Тілдегі үнемдеу заңдылығының теориялық негіздері



Жұмыс түрі:  Курстық жұмыс
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 44 бет
Таңдаулыға:   
Мазмұны

КІРІСПЕ ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ...3

1. Тілдегі үнемдеу заңдылығының теориялық негіздері
1.1. Құрмалас сөйлемдердің зерттелу тарихы ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... .5
1.2. Құрмалас сөйлемнің жай сөйлемнен өзгешелігі, өзіндік белгілері ... ... .10
1.3. Сыйысу мәселесі ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... .12
1.4. Эллипсис және плеоназм құбылыстарының ерекшеліктері ... ... ... ... ..14

2. Құрмалас сөйлем ықшамдалуының басқа тілідік құрылымдармен байланысы
2.1. Іргелес сөйлем, оның жай сөйлемге ауысу жолдары ... ... ... ... ... ... ..23
2.2. Құрмалас сөйлем сыңарларының толымсыздығы ... ... ... ... ... ... ... .29
2.3. Бірыңғай мүшелердің сыйысу ерекшеліктері ... ... ... ... ... ... ... ... ...36

ҚОРЫТЫНДЫ ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ..39

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... 40

Кіріспе

Тiл халықтың қоғамдық, әлеуметтiк өмiрiмен, саяси-экономикалық
жағдайымен тығыз байланыста дамиды, кемелденедi. Сондықтан да қоғам
өмiрiнiң даму қарқыны түрлi тарихи дәуiрде түрлiше деңгейде көрiнетiнi
сияқты, әдеби тiлдiң де даму шеңберi бiрде кеңейiп, бiрде тарылып отырады.
Бұл заңды өзгерiстер тiлдiң барлық категорияларын өз iшiне алады. Бiрақ
қандай өзгерiс болмасын, тiл қалай дамымасын, ол өзiнiң адамдар арасындағы
қатынас құралы ретiндегi қызметiн өз дәрежесiнде атқара береді.
Құрмалас сөйлем – синтаксис зерттейтін басты тілдік бірліктердің бірі.
Ол атқаратын қызметі тұрғысынан да, мазмұны жағынан да, грамматикалық
белгілері тұрғысынан да синтаксистік форма ретінде алынған сөзден, сөз
тіркесінен түгелдей өзгеше категория болып саналады. Сөйлемнің бұл түрін
белгілі бір мөлшерде аяқталған ойды білдіретін және предикативтілік пен
модальділікке ие, интонациясы бар кесінді десе де болады. Құрмалас сөйлем
белгілі бір дәрежеде тың немесе енді ғана белгілі болған хабарды жеткізу
үшін қарым-қатынас қызметін атқарады. Осыдан сөйлемнің предикативтілігін
көрсететін аспектілерінің бірі коммуникативтік аспектісі айқындала
түседі.
Сөйлем субъект болмысының көрінісі, ойдың сөз жүзінде жарыққа шығуы,
қалыптасуы болғандықтан, ол (сөйлем) субъективті сипатта көрінеді.
Сөйлемдер жүйесінің қалыптасып, дамуына әртүрлі тілдік заңдылықтар өз
ықпалын тигізіп отыратыны анық. Сондай заңдылықтардың бірі – тіліміздегі
үнемдеу заңдылығы.
Үнемдеу заңы адамға өз ойын көп сөйлемей-ақ, өз уақытын үнемдеу
мақсатында аз ғана сөзбен білдіруіне себепкер болады. Ал мұның өзі белгілі
бір ойды білдіру үшін керекті сөйлем мүшелерінің сөйлем құрамында түгел
болмауына әкеп соқтырады. Осыдан сөйлемнің грамматикалық жақтан ықшамдылығы
туындайды. Алайда бұл ықшамдалған сөйлем арқылы айтылмақ ой толықтай
жеткізілетінін тілдік деректер арқылы анықтауға, дәлелдеуге әбден болады.
Олай болса, осы мақсатта жүргізілген жұмыс тақырып өзектілігін анықтайды.
Зерттеудің мақсаты: Құрмалас сөйлемнің ауысу процесін анықтау;
Зерттеудің міндеттері:
- Құрмалас сөйлемдердің зерттелуі;
- Ықшамдалған жай сөйлемдердің тарихына тоқталу;
- Құрмалас сөйлем сыйысуының тілдік жүйедегі көрінісін анықтау;
- Тілдегі эллипсис және плеоназм құбылыстарына қатысты ғылыми пікірлерге
тоқталу;
- Іргелес сөйлемнің өзіндік ерекшеліктерін айқындау;
- Құрмалас сөйлемнің бірыңғай мүшелі жай сөйлем және толымсыз сөйлеммен
арақатысын анықтау.
Зерттеу нысаны: Үнемдеу заңдылығының тілдегі көрінісі.
Жұмыста теориялық дәлелдемелер мен тілдік фактілерді дәйектеу және
құрмалас сөйлемнің ықшамдалу жолдарын анықтауға қатысты қазақ, орыс тіл
біліміндегі ғылыми еңбектер негіз болды. Атап айтқанда, орыс тіл
біліміндегі В.В Виноградов, П.М. Мелиоранскийдің, В. Катаринскийдің, А.
Рифтиннің, қазақ тіл біліміндегі А.Байтұрсынұлы, Қ.Жұбанов, С.Аманжолов,
Т. Қордабаев, М.Балақаев, М. Серғалиев, Б. Сағындықұлы, К. Садирова, А.
Бозбаева және т.б. еңбектеріндегі ғылыми ой-тұжырымдар басшылыққа алынды.
Тілдік деректер көркем әдебиет үлгілерінен жиналды.

І тарау

1.1. Құрмалас сөйлемдердің зерттелу тарихы

Қазақ тіл білімінде құрмалас сөйлем синтаксисін зерттеу кешеуілдеп
басталған салалардың бірі. Қазан төңкерілісіне дейін жай сөйлемдер
синтаксисінен аз да болса зерттеу еңбектері болса, құрмалас сөйлем
синтаксисі жөнінде олай айта алмаймыз. Бұл кезеңге дейінгі зерттеулерде
құрмалас сөйлемдер жүйесі өз алдына жеке қарастырылмаған. Берілген
кезеңдегі зерттеулерде сложное предложение, подчиненное предложение
деген лингвистикалық терминдерді кездестіреміз, бірақ бұнда олар құрмалас
сөйлемнің сырын ашу мақсатында емес, есімше, көсемше және етістік
райларының синтаксистік қызметтерін анықтау мақсатында берілген. Ал
құрмалас сөйлемнің басқа құрылымдық, семантикалық түрлері туралы сөз
қозғалмаған десек те болады. Түркологияда құрмалас сөйлемдер жөніндегі
алғашқы зерттеу еңбегіретінде П.М. Мелиоранскийдің Краткая грамматика
казах-киргизского языка, В. Катаринскийдің Грамматика киргизского языка
деген еңбектерді атай аламыз. Аталған еңбектерде құрмалас сөйлемдердің
грамматикалық табиғатын табуда көптеген кемшіліктер мен олқылықтар
болғанымен, сабақтас құрмалас сөйлемдердің жасалу жолдары және басыңқы мен
бағыныңқы компоненттерінің арасындағы синтаксистік қатынастар жөнінде
алғашқы мағлұмат береді[1; 7].
Қазақ тілі құрмалас сөйлем синтаксисінің зерттелу тарихын отызыншы
жылдармен тығыз байланыстырамыз. Құрмалас сөйлемге арналған оқулық,
бағдарламалар осы отызыншы жылдары, ал қырықыншы жылдардан бастап құрмалас
сөйлемдерге арналған бірнеше ғылыми мақалалар мен жеке еңбектер жазылып,
құрмалас сөйлемдер жүйесін зерттеу ғылыми арнаға түсе бастады. Бұл
жылдардағы құрмалас сөйлемдерге байланысты зерттеулерден Н. Сауранбаев, С.
Аманжолов, С. Жиенбаев, М. Балақаев, А. Ысқақов пен Ғ. Бегалиев еңбектерін
атауға болады.
Қазақ тілі құрмалас сөйлемнің зерттелу барысында 1956 жылы Алматы
қаласында түркі тілдеріндегі етістік түрі мен сабақтас сөйлем
проблемаларына арналған координациялық кеңестің зор маңызы болды. Өйткені
бұл кеңесте жалпы түркі тілдеріндегі сабақтас құрмалас сөйлемнің табиғаты
әңгіме болумен қатар, осы мәселе жайында қазақ тілінің өзіндік заңдылықтары
да қамтылды. Құрмалас сөйлемдерге қатысты мәселелерді шешу мақсатында 1958-
1959 жылдар аралығында Қазақ тілі мен әдебиеті журналы ұйымдастырған
құрмалас сөйлем жөніндегі дискуссиялық материалдар жарияланды. Құрмалас
сөйлем жайында осы журналдағы айтыстың келесі бір ұшы 1960 жылы Қазақстан
мектебі журналында қайтадан жандандырылды.
Өзге де тілдік категориялар сияқты құрмалас сөйлемдердің өзіндік
қалыптасу, даму тарихы бар. Қазіргі заманғы тілдердің, соның ішінде қазақ
тілі құрмалас сөйлемдерінің сан алуан түрлері бір уақытта пайда болмаған.
Олар уақыт өте бірте-бірте қалыптасқан. Құрмалас сөйлем бастапқы екі жай
сөйлемнің іргелесе, ешбір жалғаулықсыз байланысу негізінде пайда болған.
Көрнекті ғалымдардың (Мейе, Спринчак, т.б.) айтуы бойынша, тілдің әуелгі
бастапқы дәуірінде күрделі ой екі жай сөйлемнің құрмаласуымен емес, қатар
тұруымен берілген.
Тіл білімінде құрмалас сөйлемнің пайда болу, қалыптасу жағдайын
айтқанда, көбіне проф. А. Рифтиннің Аккад тіліндегі құрмалас сөйлемдердің
даму жолдары деген мақала беріледі. Бұл мақалада құрмалас сөйлемдердің екі
түрлі жолдары көрсетілген: бірінші жолы – жай сөйлемнің салаласа
байланысуы, екінші жолы – жай сөйлемнің етістікті тіркестердің күрделеніп
дамуы. Автор құрмалас сөйлемнің дамуындағы бұл айтылған екі жол барлық
тілдерге тән ерекшелік, бірақ бір тілдерде біріншісі, екінші бір тілдерде
екінші жолы жетекші болып келетінін айтады. Мәселен, флективті тілдерде жай
сөйлемдердің салаласа байланысуы, ал жалғамалы тілдерде етістікті
обороттардың күрделенуі негізгі даму жолы болып саналады. Бұндай пікір
қазақ тіл білімінде де өз жалғасын тапты. Проф. А. Ысқақов А. Рифтиннің
пікірлерін қолдай келіп, қазақ тіліндегі құрмалас сөйлемнің дамуында екінші
жол бар деген қорытындыға келеді. Ол Бұл жердің адамында сіз білмейтін тағы
бір сыр бар деген сөйлемді құрмалас сөйлем деп таниды. Ал берілген сөйлем
қазіргі қазақ тілі тұрғысынан үйірлі анықтауышты жай сөйлем. А. Ысқақов:
Тіліміздегі құрмалас сөйлемнің ішіндегі бағыныңқылары кәдімгі жай
сөйлемнің дамуынан шыққан. Онан да анығырақ айтсақ, кәдімгі сөйлемнің
негізгі бір мүшесінің күрделеніп дамуының нәтижесінде сол мүше өз алдына
сөйлемге айналып, сөйлемнің ішінен сөйлем шыққан, - десе, бұл пікірге Қ.
Есенов қосылмайды. Оның айтуынша, сөйлем мүшелерінің (оралымның)
күрделенуінен жеке сөйлем өрбіп шықпайды, тек бас мүшелердің жан-жақты
айқындалуына мүмкіндік туады [2;8].
Түркі тілдерінің синтаксистік жүйесінің тарихына зерттеу жасаған тілші
ғалымдардың бірі – Н. Сауранбаев. Ғалым бұл мәселе жайында 1944 жылы
Құрмалас сөйлемдер және олардың даму жолдары деген мақаласында сөз
қозғайды. Автор мұнда құрмалас сөйлемдер жайында бұрын-соңды айтылып жүрген
теориялық болжамдарға шолу жасай келіп, түркі тілдерінің, соның ішінде
қазақ тілінің құрмалас сөйлемдер жүйесінің даму жолын тарихи нұсқалар
негізінде төрт кезеңге бөліп көрсетеді.
Олар:
1. Біздің жыл санауымыздың IV-VI ғасырдағы түркі халықтарының тілінде
жазылған орхон жазуының құрмалас сөйлемдер жүйесі;
2. Біздің жыл санауымыздың VIII-X ғасырдағы ескі ұйғыр жазуы тілінің
құрмалас сөйлемдер жүйесі;
3. Біздің жыл санауымыздың XII-XV ғасырлар аралығындағы Азиядағы түркі
тілдерінің (шағатай, оғыз) тілінде жазылған нұсқалар;
4. Қазақ халқының құрала бастаған дәуірінде шыққан халық әдебиет
нұсқалары тілінің құрмалас сөйлемдер жүйесі.
Тіл ғылымында құрмалас сөйлемдерді жіктеу әрқилы боп келеді.
Н.Сауранбаев Құрмалас сөйлем синтаксисі атты еңбегінде құрмалас
сөйлем компоненттерінің бір-бірімен құрмаласу тәсілдерін негізге ала
отырып, құрмалас сөйлемдерді былай топтаған:
1 .Салалас құрмалас;
2.Сабақтас құрмалас;
З.Аралас құрмалас;
4.Үйірлі мүшелі құрмалас.
Тілші ғалымдардың әрқайсысы құрмалас сөйлемді жіктеуде өз жіктемесін
келтіргенімен, қазіргі лингвистикада синтаксистік байланыстың екі түрлі
тәсілі ғана бар: оның бірі - салаласа байланысу, екіншісі — сабақтаса
байланысу, - деп Т.Қордабаев өз ойын тұжырымдайды. [3;33]. Ал ғалым аралас
құрмалас сөйлемді құрмаластың үшінші түрі емес, алдыңғы екі түрлі
байланыстың ең кем болғанда үш компоненттен құралатын бір құрмалас сөйлем
ішіне топтасуы ғана деп шамалайды. Алайда Қазақ тілінің грамматикасында,
т.б. еңбектерде құрмалас сөйлем үшке бөлінеді:
1. Салалас құрмалас;
2. Сабақтас құрмалас;
3. Аралас құрмалас.
Салалас құрмалас та, сабақтас құрмалас сөйлем де өз ішінен бірнеше топқа
жіктелетіні белгілі және салаластың өзі іштей жалғаулықты салалас құрмалас
сөйлем және жалғаулықсыз салалас құрмалас сөйлем деп бөлінетіні тіл
ғылымындағы басы ашық дүние. Енді осы аталған құрмалас сөйлемдердің жіктелу
тарихына тоқталар болсақ.
Қазіргі таңда салалас құрмалас сөйлем басқа да тілдердегідей қазақ тіл
білімінде де екі түрлі белгісіне қарай жіктеліп жүргенін білеміз: бірі -
компоненттерінің бір-бірімен байланысу жолы да, екіншісі - құрамына енген
жай сөйлемдердің мағыналық қатынасына қарай жіктеу. Аталған жіктеу түрлері
ғылымда бірден айқындала қалған жоқ. Жиырмасыншы жылдарда қазақ тілінде
жарық көрген алғашқы еңбектерде, А. Байтұрсынұлының Тіл құралы атты
еңбегінде салалас сөйлемдер тек компоненттерінің мағыналық қатынастарына
қарай ғана жіктеледі.
Олар:
1. Жайылыңқы. М: Үлкен бастар, кіші қостар. (мезгілдес).
2. Қайырыңқы. М: Қылыш жарасы бітер, сөз жарасы бітпес.
(қарсылықты).
3. Айырыңқы. М: Не сен тұрасың, не мен тұрамын (талғаулы).
4. Сұйылыңқы. М:Сарғайған жетер мұратқа, асыққан қалар ұятқа.
(қарсылықты).
5. Қойылыңқы. М: Не өгіз өлер, не арба сынар, екеуінің бірі болар.
(талғаулы
Салалас сөйлемдерді жіктеудің екінші түрі 1936 жылы жарық көрген оқу
бағдарламасында кездеседі. Мұнда салалас құрмалас сөйлемдер мағыналық
қатынасына қарай былайша жіктелген:
1. Ыңғайлас салалас;
2. Ереуіл салалас;
3. Талғама салалас;
4. Себеп-салдар салалас;
5. Шарт-жағдай салалас.
Бірақ жасалу жолдарының ерекшеліктеріне қарай бұлардың біразы қазіргі
айтылып жүрген түрлеріне сай келмейді.
Орталау, орта мектептерге арналған синтаксис оқулығының алғашқы түрі
С.Аманжолов пен Н.Сауранбаевтың авторлығымен 1939 жылы жарық көрді. Қазақ
тілінің грамматикасы деп аталған оқулықта салалас құрмалас сөйлемді 7
топқа бөлген:
1. Тіркес;
2. Қарсылас;
3. Талғаулы;
4. Себепті;
5. Кезектес;
6. Бейтарап.
Аталған салалас түрлерінің біразы ғылымда орныға алмады.
Кейінірек салалас құрмаласты жіктеуге ат салысқан ғалымдардың бірі
-С.Жиенбаев. Ғалым өзінің 1941 ж. жарық көрген еңбегінде салалас құрмалас
сөйлемдерді былайша топтастырады:
1. Ыңғайлас салалас;
2. Қарсылықты салалас;
3. Талғаулы салалас;
4. Себеп-салдарлы салалас;
Салаласты классификациялаудағы ала-құлалық олардың сандық немесе
терминдік жақтарында ғана емес, жасалу жолдарын айқындауда да кездесті. Бұл
мәселе 1961 ж. шыққан жоғары мектепке арналған Қазіргі қазақ тілі атты
оқулықта ғана бір жүйеге келді.
Компоненттері белгілі бір мағыналық қатынаста тұратын салалас сөйлем
жалғаулықты болып та, жалғаулықсыз болып та айтыла береді. Мысалы: Мені
босату қиын, ісімді тергеуші сотқа беріп қойды.(Ғ.Мұстафин). Аманжол да
артына қарай алмады, өйткені құтырынған жел өзі әлсіреген адамды құлатып
кететін болды. (А. Тоқмағамбетов). Мысалдағы сөйлемдердің алдыңғысы
жалғаулықсыз болса, кейінгісі - жалғаулықты, бірақ мағынасына қарай екеуі
де себептес салаласқа жатады.
Бұл жағдай компоненттерінің мағыналық қатынастары жағынан белгілі бір
топқа жататын салалас сойлемдерді бөліп-жармай, бірлікте алудың, бұл екеуін
салалас сөйлемнің белгілі бір түрін жасаудың екі түрлі тәсілі ғана деп
түсінудің дұрыс болатындығын байқатады. Ғалым Т. Қордабаев компоненттердің
мағыналық қатынасына қарай салалас құрмалас сөйлемді 8 түрге бөлген жөн деп
біледі.
1 .Мезгілдес;
2. Себептес;
3. Қарсылас;
4. Талғаулы;
5. Кезектес;
6. Түсіндірмелі;
7. Салыстырмалы;
8. Шартты.
Бұлардың алдыңғы үшеуі жалғаулықты да, жалғаулықсыз да түрінде келе
берсе, 4-ші мен 5-ші тек жалғаулықты түрде, соңғы үшеуі тек жалғаулықсыз
түрде айтылады.
Дегенмен қазіргі қазақ тілінде салалас құрмалас сөйлемді 7 топқа бөліп
қарастырады.
1. Ыңғайлас салалас;
2. Қарсылықты салалас;
3. Себеп-салдар салалас;
4. Түсіндірмелі салалас;
5. Талғаулы салалас;
6. Кезектес салалас;
7. Салыстырмалы салалас.
Ал сабақтас құрмалас сөйлемнің түрлерін айқындауда бағыныңқы компонент
баяндауышының жасалу жолдары мен бүтіндей сөйлемнің мағыналық жақтары
ескеріледі. Осыған орай сабақтас құрмалас сөйлем мынадай түрлерге бөлінеді:
Шартты бағыныңқылы сабақтас құрмалас сөйлем;
Қарсылықты бағыныңқылы сабақтас құрмалас сөйлем;
3. Мезгіл бағыныңқылы сабақтас құрмалас сөйлем;
4. Себеп-салдар бағыныңқылы сабақтас құрмалас сөйлем;
Қимыл-сын бағыныңқылы сабақтас құрмалас сөйлем;
Мақсат бағыныңқылы сабақтас құрмалас сөйлем;
Салыстырмалы бағыныңқылы сабақтас құрмалас сөйлем.
Сонымен сөйлемдерінің мағыналық қатынасына қарай сабақтас құрмалас
сөйлемнің қазіргі қазақ тілінде 7 түрін танимыз.
Ал 1967 жылы шыққан Қазақ тілінің грамматикасында сабақтас құрмалас
сөйлемнің салыстырмалы түрі аталмай, түсіндірмелі және ыңғайлас сабақтас
құрмалас сөйлем түрі көрсетіледі.

1.2. Құрмалас сөйлемнің жай сөйлемнен өзгешелігі, өзіндік белгілері

Құрмалас сөйлем жай сөйлемге қарағанда мағынасы жағынан да, құрылысы
жағынан да әлдеқайда күрделі болып келеді, сондықтан да құрмалас сөйлемнің
жай сөйлемнен айырмашылығын анықтап алған жөн.
М.Серғалиев, А.Айғабылов, О.Күлкенованың авторлығымен жазылған
оқулығында құрмалас сөйлемді жай сөйлемнен айыратын үш белгі көрсетіледі.
1. Құрмаластың полипредикативті, ал жай сөйлемнің
монопредикативті болып келуі;
2. Интонациялық тұтастығы;
3. Жай сөйлемді құрауда жеке сөз бен тіркестері қатысса, жай сөйлем
құрмалас сөйлемнің құрылыс материалы болатындығы [4;161].
Демек, құрмалас сөйлемге екі немесе одан да көп жай сөйлемдерден
құралып, бір күрделі ойды білдіретін, интонациялық тұтастықты сақтап
тұратын сөйлемдер жатады.
Ғылымда ең алғаш құрмалас сөйлемнің өзіндік белгілері туралы ой
қозғаған - А. Байтұрсынұлы. Ғалым 1925 жылы шыққан оқулығында: Қазақ
тіліндегі сөйлемдер арасында екі түрлі жақындық болады: бірі - ішкі мағына
жақындығы, екіншісі - сыртқы қисын жақындығы, - дегенді айта келіп,
құрмалас сөйлем компоненттері бір-бірімен екіжақты әрі мағыналық, әрі
тұлғалық байланыста болатынын ерекше атап өткен. [3;14]. Оның бұл айтылған
пікіріне құрмалас сөйлем синтаксисін кейініректе зерттеген ғалымдар да
қосылады. Дегенмен аталған оқулықта құрмалас сөйлем компоненттері арасында
болатын тұлғалық байланыстың қандай тәсілдер арқылы көрінетіні,
компоненттер құрамында негізгі мүшелердің болу қажеттігі жайлы ештеңе
айтылмаған. Бұл әлі де болса тіл білімінде құрмалас сөйлем белгілерінің
нақты айқындала қоймағандығын аңғартады.
Ертеректегі әдебиеттерде құрмалас сөйлемге тән негізгі белгілер
сараланып ашылмай, оның тек күрделі ойды білдіріп, бірнеше жай
сөйлемдерден құралатындығы сөз болса, елуінші жылдардан бастап бұл мәселе
ғылымда түптеп талқыланды. Осы орайда академик Н. Сауранбаев 1954 жылы
жарық көрген еңбегінде қазақ тіліндегі құрмалас сөйлемдердің негізгі
критерийлерін атап көрсетеді.
Олар:
Құрамындағы синтаксистік компоненттерде айтылатын ойдың дербестігі;
Компонентте дербес бастауыш пен дербес баяндауыштың болуы;
Құрмаластағы әрбір компоненттердің интонациялық жігі айқын болуы.
Н.Сауранбаев бұрыннан айтылып жүрген пікірлерді жинақтап, құрмаласқа
тән нақты белгілерді көрсете алды. Дегенмен автордың аталған критерийлерді
өзі сақтамағандығы туралы кейбір пікірлерін кездестіреміз. Құрмаластағы
әрбір компоненттердің интонациялық жігі айқын болу керек дей тұра,
Қ.Жұбанов, С.Жиенбаевтың ізімен үйірлі мүшелі жай сөйлемдерді де сабақтас
құрмаластың бір түрі деп есептейді.
Жай және құрмалас сөйлемнің ара жігін ажыратуда профессор
С.Аманжоловтың ұстанымы төмендегідей:
1. Өзіндік баяндауыштың болуы;
2. Дербес интонацияның болуы. [3;17].
Құрмалас сөйлемнің өзіндік сипатын анықтауда ғалымдар пікірлерінің
қарама-қайшылығына қарамастан, құрмалас сөйлемдерді ажыратуға қажетті
критерийлер бұл күнде толығымен анықталды.
Олар:
1. Құрмалас сөйлемнің әрбір компоненті мейлі ол тиянақты болсын, мейлі
тиянақсыз болсын бәрі бір сөйлемдік мағынаға ие болады, бір ойды қамтуы
керек. Автордың мысалы: Бұл өзендер тасып, көлдер арнасынан асып,
ағаштар гүл атып, табиғаттың жадыраған да, жайнаған шағы еді. (С.Хайдаров).
Өз мысалымыз: Ақын сөзі күн болып бүкіл дүниеге жарығы мен жылуын төге
алмағанымен, найзағайдай жарқылдап, күндей күркіреп қояды. (Ғ. Мүсірепов).
Автордың сөйлемі төрт компоненттен құралған, төртеуінде де төрт түрлі ой
бар: біріншісінде - өзендердің, екіншісінде - көлдердің, үшіншісінде -
ағаштардың әрекеттері, ал төртінші компонент табиғат көрінісін сөз етсе,
екінші мысалдың бірінші компонентінде ақын сөзінің кең тарамағандығы
баяндалса, екінші компонентінде ақын тілі қылыштан да өткір екендігі
айтылады. Бұл мысалда да екі ой тұтасып барып бір күрделі ойды білдіріп
түр.
2. Құрмалас сөйлем компоненттерінің білдіретін мағыналары бір-біріне
жақын, қандай да болмасын, белгілі бір дәнекерлер арқылы ұштасып
жататын желілес күрделі ой болады. Компоненттерді ұштастыратын
дәнекер мағыналық та, тұлғалық та болуы мүмкін.
Автордың мысалы: Сол жылы жер де орасан көктеп, мал да жарылардай
семіріп, халық көңілі шат-шадыман еді. (Ө. Қанахин). Өз мысалымыз: Бір
уақытта шегірен шымылдық толқып барып қозғалды да, есік жақтағы шетінен
шолпы сылдыры естіліп, Тоғжанның әсем бойы көрінді (М.Әуезов).
Келтірілген мысалдардағы баяндалатын көріністер мезгілдік, мағыналық,
формалық жағынан да бірлікте тұр. Коммоненттер арасында мағына
жақындығы, желілестік болмаса, құрмалас сөйлем құрамына еніп, бір бүтін
болып тұра алмас еді.
3. Құрмалас құрамына енетін әр компонент мейлі ол тиянақты болсын,
мейлі тиянақсыз болсын бәрі бір жалпы сөйлемге тән қасиеттерге ие болуы
керек.
Сөйлемге тән негізгі қасиеттер:
1. Коммуникативтік мән;
2. Модальдық сипат;
3. Предикаттық қатынас.
4. Құрмалас сөйлем компоненттерінің әрқайсысына тән өзіндік
интонациялық кідірісі болу керек.
Аталған белгілерге ие құрылымдар ғана құрмалас сөйлем бола алады.

1.3. Сыйысу мәселесі

Ықшамдау (үнемдеу) – жалпы тіл жүйесіне қатысты және әртүрлі
тәсілдермен жүзеге асатын құбылыс. Кезінде А.Мартине үнемдеуге (экономия)
аса мән берген болатын: Постоянное противоречие между потребностями
общения человека и его стремлением свести к минимуму свои умственные и
физические усилия может рассматриваться в качестве движущей силы языковых
изменений. Здесь, как и в ряде других случаев, поведения человека подчинено
закону наименьшего усилия, в соответствии с которым человек рассматривает
свои силы лишь в той степени, в какой это необходимо для достижения
определенной цели [5;77].
А.Мартиненің ойынша, ықшамдаудың екі түрі болады: синтагмалық және
парадигмалық. Тіл жүйесіндегі ықшамдауды ғалым синтагмалық, ал сөйлеу
кезіндегі ықшамдалуды парадигмалық деп таниды. Ықшамдаудың өзі сөйлеуге
тікелей қатысты болатындығын осы сала бойынша зерттеп жүрген бір де бір
ғалым жоққа шығарған емес. Г.Паульдің пікірінше, тіл жүйесінде синтаксистік
құрылымдардың толық нұсқалары болғанымен, сөйлеуде сөйлеу жағдаяты мен
контекске қарай қажеттілері ғана пайдаланылады екен [6;86].
Шындығында да, сөйлеу кезінде қолданылатын синтаксистік құрылым бір-ақ
сөзден де тұруы мүмкін. Егер олар жалпы жағдайға қанық болса, сөйлеушілер
үшін оның өзі түсінікті болады. Мұндай жағдай барлық тілдерге тән.
Ықшамдаудың түрі көп және оның деңгейлік сипаты бар екендігін айта кету
қажет. Ассимиляция, редукция құбылыстары фонетика деңгейіне тән болса,
контаминация, синкретизм және т.б. одан жоғары тұрған деңгейлерге тән болып
келеді.
Ықшамдаудың қай түрі болмасын құрылымға экспрессивті мән үстейді:
...сокращенные и упрощенные конструкции характеризуются динамичностью,
свежестью, живостью изображения, особой экспрессивной выразительностью
[7;130], - дейді ғалым Э.Г. Ризель. Ал ықшамдаудың өзі аяқталған ойды
жеткізуге арналған синтаксистік құрылымды біріктіретін, байланыстыратын
морфологиялық құралдардың, лексикалық бірліктердің түсірілуі арқылы жүзеге
асады. Мұндай құбылысты татар тіліндегі ықшамдалу жайын қарастырған ғалым
Ф.С.Сафиуллина Семантикалық компрессия деп атайды. Автор компрессияның
түрлеріне мыналарды жатқызады: В простых предложениях наблюдается
выпадение аффиксов сказуемости. В разговорной речи татар появляются новые
структурные модели речи татар словосочетаний и предложений: сегментация,
парцелляция, уменьшение объема предложения [8;82]. Біздің ойымызша, автор
бұл жерде компрессия құбылысын жалпы ықшамдаумен синоним мағынасында алып
отырған сияқты. Өйткені компрессия құбылысы да парцелляция сияқты
ықшамдаудың бір тәсіліне жатады.
Қазақ тіл білімі синтаксисіне сыйыстыруды термин ретінде алғаш
енгізген - А. Байтұрсынов. Бұл тұста ескере кететін бір жайт мынау:
сыйысудың ықшамдаумен синонимдес, мәндес екендігі, яғни бірыңғай мүшелердің
сөйлемдегі негізгі қызметі үнемдеу құбылысында жатыр. Сыйысу құбылысы,
әсіресе, құрмалас сөйлемдерде молынан кездеседі. Құрмаластың мұндай түрін
ғалым өз еңбегінде, сыйысулы құрмалас деген терминмен береді және мынадай
мысалдар келтіреді:
1. Қарабай мен Сарыбай аңға шықты.
2. Екі дос бірін-бірі сүйді, құшты.
3. Қолға алды татулықты, араздықты.
4. Далада, ойда, қырда, орман-тауда сау қалған жан болмады бұл
індеттен [9;301].
Ғалымның айтуынша, әрқайсысы бірнеше сөйлемнің сыйысып, қосылуынан
жасалған. Мысалы, біріншісінде екі сөйлем сыйысқан:
1)Қарабай аңға шықты
2)Сарыбай аңға шықты.
Сыйысулы сөйлемдердің бір белгісі деп бірнеше мүшенің бірөңкей болып
келуі аталады және олардың араларына кіші тыныс (,) қойылады.
Сонымен қатар құрмалас сөйлемнің екі түрі келтіріледі:
1)Шұбалаң түрі;
2)Ықшам түрі.
Шұбалаң түрі: Мен бүгін ерте тұрдым, жуындым, киіндім, шай іштім, сабаққа
бардым.
Ықшам түрі: Мен бүгін ерте тұрып, жуынып, киініп, шай ішіп, сабаққа бардым.
Сонда А. Байтұрсынұлы бірыңғай мүшелі жай сөйлем күрделі ой білдіріп,
сыйысып, құрмалас сөйлем жасайды деген ойын білдіреді.
Қазақ тіл білімінің синтаксис саласына қарасты құрмалас сөйлемдердің
мағыналық тұтастығы, құрылымы, т.б. ерекшеліктері ғылымда бұрыннан сөз
болып келеді.
Құрмалас деген атау қазақ тіл білімінде 20 жылдардан бастап
қолданған болатын. А. Байтұрсынұлы аталған құрылымға төменгідей анықтама
береді: Мағына жақындығынан басқа қисын жақындығы бар сөйлемдер құрмалас
делініп айтылады [9;300].
Демек, ғалымдардың пікірі бойынша, құрмалас сөйлем компоненттері бір-
бірімен екіжақты, әрі мағыналық, әрі тұлғалық байланыста болуы керек.
Ал профессор Қ. Жұбанов: Құрмалас сөйлемнің негізгі белгісі - әрбір
компонент құрамында бастауыш пен баяндауыштың болуы керек, - деп ерекше
атап көрсетеді.
Сөйлемнің бір мүшесі тек жайылма болып қоймай, өзі бір сөйлем болып
айтылса, өзін сөгіп алып ішін ақтарғанда бір бастауыш, бір баяндауыш болып
шықса, - дейді автор, - ондай сөйлемді күрделі сөйлем дейміз. Мысал
келтіреді: Ақылы көп бала жақсы оқиды. Бұл мысалды автор екі сөйлемнен
құралған күрделі сөйлем деп танып, бірінші сөйлем – ақылы көп дейді. Бұл
екі сөз қосылып бір сөйлем болады да, сол сөйлем үйірімен барып, бала деген
бастауышқа анықтауыш болады, - дейді. [4;15].

1.4 Эллипсис және плеоназм құбылыстарының ерекшеліктері

Тілдік бірліктердің бірі үнемдеу заңдылығы тіл ғылымында тілдегі
экономия заңы немесе ықшамдау тенденциясы деп те аталынып жүр.
Сөз таптарының бір қатары, атап өтсек, сын есім, сан есім, есімдік,
есімше, қимыл есімдерін заттандырудың ең тиімді жолы бар. Ол – аталмыш
заңдылық. Сөз қолданысындағы ықшамдылық туралы Қ. Нұрмұқанов: Бұл –
азсөзділік, яғни аз сөзбен көп мағына аңғарту. Мұның көне де, көрікті
үлгісі – мақал-мәтелдер, - дейді [10;254]. Ғалым ықшамдылықтың күрделі
синтаксистік конструкцияларды мүлде жоққа шығаратын да құбылыс емес
екендігіне тоқталып: Сөйлем жарыққа шығармақ ойдың сипатына, көлеміне
қарай да тұлғаланатын категория, - деген тұжырымын дәлел етеді [10;257].
Үнемдеу заңдылығы фонетика, лексика, морфология саласында сөз болғанымен,
оны синтаксистегі өзіндік белгі, ерекшеліктері осы кезге дейін нақты
көрсетіліп, дәл айқындалмағандай. Бұл заңдылықтың сөз тіркесінің байланысу
тәсіліне, байланысу формасына, сөйлем мүшелеріне тигізер әсері айрықша.
Тіпті үнемдеу заңдылығы дегеніміз – тілдік тұлғалардың ықшамдалуы және
тілдің басы артық құбылыстардан арылуы. Дәл осы құбылыс айтылар ойды
анағұрлым жеңілдетеді, тілге нақтылық көрік береді.
Тілдің дыбыстау жүйесінде бұл заңдылық редукция, элизия түрінде
көрінсе, ал грамматикада сөздердің эллипсистенуінен, интеграциялық
құбылыстардан танылады. Сөз тіркестерінің, сөйлем мүшелерінің ауысуында,
үнемдеудің амал-тәсілі ретінде эллипсистің атқаратын қызметі ерекше.
Ықшамдалған тілдік тұлғалар айтылар ойға ешбір нұқсан келтірмейді.
Сөйлем құрамындағы эллипсистенген тұлғалар контекст арқылы-ақ белгілі
болады. Ендеше, үнемдеу тілдің ішкі заңдылықтарының бірі деп танылмақшы.
Ғылымда аталған заңдылық соңғы он-он бес жыл ішінде нағыз зерттеу
нысанасына айналып отыр. Өткен ғасырдың аяғында ағылшын философы
Г. Спенсер, неміс тілшісі П. Пасси, біздің ғасырымыздың басында орыс
ғалымдары И.А. Бодуэн де Куртенэ, В.А. Богороцкий, В.Д. Поливанов және
басқа ғалымдар тілдегі үнемдеу мәселесін терең зерттеген және олар сол
заңдылықтың теориялық негізін қалағандардың бірі.
Орыс тіл білімінде бұл мәселе кең көлемде зерттелді, онымен айналысқан
ғалымдар қатарына З.С. Санджи-Горяева, Л. Сапогова, С.И. Гладкова, В.В.
Виноградов, О.Б. Сиротина, М.В. Попов және басқа зерттеушілерді де
жатқызуға болады. О.Б. Сиротина, М.В. Попов үнемдеу мәселесіне фонетикалық
тұрғыдан келіп, сөйлеудегі дыбыстардың түсірілуімен байланыстырады. З.С.
Санджи-Горяева болса аталған құбылысты сөзжасаммен бірге қарастырып, оны
жан-жақты сөз етеді. Сол сияқты
А.А. Потебня үнемдеу құбылысын алдымен грамматикалық тұрғыдан зерттейді.
Сөйтіп, сын есімнің заттануына сүйене, ықшамдалуды ойды жеткізудегі
үнемділікпен байланыстырады. Ғалымның осы саладағы зерттеу жұмыстары
үнемдеу заңдылығының теориялық негізін қалыптастыру, дамытуға себепші
болады. Бір сөзбен айтсақ, үнемдеу заңдылығы тілдің барлық заңдылығын
қамтитын құбылыс [11;39].
Түркологияда бұл мәселе назардан тыс қалған емес. Алғашқы зерттеу
жұмыстарында үнемдеу заңдылығы дыбыстардың түсірілуімен тығыз бірлікте,
байланыста қарастырылған болатын. Тілдегі бұл құбылыс
Е.Д. Поливанов, Н. К. Дмитриев, А.Н Кононов, А. Котвич, Г.В. Севортян сынды
ғалымдардың еңбектерінен елеулі орын алған.
Бұл заңдылықтың негізі – ойды мейлінше қысқа жеткізу. Ойды жеткізуге
тиісті тілдік элементтердің санын, дыбыстың морфемдік құрамын да қысқартуға
ұмтылу.
Үнемдеу заңдылығының өзі даму эволюциясының ең негізігі ғылыми-
теориялық белгі, бедерінің бірі.
Демек тілдегі үнемдеу заңдылығына апаратын бірден-бір амал-тәсілдің
бірі – эллипсистену. Аталмыш тәсілдің яғни эллипсистенудің де тілімізде
қолдану аясы кең. Енді осы мәселе төңірегінде сөз қозғап көрейік.
Д.Э. Розенталь, М.А. Теленкованың Словарь-справочник лингвистических
терминов атты еңбегінде: Эллипсис – выпадение, опущение. Пропуск элемента
высказывания, легко востанавливаемого в данном контексте или ситуации, -
деп көрсетілген [12;543].
Эллипсис (грек. Ellipsis) – кемшілік, жетіспеу – сөйлеуде не тексте
тіл бірлігінің жетіспеуі, әдейі түсірілуі. Синтаксистік ұғымның толық
еместігі. Эллипсис әдетте ауызекі сөзде кездеседі. Мысалы, Арман театрды
ұнатады, ал мен – киноны [13;273].
Бұл анықтама А. Салқынбай, Е. Абақанның Лингвистикалық түсіндірме
сөздігінде берілген. Жоғарыдағы сөздіктерде синтаксистік эллипсистің
тілдегі орны, қызметі көрсетіліп отыр.
Демек, эллипсис түсінуге нұқсан келтірмейтін тілдік тұлғаның
түсірілуі, әрі түсірілген тілдік тұлға белгілі бір мақсатты көздеп, пікірді
ықшамдау, ыңғайластыру, қысқарту үшін қолданылмақ.
Эллипсиске қарама-қарсы екі құбылыс бар, олар интерпозиция және
плеоназм. Эллипсистенуге байланысты сан жағынан сөйлем мүшесі азайса,
интерпозицияда, керісінше, жаңа бір мүше кірістіріледі, сыналады.
Белгілі ғалым В.Н. Мигирин эллипсис және интерпозиция туралы: В
результате эллипсиса количество компонентов уменьшается, а в результате
интерпозиции число увеличивается, - дейді [4;24].
Эллипсистенген сөйлемдер газет бетінде жиі қолданылады. Оған дәлел
ретінде Болашаққа - сеніммен, Несие - ауылға, Шаңыраққа – 50 жыл,
Тіл туралы заңнан – Ата заңға дейін тағы басқа осы үлгідегі айдарларды
келтіруге болады.
Б. Момынова: Біздің ойымызша, кейбір зерттеушілер айтып жүргендей,
эллипсис тұлғалардан тек қана орыс тілінің әсерін іздей берудің жөні жоқ
Білгенге маржан конструкциясы орыс тілі әсерімен дүниеге келді деп қалай
дәлелдеуге болады. Керісінше бұл қолданыстан ұлттық колорит, ұлттық бояу
анық байқалады дер едік, осы айдардың мәнін анық түсінуі үшін қазақтың
психологиясы мен мәдениетінен хабардар болуы тиіс, - десе [14;42-43], Р.
Әміров қолданыстағы осы құрылымдарды сөйлеу талабымен ұштастырады.
Демек, жоғарыдағы құрылымдардың қалыптасуына үнемдеу заңдылығының
әсері зор. Мұндай үлгідегі түсіп қалған тұлғаны анықтау қиындық
келтірмейді.
Эллипсистенген тілдік бірліктің қызметін кез-келген тұрлаулы,
тұрлаусыз мүшелер атқара алады. Сөйлем мүшелерінің ішінде эллипсистенуге
бейім тұлға – баяндауыш. Ішкі заңдылықтардың барысында сөйлемдегі
өзгерістер туралы Н.Х. Демесінова былай дейді: Чаще всего в таких
структурах выпадает сказуемое, и это обуславливает больше смысловое
выделение относящихся к нему членов, которые дополнительно к своим функциям
несут еще и функцию опущенного сказуемого [15;34].
Осы ойымыздың жалғасы ретінде В.В. Лущай: Регулярный эллипсис глагола-
сказуемого обусловил переходность на уровне членов предложения, так что
зависимый от сказуемого второстепенный член принял на себя его функцию, -
дейді [16;41].
Эллипсис және плеоназм (периссология) бір-біріне кереғар қолданыстағы
тілдік бірліктер. Плеоназм немесе плеонастикалық сөздер дегеніміз бір
мағынадағы екі сөздің қатар қолданысы. Яғни плеоназмда екі мәндес сөз қатар
келіп, алдыңғысы соңғысын анықтап, мағынасын күшейтеді. Мұндай сөз
қолданысын тіл білімінде басы артық сөз излишество немесе плеонастикалық
сөз тізбегі деп атайды [11].
Мысалы, көне сөзі тоз сөзімен қосылып, көнетоз түрінде, ежелгі мен
ескі сөзі қабаттасып ежелгі ескі дос түрінде айтылады. Сол сияқты ақыр
аяғына дейтін деген екі сөзі тіркесіп плеоназм жолымен жасалған. Осы
тәріздес өзара мәндес сөздер тізбегінің құрамындағы алдыңғы сыңар соңғысын
айқындап, дәлелдей түседі де, бүтіндей сөз тізбегі көбінесе күшейтіп айту
қызметін атқарады.
Мысалы:
1. Мақсатым – тіл ұстартып, өнер шашпақ,
Наданның көзін қойып көңілін ашпақ.
Үлгі алсын деймін ойлы жас жігіттер,
Думан-сауық ойда жоқ әуел баста-ақ Абай.
2.Сол алып , өнер алыбы Сарыарқаның ең заңғар биігі Көкшенің
басына тұрып, ұлан байтақ Сарыарқаға сахараның салқын жел, самал көліне
қонған ел-жұртына көз тастадың М. Әуезов.
3. Көше бойындағы зәулім биік, оқтай түзу теректердің жалаңаш бұтақтарына
келіп қонған қарғалар жыл келгенін танытқандай көп қарқылдайды М. Әуезов.
Осындағы әуел бастан-ақ, заңғар биік, зәулім биік, ұлан байтақ сөз
тізбектері плеоназмға дәлел болады. Бұдан басқа кең байтақ, құр босқа, құр
бекерге, самал жел, сәске түс, қырмызы қызыл, орасан зор, ақ шаңқай, аппақ
қудай деген плеоназмдар өзара мәндес синонимдес сөздердің тіркесуінен
жасалған сөз тізбектері. Өзара синонимдес сөздерден жасалған сөз тізбектері
басқа бір сөз тізбегіне синоним бола береді. Мысалы, кең байтақ дегенннің
синонмимі – ұлан байтақ немесе заңғар биік дегенннің синонимі – асқар биік.
Осы терминге байланысты О.С. Ахманова: Лингвистикалық терминдер
сөздігінде былай деп екі анықтама береді:
1. Избыточность выражение как постоянное свойство языковых единиц.
2. Фигура речи, состоящая в накоплении синонимических выражений – дейді
[17;321].
Бұл тілімізде бар құбылыс. Сол сияқты синонимдес сөздердің мағыналық
және айрықша стильдік мақсатта жұмсалған түрі – плеонастикалық тіркестрер
туралы әр түрлі көзқарас-пікірлер бар.
С. Негимов: Мағыналық жағынан сәйкесіп, үйлесіп тіркескен, алайда
логикалық тұрғыдан қисынсыз шұбарлық тудыратын сөз орамы плеоназм –
көпсөзділік, сөйлем жүйесіндегі кінәратты құбылыс. Мысалы, ессіз ақымақ,
тұтас та толық, айқын да айғақ. Кей ретте плеоназм шет сөздердің мән-
мағынасын түсінбегендіктен туады, - дейді [18;165].
Ал ғалым Р. Сыздықова болса плеоназм құбылысының тілде ерекше орын
алатынын айта келіп былай дейді: Плеоназм немесе плеонастикалық сөздер
дегеніміз бір мағынадағы екі сөздің қатар қолданысы. Ол қатарды екі
тілдің сөздері, не көне – жаңа сөздер, не қызметі бірдей екі
морфологиялық тұлға құрайды. Әдетте, тіл білімінде плеоназм ол
периссология деп те аталады құбылысын басы артықтық деп таниды. Бірақ
бұл жердегі басы артықтық абсолюттік емес, яғни плеоназм белгілі бір
стильдік не мағыналық қызмет атқарғанда ғана тілде орын алады. Мұндай
қызмет атқармаса, тіл нағыз абсолюттік басы артық дүниені
көтермейтіндіктен плеонастикалық қатарлар түзілмейді [10;174].
Плеоназм тек қана тілдік құбылыс емес. Ол проза тілі мен поэзияда да
белгілі бір көркемдік-эстетикалық қызмет атқарады. Сөйтіп көркемдегіш
құрал ретінде жұмсалады. Жазушының айтқысы келген сыры, танытқысы келген
шындығын әсерлі суретке айналдырып айтылмақшы ойды нақты, дәл, қаз-
қалпында беруде бірден-бір таптырмайтын әдіс.
М. Әуезовтың өз прозалық көркем тілді көрікті, бейнелі етіп көрсету
үшін, сөз тізбектерінің мәнерлегіштік сипатын дәлелдеу үшін синонимдерді
үстемелетіп қолданудың әсем көрініс, яғни плеонастикалық тіркестерді
ұтымды пайдаланғанын атауға болады.
Плеоназм – мағыналық және стильдік мақсатта айрықша жұмсалатын
көркемдік-эстетикалық, эмоционалды-экспрессивтік мәні зор сөздер. Ал
эллипсистік құрылым пікір ықшамдылығының қысқа да нұсқа үлгісі.
А. Атажанова эллипсистенген сөйлемдерді жасалу ерекшеліктеріне қарай
төмендегідей жіктейді:
1. Баяндауышы септік жалғаулы сөздерден жасалған эллипсистенген сөйлемдер.
Мысалы: Баланың ұяты - әкеге, қыздың ұяты – шешеге.
Бұл жерде етістіктен жасалған баяндауыштың меңгеріп тұрған мүшесі
(толықтауыш) баяндауышқа айналады. Бұл үрдіс бастауыш пен баяндауыштың
ортасында үлкен паузаны талап етеді, болмаса, сөйлемнің экспрессивтілігі
әлсірейді. Демек, эллипсистенген сөйлемдегі баяндауыш қызметін түрлі септік
жалғауында келген тұрлаусыз мүшелер атқарады.
2. Баяндауышы есім сөз бен үшін шылауының тіркесуінен жасалады.
Мысалы:Микроволновка, соковыжималка, кухонный комбайн–апам үшін.
Мысалдан аңғарғанымыздай, күрделі толықтауыш эллипсистенген жаңа сөйлемнің
баяндауышына айналып тұр.
3. Толық сөйлемдегі баяндауыш айтылмай, түсіп қалады да, ондағы бастауыш
эллипсистенген сөйлемнің баяндауышына айналады.
Мысалы: Алып – анадан, тұлпар – биеден.
4. Толық сөйлемдегі күрделі баяндауыштың етістік сыңары түсіп, есім
сыңары дара баяндауышқа айналады.
Мысалы: Үлкенге – құрмет, кішіге – ізет.
5. Екі компоненті де септік жалғауында келеді
Мысалы: Жаз киімін – қыстан.
6. Сөйлем типтерінің қазіргі әдеби тілде жиі қолданылатын өнімді түрінің
бірі – алғы компоненті эллипсистеніп, соңғы компоненті толық айтылады.
Мұндай құбылыстың ерекшелігі – онда түсіп қалмайды, екі не одан да көп
желілігі синтаксистік құрылымдағы кейбір сөйлем мүшелері барлық желіге
де ортақ болып қолданылады.
Мысалы: Әр жұмысшы инженерше, әр солдат командирше ойлауға ерікті (Ғ.М.).
7. Бастауышы субстантивтенген сөз таптарынан жасалған эллипсистенген
сөйлемдер.
Мысалы: Көп – қорқытады, терең – батырады.
Аталған құрылымда толық сөйлемдегі зат есімнен болған бастауыш
(адам, кісі сияқты сөздер) түсіп қалады да, бастауышты анықтаған сапалық
есім сөз субстантивтену нәтижесінде эллипсистенген сөйлемнің бастауышына
айналады.
8. Алғы компоненті – септік жалғауында, соңғы компоненті атау тұлғада
келген эллипсистенген сөйлемдер.
Мысалы: Тамшыдан – көл.
Бұндай сөйлемдердің бастауышы болмайды, предикаттық мазмұны баяндауыш
арқылы беріледі.
9. Толық мағыналы сөйлемдегі бастауыштың түсіп қалуы нәтижесінде
эллипсистенген жаңа сөйлем пайда болады.
Мысалы: Білгенге – маржан, білмеске – арзан.
10. Екі сабақтас құрмалас сөйлемнен тұратын синтаксистік құрылымдар
(аралас құрмаластар) жиі эллипсистенеді.
а) Мұндайда құрмаластағы бағыныңқы сөйлемдер мен соңғы басыңқы сыңар
толық айтылып, алғашқы басыңқы компоненттер ортақ мүшеге сыйыстырыла
қолданылады.
Мысалы: Путевка табылса – курортқа, болмаса – ауылға барамыз (Б.С.).
ә) Екі жай сөйлемнен жасалған сабақтас құрмалас сөйлемдердің басыңқы
сөйлемі эллипсистеніп, бағыныңқы сөйлемі толық айтылады. Мұндай
құрылымдағы ортақ мүше сабақтас құрмалас компоненттерінің өзара
теңсіздігіне қарай бір мазмұнды, түрлі тұлғалы болып келеді.
Мысалы: Жау жағадан алғанда, бөрі – етектен.
б) Бағыныңқы компоненттері шартты не қарсы мәнде жұмсалып, басыңқы
компоненттері эллипсистенген сабақтас және аралас құрмалас сөйлемдер.
Мысалы: Қорқақты қуа берсе, батыр болады.
в) Қазақ тілі оқулықтарында едәуір танылып келе жатқан эллипсистік
құрмалас сөйлем құрылымдарының бір түрі жалғаулығы (себебі, өйткені,
сондықтан, т.б.) айтылмай, түсіріліп қолданылған себеп-салдар салалас
құрмалас сөйлемдер.
Мысалы: Жақсы сөзді ел жаттар – ел жаттар сөзде салмақ бар.
Дәл осындай тәртіппен қарсылықты салалас құрмалас сөйлемдерде де
бірақ, алайда, ал, сөйтсе де, т.б. жалғаулықтар түсіріліп айтылады.
Мысалы: Баймақан қосымша уақыт сұрап еді, - председатель үндемеді.
Бұлардың бір-бірінен айырмашылығы эллипсистену нәтижесінде жасалған
өзгешеліктен емес, аталған сөйлем компоненттерінің мағыналық
өзгешеліктері мен оған сай берілетін грамматикалық форма
ерекшеліктерінен, сондай-ақ айтылу интонацияларынан көрінеді [ 20;73].
Жалғаулығы айтылмаған себеп-салдар салалас құрмалас сөйлем
компоненттері мағына жағынан анықталушы-анықтаушы қатынаста жұмсалатын,
компоненттері өзара ыңғайлас немесе түрлі тұлғада көрінетін белгілі
синтаксистік құрылым түзетін болса, қарсылықты салалас құрмаластағы екі
компонент өзара бір-бірімен мағына жағынан да, тұлға жағынан да қарама-
қарсы қатынаста келіп, өз алдына дербес сөйлем құрылымын жасайды. Басқаша
айтқанда, аталған синтаксистік құрылымдар бірін-бірі қайталамайды. Осыған
орай екеуінде де екі түрлі ажыратушы тыныс белгілері қойылады:
жалғаулықтар айтылмаған қарсылықты салалас құрмаластағы жай сөйлемдердің
арасына үтірлі сызықша қойылады.
Эллипсис көбінесе көркем әдебиетте, ауызекі сөйлеуде кездесетіні
белгілі. Осы орайда Абай тілін зерттеген ғалым Р. Сыздықова да үнемдеу
заңдылығы жайында ой қозғаған.
Құрмалас сөйлем бөліктерінің арасындағы жалғаулықтарды түсіріп айту
да сөйлеу мәнеріне тән. Қазақ прозасында жалғаулықтардың қолданылуы,
олардың белгілі тәртіппен нормаға айналуы – кейінгі кезеңдердің жемісі
екенін білеміз. Ауызша сөйлеу тәжірибесінде құрмалас сөйлем компонеттерінің
аралығына өйткені (үйткені), себебі, сондықтан, бірақ, алайда, әйтсе де,
ал, және сияқты жалғаулық шылауларды салмай-ақ ойды білдіру дағдысы бар.
Мұнда да жалғаулықтың орнына пауза тәрізді интонациялық тәсіл
қолданылады, - дей келе, автор тілдік деректер арқылы ойын дәлелдейді.
Мысалы: Бағар едім, [бірақ] қалайша бағудың мәнісін де білмеймін... Жоқ,
ғылым бағарға да ғылым сөзін сөйлер адам жоқ, [сондықтан] білгеніңді
кімге үйретерсің, білмегеніңді кімнен сұрарсың... Әрбір орынды харекет өзі
де уайым–қайғыны азайтады, [сондықтан] орынсыз күлкіменен азайтпа, орынды
харекетпен азайт... бірақ жас бала қызыл ошақтан қорқушы ма еді, [ал] бұлар
тозақтан да қорықпайды екен... Сонда өзге қазақ балаларынан артық
үйренгені немесе [және] ол қай көп үйреніпті... [19;165].
Бұл жерде Абай шылауларды әдейі түсіріп, сөйлем құрылысы қайткенде де
ауызша нормамен берілуін көздеген жоқ: автордың бұл жерде өз ойын
ұсынудың жалпы стилі (мәнері) осы тәртіпке әкеліп тұр, яғни жазушы
оқырманына тыңдаушы ретінде қарап, әңгіме-дүкен құрудың табиғи
тәсілдеріне бой ұрған. Ал табиғи түрде сөйлеу барысында үнемдеу деп
аталатын тілдік заң әрдайым күшінде болады [20].
Қазақ тіл білімінде термин ретінде ғылыми айналымға толық түсе
қоймаған бір сөз бар. Ол – силлепсис. Орыс тіл білімінде бұл ықшамдау
тәсілі ретінде қарастырылуда. О.С. Ахметова сөз болып отырған силлепсис
терминін төменгідей сипаттайды: Силлепсис англ. Syllepsis, фр. Syllepse,
нем. Syllepsis, исп. Silepsis. Объединение в синтаксическом построении двух
или более однородных членов, так или иначе различающихся в грамматическом
отношении....
Сонда А. Байтұрсынұлының Сыйысушы құрмалас деңгейі бірыңғай
бастауыш бір баяндауышқа ортақтасып сөйлемдер орыс тіл білімінде силлепсис
екендігіне көз жеткіземіз.
Құрмалас сөйлемнің басқа түрлеріне қарағанда жалғаулықсыз салалас
сөйлем компоненттерінің бір-бірінен байланысы онша тығыз, берік болмайды,
оларда дербестік, формалық, тиянақтылық басым келеді.
Демек, құрмаластың бұл түрінің жұмсалуында өзіндік ерекшелік бар.
Үнемдеу заңдылығы тек қазақ тіл білімінің синтаксис саласына ғана қатысты
емес, сонымен қатар басқа тілдік салаларда айқын көрініс тапқан.
Фонетика саласында сөздің буын санының кемуі кездеседі.
Буын санының кемуі, әсіресе, байырғы сөздерге тән құбылыс деуге
болады. Осы күнгі қосымшалардың көпшілігі бір кездегі толық мағыналы
сөздердің дыбыстық (буын) жақтан ықшамдалуынан (кемуінен) жасалғаны
белгілі. Бұған әлі де ізі суылмаған факті ретінде -тын, -тін, жұрнағы мен
көмектес септігінің жалғауын айтуға болады. Тұрған сөзі ықшамдалып –тұғын,
- тын, -тін жұрнағына айналса, бірлән сөзінен – менен, - пенен одан -мен,
- пен жалғауына ықшамдалатынын байқаймыз.
Кейбір кіріккен сөздердің буын жағынан ықшамдалып жасалғаны айқын:
әкел (алып кел), апар (алып бар), әрмен (әрі таман), бермен (бері таман).
Буындардың кему құбылысы, әсіресе, сөз бен сөздің, буын мен буынның
арасында көбірек ұшырайды. Осы күнгі қолданылып жүрген сосын формасы да
содан соң сөздерінің ықшамдалуынан пайда болған.
Жалғаулардың да түсіріліп айтылуы жиі кездесетін құбылыс. Мысалы,
есімшенің өткен шақ (- ған, - ген) және көсемшенің келер шақ (- а, - е)
формалары жіктік жалғаудың жекеше түрде, бірінші жағында төменгідей
қолданылады: барғам (барғанмын), барам (барамын).
Сонымен қоса қазақ тілінде сөз ішінде екі дауысты ... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Құрмалас сөйлем ықшамдалуының басқа тілідік құрылымдармен байланысы
Контаминацияның қазақ тіл білімінде зерттелінуі
Жағдаяттық толымсыз сөйлемдер
Контаминация құбылысының қазақ тіл білімінде зерттелінуі
Контаминация құбылысының тілдегі көрінісі
Қысқарған сөздердің түрлері
Онлайн жарнаманың тілі
ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕГІ ҚЫСҚАРҒАН СӨЗДЕРДІҢ ҚОЛДАНЫСЫ
Аударма түрлерінің қазіргі жіктемесі
Қазақ тілі сабақтарында жазу теориясы терминдерін игерту жолдары
Пәндер