Еркеш Ибраһимның ақынның мұрасы


Мазмұны
Кіріспе . . . 3
Негізгі бөлім
- Ақын өлеңдеріндегі көркемдік ізденістер . . . 6
1. 2. Ақын өлеңдерінің бейнелілік сипаты . . . 26
Қорытынды . . . 41
Пайдаланған әдебиеттер . . . 43
КІРІСПЕ
Тақырыптың өзектілігі. ХХ ғасырдың 60-90 жылдары қазақ әдебиетінің ілгері дамуындағы табысты кезеңі болды. Әдебиеттің барлық жанрлары үлкен жетістіктерге жетті. Замана шындығын суреттейтін, алуан тақырыптарды қамтитын, көркемдігі биік шығармалар дүниеге келді. Поэзия жанры да қуатты, құнарлы философиялық, азаматтық, лирикалық туындылармен толықты. Қазіргі уақытта бұл шығармалар зерттеліп, әдебиеттанушылар біршама құнды еңбектерін жариялады. Соңғы шыққан он томдық «Қазақ әдебиеті тарихының» [1] тоғызыншы томы «Кеңес дәуірі» деп аталып, 1956-1990 жылдар аралығын қамтыған. Мұнда осы кезеңдегі әдебиет жанрларының дамуы және жеке ақын-жазушылардың шығармашылығы қарастырылған. І. Есенберлин, Х. Ерғалиев, Ж. Молдағалиев, С. Мәуленов, Т. Ахтанов, Ә. Нұрпейісов, Қ. Мұхамеджанов, Ғ. Қайырбеков, С. Жүнісов, М. Мақатаев, Ш. Мұртаза, Қ. Мырза Әли, Т. Молдағалиев, Қ. Ысқақов, Ә. Кекілбаев, М. Мағауин секілді қаламгерлердің шығармалары талданып, оларға баға берілген. Бұл есімдермен қатар «Лирика», «Поэма» тарауларында басқа ақындардың, соның ішінде Еркеш Ибраһимнің есімі де аталады, бірақ шығармалары жеке зерттелмейді. 1960 жылдары қазақ әдебиетіне келген Еркеш Ибраһим еңбек жолын Көкшетау жерінде бастаған. Осы жердің перзенті Еркеш туған жерін бар ақындық жүрегімен сүйіп, жырлап өткен.
Тума дарындардың әндері әсемдіктің не екенін, өнердің құдіретін, тіршілік үшін күрестің сырын, туған жердің қасиетін, өмір сұлулығын түсінуге үйретіп, туып-өскен Көкше жерін сүюге баулып, талай дарынды, өнерпаз адамдардың қалыптасуына жол ашты.
Бұл жерде Жақан Сыздықов, Шахмет Құсайынов, Көкен Шәкеев, Сәкен Жүнісов, Еркеш Ибраһим, Естай Мырзахметов, Мәтен Бижанов, тағы басқа да ақын-жазушыларымыздың есімдерін ерекше ілтипатпен атауға болады. Табиғат сұлулығы, әсемдігі - әдебиеттің, әсіресе поэзияның өшпес, мәңгі тақырыптарының бірі. Көкше жерін өз туындыларына арқау еткен әдебиет тарландарының ішінде Еркеш Ибраһимнің өзіндік орны бар. Туған жеріне - Көкшетауына деген сүйіспеншілігін, ыстық махаббатын, мақтанышын, сағынышын дәл Еркештей жеткізе алған ақын, жазушы кем шығар. Еркеш Ибраһим қолына қалам ұстағаннан бастап соңғы демі таусылғанша өлеңдерінде туған жерінің тау-тасын, сылдырлаған күміс көлін, аққу-қазын, астықты алқабын, Көкше диқандары мен Көкшенің абзал азаматтарын жырлаудан қаламы мұқалмаған. Белгілі қоғам қайраткері, әдебиетші, сыншы Ілияс Омаров кезінде Еркештің өлеңдері жөнінде «Еркеш десе Көкше, Көкше десе Еркеш еске түсерліктей, елін, жерін, халқын сүйген неткен нәзік те отты шумақтар!» [9] деп, ақын өлеңдеріне жоғары бағасын берген болатын. Осындай құрметке ие болған Еркеш Ибраһим ХХ ғасырдың 60-90 жылдардағы қазақ әдебиетінің ірі өкілдерінің бірі болған. Өкінішке орай, әдебиетші-ғалымдардың осы кезеңге қатысты жазылған сын еңбектерінде, әдеби очерктерінде Еркештің есімі аталып қана, бірді-екілі шығармалары сөз болмаса, ақынның әдеби мұрасы арнайы зерттелген жоқ.
Жұмыстың зерттеу сипаты Көкшенің ерен ақыны Еркеш Ибраһимнің өлең шумақтары, поэмалары көзі тірісінде біраз жарық көрген болатын. Қазір кейбір талапты азаматтар өткен ғасырлардың тұңғиық түбіне үңіліп, халқымыздың мақтанышы боларлық нелер бір тарихи тұлғалардың өмірлік жолын, заманында халық үшін көрсеткен қызметі, іс-әрекеті туралы жазып жүр.
Сол сияқты мен де бүгін болып жатқан талапқа сай Еркеш ақын жайында көкейімде жүрген, естіп білген шамалы болса да материалдарымды екшеп, реттеп оқушы қауымға ұсынып отырмын. Мен осы айтқалы отырған - «Еркеш ақын өлеңдеріндегі идеялық - тақырыптық сипаттары» атты қысқаша қолжазбамды осы Көкше өңірінде көзі тірі бірлі-жарым көне көз қариялар мен әдебиет жанашырлары аузынан естіген сөздерді де арқау етемін.
Еркеш ақын шығармашылығын сөз еткенде, зерттеу еңбектері осымен ғана шектелмейді. 1980 жылдан бастап қазіргі таңға дейін республикамыздың әдебиетші ғалымдары өздерінің ғылыми зерттеулерінде, мақала, очерктерінде Еркеш шығармашылығы туралы құнды-құнды ой-пікірлер қозғады. С. Мәуленов, І. Омаров, М. Бижанов, Т. Қажыбай, І. Лұқпан, Ш. Есекеев тағы басқа ақындар ақын шығармашылығы туралы ой айтып, баға берді.
Жұмыстың мақсаты мен міндеттері.
Жұмыстың негізі мақсаты-Еркеш Ибраһимның ақынның мұрасын барынша толық қамтып, оны тақырыбына, идеялық-көркемдік, жанрлық ерекшелігіне қарай жіктеп, түбегейлі қарастыру. Ақынның шығармашылығына, ақындық өрісіне қатысты айтылған әрқилы пікірлерді, тұжырымдарды саралай отырып, жаңа талап тұрғысынан ғылыми жүйеде зерттеу, ақын лирикасының жаңа қырларын ашып, ақындық тұлғасын таныту.
Осы мақсатты жүзеге асыруда дипломдық жұмыста төмендегідей міндеттер қойылды
−Ақынның әдеби мұрасына қатысты зерттеушілердің әр түрлі пікірлерін ескеріп, соны деректермен, түрлі материалдармен салыстыра қарап, бір ізге түсіру.
−Ақын лирикасының тақырыптық-идеялық аясын тың тұжырымдармен бағамдап, ғылыми жүйелік негізде жан-жақты талдау.
−Ақынның өз заманының қоғамдық-әлеуметтік шындығын стпаттайтын өлеңдерін талдап, оның сыншылдық бағытына, көркемдік әдісіне баға беру.
−Ақын лирикасындағы мақам мен ырғақ, буын-бунақ мәселелерін салыстырмалы әдіспен құрылымдық табиғатын саралау
Зерттеудің жаңалығы . Ақынның әдеби мұрасы тұтас қамтылып, ңылыми тұрғыдан алғаш рет дипломдық жұмыста баға беріліп отыр. Е. Ибраһим шығрармашылығына қатысты күні бүгінге дейін айтылған пікір-тұжырымдар сараланып, қазіргі көзқарас тұрғысынан бағаланды.
Зерттеудің теориялық және әдітемелік негіздері . Е. Ибраһим шығармашылығын қарастырғанда қазақ әдебиеттану ғылымындағы еңбектерді негізге алдық. Бұл ретте З. Ахметов, З. Қавдолов, С. Қирабаев. М. Базарбаев, Т. Кәкішев, Қ. Мәшһүр Жүсіп, С. Негимов, Б. Майтанов, Ж. Дәдәбаев, Ш. Елеукенов т. б. еңбектері теориялық, әдіснамалық бағыт-бағдар ретінде пайдаланылды.
Зерттеудің практикалық мәні. Зерттеудің практикалық мәні-қазақ әдебиетінде өлең, поэма, поэзиятуралы окылатын дәрістер мен арнаулы курстарға, осы бағыттағы ізденістерге көмекші құрал бола алады.
Зерттеу әдістері. Зерттеу жұмысының барысында талдау, баяндау, жүйелеу, тарихи-салыстырмалы, жинақтау және салыстыру, қорыту әдістері қолданылады.
Зерттеу жұмысының құрылымы . Диплом жұмысы кіріспеден, негізгі екі бөлімнен, қорытындыдан және пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.
1. 1. Ақын өлеңдеріндегі көркемдік ізденістер
Еркештің жыр әлеміне қалам тарту жылдары қазақ әдебиеті тарихындағы жаңғыру кезеңімен тұспа-тұс келді. «Елімізде жеке адамға табынушылықты сынаумен байланысты идеологиялық шектеушілік пен ой-пікірге салынған тұсаудан босау қазақ поэзиясының қанатын кең жазуына, өмір шындығын бейнелеуде ақындық ойды шалқыта еркін жырлауына жол ашты» [24, 114] дейді ғалым Серік Қирабаев. Осы кезеңде қолына қалам ұстаған қазақ әдебиетінің жарқын жұлдыздарының бірі - Еркеш Ибраһим қазақ поэзиясының өрістеуіне, биік дәрежеге көтерілуіне мүмкіндігінше қомақты үлесін қосты.
Тәйірі, ақынмын ба мұны айтпасам,
Жанымды еңіретпесем, мұңайтпасам.
Несіне ақын болып айғай салдым,
Тік қарап алау күнге,
Шын айтпасам [11, 8], -
деп ақындық мақсатын осылай ашық айтқан Еркеш Ибраһим өз дәуірінің, өз заманының сыршыл да, сыншыл да жыршысы болды. Алайда ақын осы кезге дейін тиісті бағасын алған жоқ, ақынның шығармалары бір жүйеге келтіріліп, жинақталмаған. «Қазақ әдебиеті» [27] энциклопедиясында Еркеш Ибраһимге қатысты анықтамада ақынның келесі жинақтары берілген: «Қарлығаш» (1958), «Көкшетау көріністері» (1960), «Өмір өлмейді» (1963, 1985), «Жұлдызды жылдар» (1966), «Жас ғұмыр» (1972), «Оқжетпес» (1973), «Теміртау толғауы» (1978), «Кездесу» (1982), «Самғау» (1985) және екі томдық «Таңдамалы» (1980) [26, 216] . «Көкшенің көктемі» (1968), «Гәкку» (1970), «Көктем күлкісі» (1975), «Махаббат теңізі» (1977), «Алау» (1983) атты өлең, баллада, поэма жинақтары енгізілмеген. Аталған ғылыми-танымдық еңбекте ақынның мұрасы толық көрсетілмеген. Біз болсақ осы еңбегімізде Еркеш Ибраһим мұрасын мейілінше толық қамтып, оның шығармаларына тақырыптық-жанрлық сипатта талдау жасаймыз.
1955 жылы «Көкшетау правдасы» газетінде «Университетке» және «Алатауға» деген атпен Көкше жерінде жазылған Еркештің алғашқы өлеңдері жарияланады. Бірінші өлеңінде «Арнаңа арманымды сусындатып, // Төріне біліміңнің аспандадым» [8, 16] - деп, орындалған арманын, «Сыйға - сый, сыраға - бал қойыныңда // Аяулы жиырма бесім сақталады» [8, 16], - деп аталған оқу орнына ризашылығын білдірсе, екінші өлеңінде:
О, тыңда, Алатауым, ақ қары бар,
Мен де жас сендей биік көкке құмар.
Ойымда өлеңімнің оттары бар,
Бәлкім ол ауылымда ақтарылар» [8, 13], -
деп ақын алға қойған өмірлік мұрат-мақсатын айтады. Бұл екі өлең де «Қарлығаш» атты алғашқы жинаққа кірді және бұл кітапты оқушы қауым өте жылы қабылдаған еді. 1961 жылы Ғафу Қайырбеков «Бір кеменің үстінде» кітабындағы «Жыл әкелген жырлар» мақаласында былай дейді: «Еркеш Ибраһим - өзінің алғашқы жинағымен жұртшылық назарын аударып алған ақын, тіпті, жинағы шықпай жатып, газет, журналдағы өлеңдерін оқып, оған хат жазылып, құттықтаулар айтылған болатын. Яғни әдебиетке келуі азды-көпті шу болған ақын» [28, 26] . «Қарлығаш» жинағына ақынның «Далада», «Тозған айна», «Боранда», «Хат», «Жасырынбақ», «Күлмеңдер», «Кербез Көкше неткен сұлу еркесің» және басқа да көптеген өлеңдері кірген.
Жоғарыда аталған мақаласында әрі қарай ақын Ғафу Қайырбеков Еркеш Ибраһимнің шығармаларын қатты сынға алады: «Ал, осы ақын кейін бірсыпыра тәуір өлеңдер жазғанымен, алғашқы бетінен, тіпті, жазу стилінен өзгеріп кетті. Мұны оның кей достары Көкшетауға кетуінен деп түсіндіреді. Бұдан елге барма деген сөз тумайды. Бірақ осы пікірде жан бар. Әдетте, біздің, орталықтан кеткен ақындар облыста жеке шауып, бәйге алып, «еріксіз классик» болып кетеді. Өйткені оған батып сын айтар ешкім жоқ, айтса, менсінбеуі мүмкін. Әйтеуір кейінгі өлеңдері тақырып жағынан тоқ болғанмен, орындау дәрежесі, білімділігі, жазылу мәдениеттілігі жағынан алғашқы жырларынан мүлдем төмен жатыр. Рас, жақсы өлеңдері бар, ол бұрынғы Еркештің тастап кеткен сарқыты секілді» [28, 26-27], - дей келе, «Жас бұлақ» және «Мөлдіреген аспанға» деген өлеңдерін мысалға келтіреді. Ғафу Қайырбековтің бұл мақаласында Еркеш өлеңдерінің қай жинағы сынға алынып отырғаны белгісіз. Аталған мақала 1961 жылы жазылып, жарияланған және «1961 жылғы лирика туралы» деген түсініктемесі бар. Ал Еркештің бұл жылы шыққан кітабы жоқ, ендеше бұл сөз болып тұрған кітап - 1960 жылы жарыққа шыққан «Көкшетау көріністері» жинағы. Бірақ біздің қолымызда бұл кітап жоқ. Ал мақалада аталған екі өлең Еркештің «Оқжетпес» деген атпен 1973 жылы шыққан таңдамалы өлеңдер жинағында кездеседі. Екі нұсқада біршама айырмашылықтар кездескендіктен, екі үлгіні де бұл жерде келтіруді жөн көрдік. Алдымен «Жас бұлақ» өлеңіне назар аударайық. Мақалада:
Бұлаңдап сонша еркелеп,
Барасың қайда ентелеп.
Теңізге құйсаң мені де,
Өзіңмен бірге ала кет!
Ағайын бірге егіздей,
Ағайын бөтен дегізбей,
Болайын мөлдір тамшыңдай
Болмасам да теңіздей.
«Оқжетпес» жинағында:
О, жас бұлақ, жас бұлақ,
Аспанға суың атқылап.
Айна бетің күлімдеп
Барасың қайда шапқылап?
Бұлаңдап сонша еркелеп
Барасың қайда ентелеп?
Теңізге құйсаң мені де
Өзіңмен бірге ерте кет.
Жүрейік бірге - егіздей,
Жүрейін бөгде дегізбей.
Болайын мөлдір - тамшыңдай,
Болмасам да теңіздей [20, 37] ;
Мақалада сөз болған келесі өлең төмендегідей:
Мөлдіреген аспанға
Өлең жазғым келеді.
Сағындырған достарға
Сәлем жазғым келеді.
Көк күмбезін қаптаған
Күлімдейді от маған.
Бейне менің жас қалам
Терезесін жаппаған.
«Оқжетпес» жинағында:
Ауа қандай тұп-тұнық,
Аспан қандай мөп-мөлдір.
Неткен кесек мықтылық,
Неткен көркем көктем бұл.
Мөлдіреген аспанға
Өлең жазғым келеді.
Сағындырған достарға
Сәлем жазғым келеді [20, 34-35] .
Ғ. Қайырбеков сынында: «Осындай тағы бір-екеуін тауып, сүмірейте мақтауға болар еді бұл кітаптан. Бірақ әңгіме адалдықта. Ибраһимнен ақындық молдықты, тұтастықты дәметкендіктен, оған бұл аз. Оны дер кезінде сынау керек те, өз стиліне, өз арнасына қайта қайыру керек. Неғұрлым осы әдебиеттің шын қызметкері деген адамға барынша қатты айту керек. Ол оны жек көргендік емес, сүйгендік, қасиетін білгендік, өнеріне жан ашығандық» [28, 27], - деп сөзін аяқтайды. Бұл айтылған сынға объективті түрде біз баға бере алмаймыз, өйткені сөз болып отырған жинақ қолымызда жоқ. Ал мақалада жақсы деп көрсетілген екі өлеңді де Еркеш Ибраһим қайта өңдеген және бұл өңделген өлеңдері алғашқы нұсқаларымен салыстырғанда көп ұтып тұр. Ғафу Қайырбековтің айтқанындай Еркеш оларды өз стиліне аударып жазған.
Еркештен қалған ақындық мұрасы - он мыңға жуық өлең жолдары. Әрине олардың барлығы биік дәрежеде жазылған өлеңдер деген ойдан аулақпыз. Алайда Еркештің көптеген өлеңдерін қазақ поэзиясының алтын қорынан орын алуға лайық өлеңдер деуге болады.
Ақ өлеңің - өзіңе,
Қарасын бер.
Егіздері - басқаға,
Дарасын бер.
Ғаламды бір шумаққа сыйғызайын,
Сезімнің қас пен көздей арасын бер,
Шабыттың күмпілдеген сабасын бер [8, 232] .
Еркештің бұл өлеңіндегі сезім мен шабыт ақынның бойында бар еді. Еркеш ақынның поэзияда қалам тартқан тақырыптары әр алуан. «Ақын қозғаған тақырыптар оқушы ойын әр саққа жүгіртеді. Ақын ақыл айтпайды, сурет салады, сыр шертеді» [8, 6] дейді көрнекті ақын Сырбай Мәуленов.
Өмірдегі, қоғамдағы өзгерістер әдебиетте көрінісін табады. 1954 жылы кең байтақ Қазақстанда тың және тыңайған жерлерді игеру науқаны басталды. Өз дәуірін жырлаған Еркеш Ибраһим бұл тақырыпта көптеген өлеңдер, баллада мен поэмалар жазды. Ақын «Тың деген не?» атты өлеңінде осы сұраққа өзі жауап береді: «Тіл жетпес екен дала» [21, 6] .
Ал өзінің туған даласын, сары даласын, көне даласын ақын жырға қосудан талмаған.
ХХ ғасырдың басында көрнекті ақын Ілияс Жансүгіров:
Ен далам - анам, мен балаң [4, 66],
деп жырласа, Қадыр Мырза Әли:
О, далам, менің байтағым,
Далам деп өлең айтамын.
Ұлың боп ойлап барам да,
Құлын боп ойнап қайтамын [29, 21], -
деп қостаса, Еркеш ақын да:
Дала неткен мейірімді едің сен,
Әкем болып жетелейсің шегінсем [21, 50], -
деп өзін даланың ұлы екенін мақтанышпен айтады. «Ару дала», «О, шалқыған көк теңіз», «Тасыды дала», «Тың туралы жыр», «Ұлылық», «Көмекке келгендерге», «Сұрапылмен сырласқан», «Жолдас Жәмшит» (шофер, Социалистік Еңбек Ері Жәмшит Қожантаевқа), «Күн мен адам» (Социалистік Еңбек Ері Тұрлыбек Әбілпейісовке) секілді өлеңдерінде ақын тың игеріп жатқан жастардың өмірін, еңбек майданындағы замандастарының жан сезімін, қажыр-қайратын, жаңарған дала бейнесін суреттейді.
Сұрапылмен сырласқан,
Қапсыра белден ырғасқан,
Адымдап алшаң бір басқан
Аярмын немді құрдастан [20, 197], -
дейді ақын «Сұрапылмен сырласқан» деген өлеңінде. Шексіз Арқаны «телегей дән ғып бір тынған» достары тұрғанда, қолында туы, жүзінде жыры, көзінде нұры бар достары тұрғанда, қатал қаңтарда мен лапылдаған шілдеде қаймықпаған, «бұрқаған шаңмен алысқан», «рульде қолы қарысқан» достары тұрғанда ақын «тіземді бүкпен бір жанға» деп, замандас жастардың еңбектегі бейнесін жасайды. «Тасыды дала» өлеңінде даланың өзгергенін суреттеуде ақын өзен мен «көңілдің тасуын», бұлттар мен дарияны алдымен сөз қылады, олардың әрекеті күнделікті:
Таситын өзен, таситын кейде көңіл тек,
Айдаған дауыл таситын бұлттар жеңілтек.
Таситын қазан, оты мол болса таситын,
Таситын дария, таситын бұлақ көңілшек [21, 65] .
Ал даланың тасығаны бүгінгі күннің жеңісі:
Тасиды дала, тасиды бүгін, қарашы,
Толқыған бидай жер менен көктің арасы.
Егіннен ұшып, қонақтайды Күн егінге,
Құс жолы Айға - егін мен егін арасы [21, 65], -
деп даланың дән болып тасығанын жырлайды.
Көкжиек түгел толассыз толқын аңдаған,
Жер менен көктің арасын дәнмен жалғаған.
Ұқсайды бейне сары ала толқын, сары дала
Самұрық құстың қос қанатына самғаған [21, 28], -
деп тың игеру барысында өзгерген дала пейзажын жырлайды.
Еркештің өлеңдерінде туған жер тақырыбы, даланың суреті, қазақ халқының салт-дәстүрі, мінезі туралы ой-толғаныстары ұштасып жатады. «Ежелден елмін қонақжай, // Дастарқаным жаюлы», «Мен - қазақпын, - // Үйіршіл үнімде // Қараша қаздай қиқу бар. // Ежелден елмін дос пейіл, // Дастарқанымда сиқыр бар» [21, 29] деген өлең жолдарында қазақтың ұлттық мінезін сипаттайды. «Ақ сүйек», «Алтыбақан» өлеңдерінде ұлттық ойындарды әдемі суреттейді.
Еркештің жиі қалам тартқан тақырыптарының бірі - табиғат суреті. Ақын суреттеуіндегі жансыз табиғат тіріліп, сыбырлайды, қайғырады, күледі, маужырайды, сыр шертеді. «Көл жағасында» деген өлеңінде «Сабасы кейде шүпілдеп, // Кей кезде кейін серпіліп. // Жүрегі бейне лүпілдеп, // Тулайды толқын ентігіп» [20, 36], толқынды құмда сурет салып отырған балаға ұқсатып, «Лықсыған сайын жағаға // Жаңа бір өрнек салады». Ал «Үскірік» өлеңін оқығанда бейне бір сол оқып отырған сәтте қыстың қатты бораны соғып тұрғандай сезінесің. Бір ғана қысқы боранды суреттеу үшін бірнеше синонимдерді қатар қойып, ол өлеңге айрықша әсер, екпін, леп беріп тұр. Өлеңнің тек сыртқы формасын ғана емес, ішкі мазмұнын байытып тұр.
Шуылдайды, сыңсиды, ысқырады,
Безілдейді, билейді, ышқынады.
Азынайды, арбайды, алқынады,
Дауысы да, түрі де сұсты бәрі.
Тас-талқан боп тулайды, жұлқынады,
Еліреді ентігіп, қылқынады [20, 38] .
Табиғатқа осылай жан бітіре суреттейді. Еркеште таза табиғат лирикасы да баршылық. «Ауылда» өлеңінде:
Түн. Дала. Мөлдіреген биік аспан,
Самалға көк шалғынның биі ұласқан.
Аспанның алыстағы оттарымен
Ауылдың жұлдыздары жымыңдасқан [20, 46] .
Жайлаудағы бір түннің суретін көз алдыңа әкеледі. «Жылқылар шұрқырайды жайылымда», бұлақ па сықылықтаған, тал ма бұлбұл қонып солқылдаған, әйтеуір дала қойны сырға толы, бірде көк жапырақ дірілдейді, бірде жасыл құрақ сыбырлайды, бірде ат тұяғы дүбірлейді. Сөзбен тамаша сурет салған. «Сүйем таңның нұр төккенін арайлап» өлеңінде [20, 60] ақын таңның атқанын бір ғажап көріністей, кереметтей көреді. «Атқан таңға пар келеді не тегі!» - деп таңғалады. «Созылады алтын күннің кірпігі, // Сәбиіне қолын ана созғандай», - күнделікті таңның атуынан осындай сұлулықты табады.
Ақын туған жер табиғатына деген ыстық сезімдері арқылы отаншылдық сезімін шебер суреттейді. «Самал», «Ұрпаққа», «Мен келемін», «Талма шақта» өлеңдерін мысалға айтуға болады. Ақынды табиғатты аялау, қорғау қажеттігі де толғандырады. Бұл тақырыпта жазылған «Қараша қаздар», «Сайғақ», «Адасқан қаз келеді ұшып», «Құс қайтқанда нем бар еді мылтық ұстап» атты өлеңдері бар.
Ақын Еркеш Ибраһим тек қана өз дәуірінің жемісін жырға қосқан ақын емес, ол әр дәуірде, әрдайым жырланатын мәңгілік тақырыптарда да тебіреніп, толғанып, әдемі өлеңдерін дүниеге әкелген.
Ақын лирикасының бір саласы - махаббат тақырыбы. Бұл - ғасырдан - ғасырға жалғасып, қайнар бұлағы сарқылмайтын тақырыптардың бірі. «Бұл неге», «Құрбым, тағы келіп тұрмын бөлмеңе», «Жүр, сәулем», «Хат» өлеңдеріндегі ақынның бейнесі, көңіл-күйі, ішкі сыры нәзік те, терең де, айрықша берілген:
Құрбым, тағы келіп тұрмын бөлмеңе,
Айып етпе, неге келдің сен деме.
Есігіңді қақтым бетім дуылдап,
Қолым тиіп кеткендей-ақ кеудеңе . . . [8, 17] ;
Ақын махаббатқа жеңіл-желпі қараудан аулақ, оны өмірдің мәні, көркі деп түсінеді. «Хат» өлеңінде ғашығына өлеңмен хат жазғанын ерсілеу деп ойлай көрме дейді, Абай да Тоғжанға өлең арнаған дей келе:
Абайдай асқар мен емес,
Кешір сен кейде сүрінсем.
Менде тек одан кем емес
Махаббат барын ұғын сен [11, 11], -
деп терең сезімін өлеңмен жеткізеді. «Жартастағы жазу» [8, 65] өлеңінде бір алғырлар Бурабайдағы жартасқа жазу жазыпты: «Емделуге әйелдерін жіберген, // Жүз рақмет алыстағы жолдасқа». Сол жартаста «бикештер де үздірмейді күдерден»: «Мың рақмет келіншек пен қыздарға, - // Деп жазыпты, - жігіттерін жіберген». Мұндай ауыр сөздердің салмағын кім болса да «көтере алмас, көтерер тек тас қана» деген тұжырым жасайды ақын.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz