Естай Мырзахметов шығармашылығының қазақ әдебиетіндегі орны


Жұмыс түрі:  Дипломдық жұмыс
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 54 бет
Таңдаулыға:   

Мазмұны

  1. Кіріспе . . . 3

2. Негізгі бөлім . . . . . 6

2. 1. Құрыш ғұмыр ……… . . . 6

2. 2. Жан туымды жықпас үшін қалам алып,

ой кешем . . . (шығармашылығы) . . … . . . 11

2. 2. 1. Естай Мырзахметов - қазақ прозасының көрнекті өкілі . . …. . 11

а) Шығармаларының зерттелу сипаты . . …. 22

ә) Шығарма тақырыбы - өмір шындығы . . . 28

2. 2. 2. Естай Мырзахметов - көркем сөз шебері . … . . . 39

а) Образдар жүйесі… . . . . . 39

ә) Е. Мырзахметов шығармаларының тілі . . 52

3. Қорытынды ………. . . . 57

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі . … . . . 59

Кіріспе

Көкірек көзі ояу, рухани байлығын сәбиіндей мәпелеп, тәрбиелей білетін халық, әдебиетіне енжар қарай алмаса керек. Егер жылдар тереңіне, тіпті ғасырлар қойнауына ой жүгіртетін болсақ, халқымыздың арасынан шығыстың жұлдыздары атанып, жарқырап шыққан талай шайырларды, ақыл-ойы дариядай, сөздері шегедей шешендер мен шежірешілерді, өмір бояуын ондырмай, тағдыр суретін қалам ұшымен кестелей білген күні кешегі қарымды қаламгерлерді көз алдымызға келтірер едік.

Қазақ әдебиеті дегенде ең алдымен алдында Абай, жанында Жамбылы бар сахарадағы салқар көшбастаушыдай өзі оқ бойы озық, соңынан ілескен сарабдал сарбаздары бар киелі Мұхтар Әуезов сынды үркердей бөлек топ жұлдыз елестейді. Құр елес қана емес нақтылы көрініске ішің жылиды, көңіл түндігі желпілдеп, жүректі мақтаныш пен қуаныш сезімі керіп кетеді. Өйткені, қазақ әдебиеті қай елдің болсын дамыған делінетін әдебиетінен қалысты емес. Әсіресе, өркениетті елдер арасын берік дәнекерлеп жатар ірі тұлғалар сабақтастығының арқауындай болып, туған халқына қасиетті де құдіретті күшті сөз өнерімен ой маржанын төгілдіріп, сұлу сөзден кейінгіге сом дүниелер қалдырар дарабоз жазушыларымыздың көптігі көңілге қуаныш ұялатады.

«Ат аунаған жерде түк қалар» деп аузы дуалы аталарымыз текке айтпаса керек. Арқаның кербезі атанған сұлу Көкшенің құнарлы да киелі топырағы жаратқан жұлдызды шоғыр: Біржан сал, Ақан сері, Үкілі Ыбырай, Балуан Шолақ секілді өнердің мәңгі сөнбес шырағын жаққан саңлақтар көшін болашаққа жалғау қамында белін бекем буып, қолынан қаламын түсірмей жүрген жерлес қаламгерлер қатарында белгілі жазушы Естай Мырзахметов те бар.

Өмірдің бұралаңы көп жолында, тағдырдың жазуымен қилы-қилы шырғалаңдар жан алқымнан алса да, қызметтен танбай, қажымас қайратпен шалдықпастан өміршең еңбек үлгісін танытқан жазушы Естай Мырзахметовтың есімі Көкшетаудай қасиетті еркін елдің мәртебесімен бірге атақ-абыройын арттырып, оны тұлғаландырып, кесектендіре түсетіні ақиқат.

Ғасырдың көшпелі керуені мен жылдар легінің тозаңына көміліп, санадан біртіндеп өше бастаған Шөже, Тезекбай ақындар мен Көкшенің арқалы азаматтары, өнердің бәйге бермес тарландары Біржан, Ақан, Балуан Шолақ, Үкілі Ыбырай өмірлері мен қатал тағдырларының бізге белгісіз жайларынан сыр шертер Естай Мырзахметов туындыларында кешегісі мен бүгінгісін пайымдай білер, болашақтың саналы ұрпағынан алғыс алар айшықты да, құнды жазба еңбек деуіміз әбден жөн.

Қаламдас ағасын ардақтаған суырыпсалма, манасшы, айтыскер ақын Баянғали Әлімжанов Естай Мырзахметовты «Көкшенің көзі тірі шежіресі, қазақтың қадірлісі Ес-ағасы» деп, ізбасар іні ретінде ықылас ниетін білдірсе, бүгін жасы сексенге келген, әдеби қоғамдық еңбегіне елу бес жыл толып отырған Естай Мырзахметовтың шығармашылық жолына көз жіберіп қарасақ, жаңа ғасырдан он жас кіші туып, тың игеру жылдарымен тұстас қолына қалам ұстаған Есаға содан бергі саналы өмірін туған халқына, туған әдебиетіне арнады. Меніңше, Естай Мырзахметов туралы сөз айту - жаңа мазмұнға ие бола дамыған, қайта туу, қалыптасу, есею дәуірлерін басынан кешірген қазақ әдебиеті туралы әңгімелеумен бірдей. Жазушы өмірі - тек жаңа әдебиеттің тарихы деу де жеткіліксіз. Ол - өз заманындағы барлық қоғамдық даму мен жаңарудың, қазақ халқының жаңа тарихының куәсі. Қазақ прозасына елеулі үлес қосып келе жатқан көрнекті қаламгер, КСРО жазушылар одағының мүшесі, Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері есебінде Естай сол тарихты шынайы бейнелер суреткерлердің алдыңғы сабында көрініп келеді.

Бұл жұмыстың мақсаты - Естай Мырзахметовтың өмірі мен шығармашылық әлемімен танысып, шығармаларындағы көркемдік ерекшеліктеріне тоқталу.

Жұмыстың өзектілігі төмендегі мәселелер:

  1. Туған өлкенің жекелеген тұлғаларын тану.
  2. Әдебиет майданында тың сүрлеу салып, туған жері Көкше тарихы мен көрнекті тұлғаларын шығармаларына арқау етіп, оқырман сүйіспеншілігіне бөленген, бүгінгі күні сексен жасқа толып отырған жазушы-публицист Е. Мырзахметов республикамызға аса танымал жан. Сондықтан шежіре-қарт жазушының 80 жылдық мерейтойы қарсаңында оның өмірі мен шығармашылығын зерттеу - бұл жұмыстың негізгі өзектілігінің бірі.

Жұмыс кіріспе, негізгі бөлім, қорытындыдан құрылған. Кіріспеде жұмыстың мақсаты, өзектілігі сөз болады. Негізгі бөлім екі тараудан, бірінші тарау бір бөлімнен, екінші тарау екі бөлімнен тұрады. Бірінші тарауда жазушы өмірі жайлы, екінші тарауда қаламгер шығармашылығы, шығармаларының тақырыбы, идеясы, тілі жайлы сөз болады. Қорытындыда Естай Мырзахметов шығармашылығының қазақ әдебиетіндегі орны айтылады.

2. Негізгі бөлім.

2. 1. Құрыш ғұмыр

Ата-қонысы - жер жаннаты Бурабай, Шортан, Қотыркөл болып табылатын Естай Мырзахметовтың ата-бабалары бұл өңірге 450 жылдай бұрын келген екен. Бабалары үш жүздің басын қосқан Хан Абылайдың қатты сенім артып, жанына жақын тұтқан төлеңгіттерінің басында тұрса керек. Хан иеге адал берілген, Абылайдан соң Қасым сұлтанға, одан кейін Кенесарыға қызмет етіп, сенімді тірек бола біліпті.

Арғы атасы Нұрғожа деген кісі әкесінің бес қызының арасындағы жалғыз ұлы болса керек. Кісілігі мол, ақылды Нұрғожа Шортанның тұрғылықты орыс, мордава, чуваштарымен тату тіршілікте, достық қатынаста болыпты. Өзі он саусағынан өнер тамған шебер етікші екен. Сол өнерінің, ақылдылығының арқасында талай-талай жақсылармен сыйласыпты. Соның ішінде атақты Біржан салмен сырлас дос, Сегіз Серінің Мұстафасымен дәмдес болғанын ел біледі.

Нұрғожадан Шәймерден, Сәдуақас, Шаяхмет, Мырзахмет тарайды. Бұл ағайындылардың өзге ешкімге ұқсамайтын қасиеттері бар-тын. Төртеуі де орыс, татар, мордава, чуваш тілдерінде жатық сөйлепті.

Осындай ата-бабларының он бесінші буыны Естай Мырзахметов - 1927 жылдың 15- қаңтарында, бұрынғы Көкшетау обылысы, Щучье ауданы, Жаңа жол аулында, Мырзахмет Нұрғожаұлындай әке мен Балуан Шолақтың немерелес қарындасы Рақыш Ғаббасқызы сынды ана отбасында дүниеге келеді.

1-сыныпқа 1934 жылы Жаңа жол колхозының орталығындағы бастауыш мектепке барады. «Шүберектен тігілген «портфелімдегі» кітап-дәптерлерімнің жанына анам алақандай нан салып қоятын. Сонымды иығыма іле салып, Жарқайыңнан 4 шақырымдай жердегі мектепке өзгелерден бірінші болып жетуші едім»- дейді жазушы, оқуға деген құштарлығын есіне алып. Бір ғажабы Жарқайыңнан келіп оқитын үш баланың үшеуі де үздік оқиды. Өздерінен көп үлкен 2, 3-сыныптарда оқитын 15-16 жастағы жігіттер сабақта мүдіріп, жауап таппай тосылғанда, мұғалім: «Ал, Жарқайың балалары, кім айтады?» - деп, бұлардың білгіштігін бөле-жара мадақтап, жарыстыра сұрайды екен.

Шамасы, бұл өңірге «Мақтау грамотасы» деген мадақтау 1936 жылдары келген-ау, үздік оқушы Естай Мырзахметов әр сынып бітірген сайын марапаттау қағазын сол жылдан ала бастапты. («Сонау бір жұтаң жылдары үй өртенгенде жанып кеткені өкінішті-ақ» - дейді) . [8. 8]

1938 жылы бастауыш мектепті, 1941 жылы Кіндік-Қарағай орталау мектебін бітіреді. 1941 жыл - соғыстың басталған жылы. Бұғанасы енді бекіп, 14 жасқа шыққан жылы.

Білім-ілімге жаны қанша құмар болса да, ел басына күн туған кезеңде жеті жасынан-ақ, «ат басына мініп» жаздай үлкендерге шөп шабысып, шаруамен өскен бала Естай енді үлкен кісілерше еңбекке араласады. Есепке жүйрік Есағаңды әуелгі жылдары колхоз трактор бригадасына есепші етіп тағайындап, 1943 жылы трактор руліне отырғызады. Ауыр еңбекке ерте араласқанның, тынымсыз күндердің шаршатып, қалжыратқанының немесе сұмдығы сан-салалы соғыс қырсығы дерсіз бе, әйтеуір сол жылы әлі жетілмеген жас өспірім 3 тонналық трактордың астына түсіп, бір ажалдан аман қалады. Бірақ, «ілініп» кетсе де, кейін сынған қабырғалары сыр беріп, көп қиындық көреді.

Ұзақ науқастан айығып, аяғын басқан бозбала 1947 жылы Қотыркөл ауыл шаруашылығы механизаторлары мектебіне түсіп, комбайнер болып шығады. Алайда, арманшыл жас көңілі комбайнерлікке көнши қоймайды, әрі қарай оқығысы, талай тылсымның сырын ұққысы келеді. Ұлының өз аузына өз қолы жетіп, дегендейін, табыс тауып жүргенін жөн көрген әкесі оның оқуын жалғастырғанын қолдай қоймайды. Қайта «бір тәуір қызды келіншек қып алып берсем» деп өзінше қызықтырып көреді. Кесек мінезді, бесті айғырды жалғыз жығып, бауыздайтын, білекті әкенің алдына да ешкім шықпайтын, кесіп айта қалса, ол айтқанынан қайтпайтын да. Сондықтан анасымен ғана сырласып, өзінің ішкі ой-мақсатын айтқан. Қанша дегенмен баласының тауын шаққысы келмеген әкесі: «Әне, шешесі екеуі бірікті, енді олар болмайды, »- деп, баласының талабына көнген сыңай танытады.

Сонымен, 21 жасар жігіт оқу аңсап, 1948 жылы Шортан орта мектебінің бірден 10-сыныбына барып, бір жылдан соң бітіріп шығады.

Есағаң мектепте әр қырлы өнерімен көзге түседі. Сурет салып, өлең жазып, ән салып, домбыра шертіп жүреді. Осындай өнерлі шәкіртіне бір күні Қыздар педагогикалық институтын бітіріп келген Гауһар Қасымова атты ұстазы сынай қарап отырып: «Сен ҚазГУ-дің журфагіне бар, сенен түбі жазушы шығады», - дейді.

1949 жылы ҚазГУ-дің журфагіне түскен Естай аға, студент кезінде өндіре жазады. Ауылда жүріп жолдаған бір ертегісі сол жолы «Пионер» журналына басылып, алдынан сүйіншідей боп қарсы алады. «Пионер» журналы, «Қазақстан пионері» газеттеріне әңгімелерін бастырып, радиодан Нәзилә апайы әңгімелерін оқытып жүрген IV курс студентін Абай Бейсенбаев «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас алаш») газетіне қызметке шақырады. Университеттің соңғы курсында оқи жүріп, «Лениншіл жас» газетінің спорт және дене шынықтыру бөлімінің меңгерушісі болып журналистік қызметін бастайды. Бұл 1954 жыл еді.

Университетті ойдағыдай бітіріп шығады да, сол жылы Солтүстік Қазақстан облыстық «Ленин туы» (қазіргі «Солтүстік Қазақстан») газеті редакциясына әдеби хатшы болып ауысады.

Ал арада жыл өткен соң, жас күнінде алған жарақаты қозып, комиссиямен 1955 жылы III топ, 1956 жылы II топтағы мүгедектік категория беріледі. Содан кейін бір күн ауру, бір күн сау дегендей, сауыққанда қызмет істеп, ауырғанда амалсыз «тұсалып» арпалысып уақыты өтеді. 1956 жылдың желтоқсан айынан бастап, өзінің сүйікті газеті «Лениншіл жасқа» қайта оралады да, Солтүстік Қазақстан және Көкшетау облыстары бойынша тілші болып, 1961 жылдың наурыз айында тың өлкесінің ұйымдастырылуына байланысты «Тың өлкесі» газетіне қызметке шақырылып, хабар бөлімінің, кейін мәдениет және тұрмыс бөлімінің меңгерушісі болып істейді. «Тың өлкесі» таратылып, «Көкшетау» газетінің қайтадан шығуына орай, 1965 жылдың желтоқсан айынан 1968 жылдың жазына дейін осы газет редакторының орынбасары қызметін атқарады.

1968 жылы жазушыға 11-рет операция жасалып, I топтағы мүгедек болады.

Бірақ, ғұмырында адам баласына жамандық жасамаған, жолдас-жораларымен қабақ шытыспаған жайсаң жазушыға сол достары көп көмек көрсетеді. Солардың ақ тілеу ниеттері сағын сындырмаған жазушы төсекте шалқасынан жатып алып-ақ жазып, талай шығармаларын дүниеге әкеледі.

Жазушының «Он бес жыл өткен соң», «Медет» романдарының жазылуына еңбегі сіңген жан - жұбайы Гүлжәмилә. Гүлжәмилә жазушы танымын жетелеп отыратын қиял, қуат көзі. Бұл ешқандай әсірелеусіз шындық. Осы жайында жазушының өз аузынан тыңдасақ:

«Ақмолада сегізінші рет жаттым. Көкшетауға оралып, балаларымның қасында бірер күн болған соң, тағы да аурухана төсегіне таңылдым. Беліме дейін қапсыра құшақтаған тас мүсін - гипс. Былай-былай аунап түсуге мұрша жоқ. Балаларымды ойлаймын. Осы жатқаннан тұра алмай қалсам, жағдайлары не болады?! Сонда не істеуім керек?! Гүлжәмиләм: «Сенің қолың - жазу», - дейді. Қайрауы тегін емес. Бақытыма қарай «Жазушы» баспасының аударма бөлімі бірнеше шығармаларды аударуға береді. Бір түрлі жүректенетін сияқтымын. Гүлжәмилә іске кірісті. Балаларға жұқа фанер тақтайдан екі парақ қағаз сиятындай етіп «үстел» жасатып берді. Кішкентай жастықша істетті. Қалам, қағаз әкелді. «Жаз!» - дейді. Өзіме бағынатын оң қолым, оң аяғым, басым ғана. Оң аяғымды бүгемін, оның үстіне «үстелімді» қонжитамын. Жаны қиналып, азап тартып жатқан адамның жағдайы белгілі. Жазу шимай-шатпақ. Оны Гүлжәмилә үйге әкетіп, таза қағазға көшіреді. Баспагерлердің «жазуыңыз қандай әдемі» - деуі содан.

Мынаны қараңызшы… 1975 жылғы 2-сәуір күні түс ауа үйде жалғыз едім. Ешкімнің көмегінсіз киініп, өзім далаға шықтым. Қазіргі Әуелбеков көшесінде тұратынбыз. Сол аяғымды сылти басып, үйді айналып келе жатырмын. Арт жағымда тротуарды тық-тық еткізген аяқ дыбысы еріп келеді. Гүлжәмилә екенін жан-дүниеммен сездім. Әдейі аңдып тұрғандай:

- Тәубе! Бұл күнге де жеттік. Енді осы жүріп кеткенің, жүріп кеткен, - деді ол көзіне жас алып». [2. 4]

Жан-жағына шуақ шашып жүретін Гүлжәмилә апай - көзге түссем дейтін жарқ-жұрқ мінезі жоқ, көп сөйлеп алға озбайтын, аяғын санап басатын, биязы мінезді жан еді. Бұл шаңырақта орынсыз дауыс көтеру болмаған екен.

Асқар, Алтай, Зәмзәгүл, Абай осы тәрбиенің жетегімен жетілген. Немерлері де «заман өзгердінің» тасырақбайлары емес. Есағаңның отбасындағылар ерте есейген жандар …

Гүлжәмилә Мырзахмет келіні Бурабай өңірінің тумасы. Әкесі Мусин Нұрқан Қазақ КСР Жоғарғы кеңесінің алғашқы шақырылымы депутаттарының бірі. Ұзақ жылдар бойы «Жаңа жол» колхозының басқарма бастығы болған. Анасы Мәлике Жұпарқызы алты бала тәрбиелеген ана.

Гүлжәмилә Нұрқанқызы өзі мектепті қазақ тілінде бітіріп, Алматы шет тілдер институтының француз тілі факультетін тәмәмдаған. Соған қарамастан мектепте қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ беріпті. 1952 жылы Есағаң екеуінің жұптары жарасып, 53 жылдан астам отау құрады.

Тату-тәтті шаңырақ астында жазушының жан серігі бола білген аяулы жар Гүлжәмилә Нұрқанқызы 2006 жылдың жаз айында дүниеден озды. Мұны да өмірдің кезекті соққыларының біріндей қабыл алып, Есаға бүгінгі күнде де қолынан қаламы түспеген жауынгер жазушы.

2. 2. Жан туымды жықпас үшін қалам алып, ой кешем . . . (шығармашылығы)

2. 2. 1. Естай Мырзахметов - қазақ прозасының көрнекті өкілі

Әдебиеттің дамуы, өсуі бір қалыпта бола бермейді. Әдебиет жанды организм, ол әрқашан даму үстінде болып, молаяды, жаңарады. Әр кезеңде туған әдебиеттің өзіне ғана тән белгілері мен ерекшеліктері бар болуы арқылы әдеби кезеңдер қалыптасады. Мәселен, жыраулар поэзиясы мен қазіргі ақындар шығармаларын салыстыруға да келмейді. Бұған ең бірінші әлеуметтік-тарихи жағдай себеп болды. Қоғамда орын алып жатқан кез-келген өзгерістің әдебиетте жаңғырықтай үні естіледі. Өйткені әдебиет - халық өмірінің айнасы.

XX ғасыр қазақ әдебиеті үшін ерекше кезең. Бұл кезеңде әдебиет тектері: проза, поэзия, драма өз дамуының биігіне жетті. Ең алғаш қазақ әдебиетінде ұяң қадам басқан роман, драмалар кейін нағыз классикалық үлгілердің тууына себепші болды.

70 -80 жылдар аралығында туған прозалық туындылар да өз кезеңінің бар ахуалын бойына сіңірді. Қоғамда алдыңғы қатарға шыққан ғылым мен техника жаңалықтары, өндіріс салалары әдебиет әлемінде көбірек көрінді. Осы жаңалықтарды өмірге әкеліп, сол үшін күрес-тартыстарға баратын кейіпкерлер қазақ әдебиетінен өз орнын тапты. Әңгіме, повесть, роман сияқты жанрларда жарық көрген көптеген туындылар, жиылып келгенде бір арнада тоғысты.

Көркемдік деңгейі, стильдік-тілдік ізденістері әркелкі заман, бүгінгі күн мәселелерін көтергендігінде жатыр. Осы шығармалардың ішінде сөз болатын оқиғалар ағымы, өмір көріністері, адам тағдыры да сол кезеңнің шындығынан туындап жатты. Қоғам тіршілігі барлық көрінісімен адамдар арасындағы қарым-қатынасы арқылы, солардың өмір тағдыры арнасында ашылады.

Бұл кезеңді прозалық шығармалардың ең басты құндылығы өмірдің өзекті мәселелерінің әдеби шығармаларда, негізгі сюжеттік желіні құрауы, сол арқылы адамды тану, оның қоғаммен ара-қатынасын суреттеу болғандығы. Сол жылдары жұрт назарын оқырман өзіне күрт аударған адамгершілік, имандылық мәселелерін арқау еткен шығармаларымызда интеллект-парасатымен, әлеуметтік-философиялық ой-толғамдарымен баурайтын, сол арқылы оқырмандарын ордалы ойларға жетелейтін кейіпкерлер әдебиетіміз үшін аса қажет болды. Сондықтан да 60-80 жылдарда басқа кезеңдерге қарағанда қазақ әдебиетінде, оның ішінде әсіресе қазақ прозасында адамгершілік, адамның рухани жан дүниесі, адам мен қоғам, адам мен орта мәселелеріне тереңдеп баруға тырысқан, осынау тақырыпты заман, уақыт талабына сай биік көркемдік деңгейде бейнелеп беруді мақсат еткен шығармалар көбірек жазылыпты. Сондай шығармалар қатарына Естай Мырзахметов шығармаларын жатқызуға болады.

Құнарлы Көкше топырағында дүниеге келген ұлттық сөз өнері өкілдерінің қатарында қазақ әдебиетінде Естай Мырзахметовтың қаламгерлік шығармашылығы көрнекті орын алады.

Естай Мырзахметовтың шығармашылық еңбек жолы журналистік қызметімен тұспа-тұс келеді. Жазушының алғашқы «Көкшенің көркі» атты очергі 1949 жылы 10-сынып оқып жүргенде республикалық «Пионер» журналында жарияланады. Тұңғыш әңгімесі осы «Пионер» журналының 1953 жылғы 12-санында жарық көреді. Содан бастап қаламгердің әңгімелері республикалық «Қазақстан әйелдері», «Мәдениет және тұрмыс», «Балдырған» журналдарында, республикалық, облыстық, мерзімдік баспасөз беттерінде жариялана бастайды.

Алғашқы әңгімелер жинағы 1962 жылы «Сынық шаңғы» деген атпен «Жазушы» баспасынан жарық көреді. 1969 жылы Шағалалы мемлекеттік тәжірибе станциясының атақты шопаны Мәнтай Әлкебаев туралы жазған «Тынымсыз жігіт» атты деректі повесі республикалық «Қайнар» баспасы арқылы жарыққа шығады. Сол жылы екінші кітапшасы - «Туған күн» оқушылар қолына тиеді. Жинаққа жазушының бір топ әңгімелері енген.

Соның бірі - «Абзал» әңгімесі екенін айтуымыз керек. Әңгіме бар болғаны үш-ақ беттен тұрады. Дегенмен, аз көлемімен әркімге де айтары мол, көтерген жүгі қомақты дүние. Әңгіме алтын астық үшін күрес жайында баяндалып, ел ырыздығы жолындағы ауыртпалықпен арпалыса білген адамдардың кейіпі сомдалған.

Жазушы астық, тың туралы толғаныстарды жалаң баяндамай адам қарекетімен, оның саналы түсінігі мен көзқарасы арқылы жеткізіп отырады.

Әңгімедегі оқиға желісіне арқау болатын екі кейіпкердің де ісі жағымды дейміз. Аты-жөні беймәлім, палуан тұлғалы, кесек мінезді жүргізуші өз іс-әрекетімен жадымызда жатталып қалады. Оның өзімсіне сөйлеуі, ұрысуы бәрі-бәрі үлкен бір ағалық жанашырлық ниетпен туған.

Мұнда оқиғаның шарықтау шегіне жететін, сөйтіп барып автордың айтары сезілетін тұс «Дәудің» ұсынған ақшаны алмауы. Оқиға ширақ дамып, дәл осылай ойыспағанда оқырман «Дәуді» менмен, өркөкірек жан деп ұғар ма еді, кім білсін. Бірақ, бұл жолы жазушының өзі «Дәудің» аузына салып берген бір ауыз сөз ой мен сезімді басқа арнаға салады.

Жазушы келесі «Командировкада» атты әңгімесінде керісінше ақшақұмар, дүниені жаны сүйетін пасық арамзаларды әшкерелеп, оқырманға ой сала біледі. Мұнда жағымсыз кейіпкер ретінде Сабыр дегеннің мінез-құлқы сомдалып, оның қызмет бабын пайдаланар алаяқ, өмірдің мәнін арақпен өлшер, адамгершілік асыл қасиеттерден жұрдай екендігін, жазушы кейіпкер қарекеті арқылы танытқан.

Сабыр бейнесі арқылы қаламгер бүгінгі шен құмар қызметкерлердің сиқын жеткізе суреттеген. Көреген қаламгер бұл ретте дәуір үнімен үндесе отырып, келелі түйін жасаған.

Жазушының «Өмір сыйы» атты әңгімесі жастар тәрбиесі жайлы туынды. Әңгіменің идеялық-тақырыптық арқауы адамгершілік парасаты дер едік.

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Қазақ дәстүрлі жазба әдебиеті және кітаби ақындар шығармашылығы (ХІХ ғ. екінші жартысы мен ХХ ғ. басы)
ХІХ ғасырдың бірінші жартысындағы әдебиет
Қазақ тарихы романдарындағы әйел бейнесі
ХІХ ғасырдағы қазақ әдебиетінің даму ерекшелігі
Мұхтар Шаханов поэзиясының қалыптасуы мен даму жолы
Қайым мұхамедхановтың қазақ әдебиетінде алатын орны туралы
Абай мұрасы
Абай шығармашылығы - адамзат даналығының таусылмас қазынасы
Біржан сал және оның ақындық айналасы
Абайтану — қазақ әдебиеттану ғылымының саласы
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz