ҒҰБАЙДОЛЛА УӘЛИХАНОВ ӨМІРІ ЖӘНЕ САЯСИ ҚЫЗМЕТІ


ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ
Ш. УӘЛИХАНОВ АТЫНДАҒЫ КӨКШЕТАУ МЕМЛЕКЕТТІК УНИВЕРСИТЕТІ
ӘОК 951/959 (5к) Қолжазба түрінде
Шапкенов Амангелді Асқарбекұлы
ҒҰБАЙДОЛЛА УӘЛИХАНОВ: ӨМІРІ ЖӘНЕ САЯСИ ҚЫЗМЕТІ
6N0203 - «Тарих»
6N0203 - «Тарих» мамандығы бойынша гуманитарлық ғылым магистрінің академиялық дәрежесін ізденуге арналған диссертация
Ғылыми жетекші:
т. ғ. д., проф. Абуев Қ. Қ.
Қорғауға рұқсат етілді
Қазақстан тарихы және ПОӘ кафедрасының меңгерушісі
т. ғ. д., проф. Абуев Қ. Қ.
Көкшетау, 2011
Мазмұны:
Анықтамалар, қысқартулар және белгілеулер . . . 3
Кіріспе . . . 4
І. Ғұбайдолла Уәлихановтың тұлғасының қалыптасуы . . . 10
- XVIII ғасырдың соңы мен ХІХ ғасырдың бірінші ширегіндегі Орта жүз: аумағы, этникалық құрамы және саяси жағдайы . . . 10
- Ғұбайдолла сұлтанның шығу тегі, туып-өскен ортасы . . . 21
ІІ. Ғұбайдолла Уәлихановтың қоғамдық-саяси қызметі . . . 29
2. 1 Орта жүздің аумағында хандық биліктің жойылуы . . . 29
2. 2 Көкшетау округының құрылуы және Ғұбайдолланың аға сұлтандық
қызметке сайлануы . . . 36
2. 3 Ғұбайдолла Уәлихановтың хандық билікті сақтауға бағытталған әрекеті . . . 45
ІІІ. Ғұбайдолла Уәлиханов және Ресей отарлық үстемдігінің
орнатылуына қарсы қазақтардың ұлт-азаттық күресі . . . 55
3. 1 Ғұбайдолла Уәлихановтың Орта жүз қазақтарының ұлт-азаттық
күресі (1825-1836 жж. ) кезіндегі ұстанымы . . . 55
3. 2 Ғұбайдолла сұлтанның Березовқа жер аударылып қоныстануы,
өмірінің соңғы жылдары, ұрпақтары . . . 66
Қорытынды . . . 74
Қолданылған деректер тізімі . . . 78
Қосымшалар . . . 82
Анықтамалар, қысқартулар және белгілеулер
Бұл диссертацияда тиісінше анықтамаларымен бірге келесі терминдар қолданылады:
Аға сұлтан - «Сібір қырғыздары туралы жарғы» бойынша Орта жүз аумағында құрылған сыртқы округтық приказдарды басқару үшін жергілікті ұлт өкілдерінен сайланатын тұлға.
Болыс - әкімшілік-аумақтық бірлік. Бір округтың құрамына 15-20 болыс кірді.
Генерал-губернатор - патшалық Ресейдегі және бірқатар елдердегі жоғары әскери-әкімшілік билігі бар өлкенің, облыстың бастығы.
Губерния - XVIII ғасырдың басынан бастап Ресейдегі негізгі әкімшілік-аумақтық бірлік.
Жарғы - басқарудың немесе соттың қандай да бір саласының құрылымын және қызметін анықтайтын ережелердің жинағы.
Заседатель - белгілі бір мекеменің жұмысына үкімет тағайындаған мүшелерімен бірге қатысу үшін жергілікті қоғамнан немесе сословиеден сайланатын өкіл.
Округ - «Сібір қырғыздары туралы жарғыға» сәйкес Орта жүз аумағында хандық билік жойылғаннан кейін құрылған әкімшілік-аумақтық бірлік.
Орта жүз - қазақ халқының этникалық құрамына енген рулар мен тайпалардың саяси, экономикалық және мәдени бірлестігі.
Отар - метрополияның күшпен басып алуы нәтижесінде мемлекеттік тәуелсіздігінен айырылған, қаналушы ел.
Приказ - басқарманың жеке саласын немесе жеке аумақты басқаратын мекеме.
Реформа - мемлекеттік немесе қоғамдық өмірдің белгілі бір саласын заң шығару арқылы өзгерту, қайта жаңарту, жетілдіру.
Старшын - қандай да бір сословиелік ұйымның, кәсіби бірлестіктің істерін басқаратын сайланбалы тұлға.
Төре - дәстүрлі қазақ қоғамында артықшылықтарды иеленген сословие, Шыңғыс ханның ұрпақтары.
Хан - бірқатар түркі және монғол халықтарындағы жоғары билік иесінің лауазымы.
Экспедиция - адамдар тобының, жасақтың қандай да бір арнайы (зерттеу, әскери, ағарту, т. б. ) тапсырмалар жүктелген сапары.
ҚР ОМА - Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік архивы
Кіріспе
Тақырыптың өзектілігі. Қазақстанда мемлекеттіктің жаңа кезеңінің қалыптасуы жағдайында Отан тарихының ғылыми мәселелерін зерттеудің, маңызды тарихи процестердің мәнін түсінудің, көрнекті қоғам және мемлекет қайраткерлерінің өмірі мен олардың халық игілігі үшін атқарған қызметі жайлы білудің маңызы арта түсуде. Мұндай білімдер тарихи және ұлттық сана-сезімді қалыптастыруда маңызды орын алады. Осыған байланысты тарихшылардың алдында қазіргі тарих ғылымының қол жеткізген жетістіктерінің негізінде күрделі және толық зерттеп білмеген мәселелердің жаңаша тұрғыдан шешімін табуын қарастыру міндеті қойылды. Осындай мәселелердің қатарына Отанымыздың өткен тарихының күрделі тұстарының бірі - отарлық саясаттың тың серпінмен жүзеге асырылуы барысында ғасырлар бойы сақталып келген дәстүрлі билік жүйесінің жойылуы кезінде өмір сүрген сұлтан Ғұбайдолла Уәлихановтың тұлғасы мен саяси қызметін зерттеу жатады.
Қазіргі заман зерттеушілері тарихтағы тұлғаның рөлі мәселесін оның сан қырлы жақтарына көңіл аудара отырып қарастыруда. Тарихи дамудың белгілі бір кезеңіндегі тұлғаның орны мен рөлін айқындайтын себептер неғұрлым көбірек ескеріліп, тұлға өмір сүрген қоғамдағы өзгерістер зерттелуі тиіс. Бірегей тарихи тұлғалардың тағдырлары, олардың қоғамдық-саяси рөлі тарихтың ажырамас бөлігі болып табылады. Сондықтан олардың есімдері мен қызметтерін зерттеу ғылыми құндылыққа ие болып, зерттеушілердің назар аударуын айтарлықтай қажет етеді. Бұл орайда академик М. Қ. Қозыбаевтың: «Өткеннің көрнекті қайраткерлерінің тарихи кескіндерін жасау қазақстандық тарихнаманың жеткіліксіз зерттелген буыны болып қалып отыр» [1, 22] деген пікірі орынды айтылған.
Қазақтың этникалық аумағының тұтастығы мен қазақ халқының тәуелсіздігін сақтау үшін айтарлықтай үлес қосқан бірегей тарихи тұлға ретінде танылатын Абылай ханның немересі Ғұбайдолла Уәлихановтың өмірі мен қоғамдық-саяси қызметі қазақ қоғамындағы дәстүрлі хандық билік жүйесінің дағдарысы тереңдей түскен XVIII ғасырдың аяғы - ХІХ ғасырдың бірінші жартысы аралығындағы кезеңмен байланысты. Сондай-ақ, аталған тарихи кезеңге қазақ халқының этникалық құрамына кіретін Орта жүз ру-тайпалары мекендеген аумақта 1822 жылғы «Сібір қырғыздары туралы жарғыға» сәйкес ресейлік патша өкіметінің әкімшілік басқару ережелерінің енгізілуі, отаршылдыққа қарсы қазақ сұлтандары басқарған ұлт-азаттық көтерілістер толқынының өрістеуі тән болып келеді. Орта жүздің соңғы ханы Уәлидің заңды мұрагері ретінде билік иесі деп саналған Ғұбайдолла Уәлиханов бұл аталған тарихи оқиғалардан тыс қалмай, танымал қатысушыларының бірі болды. Сондықтан, Ғұбайдолла Уәлихановтың өмірі мен саяси қызметінің арнайы зерттеу тақырыбы ретінде алынуы ХІХ ғасырдың бірінші жартысындағы Қазақ даласын Ресей империясының отарлауының маңызды кезеңін және сонымен байланысты Орта жүз қазақтарының ұлт-азаттық күресінің мәселелерін зерттеп білуде өзекті сипатқа ие болады.
Тақырыпты зерттеудің мақсаты мен міндеттері. Тақырыпты зерттеудің негізгі мақсаты - Ғұбайдолла Уәлихановтың өмірі мен қоғамдық-саяси қызметін кешенді түрде зерттеп білу. Осы қойылған мақсатқа жету мынадай зерттеу міндеттерін шешуді қажет етеді:
- Ғұбайдолла Уәлихановтың өмірі мен саяси қызметін зерттеу арқылы ХІХ ғасырдың бірінші жартысында Қазақстанның саяси өмірінде орын алған маңызды оқиғалар мен құбылыстарды терең мазмұнда қарастыру;
- Ғұбайдолла Уәлихановтың өмір сүрген және қызмет еткен уақытына қатысты кейбір талас тудыратын мәселелерді нақтылау, оның тұлғасының қалыптасуының тарихи алғышарттары мен жағдайларын зерттеп білу;
- Көкшетау сыртқы округының құрылу кезіндегі Ғұбайдолла Уәлихановтың саяси қызметіне және оның Орта жүздегі хандық билікті сақтап қалуға бағытталған әрекетіне сипаттама беру;
- ХІХ ғасырдың 20-40 жылдарындағы Қазақ даласында Ресей отарлық үстемдігінің орнатылуына қарсы Орта жүз қазақтарының ұлт-азаттық күресіндегі Ғұбайдолла Уәлихановтың рөлі мен қатысу деңгейін талдау.
Зерттеу нысаны Көкшетау округының алғашқы аға сұлтаны Ғұбайдолла Уәлихановтың тұлғасы, ал зерттеу пәні оның өмірі мен ХІХ ғасырдың бірінші жартысындағы Қазақстанда Ресей отарлық саясатының жаңа кезеңінің жүзеге асырылуы кезіндегі қоғамдық-саяси қызметі болып табылады.
Зерттеу тақырыбының хронологиялық аясы XVIII ғасырдың аяғы мен ХІХ ғасырдың бірінші жартысы аралығындағы кезеңді қамтиды. Бұл кезеңге Қазақ даласында дәстүрлі хандық биліктің әлсіреуі, Орта жүз аумағында 1822 жылғы «Сібір қырғыздары туралы жарғыға» сәйкес әкімшілік-аумақтық өзгерістердің жүргізілуі, дәстүрлі биліктің жойылуы және жаңадан басқару жүйесінің енгізілуі тән болып келді.
Зерттеудің аумақтық шекарасы қарастырылып отырған тарихи кезеңде Орта жүздің ру-тайпалары мекендеген Қазақстанның солтүстік, солтүстік-шығыс және орталық бөлігін қамтиды.
Зерттеу тақырыбының методологиялық негізін тарихилық, объективтілік, жүйелілік және нақтылық сияқты ғылыми-тарихи танымның негізін құраушы принциптер құрайды. Тарихи оқиғаларды абсолюттік объективтілік тұрғысынан қарастыру мүмкін еместігі белгілі, дегенмен бұған талпыныс жасалуы тиіс. Қойылған зерттеу міндеттерін шешу мақсатында проблемалық-хронологиялық, салыстырмалы-тарихи талдау, тарихи-жүйелеу, тарихи жинақтау сияқты арнайы зерттеу әдістері қолданылды.
Тақырыптың зерттелу деңгейі. Ғұбайдолла Уәлихановтың өмірі мен саяси қызметі мәселесін зерттеу XVIII ғасырдың аяғы мен ХІХ ғасырдың бірінші жартысындағы қоғамдық-саяси, әлеуметтік өмірді жан-жақты қарастыруды қажет етеді. Кеңес өкіметі орнағанға дейін жазылған еңбектердегі Ғұбайдолла Уәлиханов туралы бар мәліметтерді жинақтай келгенде, оның саяси қызметін көрсетуде екі бағыттың орын алғаны байқалады. Зерттеліп отырған кезеңде дворяндық тарихнама тұрғысынан жазылған А. И. Левшинның, С. Б. Броневскийдың, М. И. Красовскийдың еңбектерінде [2] Ғұбайдолла Уәлихановтың ресейлік өкіметке қатысты әрекеттері жағымсыз тұрғыдан, біржақты сипатталды. Қазақ қоғамындағы саяси өзгерістер Ш. Уәлихановтың, Г. Н. Потанинның, И. В. Щегловтың, Н. М. Ядринцевтің зерттеулерінде [3] айтарлықтай дәрежеде көрініс тапқан. Ресми құжаттарда Ғұбайдолла Уәлихановқа кемшілікті баға берілгеніне қарамастан, бұл авторлар сұлтанның барлық қимылдарына түсіністікпен қарауға тырысты.
Кеңес заманындағы тарих ғылымында қазақ қоғамының саяси және әлеуметтік дамуы мәселелеріне арналған бірқатар зерттеулер жарық көрді. А. Ф. Рязановтың «Сорок лет борьбы за национальную независимость казахского народа (1797-1838) » атты монографиясы қазақ халқының ұлт-азаттық қозғалысы мәселелеріне арналған іргелі зерттеулердің бірі болып табылады. Патша өкіметінің отарлық саясатының бастапқы кезеңіне талдау жасай келе, автор ресейлік отарлық әкімшіліктің хандық билік түріндегі ұлттық мемлекеттік биліктің беделін түсіруге бағытталған мақсатты әрекеттері туралы мәселені көтерді. А. Ф. Рязанов ресейлік отарлауға қарсы қазақтар көтерілістерінің ұлт-азаттық сипатына көңіл аударды [4] .
ХХ ғасырдың 30-50 жылдары С. Асфендияровтың, Е. Бекмахановтың еңбектерінде қазақ халқының ресейлік отарлық саясаттың күшеюіне қарсы жүргізген ұлт-азаттық қозғалысына жан-жақты сипаттама беріліп, қарастырылып отырған кезеңге қатысты мәліметтер тарихи мұрағат құжаттары деректерімен нақтыланды [5] .
Қазақ даласындағы хандық билік институтының жойылуы, жаңа басқару жүйесінің орнатылуы және оның қазақтардың қоғамдық өміріндегі рөлі мәселелері ХХ ғасырдың 60-шы жылдары С. З. Зимановтың зерттеулерінде көрініс тапты. Автор дәстүрлі қазақ қоғамы жүйесіндегі дағдарысты сипаттай келе, сұлтандар тобының ру-тайпа басшыларымен көшпенділер қауымындағы билік үшін ғасырлар бойы жүргізген күресі туралы баяндайды. ХІХ ғасырдың бірінші ширегінде сұлтандар қазақ қоғамындағы ақсүйектер тобын бейнелегенімен, олардың қоғамдағы бұрынғы абыройы мен ықпалы сақталмағанын көрсетті [6] .
Б. С. Сүлейменов пен В. Я. Басинның «Казахстан в составе России в XVIII - начале ХХ века» атты еңбегінде қазақ өлкесінің ішкі және сыртқы саяси жағдайлары, Қазақстанның Ресей құрамына енуі барысында орын алған өзгерістер зерттеліп, Орта жүздегі хандық биліктің жойылуына қысқаша сипаттама берілген. Бұл авторлардың пікірінше, Ресей үкіметі Орта жүзде қартайған Бөкей сұлтанға қолдау көрсетіп, оны Абылай ұрпақтарына қарсы қою арқылы хандық биліктің беделін түсіру мақсатын көздеді [7] .
Н. Е. Бекмаханованың зерттеулерінде өңірдегі әкімшілік-аумақтық өзгерістермен байланысты мәселелер, өлкедегі басқару мен биліктің, қоныс аудару мен құрамы көпұлтты халықтың қалыптасуы мәселелері қарастырылды. Автордың пікірінше, Қазақстанның Ресейге қосылуы және хандық биліктің жойылуы сұлтандар мен байлардың бір бөлігінің қарсылығын туғызды. Қазақ феодалдарының бұл бөлігі билік пен артықшылықтарды жоғалтумен келіспей, Қазақстанның Ресейден бөлінуін және хандық билікті қалпына келтіруді мақсат еткен феодалдық-монархиялық көтерілістердің негізгі қозғаушы күштерін құрады. ХІХ ғасырдың 20-40 жылдарында жүргізілген феодалдық-монархиялық қозғалыстардың басшылығында Саржан Қасымұлы, Кенесары Қасымұлы, Ғұбайдолла Уәлиханов тұрды деп көрсетілді [8] .
Отандық жаңа заман тарихының жекеленген өзекті мәселелері, көрнекті тарихи қайраткерлердің өмірі мен қоғамдық-саяси қызметі мәселесі Ж. К. Қасымбаев, Қ. Қ. Абуев, Х. М. Әбжанов, М. Абдиров, Ж. О. Артықбаев, С. Ф. Мажитов, А. Күзембайұлы, Н. Мұқаметханұлы, В. А. Моисеев, И. В. Ерофеева және басқалары сияқты қазіргі заманғы тарихшы ғалымдардың зерттеулерінде жаңаша тұрғыдан зерттелді.
Қ. Қ. Абуевтың «Кокшетау. Исторические очерки» атты еңбегінде Ғұбайдолла Уәлихановтың саяси келбеті сомдалып, өмірінің негізгі кезеңдері мен қызметінің маңызды тұстары отандық тарихнамада алғаш рет ғылыми тұрғыдан қарастырылды. Автор Ғұбайдолла сұлтан қазақ даласында патша өкіметінің отарлық езгісінің күшеюіне алғашқылардың бірі болып қарсы шықты деген пайымдау білдіре келе, Ғұбайдолла сұлтан бастаған қозғалыс бұдан кейінгі Кенесары Қасымұлы басқарған қазақ халқының ұлт-азаттық күресіне ұласты деп көрсетеді. Ғұбайдолла сұлтанның Ресей патшалығының отарлау саясатының күшеюіне қарсы іс-әрекетінің маңыздылығына назар аударып, оның тағдырын зерттеу арқылы қазақ тарихының бір көмескі бетін қайта парақтауға болады деп түйіндейді [9] .
Ж. Қасымбаевтың «Оппозиция царским реформам в Среднем жузе Касыма Абылайханова и султана Габайдуллы Уалиева (20-е годы ХІХ в. ) » атты ғылыми мақаласында Ғұбайдолла Уәлихановқа осынау күрделі жағдайда сыртқы саяси міндетті шешуде дипломатиялық әдепті сақтай білген «бірегей тұлға» ретінде мінездеме беріледі. Ғұбайдолланың Цин императорының қолдауына ие болу арқылы хандық билікті ұстап қалу мақсатында қазақ даласына жіберілген қытай елшілерімен кездесуге әрекеті, оның бұл мақсатының Ресей әкімшілігі тарапынан жасалған алдын алу шараларына байланысты орындалмай қалғаны егжей-тегжейлі сипатталады [10] .
М. Абдировтың пікірінше, ХІХ ғасырдың 20-40 жылдары патша өкіметінің отарлық саясатының жүргізілуіне қарсы Шыңғыс тұқымдары - ақсүйектер өкілдерінің басшылығымен болып өткен қазақ халқының ұлт-азаттық қозғалысының басында Қасым Абылайханов, Сартай Шыңғысов сияқты хан ұрпақтарының өкілдерімен қатар, Ғұбайдолла Уәлихановтың да лайықты орны болды [11] .
А. Күзембайұлы мен Е. Әбілдің зерттеулерінде 1824 жылы Солтүстік және Орталық Қазақстанда отарлауға қарсы қазақ сұлтандары Ғұбайдолла Уәлиұлы, Қасым Абылайұлы және Саржан Қасымұлы жетекшілік еткен қарулы күрес басталды деп көрсетіледі [12] .
«Қытайдағы қазақтардың қоғамдық тарихы» атты еңбектің авторы Н. Мұқаметханұлы Ғұбайдолланың заманына қатысты қызығушылық тудыратын бірқатар деректерді келтіреді. Атап айтқанда, циндық басқаруышының «Қазақ ханы Абайділдә (Ғұбайдолла) Жантөре сұлтан арқылы Іле генералына мұсылманша жазылған хат жіберді» [13] дейтін, 1823 жылға жататын мәлімет келтірілген жазбалары назар аударуға тұрарлық.
В. А. Моисеевтің бұрынғы Кеңес өкіметі жылдары әділетсіз жазаға тартылған мемлекеттік және қоғам қайраткерлерімен қатар, революцияға дейінгі кезеңнің ұмытылуға айналған тарихи тұлғаларын, соның ішінде атақты Абылайдың немересі - Ғұбайдолланы ақтап алу туралы айтқан пікірі өте орынды. В. А. Моисеевтың пайымдауынша, тарихи процесті толық және үздіксіз күйде қалпына келтіру үшін осы кезеңге дейін тарихшылар мен жазушылардың назарынан тыс қалып отырған Ғұбайдолла Уәлихановтың өмірін, қызметін зерттей түсу қажет [14] .
Ж. О. Артықбаев «Материалы к истории правящего дома казахов» атты кітабында Ғұбайдолланы қазақтың ханы ретінде сипаттайды. Автор: «Абылайдың заңды мұрагері ретінде Ғұбайдолла Уәлиханов тұлғасының өзі халықты тәуелсіздікке деген үмітке жетеледі. Бірақ, амалсыз жағдайда қалған Ғұбайдолла отарлық өкіметтің ұсыныстарын еріксіз қабылдауға мәжбүр болды, дегенмен іштей қайтадан қарсылық көрсетуге дайындалды, - дей келе, - Ғұбайдолланы өте қиын жағдайға қалдырған - бұл қазақ халқының басым бөлігінің болып жатқан оқиғаларға енжарлық көрсетуі, ресейлік отарлықтың күшеюін жайбарақат бақылап отырған рубасыларының жігерсіздігі, көптеген сұлтандар мен байлардың екіжүзділігі» [15] деген пікірді ұстанады.
Сондай-ақ, Ғұбайдолла Уәлихановтың XVIII ғасырдың соңы - ХІХ ғасырдың бірінші жартысындағы қазақ халқының қоғамдық өміріндегі рөлі мен саяси қызметін зерттеуге арналған еңбектердің қатарында Г. К. Жапекованың диссертациялық жұмысы, А. Н. Қашқымбаев, Б. Әбдіғали, С. Ақтаев сияқты авторлардың мақалалары бар [16] .
Зерттеу тақырыбының деректемелік негізін мұрағат құжаттары мен мәліметтері және әр түрлі құжаттар жинақтарында жарық көрген деректер құрайды. Тақырыпты зерттеу барысында келесі мұрағат деректері пайдаланылды: Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік мұрағатының 338-қоры, 1-тізбе (Омбы облыстық ішкі істер министрлігі басқармасы. 1821-1838 жж. ), 336-іс (Шыңғысов және Абылайханов сұлтандардың округтық приказдардың құрылуына байланысты Батыс Сібір генерал-губернаторының атына хаттары және осы мәселе бойынша хат алысу), 680-іс (Ғ. Уәлиханов және С. Қасымов сұлтандардың Қарпық, Алтай және Тама болыстарының ауылдарына шабуылы туралы), 783-іс (Аға сұлтан Ғ. Уәлихановтың округтық приказдардың құрылуына байланысты Байдалы болысының қазақтары арасындағы үгіттеуі туралы), 345-қоры (Сібір қырғыздары облыстық басқармасы) материалдары.
Пайдаланылған құжаттар жинақтары: «Казахско-русские отношения в XVIII-ХІХ вв. 1771-1867» Алма-Ата, 1964; «Материалы по истории политического строя Казахстана». т. 1. Алма-Ата, 1960; «История Казахстана в русских источниках». т. VIII. Ч. 1-2. Алматы: Дайк-Пресс, 2006. Бұл жинақтарға XVIII-ХІХ ғасырлардағы билік органдары мен жергілікті мекемелердің нұсқаулары, жарғылары, өзара жазысқан хабарламалары, әр түрлі дәрежелі шенеуніктердің Сібір ведомствосына қарайтын қазақ сұлтандары, билері мен старшындары туралы мәліметтері, есеп беру хаттары, қазақ даласында ықпалды сұлтандардың ресейлік шенеуніктердің аттарына жазған өтініштері және тағы басқа құжаттар енгізілген.
Қазақтың ұлы ғалымы Ш. Уәлиханов құрастырған қазақ хандары мен сұлтандарының, атап айтқанда Абылай ханның, Уәли ханның генеалогиясы зерттеу жұмысы барысында пайдаланылған құнды деректердің қатарын толықтырды [Қосымша А] .
Ғұбайдолла Уәлихановтың өмірі мен саяси қызметін зерттеуде қарастырылып отырған тарихи кезеңдегі оқиғалардың куәгерлері болған Н. А. Абрамовтың «Описание Березовского края» [17], С. Б. Броневскийдың «О казахах Средней орды» [18] атты еңбектерінде келтірілген мәліметтер кеңінен пайдаланылды.
Зерттеу тақырыбының жаңалығы. XVIII ғасырдың аяғы - ХІХ ғасырдың бірінші ширегінде Орта жүз аумағында ресейлік отарлық саясаттың жүзеге асырылуы ерекшеліктеріне Қазақ даласындағы дәстүрлі хандық биліктің дағдарысқа ұшырау көзқарасы тұрғысынан талдау жасалды;
Ғұбайдолла Уәлиханов тұлғасының қалыптасуы және оның патша өкіметінің Орта жүздің аумағында саяси өзгерістерді енгізуі кезінде атқарған қызметі ХІХ ғасырдың бірінші жартысындағы қазақ-орыс қарым-қатынастарының өрістеуі тұрғысынан көрсетілді;
Ресей отарлық үстемдігінің орнатылуына қарсы Орта жүз қазақтарының ұлт-азаттық күресі кезіндегі Ғұбайдолла Уәлихановтың әрекеттерін зерттей келе, дәстүрлі билік өкілдерінің саяси қарсылық көрсетуі мен отаршылдыққа қарсы күрестің бұқаралық сипат алуының өзара байланысы айқындалды.
Зерттеу тақырыбының практикалық маңызы. Зерттеу тақырыбының материалы, зерттеу жұмысы барысында алынған негізгі нәтижелер Қазақстанда отаршылдық билік жүйесінің орнатылу тарихымен, тарихтағы тұлғаның рөлі және қызметімен байланысты мәселелерді қарастырған кезде қолданыла алады.
Зерттеу жұмысының сыннан өтуі. Зерттеу жұмысының негізгі тұжырымдары мен нәтижелері бойынша «Шоқан тағылымы-15», «Көкше жас ғалымдары-2010» атты халықаралық және республикалық ғылыми-практикалық конференциялар жинақтарында ғылыми мақалалар жарияланып, баяндамалар жасалды.
Диссертацияның құрылымы. Магистрлық диссертация анықтамалар мен қысқартулардан, кіріспеден, үш тараудан, жеті бөлімнен, қорытындыдан, қолданылған деректер тізімінен және қосымшалардан тұрады.
І тарау.
Ғұбайдолла Уәлихановтың тұлғасының қалыптасуы
- XVIII ғ. соңы мен ХІХ ғ. бірінші ширегіндегі Орта жүз:
аумағы, этникалық құрамы және саяси жағдайы
Еуразияның ең ірі түркі тілдес халықтарының бірі - қазақ халқына тән ерекшелік болып оның күрделі және кең тармақталған «рулық-тайпалық» құрылымы есептеледі. Халық күрделі қоғамдық қатынастардың жүйесімен және біртұтас генеалогияға біріккен, бір-бірімен өзара байланысты сатылай ұйымдасқан көптеген тайпалардан, рулардан және ұсақ бөлімшелерден құралды. Осыған сәйкес қазақтар үш бөлікке - Ұлы, Орта және Кіші жүздерге бөлінді, олардың әрқайсының өзіндік рулық-тайпалық ұйымы болды. Қазақ жүздері туралы алғашқы мәліметтер В. П. Юдинның анықтауы бойынша XVII ғасырдың басына жатады. Қазақ халқының осындай бөлшектенуіне С. Асфендияровтың есептеуінше, Қазақстан аумағының табиғи үш географиялық бөлікке бөлінуіне байланысты қалыптасқан әр түрлі үш ареалда өткен шаруашылық-мәдени және тарихи процестің ерекшелігі негіз болған [19, 72] .
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz