгенде, «ежелеусіз төте оқу» қағидасын басты принцип ретінде ұстанып, оны қазақ тілінің дыбыстық заңдылықтарына икемдеді. Ал бұған дейінгі «жазу-сызудың» жай-күйі ғалымның өз сөзімен айтсақ, мынадай болды: «Әуелі әліфті (алфавитті) тегіс жатқа оқытады және де оқытқанда әрбір харіфтің өз үнімен оқытпай, әліпбиде қалай аталса, сол атымен әліп, би, ти, си, мим, ха, дал дегізіп оқытады. Соны оқып болған соң астын, үстін, үтірін оқытады. Мұны оқытқанда да хәріфтің өз дауысын оқытпай, бисын ба, тисын та, сисын са дегізген соң харфтің анық дауысы қалай екенін білмей баланың басы қатады». Яғни «мұсылманша оқу» деп қазақ арасында аталып кеткен бұлайша сауат ашу кезінде араб әліпби жүйесі, таза сол тілдің фонетикалық заңдылықтарына сәйкес үйретілетін. Ал араб тілі мен қазақ тілінің арасында «жер мен көктей» айырмашылықтың барын ескерсек, бұл қазақ баласына «жазу-сызу» үйретуге айтарлықтай кедергі келтіретін.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz