Әбіш Кекілбаевтың Елең – алаң романындағы монолог пен көркем диалогтың қызметі


ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ
Ш. Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті
ҚАЗАҚ ФИЛОЛОГИЯСЫ КАФЕДРАСЫ
……….
ДИПЛОМ ЖҰМЫСЫ
Тақырыбы: «Ә. Кекілбаевтың « Елең - алаң » романындағы монолог пен көркем диалогтың қызметі»
050117 - Қазақ тілі мен әдебиеті
Оқытудың түрі: сырттай
Ғылыми жұмысты орындаған: Уайс Г
Ғылыми жетекші: ф. ғ. к. Нұржақсина М. Қ.
Ғылыми сарапшы:
Диплом жұмысының қорғауға
жіберілген күні
№ хаттама
Кафедра меңгерушісі: ф. ғ. к., доц. Ә. Қ. Шапауов
Қорғайтын күні:
Бағасы:
Көкшетау - 2014
ЖОСПАР
І. КІРІСПЕ . . . 3-6
ІІ. НЕГІЗГІ БӨЛІМ
Халық жазушысы Әбіш Кекілбаев
1. 1. Өмірі мен шығармашылығы . . . 7-14
1. 2. «Елең -алаң » романының тарихилық сипаты . . . 15 -22
2. 1. Көркем шығармадағы ішкі монологтың зерттеу нысандары . . . 23-36
2. 2. Ішкі монолог құрудағы тілдік тәсілдердің ерекшелігі . . . 37-39
2. 3. « Елең - алаң » романындағы монолог пен диалогтың көркемдік қызметі . . . 40 -46
2. 4. Қос үнді сөздің ішкі монологты қалыптастырудағы қызметі мен ерекшелігі . . . 47-54
ІІІ. ҚОРЫТЫНДЫ . . . 55-58
ІҮ. ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР . . . 59-60
КІРІСПЕ
Зерттеу жұмысының өзектілі :
Көркем әдебиет тілі алғаш орыс тіл білімінде зерттеу нысаны болып, бұл бағытта Виктор Владимирович Виноградов, Григорий Осипович Винокур, Лев Владимирович Щерба, Маргарита Николаевна Кожина, Александр Николаевич Гвоздев, Рубен Александрович Будагов, Александр Иванович Ефимов тағы басқа ғалымдар көркем шығарма тілін, стилистикасын жан - жақты қарастырған. Ал кейінгі жылдары қазақ тіл білімі де біршама еңбектермен толықтырылды. Бұл ретте Рабиға Сыздық, Ербол Жанпейісов, Мырзатай Серғалиев, Х. Кәрім, Бердібай Шалабай еңбектерін атауға болады. Зерттеулерде көркем шығарма тіліне қатысты құнды пікірлер айтылып, шығарма өнер туындысы ретінде қаралды.
Көркем шығарма тілін зерттеу - жазушының суреткерлік шеберлігін, эстетикалық мүмкіндігін қарастыру көркем әдебиет стилистикасы - әдебиеттану ғылымы мен лингвистиканы байланыстыратын ғылыми саласы, аралық пән. Көркем туындының табиғаты өте күрделі. Онда тілдік материал мен идеяның біртұтас бірлігі қалыптасқан. Шығармадағы композициялық тұтастық, образдар жүйесі тілдік құралдар арқылы беріледі.
Көркем шығарма тілінің бүгінгі даму мен шарықтауы арынды да тым асқақ. Әсірелеп айтқанда, ол бейне бір тау басынан нәр алып, сай - салалармен сарқырап құйылып жатқан бұлақ суларымен молығып, толықси аққан үлкен өзен арнасын көз алдыңа елестететін сияқты. Сондықтан болуы керек, оның айдынды ағысында лайы мен тұнығы араласқан иірімдері, тас домалатар ұрымтал тұстары, қалтарыста қалып қойған қойнау - қолтықтары да жоқ емес.
Әрине, көркем шығарма тілі - қыры да, сыры да мол дүние. Әрбір қалам қайраткерінің, табиғи талантын, дүниетанымын, қабілетін, білім дәрежесін былай қойғанда, сөз өнерінде өзіндік қолтаңбасы, сөз қолданыс тәсілі, сөз саптау мәнері бар. Көркем сөздің жан дүниемізге рухани нәр беріп, әсерлі де әсем сезім ұялататын сиқырлы сыры оның эстетикалық қызметіне байланысты. Сөз қолданыстың сан алуан тәсілдері мен шынайы шеберліктің өнегесін біз, міне, осы тұста айқын көреміз. Басқаша айтқанда, әрбір жазушының әр қырынан көрінер, өзгеден дараланар өзіндік сөз өнері, топ жарған таланты сарапқа салынар кезі тілдің осы қызметіне байланысты.
Кез - келген жаңа саланың ауқымы кең, қарымы құлаш болуы заңды. Көркем әдебиет тілі зерттеуге түскенімен, оның ашылмаған не жете зерттелмеген нысандары өте көп. Көркем шығарма тілін, стильдік ерекшелігін зерттеуде, ішкі монолог пен диалогтың берілу жолдарын талдап көрсету тек әдебиеттану ғылымы үшін ғана емес, лингвистика ғылымы саласы үшін де аса қажет. Сол себепті көркем шығарманың стилін, мәтін құрылымын тілдік тұрғыда зерттеу - бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің бірі.
Көркем бейнелеу тәсілдердің бірі - ішкі монолог (кейіпкердің ішінен айтылатын сөз, іштей сөйлесу, өзіңмен - өзіңнің сырласуың, өзіңді - өзің іштей саралау) көрінісі жан - жақты қарастырылып, арнайы зерттеу обьектісіне айнала қойған жоқ. Ал, ішкі монологсыз күрделі де көркемдік дәрежесі биік, нағыз танымды туындының дүниеге келуі мүмкін емес.
Диалог арқылы адамдар бір - бірімен тығыз қарым - қатынас құрып, рухани, мәдени байланыс орнатып, күнделікті тіршілігінен хабардар болады, қоғамдағы өз орнын тауып, бағыт - бағдарын анықтайды. Роман жанрын зерттеуші Михаил Михайлович Бахтин айтқандай: «Шындықты іздеудің диалогтық әдісі дайын шындыққа ие болғысы келетін нақты монологизмге, сонымен қатар, қандайда бір шындықты білеміз деп ойлаған адамдардың сенімділігіне де қарсы қойылады. Шындық жеке адам басында туындамайды және болмайды, ол шындықты іздеуші адамдар арасында олардың диалогтық сөйлесуі кезінде туындайды» [1, 26 б] .
Классикалық биік деңгейге көтеріліп, әлемдік көркем - өнерге асыл қазыналар қосқан қазақ прозасында 70-80 жылдары халқымыздың өткен тарихына ден қою, ата - бабаларымыздың мұрат - мүддесін, мақсат - тілегін бейнелеу үрдіс сипат алып қадау - қадау қадамдар жасалынды.
Іляс Есенберлин, Әділхан Әкімжанов, Мұхтар Мағауин, Софы Қалыбекович Сматаев, Әбіш Кекілбаев сияқты таланты жазушылардың кесек бітімді, тарихи романдары дүниеге келді. Осы шығармаларының қатарына Әбіш Кекілбаевтың «Үркер», «Елең - алаң» романдары да қосылды.
Жазушы халқымыздың тарихындағы ең бір тұлғалы кезеңді - Қазақстанның Ресейге өз еркімен қосылуының бастау сәтін шығармасына арқау еткен. Ел басына сын болған бұл кезең Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» триологиясында және Тахауи Ахтановтың «Ант» драмалық тарихи дастанында өте көркем бейнеленгені көпшілікке жақсы таныс. Бұл екі жазушы өз туындыларында «Үркер», «Елең - алаңның» басты кейіпкерлері болып табылатын - Жәнібек батыр мен Әбілқайыр ханды, Бопай ханымды қанды шайқастармен ел тағдыры талқыға түскен тар жол, тайғақ кешулерде халық қамын жеген кесек бейнелер ретінде көрсеткен болатын. Ал Әбіш Кекілбаев болса басқа ыңғайда, психологиялық талдау арқылы көрсетуге тырысады.
Әбіш Кекілбаев - қазақ көркем әдебиетіне үлкен үлес қосып жүрген жазушылардың бірі. Оның халық тарихын бейнелі түрде суреттеген шығармасының көкжиегі ретінде саналатын «Үркер» мен «Елең - алаң» романдары әдеби - сыни тұрғыдан зерделеніп жүрсе де, тілдік, жазушының стилі жағынан аз зерттелгені белгілі жайт.
Әдебиеттанушы ғалымдар Гүлзия Пірәлиева, Жанбибі Сенбайқызы Дүйсенбаевалар Әбіш Кекілбаев шығармаларын әдеби тұрғыда зерттеп, әдебиеттану ғылымына үлкен үлес қосқан. Ал тілдік түзілімі жағынан қыры мен сырын ашуда тілші ғалымдар Сәндібек Ғұбайдуллин, Жанна Ибрагимова, Ж. Абдрахмановалар көп ізденістер жасаған. Көркем шығарма стилі - жазушының мақсатты түрде пайдаланған тілдік құралдар жүйесі. Олар әдеби бағыт шығарманың тақырыбы, образдар құрылысы, суреткердің шығармашылық ерекшелігіне бағындырылған.
Көркем шығарма тілінде сөз өзінің барлық бояу нақышымен, экспрессивтік-эмоционалдық реңкімен, астарлы мәнімен, образдылық әсерімен, эстетикалық, мүмкіншілігін аша қолданылмаса, ондай шығарманың құны да төмен, ондай жазушының суреткер ретінде беделі де төмен. Шығарма әдетте, өзінің тілімен көркем, - деп өзінің анық мінездемесін ғалым Рабиға Сыздықова берген болатын.
Сөз қолданыс өнері әрбір жазушының творчестволық шеберханасында туып, дамып, шыңдалып, өз ерекшелігімен әдебиет үрдісінен орын алып отыратыны даусыз. Жазушы шеберлігінің, суреткер дарынының бір сыналар тұсы - кейіпкер образын жасауда. Шынында да жағымды, жағымсыз кейіпкердің бүкіл жан дүниесін, мінез-құлқын көркем сөз арқылы суреттеу, оны қайткен күнде де, дара тұлға, тектік бейне етіп көрсету - жазушы үшін үлкен сын.
Зерттеудің нысаны: Әбіш Кекілбаевтың «Елең - алаң » романындағы ішкі монолог пен диалог.
Зерттеу жұмысының дерек көздері. Зерттеудің дерек көздері ретінде және ғылыми тұжырым жасау және стилистикалық талдау жасауға Әбіш Кекілбаевтың «Елең - алаң» романы пайдаланылды.
Зерттеудің мақсаты мен міндеттері.
Бүгінгі таңда тіл білімінде жазушы шығармаларының тілдік табиғатын толық тану үшін жазушы шеберлігін стилистикалық тұрғыдан зерттеуді қажет етуде.
Жұмыстың негізгі мақсаты Әбіш Кекілбаевтың жоғарыдағы аталған шығармаларында кездесетін ішкі монолог пен диалог түзілімін анықтап, жазушы қолданған стилистикалық тәсілдердің қызметін ашу болды. Осы мақсатқа орай жұмыста мынадай міндеттер қойылды:
- ішкі монолог пен диалогтың берілуіне, түрлеріне талдау жасау;
- ішкі монолог пен диалогтың автор баяндауында кездесетін жақтарын анықтау;
- кейіпкер ойлауындағы ішкі монологты айқындау;
- ішкі монологтың жақтық сипатын анықтау;
- ішкі монологты жасаудағы жағдайлардың стилистикалық түзілімін сараптау;
Зерттеудің ғылыми жаңалығы:
Қорғауға ұсынатын негізгі тұжырымдар:
Зерттеудің теориялық және практикалық мәні:
Зерттеудің әдістері: Жұмыстың әдістемелік негіздері ретінде психолингвистикалық, сипаттамалық, стилистикалық талдау, жинақтап топтау әдістері қолданылды. Зерттеу жұмысында көркем әдебиет стилистикасының мәселелері қарастырылған Виктор Владимирович Виноградов, Григорий Осипович Винокур, Рабиға Сыздық, Х. Кәрімов Бердібай Шалабай, Мырзатай Серғалиев, Ербол Жанпейісов тағы басқа ғалымдарының тұжырымдары басшылыққа алынды.
Әдебиеттанушы ғалымдар Бақытжан Майтанов, Зейнола Қабдолов, Қажым Жұмалиевтің пікірлері де назардан тыс қалмады.
Зерттеу жұмысының жариялануы:
Зерттеу жұмысының құрылымы: Зерттеу жұмысы кіріспеден, екі тараудан және қорытынды мен пайдаланған әдебиеттер тізімінен тұрады.
Ғалымдардың көпшілігі жазушы стилистикасын, яғни көркем әдебиет стилистикасын әдебиеттану мен лингвистика ғылымдарының аралығындағы жаңа ғылыми саласы деп таниды.
Халық жазушысы Әбіш Кекілбаев
1. 1. Әбіш Кекілбаев өмірі мен шығармашылығы
Әбіш Кекілбайұлы 1939 жылы 6 желтоқсан күні Маңғыстау облысы, Маңғыстау ауданы (бұрыңғы Гурьев облысы), Оңды ауылының Мырзайыр деген жерінде туған. Арғы атасы Жаңайұлы Қожаназар қазақтар көшін Маңғыстауға бастап келген топтан. Белгілі білікті, беделді, дәулетті адам. Ата шаңырағын ұстап қалған ұрпағы Жаманқұл немересі Кекілбайды үйлендірген соң, 1924 жылы Оңдыда қайтыс болған.
1928 - 1931 жылдары асыра сілтеу, тәркілеу кезінде Кекілбай ата мекеннен баз кешіп Түркменстанның Красноводск портында жүкші, Бекдаш химия кәсіпорнында біраз жыл жұмысшы болып істеп, елге 1937 жылы Баку мен Макачкала арқылы оралған соң Оңдыдағы колхозда колхозшы, Таушық кенішінде шахтер болды.
1942 жылы соғысқа алынып, майданда 3 рет жараланып, Сталинград маңында қайтыс болады.
Әбіш Кекілбайұлының анасы Айсәуле Жұмабайқызы дәулетті, ел ішінде аты шыққан бидің отбасында дүниеге келіп, тәрбиеленген. 1936 жылы әуелі Оңдыда колхозшы, Таушықта 1942 - 1945 жылдар аралығында стахановшы шахтер, 1945 - 1962 жылдары «Екпінді» колхозында жұмыс істеді.
Әбіш Кекілбайұлы 1947 жылы Таушықтағы мектептің бірінші сыныбына барып, 1948 - 1954 жылдары Оңды орталау, ал 1956 - 1957 жылдары Үштағандағы орта мектепте оқиды.
Әдебиетке құмарлығы мектеп қабырғасында басталады. 1957 жылы 5 мамыр «Лениншіл Жастың» белсенді ауылдық тілшісі ретінде Қазақстан Комсомолы Орталық Комитетінің мақтау қағазымен марапатталады.
1957 жылы Қазақ Мемлекеттік Университетінің филология факультетіне түседі. Университетте әдебиет бірлестігін басқарып, жас талаптар шоғырын жарыққа шығарады. Соңғы курста оқып жүріп, «Қазақ әдебиеті» газетінде қызмет атқарады. Мұнда ол сыншылық қабілетімен көзге түседі.
«Қазақ әдебиетінен» кейін 1962 - 1965 жылдар аралығында «Лениншіл Жас» газетінде бөлім меңгерушісі болып істеді. 1965 - 1968 жылдары ҚазССР Мәдениет министрлігінде, 1968 - 1970 жылдары Кеңес армиясының қатарында, 1970 - 1975 жылдары «Қазақфильм студиясында бас редактор болады.
1975 - 1984 жылдары Қазақстан КП ОК мәдениет бөлімінде нұсқаушы, сектор меңгерушісі, 1984 - 1986 жылдары ҚазССР Мәдениет министрінің орынбасары, 1986 - 1988 жылдары Қазақстан Жазушылар Одағы басқармасының 2 - ші хатшысы, 1989 - 1990 жылдары ҚазССР тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау қоғамы Орталық кеңесінің төралқа төрағасы, 1990 жылы Қазақстан КП ОК бөлім меңгерушісі болады.
1991 жылы Қазақстан Республикасы Жоғары Кеңесінің Мәдениет, тіл және ұлтаралық қатынастарды дамыту жөніндегі комитеттің төрағасы,
1992 - 1993 жылдары «Егемен Қазақстан» газетінің бас редакторы болады.
1993 - 1995 жылдары Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі.
1994 - 1995 Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің төрағасы,
2002 жылдан бастап Қазақстан Республикасы Парламент Сенатының депутаты. Әбіш Кекілбайұлы Қазақстан Жоғарғы Кеңесіне екі рет, Мәжілісіне бір рет баламалы негізде депутат болып сайланады.
Әбіш Кекілбайұлының алғашқы өлеңдер жинағы «Алтын шуақ» 1962 жылы, «Бір шөкім бұлт» 1965 жылы жарық көрді.
Ауыл өмірінен жазылған повесть, әңгімелер жинағы «Дала балладалары» - Әбіш Кекілбайұлының кең тынысты эпик, суреткерлік болашағын танытады. 1974 жылы «Дәуірмен бетпе - бет» сын мақалалар жинағы, «Бір уыс топырақ»,
1979 жылы «Тырау тырау тырналар», Маңғыстау түбегінің өткені, бүгіні, болашағы туралы «Ұйқыдағы арудың оянуы» тарихи танымдық баян, 1982 жылы «Шыңырау» повестер жинағы, 1992 - 1993 жылдары Таңдамалы екі томдық, 1995 жылы «Заманмен сұхбат» 1998 жылы «Азаттықтың ақ таңы», публицистикалық мақалалары, толғамдары, 1999 жылы 12 томдық шығармалар жинағы жарыққа шықты.
Әбіш Кекілбайұлының «Үркер» (1981), «Елең - алаң» (1984) романдары қазақ әдебиетінің үлкен табысы ретінде бағаланып, Қазақ ССР Мемлекеттік сыйлығын алды.
2001 жылы шыққан «Талайғы Тараз», 2002 жылы шыққан «Шандоз» тарихи тақырыпты ғылыми дәйекпен, дерекпен түсінікті ұғымды етіп жеткізудің жаңа бағыт-бағдарын белгілеп берді.
2009 жылы «Сыр десте» деп аталатын автордың көп жылдық ой - толғаулары, эссе, естелік, сөйлеген сөздерінің 5 томдық жинағы жарыққа шықты.
Әбіш Кекілбайұлының көптеген шығармалары ТМД халықтары мен шетел тілдеріне аударылған. Ол ҚазССР Мемлекеттік сыйлығының 1986 жылы, Қазақстан Республикасы Президентінің бейбітшілік және рухани келісім сыйлығының 1995 жылы, «Отан» орденімен 1999, Түркі елдері қауымдастығының шешімімен «Түркі дүниесіне сіңірген еңбегі үшін сыйлығын» алады. 2003 жылы «Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев» орденімен марапатталды.
ХХ ғасырдың екінші жартысында, əсіресе 70 - 90 жылдары қазақ прозасында
Əбіш Кекілбаев, Дулат Исабеков, Рамазан Айыпұлы Тоқтаров, Оралхан Бөкеев, Төлен Əбдіков, Серик Санбаев, М. Сқақбаев Дүкенбай Досжанов тағы басқа жазушылардың шығармашылығы реалистік қуаттылығымен қатар романтикалық сарынымен де ерекшеленді. Бұл романтизм социалистік реализммен астарлас пафосты, «кеңестік жарқын өмірді» бір жақты, көтеріңкі лепте ғана суреттейтін асқақ романтика емес еді.
Əбіш Кекілбаевты əдебиетшілер қауымы тарихи тақырыпты қаузаған, өмір
құбылыстарын шынайы шеберлікпен бейнелейтін реалист суреткер ретінде таниды. Дегенмен бұл сөзіміз жазушы шығармаларындағы романтикалық арнаны жоққа шығара алмайды. Əбіш Кекілбаевтың «Аңыздың ақыры» романы алғаш рет «Махаббат мұнарасы» деген атпен жарияланды. Жазушының тарихи тақырыпқа жазылған алғашқы романында романтикалық бейнелеу тəсілін аңғарамыз. Кейіннен жазылған «Үркер», «Елең - алаң» романдарында тарихи факт реалистік тұрғыда игерілген.
Əбіш Кекілбаев өз шығармаларында халық жадында сақталған ескі аңыздарды жаңғыртып, көне сюжеттерді көбірек бағдар тұтады. Əбіш Кекілбаев романтизмінің көркемдік жүйесін толықтыратын сипат шығармаларында мифтік - фольклорлық сарынның, аңыз - əңгімелердің жиі көрініс беруі болып табылады.
Əбіш Кекілбаев туындылары көбінесе бүтіндей мифтік - фольклорлық сюжетке құрылады. Жазушы аңыз - əңгімелер арқылы өткенге, тарихи оқиғалар сілемі не көз жібере отырып, мəңгілік мəселелерді шешуге ұмтылыс жасаған. Осы сипаттағы шығармаларының бірі - «Үркер» романы.
Жазушы өз шығармасының ерекшелігі туралы: «Тарихи материал жасақтауда құжат дерегі де, ел аузындағы əңгіме де, көркем қиял да көп қызмет ете алады. Бірақ тарихи шындыққа үлкен жауапкершілікпен қарайтын жазушы қиялдан гөрі дерекке табынары сөзсіз. «Дала балладалары» атты циклға енген «Аңыздың ақыры» романым мен повестерім, негізінен, «белгілі бір көзқарастан туындаған тұжырымға», концепцияға сүйенеді. Ал «Үркерде» оған атымен кереқар бағытта іздендім. Онда, мүмкіндігінше, тарихи деректің ала жібін аттамауға, нақты тарихи ситуацияның өз драматизмін əсірелеусіз көрсетуге күш салдым» - деп жазады. Яғни, «Аңыздың ақыры» романы, қаламгердің өзі атап өткеніндей, деректен гөрі көркемдік қиял, фантазиясы мол, əсірелеулер басым, философиялық шығарма. Ал «Елең - алаң » романы - нақты тарихи негізі бар, нақты тарихи ситуацияға, фактіге құрылған туынды. Лиро - эпикалық аңыздар Əбіш Кекілбаев шығармаларының негізгі баяндау тініне шебер өріле отырып, қаламгер туындыларының өзіндік лирико - романтикалық əуенін береді. Жалпы алғанда, Əбіш Кекілбаевтың қаламгерлік қолтаңбасына, жазу мəнеріне өз кейіпкерінің характерін, психологиялық ахуалын ішкі
монолог пен авторлық баяндау арқылы ашу əдісі тəн. Негізгі қақтығыс оқиғаның сыртқы сюжеттік тінінде емес, кейіпкердің ішкі əлемінде, жан дүниелерінде дамиды. Романда оқиғаның хронологиялық тəртіппен дамуынан гөрі жеке тұлғаның рухани ішкі дамуына басты назар аударылған.
Жазушының «Күй», «Ханшадария хикаясы» повестерінде сомдалған Жөнейіт, Шыңғыс хан бейнелерінен бөлек, əлдеқайда кеңінен сомдалған жиынтық образ.
Жазушы шығармалары асқақ гуманистік пафосқа, астарлы романтикалық сарынға құрылады. Қаламгер қолтаңбасын айқындап тұратын өзіндік ерекшелігінің бар екендігі даусыз. Соның бірі - кейіпкерлерінің жан дүниесіне тереңдеп еніп, онда өтіп жататын психологиялық иірімдерді, қайшылықтарды, сезім толқындарын аша білуінде, кейіпкер тағдырын тереңнен тарта бейнелеуінде. Оның басқа қаламгерлерден ерекшелігі адам болмысына терең бойлап, адам табиғатының психологиясын зерттеп - зерделеуінде.
«Біздің заманның ақыны сонымен бірге философ болуы керек, - деген В. Белинский - Поэзия мен философия бірін бірі сыртқа теппейді, қайта қол ұстасып, бірін - бірі қолдайды, тіпті араласып кетеді. Кейбір философиялық туындының ақындық, ақындық туындының философиялық деп аталатын себебі сонда».
Үлкен әдебиетке қойылатын осы талаптар Әбіш шығармашылығы арқылы біздің ұлттық сөз өнерімізде дәлелденіп келеді. Оның жазушылыққа үлкен мұратпен қарайтыны, әдебиет алдына биік талап қоя білетіні, оны терең таныммен іске асыра алатыны қазір мойындалып біткен шындық. Әбіш суреткер ретінде адам өмірінің әлеуметтік мән - мағынасына үңіліп, оны философиялық ойшылдықпен өрнектейді. Жазушы өнерінің кейінгіге ғибраттық, ой саларлық, сабақтық мәні де осында. Ол ашқан өз замандастары мен тарихи кейіпкерлердің жас ұрпаққа ұсынар тағылымы да әдебиеттің мазмұнын байытуға қызмет етеді.
Оның жазғандары - қазақ өмірі, халқының тағдыры, оның көргені мен басынан кешкені, кешегісі мен бүгінгісі, солардың бір - бірімен сабақтастығы. Жазушы суреттеуінде қазақ елі, оның тіршілігі жалпы адамзат тіршілігінен бөлек, оқшау өмір емес, соның бір бөлігі. Оның тарихы да, рухани өмірі де әлемдік өркениетпен байланыста. Халықтың сол ұзақ өмірінің бүгінгі қорытындысы - қазақтардың тәуелсіздігі болса, Әбіш мұрат еткен шындықтың өзі де сол екенін оның шығармашылық жолын танып барып түсінеміз. Жазушының соңғы жылдары көркем әдебиеттен бір мезгіл қолын босатып, көсемсөзге ауысуында да тарих ұсынған осы бір жетістіктің сырын көсіліп айтып түсіндіру ниеті жатыр. Оның көсемсөзі халықпен бетпе-бет отырып тілдесуге, заман талабын дәлелдеп ұғындыруға, бүгінгі бар тіршілігімізді егемендікті баянды етуге бағыттауға үйретеді. Елдің ел болуына әркімнің қосар үлесін нақтылауға құрылады.
Әбіш - ұлттық әдебиетіміздің белді жанрларының барлығында да белсенді қызмет істеген қарымды қаламгер. Поэзиялық, прозалық туындыларымен бірге сын жанрында да көп жазды. Бірақ драматургияға бара қойған жоқ еді. Алайда ол классикалық драматургияны жақсы біледі, оның көп үлгілерін қазақ тіліне аударды. Оның аудармаларының ішінде В. Шекспирдің «Ромео мен Джульеттасы», «Король Лирі», «Кориоланы», Г. Ибсеннің «Үрейі», К. Гоццидің «Туранбике ханшайымы», М. Фриштің «Дон Жуанның думаны», Л. Дарконың «Сүйіктім менің, Электрасы», В. Буэроның «Бүгін мейрам, бүгін тойы», М. Кәрімнің «Ай тұтылған түні» сияқты әртүрлі стильдік үлгілер болды. Осыларды аудару үстінде Әбіштің драма жанрының табиғаты мен құпиясын зерттеп білгені хақ. «Абылай хан» атты пьесаның тууына мұның себеп болғаны даусыз.
Екіншіден, Әбіш бұл тұста тәуелсіз Қазақстанның ірі қоғам, мемлекет қайраткерлерінің алдыңғы легінде белсенді қызмет істеп, біраз шыңдалды. Ол тәуелсіздік алған кезден Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың сенімді серіктері қатарында болып, жауапты қызметтер атқарады, тәуелсіздіктің бас идеологы ретінде оны баянды етуге үлес қосады. Ол жазған ел тарихы мен егемендік сананы қалыптастыруға арналған еңбектер бірінен соң бірі жарық көріп жатады. Тәуелсіздік идеясы оның рухына сіңіп, бойын әбден билеп алған еді. «Абылай хан» атты пьеса жазуға қаламгердің баруы бойына сіңген, ойын билеген осы іске Әбіштің тәуекел етуі болды.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz