Оралхан Бөкей әңгімелерінің ерекшелігі


Пән: Әдебиет
Жұмыс түрі:  Курстық жұмыс
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 32 бет
Таңдаулыға:   

Оралхан Бөкей әңгімелерінің ерекшелігі

Мазмұны

І. Қаламгер әңгімелеріндегі әлеуметтік мәселелер. … . . . 3

  1. Ауыл хикаялары. …. . 3
  2. Жазушы Оралхан әңгімелеріндегі жесірлер тауқіметі12
  1. О. Бөкей әңгімелерінің композициялық-құрылымдық сипаты…. 17О. Бөкей сүйген табиғат. Бұғылар тіршілігін барлаушы. 17Табиғат-Өмір-Адам үштағаны . . . 21

Қорытынды. . 26

Пайдаланған әдебиеттер тізімі. 28

Қаламгер әңгімелеріндегі әлеуметтік мәселелер

  1. Ауыл хикаялары

Қазақ әдебиетінің 20 ғасырдағы жарық жұлдыздарының бірі, О. Бөкеев 1943 жылы 28 қыркүйекте Шығыс Қазақстан облысы, Катонқарағай ауданы, Шыңғыстай ауылында дүниеге келген. Жеті атасы: Ұзақ - Тезек - Райыс - Исақан-Бөкей-Оралхан-Айхан (жазушының ұлы) . Оралхан Бөкейдің анасы Күлия Исақановтардың тұңғышы Ахметке тұрмысқа шығады. Олар соғыстан екі жыл бұрын үйленген екен. Ахмет соғыста қаза табады. Қазақтың ежелгі салты бойынша, қайтыс болған ағасының әйеліне інісі үйленетін. Осылайша, Оралханның әкесі Бөкей Күлияға үйленіп, оны өмір бойы сүйіп өтеді.
Оралхан сұрапыл соғыстың отты жылдарында дүниеге келді. Бөкей Оралға еңбек майданына аттанғанда, Оралхан іште қалған нәресте еді. Оралдағы еңбек майданында жүрген әкесі аман келсін деген ниетпен, дүниеге келген нәрестеге Оралхан деген ат қойылады. Ниет қабыл болып, әкесі аман-есен оралады.
Әкесі Бөкей орта бойлы, шымыр денелі, шапшаң қимылдайтын, көп сөйлемейтін, оқта-текте дөп басып, дәл ғана айтуды жөн көрген жан, бірақ ойын-тойда «Қалқаман-Мамыр», «Алпамыс», «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» қиссаларын жатқа айтып, өзінің қоңыржай үнімен тыңдаушыларын еліктіріп әкетеді екен. Шешесі Күлия келісті, кесек тұлғалы, ауылға сыйлы, өзі тұстастар арасында ықпалды, ешкімге сөзден есесін жібермейтін, той-жиында суырып салып, өлең айтып, құрбыларын айтысқа шақырып, отырған жерін думан, күлкі ететін жан болған. Сондықтан Оралханның әдебиет пен өнерге бейімдігі ата-анасынан ауысқан қасиет деп ойлауға толық болады.
Оралханның ата-анасы алыста малда жүргендіктен, әпкелерімен бірге Оралхан да көбінесе әжесінің тәрбиесінде болған. Ал көпті көрген әже тәрбиесі қашанда өнеге мектебі болған ғой. Ал Оралханның өзі осы әже тәрбиесі жайлы «Апамның астауы» әңгімесінде өте жақсы баяндаған.
Отбасында Шолпан, Әймен атты әпкелері, Ләззат, Мәншүк есімді қарындасымен бес бала болған. Үлкен әпкесі Шолпан Шыңғыстайда ата-анасының жанында тұрып, осы әулеттің бүкіл ыстық-суығын бірге бөлісті. Анасы қайтыс болғаннан кейін де, Оралхан қарашаңырағының отын сөндірмей, ауылына келген Оралханды анасының жоқтығын білдірмей қарсы алып, шығарып салатын адам да осы апайы болған. Кейіннен Оралхан мұражайына айналдырылған осы үйдің күтімін жасап, келушілерді қарсы алып, оларға бауыры, келіні жайлы, олардың асыл қасиеттерін жыр етті, яғни мұражайдың алғашқы ұйымдастырушысы да, гиді де бір өзі болды.
Ал екінші әпкесі Әймен жайлы аз жазылады, Жаңаүлгі ауылының жігітіне тұрмысқа шыққан, бұл әпкесі бастауыш сынып мұғалімі болған, ертерек қайтыс болды. Артында бір ұл, бір қызы қалған. Қызы Катон ауылындағы орта мектепте анасының жолын қуған мұғалім. Ләззат атты қарындасы Берелдің жігітіне тұрмысқа шығып, сол ауылда көп жыл пошта меңгерушісі болды, кейінірек Алматыға көшіп барып, сол жақта дүние салды. Артында бір ұл, бір қызы бар. Ал Мәншүк атты кенже қарындасы қазақ тілі мен әдебиетінің мұғалімі болған. Бұл қарындасы жайлы жазушы шығармаларында көп айтылады. Ол да анасы мен ағасына тартқан шешен, қара сөздің майын тамызған деседі. Мәншүктің де ғұмыры қысқа болды. Осындай әпке, қарындастарының арасында жалғыз ұл атанып өскен Оралхан еркін де, еркелеу боп өскен. Ата-анасы да, әпке, қарындастары да жалғыз ұлды төбелеріне көтеріп, әлпештеген. Сондықтан да Оралхан сәнді киініп, еркін сөйлеп, еркін өсті. Оның осы еркіндігі мен еркелігі шығармашылығында да айқын байқалады. Оралханның әдебиетке бейімдігі оқушы кезінде-ақ көріне бастаған. Ол әдеби кітаптарды өте көп оқып, бейнелеп, шешен сөйлеуге бейім, жүріс-тұрысы тиянақты, өзгелерге сын көзбен қарайтын, қауып та тауып та сөйлейтін, көпшіл болған. Осындай ерекшелігін байқаған ұстаздары оқушылардың комсомол комитетінің хатшысы, қабырға газетінің редакторы етіп сайлаған. Оралхан оқушылар арасында көркем әдебиеттер конференциясын өткізіп, онда өзі оқыған кітаптарындағы кейіпкерлер туралы үнемі сипаттама жасап тұрған. Ауылдағы шағын клубта әдеби кештерді жиі өткізген. Жазушылардың шығармаларын жатқа айтқан, қазақ жазушыларының ішінде Сұлтанмахмұт пен Бейімбетті қатты пір тұтқан. Өзінің алғашқы «Сарыарқаның әңгімесі» атты «Лениншіл жаста» жарияланған әңгімесін Сұлтанмахмұтқа арнаса, ал әсіресе «Шұғаның белгісін» талай алқалы топта тебіреніп тұрып, жатқа айтқанын көрген куәгерлер әлі күнге жыр қып айтады .
Оралхан мектепте оқып жүрген кезінен-ақ өзінің журналист, жазушы болғысы келетінін іркілмей айтқан. Мектеп бітіру кешінде жиылған ата-аналар мен мұғалімдер алдында: - Көкшетау асқан сұлу болса, одан шыққан ақын, жазушылар одан әрі сұлуландырды. Біздің Өр Алтайдың сұлулығы одан әсте кем емес. Бірақ оны жырға қосып, сұлулығын көрсететін ақын, жазушылар жоқ десек қателеспейміз. Мен Алтайдың сұлу табиғатын, сарқылмас байлығын танытуды мақсат етемін. Сондықтан да мен жазушы болуды армандаймын. Адам арманын алдына мақсат етіп қойса, оған жетуге тиісті. Мен де мақсатыма жетемін деп сенемін, - деген екен. Арманының алысқа жетелегіні де рас, жетелеп қана қоймай сол арманының шыңына шыққаны да рас. Ал жиен қарындасы Ғалияның айтуы бойынша Оралхан «Егер жазушы болмасам, әйтеуір өнер адамы болар едім», - дейді екен. Оралханның әдемі қоңыр дауысы болғанын, гармонда жақсы ойнағанын, әнді нақышына келтіре, беріле орындайтыны да естеліктерде жақсы жазылған.
Осындай мысалдардан-ақ жазушының жасынан өнерді жанына серік етіп, сұлулыққа құштар болғанынын байқаймыз. Осы сұлулыққа құштарлық оны Өр Алтайдың айдай сұлу аруы Айманға жолықтырып, жиырма жыл тату-тәтті, ынтымақты отбасы құрып, тек бір перзентке зар болуы соңынан трагедиялық айырылысуға соқтырды. Алтайдың арман аруы: «Оралхан, будь счастлив. Береги себя. В моей гибели виновных не надо искать . . . », - деп соңында үш-ақ ауыз сөз қалдырып, өзін бір перзентке зарықтырып, тарықтырған мынау жалған дүниені Оралханның бақыты үшін тәрк етіпті. Оралхан үшін бұл қаза өте ауыр тиді, оның алдында бірінен кейін бірі алдымен әкесінен, артынан әпкесі Әймен, жанына ерекше жақын, ардақ тұтқан қарындасы Мәншүк қаза болғанда - Жүрегім бір соғып, бір соқпай тұрған секілді, - деп жүрегі қан жылаған жазушы соңынан аялаған анасынан айырылып қайғы үстіне, қайғы қосылып, өте ауыр соққы алады. Елдің айтуынша Оралхан бейіт басында зар еңіреп, Айманның зиратын екі кісілік етіп жасаттырып, сол жерде - Өлгенде жаныңа жатамын, саған ескерткішті көзімнен аққан қанды жасыммен жазамын! - деп ант беріпті. Тек қаза тапқан жазушының бұл аманатын артындағылардың орындамағаны өкінішті . . .
Әйтседе, Айманның қазасынан кейін бұл дүниенің бар қызығы таусылғандай, өзі де күнделігінде « . . . Баяғы базары тарқамас қызығы да, қызы да көп күндер адыра қалған . . . Мен соңғы 4-5 жылда еш нәрсе жазғаным жоқ . . . Бәлкім, берерімді беріп алып, енді екі балам үшін өмір сүріп жүрген шығармын . . . », - деп тек балалары үшін ғана өмір сүрген жазушы да көп ұзамай асық жарының соңынан бақи дүниеге аттанып кете барды. Мүмкін олардың рухтары сол жақта бірге жүрген де шығар, Айманның жанартаудай жалын атқан сүйіспеншілігі жазушыны көп ұзатпай, қасына алдырып алған болар.
Жазушы аз өмір сүріп, халқына берерін түгелдей бермесе де, Өр Алтайды бүкіл әлемге танытып кетті. Артында мол әдеби мұрасы қалды, қырықтың бел ортасында көрген, ғұмыр бойы армандаған құлындары Айханы мен Айжаны қалды. Ол үлкен дүниелер жазатын дер шағында болатын, «Алданған ұрпақ» деп аталатын үш кітаптан тұратын трилогиясын аяқтай алмай кетті. 1961 жылы Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы Шыңғыстай орта мектебін бітірген соң аға пионер вожатый және Алтай совхозында тракторист болып төрт жылдай жұмыс істеген. 1963 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекетік ұлттық университетіне сырттай оқуға түседі де, оны 1969 жылы тәмамдап шығады. 1965-1968 жылдар аралығында Большенарым аудандық "Еңбек туы" газетінде корректор, аудармашы, редактордың орынбасары және облыстық "Коммунизм туы" газетінде әдеби қызметкер болған.

1968 жылы республикалық «Лениншіл жас» газетінің шақыруы бойынша Алматыға келеді, осы газетте мәдениет және ғылым, әдебиет және өнер бөлімінің меңгерушісі болып істеді, ал 1974-1983 жылдарда "Жұлдыз" журналы проза бөлімінің меңгерушісі әрі редколлегия мүшесі болған. Өмірінің соңғы күніне дейін "Қазақ әдебиеті" газетінің бас редакторлық қызметін атқарады. 1961 жылы Шыңғыстайдағы Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы орта мектепте пионерлік вожатый, кейінірек - «Алтай» совхозында тракторшы болып жұмыс істеді. 1968 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін сырттай бітірді. Большенарым ауданындағы «Еңбек туы» газеті мен Шығыс Қазақстан облысының «Коммунизм туы» газетінің редакцияларында жұмыс істеген. 1968 жылдан бастап Алматыда тұрды, жастардың «Лениншіл жас» газеті мен «Жұлдыз» журналының редакцияларында жұмыс істеді. 1991 жылдан бастап «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы болып тағайындалды. Әдебиетке өзіндік өрнегін сала келген жазушы оқырманын өзгеге ұқсамайтын ерекшелігімен таңқалдырды. 1970 жылы Алматыда басылып шыққан, оның «Қамшыгер» атты повестер мен әңгімелердің бірінші жинағы жаңадан бастаған жазушыны танымал етті. «Менің повестерімдегі, әңгімелерімдегі барлық сюжеттер туған жер туралы естеліктер, жас шақтағы болған оқиғалармен байланысты, - деп жазады О. Бөкей. Менің жерлестерім қазақтар - мінездері бір қалыпты, адал және жүректері ашық адамдар. Әйтеуір, не жазсам да өз заманымды, сол заманда табан ет, маңдай терін жұмсап жүрген қарапайым еңбек адамдарын тілге тиек етуге тырыстым» деген болатын. Өмір атты мәңгілік майданның өтінде жүрген Адам пенденің осынау дүниесауы тіршіліктегі бітпес күресін әйгілейтін ізгілік пен зұлымдықтың, махаббат пен ғадауаттың, адамдық пен аярлықтың арасындағы айқас жазушы шығармаларының арқауы болған. Қилы-қилы тағдырлардың көркем бейнесін терең, қат-қабат драмалық шиеленісте, асқақ пафосқа сомдау арқылы қоғам, адам, уақытқа жазушы Оралхан Бөкей де өз кесімін айтқан. Оның алғашқы әңгіме-повестерінен-ақ ешкімге ұқсамайтын өзінше сөз саптасы, асқақ мінезі, алғыр зерде-зейіні оқушысын бірден баурап алған болатын. Жазушының ой мен сезімді қатар өрген шығармалары бірде тұңғиық ойға жетелесе, бірде асқақтыққа, өршілдікке тартып, толғау-толғаныстары кең тынысты, өзгеше үнді болып шығатын. Олардың бірде романтикалық құштарлықты, бірде публицистік от-жалынды, бірде реалистік өткірлікті, енді бірде сағыныш-мұңға бөлейтін мерикалық әуенді айқын аңғаруға болатындай.

Ұлы драматург Б. Шоу «Әрбір талантты жазушы ең әуелі өз замандастары жайлы жазуы тиіс» деген екен. О. Бөкей де қолына қалам ұстағаннан-ақ, өз замандастарының мұңы мен қуанышын шынайы суреттеуге тер төккен қаламгер. Бұл ретте автордың өзі де «әйтеуір, не жазсам да өз заманымды, сол заманда табан ет, маңдай терін жұмсап жүрген қарапайым еңбек адамдарын тілге тиек емуге тырысамын деген болатын. Айтқанындай-ақ оның кейіпкетлері -«Қайдасың, қасқа құлынымдағы» Орал, «Өліарадағы» Қойшы, «Елең-алаңдағы» Зарлық, «Құм мінездегі» Бархан, «Мұзтаудағы» Ақтан, «Өз отыңды өшірмедегі» Дархан, «Сайтан көпірдегі» Аспан-өзіміз күнде араласып жүрген қарапайым замандастарымыз. /14. 4/

Кейіпкер болмысын табиғатпен байланыстыра суреттеу арқылы таныту да Оралхан Бөкей творчествасының өзіндік бір қыры десек керек. Осы орайда өзі де табиғаты тамылжыған таулы өлкеде туып өскен жазушының шынайы табиғат жыршысы болғанын айрықша атай отырып, оны-өр Алтай, асқар Алтайдың асқақ жыршысы десек те артық айтпағанымыз болар еді.

Жазушының творчествалық толысқанын, өскенін, нығыз реалистік, психологиялық прозаға тән арнаға түскенін айқындайтын дүниелері-1984 жылы жарық көрген «Біздің жақта қыс ұзақ» атты кітабына енген шығармалары. Бұларда да жазушы өз заманы, замандастары туралы терең толғаныстарға барып, олардың жан-дүниесіне үңіліп, адам-жұмбағының ішкі әлеміндегі жықпыл-қалтарыстарын ашуға ұмтылады. Осы кітабы үшін автордың Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығына ие болуы да тегін болмаса керек. Бұл - жазушы еңбегінің лайықты бағасы.

Оралхан Бөкейдің «Ауыл хикаялары» деп аталатын әңгімелер топтамасы өмірдің өзінен бұзбай алынған мөлтектігімен, жан тазалығымен, шындыққа қылдай қиянаты жоқ әділдігімен оқырманды баурап алады. Оралхан Бөкей романтик суреткер, бірақ оның өмірге сүйіспеншілікпен өрілетін тұңғиық романтизмі реализмге қиғаш келмейтін тектілігімен қымбат, қызыл сөздің шылауында адасып кетушіліктен аулақ мағына- мазмұндылығымен құнды.

Оралханның прозасының бағыты реалистік болғандықтан, тіптен бұл шағын әңгімелерді очерк деуге болар ма еді, бірақ оған олардың көркемдік қасиеті рұқсат етпейді. /5. 6/ Кезінде әдебиетші талаптан Ахметжан Оралханның ақындық арыны мен сезім шынайылығын көрсете білудегі даралығы турасында: «Оралхан Бөкей - ақын. Гүлден де, нұрдан да жүректі дір еткізер сезім іздемеген адамнан өміршең өлең тумайды. Әуелі өз жүрегі елжірей егіліп, көзімен көрген көрінісін көңіл көрігінен өткізіп алмаған сөз зергері жүйе-жүйеңді балқытатын сары алтындай сұлу сөзді қайдан таппақ? Сөз сезімнен шығып, жүректің жылынына шарпылғанда ғана көңіл жатталып, қарасаң көз тоймас көркем өрпекке айналмақ»/6. 4/ - деп шынайы бағамдаған.

Орыс әдебиетінің классикалық үлгілері И. С. Тургенев, А. П. Чехов, И. А. Бунин прозасындағы қысқа жанрдағы дәстүрден бастау алып, төл әдебиетіміздегі Бейімбет Майлин, Ғабит Мүсірепов сынды үлкен жазушылардың шығармашылығындағы дамып жетілген көркемдік тәсіл Оралхан Бөкей прозасында көрініс табуы тегін болмаса керек. XX ғасырдың II жартысындағы Орыс әдебиетінен Оралханды өзінің жерлесі, Алтайдың арғы жағында, туған Қатон-Қарағайына қол созым жер тиіп тұрған жерде туып-өскен Василий Шукиннің деревниялық прозасымен тамырлас, өзектес, рухани туыс деу артықшылық етпейді. Тағы бір тамаша орыс жазушысы Юрий Казаков тәрізді осынау екі жазушы да қарапайым жандардың адамшылыққа толы ұмытылмас бейнелерін сомдады., бұл үшеуінің де кейіпкерлер жан тазалығымен, өркениеттің тасжүрек есепқой қыспағына көнбеген табиғи жаратылысқа адалдығымен ерекшеленер еді.

«Ауыл хикаяларының» негізгі қозғаушы күші - жарқын күлкі, кәдімгі өмірсүйгіш, жарасымды күлкі.

Жазушы қаламының жұмсақтығына, шеберлігіне жан сүйінеді, тіпті, бір қарағанда, өкініші күштірек, күлкіге татымайтын оқиғаны юмордың жасампаз, саф таза керуен сарайына айналдырып дөңгелетіп жібереді, өйткені автордың адам баласына деген мейірімі, мейірі артық, ол адам баласын ең жаман әдесіздігі мен қылығы үшін де ақтап алғысы келеді. Әдетте бұл қасиет үлкен суреткерлерге тән қасиет, адам баласына деген айрықша мейірім шығармашылықтың негізі болса керек.

Оралхан Бөкейдің «Қайдасың, қасқа құлыным!» деп аталатын жинағына 30 астам әңгімелер енген екен. «Қайдасың, қасқа құлыным» деп айдар таққан жинақ бар қазақтың жүрегіндегі мұңын, шыбын жанын шырқыратқан құлын дауысын әлемге жаңғыртты.

«Ауыл хикаялары» ауыл адамдарының ауыр тұрмыс-тіршілігінің дара сипатты көріністеріне тұнып тұр. «Көк тайынша», «Апамның астауы», «Құмар қол бұлғапты», тағы басқа ауыл әңгімелері қазақ тіршілігінің қайталанбас суреттерін бедерлеп түсіргендіктен де болар, біздіңше ұзақ жасап, уақыт өткен сайын оқырман жанына ыстық тартар шағын-шағын қорғасындай шымыр құймалар. Әрі соның бәрінде Оралханның өз қолтаңбасы айна қатесіз атойлап тұрады.

Романтикалық рух, ақындық асқақ пафос нәшіне қарап романтикалық сарындағы жазушыға балау басым қалыптасады. Өмірдің, жаратылыстың бұла сұлулығын, тіршіліктің тума тынысын сезінген суреткер жүрегінің хатқа түскен лүпілі әдепкіде солай көрінетініне де көп күмән келтіруге болмас. Бірақ, қауымның, қоғамның, адамның тұрмыс-тіршілігінің көркемдік-әлеуметтік табиғатын, жаратылыс заңдылықтарын таратып, талдауда ғұмыр жігін әріден жіті көзбен алатын сезімі сергек, парасат-пайымы терең нағыз реалист қаламгер. Қазақ психологиясын, қауым тірлігін, өмірді жақсы жете танып-білген зерделі суреткер. /2. 110/

Оралхан Бөкей әңгімелерінің басында тұрған «Көк тайынша» атты дүниесі қазақ әдебиетінде еліктеу мен қайталауды сөзсіз тудырмай қалмаған аса тұщымды, тамаша әңгіме. Әңгіме жанры бір ғана көңіл-күйдің, эмоцияның, бір идеяның жемісі. «Көк тайыншада» ұлттық мінез, психология, салт-сана жарқырап көрінуімен тәнті етеді. Бұл әңгімеде автор көк тайыншаның жоғалу жайын, жалпы тайыншаны іздеу кезіндегі тергеуші В. В. Окинковтың марғау әдеттерін әжуалай көрсетеді. Әңгіме соғңына қарай тайыншаны ұрлаған өздерінің құдалары болып шыққанын әңгімелей келе, дархан қазақ халқына тән бауырластық, кеңпейілділікті, ізеттілікті әке бойынан көрсетіп, жалпы қазақи болмысты тамаша сипаттайды.

Оралхан - жазушы. Жазушыға тап осы бір өзін зор тұту мінезі ана сүтімен берілмесе, ол қалам ұстап тумаған да болар еді-ау! Яғни өзімшілдік пен менмендіктің творчестваға тигізетін еш зияны жоқ. Сірә, жазуға, сомдауға келгенде бұл қасиетте обал, сауап деген атымен болмайды. Немесе «Көк тас көк тайыншаның қанына былғанған. Көзі алайып, күзгі ашық аспанға тесіле қарап кесілген бас, серейіп төрт сирақ жатыр». Бұл сөйлемді тұтасымен траткомедиялық сарында десек қателеспейміз. Бұзаулы сиыр болып, сүтке қарқ қылады, тұқымы асыл деп мәз болып жүрген жас тайыншаны күтпеген жерден ұры-қары ұрлап сойып алғаны, тіпті «бастаудың суын ластап, ішек-қарнына дейін аршып» әкеткен басынған қылығы иесінің қабырғасына қатты батады.

Әңгімедегі санаулы кейіпкердің барлығы да өзіне лайық емес бір ауыз сөз айтпайды, жасандылық, сөз айныту, жалған эпизод мұнда ырымға жоқ.

Ең тамашасы, осы әңгімедегі жоғалған малды жеті ай іздегенде бар бітірген шаруасы шалдың үйіне келіп ет жеп, шай ішіп, үй иелерін тергеп аттанумен шектелетін аудандық милиционер де, кемпір мен шал да, қыл аяғы әлгі тайыншаны өз құдасынан ұрлап жеген құда бейнесі де кеңпейіл, бауырмал, адамшылық қалыптарынан асатын сұмдыққа жоқ адамдар.

Әсіресе, ұрлықшы құда: «Екі дүниеде де ризамын сізге. Біле тұра тіс жарып ешкімге айтпадыңыз. Мені мойындатып, аяғыңызға жыққан-дәтіңіздің беріктігі. Басқа біреу болса ғой, қалмақ қайта шапқандай мұқым ауданға жар салар еді. Рахмет сізге, құдайдың құдіреті, бала жастан әдетім- бірдеме ұрламасам, тыныш ұйықтай алмаймын. Жоқ дегенде, өз қойымды өзім қорадан ұрлап шығып, тауға апарып сойып әкелетінімді қайтерсіз. Енді осымен бітті. Сіз үнсіздігіңізбен, шыдамдылығыңызбен жеңдіңіз мені» /8. 13/ -деуінің өзі оқырманының зейінін, қызығушылығын тудырып, қарапайым жанның өз қателігін мойындауын, ақ адал кешірім сұрауын айта отырғызып, ырза етеді.

Жазушы өмірдің тап сондай ақжарқын келбетін сүйіп ұнатып, соны қызықтайтынын жасырмайтын тәрізді. Ал, «Маңдайдан бағың шайқалса» әңгімесінде өз ауылдасы Шаған жайында сыр толғайды. Жеті баланың әкесі Шағанның ұйып отырған отбасының арақ кесірінен шайқалғанын, кезінде ауылдастарының арасынан маңдайының бақ жұлдызы жарқырап, үлгі тұтарлық палуанның ащы суға аз-аздап елітуінің, ақыр соңында мұрттай ұшқан бағының салдары жары Жазираның абақтыға жапқызуы, бұған ерегіскен Шағанның одан зор араққа салынуы, сөйтіп отбасының ойран болуын баяндайды.

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Оралхан Бөкей әңгімелеріндегі әлеуметтік талдау
Атау кере шығармасын талдау
Оралхан Бөкейдің Атау кере шығармасындағы еліктеу сөздердің қолданысы
Психологиялық талдаудың көркемдік қызметі
Әдеби тіл және жалпыхалықтық тіл жайлы
Оралхан Бөкейдің монологтары
Көркем әдебиеттегі аңыз және мифтің мәні
Кеңес дәуірі әдебиетіндегі әңгіме жанры
О.Бөкеев, Д.Исабеков повестеріндегі подтекст мәселесі
1980-90-ыншы жылдардағы қазақ әңгiмесi
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz