XX ҒАСЫР БАСЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ БАСПАСӨЗІНІҢ МӘДЕНИ ӨМІРІНДЕГІ ОРНЫ



Жұмыс түрі:  Дипломдық жұмыс
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 97 бет
Таңдаулыға:   
МАЗМҰНЫ

КІРІСПЕ
4

1 ҚАЗАҚСТАННЫҢ XX ҒАСЫРДАҒЫ МӘДЕНИ ӨМІРІ
1.1 Қазақтың XX ғасырдағы оқу ағарту ісімен мәдениетінің дамуы
7
1.2 Ғылыми мекемелер мен қоғамдардың қызметі
29
1.3 XX ғасыр басындағы қазақ әдебиетінің дамуы
43

2 XX ҒАСЫР БАСЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ БАСПАСӨЗІНІҢ МӘДЕНИ
ӨМІРІНДЕГІ ОРНЫ
2.1 ХХ ғасыр басында қазақ ұлт зиялыларының қалыптасуы
51
2.2 ХХ ғасыр мәдениетіндегі қазақ ұлттық баспасөзінің даму тарихы және
ресми баспасөз құралдары
58
2.3 ХХ ғасыр басындағы Қазақ баспасөзінің қоғамдық - саяси, әдеби және
ағартушылық қызметі
75

ҚОРТЫНДЫЛАР
78
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ
81

КІРІСПЕ

Тақырыптың өзектілігі. Қазақ елінің тәуелсіздік алғаннан кейінгі тұңғыш
президенті Н.Ә.Назарбаев айтқандай: Қазір тарих бетін ақтарып қарасақ,
қазақтар біздің ғасырдың 20-30 жылдарында да айдалада бостан босқа қырыла
бермепті, саяси жүйеге қару алып күресіпті. Сталиннің бұғауына қарсы
Қазақстанның шартарабында ашықтан ашық күреске шығыпты. Бірақ күштері тең
келмепті. Титықтаған халықтың бір бөлігі амалсыз көніпті, бір бөлігі туған
қонысын тастап, шетке ауып кетіпті.
Қазақтар талай жерде тұтасымен қырылып кетуге шақ қалды. Бірақ өмірге
құштарлық қайтадан жығылған еңсені көтеріп, тәуекелге бел буғызды [1].
Байырғы көшпелі елдің оңы-солын жаңа-жаңа танып, отырықшылық
өркениетіне бет бұра бастаған тұстағы толып жатқан қиындықтармен алысып,
алды-артын азамат соғысының өрт-жалыны шарпып, халық қатты күйзеліс көріп
жатқан кезеңде дүниеге келген қазақ мәдениеті,ел басылымының аяқтанып
кетуіне сол тұстағы “елім, жұртым, халқым” деп еңіреген ұлт зиялыларының
барлығы XX ғасыр мәдениетінің дамуына ат салысқан. Қазақстандағы оқу ағарту
ісінің дамуына, Ғылыми мекемелер мен қоғамдардың қызметіне, қазақ
әдебиетінің дамуына Ыбырай Алтынсарин, Шоқан Уәлихановтар, Абай
Құнанбаевтардың қосқан үлестерін айтып кетуге болады.
Әрине, тарих жолы ешқашан даңғыл болған емес. Әсіресе қазақ елінің
тарихы қым-қуат, күрделі, кедір-бұдыры көп. Сол көп кедір-бұдырдың қайсыбір
аяқты жаңылыс бастырған тұстары да жеткілікті. XX ғасыр мәдениетінде қазақ
басылымдары дүниегеге келді. Дегенмен, газет, негізінен, өзінің әлгі аталы
сөзіне – ел алдында берген антына барынша адалдығын бұзбауға ұмтылып
отырды. Сәкен Сейфуллин, Тұрар Рұсқылов, Смағұл Сәдуақасов, Ғаббас
Тоқжанов, Ораз Жандосов, Ораз Исаев, Ғабит Мүсірепов, Жүсіпбек
Аймаутовтардың басылымдарға басшылық жасауы сертіне деген беріктігін ел
санасында шегелей түсті. Олар сол тамыры тереңде жатқан, рухы биікте
қалқыған үлгі, өнеге мектебі әлі жалғасып келеді [2].
Зерттеу жұмысының мақсаты мен міндеттері. XX ғасырдың басындағы қазақ
мәдениетінің құндылықтары, рухани, материалдық байлықтарын зерттеу.
Қойылған мақсатқа негізделіп келесі міндеттер қойылды:
-оқу-ағарту ісінің дамуын, ғылыми мекемелер мен қоғамдық қызметтерді
саралау;
-ХХ ғасыр басындағы қазақ ұлт зиялыларының қалыптасу тарихын бақылау;
-ХХ ғасыр мәдениетіндегі қазақ ұлттық баспасөзінің даму тарихын және
ресми баспасөз құралдарын зерттеп саралау;
-ХХ ғасыр басындағы Қазақ баспасөзінің қоғамдық - саяси, әдеби және
ағартушылық қызметтерін толық ашып көрсету.
Зерттеу жұмысының нысаны. Қазақ халқының ХХ ғасырдың басындағы ұлттық
мәдениеті.
Зерттеу жұмысының пәні. ХХ ғасырдың басында зерттеу жұмысының негізгі
пәні қазақ халқының мәдени құңдылықтары болып табылады.
Зерттеу жұмысының әдістері. Жұмыстың барысында нақты кезеңді қарастыру
жағдайында диалектикалық әдістемемен тарихи шындық негізге алынды. Қоғамдық
тарихи процестердің диалектикалық даму заңдылықтарын, тарихи құбылыстарды
обьективті тұрғыда қарастыру бағыты көзделді. Бұл орайда нақты талдау,
салыстырмалық, көпқырлылық, жүйелік ұстанымдары кеңінен қолданылды.
Әдістемелік бағыттың дұрыс анықталуы қол жеткен ғылыми нәтижелердің дұрыс
қортындылануына өз ықпалын тигізді.
Зерттеу жұмысының теориялық және әдіснамалық негізі. Жұмыста XX
ғасырдағы қазақ халқының мәдениетіндегі оқу ағарту істерінің дамуы, ғылыми-
қоғамдық қызметтердің жұмыс жасауы, баспасөз газет-журналдардың басылып
алға жылжуы және жариялануы т.с.с. Соның ішінде, қоғамның мәдени өміріндегі
жағдайларды, байланыстығын, олардың қарастырылып отырған уақыт шеңберіндегі
қоғамның саяси-әлеуметтік және мәдени дамуын көрсету маңызды болды. Сөйтіп,
ұсынылып отырған жұмыстың әдіснамалық негізі толық түрде ғылыми әдістер
кешенімен тарихшылардың және этнографтардың теоретикалық ой-толғамдарымен
келтірілген.
Зерттелудің ғылыми жаңалығы. ХХ ғасырдың басындағы қазақ мәдениетін
зерттеген еңбектерінің негізінде баспасөз мақалалардың және деректердің
сараптамалық және жүйелік анализінің негізінде тақырып зерттелді.
Зерттеу жұмысының тарихнамасы. ХХ ғасыр мәдениетіндегі қазақ
баспасөзінің тарихын зерттеген ғалым Х.Бекхожин “Түркістан уәлаятының
газеті” секілді мерзімді басылымдар қазақ халқының қамын ойлап, оның
әлеуметтік- шаруашылық және мәдени ағарту тілектерін ескергендіктен
шығарылған жоқ, патша үкіметінің отаршылдық саясатын күшейте түсу, оның
бұйрық-жарлықтарын жергілікті халықтардың ана тілінде жариялап, сөзсіз
орындаттыру, сондай-ақ оның ресми көзқарастарын халық арасына кең таратып,
қол астындағыларды шексіз бағындырып ұстау мақсатын көздеген;- деп түйін
жасайды.
ХХ ғасыр мәдениетіндегі қазақ әдебиетінің дамуы, оқу-ағарту істері,
ғылыми-қоғамдық істердің алға жылжуы. Сонымен қатар баспасөз тарихын
зерттеушілер осы біртұтас дүниені қазан төңкерісіне дейін және кейін деп
екі кезеңге бөліп қарастырды.“Айқап”пен“Абай”,“Шолпан ”,“Таң” журналдарының
сарыны бір. “Қазақ”, “Сарыарқа”, “Жас азамат”, “Бірлік туы” газеттері мен
“Қазақ тілі”, “Ақ жол”, т.б. басылымдарды екі кезеңге бөліп қарастырудан
ұтпаймыз, ұтыламыз. Бұлардың барлығы ұлттың жоғын жоқтады, намысын жыртты,
сөзін сөйледі,күйін күйттеді. Қазақстанның және қазақ халқынын тарихы мен
мәдениетін зерттеуге В. В. Радлов, Г. Н. Потанин, Ә. Диваев, Н. Я. Коншин,
А. И. Добросмыслов, И. И. Крафт, Ф. К. Зобнин, И. А. Аристов, Н. Н.
Пантусов және басқалар зор үлес қосты.
Зерттеу жұмысының деректемесі. XX ғасыр мәдениетіндегі оқу ағарту
істері, ғылыми-қоғамдық қызметтер, баспасөз газет-журналдарға үлестерін
қосқан қазақ зиялы қауымы жайлы жан-жақты қарау. Әрине, ХІХ ғасырдың аяғы
мен ХХ ғасырдың босында Ресейдің территориялық-басшылық орындарының жанынан
шығарыла бастаған ведомстволық Дала уәлаяты сияқты газеттер болды. Олар
да біраз іс тындырып, халқымыздың сол дәуірінен біраз мәліметтер арттарына
қалдырып кетті.
1907 жылы Қазақ газеті деген атпен шыққан газет те бір-ақ рет (бір
саны ғана) шықты да тоқтап қалды. Санкт-Петербургте Мардан Қошығұлов шығара
бастаған “Серке” атты журналы да тез сөнді. Ахмет Байтұрсынов Орынбор
қаласында шығарған “Қазақ ” газеті (1913-1918) түбегейлі мәселелер қозғады.

Дегенмен қазақ халқының қамын ерекше ойлаған, ұлт дала төсінде зор
жаңалықтың басында тұрған “Айқап” (1911-1915) журналы еді.
Зерттелудің ғылыми жаңалығы. ХХ ғасырдың басындағы қазақ мәдениетін
зерттеген еңбектерінің негізінде баспасөз мақалалардың және деректердің
сараптамалық және жүйелік анализінің негізінде тақырып зерттелді.
Зерттеу жұмысының хронологиялық шеңбері. Зерттеудің хронологиялық
шеңбері 1901 жылдан 1925 жылдар аралығын қамтиды.
Дипломдық жұмыстың құрылымы.
Ұсынылып отырған дипломдық жұмыс кіріспеден, екі тараудан және қортындыдан
тұрады. Жұмыстың соңында қолданылған әдебиеттер тізімі көрсетілген.

1. ҚАЗАҚСТАННЫҢ XX ҒАСЫРДАҒЫ МӘДЕНИ ӨМІРІ

1.1 Қазақтың XX ғасырдағы оқу ағарту ісімен мәдениетінің дамуы

Адамзат тарихында XX ғасыр мәдениетінің алатын орны ерекше. Өйткені,
бұл кезең тарихи оқиғаларға, қантөгіс соғыстарға, санқилы дағдарыстарға
толы сындарлы заман болды. Ғылым мен техниканың қарышты қадамы, жарқын
болашаққа деген сенім өркениетті дамыған елдерде біртұтас жалпы адамзаттық
мәдениеттің дамып, қалыптасуына әсерін тигізбей қойған жоқ. Ғасыр аяғында
планетамызда парасаттылық пен ізгіліктің кеңінен өріс алуы жалпы адамзаттық
мәдениеттің дамуына және оның ұлттық түрлерінің нәрленуіне, олардың өзара
қарым-қатынастарының жаңа арнаға түсуіне ерекше әсер етті. Міне, осы
жағдайларды ескере отырып, XX ғасыр мәдениетінің мазмұның ашып көрсетуде
екі басты мәселеге баса назар аударғанды жөн көрдік. Оның біріншісі, XX
ғасыр мәдениеті дамуының басты бағыттары (XX ғасыр мәдениетінің
қалыптасуының сабақтастығы мен дәстүрлері, қазіргі заман мәдениетінің
тоқырауға ұшырауы мен одан шығу жолдары және бұл процестің түрлі мәдени
концепцияларда көрініс табуы және т.б. мәселелері), екіншісі, XX ғасыр
мәдениетінің жалпы адамзаттық және ұлттық сипаты (жалпы адамзат мәдениеті
қалыптасуының басты себептері және оның құндылықтары, жалпы адамзаттық және
ұлттық диалектика және т.б.).
Бүгінгі таңда дүниежүзінде 200 мемлекетке жетіп, мындаған халықтарға
бөлінген, саны жағынан 6 млрд. жеткен адамзат баласы 2 млн. жуық өсімдіктер
мен жануарлардың бір түрі ғана. Адам баласы өмір сүрген кезден бастап мыңға
жуық ұрпақ ауыстырған екен. Осынша халықтың ішінде екі адамның бір-біріне
мүлде ұқсас болмай, өзіндік қайталанбас ерекшеліктерінің болуы да
таңқаларлық жайт. Адам бір-бірінен жеке тұлға есебінде ерекшеленіп қана
қоймайды, сонымен қатар топтық айырмашылықтарға да (жанұялық, жыныстық,
жасына, мамандығына, ұлтына және т.б. қарай) тәуелді болып келеді. Осыншама
айырмашылықтар бола тұрса да адамзат баласының басын біріктіретін не нәрсе?
Ол - ең алдымен дүниенің тұтастығына негізделген жалпы адамзаттық
мәдениет. Дүниенің тұтастығы дегеніміз - дүниежүзілік көлемде өндірісті
дамыту мен әлемдік мәселелердің туындауы негізінде пайда болған адамдар мен
халықтардың өзара тығыз байланысы мен өзара тәуелділігі. Дүниенің
тұтастығы - қазіргі замандағы адамзат пен бірыңғай жалпы адамзаттық
мәдениеттің қалыптасуына негіз болды. Демек, адамзат баласының басын
біріктіретін жаңа заман мәдениетінің тағдыры - адамзаттық құндылықтарға,
гуманизмге, адам құқын қорғау қозғалысын дамытуға, ғылыми білім мен алдыңғы
қатарлы технологияны дамытуға, ұлттық мәдениеттердің өзара байланысына,
қоршаған орта мен өмірге, экологиялық қатынасқа тікелей байланысты [3].
XX ғасыр дүниежүзінде түрлі мәдениеттердің өмір сүретіндігін жоққа
шығарған, бірыңғайға келтірілген гуманистік мономәдениеттің екі үлгісін
бастан кешірді. Оның біріншісі - дүниежүзілік пролетарлық революция
(сталинизм) идеясы. Ол таптық құндылықтарды асыра бағалауға негізделген.
Екінші модель, бір ғана ұлттық мәдениеттің, бір ғана ұлт пен мыңжылдық рейх
(герман фашизмі) мемлекетінің үстемдігіне негізделді. Бұл жағдайлардың
салдарынан миллиондаған адамдар қазіргі заман мәдениетінің жалпы адамзаттық
сипаты туралы идеяны басқаша қабылдады. Осы себепті мәдениеттің қарсы
мәдениетке айналуы етек алып, әлеуметтік қозғалыстың бұрмаланған түрі
пайда болды. Осы орайда, жалпы адамзаттық мәдениетке апаратын қозғалыстың
өте күрделі процесс екендігін ерекше атап өткен жөн. Орын алған қарама-
қайшылықтарды шешуде түрлі мәдени бағыттарды, көзқарастарды, пікірлерді
есепке алмасқа тағы болмайды. Жалпы адамзаттық мәдениет-жолындағы
қайшылыққа толы алғашқы Біз - Олар жолы - өте күрделі процесс, ал бұл
формулаға сүйенсек тағылық заманға қайтып оралған болар едік.
Жалпы адамзаттық мәдениет - көркемдік-поэтикалық, ғылыми, өндірістік
қызметтің ең жетілген түрлері, әр түрлі халықтар мен ұрпақтардың ғасырлар
бойы қалыптасқан өмір мен шындықты және дүниені танып білуінің бірыңғай
тәсілдері. Адамзат баласы осы қағидалардың негізінде таптық және
нәсілшілдік өшпенділігіне жол бермейтін, адам мен халықтар құқы
бұзылмайтын, қайыршылық пен сауатсыздық, экономикалық және мәдени
отаршылдықтан біртұтас өркениет құруға бағытталуда. Мәдениеттің бұл
үлгілері мәдениетті қалыптастыруда басты бағдар болып отыр. Адамзаттық
мәдениеттің қалыптасуын халықаралық қауымдастық мүшелерінің құндылықтарының
белгілі бір жүйесін жай ғана қабылдау деп, дәлірек айтқанда, түрлі мәдениет
салаларын бірыңғайлау деп қарастыруға тағы болмайды.
Өйткені, мәселе аймақтық және ұлттық мәдениеттердің өзара рухани
байланысуының өсуі туралы болып отыр. Уақыт өткен сайын түрлі халықтар
мәдениеттерінің арасындағы байланыстардың арнасы кеңейе түсуде, бір
мәдениет саласындағы өзгеріс басқаларына да өз ықпалын тигізуде. Ғаламдық
мәдени жетістіктер дүниежүзіне кеңінен тарауда. Ендеше, біз ғылымдық
гуманистік құндылықтардың дамуының мүлде жаңа кезеңіне өткенімізді
мойындауымыз керек. Біртұтас әлемдік өркениеттің қалыптасуының негізі -
саяси-экономикалық және мәдени байланыстардың белең алуында жатыр. Соның
негізінде жаңа сапалы жүйе - жалпы адамзаттық мәдениет қалыптасып, түрлі
елдер мен халықтардың арасындағы байланыс нығая түсуде, тіпті біртұтас
өркениеттің бір жағында болған мәдени тоқырау құбылыстары немесе
жетістіктері басқа жақтарға да өз әсерін тигізбей қоймады. Мұндай құбылысқа
қарап, дүниені қабылдау тәсілдері бір ізге салынып, мәдени нормалары
бірыңғай жүйеге келтіріліп, ұлтгық сипат жойылып бара жатыр деген ұғым туып
қалмауы керек, өйткені әрбір ұлт, әрбір әлеуметтік топ жалпы адамзаттық
мәдениет қорынан тек өзіне қажеттісін ғана, өзінің даму дәрежесіне сай
келетін мәдени құндылықтарды өз мүмкіндігіне байланысты ғана қабылдайды
[4].
Ұлттық мәдениет дәстүрлерін сақтап қалу бағытының ерекше етек алып
отырғандығы да жоғарыда айтылған ойымызды айқындай түсетін сияқты. Әрине,
қазіргі өркениетті түрлі ғаламдық өркениеттердің басын жай ғана біріктіре
салу деп түсіну мүлде қате болған болар еді. Бұл процесс әрі күрделі және
толып жатқан қарама-қарсылықтарға толы болып келеді. Оған дәлел ретінде,
қазіргі замандағы Батыс мәдениетіне Жапония мен Таяу Шығыстың басқа да
елдерінің өндірістік мәдениетінің зор ықпалын келтіруге болады.
Шындығында да, бұл аталған елдердің мәдениетіне негізделген қызметтің
өндірістік түрлерінің Батыстың дәстүрлі құндылықтарымен салыстырғанда
көптеген артықшылықтары бар екендігі айқын аңғарылады. Ендеше, казіргі
жалпы адамзаттық мәдениетті қалыптастырып, дамытуда мәдени құндылықтарды
өзара байланыста игеру, мәдениетті дамытуды ғалымдық дәрежеге көтеру -
бүгінгі таңдағы басты мәселе болмақ. Ал адамзаттың біртұтас ғаламдық
мәдениеті мәселесінің ерекше қойылуының басты себептері қандай?
Біріншіден, адамзат тіршілігінің түрлері мен тәсілдерінің үлгілерінің
терең өзгеріске ұшырауына байланысты ұлы әлеуметтік революция жүзеге асты.
Оған дәлел ретінде, XX ғасырда дүниежүзілік көлемде дәстүрлі қоғамға тән
жеке еңбек етуден жалданып еңбек етуге, коллективте (ұжымда) еңбек ету
және бақылау арқылы еңбек етуге көшу жүзеге асырылды. Жаппай урбанизация
жағдайында адамдардың өмірді, қоршаған ортаны қабылдау тәсілдері мен
түрлері өзгерді, халықтың өмір салты адам айтқысыз өзгерістерге ұшырады.
Сөзіміз дәлелді болу үшін цифрлар келтірейік. XX ғасырдың басында Батыстың
ең алдыңғы қатарлы тоғыз еліндегі өнеркәсіп саласында еңбек етушілер
халықтың 43%-і болса, XX ғасырдың ортасында бұл көрсеткіш, яғни жалданып
жұмыс істеушілердің саны 60%-ке жетті, өз кезегінде бұл көрсеткішпен қатар
мұндай мемлекеттердің саны да арта түсті. Мұндай құбылыс дамушы елдерде
етек алды, тіпті жалданып жұмыс істеушілердің саны жағынан олар Батыс
елдерін басып озды. XX ғасырдың басында дүниежүзіндегі қала халқы адамзат
баласының небәрі 3%-ін ғана құраса, XX ғасырдың ортасында олардың үлесі 28%-
ке, ал 90 жылдары 40%-тен асып кетті. Кең байтақ мегополистер пайда болды.
Мысалы, АҚШ-тың солтүстік-шығысында (көлемі 100 мың шаршы км., халқы 15
млн.), Жапонияда Хоккайдода (70- 50-700) және т.б. Қала мәдениеті
жағдайында адамның мәдени жандүниесі күрделі өзгерістерге ұшырады. Қала
халқының алдында өзіндік өзгеше өмірдің есігі айқара ашылды. Адам
телевидение және компьютерлік жүйелер арқылы толассыз хабарлар алу
мүмкіндігіне ие болды, өмір салты, еңбек ету айтарлыктай өзгерістерге
ұшырады, білім берудің мазмұны мен түрлері жаңа сатыға көтерілді. Сөйтіп,
ауыл-село халқының көпшілігі қалаға қоныс аударды, ал бұл жағдай түрлі
ұлттардың өзара жақындасуына, мәдени байланыстарының кеңеюіне әсер ете
отырып, оларды біртұтас жалпы адамзаттық мәдениет арнасында тоғыстырды.
Екіншіден, XX ғасырда адамның мәдени құндылықтарды игеру бағытында,
жалпы адамзаттық біртұтас негіздердің қалыптасуында айтарлықтай өзгерістер
болды, ал олар өз кезегінде жанұяға деген көзқарастың өзгеруіне, адамның
жан-жақты қалыптасуына айтарлықтай әсер ететін алғашқы әлеуметтік ұжымға
тікелей байланысты болды. Дәстүрлі неке институты өзгеріп, жаңа жанұя мүлде
жаңаша мазмұнға ие болды. Ұлттық мінез өзгешеліктеріне, жанұяның өз
ішіндегі қарым-қатынастардың өзгешеліктеріне қарамастан, өз дамуында
постиндустриалдық кезеңге аяқ басқан көптеген елдерде түбегейлі өзгерістер
дәуірі басталды. Жанұялардың өз қажеттіліктерін қанағаттандырып табысқа қол
жеткізушілік, яғни жанұя мүшелерінің өмірлерінде алға басушылық байқалды.
Патриархалдық жанұяда балалар еңбекке ерте араласты, күнкөріс қамын
ересектермен бөлісті. Ал XX ғасырда балалық шақтың созылуы, оларды жанұяның
басты құндылығы деп санау, оларға айрықша қамқорлықтың жасалуы жастардың
дүниежүзілік мәдениетке деген құштарлығын арттырып, мүлде жаңаша
адамгершілік, сезімдік және интеллектуальдық құндылықтарды өз бойларына
тереңірек сіңіруіне себепкер болды. Бұл кезенде жастар жалпы адамзаттық
мәдениеттің қайнар бұлағына сусындап, рухани азық алды, сөйтіп олардың
бойында заман талабына сәйкес жаңа ізгі қасиеттер қалыптасты. Қоғамдағы
болып жатқан өзгерістер өмір сүрудің жаңа түрлерін, мәдени стериотиптерді
өмірге келтірді [5].
Мәдениеттің біртұтас дамуы - қарама-қайшылықтарға толы процесс болды.
XX ғасырда дүниежүзілік мәдениеттің қалыптасуына ұлттық мәдениеттердің
өркендеуі жолындағы қуатты қозғалыстарымен қабаттас келді. Қазіргі кезеңде
мәдениетке еуроцентристік көзқарастың шектеулі екендігіне көзімізді
жеткізіп отырмыз. Техногендік еуропа мәдениеті ерекше дәріптеліп, оны
ұлттық және аймақтық мәдениеттерге негіз етіп көрсетілді. Қазіргі заман
тәжірибесі Шығыс елдерінің Батыс мәдениетінің құндылықтарын, қол жеткен
табыстарын өздерінің өндіріс және білім беру жүйесінде кеңінен қолданып
отырғандығын көрсетіп отыр. Тынық мұхит елдері бүгінгі танда ғылыми-
техникалық прогрестің қозғаушы күштерінің біріне айналды. Адамзат санасында
қалыптасқан Шығысты Батысқа қарсы қою идеясы (Батыс - ол Батыс, Шығыс -
ол Шығыс, сондықтан да олар бір-біріне үйлеспейді) қалыптасқан жағдайды
есепке алмайды. Мұндай көзқарас сөзсіз біртұтас жалпы-адамзаттық мәдениет
идеясын жоққа шығарған болар еді. Кезінде М. Вебер протестанттық
мәдениеттің негізінде Батыс Еуропада нарықтық экономиканы қабылдау мен
үйрену нәтижесінде қалыптасқан ұлттық мәдени дәстүрлердің орнына ерекше мән
берген болатын. Оған дәлел- нарықтық экономиканың әрекеті мен жер шарындағы
мемлекеттердің мәдени айырмашылықтары жайында жүргізілген белгілі ғалым
Хофстедтің классикалық зерттеулерінің қорытындылары болып табылады. Бұл
қорытындылар дүниежүзінің 100 еліндегі трансұлттық компанияларының
қызметкерлерінің арасында жүргізілген сұрақ-жауаптарға негізделген. Дамыған
елдердің алғашқы қатарынан нарықтық экономикасы мен кәсіпкерлік қызметі
шарықтап дамыған елдер орын алған. Олардың өзі екі топқа бөлінген.
Біріншісіне - Ұлыбритания мен Канада жатқызылған. Бұл елдер мәдениетінде
индивидуализм үстемдігі айқын байқалады. Индивидуалистік мәдени дәстүрде
адамдар ұжымнан тысқары, жеке әрекет еткенді қалайды. Мұндай жағдайда - ең
бірінші кезекте жеңіске бағдар алу, алға қойған мақсатқа жету және ол
мақсат жолында кездесетін бәсекеге, қиындықтарға төтеп беру басты орынға
қойылады. Екінші топқа - Швеция мен Жапония сияқты мемлекеттер жатқызылған.
Мұнда біршама коллективтік (ұжымдық) құндылықтар үстемдігі айқын
аңғарылады. Шаруашылықты жүргізудегі көптеген ұқсастықтарға қарамастан, бұл
екі блок елдерінің арасында келіспеушілік пиғылдар да бар. Мысалы:
Американдықтар швед кәсіпкерлерінің іс-қимыл стилін жақтырмай, олардың
жұмысын көргенде бастары ауыратындығын жасырмайды. Ұжымдық мәдениетке тән
нәрсе - нақты шешім қабылдауда бұйрық беруден бас тартып, бір шешімге ақыл-
кеңес арқылы келу. Кәсіпкерліктің мұндай жолын американдықтар босаңдық
таныту, олай болса мұндай жағдайда басшы адамның беделі жойылады деп
есептейді. Демек, АҚШ-та мәдени идеал - өз күшіне сенген, қандай мәселе
болса да жеке дара шешетін, заң алдында жауап бере алатын, алдына қойған
кәсіпкерлік мақсатына жете алатын жеке адам болып саналады. Керісінше,
жоғарыда байқағанымыздай Скандинавия кәсіпкерлері коллективтік іс-қимылды -
табыстың басты көзі деп санайды.
Осы орайда техногендік жағынан үлгілі елдердің қатарына жататын Жапония
мемлекетінің жетістіктері мәдени дамудың ұлттық түрлеріне негізділген.
Мұнда техногендік өркениет ерекше мәдени орта жағдайына қарамастан
өзіндік үйлесімділік тапқан. Жапон мәдениетіндегі ғасырлар бойы қалыптасқан
табиғат, адам мен қоғам арасындағы ерекше қарым-қатынастар елдің нарықтық
экономика саласындағы қомақты табыстарына тікелей әсер етіп отырғандығын
мойындамасқа болмайды. Міне, сондықтан да Жапонияда мәдениеттің ерекше
ұйымдастырушылық түрлері пайда болды. Жапондар-дың ұлттық-мәдени бет-
бейнесінің ерекшелігі - еңбекті ұжымдық тәсілмен ұйымдастырудан-ақ айқын
байқалады. Мысалы, кәсіпорын басшысы шешім қабылдамас бұрын, оны қарамағын-
дағылармен келісіп-ақылдасып алады. Жапондықтардың ұжымдық мәдениеті,
олардың еңбек саласында демократиялық басқару тәсіліне бой ұрғандығын
байқатады. Олардың басты ұраны: барлығымыз да біргеміз және бәріміз де
теңбіз. Сондықтан да болар өнеркәсіп басшысы мен қатардағы маманның алатын
жалақыларының мөлшерінде айтарлықтай айырмашылық болмайды. Тіпті кәсіпорын
директорлары қажет болған жағдайда станокке, конвейерге тұрып, немесе
қажетті іс-қағаздарын өздері іздестіруге ешқашан да арланбайды [6].
Ұлттық мәдениеттердің әр түрлерінің - Скандинавиялық (Швеция,
Норвегия), романдық (Бельгия, Франция), синтоистік (Жапония), азиаттық
(Гонконг, Тайвань, Сингапур), англосаксондық (Канада, Австралия,
Ұлыбритания) пайда болуы ғылыми білімге, өндірістің жоғарғы тәсілдеріне
негізделген нарықтық экономиканың қалыптасуына және оның шарықтап дамуына
әсер етті. Дүниежүзілік өркениеттің даму барысының өзі-ақ ұлттық
мәдениеттердің маңыздылығы бүгінгі таңда бұрынғыдан да артып отырғандығын
және әрбір мәдениет дүниежүзілік дамудың түрлерін өз қажетінше қабылдауымен
қатар, жалпыадамзаттық мәдениеттің қалыптасу процесіне өздерінің қомақты
үлестерін қосып отырғандығын көрсетіп отыр. Қазіргі дәуірге тән ерекше
қасиет - ұлттық мәдениеттердің тұйықтықтан арылып, бір-бірімен
байланыстарын жаңа сапалық дәрежеге көтеруі болып табылады. Жоғарыда
көрсетілген Шығысқа тән құндылық коллектившілдік (ұжымшылдықты)-
индивидуалистік мәдениеттің ең жоғарғы дәрежеде дамыған елі АҚШ-та
қабылдауға мәжбүр болды, өйткені қазіргі заманда өнеркәсіпті басқарудың
авторитарлық әдісінің тиімсіздігін өмірдің өзі-ақ дәлелдеп берді.
Осы орайда мәдениеттің әр саласындағы өзгерістерді бір елден бір елге
жайдан-жай көшіре салуға болмайтындығын ескере кеткен жөн. Оған дәлел
ретінде басқа елдерді қойғанда, қазақ халқының кеңес дәуіріндегі
мәдениетінің тағдырын айтсақ та жеткілікті сияқты. Мәдениеттің, не өмірдің
белгілі бір саласының элементін механикалық көшіре салу ешбір нәтиже
бермейді. Сөзіміз дәлелді болу үшін нақты мысал келтірейік. Жапонияда
өнімнің сапалылығы жолындағы күреске жұмысшыларды кеңінен тарту мақсатында
арнайы сапа үйірмелері ұйымдастырылды. Ерекше атап өтетін жайт, бұл
қозғалыс жапон халқының мәдени-психологиялық құндылықтарына негізделген
болатын, өйткені жапондықтар екі моральдық-құндылықтар ризашылық парызы мен
адалдық парызының рухында бала кезінен-ақ тәрбиеленген. Іс-әрекеттің
осындай ұлттық-мәдени стериотиптің ықпалымен жапондық жұмысшы өз күшіне
сенеді, бос уақытын да аямайды. 70-і жылдары дәл осындай сапа үйірмелері
АҚШ-та пайда бола бастады. Бірнеше жылдардан соң бұлар 230 американ
компанияларында өз жұмыстарын жүргізе бастады. Бірақ, өкінішке орай,
олардың 8 ғана жоғары дәрежеге жетіп, қалғандары айтарлықтай табысқа ие
бола алмай қалды. Осы бір шағын мысалдың өзі-ақ жоғарыда айтылған ойымызды
айқындай түссе керек. Американдықтардың индивидуализмі мен кәсіпкерлік
рухының тамыры сол елдің өткен тарихында, оның күрделі этникалык және
географиялық құрылымында жатыр. Еңбек сүйгіш неміс халқы мен оның
экономикалық жетістіктерін неміс мемлекетінің тарихын білмей тұрып, ол
халықтың өзіндік ұлттық қасиеттерін ескермей ешуақытта түсінуге болмайды.
Мысалы, Қытай мәдениетіне оптимистік дүниетаным, өмір мен өлімге табиғи
тұрғыдан қарау тән. Адамдар жер бетінде тіршілік етеді, ондағы тірілер мен
өлілер өзара тығыз байланыста. Бұл барлығы үшін ортақ дүние, ортақ тылсым.
Бұл - философиялық даналық.
Қытай халқының салт-дәстүрлерінде, наным-сенімдерінде кеңінен көрініс
тапқан Еуропалықтарды таң калдырған қатты ауруға шалдыққан адамға сыйға
табыт тарту дәстүрі - ауырған адамға құрмет көрсету мен оған деген шынайы
сезім белгісі болып табылады, өйткені өліп бара жатқан адам алыс сапарға
шығып бара жатқан жолаушымен пара-пар. Еуропалық мәдениеттегі батыл
қадамдармен қайта жаңғыртушылар, түбегейлі өзгерістер бір, жағынан-
прогресті тығырыққа тіреді. XX ғасырдың ұлы ойшылы А. Швейцер технократтық
мәдениеттен бас тартып, дамудың ең жоғарғы сатысына көшу қажеттігі туралы
ойға келді. XX ғасырдың дүбірлі оқиғалары, қантөгіс қырғиқабақ соғыстар,
экологиялық апаттар және т.б. негізінде ғылым технократизм мен
технократтық ғылым - мәдениетті идеялардың құрбандығына, рухани және
сезімдік ақыл-ой қысымына, жалпы мәдениеттің тоқырауына әкелді деген
қортындыға келді. Ұлы ойшыл жаңа жалпы адамзаттық мәдениеттің тағдыры үшін
өмірді қастерлеу принципін ұсынды. Бұл принцип - мәдениетті дамытудың
үлгісінен жалпы адамзаттық құндылықтарға негізделген мүлде жаңаша даму
бағытына көшуге меңзейді. Ал бұл жол ізгілік жолы, адамдарды жарқын
болашаққа апарар даналық жолы.
Абайдан басталған қазақ мәдениетіндегі тың сарын XX ғасырдың бас
кезінде ары қарай жалғасты. Қазақ мәдениеті XX ғасырды әрі үмітпен, әрі
түңілумен қарсы алды. Дүниежүзілік техникалық және демократиялық прогресс
Азия орталығына да жете бастады. Ұлттық идея темір тордағы халықты
толғандырып, оны азаттық үшін күресуге ұмтылдырды. Әрине, ұлт-азаттық
күреске бүкіл Ресей империясын қамтыған революциялық және реформалық
қозғалыстар да әсерін тигізді. Алайда Қазақстандағы толқулар тек орыс
революционерлерінің ықпалымен болды деу жаңсақ пікір. Бірде-бір ресейлік
саяси ұйым мен белгілі қайраткерлер империяны таратып, басқа ұлттарға
азаттық әперу туралы мәселе көтермеді. Социал-демократтардың өздері Шығыс
халықтарының оянуына панисламизм, пантюркизм айдарын тағып, күдіктене
қарады. Мәселе, сонымен бірге Ресейдің халықтары әр түрлі өркениеттерге
жататындығында. Батыс христиандарына жақын эстондар мен араб-парсы әлеміне
түбірлес өзбек, қазақтардың арасында ортақ мәдени негіз тым аз еді.
Өзіне туысқан халықтардағы сияқты Қазақстандағы мәдени қайтадан жаңғыру
орыс экспансиясына қарсы шығудан басталды. XX ғасырдың басында қазақтан
шыққан алғашқы саяси қайраткерлердің бірі Міржақып Дулатов қазақ халқының
манифесі - Оян, қазақ! өлеңін жариялады. Ол тұңғыш рет халықты ашық
күреске шақырған ұран тастады: Қазақстаннан болған социал-демократтарға
бір ауыз сөз айтамын: Еуропаның пролетариясы үшін қанды жас төгуіңіз
пайдалы, бірақ өз халқыңыз қазаққа артық назар салыңыз, орыстың қара
халқының күнелтуі ауыр, сонда да алды ашық. Қазақ халқы алты миллиондық бір
ұлы тайпа бола тұрып, басқа халыққа қарағанда жәрдемсіз азып-тозып кетер.
Міржақып саяси мәселелермен қоса өз шығармасында қазақ мәдениетін тұйықтан
шығаратын жолдар іздейді. Ең алдымен мәдени тоқыраудың себебін М. Дулатов
бодандықтан көреді [7].
Екі ғасырдың арасында қазақ мәдениетінде пайда болған бір құбылыс кейін
өріс алған маргиналдықтың көбеюі. Бұл жерде әңгіме ұлттық мәдениеттен
алыстап, үстемдік етіп отырған жат өркениетке қызмет еткендер туралы болып
тұр. Болыстар мен тілмаштар, әкімшіліктің маңайындағы неше түрлі пысықтар
көптеген жағдайларда мәңгүрттік қасиеттерге ие болып, ұлттық мәдениеттен
қол үзе бастады. Тағы да Оян, қазақ!-қа жүгінейік:
Төбелес, жанжал, керіс әңгіме.
Құмар-ақ болып кетті біздің халық.
Тұрады төрелері кекірейіп,
Переводчик онан жаман шекірейіп.
Сатылды ғазиз ұждан аз ақшаға,
Ғәләмәті надандықтың емес пе бұл?
Волост, билік, ауылнайлық, выборнайлық,
Қимайтұғын соншама падишаһлық па?
Екі ғасыр арасында қазақтың ұлттық санасының оянуына үлкен әсер еткен
тұлғаның бірі - Әлихан Бөкейханов. Ол қазақ хандарының тікелей ұрпағы, ұлт-
азаттық козғалыстың жетекшісі, қазақтың алғашқы саяси партиясының басшысы,
қазақтың бірінші ұлттық үкіметі - Алашорданың көсемі еді. Әлихан Бөкейханов
сан қырлы қоғамдық қызметтерімен бірге қазақтың рухани мәдениетін алғашқы
зерттеушілердің қатарында танымал. Ол Абайдың шығармашылығы туралы тұңғыш
мақаланы жариялады, қазақ эпосы мен фольклоры жөнінде әлі күнге дейін
ғалымдарды өзінің ой терендігімен таң қалдыратын еңбектер жазды. Солардың
ішіндегі құндысы - 1899 жылы Түркістан ведомое -тыларында жарияланған
Қырғыздың Қобыланды аңызындағы әйел атты еңбегі еді. Әлиханның бұл
жерде көтеріп отырған мәселесі бұрынғы қазақтың рухани мәдениетінің бай
мұраларына байланысты. Аталған аңызда мұсылмандық дін мен ежелгі тәңірілік
түсініктердің қарым-қатынасы, көшпелілер мәдениетіне тән ана мен әйелді
қастерлеу, ел намысын пендешіліктен жоғары қою т.б. мәселелері талқыланады.
Шексіз сахара қазақ мәдениетін көптеген жылдар бойы сыртқы жаулардан
қорғаштап, өзіндік ерекшеліктерін сақтауға себебін тигізді. Дүлей далада
тек жүз бен руға бөлінген тұтас қауым ғана өмір сүре алатын еді. Қысқаша
айтқанда, Әлихан мен Міржақып, Ахмет Байтұрсынов пен Мағжан Жұмабаев,
Жүсіпбек Аймауытов пен Сұлтанмахмұт Торайғыров секілді алаштың арыстары өз
күресінде халқының ғасырлық мұрасынан қашанда күш-қуат алып отырды.
Қазақтың рухани мәдениеті мен менталитетінде өшпес із қалдырған алып
тұлғаның бірі - Шәкәрім Қүдайбердіұлы. Оның шығармашылығының негізгі
тақырыбы мораль философиясы мен мәдениет ілімін қамтиды. Шәкәрім Абайдың
немере інісі және ұлы ақынның мұрасына сүйенген. Ол арнайы оқу орнында
оқымаса да, араб, парсы, орыс, шағатай тілдерін өз бетімен үйреніп, сол
тілдердегі шығармалардан дала ойшылы тұрғысынан ой қорытқан.
Абай сияқты Шәкәрім де қазақ елін қалай өркениетті, мәдениетті елдер
қатарына қосамын деп талпынады. Оның ойынша, бұл азаматтық өтеудің басты
шарты туған елдің бүкіл тарихи мәдени құндылықтарын жоғалтпай, оларды заман
талабына сәйкес қолдану. Шәкәрімнің рухани ізденісінде ежелгі сақ-түрік
заманынан қалыптасқан ғарыштық дүниетаным ерекше орын алады. Тәңірі, Нұр,
Күн, Табиғат - ол үшін қасиетті, киелі ұғымдар.
Қазақ мәдениетінде бұрыннан келе жатқан идея - жанның мәңгілігі. Әл-
Фараби мен Қожа Ахмет Иассауи, Абай мен Мағжан жалпы Шығыс ғұламалары
бойынша, адамның дүниедегі тіршілік ету мағынасы жанның мәңгілігімен
айқындалады. Әйтпесе өмір мазмұны жануарлық күн көруден алыс кетпек емес.
Әлем мен адамға бағыт беретін жол көрсетуші, мәңгілік пен шексіздіктің
кепілі - Нұр. Оған адамның жай ақылы жетпейді, оны аңғару, түсіну, жан
дүниеңмен қабылдау қажет. Өтпелі өмірден мәңгілікке (фәниден бақиға) көшу,
басқа сөзбен айтқанда, бұл дүниеден кету дегеніміз адам жанының Нұрға
қосылуы. Жан, - дейді Шәкәрім, - менің айтқанымдай баста бар болса, тұрған
денесі орын болуға жарамаған соң, денеден шыққанда біржола жоғалып
кетпейді. Құр ғана өзгеретін болса, бұрыннан бар жанның жоғалуына түк дәлел
жоқ. Олай болса бір түрге түсіп барлықтың ішінде бар болып жүреді. Осы
негізгі шығармасын Шәкәрім ұзақ дайындықтан соң жазған және ол Жаңа
замандағы қазақ кәсіпқой философиясының алғашқы туындысы болып табылады.
Бұл шығармада айтылған ойлардың сыры мен астарлы қатпарлары мол. Батыстағы
материализм және идеализм тәрізді екі анықпен Шәкәрім шектелмей, өз жолы -
үшінші анықты ұсынады:
Еңбекпенен, өрнекпенен Өнер ойға тоқылса, Жайнар көңіл, қайнар өмір ар
ілімі оқылса.
Яғни, басты мәселе - ар ілімі, моральдың төңірегінде. Кәдімгі этиканы
Шәкәрімнің ар ілімі деп атауында да үлкен мән бар. Себебі оның негізгі
категориясы, мәдениеттіліктің тірегі - ұждан. Бұл категорияны түсіну үшін
Шәкәрімнен үзінді келтірейік: Әрине, жаның өлген соң тазарып,
жоғарылайтынына нанған кісі қуанышта болып, жоғалуына нанған кісі өкініште
болып біржола жоғалмады-ау деп өлсе керек. Және ұждан, совесть жанның
тілегі екеніне нанған кісі қиянат қылғанына қатты кейіп, жақсылық қылғанына
жете қуанса керек. Олай болса нанбай, ұждан, совесть құр ғана көрініс үшін
адамдыққа лайық деген кісіге жақсылық, қиянаттың көп айырмасы жоқ болса
керек [8].
Ізін білдірмеудің айласын тапса болғаны, себебі өлген соңғы жан өміріне
нана алмай ұждан, совесть, жан екі өмірге бірдей керек таяныш екеніне нана
алмаған кісінің жүрегін ешбір ғылым, өнер, ешбір жол, заң тазарта алмайды.
Егер бір адам жанның өлген соңғы өмірі мен ұждан соның азығы екеніне әбден
нанса, оның жүрегін еш нәрсе қарайта алмайды. Адам атаулыны бір бауырдай
қылып, екі өмірді де жақсылықпен өмір сүргізетін жалғыз жол осы мұсылман
жолы сияқты. Кейбір діншілдерді қорлыққа түсіріп жүрген шатақ дін,
жалқаулық, әйтпесе жаратушыда білім бар, өлген соң да бір түрлі жан
тіршілігі бар. Жан екі өмірде де азығы- ұждан, совесть деумен еш нәрседен
кемдік көрмейді. Тіпті бұл жоғарылаудың ең зор жардамы үш анық дегенім
осы. Шәкәрімнің ұжданы біз жоғарыда айтқан, ежелгі гректегі
каллокагатия, И. Канттың кесімді императив ұғымдарымен астас. Ұждан
дегеніміз - ынсап, әділет, мейірім.
Тарих аумағынан қарағанда тым қысқа уақыт аралығында (70 жыл - бір
адамның ғұмыры) қазақтың ұлттық мәдениеті Кеңес өкіметі кезінде сан қырлы
құбылыстарды өз басынан өткізді. 1916 жылдан басталған күрес келесі жылы
мақсаттарына жеткендей болды. Өздерін демократтар санаған Уақытша үкімет
өкілдері сөз жүзінде езілген халықтарға азаттық береміз деді. Қазақ
ғұламасы Ә. Бөкейханов революция жасала сала Жаңарған Ресейдің ерікті
азаматтары - қазақтарға деген өз үндеуін жариялады. Жалпы алғанда,
қазақтың ұлттық мәдениетін XX ғасыр талаптарына сәйкес қайта құруда Алаш
партиясының ролі ерекше болды.
Революцияның бастапқы кезіндегі маңызды мәселенің бірі ұлттық-мәдени
автономияға қатысты еді. Ресей революциялық қозғалысының кадеттік,
социалистік және коммунистік бағыттарының көсемдері бұл идеяға қарсы шықты.
В.И. Ленин болсын, Ф. Керенский болсын территориялық федерацияны желеу
етіп, бірорталыққа бағынған Ресейдің империялық мәнін сақтап қалуға
тырысты. Большевиктер оған қоса өздерінің аты-шулы Барлық елдердің
пролетарлары, бірігіңдер! ұранын басшылыққа алып, ұлттық мүддені шетке
шығарып тастады.
1917 жылғы маусым айындағы басылымында Қазақ газеті осы мәселені
тікелей қойды. Автономияның қазақтарға ауадай қажет екендігін айтып, оның
үш негізі бар екендігіне оқырман назары аударылды (территория, мәдениет
және ұлттық ерекшеліктер). 1917 жылдың 21-26 шілдесінде Орынбор қаласында
Бірінші бүкіл-қазақтық құрылтай өтті. Оның шешімдері бойынша Алаш
партиясының бағдарламасы жарияланды. Бағдарламаның кейбір бөліктерінен
үзінді келтірейік:
1. Россия демократиялық Федеративтік Республика болуы керек, оның
құрамындағы әрбір мемлекет тәуелсіз әрекет етеді.
2. Қазақтар тұратын аймақтардан құралған автономия Россия Федеративтік
Республикасының құрамды бөлігі болып табылады.
3. Россия Республикасында тең праволылық, тұлға, сөз, баспа, ұжымдар
еріктілігі болады.
4. Дін мемлекеттен бөлінеді. Барлық діндер тең праволы қазақтардың
өзіндік муфтийлігі болуы керек.
5. Билік пен сот әр халықтың ерекшеліктеріне сәйкес құрылуы қажетті,
би мен сот жергілікті халықтың тілін білуі міндетті.
6. Білім алу- барлығының ортақ игілігі. Бүкіл оқу орындарында білім
алу тегін. Қазақтардың өз тіліндегі орта және жоғары оқу орындары,
университеттері де болуы керек.
Бұл бағдарлама 5-12 желтоқсанда өткен бүкіл қазақтық екінші съезде
құпталынып, осы құрылтайда ұйымдастырылған Алашорда үкіметінің негізгі
заңына айналды. Сонымен 1917 жылдың аяғына таман Қазақстан прогресс жолында
талай жетістіктерге жетті және ұлттық төл мәдениетті дамытуға мүмкіндік
алды. Қазақ рухани мәдениетінің сол тұстағы деңгейінде Алаш қайраткерлері
алдыңғы қатарда тұрды. Кейін тоталитарлық жүйе оларға әдейі
контрреволюцияшыл-ұлтшылдар деп жала жапқан.
Алайда большевиктер орнатқан тоталитарлық жүйе қазақ халқының (Ресейдің
басқа халықтарының да) азаттық алу, мәдени өркендеу мүмкіндіктерін
құлдыратып жіберді. XX ғасырдағы ең сұмдық қылмыстардың бірі Кеңес Одағында
жасалды. Тоталитарлық жүйе өз халқына қырғын салып (геноцид), оның
этномәдени тұтастануына орасан зиян келтірді. Адамзаттың бүкіл тарихында
ешбір саяси өзгеріс нақ осындай сүргінге әкелген жоқ. XX ғасырдагы екі
социалистік эксперимент (фашистік ұлттық-социализм және коммунизм) 100
миллионная астам адамды қырды. Этнобірігу және мәдени эволюцияны бекерге
шығаратын большевиктік идеология мен практика бүрынғы Ресей империясы
топырағындағы халықтардың ғасырлар бойы жинақталған мәдени құндылықтарын
талан-таражға салды. Бұл, әсіресе, қазақ тағдырынан анық көрінеді [9].
Ұлттық-мәдени тұтастануға кеселін тигізген төмендегідей большевиктік
тәжірибелерді атап өтейік:
1. Демографиялық геноцид. Белгілі демограф Мақаш Тәтімовтың есептеуі
бойынша, тоталитарлық жүйе кезінде казактар шетелдерге біржолата көшіп
кеткендерін қоса санағанда 4,5 миллион адамынан айрылған, яғни бүкіл
халқының үштен екісін жоғалтқан. Проценттік қатынаста, - дейді М. Тәтімов,
- Қазақстан қасіреті Батыс Армения қасіретінен, Еуропадағы фашизмнің
еврейлерді жоюынан, Камбоджадағы зұлматтан да асып түсті.
2. Этномәдени экспанция. Патшалық Ресей империясы бастаған миграциялық
саясатты Кеңес өкіметі де дәйекті жүргізді. Геноцид нәтижесінде қаңырап бос
қалған кең дала келімсектермен толтырылды. XIX ғасырдың ортасында өз
жерінде 92%-ін құраған жергілікті ұлт өкілдері 1959 жылғы санақ бойынша 29%-
ке дейін төмендеді. Мұның өзі 1916 жылғы қырғынның, азамат соғысының, Ф.
Голощекин жүргізген Кіші Октябрь саясатының, 30-жылдардагы аштықтың, тың
және тыңайған жерлерді игеруге сырттан жүз мыңдаған бөгделердің келуінің
салдары екені белгілі. Этномәдени экспанция: феодализмнен социализмге
бірден секіру үшін аймақты индустрияландыру қажет, ал бұрынғы көшпелілер
техникаға жетік емес, сондықтан орталық аудандардан кәсібилерді шақыру
керек дегенді желеу еткен. Мигранттардың көптеп көшіп келуі қазақтардың
дәстүрлі мәдениетін шайқалтып, оның өрісін тарылтты. Әрине, этномәдени
экспанцияның жағымды жақтары да болды (білімділік деңгейінің көтерілуі,
экономикалық даму, мәдени диалог т.б.). Алайда таразының екі басы тең емес
еді.
Қазақ кеңес мәдениеті туралы әңгіме еткенде оның тарихи ерекшеліктері
мен өзіндік белгілеріне тоқталып өткен жөн. Егер бұрынғы қазақ мәдениетін
дәстүрлік өркениет деп бағаласақ, онда тоталитарлық жүйеде ұлттық
негіздерді жойып жіберуге бағытталған большевиктік шараларды ескеру керек.
Тағдыры ортақ жаңа қауым, тарихта бұрын болмаған адамдардың жоғары
бірлестігі - кеңес халқы, сондай-ақ, мазмұны пролетарлық және түрі ұлттық
социалистік мәдениет ұрандарын басшылыққа алған идеологтар мен саясатшылар
рухани мәдениеттің тамырына балта шапты. Ерте заманның өзінде атақты
Аристотель мазмүн мен форманың бірлігін дәлелдесе, революционер марксистер
мәдениеттегі ұлттық мазмұнды бекерге шығарды.
Шын мәнінде, ең алдымен, мәдени туындының мазмұны ұлттық болып
табылады. Өйткені мәдени қайраткерлер өз шығармашылығында нақтылы ұлттық
көкейкесті мәселелерді көтереді; қандай абстрактылы шығарма болғанымен,
оның тамыры этностық фольклордан, халықтық педагогика, этика, дүниетанымнан
нәр алады. Жоғарыдағы социалистік мазмұнды көмкерген ұлттық форманы
Сталин тек тілге әкеп тіреген. Олай болса, өз ұлтының тарих-талғамын орыс
тілінде жазған Ш. Айтматов пен О. Сүлейменовты қалайша ұлттық мәдениеттен
аластаймыз. Әдеби тілден басқа әр этностың өзіндік рәміздері, таңбалары,
музыка, театр, көркемөнер тілі бар.
Әр этностың төлтума мәдениетіне үлкен нұқсан келтірген большевиктік
тәжірибелердің бірі ұлтаралық некелесуді дәріптеу. Әрине, табиғи-тарихи
жағдайларда бұл - прогрессивті процесс, дүниежүзілік мәдени сұхбаттасу
ағынының бір бұлағы. Әр түрлі этностардың, тіпті нәсілдердің араласуы
нәтижесінде қазіргі әлемде көрнекті рөл атқаратын американдар, бразилия-
лықтар, мексикандар, үнділер сияқты халықтар қалыптасты. Этнобиологиялық
және этноинтеграциялық тұтастануды оқшаулану деп түсінудің ауылы ақиқаттан
алыс.
Алайда Кеңес Одағында бұл процесс өктемділікпен жүргізіліп, империядағы
басқа халықтарды орыстандыру саясатында өтті. Саяси-идеологиялық ұрандардың
желеуімен 200-ден астам этностар араластырылып жіберілді. Нәтижесінде
жүзге тарта төлтума мәдениет мәңгілік жоқ болып, жұмыр жердің мәдени-рухани
болмысы солғын тартты. Осынау жойқын да жойдасыз қасіреттің орнында
мындаған жылдар бойы қалыптасқан төлтума мәдениетін әбден таптап, химералық
күйге жеткен 300 миллион тобыр қалды; баска ұлтпен некелескен 60 миллион
дұбара қалды; 60 мың тірі жетім балалар қалды (тіркеуге алынғаны ғана);
абақтының тұрақты тұрғындарының саны 20 миллионға жетті. Шын мәнінде,
Кеңес Одағы маргиналдар қоғамына айналды.
Әр ұлттың мәдени архетиптерін шайқалту Кеңес Одағында мемлекеттік
саясат дәрежесінде нысаналы түрде жүргізілді. Мысалы, 1951 жылы Орталық
мұсылман халықтарының Деде Қорқыт, Алпамыс, Манас. Ер Сайын, Шора
Батыр, Қобыланды сияқты эпостарын діншіл және ақсүйектік деп жариялап,
оларға тыйым салды. Халықтық мәдениетті қудалаудың сорақы бір көрінісі -
домбыраны феодализмге апарып тіркеу.
Тоталитарлық жүйенің мәдениет саласында жүргізген саясаты тек кеңестік
ұлттарды тазалаумен шектелген жоқ. Жаңа коммунистік мәдениетті
қалыптастыру дегенді басшылыққа алған партократия дүниежүзілік озық
мәдениет үлгілеріне тосқауыл жасады. Белгілі темір пердемен қоршалып
қойылған КСРО-да таза пролетарлық мәдениет дәріптелді; бүкіл Батыс -
буржуазиялық, ал Шығыс - ескішіл феодалдық деп жарияланды. Мұның бір дәлелі
- Отан соғысынан кейін сталинизмнің жүргізген шаралары. Космополиттік
мәдениет, империализм ықпалдарына түскен ғылымдар қатарына кибернетика,
генетика, тілтану т.б. қойылды.
Әрине, ширек ғасырға созылған бүкіл осы кезеңді тек қара бояумен
суреттеуден аулақпыз. Қазақстанда кеңес өкіметі жылдарында мәдени салада
едәуір жетістіктер де болды. Партия саясатын түсіну үшін елге көзі ашық,
сауатты азаматтар керек еді. Ресей сияқты бұрын негізінен сауатсыз
империяда халыққа білім беру жүйесі бірталай табыстарға жетті. Әрбір
одақтық республика өз Ғылым Академияларына, мемлекеттік университеттеріне,
институттарына ие болды. Жоғары басқару жүйелері негізінен орыстарға
сүйенгенімен жергілікті ұлт өкілдеріне мұқтаж еді. Оларды даярлау
Ресейдің орталық аудандарында жүргізілді. Мұның нәтижесінде көптеген ұлт
өкілдерінің еуропалық мәдениет және білімге қолдары жетті.
Баспасөз, газет-журналдар шығару, радио хабарларын тарату, теледидар,
кезінде от арба, сиқырлы машина деп жүретін ауыл тұрғындарына жете
бастады. Қазақстанның мәдени өмірінде ұлттық опера, балет, драма,
симфониялар пайда болып, ауқымы кеңи түсті. Қазақ бұлбұлы Күләш
Байсейітова, шебер биші Шара, кәсіпқой сахна жүлдыздары Серке Қожамқұлов,
Қалибек Қуанышбаев, Шәкен Айманов т.б. өз өнерлерімен халық дәстүрін жаңа
заманға лайықты жалғастыра білді.
XIX ғасырдың ортасынан кейін қалыптаса бастаған жазба әдебиеті де кеңес
Өкіметі жылдарында біршама табыстарға жетті. Сәкен Сейфуллин, Мұхтар
Әуезов, Сәбит Мұқанов, Бейімбет Майлин, Мұқағали Мақатаев сияқты көптеген
ақын-жазушылар, социалистік реализм мен тап күресі идеологиясының
шеңберінен шығып, өз шығармаларында халықтың көңіл-күйін, арман-тілегін,
тыныс-тіршілігін шебер суреттей білді [10].
Осы жылдары қазақ халқының мәдени тарихын зерттеп-білуге бағытталған
біршама әрекеттер жасалды. Бұл ретте казақ эпосының негізінде көрермендерге
ұсынылған Қыз Жібек, Ай-ман - Шолпан, Қозы Көрпеш - Баян сұлу, Ер
Тарғын,
Қалқаман - Мамыр сияқты опера, көркем фильм, балеттерді атап өтуге
болады.Тарихи ескерткіштерді қорғау, сақтау, Қазақстан тарихын көрсету
мақсаттарында республикада көптеген мұражайлар ұйымдастырылды. 80-жылдарда
республикада 47 мұражай, оның ішінде 29 өлкетану, 5 тарихи-мемориалдық, 4
әдеби-мемориалдық, 4 өнертану, 1 этнографиялық музей жұмыс істеді.
Алайда тоталитарлық жүйе Қазақстан халықтарының мәдени толысуына ынталы
емес еді. Мұны, әсіресе, мәдениеттің өзегі тіл мен дінге байланысты
жүргізілген саясаттан көруге болады. Феодализм мен алғашқы қауымдық
құрылыс қалдықтарымен күресуді желеу еткен Орталық 20-жылдардан бастап
мешіт пен медресе мүлкін тәркілеп, діни өкілдерді қуғынға ұшыратты. Ондаған
түрік халықтары алдымен латын, кейін славян алфавитіне көшірілді. 1927-1928
жылдары билер соты жойылып, дәстүрлік заңдар жарамсыз деп жарияланды.
Мәдениеттің таза партиялылығын жоғарыдан бақылаушы ұйымдар қатты қадағалап
отырды. Баслит (цензура) мен Басрепертком баспасөз бен театрларда социализм
идеяларына сәйкес келмейтін шығармаларға тыйым салды.
Ұлтымыздың кейінгі жүз жылдан аса тарихының сырлы шежіресі – қазақ
баспасөзі ХІХ ғасырдың екінші жартысында “Түркістан уәлаятының газеті”
және “Дала уәлаятының газеті” болып патшалы Ресей үкіметімен дүниеге
келді. Бұл басылымдар отарлаушы елдің жыртысын жыртып, Жырын жырлау
мақсатында шығарылғанымен, шын мәнінде, сол шеңбермен тұйықталып қалмай,
Ұлтымыздың жоғын түгендеу бағытында едәуір еңбек сіңіргенімен есте тұтқан
жөн. Бейресми бөлімдерінде жарық көрген халқымыздың ... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Зерттеу жұмысының әдіснамалық және теориялық негізі қазақ әдебиетінің тарихы, журналистика бойынша монографиялар және оқулықтар
Қазақ баспасөзінің пайда болу тарихы
Қазақ мәдениетінде бұрыннан келе жатқан идея - жанның мәңгілігі
Қазақ халқының тарихы мен мәдениетін зерттеудегі қазақ зиялыларының үлесі
«Айқап» журналы және ХХ ғ.б.әдебиеттің даму мәселелері (тақырыптық, жанрлық, көркемдік мәселелері)
Қазақ ұлттық баспасөзінің дамуы
«Серке» газеті – қазақ қоғамындағы алғаш демократия жаршысы
ХХ ғасырдың басындағы ірі саяси- қоғамдық өзгерістердің ұлттық әдебиетке тигізген ықпал
Қазақстан баспасөзі
ҚАЗАҚ КӨСЕМСӨЗІНІҢ ЗЕРТТЕЛУІ
Пәндер