Ғабит Мүсірепов – очерк шебері


Пән: Әдебиет
Жұмыс түрі:  Дипломдық жұмыс
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 47 бет
Таңдаулыға:   

МАЗМҰНЫ

Кіріспе . . . 3

1 Қазақ көркем очеркілері өмірді бейнелі жолмен тану құралы . . . 6

1. 1 Очерк - шындықтың кішкене бір бөлігі . . . -

1. 2 Ғабит Мүсіреповтің көркем очерктері . . . 15

2 Ғабит Мүсірепов - қазақ көркем очерк ұстасы . . . 24

2. 1 Қазақ очеркінің қисындық мәселелері . . . -

2. 2 Ғабит Мүсірепов очерктеріндегі бейне жасау шеберлігі . . . 35

Қорытынды . . . 43

Пайдаланылған әдебиеттер . . . 48

КІРІСПЕ

Диплом жұмысының өзектілігі. Әрбір үлкен жазушы өзінің көркем шығармаларында ғана емес, сонымен қатар туған әдебиет жайын ойлай отыра атқарған өзге істерінде де, әдебиеттің жаңа, жас күштерін тәрбиелеуге, халықтың рухани қазынасының дәреже-деңгейін көтере беруге азаматтық борыш сезімімен келіп ат салысу бағытында да ерекше үлкен болуға тиіс.

Қазақ әдебиетінің негізін қаласқан көрнекті бір топ аға жазушыларымыздың халық алдындағы, әдебиет алдындағы, қоғам алдындағы сіңірген ерен еңбектерін сүйсіне айтқанда, біз әрдайым осындай сан-саладан жылғалап келіп тоғысар мол жемісін жинақтап еске аламыз.

Қазіргі қазақ әдебиеті ордасының алғаш іргетасы қаланып, шаңырағы көтерілгенде, оның басы-қасында болған, сол кездегі жас қайраты мен тұнық тілегін біржола соған арнап, одан бергі жемісті ұзақ жылдарын бір соның жолына іркусіз жұмсаған - қадірменді жазушымыз Ғабит Мүсірепов. Ғабит Мүсірепов - очерк жанрының шебері. Ғ. Мүсірепов очерк жазу үстінде тынымсыз құбылған көңіл-күй үстіндегі адамдарды, олардың тұңғиық рухани дүниесін, сырлы құпиясын суреттеуде үлкен шеберлікке қол жеткізген. Жазушы шығармашылығынан орын алатын очерк жанрындағы туындылары өмірдің шындығы мен қазақ жері тарихының тереңіне сүңги білген зергер ұста соққан бұйым секілді әсер береді. Очерк жанрының мақсатының өзі - көрген мен білгенді, өмірде бар мәліметтерді тізбектеп немесе шаруашылық түсіндірме жасау құралы емес екені мәлім.

Очеркте кейіпкер тілі мен автор тілін ажырата білу маңызды мәселе. Кейіпкер тілі оның әлеуметтік затынан, ішкі жан-дүниесінің психикалық қалыптасуынан бөлінбейді. Кейіпкердің ішкі жан-дүниесін, оның өмірге деген көзқарасын очеркші оның қандай да бір іске, өзге адамдармен қарым-қатынасы, өмір құбылыстарына саясат, ғылым мен жалпы өнерге деген қатынасы арқылы көрінуі мүмкін.

Ғ. Мүсіреповтің очерктерін оқығанда негізінен жақсы әсер аламыз. Оның әрбір очеркі көркемдік шеберлігімен, идеялық ой-пікірінің салмақты да маңыздылығымен есте қалады.

Зерттеу нысаны. Ғабит Мүсірепов қазіргі қазақ әдебиетіндегі очерк жанрын жетілдіріп, кемелдендіре түсу бағытын күрделендірді. Жазушының шығармашылық көп еңбек сіңіргенін айрықша атаған жөн.

Диплом жұмысының мақсаты мен міндеттері. Жазушының қазақ әдбиетіне қосқан мол үлесін аңғарту. Очеркистік шеберлігін мүмкіндігінше анықтап белгілеу. Бұл мақсатқа жету үшін алдымызға мынадай міндеттер қойдық:

  • Ғабит Мүсірепов очерктерін саралау;
  • Жазушы очерктерінің сюжеттік-композициялық ерекшеліктерін, образ жасау, кейіпкер характерін ашудағы шеберлігін таныту;
  • Қазақ көркем очерктерінің қисындық мәселелерін зерттеу.

Диплом жұмысының дереккөздері. Ғабит Мүсіреповтің таңдамалы үш томдығы. Жарияланған мақалалар мен сыни еңбектер.

Зерттеу жұмысының ғылыми жаңалығы. Бұл зерттеу еңбектее Ғ. Мүсіреповтің көркем очерктері зерттелді. Ғабит Мүсіреповтің очерк жазудағы шеберлігі, нақтылығы, сөз саптауы, даралап суреттеудегі авторлық ұстанымы, дүниетанымы жан-жақты зерделенді. Көркем шығармадағыдай көркем очеркте де адам бейнесін, мінезін, бейне жасау шеберлігі мүсіндеудің жолдары екені көрсетілді.

Зерттеу жұмысының практикалық маңызы. Еңбекті көмекші құрал ретінде пайдалануға болады.

Қорғауға ұсынылатын тұжырымдар.

  • Очерктің негізгі артықшылығы - өнердің тәрбиелік, танымдық, эстетикалық қызметі бір арнада тоғысатыны дәлелденді;
  • Очеркте сезім көркемдеу және бейнелеу құралдары арқылы белгілі бір идеяны әсерлі әрі айшықты формада жеткізілетіні көрсетілді;
  • Ғабит Мүсірепов - қазақ көркем очеркінің ұстасы;
  • Ғ. Мүсірепов очерк жазу үстінде тынымсыз құбылған көңіл-күй үстіндегі адамдарды, олардың тұңғиық рухани дүниесін, сырлы құпиясын суреттеуде үлкен шеберлікке қол жеткізген.

Зерттеу әдістері. Зерттеу жұмысын жазу барысында, жинақтау, талдау, жүйелеу, тұжырым жасау әдістері пайдаланылды.

Жұмыстың құрылымы. Бұл жұмыс үш бөлімнен, яғни кіріспе, негізгі, қорытынды бөлімдерінен тұрады. Негізгі бөлім екі тараудан және әр тарау екі тараушадан құралған. Соңында пайдаланылған әдебиеттер тізімі көрсетілген.

1 ҚАЗАҚ КӨРКЕМ ОЧЕРКІЛЕРІ ӨМІРДІ БЕЙНЕЛІ ЖОЛМЕН ТАНУ ҚҰРАЛЫ

1. 1 Очерк - шындықтың кішкене бір бөлігі

Әдеби туындыларда, негізінен, өмір шындығы бір немесе бірер ықшам эпизод мөлшерінде, адам тағдыры бір немесе бірер жинақы оқиға көлемінде ғана көрсетіледі. Оқиғаға қатысатын қаһармандар санаулы, олардың басынан өтетін құбылыстардың бәрі емес, кейбір үзіктері ғана суреттелетін болғандықтан, мұндай шығарманың көлемі де шағын, ықшам. Адам мінезі мұнда көбіне қалыптасқан, дайын қалпында көрінеді. Кейіпкер өмірінің көп бұралаңы - шығарма сыртында - баяндаудан да, суреттеуден де тыс; авторлық материал - нағыз қажетті детальдар мен штрихтар ғана.

Қазақ әдебиеті энциклопедиялық анықтамалығында очеркке мынадай анықтама берілген:

«Очерк - әдеби-публицистикалық жанр. Очерк негізінен, автордың көзімен көрген, зерттеген өзі шығармасында жинақтаған, идеялық тұрғыдан сыналған өмірдің нақты фактілерінен, құбылыстарынан, оқиғаларынан алынады. Оның негізгі артықшылығы - өнердің тәрбиелік, танымдық, эстетикалық қызметі бір арнада тоғысады. Очеркте оқушының сезімін көркемдеу және бейнелеу құралдары арқылы белгілі бір идеяны әсерлі әрі айшықты формада жеткізеді. Онда тақырып логикалық та көркемдік те шешімін табады» [1, 420 б. ] .

Очерктің бірнеше түрі бар: жолсапар (сапарнама, саяхатнама), портрет, оқиғалы публицистикалық очерктер. Газет, журналда этюд, эссе, очерк-диалог, очерк-күнделік түрлері бар. Очерктің негізгі айырмашылығы - ол еш уақытта ойдан шығарылған фактіге құрылмайды. Очеркте нақты өмір шындығы нақты адамдар алынады. Демек, оның күші - нақтылығында, деректілігінде. Онда оқиғаның болған жері, уақыты, кейіпкер есімі дәлме-дәл көрсетіледі. Очерктегі образ жасау тәсілінің өзіндік өзгешелігі бар. Очерктің қаһарманы - заманымыздың қаһарманы. Демек, еліктерлік, тәлім аларлық сипаты жоқ кез келген адам, кез келген өмірбаян оған образ бола алмайды. Очерктің міндеті - адамды оның еңбек үлгісімен, моральдық пәк қасиетімен, қоғамның өзге мүшесіне өнеге болатын кейіпкерді таныту [1, 420 б. ] .

Ш. Уәлихановтың «Жоңғар очерктері» қазақ очерктерінің бастауы болған. Кейін Б. Майлиннің «Алыпты аралағанда», І. Жансүгіровтің «Жарыс», «Соқашылар» очерктер жинағы шықты. Екінші дүниежүзілік соғысы кезінде Б. Бұлқышевтің, М. Ғабдуллиннің, Б. Момышұлының, Ә. Сәрсенбаевтың, Ж. Жұмақановтың, П. Кузнецовтың көптеген очерктері жарық көрді.

М. Әуезовтің «Түркістан солай туған», С. Мұқановтың «Туған жердің тыңында», Ғ. Мүсіреповтің «Отарлар оралып келеді», А. Тоқмағамбетовтың «Ақ күріштің атасы», «Теміртау», М. Иманжановтың «Тыңдағылар», Х. Ерғалиевтің «Өмір шежіресі» деген очерктері жарияланды.

Ал академик Зейнолла Қабдолов очерк хақында былай деген: «Очерк - қысқа көлемді көркем шығарма. Мұнда үлкен шындықтың кішкене бір бөлегі, адам өмірінің аздаған эпизоды нәрлі тілмен, әрлі суреттер арқылы шебер, тартымды бейнеленуге тиіс. Бірақ очерктің әңгімеден бірнеше өзгешелігі бар. Ең бастысы: очеркте суреттелетін шындық - ойдан шығарылған нәрсе емес, өмірде болған не бар ақиқат; очерктің қаһарманы - ойдан жасалған бейне емес, өмірде болған не бар адам. Содан соң, очерк өткен шақтың көне шындығынан емес, осы шақтың жаңа шындығынан ғана туады. Бұл ретте, очерк - өз кезінің үні, жаңаның жаршысы» [2, 307-308 б. ] .

Очерк туралы пікірлер көп және әр алуан. Мәселен, М. Горький очеркті шын мәніндегі көркем шығарманың өзі емес, эскизі деген. Кейде ол очеркті ғылыми-зерттеу мен әдеби шығарманың ортасында тұрған аралық зат деп те түсіндіреді. Екеуінде де шындық бар. М. Горькийдің өзі тарихтан белгілі «Қанды жексенбі» оқиғасына байланысты «Күн перзенттері» драмасымен «Клим Самгин» романынан бұрын «9 январь» очеркін жазған болса, А. Фадеев «Жас гвардия» романынан бұрын дәл осы тақырыпқа очерк жазып, барлау жасағаны мәлім. Сондай-ақ қазақ әдебиетіндегі М. Әуезовтің «Өскен өркені», С. Мұқановтың «Тыңдағы толқындары», Ә. Нұрпейісовтың «Курляндиясы» тәрізді бірқатар күрделі туындылар да әуелі очерктерден басталған /2, 3008 б. /. Осы тұрғыдан қарағанда очерк кейде өзінен кейін дүниеге келетін көркем шығарманың «эскизі» секілді екені рас. Сонымен қатар очерктің негізінде нақты өмірдің ақиқат деректері жатуы - оны ғылыми зерттеуге ұқсатса, шындықтың шынайы суреттеліп, көркем жинақталуы шын мәніндегі әдеби шығармаға ұластырады. Оның үстіне очеркте беллитристиканың да, публицистиканың да сипаттары бар. Мұнда да ол - аралық нәрсе! Очеркті, тіпті, тегі жағынан алып қарасақ та әрі әдеби жанр, әрі газет жанры екенін аңғарар едік.

Очерктің түрлері туралы пікірлер де көп және әр тарап. Әдебиет зерттеушілері В. Сорокин мен Ф. Головеченко ғылыми очерк, тарихи очерк, публицистикалық очерк, этнографиялық очерк деген түрлерге бөлсе, жазушы В. Абрамилов бір кезде социологиялық очерк, психологиялық очерк, мемуарлық очерк, сатиралық очерк немесе зерттеу очеркі, тұрмыс очеркі, кейде тіпті очерк-пейзаж, очерк-фотография деп түрлендірген. Мұны кезінде М. Горький қатаң сынағанды. Ондай-ақ очерк отызыншы жылдарда тақырыпқа қарай топтастырылып, өндірістік очерк, колхоз очеркі, әскери очеркі, мінез очеркі деген салаларға бөлінсе, «қазіргі кездің өзінде қайсыбір очерк теоретиктері мен әдебиет зерттеушілері әңгіме-очерк, документті очерк, беллетристикалық очерк, очерк-репортаж, очерк-фельетон деп, жанрлық өзгешелігіне қарай жүйелеп жүр» [2, 308 б. ] .

Мұның да онша дәйекті саралау емес екені көрініп-ақ тұр. Айталық, әңгіме-очерк деген, біріншіден, әңгіме-роман немесе әңгіме-драма деген сияқты ерсілеу көрінсе, екіншіден, очерк-әңгіме болса, беллитристикалық шығарма болғаны емес пе? Олай болса, беллитристикалық очерк деген жеке түр белгілеудің қанша қажеті бар? . . . Бұдан гөрі қазақ очеркінің тарихы мен теориясын арнайы зерттеп кеткен журналист Т. Ыдырысовтың өз тұжырымы әлдеқайда дәлелді де дәйекті: «Қазақ баспасөзінде қазір жол-сапар очеркі, проблемалық очерк түрлері бар» [2, 308 б. ] .

Қазіргі қазақ очеркінің Ш. Уалихановтан басталып, біздің күндерге дейін келетін тарихын қозғалтсақ, жүз жылдың шежіресін шерткендей қыруар әңгіме қоздатқан болар едік.

Қазақтың қалам қайраткерлері елдің түкпір-түкпіріндегі тың игеру барысынан көлемді көркем очерктер циклын жазуға кірісті. Бұған, әрине, үкіметтің алға қойған міндеттері түрткі болды.

Қазақ әдебиетіне «Сұлушаш», «Ақ аю», «Өмір мектебі», «Ботакөз», «Сырдария» сияқты шоқтығы биік көркем шығармалар берген біртуар тұлға тың игеру тақырыбына ең көп қалам тербеген жазушылардың бірі болды. Өзінің шығармашылық жолында әдебиет пен журналистиканы қатар алып жүрген С. Мұқанов көптеген газет-журналдарға басшылық етті, әдеби дүниелермен бірге публицистика жанрларында да еркін жазды. Әсіресе оның тың тақырыбына жазған очерктерінің өзі бірнеше кітапқа жүк боларлықтай [3, 212 б. ] .

Публицистикада тақырыпты таңдау шығармашылық жемісіне тікелей әсер етеді. Шығарманың сәтті немесе сәтсіз болуы, оны оқырманның оқу, оқымауы да сол тақырыпты таңдаудан бастау алады. Сәбит Мұқанов тың тақырыбына мол жазды, өндіре жазды. Тың игеру тақырыбының ішкі қатпарларын ашып, қопара жазды. Бұл тақырып - қаламгерді бұрыннан толғандырып жүрген, ішкі ой қазанында қайнап, әбден пісіп-жетілген мәселе болатын. Сәбит Мұқановтың туған, өскен жерінің өзі - Қазақстанның Солтүстік өңірі, 50-ші жылдары тыңға түрен салынғандағы бар жаңалық сол Солтүстік өлкеде ерекше қарқынмен өріс алды. Сәбиттің өз тақырыптарын халық ішінде жүріп табатындығы, елге етене жақындығы ғалым С. Қирабаевтың мына ойларынан көрініс табады: «Сәбит шын мағынасындағы халықтық жазушы. Халықтың қайнаған тіршілігінің жуан ортасынан шыққан ол кейін де өзі туған ортадан, халық өмірінен алыстап кеткен жоқ. Оның халықпен байланысы - кездейсоқ кездесулер емес, табиғи туыстық.

. . . Ел өміріндегі жаңалықтарға да дер кезінде үн қосып отырады. Жазушының қоғамдық актуальды мәселелерді көтерген әдеби очерктері - оның халық өмірі мен байланысының деректі куәлары сияқты» /3, 213 б. /. Қазақ жерінде тың игеріле бастаған кезде . . . жазушы тың даланы талай кезіп, аралап шықты. «Туған жердің тыңында» атты очерктер кітабын жариялады. Туған өлкенің бүгінгі тіршілігі оның «Саяхаттар» атты кітабына материал берді. Шетелдік сапарлар негізінде ол «Алыптың адамдары», «Адам атаның шоқысында» атты очерктер кітабын жазды. С. Мұқанов - публицистің «Туған жердің тыңында» атты очерктер жинағын парақтағанда жоғарыдағы ойларымызға тірек боларлық көп дәлел таптық.

Қазақ публицистикасындағы очерк жанрының дамуына өз қалам қайратын өлшеусіз үлес қосқан сол Сәбит Мұқанов жазушы Мұхтар Әуезовтің 60 жылдығына арналған баяндамасында: « . . . Мұхтар очерктер де жазды. Солардың ішінде көпшіліктен жақсы баға алғаны - тың және тыңайған жерлерді игеру тақырыбына арналып 1955 жылы жазылған, баспасөз бетінде жарияланған «Түркістан солай туған» деген очеркі» /3, 213 б. /, - деп атап көрсетіпті.

Әуезов - публицист, тың совхозының тыныс-тіршілігін ұтымды сюжет желісін тауып, бір-бірімен жалғасып жатқан оқиғалармен әдемі өрбітеді. Сабақтас алты тарауда бірнеше адамның бейнесі сомдалады. Сол адамдардың кескін-келбетін табиғат көріністерімен астастырып суреттеу де қаламгер шеберлігін көрсетеді.

Очеркте келелі проблемалар, көкейкесті мәселелер қозғалып, әлеуметтік мәні бар қорытындылар жасалған. Бұнын бәрі шығармада кейіпкерлер характері, лирикалық шиеленістер туындайды.

М. Әуезовтің 50-ші жылдардағы публицистік шығармаларынан ең алдымен байқағанымыз - проблема қоя білу және оны талдап жеткізу шеберлігі. Оның көптеген мақалаларында мәселенің қоғамдық-саяси, әлеуметтік-мәдени астары күн тәртібіндегі маңыздылығымен астасып жатыр. Қазіргі қазақ публицистикасындағы жанрлық, композициялық, архитектоникалық, стилистикалық сан алуандық бірден пайда бола қойған жоқ. Ол түр мазмұнға сай болуы керектігін түсінген қазақ публтцистерінің көп жылғы түрлік (формалық) ізденістерінің нәтижесі болып табылады.

Тың игеру тақырыбына арналған көркем-публицистикалық шығармалардың ішінде Сафуан Шаймерденовтің «Алғашқы сәлем», Сейтжан Омаровтың «Атбасар даласында», «Қорғалжын алқабында», «Тың түлектері», Өтебай Қанахиннің «Құтты қоныс» очерктеріне қазақ халқының қонақжай мінезі, достық, ынтымақ, бірлік тақырыбы өзек болады.

Қазақ публицистикасына соғыс жылдарында-ақ араласа бастаған Мұқан Иманжанов өз қолтаңбасын қалдырып кетті. Ұлы Отан соғысы жылдарындағы майдандағы досы Баубек Бұлқышевпен көп хат жазысып тұрған. Баубек дүниеден өткенде жазған «Қош бол, Шығыс ұлы» деген қаралы хат арқылы көпшілікке «Тауұлы» деген атпен танылған да осы қаламгер. Бұл туралы Иманжановтың «Социалистік Қазақстан» мен «Лениншіл жас» газеттерінде жарияланған лепті, асқақ романтикашыл өр туындыларының әрқайсысы әдеби елеулі құбылыс болатын [3, 214 б. ] .

Мұқан публицистиканың очерк жанрында көп қалам тербеді. Әрі очерк жазуға үлкен дайындықпен келу керектігін жастарға түсіндіріп кетті. «Газет очеркі дегенді қарапайым тілмен айтсақ қызықты материал, өмірді салқын қанмен, шаблонмен үстірт баяндау емес, қызыға жанын сала жазған, адамның ішкі дүниесін, сырын айтатын материал» [3, 215 б. ], - деп жазды ол.

Сонымен, 50-ші жылдардағы қазақ публицистикасы негізінен очерк түрінде дамыды.

Тек 50-ші жылдардың екінші жартысынан бастап Кеңес елінің шет мемлекеттермен байланысы қауырт нығайды. Кеңес елі делегациясының құрамында біздің белгілі қалам қайраткерлеріміз шет елдерге шығып, соның нәтижесінде баспасөз бетінде көптеген жолсапар очерктері дүиеге келді. Олар: М. Әуезовтің «Индия очерктері», «Америка әсерлері», С. Мұқановтың «Адам ата шоқысында», «Халықтық Германияда», Ғ. Мүсіреповтің «Кездесулер», Х. Есенжановтың «Париж көріністері», Б. Момышұлының «Куба әсерлері», М. Қаратаевтың «Мысыр сапары», С. Қирабаевтың «Италия әсерлері», С. Шәріповтің «Мынау тұрған Монғолия», Ж. Молдағалиевтің «Ежелгі елдің жігіт шағы», Ә. Әлімжановтың «Елу миль сумен, құрлықпен» т. б. очерктері [3, 215 б. ] .

Сөйтіп 50-ші жылдардағы публицистиканың тағы бір ерекшелігі қазақ көсемсөзінде жолсапар очерктері шоғырының жарқырап туғандығы. Жалпы сапарнама оқырманның жан дүниесін байытып, ой-өрісін өсіретін, дүниеге көзқарасын кеңейтетін, шет елдердің тұрмыс-тіршілігі, салт-сана, әдет-ғұрпымен, мәдениетімен егжей-тегжейлі таныстыратын ерекше жанр. Шет елдің жерлерін жазушымен бірге оқушы да қоса аралағандай күй кешеді.

Жалпы, 50, 60-жылдары қазақ әдебиетінде ағыл-тегіл өлеңдей жазылатын, патетикалық пафос та, еркін толғау, шабытты шалқу да бар сөзге айналды. Сөз болғанда да, қазақ тілінің бүкіл бояу-айшығын, мақам, екпінін, әуез, сымбатын бойына тоғыстырған асыл сөз.

Ғафу Қайырбеков публицистикасы жанрлық жағынан екі түрлі: мақала мен очерк. Автор шығармаларында осы екі жанрға тән талап түгел сақталған. Ғ. Қайырбеков очерктері өзіндік ерекше композициялық құрылымымен ерекшеленеді. Алдымен автор шығарма тақырыбын тауып қояды: «Дән сабағы - ән сабағы», «Қарақазан Қарсақпай», «Ер мен Есіл», «Ақтеректер аясында», «Құтты жыл құшағында» т. б.

Ғафу «Қарқаралы басында» атты көлемді очеркінде еңбек адамдарының бейнесін жасайды. Ақын өз ісіне шын берілген қарапайым жандарды көргенде дегбірінен айрылған тұлпардай өлең тілмен сөйлейді, поэтикалық шарықтауға, шалқуға ерік береді.

60, 70-жылдардағы қазақ әдебиеті шұрайлы тілмен көркейе түсті. Бұл әсіресе сол кездері мол жазылған лепті мақалалар мен көркем очерктерде көрініс тапты. Осы кезең туралы сөз еткенде, профессор С. Қирабаев: «Қазақтың көркем әңгімелерімен жалғас, көсемсөз, очерк, ой толғанысы, өмірді бейнелі жолмен тануға ұмтылған публицистика да бұл дәуірде едәуір өркендеді. Бұған Ғ. Мүсірепов, Ә. Әлімжанов, С. Жүнісов, С. Бақбергенов, Ә. Нұршайықов, Ә. Шәріпов т. б. қатысты» [3, 218 б. ] . Республика еңбеккерлерінің өмірінен Ә. Нұрпейісовтің «Ақбидай туралы аңыз» (1965), Ж. Ысмағұловтың «Адам мерейі» (1968) атты очерктер кітаптары жарияланды. Ә. әлімжановтың орыс тілінде шыққан «Ғасырлар мен континенттерден асып» (1973), Ә. Шәріповтің «Алыс жағалаулар» атты кітаптары олардың шетел сапарларынан алған әсеріне құрылды». Сол жылдарда жарық көрген Кәкімжан Қазыбаевтың «Рейхстагқа ту тіккен жігіт», Әнуар Әлімжановтың «Диқан туралы аңыз», Сырбай Мәуленовтің «Шыңдағы шұғыла», «Диқан мерейі», Ұзақ Бағаевтың «Жаңа арна», Жұмағали Ысмағұловтың «Адам мерейі», «Астана, алтын үзік ақ отаулар», «Өркенді қала - Өскемен», Нарғазы Шәкеевтің «Менің таныстарым» очерктерінің көркемдік, түрлік, композициялық, тілдік тұрғыдан қазақ публицистикасының дамуындағы жаңа парақтарды ашқандығын айту абзал.

ХХ ғасырдың 60-шы жылдарында халқымыз Ұлы Отан соғысының ауыртпалықтарынан, сталиндік әкімшілік-әміршілік жүйе кесапаттарынан арыла бастады, саяси дамуда «жылымық шақ» туғаны белгілі. Бұл уақытта адамзат тарихында тұңғыш рет адам баласы ғарыш кеңістігіне ұшты, көптеген жаңа қалалар бой көтерді, зауыт-фабрикалар іске қосылды. Тың жерлерді игерудің алғашқы жемістері көрініс тапты. Осындай дүбірлі оқиғалардың шежіресі баспасөз бетінде жазылды. Әсіресе «Лениншіл жас» газетіндегі очерктер мен проблемалық мақалалардан жалпы қазақ публицистикасының даму белестерін айқын аңғаруға болады [3, 219 б. ] .

Сол кезде суреткердің еркін көсілуіне, өз қарым-қабілетін байқатуға ыңғайлы жанр - очерк болды. Жазушы Шерхан Мұртаза очеркті өзгеше жазудың түрлі формасын көрсете білді. Композициялық ізденістерге барды. Бұрын-соңды кездеспейтін жаңаша бастау, өзгеше оқиға өрбіту, тың тақырыпты қою, соны соқпақтар іздеу талаптарын Шерхан өзіне де, өзін қоршаған басқа қаламгерлерге де қоя білді.

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Ғабит Мүсіреповтың өмірбаяны
Ғабит Мүсірепов шығармаларының маңыздылығы
Ана туралы әңгімелер циклі
Ғ.Мүсірепов шығармаларындағы «Ана» тақырыбы
Ғ. Мүсіреповтің әңгімелеріне жүйелі талдаулар жасап, оның еңбектерінің қазақ әдебиеті тарихындағы алатын орны мен ролін анықтау
Ғабит Мүсреповтің «Қазақ солдаты» романының жазылу тарихы
Мүсірепов, Ғабит Махмұтұлы туралы ақпарат
Ғабит Мүсірепов – сыншы
Ана тақырыбының жазылу тарихы
Ғабит Мүсірепов шығармаларындағы ана тақырыбы
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz