Көркем шығармадағы бейвербалды амалдар


ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ
Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті
Филология факультеті
Қазақ тілі және оны оқыту әдістемесі кафедрасы
Сафурина Айжан Әміржанқызы
Көркем шығармадағы бейвербалды амалдар
030740 - Қазақ тілі мен әдебиеті
Оқытудың түрі: күндізгі бөлім
Ғылыми жетекші: ф. ғ. к. Р. Ж. Қияқова
Ғылыми сарапшы:
Диплом жұмысының қорғауға
жіберілген күні: № хаттама.
Кафедра меңгерушісі п. ғ. к., профессор Б. Б. Жахина.
Қорғайтын күні:05. 06. 07
Бағасы: .
Көкшетау - 2007.
Мазмұны
Кіріспе . . .
Негізгі бөлім
І тарау. Бейвербалды амалдардың теориялық негізі.
1. 1. Тілдік қатынас пен тілсіз қатынастың ара қатынасы.
1. 2. Бейвербалды амалдардың зерттелуі.
ІІ тарау. Көркем шығармадағы бейвербалды амалдардың қолданылуы.
2. 1. Көркем шығармадағы кинесикалық амалдардың жіктелуі.
2. 2. Бейвербалды амалдар семантикасының ұлттық-мәдени ерекшелігі.
Қорытынды . . .
Кіріспе
Зерттеудің өзектілігі. Қазіргі қазақ тілінде ерекше көңіл аударатын мәселелердің бірі - паралингвистикалық зерттеулер. Қарым-қатынас кезінде тілдік қолданыстармен бірге бейвербалды амалдарды пайдаланудың маңызы өте зор. Бейвербалды амалдардың қажеттігіне қарамастан, қазіргі кезге дейін тіл білімі саласында осы мәселе төңірегінде түрлі көзқарастар, пікірлер болды, дегенмен де әрі қарай зерттеуді талап ететін мәселелер баршылық. Осы мәселе тұрғысында қарастырылған ғылыми хабарлардың басым көпшілігі теориялық анықтама, жүйелеулер түрінде болғанымен, тәжірибе жүзінде пайдалану бір жолға қойылды деп айта алмаймыз. Осы тұрғыдан келгенде, біздің мақсатымыз - ғалымдардың көзқарастарын ескеріп, қарым-қатынастағы бейвербалды амалдардың мән-мағынасын ашу, бейвербалды амалдардың тілдік қатынастың ажырамас көмекші құралы екендігін көркем шығармадан алынған мысалдармен дәлелдеу .
Аталған мақсатқа орай мынадай міндеттер алға қойылды:
- Бейвербалды амалдарға қатысты терминдердің мәнін ашу;
- Бейвербалды амалдарға қатысты мәліметтерді жинақтап, жүйелеу;
- Бейвербалды амалдарға байланысты ғалымдардың көзқарастарын топтастыру;
- Көркем шығармадағы кинесикалық амалдардың мағыналық аясын анықтау;
- Көркем шығармадан алынған тілдік деректер негізінде бейвербалды амалдарды жүйелеу;
- Бейвербалды амалдардың ұлттық ерекшеліктерін көрсету.
Зерттеу материалдары. Б. Соқпақбаевтің «Менің атым Қожа» хикаятынан, Б. Майлиннің, О. Бөкеевтің, Д. Исабековтың, Ғ. Мүсіреповтің әңгімелер жинағынан тілдік деректер жиналды.
Зерттеу жұмысының құрылысы. Диплом жұмысы кіріспеден, негізгі бөлімнен, қорытындыдан және пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.
Кіріспе бөлімде диплом жұмысының жалпы сипаттамасы берілген. Негізгі бөлім екі тараудан тұрады. Бірінші тарау екі тараушадан тұрады. Бұл тарауда тілдік қатынас пен тілсіз қатынастың арақатынасы, бейвербалды қызметі, бейвербалды амалдарға байланысты ғалымдардың ғылыми көзқарастары қарастырылады.
Екінші тарау үш тараушадан тұрады. Бұл тарауда көркем шығармада кездесетін бейвербалды амалдардың жіктелуі, бейвербалды амалдардың көркем шығармада қолданылуы.
І тарау.
Бейвербалды амалдардың теориялық негізі.
1. 1. Тілдік қатынас пен тілсіз қатынастың ара қатынасы.
Тіл - қоғамдағы адамдардың өзара пікір алысу, бір-бірімен қарым-қатынас жасау құралы. Әрі тілдік қатынасты іс жүзіне асырушы.
«Тілдік қатынас-сөйлеу тілі арқылы ұғынысу, түсінісу дегенді нақтылай келіп, жай ғана қарым-қатынас дегеннен гөрі тамыры тереңге кеткен, өмірде өзіндік орны бар, қоғамның дамуы ең қажетті қоғамдық-әлеуметтік ақпараттардың жиынтығы арқылы адамдардың бір-бірімен пікір алмасуы, адамдар қатынасының түп қазығы дегенді білдіреді». [1. 8]
Тілдік қатынас кем дегенде екі адамның қатысы арқылы жүзеге асады. Бірі хабарды жіберсе, екіншісі оны қабылдап алады. Тіл білімінде ғалымдар алу, беру, қабылдау, жеткізу, жіберу т. б. сөздерін ғылыми айналымда көп қолданылатындықтан, белгілі бір терминдермен алмастырып пайдалануды ұсынады. Хабар беруді - трансмиссия, қабылдауды - рецепция, осыған орай хабар берушіні - трансмиссор, хабар қабылдаушыны - реципиент дейді.
Қазақ тіл білімінде тілдік қатынастың теориясы мен әдістемелік негізін зерттеген ғалым Ф. Ш. Оразбаева былай дейді: « . . . ерекше орын алатын тілдік қатынастың негізгі мазмұны, мәні, мағынасы болып табылатын - хабарды іс жүзіне асырушылар, хабарға тікелей қатысушылар. Олар мынадай құрамнан тұрады:
1. Белгілі бір ақпаратты, деректі хабарлайтын -Баяншы;
2. Ақпаратты жеткізетін - Тұлғалар;
3. Ақпаратты не деректі - Қабылдаушы.
Баяншы - сыртқы объективтік әсерді, өмірді сезінуден, пайымдаудан туған санадағы ойды түрлі тілдік амал-құралдардың, тұлғалардың көмегімен екінші біреуге баяндауды, хабарлауды жүзеге асыру үшін тілдік байланысқа қатысушы, тілдік қарым-қатынасқа түсуші.
Тұлғалар - хабарлаушыдан шыққан дерек туралы басқа адамның санасында ұғым тудыратын, оған ақпараттың түсінікті болуын қамтамасыз ететін, адамдар арасындағы қарым-қатынасқа байланысшы ретінде қызмет атқаратын қатысымдық бірліктер.
Қабылдаушы - белгілі бір хабарды қабылдап алып, оның мәнін тілдік тұлғалар арқылы түсініп, ой мен пайымдау арқылы өз санасына өткізіп, ұғынудың нәтижесінде тілдік қатынасты әрі қарай іске асырушы. [1. 11]
Жалпы адамдардың қарым қатынасына қатысты әрекеттер екі үлкен тармақтан тұратыны белгілі. Оның бірі жоғарыда айтып кеткен тілдік қатынас, ал екіншісі - тілсіз қатынас. Тілсіз қарым-қатынасқа деген қызығушылық ежелгі дәуірлерден бастау алады. Ұлы грек философы Платон дене қимылдарын қолдануды жоғары бағалаған. Тіпті екі мың жыл бұрын өмір сүрген Цицерон шешендерге: «Барлық жан қимылы ишаралармен үстемеленуі тиіс», -деп кеңес береді. Ғалымдардың теориялық тұжырымдарында санасыз (hominid) адам дәуірінен саналы (homo sapiens) адамның қалыптасу дәуіріне дейінгі аралықта миллиондаған жылдар өткені жайында, сол саналы адамдардың өзі алғашында ым-ишара тілі арқылы қарым-қатынас жасағандығы дәлелденді. Міне, осындай ұзақ дамудың барысында адамдар арасындағы қарым-қатынас тәсілдерінің бірі - бейвербалды амалдар қанша ғасырлар өтсе де, әрбір этнос болмысы мен қарым-қатынасында күні бүгінге дейін сақталуда.
Ғалым Ф. Ш. Оразбаеваның еңбегінде тілдік қатынас пен тілсіз қатынастың айырмашылықтары мен ұқсастықтары сараланып көрсетілген:
1. Тілдік қатынас та, тілсіз қатынас та адамдардың бір - бірімен байланысын қамтамасыз етеді, яғни адамдар арасындағы қатынасқа қызмет етеді;
2. Тілдік қатынаста да, тілсіз қатынаста да белгілі бір нәрсе хабарланады, бірақ тілсіз қатынаста хабар шартты түрде болуы мүмкін;
3. Тілдік, тілсіз қатынас та адамдардың өзара түсінісуіне жол ашады. [1. 9]
Кез келген тілдік қатынас әр түрлі бейвербалды амалдармен бірге жүруі мүмкін. Яғни коммуниканттар әрі вербалды, демек тіл арқылы, әрі бейвербалды, яғни тілдік емес факторлар арқылы да қарым-қатынас жасай алады.
Зерттеушілер бейвербалды амалдардың үш түрлі қызметі бар деп есептейді:
1. Коммуникативтік қатынаста қосымша ақпаратты жеткізуші қызметі;
Бір шетінен бастап отырғандарға қолымды ұсындым.
Әуелі ана кісіден баста, шырағым, -деді ең шеткі еркек, ортада отырған сирек бурыл сақалды, опырық ауыз, сары шалды иегімен нұсқап . (Ғ. Мүсірепов)
2. Коммуникацияның вербалды компоненті айтылмай қалғанда немесе түсіріліп қалған жағдайда ақпараттың бейвербалды амалдардың көмегін пайдалану арқылы жеткізу қызметі;
Аға лейтенант лейтенантқа қарады.
-Звандасыншы, көрейік қызығын, -деді лейтенант. -Не дер екен?
Аға лейтенант күлімсіреп, басын изеді . (Д. Исабеков)
3. Вербалды амалдармен тең дәрежеде қатар қолдану барысында белгілі мағынаны нақтылай түсуі. [2. 104]
Шабаш, апа, бітті! - деп қолын бір-ақ сермеп отыра кетті. (О. Бөкеев)
Яғни бейвербалды амалдар қарым-қатынас кезінде тілдік амалдармен қатар қолданылып, адамдар арасындағы қарым-қатынасты жеңілдетіп, біреудің ойын екінші адамға түсінікті, жан-жақты жеткізуге ықпал етеді. Сонымен қатар бейвербалды амалдар көркем шығармалардағы белгілі бір ұлттың немесе халықтың тұрмыс-тіршілігінен, салт-дәстүрінен мол хабар бере алады.
Адамдар тек сөйлесу арқылы ғана қарым-қатынас жасамайды. Кейде адамдар белгілі бір шартты келісімдер немесе белгілер арқылы тілсіз-ақ ұғынысады. Бұл да - адамдар арасындағы қарым-қатынастың бір түрі. Мұндай семиотикалық таңба-белгілерден өзгеше адамдардың ыммен түсінісуі және көздің, ауыздың, қабақтың қимыл-қозғалыстары арқылы ұғынысуы сияқты қаншама көп белгілер бар. Тіптен дене мүшелерінің (қолдың, иықтың, аяқтың, т. б. ) әр түрлі қимыл-әрекеттерінің өзін сан саққа жүгіртуге болады. Баяншы айналасындағылармен қарым-қатынасы кезінде алуан түрлі ым-ишара, белгі, бас изеу, бас шайқау, қол сілтеу, әр түрлі эмоция таныту арқылы да хабар бере алады. [4. ]
Дегенмен де ым-ишараттардың барлығы да бейвербалды амалдарға жатпайды. Мысалы, аурудың ыңқылы, қиналысы, т. б. сияқты аффектілік эмоциялар параамал бола алмайды. Айталық, Өз көзіне-өзі сенбеді. Көк тас көк тайыншаның қанына былғанған. Көзі алайып , күзгі ашық аспанға тесіле қарап кесілген бас, серейіп төрт сирақ жатты(О. Бөкеев), - дегендегі «көзі алаю» параамал болмайды, өйткені бұл аффектілік эмоцияға жатады. [5. 81]
Кейбір ғалымдар кез-келген бет немесе дене қимылдарының бәрі бірдей бейвербалды элементтер болып табылмайды дегенді айтады. Мұндай пікірді айтушылар: « . . . причем имеется в виду коммуникативное, значащее поведение - оно или непроизвольно выводит вовне внутреннее душевное состояние человека, или с его помощью коммуниканты сознательно передают информацию друг-другу», - дегенде бейвербалды элементтердің коммуникациялық процесс кезіндегі мағынасын ғана есепке алып отырғанын байқаймыз.
Бейвербалды амалдардың мағыналары тек сөйлеу кезінде ғана барынша толық ашылады. Мысалы, қол сілтеу қимылы арқылы әлденені жасқауға, ұшып жүрген жәндіктерді қуалауға болады, әрі осы қимылды істей отырып, қимыл иесі өз мақсатына толық жетеді. Бірақ бұл жай ғана прагматикалық іс-қимыл. Ал қатты түңіліп, қол сілтегендегі ишараттың жөні бөлек, бұл ишарат адамның ішкі жан дүниесінен хабардар етеді. Сөйлей отырып жарыстыра қол сілтегенде, шынында да сөйленістің стилистикалық бояуы қалыңдайды. Бірақ бұл жерде қатты ескеретін бір жайт бар. Ол - ишараттың дәл осы сәтте коммуникацияның құралына айналғандығы. Яғни ым болсын, ишарат болсын, қай-қайсысының да мағынасы мен коммуникативтік сипаттамасы тек мәнмәтінде ғана ашылады. [2. 104]
1. 2. Бейвербалды амалдардың зерттелуі.
Лингвистика саласында соңғы жылдары қарым-қатынастағы бейвербалды амалдарды ғылыми тұрғыдан қарастыру қолға алынып келеді. Қарым-қатынас кезінде ауызша және жазбаша қолданыстармен бірге паратілдік құралдарды пайдаланудың маңызы өте зор. Паратілдік құралдар да дыбыстық сөздер сияқты өте тиімді және ыңғайлы болып есептеледі. Шынында да, адамдар бірін-бірі белгілі бір дыбыстар арқылы ғана емес, қимылдар арқылы да түсінісе алады.
Бейвербалды амалдарды зерттеу алғаш Г. Спенсер, В. Вундт, Ч. Дарвин еңбектерінен бастау алады. Ч. Дарвиннің 1872 жылы жарық көрген «Эмоцияның адам және жануарларда бейнеленуі» атты еңбегін атап өткен жөн. Зерттеуші тілдің шығу тарихы мен ым-ишараның дамуын бір-бірімен байланыстыра қарайды. Ч. Дарвиннің қазіргі «бейвербалды амалдарға» қатысты айтқан пікірлері мен бақылауларын бүгінгі күні әлемнің барлық ғалымдары мойындайды. Ч. Дарвин осы күнгі адамда байқалатын айтайын деген бір ұғымды жеткізуге арналған қимылдардың біразы біздің ерте кездегі ата-бабаларымыздың тіршілігінде елеулі орын алған әрекеттердің қалдығы екендігін айтады. Содан бері көптеген ғалымдар бейвербалды амалдардың сөйлеудегі ерекшеліктерін анықтай келе, адам өмірінде қайсысы қандай қызмет атқаратынына айрықша назар аударған. [6. 10]
А. Пиздің айтуы бойынша, француз психологы Альберт Мейербан хабардың берілуі вербалды амалдар (тек сөз) арқылы жеті пайызға, дыбыстық амалдар арқылы (дауыстың үнін, ырғағын қосқанда) отыз сегіз пайызға, ал бейвербалды амалдар арқылы елу бес пайызға іске асатынын белгілеген. Ал профессор Бердвислл адамдар қарым-қатынасында хабардың отыз сегіз пайызы сөзбен, ал алпыс бес пайызы бейвербалды амалдардың көмегімен беріледі деп тұжырымдайды. [7. 13]
Тіл білімінде бейвербалды амалдарды паралингвистика қарастырады.
Паралингвистика терминін 1940 жылы американдық зерттеуші, ғалым А. Хилл енгізген. Паралингвистика-грек тілінде «πара» - қасында, жанында және латынның «lingua» - тіл деген сөздерінен құралған термин. Тіл білімінде паралингвистикаға көптеген анықтамалар берілген. Мысалы, тіл білімінің энциклопедиялық сөздігінде оған төмендегідей анықтама берілген:
1. тіл білімінің тілдесім кезінде қолданылатын әрі вербалды амалдармен мағыналас келетін, бейвербалды амал-тәсілдерді зерттейтін саласы;
2. тілдесім кезінде қолданылатын бейвербалды амалдар жиынтығы. [8]
Лингвистикалық түсіндірме сөздікте бұл терминге мынадай анықтама берілген:
1. сөйлеуде қолданылатын мағыналы хабар жеткізуші, бірақ тілге жатпайтын құралдар;
2. тілдік байланысқа қатысатын тілдік емес (вербальды емес) құралдардың жиынтығы. [9. 162]
Ал қазақ тілі энциклопедиясында :
1. Әр алуан хабарды вербальды (сөзбен, сөйлеу арқылы) тәсілмен қоса вербальды емес (тілден тысқары) амалдармен жеткізетін тіл білімінің бір саласы;
2. Сөйлеу коммуникациясына қатысатын вербальды емес (сөйлеу тілінен тысқары) тәсілдердің жиынтығы. [10. 317]
Бейвербалды амалдар өз мәні мен өзектілігін қазіргі таңда да жоғалтпаған мәселелердің бірі. XX ғасырдың елуінші жылдарынан бастап бұл сала аса үлкен қарқынмен зерттелді. Шетел тіл білімінде бейвербалды амалдар елуінші жылдардың басында қолға алынды. Дж. Трейгер, М. Джос, Т. Сибеок, Ч. Хоккет, М. Уэст, Р. Бердвислл, т. б. лингвистердің еңбектерінде, П. Бэтсон, П. Лоствальд, У. Лаббар, А. Шефлен, М. Уэст, К. Л. Пайк, т. б. психологтардың еңбектерінде сөз болып, ғылыми зерттеулер жарық көрді.
Терминді алғаш ұсынған ғалым А. Хилл болса, жаңа ғылым саласының зерттеу аясын белгілеген, бейвербалды амалдар мәселесін алғаш ғылыми тұрғыдан зерттеушілердің бірі - Дж. Трейгер. Зерттеуші бейвербалды амалдарды кинесика және паралингвистика деп екіге бөліп қарастырады.
Паралингвистикалық амалдарға тек просодикалық, яғни дыбыстық ерекшеліктерді жатқызады. Бұл кезде тек ауызша сөйлесу үлгілері ескеріледі. Паралингистикалық амалдарды өз ішінен екіге бөліп қарастырады:
1. Вокализациялар-тілдік құрылымы жоқ кейбір дыбыстық құбылыстар.
2. Дауыс ерекшеліктері - әрі тілдік, әрі бейвербалды дыбыстық өзгешеліктер. Ғалым тілдік құрылыммен байланысуына қарай вокализациялар мен дауыс ерекшеліктерін жеке-жеке топтастырады.
Дж. Трейгер кинесикалық амалдарды дене қозғалысы, ишара, мимика жиынтығы ретінде қарастырады. Дж. Трейгердің осы еңбегінен басталған бейвербалды амалдарды топтастыру, жіктеу проблемасы өзінің даму, қалыптасу кезеңдерін бастан өткерді. [6. 11-12]
Қарым-қатынастың бұл түрі қазақ тіл білімінде тек соңғы жылдар жемісі болса да, бейвербалды амалдардың қызметі туралы үздік ойларды, терең тұжырымдарды ертеден кездестіруге болады. Атап айтсақ, бейвербалды амалдар туралы көзқарастар, алғашқы ойлар қазақ филологиясының тұңғыш профессоры Қ. Жұбанов еңбегінде кездеседі. Ғалым ымның ерекшелігі туралы былай дейді: «Ауызекі сөйленетін сөздердің андай-мұндай қисығын елетпейтін басқа жағдайлар бар. Дыбыстап сөйлеген сөздің олқысы көбінесе ыммен толығады. Тіпті бірінің тілін бірі білмеген я болмаса, бірінің тілі мүлде жоқ болған уақытта да ыммен ылаждап түсінуге болады»[11. 148]
Қ. Жұбановтың бұл пікірінен бейвербалды амалдардың ауызекі тілдің ажырамас бөлігі екенін, сонымен қатар қарым-қатынаста көмекші компонент ретінде рөл атқаратынын аңғаруға болады. Яғни кейде сөзбен жеткізе алмаған ойымызды қол, бас, дене қимылдарын қолдану арқылы толық түсіндіруге болады. Қимылдар дыбысталудағы паузаны толықтырады.
Сондай-ақ тілші М. Балақаевтің зерттеу еңбектерінде де бейвербалды амалдарға қатысты мәселелер сөз етіледі. Ғалым бейвербалды амалдарды сөйлеудің қосымша амал-әрекеті ретінде қарастырады. « . . . Сөйлеу әр уақытта сөйлеу жағдайында өтеді: дауыс ырғағы, екпін, қимыл, ым, нұсқау, қол көтеру, көз қысу, бас изеу, күле, ызалана . . . сөйлеу, бәрі - ойды дәл жеткізе айтудың қағазға түсе бермейтін қосымша амал - әрекеттері» - деп қорытындылайды. [12. 86]
Бейвербалды амалдар мәселесіне байланысты С. Бейсембаеваның «Невербальные компоненты коммуникации в казахском языке» [13] деген кандидаттық диссертациясы, М. Ешимовтың «Ым семантикасы: универсалды және ұлттық табиғаты» [3] атты ғылыми еңбегі жазылды, С. Татубаевтің «Жесты как компонент искусства» [14] еңбегі жарық көрді. Сондай-ақ Б. Момынова мен С. Бейсембаеваның авторлығымен жарық көрген ым мен ишараттың сөздігі де осы мәселені зерттеп-тануға арналған пайдалы еңбек.
С. Татубаевтың еңбегінде қазақ халқының тұрмысында қолданылатын ишаралар мен опера, драма өнерінде кездесетін ишараларды салыстыра зерттейді. Автор: «Күнделікті қарым-қатынаста қолданылатын ишаралар мен драма және операда кездесетін ишаралардың бір-бірінен айырмашылығы жоқ. Өйткені қарым-қатынаста және сахна өнерінде қолданылатын ишаралардың беретін мағынасы мен атқаратын қызметі бірдей» - деп өз ойын қорытындылайды. [14. 108]
С. Бейсембаеваның ғылыми еңбегінде коммуникацияның бейвербалды компоненттерінің ұлттық-мәдени ерекшеліктері сараланды және олардың аудармасы, фразеологизмдермен сәйкестік дәрежесі анықталды. Ғалым еңбегінде қазақ тіліндегі қарым-қатынастың бейвербалды компоненттерінің классификациясы алғаш рет ұсынылды. [13]
М. Ешимовтың диссертациясы түрлі халықтар қарым-қатынасындағы бейвербалды амалдардың ұқсастықтары мен айырмашылығын, әлеуметтілігін анықтауға арналған. [3]
Жалпы басқа тілдермен салыстырғанда бұл мәселе орыс тіл білімінде ғылыми еңбектер, теориялық зертттеулер, оқулықтар түрінде тереңірек зерттелген. Атап айтқанда, орыс тіл білімінде Т. М. Николаева, Г. В. Колшанский, Р. П. Волос, А. А. Акишина, В. Филиппов, Н. В. Глаголев, И. Н. Горелов, Е. М. Верещагин, Е. Я. Кедрова, С. Б. Гончаренко сияқты ғалымдардың еңбектерінде бейвербалды амалдар мәселесіне әрқилы тұжырымдар жасалып, құнды ғылыми пікірлер айтылған. .
Бейвербалды амалдар - ауызекі сөйлеу тілінің ажырамас бөлігі. Қарым-қатынас кезінде бейвербалды амалдар тілдік амалдармен қатар қолданылып, сөйлеуді жеңілдетеді. С. Аленникова: «Біз ишарасыз, ымсыз сөйлей аламыз ба? Күмәнданамыз. Өйткені ымсыз, ишарасыз біздің сөйлеуіміз қиындай түседі. Ым-ишара сөйлеуге қосымша мағына беріп, толықтырып отырады», -деп тұжырымдайды. [15. 143]
Ал Т. М. Николаеваның «Любая речь не сводится только к вербальному языку; без специфических невербальных средств (мимики, жеста) речь неестественна, мертвенна», - деген пікірінен бейвербалды амалдардың сөйлеудегі атқаратын қызметін аңғаруға болады. [16. 250]
Э. Н. Оразалиева: «Паралингвистика ғылымы қарым-қатынастың кинетикалық компоненттерін, олардың түрлерін, фонациялық дыбыс ерекшеліктерін, графикалық үлгілерін анықтай отырып, олардың көркем әдебиет мәтінінде атқарар қызметіне сипаттама беруге әрі сөйлесім әрекетінің ұлттық-мәдени өзгешелігін сұрыптауға мүмкіндік береді», - деп жазады. [17. 10]
Бейвербалды амалдар ұғымы тек қана тіл білімінде қарастырылып қоймай, сонымен қатар психология, психолингвистика, әлеуметтік лингвистика, этнография, педагогиканың да зерттеу обьектілерінің біріне жатады. Бұл ұғымды әр салада зерттеген ғалымдардың бұл терминге берген түсініктемелері, анықтамалары, бейвербалды амалдарды топтастырулары әр түрлі болып келеді. Дегенмен де әрі қарай зерттеуді талап ететін мәселелер баршылық. Осы мәселе тұрғысында қарастырылған ғылыми хабарлардың басым көпшілігі теориялық анықтама, жүйелеулер түрінде болғанымен, тәжірибе жүзінде пайдалану бір жолға қойылды деп айта алмаймыз
ІІ тарау.
Көкем шығармадағы бейвербалды амалдардың қолданылуы.
2. 1. Көркем шығармадағы кинесикалық амалдардың жіктелуі.
Ғалымдардың пікірлері мен тілдік материалдарды саралай келе, Ж. Нұрсұлтанқызы бейвербалды амалдарды өзіндік ерекшеліктеріне сәйкес төмендегідей топтарға жіктейді:
1. Просодика.
2. Проксемика.
3. Кинесика.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz