Жарасқан Әбдірашевтің ақындық мұрасы


Жұмыс түрі:  Дипломдық жұмыс
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 58 бет
Таңдаулыға:   

Дипломдық жұмысымның тақырыбы - Жарасқан Әбдірашевтің ақындық мұрасы.

Жұмыс барысы төмендегідей мазмұнда қамтылды:

КІРІСПЕ . . .

І тарау: ЖАРАСҚАН ӘБДІРАШ - ҚАЗАҚ ПОЭЗИЯСЫНЫҢ

КӨРНЕКТІ ӨКІЛІ . . .

1. 1 Ақын өлеңдерінің тақырыптық-жанрлық сипаты . . .

1. 2. шығармаларының көркемдік-бейнелілік қыры . . .

ІІ тарау: БАЛАЛАРДЫҢ АҚЫНЫ ҺӘМ ЭПИГРАММА

ЖАНРЫНЫҢ ХАС ШЕБЕРІ . . .

2. 1. Ақын туындыларының қазақ балалар әдебиетінде алар орны . . .

2. 2. Сатира саңлағы . . .

ҚОРЫТЫНДЫ . . .

ПАЙДАЛАНҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ . . .

Жұмыс барысында ХІХ ғасырдың 60-жылдарының аяғында алғаш өлеңдерімен танымал болып, әдебиетке белсене араласып кеткен ақын Жарасқан Әбдірашевтің ақындық мұрасын жан-жақты қарастырылды. Зерттеу барысында басшылыққа ақын туындыларының тақырыптық-жанрлық және көркемдік -бейнелілік қырын алды.

Әдебиет зерттеушісі Серік Қирабаев: «Шын ақын өз дәуірінің, өз заманының сырына үңілмей тұра алмайды. Сонан тапқаны мен көргенін айтады, сол негізде халық өмірі, оны толғантқан мәселелер жайлы ойланады» дейді. Шынымен Жарасқан Әбдірашев - айналаға саналы көз тастаған ақын. Оның философиялық ой-толғамдары, әлеуметтік тіршілік, ұлттық діл, табиғат, туған жер, достық, махаббат, ана, туған-туыс тақырыбында жазылған туындыларының көтерген мәселесі өзектігімен ерекше.

Тіл мен ұлт - ажырамас ұғым. Ұлттық асыл келбетіміздің барлығы тіл арқылы адамның бойына сіңіп, оған ұлттық рух, ұлттық болмыс береді. Ұлт тілінсіз ұлт болуы мүмкін емес. Сондықтан да ұлтын сүйген азаматтар алдымен тіліне қамқорлық жасаған, сол арқылы ұлттық ойдың өркендеуіне, кемелденуіне қызмет еткен. Ақын қазірдің өзінде үлкен мәселе болып тұрған тіл мәселесінің жағдайын сол кездің өзінде терең түсініп, жырларына өзек еткен. Тіл мен ұлт - ажырамас ұғым. Ұлттық асыл келбетіміздің барлығы тіл арқылы адамның бойына сіңіп, оған ұлттық рух, ұлттық болмыс береді. Ұлт тілінсіз ұлт болуы мүмкін емес. Сондықтан да ұлтын сүйген азаматтар алдымен тіліне қамқорлық жасаған, сол арқылы ұлттық ой өркендеуіне, кемелденуіне қызмет еткен.

ХХ ғасырдың басында Мағжан:

Жарық көрмей жатсаң да ұзақ кен - тілім,

Таза, терең, өткір күшті кең тілім.

Тарап кеткен балаларыңды бауырыңа

Ақ қолыңмен тарта аларсың сен, тілім!-[4, 60 бет]

деп жырлайды. Мағжан ақын отаршылдық салдарынан тілінің мүшкіл халге түсіп отырғанына отандастарының назарын аударып, оны қорғап қалуға үндесе, бүгінгі тәуелсіз қазақ елінде төбемізде көк ту желбіреп тұрғанымен тіл тағдыры өз мәртебесін алмай келе жатқанын Мұхтар Шаханов та:

Қазір тілдің жайын кім бар шындап ойлаған,

Басшылар аз өз еліне тіке тағдыр байлаған.

Көпшілігі қамқорсынып, сөзбен алдап ойнаған,

Іс жүзінде нигилистік пиғылынан таймаған, -

деп ащы тілмен сойылмен соққандай өткір сөздер ақынның жүрек жарды аңсарын танытады. Жарасқан ақын да:

Тірі болсаң-

Сол тіліңмен тірісің,

Ірі болсаң-

Сол тіліңмен ірісің.

Қазақ тілің-

Азат тілің болмаса,

Қалған тірлік-

Жалған тірлік . . .

Құрысын!-

деген өлең жолдарында өзі тірі тұрғанда туған тілімен даланың бар болмысын жырлауға талмайтынын айтып, аузы ашылған жараға өзіндік үн қосса, мына бір өлеңінде:

Шығармайын дыбысыңды,

дымыңды-

десе де кім,

өшіре алмайды үніңді.

Сені мылқау ету үшін,

әуелі

кесу керек мына менің тілімді!-

деп ащы тілмен сойылмен соққандай өткір сөздер ақынның жүрек жарды аңсарын танытады.

Өткен ғасырдың 60-жылдарында басты тақырыптың бірі болған экология мәселесіне ақын да өзіндік үн қосқан. Өмірінің соңғы жылдарында көп толғанған ақын «Сортопырақ» поэмасын дүниеге әкеледі. Оның көлемі жағынан шағын бұл поэмасының көтерер жүгі өте ауқымды. Өзінің туған жері Арал аймағындағы экологиялық апат құрбандарының рухына бағышталған осы бір поэмасынның мәні тереңнен өріледі. Ақын Жарасқан түсінде о дүниелік ата-анасымен, ауылдың ақсақалдарымен қауышады. Тіршіліктің думанынан бөлініп, аула толы балалардың ортасына тап болады. Сол арада мезгілсіз мерт болған сәбиін де кездестіреді. Бір мезетте көз алдына жалғыз көзді сәби тап болады да өзінің мүшкіл хәлін айтып, адамзатқа шағынады. Поэма соңында ақын әкесі:

Иә, солай, шырағым, егес пе,

Сор дегенің мың да бір ем емес пе?

Сорлап қалған жандардың бәрі білсін

Өмір үшін тайталас-төбелес те.

ойын-қызық қуған адамдарға тағамдарына сор топырақ жеуді, яғни бір мезгіл ащылықты, күйінішті дүниені сезінуді талап етеді.

Жарасқан Әбдіраштің табиғат, туған жер, достық, махаббат, ана, туған-туыс тақырыбында жазылған тындылары да қазақ поэзиясының асыл маржандарының бірі болып мұраға қалмақ.

Жарасқан ақын шығармаларының көркемдік-бейнелілік қырын қарастыру барысында З. Қабдоловтың «Сөз өнері» атты еңбегі басшылыққа алынды.

Көркем туындының адам санасына әсер етіп, оның тұла бойын ұйытып жан иірімдерін шымырлатуы - шығарманың сыртқы формасы мен ішкі мазмұнына тікелей байланысты.

«Бүкіл әлем, гүл бояулар, дыбыстар, бар жаратылыс, барлық өмір - поэзия дүниесі»[6. 242] . Ал оның ішкі мазмұны - тілі. «Сөзден сарай салғызатын» ақын тілінің байлығы, суреткерлік дәлдігі, сөздік қорының молдығы - сөз шеберлеріне қойылатын негізгі талаптардың бірі. .

Осы сияқты негізгі талаптарға Жарасқан Әбдірашев поэзиясы толығымен жауап береді деп айта аламыз.

Сөздік қорды байытудың бірден бір жолы - көп мағыналы яғни полисемия сөздер болып табылады. Ақын өлеңін ажарлаудың бір тәсілі-өлең жолдарында мағыналары мазмұндас синоним, бір-біріне қарама-қарсы антоним сөздер, Жалпы тіл көркемдігін арттыруда - синоним, антоним сөздердің атқарар функциясы мол. Ақын шығармаларының тілін көркемдейтін бір құрал - идеомалық тіркестер, мақал-мәтелдер, фигураның бір түрі қайталау көп кездеседі. Әдебиет теориясында аллитерация, ассонанс деп аталатын үндестік пен үйлесім - ақын жырларына тән қасиеттердің бір қыры. Жарасқан ақын әдеби тілді ажарлауда эпитеттер мен теңеулерді өте шебер және кең қолданған. Мысалы, «Жүріп келем, // орта әлі, // мешкей көңіл сұлулыққа тойған ба?» (Түн), «Кей күні діңкем құриды, //қайғының құшам жастығын» (Қайран жиырма), «Туған дала, // талайлардың от қанын// лапылдатты тентек күйің, текті әнің» (Туған дала), «Қағаз сорып, // қалғаныма сәл жүдеп, // ешкім жоқта ет-жүрегі елжіреп . . . Заттың, құбылыстың ерекше белгілерін көрсетпей-ақ, оны басқа затпен, құбылыспен салыстыра суреттеу»[3, 212 бет] Жарасқан ақын поэзиясын тән құбылыс. Мысал келтірер болсақ: «Қинайды сыйластық пен сыпайылық, // қазықтап қағылған қос рельстей» (Ауылға оралу), «Қар астынан қылтиған жауқазындай// жырларымды алғашқы есіме алдым» «Ашудың шоғын үрлеген // аумайды кеудем көріктен»(Досқа наз), «Қарайсың алыс күндерге// алқынып тазы құмайдай (Досқа сыр), «Көрінсек керек: олардың// көзіне шыққан сүйелдей» (Қаладан келген қыз) сияқты теңеулер суреттеліп отырған нәрсені тағы бір қырынан ашып, айқындаған. Суреткер қолындағы сөз суретші қолындағы бояу секілді, иінін тауып құбылтуға болады дйді З. Қабдолов. Бұл ретте Жарасқан Әбдірашевтің суреткерлік шеберлігі, танымы туындыларынан мысалдарда көптеп келтіруге болады. Ақын: «Кеше ғана қолтығымнан демеген// абзал-абзал адамдарды ұмыттым, // адамдарды жүрегі - ән, жаны - өлең» (Қатыгезбін не деген), «Шоқ жұлдыздар- аспан гүлі, түн гүлі» (Ымырт. Кеш. Түн), «Ал өзің зындан-кеудеңнің// қақпасын дәйім жап бекем» (Кездескен сайын әр адам . . . ) сияқты метафораларды сипаттап отырған құбылысын танытуда жақсы қолданғанын көреміз.

Табиғаттың жансыз дүниелеріне жан бітіріп, тіл, сана беріп, тіпті адамша суреттеу, кейіптеу поэзияда мықтап қалыптасқан. Жарасқан Әбдірашев туындыларында да тамаша сөз суреттерін көруге болады: «Қиялым жете алмай-ақ қойды әйтеуір// қол бұлғап қыр астынан қашқан ойға» (Адасқан шағала туралы ән), «Қимас көзбен қарап күн, // қонды қырдың шетіне, //Сұп-сұр болған алаптың// қан жүгірді бетіне» (Қысқы кеш), «Ерке бұлақ шапқылайды шыңды еміп», «Ес жиғызбай есендесіп қайғы алуан, // жанымызға мұз құшағын жайды алдан» (Соғыстан соң туғандар), «Көк жиектен күн аунап барады әні, // қызарғаны-қоштасып қарағаны» (Ақ бұлақтар), «Үкідей үркіп жан-жаққа// үнсіздік пен үрейлер» (Ағаны іздеу), «Жапырақтарын жырлатады ормандар («Қиял қияларында») . Осындай суретті сөздер оқырманның көз алдында бейне жасап, күнде көріп, бірақ байыбына бармаған сиқырлы әлем дүниесін аша түскен.

Әдеби тілді құбылтудың түрлері - метанимия, синекдоха Жарасқан ақын өлеңдерінде кездеседі: «Оқитын болдық, жасырып, // оңаша. . Омар Һаямды» (Қаладан келегн қыз), «Қаһарлы жылдар» қалды артта, // «Сөнбесін, - дейді, - шығарғың», «Ант» беріп адал болмаққа// тастады сосын ұранын» (т. Ахтановқа), «Алынған ауызға ақындығы бар . . . // Қожа Хафизге жақындығы бар» (Ә. Жәмішевке), сияқты метанимиялар қолданылған. Ақын туындыларында «бүтіннің орнына бөлшекті немесе керісінше, жалпының орнына жалқыны немесе керісінше қолдану [6, 221 бет] көптеп кездеседі: «Содан кейін іздеп едім ақсақал, // «Ақсақалы мен!-деді бір жас «нахал», «Газ жағады, - деді бәрі бүгінде!//Саны қанша, -деп едім мен, -түтіннің» (Бір ауылда), «Дәмін татқан даңқтың// Жақсылары мен жайсаңы» (Айыптау), «Үлкен үйге бас сұғады әуелі, сүйретіліп қызыл жаға сұр шекпен» (Құтсыз қонақ) тәріздес синекдоха тәсілі арқылы жасалған тілдік бояулар өлеңдердің тал бойына жарасымдылық танытқан.

Ақындар шығармашылығында белгілі бір жайтты асыра, ұлғайта немесе керісінше құлдырата, кішірейте жырлау өз орнын берік алған. Халық ауыз әдебиетінде, әсіресе, батырлар жырында көп қолданылған бұл тәсіл қазір де ақын туындыларында кездесіп жатады. Мәселен: Тайыр Жароковтың:

Қарыңды қағып су қылдым,

Суыңды сілкіп бу қылдым,

Түніңнен таң атқыздым,

Жеріме жұлдыз жаққыздым, -

деген өлең жолдарын Қажым Жұмағалиев гипербола деген [6. 225бет] . Ал Жарасқан Әбдірашевтен мынадай өлең жолдарын мысал ретінде көрсетуге болады:

Айқасқа түсер күн бүгін,

астымда пегас арқырап…

Алтындай менің шындағам

алдымнан шықты жарқырап!

Мисызбен талай соттасып,

Мылжыңмен талай отасып, -

жеңе алмай жасып жүргенде,

қалды ма деп ем тот басып…

Алғашқы өлең шумағында пегас арқырап, шындығы жарқырап, асыра айрылса, екінші шумақта керісінше соттасу, оттасу, жасу, тот басу сияқты құлдырау, кішірею басым.

Әдеби тілді ажарлаумен, құбылтумен қатар, керек жағдайда айшықтай білген жөн. Әдеби тілдің әсемдігі ғана емес, әсерлігі үшін де әжептәуір қажет тәсіл - айшықтау яки фигура [6. 227бет] . Жарасқан ақын поэзиясында айшықтаудың арнау, қайталау, инверсия, паралелизм түрлері қолданылған.

Өлеңдегі әсемдік белгілі бір гармониялық жарасымдылықта десек, бұған Жарасқан Әбдірашев поэзиясынан дәлелді молынан кездестіреміз.

Жарасқан - көбінесе өлең ырғағын ұйқаса түсетін екпінмен өлшейтін ақын. Ұйқасқан сөздерінің бояуы қанық, ажарлы, мағыналы болып келеді де, санаға өткір сәулесін түсіреді, есте оңай сақталады.

Ұйқастың көркемдік, эстетикалық, эмоциялық қырынан жетік меңгеру- ақындық мәдениеттің бірден-бір үлкен белгісі, биік сипаты, күшті құралы. [қт мен ә 05ж №11] . Қажым Жұмалиев ұйқастардың ең негізгі мына түрлерін бөліп көрсетеді: қара өлең ұйқасы, шұбыртпалы ұйқас, ерікті ұйқас, кезекті ұйқас, аралас ұйқас, егіз ұйқас, ерік ұйқас. [7, 183бет] . Жарасқан поэзиясы да осындай ұйқастар негізінде құралғанын:

Қара өлең ұйқасы:

Бір бойдақ қалмапты арамызда а

дүниеге келіпті баламыз да . . . а

Біз осы шынымен есейдік пе, б

шынымен қартайып барамыз ба? а

(Әмірханға)

Шалыс ұйқас

Арқаға мезгіл салмағын а

алғырттықпенен көп артып, б

Балалық шақтың арманын а

алдық па, досым, жоғалтып? б

(Шөмішбайға)

Аралас ұйқас

Естің де майда самал боп, а

сезімнің гүлі дір етті . . . б

Ұсындым саған, в

амал жоқ, г

дал-дұлы шыққан жүректі!. . б

Шұбыртпалы ұйқас

Алғаным менен бергенім, а

жанғаным менен сөнгенім, а

егілгенім менен сөнгенім, а

жеңілгенім менен жеңгенім. а

Тек саған аян, Қаратау, б

Тек саған аян, Қаратау. б

Егіз ұйқас

Арызым бар, Табиғат, айтар менің;

нар ұлдарын еліме қайтар менің . . .

Қайтар менің еліме нар ұлдарын -

қайтар қайталанбайтын дарындарын

Ерікті ұйқас

Сезім тұнып,

тереңіне жыр тұнып,

жатыр жүрек асаудайын бұлқынып!

Осы қазір -

бір гүліңе айналып

кетсем бе екен?!

Тұрсам ба екен құлпырып?!

Аллитерация мен ассонанс өз алдына бөлек тіршілік етпейді. Осы орайда Мұхтар Әуезотың: «Өлеңнің бас жағында аллитерация мен ассонанстың көбеюіне әсер еткен әуезділік одан әрі қалыптасқан дыбыстық қайталаулар арқылы өлең ішінде белгілі бір эпитеттер мен метафоралардың екшелеп шығуына да жағдай жасайды. Олар да орайластық принципіне бағынады»[ қт мен ә 05ж №11] деген сөзін айтуға болады. Бұл пікірді Жарасқанның мына өлеңімен дәлелдеуге болады.

Армысыңдар, алмас жүзді анттарым,

Ақ боз атты дәстүрім мен салттарым!

Армысыңдар, дүбірлеген даңқтарым,

Сұңқар мінез дәстүрім мен салттарым!

Ақын жырлары дыбыстар үндестігімен, яғни гормониялық сипаттарымен ерекшеленеді.

Жарасқан Әбдірашев шығармашылығындағы бұндай қайталауларды шебер тізіп, әсем өрнектеулер өлеңнің көркемдік мазмұнын, ерекше леппен айтылған күшін арттырады.

Жарасқан Әбдірашевтің үлкен жауапкершілікпен қалам тартқан ендігі бір арналы мұрасы - балалар поэзиясы.

Қай халық болмасын, өзінен кейінгі ұрпақтың өз заманына лайық азамат болуына, жан-жақты тәрбие алуына қамқорлық жасап, үнемі назарда ұстаған. Қазақ халқы - бала тәрбиесіне ерекше мән берген халық. Бабаларымыз бала тәрбиесінің баға жетпес құрал ретінде әдебиетті қолданған. Бүлдіршіндерге арналған жыр жолдары, бата-тілектері сонау бай ауыз әдебиетімізден арқау алып, бүгінге де бала сезімін қозғар, оларды жақсы мінез - құлыққа баулитын туындыларда ерекше орын алатын - балалар поэзиясымен тоғысып жатуы тегіннен -тегін емес. Ендігі жерде осы салмағы басым салаға қалам тербеген ақындар балалар поэзиясының жүгін одан әрі дамытуды, жетілдіруді өздеріне борыш еткен.

Осы «бүлдіршіндер жанрына» жауапкершілікпен, дайындықпен келген Жарасқан Әбдірашевтің туындылары балалар поэзиясына қосылған «үлкен олжа» болып табылады. Балаларға жыр жазу - өте маңызды әрі жауапкершілігі мол іс. Айтпақ ойды бала санасына лайықтап жеткізу екінің бірінің қолынан келмейтіні анық. Серік Қирабаев: «Шындықты қарапайым күйде нанымды және түсінікті бейнелеп жеткізу, сол арқылы бала сезіміне әсер беру - балаларға арналған поэзияға қойылатын негізгі талап» [3, 101бет] деп, бала жасына лайықталған шығарма жайын сөз етсе, Жарасқан Әбдірашев та: «Ақындар балаларға биіктен қарап білгірсімей, не туралы жазса да, солардың көзімен көріп, солардың тілімен баяндау керек» деп өзінің «балалар әдебиетін бағдарлағанда» атты зерттеу мақаласында балаға ықпал ету жағын сөз етеді. Жарасқан Әбдірашев баланың тілін дамытуға арналған бесік жыры, тұсау кесу жыры, санамақ, өтірік өлең, жаңылтпаш, жұмбақтар, мақалдар мен мәтелдер сияқты халық поэзиясының әр алуан түрлеріне ерекше мән берген.

Бір дегенім - бесік,

Екі дегенім - есік,

Үш дегенім - үміт,

Төрт дегенім - түлек,

Бес дегенім - батыр,

Алты дегенім - ақыл,

Жеті дегенім - жалау,

Сегіз дегенім - сұрау,

Тоғыз дегенім - толғам

Он дегенім - орман.

деген санамақ жырлар балаға сан үйретуде, оны қосып, ала білуге жаттықтырады. Мұнда сандар жеке айтылмай, атауы ұқсас екінші затпен қосақталып айтылып, жас баланың санды тез жаттап алуына оңай тиетіні сөзсіз.

Жарасқан Әбдіраш бала ойын дамытып, баулуда жұмбақ жанрының өзіне тән көтерер жүгін, өзіндік ерекшелігін, мақсаты мен міндетін жақсы түсіне білген. Осының айқынырақ бір мысалы ретінде Жарасқан Әбдіраштың мына жұмбақтарына тоқталайық:

Табаны ысып тұрса,

Желкеден қысып жұмса,

Ой мен қыр, еңіс демей,

Қоймайды тегістемей.

/үтік/

Ауыр ағашты тасуға ұста,

Тұмсығы ұзын, құйрығы қысқа.

/піл/

Жұмбақ баланы әрқашан қызықтырып, оның айналадағы құбылыстарға мұқият қарауға, қыр сырын тануға баулиды.

Бүлдіршіннің тіл ұстартуына, оның кекештенбей, жатық, асықпай сөйлеуіне септігін тигізетін жаңылтпаш жанры Жарасқан Әбдіраштың поэзиясында өзінің жалғасын тапқан:

Алма

Алманы ал десе,

Ал да,

Алма алма десе,

Алма.

Жаңылтпаштың табиғатына сай дыбыстық қайталаулар үндестігімен қатар ішкі мазмұны, мәні берік сақталған.

Елінің азаматы болар баланы жастан отансүйгіш етіп тәрбиелеу керек. Бала санасына жастай сіңісті болған ұғымдар ғана бала үшін қасиетті болмақ.

Жарасқан ақынның «Ата арманы», «Отан», «Қазақ», «Отан деген - осы ара» атты өлең шумақтары сәби жүрегіне алғаш отан сөзін ұялатады. Оның бала ұғымына сай мәнін ашады.

Баланың дүниетанымына туыс-туғанын танытуды негізгі мәселе етіп көтерген Жарасқан ақын балаларға «Әулиет әліппесінен» атты жырларында жеті ата, туған-туыс жайлы ұғым береді. Ақын:

«Жетесізден» сақтанар,

Жеті жұртқа мақтанар,

Болғың келсе Жетелі -

«Жеті атаны» жаттап ал, -

деп, баланы бабаларын білуге, тануға үндейді. Сонымен қатар бөле, жиен, жиеншар сияқты туыстық атаулардың ұғымын балаларға ұғымды тілмен түсіндіріп өткен. Бұл мәселеге анық қарар болсақ, жеті ата, туған-туыс атауларын кіші түгіл үлкендер білмей, шатасып жатқанын күнделікті өмірде көріп жатамыз. Сондықтан ұлттық ділімізге қатысты ұғымдарды балаға жастан үйрету дұрыс деп түсінуіміз керек. Жарасқан ақынның осы мәселені тіліне өзек етуі өте орынды.

Балаларға тарихта есімі қашалып жазылған ұлы есімдерді таныту, оларға құрмет сезімін тудырып, тіпті, үлгі етуді көздеген «Махабет», «Абай», «Абай біздің бабамыз», «Шоқан», «Ыбырай» атты өлеңдер өте көркем шығармалар. Мәселен:

Ана тілін тәрк еткен

Адам көрсем

Қорқамын . . .

Ұрпақ үшін тер төккен

Ұлы Абайдан ал тәлім!-

өлеңі өте ықшам, бірақ көтерер жүгінің салмағы бар.

Сатиралық сипаттағы бұл өлеңнің ішкі логикалық байланысы тұтасып, балаларға өзгенің жағымсыз қылығынан сабақ алуды айтпай-ақ терең ұғындырады.

Жарасқан Әбдіраштың төрт мезгілге арналған өлеңдері де көрнекті суреттеледі:

Балалар поэзиясында мамандық иелеріне байланысты өлеңдер көптеп кездеседі. Жарасқан ақын өлеңдерінен мысал келтірейік:

Диқаншылық - мәңгі өнер,

Қанық кәсіп бұл көпке . . .

Құрметтесең нанды егер,

Нан иесін құрметте

(Дихан)

Дертпен жасап сан егес,

Дәрігер жеткен жеңіске-

Ақ халатты бір жан емес,

Ақ қанатты періште

(Дәрігер)

Бұл өлең жолдары ұрпақты еңбекке үйретеді, оларға қоғамдық еңбектің маңызын, мәнін түсіндіреді. Сонымен қатар әр мамандыққа құрметпен қарауға баулитыны анық.

Қазіргі балалар поэзиясы - кең тынысты поэзия. Бала сезіміне, оның бойындағы ой-өрісіне ыңғайлай отырып, бүгінгі ол біздің қоғамдық және азаматтық өміріміздің барлық мәселелерін поэзия тілімен әңгімелеуге көтерілді. Поэзия тек баланың дүниетану мөлшерін кеңейту ғана емес, өмірдегі жақсы-жаман әрекеттің бәріне де бала сезіміне оротақ етеді, оны ойлантады, шешім қабылдатуғаүйретеді. Мұның бәрі бала бойында гуманистік сезімді оятуға, оларды ерлік пен ізгі мінезге тәрбиелеуге қызмет етеді [3, 95] .

Жарасқан ақын бүгінгі таңдағы қазақ балалар әдебиетіне барымен базар етпей, биік талап тұрғысынан қарауды алға тартады.

«Ұрпақ тәрбиесі - ұлт парызы екенін» терең ұққан Жарасқан Әбдірашев балалар поэзиясында қарымды еңбек атқарды. Оның халық ауыз әдебиетінің бай қазыналарынан бастау алған балалар жырын дамыта, жаңа мазмұнға айналдыра отырып, бүгінгі бүлдіршіндерге табыстады деп айта аламыз.

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
ЖАРАСҚАН ӘБДІРАШЕВ ПОЭЗИЯСЫНЫҢ ПОЭТИКАСЫ
Ақындық даралық Ж. Әбдірашев, Т. Медетбек лирикалары негізінде
Стиль және шығармашылық ерекшеліктері жайлы
Диуани хикметтің тілі қай түрік тілінде
Характер мен жағдайдың байланысы
Нарманбет поэзиясындағы азаттық идеясы
Бұқар жыраудың әдеби мұралары
Мақыш қалтайұлы жайлы
Жамбылдың Жабаевтың дастандары
Қожа ахмет иассауи хикметтерінің орыс тіліне аударылу мәселелері
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz