ҒАБИТ МҮСІРЕПОВТІҢ ЖАТ ҚОЛЫНДА РОМАНЫНДАҒЫ ОБРАЗДАР ЖҮЙЕСІ


КІРІСПЕ
Еліміз егемендік алған жиырма жыл ішінде халқымыздың ғасырлар бойғы арманы жүзеге асырылып, «қазақ» деген халықтың кемел ойлы ұлдары барлығы, олардың әлемнің көркемдік үрдісіне, рухани қазынасына қосқан қыруар үлесі барлығы әлемге танылып, біздің жанымызды жадыратуда. Осы жылдар ішінде қазақтың біртуар асыл азаматтарын танып-білудің бір қырындай жылма - жыл олардың айтулы күндері, халқына сіңірген еңбектері әлемдік ақыл - ойдың жинақталып, қорытылатын Біріккен Ұлттар Ұйымының «Юнеско» төңірегінде аталып жатуы қандай ғанибет. Қазақтың жарық жұлдыздарының еңбегін ардақтау Абайдан басталып Жамбылға, Мұхтарға, Дулатиға, Қанышқа, Сәбитке жалғасса, 2002 жыл Ғабит Мүсірепов үлесіне тиіп, сол жыл әлем бойынша «Ғабит жылы» аталды. Мұның өзі үлкен мақтаныш. Расында да дарынды ғалым Зейнолла Қабдолов айтқандай « . . . Мүсіреповті мақтаудың керегі жоқ, Мүсіреповпен мақтану керек».
Осыған орай біз жұмысымызда ұлы жазушы, драматург, Социалистік Еңбек Ері, қарымды қаламгер Ғабит Мүсіреповтің шығармашылығына барып, оның жалпы атауы «Оянған өлке» деп аталып, қазақ даласындағы ХІХ ғасырдың екінші жартысынан басталған өндіріс туралы жазған, қазақ әдебиетін үлкен биікке көтерген шығармасындағы образдар жүйесіне тоқталдық та оны негізінде екінші кітап - «Жат қолында»[1] романы бойынша қарастырдық. Алайда образдар жүйесін саралағанда бірінші кітапқа соқпай кету мүмкін емес, сондықтан жұмыс барысында «Оянған өлке» романына да көп көңіл бөлінді.
Зерттеудің өзектілігі. Бүгінгі таңда, әлем экономикасы үлкен дағдарысқа ұшыраған сәтте, бұл жай, әсіресе, ғасырлар бойы бар экономикасы шет ел билігінде болған, тәуелсіздікке жеткеніне жиырма жыл ғана болған біздің ел үшін аса қиындық туып отырғаны бесенеден белгілі. Бүгінгі заманда елінің келешегін алдын ала болжай алатын көреген де іскер адамдар аса қажет. Ал оларды дер кезінде танып-білу үлкен қөрегендікті қажетсінеді.
Заманының өткені мен бүгінін, жарқын болашағын салыстыра келе халқы үшін, халқының тығырықтан шығуы үшін еңбек етер ұшқыр ойлы да іскер жандар қажеттігін «адам жанының инженерлері» (Горький айтқанындай), атап айтқанда үлкен әріппен атар қаламгерлер ғана дөп басып айта алады. Осындай жандардың бірі - өз заманының заңғар жазушысы Ғабит Мүсірепов еді де, оның заманын өрге сүйрер іскер де дарынды кейіпкері «Оянған өлке» романының бас тұлғасы - Игілік Өтепов болатын да, оны екінші кітапта жалғастырған Кенжеғара еді. Сондықтан да біз осы тақырыпқа бардық. .
Зерттеу нысанасы ретінде жазушы қаламынан шыққан, «ғасыр туындысы» атанған «Оянған өлке» романының жалғасы «Жат қолында» романын алдық та, образдар жүйесінің сабақтастығын ашу мақсатында «Оянған өлке» романын да пайдаландық.
Жұмыстың жаңалығы . Зерттеу барысында бұрыннан үстем тап өкілі ретінде жағымсыз бейнеде суреттелді деп келген Игілік Өтепов және оның ісін жалғастырушы Кенжеғара мен замандастары бейнелері арқылы жазушының өз заманы, дәлірек айтсақ бүгінгі күндер үшін ең Қажетті адамдар-іскер де, қайраткер адам ретінде көрсеткенін сөз етіп, соны шығарма негізінде айқындауға тырыстық.
Зерттеудің ғылыми - практикалық мәні. Еңбекті орта мектеп пен жоғары оқу оқулықтары мен құралдарында әлі де бұрынғыша-әдебиетке таптық көзқараспен қараушылық басым болғандықтан, жаңа көзқараспен жазылған дүниелер жекелеген мақалалар мен еңбектер деңгейінде ғана болғандықтан қосымша құрал ретінде пайдалануға болады деп ойлаймыз.
Зерттеудің теориялық, методологиялық негіздері. Әдебиетші ғалымдар Н. Ғабдуллин, Р. Нұрғалиев, М. Атымов, Ж. Дәдебаев, Б. Майтанов, С. Қирабаев, Ш. Елеукенов, Р. Бердияров, Т. Кәкішев және басқалардың зерттеу еңбектерінде айтылған теориялық тұжырымдар басшылықка алынды.
Зерттеу әдісі. Ғ. Мүсіреповтің прозасын зерттеуге жаңашылдық тұрғыда қараған сыншылар мен замана қалпын, бұрын-соңды роман төңірегінде сөз етілген пікірлерді салыстыра отырып ой қозғауға тырыстық.
Жұмыстың құрылымы. Кіріспеден, тараушаларға бөлінген екі тараудан және қорытындыдан тұрады. Жұмыс соңында пайдаланған әдебиеттер тізімі берілген.
1 «ОЯНҒАН ӨЛКЕ» ДИЛОГИЯСЫ - ҚАЗАҚ ПРОЗАСЫНЫҢ БИІГІ
1. 1 Сөз зергерінің тағлымды тағдыры
Жақсы адамды көргенде оған теңелу жайында ойлан да, ал жаман адамды көргенде өзіңді-өзің зертте.
Конфуций
Көзі тірісінде - ақ аты аңызға айналған адамдар болады. Ол аңыз оның ел сүйсінген ерекшеліктерінен туындайды. Біртуар азаматын сүйген халықтың ырза көңілінен туған ол аңыздар ақиқаттан онша алыс та емес.
Түнде де жарқырайтын жақұттай жауһар шығармаларымен ғана емес, ұлт үшін жасаған ұлы ерлігімен де ел сүйіспеншілігіне бөленген сөз зергері Ғабит Махмұтұлы Мүсірепов жайлы да аңыз әңгімелер аз емес. Осындай қайта тумас, қайталанбас, таланттың кейбір қырлары мен сырлары, рухы биік ұлылығы мен сымбаты бөлек жан сұлулығы ел есінде мол қалған жанның бірі - Ғабит Махмұтұлы Мүсірепов болатын. Біздің ендігі сөз етеріміз де сол абзал жан.
Мүсрепов Ғабит Махмұтүлы - ойшыл жазушы, әдебиеттанушы, мемлекет және қоғам қайраткері. Ол қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы, Жамбыл ауданы, Жаңажол ауылында 1902 жылы 22 наурызда дүниеге келген.
Әкесі Махмұт шаруа адамы болған, өз ісіне пысық, жинақы, елге сыйлы елағасыатанған жан. Ғабит Мүсрепов 9 жасқа дейін өз ауылында оқып, арабша хат таниды. 1916 жылы екі сыныпты ауылдық орыс мектебінде оқып, оны 1921 жылы бітірді, осы кезде оған белгілі ағартушы-педагог, ХХ басындағы қазақ әдебиетінің белгілі өкілі - Бекет Өтетілеуов болатын. Одан Ғабит Мүсірепов орыс тілін ғана біліп қойған жоқ, болашақ жазушыға ең қажетті дүние - сөз шеберлігіне үйреніп, болашақ «сөз зергері» атануының басқы сатысы - көркемдік дүниесін меңгеруге жол бастады.
1923 жылы Орынбор қаласындағы жұмысшы факультетіне түсіп, онда үш жыл Сәбит Мұқановпен бірге оқыды, Сәкен Сейфуллинмен танысты. 1926 жылы жұмфакты бітірген соң, Омбыдағы ауылшаруашылық институтында бір жыл оқып, 1927-1928 жылдары Бурабай техникумында оқытушылық қызмет атқарды. Өзінің тұңғыш шығармасы - «Тулаған толқында» повесін де осында (1927) жазды. Он жыл бойы баспасөз орындарында, кеңес, партия мекемелерінде жауапты жұмыстар жасай жүріп (баспа директоры, «Қазақ әдебиеті», «Социалистік Қазақстан» газеттерінің бас редакторы, Қазақстан КП Орталық Комитетінің бөлім меңгерушісі, Қазақ КСР Халық Комиссарлар Кеңесі жанындағы Өнер істері басқармасының бастығы) әдеби шығармашылығын үдете түсті. 1938-1955 жылдары бірыңғай жазушылық жұмыспен шұғылданды. 1955-1966 жылдары «Ара» журналының бас редакторы, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының бірінші хатшысы болып істейді. 1958 жылдан бастап КСРО Жазушылар одағы басқармасы хатшыларының бірі, Лениндік және Мемлекеттік сыйлықтар жөніндегі Бүкіл-одақтық комитеттердің мүшесі. Азия, Африка елдерімен әдеби байланысты нығайтуға, қазақ әдебиеті табыстарын дүние жүзіне уағыздауда елеулі еңбек сіңірген. Осы орайда оның мына сөздерінің ұлылығы адамзат ойының асыл қорытындысындай болары айғақ: Қазақ ойы, қазақ ақылы, казақ сезімі, қыскарак айтқанда туған еліміздің санасезімі топас емес, тотыққан деуге келмейді. Тіршілік жағдайы оңынан келіп калғанда Абай, Сүйінбай, Ыбырай, Шоқан, Жамбыл, Құрманғазы, Дина сияқты ой-сезім даналары топас ойлы елден шықпаса керек.
Қолынан қаламын түсірмей өткен алпыс жылдай уақыт ішіндегі елдің қоғамдық және мәдени өмірдегі қадау-қадау оқиғалары суреткер шығармашылығының өзекті тақырыбына айналды. Мүсірепов әңгімелері мен пьесалары, повестері мен романдары, ұлттық әдебиеттің қалыптасуына игі ықпалын тигізді, олар қазақ қоғамы мен қазақ халқы психологиясындағы бүкіл әлеуметтік өзгерістерді шынайы бейнелеп берді.
30-жылдардың басында Мүсрепов әдеби шығармашылықтың өте бір күрделі саласы саналатын драматургияға ден қойған еді, сөйтіп, ол қазақ әдебиетінде осы жаңа жанрдың негізін салушылардың бірі саналады.
1934 жылы алғашқы пьесасы - «Қыз Жібек», сосын опера либреттосын жазды. Мұның қатары кейін «Амангелді» (1935), «Қозы-Көрпеш - Баян сұлу» (1939), «Ақан сері - Ақтоқты» (1966) пьесаларымен толықты. Ал, «Қазақ солдаты» (1945), «Оянған өлке» (1953), «Ұлпан» (1974) романдары - ұлттық әдебиетініздің алтын қорына қосылған шығармалар.
Жазушы «Кездеспей кеткен бір бейне» кітабы үшін 1968 жылы Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығын алды. Ол туралы белгілі әдебиет зерттеушісі, қазақ әдебиет сынының басты тұлғасы, әдебиет сынының тарихының оқулығының [2] авторы, Сәкентанушы Ғалым, филология ғылымдарының докторы академик Тұрсынбек Кәкішев былайша ой қорытады: « . . . Кездеспей кеткең бір бейнені» әңгімелегенде, оның жанрыңа, творчестволық тәсіліне назар аудару айрықша қажет. Прозалық поэма - қазақ әдебиеті үшін соны жаңалық. Бізде қара сөзбен жазылған өлеңдер аз да болса кездескенімен, прозалық дастан осы уақытқа дейін туа қоймаған еді. Өзінің терең сырлы, шығармаларымен әдебиетімізге үлкен олжа салып келе жатқан Ғ. Мүсрепов жаңа жанрдың кіндігін кесіп, тың үлгі көрсетіп отыр.
Мәдениеті өскен прозамыздың даму заңдылығынан туған осы жаңалықтың арғы бастауын іздегенде, мөлдір поэзиялы, қиюынан қыл өтпейтін маржаң сөзді, ойлы да өрнекті Ғабең прозасын алдымең ауызға аламыз. Қазақ прозасының шағын түрлерінің, әсіресе, әңгімелері мен новеллаларының туып, қалыптасуына өлшеусіз үлес қосқан, көркемдік шеберліктің биік асуына шығарған дарынның өнерпаздығы бұл поэмада тағы да бір жаңа қырымен көрінді.
Қара сөзбен дастан жазу үшін, ең алдымен, сюжеттік желіні өрбітуге өзек болар оңтайлы оқиға көрініс, кейіпкер табу, оны ақындық асқақтықпен суреттей білу шарт. Кеңілдегі көрікті ойды сыртқа шығарарда, жазушы қолданар көркемдік тәсілдің мәні зор болмақ. Осы жөнінен келгенде, «Кездеспей кеткен бір бейне» поэмасы реалистік шындыққа, тарихи оқиғаға арқа сүйеп, романтикалық пафоспен жазылғанын көреміз. Аты аңызға айналған ардагер азамат, атақты ақын, дала дауылпазы туралы тебіренбей, шабыт шалқарына құлаш ұрмай, ер қиялды жыр шертпей салмақты да салиқалы ой айту, қайталанбас сурет салу, көріқті бейне жасау қиын екендігін автор қатты ескерген».
Атақты «Оянған өлкенің»[3] заңды жалғасы - «Жат қолында» романы арада ширек ғасырдай уақыт өткен соң, 1984 жылы оқырман қолына тиді.
Жазушының қоғамдық, публицистік, сыншылық еңбектері «Суреткер парызы» (1970), «Заман және әдебиет» (1972), «Уақыт іздері» (1988) атты кітаптарына енген. Ғ. Мүсрепов аудармашылық қызметпен де айналысты.
Ол - әдебиет жөніндегі оқулықтар мен оқу құралдарының авторы. Қазақ әдебиетінде Мүсреповтің алған орны айрықша: оның артына қалдырып кеткен ұланғайыр әдеби мұрасы қымбат.
Ғ. Мүсрепов бесінші сайланған КСРО Жоғарғы Кеңесінің және 6, 7, 8, 9, 10, 11- сайланған Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болды. 1974-1975 жылдары Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Төрағасы болып сайланды.
Ол - Социалистік Еңбек Ері (1974), Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі (1958), Қазақстанның халық жазушысы (1984), үш рет Ленин орденімен, Октябрь революциясы орденімен, екі рет Еңбек Қызыл Ту орденімен, медальдармен марапатталған.
Ол өз шығармашылық жолының басына ақ қазақтың халық әдебиетінің байлығын, қазақтың от ауызды би-шешендерінің шебер сөздерін, терең мағналы шығыс поэзиясының жауһарларының асыл мұраларын, орыстың атақты ақын - жазушыларының шығармаларын оқып білді. Оның орыс әдебиетіне баруының бастауы ауыл мектебінде өзін оқытқан әдебиетші мұғалім Бекет Өтетілеуовтің әсер-ықпалы болатын. Осынысы болашақ жазушының әдебиетке ерекше ықылас аударуына септігін тигізеді. Орынбордағы рабфакта оқып жүргенде ол әдеби білімін, эстетикалық сезімін одан сайын жетілдіре түседі. Содан кейін Омбы қаласындағы ауыл шаруашылығы институтында оқып жүрген оны Қазақстан үкіметі қайта шақырып алып қазіргі Көкшетау жеріндегі (Бурабай поселкасы) орман шаруашылығы техникумына ұстаз етіп тағайындады да партия - кеңес жұмыстарына жекті. Осы кезде өзінің тырнақалды туындысы «Тулаған толқында» (1927) повесін жазады. Содан былай қарай баспа орындарында, партия - кеңес мекемелерінде жауапты қызмет атқара жүріп, шығармашылық жұмысын толассыз дамыта береді. Соның нәтижесіндей болып, «Қос шалқар», «Көк үйдегі көршілер», «Шұғыла», «Талпақ танау» әңгімелері мен «Бір адым кейін, екі адым ілгері» повесі жыл аралатып барып, бірінен кейін бірі жарық көреді. Оның бұл шығармалары қазақ әдебиетіне жазу стилі қалыптасқан, көркемдік шеберлігі ерекше жаңа суреткердің келгенін жария еткен еді. Шығармашылық жолының бір белесін аналар туралы әңгімелер топтамасымен түйіндеген жазушы енді кең тынысты туынды жазуға кіріседі. Екінші дүниежүзілік соғыстың аяғын ала ол өзінің тұлғалы туындысы «Қазақ солдаты» (1944) романын жазады. Роман тың тақырыбымен, образдарының көркем бейнеленуімен, сюжет құру шеберлігімен, тартымды тамаша тілімен таңдаулы қазақ романдарының қатарына қосылады. Бұдан кейін ол араға біраз уақыт салып барып, өзінің ең ірі салалы да салиқалы шығармасы «Оянған өлке» (1953) романын жариялайды.
Қазақ прозасының шоқтығы биік туындысы саналған осы романынан кейін жазушы қайтадан шағын жанрға ойысады. Сөйтіп, әңгіме жанрында зергер суреткерлігімен танылған ізденімпаз жазушы, көркемдік шеберлігін барған сайын шыңдап, әр әңгіме, повесі сайын жаңа бір белеске көтеріліп отырады. 1968 жылы «Кездеспей кеткен бір бейне» кітабы үшін Абай атындағы республикалық сыйлық алады. Араға бес-алты жыл салып барып, прозадағы соңғы елеулі туындыларының бірі «Ұлпан» повесін [4] жариялайды. Сонау отызыншы жылдарда-ақ үлкен драматург екенін танытып, «Қыз Жібек» операсының либреттосын, «Қозы Көрпеш Баян сұлу» пьесасын берген Ғ. Мүсірепов кейінгі жылдарда да бүкіл қазақ драматургиясының тамаша туындысы болып табылған «Амангелді», «Ақан сері-Ақтоқты» драмаларын жазады. Оның шығармаларының негізінде кинофильмдер түсіріледі, жетпісінші жылдары қазақ халқының тәуелсіздігі үшін күрескен белгілі батыр, шешен, тарихи тұлға Сырым Датов туралы «Болашаққа аманат», Азербайжанның классик жазушысы Низамидің творчестволық ғұмырына нәр берген қыпшақ қызы Аппақ туралы «Аппақ наме» драмасын жазып қазақ драматургиясы мен театр өнеріне үлкен үлес қосады.
Ғабит Мүсірепов өзінің қоғамдық, публицистік, журналистік, сыншылдық қызметімен де туған халқының мәдениетінің дамуына зор еңбек сіңірді. Алайда қазақ халқы оны үлкен суреткер жазушы деп таниды, көркем сөздің хас шебері деп біледі, қүрмет тұтады. Ол бірнеше мәрте Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің, бір рет КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты және Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің төрағасы болып сайланды. Екі мәрте Ленин орденімен және Еңбек Қызыл Ту ордендерімен марапатталды. 1974 жылы КСРО Жазушылар Одағының 40 жылдығына орай ең таңдаулы қаламгерлер қатарында Социалистік Еңбек Ері атағына ие болып, кеудесіне үшінші Ленин ордені мен «Алтын жұлдыз» қадады.
Алыптар тобының өкілі Ғабит Махмұтұлы Мүсірепов жазушы ғана емес, сонымен бірге, қоғам қайраткері, зерттеуші ретінде бай мұра қалдырған қайталанбас тұлға. Оның әр шығармасы тарихи негізде жазылып, Отан тарихының қилы кезеңдерінің әдебиеттегі көріністеріне айналды.
Зерттеушілердің көпшілігі Мүсіреповтануда ең алдымен оның әдеби мұрасын назарға алады. Бұл әрине заңды. Себебі Ғ. Мүсірепов алдымен жазушы. XX ғасырда қазақ әдебиетіне кесек туындылар әкелген көркем сөз шебері, дара суреткер. Жазушының суреткерлік қыры өз заманында жеткілікті қарастырылды. Оның көркемдік әлемін ашуға бағытталған ізденістер әдебиеттану ғылымында әлі де жалғасын таба бермек.
XX ғасырдың басындағы қазақ қаламгерлері энциклопедиялық білімге ие кемелді тұлғалар еді. Ғылым мен өнер саласындағы жаңа қадамдар, кәсіби маманның жетіспеушілігі зиялылардың барлық салада қызмет істеуіне жол ашып, жан-жақты жетілу орайын берді. Сонымен бірге бар мүмкіндіктерін жұмсап қызмет істеу міндетін де жүктеді. Қоғамдық өзгерістер, міндеттің ауырлығы мен ауқымдылығы олардың қайраткерлік тұлғасының қалыптасуына игі ықпал жасады. Бұл ретте С. Сейфуллин, Б. Майлин, І. Жансүгіров, М. Әуезов, М. Тынышбаев, С. Мұқанов, Қ. Сәтбаев, Е. Бөкетов және басқаларды айтуға болады. Ғ. Мүсірепов те осындай күрделі де кемелді тұлғалардың бірі, сондықтан Ғабит Махмұтұлы мұрасын әдебиетші ретінде ғана қарау жеткіліксіз. Оның қайраткерлік қырын тарих және мәдениеттану ғылымдары аясында қарастырған орынды болмақ.
Бұл тақырыпты жан-жақты және терең зерттеу ең алдымен бүгінгі қоғамның сұранысынан туындайды. Ғ. Мүсіреповтің мұрасының ашылмаған қырларын тану өткен тарихтан қорытынды жасап, бүгінгі өмірде ұтымды пайдалану үшін ғана емес, ертеңгі ұрпаққа дұрыс жол сілтеудің де қажеттігі. Ғабит Мүсіреповтің «Қыз Жібек», «Оянған өлке», «Қазақ солдаты», «Кездеспей кеткен бір бейне» т. б. туындыларында Отан тарихында терең із қалдырған оқиғалардың әдеби көркем шежіресі жасалған. Ғ. Мүсірепов мұрасының тарихи негіздеріне үңілу қазақ халқының қалыптасуы мен дамуын, мәдени - өркениеттік деңгейін, әлеуметтік - экономикалық болмыс-бітімін ұғынуға кілт ұстатады. Бұл ретте Ғ. Мүсіреповтің дүниетанымындағы мейлінше аз зерттелген мәселелердің бірі-оның тарихи көзқарасы.
Ғ. Мүсіреповтің жазушылық тегеуріні зерттеушілерді оның саяси, тарихи көзқарасын талдаудан ығыстыра берді. Оның тарихтағы алған орнын, қайшылықтарға толы шығармашылық және саяси қызметінің толық бағасын беру, қоғамның рухани әлеуетін нығайтудағы еңбегін жалғыз әдебиеттану тұрғысынан түсіну мүмкін емес. Тарихшылар, мәдениеттанушылар, философтар жұмыла кіріскенде ғана бұл түйінді шешуге болады. Ғ. Мүсіреповтей іргелі құбылыстың тарихқа қатынасын зерттеудің танымдық жағынан берері мол. Өмірін шығармашылық ізденіспен өткізген, өз заманындағы саяси оқиғаларға белсене араласқан ол тарихшылардың назарынан тыс қалған тарихи фактілер мен олардың себебін көре білген. Міне, сондықтан да, Ғ. Мүсіреповтің тарихқа, мәдениеттің дамуына қосқан үлесін зерттеу жазушының қайраткерлік қыры мен рухани мұрасын кешенді түсінуге мүмкіндік беретін қадам.
Қазақ зиялыларының қоғамдық-саяси қызметтерін зерттеп, баға беру Отан тарихын танудағы толық ашылмаған тақырып. Қазіргі тарих ғылымы алдындағы міндеттер мен мүмкіндіктер бұл тақырыпты терең зерттеуді талап етеді. Өйткені «Ғасыр басында мемлекет мүддесін ойлаған ұлы қазақтардың жеке басының тағдыры да қасіретті болды. Алайда, ұлттық жігер мен толысқан зерде сабағы ұмыт болған жоқ. Ел тарихын әйгілі тұлғалар арқылы тану мүмкіндігі - тәуелсіздік жемістерінің бірі. «Бүгінде адам баласы сан алуан кәсіпті игерді, талай қүпиялардың сырын ашты. Бірақ қиынның қиыны - өзіңді тану. Өзіңді тануды ұлттық зиялыларды танудан бастасақ, тар жол, тайғақ кешуге ұшырамай, ұлы көштен өз орнымызды табарымыз сөзсіз». [5, 132]
Тақырыптың өзектілігі бұл тұрғыдан да айқын көрінеді. Ғ. Мүсіреповтің тарихи көзқарасында дәстүрлі қазақи ұғым-түсінік пен тарихи құндылықтар да, социализм тұсындағы саяси құндылықтар да шоғырланып, үйлесімді жарасым тапқан. Демек, осы құпиясы мол құбылысты зерделеу өткеніміздің тағылымын бүгінгі күнге қолдануға септігін тигізеді. Тақырыптың ғылыми-практикалық маңызы осында жатыр.
Ғ. Мүсіреповтің рухани мұрасы туралы зерттеулер өткен ғасырдың 50-жылдарында басталды. Зерттеулердің дені қаламгердің әдеби-сын идеяларына арналған. Ал оның тарихи көзқарасы мәселесі күні бүгінге дейін зерттеушілер назарынан тыс қалып келеді.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz