Қазақ халық прозасын ғалымдардың классификациялауы. Қарапайым прозаның шығу тегі мен жанрлық ерекшеліктері


Жоспар
Кіріспе
І . Қазақ халық прозасын ғалымдардың классификациялауы . . . 6
ІІ. Қарапайым прозаның шығу тегі мен жанрлық ерекшеліктері . . . 26
2. 1 Қазақтың күй аңыздары . . . 26
2. 2 Қазақ фольклорындағы әпсана-хикаяттардың жанрлық
ерекшелігі . . . 40
2. 3 Қазақ халық прозасының мектептегі оқытылу жағдайы . . . 57
Қорытынды . . .
Қосымша . . .
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі
Кіріспе
Қазақ халқының фольклоры зерттеудің үлкен айналымына түскен ғылым саласы екендігі мәлім. Бүгінгі таңда фольклорлың мәселелерін арнайы қарастырудың нәтижелері де баршылық. Әсіресе, жанрлық тұрғыдан зерделеуде біраз игі істер атқарылды. Дипломдық жұмыстың негізгі өзегіне айналып отырған қазақ халық прозасы ауыз әдебиетінде кейінірек қолға алынғанымен, азды-көпті арнаулы зерттеу еңбектері бар екені шындық. Көп жылдар бойы қазақ елі отаршылдық бұғауында келіп, төл тарихымызды зерттеуге мүмкіншілік болмады. Дегенмен де, ел қамын ертерек ойлап, тереңнен болжай білген ғалымдар да аз емес. Бұл мәселеде фольклортанушы С. Қасқабасовтың «Қазақтың халық прозасы» атты монографиясының маңызы зор. «Халық прозасы» деген ұғым әлемдік фольклортану ғылымында 1950-60 жылдардан, яғни «Халық прозасын зерттеушілердің халықаралық қоғамы» құрылғаннан кейін қолданыла бастады. Дүниежүзі фольклортануында қалыптасқан түсінік бойынша, халық прозасына ауыз әдебиетінің қара сөзбен айтылатын барлық түрі кіреді. Олар үлкен екі топқа бөлінеді. Бірі - ертегілердің барлық жанры, екіншісі - ертегіге жатпайтын прозалық шығармалар.
Бүгінгі күнде бұл тақырыптың өзектілігі жаһандану кезеңінде халық прозасы назардан тыс қалып отыр. Компьютер бастылардың заманы ауыз әдебиетін қызығып оқуға, оған ден қойып қарастыруға, оны жанрлық тұрғыда зерделеудің, жіктеудің маңыздылығына мән бермей отыр. Бұл өте қауіпті және қайғылы жағдай. Біздің бұл тақырыпты таңдаған мақсатымыз - халық прозасы соның ішінде қарапайым проза жанрын зерттеуде әлі де болса ғылыми нақты дәлелдеулер жоқ. Соның себебі неде екендігін түсінгіміз келді. Шағын жұмысымызда қазақ фольклорындағы халық прозасын, нақтырақ айтсақ, аңыздық прозада қарастырылатын әпсана-хикаят жанрын объектіге ала отырып, оның өзіндік табиғатын таразылауды, қарапайым прозаның ерекшелігін ашуды мақсат еттік.
Зерттеу міндеттері:
1. Ғалымдардың классификациялық шарттарын талдау;
2. Халық прозасы ішіндегі көркемделген проза мен қарапайым прозаның айырмашылығын анықтау;
3. Қарапайым прозаның ішінде күй аңыздарының шығу тарихы мен себебінің мәнісін түсіну
4. Әпсана- хикаят жанрының аралық жанр ретінде қасиетін анықтау;
5. Қазақ халық прозасының мектептегі оқытылу жағдайы оған бөлінетін сағаттар санын анықтау;
Ғылыми болжам: Қазақ халық прозасы, соның ішінде ертегі жанры мен қарапайым проза жанры үлкен ізденісті, зертеуді талап ететін күрделі жанр. Бүгінгі күнге дейін бұл жанр турасында бірізді көзқарас жоқтың қасы. Болашақта түбегейлі зерттеліп ғылымда өзінің орнын ойып алуына аз да болса үлесімізді қоссақ дейміз. Себебі, бұл жанрлардың ұрпақ тәрбиесіндегі маңызы зор. Оның мазмұнында ата-бабалар ізі, олардың сол кездегі арман-мұраты, болашаққа сенімі, қанатты қиялы, ұшқыр ойы, өткір сөзі, тылсым сезімі, асқақ рухы жатыр. Егер де мектепте осы тақырып кеңірек қамтылып, толық мағлұмат берілсе, ұстаздар бүгінгі күннің түрлі технологияларын тиімді қолдана оқытса оқушылар да қызыға оқиды деп ойлаймыз. Сол кезде ғана, ұлттық мұраға деген сүйіспеншілік, оның маңыздылығы ашылар еді. Ал сондай дәрежеге жеткен уақытта біз өзімізді халқымыздың болашаққа сенім артқан жалынды жастары деп таныстыра аламыз. Ата-баба алдында ұрпақ адалдығын таныта аламыз. Өткенін білмей, болашаққа көз тастау мүмкін емес. Әр кезде де, әр уақытта да осыны естен шығармай, өзге ұлтқа өз байлығымызды таныта білу - әр елім деген азаматтың парызы деп түсінеміз.
Зерттеу әдістері: библиографиялық әдіc, салыстыру әдісі, зерттеу әдісі
Зерттеу пәні: Халық ауыз әдебиеті
Зерттеу орны: Мағжан Жұмабаев атындағы облыстық кітапхана, «Әдебиет және өнер музейі», қалалық кітапхана, Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің кітапханасы, № 13 мектеп
І. Қазақ халық прозасын ғалымдардың классификациялауы.
Кез келген ғылым саласының даму тарихы, зерттелу кезеңдері болады. Сол сияқты қазақ халқының фольклоры зерттеудің үлкен айналымына түскен ғылым саласы екендігі мәлім. Бүгінгі таңда фольклордың мәселелерін арнайы қарастырудың нәтижелері де баршылық. Дипломдық жұмыстың негізгі өзегіне айналып отырған қазақ халық прозасы ауыз әдебиетінде кейінірек қолға алынғанымен, арнаулы зерттеу еңбектер жазылмады. Бұл мәселеде фольклортанушы С. Қасқабасовтың «Қазақтың халық прозасы» атты монографиясының маңызы зор. «Халық прозасы» деген ұғым әлемдік фольклортану ғылымында 1950-60 жылдардан, яғни халық прозасын зерттеушілердің «халықаралық қоғамы» құрылғаннан кейін қолданыла бастады.
Дүние жүзі фольклортануында қалыптасқан түсінік бойынша халық прозасына ауыз әдебиетінің қара сөзбен жазылған барлық түрі кіреді. Олар екі үлкен топқа бөлінеді. Бірі - ертегілердің барлық жанры , ал екіншісі - ертегіге жатпайтын прозалық шығармалар.
Қазақ фольклортану ғылымында, халық ауыз әдебиетінің құрамында прозалық жанрлар бар екенін, олар іштей жіктелетіні жайлы айтылып кетеді.
Мәселен, Е. Ысмайылов оларды: «Фольклордың қара сөзбен айтылатын ерекше бір түрі» деп атайды. Демек, басқа халықтардың фольклоры сияқты, қазақ ауыз әдебиеті де прозалық үлгіге бай. Сондықтан фольклордың бұл жанрын «Халық прозасы» деп атауға әбден болады. Оның құрамында ертегіден басқа біршама прозалық жанрдың үлгілері бар. Мысалы: аспандағы көптеген жұлдыздар, күн мен ай туралы мифтер, жеке-жеке тау, тас, көл, мекен аттарының шығуын бір тарихи оқиғаға байланысты баяндайтын аңыздар, жезтырнақ, жалғыз көзді дәу, күлдіргіш, албастылар жайлы әпсана-хикаяттар ертегіге жатпайды.
Біздің ұлттық фольклортануымызда халық прозасының ертегілер тобы көбірек зерттелген. Ертегіге жатпайтын прозалық фольклор біраз уақытқа дейін жүйелі зерттелмеді. Көбінесе бұл топ ертегілермен бірге қарастырылып келді. Тек Мұхтар Әуезов пен Е. Ысмайылов бір топ прозалық шығарманың ертегі жанрына жатпайтынын анықтап, оларды аңыз-ертегілер деп атады.
Ш. Ш. Уәлиханов фольклорға сіңірген еңбектерінің әр түрлі салаларын ғалымдар көп зерттегенімен, оның бәрін бір жүйеге түсіріп, Шоқанның қазақ халық мұрасын жинау жөнінде ұстанған қағидаларын және фольклористік көзқарастарын тұтастай алып қарастырған арнайы зерттеу жұмысы жазылған жоқ. Белгілі ғалымдар Н. С. Смирнова, Ш. Қ. Сәтбаева, Р. Бердібаев еңбектерінде Ш. Ш. Уәлихановтың қазақ ауыз әдебиетін алғашқы жинаушы зерттеушілігі байыпты сараланған. Қазақ эпосы мен аңызы, ертегілері мен өлең, жырлары, мақал-мәтелдері жайында өте бай материал жинауы, оларды жинау принциптері мен қазақ халық поэзиясы жанрларына анықтама беруі, ауыз әдебиеті шығармаларынан халықтың таным-түсініктері, әдеп-ғұрыптары, өмір тіршілігі көрінеді дейтін ұлағатты ойларын аталған ғалымдар кеңінен қарастырады. Ш. Ш. Уәлиханов өз еңбектерінде қазақ ауыз әдебиетін, әсіресе аңыз бен эпосты тарихпен тығыз байланысты қарастырады. Орыс демократтарының үлгісімен зерделеп, фольклорлық шығармалардан бір тарихи дәуірге, оқиғаға деген көзқарасы, бағасы танылатындығын айтады. Қазақтың мақал-мәтелдері, қазақ билері шешендік сөз туралы, жалпы айтыс өнері жайында Ш. Ш. Уәлихановтың пікірлерін көптеген ғалымдар өз зерттеулерінде басшылыққа алып отырады, фольклордың бұл жанрларын тұңғыш зерттеген Шоқан екенін әділ атап өтеді. Ш. Ш. Уәлиханов өз еңбектерінде жинаған фольклор үлгілерін нақты жіктемесе де, оның жинап жазып алған шығармаларын былайша жіктеуге болады: 1. Өлеңдер; 2. Жырлар; 3. Жеке тарихи адамдар туралы аңыз әңгімелер; 4. Қиял-ғажайып әпсаналар; 5. Аспан әлемі туралы (космогониялық) мифтер мен әпсаналар; 6. Жер-су аттарына байланысты (географиялық, топонимикалық) аңыздар. 7. Ертегілер; 8. Халықтардың пайда болуы туралы (этногенездік) мифтер мен аңыз-әпсаналар; 9. Мақал-мәтелдер; 10. Жұмбақ-айтыстар; 11. Музыкалық мұралар. Мұның өзі Ш. Ш. Уәлихановтың халық мифтеріне, аңыздарына, жырларына, сол сияқты басқа да көне сөздеріне айрықша мән бергенін, солардың елдің ескі өмірінің ізін іздегенін байқатады. Ш. Ш. Уәлиханов ауызекі мұраны жинауда ғылыми құнды әдіс қолданған. Бір аңызды не әңгімені бірнеше адамнан тыңдауды әдетке айналдырған, сол шығармалардың шындыққа жақын келетіндерін қысқаша сюжетін жазып алып отырған. Бұл оның «ХVІІІ ғасыр батырлары жайлы тарихи аңыздар» деп аталатын мақаласынан анық көрінеді. Ш. Ш. Уәлиханов қазақтың наным-сенімдеріне қатысты «Қаржілік» туралы аңызды, Қойлыбай бақсыға қатысты мифтерді, «Өлі мен тірі және олардың достығы туралы» атты хикаяны да жазып алған. Ғалым осындай хикаялар мен ертегі, мифтерде халықтың бір замандағы дүниені тану дәрежесі қандай болғандығын ғана емес, қазіргі наным-сенімдерден де хабар береді. Мұның бәрі ғалым халықтың рухани әлемін, мәдени даму дәрежесін, ақындық қиялын, жан-жақты түсіну мақсатында жинап, тексерген. Шоқанға музыкалық мұраларды жинауға көмектескен - Шыңғыстың інісі Ханқожа күйші. Бізге оның орындаған, әлде өзі шығарған 14 күйінің ғана аттары жетіп отыр. Қазақтың мақал-мәтелдерін алғаш қағаз бетіне түсірген Ш. Ш. Уәлиханов. Ол мақал-мәтелдердің табиғатын жеке танып, қазақ өмірін жан-жақты көрсете аларлықтай үлгілерін жинаған. Шоқан мақал-мәтелдерді халықтың әр түрлі топтарының өкілдері аузынан жазып алған. Ол мақалдарға халықтың бірлескен ақыл-ойының жемісі деп қарайды. Мақалдарда халықтың түрлі заттарға өзін қоршаған әлемге көзқарасы тұжырымдалған, - деп бағалады. Шоқан жазбалар арасында жұмбақ айтыстары да кездеседі. Егер қазақ халық прозасын оның ХХ ғасырдың 70-80 жылдарынан бастап түркі фольклортануында да фольклордың прозалық жанрларына арналған жинақтар, зерттеулер шыға бастады. Жалпы түркі халықтарының ішінде де халық прозасының зерттелуі кең өріс алды. Башқұрт, татар ғалымдары халық прозасы шығармаларын бірнеше том етіп шығарып, оларға ғылыми зерттеу мен түсініктемелер жазды. Әсіресе, башқұрт оқымыстылары батырлық ертегіге, аңыз бен әпсана-хикаятқа жеке-жеке том арнағанын атап өту қажет.
Аталған жинақтарда халық прозасының ертегіден басқа жанрларының арнайы қамтылып, біршама зерттелгені - қуанарлық жағдай. Мысалы, башқұрт фольклорисі Ф. Надршина аңыз бен әпсана-хикаятқа арналған томға жазған кіріспесінде башқұрт халқының ертегіге жатпайтын прозалық жанрларын классификациялап, саралауға тырысқан, біраз сипаттаған. Автор жанрлық саралауға критерий етіп шығарманың тақырыбы мен мазмұнын, оған сенетіндігін алған.
Ол мынадай жанрларды бөлектеп, даралайды: бұрынғы ырым-нышандарға құрылған легендалар, башқұрттардың шығу тарихына байланысты легендалар, жер-су, тау-тас т. б. мекен атауларына байланысты риүәйәт, легендалар, тарихи риүәйәттар, тұрмыс-күнкөріс риүйәттары.
Ф. Надршина сондай-ақ башқұрт фольклорында хикая жанры бар екенін де айтып, оны мифологик хикәйә деп атайды.
Терминдік атау жағына келгенде, автор орыс фольклортану ғылымында қалыптасқан легенда сөзін алады. Біз оны әпсана-хикаят деп атаймыз.
Прозалық фольклорды зерттеуде өзбек ғалымдары да біраз табысқа жетті. Олар ертегімен қатар аңыз, әпсана-хикаятты да жеке жанрлар есебінде қарастырды. Коллективтік еңбекте проза жанрына эртаклар, афсона ва риваятлар, латифа во лофлар жатқызылған. Ал К. Имомов өзінің монографиясында фольклорлық прозаны төмендегіше саралайды: эртаклар, маталар, афсоналар.
Көріп отырғанымыз: екі кітаптағы классификацияда онша алшақтық жоқ. Тек коллективтік еңбекте сатиралық ертегінің анекдот типтес түрін латифа және лофлар деп ертегіден тыс жанр ретінде бөлген. Ал, К. Имомов бұны жеке жанр деп есептемейді. Ол прозалық жанрға эртак-матал деп (мисал) қосқан.
Екі еңбекте де жанрлық классификациялаудың басты шарты - шығарма мазмұнының шындығы. Басқа сөзбен айтқанда, шығармадағы оқиға өмірде болған ба, әлде ойдан шығарылған ба? Әрине, ғылыми саралауға бұл әлі жеткіліксіз. Бұл принциптен маңыздырақ критерийлер бар екені белгілі.
Тағы бір айтатын нәрсе - екі еңбекте де жанрларды зерттеуде олардың шығу тегі ескерілмеген, даму жолдары көрсетілмеген, сондықтан алдымен көркем жанрлар қарастырылған.
Құптарлық жайттардың бірі - терминдік атаулардың молдығы. Бірақ «афсона» парсы тілінде «ертек» деген сөз. Сондықтан оны «легенданың», орнына осы күйінде қолдану бұл ұғымды толық бермей тұр. Сол себепті «легенда» ұғымын беру үшін «әпсана-хикаят» деген тіркес алған дұрыс сияқты.
«Легенда» ұғымын «әпсана» термині арқылы беру ұйғыр фольклортануында орын алған. Мұнда ұйғыр халық прозасы мына жанрларға бөлінген: чәчәклар, ривайәт, әпсанә, болмишлар. Терминдік жағынан келгенде, «болмыш» деген атау орыстың «быличка» ұғымына сәйкестендіру үшін алынған. Бірақ бұл - дәлме-дәл аударылған калька. Бұл жанрды біз бұрыннан қалыптасқан, дәстүрлі болып кеткен «хикая» деген терминімен атаған дұрыс деп ойлаймыз.
Халық прозасын зерттеуді түркмен фольклористері де қолға алды. 1982 жылы А. Баймырадовтың «Түркмен фольклор прозасының тарихы эволюциясы» деп аталатын еңбегі жарық көрді. Бұл зерттеудің бір ұтымды жері - түркмен фольклорында миф жанрының бар екенін анықтап, оған арнайы тарау беруінде. Негізінде бұл еңбек ертегіге жатпайтын прозаға арналған. Автор бұл топты «эртеки хәсиетсіз фольклор прозасы» деп атап, оны миф, легенда, хикаят және ривоят деген жанрларға саралайды. Бұдан терминдік атаулардың біркелкі емес екендігін аңғаруға болады.
Жалпы, бір көңіл аударатын мәселе - прозалық жанрларды атау. Оларға ат қойып, айдар тағуда түркі халықтары өз тілдерінде қалыптасқан тума немесе басқа тілден қабылданып, сіңісіп келген сөздерді алуы қажет. Айталық, әпсана, риваят сөздері ұйғыр, өзбек тілдерінде бұрыннан белгілі бір ұғым ретінде орныққан болса, соны пайдалану керек. Ал қазақ тілінде әпсана, риваят сөздері сіңіспеген. Олардың орнына бізде хикая, хикаят, қисса, рисале сөздері қолданылған. Сондықтан қазақ халық прозасындағы ертегіден аңыздан басқа жанрларды атау үшін осы сөздерді пайдаланған абзал. Оның үстіне «афсана», парсыша «ертек», ал «риваят» арабша «роман» деген сөздер екен. Демек, мүмкіндігінше тілімізде бұрын қалыптасқан сөздерді пайдаланып, оларға терминдік ұғым беру керек.
1934 жылы К. Сидов халық прозасын ертегіден тыс жанрларды үшке бөлген: әңгіме, естелік, хабар.
Швейцар оқымыстысы М. Люти мен чех ғалымы О. Сироватха халық прозасын ертегілік және аңыздық деп бөлгенде, айтушы мен тыңдаушының шығармаға сенетіні, сенбейтіні негізге алынбау керек деген пікір айтады.
Чистов прозалық жанрды жіктеудің, саралаудың негізгі принципі - әлеуметтік-тұрмыстық функция деп қарастырады. 1. Эстетикалық функциясы айқын: (ертегінің бар түрі, мисал, өтірік, анекдот)
2. Эстетикадан басқа қызмет атқаратын жанрлар: (аңыз, әпсана-хикаят, әңгіме, хикая)
С. Н. Азбелев екіге бөлген: көркем және қарапайым. Бұл пікірмен келісуге болады. Егер де жанрлық ерекшелігіне келетін болсақ шынында екі жанрдың атқаратын қызметтері өз алдына бір бөлек. М. Әуезов қазақ халық фольклортану ғылымында тұңғыш рет қара сөзбен айтылатын бір тектес шығармаларды жеке-дара бөліп алып, жанр ретінде қарастырған. Қара сөз үлгісіндегі фольклорды ол: ертегі, аңыз ертегі, күй аңызы деп бөлген
Қазақ фольклортануында халық прозасын жанрға сараламай, түгелімен «ертегі» деп түсіну қалыптасқан ұғым. Мысалы, қазақ фольклорына арналған М. Ғабдуллиннің оқулығында былай деп жазылған: Қазақ ертегілерін мазмұнына, әр алуан ерекшелігіне қарай бірнеше түрге бөлеміз: Солардың ішінде бастылары: а) қиял-ғажайып ертегілері ә) хайуанаттар жайындағы ертегілер б) тұрмыс-салт ертегілері және аңыздар;
Көріп отырғанымыз: ертегі жанрына аңыздар да кіріп кеткен. Бірақ не себепті бұлай істелгені кітапта айтылмайды. Сондықтан жанрлық саралауда автордың ұстанған шарты белгісіз. Оны мынадан да көруге болады. Осы еңбегінде ғалым жаңағы аталған ертегілер тобынан аңыз-әңгімелерді жеке бөліп атайды да, оған Алдар Көсе, Асан қайғы, Жиренше шешен туралы шығармаларды жатқызады.
М. Әуезов 1927 жылы жарыққа шыққан кітабында, 1939 жылы С. Соболевпен бірігіп жазған еңбегінде, одан соңғы зерттеулерінде де ертегі жанрын арнайы қарастырып, оның ішкі жанрларын сипаттап берген еді. Сондай-ақ ол кісі халық прозасында ертегіден басқа жанрлар бар екенін анықтап оларды бірде аңыз ертегілер, бірде аңыз әңгімелер деп атайды.
1968 жылы орыс тілінде жарық көрген «Қазақ әдебиетінің тарихында» халық прозасын бір жанрлық жүйе тұрғысында қарастыру нышаны болды. Онда бүкіл халық прозасына арналған жанрлар тарауы «Ертегілер» деп аталып, ертегіге жатпайтын прозалық жанрлар арнайы тараумен бөлінбеді. Дегенмен, олар бұл кітапта «былички, предания, легенды» деген атпен арнаулы түрде қарастырылды. Рас, Костюхин жалпы фольклорлық жанрлар теориясына бармайды және бөлектеніп алынған жанрларды классификациялау принциптерін де ашып анықтамайды. Автор аталған үш жанрды оқшаулауда орыс фольклортану ғылымының тәжірибесіне жүгінеді де, оларды саралау критерийі етіп шығармаға елдің илану, иланбау дәрежесін анықтайды. Бұл бір жағынан дұрыс. Өйткені аңыздық проза шығармаларын ел ақиқат деп қабылдаған, себебі олардағы қиял көркемдік шарт емес, халық түсінігінің сәулесі ретінде көрінеді. Ертегіге жатпайтын халық прозасына фольклорист Еділ Тұрсынов та арнайы мақала жазды. Бірақ оның еңбегі халық прозасының барлық жанрын қамтымайды және фольклор жанрына байланысты жалпы теориялық мәселелерді қарастырмайды.
Аталған мақалада тек жануарлар туралы аңыздар мен әңгімелер сөз болады. Автор оларды жіктеуде шығармалардың логикалық-маңыздылық құрылымын негізгі принцип етуді ұстанады.
Басқа халықтардағыдай, қазақ халқының ауыз әдебиетінде ертегілер орасан мол орын алады. Қазақ фольклорының басқа түрлеріндегідей емес, нақ осы ертегілерден көршілес отырған шығыс және батыс халықтарының ертегілерінен ауысқан, алмасқан із-бедерлер анық танылады. Шығыстан келген әсер жайында сөз болғанда қазақ арасында әлмисақтан бері бар «Мың бір түн», «Тотының тоқсан тарауы», сияқты шығармаларды, ежелгі түрік халқының романы «Бақтажарды» еске алу қажет. Сондай-ақ, қазақтың халық ертегілерінің талай-талайы орыс халқының ертегілік фольклорымен едәуір байланысты екендігін де атау керек. Бұл хайуанаттар жайындағы ертегілерден әсіресе анық байқалады.
Бірақ басқа халықтардан алмасып алынған сюжеттік желілер өңделіп сұрыпталады, өзгереді, жаңа халықтық негіз табады, яғни сол ертегілердің қазақша айтылатын нұсқалары туады. Сол нұсқаларға қазақ халқының тарихы мен тұрмысына хас ұғым-нанымдардың, әр алуан әлеуметтік топтардың дүние тануы мен дүниеге көзқарасының экономикалық-әлеуметтік ерекшеліктерінің ықпалы тигендігі де даусыз.
Сюжеттің кейде үзік-үзік болып бөлінетіндігі де байқалады. Мұндай жағдайда алмасқан сюжет қазақ нұсқасына тұтас күйінде емес, жекелеген сарындар мен ситуациялар түрінде енеді. Сюжеттің осындай жекелеген элементтерінің, тіпті қазақтың төл ертегілерінің желісіне еніп кететін кездері болады. Мәселен, қиял-ғажайып ертегілерде жалмауызға қоса перілер мен диюлар (араб-парсы ертегілерінен ауысқан) да жүреді. Сол сияқты, орыс ертегілеріне мейлінше хас аю, түлкімен бірге үй хайуанаттары, қойшы қоса жүреді. Соңғылар - қазақ ертегілерінің кейіпкерлері. Олар алмасып алынған сюжетке қазақтың нәр-нақышын беріп тұр. Прозалық фольклорды ертегілік проза және аңыздық проза деп екі үлкен топқа бөлгенде прозалық шығармалардың мазмұнына ел илана ма, әлде иланбай ма деген шарт негізге алынады. Сырттай қарағанда, бұл субъективті принцип болып көрінуі ықтимал. Бірақ шындығында олай емес. Ертегілік прозада қиял көркемделіп, таңғажайыпқа айналған, яғни ертегілерде қиял - көркемдік құрал ретінде қолданылады. Ал, аңыздық прозада қиял - көркемдік құрал емес, ол таңғажайыпқа айналмаған. Бұл топтағы шығармаларда баяндау болған оқиғаны бейнелеп отырғандай сезіледі және айтушы мен тыңдаушылар солай түсінеді.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz