Дүниенің поэтикалық бейнесі лингвоконцептуалдық талдау (ХҮ-ХҮІІІ ғасырдағы ақын-жыраулар поэтикасы бойынша)


Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті
ӘОЖ 801. 8 (5 к) Қолжазба құқығында
АБЫЛОВА ГУЛНАР ЕРЕЖЕПОВНА
Дүниенің поэтикалық бейнесі: лингвоконцептуалдық талдау
(ХҮ-ХҮІІІ ғасырдағы ақын-жыраулар поэтикасы бойынша)
10. 02. 19 - тіл теориясы
Филология ғылымдарының кандидаты
ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған диссертациясы
Ғылыми жетекшісі:
филология ғылымдарының
докторы Сағидолда Г.
Қазақстан Республикасы
Көкшетау, 2010
МАЗМҰНЫ
- Дүниенің поэтикалық бейнесі ұғымы
КІРІСПЕ
Зерттеу жұмысының өзектілігі. Поэтикалық мәтіннің өзіндік ерекшелігі мен күрделілігіне орай қазірге дейін оны зерттеуге деген ғалымдардың қызығушылығы төмендеген емес. А. Байтұрсынов, Қ. Жұбанов, Р. Сыздықова, Қ. Өмірәлиев және т. б. еңбектері поэтикалық тілдің өзіндік ерекшелігін зерттеуді жалғастыруда теориялық және әдіснамалық негіздемесі деуге болады. Қазіргі тіл білімінде белсенді түрде дамып отырған антропоцентристік бағыт зерттеушілердің алдына да жаңа міндеттер ұсынады, қазақ тілдік мәдениеті концептосферасының элементтері болып табылатын ділдік бірліктерді, концептілерді сипаттауға жетелейді. Сонымен бірге, антропоцентристік парадигма аясында тілдегі шындық болмысты эстетикалық тұрғыдан игеру нәтижелерінің көрінісі жайында мәселе ерекше мәнге ие болады. Осыған байланысты зерттеушілер поэтикалық мәтіндегі ұлт үшін мәні зор концептілерді сипаттауға көңіл бөледі, дүниенің индивидуалды поэтикалық бейнесінің ерекшеліктерін айқындайды (Г. Сағидолда, А. Әмірбекова, Қ. Жаманбаева, Б. Нұрдаулетова, C. Жиренов, С. Жапақов т. б. ) . Алайда ХҮ-ХҮІІІ ғасырлардағы ақын-жыраулар поэтикасында көрініс тапқан шындық болмыстың көркемдік моделі болып табылатын дүниенің поэтикалық бейнесінің концептуалдық негізі тілтаным теориясында жете зерттелмеген. Қазақ тілтаным теориясында жекеленген ақындар шығармашылығы негізінде дүниенің поэтикалық бейнесі қарастырылғанымен, арнайы зерттеу нысаны болмаған және ХҮ-ХҮІІІ ғасырларды қамтыған ақын-жыраулар поэтикасындағы бейнеленген дүниенің поэтикалық бейнесін зерттеудің өзі лингвистикалық поэтиканың көптеген өзекті теориялық мәселелерінің ара жігін ашып беретіні сөзсіз.
Зерттеу жұмысымызда ақын-жыраулар поэтикасындағы дүниенің поэтикалық бейнесін айқындауда «заман» концептісі негізгі доминант ретінде қарастырылған. Бұл (заман) жалпы адамдық құндылық ретінде көптеген зерттеушілердің негізгі назарында болғаны белгілі. Оның ішінде, лингвомәдени, социолингвистикалық және когнитивті бағыттардағы шеңберде бұл феноменнің зерттелуі кең тараған. Негізінен, «заман» феномені философиялық, әлеуметтік, этикалық сипатқа ие, тілдік тұрғыдан зерттеудің айырмашылығы заманның әр қилы бейнелілік түрлері мен формаларын айқындай отырып, дүниенің поэтикалық бейнесін жасаудағы «Тіл - Заман - Қоғам» үштігінің доминанттық қызметінің семантикалық-құрылымдық сипатын қарастыруда болып табылады. Ақын-жыраулар поэтикасындағы «Заман» концептісін қарастырудың өзекті қырлары мынада: біріншіден, «заман» семантикасы ХҮ-ХҮІІІ ғасырлардағы ментальді бірлік ретінде когнитивті ізденіс үшін бай дерек болып табылады; екіншіден, ХҮ-ХҮІІІ ғасырлар қазақ ұлты үшін түрлі әлеуметтік, саяси, мәдени оқиғалардың орын алған кезеңге сәйкес келуіне орай, заман мәнін ұғынудың антропоцентристік мәселелерінің өзектенуіне түрткі болып табылады; үшіншіден, заман бейнесі танымдық әрекет категориясы ретінде ақын-жыраулар дүниетанымының құпия қырларына енуге, басқа да таным формалары үшін ұғынуы қиын шындықтың поэтикалық мәнін табуға мүмкіндік береді; төртіншіден, ақын-жыраулардың бейнелі ойлау жүйесі «заман» концептісімен тікелей байланысты.
Р. Сыздықованың « . . . ақын-жыраулар шығармашылығы ана тіліміздің ғаламат образы тіл екендігін көрсетті. Қазақ тілі бүгінде сөздік қазынасы орасан бай, дыбыс гармониясы құлаққа жағымды, сөз әсемдігін танытатын бейнелі фразеологизмдері тұнып тұрған тіл, қысқасы, ұлттық тіліміз осы қасиеттердің баршасы үшін алдыңғы ғасырларда жасап өткен ақын-жыраулар поэзиясына қарыздар» [1, 23 б. ] деген пікірі біздің бұл зерттеу бағытымыздың маңыздылығын дәлелдейтіні сөзсіз. Сондай-ақ, белгілі ғалым М. Мағауинның «жыраулар поэзиясының ерекшеліктері ол поэзияны туғызған заман кейпімен байланысты» [2, 144 б. ] және Д. С. Лихачевтың «ұлы ақындар өз ана тілінің концептосферасын және мәдениетін жасаушы» [3, 29 б. ] тілдік тұлғалар деген пікірлерін ескерсек, ХҮ-ХҮІІІ ғасырлардағы ақын-жыраулар поэтикасындағы дүниенің поэтикалық бейнесіне лингвоконцептуалдық талдау жасау қажеттілігі туындайды.
Дүниенің поэтикалық бейнесі және ақын-жыраулар поэтикасының когнитивті тіл білімінің зерттейтін өзекті мәселелер қатарында орын алады. Енді бұл мәселелердің зерттелу деңгейіне келетін болсақ, зерттеу нысаны ретінде «дүниенің поэтикалық бейнесі» және «ақын-жыраулар поэтикасы» ғалымдар тарапынан түрлі қырынан зерттелгені мәлім. Айталық, Р. Сыздық ақын-жыраулар поэзиясын қазақ әдеби тілінің даму кезеңін танытатын тілдік дереккөздері ретінде қарастырып, соңғы жылдары оны (ақын-жыраулар поэтикасын) лингвопоэтиканың негізгі мәселелері ретінде қарастыруды ұсынады. С. Жиренов ХҮ-ХІХ ғасырлардағы ақын-жыраулар поэзиясындағы «Өмір - Өлім» концептісінің танымдық сипаты бойынша заман концептісін «өмір» макроконцептісінің құрамдас компоненті ретінде қарастырған. А. Қалниязова ХҮ-ХІХ ғасырлардағы ақын-жыраулар поэзиясындағы заман концептісінің әлеуметтік болмысының мәдени сипаты бойынша зерттеу жүргізді. Б. Нұрдаулетова ХҮ-ХІХ ғасырлардағы шартты түрде «батыстық жыраулық мектебіне» жататын, территория жағынан Маңғыстау, Атырау, Батыс Қазақстан, Қызылорда, Ақтөбе, Қарақалпақстан аймағында өмір сүрген ақын-жыраулардың шығармаларының поэтикалық тіліндегі дүниенің концептуалды бейнесін зерттеді.
Дүниенің поэтикалық бейнесі немесе поэтикалық тіл танымдық тұрғыдан қарастырылуы көптеген зерттеушілер тарапынан қолға алынған. Айталық, Р. Сыздық, Г. Сағидолда, Қ. Жаманбаева, М. Т. Күштаева, А. Ислам, А. Әмірбекова т. б. зерттеу еңбектері поэтикалық мәтіндегі концептілерді талдаудағы бағалы ізденістер ретінде танылады. Алайда дүниенің поэтикалық моделі қазіргі замандағы белгілі бір ақын шығармашылығы аясында қарастырылғанымен, арнайы зерттеу нысаны ретінде алынбаған. Дәл осы когнитивті лингвистика шеңберінде ақын-жыраулар поэтикасы бойынша дүниенің поэтикалық бейнесін айқындау, заман, адам, уақыт, кеңістік, батырлық, соғыс концептілеріне талдау жасау, негізінен, ділдік үдерістердің жеткілікті түрде тұтас толық суретін алуға есептелген біздің зерттеуіміз жүргізіледі.
«Заман» концептісі қазақ тілдік мәдениеті концептосферасында ерекше орынға ие, сонымен бірге, қазақ мәдениетінің философиясының құндылықты доминанты болып табылады (Т. Ә. Мұқашев, О. А. Сегізбаев, Ж. Алтай, А. Қасабек, Қ. Мұхамбетәли және т. б. ) . Ақын-жыраулардың шығармашылығына деген әдеби тұрғыдан қызығушылық жоғары, мұны ақын-жыраулардың туындыларын талдаудың жаңа қырларын ашушы әдебиетші ғалымдардың еңбектері дәлелдейді (М. Мағауин, Х. Сүйіншәлиев, Қ. Жұмалиев, С. Негимов т. б. ) . Сонымен бірге, ақын-жыраулардың поэзиясын лингвистикалық тұрғыдан зерттеуге арналған көптеген жұмыстар да баршылық (ақын-жыраулар тілдік, стильдік ерекшеліктері, поэтикасы, шығармашылығының концептуалды кеңістігі, танымдық ерекшеліктері, лингвомәдени ерекшеліктері) . Ақын-жыраулар поэзиясындағы «заман» концептісінің тілдік көрінісі авторлардағы дүниенің поэтикалық бейнесінің рухани-адамгершілік және моральді-этикалық өлшемдерінің күрделі жүйесін, олардың ішкі рухани өмірін, сезімдерін, құндылықтар жүйесінен көрініс береді.
Зерттеудің нысаны. ХҮ-ХҮІІІ ғасырлардағы ақын-жыраулар шығармаларының поэтикалық тілі.
Зерттеудің пәні. ХҮ-ХҮІІІ ғасырлардағы ақын-жыраулар поэтикасындағы дүниенің поэтикалық бейнесін құрайтын көркемдік концептілер.
Зерттеудің мақсаты мен міндеттері. Жұмыстың мақсаты - ХҮ-ХҮІІІ ғасырдағы ақын-жыраулар поэтикасындағы орын алған дүниенің поэтикалық бейнесінің танымдық ерекшеліктерін анықтау.
Мақсатқа қол жеткізу келесі міндеттерді шешуді талап етеді:
- дүниенің поэтикалық бейнесі бойынша ғылыми зерттеу жұмыстарындағы негізгі теориялық тұжырымдарға шолу жасай отырып, ХҮ-ХҮІІІ ғасырлардағы ақын-жыраулар тілі негізіде дүниенің поэтикалық бейнесінің табиғатына үңілу;
- концептуализация және категоризация үрдістерінің поэтикалық мәтіндегі ерекшелігін ескере отырып, дүниенің поэтикалық бейнесіндегі қызметін анықтау;
- ХҮ-ХҮІІІ ғасырлардағы ақын-жыраулар поэтикасындағы «заман» концептісінің танымдық болмысын қарастыру және концептуалдық талдау жүргізу;
- ақын-жыраулар поэзиясындағы дүниенің поэтикалық бейнесін жасауға қатысатын тілдік құралдарды айқындау;
- ақын-жыраулар поэтикасындағы дүниенің поэтикалық бейнесін түзуші концептілер жүйесін ұсынатын «тіл - заман - қоғам» үштігі мен оның аясынан туындайтын «адам - заман - табиғат», «уақыт - заман - кеңістік», «батырлық - заман - соғыс» үштіктері шеңберінде зерделеу.
Зерттеу жұмысының әдіснамалық және теориялық негізі. Зерттеу жұмысының теориялық және әдіснамалық негізін когнитивті және антропологиялық лингвистика бойынша отандық ғалымдар (Байтұрсынов А., Жұбанов Қ., Қайдар Ә., Сыздық Р., Манкеева Ж., Сағидолда Г., Ислам А., Әмірбекова А., Жиренов С., Нұрдаулетова Б. және т. б. ), сонымен бірге, шетел ғалымдарының (Апресян Ю. Д., Аскольдова-Алексеева С. А., Арутюнова Н. Д., Бабушкин А. П., Вежбицкая А., Воркачева С. Г., Караулов Ю. Н., Лихачев Д. С., Лотман Ю. М., Маслова В. А., Кубрякова Е. С., Степанов Ю. С., Телия В. Н., Чернейко Л. О. және т. б. ) еңбектерінде ұсынылған теориялық және методологиялық ұстанымдар құрайды.
Зерттеу жұмысының материалдары. Жұмыстың негізгі тілдік деректері ретінде «Бес ғасыр жырлайды» (1984 ж. ), «Ай, заман-ай, заман-ай» (1991 ж. ), Бұқар жырау Қалқаманұлы шығармалары (1992 ж. ) пайдаланылды. Ақын-жыраулар поэтикалық мәтіні бойынша 2500-ден астам тілдік бірліктер қарастырылды.
Зерттеу жұмысының әдістері. Зерттеу барысында лингвистиканың дәстүрлі әдістері қолданылды: сипаттамалы (көрнекті материалдарды саралау, жіктеу, поэтикалық мәтіннің интерпретациясы, жинақтау), сөздік дефиниция әдісі, тілдік материал бойынша салыстырмалы және сандық талдау (белгілі бір тілдік бірліктердің қолданыс жиілігін айқындау) ; контекстуалды талдау.
Зерттеу жұмыстың теориялық негіздемесіне орай мәтіндегі концептілердің вербалдануының түрлі құралдарын, шындықтың концептуализациялануы мен категоризациялануын сипаттауға мүмкіндік беретін когнитивті лингвистика әдістері қолданылды. Бұлар концептуалды талдауда толық жүзеге асырылған.
Зерттеу жұмысының ғылыми жаңалығы.
- ХҮ-ХҮІІІ ғасырлардағы ақын-жыраулар шығармаларындағы дүниенің поэтикалық бейнесінің теориялық негіздемесі анықталып, танымдық тұрғыдан анықтама берілді;
- ақын-жыраулар танымындағы дүниенің поэтикалық бейнесі концептуализация және категоризация үрдістерінің ерекшеліктері негізінде дәйектелді;
- ақын-жыраулар поэтикасындағы «заман» концептісінің семантикалық кеңістігіне байланысты дүниенің поэтикалық бейнесін тұтас сипаттауға алғашқы ұмтылыс жасалды;
- ақын-жыраулар шығармаларында дүниенің поэтикалық бейнесін жасауға қатысатын тілдік құралдардың танымдық қызметі сараланды;
- ақын-жыраулар шығармаларындағы «тіл - заман - қоғам» үштігінде және оның аясынан туындайтын «адам - заман - табиғат», «уақыт - заман - кеңістік», «батырлық - заман - соғыс» үштігі шеңберінде біртұтас дүниенің поэтикалық бейнесі сомдалатыны айқындалды.
Зерттеудің теориялық және практикалық маңызы. Зерттеудің теориялық мәні көркем мәтіндердегі дүниенің поэтикалық бейнесін айқындауға, көркемдік концептісін зерттеу және талдауға, қазіргі когнитивті лингвистиканың өзекті мәселелері қатарын шешуге мүмкіндік береді; адамның жеке және халықтық тәжірибесін шоғырландырған барлық адам қызметінің мазмұнын бейнелейтін концепт жайындағы, оны универсалды феномен ретіндегі түсінікті кеңейтеді.
Жұмыстың практикалық мәні зерттеудің материалы және нәтижелерін қазақ әдеби тілін оқыту практикасында, ақын-жыраулар шығармашылығына арналған көркемдік мәтіндерді когнитивті, концептуалды талдауды үйрету үрдісінде, лингвистикалық поэтика бойынша дәрістерді жүргізуде және лекциялық курстарды оқуда, поэтикалық образдар сөздігін құрастыруда қолдануға болады.
Зерттеу жұмысы бойынша қорғауға ұсынылатын тұжырымдар:
Қорғауға мынадай тұжырымдар ұсынылады:
- дүниенің поэтикалық бейнесі дегеніміз шындық болмыста ақын үшін өзекті болып табылатын құбылыстардың жүйелі түрдегі концептілерінің жиынтығы ретінде ұсынылып, олар жайында концептуалды және фактуалды мәліметтің эстетикалық мәнмен көмкеріліп, поэтикалық мәтінде семантикалық, құрылымдық, интонациялық тұтастық түрінде адамның жан дүниесіне әсер ететіндей түрде көркем бейнелер арқылы берілуі;
- ХҮ-ХҮІІІ ғасырлардағы ақын-жыраулар шығармаларындағы дүниенің поэтикалық бейнесінің танымдық, білімдік мазмұны концептуализация және категоризация құбылыстары арқылы анықталады;
- «заман» қазақ ұлтының квинтэнссенциясы ретінде ХҮ-ХҮІІІ ғасырлардағы ақын-жыраулардың дүниетанымдық концепциясында маңызды роль атқарып, дүниенің поэтикалық бейнесінің құрылымдық-мағыналық сипатын түсіну үшін басты категория және орталық концептілердің бірі болып табылады;
- ассонанс, аллитерация, метафора, теңеу, синтаксистік паралелизмдер, эпитет, қайталамалар секілді поэтикалық құралдар ХҮ-ХҮІІІ ғасырлардағы ақын-жыраулар шығармаларында дүниенің поэтикалық бейнесін сомдайды;
- ХҮ-ХҮІІІ ғасырлардағы ақын-жыраулар поэтикасында дүниенің поэтикалық бейнесі «тіл - заман - қоғам» үштігі мен оның аясында туындайтын «адам - заман - табиғат», «уақыт - заман - кеңістік», «батырлық - заман - соғыс» үштіктеріндегі концептілердің ерекшеліктері негізінде танымдық, ұлттық қыры сипатталады.
Зерттеу жұмысының жариялануы мен талқылануы.
Зерттеудің нәтижелері жүйелі түрде баяндамалар формасында республикалық және халықаралық деңгейдегі ғылыми конференцияларда баяндалды: акад. аль-Машанидің 100 жылдығына арналған «Жаратылыстану-гуманитарлық ғылымдары және олардың Қазақстан Республикасының индустриалды-инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асырудағы рөлі» атты ІІІ халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясында; акад. Р. Бердібайдың 80 жылдығына арналған «Р. Бердібай және ХХ ғ. 20-жылдарындағы фольклортану, филология және түркітану мәселелері» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференциясында; «Шоқан тағылымы - 13» халықаралық ғылыми-практикалық конференциясында; «Алтаистика және түркологиядағы кешенді зерттеудің өзекті мәселелері» Халықаралық конгресінде. ҚР БҒМ Білім мен ғылым саласындағы бақылау комитетінің тізіміндегі басылымдарда «Ясауи Хабаршысы», «Тілтаным», ҚазМҰУ Хабаршысы журналдарында 4 мақала жарияланды.
Зерттеу жұмысының құрылымы мен көлемі. Диссертация кіріспеден, екі тараудан, қорытындыдан, пайдаланылған әдебиеттер тізімнен тұрады.
1 ДҮНИЕНІҢ ПОЭТИКАЛЫҚ БЕЙНЕСІ КОНЦЕПТУАЛИЗАЦИЯ ЖӘНЕ ОНЫҢ КАТЕГОРИЗАЦИЯЛАНУ МӘСЕЛЕЛЕРІНІҢ ТЕОРИЯЛЫҚ-МЕТОДОЛОГИЯЛЫҚ НЕГІЗДЕМЕСІ
1. 1 Дүниенің поэтикалық бейнесі ұғымы
Когнитивті лингвистикада көркемдік мәтін авторының дүние бейнесін түрліше атау кездеседі: дүниенің индивидуалды-авторлық бейнесі, дүниенің поэтикалық бейнесі, дүниенің прозалық бейнесі немесе жазушының/ақынның көркемдік бейнесі. Көркем мәтіндегі берілген дүниенің бейнесі автордың концептосферасы және шығармашылық міндеттерімен ерекшеленетіні сөзсіз.
«Дүниенің поэтикалық бейнесі» немесе «дүниенің поэтикалық моделі» ұғымдарының анықтамасы қазақ тіл білімінде әлі толық айқындалмаған. Себебі арнайы зерттеу нысаны ретінде қарастырылмаған. Ж. Н. Маслованың пікіріне сүйенсек, қазіргі зерттеулердегі талдауларда дүниенің поэтикалық бейнесі жайындағы мәселе поэтикалық мәтінді қарастырғанда сөзсіз туындайды, бірақ дүниенің поэтикалық бейнесінің табиғаты және оның мәнді сипаттарын жинақталып қорытылған және толық жете зерттеу әлі күнге шейін жоқ. Оның пікірінше, мұндай зерттеуге когнитивті ғылымның методологиялық аппаратын тартумен жүзеге асуы мүмкін [4, 54 б. ] және ғалымның ескертуі бойынша, «поэтикалық шығармашылықты адам тілімен байланысты когнитивті қызметінің формаларының бірі ретінде қарастыратын болсақ, онда әдебиеттану және лингвистика зерттеу шеңберінен поэтикалық мәтін индивидуалды-авторлық мәндердің туындау үрдісін сипаттау мүмкін болатын когнитивті поэтика аясына ауысады» [4, 54 б. ] . Зерттеушінің бұл пікірінен дүниенің поэтикалық бейнесін көп қырлы, ауқымды ұғым ретінде пәнаралық зерттеу нысаны статусын ұсынғандығын байқай аламыз.
Қазіргі таңда гуманитарлық ғылымдарда (лингвистика, әдебиет, философия, мәдениеттану, логика т. б. ) «дүниенің бейнесі», «дүниенің суреті», «дүниенің моделі» терминдері жарыса қолдануда. Г. Гачев «Дүниенің ұлттық бейнелері» деген еңбегінде «гуманитарлық тәсіл» тұрғысынан «дүниенің табиғи-ғылыми бейнесі», «дүниенің философиялық бейнесі», «дүниенің поэтикалық бейнесі», «дүниенің ұлттық бейнесі» сөз тіркестерін қолданады [5, 2 б. ] . Автор осы еңбегінде синоним ретінде «дүние моделі» сөз тіркесін құндылықты сипаттамасына ерекше көңіл аудара отырып қолданады. «Бұл ерекше құрылым барлық халықтар үшін ортақ элементтердің ерекше құрылымы (дегенмен, түрліше ұғынылуы мүмкін . . . ) және ұлттық бейнені, ал жеңілдетілген түрде - ғалам моделін жасайды» [5, 47 б. ] . Сонымен бірге, ғалым «ұлттық космос» деген аса көмескі метафораны да қолданады [5, 53 б. ] .
Ал В. И. Креминскийдің байымдауынша, дүние суретінің төрт базалық түрленімін объективтілік деңгейінің кемуімен реттелген типологиясы түрінде «дүниенің табиғи-ғылыми формуласы», «дүниенің философиялық бейнесі», «дүниенің поэтикалық бейнесі», «дүниенің ұлттық бейнесі» деген терминологиялық сөз тіркестерімен беруге болады, бірақ шындық өмірде қарапайым адам әрдайым «дүниенің формуласына» емес «дүниенің бейнесіне» бағдар жасайды [6, 72 б. ] . «Дүние формуласы», «дүние моделі», «дүние суреті», «дүние бейнесі» деген варианттарының ішінен мәдениет философиясы шеңберінде жүргізілетін біздің зерттеуімізге сәйкес «дүние суреті» сөз тіркесін таңдаймыз, себебі «формула» және «модель» терминдері объективтілеу, қатаң синтезденген, ал «бейне» термині - бұл тым «жұмсақ» ұғым, филология және өнертанудың нысаналық аймағына өте жақын [6, 73 б. ] - деп ескертеді. Сондай-ақ, автор «қандай да бір дүниенің суретінің құрылымы мен сипаттамасын барабар қарастыру үшін бұл суреттің тип тармақтарын (подтип) айқындауға ұмтылу қажет. Егер дүниенің поэтикалық суреті жайында айтатын болсақ, негізгі тип тармақтары ретінде мифо-поэтикалық және әдеби-поэтикалықты («индивидуалды-поэтикалық») атауымызға болады» [6, 74 б. ] - дейді. Ғалымның бұл зерттеуінің ерекшелігі сол - дүниенің поэтикалық суретін философиялық тұрғыдан қарастыра отырып, оның құрылымы, басқа дүниенің суреттері түрімен арақатынасы, типтері бойынша теориялық тұжырымдар ұсынған.
«Дүниенің поэтикалық суреті бейне, метафора секілді элементтерден құралады. Бұл элементтердің бірігуі ассоциативті байланыстар негізінде жүзеге асады . . . дүниенің философиялық және табиғи-ғылыми суреттері арнайы, «техникалық» терминдер мен ұғымдардан құрастырылады. Ассоциативті байланыс тән дүниенің поэтикалық суретіне қарағанда бұл құраушы элементтердің байланысы логикалық ереже негізінде жүзеге асады» [6, 75 б. ] .
Зерттеушілердің бірқатары «дүниенің поэтикалық бейнесі» терминін тар мағынада түсініп, оны шығарманың формасына ғана (өлең, поэзия) байланыстырады. Поэзиялық, прозалық шығармалар өнердің, әдебиеттің модельдеріне кіре отырып, ортақ белгілерге ие болып, ерекше көркемдік әлем жасайды, шындық өмірмен әр түрлі қатынаста болады, алайда әрдайым одан өзгешелеу болып келеді. Алайда көркемдік әлемді жасауда түрлі тілдік құралдар поэзияда және прозада ерекшеленетін қасиеттері бар көркемдік модельдерге алып келетінін көптеген зерттеушілер тарапынан ескертілген болатын (соның ішінде, М. М. Бахтин және Ю. М. Лотман) . Дүниенің поэтикалық бейнесі шынайы адамның дүниетанымы емес. Бұл мәтін жасаушының эстетикалық түсініктерінің сүзгісі арқылы өткізілген дүниетаным, бұл жайында кезінде М. М. Бахтин былай деп жазған болатын: «Автор-суретшінің шығармашылық санасы ешқашан тілдік санамен сәйкес келмейді, тілдік сана тек қана таза көркемдік тапсырмамен жаппай тегіс, бүтіндей басқарылатын сәт, материал ғана» [7, 168 б. ] . Ю. М. Лотман ескертуінше, проза өнер түрі ретінде тарихи жағынан поэзиядан кейін пайда болған, себебі тіл өнер материалы ретінде алдымен кәдімгі сөйлеумен ұқсастығынан арылады (адресатта көркем мәтінді қабылдау презумпция жасау үшін) және тек өнердің ары қарай дамуы оны прозаға алып келеді [8, 107 б. ] .
Л. Г. Панова дүниенің поэтикалық бейнесі дегеннен ақынға әлем жайында ойлау, әлемді бейнелеу үшін қажет иерархиялық жүйеленген категориялар жиынын ұғынады [9] . Ал Н. А. Кузьмина дүниенің поэтикалық бейнесі ұғымын «ақиқат, физикалық әлемге поэтикалық альтернатива ретінде, суреткердің санасы призмасының көлеңкесі арқылы моделі жасалған ғалам бейнесі, оның (суреткердің) рухани белсенділігінің нәтижесі секілді» қарастырады [10, 227 б. ] .
Ю. В. Казарин дүниенің поэтикалық бейнесін «поэтикалық мәтіннің формалық, мазмұндық, функционалдық, мәдени, эстетикалық және рухани семантикасының бірліктері арқылы автор және оқырман санасында қалыптасқан мәндер, бейнелер және түсініктер жүйесі» [11, 65 б. ] деп түсінуді ұсынады.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz