Қазақ тіліндегі кірме сөздердің сөзжасаудағы қызметі



Жұмыс түрі:  Дипломдық жұмыс
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 61 бет
Таңдаулыға:   
Мазмұны
КІРІСПЕ БӨЛІМ
НЕГІЗГІ БӨЛІМ
І тарау Кірме сөздерді топтау мәселелері
1.1. араб-иран тілдерінен енген сөздер
1.2. моңғол тілінен енген сөздер
1.3. түркі және моңғол тілдеріне ортақ сөздер
1.4. орыс тілінен және орыс тілі арқылы басқа тілден енген сөздер
ІІ тарау Қазақ тіліндегі кірме сөздердің сөзжасаудағы қызметі
2.1. Қазақ тіліндегі кірме сөздердің сөзжасамдық қасиеттері
2.2. Қазақ тіліндегі кірме сөздер негізінде сөзжасам
2.3. Қазақ тіліндегі кірме сөздердің семантикалық арақатынасы
ІІІ тарау XX ғасырдағы кірме сөздер сипаты
3.1. XX ғасырдың басындағы ұлт зиялыларының кірме сөздерді аударудағы басты
ұстанымдары
3.2. 20-ғасыр прозадағы кірме сөздер және олардың стильдік қызметі
3.3. Сұлтанмахмұт Торайғыровтың Қамар сұлу романындағы кірме сөздердің
қолдану сипаты
ҚОРЫТЫНДЫ БӨЛІМ
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі
ҚОСЫМША

КІРІСПЕ БӨЛІМ
Кірме сөздер жайындағы жалпы түсінік
Тілдің сөздік құрамының толығып кемелденуі бір ғана өзінің ішкі
мүмкіншіліктері арқылы болып қоймайды. Сонымен қатар өзінде жоқ сөзді өзге
тілдерден ауысып алу арқылы да тіл өзінің сөздік құрамын байытып,
жетілдіріп отырады. Қазақ халқының ертедегі даму тарихына көз жіберсек,
көптеген елдермен тығыз байланыста болғандығын көреміз. Бұл жайында Қазақ
ССР тарихында былай деп жазылған: Қазақстан жеріндегі халықтардың
Қытаймен, Орта Азиямен, Волга Булгариясымен және Киев Русімен сауда
байланысы өрістеген. Қазақстанның, әсіресе батыс, солтүстік-батыс
аудандарының халқы Русьпен өте-мөте берік байланыс жасап тұрған. Русьпен,
Шығыс Еуропаның басқа халықтарымен арадағы осы сауда байланыстарында
негізгі делдалдыққа жүргендер булгарлар, хазарлар, онан кейін печенегтер
мен половецтер болған. Византияның деректемелері Орта Азия халықтары мен
Шығыс Еуропа халықтарының арасында біздің заманымыздың VI ғасырынан бастап-
ақ керуен саудасы болғанын айтады. Осындай айырбас пен мәдени өзара
байланыстар Қазақстан тайпалары мен халықтарының мәдениетінің дамуында
үлкен роль атқарған.1 [1, 86]
Ел мен ел арасындағы ежелгі достық қарым-қатынастың болғандығы ана
тіліміздің сөз байлығының құрамынан да айқын байқалады. Бір халық пен
екінші халық ертеде тек мал-мүлік пен киім-кешек, ыдыс-аяқ сияқты жалаң
заттарды ғана алмастырып қоймаған, соған қоса рухани байлық та бір-бірінен
молынан ауысқан. Әсіресе бір тілден екінші тілге көптеген сөздер енген.
Осымен байланысты тіліміздегі қыруар кірме сөздерді қоғам тарихымен, қазақ
халқының басынан кешкен даму тарихымен тығыз байланыстырып зерттеген жөн.
Қазақ халқының басынан кешкен ұзақ даму тарихында бірсыпыра елдермен
араласып, әр кезеңде түрлі қарым- қатынастар жасағандығы мәлім. Ертеде
тәжік, өзбек, татар халықтары арқылы 8-11 ғасырларда араб-парсы елдерімен,
12-13 ғасырларда моңғол халқымен күшті байланысты болса,
18 ғасырдан, яғни Қазақстанның Ресей қарамағына ене бастаған кезеңінен
(1731ж.) бастап күні күні бүгінге дейін орыс халқымен тікелей үздіксіз
қарым-қатынас жасап келеді. Осындай ұзақ ауыс-түйіс, мол байланыстан кейін
қазақ тілінің сөздік құрамында қыруар шетел сөздері пайда болған.
Тақырыптың зерттелу деңгейі.
Ғалым К.Аханов өз оқулығында кірме сөздер жайында былай жазады:
Кірме сөздер, яғни шығу төркіні жағынан басқа тілдік сөздер, әрбір тілдің
лексикасында да бар. [2, ?]
Профессор Әмеди Хасенов мынадай анықтама береді: Кірме сөздер – тіл-
тілдің лексикасын байытудың аса өнімді жолы; халықтар мен олардың тілдері
қарым-қатынастың айқын көрінісі; мемлекет пен мемлекет, халық пен халық
арасындағы экономикалық, саяси, мәдени байланыстардың нәтижесі. Осындай
қарым-қатынастар арқылы бір тілден екінші тілге көптеген сөз ауысады. Бір
тілдің сөздері екінші не үшінші, төртінші бір тілге тікелей де, жанамалап
та, сатылап та, екінші бір аралық тіл арқылы да, сондай-ақ, ауызша да,
жазбаша нұсқалар арқылы да ауыса береді. [3, 103] Сондықтан қазіргі дүние
жүзінде кірме сөздер болмайтын тілдер жоқ деуге болады.
1998 жылы жарық көрген лингвистикалық түсіндірме сөздігінде былай
делінеді: Кірме сөздер – бір тілден басқа тілге енген бөтен тілдің
элементі (сөз, морфема, синтаксистік құрылыс т.б.) Сөздің басқа тілге кіруі
тілдің қатынас нәтижесінде болатын тарихи құбылыс. [4, 118]
Қазақстан ұлттық энциклопедиясында: Кірме сөз – басқа тілдерден
енген сөздер,- делінеді. [5]
Лингвист Ә.Болғанбаевтың пікірінше, кірме сөздер (заимствование)
дегеніміз тілдің өзіндік сөзжасам тәсілімен емес, басқа тілдердің ықпалымен
жасалған немесе олардан енген сөздер. Яғни сөздің дыбыстық тұлғасы да,
мағынасы да өзге тілге қатысты сөздер кірме сөзер делінеді . Жер шарында
өмір сүріп келе жатқан үлкенді –кішілі халықтардың қай-қайсысында болсын
өзге тілдерден сөздер көптеп кездеседі. Мәдениеті кенжелеп дамыған ұсақ
халықтарды былай қойғанда, мәдениеті гүлденіп өскен ең озат деген
халықтардың сөздік құрамы да таза тума сөздерден құралмайтындығы
дәлелденген. Зерттеушілер ағылшын тілінің сөздік құрамының не бары 30
проценттейі ғана өзінің төл сөздері, ал қалғаны өзге тілдерден ауысып
келген дегенді айтады. Түркі тілдері мен басқа тілдердің арасында да сөз
ауысу тек бір жақты болмай, екі жақты болып отыр. [6, 140]
Лексиколог Ғ.Мұсабаевтың пікірінше, аң атаулары, әсіресе, құс
атауларының көпшілігі иран тіліне түркі тілдерінен ауысқан. Сонымен қатар
араб-парсы тілдеріндегі мынадай сөздер түркі тілдерінен ауысқанын атап
айтады, Мысалы: ата, аталық, адырна, орда, ақша, елші, адас, ұлы, ту,
темір, шабар, сорпа, тоқпақ, қаймақ, құл, ұлус, олжа, өлік, жылқы, қаз,
қарға, қарақұс, сұңқар, қызыл, қылшық, қамшы, қосын, қарауыл, қарақшы,
қайық, аю, арыстан. [7, 97]
Орыс тілінің сөздік құрамындағы айран, алтын, кумыс, серьга, чулан,
т.б. сөздер ертеде түркі халықтарынан ауысқан.
Н.К.Дмитриевтің пікірінше, түркі тілдерінің ықпалы славян тілдерінің
тек лексикасына әсер етіп қоймаған, славян тілдерінің грамматикасы мен
фонетикасына, бір сөзбен айтқанда, жалпы тілінің жүйесіне күшті ықпал
еткен. Бұған қарағанда өзге тілдер түркі халықтарының тілдері де сол
тілдерге кем ықпал етпегендігі байқалады. Алайда, бір тілден ауысқан
сөздердің сан мөлшері әрдайым тең болады деген теріс ұғым тумауға тиіс. [8,
3-33]
Профессор К.Ахановтың пікірінше, шығу төркіні жағынан алып қарағанда,
сөздердің тілден тілге ауысуының тікелей ауысу және жанама түрде ауысу деп
аталатын екі түрі болады. Бірінші тәсіл бойынша белгілі бір сөздер бір
тілден екінші тілге тікелей енеді де, екінші тәсіл бойынша кейбір сөздер
бір тілден екінші тілге тікелей емес, басқа бір тіл арқылы енеді. Мысалы,
қазақ тіліне көшір, сөздер орыс тілінен енген. Ал бұларды шығу тегі жағынан
алып қарасақ, олар неміс тілінің сөздері болып табылады. Дегенмен,
көшір (көш,) түрме(тор) деген сөздері неміс тіліне түркі тілдерінен
ауысқан. Кірме сөздер өзімен бірге жаңа ұғымдарды ала келуі әр уақытта шарт
емес; кейде олар қабылдаушы тілде бір тектес ұғымды білдіретін сөздермен
бірге өмір сүреді.
Бір тілден екінші тілге сөздердің ену процесінде кері ену (возвратное
заимствование) құбылысы да болады. Мысалы, поляк тіліндегі buda (будка,
шалаш деген мағынада), чех тіліндегі bouda, budka – шығу тегі жағынан
неміс тілінің Bude (лавка) деген сөзі. Бұл сөз кейіннен поляк тілінен Baude
түрінде (тауға салынған жұпыны үй деген мағынада) неміс тіліне қайта
енген. [9, 17]
Тіл – тілдің лексикасында ауызша енген кірме сөздер де, жазбаша енген
кірме сөздер де бар. Ауызша енген кірме сөздердің көпшілігі тұрмыс қажетіне
байланысты зат атаулары болып келеді. Мұнымен бірге олардың ішінде
мәдениетке байланысты ұғымдардың да атаулары болады. Ауызша енген кірме
сөздерге өте-мөте тән ерекшелік сол – олар қабылдаушы тілдің дыбыстық
(фонетикалық) заңдарына, орфоэпиялық ерекшеліктеріне бағынып, соған
сәйкестендіріледі. Мысалы, орыс тіліндегі волость деген сөздің қазақ тіліне
енгенде, болыс болып өзгерілуі қазақ тілінің ол сөзді өзіне тән дыбыстық
ерекшеліктеріне икемдеп игеруінен.
Бұл жөнінде 20 ғасырдың бас кезінде –ақ Х.Досмұхаммедұлы : Қазақ
–қырғыздың түбір сөзінде бір дыбыс екіленіп (таштидтеніп) келмейді.
Сондықтан жат сөздердегі екіленіп айтылатын дыбысты қазақ –қырғыз не бір
дыбыс қылып айтады, не соңғысын бөтен дыбысқа аударады. Молла – молда,
суннат – сүннет, үммет - үмбет. Тіліміздің заңы осылай болған соң жат
сөздерді алғанда ішіндегі дыбысты екіленіп айту, жазу керек емес деген
болатын. [10, 179]
Жазбаша немесе кітаби кірме сөздер көбінесе ғылыми – техникалық
әдебиет пен өнер т.б. арқылы енген және солардың белгілі бір саласына
бейімделіп қолданылатын сөздер болып табылады. Бұлар өркениет ұғымдарына
телінген сөздер болу қасиетімен сипатталады. Сөздердің бұл тобы білдіретін
ұғымы мен мәніне байланысты ұлтаралық сөздер болуға икемделеді де, олардың
тілден тілге ауысу, кең түрде таралу қасиеті басым болады.
Академик І. Кеңесбаев пен профессор Ғ.Мұсабаев кірме сөздерді былай
жіктеген: шығыс халықтары (араб-парсы, моңғол, түркі және моңғол тілдеріне
ортақ сөздер ) және орыс тілдерінен енген сөздер. Орыс тілінен ауысып
келген сөздерді олар төрт кезеңге бөлген:
І кезең. 17 ғасырдың басына дейінгі кезең.
ІІ кезең. 17 ғасырдан бастап, 19 ғасырдың 2 жартысына дейінгі уақыт.
ІІІ кезең. 19 ғасырдың 2 жартысынан бастап, Қазан төңкерісіне дейін
ІV. Қазан төңкерісінен кейінгі кезең
Қазақ лексикологтары Ә.Болғанбаев пен Ғ.Қалиұлы қазақ тілінің сөздік
құрамындағы сөздерді негізінен төртке бөлген: 1) араб 2) парсы 3) моңғол 4)
орыс - тілдерінен енген сөздер.
Ал зерттеуші А.Ниязғалиева Қазақ сөйленістеріндегі орыс тілінен енген
сөздер атты кандидаттық диссертациясында Қытай тілінен енген сөздер деген
айдармен тағы бір топ қосу керек сияқты пікір білдіреді. Үйткені, Шыңжан
қазақтарының тілінде көптеген сөздердің бар екені анықталып отыр дейді .
Мысалы: жергілікті тілдік ерекшелікте кездесетін порми \ борми сөзі
жүгері мағынасында қытай тілінен енген (баоми), изогоссасы Шығыс
Қазақстан аймағын қамтиды, ақпорми, сарыпорми түрлері бар.
Қазақ тілінің лексикасынан қытай тілінен енген сөздер ұшырасып
қалады, бірақ мұндай элементтер көп емес. Мұндай қытай сөздері қазақ тіліне
тегінде ұйғыр тілі арқылы ауысқан болса керек: заң-қытайша: ян, (модель,
үлгі, түр); лағман (ұйғырдың ұлттық тағамы) – қытайша: латяормянь, мянь –
ұн деген сөз; мәнті – қытай тілінде: маньтау деп айтылады; жамбы (құйма
күміс) – қытайдың: юаньбао деген сөзінен шыққан. [11, 97]
Халықтардың арасындағы қарым-қатынас дамымаған кезеңде де сөз алмасу
болатынын ғалымдар – түрколог Н. Баскаков, қазақ тіл білімі ғалымдары Н. Т.
Сауранбаев, С. Аманжолов, Ә. Қайдар, Ө. Айтбаевтың дәлелдеп келгені
белгілі. Бұл мәселе туралы академик Ө. Айтбаевтың сөзін келтірейік: Ал
көне иран кірме сөздерінің қатарына арна (arna) – жер суландыру үшін
жасалған үлкен канал, кент (kent) – қала, бөз (bőz) – мақтадан жасалған
материал тәрізді бірнеше сөз жатқызылып жүр.
Сондай-ақ қазіргі қазақ тілінің құрамындағы заң, шай, шанақ сөздерінің
бір кезде қытай тілінен ауысқанын бұл күнде ескере де бермейміз.
Бұлар, яғни санскрит, ескі иран және қытай тілінің элементтері, өте
көне дәуірлер жемісі болып есептеледі, біз сөзбен айтқанда, бұлар көне
дәуірде пайда болған кірме сөздер Лексикология ғылымының маманы Ғ.
Мұсабаев араб, иран тілдерінен енген кірме сөздер деп мына сөздерді
келтірген: 1) шаруашылық, үй тұрмысына байланысты бұйымдардың атаулары:
айна, таға, атырап, торап, шырақ, байрақ, базар, таба, орамал, бадам,
перде, батпан (4-тен 6 пұтқа дейін); 2) мәдени-ғылыми ұғымдарды білдіретін
сөздер: қалам, дәуіт, қағаз, мектеп, медресе, мәлім, мағлұмат, мереке,
емтихан, ғалым, ғылым, пән, мешіт, кітап, тарих, тағы сол сияқтылар; 3)
діни қызметті білдіретін сөздер: ораза, намаз, дәрет, парыз, аруақ, құдай,
құдірет, аят, күнә, мәйіт, өсиет, бейіт, т.т.
Бұл сөздердің бәрі Л. З. Рүстемовтің Қазіргі қазақ тіліндегі араб-
парсы кірме сөздері деген еңбегінде де беріліп толықтырылған. Л. Рүстемов
парсы сөздерінің араб сөздерінен түркі халықтары тілдеріне кіруін бұрын деп
санайды, оны ғалымның өз сөзімен берейік: ...түп-төркіні иран тілдес болып
келетін сөздердің түркі халықтарының тіліне ауысуы, парсы және түркі
тілдерінің өзара инфильтрация жасау процесі ертеректе, арабтар мұнда келмей
тұрған кезде, араб мәдениетінің гүлденуінен әлдеқайда бұрын басталған.
Ғалым С. Исаев та: ...араб, иран тілдерінің әсері дегенде иран
тілдерінің әсері араб тілдерінен гөрі ертерек басталатынын да жоққа
шығармаймыз, -деген.
Қазақ тіліне араб-парсы сөздері тікелей қарым-қатыс арқылы емес басқа
тілдер арқылы сатылап кірген деп саналады. Бұл сөздердің кейбіреулері кейін
термин сөздерге ауысқан. Осы араб-парсы тілінен қазақ тіліне ауысқан
сөздердің ерекшелігі – олар қазақ тілінің айтылуы бойынша қазақ тілінде
қалыптасқан. Сондықтан қазір олардың басқа тілдің сөздері екенін ажырату
қиын.
Диплом жұмысының мақсаты мен міндеттері
Диплом жұмысының мақсаты 20 ғасыр басындағы көркем шығарма тіліндегі
кірме сөздердің ерекшелігін, олардың стильдік ерекшелігін, қолдану сипатын
қарастырып, кірме сөздерді топтау мәселелеріне көз жеткізіп, сөзжасамдағы
қызметін зерттеу.
Мақсатқа жетудегі қойылатын міндеттер:
- кірме сөздерді зерттейтін ғалымдардың пікірлерін саралап, нақты
анықтама беру;
- кірме сөздердің аффиксті және аффиксіз тұлғаларының өзара және төл
сөздермен арақатынасқа түсуі, жаңа сөз жасау мәселесін қарастыру;
- көркем шығармадағы кірме сөздерді теріп жазып, олардың мағынасын
көрсете отырып, ерекшелігін сипаттау;
Тақырыптың өзектілігі:
А. Байтұрсынұлы және алаш зиялылары тілде баламасы жоқ жағдайда шетел
терминдерін қабылдауға болады, бірақ шетел терминдерін қазақ тілінің
дыбыстық заңдарына сәйкестендіріп алу керек деп санаған. Е. Омарұлы: Пән
сөзді өз тілімізден таба алмаған күнде иаурыпа қолданған латынша пән
сөздерді алуға болады. Бірақ ондай жат сөздерді алғанда, - оны тіліміздің
заңына келтіріп өзгертіп алу керек. Тілдің заңына келмейтұн жат сөздер
көбейіп кетсе, тіл бұзылады, - тілдің негізгі қасиеттері тұрлаулы заңдары
бұзылады - дейді
Ал Х. Досмұхамедұлы термин сөздерді қабылдау тұрғысында мынадай
тұжырымдар айтқан: Тілге кірген жат сөздер сіңу үшін тілге өзілік болуы
үшін сол тілдің заңымен өзгеріп, танымастай халге келуі керек. Жат
сөздерді қолданғанда тіліміздің заңымен өзгертіп, тілімізге лайықтап алу
керек. Жат сөздерді өзгертпей, бұлжытпай алатын жер дүниеде тіл жоқ деп
айтса да болады дейді
Қазақ халқы кеңес саясатының тіліміздегі зардабын әлі ұмытқан жоқ.
Орыс тілі арқылы тілімізге кірген терминдер – тіліміздегі ең көп кірме
сөздер. Оларды ғалымдар түрлі себептерге байланысты әр кезеңде көрсетіп
келеді. Сондықтан қазақ тіліндегі кірме сөздердің көбі орыс тілінен келген
сөздер және олар орыс тілінен қазақ тіліне тікелей қарым-қатыс арқылы
ауысқан сөздер болып саналады. Ол туралы Ғ. Мұсабаев былай деп жазған:
Қазақ тіліне орыс сөздері басқа бір үшінші тіл арқылы емес, тікелей
ауысады, өйткені қазақтар орыс халқымен көрші тұрып, тығыз қарым-қатынаста
болды. 21 ғасырда - ақпарат ағыны тоқтаусыз ағылған, жаһандану кезеңінде -
тілімізге жат сөздер бұрынғы кезге қарағанда жиірек ене бастады.Тіліміздегі
басты мәселе – кірме сөздердің ана тілімізде игерілуі болып тұр.
Дипломдық жұмыстың құрылымы:
диплом кіріспеден, негізгі 3 тараудан, қорытынды мен пайдаланылған
әдебиеттер тізімінен және қосымшадан тұрады.

НЕГІЗГІ БӨЛІМ
І тарау Кірме сөздерді топтау мәселесі
1.1. Араб-парсы тілдерінен ауысқан сөздер
Бір кездегі араб шапқыншылығында бізге араб-парсы сөздері көптеп
енді. Пайызға салғанда, қазіргі орыс тілінің ықпалынан кем соқпайтын шығар.
Бұл халықтардың тілінен сөз ауысу орта ғасыр шамасында басталды деп
ұйғарылып жүр. Оған дәлел:
а) Араб пен иран тілдерінен енген сөздер көне түркі тілі сөздіктерінде
кездеспегенімен, иллюстрациялық материалдарда (өлеңдерінде, мақал мен
мәтелдерде ) кездеседі.
ә) Ол тілдерден енген сөздер 16 ғасырдың құжаты болып саналатын
жарлықтарда бірлі- жарым кездеседі. Бұл жарлықтар араб әрпімен жазылған. Ол
кезде араб әрпімен бірге ескі ұйғыр әрпі де қолданылған болса керек.
18-19 ғасырларда реакциялық бағыттағы панисламизм қозғалысымен
байланысты қазақ тіліне араб, иран тілдерінен сөз ауысу процесі күшейе
бастады. Өйткені бұл кезеңде қазақ жеріндегі үстем тап халықты құлдыққа
салу құралы етіп, ислам дінін пайдаланды.
Зерттеуші Л.З.Рүстемов пен ғалым С.Исаев пікірінше, араб, иран
тілдерінің әсері дегенде иран тілдерінің әсері араб тілдерінен гөрі ертерек
басталады.
Басқа түркі тілдерінен өзінің бейнелігімен, суреттілігімен
оқшауланып, айтарлықтай монолитті, әрі біртұтас болып келетін қазақ тіліне
шеттен енген сөздердің ішінде ең көрнекті орын алатыны араб-парсы
элементтері болса керек.- деген В.В.Радловтың пікірін ғалым Л.З. Рүстемов
те қолдады. [12, 17]
Араб-парсы тілдерінен ауысқан сөздер атқаратын қызметі жағынан өзара
бірдей деуге болмайды. Бұларды негізінен төрт топқа бөліп қарауға болады:
1. Тілге әбден сіңісіп, қазақтың байырғы төл сөзіндей жымдасып кеткен
актив сөздер. Бұлар қазақ тілінің сөздік қорына басыбүтін еніп, әбден
тұрақтанған. Ұзақ өмір сүріп, тілде жиі қолданылғандықтан, жаңа сөз,
тың мағына тудыруға ұйытқы болып келе жатқан, жұрттың бәріне өте-мөте
танымал сөздер деп есептеледі. Мысалы: ас, бақыт, ар, дүние, шаруа,
әл, дос, зат, қас, айна, дастарқан, астар, нан, шам, сабын, сынап т.б.

2. Жалпы халыққа таныс әрі түсінікті бола отырып, әлеуметтік өмірдің,
шаруашылық пен өндірістің, түрлі мамандықтың белгілі бір саласында
басым жұмсалатын терминдік сипаты бар арнаулы сөздер.
Мысалы: нарық, хал-ахуал, жәрдем, сабақ, дәлел, т.б.
3. Әр түрлі экспрессивті –эмоциялық мәні бар, ерекше стильдік реңк
тудыратын сөздер. Мысалы: махаббат, нұр, бісмілла, іңкәр, пәрмен,
арай, ажар, дария, сапар, мырза, ғұлама, апат, мәшһүр, ғаламат, тәубе,
ақырзаман, ақырет т.б.
4. Әдеби тілдің щеңберінен біржола ығысқан немесе ығысуға жағын жүрген
сөздер. Мысалы, уалаят, мизам, інжір, жарапазан, дәркер, баһадүр,
зәңгі, шаһар, т.б.
Бірқатар сөз жергілікті говорларға айналды: мәнпағат (тұрмыс,
жағдай), сада (тәрбиесіз), мұш (жұдырық), бәдірең (қияр), мұззафат (облыс),
бипая (ұятсыз), пұшайман (уайым, қайғы), қайбарт (өсек), т.б.
Араб-парсы сөздері тілімізге негізінен үш сала бойынша енген:
1. Ғылым мен мәдениетке, әлеуметтік өмірге байланысты: тарих, әдебиет,
салтанат, медресе, парасат, мансап, бұқара, дидар, бишара, аброй,
дұшпан, хакім, пән, әдет, тәрбие, тәржіме, т.б.
2. Үй тұрмысы мен шаруашылыққа, саудаға байланысты: бәс, жиһаз, қаражат,
ауқат, диһан, бағбан, зембіл, мақта, шерік, шарап, несие, т.б.
3. Дінге байланысты: құран, имам, мешіт, мұфти, құдірет, ораза, әулие,
жәһәннам, жаназа, құтба, қажы, зікір, зекет, намаз, тамық, т.б.
Бұдан басқа адам аттарына байланысты сөздер енген: Ғали, Садағат,
Мәлік, Дария, Жақып, Фатима, Айман, Жәңгір, Назым, т.б.
Оңтүстік сөйленістерінде мынадай араб, иран сөздері кездеседі: кәшек,
ақыр, зуала, дәліз, айуан, бадыраң, дәсте, дуал, жанан, пәрмен, әтішкір,
кепсер, дәліз, пешехана, қоза, қыш, мұрап, наубайхана т.б. Бұлар басқа
сөйленістерде кездесе бермейтін оңтүстікті жеке бөліп тұратын өзгешеліктер.
Актив қолданыстағы сөздер:
жегене, қоза, мұрап сияқты кәсіптік атаулар да;
бәс,бая,беденді тәрізді экспрессивті сөздер; сонымен қатар осы күнде
мүлде қолданыстан шығуға жақын ақұн, әжі т.б. сөздер кездеседі. Сол араб-
парсы сөздері біздің тілдік заңдылықтарымызға бағынып барып енді ме, әлде
біздің тіліміз сол тілдерге қарай икемделіп, өзгеріске ұшырады ма?– Араб
пен парсы тілдерінен енген сөздердің лексикалық қорымыздағы үлесі едәуір.
Араб-парсы сөздері біздің тілімізге судай сіңіп, тастай батқаны соншалық,
біз оларды еш жатсынбай, төл сөзіміз деп қабылдайтын дәрежеге жеттік. Неге?
Себебі бұл сөздердің түгелге жуығы тілімізге біздің дыбыстық жүйемізге,
тілдік заңдылықтарымызға бейімделіп барып кірді. Осы жайында түрколог
В.ВРадлов: Қырғыздардың (қазақтардың) тілі исламның ірітіп-шірітетін
ықпалынан аман қалды, әрі ол өзінің алғашқы таза түркі сипатын сақтап
қалды. Рас, оның құрамында бұл тілге жат кейбір элементтер еніп кетті,
бірақ олар өзге түркі мұсылмандарының тіліндегідей өз дербестігін сақтап
қалған жоқ, қайта бұл элементтер қырғыз тілінің дыбыстық заңдарына бағынып,
сол арқылы толық халықтың игілігіне айналды.- сияқты пікірді Л.Рүстемов
қолдайды. [13, 20-21]
Әрине, уақыт факторының да үлесі бар шығар. Бірақ негізгі себебі –
кірме сөздердің біздің тілімізге дыбыстық тұрғыдан икемделуі. Ол кезде
жалпыхалықтық тілге енген кірме сөздерді қабылдаудың тәртібін, тілдік
нормаларды сақтауды мамандар, қазіргідей арнайы құрылымдар белгілеп
бермеген. Халық тіліне енген өзге жұрттардың сөздерін өзінің айту мәнеріне
ыңғайлап, табиғи түрде сіңіріп отырған. Рас, араб тілінің де дыбыстық
жүйемізге ықпалы болды. Мысалы, көмекей арқылы жасалатын Һ деген фарингал
дыбысы фонема болып әліпбиімізге енді. Тілімізде бұл әріп гауһар, жауһар,
жиһаз, жиһан, жиһангез, қаһар, қаһарман, айдаһар, шаһар секілді бірнеше
сөздердің ғана құрамында кездеседі. Яғни мұндай сөздер өте аз. Кейбір
түркітанушы ғалымдар түркі тілдер дамуының көне дәуірінде һ дыбысы және
дыбыстық бірлік ретінде түркі тілдерінің дыбыстық құрылымында мүлдем
болмағандығын, бұл дыбыстың кейінгі дәуірлерде қалыптасқандығын дәйектесе,
енді бірқатар ғалымдар һ дыбысының түркі тілдерінде қалыптасуына өзге
тілдік ықпалдың болғандығын мойындай отырып, жеке түркі тілдерінде аталған
дыбыс түркілік негізде пайда болған деген пікірді ұстанады. [14, 189-193]
Қазіргі түркі тілдеріндегі һ дыбысының қолданылу ерекшелігін
салыстыра отырып, оның пайда болуының екі негізі бар екендігін аңғарамыз:
түркілік негіз және кірме сөздер негізінде (түркі тілдеріне лексикалық
кірме сөздердің араб және парсы тілі жаппай енуі арқылы).
Түркі тілдерінің көпшілігінде һ дыбысының араб, парсы кірме
сөздерінің құрамында қолданылуы басымдық алғанымен , бұл дыбыстың көп
жағдайда түркілік төл сөздердің құрамында айтылатындығына тіл деректері
дәлел болады. Мысалы, өзбек тіліндегі һора – қазақ т. ора; ұйғыр, өзбек
т. Һүлкер - қазақ т. үркер;
Сөз басында һ-ның айтылуы негізінен әзербайжан, гагауз, түркімен,
өзбек және ұйғыр тілдеріне тән. Көмей дыбыс һ өте аз көбінесе протеза
ретінде кездеседі. Ал қазақ тілінде бұл дыбыс гауһар, жауһар, жиһаз,
жиһан, жиһангез, қаһар, қаһарман, айдаһар, шаһар секілді бірнеше сөздердің
ғана құрамында кездеседі. Сондай-ақ одағай үһ, уһ, аһ т.б.
Сондай-ақ х, ф да араб-парсы тілдерінен енген сөздерден келіп дыбыстық
жүйемізден орын алғандығы айтылып жүр. Ал жалпылай алғанда, араб тілінен
енген сөздердің басым көпшілігі қазақ тілінің заңдылықтарына бейімделіп
қабылданды. Ал кеңестік кезеңде керісінше, орыс тілінің емле ережелеріне
нұқсан келтіріп алмауға тырысып, ол тілден енген сөздерді қаз қалпында, дәл
орыс тіліндегідей нұсқада еш өзгеріссіз қабылдадық. Сондықтан қазіргі
жағдайда да біз терминдерді қазақ тілінің заңдылықтарына негіздей отырып
қабылдауымыз керек.
Араб, парсы болып келетін фразеологизмдер
Мысалы: он екіде бір гүлі ашылмаған
Ол екі жүзді Ескендірдің он екіде бір гүлі ашылмаған жастығы мен
аңқаулығын пайдаланып, оп-оңай қолға түсіру үшін екі мың сомның материалын
тығып қойып, түрмеге отырғыза жаздағанын біліп күйзелді.
Шығыс мәдениетінде, әсіресе, парсы мәдениетінде гүл – мәдени концепт.
Ирандықтармен қарым-қатынаста болып, парсы әдебиетімен жақсы таныс болған
түркі халықтарында, соның ішінде қазақтарда да гүл сөзінің әйел есімдерінде
мол кездесуі – осының айғағы. Парсы тілінде өте жас, балаң деген мағынада
жұмсалатын голи аз һезар гуләш нашакафте (мың гүлінің бірі де ашылмаған)
деген өзін әлі көрсетпеген өте жас жігітке немесе бой түзеген жас қызға
қатысты айтылатын фразема. Сол мың гүлдің ашылмағаны гүл бағының жастығын
білдіреді. Ал парсы мәдениетінде ашылмаған гүл - жастықтың, ашылған гүл –
шаттық, қуаныш, әдеміліктің рәмізі. Сонымен мың гүлдің бірінің де ашылмауы
бақтың жас екендігін айтуда қолданылып, гүлдері бүр жармаған бақ образы
арқылы пәктік, балғын-балаңдық идеясы беріліп тұр. [15, 11-15]
1.2. Моңғол тілінен енген сөздер
Қазақ тілінің моңғол тілдерімен қарым-қатынасы екі түрлі жағдайда
қарастырылады. Бірінші, қазақ тіліндегі моңғол тілдерінен тікелей ауысып
кірген сөздер жайында. Бұған ең алдымен екі халықтың ғасырлар бойы көршілес
тұрып, бір-бірімен тікелей қарым-қатынас жасауы себеп болған. Сонымен бірге
12 ғасырда моңғолдардың Қазақстан және Орта Азия жерін жаулап алып, ол
жерлерде Шыңғыс әулеті билеген ұлыстар мен ордалардың 15 ғасырға дейін
үстемдік етуінің әсері тиген.Тіпті қазақ хандықтары құрылған 15-18
ғасырларда да моңғолдармен тегі бір Жоңғар қалмақтары қазақ жеріне үнемі
шапқыншылық жорықтар жасап отырғаны тарихтан белгілі.
Ғ.Қалиұлының пікірінше, моңғол тілінен енген сөздер негізінен
1. Әкімшілік, ел билеуге байланысты:
ұлыс, нөкер, жасақ, жарлық, т.б.
2. Жер-су атауларына байланысты: Тарбағатай (суырлы), Зайсан (жақсы),
Алтай (алтын тау),Нарынқол (жіңішке көл), Катонқарағай (катон-қайың),
Долаңқара (жеті тау) т.б.
Қазақ лексикасына моңғол тіліндегі сөздермен түр-тұрпаты, мағыналары
ұқсас, үйлес сөздер, әсіресе зат есім, сын есім, етістіктер көп табылады.
Мысалы, малға байланысты: қой (қон), қойшы (кончын), төл (төл), құнан
(хунан), өлекшін (өлөгчин); шаруашылыққа тебен (тэбнэ), темір (төмөр);
туыстық атаулар: абысын (авьсан), төркін (төргем), т.б. сын есім: қап-қара
- хап-хар, тентек – (тэнэг), байсал (сал), талқы, қанжыға, түкпір(түпкир),
найзағай (найзағай), құнан (гунан), дөнен (дөнен), тайлақ (тайлаг), құнажын
(гунжин), т.б. Бұл сияқты сөздер тек қана қазақ тіліне емес, түркі
тілдерінің көбіне тән, олар түркі тілдеріне моңғол тілдерінен ауысты ма,
әлде керісінше, моңғол тілдеріне түркі тілдерінен енді ме – оны дәлелдейтін
мәлімет тіл ғылымында жоқ. Сондықтан ондай сөздерді түркі (қазақ) – моңғол
тілдеріне ортақ сөздер деп атауға болады. Түркі – моңғол тілдеріне ортақ
сөздер бар екенін қазақтың тұңғыш ғалымы Ш.Уәлиханов та айтқан болатын.
Түркі (қазақ) –моңғол тілдері салыстырмалы түрде зерттеп жүрген ғалым
Б.Базылханның пікірінше, Моңғолша – қазақша сөздігіне енген 30000 сөздің
24000 сөзі 1500 түбірден өрбіген, яғни 60 пайыздан астам екі халыққа ортақ
желілес туынды сөздер болып табылады. [16, 4-7]
Мысалы: абдыра –абдара, алтын –алтан, аймақ – аймаг, қарыз –гарз,
байсал- байцал, үдере - өдер, сарын - сарин, дулыға – дуулға (шлем), талқы
- талқин, т.б.
Моңғол тілінен сөз ену кезеңін 11-14 ғасырлар деп шамалауға
болады.
Монғол тілдерінің қазақ әдеби тіліне де диалектілерге де тигізген
әсері шамалы. Егер қазақ сөйленістерінде қазақ пен монғолдарға ортақ
сөздердің барлығын монғол элементтері деп қарасақ, онда аяқ алып жүре
алмаймыз, мәселен, әдеби тілдегі қап-қара, сап-сары, маңдай, құйқа, бауыр,
қал сияқты сөздердің монғол тіліндегі хав-қар, шап-шар, магнай, хұйх, боор,
хал деген баламаларына қарап, олардың бәрін монғол тілінен енді деуге сене
қою қиын. Ол әлі дәлелдеуді керек етеді. Ж.Болатов Монғол Халық
Республикасының Баян-Өлгей қазақтарының тілін сипаттауға арналған
мақаласында төмендегі сөздерді монғол тілдерінен енген элементтер деп
есептейді. Лоңқа – бөтелке, монғолша лонх, дөңсе – махоркадан орап тартатын
шылым (дунс), бақчы – ұстаз (бахч), домбы – шәйнек, монғолша домбо.
1.3. Түркі және моңғол тілдеріне ортақ сөздер
Лексиканың тарихында бір топ сөздердің бірнеше тілде ұқсас болып
келуі бұл тілдердің туыстық қатынасынан деп түсіндіріледі. Бұндай сөздердің
бірнеше тілге ортақ түбірі және туынды сөздері болады. Мысалы, ау –аң, адақ-
адаг, бура –бувра, жұт-зуд, бидай – бүүдай, жол –зол, бұқа –бұқа, т.с.с.
бұлардың алдыңғылары қазақша, соңғысы моңғолша. Осы сөздердің екі тілде де
түбірлері бар, бұл түбірлерден жасалған туынды сөздер де бар. Енді осы
сияқты сөздердің қай тілден қай тілге ауысқанын білу үшін тарихи
құжаттармен, көне жазулармен салыстырып қарау керек. Түркі және моңғол
тілдері арасындағы лексикалық бірліктердің ауысу процестері - көнеден келе
жатқан тілдік құбылыс. Бұл проблема ғылыми ортада кеңінен таныс. Талай
ғасыр көршілес отырған халықтардың арасында тілдік, этнологиялық т.б.
деңгейлерде ауысулар байқалатыны заңды құбылыс. Ал енді тибеттің, қытайдың
шу-ын алсақ, эвенк тіліндегі ў-ды моңғолдың u-sun-нымен және удмұрт
тіліндегі ву-мен салыстырсақ, параллельдер көбеюі, ностратикалық деңгейді
көрсетеді.
Фоносемантикалық (имитативтік) сөздердің басты белгілерінің бірі –
олардың ностратикалық деңгейде таралуы. Ностратикалық параллельдер
фоносемантикалық атаудың имитативтік табиғатын, сипатын көрсетумен қатар
оның өте көнелігін, тілдің шығу дәуірінде пайда болғандығын білдіреді. Сол
ежелгі, бастапқы замандарда қалыптасқан фоносемантикалық сөздің барлық
тілдерде өлі түбір, рудимент немесе туынды сөздердің құрамында сақталып
қалуы заңды құбылыс, себебі барлық тілдер өз басынан алғашқы имитативтік
дәуірді өткерген. Сонымен, дыбыс арқылы денонатты
бейнелейтін сөздер ататегінен фоносемантикалық (имитативтік) сипатқа
ие. Демек, пайда болған, туындаған кезінде барлық тілдер бірдей өте ұқсас
дыбыстық тұлғаны және семантикалық ортақтықты иемденген. Әдетте, олар бір
дыбыс немесе бір буынды дыбыстар тіркесі (гс, ег, гес, сгс, сгсс) болып
келген.
Академик Ә.Қайдардың пікірінше: ...қайсыбір тілдегі есту, көру,
акустикалық, қимылдық қабылдаулардың өте ежелгі дыбыстық символдары ретінде
Г және сГ моносилабтары: *а, *ә, *е, *о, *ө, *ұ, *у, *ы, *і, сондай-ақ *ты,
*ды, *пы, *шы, *сы тағы басқа да дыбыс тіркестері танылды [17]
Түркі және басқа тілдердің ататілінде (праязык) у дауысты идеофон
(имитатив), фонемотип (С.В.Воронин) су деген кешенді мағынаны білдірген.
У - судың кешенді түстік, дыбыстық, тактильдік, сенсорлық, қимылдық т.б.
сипаттарының бір ғана дауысты дыбыс (моносиллаб) арқылы берілген бейнесі.
Ал, кейінірек у-ға анлаутты қосылған с дыбысы судың жылжитын, ағатын,
сылдырайтын, сырғанайтын, сорғалайтын, жылтылдайтын, жалтылдайтын т.б.
сипаттарын осы идеофон арқылы бейнелеген. Түркі тілдерінің географиялық
терминологиясында усу –дан туындаған, өрбіген географиялық
(гидрографиялық) апеллятивтер тізімін және мағынасын атақты географ,
топонимист Э.М.Мурзаев келтірген: Түркі тілдеріндегі: (“су”) бірқатар
туынды терминдерді қалыптастырады: суат - құдық түбінде, өзеннің, көлдің
жағасында мал суғаратын орын, мұның өзі түрік тілінің suwat “водопой”
сөзіне сәйкес келеді; болгар тіліндегі суват-“жазғы тау жайылымы”, “суат”;
саат - “көл бойындағы суат орны”, суат - “алды бөгелген су айдыны”, қырым -
татар тіліндегі учансу - “сарқырама”, өзбек тіліндегі учарсув -
“сарқырама”, сөзбе - сөз аударғанда “ұшатын су”, субойи - “жағалау”, “су
бойы”,субаши - “көл басталуы”, “ағыстың басы, суғаруға арналған суды
бөлетін лауазым”, суак - “суландыратын, су жүретін ор”, “арық” әзірбайжанша
субасма - “тасқын су”, “сел”, суайрычи - “суайрық”, сулу - “су (басқай)”,
сузус - “сусыз”, суамбар - “су айдыны”, “су қоймасы”. Жалпы түркілік
карасу, хакастық - харасуг - “қайнар көз”, “бұлақ”, “бастау”; алтай
тіліндегі талайсу - “теңіз” (моңғол тілінде далай - “көз жетпес”, “орасан
зор”); хакас тіліндегі суглыг - “сулы”; агынсу - “ағын су” т.б.
Түркі тілдерінен енген сөздер
Түркі тілдерінің әсері көбінесе, Қазақстанмен көрші түркі тілді
республиканың түйіскен жеріндегі сөйленістерде кездеседі. Мысалы:
Өзбекстанмен шектес Шымкент облысындағы сөйленістерде өзбек тілі арқылы
енген элементтері көп кездеседі. Мысалы: жүдә – өте, пісте – күнбағыс,
мейман – қонақ. Осы өлкеде ұйғыр тілінен енген көмбеқонақ – жүгері,
қалаймақан – ретсіз, асбузыл – асхана, қырғыз тілінен енген таеке – нағашы,
майана –жалақы, чыбыр сөздері кездеседі.
Маңғыстау сөйленісінде қарақалпақ, түркімен тілдерінен енген төмендегі
сөздерді келтіруге болады: ашар – кілт, түркіменше – ачар, жіптік –кішкене
қысқаш, түркіменше – жіптик, дәп – әдет, жалатай – алдамшы.
1.4. Орыс және орыс тілі арқылы енген сөздер
Бір тілге көршілес тілдерден сөз ауысу процесі - сол сөз енген тілдің
жалпы сөздік құрамының баю жолының бірі. Бұл барлық тілде де болып тұратын
құбылыс.
Орыс тілінен қазақ тіліне ауысқан сөздердің тілде қалыптасу
ерекшелігіне қарап екі топқа бөлуге болады: 1) қазақ тілінің дыбыстық
ерекшелігі бойынша өзгеріп қалыптасқан орыс сөздері; 2) орыс тіліндегі
дыбыстық құрамын толық сақтап қалыптасқан орыс сөздері.
1. Қазақ тілінің дыбыстық ерекшелігі бойынша өзгеріп қалыптасқан орыс
сөздері саны жағынан 2-топтағы сөздерден әлдеқайда аз және олар алғашқы
ауысқан сөздер, ауысу мезгілі жағынан ертерек кезеңге жатады. Олар
төмендегідей: самауыр (самовар), кереует (кровать), зәйімке (зимовка),
шәйнек (чайник), болыс (волостной управитель), ояз (уезд), поштабай
(почтальон), сот (суд), станса (станция), шәй (чай), божы (вожжи), ауылнай
(аульный), мүк (мох), картоп (картофель), жандарал (генерал), атпекет
(адвокат), жарма (ярмо), бүбірнай (выборный), кінеге (қойын дәптер),
жағырафия (география), т. б. Бұл сөздердің тарихы әр түрлі: 1. Бірсыпырасы
қазір қолданыстан шығып қалды: зайімке, атпекет, бүбірнай т. б.
Келесі бір тобы қазір де қолданыста жүр: самауыр, мүк, картоп, жарма,
ауылнай т.б.
2. Бұлардың біразы терминге айналған: сот, мүк.
3. Кейбіреулері архаизм сөздерге айналған: болыс, ояз, ауылнай.
4. Кейбір сөздер ауызекі тілде қолданылады: шәйнек, станса, картоп,
жағырафия.
Орыс тілінен кірген сөздердің 2-тобы орыс тіліндегі дыбыстық құрамын
сақтап кірген сөздер – негізінен термин сөздер. Термин алмасу дүниежүзі
тілдеріне ең көп тараған тілдік құбылыс. Бұл мәселе туралы ғалым Ш.
Құрманбайұлы : Өзге тілдерден термин қабылдау барлық тілдерге тән құбылыс.
Басқа халықтардың тілдерінен сөз алмайтын тіл болмайды деуге болады -
деген тұжырым жасаған.
Лексиколог А.Айғабыловтың пікірі бойынша орыс және орыс тілі арқылы
енген сөздер екі топқа бөлінеді:
1. Қазан төңкерісіне дейін енген сөздер
2. Қазан төңкерісінен кейінгі кезеңде енген сөздер. Бұлайша екі топқа
бөлудің үлкен маңызы бар. Төңкеріске дейін енген сөздер араб-парсы сөздері
сияқты ауызша енгендіктен фонетикалық өзгерістерге ұшыраған. Ал төңкерістен
кейінгі сөздердің айтылуы да, жазылуы да орыс тіліндегі қалпында сақталады.
1-ші топқа мына сөздер жатады: жәшік (ящик), жәрмеңке (ярмарка), божы
(вожжи), т.б.
Қазан революциядан кейінгі сөздердің әдеби тілде молдығы қоғамдық-
саяси, мәдени, оқу, ғылым, техника, сауда, спорт, әскери ұғымдарға тікелей
байланысты.
1. Ғылым мен техникаға байланысты: радио, коммуникация, физика,
градус, т.б.
2. Мәдени-ағарту жұмыстарына байланысты: опера, музыка, театр,
балет, т.б.
3. Әскери іс пен физкультура, спорт терминдері: солдат, сержант,
футбол, т.б.
4. Сауда-финансқа байланысты: аванс, универмаг, кредит, баланс,
т.б.
5. Азық-түлікке байланысты: кофе, майонез, вермишель, макарон, т.б.
6. Киім-кешекке байланысты атаулар: юбка, шарф, костюм, блузка,
т.б.
Басқа тілден сөз алу тіл-тілде екі түрлі жолмен іске асады:
1. Тікелей сөз алу
2. Калькалау жолымен алу (ұшқыш – летчик, шаңсорғыш – пылесос, т.б.)
Орыс тілінен қазақ тіліне енген сөздердің нақты қай ғасырда, қай
кезеңде басталғаны белгісіз. Сондықтан, кейде сөз ауысу кезеңдерін шамамен
белгілеуге тура келеді. Санамаласақ, төрт кезеңге бөлуге болады. [18, 30-
31]
І.Кеңесбаев пен Ғ.Мұсабаев кірме сөздерді былай жіктеген: шығыс
халықтары (араб-парсы, моңғол, түркі және моңғол тілдеріне ортақ сөздер )
және орыс тілдерінен енген сөздер. Орыс тілінен ауысып келген сөздерді олар
төрт кезеңге бөлген:
І кезең. 17 ғасырдың басына дейінгі кезең.
ІІ кезең. 17 ғасырдан бастап, 19 ғасырдың 2 жартысына дейінгі уақыт.
ІІІ кезең. 19 ғасырдың 2 жартысынан бастап, Қазан төңкерісіне дейін
ІV. Қазан төңкерістен кейінгі кезең
І кезең. Бұл - 17 ғасырдың басына дейінгі кезең. Бұл кезеңде қазақ
халқының орыс халқымен шаруашылық жағынан қарым-қатынасы одан кейінгі
кезеңдердегідей дәрежеде болған жоқ. Сондықтан ол кезде орыс тілінен сөз
ауысу да шамалы түрде ғана болған. Дегенмен қазақ тіліне бірлі –жарым
сөздер сол кездің өзінде-ақ ене бастады. Бұған басты себеп шаруашылық
мұқтаждығынан екі елдің өзара қарым-қатынаста болуы еді. Қазіргі қазақ
тіліндегі дүрік сөзі немесе кірпіш, саман деген сөздер атақты филолог
Махмұд Қашқаридың сөздігінде 11 ғасырда болуы - бұл тілдердің (орыс, түркі
) ертеден қарым- қатынаста болғандығына айғақ. Сол сияқты, қайсыбір мақал-
мәтелдер де бұл тілдерге ортақ болып келеді. Мысалы, құрғақ қасық ауыз
жыртады, балық басынан шіриді сияқты мақалдар орыс тілінде де тап осы
мағынада : Сухая ложка рот дерет, Рыба портится с головы. Бұлардың сөздері
де, грамматикалық тұлғалары да біріне-бірі дәл келеді. Бұл мақалдар екі
халықтың екеуінде де ертеден бар, бұлар Махмұд Қашқаридың 11 ғасырдағы
жазуынан кездессе, орыс тілінде 10 ғасырдағы жазу нұсқаларында кездеседі.
Сөйтіп, орыс халқы мен қазақ халқының арасында қарым-қатынас ерте
заманда-ақ басталып, соның нәтижесінде сөз ауысу процесі де болған екен.
ІІ кезең. - 17 ғасырдан бастап, 19 ғасырдың 2 жартысына дейінгі уақыт.
Бұл кезеңде Қазақстанның Ресей империясына өз еркімен бағынуымен, қазақ
даласына орыстардың орналаса бастауымен байланысты бұл екі халықтың өзара
қатынасы, шаруашылық – экономикалық байланысы күшейді. Соның нәтижесінде
орыс тілінен біршама сөз ауысты. Бұл кездегі ауысқан сөздерге ауыл
шаруашылық және үй саймандарының кейбір атаулары жатады; мысалы, соқа,
борона, ходок, жарма т.б. Сол сияқты, орыс тілінен соғыс- әкімшілікке
байланысты біраз сөздер енді: комендант, пристав, майор, солдат, поштабай,
сот, атпекет, т.с.с. Бұл сөздердің бәрі әуелі күнделікті тұрмыста сөйлеу
тілінде болып, бірте-бірте қазақтың әдеби тілінде қалыптаса бастайды.
ІІІ кезең. 19 ғасырдың 2 жартысынан бастап, Қазан төңкерісіне дейін
созылады. Бұл уақытқа дейін қазақтың үш жүзі түгелімен Россияға қараған
еді, сонымен қатар, Ресейде қапитализм қарқынды дамып, сауданың күшеюі,
ақша айналымы, сол сияқты, екі халық арасындағы мәдени қатынас қазақ тіліне
көптеген жаңа сөздің кіруіне себепші болды.
Сол кезде қазақ халқының ортасынан шыққан Абай Құнанбаев пен Ыбырай
Алтынсарин сияқты дарынды ақын-ағартушылар, феодал-ақсүйектердің
қарсылығына қарамастан, орыс мәдениетінің маңызын терең түсінгендіктен,
орыс халқынан үйрену деген ұранды жоғары ұстады.
Міне, осы себептерден 19 ғасырдың екінші жартысында қазақтың әдеби
тіліне орыс тілінен көптеген сөздер ауысты. Мысалы, Абай шығармаларында:
форма, такт,единица, счет, штык, картечь, аршин, пара, элемент, ладан,
визит, интернат, шар, прошение, виноват; болыс, поштабай, бүбірнай, майор,
ояз, сот, старшина, кандидат,съезд тағы сондай сөздер кездеседі.
Бұл кезде әсіресе Орталық Ресей мен Сібірге жақын облыстардағы
қазақтар орыстармен әр салада байланыс жасады. Орыс тілі арқылы қазақ
тіліне, шығуы жағынан мүлде басқа тілдерге жататын, түрлі-түрлі сөздер
кірді, мысалы, монет, миллион, миллиард, марка, дожна, банк, грош, купец,
приказчик, лавка, сорт, паром, пұт, тұрба, печь,поднас, шайнек, шай, божы,
сөделке.
Қазақ даласына орыс техникасының тарауымен бірге тілімізге жаңа
заттардың атаулары енді: машина, сеялка, веялка, молотилка, лобогрейка,
сепаратор, мастер, ремонт, запас, часть, винт, паровой, двигатель, маховой,
шестерня, минут,секунд, завод, вокзал, вагон, самауыр т.б.
Қоныс аударуға байланысты енген сөздер: план, участок, заимка,
колония, матка, ызбот, сазан, мүк, шкатулка, карниз, обой, бричка,
десятина, землемер, хутор, чулан, аренда, стол, скамейка, склад, загон,
капуста, картоп, помидор, кубанка т.т.с.
Тілімізге енген сөздердің ішінде үй ішінің керек-жарақтарын
білдіретін сөздер ерекше орын алады., мысалы: бөкебай, шәлі, шарф, бәтіңке,
шеблет, галош, сатин, сарпинка, бөз, булка, сухари, бутылка, кружка,
корзика, коробка, флакон, шлия, супонь, лампа, керосин, сіреңке,
тәрелке,кстрюль, четверть, т.б.
Орыс тілінен қазақ тіліне Қазан төңкерісіне дейін енген сөздердің
диалектикалық ерекшеліктері
Сөздердің ауысуы жергілікті түрде болды, яғни бір жердің тұрғын
қазақтары сол өз ішіндегі жергілікті түрде орыстармен қарым-қатынас
жасағандықтан, олардың, жергілікті орыстардың ғана сөздері ауысып отырды.
Мысалы, үй іші керек - жарақтары, ауыл шаруашылық саймандары атауы Омбы
қазақтарына Омбы облысындағы орыстардан, Павлодар қазақтарына Павлодар
облысындағы орыстардан енді. Қостанайлықтар мен батыс қазақтарында да
осындай болды. Бұл сөздердің кіруіне екі ошақ әсер етті, атап айтқанда,
Сібір өлкесі (Омбы қаласы) мен Түркстан өлкесі (Орынбор қаласы). Мысалы,
Ақмола облысы Щучинск Еңбекшілдер аудандары тұрғындары тілінде жеңіл шана
орнына қашауа – кошевка, бәкінің бір түрін білдіретін забиял –Завьялов
зауытының қойылған, тәрте орнына оғлоп-оглобля, етік кремі орнына айтылатын
бәкіс –вакса, бас орамал орнына қолданылатын кәстеңке – косынка, шәркей
орнына қолданылатын шабата – чобот сөздері кездеседі. Қарағанды
экспедициясының материалдарынан қылауыз – өсекші, кляуза, декабріс –
декабрь айында туған мал, бурус – төрт қырлы ағаш, брусья, шолан – ас үй,
чулан тәрізді сөздерді кездестіреміз. Өйткені бұл өлкелерде қазақ өмірінің
әр түрлі мәселелері жөнінде кейбір демократиялық бағыттағы мақалалар,
кітап, газеттер шығып тұрды. Оларда жарияланған материалдарда орыс сөздері
жиі қолданылады. Бұл газеттердің орыс тілінен енген сөздерді айтылуының
біркелкілігінен, негізінде сол кездегі барлық тілден енген сөздердің қазақ
тіліндегі дыбысталуы фонетикалық жүйенің заңдылықтары бойынша бір беткей
шешілді.
Тағы бір ескеретін нәрсе орыс тіліне түркі тілінен ауысқан сөздердің
қайтадан қазақ тіліне ауысу фактісі де кездеседі. Мысалы, бұрын түркі
тілдерінде болған тоға деген сөз (немесе доға)орыс тілінен атқа жегілетін
доға мағынасында қайта оралды. ... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Түркі тілдерінен енген сөздер
Сөз жасамдық элементтері түбір сөздер
Фразеологизмдер - тіліміздің бөлінбес бір бөлшегі
Қазақ тілінде кірме сөздердің қолданылуы
«Алпамыс батыр» жырының лексика-грамматикалық ерекшеліктері
Қазақ тіліндегі араб әдеби кірме сөздері
Қазақ тіліндегі араб, парсы сөздерінің терминденуі
Түркі тілінен енген кірме сөздер
Тілдің сөздік құрамы
АҒЫЛШЫН ТІЛІНДЕГІ КІРМЕ СӨЗДЕРДІҢ ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕГІ АУДАРМАЛАРЫН ТАЛДАУ
Пәндер