КӨКШЕ ӨҢІРІ АҚЫНДАР ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫНДАҒЫ КӨРКЕМДІК ЕРЕКШЕЛІКТЕР



Жұмыс түрі:  Дипломдық жұмыс
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 50 бет
Таңдаулыға:   
Мазмұны

КІРІСПЕ ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ..
... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... 3

НЕГІЗГІ БӨЛІМ:

1. КӨКШЕТАУ ӨҢІРІ АҚЫНДАРЫНЫҢ ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ
ДӘСТҮРІ ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... .
... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... .6

1. Жергілікті халық ақындар поэзиясындағы дәстүр
жалғастығы ... ... ... ... .6
2. Үкілі Ыбырайдың ұрпақтары (М.Асайынов, М.Тырбиұлы жайында) ... 15

2 КӨКШЕ ӨҢІРІ АҚЫНДАР ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫНДАҒЫ КӨРКЕМДІК
ЕРЕКШЕЛІКТЕР ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ..
... ... ... ... ... ... ... ... ... ... 26
2.1 Мұса Асайыновтың
ақындығы ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ..
...26
2.2 Молдахмет Тырбиұлы
шығармашылығы ... ... ... ... ... ... ... ... ... .. ... ... ... ... 34

ҚОРЫТЫНДЫ ... ... ... ... ... ... .. ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ..
... ... ... ... ... ... ... ... ... ... .48

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР
ТІЗІМІ ... ... ... ... ... ... ... . ... ... ... ... ... ... ... 49

ҚОСЫМША

КІРІСПЕ

Зерттеудің өзектілігі.
Қазақта Әнші ақын, Жыршы ақын дегендерді әдебиет тарихынан аз
оқығанымыз жоқ. Ал енді осы екеуінің басын қосқан, ол аз десең суырып салма
ақындығы бар, тіпті тауып айтар шешен сөзге су жұқпас жорғаларды өнер
өріндегі сегіз қырлылар демеске лажымыз жоқ.
1965 жылы жарыққа шыққан тұңғыш айтыстар жинағының бірінші томына
жазған алғысөзінде академик-жазушы Сәбит Мұқанов: Өкінішті бір кемшілік –
әдебиеттану ғылымы едәуір марқайып қалса да, ақындардың көпшілігінің
творчествосы мен өмірбаяндарын әлі толық айқындап, анықтай алмауда. Біз
әзірге ол ақындардың туған жері мен өз атын ғана білеміз. Нақты қай жылы
туғанын, қашан өлгенін, ақындық өмірінде неше рет айтысқанын, айтыстан
басқа қандай жырлар қалдырғанын өте аз білеміз деген екен []. Шындығында
да алты алашқа аты мәлім болса да, шығармашылығы соншалықты зерттелмей
жүрген осындай ақындар қаншама десеңізші.
Міне, осындай әнші, жыршы, ақын, сазгерлер – Қазақстанның еңбек
сіңірген мәдениет қайраткері Мұса Асайынов және бүгінгі талантты ақынымыз,
жерлесіміз Кәкімбек Салықовтың бір кездегі ұстазы Тырбиев Молдахмет.
Сал-серілер мен әнші-ақындар дәстүрін жалғастырушы өкілдердің еліне
сіңірген еңбектеріне, шығармашылығына толғамды зерттеу жүргізіп, оны
өркениеттілік негізде бағалау қазіргі кезеңнің өзекті мәселелерінің бірі
болып табылады.
Ақындар шығармашылығын жан-жақты, әрі терең қарастырып, зерделеу туған
жеріміздің әдебиеті мен мәдениетін зерттеуге қосылған белгілі деңгейдегі
үлес болар еді.
Сондықтан өткенімізді саралап, түбегейлі зерттеу, тарихи тұлғалар
еңбегін бағалау, сараптау біздің диплом жұмысымыздың өзектілігіне жатады.
Зерттеу жұмысының мақсаты. Ата-бабаларының өнердегі дәстүрін
жалғастырушы жерлес әнші-ақындар Мұса Асайынов пен Молдахмет Тырбиұлы
шығармашылығына шолу жасау, сол арқылы кейінгі ұрпақтың ел азаматтарын есте
сақтап, құрметтеуіне жағдай туғызу.
Қойылған мақсатқа жету үшін төмендегідей зерттеу міндеттерін шешу
көзделді:
- Көкшетау өңірінің дарынды тумаларының әдебиет пен мәдениетті
дамытуға қосқан үлестерін анықтау;
- Мұса Асайынов пен Молдахмет Тырбиұлы шығармашылығы жайындағы
зерттеу еңбектерге шолу жасау;
- Көкшетау өңірінің дарынды тумаларының өмірі мен қызметін,
шығармашылығын зерттеудің болашақ үшін маңызын айқындау.
Зерттеу объектісі. Әнші-ақындар Молдахмет Тырбиұлы мен Мұса Асайынов
шығармашылығы.
Зерттеудің пәні. Сал-серілер мектебін жалғастырушы өкілдер
шығармашылығы.
Тақырыптың зерттелу деңгейі.
Тақырыпты зерттеу барысында суырып салма ақын әрі сазгер Мұса
Асайынов пен Молдахмет Тырбиұлы шығармашылығы жайындағы зерттеу еңбектері
кемде-кем екендігін байқадық. Дегенмен, жекелеген еңбектерде бұл екі дарын
иесі жайлы, олардың өмірі мен қызметі, ақындығы, әншілігі жайында аз да
болса мағлұмат берілген. Бұл турасында ғалым Е.Ысмайыловтың Ақындар
(1956), Жамбыл және халық ақындары (1996), Ж.Қ.Есекеевтің Айыртау
арыстары (2000) еңбектерін атауға болады. Бұл еңбектерде әнші-ақындардың
өмірі мен шығармашылығы жайындағы мәліметтерге қысқаша шолу жасалынған.
Аталған ақындар шығармашылығына байланысты зерттеулер көбінесе жергілікті
баспасөз беттерінде мақала, очерк түрінде кездеседі. Атап айтатын болсақ,
Е.Жәкеновтың Айтыстың қос алыбы (Бұқпа газеті), Г.Шаймергеннің Үкілі
Ыбырайдың ұрпағы еді (Алаш үні газеті), Т.Қажыбаевтың Қанатын шаршы
топта самғай қаққан (Бұқпа газеті), О.Нұрғалиұлының Асқақ әнші, дарынды
ақын (Көкшетау газеті) тағы басқа мақалаларында Мұса Асайынов пен
Молдахмет Тырбиұлының айтыстағы өнерлері мен әншілік өнері жайында кең
мағлұмат берілген.
Бұдан басқа, солтүстік өңірдегі сал-серілер мен әнші-ақындар мектебін
жалғастырушылар Мұса Асайынов, Игібай Әлібайұлы, Молдахмет Тырбиұлының
туындыларын үнемі үзбей жинақтап, салыстырып, зерттеу жүргізген ғалымдардан
Жанбай Қадыровтың есімін ерекше атап өтуге болады.
Жоғарыда жарық көрген аз ғана еңбектер арқылы біздің зерттеу
жұмысымызға арқау болып отырған дарын иелерінің шығармашылығын жан-жақты
әрі әр қырынан зерделеп, кейінгі ұрпақтың ұмытпай есте сақтауы мүмкін емес.
Ол үшін жекелеген зерттеу еңбектері қажет. Сондықтан, біз ақындық өнерді
жалғастырушы жерлестеріміз, айыртаулық ақындар Мұса Асайынов пен Молдахмет
Тырбиұлының шығармашылығы жайындағы мәліметтерді зерттеу жұмысымызға арқау
еттік.
Зерттеудің әдістері.
- Көкше өңірінің дарынды тумалары еңбектерін зерттеген ғалымдардың
еңбектерін қарастыру, ой түйіндеу;
- Мұса Асайынов пен Молдахмет Тырбиұлы өлеңдерін талдау, саралау;
- жинақталған материалдар негізінде талдау жүргізіп, түйіндеме
жасау, қорытынды шығару.
Зерттеудің ғылыми жаңалығы және практикалық құндылығы. Егер Көкше
өңірінің талантты азаматтарының шығармаларын зерттеп, толық саралай білсек,
келешекте бұл өлкенің дарынды тумаларының еңбектері ұзақ уақыт сақталмақ
және бұл мәліметтер әдебиет тарихына қосылған бірден-бір үлес болмақ.
Диплом жұмысының практикалық құндылығы ретінде әдебиет тарихына
қатысты мәліметтер мен деректер мектеп оқушылары мен жоғары оқу орындары
студенттері үшін дереккөздер болатынын айтуға болады. Сол сияқты зерттеу
жұмысында қалыптасқан әдістемелік тәсілдер ұлы дарын иелерінің еңбектерін
жан-жақты зерттеп, тарихи таным нысанына айналдыруға мүмкіндік береді.
Зерттеудің теориялық және әдістемелік негізі. Тақырыптың
теориялық-әдістемелік негіздемесі диплом жұмысында арнайы қарастырылды.
Зерттеу барысында талдау және жинақтау, индукция мен дедукция, салыстырмалы
сияқты жалпы ғылыми, әлеуметтанушылық, әдеби зерттеу тәсілдері қолданылды.

Зерттеу жұмысының құрылымы. Зерттеу жұмысы кіріспеден, екі бөлімнен,
қорытындыдан, пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.
Кіріспе бөлімінде зерттеудің ғылыми аппараты, тақырыптың өзектілігі,
зерттелу жайы, зерттеу мақсаты, міндеттері, зерттеу әдісі, ғылыми болжамы,
оның тәжірибеге енгізілуі тұжырымдалды.
Ал негізгі бөлімдерде ақындық дәстүрді жалғастырушылар жайында кең
мағлұмат беріліп, сурып салма ақын, сазгер, әншілер, Айыртау азаматтары
Мұса Мырзақұлұлы Асайынов пен Молдахмет Тырбиев өнері мен
шығармашылықтарына тоқталынды.
Қорытынды бөлімде көзделген мақсат-міндеттердің орындалуы жайында сөз
қозғалды.

1. КӨКШЕТАУ ӨҢІРІ АҚЫНДАРЫНЫҢ ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ
ДӘСТҮРІ

1. Жергілікті халық ақындар поэзиясындағы дәстүр жалғастығы

Сөз өнерінің ең негізгі түрлерінің бірі – халық поэзиясы. Халық
поэзиясының авторлары ұмытылып кеткен және авторы белгілі түрлері де тарихи
дамудың жолымен келеді. Ал, халық поэзиясының ішінен бөлінетін салалар
бойынша ақындық дәстүр ең көрнекті орын алады. Себебі, ақындық дәстүр -
өнер атаулының көптеген белгілерін өз бойына сақтай отырып, сөз өнерінің
қуатты күшін ғасырлардан ғасырларға жеткізіп келе жатқан қоғамдық құбылыс
боп саналады.
Халық ақындарының типтерге бөлінуіне байланысты академик М.Әуезов былай
деді: Тип народного акына вообще многообразно. Репертуар, жанр и
профессионально-творческие навыки одной группы акынов совершенно отличны от
всего этого у акынов другой группы. Есть народные – поэты и эпики (типа
Марабая): есть певцы – лирики (типа Биржана, Ахана, Жаяу-Мусы): есть также
поэты – печальники народа (типа Асанкайгы). Очень популярно также поэты –
слагатели исторических песен, призывных песен к сопротивлению, борьбе и
ставленников царизма [1, 418].
XYIII-XIX ғасырлардағы қазақтың Көтеш, Шал, Жанақ, Кемпірбай, Шөже,
Шортанбай, Мұрат, Дулат, Сүйінбай, Құлмамбет, Майлы, Мәделі және Жамбыл
дәстүрі ізіндегі әдебиет өкілдерінің барлығы да жыраулық, ақындық поэзияға
тән дәстүрлерді кейде ежелгі қалпын сақтай, кейде түрлендіре, дамыта
жандандырып отырады. Яғни, біріншіден, бұлардың кейбірінің өлеңді жазып
шығаратын мүмкіндіктері бола тұра, суырып салма, импровизаторлық дәстүрді
сақтап отыру. Екіншіден, бұлардың барлығы да өздерінің табан астында
тұтқиылдан туған, қысқа не эпикалық туындыларын әріде қобыз, беріде
домбыра, сырнай секілді музыкалық аспаптарға қосыла, белгілі әуендермен,
мақамдармен, саздармен орындау.
Халық поэзиясына тән патриоттық арнау көбіне үндеу, шақыру түрінде
болып келеді. Патриоттық арнау - қазақтың халық поэзиясында Ұлы Отан соғысы
кезінде кең өрістеген халық лирикасының түрі. Бұл орайда Е.Ысмайылов:
Халық поэзиясының алыбы, кеңес заманының шындығын, кеңестік патриотизмді
тебірене жырлаған Жамбыл - шын мәніндегі ұлы ақын - деп қарт ақынның
ұлылығын айтады [2,332]. Жамбылдың асқақ үні әсіресе Ленинградтық өренім
өлеңінде айқын байқалады:
Қазақстан жерінен,
Тұтағандай ел кегі,
Сендерге дем бергелі!
Жолды кернеп қол кетті,
Нева алабын қорыңдар,
Ленинградтың ерлері.
Ұрпаққа үлгі болыңдар,
Заманымның өрнегі! [3]
Ұлы Отан соғысы тақырыбы қай ақынды болсын тебірентпей, толғантпай
қоймаған және халық ақындары поэзиясындағы негізгі тақырыптардың бірі
ретінде қарастырылады.
Ұлы Отан соғысы тақырыбына арналған поэзиялық туындылар жанрлық жағынан
да сан алуан болып келеді, яғни шағын өлеңдер, толғау, поэма, дастандар
осынау тақырыпта орын алғаны белгілі. Бұл орайда, Молдахмет Тырбиұлының
Сәулеш толғауын атауға болады. Сәулеш толғауы хат түрінде беріліп,
Сәулештің жеңіске жетелейтін жігерлі, жалынды сөздері үндеу ретінде
беріледі. Мәселен,
Кигенім кірсіз белдемше,
Тосамын аман келгенше.
Ауылда еңбек етемін,
Оң қолымды бергенше
Ақ ниетке иманға
Халық үшін жанын қиғанға –
деп жігерлендірсе,
Жеңіп неміс кәпірді,
Атанып Отан батыры
Келешекке үлгі боп,
Жырласын халық ақыны –
деп тілегін білдіреді.
Сонымен бірге, ар, адалдық, сағыныш сезімдер бірінен соң бірі орайласып
келіп, Сәулештің ішкі сезім күйлері айқын беріледі,
Маған серік кәрі де,
Жемістердің дәні де,
Сағына сені жырласам,
Үн қосады жаныма –
деп тебіренеді. Осынау шумақтар әркімнің жүрегіне ұялап, жұбатып қана
қоймай, жауға қарсы жігерлендіруде үгіттік мәнге ие болғандығын байқаймыз.
Бұл орайда, Ұлы Отан соғысы кезіндегі халық поэзиясын зерттеуші
К.Сейдеханов: Газеттерде... халық ақындары Жамбылдың, Нұрпейістің,
Доскейдің, Нартайдың, Нұрлыбектің, Жақсыбайдың, Малсардың жыр-терме
толғаулары, жылдап жазылған хат-өлеңдері жарияланып тұрады - дейді
[4,310].
Халық ақындарының поэзиясына тән осынау хат-өлеңдер халық арасына тез
тарап, оларды әнге қосып айтып та жүрген және олардың үгіттік, насихаттық
мәні күшті болды.
Ақын ағаларымыздың арнау өлеңдерінен жыр алыбы Жамбылдың да ұстаздық
тұлғасы айқын байқалады. Яғни, Жамбыл өзінен бұрынғы ақын, жыршылардан
өлең-жырдың эстафетасын жалғастырушы, жандандырушысы болды деп берілсе
[5,240], осынау дәстүр Молдахмет Тырбиұлы, Игібай Әлібаев, Мұса Асайынов
шығармашылығынан жалғастық тауып, қатарлары толыға түскендей.
Бұл орайда, Молдахмет Тырбиұлы Қарт ақынға, Жәкеңе деген
өлеңдерінде:
Оқысаң өнер табамыз,
Қолбасшы біздің данамыз –
деп бастап,
Жамбылдайын бабамыз
Балаңыз етті бір талап
Лебізге сіздің сусамақ
Тәрбие-тәлім алуға
Құмармын сондай ынталап –
деп таудай талабын, үлгі, тәрбие алуға құштарлығын білдіреді.
Иә, Молдахмет Тырбиұлының ақын болып қалыптасуына Жамбыл Жабаев
шығармашылығы үлгі болып, еліктіріп отырған. Оны ақын поэзиясының өн
бойынан байқаймыз. Өйткені Жамбыл мен Молдахмет өлеңдерінің бойындағы
мазмұн, шертер сыр, әлеуметтік көзқарас өз үндестігін, ұқсастығын тапқан.
Дегенмен, бұл ұқсастықты біз қайталау деп айта алмаймыз. Әр ақын ортақ
тақырыптарды жазуда өзіндік эстетикалық көзқарас сөз-ұғым, сөз-образ, сөз –
символдар мен көркемдегіш құралдардың қолданысы арқылы ерекшеленеді.
Ол, Жәкеңе деген өлеңінде:
Жүз жасаған Жамбыл қарт,
Сөзіңіз бар ед алтындай.
Тау суындай тасқындап
Сөйледің топта тартынбай.
Күміс кемер дария
Аққан жырың сарқылмай –
деп, қарт Жамбылдың сөзін алтынға, жырын сарқылмас дарияға теңеп, ұлы халық
ақыны Жамбыл бейнесін танытады.
Жамбыл Жабаевтың 125 жылдық тойына Мұса Асайынов та Арнау өлеңін
бағыштайды. Ақын:
Армысың, Жамбыл ата тойындағы
Жер-жерден мол жиылған туысқаным!
Тебіренбес қандай ақын Жәкең десе,
Жараспас қайсымызға әкең десе.
Қолымды төбеме ұстап өтер едім,
Сенімі ақын баба өтелмесе –
деп келсе, мұндағы тебіренбес қандай ақын Жәкең десе деген жолдар арқылы
халқының Жамбылға деген сый-құрметін, ықыласын білдірсе, жараспас
қайсымызға әкең десе деген жолдарда біздерді тәрбиелеп, өнеге көрсеткен
ақын Жамбыл әкеміздей деген ойын білдіреді.
Жамбыл Жабаевтың 125 жыл толуына қатысты салтанатты жиында Мұса
Асайынов Бикен Сембаевамен сөз сайысына түседі. Екі ақын да өз елдерінің
еңбек ерлерін, мол өнімдерін айтып мақтан етеді. Бұл айтыста Мұса Асайынов
туған жер табиғатының сұлу көріністерін әсер қалдырарлықтай жігермен
сипаттайды. Ол:
Жәкең салған ізбенен
Шақырып шабыт, толғанып,
Бурабайдай балқиын,
Оқжетпестей өрлейін.
Сырымбеттей шалқиын.
Сексен көлдей тебіреніп,
Жыр асылын қалқиын –
деп келсе,
Бал шырын таза ауасы,
Дертінің бірден дауасы,
Қалы кілем секілді.
Шаң тимеген жеріне
Аққу ұшып, қаз қонған
Айдын шалқар көліне
Ғашық болған көрген жан
Жеріме де, еліме -
деп шабыттана жырлайды.
Ақын Мұса Асайынов Жамбыл Жабаевтың 125 жылдық тойынан алған әсері
жайлы былай дейді: ... бұл менің республика ақындарының айтысына екінші
рет қатысуым еді. Бұл секілді үлкен жиында сынға түсіп, алдыңғы аға буын
ақындардың жыр сайысынан тәрбие алу ақындық шабытыңды шыңдай, жігерінді
қайрай түседі екен. Мен Жәкең тойынан, сондағы болған айтыстан естен
кетпестей, көңіліме азық болғандай үлкен әсер алып қайттым - деп жазады
[6]. Жамбылға арнаған толғауымды бөгелмей бастап кеттім:
Қазірет, сұлтан, билерді
Өткір сөзбен түйреген.
Жалғыз атты сабалап
Бүтінде киім кимеген.
Патша тұрсын, хан тұрсын
Еңкейіп басын имеген.
Жамбыл бабам тойы бұл –
деп ұзақ жыр айтып, толғана тоқтағанда, қол соғып қошемет көрсеткендердің
ортасынан екі-үш қарт көтеріліп, Шырағым даусың да, домбыра тартуың да,
сөзің де жақсы екен. Өнерің күннен-күнге өркендеп өсе берсін - деп, игі
тілек, ақ ниеттерін білдірді [6] – деп, Қазақстанның халық ақыны көкшелік
Көкен Шәкенұлы есіне алады.
Сонымен, М.Тырбиұлы, И.Әлібаев, М.Асайынов – халық ақыны және тура
мағынасындағы халық ақыны. Ал бұлардың көш басында жыр алыбы, айтыс
өнерінің майталман шебері, суырып салма халық ақыны Жамбыл Жабаев тұрса,
әрине, оның ықпалы болғандығын да айту керек. Ақын - өз заманының көркем
шежіресін жасаушы деп пайымдасақ, жыр атасы Жамбыл жырлаған кеңестік
шындықты М.Тырбиұлы, И.Әлібаев, М.Асайынов та өз өлеңдеріне арқау етіп
отырған. Бұған біз ақын ағаларымыздың октябрьді, партияны, Ленинді,
Сталинді жырлап, кеңестік саясатының, идеологиясының шеңберінен, құрсауынан
шыға алмағандығын да байқаймыз. Қалай болған күнде де, әнші-ақын
ағаларымыздың шығармашылықтары ешбір көлеңкеленбей, керісінше, бізге
жеткізген мұрасын, жырларын аталық мұра деп қастерлейміз. Өйткені, халықтық
поэзияның өнбойы, өзегі халқым, жерім деп жырлаған сүйіспеншілік
сезімнен туған шаттықтың, қуаныштың жыр шумақтары. Бұл орайда, М.Тырбиұлы
Көктем жыры, Жеңіс жыры, Оянған өлке, Толға, толға, қызыл тіл,
Аттан, ауылым, егіске, Келді, міне, жыл құсы т.б. өлеңдерінде,
И.Әлібаев Қазақстан, Отаным, Біржан сал ауылында, Зайсан, Алатау
т.б. өлеңдерінде, М.Асайынов Көгілдір Көкше, Теңіз, Тың толғауы т.б.
өлеңдерінде туған жерін, халқының жеңісі мен жетістіктерін жырға тиек етіп
қана қоймай, өрен еңбекке, жеңіске үндеп, рух беретін жырларын төгеді.
Қорыта келе айтайын дегеніміз, белгілі бір тұлғаның, ғұламаның
шығармашылығын қарастырып қана қоймай, заман, қоғам талабына сай бүгінгі
күннің негізгі мәселесін ашу, қазіргі кезде жас ұрпақты ұлттық рухта
қалыптастыру күттірмейтін күрделі мәселе.
Қоғамдағы осындай мәселелерді шешуде барлық мүмкіндіктерді қолдануымыз
керек.
Профессор Е.Ысмайылов халық ақындарының өзіндік ерекшеліктеріне қарай
үш топқа бөліп қарауға болатындығын айтады [2,318-319]. Яғни, хат
танымайтын және жазба әдебиет үлгілерін ауызша естіп білетін ақындар, хат
танитын, бірақ жазба әдебиет үлгісін терең ұғынып, меңгермеген ақындар және
хат танитын, жазба әдебиет үлгісін өз бетімен оқып меңгеріп отыратын
ақындар деп қарастырады. Молдахмет Тырбиұлы екінші топқа, яғни Әбдіғали,
Қуаныш, Көшен, Әлібек, Төлеубай т.б. қатарына жатқызады. Бұдан халық
поэзиясының өз дамуында жазба әдебиетімен ұласып, тоғысып жатқандығы
байқалады. Олар өмір шындығын халық ұғымына жақын көркемдік ерекшеліктер
арқылы бейнелеген.
Халық ақыны дегенімізде, оның мағынасын тереңірек қарастыруды талап
етеді. Қазақтың кемеңгер ақыны Абай Құнанбайұлы да, сол сияқты орыстың ұлы
ақыны А.С.Пушкин де халық ақындары және оларды кең мағынасындағы халық
ақындары деп қарастырады [5,38-39]. Себебі, Абай Құнанбайұлының
поэзиясында, өзімізге белгілі, қазақ өмірінің, қазақ халқының барлық ішкі
сыры, жан сехімі, ұлттық характері, тіл байлығы, ой-арманы толық берілген.
Сол сияқты, Белинский де Пушкинді кең мағынасындағы ұлт ақыны, сонымен
бірге халық ақыны деп қарайды. Осы анықтамаға Пушкин дәл келеді деп, ол
туралы Гогольдің Пушкинге берген тамаша терең бағасын келтіреді. Пушкин –
деп жазды Гоголь, орыстың табиғаты, орыстың жаны, орыстың тілі, орыстың
характері сондай таза, мүлтіксіз көрінеді [7,100]. Кең мағынасындағы халық
ақындары деп атауымыздың бір ерекшелігі – олар өлеңдерін жазып шығарады
және олардың өмір шындығын қорытып түйіндеп көрсетуде әр алуан тапқырлдық,
көркемдік шеберлікпен жазуларына мол мүмкіндіктері бар. Бұған қарағанда,
халық ақындарының шығармашылық өрісі тар, бір үлгіні, бір көркемдік
дәстүрді көбірек қайталайды. Сондықтан оларды тура мағынасындағы халық
ақыны деп қарайды [6,12]. Молдахмет Тырбиұлы, Игібай Әлібаев – халық ақыны
және тура мағынасындағы халық ақыны деп қарастырамыз. Халық поэзиясының өн
бойы, өзегі халқым, жерім деп жырлаған сүйіспеншілік сезімнен туған
шаттықтың, қуаныштың жыр шумақтары. Бұл орайда, Молдахмет Тырбиұлы Көктем
жыры, Жеңіс жыры, Оянған өлке, Толға, толға, қызыл тіл, Май
келдің, Аттан, ауылым, егіске, Келді, міне, жыл құсы, Егін басында
т.б. өлеңдерінде, Игібай Әлібаев Қазақстан, Отаным, Біржан сал
ауылында, Ертіс әнің, Жаз күні, Зайсан, Алатау, Алтайға,
Марқакөл т.б. өлеңдерінде туған жерін, халқының жеңісі мен жетістіктерін
жырға тиек етіп қана қоймай, ерен еңбекке, жеңіске үндеп, рух беретін
жырларын төгеді.
Жалпы, Молдахмет Тырбиұлы, Игібай Әлібаев шығармаларына тән ортақ
ерекшелік – ол арнауға құрылған поэма, толғаулары мен өлеңдері.
Молдахмет Тырбиұлы, Игібай Әлібаев арнау өлеңдерінің бір тобы
ұстаздарына, халық таланттарына арналады. Ұлы Абай тұлғасы, оның
құдіреттілігі қай ақынды болмасын тебірентпей қоймаған. Абай өлеңдеріне
тәнті болып, одан үйренбеген ақын кемде-кем.
Молдахмет Тырбиұлы мен Игібай Әлібаевтың ақындық қалыптасу жолында Абай
ақындығының күші байқалады. Оны Молдахмет тырбиұлының Абайға ескерткіш
арнауынан айқын көреміз.
Ақын Абай өлеңін
Қаршыға қып ұстадым.
Домбыраға үн қосып,
Кейінгі жасқа нұсқадым.
Елге үлгі айтсам,
Абай болды ұстазым –
деп, Абай ақындығының күшін, ықпалын айтса,
Абайдың асыл өлеңі
Теңіздей тасып келгенде
Қазақстан даласы
Маржан етіп бергенде
Менің де жас інішегім
Абайды тегіс көргенде
Үлгі алып жырынан
Өлеңнен өрім өргенде
Сәбит, Ғабит, Жақандар
Жұмағали, Тайыр ақындар
Есмағамбет, Қалқаман,
Әбу, Хамит, Мұқандар
Абайға бәрі ергенде
Мектебінен Абайдың
Бала жаттай өргенде
Көкшетау мен қызылжар
Ақмола мен Атбасар
Ақындары теп-тегіс
Ұлы Абайға ергенде –
деп, жастарға Абайды үлгі етіп, өзі сияқты соңынан ерген басқа да ақындарды
айтып толғанады.
Замана қара түнек, ол – қараңғы
Көтердің қолыңды ұстап жарық шамды.
Бақыттың алтын кілті ғылымда деп,
Үйреттің шыңғы шық деп сан адамды –
деп, жастарды ғылымды меңгеруге шақырған ұлы ағартушы ақын Абайдың ұстанған
бағытын асқақ үнмен тебіренеді.
Қазақтың күміс кемер дариясы,
Жыр сөздің алтын-ақық гауһар тасы.
Данышпан ой иесі, жыр бұлағы,
Туар-ақ туар сендей болып ел данасы –
деп, Абай деген сөзді өлең шумағына еш қолданбай-ақ өлеңнің кімге
арналғандығын оқырманға ұлғайған ауыстырулар арқылы жеткізеді. Абайдың
ақындық тұлғасын, ойшылдық-даналық өрісін, өнегесін танытып тебіренеді.
Қазақтың шын бұлбұлы қызыл тілге
Негіз сап, өлең сөзге соқтың ірге.
Болса да сен туғалы міне жүз жыл,
Өзің де, сөздерің де бізбен бірге –
деп, ұлы Абайдың есімі еш ұмытылмайтындығын айтып толғанады.
Игібай Әлібаев та ұлы Абайдың 100 жыл ьолуына Ұмытпас ұлы ақынды көне
тарих арнауын арнайды. Ол:
Арнасы асыл сөздің ақын Абай,
Оның аты бейне күн, алтын арай.
Жүрегімнен жырларың орын алған,
Сен өлгелі өтсе де жылдар талай –
деп, Абайды биік тұғырдағы күнге, алтын арайға, асыл сөздің арнасына
балайды.
Қарап отырсақ, халық ақындарының арнауларынан күміс кемер дария, жыр
сөздің алтыны, жыр сөздің ақиығы, жыр сөздің гауһар тасы, данышпан ой
иесі, жыр бұлағы, ел данасы, асыл сөздің арнасы деген Абай
бейнесінің неше алуан сипаттамаларының қолданысын көреміз.
Абай жыры [8] өлеңінде:
Абай жыры – ағын жыр селдей тасқан,
Абай жыры – асыл жыр меруерт тастан,
Абай жыры – айбарлы, арнасы кең,
Абай жыры – дариядай жардан асқан.

Абай жыры – құрметті, сүйкімді жыр,
Абай жыры – күрделі, көлемді жыр,
Бойға қуат, көңілге жігер беріп,
Абай жыры – жүрекке құяды нұр.

Абай жыры - халық үшін жырланған жыр,
Абай жыры – мұңды жыр, мұңданған жыр.
Сұм өмірді мұң шағар кісі таппай,
Улы тіл, ашулы кек, тебіренген жыр.

Абай жыры – бай-бимен алысқан жыр,
Абай жыры - нашарға болысқан жыр.
Өрен күш, алып жүрек, терең ақыл,
Қайратты, қажымайтын қажырлы жыр.

Абай жыры - тәтті ғой шырын балдай,
Жарқырап күлімдейді атқан таңдай.
Абай жыры – селдеткен нөсерлі жыр,
Жадыратар көңілді шам жаққандай.

Абай жыры – тау жарып, тастан өтер,
Абай жыры – жібек жел, бой сергітер.
Абай жыры – мол қазына, түпсіз дария,
Ұмытылмас, есіңде мәңгі кетер –
деп, анафоралық қайталау арқылы Абай поэзиясының құдіреттілігін көрсетеді
[9,289].
Қорыта келе, бір үлгіні, бір көркемдік дәстүрді көбірек қайталайтын
халық ақындары поэзиясына тән ерекшеліктердің бірі – негізінен арнауға
құрылатындығында. Мысалы: Молдахмет Тырбиұлының қарт ақынға, Ақын
серіге, Жәкеңе, Құттықтау, Абайға, Абайға ескерткіш, Игібай
Әлібаевтың Абай жыры, Ұмытпас ұлы ақынды көне тарих, Күләш,
Батырға, Домбырама. Екіншіден, шығармаларының мазмұны саяси-әлеуметтік
тақырыпқа құрылған. Үшіншіден, халық поэзиясына тән қалыптасқан
дәстүрлердің жалғастығы, үндестігі байқалады.
1958 жылы облыс орталығы Көкшетау қаласында өткен тұңғыш айтыста ел
әнші-жыршы ретінде білетін Мұса Асайынов, Көкен Шәкеев, жырау Ғабиден
Жәудиннен басқа, Жұмабай Мәдиер, Дулат Мәженов, Құдыкен Ибраһимов, Уәлихан
Жауаров, Тұяқ Мәкітов сахнаға шықты.
...Алғашқы жұп Мұса мен Көкен сахна төріне көтерілді. Жасы кіші болса
да, бұған дейін көрермендер алдына көп шыққан, артист болған Мұсаға жол
берілді.
Ақын атасы Үкілі Ыбырайға тартқан Мұсаның ә дегеннен әуені биікке
самғап, даусының екпіні сахна шымылдығын дірілдетті. Ол өзі намысын
қорғағалы шыққан Айыртау ауданының табыстарын жіпке тізіп, қарсылас аудан
Чистопольенің кемшіліктерін аяусыз сынады. Аудандағы бір шопанның
салақтығынан боран күні 300 қой лекер шарбақты бұзып, Айыртау жаққа ығып
кетіпті. Сол жылдың қысында Айыртаудағы Тереңкөл ауылындағы жағдай да оңып
тұрмаған-ды.
Жаңа да Мұса сөз нөсерін селдеткенде, көрермендер демдерін іштерінен
алып, Көкен мына сынға төтеп бере алар ма екен? деген ойда болды. Кезек
Көкенге берілгенде залдағылар сілтідей тына қалды.
Ақын домбырасын безілдете тартып-тартып жіберді де, құлаққа жағымды
әуенмен өз ауданының астықты алап, малы көп екенін айтып келіп, Мұсаның
әлгіндегі өткір сынына жауап беруге кірісті.
Мұса, сен көрдің бе өзің Тереңкөлді?
Бұрқырап міне тағы өлең келді.
Тереңкөлден маңырап зар шыққанда,
Біздің қой солай қарай жөнелген-ді, - деп айта бергенде көрермендер
дүркірете қол соғып, жел көңілділер Уай, пәлі! Осылай сілте! - десіп
жатты. Ақынның арқасы қозды. Ол тағы да домбырасын құшырлана тартып, жырын
одан әрі жалғап:
Жылаған сонда сіздің кәрі саулық,
Қойы едік Тереңкөлдің айыртаулық.
Жел өтіп, аяз қысты арқамызды,
Болады қандай біздің денде саулық, - деп аш қойлардың суық қорадағы
қиын халін жыр жолдарымен жұртқа жария етті.
Бұдан кейін Көкен Мұсаның айтысты бастағанда, атақты жерлестері Ақан
мен Шоқанды мақтаныш еткеніне оралып:
Сен мана Ақан дедің, Шоқан дедің,
Екеуі айыртаулық атам дедің.
Алғашқы аты мәлім Ақтоқтының,
Ауылымен іргелес жатам дедің, - деп алып, айыртаулықтар даңқты
жерлестерін мақтаныш еткенде алдарына жан салмайтынын, ал оларға ескерткіш
орнатуға келгенде жұмған ауыздарын ашпай, ол-ол ма, бұлар қазақтың екі
ардақтысына ескерткіш орнатуға бөлінген ақшаны жеп қойып отырғанын мінеді.
Мініңді бетіңе айтсам
Жолдастығым,
Жасыруға бұл мінді болмас бүгін.
Ескерткішке бөлінген ақша қайда,
Ақшаны жұтып қойды қай бастығың? – дегенде залдағылар мына ақынның
айтқырлығына ризалық білдіріп қол соға отырып:
- Мұса, жауап бер. Мұса, жауап бер, - десіп айыртаулықтар жер
тепкіледі. Мұндайда іркілуді білмейтін адуынды ақпа ақын Мұса да
жауаптан іркілмей жұртшылықты риза етті...

1.2 Үкілі Ыбырайдың ұрпақтары (М.Асайынов, М.Тырбиев жайында)

Белгілі әнші, ақын Мұса Асайынов бұрынғы Көкшетау облысы, Айыртау
ауданының Өскен ауылында 1929 жылы дүниеге келген [10,86]. Мұсаның үлкен
атасы – атақты әнші, ақын Үкілі Ыбырай, нағашысы ақын Молдахмет Тырбиев.
Ақын 13 жасынан домбыра тартып, 15 жасынан өлең шығара бастаған. Даусы
ашық, домбыраны жақсы тартқан. Оның есімі республикамыздың өнер сүйгіш
қауымына айтысқа түскен ақтангер ақындығымен таныс. Оның орындауымен Ақан
серінің, Біржан салдың,Үкілі Ыбырайдың, Балуан Шолақтың әндері күйтабаққа
жазылып шықты. Бертінгі халық ақындары М.Тырбиев, Н.Ахметбеков,
Т.Қалмағамбетов сияқты жүйріктердің жүрісін бұзбай көзге елестетіп,
өнерлерін ел арасына таратуда ол көп еңбек етті. Мұса бала кезінен өнер
биігіне құлаш ұрып, соғыс жылдары майданға кеткен өнершіл ағалардың орнын
басты.
Солтүстік Қазақстан филармониясының әншісі болып алынғанда, ол он бесте
еді. Ол өзінен бұрынғы асыл мұраны жинап, халқына қызмет ете білді. Содан
кейін М.Асайынов туған еліне оралып, клуб бастығы, журналист болып істейді.
Бірақ ақындығын одан әрі жалғастыра береді.
1943-1954 жылдары облыстық айтысқа қатынасып, өлеңдерінің өткір
тілділігімен, мазмұндылығымен көзге түседі. Содан кейін облыстық, өлкелік,
республикалық айтыстардың бәріне қатысады. Тоғыз айтыста Көкшетау облысы
ақындарының ішінде бірінші болады.
1964 жылы Ақмолада өткен Солтүстік Қазақстанның бес облысының ақындар
айтысында қазылар алқасы Көкшетау ақындарына жақсы баға береді. Үлкен жеңіс
1966 жылы келеді. Ол республикалық айтыста бірінші орын алып Сәбит
Мұқановтың мақтауына ие болады. В.И.Лениннің туғанына 100 жыл толуына
байланысты және Ж.Жабаевтың 125 жылдық торқалы тойында айтыстың бас
бәйгесіне ие болып, шын саңлақ екендігін танытты.
Мұса Асайынов облыс орталығында қазақ айтыс ақындарының басын құрады
да, оның жетекшісі болды.
Ұлттық өнерімізге үлкен үлес қосқаны үшін 1974 жылы Қазақ ССР-нің
еңбек сіңірген мәдениет қайраткері атағы берілді.
Мұса Асайынов 1976 жылы 10 қаңтарда Көкшетауда қайтыс болды. Үкілі
Ыбырайдың немересі Мұса Асайынов Көкшенің сал-серілерінің тамаша үлгісін
біздің дәуірге жалғастырған шын майталман еді. Өмірге деген құштарлығы оның
өлеңдеріне азаматтық әуен беріп тұрады. Жыр құмар қауым ақын мұрасын сүйіп
оқиды. Өйткені, бұл ақынның өзі сүйген халқына қалдырған аманаты іспетті.
Мұса Мырзақұлұлы Асайынов жастайынан қазақтың ауыз әдебиеті
нұсақаларын жиып, батырлар жырын, қисса, дастан, ұзақ толғауларды жатқа
айтып машықтанады. Ерте домбыра тартып үйреніп, халық әндерін өзіндік
мәнермен шырқауға талпынады. Ол мектеп қабырғасында жүріп-ақ алғашқы жыр
шумақтары мен өлеңдерін шығара бастайды.
Ала өгіз қитарланып тұрмайды,
Әкеліңдер талғажау етсін қурайды.
Жан тапсырса әлде қалай бұл неме,
Болсаңдаршы, құнын бізден сұрайды - деп, балапан Мұса бір шумақ
өлеңімен жұрт көңілін көтерген болатын. Бара-бара ауылдағы той-думандарда
өнерімен елге танылып, ақын бала атанады. Оның өлеңдері Айыртау
ауданының, сондай-ақ, Ленин туы, Көкшетау правдасы газеттерінің
беттерінде жиі жарық көріп тұрды.
Он бес жасында өнерге құмар жас Мұса Солтүстік Қазақстан облыстық
филармониясына әнші болып қабылданады. Ол Біржан сал, Ақан сері, Балуан
Шолақ, атасы Үкілі Ыбырайдың әндерін алқалы топ алдында жиі-жиі шырқап,
Арқа өңіріне таныла бастайды. Ұлағатты, өнегелі ұстазы, тағылымды
тәрбиешісі, нағашысы, халық ақыны Молдахмет Тырбиұлының, жиені Тайжан
Қалмағанбетовтың, Нұрхан Ахметбековтың дәстүрлерін жалғастырып, халық
әндері мен өлең-жырларын жинап, ел арасына насихаттауда да Мұсаның еңбегі
сіңеді. Ол Үкілі Ыбырайдың Арқа өңірінде айтылып жүрген отызға жуық әнін
жинап, Қазақ Ғылым академиясының М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер
институты мен Республикалық композиторлар одағына тапсырады.
Мұса Мырзақұлұлы аталарының дәстүрін жалғастырып, ақын бала, әнші
бала атанып, өнер жолында өнері өркен жайып, өрісі өсіп, халық ақыны деген
атқа ие болады. Оның 1978 жылы Аңшы аңызы атты жинағы шығады. Мұнымен
шектелмей, Игібай Әлібайұлымен, Совет Баймағанбетовпен, Қабиден Жаудинмен,
Бикен Сембаевамен айтысқа түсіп, суырып салма айтыскер ақын ретінде де
республика көлеміне танылады.
Бірде Сәбит Мұқанов Мұса мен Кәрім Тахауиннің айтыстарынан кейін:
- Бәсе, паһ-паһ. Тума талант, арқалы ақын Ыбыкемнің мирасқорлары елде
бар екен-ау! Бәрекелді, жарады. Дауылпаз Сәкен ағаларыңның құдірет-қасиеті
екеуіңді де желеп-жебеп, Кәрім қалқам, сен Ыбырайдың айта алмай кеткен
сөзі, Мұса шырағым, Үкілі атамыздың өзі, халқымыздың шырағданы, көреген
көзі болуға машықтаныңыздар... деп, ақылын айтып, батасын берген екен
[11,41].
Ақын шығармашылығы, әсіресе, алпысыншы жылдары өркенін жайып, шарықтап
өсті. Ол Қамысақты, Ауыл т.б. әндерін шығарып, Көгілдір Көкше, Тың
толғауы, Батырларға мың алғыс толғауларын, Аңшы аңызы поэмасын,
өлеңдерін жазды. Мұсаның айтыс өнерінде де шабыты өсіп, шарықтау кезеңі осы
жылдар болатын.
Қарап отырсақ, Мұса өнердің әр қырынан көрінген дарын иесі. Өйткені,
алдымен оны дүниеге әкелген киелі туған жер топырағы мен ата-баба дәстүрі.
Талай әнші-жыршылардың топ жарып шыққан жері – осы Сырымбет тауының етегі
болатын. Атақты ақын, композитор, әнші Үкілі Ыбырай да осы жерде туған.
Үкілі Ыбырайды Мұсаның атасы деп отырған себебіміз – екеуі де бір атаның
бұтағы, яғни Дәріпсалдан Сандыбай мен Маңдай туады. Сандыбайдан Ыбырай мен
Мейіз туады. Ал Маңдайдан асайын, одан Мырзақұл, Мырзақұлдан Мұса туады.
...Белгілі күйші, дана жыр тануың,
Көз тартар Көкшегүлдің қылтаңымын.
Кім десең, атым Мұса, тұлпар тұяқ
Үкілі Ыбырайдың ұрпағымын, -
деп өзін өнершіл қауымға таныстыруы да содан. Әкесі Мырзақұл ерте қайтып,
анасы Бағи ұлы Мұса мен қызы Ермекті өзі тәрбиелеп өсіреді. Дегенмен,
Мұсаны өмір тәлкегі өнер жолынан тайдырта алмады. Бойына әншілік пен
ақындық өнер дарыған Мұса өмірдің көзі болып табылатын өнер жолында
жұлдызын жағуға бел буады. Шығармашылық шабытымен көп ізденіп, үйреніп
шынығады, өнерге деген құштарлығы өсіп, қажымай еңбек етеді. Оның өнерге
деген сүйіспеншілігі, нәзік сезімі шабыттандырып, рухтандырып, өмірге жаңа
туындылар әкеледі. Өнер сүйгіш сезімінен, асқақ шабытынан туған сөз
маржандары меруерттей тізіліп, Мұса поэзиясын сомдайды.
Кезінде Үкілі Ыбырай даңқты Гәккуін ауылдан ауылға ауысқан сайын
құлпыртып, түрлендіріп, түлетіп, жұтындырып, жаңартып, жаңғыртып, өзгертіп
отырған деседі. Сонда бір Гәккудің ондаған, отыз, қырықтаған бір-бірін
қайталамайтын нұсқасы болғаны ғой. Бізге жеткені содан екі-үш қана нұсқа
емес пе?! Неткен өкініш!
Аруақты атасындай айбарлы мінез, өркөкіректігі жоқ, ерсілігі жоқ
еркелік мінез Мұса ақында да мол болатын. Ол айтысқа шығар алдында іштей
жарап алатын да шиыршық атып ширай беретін, аруақтанып, ағынды жүйріктей,
керме үзердей екпіндеп, есіле түсетін.
Өзіне ғана тән самғауы биік әуенді аспанға ақ жамбыдай атып жіберіп,
өзіне ғана тән ұшқыр қимылмен қақпақылдай қағыстырып, сөзден сөз оздыра
жарыстырып, қотарыла беретін, аста-төк молшылықпен буырқанып төгіле
беретін.
Сөз кезегін алған соң –
Еркіндеп құлаш сермейін.
Бәйгеге қосқан жүйрік ем –
Есе бір соққан желдейін.
Жыр асылын түйдектеп,
Ортаңызға төгейін, - деп шалқитын да:
Қанатын шаршы топта самғай қаққан,
Жүлде алып сан бәйгеде талмай шапқан.
Сом дене Айыртаудың жүйрігімін,
Жыр құсы кеудесінде сайрап жатқан, - деп толғайтын
Шаттықтың айдынында еркін жүзіп,
Алайын жыр асылын түптен сүзіп, - деп өлең сөздің парқын пайымдап,
нарқын бағалар ақтангерлік мінез аңдататын.
Мұса Асайыновтың талай айтыстарын көз алдымыздан өткергендіктен бе,
тап бүгінгі өтіп жүрген сөз сайыстарынан шақпақ тастың жарқылындай ұшқын
шашар уытты да ұрымтал өткірлік, айтыс өнерінің аруақ беделін биіктетіп
әкетер өрлік, кестелі сөз өнерінің сүйріктей сұлу, буырқанған тегеуірін
қуаты мол қарымды да шалымды сәттері күңгірт тартып, көмескілене түскендей
әсерге бөлейді. Осынау құбылыстарды айта отырып, айтыскерлердің көсем
серкесіндей топ бастар Мұса ақынның орны бөлектеу екен ғой дегенді үнсіз
мойындағың келеді.
Сөз жоқ, алуан-алуан жүйрік бар, әліне қарап шабады дегенге
жүгінсек, Мұса Асайыновтың айтыскерлік мектебі өз алдына оқшау біткен
елеулі құбылыс болғандығын мойындамай тұра алмайсың.
Мұса Асайынов ұлы атасы Ыбырай Сандыбайұлының ұланғайыр өнер
дариясынан ерте сусындап, рухани күш-қуат алуымен бірге, Ыбырайдың әншілік
мектебінен тәлім алған Молдахмет Тырбиев сияқты кемелді өнер жүйрігінің төл
шәкірті болғандығын мақтан тұтар еді.
Ақ сағымда сондайда тізіп көрген,
Е, Молдеке, өзіңсің жүзіп келген,
Ұстаз кезің кетеді еске түсіп,
Өнеріңнің бір шетін үзіп берген, - деуінде айтыскер шәкірт жүрегінің
разылық сезімі жатқан жоқ па?
Арқа әншілерінің әндік мектебі исі қазақ өнерінің шоқтықты арналы бір
саласы десек, сонау Біржан мен Ақан, Жарылғапберді мен Естай, Балуан Шолақ
пен Үкілі Ыбырай, Ғазиз бен Шашубай, Майра мен Иса, Әсет пен Ақылбай, Мәди
мен Иманжүсіп, Жаяу Мұса әндерінің айшықты тұстары ойға оралып, өздерінің
кемелді, келісті, көркем сымбатымен сұқтандырады, елітіп есті алады. Осынау
ұлы перзенттер тудырған алуан иірімді, сан салалы әндер қайталанбас асылдың
нақ өзіндей сақталып келуі Мұса сияқты әншілер еңбегімен еншілес деп
бағалауға болар. Өйткені, тәлімді ұстаздар алдын көрген, солардан әншілік
өнердің ұңғыл-шұңғылын, қатпар-қалтарыстарын үйренген Мұса болмасаң да
ұқсап бақ қағидасын ұстанды. Оның үстіне туа біткен әншілігі, сахна үстін
сергек сезіне білер артистігі оны аз жылда-ақ әншілік өнердің бір оқшау
тайпалған жорғасы қатарына қапысыз қосқан болатын. Ән, әншілік өнерді
жанымен, арымен қабылдап, сол жолда бар ғұмырын сарып еткен Мұса ақтық
тынысына дейін осы бір киелі өнердің өгейлігі жоқ өз перзентіндей ән-
бесікте тербелумен болды.
Ақ сағым шапқылайды саяқтайын,
Ақ боран ызыңдайды аяттайын.
Ұзартшы тірлігімді жарты күнге,
Бір-екі өлеңімді аяқтайын, - деуінде өмірге деген шексіз құштарлық,
өнерге деген адалдықтың ақ кіреукесін жамылған асыл үміті жатқандығы даусыз
ғой.
Құйрықты жұлдыздай жарқ етіп өте шыққан Мұса ақынның творчествосына
ден қояр болсақ әншілігі, импровизаторлығы, ақындығы сияқты үш таған қасиет
бір-бірімен иық тірестіре қатар тұрады. Осынау үш өнердің бір бірінен
ажырағысы жоқ берік бірлігі Мұса талантының табиғи кірігіп, бірігіп кеткен
тұтас тұлғасын сомдап, құрайтындығы ақиқат.
Өлең керек қиянат көрмейтіндей,
Көңілдерде құс болып көлбейтіндей.
Өлең керек, батырым, өлең керек,
Ауру адам оқыса өлмейтіндей, - деген Мұса позициясы оның өлеңнің де
ерен еңбек екендігін, ермек үшін, жоқ-барды термек үшін жазылмайтындығын
жан дүниесімен ұғына білгендігін терең сезіне білуімен айқындалатыны
аңғарылады. Ол соңғы тынысына дейін сол жолдан жаңылған жоқ, күш-қуатын
соған жұмсады.
Жамбыл жыраудың дүбірлі тойына қатысып, Алматыдан бас бәйгені олжалап
келгендегі көңілді шақтары әлі күнге көз алдымызда. Өзін, Көкшетауды алқалы
топқа таныстырғаны, сондағы тамаша тапқырлығы кезінде бізді де бейтарап
қалдырмай, таңдай қақтырған.
Табиғатында Мұса шағын лирикалық өлеңдерден де ірі кесекті, кестелі
толғау, дастандарға жуық тұратын. Оған Аңшы аңызы дастаны, Тың толғауы,
Батырларға мың алғыс, Көгілдір Көкше толғаулары дәлел. Ол түсінікті де,
өйткені айтыскер ақын шабыты шағын дүниелер аясынан шығып, аста-төк
ақтарылып жатары бар, эпикалық күш-арыны ағынды жыр үлгілерін мұрат
тұтатындай еді.
Арманым жоқ әннен болса табытым,
Тірі жанға түспей өтсін сабытым.
Өліп кетсем бейітімнің басында
Сандуғаштай сайрап тұрар шабытым.
Сөкпе, балам ұнамаса бағытым,
Мен де әкеме жасаушы едім қағытым.
Туған елдің күй сандығы сияқты,
Аталардың жалғастырдым шабытын, - деп өзі айтқандай Мұса ірі талант,
шалқар шабыт иесі болды. Ол туған жұртының абырой-қасиетін биіктен биікке
жетелей білген, сол жолда ой-қиял, ақыл-парасат шабытын жұмсай білген сөз
жүйрігі болды.
Иә, Мұса Асайынов - аталардың шабытын жалғастырған дарын. Бұл зерттеу
жұмысымызда, негізінен, Мұсаның әншілігі туралы сөз қозғадық. Келер әңгіме
Мұсекеңнің ақындығы туралы болмақ.
Асау толқын көбік атып еліріп,
Жар қабақты мылжалайды кеміріп.
Қара деген теңіздері көк екен,
Қиял тербеп көп отырдым телміріп.
Өнерпаздар сахнасы секілді,
Қыз ба, құс па, кім сипайды бетімді.
Ат шаптырған тойға келген сияқты,
Бой қыздырып, билеп алды еркімді.
Хал сұрайды алдымдағы тал шыбық,
Мен отырмын ауылды ойлап жан шығып.
Жүрегімді мазалайды сағыныш,
Теңіз көріп, жырға тұрдым малшынып – деп Мұса алысқа, Қара теңіз
жағасына барғанда төгілте жазған екен. Бұл - қалам мен қағазға түскен әдемі
жыр. Ендеше ол айтыс ақыны ғана емес, жазба ақыны деп сеніммен айта аламыз.
Ал шабыты түсіп, ауызша айтқанда былай сілтейді:
Мұса ақын өзінің ұстаздарын қашанда тілге тиек, жырға арқау етіп
отырған. Әсіресе, Молдахмет Тырбиевті ерекше атап айтып отыратын. Сол халық
ақыны Молдекеңе:
Қиналғанда көзіме анам келген,
Жыр түсірер ақ қағаз қаламменен.
Домбыра да қол тимей ыңылдайды,
Қиянатты бөлісіп маған деген.
Ақ сағымда сондайда тізіп көрген,
Е, Молдеке өзіңсің жүзіп келген.
Ұстаз кезің кетеді еске түсіп,
Өнеріңнің бір шетін үзіп берген.
Қылт еткенде алдымда көрген жарық,
Жыр сабылтам шығуға шерден қанып.
Мың алғысым осы де жырға орап,
Жүрегімнің жұлдызы берген анық.
Бұл - айтыс ақыны, әлемнің сырларын үйреткен ұстазы Молдахмет Тырбиевке
арнаған өлеңі.
Ал Ахмет Жұбановтың тойында ақын былай шырқаған екен:
Мың сәлем, Ахмет аға, өр Көкшеден,
Кәде ал Арқадағы жыр кестеден.
Кезің жоқ кербез қиял тебірентіп,
Ой тербеп Оқжетпеспен тілдеспеген.
Ассалаумағалейкум, күй атасы,
Тебіренді Сырымбеттің қия тасы.
Сексен көл сексен рет аунап түсіп,
Көкшенің қол сілтеді түйе тасы.
Дүлдүлдің дүбірінен қалма деді,
Алдына асқақ әнсіз барма деді.
Құйғытып Құлагермен есен жетіп,
Ақан боп тәтті жырды арна деді.
Бұрқырат Бурабайдың айна көлі,
Тойыңа толқындарын сайла деді.
Оқжетпес тіл жетпейтін тілек айтты
Ақбура жетегіне байла деді.
Көз жұмып қала берді Жұмбақтасы,
Тас сырын өзің күймен жұмбақташы.
Мен келдім тебіреніп Алатауға,
Алдымнан ашылғандай жыр қақпасы.
Белгілі күйші, дана жыр тануың,
Көз тартар Көкшегүлдің қылтанымен.
Кім десең, атым Мұса, тұлпар тұяқ,
Үкілі Ыбырайдың ұрпағымын.
Жамбылдың 125 жылдық тойында қазылар алқасы Мұсаға арнау айтып бер
деп қолқа салса керек. Сонда суырып салма Мұса қолма қол былай деп өлеңін
төгіп-төгіп жібереді.
Мен келдім кербез Көкше бауырынан,
Сал, сері, ақындардың ауылынан.
Шабытым найзағайды жұлып алар,
Көктемнің от жасынды жауынынан.
Әнім бар сілкіндірер Алатауды,
Үнім бар тебірентер Қаратауды.
Балқиды жүректерің көне көзді
Жамбылды көріп қалған шал атаулы.
Сырым бар Сырдарияға сырға салар,
Ойым бар Ойыл құмдар мұндаса алар,
Сөзім бар ақ семсердей жасқандырар,
Тілім бар барлық ұлтпен сырласа алар.
Жасымда жүрегімде жыр ұштадым.
Аққу, қаз ән салғанда тыныстадым.
Армысың, Жамбыл ата тойындағы.
Жер-жерден мол жиылған туысқаным!
Тебіренбес қандай ақын Жәкең десе,
Жараспас қайсымызға әкең десе.
Қолымды төбеме ұстап өтер едім,
Сенімі ақын баба өтелмесе.
Жасаған болашаққа батыл адым,
Мың сәлем жолдап қалды атырабым.
Жәкеңнің ғасырға жыр зиратына,
Көкшенің ала келдім топырағын.
Жыр жолдап жатыр елде сексен көлі,
Сары уыз балапандар өркендеді.
Атаның айтып кеткен нақыл сөзін,
Біздердей жеткіншектер көркемдеді.
Жыр төксем қанат қаққан аққудайын,
Үкілі Ыбырай салған Гәкку дайын.
Тойына қарт жыраудың шашу қылып,
Арқаның ала келдім ақ бидайын.
Аңызы шар тарапты дүрілдеткен,
Ғашықтық әні жанды дүрілдеген.
Бір уыс боз бетеге ала келдім,
Құлагер аунақшыған Сырымбеттен.
Көкшетау сал, серінің елі еді деп,
Көп ғалым осы өңірдің төлі еді деп.
Бір құты, Саумалкөлден су әкелдім,
Шомылған Шоқан бабам көлі еді деп.
Осы республикалық айтысқа түскен Мұса ағамыз бас бәйгені жеңіп алыпты.
Ол жүлдені Мұсаға әділ қазылар бәйгесінің төрағасы белгілі ғалым-жазушы,
жерлесіміз Мәлік Ғабдуллин өз қолынан тапсырған көрінеді.
Мұса қағазбен айтысқанды жанындай жек көреді екен. Өзі де айтысқа
мұқият дайындалады екен. Қарсылас ақынының елін аралап, хал-жағдайларымен
танысып көп материалдар жинап қайтатын көрінеді.
Ақын қашанда айтысқанда өзін, жерін, тума ақындарын жырлаудан
жалықпайды, жырға тиек етеді.
Мысалы:
Ал, халқым, Мұса ақын жыр тербесін,
Әсем ән дауысыммен бірге өрлесін.
Төгілтіп сөз нөсерін түйдек-түйдек,
Басайын шабыттана сыр пернесін.
Елім деп жүрегімнен жыр ұштадым,
Елім деп кеуде кере тыныстадым.
Торқалы тойың сенің құтты болсын,
Уа, менің республикам – гүлістаным!!!
Өр Көкшем, ерке Көкшем, дарқан Көкшем,
Дуылдар думан десе арқаң Көкшем,
Біржан сал, Ақан, Ыбырай, Балуан Шолақ,
Сенен туды ... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Жақан Сыздықов поэмаларындағы ақын шеберлігі және тіл көркемдігі
Әсет Найманбайұлы «Бақтиярдың қырық бұтағы» циклдік топтамасының жанрлық ерекшеліктері
Әсет Найманбайұлы «Бақтиярдың қырық бұтағы» циклдік топтамасының жанрлық ерекшеліктері жайлы
Әсет Найманбайұлы «Бақтиярдың қырық бұтағы» циклдік топтамасының жанрлық ерекшеліктері.Көкбай шығармашылығындағы Абай дәстүрі.Абайдың ақын шәкірттері
Ежелгі түркі тілді ру-ұлыстарымен бірге жасаған көркем сөз өнерін түсіндіру
Қазақ жеріндегі жыр айту мектептері
Әріп Тәңірбергенов поэзиясындағы Абай дәстүрі
АҚАН СЕРІНІҢ ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ МҰРАСЫ
ТӨЛЕГЕН ҚАЖЫБАЕВ ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫНДАҒЫ ТАРИХИ ТҰЛҒАЛАРДЫҢ СОМДАЛУЫ
Әбілғазы ханның «Түрік шежіресінің» әдеби маңызы
Пәндер