Мағжан Жұмабайұлы шығармаларындағы тарихи тұлғалар бейнесі


Курстық жұмыс
Мағжан Жұмабайұлы шығармаларындағы тарихи тұлғалар бейнесі
Жоспар:
Кіріспе3
1. М. Жұмабайұлының өлеңдері мен әдеби-сын зерттеулеріндегі тұлғалар галереясы . 5
1. 1. Ақын өлеңдеріндегі тұлғалар бейнесі . . . 5
1. 2. Қаламгер зерттеулеріндегі тұлғалар сипаты . . . 7
2. М. Жұмабайұлы поэмаларындағы тарихи тұлғалар бейнесі………. 14
2. 1. «Батыр Баян» поэмасындағы тарихи тұлғалардың суреттелуі………. 14
2. 2. «Оқжетпестің қиясында» поэмасындағы Кенесары образы. 19
2. 2. «Ертегі» поэмаларындағы Сыздық Сұлтан бейнесі. . 22
Қорытынды. . 25
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі. . 28
Кіріспе
Жұмыстың жалпы сипаттамасы.
Зерттеуде Алаш әдебиеттанушысы, сыршыл ақын Мағжан Жұмабайұлының «Атақты ақын - сөзі алтын хакім Абайға», «Бернияз Күлеевке», «Жамбылға» өлеңдеріндегі және Міржақып, Х. Досмұхамедұлы, Ж. Досмұхамедұлы, А. Байтұрсынұлы, Ә. Бөкейханұлы эпиграммаларындағы алаш ақындарының басты тақырыптарын, «Ақан сері», «Базар жырау», «Бернияз Күлеев, «Әбубәкір ақсақал Диваев» әдеби-зерттеу еңбектеріндегі тұлғалар сипатын, нәрлі мұраларындағы, оның асқақ пафосты «Оқжетпестің қиясында» поэмасындағы Кенесары образын, «Батыр Баян» поэмасындағы тарихи тұлғалардың суреттелуін, «Ертегі» поэмасындағы Сыздық Сұлтан бейнесін ашуы қарастырылады.
Зерттеу тақырыбының өзектілігі.
Алаш идеясы - ұлтты біріктіруші, тұтастырушы идея ретінде қашан да қазақпен бірге жасайды десек, онда сол орасан мақсатты орындау үшін қазақтың тілі мен мәдениеті, өнері мен әдебиеті, тарихы мен салт-дәстүрі, айналып келгенде, қазақты ел ететін, мемлекет ететін рухани қазынасы Қазақ елінде айрықша орынға ие болу керек. Мағжан үшін ғана ерлік идеялы, ар ұланы Кенесары хан болып қоймаған, сонымен қатар Алаш елінің ерлік идеялы, ар ұланы Кенесарының ұлт, рух дүниесіне сіңірген еңбегін бағалау зерттеу-зерделеу шынайы Қазақ ұлтының парызы, борышы. Осы орайда Мағжан мұрасының нәрі - оның «Ақан сері» мақаласыдағы Ақан ақындығы, өмірі, шығармашылығы туралы тың деректер, «Оқжетпестің қиясында» поэмасында сомдалған ар-ождан, Алаштың өрені - Кенесары тұлғасын зерттеудің өзектілігін тереңдете түседі.
Тақырыптың зерттеу нысаны ретінде Мағжан Жұмабайұлының үш томдық шығармалар жинағы, «Батыр Баян» (1998), шығармалар жинағы (1989), ғалымдардың осы кезеңге байланысты әдеби-зерттеу еңбектері негізінде алынды.
Зерттеу пәні. Зерттеу барысында М. Жұмабайұлының түгел шығармашылығындағы тұлғалар бейнесін ашу үшін тұтастай туындылары зерттеу пәні ретінде алынды.
Зерттеу жұмысының мақсаты мен міндеттері.
М. Жұмабайұлының әдеби-зерттеу еңбектеріндегі тұлғалар галереясын ашып, «Батыр Баян», «Оқжетпестің қиясында», «Ертегі» поэмаларындағы сомдалған тарихи тұлғалар образын жасаудағы шеберлігін таныту зерттеу жұмысының басты мақсаты болып табылады.
Осы мақсатты жүзеге асыру үшін зерттеу жұмысының алдына мынадай міндеттер қойылды:
- Ақын өлеңдеріндегі тарихи тұлғалар бейнесін айқындау;
- Қаламгер зерттеулеріндегі тұлғалар сипатын ашу;
- «Батыр Баян» поэмасының тақырыбы мен идеясын ашу. Поэмадағы тарихи тұлғалардың суреттелуін анықтау;
- «Оқжетпестің қиясында» поэмасындағы Кенесары образын ашу; Поэмадағы Кенесары хан образы мен тарихта хан бейнесін өзара сабақтастырып көрсету;
- «Ертегі» поэмасындағы Сыздық Сұлтан бейнесін ашу;
Зерттеу жұмысының жаңалығы.
Зерттеу жұмысында Мағжан Жұмабайұлының әдеби-зерттеу еңбектері мен поэмаларындағы тарихи тұлғалардың бейнесін беру шеберлігі алғаш рет нысанаға алынды. «Оқжетпестің қиясында» поэмасында Кенесары хан образын сомдаудағы шеберлігі айқындалуымен, тарихи тұлғаларға алғашқылардың бірі болып құнды баға беруі дәлелденіп отыр.
Зерттеу әдіс-тәсілдері
Зерттеу жұмысын жазу барысында алға қойған мақсаттар мен міндеттерді орындау үшін тарихи-функционалдық талдау, тарихи-салыстырмалы сипаттау, проблемалық жүйелеу, жинақтау әдіс-тәсілдері пайдаланылды.
Курстық жұмыстың құрылымы
Курстық жұмыс кіріспеден, екі бөлімнен, қорытындыдан, пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.
1. М. Жұмабайұлының өлеңдері мен әдеби-сын зерттеулеріндегі тұлғалар галереясы
1. 1. Ақын өлеңдеріндегі тұлғалар бейнесі
Мағжан ақын халықтың тарихи зердесін оятып, ұлттық намысы мен ұлттық рухын сілкіндірудің қажеттігін, ортақ мүдде жолында топтасқан ұлттың ғана азаттық алып, әлемдік өркениеттік қауымдастық қатарына бәсекеге қабілетті болып қосыла алатынын осыдан бір ғасырға жуық уақыт бұрын-ақ түйсініп, өршіл жырға айналдырып, айта алған.
«Елім» деп еңіреп, әділеттік жолда жалынды жырын жалау еткені үшін тарихтың «ақтаңдақ» бетінен орын алған сөз шебері М. Жұмабайұлының өрелі ойының терең иірімдерінен тамаша суретті сөздер өріледі [1, 262] . «Түркістан», «Ескі Түркістан», «Орал», «Көкшетау» атты өлеңдері арқылы сүйікті оқырмандарын елін, жерін сүюге баулиды. Туған ұлтын, халқын сүюі түбі бір туысқан жұртты туысқан тартумен сабақтас құбылыс болғанын «Тұранның бір бауырында», «Қырғыз, қазаққа», «Еділде», «Алатау» атты жырларынан аңғартады [2, 159] .
Ғалым-зерттеуші А. Ісмақова М. Жұмабайұлының өз заманының абызы Жамбылға 24 шумақ өлең жазған деген дерек [3, 324] айтады. 1937 жылы Жамбыл атағы кеңінен танымал болған кезде, қарт ақыннан рухани демеу күткен Алаш ақыны аталған өлеңін арнаған екен. Содан «Жамбылға» өлеңінен сақталғаны келесі шумақ қана:
… Жан аға! Шықтым өлімнен,
Халімді менің көрсейші.
Жаның нұрға көмілген,
Нұрыңнан ұшқын берсейші! [4, 116]
Мағжанның эпиграммаларында әдебиетшілердің, Алаш ақындарының басты тақырыптары қамтылған: «Мадиярға», «Жаһанша Досмұхамедов пен Халел Досмұхамедовке», «Ахмет Байтұрсыновқа», «Әлиханға».
М. Жұмабайұлының Абайтануға қосқан үлесі де нақты. Алаш ақыны «Атақты ақын сөзі алтын - Хакім Абайға» атты өлеңінде Алаш абайтануының негізгі ұстанымдарын айқындап береді. Өлең 1912 жылы «Шолпан» жинағында басылған. Алаш әдебиетшілері Абайды қорғауды өздеріне міндет қып қана қоймай, оның Хакім Абай екенін айғақтаған. Мағжан ақын Абайға нақты кәсіби дәлелденген баға берген. Аталған өлең - тәуелсіз кездің әдебиеттануына қосылған үлес екені де даусыз.
Шын хакім, сөзің асыл - баға жетпес,
Бір сөзің мың жыл жүрсе, дәмі кетпес.
Қарадан хакім болған сендей жанды
Дүние қолың жайып енді күтпес, -
деп Мағжан ақын хакім ұғымын өлеңімен таңбалап кеткен.
«Адам тағдырын тәрбие шешеді, тәрбие құралы - сөз» [1, 16] деп заманымыздың белгілі ақыны Олжас Сүлейменов айтқанындай, жастарды тәрбиелеуде сөздің құдіретті күшін пайдаланудың маңызы зор екендігін сезінген ақын өнегелі, өрелі асыл сөздерін кейінгі ұрпаққа сыйлайды.
Профессор Шериаздан Елеукеновтің: «Әдебиет идеясы өмірден туындайды. Идеяны жеткізетін тіл. Ол суреткердің дүниетанымына сәйкес құйылады, саяси, философиялық, эстетикалық тұрғысына қарай өріледі. Тілі ғана пайдалы, басқасының мәні жоқ деуге келмейді. Әдебиеттің бір ғана таптың меншіктеуіне көне бермейтіні көркем идеяның тек саяси көзқарастан туындамайтындығында болса керек» [1, 262] деген ойы поэзия әлемінде айрықша із қалдырған өзіндік үлкен өнер, өрнек тудырған, терең сырға, ұшқыр қиялға толы өлең дүниесін кейінгіге аманат еткен Мағжан Жұмабаев шығармаларын талдауға мұрындық болғандай.
«Мағжан өз тегін де, өз жерін де ардақтаумен өткен, өмірдегі азаматтық орнын ардақтауға ұмтылған, өлең сөзді асыл маржандай терген, сұлу жырымен оқырман жүрегін баураған, ал өзі болса, өне бойы қапаста, қайғы мен қасіретте өмір кешіп, ақырында мүлт кеткен, өзі айтатындай, соры арылмаған халқының зарлы перзенті» [5, 35] . Сөз құдіретінің сырын ашып, өз өлеңдерінде көркемдегіш құралдарды орынды да, ұтымды пайдаланып, сөз саптау шеберлігін танытқан ақын «Әрбір ірі жазушының шеберлігінің өзгешелігі көбіне-көп оның шығармасынан көрінеді». «Көркемдік дегеніміз әрбір сөздің орынды қолданылуының ғана емес, өте қажеттілікпен, зәрулікпен қолданудың белгісі және сөз дегенің мүмкін болғанша аз жұмсалуы керек» [1. 65] деген ғалымдардың ойын дәлелдегендей.
Қорыта айтқанда, Мағжан Жұмабаев - қазақ поэзиясында жарқын жырларымен от шашып, өшпес із қалдырған тұлға. Көркем сөзбен көрікті өлеңдерді әдебиетіміздің әлеміне сыйлаған ерек жан.
ХХ ғасыр алып тұлғаларының шығармашылық тағдырын зерттеуші, академик Рымғали Нұрғалидың сөзімен айтсақ: «Мағжан поэзиясы мәңгі өлмес, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасар алтын көпір, асыл қазына, інжу- маржаны махаббат, сүйіспеншілік, ғашықтық стихиясының сан алуан тылсым, жұмбақ күйлерін шерткен, терең ақындық шабыттан толқып туған, адам жүрегінің мың сан дірілін шеберлікпен бейнелеген, ішкі мазмұны мен түр кестесі жымдаса ұласқан, ықшам, жинақы, жұп-жұмыр жауһар дүние» [6, 93] .
- Қаламгер зерттеулеріндегі тұлғалар сипаты
М. Жұмабайұлы алаш замандастары сияқты ақындығы, жазушылығымен қатар әдебиетті таныту ісіне де араласқан. Әдебиеттанулық еңбектері: «Ақан сері», «Бернияз Күлеев», «Базар жырау», «Әбубәкір ақсақал Диваев».
«Ақан сері» мақаласы «Сана» журналының 1923 жылғы 1-санында (1924, №2, 3) жарияланған. Мәліметтерді ақын 1922 жылы Көкшетау сапарында жинаған. Бұл көлемді мақала Ақан серінің ақындығы, өмір жолы, тұтас тұлғалығына қатысты қазақ әдебиеттануындағы тұңғыш зерттеу екенімен құнды. Аталған мәселелер нақты тарихи негіздерге құрылған, ол туралы ақын былай деген: «Ақын туралы білгендерін айтып һәм жазып берген Мырзаұлы Баялы, Шыңғысұлы Қоқыш, Бозайұлы Ысмағұл ақсақалдарға һәм Самыратұлы Қазыға көп рақмет айтамын». Ақынның туған жері «Абылай хан ордасы құрылған, Кенесары, Наурызбайға отан болған Көкшетау - Алаштың ақындығының да ордасындай жер еді, - дейді Мағжан «Ұшы, қиыры жоқ сары дариядай жер еді», - ортасында көгерген Көкшетау» туралы [4, 194] .
Әдебиетші осы мекеннен шыққан ақындарды атап өтеді, олар: «Кең сабаның қорындай Бертағынның баласы - Орынбай, екі аяқты адамның ділмары, улы тілді - Соқыр Шөже, Тойлыбай бидің ұлы - Арыстан, үні зарлы - Атығай Соқыр Тоғжан, терең ойлы - Атығай шал, аспанға өрлеп ән шырқайтын - Біржан сал, өмірі ертегідей - әдемі Ақан сері - осылардың бәрі сол күңіреген Көкшенің маңайында туып-өскен ақындар» [4, 194] . Осылардың ішінен Мағжан Ақан серіні бөліп алады.
Ақынның сөзі оның өмір тәжірибесінен туатынын алға тартқан Мағжан: «Ақан өмірі - ертегі өмір. Судай сұлу, желдей екпінді, жалпақ жұртқа жат, жұмбақ өмір. Ақанның алдымен өмірін жазып, онан соң сөздерін тексереміз», - дейді. «Ақанның өмірі» туралы тараушада ақынның ататегі, шыққан ортасы айтылған. «Орта жүз арғын ішінде қарауыл» Жарқынбай ұлы Қорамсадан 9 қыз болыпты. Атасы Алладан тілеп, кейін Қорамсаның қосағы Жаңылдан ұл туады, атын Ақжігіт қояды. Ақын 1843 жылы Қоскөлде туған. әкесі Қорамса бай, саудагер болған: «Әрі малға бай болса, әрі ақша болса, әрине, Қорамса елге қадірлі болмақшы» [4, 195] .
«Ақанның өмірі» атты көлемді алғашқы тарауша ақынның өмір жолының шолуы ғана емес, ақын жанының қиналып өзгерген сәттері шуақты күндерімен арпалысып өткен тағдырдың басты-басты оқиғалары бейнеленген. Бұл бөлімде жай сөздермен шектелген деректер емес, Ақанның ақын болуына әсер еткендері, жан қиналғанда шыққан өлеңдерінің туу себептері сөз етілген. «Осылай Ақанның атағы талай жерге жайылып тұрған кезде мұның өмірінде бір өзгеріс болады. Желдей ұйытқыған серінің жүрегіне мін деуге бола ма, сол кезде Ақан Ақтоқтысынан айнып, қарауыл Тінәлі қажының қызы Ұрқия сұлуға әнімен өлең шығара бастап, сол Ұрқияны алып қашады» [4, 196] . Әдебиеттанушы Мағжан осындай сәттерді келтіргенде өзі де бірге мұңдасып кетеді: «Бірақ жаны сүйіп алған жары Ақанмен озақ отаса алмай, үш-ақ ай тұрып, шешек шығып дүниеден өтеді. Жаны сүйген жар нажағайдай жарқ етіп дүние салса, жанға жеңіл жара бола ма? Ұрқия өлгеннен былай Ақанның жаны қасіретке ұрына бастайды. Ұрқия өлген жетінің ішінде Ақанның жақсы көрген бір інісі өліп, қасірет үстіне қасірет жамылады» [4, 196] . «Жараланған жүрек жазылу үшін тағы махаббат іздейді. Ақан айналып Ақтоқтыға келеді» [4, 195] . Бірақ Ақтоқты Ақанды кешірмей, басқаны қалайды. Мағжан былай деген: «Ақанның жүрегінде махаббат та, ашу да күшейеді: «Ақтоқты, кеткенің бе шыныменен? - деп, ашулы зар шығарады Ақан».
Көп ұзамай Ақан Құлагерден айырылады: «Ақан мидай далада, жолдасы Құлагердің басында кәдімгідей мөлдіретіп көзінің жасын төгіп отырады. Күн былай тұрсын, түн бойы күңіреніп, Құлагердің, сандалкерінің, еркесі үркеккерінің басын құшақтап отырады. Жан жолдасын қолымен өлтірген адамдай күйінеді» [4, 197] .
Мағжан Ақан серінің күйін терең түсінгенімен шектелмей, ақындық жалғыздықтың серігі екенін өзі де мойындағандай толғап кетеді. Бұл жай Мағжан ақынның өзіне де таныс екені айқын аңғарылады. Зерттеуде екі көзқарас осылай алмасып-ауысып отырады: ақын Мағжан мен Алаш әдебиетшісі Мағжанның сөздері бірін-бірі жалғастырып, көркем зерттеуге арқау болған.
Мағжан ақынның көңілінің өзгеруін, сезімнің билігіне мойынсұнуын жақтап шыққандай болады: ол тіпті төренің қызы Жамалды да түсінеді, оның жауап бермеу себебін де: «Төренің сүйегіне батқан таңба емес пе?»- деп түсіндіріп береді. «Шынында, ғашықтық деген алып-салмалы қолдағы нәрсе емес қой. Жамалдың сүюін білдірмеуіне көз жеткен соң, Ақан іштен сүйіп, іштен күюге айналады. Күн-түн күңіреніп, өлең шығарады, ән шығарады. Ақынның Жамалға қатты ғашық екендігі, оған арнап ылғи өлең де шығаратындығы, Жамалдың ол ғашықтыққа ілтипат қылмауы жұртқа жайылып кетеді» [4, 205] .
Ал Ақанның өлеңінің мазмұнын Мағжан Жұмабайұлы: «Енді Ақанның сөздеріне мағына жағына келгенде оның өлеңдерін беске бөлуге болады», - дейді: Сықақ, ғашықтық, айтыс һәм мақтау, сопылық, қазақ қайғысы туралы өлеңдер. Бұл бөлімдердің сықақтан басқасы Ақанның өмірінің түрлі дәуірлеріне байланған [4, 210] .
Осының ішінен Алаш әдебиетшісі сықақты бөліп алған: «Сықақ - Ақанның сүйегіне біткен сипаты. Ақан өмір бойына өзінің көңіліне ұнамаған адамды сықақ қылып, іліп тастап отырған. Ілетін орны келгенде пәленше-түгенше деген атына, затына қараған да емес. Қарауылдың ақсақалдары осы күнге шейін Ақан десе, алдымен оның улы тілін еске түсіреді.
М. Жұмабайұлының келесі қарастырғандары - ғашықтық өлеңдер. Бұлардан ерекше мазмұны мен ақын шеберлігі аңғарылған: «Ақанның ғашықтық өлеңдеріне келсек, басқа өлеңдерімен салыстырғанда оның шеберлігі сонда көрінеді. Сері Ақанның мұндай өлеңге шебер болуының, әрине, таңы жоқ. Ғашықтық өлеңдерінде Ақанның әрбір сөзінен ақындық иісі аңқып тұрғандай, ұсатусыз, суретсіз сөз жоқ деуге болғандай» [7, 335] .
Ақанның өлеңдерінің ең сұлу түрі деп «Ақ көйлек» талданған: «Бұл - Ақанның ең сұлу өлеңінің бірі. Түу басында жүз бірнеше ауыз өлең болса керек, бәрі «Ақ көйлек» деп басталған. Бір ауызы:
Етегі ақ көйлектің ілмеленген,
Қастарың харіф мәттей сүрмеленген.
Сүмбіл шаш, лағыл ерін, асыл қалқа,
Іш-бауырым ғашық отпен тілмеленген…
Мынау өлеңдеріне қарағанда, ғашықтыққа Ақанның көзқарасы жай бозбаланың көзқарасы арасында артық айырма жоқ сықылды. Алайда Ақан - ғашықтыққа тереңірек қараған адам. Ол ғашықтықты «ақ төске білектің артылуымен» ғана байлап қойған емес. Бұл Ақанның өмірінен белгілі» [4, 207] .
Ақанның айтыс өлеңдері туралы былай делінген: «Ақанның айтыс һәм мақтау өлеңдері туралы еш нәрсе деуге мүмкін емес. Мұндай өлеңдері менің қолыма түспеді. Жұрттың айтуына қарағанда, бірнеше ақынмен ауызбен де, жазысып та айтысқанға ұқсайды Өзгесін жеңді, бірақ Орымбайдан жеңілді деседі» [7, 336-337] .
Сопылық өлеңдері туралы да осы тұрғыда айтылған. Осы ретте Мағжан Ақанның сопылығын басқалардан бөліп алып және өзінің де сопылыққа көзқарасын білдіріп отырады: «Ақанның сопылық туралы өлеңдері де менің қолыма жөнді түспеді. Алайда серілік пен сопылықты қоса білген, намаз, оразаны жанының тілеген уақыттарында ғана атқаратын Ақанның сопылығы жанына жын ұялаған, сиыр көзді соғылғандардың сопылығынан бөлек болған десек, құрғақ сәуегейлік қылған болмаспыз. [7, 337] .
Қазақ қайғысы туралы Ақан қалай жырлаған? Бұған Алаш әдебиетшісі арнайы тоқталған. Бұл өлеңдер туралы Мағжан: «Енді Ақанның қазақ қайғысы туралы өлеңдеріне келсек, оның сері Ақан болуымен бірге жаралы елдің шын азаматы болғандығы сол өлеңдерінде көрінеді. Бұл өлеңдер таза ақындық, сұлу сурет, ұйқас теру жағынан басқа өлеңдерінен көп төмен. Бірақ бұл төмендікті оның ойлы азаматтығы жуып кете аларлық. Ақан бұл өлеңдерінде елдің қайғысын көре білген. Сол қайғының себебін таба білген. Ол қайғы - қазақтың ата тұрмысының аз дәуірінің ішінде көріне көзге қирағаны, қираудың себебі - қазақ даласына қарашекпенділердің құжынап келіп орнағаны.
Мағжан Ақанның өлеңдерінде «сұлу сурет бар екені рас» деп мойындайды. Ғалым тек мақтауға ғана бой ұрмаған, сонымен қатар кемшілігін де анықтап берген: «Сонымен бірге соңғы өлеңдерінің тілі тарғыл екені рас. Осы өлеңдерді шығарған Ақанның өз өмірі жалпақ елге жат болғаны, жұмбақ болған тағы рас» [4, 218] . «Ақанның сөзі неге жалпы елге сол кезде жетпейді, кейде түсініксіз болды?» деген сауалға келесі жауап берілген: «Бұлардың бәрінің себебі - Ақанның өмір сүрген дәуірінде. Ол дәуір - Нухтың толқындары арасында қазақтың қайығы қалтылдап бара жатқан дәуір. Ойы - тұман, тілі - тарғыл, жаны да жасыған, ділі де жасыған. Қалың қазақ қайықтың батып бара жатқанын білмейді. Бірақ Ақан сықылды сірен-саран сезімтал ұлдары ғана болар-болмас сезген де, көпке алдымен өзінің өмірімен ереуіл жасаған, оның өзінің - сері, жолдасының - пері атанғаны осыдан. Тұманды дәуірдің ұлы - Ақанның тілінің таза болмауы тағы осыдан. Ақынның барлық кемшіліктерінің үстіне, бір сұлу сипаты - елдің сол дәуірдегі өмірін өлеңдерімен, әсіресе, өзінің өмірімен суреттей білген. Өмірді өлеңмен ғана емес, өзінің өмірімен суреттей білу - ірі жанды адамның ғана қолынан келмек». М. Жұмабайұлы ақын сөздерінен оның астарын, ішкі мағынасын осылай сұрыптап алғған. Себебі, ақын тек қара басының ғана емес, қалың елдің сол дәуірдегі көңіл-халін суреттейді. «Бұл ірі жанды адамның ғана қолынан келмек», - деп әдебиетші бұл үшін ерекше ілтифат көрсетеді.
«Базар жырау» атты мақалада («Ақжол», 1923, №374) Базар ақынның қазақ әдебиетіндегі орны, өлеңінің ерекшелігі анықталған. Қазақтың ата-баба сөз өнері туралы былай делінген: «Өткен дәуірдегі теңіздей тұңғиық әдебиетіміздің бізге бұл күнде адасқан ұшқындары, тентіреген тамшылары ғана жетіп отыр. Көбі, көбі болғанда, ең сұлулар ұмытылған, желдей ескен жыраулармен бірге топыраққ айналған. Баяғыда отыз күн, отыз түн айтылатын Қобыландылардың ауызда адасып, азғантайы ғана қалған. Талай түндерге созылған ертегілердің басы қайырылып, аяғына жетіп, шоп-шолақ болып қалған. » [4, 220] .
«Базар жырауды» жазу осы «бейкүнә» ұмытылып бара жатқан ақындардың біреуі болғандықтан», - дейді М. Жұмабайұлы. Осыған орай әдебиеттанушы ақын мәтіндердің толық сақталмағанын, қолда Базардың 4-5 өлеңі ғана бар екенін жасырмайды. Дегенмен сол бар арқылы ақынның стилі, жазу мәнері, сөзінің мәні туралы айту мүмкін екенін алға тартады: «Бірақ осы 4-5 өлеңінде Базардың сөзге жүйрік, ойлы ақын екендігі сезілетін секілді» [4, 222] .
Базардың ататегі былай берілген: «Базар Қазалы уйезіне қарайтын Кіші жүз шөмекей-балқы руынан болса керек. Жуырда, 10-15 жылдыңішінде өлгенге ұқсайды. (Базардың өмірі туралы еш нәрсе біле алмадым) . Қазалылық Жомарт молда Базар жырауды жоқтаған бір өлеңінде былай суреттейді:
Кеңесі кеңінен келген кертағы еді,
Үш жүзге орман-дария ортақ еді.
Иіріліп, толықсып аққан дариядай,
Шалқыған шартарапқа орқап еді [4, 221] .
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz