Қазақстан Қызыл кітабына тіркелген өсімдіктер
Кіріспе
Жұмыстың өзектілігі: Қазақстан Қызыл кітабына тіркелген өсімдіктер
біздің территориямызда әлі де болса көп екендігі рас. Оларға сирек
кездесетін немесе жойылып бара жатқан түрлерді кіргізеді. Солардың
қатарына лалагүлділер тұқымдасын жатқызуға болады . Осы өсімдіктерді
тиімді пайдалану жолдары мен маңызын көрсетіп қана қоймай. Оларды қорғау
үшін қандай қорғау шаралар керек екенін біліу қажет. Сол себепті осы
тұқымдасқа қандай өсімдіктерді жатқызуға болатынын білу керек.Табиғатта
пайда болған әрбір түр өзінше бірегей және ешқашан қайталанбайды, сондықтан
да оның жойылуы - орны қайта толмайтын нәрсе және де бұл жоғалту
қауымдастықтың бүтіндігі мен табиғаттағы жалпы тепе – теңдіктің бұзылуына
әкеп соғады. Сондықтан да қазіргі кезде табиғатты қорғау мәселесі
дүниежүзілік мәселеге айналып отыр. Бұл мәселе бүкіл әлемде маңызды
мемлекеттік мәселе ретінде қаралады. “Қазақстанның Қызыл кітабының” әрі
танымдық, әрі тәрбиелік мәні зор. Ол жастарды табиғатты аялай білуге, оның
қамқоршысы болуға тәрбиелейді [1].
Жұмысының мақсаты: Қазақстаның қызыл кітабына енгізілген
Лалагүлділер тұқымдасының түрлерімен танысып, табиғатта таралу аймағын
анықтау.
Жұмыстың міндеттері:
1. Қызыл кітапқа енген лалагүлділер тұқымдасының түрлерін анықтау.
2. Қызыл кітапқа енген лалагүлділер тұқымдасына биологиялық
анықтама беру.
Негізгі бөлім
1.1 Қазақстанның Қызыл кітабына сипаттама
Қызыл кітапқа сирек кездесетін, жылдан жылға азайып не жойылып бара
жатқан және айрықша қорғауды қажет ететін жануарлар мен өсімдіктердің
түрлері тіркеледі. 1902 жылы Париж қаласында алғаш рет Құстарды қорғаудың
халықаралық конвенциясына қол қойылды. 1948 жылы ЮНЕСКО-ның жанынан
Халықаралық табиғат қорғау одағы ұйымдастырылды. Халықаралық табиғат қорғау
одағының Қызыл кітабы 1966 жылы тұңғыш рет 2 том болып шықты. Оның 1-
томында сүтқоректілердің 211 түрі, 2-томына құстардың 312 түрі туралы
деректер берілді. Бұл кітап күнтізбе парақтары тәрізді арнайы жасалды,
түрлер 4 категорияға топтастырылды. Қазақстанның Қызыл кітабы – Қазақстан
Республикасы аумағында жойылып кету қаупі төнген және сирек кездесетін
жануарлар мен өсімдіктердің сипаттамасы берілген арнайы басылым. 1978
жылдан бастап шығарыла бастады. Оның омыртқалы жануарларға арналған бірінші
бөлімі жеке кітап болып 1978 жылы жарық көрді. “Қазақстанның Қызыл
кітабының” екінші бөлімі 1981 жылы өсімдіктерге арналып
шығарылды.“Қазақстанның Қызыл кітабының” бірінші басылымына тіркелген
өсімдіктер мен жануарлар түрлері екі категория бойынша: А категориясы –
жойылып кету қаупі төнген түрлер; Б категориясы – сирек кездесетін
түрлер деп берілді. “Қазақстанның Қызыл кітабының” жануарларға арналған
бірінші басылымында омыртқалы жануарлардың 87 түрі: балықтың 4 түрі,
қосмекенділердің 1 түрі, бауырымен жорғалаушылардың 8 түрі, құстардың 43
түрі, сүтқоректілердің 31 түрі тіркелді.
1991 жылы “Қазақстанның қызыл кітабының”
толықтырылған екінші басылымы шықты. Кітаптың екінші басылымына омыртқалы
жануарлардың 129 түрі мен түр тармақтары тіркелді. Онда балықтардың 16
түрі, қосмекенділердің 3 түрі, бауырымен жорғалаушылардың 10 түрі,
құстардың 58 түрі, сүтқоректілердің 42 түрі мен түр тармақтары туралы
мәліметтер берілген. “Қазақстанның қызыл кітабының” екінші басылымында
алғаш рет омыртқасыз жануарлардың 105 түрі берілді, онда жәндіктердің 96
түрі, шаянтәрізділердің 1түрі, ұлулардың 6 түрі, құрттардың 2 түрі туралы
деректер тіркелген.
1996 жылы “Қазақстанның қызыл кітабының” үшінші басылымы қайта өңделіп, әрі
толықтырылып, қазақ тілінде шықты. Бұл үшінші басылымның бірінші томы
“Жануарлар”, оның бірінші бөлімі “Омыртқалылар” деп аталды. Онда омыртқалы
жануарлардың 125 түрі мен түр тармағы туралы деректер берілген.
“Қазақстанның Қызыл кітабының” үшінші басылымында тіркелген омыртқалы
жануарлар түрінің қандай отрядқа, қандай тұқымдасқа жататыны және әрбір
жеке түрге қысқаша қазақша, ағылшынша деректер берілген. Сонымен бірге
әрбір тіркелген түрдің суреті, Қазақстан аумағында таралуын көрсететін
карта және сол жануардың түріне қатысты ақпарат көздері (кітаптар,
мақалалар) көрсетілген. “Қазақстанның Қызыл кітабының” өсімдіктерге
арналған бірінші басылымында өсімдіктердің 307 түрі тіркелген. Онда
жабықтұқымдылардың 288 түрі,ашықтұқымдылардың 2түрі, қырыққұлақ
тәрізділердің 3түрі, мүктердің 3түрі, саңырауқұлақтардың 10түрі, қыналардың
1 түрі берілген.Қызыл кітапқа ресми енгізілген өсімдіктердің 16 түрі Батыс
Алтай мемлекеттік табиғи қорығының аумағында тіркелген. Алайда Алтай
ботаника бағының ғылыми қызметкері Ю.А. Котуховтың жұмысының нәтижесінде
сирек, осалдау және жойылып бара жатқан түр мәртебесіндегі тағы да 50 түр
анықталды. Адамдар мыңдаған жылдар бойы өсімдіктер мен жануарлар дүниесін
пайдаланып келді және де өзінің жан – жақты тіршілігінде жануарлар мен
өсімдіктердің пайдалы қорын қолданып ғана қойған жоқ, сонымен бірге
табиғатты өзгерту арқылы көптеген түрлердің өмір сүру жағдайларына әсер
етті. Табиғатқа антропогенді ықпал етудің әсерінен жер бетінде өсімдіктер
мен жануарлардың кейбір түрлерінің жойылу процесі басталды.
Табиғатта пайда болған әрбір түр өзінше бірегей және ешқашан
қайталанбайды, сондықтан да оның жойылуы - орны қайта толмайтын нәрсе және
де бұл жоғалту қауымдастықтың бүтіндігі мен табиғаттағы жалпы тепе –
теңдіктің бұзылуына әкеп соғады. Сондықтан да қазіргі кезде табиғатты
қорғау мәселесі дүниежүзілік мәселеге айналып отыр. Бұл мәселе бүкіл әлемде
маңызды мемлекеттік мәселе ретінде қаралады. “Қазақстанның Қызыл кітабының”
әрі танымдық, әрі тәрбиелік мәні зор. Ол жастарды табиғатты аялай білуге,
оның қамқоршысы болуға тәрбиелейді [1]. 1.2 Қызғалдақ
туысы (Тюльпан – Tulipa )
Қызғалдақ лалагүл тұқымдасына жатады (Liliaceae). Бұл шөптесінді
пиязшықты көпжылдық өсімдік, пиязшық, тамыр, сабақ, гүл және жапырақтан
тұрады. Өсімдіктің биіктігі 10 – нан 65 – см – ге дейін. Маусымдық дамуы
жағынан эфемероидтарға жатады[5]. Қызғалдақ Қазақстанның далалық
аймақтарында жиі кездеседі. Өсімдіктер өмірін зерттеушілердің айтуынша,
қазақ даласында қызғалдақтың 36 түрі бар, оның 18 түрі Қазақстанның
эндемигі болып саналады. Бұлардың биіктігі 3-50 см. Қызғалдақтың 18
түрі өте сирек кездесетін гүлдер. Қызғалдақтар Евразия
мен Солтүстік Африканың шөлді, жартылай шөлді және шөлейт аймақтарында
кең таралған. Жабайы түрлері Кавказда, Орта Азияда, Қазақстанның далалық,
жартылай шөлді зоналарда көптеп кездеседі. Қызғалдақтар Батыс Европаға
Түрік елінен таралған. Тюльпан түріктердің бас киімі – “Тюрбан” – деген
сөзінен шыққан. Қызғалдақтың мәдени түрлерін Голландия елінде көптеп
өсіреді [6].
Эфемероид – бұл жер беті мүшелері қысқа уақытта дамитын, ал жылдың
көп уақытында жерасты мүшелері ретінде сақталатын көпжылдық өсімдік. Бұл
термин эфемерлі деген сөзінен шыққан, яғни тез өтетін, қысқа мерзімді
дегенді білдіреді.
Сабағы үш түрлі болады: түбіртек, тамырсабақ, гүл және жапырақ өсетін
жынысты сабақ. Сабағы тік, цилиндр тәрізді, биіктігі 5 – 20 - дан 80 – 100
см-ге дейін. Сабағы жұмыр, тік өседі.
Жапырағы жалғыздықтан тік сабақты, жалпақтау немесе жіңішке айыл
тәріздес жапырақты, қоңыр қатты қабыршақ пен қоршалған жуашықты көпжылдық
өсімдіктер. Ұзынша таспа, жасыл немесе көкшіл сұр, тегіс немесе иректеліп
жиектелген және жұқа балауыз қабатты, кейде түкті[3]. Жүйкеленуі доға
тәрізді. Кезектесіп орналасқан және сабақты қоршап тұрады. Төменгі жапырағы
– ең үлкені, жоғарғы жапырағы – ең кішісі. Кейбір үлкен азиялық
қызғалдақтар (T.greigii, T.micheliana, T.mogoltavisa,) мен олардың бақтағы
түрлерінің жапырақтарының жоғарғы жағы көбіне күлгін – қоңыр, қара қошқыл
дақтар немесе сызықтармен, жолақтармен әшекейленген, бұл өсімдікке ерекше
сән береді. Ересек гүлдеп тұрған өсімдікте көбіне сабақтың төменгі жағында
өсетін 2- 4(5) жапырақ болады. Жас өсімдіктерде (бірінші гүлденгенге дейін)
тіршілік кезеңінің соңына қарай жалғыз жапырақ өседі. Тіршілік кезеңінде
ересек өсімдіктің орнын басатын пиязшығында жапырақ бастамасы қалыптасады
да, сөйтіп келесі маусымда қайта өсуін жалғастырады [5].
Гүлі әдетте біреу, бірақ көп гүлді түрлері де бар, мысалы, түркістан
қызғалдағы. Осылардан шығарылған кейбір бақ түрлерінің гүлсидамында 3 – 5
гүл немесе оданда көп болады. Гүлі дұрыс қос жынысты. Гүл серігі жалаң үш –
үштен қоңырау тәрізді болып орналасқан алты бірікпеген күлте
жапырақшалардан тұрады, алты аталық ұзарған тозаңдықтарымен ол да үш үштен
екі шеңбер түзеді, аналығы жоғарғы үш ұялы түйінмен, қысқа бағанда және
үшқалақты ауызды. Қызғалдақ бояуы сан алуан түсті: ақ түстен бастап, сары,
қызыл және екі, үш және оданда көп, оданда көп түстердің үйлесуінен тұрады.
Көбіне күлте түбі негізгі түстен бөлек, гүл түбі деп аталатын басқа бір
түсті болады. Қызғалдақ гүлі күн көзіне кеңінен ашылады, түнде немесе
бұлтты күні жабылады. Сәуір мамыр айларында гүлдейді. Гүлінің формуласы:
RP3+3 A3+3 G(3) [4].
Қызғалдақ гүлінің құрлысы:
1 – гүл серігі жапырақшалары 2
– тозаңдықтары
3 – аталық жіпшелері 4
– аналық түйіндегі ұрық бүршіктері 5
– аналық ауызы
Жемісі түйін тозаңданғаннан кейін көптұқымды үшқырлы жеміс қорапшасы
дамиды. Тұқымы жалпақ, үшбұрышты, қоңыр сары, қораптың әр ұяшығында екі
қатар болып көлденеңінен орналасқан. Тозаңданғаннан кейін екі ай шамасында
қорап жарылып, тұқымдары жерге шашылады [2].
Тамыр жүйесі пиязшығы дөңгелек немесе жұмыртқа тәрізді, тек ұсақ
еншілестері ғана жалпақтау болады. Пиязшық вегетациялық дамуына, көбеюіне
қызмет етеді, сонымен қатар тыныштық кезеңінен кейінгі дамуы мен өсуіне
қажетті қоректік заттарды сақтайды. Ол – түр өзгерген етті жапырақтары
(қабыршақтар жинайтын) бар қысқарған жер асты түбіртек.Бұл қабыршақтар
шеңбер бойымен бір – біріне тығыз орналасқан. Олардың саны қызғалдақ түріне
және пиязшық жасына байланысты, әдетте 3 – 4-еу. Қоректік заттар осында
сақталады. Сыртқы жауып тұратын қабыршақ пиязшықты сыртқы ортаның қолайсыз
жағдайынан (механикалық әсерлер, қолайсыз ауа райы) қорғайды. Гүлдеп
болғанан кейін пиязшық қоры түгесіліп тіршілігін тоқтатады ал оның орнына
еншілес жаңа пиязшық қалыптасады. Бұл бастама қор жинайтын қабыршақтардың
қуысында өтеді. Пиязшықтың ортасында келешек пиязшықтың бүршігі мен жапырақ
бастамасы және гүл бүршігі қалыптасады.Балапан бүршікшелері және тұқымдары
арқылы өсіріледі. Келер жылдың өсімдік бастамалары алмасатын пиязшықта
вегетация кезеңінде қалыптаса бастайды. Олардың өсуі күзде, тамырдың пайда
болуымен бір мезгілде басталады да, келер жылдың көктемінде аяқталады [5].
Қызғалдақ пиязшығының құрылысы:
1-жабын қабыршағы 2-
қор жинайтын қабыршағы 3-
еншілес пиязшық бүршік 4-
пиязшық түбіртегі 5-
алмасатын пиязшық бүршігі 6-гүл
ұрығы 7-жапырақ
бастамасы
1.3 Қазақстанның Қызыл кітабына енген қызғалдақтар.
1.4 Альберт қызғалдағы.
Альберт қызғалдағы (Tulipa alberti Regel – Тюльпан Альберта) –
лалагүлділер тұқымдасы, қызғалдақ туысына жататын жуашықты көп жылдық
шөптесін өсімдік. Сирек кездесетін, эндемиктік түрі. Қызғалдақтардың
көптеген басқа түрлері сияқты әр түрлі түстері жиі шағын жерде ғана
жиналады, сондықтан гүлдеп тұрған қызғалдақтар керемет әсер қалдырады.
Популяцияның тығыздығы төмен — ең қолайлы деген жердің өзінде орташа 1
шаршы метрде 16 дара өседі. Табиғи тіршілік ортасы бұзылмаған жерде —
популяцияның барлық кезеңдегі топтары кездеседі және жас шыбықтары көп.
Малды шектен тыс жаятын жерлерде түр саны азайып, жас өсімдіктер екі есе
төмендейді. Мәдени түрде бірінші рет 1877 жылы Санкт-Петербургте өсірілген
[8]. Биіктігі 12 – 20 см, пиязшығы жұмыртқа тәрізді, диаметрі 2 – 3 см,
қара қоңыр түсті, шамалы сопақшалау, қабығының ішкі жағы түкті (ұш жағында
қалыңдау) қабықты. Сабағы жоғарғы жағында гүл серігімен қоса үлпілдек
түкті; жапырақ саны 3 – 4, қайырылған, жақын орналасқан, көкшіл сұр,
үлпілдеген, жиегі кірпікшелі және бұйра, жоғарғы жағына қарай бірден
қысқарады, көбіне гүлден биік, төменгі жапырағы жалпақ сопақша немесе
эллипс тәрізді дерлік, ені 3 – 7 см. Гүлі біреу; гүл серігі қызыл, қызғылт
немесе ашық сары, түбі жағы сары, кейде қара дақты, сыртқыларының
ұзындығы 3,5 – 6 см, ішкілерінен шамалы ұзын, сырты түкті, бірден
үшкірленген түкті ұштары қайырылған, кері сопақшалы, ішкілері кері
үшбұрышты жұмыртқа тәрізді, түбіне қарай сына тәрізді, ойыс жоғарғы жағы
шұңқыр; аталығы гүл серігінен 2 – 3 есе қысқа; олардың жіптері жалаңаш,
сары, тозаңдықтары сары, жіптен шамалы ұзын; түйіні аталықтан шамалы қысқа,
жасылдау, аналық аузы орнықты; қорапшаның ені 2 – 2,5 см, ұзындығы 3 – 5
см. Сәуір – мамыр айларында гүлдейді. Қазақстанда таралуы: Аласа таудың
шағыл тастың баурайында өседі. Шығыста – Балқаш – Алакөл флористикалық
ауданында, Шу – Іле тауларында, оңтүстікте – Бетпақдалада, Қаратау тауы мен
шоқыларында кездеседі. Қазақстан Республикасының Қызыл кітабына
енгізілген [5].
1 – сурет. Tulipa alberti Regel – Тюльпан Альберта – Альберт қызғалдағы.
Шөлдік және Қаратаулық - екі түршесі бар. Қапшағай маңы, Шу – Іле
тауларынан Оңтүстік Бетпақдалада кездесетін Альберт қызғалдағының шөлдік
формасы қаратаулық түршесінен екі апта бұрын гүлдейді, бақта
өсірілгендері де осындай. Шөлде сары түсті қызғалдақтар басым кездеседі.
Бақта Альберт қызғалдағының шөлдік түршесін өсіру қиын. Қаратау тауында
Альберт қызғалдағы тығыз өсетін өсімдік, басым көпшілігі қызыл түсті (сары
түс өте сирек кездеседі) және оларды бақта өсіру өте оңай [5].
1.5 Биберштейн қызғалдағы.
Биберштейн қызғалдағы (Tulipa biebersteiniana Schult. & Schult. Fil.
– Тюльпан Биберштейна) – саны қысқарып бара жатқан түр. Украинаның
оңтүстігі мен ортаңғы бөлігінде, Қырым мен Кавказды қосқанда, Ресейде
таралған. Далаларда бұталар арасында және орман шетінде өседі. Қазақстан
үлгілері тек тұқым арқылы көбейеді, сондықтан түр саны гүл шоғырына
жинаудан азайып отыр. Популяцияға негізгі зиян жер жыртудан келеді. Батыс
Еуропа мен Солтүстік Америкада (ботаника бағы және жеке әуесқойлар) жиі
өсіріледі. Оңтүстік Қазақстан жағдайына төзімсіз, тез қурап қалады.
Наурызым қорығында қорғалады. Кеш гүлдейді, сәуірдің аяғынан мамырдың
аяғына дейін, маусым шілдеде жеміс береді. Тұқымымен көбейеді. Тиімді
декоративті түр, мәдени түрде жақсы өседі, тұқымымен төртінші жылы
гүлдейді. Ботаникалық бақтарда танымал және Батыс Еуропаның, АҚШ және
Канаданың жеке топтамаларында белгілі. Сұрыптауда қолданылмайды, бірақ
көгалдандыруда үлкен қызығушылық тудырып отыр, әсіресе Қазақстанның
оңтүстік елді мекендерінде[9]. Биіктігі 15 – 30 см, пиязшығы жұмыртқа
тәрізді, жуандығы 1 – 2 см, жұқа қабықты, қара қоңыр, ішкі жағының жоғарғы
және түп жағы қалың жатаған түкті қабықты [5].
Сабағы жалаңаш, жапырақ саны 2 – 3, қайырылған, сирек бүктелген,
жалаңаш, жиегі кейде кірпікшелі, гүлден аспайды, төменгісі шамалы
жалпақтау, сызықша таспа, ені 5 – 20 мм.
Гүлі біреу; гүл серігі сары, ұзындығы 2 – 3см, біртіндеп сүйірленген,
сыртқыларының сырт жағы күлгін реңді, таспа тәрізді, ішкілерінен 2 есе
жалпақ, ішкілері сопақша жұмыртқа тәрізді, түбі кірпікшелі, ұшы шамалы
сақалды; аталығы гүл серігінен 2 есе қысқа; олардың жіптері қалың түкті
сақиналы, тозаңдықтары ұзыншақ, жіптерінен 2 – 3 есе қысқа, ұзындығы 3– 4
мм, түйіні аталығынан қысқа, аналық аузы дерлік орнықты; қорапша ені 1 –
1,5 см, ұзындығы 1,5 – 2,5 см, ұшы сүйір. Сәуір – мамыр айларында
гүлдейді.Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген.
2 – сурет. Tulipa biebersteiniana Schult. & Schult. Fil. – Тюльпан
Биберштейна – Биберштейн қызғалдағы.
Қазақстанда таралуы: Далалы, шалғынды даланың ойпат жерлерінде,
орман алаңқайлары мен шетінде өседі. Жалпы Сырт сілемінде, Тобыл – Есіл,
Ақтөбе, Торғай, Мұғалжар, Батыс шоқыларында кездеседі.
Өзінің шығу тегі жағынан Биберштейн қызғалдағы орман қызғалдағының
диплоидты формасына T. sylvestris australis өте ұқсас, сірә содан шыққан,
кейде екеуін бір түрге біріктіреді. Биберштейн қызғалдағының далалық
популяциясы жоғалып кеткен бор ландшафтының қалдағы болуы әбден мүмкін
[15]. 1.6 Қосгүлді
қызғалдақ.
Қосгүлді қызғалдақ (Tulipa biflora Pall. – Тюльпан двуцветковый) –
Биіктігі 10 – 20 см, пиязшығы жұмыртқа тәрізді, жуандағы 1 – 1,5 см, қоңыр
немесе сұр қоңыр, қағаз сияқты, шамалы созылған және сабақ түбін қоршаған,
ішкі жағынан жұқа түкті қабықты. Сабағы жалаңаш,
жапырақ саны екеу, алшақ орналасқан, қайырылғаны өте сирек, тегіс,
сызықшалы, төменгісі едәуір жалпақ, ені 3 – 10 мм, гүлден шамалы биік.
Гүл саны 1 – 2, 6-
ға дейінгісі сирек: гүл серігі ақ, түбі сары, ұзындығы 13 – 25 мм,
сыртқылары таспа тәрізді, сырты күлгін түсті, түйір, түп жағы тарамды,
ішкілерінен 2 есе дерлік жіңішке, ішкілері сопақша жұмыртқа тәрізді, сүйір,
түбіне қарай біртіндеп жіңішкерген, тарамды, кірпікшелі; аталықтары гүл
серігінен екі есе қысқа, олардың жіптері сары, түбі түкті сақиналы,
тозаңдықтары сопақша, ұзындығы 2 – 3 мм, сары, ұшы сүйір, өте қысқа, түйіні
аталықтан сәл ғана қысқа, қорапша ені 8 – 13 мм, ұзындығы осындай немесе
шамалы ұзындау. Сәуір айында гүлдейді. Қазақстанның Қызыл кітабына
енгізілген. Қазақстанда таралуы: Далалы сортаңды жерлерде өседі. Тобыл –
Есіл, Ертіс, Каспий маңы, Торғай флористикалық ауданында кездеседі [5].
3 – сурет. Tulipa biflora Pall. – Тюльпан двуцветковый – Қосгүлді қызғалдақ
1.7 Борщов қызғалдағы.
Борщов қызғалдағы (Tulipa borszczowii Regel – Тюльпан Борщово) —
лалагүлділер тұқымдасының қызғалдақ туысына жататын көп жылдық жуашықты
шөптесін өсімдік. Сирек кездесетін эндемик түр.Торғай, Арал өңіріндегі
құмды шөлдерде, Солтүстік Қызылқұм және Бетпақдала шөлінің батыс бөлігінде
кездеседі. Соңғы жылдары Қызылкөл көлінің маңынан (Мойынқұм құмының батыс
бөлігі) табылған. Тек құмды, сазды және сазды - шағыл тасты шөлдерде өседі
[8].
Биіктігі 20 – 40 см, пиязшығы жұмыртқа тәрізді, жуандығы 2 – 4 см,
өте қатты көн тәрізді, қара қоңыр, қатты ұзарған (жер бетіне дейін), ішкі
жағы қалың түкті қабықты.
Сабағын түк басқан. Сабақтың жер беті бөлігі жерасты бөлігінен 1,5 – 2
қысқа, жалаңаш, жапырық саны – 4, алшақ орналасқан, қайырылған,көкшіл
сұр,гүлге дейін жетеді, төменгісі таспа тәрізді немесе сопақша таспа, ені
1,5 – 3 см. Гүлі біреу; гүл серігінің басым бөлігі сары, қызғылт сары
немесе қызыл,түбі екі жағынан да қара күлгін, сырты едәуір бозғылт дақты,
ұзындығы 3 – 6 см, ұшы қысқа түкті, сырты ромб тәрізді, ішкілері кері
үшбұрышты – жұмыртқа тәрізді, аталықтары гүл серігінен 2,5 – 3 есе қысқа;
жіптері жалаңаш, қара күлгін, тозаңдықтары да сол түсті, жіптеріне тең;
түйіні аталықтан шамалы қысқа, аналық аузы орнықты; қорапшасының жуандығы
1,5 – 2 см, ұзындығы 2,5 – 4,5см. Тұқым арқылы, жиі вегетативті көбейеді,
яғни гүлдеген және вегетативті даралардың шоғырланған тобын құрайды Сәуір —
мамыр айларында гүлдеп, мамыр — маусымда жемістенеді. Қазақстанның Қызыл
кітабына енгізілген.
4 – сурет. Tulipa borszczowii Regel – Тюльпан Борщово – Борщов қызғалдағы.
Кей мамандардың пікірінше Борщов қызғалдағы, Бем қызғалдағы (Tulipa
behmiana) және Леман қызғалдағы (Tulipa lehmanniana) үшеуі ортақ бір
ататекті өте жақын туысты шөл түрлері. Оларды көбіне бір түрдің туысы деп
есептейді. Борщов қызғалдағының туыс екі түріне қарағанда, пиязшық
қабыршағы едәуір түкті. Дегенменде түсі болмаса, айырмашылықтарын аңғару
мүмкін емес [5].
1.8 Қысқа аталықты қызғалдақ.
Қысқа аталықты қызғалдақ (Tulipa brachystemon Regel – Тюльпан
короткотычиночный) – сирек кездесетін эндемик түр. Биіктігі 15 – 35 см,
пиязшығы жұмыртқа тәрізді, жуандығы 2 см – дей, қара қоңыр, көн тәрізді,
ішкі жағының ұшы жатаған түкті қабықты.
Сабағы жалаңаш, жапырақ саны 3 – 4, төменгі жапырақтарының пішіні
қандауыр тәріздес, қайырылған, жалаңаш немесе шамалы кірпікшелі, төменгісі
таспа тәрізді, ені 2 – 3 см.
Гүлі біреу (екіден өте сирек ); гүл серігі сары, ортасында ұзынша
ашық қызыл түсті дақ, ұзындығы 3 – 4,5 см, әдетте доғал, сыртқыларының
арқа жағы күлгін реңді, таспа немесе сопақша, ішкілері кері сопақша;
аталықтары гүл серігінен екі есе қысқа, олардың жіптері жалаңаш, түбінен
біртіндеп жалпайып, ең ұшы бірден жіңішкерген, тозаңдықтары сары, жіптеріне
тең; түйіні аталықтан шамалы қысқа, аналық аузы орнықты дерлік. Сәуір –
мамыр айларында гүлдейді. Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген [5].
Қазақстанда таралуы: тек Жоңғар Алатауында – оңтүстік сілемдерінен
(Шеңгелді, Арқарлы, Алтынемел асуы, Түлкілі, Үсек, Текелі, Қоғалы, Қатутау
жотасы) солтүстік жотасының орталық бөлігіне дейін (Покатиловка елді
мекені маңы) және батыс сілемінде (Қотырқайың таулары Шаған шыңына жақын)
кездеседі. Таудың төменгі белдеуінде (теңіз деңгейінен 1700 метрге дейін)
шағыл тасты баурайларында, бұталар арасында өседі. Шегіргүлдің әлсіз хош
иісі бар, әсем де сәнді гүл. Мәдени өсірілуі туралы мәліметтер аз, дегенмен
1871 жылы Санкт – Петербургте бірінші рет Э.Л.Регель сынап байқаған. Алматы
жағдайында табиғаттан әкелінген пиязшықтары өсіп, гүлдеді де және жеті жыл
жеміс береді, ал екпе көшеттері бесінші жылы гүлдеді. Түрдің табиғаттағы
тығыздығы сирек (Үсек өзені аңғары), бір шаршы метрде жынысты жетілген
сегіз өсімдік өседі. Популяцияларының жағдайларын зерттеп, бақылауды қажет
етеді. Алтынемел ұлттық паркінде қорғалады[10].
5 – сурет. Tulipa brachystemon Regel – Тюльпан короткотычиночный - Қысқа
аталықты қызғалдақ.
1.9 Грейг қызғалдағы.
Грейг қызғалдағы (Tulipa greigii Regel – Тюльпан Грейга) -
лалагүлділер тұқымдасы, қызғалдақ туысына жататын көп жылдық пиязшықты
өсімдік. Саны қысқарып бара жатқан, сирек кездесетін түр. Биіктігі 20 – 50
см, пиязшығы жұмыртқа тәрізді, жуандығы 2,5 – 4 см, көн тәрізді қара қоңыр,
ішкі жағы, әсіресе түбі мен ұшы қалың түкті қабықты.
Сабағының жоғарғы жағы түкті, жапырақ саны 3 – 4, шамалы жақын
орналасқан, қайырылған, бұйра, көкшіл сұр, жоғарғы жағында көптеген күлгін
дақтары бар, жоғарғысы едәуір түкті, кірпікшелі, әдетте гүлге жетеді, ең
төменгісі сопақшадан жалпақ эллипске дейін тәрізді, ені 3,5 – 8 см.
Сыртқылары түкті, жұмыртқа тәрізді, жоғары жағы қайырылған, ішкісінен
шамалы қысқа, ішкілері кері жұмыртқа тәрізді; аталықтары гүл серігінен 3
есе қысқа, олардың жіпшелері жалаңаш, сары немесе қаралау, тозаңдықтары
сары, сирек күлгін, жіпшелерінен екі есе ұзын, түйіні орнықты ауызды;
қорапшасының ені 2 – 3 см, ұзындығы 4 – 6 см. Мамыр – маусым айларында
гүлдейді. Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген [5]. Мамандар Грейг
түрін қызғалдақ падишасы деп атайды. Себебі ол ең үлкен, әрі әдемі, әрі ең
аз кездесетін түрі болып саналады. Ол емдік қасиетімен де бағалы. Қызғалдақ
пиязшығының құрамында 50-60 пайыз крахмал мен қант бар. Бауыр ауруларына
таптырмайтын ем. Ол теңіз деңгейінен 2 300 – 2 400 метр биіктікте, тау
бөктерлерінде, жартылай субэкваторлық аймақтарда өседі. Оңтүстік өңірдегі
Түлкібас ауданындағы Қызыл төбешік деп аталатын аймақтағы Грейг
қызғалдағы бүгінде жоғалып, құрып кетудің аз-ақ алдында тұр. Облыстағы өзге
аймақтарда бұл түрі мүлдем кездеспейді [11].
Қазақстанда таралуы: Солтүстік шөлден (Қызылорда қаласының маңынан)
Батыс Тянь – Шань, Қаратау, Қырғыз жотасынан Шу –Іле тауларына және Іле
Алатауының шығыс бөлігіне (Қордай асуына) дейін кездеседі. Қазақстан
жерінен шамалы ғана шығады. Өзбекстан мен Қырғызстанның шекаралас
аудандарында ғана таралған. Тау етегі мен тау жазықтарында, шағыл түсті
және ұсақ топырақты, беткейлерде өседі, субальпі белдеуінің төменгі
шекарасына дейін көтеріледі. Гүлінің түсінің керемет алуан түрлілігімен
ерекшеленеді. Талас Алатауы мен Қаратаудың жекелеген сайларында кездескен
әр түрлі формаларын кейбір авторлар жеке түрге жатқызған. Тек тұқым арқылы
көбейеді. Табиғатта көшеті 10 – 12 жылдан кейін бірінші рет гүлдейді.
Әсіресе елді мекен маңындағы гүлдеп тұрған өсімдіктерді жаппай жинау, осы
маңдағы өсімдіктердің түгел жойылуына әкеліп соқты. Елдің бәрі біле
бермейді, Біздің грейг қызғалдағының ғылымға тек 1868 жылы ғана белгілі
болғанын, ал 1877 жылы ол Голландияда бірінші дәрежелі сорт дипломын алды.
Осы уақытқа дейін осы түрдің қатысуымен табиғи сұрыптау және будандастыру
әдістері арқылы қызғалдақтың 300-ге жуық мәдени сорты алынды [16]. Қазіргі
жүйелеу бойынша олар Грейг қызғалдағы және оның будандары атты ерекше
класқа бөлінеді. Сондықтан Қазақстан халқының алдындағы ең жауапты міндет
тек табиғатта біздің ландшафтың әшекейін қорғап қана қоймай, табиғи сорттың
бағалы көзін қорғау болып табылады. Қорғалатын жерлерде (Ақсу – Жабағылы
және Қаратау қорықтары, Берікқара мен Қызылтау қорықшалары) түр өзін жақсы
сезінеді. Кейде оның тығыздығы бір шаршы метр жерде 150 дараға дейін
жетеді, оның алпысы гүлдейді. Осындай керемет көріністі қызықтау үшін
Қазақстанға жыл сайын Англиядан, АҚШ-тан, Германиядан, Жапониядан және т.б.
елдерден жүздеген адамдар келеді [11].
6 – сурет. Tulipa greigii Regel – Тюльпан Грейга - Грейг қызғалдағы.
1.10 Алакүлте қызғалдақ.
Алакүлте қызғалдақ (Tulipa heteropetala Ledeb. – Тюльпан
разнолепестный) - лалагүлділер тұқымдасына жататын қызғалдақ туысының бір
түрі, көп жылдық баданалы өсімдік. Сирек кездесетін түр. Биіктігі 10 – 20
см, пиязшығы жұмыртқа тәрізді, ішкі жағының жатаған түкті қабықты.
Сабағы жалаңаш; жапырақ саны екеу, өте алшақ орналасқан, қайырылған,
сызықты, жалаңаш, тегіс, төменгісі едәуір жалпақ, ені 5 – 7 мм, гүлден
аспайды.
Гүлі біреу, тік сабақты; гүл серігі сары, ұзындығы 17 – 25 мм, ұзын,
өте сүйір, жалаңаш, сыртқылары таспа тәрізді, сырты күлгін, ішкілерінен 1,5
есе жіңішке, ішкілері сопақша, біртіндеп жіңішке, ұзын тырнақшаға созылған;
аталықтары гүл серігінен 1,5 есе қысқа, олардың жіпшелері сары, жалаңаш,
ортасынан төмен кеңейген, тозаңдықтары сызықты сопақша, ұзындығы 5 -6 мм,
сары; түйіні аталықтарына тең, бағаны ұзын. Сәуір айының соңы мен мамыр
айында гүлдейді. Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген [5]. Қазақстанда
таралуы: Тарбағатай мен Алтай тауларында кездеседі. Қазақстан жерінен тыс
Шығыс және Батыс Сібірдің оңтүстігінде анда – санда кездеседі. Далалы,
шөлейтті, жиі тау етегінен басына дейін тасты баурайларында өседі. Кейбір
мамандар бұны дарагүл қызғалдақпен бір деп есептейді. Бірақ бұның сабағы
ұзындау, жапырақтары алшақ орналасқан және сүйірлеу, гүл серігі
жапырақтарының ұшы доғал емес. Табиғи популяциялары оқшауланған, әдетте
көлемі бірнеше ондаған шаршы метр жерді алып жатады. Кейде тығыздығы бір
шаршы метрде 10 – 33 жынысты жетілген дараларға жетеді. Мәдени өсірілуі тек
Қазақстан ботаника бақтарынан белгілі. Екпе көшеттері бесінші жылы
гүлдейді. Марқакөл және Батыс Алтай қорықтарында, Қатонқарағай ұлттық
паркінде қорғалады [11].
7 – сурет. Tulipa heteropetala Ledeb. – Тюльпан разнолепестный - Алакүлте
қызғалдақ .
1.11 Кауфман қызғалдағы.
Кауфман қызғалдағы (Tulipa kaufmanniana Regel – Тюльпан
Кауфмановский) - лалагүлдер тұқымдасы, қызғалдақ туысына жататын көп ... жалғасы

Ұқсас жұмыстар
Пәндер
- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.
Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz