Абай жолы эпопеясындағы монологтың көркемдік қызметі


Мазмұны
Кіріспе . . . 2-4
І Тарау. «Абай жолы» эпопеясындағы портреттің көркемдік қызметі . . . 5-43
ІІ Тарау. «Абай жолы» эпопеясындағы монологтың көркемдік қызметі . . . 44-61
Қорытынды . . . 62-64
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі . . . 65-67
Кіріспе
«Жазушы өмірді бейнелі образ арқылы мүсіндейтіні белгілі . Ал образда жалпылық та сипат бар. Образ бойында обьективтілік те, субьективтілік те қасиет бар. Сондықтан өнердегі образдың екі жағын бірлікте алып қарағада, біз сол образ арқылы өмір шындығын аша аламыз», (1, 25) деп әдебиетші ғалым Т. Ақшолақов айтқандай, өмір шындығын ашу- көркем образдың негізгі тамыры. Осы тұрғыдан қарайтын болсақ, әдебиет дүниесінен өзіндік орнын, сүрлеу - соқпағын тапқан қаламгерлердің қай - қайсының да туындыларындағы үлкенді - кішілі кейіпкерлер мен қаһармандар өмірдегі шынайы қалпымен, қарама - қайшылығымен, қателік - кемшіліктерімен, сүйініш - күйініштерімен, аңсар - армандарымен шынайы алына отырып, сыртқы бейнесі мен ішкі жан - дүниесі өзара тұтастықта шыншылдықпен көрініс табады.
Қалай болғанда да, қаламгер атаулының басты тақырыбы - Адам. Өнер туындысының бәріне ортақ мазмұн - адамның ой - арманы, құштарлығы мұраты. Адам тағдыры жазушы үшін де шығарма арқауы ғана емес, сонымен қатар, өз тұрғысынан өмірді танудың және оқырманына өмірді танытудың өзгеше тәсілі де.
Кез - келген қаламгер өз деңгейінде адам туралы толғанады. Қандай тақырыпқа жазса да, қандай мәселені көтерсе де, бәрібір, әр кейіпкеріне, әр қаһарманына жеке тағдыр ретінде қарайды. Кейіпкердің жеке өмірбаянын жазушылық қиял арқылы тағдырға айналдыра, қоғам өмірімен сабақтастыра толғанады. Ұлы суреткер қашанда кейіпкерінің сырт келбетін аз бағып, ішкі жан - дүниесін жүрек қалтарысын қалтықсыз бағуға ұмтылады. Кейіпкерлер жан әлеміндегі құбылыстар арқылы қоғамдық - әлеуметтік өміріміздегі моральдық - этикалық мәселелерді де, саяси идеалогиялық өзгерістерді де қамти танытады.
Белгілі орыс жазушысы С. Залыгин: «Поэт или прозайк стемится писать так, как писатель он еще не умеет. Там, где писатель пишет только так, как он умеет - кончайтся творчество»(2, 15) деген байлам жасайды. Бұл орайда, біздің зерттеу жұмысымыздың тақырыбына арқау болып отырған ұлы жазушы М. Әуезов - шығармашылық мұраты айқын, алғашқы шығармасынан бастап - ақ өзіндік бет - бағдарын, өзіндік көркемдік әлемін қалыптастырған, екінші шығармаға жол тартқан сайын түлеп, кемелденген ұлы суреткер. Оның сыры - ұлы суреткердің өз қаламынан туған әр туындыға өмірлік шындықты шеберлікпен дарыта білуінде, әр туындысын жазбасқа шарасы қалмаған кезде жарыққа әкелуінде жатса керек. Сол себепті де қабілет - қарымы жоғары, шығармашылық мүмкіндігі мол ұлы жазушының әлемдік әдебиеттің асыл жауһарларының бірінен саналатын «Абай жолы» роман - эпопеясының көркемдік құндылығына үңіле зер салып, сапалық қадір - қасиетін бүгінгі күн талабы тұрғысынан танып - білуге, өзгелердің де тануына қал - қадірінше септік ету - әдебиетшілік парыз болса керек. Зерттеу жұмысына М. Әуезовтың «Абай жолы» роман - эпопеясын арқау еткен кезде біздің көздегеніміз де осы болды. Әлемдік әдебиетке жаңа тынысты, соны сипатты «Абай жолы» роман - эпопеясын әкелген ұлы суреткер М. Әуезовтің шығармашылық ізденістерінде кейіпкер психологиясына тереңдей бойлау тұрғысынан болсын, монолог құру, образ сомдау, портрет жасау ерекшеліктерімен, сонымен қатар, жазушының өзіне тән қолтанбасын танытатын даралық нышандарын да аңғарамыз. Сол себепті де, біз ұлы суреткер М. Әуезовтің ұлы шығармасы Абай жолы эпопеясында көрініс тапқан көркем бейнелер әлемін танып - білуге талпындық, сол негізде жазушының шығармашылық даралығын, төл әдебиетіміздің тарихындағы орнын зерделеуге ұмтылдық.
Көркем шығармада адам өмірі суреттелетін болғандықтан, тірі жан иесінің сыртқы келбет - бітімі, өң - шырайындағы өзгеріс, тұрақты қалып, ерекшеліктеріне назар аудару мүмкін емес. Анығы: кейіпкер бейнесі оның табиғи кескін, дене, әлпет сипаттарымен тұтас алынғанда ғана толыққанды қасиет табатындығы. Әдебиеттегі мазмұн мен пішіннің арақатынасы тәрізді ажырамас байланыстың бір үзігін мінез бен әрекет, ой - сана және түр, қияпат, мүсін, сымбат жаратылысының сабақтас күйлерінен ұғамыз.
Мұхтар Әуезовтың қаһарман тұлғасын кескіндеу өнері туралы әртүрлі дәрежеде (яғни арнайы немесе қосалқы ыңғайда) М. Қаратаев, З. Ахметов, Е. Лизунова, С. Қирабаев, Р. Бердібаев, Ш. Елеукенов, Р. Нұрғалиев, Б. Уахатов, Ә. Байтанаев, А. Ишанов, Т. Рахымжанов, Т. Жұртбаев, М. Әдібаев сияқты әдебиет зерттеушілері сөз етіп, тың тұжырымдар қалыптастырды. Әйтсе де терең мұхиттың суы сарқылмайтындай, іргелі суреткердің мол мұрасы, ересен шеберлігі әр дәуірдің әр мезгілінде жаңа ұстанымдар, жеке көзқарастар тұрғысынан ақтара қарай беруге жетелеуін қоймайтын болса керек.
Заңғар жазушы М Әуезовтің «Абай жолы» роман - эпопеясы XIX ғасырдың екінші жартысында өмір сүрген қазақ халқының елу жылдық өмірін көркемдікпен бейнелеп берген көркемдігі кемел шығармадағы идея мен образ бірлігінің үлгісін көрсеткен, қазірігі қазақ прозасының маңдай алды кесек туындысы болып табылады. Сондықтан, М Әуезовтың «Абай жолы» роман - эпопеясы туралы зерттеу жұмыстары да ешқашан тұйыққа тіреліп, тоқтап қалмайды. Өйткені, ғылымда тоқтау болмайды, ізденістер үнемі жүріп жатады. Біздің дипломдық жұмысымызға тақырып етіп, ұлттық прозаның мақтанышына айналған, қазақ әдебиетін әлемдік аренаға шығарған «Абай жолы» роман - эпопеясын алудағы көздегеніміз де осы мақсаттан туындады.
«Абай жолы» эпопеясындағы портреттің
көркемдік қызметі
М. Әуезов қаламынан туған портреттер галереясының ғажап әлемі керемет тарихи - этнографиялық, философиялық әрі сұңғыла психологиялық мәнімен қайран қалдырады. Олардың тұтанып, қоздайтын эмоциялық әсер, эстетикалық қуат - құдірет қанша! Қайсыбір ретте қазақ жеріндегі бүгінге мұра боп жеткен көненің көзі - тас мүсіндерге жан бітіп, үнсіз мүлгіген бейнелер құлпырып, түлеп, шешіле сөйлеп кететіндей.
Жазушы Абай өмірі, оның заманы жөнінде ешбір жазба деректер сақталмағанын қинала еске алып, өзін « көшкен жұрттың орнына келген жолаушыға » теңейтіні, зердесі тоза бастаған көне көз қариялар естелігіне сүйенгені, « алпысты алқымдаған Әйгерімнің жүзіне» қарай отырып, бір кезде ақын жүрегін жаулаған жас сұлулық бедерін қиялмен қайта сомдаған азапты еңбек харекеті белгілі.
Қаламгер терең логика һәм ұшқыр интуиция құдіретіне қанат байлаған. Сөйте тұрып, ел жадында сақталған нақты тарихи, физиологиялық деректерден ауытқымауға тырысқан. М. Әуезов өзінің қызу творчестволық іске кіріскен шағына дейінгі елу, жүз жылға таяу уақыт кескінін жерге қарағандай биіктен айқын көрсе, адамдар пішінін обьектіге микроскоппен көз салған ғалымдай тесіле пайымдап, тек анатомиялық, физиологиялық байқаулармен шектелмей, жалпы этникалық, нәсіл, тұқым қуалайтын биологиялық ерекшеліктерді тануға ұмтылар генетика ғылымының қағидаларын да сана қыртысында ұстайды. «Абай жолында», үшінші кітаптың «Қоршауда» аталатын тарауында орыс халқының өкілі, медик - антрополог Павловтың назарымен мынадай көрініс сарапталған: «Ғылымдық бір іздену жолында жүргеніне де көп болған . . . Бұл көріп отырған қазақтар, пішін-бітім жағынан әлденеше алуан сияқты . Сар сақалды, көк көзді Баймағанбеттен басқа, ұзын бойлы, сопақ басты ақ сары реңді, қой көзді, қырлы мұрынды Ақылбай - бір тип. Оның сақал - мұрты аз. Көселігі жүзіндегі бір қайшылығы сияқты сезіледі. Дөңгелек бетті, жылтыраған шапшаң өткір, шошақ көзді, кішкене таңқы мұрынды, бірақ сұлу қара сұр түсті Кәкітайдың типі, ол да бөтен бір ел өкілі сияқты. Қалың дөңгелек бетті, қызыл күрең жүзді, жас қыз Пәкизат қалмақ беттес келіп, ол да бір жыныстан елес бергендей. Бұл жиын арасында, Әбіш пен Мағаштың пішіндері тіпті өзгеше. Түстері ақсұр, жіңішке қасты, жұқа ерінді, көселеу келген екі жігіт бөлек бір орта бейнесіне келеді. Жылтыр қою қара қасы бар, ажарлы, үлкен қара көзді, қырлы кесек мұрынды және әдемі қиылған қысқа мұрты бар қара сұр жүзді Дәрмен Павловқа анық кавказ типінің бірін елестетеді»(3, 330 б) . Оларға қоса Шұбар да аталады, бірақ ол киім үлгісімен ғана сипатталған. Ербол бейнесі назарға ілікпейді. Алғашқылардың бірі болып мүсінделетін Ақылбай баяндау уақыты бойынша үйге соңынан кірген Павлов әсерін беруде автор жинақтаушылық жүйе ұстанған. Бір халықтың сан алуан қасиетін өздерінің ішінен гөрі өзге жұрттың адамы әділ бағалай алатыны, жаңа айшықтар тауып, ұқсас, алшақ жайыттарды жіктеп - ажырата білуге бейім келетіні мәлім. Оның үстіне Павловтың мамаңдығы да - кісітану ілімінің бір саласы, антропология. Егер жай европалық болса не сахарада көп жүріп, көп сырға қанып жетпесе, Абайдың досына далалықтар бір реңді қалыптан айнымас кейіпте көзге түсер еді. Алайда орыс дәрігері арнайы білім, тәжірибе негізінде әр кескіннің дара бітімін жалпылық нұсқамен салыстыра қабылдап отыр. Қазір біз қазақтардың «морфологиялық белгілер мен генетикалық жүйе комплекстері бойынша аралас оңтүстік сібір (тұран) нәсіліне жататынын» және басқа өзі типтес Тянь-Шань, алтай - саян, халықтарына қарғанда монғолдық нышандардан біршама қалыс екенін білеміз. Белгілі антрополог О. Смағұлов «қазақ» этнонимін еленген ұлттың сырт тұрпаты «екі үлкен нәсіл-жергілікті европеоидтің және сырттан келген монголоидтардың күрделі түрдегі өзара қарым-қатынасы негізінде, кем дегенде, ХІҮ - ХҮ ғасырларда әбден қалыптасып болған деген қорытынды жасауға мүмкіндік береді» - дейді. Абай заманында бұл түсінік қалыптасып болмаған еді. Рас, ұлы ақынның «Соның бірі, яғни сол маңғұлдан шыққан халықтың бірі- біздің қазақ. Біздің қазақтың маңғұлдан шықпақтығы бізге ұят емес, бірақ біздің білімсіз, ғылымсыз қалмақтығымыз ұят» -дейтіні бар. Бұл ойдың бағдары дұрыс. Оған берідегі М. Тынышпаев, С. Асфендияров, Н. Мыңжани еңбектері дәлел. Әріден Рашид-ад-дин, Әбілғазы Баһадүр-хан, Н. Бичурин еңбектері мол дерек береді Абай Барабин татарларын сахаларды қатты бауыр көреді.
М. Әуезов пішіндемесінде бұл тұғырнаманы Пәкизат бәдені тиянақтай түседі. Павлов та Абай тәрізді ұғымда болу ықтимал. Бірақ әр адамның, туыс, жерлес қауымның көзге ұрып тұрған ерекшеліктері түрлі ойға мұрындық беретіні іспетті. О. Смағұловтың зерттеуінше, қазаққа түр, сымбат емес, қан құрамы жағынан қалмақтар жақын екен. Ұрыс - соғыс, олжалау, сауға беру, көшіріп алу, қоныс аудару дәуірінің қалаусыз жемісі. Дұшпаннан дос туған, ағайын тамыр жайған. Әлем тарихынан хабары мол дәрігер Павловқа мұндай ахуал таңсық болмаса керек. Баймағанбет пен Ақылбай, Әбіш, Мағаш көне европеидтік, Кәкітай мен Пәкизат монголоидтық нәсіл белгілерін өз ерекшеліктері арқылы сипаттамақ. Ойдан шығарылған бейне болғанымен, үлкен идеялық - көркемдік жүк арқалайтын Дәменнің көзі, қасы, мұрны жағынан оқшау бітімі алыс аймақ, тау халқының ортақ қасиетін елестетеді. Антрополог үшін бұл жаналық саналмаса қажет. Сақ, қыпшақ, ғұн дәуіріндегі аралас- құраластық, Қап тауы, Үрім, Қырым атаулары, аландармен одақ, Кавказдағы Арғын өзені, қазақ ауданы Абай уақыты үшін де біраз тарихи- мәдени мәліметтерге негіз беруі тиіс. Абай балалары: Ақылбай, Әбіш, Мағаш ақшылдығымен, сәл - пәл көселігімен бөлектенеді. Кәкітай мен Пәкизат «дөңгелек бетті» келгенмен, бірі - «қарасұр түсті»де, екіншісі - «қызыл күрең жүзді». Кәкітайдың көзі мен «таңқы мұрны» әсем келбетіне жеке тұрғанда оғаш сипат көрінгенмен, тұтас алғанда үлкен жарасым тудыратынын байқау, Ақылбайға қатысты сақал - мұрттың аздығын «жүзіндегі бір қайшылық » ретінде тану - Павлов жанарының қырағырлығы, зеректігі мен өткірлігін аңғартпақ. Қазаққа алыстау пішін типін иеленген: Баймағанбет пен Дәрмен. Біріншісі -статикалық портрет, екінші де дәл осы үзіндіде сондай кейіп байқатса, Ақылбай мен Пәкизат қозғалыс алдындағы, Әбіш пен Мағаштың үнсіз динамика ауқымындағы кескіні нәзіктік пен зиялылық әуенін пернелейтіндей. Қысқа ғана мінезделетін - Кәкітай. Орыс пішінділігі ғана болмаса, қосалқы әсерсіз суреттелетін - Баймағанбет. Оның міндеті тек антропологиялық фактор күшін айғақтау ғана тәрізді. Ақылбай түрі де таза дәстүрлі қазақ типінен оқшау. Жігіттің ұнамды, ұтымды сымбаты аталып қояды да, ішкі эмоция - бағалау акті тұсалып қалады. Ғалымдық назар үстем шығады. Осы көріністің ұзына бойында М. Әуезов орыс адамының ойлау, зерделеу, сынау, таңырқау, сөйлеу ерешеліктерін ескере отыратынына әбден көз жеткізесіз.
М. Әуезов Құнанбай- Абай заманының адамдарына киім киіс, жүріс - тұрыс, сырт нышандарына қарап та этнографиялық қасиеті мол мінездеме береді. Мәселен, Қарқаралыда Құнанбай салдырған мешіттің ашылу рәсіміне келген халық алдымен әлеуметтік орын мәніне орай қысқаша сипатталып өтіп, «Жиындағы жандардың көпшілігі Бошан тәрізді . . . Тымақ, шапандары соны баян етіп тұр. Оқта - текте ғана Балқаш бойынан келген Дадан Тобықтының үлгісі немесе Дағанды Керейінің қой жүні шекпені мен шошақ тымағы көрінеді »(4, 115 б) дегендей зат - дүниелік, сән мағыналарына көшу бар. Қарабастың көмегімен жеткіншек Абай « көз таңба », «ашамай», «шөміш» тақілеттес ат санына басатын ру белгілері - символ өрнектерімен танысады. Көп сөзділікке бармас үшін жазушы Дағанды Керейінің «шекпен», «тымақ» тігісін анықтап өтеді. Бұл - әр елдің өкілін қатесіз, айтпай ажырататын тотемдік сипаттағы мәдени материалдық таңбалар.
Балқыбек сиязына жиналған жұртты М. Әуезов «Бұнда төрт сай аласа төбелі Тобықты тымағы, жіңішке ұзын төбелі Керей тымағы, сырмалаған алты сай Найман тымағы, сегіз сай Уақ тымағы бар. Бірінен бірі бөлек шапан - кемзал үлгілері, ертоқым, басқалықтары да Абай көзіне бадырайып, айқын байқалады» (5, 341б) дейді. Керей үлгісі бұрынғы бедеріне ұқсас. Неғұрлым салтанатты үлгі Найман мен Уақ азаматтарында. Тобықты үлгісі сыпайы, ықшамдылығымен ерекшеленеді. Қаламгер баяндалуындағы мегзеу тәсілі арқылы алғашқы мысалдағы тәрізді көптік әсер тудырады. «Ақ китель, ақ картуз киген саралы түймелі начальниктер, урадниктер, стражниктермен» бірге алғанда думанды дала мерекесін эпикалық әдіспен кең қарпып әрі жинақы бейнелеу көзделген. Орыс төрелерінің әкімшілік қызмет бабындағы түр - тұлғасы көрінгенмен, жеке дара сапалары көзге түспейді. Қажет те емес. Олар тек оязды күтіп, қаздиған « теке, серкелердей»(6, 342 б) қалпымен Ербол, Асылбек, Шәкелердің күлкісін шақырады. Портреттік деталь диалог үстінде бейнелі күш алып, ойнақы юмор иронияға бастайды. Көп қазақ қазаққа ерсіемес күнделікті дағды да, аз орыс өткір жанармен, ұлттық психологияға хас теңеулер көмегімен әлеуметтік мәні бар сурет бедерін елестеткен.
Қалаға келген Абай Дәмежан үйінің қасында ұйықтап жатқан үш қонаққа көңіл бөледі, ұйқыдағы ел адамдарының «бурыл», »қоңыр» «жайылма, ұзынсақалдары» (7, 9) менмұндаласа, Семейдегі оба кезінде, тыңдаушысын таба алмай булыққан, жалғызсыраған Абайға ат базарындағы «Бурыл сақал, жирен мұрт бір көселеу сұрқылт келбетті үш саудагер» (8, 71) сәлем береді. Ақын кездесетін халық жеткілікті. Жазушы қалың ел араласып, қайшыласқан сәттерде топ кескінін осындай статикалық күйде сипаттайды. Көп ішінен бірді - екілі адам іріктеліп, әрқайсысы сол қауымға тән ортақ белгілерді паш ететіндей. Автор бас кейіпкердің назарын бірден аударатын портрет штрихтарын бөлектей көрсетеді. Таңбалар тәрізді ел тұрғындарының бет - әлпетін түстеп тануда жоғарыдағыдай сырт пошым бөлшектері елеулі роль атқарады. Бірінде Абай арбадағылардың ажарын қара көлеңкеде анық аңғармаса, екіншісінде оған дейінгі монологта зор кейіс, налыспен өзін алушысы жоқ, жапандағы амалсыз сатушыға теңейтін ақын көңілі хош көрмейтін, беймәлім алыпсатарларға бажайлап үнілмейді. Сыры аян, тірлігі жат пенделердің қазақ үшін оғаш кәсібін ырықсыз түрде жақтырмау мұң үстіндегі дала ойшылын ежеттес жандар туралы келесі толғамға бастамаса керек. Қажыған жүрек кейздей соқ серіктердің бет -жүзінен ортақ реніш іздемеуі табиғи нәрсе. Ал үкімет, заң орындарынан араша сұраған Мәкенге басқа кеңсе қызметкерлерінен бұрын «сары сақалда ұлықтың өңі - жүзі»(9, 155) жылы тартып, «сұлу»көрінеді. Мәкен сот мүшелерінен, олардың мұсылман еместігіне қарамастан, күдерін үзбейді. Азаматтыққа қол созған қыз «сары сақалды, қасқабас, көзілдірікті, сарала түймелікелісті адамнан» жамандық күтпейді. Жіктеп, сараламаса да, кейіпкер жаңары қайырымды әкімнің өң - шырайындағы игі нышандарды бірден түйіп алған. М. Әуезов Қарамолдаға сайлауға келген болыс -билердің мойындарына «жез знак» салып, ата - бабаларының «оқалы томын жамылудағы» ерсілікті бүгінгі ұрпақтың әлсіздігіне балап, үнсіз мысқылмен езу тартады. Ұлықты күткен қауым «Намазда сапқа тұрғандай, амалсыздыққа көңеді», «Жандарал болса, өз жүрісін айдын, салтанатпен, мықтап келістіре білетін аса мәнді, баншыл адам»(10, 375) . Қарапайым халық алдында дүрдиген атқмінерлердің мүләйім қалып, онымен қоймай, аруақ шақырғандай, аңқау, монтаны кейіпі құлқанамалық тұрғыдан нәзік те жіті пайымдалады. Қайсыбірі айналасына қыр көрсетпек. Қайсыбіреулері қаймықпақ. Жандарал ашық тілмен астарсыз мінезделеді. Жуанда кеткен есесін жоқтайтын жоқ -жітіктің сырт пішінін жинақтап көрсетуде де нанымдылық мол: «Бұл елдің үстеріне киген киімдері де шетіне сұр түсті шекпен не көнетоз шапан. Бастарындағы әр рудың үлгісін көрсететін тұмақтары да тегіс ескі елтірі, ұзын сеңсеңнен істелген. Ол тымақтардың тысы арзан шыт немесе жыртылған жүні реңсіз қуқыл шүберек»(11, 392) . Мұнда ілкідегі салтанатты сән - киімнің нұсқасы бар да, өзі жоқ. Рулық бедер сақталады. Жазушы кедейдің шын ахуалын пайымдау мақсатымен тым жүпыны киім - кешектің заттық, материалдық негіздеріне дейін түгелдеп өтеді. Мойнына знак таққан, атасының шапанын әдейі жамылып, бақ шақырған мүләйім мырзалар патша ұлықтарының алдында болмаса, әншейінде мына жастақтарға жалынан сипатпастай. «Тентек оязды» күткен Ералыда Абай жоқ - жітіктің арыз - мұңын жыртық киім, сұрғыл түс, қату қабақ іспетті тұрпа - рай аңғарына қарай отырып тыңдаса, Шалқарда отырған Ұлжан ауылына қатысты мына суретті аяныш сезімінсіз ұғу қиын: « Шеткі үйлердегі киімі жыртық, өңі жадау сауыншы, тезекші, қойшы - қолаң әйелдері, балалары бұл топқа жолай алмай, жырақтан қарап, шеттеп жүр. Күндізден, ерулікші қонақ әйелдер келгеннен бастап, Айғыз бен Қалиқа оларды бұл үйлер жаққа бастырмаған. Осындайдағы әдеттері бойынша, екеуі мысқылдап «Ұсқының құрғыр, түге жұртты шошытып, түсіне кірейін деп көремісің? Ана жаққа кет! - деп,, қара лашықтарға қарай сауындарға қарай айдап салатын» (12, 47) . Көрініс тұтас портрет үлгілеріне құрылмағанмен, пішіндеме штрихтарын қамтып, бай ауылдағы нашардың теңсіз қал - жайы туралы реалистік деректерді пластикалық айшықпен өрнектейді. Кескін компоненттері - жоқшылық пен бишаралықтың символы. Айғыз бен Қалиқаның қосарланған, уақыт мағына жағынан топтасқан, біреуге тапқырлығымен, біреуге удай кескінімен әсер етер кесірге толы сөздері жалшы - жақыбайға тән типтік пішіндемені психологилық эмоция нәтижесінде ұлғайта бейнелейді. Бейнелеу және жанама түрде, нысанның өзі емес, жобадағы қабылдаушы субьектінің жорамал ыңғайындағы сезім, әрекетін қиялдау арқылы жүзеге асады. Жинақтаушылық мәндегі оқиғаға негізделген қызықты, қуатты эпизод.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz