Грамматиканы оқытудың ғылыми негіздері


Пән: Тілтану, Филология
Жұмыс түрі:  Курстық жұмыс
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 41 бет
Таңдаулыға:   

Жоспар

І. Кіріспе бөлімі: . . . 3-6

  1. Бастауыш сыныпта қазақ тілінде грамматиканы оқытудың мәні . . . 3

ІІ. Негізгі бөлім . . . 7-37

2. 1. Грамматиканы оқытудың ғылыми негіздері . . . 7-9

2. 2. Бастауыш сыныптарда грамматикалық талдауға үйрету . . . 9-37

ІІІ. Қорытынды бөлім . . . 38

3. 1. Грамматиканы оқытудың қазіргі таңдағы көрініс . . . 38

IV. Қолданылған әдебиет тізімі . . . 39

I. Кіріспе бөлімі

1. 1. Бастауыш сыныпта қазақ тілін оқытудың мәні

Бастауыш мектептерде тілді оқыту барысы мынадай мәселелерді қамтиды:

а) оқуға үйрету;

ә) сөздік қорын, оқушылардың логикалық жүйелілікті қамтитын байланысын сақтап сөйлеуін дамыту;

б) фонетиканы, сөз құрамын және грамматиканы (морфология, синтаксис) меңгерту;

в) графикалық, пунктуациялық дағдыларды қалыптастыру.

Оқыту ісі барысында қолданып жүрген негізгі әдістер төмендегідей:

1. Мұғалім сөзі;

2. Әңгіме әдісі (сұрақ-жауап) ;

3. Тілдік фактілерді талдау грамматикалық талдау;

4. Жаттығулар орындату;

5. Көрнекті құралдарды пайдалану (сызбалар, кестелер, суреттер, компьютер, т. б. ) ;

6. Кітаппен жұмыс істеткізу;

7. Toп серуен;

8. Тест өткізу.

Бастауыш сынып оқушыларына грамматикалық ұғымдарды меңгерту үшін түсіндіргенді қайталап айтып беруге баулу әдісі ойдағыдай нәтиже бермейді. Бұл әдіске машықтанған оқушылар көбінесе грамматикалық ұғымдарды жаттап, еске сақтауға бейім болады.

Ал жаттап алынған білім мен дағды көп уақыт өтпей-ақ ұмытылады.

Грамматикалық материалдарды пайдалану

Грамматикалық ұғымдарды ұмытпау үшін:

1. Оқушылардың белсенді ойлау қызметін іске қосу, яғни проблемалық әдістерді пайдалану. Кез келген грамматикалық ұғымды меңгерту барысында оқушылардың психологиялық-физиологиялық қабылдау мүмкіндіктеріне қарай проблемалық жағдай туғызу мұғалімнің шеберлігіне байланысты. Әсіресе берілген грамматикалық ұғымды пысықтау үшін орындалатын жаттығуларды немесе топтамаларды қызықты әрі түрліше етіп пайдалануға болады.

2. Өтілген грамматикалық ұғымның айқын және көмескі белгілерін меңгерту. Мысалы, "Кім? He?" сұрақтарына жауап беретін сөздер тақырыбын өткенде, оқушылар бұл сұрақтарды нақтылы заттардың немесе адамдардың атын білдіретін сөздерге дұрыс қолдануда, дерексіз атаулар кездескенде шатастырып қалады. Мысалы: уақыт, жел, күн, дауыл, т. б. "Немесе? He істеді? Неғылды? Қайтті?" сұрақтарына жауап беретін сөздер" тақырыбын өткенде нақтылы қимыл байқалатын сөздерге бұл сұрақтарды қоймайды. Сондықтан осындай дерексіз сөздердің белгілеріне арнайы тоқталып өту қажет.

3. Жаңа меңгерген грамматикалық ұғымды бұрын өтілген ұғымдар жүйесімен байланыстырып отыру. Бұл әдісті берілген білімді жинақтап отыру әдісі деп те айтуға болады. Мысалы, "Сөз таптарын" оқып-үйрену барысында негізгі есімдердің (төмендегідей) сызбасын оқушылардың естеріне салып қою керек.

4. Жаңа грамматикалық ұғымды түсіндіру үшін оқушылардың бұрынғы білімдері мен дағдыларына сүйене отыру. Жаңа тақырыпты меңгертудің бұл әдісі, оқушылардың өткен сабақтардағы мағлұматтарды ұмытпауына, оны жаңа ұғыммен байланыстыра білуіне жағдай туғызады. Және жаңа тақырыпты игеруді жеңілдетеді.

5. Грамматикалық ұғымдарды көрнекі құралдар көмегімен меңгерту. Бұл әдіс те мұғалімнің ерекше шеберлігін талап етеді. Тақырыптың сипатына байланысты көрнекі құралдарды түрлендіріп пайдалану қажет. Көрнекі құралдар қандай мақсатқа арналса да, айқын, әдемі, қолдануға ыңғайлы болғаны дұрыс.

Емле ережесін түсіндіру

Емле ережесін түсіндіруде мүмкіндігінше оқушыларды мысалдарды талдауға, қорытынды шығаруға еркін қатыстырып отыру керек. Ол үшін мұғалім, мысалдар мен көрнекі құралдар дайындап, қорытынды шығару үшін оқушыларға қоятын сұрақтарды әзірлеп келуге тиіс.

Бір грамматикалық құрам төңірегіндегі сөздерді фонетикалық және графикалық ерекшеліктеріне қарай екшелуі тиіс. Мысалы: тәуелдік жалғауларына байланысты алдымен жалғау жалғанғанмен, түбірдің өзгермейтіні өтіледі, содан кейін түбірдің соңындағы қ. к. п дыбыстарының ғ, г, б болып өзгеріп айтылып, өзгеріп жазылатыны түсіндіріледі. Оқушыларға емле ережесін есте сақтауға мынадай жаттығулар ұйымдастыруға болады.

1. Өтілген емле ережесіне қатысты, объектілерді жеке беріп, оқушылардан оның қиыншылығын сұрау.

2. Берілген сөйлем ішінен жаңа өтілген емле объектілерін тауып, жазылу ережесін түсіндіру, тексті көшірту.

Оқушылардың өздеріне өтілген емлеге сай мысал таптырып, оларды жаздыру, жазылу ережесін айтқызу.

Емлені меңгерту бірнеше кезеңнен тұрады:

Бірінші кезең - емле ережесін тану, білу.

Екінші кезең - емле ережесін жазу кезінде пайдаланып, жаттығу.

Үшінші кезең - емле ережесін пайдалануда еркін, ырықсыз әрекет дәрежесіне жеткізу, яғни ережені оқушы автоматты түрде пайдаланатын ету.

Емле ережелерін есте сақтап, сауатты жазуға машықтандыру үшін, қателер бойынша жұмысты дұрыс ұйымдастыра білу керек. Қате бойынша істелетін жұмыстардың түрлері:

1. Қате жіберген сөзді көшіртіп, қате жазылған әріптің, буынның астын сызғызу.

2. Қате жіберген сөзді көшіртіп, сөзді дұрыс жазуға қатысы бар емле ережесін қайталату, ауызша айтқызу, оқулықтан қайталату.

3. Қатені түзетпей, тек астын сызып көрсетіп, оны оқушылардың өзіне жөндету, емле ережесін айтқызу.

Қазақ тілінен мектепте сабақ оқытудың аса жауапты кезеңі оқушыға жаттығу, талдау материалдарын таңдаудан басталады деуге болады. Жаттығу материалдарын таңдауға мынадай талаптар қойылады:

Біріншіден: жаттығу материалдары мазмұнды болуға тиіс: материалдағы жеке дыбыстар, әріптер, буындар сөз ішінде, сөздер, сөз тіркесі сөйлем ішінде алып талданады. Осы мақсатпен алынған мысалдар мен мәтіндер ойдан шығарылған сөйлемнен құралмай, мүмкін болғанша, көркем әдебиеттен алынған сөз, сөз тіркесі, сөйлем, үзінділер болуға тиіс. Қалайда олар балаға дұрыс тәрбие беру нысанасын бағдарлауы керек.

Екіншіден, әрбір мысал, үзінді, әңгіме, өлең, сөз, сөйлем тіл (стиль) жағынан мүлтіксіз, әдеби норманы ұстауы тиіс. Сонда олар баланы әдеби тілдің жүйесін меңгеруге, өз тілін дамытуға көмекші бола алады. Мұндағы басты талап - балаға грамматикадан, орфографиядан білім беру кезінде оның тіл мәдениетін де арттыруға көзделуі тиіс.

Үшіншіден, алынған жаттығу, тағы басқа материалдар құрамынан керекті сөздер мен дыбыстар, әріптер, грамматикалық тұлғалар жиі кездесетін болсын. Жаттығу материалдарын талдауда негізгі көз тігетініміз осы талап тұрғысынан болғанмен, алдыңғыларсыз мұның сапасын дұрыс бағалауға болмайды.

Грамматикалық материалдармен оқушыларды таныстыру барысында балалар әрбір жаңа материалдың негізгі, басты ой түйінін ұғына алатындай болуы керек. Ол үшін алдымен тақырыпқа көңіл аударылады. Оқушылар әрбір тақырыптағы тақырыпшалардың мәнін, тақырыпшалардағы әрбір абзацтың мәнін аңғарып, сол әрбір абзацтағы айтылған мәселелердің негізгі ойы тақырыпшаны, әр тақырыпшалардың барлығына ортақ негізгі ойдың тақырыпты құрастырып тұрғанын айыра алатындай болуы керек. Грамматикалық ережелердің көпшілігі оқулықтарда анықтама ретінде беріледі. Оқушыларға осы сияқты анықтамалардың әрқайсысының қандай бөліктерден тұратынын көрсеткен жөн:

1. Әрбір анықтаманың міндетті түрде термині болады.

2. Әрбір анықтамада сол ұғымның өзіне тән басты белгісі көрсетіледі. Бұл басты негізгі белгі арқылы ол ұғым басқа ұғымдардан ерекшеленеді.

3. Кей анықтамаларда түсіндірілетін ұғымның қандай топқа жататыны көрсетіледі.

4. Анықтамаларда әрбір категорияның негізгі мағыналарынан басқа формалық белгілері де көрсетіледі.

Формалық белгілерді жинақтап, топтап сол категорияның басқалардан семантикалық, морфологиялың және синтаксистік ерекшеліктерін көрсету үшін пайдалану керек.

Әрбір анықтаманы оқушылар саналы меңгеру үшін мұғалім:

1. Оқушының грамматика оқулықтарынан ғана мысал келтіріп қоюымен қанағаттанбай, өз ойынан немесе "Ана тілінен", оқыған кітаптарынан ойланып мысал айтуын талап етеді.

2. Анықтама өтілгеннен кейін дайын мәтін береді де, соның ішінен анықтама бойынша қажетті сөзді немесе сөз тіркестерін тапқызады, кейде өздері ойлап тапқан мысалдарды талдатқызу арқылы пікірлерін дәлелдеуді талап етуге де болады.

3. Анықтама бойынша берілген ұғымның негізгі белгілерін санап беруді ұсынады.

4. Анықтамалар мен ережелерді дәл, анық, толық айтуға үйретеді.

ІІ. Негізгі бөлім.

2. 1. Грамматиканы оқытудың ғылыми негзідері.

Грамматиканы оқып үйренуде тілдің сан қилы сырларына қанығамыз. Тілдің түрлі құбылыстары тіл ғылымының әр саласында қарастырылады. Мәселен, тілдегі сөздер, олардың барлығының жиынтығы - лексикология саласында, тілдің дыбыстық жүйесі фонетика саласында, сөздердің формалары морфология, ал сөз тіркестері мен сөйлем синтаксис саласында қарастырылады. Қазақ тілі методикасы қазақ тілін зерттейтін тіл ғылымы деректеріне сүйенеді. Сондықтан тілдің методикасы тіл ғылымымен, ғылыми грамматикамен өте тығыз байланысты.

Оқушылар бастауыш класта грамматика жөнінде қарапайым ғана мағлұматтар алады. Әрине бұл мағлұматтар ғылыми жағынан толық дәлелденген деректер.

Мектепке алғаш оқуға келген кезде балалар заттар мен құбылыстарды әлде де болса, тұтас күйінде қабылдайды, оларды талдап, ішкі заңдылықтарын, себептерін, байланыстарын ажырата қабылдауға әлі машықтанбағандықтан, объектіні қабылдау қиындау болып бара жатса, ол дереу екіншісіне ауыса қояды. Тіпті олар заттардың жеке бөліктерін және белгілерін тізбектеп айтып та береді, бірақ онда жүйе, мән жоқ, негізгі жағдайын айыра алмайды.

Мектепке келумен байланысты бастауыш класс оқушылары грамматиканы жүйелі түрде оқып үйренуге кіріседі, қазақ тілінің әдеби нормасымен таныса бастайды.

Бұл жұмыстарды ұйымдастыру барысында осы жастағы балалардың дүние таным ерекшеліктерін естен шығаруға болмайды. Мысалы, грамматикада берілетін түсініктер балалар ұғымына сай келе қоймайды. «Зат, сын, қимыл» т. б. с. с. сөздер олар үшін дерексіз (абстракты) болады да, ондай ұғымдарды әлсін-әлсін нақтылап түсіндіріп отыру арқылы ғана бірте-бірте меңгере бастайды. Немесе бастауыш класс оқушыларына «ұйықтау, қайғыру, ойлау» сияқты сөздерді етістіктер деп түсіндіру де оңайға түспейді.

Бастауыш класс балалары сөздердің тек нақты лексикалық мағынасын қабылдап үйреніп қалады да, грамматикалық мағынасын мүлде елемейді. Ал грамматикада сөздердің ең әуелі грамматикалық мағынасы ескеріледі.

Грамматикалық мағына грамматикалық формалар арқылы беріледі. Сөздің грамматикалық мағынасы мен грамматикалық формасы бір-бірімен тығыз байланыста, бірлікте болады. Мысалы, жақсылық, адамгершілік деген сөздер заттың сапасын, соған тән белгіні білдіреді. Грамматикалық жағынан алып талдағанда бұл сөздер дерексіз ұғымдарды білдіреді де, зат есімге жатады. Осы сияқты сөздердің өз мағынасы мен грамматикалық мағыналарының арасында кездесетін қайшылықтарды оқыту барысында жойып, бір-бірін нақтылай, саралап айқындай түсетіндей, әдіс-тәсілдер тауып қолдану қажет. Мұндай әдіс-тәсілдерді және оны қандай жағдайларда, қалайша колдану жолдарын грамматиканың методикасы белгілейді. Мұнда грамматиканың методикасы психология ғылымының деректеріне сүйенеді.

Сонымен қатар бастауыш класс оқушылары жазу барысында өздері оқып үйренген ережелерін пайдалана білмейді, олар бір орфографиялық құбылысты екіншімен шатастырады. Психологтар бұл фактілерді зерттеу арқылы анықтай отырып, балаларды ақыл-ой әрекетін үйрету қажеттігі жөнінде мәселе кетеруде. Ақыл-ой әрекеті балаларға бір құбылыстан екінші құбылысты ажырата білуге және жалпылай білуге көмектеседі. Осыған орай, қазіргі кезде методика балаларға сауатты жазуды меңгерудің анағұрлым тиімді әдіс-тәсілдері мен жолдарын зерттеуде, яғни ережені білуден сол ережеге сай, баланың бойында дағды, шеберлік жасалатындай жаттығу жүйесін белгілеуді талап етіп отыр.

Грамматиканың методикасы тіл білімі және психология ғылымдарына сүйенумен қатар, педагогика ғылымының принциптерін басшылыққа алады. Совет дидактикасының негізгі принциптері бойынша оқу материалы оқушылардың ұғымына сай болуы керек.

Тілді жүйелі түрде оқуға енді ғана кірісе бастаған 6-9 жастағы бастауыш класс оқушыларының психологиялық ерекшеліктерін еске алсақ, бұларды тілге үйрету барысында нақтылау жақтарына көбірек көңіл аудару қажеттігі туады. Мұнда көрнекіліктің орасан зор пайда келтіретіні мәлім.

Дидактика талабының бірі оқытудың саналылығы, яғни оқушылардың сабаққа саналы түрде қарауы, материалды саналы меңгеруі болып табылады. Бұл үшін мұғалім балаларды қызықтырып, өзіне тартып, өз ойының барысын байқауға, бақылауға, салыстыруға, бірі мен екіншісінің арасындағы ұқсастықтар мен айырмашылықтарды табуға, қорытынды жасауға, жалпылауға үйретуі тиіс.

Оқытудың міндеті жаңа тақырыпты түсіндіруді қамтамасыз етіп қою ғана емес, сонымен қатар негізгі фактілерді, анықтамаларды, ережелерді балалардың есінде берік сақтап, тұрақтандыру дағдыларын қалыптастыру болып саналады. Егер оқушы тілдің қандай да болмасын бір құбылысына немесе жазу заңдылығына түсінбесе, онда ол сол мәселеге арналған анықтаманы не ережені (тіпті болмаса терминді) жаттап алуға мәжбүр болады. Түсінбей, ұғынбай, құр механикалық жаттап алған нәрсе есте ұзақ сақталмайды және оны практикада қолдана алмайды. Ендеше ол іске аспайтын құрғақ, пайдасы шамалы білім болып қалады.

Дидактика талабы тұрғысынан алғанда оқушыларға тіл үйретуде олардың зейін қою, ойлау, есте сақтау белсенділігін тудыратын методикалық әдіс-тәсілдердің тиімділігі көрсетіледі. Оқушы тек мұғалімнің айтқанын немесе оқулықтағы дайын материалды ғана меңгеріп қоймауы керек, сонымен қатар өз күшімен, өздігінен бақылау арқылы қорытынды ереже шығара алатындай, берілген тапсырмаларды өз бетімен орындайтындай болуға тиіс.

Дидактиканың күрделі бір шарты - мектептегі оқытудың жүйелілігі мен сабақтастығы. Заттармен құбылыстарды анық түсіну үшін оны басқа заттармен байланыстырып қарау керек, яғни бөліп алып қарамай, басқа заттар мен құбылыстардың системасында қарастырған жөн.

Бастауыш мектептердегі оқытудың жүйелілігі туралы айтқанда оқушылардың әр қласта алған білімі келесі класқа дайындық болатындай, яғни оқуды онан әрі жалғастырудың берік негізі болатындай дәрежеге жетуі қажет. Сонда ғана балада алдыңғы класта берілген білім мен қалыптасқан дағды бұзылмай, жетіле беруіне мүмкіндік жасалады.

Оқыту тек білім беру ғана емес, сонымен бірге балаларды жан-жақты жетілдіру және тәрбиелеу, шеберлік және дағдымен қаруландыра түсу болып саналады.

Грамматика мен емле сабақтары үшін іріктеліп алынатын материалдар оқушыларға тәрбие беру жағынан да маңызды, бағалы болуға тиіс. Ал сабақ жүргізу процесінде қолданылатын методикалық әдіс-тәсілдер тақырыпты оқушылар жақсы түсіну үшін жағдай жасап қана қоймайды, соған сәйкес, балалардың жан-жақты дамуына да әсер ететіндей болғаны жөн. Дағды мен шеберлік әрдайым жаттықтыру жұмыстарын талап етеді, мұғалім балалардың алдарына белгілі бір мақсат қойып, соған жету жолдарын қарастырады; күрделі жұмыстарды бөлшектей отырып, қандай да болмасын бір әрекетті орындаудың тәсілдерін көрсетеді. Балалар мұғалімнің тапсырмасын орындау барысында оның айтқан, көрсеткен тәсілдерін шеберлікпен қолдануға үйренеді, дағдылана түседі.

Грамматика мен жазудың методикасында қазіргі кезде мектепте сабақ беріп жүрген озат мұғалімдердің шеберлікпен қолданған әдіс-тәсілдері де ескеріледі. Мектептерде үлгермеушілікке қарсы күрес барысында көптеген мұғалімдер тиімді методикалық жүйе жасады. Бірқатар мұғалімдер қазақ тілін үйрету саласында зерттеу жұмыстарын жүргізді. Міне, сондай жұмыс нәтижелері методиканы дамытуға косқан үлес болып табылады да, грамматика мен емле методикасын жоғары сатыға көтере түседі.

2. 2. Бастауыш сыныптарда оқушыларды грамматикалық талдауға үйрету

Тіл пәні мектепте оқылатын пәндер ішіндегі ең қиыны. Грамматика арқылы оқушылар тілдің құрылысын, заңдылықтарын үйренеді. Грамматиканы оқып үйренбей тұрып, сөйлеу мен жазу мәдениетін меңгеру туралы айтудың өзі қиын. Ол жөнінде бастауыш мектеп бағдарламасында былай деп дұрыс атап көрсеткен: "Грамматикалық элементтермен" танысу үстінде оқушылар тілдік фактілерді бір-бірімен салыстыруды, жинақтауды, жүйелеуді, түйінді мәселені таба білуді меңгереді. Оқушылардың грамматикалық заңдылықтарды білуге құмарлығы артып, өздігінен еңбек ету дағдылары қалыптасады.

Қазақ тілін бастауыш сыныпта оқытудың басты әдісітілдік фактілерді бақылау және талдау. Бұл оқушылардың ойлау қызметін күшейтеді. Оқушылардан ереже мен анықтамаларды саналы түрде түсіну әрі есте сақтау талап етіледі. Мысалы: жаңа тілдік құбылыстар бұрын өтілген тілдік құбылыстармен салыстырылып, олардың арасындағы ұқсастық пен айырмашылық белгілері айқындалады. Жаттығулар орындау арқылы тиісті ережені дәлелдеу, тұжырымдау жұмысы жүргізіледі. Сөйтіп, оқушы ережені білумен бірге оны өздігінен мысал келтіріп дәлелдеуге үйренеді. Бұл үшін мұғалім оқушылардың өз бетімен жұмыс істеу қабілетін дамытып, өтілген тақырыптарынан өздіктерінен қорытынды шығара алатындай етіп қалыптастыру керек.

Осы орайда респуликамызда оқыту мазмұны жаңартылып, қазақ тілі оқулықтарының да сапасы жақсарып, әр түрлі формадағы жаттығулармен толықтырылды. Осындай оң нәтижелер мен игі істерге қарамастан, қазіргі уақытта оқушылардың білім деңгейінде кемшіліктер байқалады. Кейбір сапасыз өткізілген сабақтар, сол сияқты жаңа оқулықтармен сабақ беруде қолданатын оқу әдістемелік құралдардың аздығы да оқушының білім сапасының төмендеуіне әкеліп соқтырады.

Лингвистикалық талдау жөнінде зерттеулер, ғылыми еңбектер аз болғандықтан, мектепте оқушыларды грамматикалық талдауға үйрету әлі де дұрыс жолға қойылмағандықтан, біз курстық жұмыстың тақырыбын "Бастауыш сыныптарда оқушыларды грамматикалық талдауға үйрету" деп алдық.

Жалпы біздің тақырып бойынша көптеген ғалымдар зерттеулер жүргізген. Атайтын болсақ С. Желдірбаева, С. Рахметова, Қойшыбаева, С. Қазыбаев, т. б. өзінің "Лингвистикалық талдау" еңбегінде лексикалық, фонетикалық, морфологиялық, синтаксистік талдау түрлеріне толық сипаттама берген. Ауызша, жазбаша, толық және ішінара талдаулардың тиімділігін сөз еткен. Автор: "Бірде-бір тілдік тақырып жалаң талдау мен түсіндіруге көнбейді. Тек қана мұғалімнің іскерлігі мен білімділігі ғана бір-бірінен ажыратып, бір-бірімен байланыстырып дәлелді ұғындыруы да мүмкін", - дейді.

"Бастауыш сыныптарда қазақ тілін оқыту" атты еңбегінде С. Қазыбаев жоғарыдағы талдау түрлерімен қатар, орфографиялық талдаудың да тиімді тұстарын көрсеткен.

Грамматикалық талдау ұғымы мен түрлері: Әр халықтың ең басты игілігі ұлттың жаны, оның тілі екендігі белгілі. Ұлттың болашағы тілінің дамуымен, оның қоғамдық қызметімен, қолдану аясының деңгейімен тығыз байланысты. Сондықтан да қазіргі таңда ұлттың ұлттығын, тұрақты қауымдастығын аңғартатын негізгі белгі - тілді сақтап қалуды оның қолдану аясын кеңейту шарасы ғана емес, мемлекеттік тіл статусын алған қазақ тілінің мәртебесін көтеру, ата-бабамыздан қалған асыл мұраларды өз тілімізде оқып-үйрену, зерттеу жұмыстарын өз дәрежесіне жеткізу мәселесі көтерілуде. Алдымызда тұрған мұндай күрделі міндетті шешуде қазақ тілін оқып-үйренуді дұрыс жолға қоюдың ең негізгі сатысы болып табылатын бастауыш мектептің орны ерекше. Өйткені, бастауыш мектеп сатысына бала 6 жастан қабылданады. Бұл уақытқа дейін мектепке дейінгі мекемелерде берілетін тіл дамыту жұмыстары мен аздаған сауат ашу дайындықтарын қоспағанда, балдырғандар, негізінен оқу мен жазуға дағдыланбай келеді.

Грамматикалық категориялардың табиғатына сай әдістер мен тәсілдемелер қолданылып отыратыны белгілі. Қазақ тілі бөлімінің әрбір тараудағы тақырыптар бір-бірімен үнемі тығыз бірлікте болады. Оны тек қана талдау, дәлелдеу жұмыстары жүйелі жүргізілгенде ғана оқушының қызығушылығын тудырып, ынтасын арттырады. Өздері күніне сан рет қолданып, айналымда жүрген сөздер мен сөз тіркестерін талдау кезінде жаңа қырынан таниды. Сондықтан әрбір оқушы ереже жаттамай, түсініп оқып, мысалдар келтіру арқылы дәлелдеп, жазбаша түрде де, ауызша түрде де талдай берулері керек. Грамматикалық талдау жалпы түрде де, белгілі бір тақырыпқа байланысты жеке де, сондай-ақ ауызша, жазбаша түрде де жүргізіледі. Ауызша талдауда балалар бұрын оқылғандарға тоқталады, сөйлемдегі грамматикалық формаларды көрсетеді, оқытушының сұрауларына жауап береді, өз бетімен мысалдар келтіреді. Ауызша талдау арқылы оқушылардың ойлауы мен сөйлеуінің жүйелілігін, сөздерді қолдана білуін, сөз байлығын байқауға мүмкіндік туады.

Жазбаша талдауда балалар жазылған мәтіннен грамматикалық форманың астын сызады немесе оларды айырып жазады, тиісті формаларын көрсетеді, сұраулар қояды, т. б. Талдаудың бұл екі түрі де пайдалы. Жазбаша талдау тақтаға, оқушының дәптеріне түседі. Жіберілген қатені, жазу емлесінен кеткен қатені, оқушы каллиграфиясын түзету үшін де жазбаша талдау пайдалы. Мұғалім әр түрлі жазбаша талдау жасатып оқушыларды жан-жақты бағалауға да қол жеткізе алады. Мазмұн жағынан талдауды лингвистикалық және аралас талдау деп, көлемі жағынан талдауды толық не ішінара талдау деп бөледі.

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Қазақ тілін оқыту әдістемесінің ұстанымдары
Грамматика мен жазу методикасының ғылыми негіздері
Грамматиканы тілдің басқа салаларымен байланыстыра оқыту
Ағылшын тілі сабақтарында грамматиканы оқыту
Сейіл Жиенбаев - қазақ тілін оқытудың әдістемесі пәнінің арнайы сала ретінде қалыптасуына үлес қосқан ғалым
Сөйлемнің тқрлаусыз мүшелері
Бастауыш сыныпта грамматиканы оқыту
Қазақ тілін оқыту әдістемесінің даму тарихына үлес қосқан ғалымдар
Берілетін материалдар көлемі
Орта мектепте ағылшын тілін оқытудың тәсілдері
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz