Ғабит Мүсіреповтің образ сомдау шеберлігі


КІРІСПЕ
Курстық жұмысының өзектілігі. Ғ. Мүсірепов әдебиетіміздің көп жанрына еңбек сіңірді. Көркем прозаның жұрт таныған қазақ әңгімесінің бүгінгі жеткен биігін сөз еткенде, Ғ. Мүсіреповсіз айту мүмкін емес. Қазақ кеңес әдебиетінің аса шебер стилист суреткері әдеби тіліміздің дамуына, кемелденуіне ерекше үлес қосқан жазушы. Оның қаламынан қазақтың көптеген көнерген сөздері қайта жаңғырып, құлпырып шықты.
Ғ. Мүсіреповтің көлемді шығармалар жазудағы өзіндік ерекшелігі кейіпкерлер образын асқан шеберлікпен жасауынан көрінеді. Жазушы өзінің шығармаларында кейіпкерлердің образдарын ашу үшін әр түрлі әдіс-тәсілдерді қолданған, бас кейіпкерлердің характерлер сырын тереңінен ашып береді.
Қазақ кеңес әдебиетінің қалыптасу дәуірінде орыс әдебиетінің айрықша ұстаздық роль атқарғандығы белгілі. Жазушыларымыз орыс классиктерінен өмір оқиғаларын революциялық дамуы үстінде суреттеуді, күрескер адамның бейнесін жасауды үйреніп қана қоймай, кей жағдайда олармен тікелей тақырыптас, үндес шығармалар да жазды. Соның бір мысалы Ғ. Мүсіреповтің «Ана туралы әңгімелер» циклі. Мұның пролетариат әдебиетінің атасы А. М. Горькийдің ықпалымен жазылғандығы айқын.
Зерттеу нысаны. Ғ. Мүсіреповтің образ сомдаудағы шеберлігі.
Курстық жұмыстың мақсаты мен міндеті. Жұмыстың негізгі мақсаты - Ғ. Мүсірепов шығармаларындағы кейіпкерлердің образ жасау ерекшеліктерін айқындау. Осы мақсаттарға жету жолында төмендегідей міндеттер қойылды:
- Адамның ішкі жан дүниесін шығармалардағы образдар арқылы көрсету;
- Ана цикліне сипаттама беру;
- Ғ. Мүсірепов шығармаларындағы кейіпкерлердің бейнесіне толық тоқталу.
Курстық жұмыстың дереккөздері. Ғ. Мүсірепов шығармаларындағы кейіпкерлердің образ жасау ерекшеліктерін, яғни шығармашылығының ішкі кұрылысын, кейіпкерлер галереясының берілуін зерттеп, зерделеп жинастырған ғалымдар: М. Бақбергенов «Ғабит Мүсіреповтің прозасы», Ж. Ысмағұлов «Ғабит Мүсірепров туралы тоғыз толғам», Н. Ғабдуллин «Ғабит Мүсірепов - драматург» еңбектері жұмысқа теориялық және методологиялық негіз ретінде қолданылды.
Жұмыстың ғылыми жаңалығы. Жұмыста жазушының проза саласындағы алатын орны көрсетілді және кейіпкерлердің образдарын жасағанда Ғ. Мүсіреповке ғана тән стильдік ерекшеліктері айқындалды.
Зерттеу жұмысының практикалық мәні. Ғ. Мүсірепов шығармаларындағы кейіпкерлердің образ жасау ерекшеліктерін көрсететін зерттеу нәтижелерін орта мектептердегі, жоғарғы оқу орындарындағы қазақ әдебиеті дәрістерінде, семинарлар мен арнаулы курс сабақтарында қолдануға болады.
Қорғауға ұсынылған тұжырымдар.
- Адамның ішкі жан дүниесін шығармалардағы образдар арқылы көрсеттік;
- Ана цикліне сипаттама берілді;
-Ғ. Мүсірепов шығармаларындағы кейіпкерлердің бейнесіне толық тоқталдық.
Зерттеу жұмысының әдіс-тәсілдері. Жұмыс талдау, салыстыру, зерттеу әдісін қолдана отырып, жүйелі құрылымдық негізде орыңдалды.
Зерттеу жұмысының құрылымы. Зерттеу жұмысы кіріспеден, үш тараудан, қорытындыдан және пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.
I Ғ. Мүсірепов - қазақ әдебиетінің аса көрнекті қайраткері
Ә. Нарымбетовтың айтуынша, Ғабит Мүсірепов - үлкен прозаик, драматург, публицист, әдебиет сыншысы-ғалым ретінде туған әдебиетінің өте маңызды кезеңін бейнелеген, сүбелі шығармалар берген, халық өмірінің көркем шежіресі іспетті. Ол ел-жұртына кеңінен танылған, халықтың адал азаматы, қадірмен ұлы, шын мәніндегі халық жазушысы.
Әдебиет пен өнер туралы Ғабит Мүсірепов қаламынан шыққан еңбектердің барлығына тән ортақ қасиеттерді жинақтап айтқанда, ең алдымен, оның әдебиет пен өнердің жиырмасыншы ғасырдағы даму процесіне және олардың жекелеген елеулі құбылыстарына биік талғаммен қарап, ғылыми дұрыс топшылаулар жасағанын айрықша атап өткен дұрыс.
Ол қазақ әдебиеті мен өнерінің әрбір көрнекті табысын халықтың рухани қымбат қазынасы ретінде қатты қастерледі. Әдебиет пен өнер туындысының эстетикалық тәрбиелік зор рөліне баса назар аударды.
Сонымен қатар, әрбір көркем шығармаға оның барлық уақытта қойып отырған идеялық-эстетикалық талабы да биік, үлкен. Терең мазмұн мен үздік шеберлік - міне, әдебиет пен өнердің әрбір туындысын талдау үстінде Ғабит Мүсіреповтің берік ұстанған айнымас өлшемі осы ғана [1, 68-69 б. ] .
Ғабиттің жазушылығын тұтас алғанда, өзіне тән бірнеше өзгешеліктері бар: бірінші - бойына сіңбеген тақырыпқа жармаспайды; екінші - бойына сіңірген тақырыбын тез жазып тастауға асықпайды; үшінші - жазатын тақырыбына күй таңдайды; күйі жетпесе, игерген тақырыбын да жаза қоймайды; төртінші - шығармасына өте ұқыпты, сондықтан хал-қадары жеткенше, олпы-солпысыз шығарады; бесінші - тілге үнемшіл, сипаттап отырған оқиғасына жәрдемі жоқ сөзді қолданбайды; алтыншы - жарқылдақ сөздерді көбірек қолданып, шешен сөйлеуге тырысады; жетінші - адам портретін жасауға, қазақ жазушыларының ең шеберінің бірі [1, 62-63 б. ] .
Ғабит Мүсірепов - шеберлігі шығарма сайын ширығып, шыңдала берген, бірден-бірге өрлеп, ең шырқау биіктерге көтеріле берген жазушы. Оның әрбір шығармасы - көркемдік жаңалық, тың сөз, өнеге үлгісі. Оның өзіне қояр, көркем шығармаға қояр талабы өзгеше. Олай болатын жөні де бар. Ол - өз шығармашылығының елең-алаңында көркем сөздің алыбы, кеңес әдебиетінің атасы Горькийден, әлем әдебиетінің басқа да ұлыларынан үйренген. Солардың дәстүрін қазақ әдебиетіне дарытушылардың бірі болған қаламгер.
Ол - жазушылық өнерді өз әдебиетіміздің айтулы шебері Бейімбет Майлиннен үйренген, жаңа әдебиеттің негізін Сәкен, Ілиястармен бірге қаласқан, солардың эстафетасын алып қалған жазушы. Ол - қазақ әдебиетінің кемеліне келіп толысқан кезеңінде ұлы суреткер Мұхтар Әуезовпен қаламдас, замандас болған жазушы. Оның артында үлгі алар, өнер жарыстырар қалың қатпарлы қаламгер ұрпағы бар. Сондықтан ол осы деңгейден, өзі шыққан биіктен сәл де болса төмен түсуге хақысы жоқ екенін айқын түсінген жазушы [2, 16 б. ] .
Ғ. Мүсірепов - қазақ кеңес әдебиеті дамуына ізденімпаз экспериментатор, батыл да терең теоретик, сыншы ретінде де үлкен үлес қосып келеді [3, 5 б. ] .
Көркем әдебиеттегі әрбір кесек шығарма - өз алдына жеке бір дүние. Оның өн бойында өрбіген оқиғалар, өзді-өзінше тіршілік еткен адамдар, қақтығысқан характерлер, түйін-түйін тартыстар, шарпысқан өткір сезімдер, солардың арасында жым-жымымен жылғаланып ортақ бір арнаға құйып отыратын автор философиясы, оның оқиғаларға, адам мінездеріне берген бағалары, шығарған үкімдері, міне осының бәр-бәрісі - жазушының өмірден ашқан жаңалығы, өз тіршілігі өзінде жатқан тұтас бір дүние [2, 14 б. ] .
Ғ. Мүсірепов өмірі - өнегелі өмір. Өнегелі болатыны - күрескер өмір. Биік мұраттар жолындағы мәмлесіз күресті өзек өткен өмір.
Мүсірепов өнері - өміршең өнер. Өміршең болатыны - шыншыл өнер. Шындықты мұрат тұтқан өмір де, өнер де - ең алдымен, ел игілігі, ел мерейі [3, 5 б. ] .
1920-жылдардың аяқ кезі мен 1930-жылдардың бастапқы тұсында бүкіл Кеңес еліндегі секілді Қазақстанда экономикалық және мәдени өзгерістер, жаңарулар болды. Бұл өзгерістер академик-жазушы Ғабит Махмұтұлы Мүсіреповтің көптеген шығармаларынан көрініс тапты.
Ғ. Мүсіреповтің шығармалары қазақ халқының өмірін, тарихта елеулі орны болған оқиғаларын мол қамтыды. Осы жерде Ғабит Махмұтұлы кеңестік үкімет тарапынан жүргізілген барлық өзгерістерді қуана қарсы алды ма, деген заңды сұрақ туады. Ол кеңес үкіметінің қазақ жерінде орнағанын қуаттағанымен, кейін қызылдардың эксперименттерінің нәтижелерінен сескене бастағанын шығармаларынан байқаймыз. Қаламгер шығармаларынан бөлек олардың асыра сілтеулерін 1932 жылы ашық хатта жариялады. Оның «Шұғыла», «Талпақ танау», «Сөз жоқ соның іздері» әңгімелерінде ұжымдастырудың елге алып келген зардаптары, жеке басқа табынудың шынайы көріністері суреттелген. Дегенмен Мүсірепов шығармаларының көпшілігінде кеңес үкіметінде жүргізілген реформаларды қолдайтын тұстары да баршылық.
Ғ. Мүсіреповтің әңгіме, очерктерінің үлкен тобы - социалистік заманда жаңарған ауыл, өзгерген ел бейнесін суреттеген шығармалары. Жазушы өндіріс тақырыбына барсын, мейлі колхоз өмірін суреттесін, бәріне де социалистік құрылысты нығайту үшін күресіп жатқан адамдардың іс - әрекетін көрсетуге талаптанады. «Қос шалқар», «Көк үйдегі көршілер», «Күсен», «Алғашқы адымдар», «Шұғыла», «Талпақ танау», «Туннель» секілді шығармаларында өмірді өз қолымен өзгертіп жатқан кеңес адамдарының тұлғаларын жасау мақсаты көзделген.
Ғ. Мүсіреповтің колхоз тақырыбына арналған әңгімелерінің басы 1928 жылы шыққан «Қос шалқар» болып табылады. Әңгімеде қазақ ауылындағы егіндік, шабындық жерлерді бөлу жайы, колхоздастыру оқиғасы баяндалады. Жаңа өмірге араласқан адамдардың жасампаздық еңбектегі белсенділігі, жігерлігі қарқыны суреттеледі. Ал, шындығында қазақ халқы күштеп ұжымдастыруға қарсы болды және оны іспен де дәлелдеп отырды. Т. Омарбеков: «Халық күштеу саясатына деген өзінің наразылығын көтеріліс түрінде ғана білдіріп қоймай, өкімет және кеңес белсенділеріне қарсы қастандық (террор) жасауға да, сондай-ақ колхоз және совхоз мүліктерін әдейі өртеу әрекеттеріне де барды» - деп көрсетеді. [4, 123-124 б. ] . Мүсірепов шығарманы кеңестік идеология талабына сай баяндап шығады да, соңында тарихи шындықтан алыстай алмай «Қос шалқар!», «Қос шалқар!» болды . . . батшағар, осының арты не болып кетер екен!. . »[5, 45 б. ] деп аяқтайды. Бұл шығармада қаламгер ұжымдастырудың зобалаңын тұспалдап білдіріп отыр. Кеңестік тарихнаманың Қазақстанда колхоздастыру ісінің барысында бұрынғы көшпелі шаруалар бір жерге қоныстанып, ұжымдық еңбектің жолына көшті, соның арқасында республиканың ауылшарушылығы жылдан - жылға жаңа қарқынмен дами бастады деген ұстанымын ең алдымен жазушылар көркемдеу керек болды. Ал, халықтың жағдайы, алғашқы кездерде шаруалардың ұжымдастыруды түсінбеуі кеңестік белсенділерді ойландырмады. Қазіргі таңда тарих ғылымы жоғарыда аталған барлық өзгерістер, өрлеулер қаншама қазақтың өмірін қиғанын дәлелдеп отыр. 1930-шы жылдардағы ұжымдастыру, индустрияландыру салдарынан қаншама қандастарымыз қырылды, шетелге ауып кетті, босқынға айналды, қаншама балалар көздері мөлдіреп жетім қалды. «1932 жылдың 1 тамызына қарай панасыз балалардың саны Қазақстанда 31 993-ке жетті. Күштеп ұжымдастыруға қарсы 1929-1931 жылдары Қазақстанда 372 рет шаруалардың бұқаралық бас көтерулері болды» [4, 126 б. ] . Міне, осындай фактілерді ол кезде жариялауға тыйым салынды. Керісінше «жартылай феодалдарды құрту, дүние-мүлкін тәркілеу, кедейлерге көмектесу» деген сияқты жалған ұрандар өрістеді. Анығында отызыншы жылдардағы ұжымдастырудан қазақтың байы да, кедейі де қырылды.
Ғ. Мүсіреповтің «Алғашқы адымдар», «Шұғыла», «Көк үйдегі көршілер» сияқты шығармаларында Қазақстандағы колхоз қозғалысының көптеген қалтарыс шындықтары қамтылған. Бұлар - жекелеген көркемдік ақауларына қарамастан, өз кезеңінің ақиқатын мейлінше әділ көрсетуге бағытталған шығармалар.
«Көк үйдегі көршілер» - қазақ елінде ұжымдастырудың алғашқы кезеңін әңгімелейтін туынды. Мұнда ауылдағы тап қайшылығының нанымды суреттері мол. Қазақ шаруаларының өз алдына ерікті тіршілік етіп, жаңа жолға түсуіне риза болмаған байлар мен байшылдар қалай да колхоз құрылысын ақсатуды армандайды. Басқа да кейбір шығармалары секілді Ғ. Мүсірепов «Көк үйдегі көршілерді» де аяқтамаған. Мұның жеке тараулары «Жаңа әдебиет» журналының 1929 жылғы 5, 6, 7, 8, 9, сандарында жарияланды. Дегенмен, бұл шығарманың өмір танытарлық, характер ашарлық сипаттары мол. Бұдан болашақ үлкен суреттердің, батыл барлаушының қалам тартысын сеземіз. Колхоз өмірінің тағы да бір қызықты көріністері «Күсен» атты әңгімеден көрінеді. Әңгіменің бас кейіпкері - Күсен жазушының бірнеше шығармаларында кездесіп отыратын ортақ кейіпкер. Ол еңбек адамының жиынтық ұнамды тұлғасы.
Ғ. Мүсіреповтің колхоз құрылысының алғашқы кезінде кездескен қиыншылықтарын жинақтап бейнелеген елеулі шығармаларының бірі - «Алғашқы адымдар». Тақырыптық жағынан бұған ұқсас шығармалар сол кездегі қазақ әдебиетінде ұшырайды. Мәселен, Б. Майлиннің «Қырманда», «Он бес үй» сияқты повестері мұнымен үндес. Осылардың бәрінде де колхоз ісіндегі асыра сілтеу суреттеледі.
«Алғашқы адымдар» (бұрынғы аты - «Бір адым кейін, екі адым ілгері») 1932 жылы жазылып, 1934 жылы шыққан «Шұғыла» атты жинаққа енген. «Алғашқы адымдар» - колхоз өмірінің бұралаң бұлтарысын бүкпей, ашып айтқан батыл шығармалардың бірі. Жалпы бұл шығармада колхоз құрылысының алғашқы жылдарындағы қиыншылықтар, кемшіліктер, отырықшыландырудың қазақ шаруаларының тіршілігіне, психологиясына әкелген өзгерістері көрініс тапқан.
«Қазақстандағы отырықшыландырудың бастаушысы болған Ф. И. Голощекин о бастан-ақ бұл жұмысқа саяси сипат беруге күш салды. «Отырықшыландыру, - деді ол өзінің осы мәселеге байланысты І Өлкелік кеңесте (1930 ж., 9-10 қараша) сөйлеген сөзінде, - бәрінен бұрын таптық мәселе. Мұны Сіздер естеріңізде қатты ұстауларыңыз керек . . .
Отырықшыландыру - бұл ұлттық мәселе. Отырықшыландыру арқылы біздің нені шешкіміз келеді?
Біз қазақ ауылының экономикасын көтеруді қалаймыз. Біз отырықшыландыру жолымен астық мәселесін, қазақтар қожалығында мал шаруашылығын жөндесек дейміз.
Бұл дегенің ұлттық экономикалық теңсіздікті жою болып шығады». Яғни Қазақстан басшысы отырықшыландырудың таза экономикалық, шаруашылықтық шаралар екенін мойындай тұра, оны үстем таптарды жою ұранымен жүргізуді ұсынды.
Ал мұның өзі жаңа экономикалық саясат жылдары саяси тұрақтылық орныққан қазақ ауылына мазасыз дүрбелең әкелетін, өзара арандату туғызатын қауіпті бағыт болатын [4, 221 б. ] . Сондықтан Мүсірепов - шығармаларында үнемі заман ыңғайына қарай байларды тек өз қамын ойлайтын қанаушылар ретінде немесе жаңашылдыққа ілесе алмайтын аңқаулар ретінде келекелейді.
Мүсірепов бұл шығармасында отырықшыландыру процесінде кемшіліктер мен қателіктердің аз болмағандығын тарихтан ауытқымай көркем бейнелеген. Ол шығармасында: « . . . Жаңа асу» колхозының ақша есебі» деген кітапқа «пәлен сом» деп тізіле берген бір ұзын есеп. Егер бұл алатын ақша болса «Жаңа асу» колхозы жиырма трактор алуға шамасы келеді; егер бұл бұл берешек ақша болса, «Жаңа асу» колхозын сабақты инесіне дейін сатсаң да, өтелетін нәрсе емес. Егер бұл әрі алашақ, әрі берешек, әрі алынған, әрі берілген ақшаның бәрінің жинағы болса, Теміржан мұны шынында да айырып аларлық емес» [5, 68 б. ] - деп колхоз ісіндегі жүйесіздікті көрсетеді. Ол шындығында осылай болған. «Мұны отырықшыландыру жөніндегі өлкелік комитет өзінің 1930 жылғы 1 тамызда жергілікті жерлерден алынған мәліметті қараған мәжілісінде былай атап көрсетті: «Отырықшыландыруға байланысты жұмыстың жайы туралы есеп жүргізу және мәліметтер алу мүлде қанағаттанғысыз қойылған: жұмыстар барысы туралы жергілікті жерлерден жалған мәліметтер беру байқалады» [4, 229 б. ] . Байқағанымыздай Мүсірепов шығармада Қазақстанның өлкелік партия комитеті және үкіметінің Орталыққа аса белсенділікпен ерекшеленгісі келетіндерді ақиқаттан алшақтамай бейнелеген. Шығармада колхоздың жұмысы жайлы есеп дайындап жүрген Теміржанның мал мен астықтың нақты санын анықтай алмауы сөзіміздің дәлелі болмақ. Шығармада: « . . . Нақ қай цифрмен тоқтайтынын Теміржан әлі тапқан жоқ. Цифрдың соңына түсіп тексере берсең, колхозда бір уақытта көп жылқы, көп сиыр, көп астық болған. Бірақ сол көп жылқы тебісіп-тебісіп өлгені өліп, өлмегені бір жаққа ауып кеткен секілді. Көп сиыр сүзісіп, бірін-бірі мүйіздеп, жарып, қалғаны үркіп кеткен секілді. Ал енді, қой, ешкіге келсең, бұлардың ізі-түзін адам айыра алар емес. Бұлар, не бір жауында ығып кеткен де, не болмаса ұялы қасқыр ұшырасып, біржола айдап әкеткен. Қой-ешкінің қардағы ізін айыру қандай қиын болса, «Жаңа асу» колхозындағы ізі де сондай қиын. Астық жайы тіпті қызық. Октябрьдің оны күнгі цифрда «жинағы 2 мың центнер» деп бір жазылған; түрге бөлгенде - алты жүз центнер бидай, 4 жүз центнер сұлы, төрт жүз арпа . . . » делінген. Ал, енді октябрьдің 27-сіндегі цифрға қарасаң, «центнер» қалып, «пұт» кірген. Түрге бөліну қалып, «жинағы он бір мың пұт» деген де, аяғына Рамазан, Исақмет, Жаңғали үшеуі қол қойған». Міне, Мүсірепов сол кезеңдегі халық алдындағы жауапкершілікті ұмытқан солақай басшылардың жұмысын әшкерелеп жазған.
Оның шығармалары қазақ халқының өмірін, тарихта елеулі орны болған оқиғаларын мол қамтиды. Бұл салада оның назарын көбірек тартқан бірнеше қадау-қадау тақырыптарды көрсеткен жөн. Суреткер бірде Қазақстанның Ресейге қосылуының прогрестік мәні болғанын, Қазақстанда капитализм элементтері келе бастағанын, жұмысшылардың қалай қалыптасқанын көрсетуді мақсат етсе, екінші бір шығармасында республикамызда Кеңес өкіметінің орнаған тұстарының оқиғаларын көрсетеді. Жаңарған даланың, өзгерген өңірдің, жаңа салт-сананың қалай туып, қалай өркен жайғанын суреттейді.
Енді бірде Қазақстан өміріндегі аса үлкен оқиға - бұрынғы жекеменшік шаруалардың коллективтендіру жолына қалай түскенін, осы жолдағы кездескен қиыншылықтары мен кедергілердің сыр-сипатын баяндайды. Ұлы Отан соғысының оқиғаларына арнап та бірталай шығармалар жазған. Осының бәрін тұтастай шолып қарағанда, Қазақстан өмірінің аса мәнді терең тамырлы сырларына қанығамыз [6, 13 б. ] .
Әбіш Кекілбаев оның шығармалары туралы былай дейді:
« . . . Мүсірепов талантының барлаушыларға тән байқампаздығы сонда, ол ылғи жаңа көктемнің алғашқы бүріндей көсегелі құбылыстарға назар аударады. «Талпақ танау» - ғасырлар бойғы психология мен тұрмыстық үрдістер инерциясына енді-енді күмән келтіре бастаған қазақ ауылының рухани шежіресі. «Қазақ солдаты» - ауыл жөргенінен жаңа заман өткелдері ерте айырған қазақ бозбаласының алғаш рет ата кегін қуып, ру намысын жыртпай, көп ұлтты Отан мүддесі үшін күрескен жауынгерлік жолы.
«Оянған өлке» - самарқау сахарадағы бұйығы тірлік ата-баба көрмек түгілі, естімеген жаңа кәсіптер мен жаңа қарым-қатынастың алғаш желі тартуының тарихы. «Ұлпан» - ескі ауылда заман аңғарын алыстан болжап, соған орай қаракеттенуге алғаш талпынғандардың қайғылы хикаясы. Көрдіңіз бе, бәрі де «алғашқылар» мен «тұңғыштар» туралы» [1, 69 б. ] .
Ұлы Отан соғысында гитлершіл Германия мен империалистік Жапонияны қирата жеңген Кеңес елі сол жүйенің бар жағынан мызғымас нық екенін, өмірлік күші сарқылмас мол екенін іс жүзінде көрсетті. Кеңестік әскери мектебінде тәрбиеленген ер жүрек кеңес адамдары соғыс өнерінің озықтығымен, алғырлығы, батырлығымен жер жүзін таңдандырады.
Осындай тамаша ерлікті, даңқты, оларды туғызған дәуірді кеңес әдебиеті, соның қатарында қазақ кеңес әдебиеті он жыл бойы жыр етіп келеді. Қызу майдан кезінде, арпалыс үстінде жазылған бірсыпыра шығармалардың олпы-солпысы жоқ. Әйткенмен, ұлы дүбір үстінде туған ол шығармалардың маңызы да, орны да ерекше: олар кеңес адамдары Отан үшін жан аямай қимыл жасаған тарихи күндердің өңі кетпес жанды ескерткіші.
Отан соғысы жылдарында майдан мен тыл өмірінің шынайы көрінісін көзге елестетерліктей, кең көлемді, өмір оқиғасын бар жағынан алып суреттейтін, идеялық-көркемдік мәні терең кітаптар да сол соғыс күндерінде туған шығармаларды сатылап өсетіні сөзсіз.
Отан соғысының алып жеңістерін суреттеуде біраз сараланып қалған жол бар. Ол - майдан өмірін образ арқылы тікелей суреттеп беру. Екінші, творчестволық әдіс майдан ерлігін көрсетумен бірге, сол ерліктің шыққан төркінін де суреттеу. Ғ. Мүсіреповтің біз сөз қылғалы отырған «Қазақ солдаты» осы соңғы әдіспен жазылған. Бұл әдістің біздің қазақ кеңес әдебиеті үшін ерекше маңызы бар, өйткені бірсыпыра ақын, жазушылар бір кезде ерліктің көзін совет заманынан, партия тәрбиесінен емес, ата-тектен, аруақтан іздеп болды [7, 351-352 бб. ] .
Жазушының әдеби-шығармашылық еңбегі жиырмасыншы жылдардың аяқ шенінен басталады. Оның жазушылық еңбегіне үлгі болған Пушкин, Лермонтов, Гоголь, Крылов, Чехов, Толстой, Салтыков-Щедрин сияқты орыс классиктері болды. Әсіресе оның шығармашылық еңбегіне ерекше әсер еткен Гоголь, Чехов, Горький сияқты әңгіме, очерк, хикаят, роман жазушы сатириктер еді. «Мен, - деп еске алады өзінің «Автобиографиялық әңгімесінде, - сол кездегі Орынбор рабфагін кейбір жоғары дәрежелі мектептермен теңесе алады-ау деп ойлаймын! . . . Орыс әдебиетін оқығанда Гоголь, Чехов, Горький шығармалары ойыма қона қалушы еді. Қабырға газетіне бірінші рет ұзақ әңгіме жаздым (кейін ол «Тулаған толқында» деген повеске айналып, менің бірінші басылып шыққан әдеби еңбегім болды») .
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz