Жұматай Жақыпбаев лирикасының көркемдік ерекшеліктері


Ш. Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті
Филология факультеті
Қазақ әдебиеті кафедрасы
Диплом жұмысы
Тақырыбы: «Жұматай Жақыпбаев лирикасының
көркемдік ерекшеліктері»
Мамандығы: 050117 - «Қазақ тілі мен әдебиеті»
Орындаған: СҚБ-3 курс
студенті Исмагулова А. Е.
Ғылыми жетекші:
ф. ғ. к., доцент Тапашев М. Ә.
Қорғауға жіберілген күні: Хаттама №___
«___» «» 2009ж.
Кафедра меңгерушісі ф. ғ. к., доцент Шапауов Ә. Қ.
Диплом жұмысын тапсырған күні:
«___» «» 2009ж.
Бағасы
Көкшетау - 2009
Мазмұны
І. КІРІСПЕ . . . 3-4
ІІ. НЕГІЗГІ БӨЛІМ. Ж. Жақыпбаев лирикасының көркемдік ерекшеліктері
1. Ж. Жақыпбаевтың лирикасындағы тақырыптық-идеялық
бірлік . . . 5-24
2. Лирикадағы қаһарман және көркемдік-бейнелік сипаты . . . 25-41
ІІІ. ҚОРЫТЫНДЫ . . . 42-43
ІҮ. ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ . . . 44-45
Кіріспе
Поэзия! Байыбына барсақ, бұл сөздің мағынасында қаншама сөз жатыр, терең сыр бар, жарық нұр, жылы лебіз бар; сұлу көрік, нәзік сезім мен сезік бар. Бұл жерде ұлы Белинскийдің поэзияны ақын тілімен шалқып сипаттаған тамаша мінездемесі еске түседі. Данышпан сыншы поэзияны кінәсіз сәбидің, сұлу қыздың, ержүрек батырдың, балғын жас жігіттің, басын ақ шалған дана шалдың адам бойындағы барлық оңды, сұлу қасиеттеріне балай келіп:
«Поэзия - болмыстың берекесі мен мерекесі, күтпеген сәтімізде сирек соғар өмір рахаты; поэзия - үміт сенімі, жүрек дірілі, жан тынысы, ашынған құштарлық сезімнің бораны мен толқыны, шексіз толы махаббат, тәтті қамығу, ләззат таба егілу; көз жасына ынтық көмілу, әлдеқайда шегі жоққа тарықса да ынтық ата ұмтылу, өмір бақи айнымас, еш мезгілде тояттамас құмарлық, барлығын да құшағыма алсам деу, барлығымен біріксем біте қайнасам деу; ол - жүрегімізді бүкіл әлем гүл, бояулар, дыбыстар, бар жаратылыс, барлық өмір - поэзия дүниесі, осы құбылыстардағы құпия қуат, оларға тіршілік, ойнақы өмір беретін сырлар поэзияның тетігі мен жаны. Поэзия - әлемдік өмірдің қан мен тамырларының соғуы, сол өмірдіңқаны мен оты, жарығы мен оты».
Қазақ халқы бұл күндері дамудың тарихи жаңа кезеңдеріне аяқ басты. Ғасырлар бойы қалыптасу, даму жолдарынан өтіп келе жатқан қазақ халқы 90-жылдардың басынан бері өз тарихына жаңаша көзқараспен қарай бастады. Бұл - әлемдік өркениеттік қауымдастыққа өз тұлғасымен толық танылуға ұмтылған ұлттық жаңғыру, жаңару жолы. Сөз өнерінің көрнекті тұлғаларына да, бүгінгі уақыт талаптарына орай жаңаша көзқарастармен қайтадан лайықты бағасын беру - бүгінгі кезеңнің өзекті мәселелерінің бірі. Қазақ поэзиясының тарихында шығармашылық өнерімен елеулі мұра қалдырған көрнекті ақын Жұматай Жақыпбаев шығармашылығының да бүгінгі заманның жаңаша көзқарастары тұрғысынан қарастырылуының табиғи заңдылық екендігі даусыз ақиқат.
Көркем әдебиет қоршаған ортаның шындығын бейнелеп қана қоймайды. Ол адам табиғатын, қоғамның болмысын өзгертуге, жақсартуға ат салысады. Көркемдік сана айналадағы өзгерістерді де бағалап, бейнелеп отырмақ. Оның қайшылықтарын, шешімін таппаған түйіндерін, келешегін барлайтын да, халыққа түсіндіретін де көркем сана.
Қазақ поэзиясының тарихындағы көрнекті ақын Жұматай Жақыпбаев шығармашылығы осы қасиеттерімен айшықталады. Жұматай Жақыпбаев лирикасындағы образдар жүйесін саралағанда ақын өмір сүрген заман тынысын, адамдар болмысын ғана танып қоймаймыз!
Әдебиеттегі басты өлшем - көркемдік шындық, әдебиеттегі адам - көркем бейне, кейіпкер екендігін ескерсек, автор мен лирикалық қаһарманның айырмашылығы дәрежесін айқын білуге болады. Ақынның лирикалық кейіпкері - өзге ешкім де емес, тек бұл оның шығармасындағы әр түрлі сипаттағы өзгеше тұрпаты ғана. Сондықтан да, ол өз туындысы арқылы «Мен» деп сөйлеуге құқылы деген қалыптасқан тұжырымның астарына өмір шындығы мен көркемдік шындық заңдылығы тұрғысынан үңіле отырып, лирикалық қаһарман көркемдік эстетикалық талаптарға жауап беретін, көркемдік шындыққа сай сомдалған көркем бейне.
Жұматай Жақыпбаев сомдаған лирикалық қаһарманның ой-толымы, мақсат-мұраттары көп мәселеде қоршаған ортадан өзгеше және озық. Лирикалық қаһарман мәселесі төңірегінде түркілік рухани құралы Шығыс поэзиясымен және Батыстың әдеби-философиялық ойдың озық үлгілерімен ұштастыруы ақынның шеберлігін айшықтайды. Ақын лирикасының мазмұнын тереңдетеді, философиялық ой дәрежесін күрделендіреді. Тақырыптың осындай ерекшеліктері оның ғылыми-теориялық, практикалық және тәлімдік маңыздылығын дәлелдесе керек.
Дипломдық жұмыстың негізгі мақсаты - Жұматай Жақыпбаевтың лирикалық өлеңдерінің әлі ашылмай келе жатқан жаңа қырларын айқындау болып табылады. Көркем әдебиеттің объектісі адам десек, ХХ ғасырдағы қазақ поэзиясының көрнекті өкілі Жұматай Жақыпбаев лирикасының идеялық-тақырыптық ерекшеліктерін сипаттау, олардың ақын өмір сүрген дәуір шындығымен байланысын көрсету, өлеңдерінің көркемдік қасиетін зерделеу, сонымен бірге, ақын тұлғасы, лирикалық қаһарман бейнесі қалай сомдалды деген сауалға жауап іздеу.
Осы мақсатқа жету үшін зерттеу жұмысының алдына мынадай міндеттер қойылды.
- Ақын лирикасының идеялық-тақырыптық ерекшеліктерін жүйелеу;
- Ақынның лирикасындағы өмір шындығы мен лирикалық қаһарманның ара қатынасын зерделеу;
- Ақын өлеңдеріне Шығыс поэзиясының әсерін көрсету;
- Ақынның лирикалық қаһарман мүсіндеуіндегі ізденістерінде өзіне дейінгі және өз кезіндегі әдеби үрдіске қаншалық иек артқанына назар аудару.
Осындай сан қырлы ізденістерді жинақтай келе Ж. Жақыпбаевтың қазақ поэзиясын, оның ішінде лирикамызды дамытуға өзіндік үлес қосқанын дәлелдеу.
І ТАРАУ
Ж. Жақыпбаевтың лирикасындағы
тақырыптық-идеялық бірлік
Ақын лирикасындағы өмір шындығының қамтылу ауқымының кеңдігіне тарихи-әлеуметтік жағдай туғызған мүмкіндіктердің тигізген әсерінің молдығы да айтылды.
Ақын өлеңдерінде ерекше орын алған тақырыптың бірі - туған жер. Көркемдігімен көз тартар сұлу Сарноқай тауының етегіндегі ауыл қаламгердің эстетикалық идеялына айналған. Ол кіндік қаны тамған туған жерге деген шексіз махаббатын Сарноқай бейнесі арқылы жеткізеді. Бұл қасиет ақынның өмірлік және поэтикалық ойлау жүйесіне әбден сіңіп кеткен.
Ол өзге біреудің өз туған жеріне деген сағынышын өзінің Сарноқайға деген сағынышы арқылы түсіндіреді. Басқа ақындар өлеңдеріндегі туған жер тақырыбын Сарноқайға деген сағынышы тұрғысынан қабылдайды. Бұны Ө. Ақыпбековтың мына естелігінен аңғаруға болады.
« . . . Ол балладаны және бір мақтап алды да жайланған соң, өзінің жағымды дауысымен өлең оқи бастады. Алғашқыда өзінің өлеңі деп қалғам, байқасам оқиғасы менің балладамның желісі, желдіріп барады.
- Өтеш, осылай болса, қайтеді, Сарноқай (астын сызған біз - Д. И. ) дегенді өздерің жақтағы бір шыңмен алмастырарсың» [1, 27] .
Жұматай қаламдас інісінің балладасын өңдеу барысында (тіпті қайта жазған) Сарноқай тауын көз алдына елестетіп отырғанын байқауға болады.
Жұматай жырларының нақты оқырманы Сарноқай тауын сауық ордасы, әсіресе, ат бәйгесі өтетін кеңістік ретінде қабылдайды. Олай болатыны, ақын өлеңдеріне бұл тұрақты сарынға айналған көрініс.
Сауыққой жұрттың тұрағы
Сарноқай деген тауында.
Ай сайын той боп тұрады
Аспандап кеткен ауылда.
Сақтасын еске естіген,
Сақалсыз қазір даңқы бар.
Сарноқай таудың ескіден,
Сақталған қызық салты бар, - [2, 48]
дейді, ақын «Арман» өлеңінде. Ж. Жақыпбаевтың бұл мекенге арналған «Сарноқайға сәлемдеме» атты үш өлеңінен тұратын жыр шоғыры да бар.
Автор өзінің бозбала шағындағы қымбат қасиеттерін Сарноқайдан ажырағандықтан жоғалтып алғандай, оның бәрі сол жұртта қалғандай етіп жырға қосады. Ақын дәріптеген осынау қасиетті мекен жоғарыда айтылғандай, бәйге дүбіріне толы кейіпте көрсетіліп, бейне бір думанға, шаттыққа толы жастық шақ базарының символындай биікке көтеріле жырланады.
Ол халқымыздың өткен өміріндегі тұрмыс суреттерін, сал-серілер өміріне қатысты шындықпен байланыстырып отырады және сол арқылы ақынның өткен шаққа деген сағынышы, туған жерге деген махаббаты танылады.
Ж. Жақыпбаев шығармаларында көп кездесетін пейзаждық лирика түрлерінің дені туған жер тақырыбына арналған. Оның өлеңдерінде лирикалық кейіпкер санасы мен табиғат суретінің астасып кететін тұстары көп. Табиғатты кейіптеудің адам бейнесіне айналдырудың ерекше бір түрі «Мамырым менің», «Көктемге хат» өлеңдерінен айқын көрінеді.
Сонымен бірге Жұматайдың бұл туындылары алдыңғы буын қалдырған әдеби дәстүрден нәр алғанын аңғартады. Аталмыш туындылар С. Мұқановтың «Майға сәлемін» еске салады. Бұл табиғатты кейіптеудің, адам бейнесіне айналдырудың ерекше бір түрі «Маймен тілдесудің» өзі қазақ поэзиясы үшін бұрын кездеспеген қадам болатын» [3, 52] - дейді Р. Бердібаев. «Мамырым менің» өлеңінде де ақын жыл мерзімі мен маусымын тірі адам кейпінде оған ерекше назар аударта сөйлейді. Ақынның бұл туындыларының С. Мұқановтың «Майға сәлеміне» ұқсас тұстары да осында. Ал суреттелген жыл мезгіліндегі дала суреті екі ақын жырында екі басқа. С. Мұқанов май айының атына «жолдас» деген сөзді қосақтап, лирикалық кейіпкеріне кеңес азаматына тән саяси ресмилік сипат дарытады. «Май мейрамының өзін ақын «жолдас» деп атап, оны жаңа адам, жұмыскер бейнесінде елестетеді» - дейді М. Базарбаев бұл туралы Ж. Жақыпбаев «мамырымның» жөні бір басқа [4, 303] . Ол:
Бозамық көкке бозторғай құсты ілдірген,
Мал өріс қырға масаты тыстап үлгірген,
Мамырым менің жер бетін түгел көгерткен,
Үйренем сенің үлгіңнен.
Жұпары молым, жұлдызы көбім, жарығым,
Аспандатар адамның алуан дарынын,
Жер бетін түгел көгерткен, жөні бөлегім,
Мамырым менің мамырым! - [2, 57]
деп мезгілдің адам жан дүниесімен астасар тұстарын баса көрсетеді.
Ж. Жақыпбаевтың туған жер тақырыбындағы жырларының үлкен бір тобы - арнау сипатындағы өлеңдер. Ақын көп өлеңдерін туған ауылына жеріне, өзен-суларына арнаған. Бұл қатарда «Шұғынық гүл төркіні» жыр шоғырының төртінші өлеңі. «Туған ауылда», «Сарноқайға сәлемдеме», «Сарноқай саздары» өлеңдері, «Көктемгі хаттар» жинағындағы «Өзгелер мансап жолмен жөнелсе өрге», «Жан-жағы толы тау суға . . . », «Жүйкеге тиер жоқ жүзім . . . », «Туған жерге», «Қаратал» сияқты туындыларды атауға болады. Бұларда ақын туған өлкенің табиғаты, өзен, тау, жер аттары, ауыл адамдарының есімдері жиі кездесіп отырады. Солар арқылы туған аймақтың бүкіл тыныс-тіршілігі ғана танылып қоймайды, лирикалық қаһарманның өзіне етене таныс суреттерден оның соларға деген махаббаты аңғарылып тұрады. Алайда ақынға Қазақстанның кез келген өлкесі ыстық, өйткені ол да ұрпаққа қалдырған ата-баба мұрасы. Ақын сол мұраның молдығын, кеңдігін мақтаныш тұтады.
Табиғат лирикасы ақыннан ерекше байқағыштықты, талғампаздықты талап етері сөзсіз. И. Б. Гетенің: « . . . Бірақ қасиетсізден тектіні, сиықсыздан сұлулықты екшеп алу жай нәрсе емес» - деуі көп сырды аңғартады [5, 585] . Ж. Жақыпбаевтың шығарма мазмұнын көркем пішінге көшіру барысында көріктеу құралдарына негіз боларлық өмірлік материалдарды табиғаттан қапысыз екшеп ала білетіндігінің ең үлкен айғағы - оның пейзаждық лирикасы деп білеміз.
Қаламгердің өмірбаяндық өлеңдеріндегі лирикалық қаһарманның серілік сипатта танылып отыруы реалды автордың жеке басының ерекшеліктерімен тікелей байланысты, Ж. Жақыпбаев өмірде де, бірнеше өнердің иесі болған және оның психологиялық қасиеттері де сал-серілер бейнесін еске түсірерліктей еді. Ақын жөніндегі естеліктерге сүйене отырып, жұмыста бұған нанымды дәлелдер келтірілді.
Жан-жақты өнер иесі болып қалыптасқан автор бейнесі оның өз өлеңдерінде сомдалған. Бұларды шартты түрде автобиографиялық өлеңдер деп атауға болады. Әдетте кез келген лирикалық өлең өзге әдеби текке жататын автобиографиялық туындылармен жақын болып келеді. Бірақ сонда да автордың өз бейнесіне өзі назар аударатын өлеңдерін ғана автобиографиялық туындылар қатарына жатқызған дұрыс. Мұндай өлеңдерде автордың өз бейнесі объектіге айналады да, лирикалық қаһарман мен объектіленген бейненің арасында біршама алшақтық пайда болады. Ол әсіресе, уақыттық алшақтық түрінде айқындалады. Теориялық еңбектерде автобиографиялық туындылардың күнделік жазбадан айырмашылығын былай көрсетеді: «Күнделік үшін (оның авторы да оның автобиографияның авторындай өз басынан не өткенін, не жайында ойланып-толғанып және нені сезінгенін айтқанымен) жазылған уақыт пен жазылған жайдағы уақыт арасындағы алшақтық тән емес; мұндай уақыттық ара қашықтықтың болмауы өз өмірін тұтастық ретінде бағалауға мүмкіндік бермейтіндігімен де автобиографиядан ерекшеленіп тұрады» [6, 12] .
Ж. Жақыпбаевтың «Шұғынық гүл төркіні» жинағындағы «Сараңға малын алдырған», «Лирикалық микропоэма», «Менің атым», «Көктемгі хаттар», жинағындағы «Шешеме», «Көздері өткір, көңіліңнің күші ересен . . . », «Өсімдік аты Жұматай», «Аршалы отау бояуы өңге, әрі өңге . . . », «Таба болман табыспайтын қасыма . . . », өлеңдері осы топқа жататын туындылар.
Жұматайдың өнерпаздық тұлғасының тағы бір қыры - күйшілік болған. Мұны да ақын тұлғасын аса жоғары бағалаушы, көзі тірісінде жанында көп жүрген қалам иелері жиі айтады. Ә. Ақпанбетұлының пікірін тыңдасақ, Ж. Жақыпбаев күйшілігінің жәй әуесқой деңгейде емес екенін де байқауға болады: «Егер «Ләйлә келгенде» күйін Құрманғазы атындағы ұлттық аспаптар оркестрі не «Отырар сазы» орындар болса, репертуарын ірілендіріп, ажарын арттырар еді. Жұматай күйшіні кезінде білімдар Асқар Сүлейменов мойындаған» [7, 38] - дейді ол.
Жұматайдың ең жақын досы, сатирик-ақын Қажытай Ілиясовтың жеке мұрағатында осы күйлердің жазылып алынған үнтаспалары сақталған. Ж. Жақыпбаев өзіне жастайынан серік еткен осы өнер түрінен өмірінің ақырына дейін ерінбеген тәрізді. Өмірден теперіш көрген сәттерінде күйлерін көңілдеріне медеу ете білген. Ақын өлеңдерінде жанына мәңгілік серік еткен осы өнер түрі де жиі еске алынып айтылады.
Жұмағұл - Шора азан сап қойылғаны,
Мейірімін шешем қосып ойындағы,
«Жұматай» деп атады кейін қыздар
осы атты керемет деп мойындады.
Жасыл тау жадыраған күн өтінде,
Осы атым жұрт аузында жүретін де,
Ат бапкер алаяқ ат иесі боп
Жас пері жаңа күйші ретінде - [8, 46]
дейді ақын «Менің атым» атты өлеңінде.
Жұматай өзінің атбегілік өнеріне өмірбаяндық тақырыптағы өлеңдеріне тоқталмағанымен, көптеген шығармаларында оған оқырман назарын аударып отырады. Әсіресе, ат сипатын сөз арқылы бейнелеген туындыларынан атбегілік қасиеті айқын аңғарылады. Бұл тақырыптың Ақан сері сияқты сал-серілер шығармашылығынан да, тіпті Абай туындыларынан да орын алғаны белгілі. Өзінің өміріндегі сүйікті тұлпарына арнаған «Кенежирен», «Кенежиренді Шора сатып жібергенде», «Кенежирен. Түн. » өлеңдерінен басқа да көптеген туындыларында сенімді серігін еске алып отырады. Ақын түсінігінше жүйрік ат міну нағыз жігіттің ажырамас қасиеті болуы тиіс. Оны ол серілік салты деп ұғады. Бұл әрине халық арасында бұрыннан келе жатқан түсінік. Бұлардан басқа да жалпы тұлпарлар жөнінде немесе бәйге, көкпар жөнінде жазылған жырларынан да Жұматайдың атбегілік қасиетін аңғарамын. Мұндай өлеңдерінің қатарында «Көк жорға», «Саздауыт», «Арман», «Көкпар», «Сарноқайға сәлемдеме» жыр шоғырындағы кейбір өлеңдер, «Той. Сарыжайлау» сияқты шығармаларды атауға болады. «Бір жігіт айтыпты» деген өлеңінде тұлпар бейнесі өнердің символы ретінде беріледі.
Бұл өлеңін ақын:
Әр қазақтың жүйрік аты өзіне,
Күйдірмесе мән бермес ем сөзіне,
Жәй «күндері, тұрқы кіші, қораш» деп,
Тұлпарымды ілмейді жұрт көзіне.
Мені көрмей ұйықтап тұрсаң оян ел,
Өзің болсаң жолыңды бер, ноян - ер,
Жұрттың аты жетпегенде - қоя бер,
Жұрттың сөзі өтпегенде - қоя бер!, -
деп түйіндейді[8, 55] .
Бір сәттілік сезім бейнеленетін Европа әдебиетіндегі серенада, альба жанрларына тақырыптық жағынан ұқсас ақын өлеңдерінде серілік сезім ерекше байқалады. Серенада, альба өлеңдерінің негізгі тақырыбы - түнгі құпия махаббат кездесулері болып келеді. Ж. Жақыпбаевтың «Троллейбуста», «Шақылдақ зытып, көз таса болған заматта . . . », «Айттап кеп көлдегі тал құмға . . . », «Жер бетін жаулап алған сәттерде гүл», «Кинода», «Ойсазда» жыр шоғырының екінші өлеңінде сұлу қыз суретінен туған бір сәттік құмарлық сезімі жыр етілсе, «Ақ таңда елік жусап бір қапталда . . . », «Жұмыртқаның сарысындай ай әні . . . », «Басып тұр шегіртке шырылға . . . » өлеңдерінде құпия түнгі махаббат кездесуінің естен кетпес тәттілігі өрнектелген. Соңғы топтағы өлеңдер Ш. Құдайбердіұлының «Жастық туралы» туындыларымен үндеседі.
Ж. Жақыпбаев сал-серілер бейнесіне тән түнгі махаббат кездесуін де солар жүрген ортаға тән фонда береді. Мұндағы суреттелетін шағын оқиға нағыз романтикалы ортада - табиғаттың тамылжыған шағында, жайлау төріндегі ақ боз үйлі ауылда өтеді.
Өмірбаяндық өлеңдерінде ақынның серілік қасиеттері объект етілсе, бір сәттік интимдік сезімді, құпия махаббат кездесулерін жырлайтын өлеңдерінде бұл қасиеттер шығарма субъектісі арқылы танылады. Тұлпар, көкпар, бәйге жөніндегі және альба, серенада сипатындағы өлеңдері реалды автордың өнерпаздық, серілік қасиеттерінен хабар берелік қасиетімен өмірбаяндық өлеңдерге жақындай түседі. Оларды нағыз автопсихологиялық туындылар деп бағалаған дұрыс. Бұл туындылар ақынның күнделікті тіршілік күйбеңінен жоғары тұрғаны, рухани тазалығының куәсі іспетті.
Ж. Жақыпбаев өнер тақырыбында жазылған өлеңдерін іштей үш топқа жіктеуге болады. Атап айтсақ, біріншісі, жалпы өнер және оның өнер құдіретін дәріптегені, екіншісі, белгілі өнер адамдары тұлғасын танытатын, үшіншісі, өнер зиянкестері.
Бұл тақырыптар кейде жеке өлеңге арқау болса, кейде бір өлең бойынан өзге тақырыптармен қатар көрініп отырады. Өнер - Ж. Жақыпбаевтың ең көп қалам тартқан тақырыбы. Өмірбаяндық өлеңдерінде автор өзін-өзі танушы сипатында көрінсе, өнер тақырыбындағы туындыларында эстетикалық мәселелерге көңіл аударады. Жалпы өнер тақырыбына романтик ақындардың ерекше назар аударатыны орыс зерттеушілері дәл байқаған. Өзінің табиғаты жағынан романтик ақындарға көп жақын Ж. Жақыпбаев бұл тақырыпқа қайта-қайта баруы заңды да. Жұматайдың бұл туындыларында өнердің өлместігі, өнер адамының қиын тағдыры жиі арқау етіледі. Мұның көбін ақын өз бейнесі арқылы береді, кейде жалпы мәселелер сөз болғанымен, ақын өлең соңында өзіне оралып отырады. Жұматайдың жалпы өнер мәселесіне арналған өлеңдерінің қатарында «Бір күлермін ғарыш жаққа кетерде», «Шықтай жаннан шықпайды бір кекесін . . . » («Гүл Қасида» жыр шоғырының екінші өлеңі), «Қалың қардай ақ шалғынмен шабылған», «Хан сурет», «Көшеде», «Жазықсыз», «Абайға», «Анасынан туа асқар», «Халыққа жетпей соры қайнаған . . . », «Ызыңды қырға көделі», «Поэзия», «Дабысын дау-дамай өсірген . . . », «Қырт», «Дүрегей сөз Қабылхан», «Ақындар», «Менің төлеңгіттерім» сияқты туындыларды айтуға болады. Бұларда сөз өнерінің өлмес қасиеті жырланса «Бомбейлік композитор Құйын», «Өзін тірідей өлтіріп қайыр сұраған йог туралы», «Үнді ақынының айтқаны», «Музыка», «Талайды оқып, талайды көріп . . . », «Уәлібай мешіті» сияқты өлеңдерінде жалпы өнер, өнер адамының психологиялық ерекшеліктері бейнеленген.
Суреткерлік адам мен өмір жөніндегі шығармашылық концепциясы осы өнер тақырыбындағы өлеңдерінен ерекше көрінеді және ол ақынның өмірлік тәжірибесі негізінде пайда болғаны айқын аңғарылады. «Қазанғаптың құрдасы айтыпты деген сөз» атты өлеңінде автордың өнерге, өнер адамына жанашыр болып, оның сөзін сөйлейтін жанды іздеген аңсары танылады. Бұл аңсар ақынның өмір деректерінен де көрініп тұрады. Ақын жинақтарына енбей қалған «Құрдас жұлдыздар» өлеңі де өнер қайраткерлеріне арналғанымен, автордың өз тағдырын да бейнелейтін ерекешелігі бар туынды. Қаламгердің кейбір туындылары белгілі өнер иелеріне арналғанымен, туындыда олардың аты аталмай, ол мазмұнның мәтін астарынан танылатын кездері көп. Бұл тұста қаламгер оқырмандық қабылдау ерекшеліктерін есепке алған.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz