ХІХ ҒАСЫРДАҒЫ ҚАЗАҚ ӘДЕБИ ТІЛ ТАРИХЫНДА СӨЗ ЖАСАУ ҮДЕРІСІ


М А З М Ұ Н Ы
І. КІРІСПЕ 3-4
ІІ. НЕГІЗГІ БӨЛІМ
1. ХІХ ҒАСЫРДАҒЫ ҚАЗАҚ ӘДЕБИ ТІЛІ ТАРИХЫНЫҢ
ЗЕРТТЕЛУІ
- Қазақ әдеби тілі тарихының зерттелуі 5-10
2. ХІХ ҒАСЫРДАҒЫ ҚАЗАҚ ӘДЕБИ ТІЛ ТАРИХЫНДА СӨЗ ЖАСАУ ҮДЕРІСІ
2. 1. ХІХ ғасырдың І жартысында қазақ әдеби тіліндегі сөзжасамдық амал-тәсілдердің көрінісі 11-31
2. 2. ХІХ ғасырдың ІІ жартысында қазақ әдеби тіліндегі сөзжасамдық амал-тәсілдердің көрінісі 32-39
ІІІ. ҚОРЫТЫНДЫ 40-41
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР 42-43
К І Р І С П Е
Тілдің тууы, дамуы соның ішінде әдеби тіл де, сол тілде сөйлейтін және соның иесі болып табылатын халықпен, оның тарихымен тығыз байланысты. Қазақ халқы тарих сахнасына келе қоймаған кезде, әлі халық болып қалыптаспаған кезде оның әдеби тілі туралы пікір айту, әдеби тілі болды деу шындыққа жанаспас еді. Бірақ халық бір күнде немесе бір жылда қалыптаса қоймайды, жоқ жерден пайда болмайды. Қазақ әдеби тілінің тарихы да өзінің бүгінгі биігіне, қазіргі өресіне бірер күнде жетекен жоқ. Талай асу, қиялардан, талай бел-белестерден өтті.
Қоғамның даму барысында тілде кейбір сөздер мағынасы жағынан дамып, жаңа мағынаның тууына жағдай жасап отырса, кейбір сөздердің мағынасы тарылады, кейбір сөздер мүлдем қолданудан шығып қалады, сөйтіп алуан түрлі үдерістер болып жатады.
Зерттеу жұмысының өзектілігі: Қазақ әдеби тілінің тарихындағы сөз мағынасының өзгеруі біз күнделікті қолданып келе жатқан тілге әсері өте зор. Жаңа сөздердің пайда болуы, сөз мағынасының тарылуы, кеңеюі өте күрделі құбылыс. Жаңа сөздердің пайда болуы, сөз мағынасын түрлі-түрлі амал-тәсілдер арқылы ауыстырып қолданып, молайта түсу - тілдің лексикасын сан жағынан емес, сапа жағынан байытып, дамытудың өнімді жолдарының бірі. Жаңа сөздер қосымшалар арқылы, бірігу арқылы, тіркесу арқылы, кірігу арқылы, қосарлану арқылы жасалады. Бұл құбылыстар қазақ тіліндегі сөз мағынасының дамуына, қазақ тілінің баюына үлкен әсерін тигізді.
Осы тұрғыда келгенде, «ХІХ ғасырдағы қазақ әдеби тілі тарихының сөз жасау үдерісі» деп аталатын еңбегіміздің өзектілігі, біріншіден, аталған дәуірдегі қазақ әдеби тілінің сөзжасам жүйесінде сөз жасаушы амал-тәсілдердің (синтетикалық, аналитикалық, лексика-семантикалық) бәрі дерлік кездесетіндігін байқадық. Екіншіден, сөз жасаушы жұрнақтардың сол кезеңде актив қолданылып, олардың бүгінгі әдеби тіл нормасына сай дыбыстық нұсқаларының болғандығын көрдік. Үшіншіден, ғылыми еңбектерде көрсетілгендей сөзжасам амал-тәсілдері арқылы тек абстракт ұғым атаулары ғана жасалмайтындығына көз жеткізілді.
Жұмыстың зерттеу нысаны: ХІХ ғасырдағы қазақ әдеби тілі тарихының сөз жасау үдерісі, жаңа сөз жасауда сөзжасамдық тәсілдердің қолданысы.
Жұмыстың зерттелу деңгейі: Аталған тақырыпта көптеген ғалымдар зерттеу жүргізген: В. В. Виноградов, Р. А. Будагов, А. И. Горшков, А. А. Пашковский, О. Д. Мешков, Н. М. Шанский, қазақ ғалымдарының ішінен І. Кеңесбаев, Ғ. Мұсабаев, Р. Сыздықова, Н. Оралбаева, А. Т. Қайдаров, К. Аханов, А. Ысқақов және тағы да басқа ғалымдардың еңбектерін атауға болады.
Зерттеу жұмысының мақсаты мен міндеттері: Қазақ тілі лексикасындағы бірсыпыра сөздердің, негізінен, ХІХ ғасырда жаңа сөздердің пайда болу тәсілдерінің қолданылу аясының кеңейгенін, сөз мағыналарының кеңею жолдарын көрсету болса, екіншіден, лексикамыздағы бірсыпыра сөздердің мағыналарының тарылып, тілімізден шығып қалуын, тіліміздің даму барысында басқа тілдерден сөздердің енуінің себептері мен жолдарын көрсету.
Зерттеудің аталған мақсаттарына жету үшін мынадай міндеттер көзделді:
- ХІХ ғасырда сөз жасауда қолданылатын сөзжасамдық тәсілдерді қарастыру;
- Сөзжасамдық тәсілдерді (синтетикалық, аналитикалық, лексика-семантикалық) қарастырғанда тілдік материал ретінде сол кезең өкілдерінің поэзиялық шығармаларын қарастыру;
- Статистикалық талдау арқылы аталған кезеңде жаңа сөздердің санын анықтау;
- Алдыңғы кезеңдермен салыстырғанда сөзжасамдық тәсілдердің қолданылу аясын көрсету.
Жұмыстың құрылымы: Жұмыс кіріспе бөлім, негізгі бөлім, қорытынды бөлім және пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады. Ал негізгі бөлім екі тараудан тұрады. Бірінші тарау - Қазақ әдеби тілі тарихының зерттелуі, екінші тарау - ХІХ ғасырдағы қазақ әдеби тіл тарихында сөз жасау үдерісі деп аталады. Бұл тарау өз ішінен екі тараушаға бөлінеді: біріншісі - ХІХ ғасырдың І жартысында қазақ әдеби тіліндегі сөзжасамдық амал-тәсілдердің көрінісі, екіншісі - ХІХ ғасырдың ІІ жартысында қазақ әдеби тіліндегі сөзжасамдық амал-тәсілдердің көрінісі.
1. ХІХ ҒАСЫРДАҒЫ ҚАЗАҚ ӘДЕБИ ТІЛІ ТАРИХЫНЫҢ ЗЕРТТЕЛУІ
- Қазақ әдеби тілі тарихының зерттелуі
Әдеби тілдің тарихына қатысты негізгі мәселелердің басын ашу үшін әдеби тілдің өзін дұрыс анықтап алу қажет. Әдеби тіл деп нені түсінеміз? Қазақ әдеби тілінің тарихы қай кезден, неден басталады? Әр кезеңдегі әдеби тілдің тілдік көрсеткішіне қандай әдебиет нұсқалары жатқызылуы тиіс және олардың мазмұны мен сипаты қандай болмақ деген сұрақтардың жауабы әдеби тілдің анықтамасымен тікелей байланысты. Соған орай, әдеби тіл деген ұғымды әртүрлі түсінудің салдарынан кейбір зерттеулерде оған қатысты мәселелер әр қилы баяндалып жүр.
Әдеби тілдің анықтамасын беруде екі түрлі пікір қалыптасқан. Бірқатар ғалымдар әдеби тіл дегеніміз жалпыхалықтық тілдің өңделіп, сұрыпталған түрі деп таныса, енді бірсыпырасы жалпы хатқа түскен дүниелердің тілін әдеби деп табады. Сондықтан орыс әдеби тілінің тарихын сөз еткен бірқатар мамандардың пікіріне тоқталатын болсақ, мәселен, Р. А. Будагов: «Әдеби тіл дегеніміз - жалпыхалықтық тілдің хатқа түскен, белгілі бір дәрежеде өңделген ерекше түрі», -десе [1, 24] , ғалым А. И. Горшков: «Әдетте жазусыз әдеби тіл болуы мүмкін емес», - деп қорытады [2, 18] . Ал В. Л. Левин: «Әдеби тілдің тарихы - жазба ескерткіштердің тарихы», - десе [3, 213], Ф. П. Филин: «Жазу - әдеби тілдің ең маңызды және қайткенде де болуға тиісті белгісі», - дейді [4, 12] . Бірақ бұл көрсетілген тұжырымдар орыс тіл білімінде даусыз, талассыз қолданылған бірден-бір пікір екен деуге болмайды. Ғалым В. В. Виноградов әдеби тіл ұғымын нақтылы анықтауда, мәнін ашып, оның өзіндік негізгі белгілерін көрсетуде әлі де болса тұжырымды, айқын, үзілді-кесілді бір пікірдің болмай жүргенін көрсетеді [5, 98] .
Қазақ тіл білімінде де «әдеби тіл» деген ұғымға тиянақты бір анықтама берілмей, екі түрлі пікір қалыптасқаны байқалады. Ғалымдардың бірінші тобы әдеби тілді жазба тіл деп таниды. Мәселен, М. Балақаев: «Әдеби тіл - жазба тіл. Жазба әдебиет арқылы тіл байлықтары, оның құрылысы сымбатты қалыпқа түсіп, екшеленеді. Жазуы болмаған халықтың тілі әдеби тіл дәрежесіне көтеріле алмайды», - деп жазады [6, 10] .
Дәл осындай тұжырымды Ғ. Мұсабаев та айтады: «Әдеби тіл ең әуелі-ақ жазуға сүйенеді. Жазу стилінсіз әдеби тіл болмақ емес», - дейді [ 7, 160 ]
Ал С. Аманжолов қазақтың әдеби тілін ХІХ ғасырдың ІІ жартысынан басталады деп, мұны ұлы ағартушы демократтар Абай мен Ыбырайдың есімдерімен байланыстырады [8, 9-10] .
Бірақ бұған қарама-қайшы мазмұнда тілдің жазба түрінің әдеби тілге бірден-бір негізгі критерий бола алмайтындығы, әдеби тіл жалпы халықтық тілдің бай ауыз әдебиеті негізінде қалыптасқан тіл делінетін пікір де жоқ емес. Ол пікірді ұстанушылар мынадай тұжырымдарға келеді: мәселен, әдеби тіл жайын арнайы сөз еткен М. Әуезов: «Қазақтың әдеби тілін Абайдан басталады дейтін тілшілерге дау айтамыз. Абайдың алдындағы қазақ халқының көп ғасырдан келе жатқан мол эпостарындағы, ұзынды-қысқалы салттық, тарихтық жырларындағы, шебер, көркем өлең үлгілеріндегі тілдерді ұмытуға бола ма? Бұхар, Махамбеттерде қазақ әдеби тілінің үлгі-өрнектері жоқ деуге бола ма?»- дейді [9, 60-61] . «Абайдың алдында өткен Шортанбай, Базар, Бұхар жыраулар жазба әдебиет өкілдері, Абайдың ірі ақын болуына себепкер - осы бай әдебиет», - дейді С. Мұқанов [10, 78] .
Ғалым Р. Сыздықова «Қазақ әдеби тілінің тарихы» атты еңбегінде әдеби тілге мынадай анықтама береді: «Әдеби тіл дегеніміз - өңделіп сұрыпталған, белгілі бір жүйелі нормаға түскен жалпы халықтық тілдің ең жоғарғы формасы». Осы тұста ғалымның әдеби тілдің басты белгілерін айқындауына назар аударсақ: «Әдеби тілдің ең басты белгісі - оның өңделген, сұрыпталған, нормаланған тіл болуы, бұл - бір. Қызметі жағынан сол халықтың өмірінде ұйымдастырушы, қоғам мүшелерінің басын қосушы сипаты, яғни жалпыға ортақ қасиеті болуға тиіс. Бұл - екінші шарт. Әр нәрсенің, әр құбылыстың заты салыстыру арқылы, өзге нәрселердің, өзге құбылыстардың қарама-қарсысына қою арқылы таныла түседі. Әдеби тілді тану үшін оның қарама-қарсысына қойылатын басты құбылыс - ауызекі сөйлеу тілі. Бұл - тілді әдеби деп тануға қажет үшінші шарт. Әдеби тіл - қоғамның қолдану практикасында сыннан өткен, нормаларын қоғам санасы дұрыс деп қабылдаған тіл және ол нормалар барша үлгілерге ортақ болуы шарт. Бұл - төртінші сипаты» [11, 14] .
Бұлар - әдеби тілге тән нақты сапалық белгілер. Бұларсыз әдеби тілдің сипатын, мәнін ашуға мүлде болмайды.
Тілдің әдебилігінің бірден-бір көрсеткіші - халықтың белгілі кезеңдегі қоғамдық рухани мәдениет өндрісінің құралы бола алуы, халықтың рухани байлығын, сөз өнерін жеткізудің, мәдени талап-тілектің қоғамдық көрінісі, мәдениет туындыларының құралы мен оны іске асырудың амалы бола алуы. Міне осындай міндетті атқаратын тіл ғана әдеби тіл болмақ.
Басқа да қоғамдық құбылыстар сияқты әрбір әдеби тілдің туу тарихы, қалыптасып, даму кезеңдері болады. Қазіргі таңда әдеби тілдің қалыптасуының негізгі үш жолы көрсетіліп жүр. Олар төмендегідей:
1. Әдеби тіл белгілі халықтың бір ғана тобы сөйлейтін бір ғана диалектісінің негізінде қалыптасады. Басқаша айтқанда, белгілі бір халық бірнеше диалектіде сөйлейтін болса, диалектілердің біреуі бірте-бірте сол халыққа түгел ортақ бола бастайды да, кейін сол диалект әдеби тілге айналады. Мысалы, татар тілі өз ішінде бірнеше говордан тұратын негізгі үш диалектіге бөлінеді. Олар: 1) орта (Қазан) диалектісі, 2) батыс (мишар) диалектісі, 3) шығыс (сібір) диалектісі. Татар ұлттық әдеби тілінің қалыптасу процесінде оған негіз болған орта (Қазан) диалектісі көрінеді.
2. Әдеби тіл кейде сол халықтың ана тілі емес, бөтен халықтың тілі болуы да ықтимал. Әдеби тілдің бұлай қалыптасуы көбіне сол халықтың басынан кешірген саяси, экономикалық жағдайларымен тығыз байланысты. Бөтен тілдің әдеби тіл болуы сол халықтың тәуелсіздігінің жоқтығымен, басқа бір елге бағынышты болуымен байланысты болып келеді. Мысалы, VIII ғасырдан бастап түркі жерін арабтар жаулап ала бастады. Өздері жаулап алған жерлерге ислам дінін күштеп енгізіп, халықтың тіліне әсер етті. Бұл кездерде Орта Азия мен Қазақстан территориясын мекендеген түркі халықтарының ресми тілі, әдеби тілі араб, парсы тілдері болды.
3. Көп жағдайда әдеби тіл сол халықтың барлық не бірнеше диалектісінің негізінде немесе жалпы халықтық тілдің негізінде, сол сияқты сөйлеу тілі мен бай ауыз әдебиетінің дәстүрінде қалыптасады.
Әдеби тілдің қалыптасуының бұл үш жолы көптеген ғалымдар еңбегінде тек қазақ тілі ғана емес, басқа да толып жатқан тілдер материалдарының негізінде толық дәлелденген.
Ал қазақ әдеби тілінің қалыптасу тарихына келетін болсақ, қазақ тіл білімінің көрнекті өкілдері Н. Сауранбаев, С. Аманжолов, Ғ. Мұсабаев, М. Балақаев, Р. Сыздықова және басқалары өз еңбектерінде қазақ әдеби тілінің тарихи бастауы, қалыптасу жолдары мен кезеңдері жөнінде пікірлерін білдірген.
Дәуірлеу мәселесіне келгенде, әдеби тілдің қалыптасу кезеңдерін Б. Кенжебаев, Х. Сүйіншәлиев, М. Жолдасбеков, М. Мағауин 5-ке бөліп көрсетеді:
1. Көне дәуір (Ү-ХІҮғ. ғ. ) - рулық қауымдық дәуір. Бұл кезеңдегі шығармалар көптеген түркі халықтарына ортақ мұралар
2. Хандық дәуірдегі әдебиет (ХҮ-ХҮІІІғ. ғ. ) - қазақтың төл әдебиетінің басталу шағы, алғашқы дәуірі
3. ХІХ ғасыр әдебиеті
4. ХХ ғасыр басындағы бұқарашыл әдебиет
5. Социалистік дәуір әдебиеті
Ал Н. Сауранбаев 3-ке бөледі:
1. ХІХ ғасырдың ІІ жартысындағы әдебиет
2. ХІХ ғасырдың ІІ жартысынан - ХХ ғасырдың 20 жылдарына дейінгі әдебиет
3. Кеңестік дәуір
М. Балақаев қазақ әдеби тілінің қалыптасу кезеңдерін 6 кезеңге бөліп қарастырады:
1. ХҮІІІ-ХІХ ғ. ғ. әдеби тіл
2. ХІХ ғасырдың І жартысындағы әдеби тіл
3. ХІХ ғасырдың ІІ жартысындағы әдеби тіл
4. ХХ ғасыр басындағы әдеби тіл
5. 1920-1930 жылдардағы әдеби тіл
6. 1940 жылдардан кейінгі әдеби тіл [12, 32-38] .
Міне осы талдаулардың нәтижесінде қазақ әдеби тілінің тарихын кезеңдерге бөлу мәселесіне байланысты ғалым Р. Сыздықова мынадай классификация ұсынады:
І кезең - XV - XVII ғасыр;
ІІ кезең - XVIII ғасырдан XIX ғасырдың II жартысына дейін;
III кезең -XIX ғасырдың II жартысынан Қазан революциясына дейін;
ІV кезең - Кеңестік дәуір.
Бұл жөнінде ғалым Р. Сыздықова: «Дау туғызатын мәселенің бірі - қазақтың төл ауызша әдеби тілінің тарихын не себепті XV ғасырдан бастаймыз деген сауал», -дейді. Негізінен бұл кезең - қазақ хандығын құраған ру-тайпалардың өз алдына дербес халық болып топтала бастаған, «қазақ» деген этнонимнің тарих сахнасынан орын ала бастаған тұсы. Дербес қазақ хандығы құрылған XV-XVI ғасырда нағыз тума қазақ әдебиеті ауызша поэзия түрінде қалаптасты. Соған орай оның төл әдеби тілі де поэзия тілі түрінде жасалды.
Міне осы мәселелер қазақ әдеби тілінің тарихын нақ XV ғасырдан бастауына себеп болды [11, 22] .
Сөйтіп, жоғарыда айтылған пікірлерді жинақтай келгенде, әдеби тіліміздің басталу тарихы, кезеңдері туралы төрт түрлі көзқарасты бөліп көрсетуге болады:
1) Әдеби тіл тарихы көне дәуірден басталады. Орхон-Енисей деп жүрген көне түркі жазба нұсқалары қазақ халқына немесе қазақ халқын құраған кейбір ру-тайпаларға тікелей қатысы бар (Ғ. Мұсабаев, Б. Кенжебаев, т. б. ), сондықтан жазба әдебиетімізбен бірге қазақ әдеби тіл тарихын Ү ғасырдан бастау керек.
2) ХІХ ғасырдың ІІ жартысына дейін, Абай дәуіріне дейін қазақтың өзіндік жазба әдеби тілі болған жоқ, сондай-ақ, белгілі нормаға түскен жүйелі әдеби тілі де болған жоқ. Қазақ әдеби тілінің қалыптасуы Абай, Ыбырай шығармашылығымен тығыз байланысты (С. Аманжолов, І. Кеңесбаев, Н. Сауранбаев, т. б. ) . Демек, әдеби тіліміздің тарихы ХІХ ғасырдың екінші жартысынан басталады.
3) Әдеби тілдің тарихы жазба әдебиетіміздің пайда болуымен байланысты ХҮІІІ ғасырдың екінші жартысынан басталады (М. Балақаев, Е. Жанпейісов, т. б. ) .
4) Қазақ әдеби тілі қазақ халқының жеке ел болып, хандық құрған кезінен, ХҮ-ХҮІ ғасырдан басталады (А. Ысқақов, Р. Сыздықова, С. Исаев, т. б. ) . Жазба әдебиет үлгілері онша сақталмаса да, бұл кезеңдерде жазба әдебиет үлгісіне жақын авторы белгілі әдеби тілде жырланған поэзия болған. Әрине, ол поэзия кейінгі ұрпаққа ауызша жетіп отырған. Қайткен күнде де қазақ халқының жеке ел болып, мемлекет құраған шағында мәдениет өндірісінің құралы болып, рухани, әдеби мұраларын туғызған ерекше әдеби тілі болған.
Әр ақын - өз елінің жыршысы да жаршысы. Осы кезеңдердегі ақындардың тілінен сол кездердегі сөздердің қолданылу ерекшелігін де байқаймыз. Міне, осы кезеңдердегі әдеби тілді танытатын өзіндік үлгілері болған. ХҮ-ХҮІІ ғасырлардағы әдеби тілді танытатын үлгілерге Асан қайғы, Қазтуған, Шалкиіз, Доспамбет, Жиембет, Марғасқалардың шығармалары. Ал XVIII ғасырдағы әдеби тілді танытатын үлгілерге Ақтамберді, Тәтіғара, Үмбетей, Бұхар, т. б. ақындардың шығармалары.
ХІХ ғасырдың өн бойындағы қазақ әдеби тілінің, қоғамның тілді пайдалану әрекетінің даму барысын екі кезеңге, екі топқа бөліп қарастырған жөн сияқты. Бірі - осы ғасырдың басынан 60-70 жылдарына дейінгі, екіншісі - соңғы үш-төрт онжылдықтар ішіндегі кезеңдер. Бұлайша бөліп зерттеудің өз себептері бар [11, 198] .
ХІХ ғасырдың І жартысы - қазақ қауымы үшін ерекше кезең еді. Қазақстанның біраз жері бұл кезде Ресей патшалығының қол астына қарайтын, соған сәйкес елдің саяси, мәдени, экономикалық өмірінде елеулі өзгерістер болды. Сауда-саттық күшейді, айырбас сауданың орнына ақша айналымы өрістей түсті. Сонымен қатар бұл кезеңде оқу-ағарту ісі біршама етек ала бастады. Жаңа мектептер мен медреселер ашылып, мұсылманша оқумен бірге отаршылдық аппаратқа кадрлар дайындалады. Қазақтың бұқара халқы екі жақты езгіге түсті. Осының салдарынан үстем тапқа деген халық наразылығы күшейіп, көтерілістер бола бастады.
Міне, осындай саяси, әлеуметтік, экономикалық хал-жағдайлар мен өзгеріс-жаңалықтар тілге, оның қызмет ету қалпына әсерін тигізбей, із қалдырмай кетпеді. Бұл кезеңнің әдеби тілін танытатын тілдік материалдар Махамбет Өтемісұлы (1804-1846), Шөже Қаржаубайұлы (1808-1895), Дулат Бабатайұлы (1802-1871), Шортанбай Қанайұлы (1818-1891), Шернияз Жарылғасұлы (1817-1881), Алмажан Азаматқызы (1823), Сүйінбай Аронұлы (1823-1896), Жанұзақ, Жанақ, Байтоқ, Орынбай, т. б. ақындардың шығармалары болып табылады. Әрине бұл сияқты ақындардың бағыттары біркелкі болған жоқ. Бірақ соған қарамастан әдеби тіл тарихында олардың алатын өз орындары бар, аталған сөз шеберлерінің барлығы көркем әдебиеттің бір ғана саласында - поэзияда қызмет етті.
ХІХ ғасырдың ІІ жартысынан былай қарай қазақ әдеби тілі дамуының жаңа дәуірі басталды. Ол - қазақ әдеби тілінің жаңа сатыға көтеріліп, ұлттық сипат алу дәуірі еді. Яғни ХІХ ғасырдың ІІ жартысындағы әдеби тіл, бір жағынан, бұдан бұрын да дамып келе жатқан әдеби тілдің заңды жалғасы болса, екінші жағынан, бұл кезеңде оның әрі қарай дамуында үлкен өзгеріс, күрт бетбұрыс болғандығын байқаймыз. Оның өзіндік ерекшеліктері бар еді. Бұл кезеңде Қазақстанның Ресейге қосылу үдерісінің толық аяқталуына байланысты қазақ қауымының қоғамдық, саяси-әлеуметтік, экономикалық, мәдени өміріне де алуан түрлі жаңалықтар, толып жатқан өзгерістер ене бастады. Мектептер салына бастады. Бұл мектептер аздығына және отаршылдық саясатты көздегеніне қарамастан, қазақ арасына оқу-білімнің таралуына септігін тигізді.
Ең үлкен оқиға - қазақ көркем әдебиетінің жаңа кезеңі басталды. Төл жазба әдебиет туды. Араб, парсы, шағатай, орыс тілдерінен аударылып ауызша да, жазбаша түрде де тараған аударма әдебиет өмірге келді. Қысқасы, қазақтың әр алуан жанрдағы, әртүрлі мазмұндағы жазба әдебиеті жанданып, түрлері көбейе түсті.
Сөйтіп, талдап отырған дәуірде тіл қолданысын танытатын мынадай әдебиет нұсқалары болды:
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz