Қазақ халқының дәстүрлі құқығының тарихы


ҚР БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ
А. МЫРЗАХМЕТОВ атындағы КӨКШЕТАУ УНИВЕРСИТЕТІ
ГУМАНИТАРЛЫ-ЗАҢ ФАКУЛЬТЕТІ
ЗАҢТАНУ ЖӘНЕ КЕДЕН ІСІ КАФЕДРАСЫ
Дипломдық жұмыс
тақырыбы «Қазақ халқының дәстүрлі құқығының тарихы»
«Заңтану» мамандығының
5 с/о тобының студенті Кожахметов Ж. К.
Ғылыми жетекшісі:
Аға оқытушы Тлеубердина Ұ. Т.
Қорғауға жіберілд
Кафедра меңгерушісі
КӨКШЕТАУ, 2007
МАЗМҰНЫ
КІРІСПЕ . . . 3
1 ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНЫҢ ДӘСТҮРЛІ ҚҰҚЫҒЫ ТАРИХЫНЫҢ
ТҮП ТӨРКІНІ . . . 6
1. 1 Қазақ халқының дәстүрлі құқығының тарихи түсінігі . . . 6
1. 2 Қазақтың дәстүрлі құқығындағы Қасым ханның «Қасқа жолы» . . . 10
1. 3 «Есім ханның ескі жолы» заңдары хақында . . . 11
1. 4 Тәуке ханның «Жеті жарғысы» . . . 15
2 ҚАЗАҚТЫҢ ДӘСТҮРЛІК ҚҰҚЫҒЫ ТАРИХЫНДАҒЫ
БИЛЕР СОТЫНЫҢ ТӘЖІРИБЕСІ . . . 27
2. 1 Қазақтың дәстүрлік құқығы билер соты түсінігі . . . 27
2. 2 Қазақ дәстүрлі құқығындағы билер сотының бүгінгісі мен ертеңгісі . . . 36
2. 3 Қазақ дәстүрлі құқығындағы билер институты . . . 39
2. 4 Қазақ дәстүрлі құқығындағы заңдар және сот үкімі . . . 47
3 ҚАЗАҚТЫҢ ДӘСТҮРЛІК ҚҰҚЫҒЫ ТАРИХЫНДАҒЫ
БИЛЕР ЕРЕЖЕСІ . . . 59
3. 1 Дәстүрлі қазақ қоғамындағы билер кеңесі: қалыптасуы мен дамуы . . . 59
3. 2 Қазақ құқығындағы ережелер . . . 64
3. 3 Ереже - әдет-ғұрып құқығының кіші жинақтары . . . 67
3. 4 Билердің төтенше съезінің ережелері . . . 68
ҚОРЫТЫНДЫ . . . 72
ҚОЛДАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ . . . 77
КІРІСПЕ
Дипломдық жұмыстың маңыздылығы - қазақтың дәстүрлік құқығы қазақ өлкесіндегі патриархалды-феодалдық қоғамдағы саяси қарым-қатынастарды қолдаған, оның шырқын бұзбаған заң нормалары әрі осы қоғамдық құрылыстың құқықтық негізін жасаған. Көптеген көрнекті ғалымдар атап көрсеткендей, оның табиғи болмысына негізделген көзқарастарды зерттемейінше, қазан төңкерісінен бұрынғы кездегі сот тарихына қатысты жағдайларды білу мүмкін емес. Сол себептен маңыздылығына қазақтың дәстүрлі құқығының түп төркінін ашу болып табылады.
Қазақтың дәстүрлік құқығы әлі де арнаулы теориялық зерттеу пәні ретінде танылған жок. Заң мамандары оны негізінен құқықтың түп-төркіні ретінде ғана қарайды. Дегенмен де дәстүрлік құқықты жинақтап, қорытып зерттеу аса қажет нәрсе. Енді осыған түсінік бере кетсек.
Жалпы құқықтың қалыптасуындағы алғашқы кезендерде дәстүрлік құқық нормаларының жүйеге келтірілуі белгілі бір дәрежеде өзара байланыста болады. Мысалы: Римдегі 12 таңба, таблица ретінде белгіленген заң тізбесі - дәстүрлік құқық нормаларының жазбаша түрі деп танылған. Кез-келген қоғам өзінің даму кезеңін талдай отырып, бастапқы кезеңдегі заң нормаларын аттап өтуіне болмайды. Бұл жалпы құқықтың орнығуына, теориялық тұрғыдан түсінуге маңыз береді. [1]
Дәстүрлік құқықтың даму механизмін ашып көрсету отарлық жүйені жою нәтижесінде бостандық алатын жас тәуелсіз мемлекеттердің саяси сферасында болып жатқан жағдайлардың мәнін танып білу үшін маңызы зор. Бұл елдердегі мемлекеттік және әкімшілік басқару аппаратын, сондай-ақ әлеуметтік реттеудін тисті түрлерін жасауда прогресивті әдет-ғұрыптар, моральға тән әлеуметтік нормалар ретінде пайдаланылады.
Қазақтың дәстүрлік құқығы дүние жүзі халықтарының құқық тарихының ажырағысыз бөлігі. Шығыс халықтары мен дүние жүзінің басқа да халықтарынын дәстүрлік құқық нормалары арасындағы керемет ұқсастықтар, халықтардың даму тарихындағы жалпы зандылықтары әрекеті растай түседі.
Басқа халықтардың дәстүрлік құқықтары тәрізді қазақтын да дәстүрлік құқығы үстем таптың еркін білдіретін, мемлекеттік өкімет санкциялаған әрі кепілдік берген қоғамдық қатынастар мен тәртіптерді қорғаған заң жүзіндегі әдет-ғүрыптарының жиынтығы.
Қазақтың дәстүрлік құқығын ұғыну үшін "әдет" деген терминдік сөздің маңызын анықтап алғанымыз жөн.
"Әдет" сөзі дәстүрлік құқық сөзіне балама болып келмейді. Халықтың жалпы әдет-ғұрпын - "әдет" деп түсінген жөн де, заң жүзіндегі әдет-ғұрыптардың жиынтығынан әлде қайда кең екенін түсіну керек. Қазақтар «әдет» терминін әдет-ғұрыпты білдіру үшін қолданған. Бұл арада құқықтық, құқықтықемес әдет-ғүрыптың ара-жігін ажырататын шекара жоқ. "Әдет" сөзі кәдуілгі құқыққа негіз бола тұрғанымен де, оның дәл мәніне "заң" сөзі толығырақ сай келеді.
Енді қазақтың дәстүрлік құқығында әдет-ғұрыпты қатаң ұстау не үшін қажет болған?
Көне ұғымдарға сәйкес рудың барлық мүшелері "бір тұтас ататектен", түбірден" шығады. Кедей мен бай аталас. Тұрмыс денгейі әрқилы болғанымен руаралық соғыста бір біріне көмектесіп, ар-намыс пен мүддені қорғай білген. Осы негіздегі рулық кек-ұжымдық жауапкершілікті тудырады. Құн төлеу, қалың мал, әмеңгерлік, басқа да заң институттарын жан-жақты өрістетеді. Мәселен, бұл жауапкершілік бойынша әрі жалпы жұрт қабылдаған тәртіпке сәйкес ру мүшесі құнды өзі төлей алмаса (адам өлтірсе, кембағал етсе төлейтін құн), сот шығарған ұйғарымды орындай алмаса, рулық бірлестіктегі жақын туыстарына сауға салады да ұжымдасып төлейді.
Қазақ дәстүрлік құқығы құрамы жағынан бір текті болмады. Ал сипаты жағынан сан алуан нормалар мен институттар қатар қызмет етіп, бір біріне өзара әсер етіп отырды. Сондықтан дәстүрліқ құқықтың ең берідегі нормалары мен ең көнедегі институтын ажыратып білу қиын. Оған қоса құқықтық әдет-ғұрыптардың пайда болған мезгілін дәл басып тану да қиынға соғады. Тек қана «қанға-қан» кегінің өзі ең көне институт. Солай бола тұра қазақтардың қоғамдық өмірінде мұндаға дейін сақталған. Бір мысал: 1887-жылы төртінші Адай болысынын өкілі Дерментай өзін болыс управителі етіп сайлауға қарсы шыққаны үшін әке жағынан өзіне туыс ағасын өлтіреді. Өлген ағасының ең жақын туыстары "қанға-қан" беруді талап етеді. "Олар Дерментайдың үйіне тақап келеді де "қанға-қан" алуға келгендерін хабарлайды. Ол үйден шығады да тізерлеп отырып, келте иманын айтып басын тосады. Кек алушы басын қылышпен шауып жібергенде бас кек қайтарушының алдына домалап түседі" (М. Леваневский "Қырғыз даласының очеркі 1895 ж. ) - міне таптық қоғамда "қанға-қан" әдет-ғұрпына мемлекеттік өкімет органдары осылай жол беріп отырған. Ол құқықтық сипатқа ие болған.
Енді қазақтың дәстүрлік құқығын шығыс халықтарының қылмыстық құқық, оған қолданылатын жаза түрімен салыстырсақ, әлдеқайда жұмсақ, демократиялық бағыт ұстанған. Шығыс халықтары қылмыскерлерді қатаң жазалаған. Атап айтқанда: ұзақ жыл еркінен айырып, түрмеге қамау, зынданға салу, адамның дене мүшесін зақымдап, кемтар ету, тірідей өртеу, доңғалақпен жаншу, тірідей жерге көму сияқты ауыр азаптарды қазақ билері адам баласына қолданбаған.
Қазақтың дәстүрлік құқығын зерттеп қараған адамға оның демократиялық сипаты айқын сезіледі. Құқық ортақтығын көтермелейтін нормалар да аз болмаған. Ондай демократиялық негіздегі қарым-қатынастар шаруашылықта, тұрмыста, отбасында жақсы сақталған.
Оған айғақ-хан өкіметі халықтан өктем бола алмағаны. "Халық ұйғарса хан түйесін сояды" деген сөзде үлкен мән жатыр. Билер кеңесі, ру ішіндегі әр ауылдың ақсақалдары айтқан кесімді сөз, олар жүргізген дау-дамайдағы ұтымды айтылған ойлар, тәлімді сөздер ел алдында ерекше марапатталған. Яғни билер, ақсақалдар шығарған сот шешімі ұрпақтан-ұрпаққа үлгі болған, прецеденттік маңызын жоймаған.
Дипломдық жұмыстың мақсаты - қазақтың дәстүрлі құқығының тарихын қарастыру болып табылады Қазақтың дәстүрлік құқығы өте ұзақ, жүздеген жылдар бойы тұйық шаруашылық негізінде қалыптасып дамыды. Дәстүрлік құқық - бірқатар құқықтық институттарға, соның негізін қалайтын материалдық әрі сот ісін жүргізу нормалары бар заң жиынтығы еді. Ол - қысқа, оңай есте қалатын, сонымен бірге ұтымды сөз тіркестерінен құралған заң жүйесі. Осы мақсатқа жету үшін келесі міндеттерді орындау қажет;
- Әдет-ғұрып (заң) ;
- Билер сотының тәжірибесі (билердін билігі) ;
- Билер съезінің ережесі (ереже) .
Көрсетілген барлық түп-төркін өзара байланыста. Билер сотының билігі оның үлгілі жағы (прецедент), сондай-ақ билер съезінің ережесі қолданылып жүрген құқықтық әдет-ғұрыптарды үнемі толықтырып, өзгертіп отырады. Алайда дәстүрлік құқықтағы қолданылып жүрген заң нормаларының маңызын бірден ала алмады. Қоғамның дамуына қарай қалыптасып отырды.
Дипломдық жұмыстың бірінші тарауында қазақ халқының дәстүрлі құқығының тарихы түсінігі жөнінде айтылады.
Дипломдық жұмыстың екінші тарауында қазақтың дәстүрлік құқығы билер соты түсінігін талдау қарастырылған.
Дипломдық жұмыстың үшінші тарауында дәстүрлі қазақ қоғамындағы билер кеңесінің қалыптасуы мен дамуын талдау қарастырылған.
1 ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНЫҢ ДӘСТҮРЛІ ҚҰҚЫҒЫ ТАРИХЫНЫҢ
ТҮП ТӨРКІНІ
- Қазақ халқының дәстүрлі құқығының тарихи түсінігі
Адамдар арасындағы қоғамдық қарым-қатынастарды реттеуде әдет-ғұрып мінез-құлықтың неғұрлым көне әрі қуатты нормативі болып табылады. Бұл тапқа дейінгі қоғамда және таптық қоғамда, өтпелі кезеңде де осылай болған. Қай қоғамда болмасын әдет-ғұрып мінез құлықтағы өзге ережелерден өзгеше инерцияға ие қоғам мүшесінің психологиясына тікелей әсер беріп нормативтерді ығыстырады. Егер форма белгілі бір уақыт ішінде өмір сүрген болса, - оған әдет-ғұрып пен дәстүр ретінде жол беріледі", - делінген. Әдет-ғұрыптардың нормалары мен институттары түгелдей заң нормасынан аспаған. Тек қана мемлекеттік билігі бар қоғамның мүддесіне сай заң нормасына айналған. Яғни, заңды күші бар саяси өкмет жол берген әдет-ғұрыптар ғана құқықтық әдет-ғұрыпқа айналған. Әдетте олар арнайы еш жерде тіркелмейді. Олардың көбінің түп-тамыры сонау көне заманға кетеді. Ұрпақтан ұрпаққа ауысады. Икемді және тез есте қалатын сөз тіркестері мен нормалар, нақылдар мен мәтелдер түрінде ауыздан-ауызға жиі өтеді. Қазақстан тарихында әдет-ғұрыпты кодификациялап, дәстүрлік құқықтық заң күшіне ие болған заң жүйесі баршылық. Атап айтқанда, ХVІ-ғасырдың алғашқы ширегінде Қасым хан өзінін бірқатар соттық шешімдерімен "көне" заң нормаларына маңыз беріп, күшін тануды растайды. Ол ақсүйектер мен билердің, дала шонжарлары қатысқан жиналыстың бірінде осы заң нормаларындағы әдептердің көбін ұстанып, дау-шарларды шешуге пайдалану қажеттігін жария еткен. Осыған сай түзетілген әдет-ғүрыптар жиынтығына өкіметтік күш берілгенді. Бұл акт тарихқа "Қасым ханның қасқа жолы" дейтін атпен кірді. Оның хатқа түскен жазбаша түрі болуы мүмкін, бірақ, бізге жетпеді. Өйткені "Қасым ханның қасқа жолы" "Қасым ханның шынайы қағидасы", "Қасым ханның көрегендік тұжырымы деген атаумен ұрпақтан ұрпаққа жатталып ауызша ауысып отырған. XIX-ғасырдағы билердің сот шешімдерінде Қасым хан тұжырымының беделіне, әсіресе, кәдуілгі құкықтық нормаларды растағысы келген кезде оған сілтеу жасау жиі ұшырайды. Осындай құқыктық тұжырым ХVІ-ғасырдың аяғында ХVII-ғасыр алғашқы ширегінде өмір сүрген Есім ханға да танылады. Бұл тарихқа "Есім ханның ескі жолы", "Есім хан тұжырымы" деп енді.
Үш жүзден шыққан атақты билердің қатысуымен ХVII-ғасырдың басында Түркістан қаласына жақын жерде Тәуке хан құрастырған "Жеті жарғы" атты дәстүрлік құқықтық жинақ қазақ халқы арасында қолданылып жүрген кәдуілгі құқықтық нормаларды түгелдей қамтымады. Тәуке хан тұжырымы негізінен алғанда Орта жүз бен ішінара Кіші жүз қазақтары арасында қолданылды. Тәуке тұжырымымен қатар ресми түрде еш жерде тіркелмеген басқа да кәдуілгі құқықтық нормалар қатар әрекет етті.
Қазақтардың әдет-ғұрыптары мен дәстүрлік құқық нормаларының арасында нақтылы шекара болмады. Өйткені әдет-ғұрыптан заң шығарған билер кенесі оның жақсы жағын сарқа алып, заң нормаларына қосты, содан бап құрады. "Әдет-ғұрып", "Ескі әдет", "Ата-баба салты", "Жол-жора", "Жөн-жоба" тәрізді сөз тіркестері пайда болды. Ал жарғының мағынасы зор болды.
Қазақ хандығында "Қасым ханның қасқа жолы", "Есім ханнық ескі жолы". Тәуқе ханның "Жеті жарғысы" деп аталатын заңдар болды. Бұл зандар сол заманда ислам дінін тұтынатын Күншығыс пен Орта Азияның бірсыпыра елдеріндегі феодалдық мемлекеттер мен хандықтарда жағалай қолданылып отырған ислам дінінің "шариғат" заңынан мүлдем басқаша болатын. Бұл қазақ хандығының ерекше тарихи әлеуметтік-эқономикалық және саяси жағдайының туындысы еді.
Қазақ хандығының заңдары "жарғы" деп аталады. "Негізгі орта ғасырларда қыпшақ, шағатай ұлыстарында қолданған яссы заңынан алынған. Қазақша "жарғы" әділдік деген үғымды білдіреді. Түпкі мәні жарудан, нәрсенің салмағын бір жағына аудырмай, дәл, әділ айырудан шыққан. Дауды әділ, тура шешкен билер; халық бұқарасы ардақтап "қара қылды қақ жарған" деп мадақтаған. Оның еш жағының біреуіне артық жібермей, дәл айыруы әділдіктің мезгеуі болған. Жарғы заңының негізі, міне, осында. Өзінің мазмұны бойынша бұл заңның түбегейлі идеясы ежелгі әскери демократия арнасына барып тіреледі".
Қазақ хандығы заңдарының түп төркіні қазақ халқында ұрпақтан -ұрпаққа жалғасып келген әдет-ғұрыптық ережелерден шықты. Бұл ғүрып -әдеттік ережелер ежелден ел салтына сіңген. Халық бұқарасына түсінікті заң болды.
Қазақ хандығының іргесін қалаушы хандардың бірі Қасым хан (билік құрған жылдары 1511-1523) жоғарыдағы саяси жағдайға және халық бұқарасы мен билер тобының тілегіне негізделіп, қазақ халқының ежелгі әдет-ғүрыптық ереже тәртіптеріне мәнді өзгерістер енгізіп, дамытып билер кеңесінде ақылдаса отырып, "'жарғы" заңын жасады.
Халық бұқарасы Қасымның шариғатты алмай, ежелден қалыптасқан билер заңы - жарғыны жаңадан көтергенін қатты ұнатып, оны "Қасым ханның қасқа жолы" деп атап кетті.
"Қасым ханның қасқа жолы" бір ғасырдай атқарылған соң, тиісті толықтырулар мен өзгерістер енгізіліп, Есім ханның (1598-1645) тұсында "Есім ханның ескі жолы" деп аталған.
Ел аузында сақталған деректерге қарағанда, Есім хан тұсында "қасқа жолға" қосылған жаңалық: "хан болсын, ханға лайық заң болсын; абыз болсын, абыз сыйлау парыз болсын, би болсын, би түсетін үй болсын" деген ережелер екен. Бұл қазақ хандығы құрылысының саяси-әкімшілік, әскери, рухани және сот істері жөніндегі негізгі заң сипатындағы төрт тұғыр екені байқалады. "Ескі заң" деп аталуына қарағанда, сірә, бұл ережелер бұрыннан келе жатқан дәстүрлі бір жүйемен жасалған болуы да ықтимал.
"Қасқа жол" мен "Ескі жол"заңдары ХVІІ ғасырдың аяқ кезі мен XVIII-ғасырдың басында қайта толықтырылып, елеулі өзгерістер енгізіліп дамытылады. Тәуке хан (1680-1718) тұсында "Күл төбенің басында күнде қеңес" өткізіліп, "Қаска жолдың" бұрынғы бес тарауына тағы да екі тарау қосылып, "жеті жарғы" ("жеті заң") деп аталды. Бұл жаңадан қосылған екі тарау: жер дауы туралы заң мен құн дауы туралы заң еді. Тәуке хан тұсында Қазақ хандығының шығыс жағындағы жайылымдарды ойрат-жоңғар феодалдарының басып алуына байланысты жердің таралуы, мал жайылымдарына таласқан жанжалдардан адам өлімінің жиі болуы себепті жер дауын мүлік заңынан, құн дауын жалпы қылмыс заңынан бөліп алып, жеке-жеке тарау енгізуге тура келді. "Жеті жарғы'" заңы Үш жүздің ойшыл саңлақ билері - Төле би, Қазыбек би, Әйтеке бидің қатысуымен, хан қасындағы билер кеңесінен өтті.
"Орыс деректемелерінде" бұл заңдар "Тәуке ханның заңдары" деп аталды. Мұның өзі бұрыннан болған заңдық нормаларды жинақтау ғана емес, сонымен қатар оларға мәнді өзгеріс кіргізіп толықтау болды. "Кеңінен алғанда Тәуке хан заңдарының құрамына: 1) байырғы әдет-ғұрып нормаларының Тәуке хан тұсында "жаңартылған" феодалдық кодексі - "жеті жарғы"; 2) билер сотының тәжірибесі, түйінді биліктер, шежірелер; 3) ұсақ хандықтардың өзара бірлігін, ынтымақтастығын нығайтып, сыртқы жауларға қарсы тұруға жұмылдыруға, ру тайпа басшыларының (би-батырлардың) саяси-экономикалық рөлін арттыруға, көршілес елдермен дипломатиялық және сауда қатынасын нығайтуға арналған заңдары мен жазба актілері жатады. Тәуке хан кезіндегі құн ережелерінің жеке салаларына (қылмыстық заң, отбасы, неке) шариғат ережелері ықпалын тигізді".
"Жеті жарғы" заңындағы: "бір еркектің төрт әйел алуына болады", "ұрғашыны-жарым басы кем, екі әйелдің куәлігі бір еркекке тең", "еркекке толық құн, әйелге жарты құн" дейтіндер Тәуке хан тұсында ислам шариғатынан қазақ заңына енген ережелер. Осы сияқты жекелеген қағидалардың әсерінен басқа қазақ заңы Тәуке хан тұсында да ежелгі ерекшелігін сақтап қалды.
Қазақ хандығы заңдары тілі тұжырымды, есте сақтауға ыңғайлы, ұйқасты ершімді, шешен сөздермен құрастырылды. Мысалы, "әділ билік - алтын таразы", "қара қылды қақ жару", "тура биде туған жоқ", "жетпеген билік жеті ұлықтың есігін ашады", "батыр айғақ, балуан куә", "сорғалаған қан, сойдақтаған із". "ер өлтіріп, өріс бұзу", "ел шауып, мал талау", "табандап ұрып, тап шығу", "бата тимесе, қата тию", "қысасқа қан, оқысқа құн", "жазыққа жаза, айыпқа әнжі" "ханға хандық, биге билік", "мойныңа қосақ, артына тіркеу", "семсер астында серт жүрмейді", "иілген басты қылыш кеспейді", "алдыңа келсе атаңның құнын кеш". "жан алып жат болма", "ашыққан ұры - ашынған долы", " мал ашуы, жан ашуы" " алдырған албырт, анасының қойнын ашады", "қойманы не көрген алады, не көмген алады", "ердің кұны екі жүз жылқы", "ат тұяғын тай басады", "ит төлеуі бір күшік", "әке өлсе, мүлкі мұра", "аға өлсе, жеңге мұра", "ерден кетседе, елден қетпейді", "дау-айтыс, барымта-қайтыс", "судың түбін шым бөгейді, даудың түбін қыз бөгейді", т. б. Бұлар мақал-мәтел түрінде ел арасында сақталып келді.
Бұл заңдар толық қүйінде біздің заманымызға жеткен жоқ, Халиолла Өскенбайұлы, А. И. Левшин қатарлы зерттеушілер жариялаған үзінділер ғана сақталған. Қазақ зандарының ертеректе жазылған бір нұсқасы "Қазақ хандарынын рәсмилері" деген атпен Стамбулдағы Сүлеймен Қанұнидің кітапханасында сақталып тұрғандығы байқалды, бірақ мұны зерттеген ешкім жоқ. Сол сияқты "Қазақтың ережелері" деп аталған бір қолжазба 1950 жылдарда Толы аудандық сақшы мекемесінің қолына түскен екен. Мұның қазір қайда екені белгісіз, оның көшірмесі Бежіндегі ұлт зерттеу институтында болса керек.
Зерттеушілердің кейбіреулері: "Қазақ хандығы заңдарының түп төркіні Шыңғыс ханның "жасақ" заңынан алынған деген пікір айтады, енді біреулері: қазақ хандығы Шынғыс ханның "жасақ" заңынан мүлде дербес заң дейді. Бірақ бұл екеуінің арасындағы байланыстың бар-жоқтығын дәлелдейтін тарихи дерек әзірге дейін табылған жоқ.
Қазақ хандығы зандарының негізі - феодалдық базис пен патриархалдық-феодалдық өндірістіқ қатынас болды. Оның міндеті: феодалдық базиске қызмет ету, феодалдық меншікті қорғау және нығайту, феодалдық үстем таптын еңбекші халықтың феодалдық қанауға қарсы қүресін басып-жаншып тұншықтыру еді. Бұл заңдарда феодалдық меншікті қорғауға және меншік жөніндегі дау-шарларды шешуге баса мән берілді. Феодалдық құққа қайшы келгендер қатал жазаланып отырды.
"Жеті жарғы" заңы жарыққа шыққаннан кейін еңбекші халыққа түсетін салық ауыртпалықтары бұрынғыдан да бетер күшейе түсті. Бұрынғы салықтар қөбейтіліп, жаңадан түрліше алымдар енгізілді; сұлтан мен хандардың аманат ретінде көршілес мемлекеттерге баратын балаларын асырауға, сұлтандардың, ірі билердің тағы басқалардың борыштарын өтеуге жаңа алымдар енгізілді.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz