Жабаев Жамбыл/ Мұхамбет-Салық Бабажанов/Уәлиханов Шоқан Шыңғысұлы


Мұхамбет-Салық Бабажанов
(1834-1871)
Мұхамбет-Салық Бабажанов (1834-1871) - туған халқы және оның ар-абыройы мен теңдігі үшін қайрат-жігерін аямаған, әділдік жолдан таймаған аяулы, білімді, зерделі азаматтардың бірі, публицист, ғалым-этнограф әрі экономист.
Кеңес өкіметі кезінде мүлде атаусыз қалған М. Бабажанов есімі қазақ елі теңдік, азаттық алғаннан өз тұғырына қайта көтерілді.
М. Бабажанов - ХІХ ғасырдың орта кезінде Шоқанмен қатар шыққан белгілі ғалымдардың бірі. Ресей Географиялық қоғамына мүшелікке Шоқан мен Семенов-Тянь-Шанскийдің кепілдеме бергені оның ғалымдық дәрежесін айқындай түседі. Мұның сыртында ғылыми еңбектері үшін М. Бабажанов Ресей Географиялық қоғамының күміс медалімен Орта Азия және Қазақстан ғалымдары арасында тұңғыш алған қайраткер екенін де айтып өткен жөн. Ең алдымен айтар сөз сан қырлы саңлақ талант өз отанына, ел-жұртына деген ыстық та айнымас махаббатын ерекше қабілеті арқылы танытып та, дәлелдеп те берген ары биік, ойы терең, ақылы кемел азамат ретінде өмірден ерте өтті. Тағы бір ғажабы оның өмірі де, өнері де, өресі де, тіпті білім дәрежесі де Шоқанға өте ұқсас. Екеуі де текті атадан, екеуі де зиялы ортадан, екеуі де бір мектептен. Ең ақыры тағдыры да ұқсас болды, екеуі де өмірден ерте өтті.
Мұхамбет-Салықты ел-жұрты көбіне Салық деп қысқартып атаған. Ол 1834 жылы Бөкей ордасында қазіргі Орда ауданында туған. Әкесі Жәңгір ханның қайын атасы, Исатай, Махамбет көтерілісінде жиі атылатын Қарауылқожа Бабажанов. Салықтың анасының аты Жәмила, жұбайы Ғазиза атақты күйші Дәулеткерейдің қарындасы.
М. Бабажанов есімі белгілі Жәңгір ханның мектебін бітіріп және оның қамқорлығымен 1845 жылы М. Бекмұхамедов, Ж. Ниязов, М. Жантөриндермен бірге Орынбордағы Неплюев атындағы кадет корпусында оқыған 8 жастың бірі. Бұлардың бәрі де кейін ел алдында абыройлы қызмет атқарған алғашқы білімді қазақ азаматтарының қатарынан орын алды.
Салық жас кезінен-ақ өнер мен ғылымға өте құштар болып өсті де, кадет корпусының қабырғасында жүрген бала кезінен-ақ Орынбордағы белгілі шығыстанушы-ғалым В. Григорьевпен танысып алды. Талапты жастың талантын таныған үлкен ғалым оны үйіне шақырып, оған өзінің бай кітапханасының есігін ашып қойды. Сөйтіп Салық өз бетімен оқып әр салада жан-жақты білім алды. Орыс әдебиеті классиктерінің шығармаларымен танысты, оларды ден қоя оқыды. Орыс тілін де осы әдебиеттер арқылы жетік біліп алды. Ол Пушкин, Карамзин, Щербаков сияқты ақындар мен тарихшылардың еңбектерін оқыды.
Кадет корпусын аса зейінділігімен оқып, үлгілі-тәртібімен бітіріп көзге түскен ол 1851 жылы Орынбор қаласындағы Шекара комиссиясында жұмысқа орналасады. Бұл кезде ол небәрі 19 жастағы бала жігіт еді. Бірақ ол аталған жұмыста көп тұрақтай алмады. Оның себебі сол кездегі теңсіздік, әділетсіздік, патша әкімдерінің жергілікті халықтарға деген шектен тыс озбырлығы, Жайық бойын жайлаған казактардың мейрімсіздігі халықтың ашу-ызасын тудырған еді. Жас Салық халық жағына шықты, олардың сөзін сөйледі. Жәбірленушілердің арыз-шағымын жазып беріп, оның оң шешілуіне қолынан келгенінше жәрдем жасады. Оның бұл ісі әрине, патшаның астамшыл әкімдеріне ұнамады. Ақыры өтірік-шыны аралас дәлелдер тауып, Салықты жұмыстан қудырды, жер аудартты, соңына аңдушы қойды. Дегенімен қайда жүрсе де өзінің білімімен, әділеттілігімен, азаматтық жолдан таймаған оның жақсы қасиеттерін таныған сол Орынбор Шекара комиссиясы оны Ішкі Бөкей ордасын басқару жөніндегі Уақытша Кеңестің кеңесшісі етіп тағайындайды.
Жоғарыда айтылғандай М. Бабажанов есімі оның Шекара комиссиясындағы қызметімен емес, түбегейлі ғылыми-шығармашылық еңбектерімен және халықшыл, әділ қасиеттерімен танылды. Белгілі этнограф ғалым В. Григорьев оны « . . . аса қабілетті және тамаша білімді адам» деп өте жоғары бағалаған.
М. Бабажановтың атын шығарған оның ғылыми-этнографиялық және публицистикалық шығармалары еді. Сегіз қырлы, бір сырлы ғалымның бұл еңбегі айрықша тоқталуды талап етеді. Қуғындағы кезінде де, бақытты кезінде де ол қаламын қолдан түсірмей, әділдік, шындық жолындағы өткір мақалаларын жариялап, күресін тоқтатқан жоқ. 1854 жылдан бастап Санкт-Петерборда, Орынборда және іргелес Астрахань губерниясында шығып тұратын «Северная пчела», «Санкт-Петербургские ведомости», «Деятельность», «Охота», «Волга», «Орыс географиялық қоғамының хабарлары мен жазбалары», «Этнографиялық жинақтар» сияқты газет-журналдарды жаздырып алып, оқыды және оларға мақалалар жазды.
М. Бабажанов заманы алғашқы қазақ зиялыларының туып, өсуі мен шетел және орыс саяхатшылары мен ғалымдарының қазақ өлкесін зерттей бастауымен тұтас келді. Орыстардың жергілікті халық өмірі мен тарихын, әдет-салтын білмей жазған, көбінесе теріс пікірде құраған мағынасы тайыз мақалаларын оқыған ғалым қолына қалам алып, көптеген мәселелерді өзі жазды. Және білгірлікпен дәйекті түрде жазды. Оның бұл мақалалары жоғарыда аталған газет-журналдар кідіріссіз жариялап тұрды. Оның әсіресе «Қымыз туралы жаңалық», «Орал казак-орыстары мен Ішкі Орда қазақтарының айтысы», «Ішкі қазақ Ордасының жылқылары және оны бағу», «Нарын құмы жөніндегі мәліметтер», «Ішкі Бөкей ордасындағы аңшылық» деп аталатын мақалалары мен зерттеу еңбектері мән-маңызы өте жоғары еңбектер еді. Әсіресе, мұндағы жылқы, қымыз жөніндегі жазбалары күні бүгінге дейін құны жоғалмайтын дүниелер.
1860 жылы қазақ депутациясының құрамында Петерборға барды. Осы сапарында ол белгілі этнограф, шығыстанушы П. Небольсинмен, ұлы саяхатшы Семенов-Тянь-Шанскиймен жүздесіп, танысады. Атағы зор екі ғалым да жас қазақ ғалымын жақсы көріп, еңбегін бағалады. П. Небольсин «25 жаста. Келбетті. Ат жақты. Өңі қараторы, көзінің аясы үлкен, шашы қара, қалың. Бабажанов орыстың айшықты әдеби тілін жақсы меңгерген. Сөздері өткір, әрі көркем, әсіресе өзін толғандыратын мәселеге келгенде қызып кетіп, шешен сөйлейді . . . Әңгімелескен кезімде оны әсіресе екі мәселенің ерекше толғандыратынын байқадым. Оның бірі біздің бәрімізге ортақ кесел - біздің заңымыз және уездік сот қызметкерлерінің қылығы мен былығы болса, екіншісі надандыққа толы татар насихатының қазақ арасындағы зиянды кеселі және ешбір негізі жоқ соқыр сенімдер мен ескі аңыздарды құранға қосып халықты бұзып, аздыруы еді» деп жазды. Бұл үлкен ғалымның жас ғалымды тануы әрі берген бағасы еді.
Петерборға барған қазақ депутациясы осы сапарында Эрмитажда, мұражайдарда, көркемсурет академиясында, Пулков обсерваториясында тағы басқа тарихи, мәдени орындарда болған. Шоқан Уәлиханов осы депутация құрамындағы Ғ. Есенбаев, А. Байғалин, М. Жантөрин, М. Бабажанов, Ә. Сейталин, тағы басқаларды қонаққа шақырғанын депутация жетекшісі Л. Плотников «Руский вестник» журналында (1860 ж. №12, 263 бет) жазған. Қайтар жолында Мұхамбет-Салық Мәскеу шаһарына әдейі соғып Кремльде, Үлкен театрда, тағы басқа мәдени орындарда болған.
Тағы бір айтар сөз этнограф П. Небольсин аталған қазақ депутациясы туралы «Путешествующие киргизы» деген мақала жазып, қазақ даласынан келген адамдардың саналы істерін жоғары бағалайды. Осыны оқыған Орал казактарының мүшесі И. Железнов қарсы «Киргизомания» атты мақала жазып («Руский вестник» журналына 1860 ж) қазақтардың намысына тиетін сөздер айтады. Бұған назаланған М. Бабажанов аталған журналға И. Железновқа қарсы мақала жазып, қатты соққы береді. Оның шовинистік, пасық ойларын, надандық жазбасын айыптай отырып, кеудемсоқ казактардың ұрдажық, топастық келбеттерін айқын көрсетіп, бұлтартпас дәлелдермен әйгілеп береді.
Белгілі ғалым М. Бабажановтың жазған ғылыми еңбектері, табыстары айта берсек өте мол. Нарын құмынан табылған әйел мүсініндегі балбал тас үшін ол күміс медальға ие болды. «Заметки киргиза о киргизах» («Қазақтың қазақтар туралы жазбалары») 1861 жылы Санкт-Петерборда басылған. Сонымен бірге ғалымның батыс қазақ жерінің кен байлығы, географиялық ерекшеліктері топономика, этнография, тарих саласындағы еңбектері де бар. Олардың көпшілігі М. Бабажановтың көзі тірісінде және дүниеден өткеннен кейін де жарияланған. Бір өкініштісі сол, оның баспасөздерге басылмаған еңбектері табылмай кеткен.
Артына көп мұра қалдырған М. Бабажанов туралы соңғы жылдары көптеген еңбектер жарық көрді. Х. Маданов пен А. Мұсабаева «Мұхамбетсалық Бабажанов» (Алматы, Санат баспасы, 1995 ж. ) атты зерттеу еңбегін шығарды. Р. Отарбаев (Жалын, №3, 1988 ж), Т. Боранғалиұлы («Егемен Қазақстан» 24. 11. 1995 ж), Н. Ивлев («Жұлдыз» №1, 1990 ж, 199-202 беттер), С. Даумов («Жас Алаш» 16. 07. 2002 ж, және 29. 06. 2002 ж) және басқа ғалымдар көп еңбек сіңірді. Осы жолдардың авторы Торғай, Қостанай облыстық теледидарынан (1997-1998 жылдары) Бабажанов өмірі мен қызметіне орай хабарлар ұйымдастырды, дәріс оқыды. Осындай білімді, зиялы қауым арқасында М. Бабажанов өмірге қайта оралды. Бір өкініштісі сол ғалым жұмбақ жағдайда 37 жасында көз жұмды. Арысынан айырылған және оның қадыр-қасиетін таныған ел-жұрты «Салық өлді дегенше, халық өлді десейші» деп өксіді. Дәулеткерей домбырасының азалы үні «Салық өлген» деп жоқтады.
Жабаев Жамбыл
Жабаев Жамбыл (1846-1945) - ұлы ақын, жырау, жыршы.
Жамбыл облысы Жамбыл тауының етегінде туған. Ол жасынан өлең-жырға қанып өскен, өз анасы Ұлданның ақындық талантын бойына сіңірген, «Менің пірім - Сүйінбай . . . » деп Жамбылдың өзі жырға қосқандай, Сүйінбай Аронұлы сияқты жыр даңғылынан тәлім-тәрбие алған. Жамбылдың ақын болып қалыптасуы тек Жетісу ақындық мектебінің ауқымында қалған жоқ. Ол өзіне дейін өмір сүрген атақты жыраулардың, өзімен қатарлас ақындар мен жыршылардың бай мұрасын, күллі халық поэзиясын толық меңгеріп, өз шығармашылығына тұғыр еткен. Асан Қайғы, Бұқар жырау, Шөже, Балта, Шернияз, Шортанбай, Дулат, Сүйінбай, Досқожа, Нысанбай, Майкөт, Майлықожа, Құлыншақ, т. б. ақындарды үлгі тұтқан. Сонымен бірге Жамбыл туысқан қырғыз елінің де сөз өнерін жетік білген. Қырғыз манасшылары мен жомоқшылары арасында әріптес достары көп болған, солармен бірге қырғыз айылдарын аралап, өлең айтып, жыр тоғытқан, күй тартып, айтысқа түскен. Атақты Тоқтоғұл, Мұраталы, Әлімқұл, Балық, Тыныбек, Қатаған сияқты дүлдүлдермен өнер сайысына түскен, солармен жарыса «Манас», «Ер Төштік» эпостарын жырлаған, олардың ілтипат-ықыласына бөленген.
Ақын бүкіл әлемге тараған «Мың бір түннің» тарауларын, Орталық Азия мен Кавказ халықтарына ортақ «Көрұғылы» жырын, Фирдоуси «Шахнамасының» үзінділерін жасынан жаттап алып, айтып жүрген. Осындай қайнарлардан нәр алған Жамбыл өсе келе тек қазақ еліне ғана емес, барша әлемге әйгілі жырау, ақын, жыршы болып қалыптасқан. Сөз өнерінің бұл үш түрін бір адамның меңгеруі - сирек кездесетін құбылыс. Ал Жамбыл өзін әрі жырау, әрі жыршы, әрі ақын ретінде сезінген («Шын жүректен жыр төгіп, сөйлеп бір кетті жырауың», «Нені естісек, соны айту - ежелден ісі жыршының», «Жамбыл ақын сөйлеген сөзді бекер демеңдер») . Жүз жыл өмірінің сексен бесін өлең-жырмен өткізген Жамбыл - өткен екі ғасырдың куәсі болды, қайшылыққа толы, күнгейі мен көлеңкесі аралас, жақсылығы мен жамандығы қатарлас екі түрлі қоғамда ғұмыр кешті.
Жамбылдың шығармашылық өмірі, негізінен, 19 ғасырдың 70-ші жылдарынан басталған. Бұл - қазақ халқы үшін өте ауыр кезең еді. Осы жылдары бүкіл қазақ елін түгел жаулап алған Ресей империясы енді оны басқарудың жаңа амалын тапқан-ды. Сөйтіп, 1868 жылғы «Жаңа мизам» негізінде Қазақстан үлкен 6 облысқа, облыстар уездерге, уездер болыстарға, болыстар ауылдарға бөлініп, қазақ даласына ішкі Ресейдің басқару жүйесі отаршылдық сипатқа көшірілді. Соның салдарынан қазақ халқы арасына Ресей мемлекетінің бюрократтық аппараты тудырған көптеген келеңсіз құбылыстар мен іс-әрекеттер жайылды. Осының бәрі халықтың ғасырлар бойы қалыптасқан тұрмыс-салтын бұзды, елдің ішіне іріткі салды, адамдардың санасы мен мінез-құлқын өзгертті. Сөйтіп, бұрын болмаған ұлыққа жағымпаздық, болыстыққа талас, ағайынға жала жабу, біреудің үстінен шағым айту, кісіні алдау, өтірік айту, барымта сияқты жағымсыз қылықтар мен жаман құлықтар пайда болды, барымташылықты малдаған арамтамақтар көбейді. Жерден, малдан айырылған жұрттың тұрмысы жүдеп, рухы жадап, ел күйзеліске ұшырады. Ол аз болғандай, 20 ғасырдың 20-жылдарында ақ пен қызылдың соғысы, атамандар мен комиссарлардың ылаңы, кәмпескелеу мен ұжымдастыру сияқты оқиғалар халықтың бүкіл бітіміне теріс әсерін тигізді, қарапайым адамдардың да, зиялылардың да психологиясын өзгертті. Осындай жағдайдың куәгері болған Жамбыл шындықты айтып, замана болмысын суреттеді, өзінің өкініші мен күйінішін ащы дауыспен жырлайды, мысқылдайды, сынайды, күйініп те, қиналып та сөйлейді. Шыншылдық пен сыншылдық қасиетін Жамбыл ақындармен айтыстарында да сақтап, турашылдығымен ерекшеленеді. Жамбылды нағыз ақын ретінде байтақ елге танытқан, оның есімін бүкіл Жетісуға, Қырғызстанға, Сыр бойына таратқан өнері - оның айтыстары. Ақындармен айтыс Жамбылдың суырып салмалық дарынын шыңдады, ақындық шеберлігін арттырды, азаматтық өресін өсірді және тақырып аясын кеңейтті. Жамбылдың Сайқал қызбен, Жаныс ақынмен, Бөлектің қызымен, Бұрым қызбен, Айкүміспен, Сарамен, Сары ақынмен, Шыбылмен, Бөлтірікпен, Майкөтпен, Сарбаспен, Құлмамбетпен, Доспамбетпен, Шашубаймен, т. б. айтыстары қазақ әдебиетінің алтын қорына қосылды. Оның айтыстарында қыз бен жігіттің қайым айтысы да, түре айтыс та, сүре айтыс та бар. Осының қай-қайсысында да Жамбыл өзінің нағыз майталман, кестелі сөздің шебері, әрі ұшқыр ойлы, тапқыр шешен екенін көрсетеді. Жамбыл айтыстарының көтеріңкі, лепті интонациямен басталады, ұйқастары әр алуан болып келеді. Қарсыласын ащы мысқылдау, өлеңмен тұқырту, өзін көтере сөйлеу, қарсыласы мақтаған адамдарын мінеу секілді сол заманның айтыстарына тән барлық әдісті Жамбыл да пайдаланады. Қажетті жерде Жамбыл өз руының атынан да сөйлейді. Сонымен қатар айтыстарда Жамбылдың ақындық, дара «мені» айқын көрінеді. Әсіресе, атақты ақындармен сүре айтысқа түскенде өзінің жеке қасиеттерін ерекше сезінеді, өзінің көпшіліктен бөлек тұлға екенін айрықша түсінеді. Мұны ол айшықты образдар мен метафоралар арқылы жеткізеді («Мылтықта түтеп тұрған мен бір пистон», «Құйындаған көкке ұшқан мен бір пырақ», «Сен - күйкентай, мен - тұйғын», «Мен - қорғасын сақамын», «Мен - бір соққан дауылпаз», «Сөз иесі - мен деймін», т. б. ) . Айтыста көрінетін Жамбылдың екі «мені» (рулық әрі ақындық) кейін, 1930-1940 жылдары өте жоғары мәнге ие болып, азаматтық «мен» дәрежесіне көтеріледі. Бұл кезде Жамбыл ақын ғана емес, ұлы жырау болған еді.
1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалысына Жамбыл ақын белсене қатынасты. Патша жарлығына қарсы көтерілген халық бұқарасының қалың ортасында жүрді. Өзінің жалынды үндеу жырларын сол қозғалысқа арнап шығарды. Оның көбісі сақталмаған. Тек есте қалып, хатқа түскені - «Патша әмірі тарылды», «Зілді бұйрық» деген өлең-толғаулары. Осы шығармаларында Құлансаз, Қарабастау жайлауындағы Қарғалы, Самсы, Ұзынағаш және Шейінпенде болған қақтығыстардан елес береді. Жамбыл көтерілісшілерді өлең-жырымен жігерлендірді, оның үгітшілік қимыл-әрекетін патша әкімдері жазаламақ болды, бірақ халық Жамбылды қорғап қалып отырған.
Жамбыл 1919 жылы Жетісу халық ақындары бас қосқан слетке қатысты. 1934 жылы республикалық өнер шеберлерінің тұңғыш слетінде жыр толғап, тағы бір көзге түсті. «Замана ағымы», «Белсенділерге», «Қазақстан тойына», «Жастар алдындағы сөз» сияқты арнау, толғаулары осы тұста жырланды. 1936 жылы Мәскеуде өткен қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігі кезінде оның дауысы бұрынғыдан да асқақ естілді. Ежелгі данышпан жырауларша Жамбыл 1930-1940 жылдар аралығында мемлекеттік мәні бар мәселелерді көтеріп, қоғам өмірі мен ел мүддесін жырлайды, замана жайында толғайды. Мұндай толғауларында қарт жырау, көбінесе, ертедегі болмысты суреттеп, көне тарихқа көз жүгіртеді, өз дәуірінің асқарынан дана абыз болып замана ағымын шолады, мезгіл мен өмір туралы ойланады, соларға мінездеме береді. Ол байырғы ұлы жыраулардың дәстүрін қайта түлетіп, біздің дәуірімізге жаңа сапада, соны мазмұнға байытып жеткізді. Асан Қайғы, Шалкиіз, Жиембет, Үмбетей, Бұқар жырау сияқты Жамбылдың да қалың жұртшылық алдында мемлекет басшылары мен партия көсемдеріне қарата айтқан жырларында жалпы мемлекеттік мәселелерді көтереді.
Ұлы Отан соғысы тұсында бүкіл Кеңес Одағында Жамбылдан дәрежесі, мәртебесі биік ақын болған жоқ. Жамбыл есімінің әлемнің шартарабына танылған тұсы да осы кезең еді. Ақын жырлары майдандағы әр ұлттан құрылған жауынгерлердің бәрінің де жүрегіне жетіп, жігерін қайрады. Оның Украинаны, Мәскеуді, Кавказды, Ленинградты (қазіргі Санкт-Петербор) қорғаушыларға арнап, солардың рухын көтере, ерлікке шақыра жыр төккені де - жыраулықтың үрдісі. Ол замана туралы толғап, дәуірге сипаттама береді, өтіп жатқан оқиға-құбылыстарға өз бағасын айтады.
Жамбыл поэзиясында жырауға тән нақылдық, афоризмдік сипат, ойшылдықтың абыздық нұсқалары, саз өнерінің ерекше құдыреті танылады. Оның шығармаларында нақыл сөз бен ақыл сөз өзара жарыса, қатарласа қолданылады. Ақыл сөзді айтушы да, оны тыңдаушы да шығармада анық, нақты көрініс табады. Нақыл сөз, негізінен, жеке адамға арналмай, барша жұртқа отақ өмір құбылыстарының мәні мен маңызы туралы тұжырымды пікір сипатында айтылады. Нақылға айналып кеткен толғауларында Жамбыл өмірден түйгені мен тоқығаны көп дана ретінде көрініп, мән-мағынасы биік те терең мәселелерді қозғайды, олар: кемел тұлға мен тобыр («Тамам қарға жиылса, бір сұңқарға жетпейді»), адамның азаттығы («Дүниенің кеңдігі - жүргеніңде басың бос»), уақыт пен адам («Заман, заман дегенде, заманға қожа - адам ғой»), т. б. философиялық мәндегі ой-тұжырымдар.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz