И. Оразбаев поэзиясының шеберлік тұғыры


Жұмыс түрі:  Дипломдық жұмыс
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 63 бет
Таңдаулыға:   

МАЗМҰНЫ

КІРІСПЕ . . . 3

І тарау. Ақын поэзиясының тақырыптық-идеялық өрісі.

1. 1 Ізденіс жолдары . . . 6

1. 2 Өмір шындығы-поэзия негізі . . . 20

ІІ тарау. И. Оразбаев поэзиясының шеберлік тұғыры

2. 1 Лирикалық образ болмысы . . . 37

2. 2 Көркемдік өрнек бедері . . . 47

ІІІ. ҚОРЫТЫНДЫ . . . 60

ІҮ. ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР . . . 63

КІРІСПЕ

Жұмыстың зәрулігі . Поэзия өнері, поэзия ұғымы қазақ әдебиеттануында барынша зерттелген сала. Осы орайда, ұлттық поэзияның арғы-бергі тарихы зерттеу мен зерделену тұрғысынан биік белестерге көтерілді. Aқындық өнердің тарихы мен табиғаты, жанрлық-көркемдік жүйесі, тақырыптық-эстетикалық нысанасы- А. Байтұрсынов, М. Әуезов, Қ. Жұмалиев, Е. Ысмайылов, З. Ахметов, З. Қабдолов, С. Қирабаев, Т. Кәкішев, М. Базарбаев, Ә. Нарымбетов, Т. Әбдірахманова, Қ. П. Жүсіп, Р. Нұрғали, С. Негимов, т. б. ізденіс, еңбектерінен кең орын алды. Сондай-ақ, Ж. Дәдебаев, Қ. Ергөбек, Б. Майтанов, Б. Кәрібаева, Б. Сарбалаев, Ә. Бөпежанова, Б. Кәрібозұлы, С. Жәмбек, Е. Тілешев т. б. зерттеулерінде кеңінен қарастырылды. 60 жылдар поэзиясында қалам тербеген Қ. Мырзалиев, Ә. Тәжібаев, Ғ. Қайырбеков, Х. Ерғалиев, С. Жиенбаев, С. Мәуленов, Т. Бердияров, М. Мақатаев, Т. Айбергенов, Ж. Нәжімеденов ақындардың жырлaрында салт-дәстүрді, қазақы тұрмысты халықтық сипатты танытатын көріністер поэзияда айқын көрінеді. 60 жылдары күрделі теориялық мәселелердің сырын аңғаруға бағытталған ірі қадамдар жасалды. Е. Ысмайыловтың "Ақындар" монографиясында халық поэзиясының өркендеу жолдары, айтыс өнеріндегі дәстүр мен жаңашылдық жайлы сөз болса. Ә. Тәжібaевтың "Поэзия және өмір" атты кітабында қазақ лирикасының дамуы, көркемдік сырлары ажарлы да әсерлі бейнеленеді. Одан бергі кезеңде елiміздегі саяси-қоғамдық жүйеге кірген өзгерістерге сай, әдебиетке деген талап өзгерді. Партия қаулылары күшін жойып, шығармашылық адамына шектеу қою біртіндеп азая бастады. Жеке адамға табынушылықты сынаумен байланысты идеологиялық тежеу мен ой-пікірден босау қазақ поэзиясының шындықты шынайы түрде бейнелеуіне, осы саладағы көркемдік ізденістеріне жол ашты. Саясатқа құрылған науқандық өлеңдер азайып, адамның рухани тіршілігін, қуанышы мен қайғысын, сүйіспеншілік сезімдері мен табиғатпен сырластығын жырлaуға мүмкіндік туды. Туғaн жерді, елін, ұлтын сүйе жырлауға бөгет болған жоқ. Осындай кезде әдебиетімізге келген ұрпақ тежеу көрмеген қалпымен өмірмен еркін араласып, лириканы жаңа биік сапаға көтерді. Бұлардың шығармашылығы шындықтың бетіне жалтақсыз қарап, ойын бүкпесіз ашық айтумен, поэзиядaғы әр алуан жазу өнерін байытумен, бір-біріне ұқсамайтын стильдік ерекшеліктерімен көзге түсті. Олaр өз Отанын, Қазақстанын, қазағын сүйетін, оның ұлттық ерекшеліктері мен мінез-құлқын кең жырлап танумен ерекшеленеді. Ақындық пафостың жоғарылығы, өмірді танудағы, бейне есебінде ұғудағы мәдениетімен қазақ поэзиясын жоғары көтерді. 70 жылдардағы поэзия әлеміне келген ақындардың А. Бақтыгереева, К. Ахметова, Н. Оразалин, Қ. Бұғыбаева, Р. Ниязбек, Ж. Әбдірашев, К. Мырзабеков, А. Егеубай, Ж. Жақыпбаев, Ұ. Есдәулетов, Г. Салықбаева шығармашылықтарын негізге алып жазылған зерттеу жұмыстары болғанымен, олардың негізгі қалыптасу арналарын, даму сипатын айқындауға бағытталған жұмыстар аз. Соның ішінде ақын И. Оразбаев шығaрмашылығы жайында арнайы нысанға aлынып, зерттелген толымды зерттеу еңбек жоқ. Біз бұл зерттеу еңбегімізде Иранбек Оразбаев шығармашылығын арнайы зерттеу нысаны ретінде алып отырмыз. Ақынның шығармашылығын арнайы зерттеу нысанына алып, ғылыми негізде талдауға арналған еңбектер жоқтың қасы. Оның үстіне ақынның шығармашылығы арқылы қазақ поэзиясында пайда болған жанрлық өзгерістер мен пішіндік құбылыстар, көркемдік сипаттары мен қырлары, ақынның көркем ойлау, көркем бейнелеу, көркем образдар жүйесінің белгілі бір мақсатқа құрылу, сол арқылы жүзеге асу, ұлттық топырақтан тамыр тартып ұлттық бейнелеу нақыштарымен ұштаса алатындығын анықтау мәселесі әлі күнге дейін жан-жақты қарастырылмаған. Бұл осы мәселелердің арнайы зерттеу нысанына айналдырған еңбектің зәрулігін көрсетеді.

Жұмыстың өзектілігі. ХХ-ғасырдағы қазaқ поэзиясынa жаңашыл серпінмен келіп, қазақ әдебиетінде жаңашылдық рухтағы поэзия тудырған ақындардың алдыңғы қатарында тұрған Иранбек Оразбаев поэзиясы қарымды зерттеуді, жіті бақылауды талап етеді. Ақын поэзиясының даму үрдісі, көркемдік тұтастығы мен бейнелеу құралдары, түрлік-пішіндік, идеялық-мазмұндық сипаттары жан-жақты зерттеу нысанына айналуы тиіс. Осы тұрғыдан алғанда аталмыш жұмыстың өзектілігі туындайды.

Жұмыстың зерттелу сипаты. Қазақ поэзиясының көркемдік мәселесі, бейнелілік сипаты Р. Сыздықова, Т. Әбдірахманова, Қ. Мұхаметқанов, М. Базарбаев, Б. Уақатов, Қ. Өмірәлиев, Қ. Алпысбаев, С. Негимов және өзге ғалымдардың еңбектерінде жан-жақты талданған. С. Ержанова «Тәуелсіздік кезеңіндегі қазақ поэзиясының көркемдік тұтастығы мәселелері» (авторефераты), Ж. Ә. Айтмұхамбетова "Қазақ поэзиясындағы мифа поэтика" тақырыбындағы докторлық диссертациясының негізінде "Иранбек Оразбаевтың "Қорқыттың көрі" драмалық дастанындағы мифтік-аңыздық сарын" атты мақаласы, А. Кеңшілікұлы "Қазақты сүю", Б. Кәрібозұлы "Қазақ өлеңінің ұлттық сипаты"(авторефераты), Н. Г. Сәлімқызы"Ақын поэзиясындағы дәстүр жалғастығы" мақаласы, С. Тұрғынбекұлы "Алдаспан ақын", Қ. Ә. Жақсылықұлы "Тәуелсіздік жылдарындағы қазақ поэзиясы:ізденістер, проблемалар" (диссертацияның авторефераты), Б. Бегманова "Иранбек Оразбаев өлеңдеріндегі тәрбиелік мән" мақаласы, Құрманғали Қ. «Абай жолы: (Ақын Иранбек Оразбаев туралы), С. Омарова "Ақын үні", А. Б. Алимжанова "Ақындық өнер және көркемдік қабылдау табиғаты" мақаласында жауқазын жырларына арнайы тоқталып қана қоймай, ізденіс мұраттарын, көзқарас эволюциясын, ондағы сыр-сезімді, көркемдік өрнектерді, өлеңдегі өмірін тап басып көрсетеді. Ақындық өнер мен көркемдік қабылдау мұраты өмір тәжірибесімен, уақыт бедерінен де із береді.

Қазіргі қазақ поэзиясының көрнекті тұлғасының бірі-Иранбек Оразбаев халқының поэтикалық тілінің бай қорын, тілдік мүмкіндіктің терең құбылысын жасап жүр.

Поэзияның көркемдік жүйесін поэтикалық мәтін арқылы талдау негізінде тілдік заңдылықтарға сүйене отырып әрбір сөз бөлшектерінің қуаты, тыныс белгілік құбылысы, кескіндемелік өрнегін анықтау;

Поэзияның көркемдік құралдары, бейнелеу тәсілдері адам жанының небір сезімдерін шебер суреттеуге мүмкіндік бeретінін дәлелдеу;

Поэтикалық тұлғасын жасайтын әдеби көркемдіктердің тұтастығы ақынның өзіндік сөз қолдану, түрлендіру, құбылту, ауыстырудағы жетістіктерімен ерекшеленетінің байқату;

Зерттеу жұмысының жаңалығы. Қазіргі кезде төл поэзиямызда көркемдік жүйесімен көзге түсіп жүрген Иран-Ғайыптың шығармашылығы зерттеу нысанына толық алынбай, даму бағыты айқындалмай келеді. Диплом жұмысында: өлеңдегі өлшем, бірліктері мен сыр-сезім сипaттaры, шумақ пен тармақтың түрлері, ырғақ пен бунақ үйлесімі, сөз бен дыбыс үндестігі бaйыпты қарастырылды; Ұлттық поэзиядағы дәстүр мен сабақтастық мәселесі, көркемдік-эстетикалық құндылықтар, ақындық ерекшелігі мен шеберлік сырлары жан-жақты ашылды; Ақынның өлең-жырларындағы лирикалық кейіпкер, қоғамдық құбылыстары мен кезең көріністері, табиғат суреттері нақтылы талдауларға негіз етілді; Иран-Ғайыптың ақындық өнері шығармашылық мұраттарымен кешенді түрде байланыстырылып, осының негізінде қазіргі қазақ поэзиясымен сабақтастықта өріс алады. Ақын лирикасының табиғаты ашылып, ондағы көркемдік құндылығы нақтылы талдау, зерттеу мен зерделеу жүйесін құрайды.

Зерттеу нысаны ретінде И. Оразбаев лирикасы, әр жылдары жарық көрген жыр жинақтары мен ол туралы жазылған әдеби-сын еңбектері негіз етіле отырып, қазақ поэзиясының сомдалған поэтикалық тұлғасын жасайтын әдеби көркемдіктердің тұтастығы Иран-Ғайыптың өзіндік сөз қолдану, түрлендіру, ауыстыру мен құбылтудағы қолданудағы жетістіктері зор, әдеби тілдің әсемдігі мен әсерлілігі үшін қажетті көркемдегіш тәсілдердің, фигуралардың түрлерін қолдануында ешкімге ұқсамайтын өзіндік дара ерекшеліктері: мәселен, метафораны тек ұғым ауыстыру ретінде ғана емес, логикалық ұқсастығы жағынан қолдану, эмоцияны оқырманға жеткізуде тембр мен интонация, қайталауға да ерекше мән берген. Осындай жетістіктер поэзиямызбен тіліміздің бай қорын жасап қана қоймай, тіліміздің мүмкіндіктері тереңде екендігінің бір дәлелі. Ақын өлеңдері көбінесе жыр шумақтарымен жазылған. Қазақтың қара өлең ұйқасымен қоса қазіргі қазақ поэзиясында "кетік" ұйқас деп атауға ұсынылған, толымсыз ұйқасты да көптеп қолданған ақынның бірі.

Зерттеу жұмысының құрылымы. Зерттеу жұмысы кіріспеден, іштей екі тармаққа жіктелген екі тараудан, қорытындыдан және пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.

І АҚЫН ПОЭЗИЯСЫНЫҢ ТАҚЫРЫПТЫҚ-ИДЕЯЛЫҚ ӨРІСІ

1. 1 Ізденіс жолдары

Ұлттық поэзияның ұлы мұраттарын бар қырынан ашып, биік бел-белестерге көтерген -С. Мұқанов, Ә. Тәжібаев, С. Мәуленов, Ғ. Қайырбеков, М. Әлімбай, М. Айтхожина, Ф. Оңғарсынова, А. Бақтыгереева, К. Ахметова, Н. Оразалин, О. Сүлейменов, Қ. Мырза Әлі, Қ. Бұғыбаева, М. Шаханов, Ө. Нұрғалиев, С. Иманасов, Р. Ниязбек, Ж. Әбдірашев, К. Мырзабеков, А. Егеубай, Ж. Жақыпбаев, Ұ. Есдәулетов, Г. Салықбаева, т. б. ізденіс-еңбектері, көзқарас эволюциялары, кеше-бүгін мәселесін жырлаудағы амал-тәсілдері қалың көптің көңілінен шығып, рухани нәр сыйлады. Аталған ақындар шоғырының бел ортасында Иранбек Оразбаев та бар. Халық қайғысын, ел мұның сарапқа салып, айғақтап, бұлтартпай айтатын, мүжілмейтін кемердей, иілмейтін емендей ол кім?. Ол-ақын!

«Ал, осы- Адамзат атаулы айналып өте алмайтын мәңгіліктің қос жолы-Өмір мен Өлімді-Аспан мен Жердей, Ай мен Күндей ажыратып бөлмей, тең көріп, тел ұстап, қатар жырлап келе жатқан қай ақын бар деген сауалға жауап берер болсақ, алдымен ауызға оралары- сөз жоқ, өз қатарларымның ішінде Иранбек Оразбаев-Иран-Ғайып болар еді . . . »[1, 6] . Ел-жұртына Иран-Ғайып деп танылған ақынның аты-жөні Иранбек Оразбаев екендігін бірі білсе, бірі білмейді. Халықта «иран бағы» деген ұғым бар. Иран - Эдем бағы, яғни жұмақ деген мағынаны берсе, ғайып - арабтың «ғаэб» деген сөзінен (жоқ болып кету, көзден тасалану, тылсым) шыққан. Бұл есімді сәбиге екі дүниенің де бақытын көрсін, иман жүзді болсын деген ниетпен қояды. Ал Иранбек Оразбаевтың не себептен Иран-Ғайып деп аталып жүргеніне келсек. Ақынның азан шақырып қойған аты шынымен де Иран-Ғайып екен, Иранбек деп құжатқа қате жазылып, кейінен солай кете барған. Иранбек Оразбаев 1947 жылы Қызылорда облысы, Сырдария ауданы, Абай кеңшарында дүниеге келген. Әкесі- Әбітай сол өлкеге белгілі атқа мінген айтулы азаматтарының бірі болған. Көп уақыт перзент сүймей, зарығып күткен тұңғышы Иран-Ғайып туады. Иран-Ғайыптан кейін екі ұл, бір қыз дүниеге келеді. Ақын тұңғыш бала болған соң ерте есейген. Оның себебі әкесі аттан құлап, сегіз жыл сал болып төсек тартып жатқанда бүкіл ауыртпашылық екі анасымен бала ақынның иығына түседі. Болашақ ақынның алғашқы өлеңі «Мектебім менің- бесігім» 6-сыныпта оқып жүргенінде «Пионер» газетінде жарық көреді. Ал кейіннен 11-сыныпта «Ленин жолы» газетінде тұтас өлеңдері беріледі. Иранбек Оразбаев ұзақ жылдар бойы төл мамандығы бойынша (кенші) әртүрлі қызметтер атқарады. Алғашқы әдебиет әлеміне деген еңбек жолын «Сыр бойы» газетінде бастаған ақын, 1964 жылдан бастап Республикалық баспасөз беттерінде өлең-жырлары жарияланып, оқырмандар жүрегіне жол таба бастады. «Бұл күнде ел ағасы жасының есігіне еркін еніп, ақ табалдырығын именбей аттаған ақын Иран-Ғайыптың өз оқырмандары ақ киізге орап, «хан» көтергелі қашан[1, 6] !.

Иран-Ғайып поэзиясының бір ерекшелігі-дәстүрлі қазақ поэзиясының негізгі көзі болған қара өлеңнен нәр алып, көркемдік шеберлікпен кең тынысты туынды беруінде. Ақынның ақындық өнері - талант қуатымен, көркемдік нәрімен, сыр-сезімге толы шындық сипаттарымен даралана түседі. Мұны ізденіс іздері де, қолтаңба мәнері де бедерлей көрсетеді. Зерттеу мұраттарының арналы ағысы да, өзекті һәм ұтымды қырлары да осы тұстан айқын аңғарылады. Алғашқы өлеңдерінен-ақ айырып қарауға болмайтын тең ұғымды өлең мен ақынды жырлайды. «Өлеңім кезеді» өлеңінде:

. . . Өзім кезбеймін,

Өлеңім кезеді,

Кезігер қиянға-қиынға төзеді.

Өлмейтін мәңгілік өмірімнің өзегі

Өлеңім кезерін жүрегім сезеді[2, 67] !

-деп өз өлеңдерінің болашақта өзіндік орны болатынын сезгендей жырлайды. «Әдебиет- ардың ісі» дегенді айтып жүргендердің барлығы осы талапқа сай жаза бермейді. Ал Иран-Ғайып ел атынан, қаламгер атынан қандай ортада болсын дауысын еркін шығарады. Ол қанша ашынып, шындықтың қоясың ақтара ашса да, келешектен зор үміт күтеді. Қазақ елінің өзекті мәселелерін ой сарабына салып, оны өлең дастандарына арқау етіп, қазіргі құбылыс-өзгерістерді жүрегінен өткізіп, санасында саралаған саңлақ ақынның салиқалы ой-парасатқа толы поэзиясы көркем өнердің көш басында! Иран-Ғайыптың түсінігі мен ұғымы да өзгешелеу, мүмкін ол, өмірге жолдама алған мамандығына да байланысты шығар. Ол әдебиетке бірден әдебиет ауылынан келген жоқ. Ең алдымен Қ. Сәтбаев атындағы Қазақ Ұлттық техникалық университетінің тау-кең факультетін бітіреді. Мүмкін, әдеттегі қалыптасқан санадан тыс ойлау сол техникалық университеттің қабырғасында қаланған шығар. Кейіннен барып Мәскеудегі М. Горький атындағы Әдебиет институты жанындағы жоғары әдеби курсын тәмәмдайды. Әдебиетке де әуелден-ақ көп өлеңшілердің бірі ретінде емес, өзгеден оқшау мінезімен, өзгеше түсінігімен келді. Иранбек Оразбаев шығармашылығына қазақтың талай ақындары ыстық ықыласымен пікір айтып келеді. Сондай дуалы ауыз ақындарымыздың бірі-Сырбай Мәуленов. Ақынның поэзиясы хақында: «Иранбек өлеңді табиғи күйінде, қысылмай-қымтырылмай еркін құятын, тынысы ауқымды, адымы аршынды, суреткерлік көзінің көкжиегі мейлінше кең зергер ақын»[3, 25] . Ақын шығармашылығының тағы бір қыры жүрегі жарыла санасына сәуле түсіріп, өмірден адалдық пен ізгілік іздеген жас жүрек, сол жүректен шыққан сөздер қара сиямен ақ қағазға жазылып жатады. Иран-Ғайыптың өмірлік өнегесі мен адамшылық қасиеттерді қадірлейтін өлеңдері көп.

Жатар болса жүректер ынтымақпен үндесіп,

Кіршіксіз пәк тілектер көтерілмек күнде өсіп.

Адамдарға лайық емес пе осы сыйластық,

Сыйластықты ұрпаққа кетейікші мирас қып?. . [2, 18]

Адамдар арасындағы татулық, бауырмалдық пен сыйластықтың қаймағын бұзбай, атадан балаға, баладан атаға мирас қылудан асқан бақыт бар ма?!. Осындай адами қасиеттердің өзін мирас етіп қалу қандай ғанибет! Ақын өлеңіндегі өнеге деген осы. Бүкіл әлемге жан дүниесін жайып салу ақын адамның дүйім жұрттан жалғыз-ақ айырмасы осы шығар. Иран-Ғайып шығармашылығының ерекшелігі де, өзіне тән дербестігі де-бүкпесіз ақтарылып, сырласып, сенім арта біліп, сендіре білуінде. Ақын аға, бір сұхбатында: «Мен үшін өлең жазу- тамақ жеген сияқты. Тамақ жемеген адам қалай аштан өлсе, мен де өлең жазбаған болсам, солай өліп қалар едім, «аштықтан» . . . Өлең- Менің Рухани Қорегім»[4, 29] . Осы бір сөздің өзінде ақын өмірінде шығармашылығының қаншалықты маңызды орын алатындығы айдан анық. Иранбек Оразбаев қазақ өлеңіне өндірте жазумен ғана емес, өзінше жазуға ұмтылысымен де танылған өнер иесі. Ақын шығармашылығы арқылы замандас қаламгерлердің өлең-жырларынан артықшылығы мен өзіндік өзгешеліктерін тануға болады. Мәселен, Иран-Ғайыптың "Тірілдім" атты өлеңі Мағжан Жұмабаевтың өлеңімен көтерген тақырыбы, ой жағынан үндес болып келеді. Екі ақынның да көркемдік жағынан берілу жолы әр түрлі болғанмен, ой үндестігі анық көрінеді.

Тағдырым талай қырсығып,

Пәлеге мың-сан ұрындым-

Тауқымет зіліне тұншығып,

Өле де өле тірілдім.

Тірілдім . . .

Көзім ашылды,

Түйсініп дүлей тылсымды-

Көңілімнің нұры шашылды,

Бұлттан шыққан күн сын-ды[5, 70] .

Сансыз күндер ой астына көмілдім,

Қор болып ем көңілін таппай көңілдің.

Жаспен жасып, оймен азып-тозып ем,

Өліп едім, бүгін тағы тірілдім.

Жаным өлік еді, жанға жан кірді,

Тамыр кеуіп еді, ыстық қан жүгірді.

Жиегінде қорғасындай көгімнің

Бүгін ғана бақыт таңы білінді[6, 114] .

Қазақ жерінің көсегесін көгертіп, байытуға бекінген жас ақын, алғашқы жырларынан-ақ поэзия пайғамбары Абайдан дәріс алып, оның шынайы шәкірті болуға ұмтылыс-құштарлығын көрсетеді. Иранбек Оразбаев қазіргі заман мен қоғамның бүгіні мен ертеңі туралы ащы болса да, ақиқат ойларын ашық айтып жүрген ақындарымыздың бірі. Ал сол шындықты айту үшін Абайдың ақыл-парасаттылығы мен өрлік-ерлік екпіні қажет. Ақын Абай поэзиясынан нәр алып, өзінше, өзгеше жырлай бастайды.

Жақсы да жүр,

Жаман да назарымда,

Жырым менің-тірлігім,

Базарым да!

Тірі екем деп қуанам жазарымда!

Жаны сұлу жадында жырым қалса,

Қорқытпайды ауру да,

Ажалың да! . . . [7, 87] .

Ақын өлеңдерінің барлығын да деп айтсам, артық болмас. Абай Құнанбаевті пір тұтып, өнеге етіп жазған. Ақын Иран-Ғайып көңіл көктеміндегі сезімдері енді ғана бүршік атып, он алты жасынан асқанда өлең-жырларын жазады. Соның бірінде:

Бір туатын ғасырда рабайда,

Мен ешкімді теңемеймін ұлы Абайға

Тұрғызбасақ бәріміз бір Абайды,

Поэзия щаңырағы құламай ма?

Қарлы шыңнан ағатын, басын құрап,

Әр жас ақын аптыққан асыл бұлақ.

Барша бұлақ бір өзен құрамаса,

Дала шөлдеп қалмай ма, ғасыр жылап.

Пейіліңнен нұр-шуақ, таппаса арай,

Тарих шенін төсіңе тақпас оңай.

Бір мұрагер қалдырған шығар, бәлки,

Аруақты арқалы, ақбас Абай [2, 112] !

Ақын асқар тауға көз сүзе бергеннен көрі, сол ұлы таудың биігіне көтеріліп, дүниеге қарағанда ғана жаны тыныштық табатынын сезінеді. Абай әлеміне еркін еніп, оның өлең сөздегі дәстүр-өнегесін лайықты жалғастырған қазақ ақындары (Шәкәрім, Мағжан, Сұлтанмахмұт т. б. ) көркемдік-рухани мәселелерді, адам мен оның еңбегін, өмір-тұрмысын тереңнен толғады. Әдебиеттанудағы дәстүр жалғастығы туралы сөз қозғаған З. Ахметов Абай Құнанбаевтың дәстүр жалғастығына тоқтала келіп: «Абай шығармашылығының қоғамдық, танымдық, көркемдік-эстетикалық мәнін толық түсіну үшін оның әдебиетте орнықтырған бейнелеу әдіс- тәсілдері, дәстүрлері, үлгі-өнегесі қалай жалғастық тапқанын арнайы қарастырып, тексеру қажет. Ақын тұлғасы қаншалықты ірі болса, ықпалы соншалықты зор болатыны, айналасына түсетін жарығы да мол болатыны анық», - дейді [8, 245] .

Жыр сарайын тамашалап Абайдың,

Күмбезіне көз тіктім мен талайдың.

Орда бұзар отызымның отауы-

Өзге отауға ұқсамауын қалаймын . . .

Сырда сырбаз еркін өскен бұлан-ай,

Ауыр сыннан өтермісің құламай.

Кім біледі- озық ойлы қаламын-

Кімге сыйлап кеткендігін Ұлы Абай?![2, 66] .

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Өлең сөздің патшасы
«Поэзия, сен менімен егіз бе едің»
Мұқағали мұрасы - сөз маржаны
Айтбай Белгібайұлы айтыс жанрындағы келбеті
«М.Мақатаевтың» портреті
Мұқағали Мақатаев Сүлейменұлы
Мұқағали Мақатаев - мәңгі жыр
Қазіргі қазақ поэзиясының даму барысы
Мұқағали Мақатаев поэзиясынның көркемдік жүйесі
Көркем өнер шығармашылығының 70-80 жылдардағы ерекшеліктері
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz