АБАЙДЫҢ ҚАРАСӨЗДЕРІНІҢ СТИЛЬДІК ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ


Жұмыс түрі:  Дипломдық жұмыс
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 61 бет
Таңдаулыға:   

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ

Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті

Филология факультеті

Қазақ тілі мен әдебиет кафедрасы

Шахметова Ульфат Сакенқызы

ДИПЛОМ ЖҰМЫСЫ

АБАЙДЫҢ ҚАРАСӨЗДЕРІНІҢ СТИЛЬДІК ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

Оқыту түрі: сыртқы бөлім

Ғылыми жетекші:

Ғылыми сарапшы:

Диплом жұмысының қорғауға

жіберілген күні: № хаттама

Кафедра меңгерушісі

Қорғайтын күні

Бағасы:

Көкшетау, 2011

Мазмұны

КІРІСПЕ . . .

І АБАЙ ҚАРАСӨЗДЕРІНІҢ ТАҚЫРЫБЫ ЖӘНЕ ЗЕРТТЕЛУ ТАРИХЫ

  1. Абай қарасөздерінің зерттелуі . . .
  2. Абай қарасөздерінің тақырыбы . . .

ІІ АБАЙ ҚАРАСӨЗДЕРІНІҢ ЖАНРЛЫҚ ЖӘНЕ СТИЛЬДІК СИПАТЫ

  1. Абай қарасөздерінің жанрлық ерекшеліктері.
  2. Абай қарасөздерінің стильдік ерекшеліктері . . .

ҚОРЫТЫНДЫ.

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ

Кіріспе

Тақырыптың өзектілігі. Қазақтың классик ақыны Абай Құнанбайұлының шығармашылық мұрасында ерекше орын алатын туындыларының бірі - оның қарасөздері. Ақынның қарасөздері - қазақ әдебиетінің тарихында бұрын-соңды болмаған, ерекшелігі мол, Абай мұрасының көлемді саласы. Бұл туындылардың өзіндік тіл, стиль ерекшелігі де мол, сан қырлы. Абайдың қарасөздері тақырып жағынан зерттеліп, зерделенсе де, стильдік тұрғыдан еңбектерде толық ашылмаған. Бұл жөнінде Абай мұраларын зерттеген академик жазушы Мұхтар Әуезов «Абай жайын зерттеушілерге» деген мақаласында былай дейді: «Тегінде Абай шығармасының аздығынан кенде боп жүргеніміз жоқ. Барын барша, бажайына барғыза алмаудан, зерттей алмаудан кендеміз» [1; 24-б. ] . Шындығында, Абайдың қарасөздерінің стильдік ерекшеліктері жайында зерттелген еңбектің жоқ екендігіне біз біршама еңбектерді қарастыру негізінде көз жеткіздік. Тек 1952 жылы қорғалған ғалым Ханғали Сүйіншәлиевтің «Абайдың қарасөздері» атты кандидаттық диссертациясын мысалға алуға болады [2; 122-123-б. б. ] . Мұның өзінде ғалым Абай қарасөздерін тақырыптық, жанрлық ерекшелігі жағынан қарастырғанымен, түр, стиль, тіл ерекшілігі тұрғысынан тақырып зерттелмегендігін аңғарамыз.

Әрине, әр кезеңде кейбір салыстырулар, мақалалардың болғаны белгілі. Дегенмен, қоғамдағы әр түрлі саяси-әлеуметтік жағдайлардың кері ықпалынан Абай шығармашылығы, оның ішінде қарасөздері өз дәрежесінде зерттелмеді. Бүгінгі таңда, яғни еліміздің тәуелсіздік алған жаңа кезеңінде қоғамдық өмір мен ғылымда болып жатқан оң өзгерістер нәтижесінде Абай шығармаларын да тереңдете зерттеу маңызды мәселе болып табылады.

Бұл жөнінде Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев «Абай туралы сөз» баяндамасында ерекше тоқталды: «Абай Құнанбайұлының әлемдік санадан өз орнын алатындай елеулі құбылыс болуы тек оның әдеби ізденістерімен шектелмейді. Әдебиет - Абайдың күллі дүниелік болмысқа, адами, ұлттық, кісілік, тарихи, заңнамалық болмыстарға бойлайтын кәусар дариясы, ежелгі дүниеден мәңгілікке дейін көл-көсір көсіліп жатқан рухани әлемге, рухани ғарышқа, универсиум деп аталатын ғалами дүниенің ғажайып қиырларына шегер бір жағынан ләззатты сапарының бастау қақпасы, әрі тереңге бойлап, кемелге ұмтылар талпыныстарының алтын баспалдағы болды. Абайдың ойшылдық қарымы мен зерттеушілік тегеурінін де өз заманының шым-шытырық қайшылыққа толы шындығы белгілеп берді. Сол шытырманнан шығар жол іздеп жүріп, ол өз халқының ұлттық бітімін жан-жақты пайымдады. Оның басындағы тақсіретті егжей-тегжейлі талдады. Сөйтіп, кеселіне дауа, келешегіне бағыт қарастырды. Халқына қамқор, ұлтына жанашыр болам деп жүріп, күллі адамзатқа мейірбан гуманистік өреге көтерілді», - деді [3; 12-б. ] .

Тақырыптың зерттелу деңгейі. Абай Құнанбайұлының қарасөздері тақырыптық, жанрлық, стильдік тұрғыдан М. Әуезовтің «Әр жылдар ойлары» монографиясында, Х. Сүйіншәлиевтің «Абайдың қарасөздері», М. С. Сильченконың «Абайдың творчестволық биографиясы», З. Ахметовтың «Абайдың ақындық әлемі», Т. Әлімқұловтың «Жұмбақ жан», Қ. Өмірәлиевтің «Абай афоризмі», М. Мырзахметовтың «Абайтану тарихы», «Абай және Шығыс», А. Ісмақованың «Абайдың классикалық стилі», Қ. Салғараұлының «Таным баспалдақтары» еңбектерінде зерттелген.

Зерттеудің мақсаты мен міндеттері. Дипломдық жұмыстың негізгі мақсаты - Абайдың қарасөздерінің стильдік ерекшеліктерін айқындау. Тақырыпқа сәйкес диплом жұмысының зерттеу мақсаты мен міндеттерін былайша белгіледік:

- Абай қарасөздеріне қатысты ғылыми зерттеулерді салыстыру, саралау;

- Абай қарасөздерінің жанр ретіндегі құрылымын айқындау;

- Абай қарасөздерінің стильдік ерекшеліктерін анықтау;

- Абай қарасөздеріне қазақ әдебиетінің, шығыс пен Батыс, орыс әдебиеттерінің қаншалықты ықпал еткендігін және байланысын салыстыра отырып пайымдау.

Зерттеудің дереккөздері ретінде Абайдың қарасөздері, баспасөз беттерінде жарияланған сын-зерттеу еңбектер, танымдық мақалалар пайдаланылды.

Зерттеу жұмысының теориялық және әдіснамалық негіздері. Зерттеу жұмысын жазу барысында әдебиет теориясы туралы зерттеулер, жанр мен стиль жөнінде жарық көрген еңбектер негізге алынды. Осы ретте, А. Байтұрсынов, М. Әуезов, З. Ахметов, З. Қабдолов, С. Қирабаев, М. Балақаев, Р. Сыздықова т. б. ғалымдардың еңбектеріне сүйеніп, теориялық пікірлері мен тұжырымдарын басшылыққа алдық.

Зерттеудің әдістері. Жұмыста тарихи-салыстырмалы, талдау, жинақтау, қорыту әдістері қолданылды.

Ғылыми жұмыстың теориялық және практикалық маңызы. Зерттеу жұмысында алынған нәтижелер мен ғылыми тұжырымдардың, қорытынды пікірлердің практикалық мәні зор. Ғылыми нәтижелерді жоғары оқу орындары филология факультеттерінің қазақ бөлімдерінде қазақ әдебиеті тарихын өту барысында, абайтанудан арнаулы курстар мен семинарларда, сондай-ақ гимназия, лицей, қазақ тілі мен әдебиеті пәнін тереңдетіп оқытатын мектептерде пайдалануға болады.

Диплом жұмысының құрылымы. Жұмыс кіріспеден, екі бөлімнен және қорытындыдан тұрады. Соңында пайдаланылған әдебиеттер тізімі берілді.

І Абай қарасөздерінің тақырыбы және зерттелу тарихы

1. 1 Абай қарасөздерінің зерттелуі

Абайдың қарасөздері зерттелу жағынан кенжелеу қалып қойды, ол қарасөздерде діни-философиялық мақамдардың жиі ұшырасатындығынан болса керек. Барлық ғұмырын Абай мұраларын зерттеуге арнаған, абайтанудың негізін қалаған, ғұлама зерттеушіміз М. Әуезов Абай қарасөздері туралы өз пікірін тереңінен білдірген, дегенмен қарасөздерінің қыры-сырын молынан ашуға білімі жетсе де, біраз «кедергілерге» тап болғаны байқалады:

«Сонда тыңдаушысы туралы Абайдың күдігі көп. Кейбір терең өсиет, озғын ойлары бұның тыңдаушыларының санасына жетпеуге мүмкін. Сол себепті өлең сөздерінде ұзақтан, тереңдеп айтылған кейбір ағартушылық, адамгершілік үлкен ойлары мен қоғамдық тартыстың қайшылықтарын ашатын, соның шыншыл және күшті азаматтық сындарын мынау қара сөздерінде оңайлатып, азайтып, қысқартып айтатыны да болады. Бұл ретте ақынның өлеңінде кездесетін қайшылықтар және тарихтық тар көлемді түсініктер көбірек көрінетін кездері болады.

Оқушы мен көпшілік тыңдаушыларының өз тұсындағы сенім-нанымдарын еске алғандықтан, ақын дін тақырыбын көбірек сөз қылады. Әрине, оның өз нанымы өзгермейді. Сондықтан өлеңіндегі сияқты діни адамгершілік моральдің тәрбиенің қараңғылыққа қарсы, шартты түрдегі өткелі есебінде бағалайды» [1; 205-б. ] .

Мұхтар Әуезовтің Абайдың «күшті азаматтық сындарын қарасөздерінде оңайлатып, азайтып, қысқартып айтатыны» деген сөзді М. Әуезовтің өзіне де қатысты деп алсақ әрі ол Абай қарасөздері жөніндегі пікірін әдейі «оңайлатып, азайтып, қысқартып» айтқан десек шындықтан тым алшақ кете қоймаспыз. М. Әуезов Абай өлеңдерінен қарасөздері «төмендеу еді» деген ой ұшқынын да байқатады, мұнысы - Абай байшыл, Абай - діншіл деген кезіндегі улы жыландай зәрін төккен «төпелеген сыннан» өзі - мұсылман, Исламды терең меңгерген данышпан Абайды әл-әзірге өлеңдерімен ақын Абай деп қана зерттеуді жалғастыра беру мүддесінен, ақылдың «айласынан» шыққан сөз қолданыс деп ұқтық. «Осындай негізгі түсінік Абайдың қарасөзінде де көрінеді. Бірақ осымен қатар дініне иланған тыңдаушыларына құдайдың, пайғамбардың, иман, парыздың жайларын көбірек айтады.

Оқушылармен әңгімелескенде өз ойына соларды көбірек серік етеді және өлеңнен қарасөздерді төменірек түсіретін тағы бір өзгешелік бар. Онысы: дін тұтынушылар мен би-болыс, атқамінерлер жөніндегі аса аяусыз, сыншы, жазушы болған қалпын Абай қарасөздерде біраз жеңілдетті, ашуын азайтыңқырап алады» - дейді М. Әуезов [1; 205-б. ] .

Абайды бүкіл қазаққа ғана емес, бүкіл әлемге танытқан М. Әуезов қаншама шегініске барады, мұнысын әлі заман өзгерер, көкірегі ашық оқырманым дін туралы айтқанда Абай өз ойына оқушыларының ойын көбірек серік етті деуімді, тікелей Абайдың өз ойы еді деп нақтылай айта алмауымды, қарасөзді сәл төмен еді деуімді түсінер деген болжам жатқандай. Белгілі жазушы, қысқа да нұсқа жазудың майталман шебері Тәкен Әлімқұлов «Жұмбақ жан» зерттеу еңбегінде әуелі Мұхтар Әуезовтің «жұмбақтарын» шешуге ден қойғандай:

«Задында Абайдың қарасөзі мен поэзиясының ымы-жымы бір. Екеуі де «Халық!» деп ынтығады, оған қызмет етеді. «Өлең сөздің патшасы, сөз сарасы, қиыннан қиыстырар ер данасы» деп эстетикалық қағида жасаған Абай екі жанрды да өз мұратына бағынышты етеді.

Поэзиямызда «жылай жырласа», ғақлиядағы оның көз жасы - қиялдан балқыған қорғасынның тамшысындай. Оның «сөзін» оқығанда күллі қазақтың хал-ахуалымен бірге автордың бейнесі көз алдыңа елестейді. Өлеңдегі жұмбақ жан - қарасөзде сұмдық салмақты.

Асыл сөздің, шымырлаған қиялдың жиынтығы. Бұл тұста Абайдың ішінде екі пенде жасырынып жатқандай әсер етеді. Бірінші пенде «Шапқан атқа жеткізбес бөкен желіс, ыза қылдың қолыма бір тигізбей» деп өкіне желіксе, екінші пенде өзінің жиырма алтыншы «сөзінде» бәйгеге ат қосқан қазақтарды аяусыз шенейді. «Несіне күмпілдейсің, сорлы-ау!» деген тұжырымға келеді. Әсершіл ақын мен қамқор қайраткердің бір адамның ішкі әлемінен тоғысуы осындайлық қайшылық тудырады» - дейді [4] .

Бұл жерде жазушы Тәкен Әлімқұловтың «задында Абай қарасөзі мен поэзиясының ымы-жымы бір» не болмаса «өлеңіндегі жұмбақ адам - қарасөзде сұмдық салмақты» деуі жазушының ғалымға, яғни Тәкен Әлімқұловтың Мұхтар Әуезовке қарсылығы деп ұқпай, қайта шәкірттің ұстазды, жазушының ғалымды түсіне білуге ұмтылысы деп білеміз.

Т. Әлімқұлов шешімінің шымырлығы соншалықты, оның әділ бағасын беруге М. Әуезовтің «тар заманда толғаған тамаша пікірлерінен» тамаша дүние жасағанын ғалымдарымыз бен сыншыларымыз енді-енді аңғарғандай.

Т. Әлімқұлов Абай жасаған портреттер түгелдей ұлттық, осының бәрі Абайдың нағыз ұлттық ақын екенін растайды деген пікірін ақын шығармаларынан дәлел келтіре отырып, «асылы, ұлттық дәстүрден тысқары туатын дүние болмаса керек» деп тұжырымдайды.

Жазушы еңбегінің тағы бір ерекшелігі Абайдың шығармашылығын саралағанда «Жұмбақ жанның» құпиясын ашу үшін өлеңдері мен қарасөздерін қатар салыстыра отырып, зерделейді.

Ғабит Мүсіреповтің «Қазақ әдебиетінің өркендеу жолындағы Абайдың тарихи орны» еңбегін оқығанда Ғабеңнің замана екпініне ойысып «орыс халқының ұлы мәдениетін меңгеру» деген сөз тіркесін сол кездің көзқарасымен өте орынды деп бағаласақ, ал бүгінгі күн көзқарасымен бұл сөздің тым жиі айтылып-қолданылғандығын, асыра сілтегендігін түсіністікпен қарап, пайымдасақ, Абай туралы түйдек-түйдек құнды ой-толғамдарға кезігесіз.

Ғабит Мүсірепов айтады: «Алысты болжаған терең ойдың, үлкен сарынның ақыны Абай алды-артын шолып, қазақ халқының жалғыз әдебиеті емес, бүкіл рухани мәдениетінің келешегіне жөн сілтеп кетті.

Абай өз заманынан анағұрлым биік тұрған ақын еді. Ол өз заманы мен өз елінің қайғы-мұңын көтергенде соны тарихи даму жолындағы бар адам баласының тақырыбына айналдыра алды» [5] .

Абайдай ұлы бар, ақыны бар, данасы бар қазақ ұлтының тарихын беріден бастап, әдебиеті тек «мифтен» тұратын томаға-тұйық «балалығы арылмаған ел» деп шулайтындар Ғабит Мүсіреповті оқымаған болар, әйтпесе «бар адам баласының тақырыбын» көтеруге беттеген әдебиетті «балаң» деп қалай ғана айтуға дәті шыдайды.

Қазақ әдебиеті «адамзат тақырыбын» тереңнен қозғау үшін қаншама қилы-қилы кезеңдерді өткеріп, сан ғасырлық тәжірибе жинақтап, сап асылды тану үшін сан ұрпақ санасының сараптауынан өткізді емес пе, соның нәтижесінде Абайдай ұлы тұлғаларға қол жеткізді емес пе?!

Сонау 1945 жылдары жазған осы еңбегінде Ғ. Мүсірепов Абайдың үлгі тұтқан ұлы ағалары - Пушкин, Лермонтов, Некрасов деп сан құбылтып жазса да олардан Абайды төмен санамайды, «шығармалары үндесті, қабысты» деп келеді де, «Абайда еліктеу де жоқ, «қарыз алу да» жоқ, табыну да жоқ, поэзияның өмірдегі орнын сол Пушкинше, Лермонтовша ұғыну бар» деп түйіндейді.

Дәл және нық айтып Абайды оларға теңестірумен қатар тереңірек ойланған жанға «соларша ұғып білу үшін олармен тең түсіп қана қоймай асып түсуің керек» деген астарлы меңзеуді аңғарасыз. Шындығында, Абай аудармаларын оқығанда Пушкин, Лермонтов өлеңдерін қазақтың төл тумасындай етіп, олармен құлақ тістесе шапқанын, оза түскен тұстарын айқын көресіз.

Яғни, қазақтың төл тумасын жасауда Абайға теңесер дана-ақын таппайсыз, Пушкинді «орыстың Абайы» деп айтудың артық екенін түсінесіз, жасандылықтың әдебиетке жараспайтынын ұғынасыз.

Р. Бердібай ақынның ауыз әдебиеті байлығын жете меңгерген аса талғамдылығы оның шығармаларынан айқын танылатынын айтады. Абайдың фольклор даналығының асыл нәрін, рухын пайдалануды көздегені, әсіресе мақал, нақыл сөздерді қолдану тәсілінен анық байқаймыз дейді зерттеуші. Ақын өлеңдері мен қарасөздерінде мақал, қанатты сөз секілді тамаша тапқыр тіркестер жиі кездеседі.

Тіл қазынасын мол игергендігі соншалық, Абай өлеңдерінің көптеген жолдары халықтың ғасырлар бойында екшеліп, сұрыпталып шыққан мақал-мәтеліндей әсер қалдырады дейді.

Өлеңі (назым) мен прозасында (нәсір) шешен қиюласқан, мағынасы терең, жасалуы жатық, бейнелі, айшықты, әсем тізбектер тұнып тұрғанын, олар халықтың нағыз көңіл түкпірінен қайнап шыққан асыл ой меруерті секілді. Сонымен қатар, бұлар халық ұғымына мейлінше жақын, әрі тосын өрнекпен жасалғандығын айта отырып, кейде ертеден елге қанықты, басқа ақындарда талай рет кездескендей болып көрінетін оралымдардың өзі Абай қолданысында жаңа мағына тудырып, «таныс, бейтаныс» түрге көшетіндігін ескертеді.

Р. Бердібай Абай мұрасын танып-білудің ғылыми тәсілдері, әдіснамалық таяныштары әлі анықталмағанын айтады. Алдағы жұмыстардың жемісті болуы зерттеушілеріміздің жаңа көзқарас қалыптастырып, жасанды догмалар қыспағынан құтылуына байланысты айта отырып, жылдар бойында Абайтануды белгілі бір шеңберден шығармай келген жалған қисындардың кейбіреулеріне тоқталды.

Сөзіміздің дәлелі ретінде, ғалым Қойшығара Салғараұлының Абайдың қарасөздеріндегі тек бір ғана «Біраз сөз қазақтың қайдан шыққаны туралы» айтқанынан ғылыми еңбек жазып, кандидаттық диссертация қорғауы - үлкен істің бастамасы, Абай айтып, Мұхтар көрсетіп кеткен алтын көмбені арши бастауымыздың дәлелі.

Ол Абайдың өмір сүрген уақытын ой елегінен өткізіп, ұлы ақынның тарихи танымын қалыптастыруына, оның өрісін кеңейтіп, өресін биіктетуіне негіз болған, бұрын мәлім және өзіміз анықтаған әдеби көздерге қорытынды жасайды.

Одан әрі қарай Қ. Салғараұлының Абайды ел тірлігіне жастай араласып, әлеумет қайраткері дәрежесіне көтерілген, көп дүрмегімен күн кешудің күндік тірліктен әріге апармайтынын, ел мүддесін, болашақ қамын ойлаған жанның әрі көп, әрі терең білу керектігін ерте аңғарған жан дейді.

Тек терең білім ғана құбылыс пен болмыстың барша сырын жан-жақты қарастыру арқылы білім аясын кеңейтіп, өз халқы бастан кешірген әлеуметтік тәжірибеге сүйене отырып, бүкіл адамзаттың өткенінен дұрыс қорытынды жасай алатын тарихи саналылыққа жеткізерін сезеді.

Абайтануда - Мұхтар Әуезовтің еңбектері басты бағдаршам. Сондықтан да М. Әуезовтің қарасөздері талдауына үнемі зер салып отыратын дағдылы әдетіміз бойынша өз пікірімізді белгілі дәрежеде болса да ғұламаның айтқандарын негіз ете отырып саралауға талаптандық.

Талдауын енді осы жайларды, жоғарыда біз бөліп шығарған отыз бес қарасөздің әр алуан жіктерінен, таптарынан нақтылап танып көрейік деп бастайды.

М. Әуезов Абайдың барлық қарасөздерінің он-он бір тақырыпқа бөлінетіндігін айтады. Кейбір тақырыптар бір топ сөздердің көлемінде қайталап, әр алуан жаңа мысқыл, теңеулермен, дәлелдермен молайғаны болмаса, ой жағынан бір алуандас болатындығына, ал кейбір тақырыпты бір-бір қарасөзде айтумен тоқтап отырады дейді.

Бірінші қарасөзінде Абайдың жазуға қалай кіріскені туралы сөйлейтіндігін, мұнда өмірбаяндық дерек бар және өзінің жалпы шығармашылық еңбегіне ойлы түсінік беретіндігін, бірақ кейін осы тақырыпқа өзге қарасөздерде оралмайтындығын көрсетеді. Шындығында, Абай сөз басын қайтып қозғамайды, түсінгенге айтарын жеткізіп қойған.

Екінші сөзінде - халықтарды салыстырады, қазақ, ноғай (татар), сарт (өзбек), орыс сияқты көршілес елдерді оқушысы қазақ жұртшылығына әділетті достық көңілмен ұғындырып береді дейді абайтанушы ғалым. Біздің байқағанымыз «әділетті достық» дегенінде кеңестік кезеңнің көңіл-күй ауанын достық сөзіне түсірген сияқты.

Әңгімені жай бір тыңдаушылар тобында отырғандай, жеңіл әзіл тәрізді бастап, өз халқының дәлелсіз үстірт өзімшілдігін мысқыл ете келеді. Содан барып шын сыншыл ойларына ауысады.

«Еңбек сүйген ел атаулының бәрі де қазақтай еңбексіздікке мол салынған және сол еңбекті өнеркәсіпте, күндегі тірлікте көрші елдің бәрінен кейін қалып отырған халқына үлгі берерлік, артық елдер болып бағаланады» дегенді байыбына бармасақ, заман ырғағын аңғармасақ әр түрлі түсінуге болады. Бұл жерде қазақтың еңбексіздікке мол салынғаны ғана емес, оның қайдан келген «пәле» екенін іздеу көрініс береді.

Шындығында, Абайдың үшінші сөзін ғана емес қай сөзін алсаңыз да ақынның өз тұсындағы емес бүгінгі күннің шындығына дәп келеді, айтқандары қазіргі күннің өзін көріп тұрғандай өсиет-сөз ретінде өріле түседі.

Кешегі Кеңестік Одақтың құрсауынан босанып шыға келген, бүгінгі тәуелсіз ел құшағына орана қалған қалың қазақ санасы дағдарысқа тап болды. Отаршылдықтың сан қилы саясаты, сан қырлы «жымысқы» әрекеті, сан-салалы айла-тәсілдермен бүркемеленген «кіші» ұлтты жоюға жоспарланған көпжылдық бағдарламасының нәтижесі алдымыздан атойлап шыға келді. Абай айтқан «қазақтың бірінің біріне қаскүнем болмағы, бірінің тілеуін бірі тілеспейтұғыны, рас сөзі аз болатұғыны, қызметке таласқыш болатұғыны, өздерінің жалқау болатұғыны» қазақ ұлтының туа біткен қасиеті емес, қалай жабыстырылғанын байқамай жүре келе тапқан «қасірет-қасиеті». Осындай зұлымдық іске өршелене ұмтылған отаршыл орыс империясының бұл әрекетінің түбі қазаққа қайырлы болмайтынын данышпан жүрегі сезе білді, қатты сезіктенді.

Абайдың сезіктенуі дәл келіп, бұл күнде жүре келе тапқан «қасірет-қасиеті» қазақ ұлтының шаңырағын шайқалтуда. Олар - «өзі тойымсыз, өнерсіз, ешкімге достығы жоқ жандар». Абай айтады: «Мұның бәрі төрт аяқты малды көбейтеміннен басқа ойының жоқтығынан, өзге егін, сауда, өнер, ғылым - солар секілді нәрселерге салынса, бұлай болмас еді.

Әрбір мал іздеген малым көп болса, өзімдікі де, балаларым да малды болса екен дейді. Ол мал көбейсе, малшыларға бақтырмақ, өздері етке, қымызға тойып, сұлуды жайлап, жүйрікті байлап отырмақ. Қыста тарлық қылса, арызы жеткендік, сыйы өткендік, байлық қызметінен біреудің қыстауын сатып алмақ, ептеп алмақ, тартып алмақ. Ол қыстауынан айрылған және біреуге тиіспек, я болмаса орынсыздығынан елден кетпек - әр қазақтың ойы осы» [6] .

Бұл айтып тұрған жағымсыз ойдың қазақтың санасына ұялай бастауы Абайға дейін тек қана жалқы сипатта сирек кездесетін болса, енді оның жалпылық сипатқа айнала бастағанын ақынның зерек көңілі анық байқап тұр. Тек Абай сөзі, Абай түсінігі жалған саясатпен бұрмаланып түсіндіріліп келеді. Бұл көрініс еліміздің тарихын жазғанда әліппеден энциклопедияға дейін өңін айналдырып айтылды, санаға сіңірілді.

Қазақ ұлт болып қалыптаспаған, өркениетке қол жеткізбеген, тарихы беріден басталған «жабайы тобыр» дәрежесінде деген пайымдау қылаң берді, әрі сол пайымдау бірте-бірте санада бекітіле берді. Абай қазақ бір-бірімен қырқысумен келеді демейді, «бір-біріне қаскүнем болмағы» дейді; қазақ бұрыннан жалқау, өнерсіз, ешкімге достығы жоқ еді демейді, «осындай жандар шығады» дейді.

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Абай қарасөздерінің зерттелуі
Абайдың жетінші, отыз алтыншы, отыз жетінші, отыз сегізінші қарасөздерінің ағылшын тілі аудармасындағы тілдік ерекшеліктері, аударма мәтініне салыстырмалы талдау жасау, лексикалық, грамматикалық, стилистикалық ерекшеліктері
Абай «Қарасөздерінің» ағылшын тіліне аударылған нұсқасындағы прагматикалық аспектісі, сонымен қатар лексикалық және стилистикалық жағынан қарастырылған сәйкестіктерді анықтау арқылы қазақ аударматану ғылымының дербес теориясы мен практикасына қатысты жалпы тұжырымдар
АБАЙ ҚҰНАНБАЕВ (1845—1904) туралы ақпарат
Абайдың «Қара сөздерін» қазақ тілінен ағылшын тіліне аударудың прагматикалық аспектілері
Лексикалық трансформацияларды аударудың ерекшеліктері
Абай өлеңдері мен қара сөздерінің өзге тілдердегі тәржімасы
ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІН ОҚЫТУ ӘДІСТЕМЕСІ
Абайдың қара сөздерінің лексико-семантикалық ерекшеліктері
Абай қара сөздерінің сөйлем құрылымы
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz