Қоңқаева Салтанат Қазақ эпосының көркемдік шеберлігі



Жұмыс түрі:  Дипломдық жұмыс
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 71 бет
Таңдаулыға:   
Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі Ш.Ш.Уәлиханов
атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті
Филология факультеті Қазақ филологиясы кафедрасы
ДИПЛОМ ЖҰМЫСЫ Қоңқаева Салтанат Қазақ эпосының көркемдік шеберлігі
Ғылыми жетекшісі: ф.ғ.к, проф.м.а. Жәмбек С.Н.
Көкшетау - 2014

КІРІСПЕ

Диплом жұмысының өзектілігі. "Алпамыс батыр", "Қобыланды батыр",
сықылды қазақ батырлар жырларында қалмақ, монғол басқыншыларының шабуылы
баяндалып, қазақ батырларының сол күрестегі ерлігі жырланады. Олардың
отаншылдығы мен адалдығы, уәдеге беріктігі зұлымдық пен қиянатқа қарсы
қойылады. Әрине батырлар жырындағы оқиғалардың тарихпен жанасымы өзінше
болады. Бір жыр бірнеше ғасырды аралап, жүздеген жыршы - жыраулардың
аузынан өтетіндіктен, онда әр ғасырдағы тарихи фактілер араласа жүреді.
Сөйтіп, батырлар жырында "әр дәуірден құралған кезеңнен" алынған батырдың
жиынтық бейнесі тұлғаланады. Батырлар жырындағы, тарихи жыр, дастандардағы
тереңнен тамыр тартқан туған жер туралы идеяны бірінші қатарға қоюымыз
қажет. Батырлар жыры туралы бірде-бір халық мұрасы осы идеяны айналып
өтпеген.
Ең бастысы осы идея, осы арнадағы құндылықтар - қазақ әдебиетінің сан
ғасырлар бойында жасалған, сандаған кезеңдерді көктей өтіп, бірақ берік
ұлттық рухани арқауынан бір сәтке де айрылмаған бай тарихындағы көркем
әдебиет үлгілерінің баршасында да басты нысана болған. Батырлар жырын бір
ғана тайпаның шеңберінде қалған эпос деуге бола бермейді. Оларды басқа
айтушылар да жырлап, толықтырып, бүкіл халық мұрасына айналдырып отырған.
Біз қазақ эпосы қай кезеңде туды деген мәселені сөз еткенде, оны ең алдымен
тарихи оқиғалар ізінен және түрліше тотемдік, мифтік, діни ұғымдардан, жер-
су, кісі аттарынан іздеуіміз шарт. Сонда ғана қазақ эпосына таптық сана қай
кезеңде ене бастаған, фольклордағы мифологиялық ойлау қалай туған,
тайпалық, ұлттық, халықтық сипат қалай орныққан деген мәселелерге дұрыс
жауап бере алмақпыз. Барлық эпос геройларын мезгіл-мекенсіз
социологиялаудың берері жоқ. Мұның бәрі фольклордағы фантазия қуаты мен
көркем ойлаудың, тілдік құбылыстардың өркендеу процесін рухани мәдениет
тарихына жақындау келіп зерттеуге жол ашады. Әрбір образға әдеби
мінездемемен қатар тарихи түсінік беріп отыру шарт. Көркем ойлау, көшпелі
өмірде сапа мен тілдің табысы, рухани жағынан ең марқа құбылыс болса, түрлі
тарихи формацияларға синантроп, антропология, неолит, андрон мәдениеті деп
келуден гөрі, фольклор тарихы арқылы келу мақсатқа көп жақын. Бұл үшін
қазақ фольклорының табиғаты мен генезисін тілмен қатар қойып зерттеу қажет.
Сюжет тарихтан туады. Қазақ эпосының табиғатына қарап отырсақ, көркем ойлау
тотемдік, мифологиялық, тарихи-реалдық сатылардан өткен. Халық санасында
тайпалық із, эпос тудырған арна осы. Қазақ эпосының тарихилығын сөз
еткенде, бір ғана ру, тайпа, халық шеңберінде қалмай, сюжеттерді бүкіл Орта
Азия, Алтай, тіпті Шығыс әлемі деңгейінде салыстыра зерттеу керек .Ертедегі
космологиялық нанымдар, әлеуметтік құрылыс көп елдердің басынан өткен
болса, эпосты от басы, ошақ қасында зерттеу пайдасыз.

Жадағай әдеби мінездеме - сыңаржақ методология. Осы орайда қазақ эпосын
тарихи желіге қойып дұрыс топтастырған ғалым Ә.Марғұлан болды.Тарихи эпосты
кенжелету, оны зерттеуден шет қалдыру лайықсыз.Өйткені эпостың өзі шежіреге
жақын болса, оның жылнамалық, шын тарихи оқиғаларға негізделген салалары
жоқ емес.Тарихты бірыңғай жүйе, эпосты бір ғана стадиялық қисынмен
түсіндіру тарихилық принципке жат.Тарих- диалектикалық құбылыс. Оны
жақсартуға да, нашарлатуға да болмайды.Тарихи эпос әр салалы болса, оның
қиыншылықтары да аз емес.Репертуары мол қазақтың батырлық жырлары зерделі
де байыпты зерттеуді, салиқалы ой-пікірлерді қажет етеді.
Зерттеу нысаны. Қазақ халық ауыз әдебиетінің бай да мол, көркем де
мазмұнды саласы-батырлар жырының үлгілері.
Диплом жұмысының мақсаты мен міндеттері. Бұл жұмыстың негізгі мақсаты -
Қазақ батырлар жырындағы басты қаһарман- елін сүйген батыр, ал оның басты
мақсат-мұраты — халқын, Отанын басқыншы жаудан қорғау, ерлікті дәріптеу,
шығарманың идеясын тартыс арқылы дәлелдеу.Сол үшін кейіпкерлердің ой-
сезімін, іс-әрекеті мен арманын жақсы көрсету. Осы негізгі мақсатты
айқындау үшін алдымызға мынадай міндеттерді қойдық:
- Батырлар жырларына тереңірек үңіліп, өзіндік ерекшеліктерін анықтау;
- Батырлар жырларының композициялық және тілдік ерекшеліктерінің
қолданылу жүйесін, олардың мәнін, жасалу жолдарын көрсету.
- Батырлар жырларындағы үндестікті жан-жақты зерттеп, саралап, халық
мұрасының құндылығына айрықша мән беру.
Диплом жұмысының дереккөздері. Халық ауыз әдебиеті мұралары және
мерзімді баспасөз деректері.
Зерттеу жұмысының ғылыми жаңалығы. Туған жерді қорғау, сақтау, келер
ұрпаққа аманаттау, ел бірлігі, ел ынтымағы идеясы-бізге жеткен барлық әдеби
мұралардың алтын арқауы.Осынау әдебиет үлгілерін қазіргі күнге дейін қазақ
руханиятының алтын ұстанымдарындай ұлт үшін, оның болашағы үшін қызмет етіп
жатқан қайталанбас қазыналарымыз ретінде қабылдауымыз қажет. Және де ұлттық
идеяның алтын діңгектеріндей бой көтерген рухани құндылықтарымыздың барлығы
да бір ғана мақсат жолында, бір ғана мұратты көздеп халық жүрегіне жол
тартты.
Зерттеу жұмысының практикалық маңызы. Зерттеу нәтижелерін төл әдеби
тіліміздің тарихын жасауда эпостық, теориялық, тіл байлығын дамытуда,
жоғары оқу орындары үшін оқулықтар мен оқу құралдарын жазуда, сондай-ақ,
филология факультетіндегі қазақ бөлімдері студенттері үшін арнайы курстар
мен семинарлар жүргізуде кеңінен пайдалануға болады.
Қорғауға ұсынылатын тұжырымдар. Диплом жұмысын орындау барысында
шешілуге тиісті төмендегідей тұжырымдар ұсынылып отыр:
- Өзінің ел-жұртын, халқын сүйген, оларға жан-тәнімен беріле адал
қызмет еткен және бұл жолда тамаша ерлік істер жасаған батырлар жайында
шығарылған жырлардың халық әдебиеті тарихынан алатын орны айрықша;
- "Алпамыс батыр", "Қобыланды батыр", сықылды қазақ батырлар жырларында
қалмақ, моңғол басқыншыларының шабуылы баяндалып, қазақ батырларының сол
күрестегі ерліктері кеңінен сөз болады;
- Патриоттық ерлік істерді, Отанды сүюшілікті суреттейтін батырлар
жырын халық аса жоғары бағалайды, ескіден сақталған мәдени мұраның ең жақсы
үлгілері ретінде қабылдайды.
Зерттеу әдістері. Диплом жұмысының зерттеу әдістеріне қалыптасқан
бірқатар ілгерінді әдіс -тәсілдер алынды, яғни тарихи-салыстырмалы,
сипаттау, жинақтау.
Жұмыстың құрылымы. Диплом жұмысы кіріспеден, екі тараудан,
тараушалардан, қорытындыдан және пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.

І БАТЫРЛАР ЖЫРЫНЫҢ ЗЕРТТЕЛУІ, ТАРИХИЛЫҒЫ МЕН ТӘЛІМДІК АРНАЛАРЫ

Ауыз әдебиетінің бағзы заманнан ескірмей ұрпақтан-ұрпаққа ауысып
отырған күрделі де мол бір саласы — батырлар жыры. Бұл жырларды жыршы-
жыраулар ғасырлар бойы қобызға немесе домбыраға қосып, белгілі бір әнмен
айтып, ауыздан-ауызға таратып келген. Қазақ батырлар жырындағы басты
қаһарман елін сүйген батыр, ал оның басты мақсат-мұраты — халқын, Отанын
басқыншы жаудан қорғау. Батырлар жырының көпшілігінде халықтың түбегейлі
мұң-мүдесі көкселеді. Батырдың халыққа қамқоршы болу арманы, сол жолдағы іс-
әрекеті жырлануы арқылы оның өз-үй ішіне, өз руына деген сүйіспеншілігі де
айқындалады. Батырлар жырларынан ерте замандағы баласы жоқ қарттың,
бастаушысы жоқ елдің басқадан жәбір-жапа көретіні де танылады.
Басқыншылардан қорғайтын батыр жайлы жырлар ел қиялында осындай зарығу,
торығу тұсында туады [1, б.].
Қазақ ауыз әдебиеті үлгілерінің ел арасынан жиналуы он тоғызыншы
ғасырдан басталады десек, мұны батырлар жыры жөнінде айтуға болады.
Батырлар жыры да ел арасынан XIX ғасырдың ішінде жазылып алына бастады.
Бұған, әсіресе, Ш.Уәлихановтың, В.Радловтың, Н.Ильминскийдің, Г.Потаниннің,
А.Васильевтің, Ә.Диваевтың, т.б. жинап бастырған батырлар жыры дәлел.
Дегенмен батырлар жырының молынан жиналған кезі кеңестік дәуірде болды.
Қазақтың Ұлттық ғылым академиясының қолжазба қорында батырлар жырының,
көлем жағынан ғана алғанда, алты мың баспа табақтай материалы болуы -
кеңестік дәуірде ауыз әдебиетін жинау ісіне көп көңіл бөлініп келе
жатқандығын сипаттайды.
Батырлар жырын зерттеу ісі де кеңестік дәуірде қолға алынды. Батырлар
жыры жайында газет, журналдық мақалалардан бастап, кандидаттық, докторлық
диссертацияларға дейін еңбектер жазылды, орта мектепке арналған оқу
құралдары көлемінде зерттелді. Қазақтың батырлар жырын зерттеуде
С.Сейфуллин , М.Әуезов, С.Мұқанов, Қ.Жұмалиев, Ә.Марғұлан, Б.Кенжебаев,
А.С.Орлов, Н.С.Смирнова, Т.Сыдықов секілді әдебиетші-ғалымдар бірсыпыра
жұмыстар жүргізді. Бұлардың еңбектері ірілі-ұсақты кемшіліктері бола тұрса
да, батырлар жырын ғылыми түрғыдан зерттеудің алғашқы бастамасы еді.
Батырлар жырын зерттеуде қате-кемшіліктер де болмай қойған жоқ. Кейбір
еңбектерде батырлар жыры сын көзімен қаралмай, барлығын бірдей халықтық деп
бағалау, асыра мақтау басым болды.
Бертін келе батырлар жырының барлығын бірдей халыққа жат деп көрсету
кейбір әдебиетшілер мен тарихшылардың еңбектерінен орын алды.
Шынына келгенде, батырлар жыры жайында орын алған бұл екі көзқарастың
екеуі де теріс, зиянды еді. Батырлар жырының барлығын кіршігі

жок, таза халықтық шығармалар деп бағалау немесе олардың бәрі де
халыққа жат деп көрсету - тарихқа жасалған үлкен қиянат болып табылады.
Батырлар жырының , тіпті жалпы ауыз әдебиетінің ерте заманда, халықтың
жазу-сызу өнері болмаған кезінде туғандығын, олар ауызша туып, ел арасында
ауызша айтылу арқылы тарағандығын, ұрпақтан-ұрпаққа ауызша айту негізінде
жеткендігін, осының негізінде әр түрлі қоғамдық, таптық тілектерге сәйкес
талай-талай өзгерістерге ұшырағанын еске алсақ, әрбір жырдың жай-күйі ашыла
түспек. Кейбір жырлардың алғашқы нұсқасы халықтық ортада туып, кейіннен оны
үстем таптың иемденіп кеткенін де аңғарамыз.
Сондықтан біз батырлар жырын сөз еткенде оның туу, ел арасына тарау
жайын, қандай жағдайда және қалай болғандығын еске алуға тиістіміз. Жырды
зерттегенде, оқытқанда, талдағанда екі мәдениет туралы ғылыми ілімге сүйене
отырып, шын мәніндегі халықтық жырларды ала білуіміз керек. Батырлар
жырының барлығын таза халықтық немесе бәрі де халыққа жат, керексіз мүлік
деп қараушылықтың зиянды екендігін есте тұту қажет [2, 54-55 бб.].
Қазақ фольклоры көлемінің молдығы, мазмұндылығы және көркемдігінің
тереңдігі жағынан еш халықтың рухани мұраларынан кем түспейді.
Жұртшылығымызға мәлім батырлар жырларының арасында бірнеше ғана эпизодтан
құралған туындылар немесе батырдың бір ғана ерлігін көрсететін қысқа да
әлденеше ерлік оқиғаларды бір адамның басына жинақтап, композициялық
жағынан ажырамас бір бүтін дәрежесіне көтерілген күрделі де кесек ауқымды
туындылар баршылық . Мысалы: Алпамыс, Қобыланды, тағы басқа. Бір
батырдың ғана ерлігі емес, көптеген батырлардың ерліктерін жалғастыра
суреттейтін эпопеялық сипатқа ие болған циклды эпостардың болуы қазақ
халқының рухани мұрасы аса мол, әсіресе, жыршылық дәстүрі өте жоғары
деңгейде дамыған ел екендігін аңғартады. Бұның екі түрлі себебі бар:
біріншіден, өзінің өткен тарихында сан қилы қайшылықты тағдырды бастарынан
кешіріп, көптеген ғасырларға ұласқан. Ондай қиыншылықтарға мұқалып қалмай,
қайта өршілдік рухын күштей түскен халқымыздың рухының асылдығына
байланысты. Екіншіден, тек қазақ мәдениеті үлгілерінің халық арасына ауызша
таралуы, ұрпақтарға мирас етіп қалдырылуы ауызша түрде жүзеге асып
келетіндігіне қарамастан, қазақ ауыз әдебиетінің байлығы және көркемдік
мазмұндылығы Қазан төңкерісінен бұрынғы орыстың ірі ғалымдарының да назарын
ерекше аударады. Атақты орыс ғалымдары, түркітанушылар В. В. Радлов, Г. Н.
Потанин, т.б. қазақ фольклорын жоғары бағалады. Академик В.В. Радлов
құрастырған Образцы устной литературы тюркских племен деп аталатын он
томдық жинақтың үшінші томында қазақ, бесінші томында қырғыз, жетінші
томында ноғайлы дәуірінен кейін ғана қонысы бөлектенген ноғай, қырым
татарлары сияқты халықтардың фольклоры мен ауыз әдебиеті үлгілерін жариялай
отырып, төмендегідей қорытындыға келеді.
... Өздерімен туыстас түрік тектес елдермен салыстырғанда, қырғыздар
да, қазақтар да сөзге шешендіктерімен ерекше көзге түседі. Олардың
шешендіктеріне шынында да, таң қалмасқа болмайды. Қазақтар сөйлегенде ешбір
мүдірмей, күрмелмей, есіп жүре береді, ойларын дәл, айқын етіп бере білумен
қатар сөз, сөйлемдерін белгілі бір дәрежеде әдемілікке безейді, әңгімелесіп
отырғанның өзінде, жай сөйлемінде, не жайылма сөйлемінде болсын, ырғақ анық
байқалып және жиі кездеседі.
Сонымен бірге қазақта суырыпсалмалық - мейлінше кең тараған өнер. Аз-
кем тәжірибесі бар ақындар жиындағылар туралы табанда өз жандарынан өлең
шығарып, әдемілеп жырлап беруге мүмкіншіліктері мол. [3, 41-45 бб.].
Бұл айтылғандардың бәрі де қазақ халық ауыз әдебиетінің байлығын
дәлелдейтін фактілер, ғылыми қорытындылар десек, зерттеу жұмысымызда сөз
еткелі отырғанымыз - эпостық жырлар зерттелуінің жай-күйі.
Қазақша батырлар жыры деп аталатын эпикалық поэмалар ерте заманнан бері
халықтың жан азығы қызметін атқарып келген, көбінің қай ғасырда пайда
болғаны белгісіз, атадан балаға, ұрпақтан ұрпаққа ауызша түрде берілу
жолымен замандар бойы сақталып, игілігімізге айналып отырған қымбат қазына.
Бұл жырларды әуелде белгілі ақындар шығарса да, жыршы-айтушылардың
репертуарына еніп, ұжымдық өңдеуден өтіп, ұзақ уақыт бойы ауызша айтылуы
барысында бастапқы авторлардың аты-жөні ұмытылып, халықтың ортақ меншігіне
айналған. Батырлар жырын айтушылар да, бізге жеткізушілер де - жыршылар.
Халық ауыз әдебиетін жинау, оны бастыру мәселесі ХІХ ғасырдың алғашқы
жартысында қолға алынады. Осы кезде бұл мәселемен өндіре айналысқан
ғалымдардың ішінен жоғарыда аталған ғалымдармен қатар Ш. Уәлиханов, Н.
Ильминский, А.Е. Алекторов, А.Н. Васильев, т.б. ілтипатпен ауызға алуға
тиіспіз. Бұл ғалымдар қазақ ауыз әдебиетін тек қана жинап қоймайды, жинаған
материалдарын сол уақытта орыс және қазақ тілінде шығарып тұрған газет-
журналдар мен өзге де басылымдарда жариялады, кейбіреулерін жеке кітапша
етіп шығарады. Сөйтіп қазақ ауыз әдебиетіне жұртшылықтың көңілін аударып,
әлемдік мәдениет қорына қосарлық үлкен қазына екендігін танытты. Енді сол
қазақ эпосының көркемдігі, мазмұндылығы, танымдық-тәрбиелік мәні жөнінен
дүние жүзі халықтарының кез келген інжу-маржанымен иық тіресе алатын төрт
үлгісіне тоқталайық.
Қазақ эпосының шоқтығы биік туындылары болып табылатын бұл төрт жырдың
ішіндегі ең көнесі - Алпамыс батыр. Зерттеушілер оны Түрік қағанаты
дәуірінде (7-8ғасыр) айтылып, таралып келген жыр деп есептейді. Содан бері
қанатын кең жайып қазақ, өзбек, татар, башқұрт, қарақалпақ және
алтайлықтарда осы уақытқа дейін сақталған. Ғасырлар бойы әр халық өзінше
жырлап, өңдегендіктен, сюжетінде, композициялық құрылымында өзгерістер
пайда болып, сол халықтың өзіне тән төл туындысы болып кеткен. Алпамыс
батыр жыры - алуан нұсқаларға тармақталып, күрделіленген көп эпостың бірі.
Қазақтарда Алпамыс эпосының қазақша нұсқалары халық аузынан ХІХ ғасырдың
аяғында қағаз бетіне түсіріле бастады. Қазақтың Алпамыс батырының ең
алғашқы басылымы 1896 жылы Жүсіпбек Қожа Шайхисламұлының баспаға
дайындауымен жарық көрді. Алпамыс жырының нұсқаларында қазақ эпосының
өзге де үлгілеріндей, халықтың тарихи көзқарасы мен арман-мұраты, олардың
өмірлік тәжірибесінің нәтижесі болып табылатын дүниетанымы айқын сезіледі.
Жырдың барлық құрамдас бөлшектері жырдың негізгі өзегі болып табылатын
жұртшылықта ел қорғау, тәуелсіздікті сақтау жолындағы күреске шақыру
идеясына қызмет етеді. Алпамыстың туған еліне, үй ішіне деген
сүйіспеншілігін бейнелейтін айшықты эпизодтар - осы айтқанымыздың айқын
айғағы [3, 73-75 бб.].
Алпамыс батыр және Манас жырларының ұқсас қасиеттері біршама. Түркі
тектес халықтар өз әдебиеттерінің тарихын бәріне ортақ ертедегі жазу-
сызудан, әдеби нұсқалардан, жеке ақын шығармаларынан бастайды. Басқаша
айтқанда тегі бір, түрі бір туыстас халықтар өз дебиетінің тарихын
бертіндегі ұлт болып қалыптасқан шақтан емес, бірге жүріп тіршілік еткен
бәрімізге ортақ дәуірден бастайды, бұл әбден заңды. Сонда XV ғасырға дейін
жасалған әдеби шығармалар, мәдениет ескерткіштері түркі тілдес халықтардың
бәріне ортақ болып, олардың ертедегі әдебиет тарихы бір болып келеді. Бізге
жеткен бұл ескерткіштердің таза бір тілде жазылғаны кездесе бермейді.
Сондықтан да ол мұралар қазақ, қырғыз, татар, өзбек, башқұрт т.б. түркі
халықтардың ортақ қазынасы, әрқайсысының заңды игілігі болып есептеледі.
[4, 56-60 бб.].
Манас - тарихи заманнан таулы Азия қыратында ұрпақтан ұрпаққа мұра
болып келе жатқан қызықты жыр, қырғыздың айтулы мұрасы. Бұл жырды алғаш рет
қағаз бетіне түсіріп, оны әдебиет дүниесінің белгілі бір кеніші еткен ғалым
Шоқан Уәлиханов еді. Шоқаннан бес-алты жыл кейін жырды көптеген ғалымдар
зерттей бастайды.
1942 жылы Кембридж сериясымен шыққан Манас жыры кейіннен бірталай
өзгертіліп, кеңес ғалымы В.М.Жирмунскийдің қатысуымен жаңадан толықтырылып
шығарылды. Бұл кітаптың бірнеше беттері Манас жырына арналып, оның қазақ
әдебиетіне де байланысы бары айтылған. Лондон университетінің профессоры
А.Хатто Манас жырын биік ғылым сатысында зерттеп, ондағы эпизоттарды,
қаһармандардың тарихи бейнесін анықтайды.
Осы келтірілгендерден-ақ қырғыз халқы жасаған Манас жырының
дүниежүзілік әдебиеттен алатын орны қандай екенін айқын көруге болады.
Алпамыс батыр - Алпамыс батыр жайындағы эпикалық шығарма, түркі
тілдес көптеген халықтарда кездеседі. Оның көлемді, көркем жырланған
нұсқалары өзбек, қарақалпақ, татар, башқұрт, алтай халықтары арасында да
мол тараған.
Батырлар жырының екінші кітабында Алпамыс батыр жырының әр уақытта
жарияланған үш түрлі нұсқасы енгізілген. Олар: Алпамыс батыр, Алпамыс
батырдың қиссасы , Қисса Алпамыс . Осы аталған шығармалардың бәрі де
қартайғанша сүймеген перзенттің ащы зарын, сол перзент жолында көрген
есепсіз мехнат-азапты суреттеуден басталады. Сәл ғана өзгергені болмаса,
Алпамыс, Алпамша, Алып Манаш, Алпамыша минэн Барсын хылуу
жырларындағы кейіпкерлердің аты да (Байбөрі-Байпарақ-Байбура; Алпамыс -
Алпамша - Алып Манаш - Алпамыш; Гүлбаршын-Гульбарчин-Барсын хылуу), тағдыр,
іс-әрекеттері де өте ұқсас.
Бамсы, Алпамыс, Алпамыш, Алпамша, Алып Манаш, Алып Бамсы деген ер
есімдерінің өзі де осыны аңғартады.
Енді эпостардың сюжеттік ұқсастықтарына салыстырмалы талдау жасап
қаралық. Әрине, осыншалықты мол әрі сан салалы материалды жеріне жеткізе,
сарқа талдау жасаймыз деген ойдан аулақпыз. Себебі жырлар әрқилы әрі ұзақ
замандар бойына туып қалыптасты және бұларға әр алуан жыршылардың
шығармашылық қатынасы болды. Бұларда сюжеттік қарама-қайшы жәйттер де көп.
Дегенмен біз екі жырдың ішінен сюжеттерінің ұқсас жағына ғана назар
аудардық. Алпамыс батыр жырында Алпамыс аңғалдықпен Тайшық ханның құрған
торына түсіп қалып, жеті жыл зыңданда отырады. Тайшық ханның қызы
Қарагөзайымның серкелерін бағатын Кейқуаттың көмегімен зыңданнан шығады.
Көкөзек деген жерде Тайшық ханмен кездесіп, оны өлтіреді де, Кейқуатты сол
қалмақ еліне хан сайлайды. Өзі Тайшық ханның жалғыз қызы Қарагөзайымды
некелеп алып, қырық қыздың басы Нарзангүл (Жүрметүс - Майкөт-Сұлтақұл
нұсқасында ) деген қызды Кейқуатқа қосты.Ал Манас жырында да осыған
ұқсас оқиға бар. Қалмақтың Шооруг ханы Қашқарды жаулап алды. Оған қарсы
аттанған Манас Шооругпен Көккөзек деген жерде кездесіп, ақыры оны жеңді. Ол
елге Арғын Ажыбай дегенді хан қылып қойды. Өзі Шооругтың қызы Ақылайға
үйленеді.
Осы үзінділердегі оқиға ұқсастықтары, хан мен батырдың кездескен жері
кімді де болса ойландырады. Тек кейіпкерлердің аттары ғана өзгеше. Дегенмен
тағы бір көңіл аударарлық деталь бар. Тайшық хан Кейқуаттың нәсілін
түрікпен дейді:
Сонда Тайшық сөйлейді;
-Ей, Кейқуат, кел, - деді,
-Қалмақтың ханы мен - Тайшық,
Нәсілің түрікпен сен, - деді.
Ал Кейқуат Қаракөзайымды қалмақ дейді:
Кейқуат сонда сөйлейді, Сөйлегенде бүй дейді:
- Базары пышақ балдақы,
Нәсілің сенің қалмақы.
Көп ішінде қинадың
Сырыңды айт деп, салдақы.[5, 256 б.].
Кейқуат түрікпен (түрік) болмаса, Қаракөзайымды қалмақ демес еді ғой.Ал
Манаста Ажыбай Арғын руынан шыққан: Аргин Кадын Ажыбай қалмақ
Шооругтың қол астында жүрген.
Манас жырында Манастың әкесі Жақып Қытайдың Бээжин (Бейжин) шаһарының
билеушісі Эсен (Ежен) ханан көп қорлық, зорлық, қиянат көріп, ақыры Алтай
асып Іле арқылы Алатауды баурайлап, Ешкіөлмес, Қордай, Маңқан жеріне жер
аударылады.
Манас - Қараханнан тараған Жақыптың ұлы, ал Манастың әйелі Қаныкей де
Қараханнан тараған Темірханның

Қазақтың кәрі құлақ қариялары әрбір эпос айтушысының дәстүрден шықпай,
тарихи сюжеттерді бұрмаламай жеткізуін қадағалап отырған, Алпамыс батыр
жырының түрлі нұсқаларындағы ономастикалық атаулар арасында айтарлықтай
айырма жоқ. Мысалы, қоңырат (өзбек) нұсқасында Алпамыс генеологиясы
мынадай:

Екі эпостың да бас қаһарманы - ата -анасының қорлық көріп , қ иналып,
әулие -әнбиелерге сыйынып, басына түнеп, құдайдан жалбарынып тілеп жүріп,
ақыры ол тілегін Бабай түкті шашты Әзиз қабыл алып, түсінде аян беріп туған
бала. Аян бергенде, екеуіне де бір ұл, бір қыз болатынын ескертіп, ұлдың ел
қамқоры батыр, ер болатынын айтады. Ұлдың атын Манас (Алпамыс), қыздың атын
Қарлығаш қой деп айтып кетеді.
Қазақтың ауыз әдебиеті халықтың ертедегі тұрмыс тіршілігіне, тарихына
байланысты туды десек, мұны батырлар жыры жайында да айтуға болады.
Батырлар жырының алғашқы ұсақ үлгілері сонау ерте заманда, патриархтық-
рулық құрылыс кезінің өзінде-ақ туа бастаған. Сол кезде қазақтың тарихта
аттары мәлім рулары: үйсін, қаңлы, қоңырат, керей, қыпшақ, т.б. өздерінің
ру тәуелсіздігін сақтап қалу үшін күрескен. Мұндай күрестер кезінде әр
рудың батырлары өз руларын қарсы жақтың шабуылдарынан қорғап қалу жолында
ерлік жасаған. Олардың бұл жолдағы ерлік істері ру арасында өлең-жырға,
аңыз-әңгімеге айналған.
Дегенмен патриархтық-рулық құрылыс кезінде туған батырлар жырының
үлгілері толығынан сақталмаған. Оның кейбіреулері, кейіннен, ауыз
әдебиетінің басқа түрлерімен қосылып, араласып кеткен. Сондықтан батырлар
жырының алғашқы үлгілерінің жалпы жайын, сипатын дәлелдеп айту өте қиын.
Қазақта батырлар жырының көбірек туған кезі ХІҮ-ХҮІІІ ғасырлардың арасы
секілді. Осы аталған кезендерде бүгінгі қазақ халқының көне тарихында
бірнеше елеулі оқиғалар болып өтті.
Тарихи деректерге қарағанда XVII ғасырдың қарсаңыңда, қазақпен көршілес
қалмақтар күшті мемлекетке айналады.
Қалмақтың шонжарлары, феодалдары әскери күштерін біріктіріп, өздерімен
көршілес елдерге талай рет шабуыл жасайды. Олардың шабуылына ұшырағандардың
бірі қазақ елі еді. Қалмақтың шонжарлары қазақ еліне шабуыл жасағанда,
қазақтардың шұрайлы жерін, кең қонысын, мал-мүлкін тартып алуды, қазақ елін
құл етуді мақсат етеді.
Осы мақсатпен қалмақтың қалың қолы 1723 жылдың көктемінде қазақ еліне
шабуыл жасайды. Олар Жетісуды, Талас, Қаратауды тартып алады да, Сырды
өрлей Аралға дейін аттанады. Арқаны арқандайды. Қалмақ шонжарлары және
олардың шапқыншылары қазақтарды қан қақсатады, қырғынға ұшыратады,
ауылдарды өртейді, жас балаларды найзаның ұшына түйреп отқа лақтырады.
Шапқыншылардың әрекеттерінен үрейі ұшқан қазақтар бұрынғы ата мекенін,
қонысын тастап жер ауады; ата баладан, аға қарындастан айырылады; халық
басына қара түнек орнайды. Бұл бір қайғылы кезді қазақ халқы "Ақтабан
шұбырынды Алқакөл сұлама" деп атайды.
Бірақ, қазақ халқы басқыншылардан бұға бермейді, күш біріктіріп жауға
қарсы күреске аттанады, әскери жасақтар құрады. Бұларды адал ниетімен
халқын сүйген ер жүрек батырлар бастайды. Қазақтар алғаш рет қалмақ
басқыншыларына Бұланты өзенінің (Сарысу өзенінің орта ағысының батыс жағы)
бойында қатты тойтарыс беріп, жауды жеңеді. Бұл жер "Қалмақ қырылған"
атанады.
Бұланты бойындағы жеңіс қазақ халқын рухтандыра түседі, халықтың күші
бұрынғысынан арта бастайды. Басқыншы жауға қарсы ұзаққа созылған
күрестерде, шапқыншылардан ел-жұртын қорғауда қазақ жігіттері тамаша ерлік-
батырлық жасайды. Өзінің тәуелсіздігі үшін күрескен қазақ халқы
басқьншыларды талқандап жеңеді де, 1729 жылы жауды қазақ жерінен аластайды.
Алайда қазақ халқы қалмақ басқыншыларының қайталап шабуылдау қаупінен
мүлде арылып кетпейді. Сондықтан да қазақ халқы өзіне қорған болатын күшті
іздейді. Ол күш орыс халқы болады. Қазақ халқы Ресей мемлекетінің
қарамағына ене бастайды. Бұл жағдай кейіннен, қазақ елін қалмақтардың
шабуылдауынан құтқарьп алады. Ресейдей күшті мемлекеттің қанаты астына
енген қазақ елін қалмақтар баса-көктеп шабуылдауға батылы бармайды.
Қалмақ басқыншыларына қарсы қазақ халқының жүргізген ерлік күресі ауыз
әдебиетінен ерекше орын алды. Халық өзінің ауыз әдебиетінен Ақтабан
шұбырынды жылдарын ("Басынан Қаратаудың көш келеді") ғана елестетіп қойған
жоқ, ол басқыншыларға қарсы қазақ халқының ерлік күресін, батырлық күшін,
жеңісін суреттеп, жырына қосты. Осы негізде халықтың батырлық тұлғасын,
ерлік күресін сипаттайтын батырлар жыры туады.
Міне, қазақтың ертедегі батырлар жыры жоғарыда айтылған тарихи
кезендердің, ұлы оқиғалардың елесін беру негізінде туып қалыптасады. Бұдан,
әрине, батырлар жыры тарихи документ деген ұғым тумайды. Әдебиеттік
шығармалардың қандайы болса да, белгілі оқиғалардың тарихи документі болып
табылмайды. Батырлар жыры да сондай. Олар өткендегі оқиғалардың сәулесін
елестетуші; тарихи оқиғаларды суреттеу негізінде туған көркем шығарма болып
қана танылады.
Қорыта келгенде, қазақта батырлар жырының тууына осы аталған екі жағдай
үлкен әсер етті деуге болады. Бұдан, әрине, бергі заманда, яғни XIX
ғасырдан бергі жерде батырлар жырын шығармаған деген ұғым тумайды. Соңғы
кезде батырлар жыры туған [2, 56-58 бб.].
Батырлар жырының қайсысы болса да оқиғаға құрылады, сюжетсіз жыр
болмайды. Жырдың сюжеттік құрылысы жырдағы басты кейіпкер жайын, оның
ағайын-жұрты, жолдас-жоралары және олардың бір-бірімен қатысы, қуанышы мен
күйініші, алыс-тартыс жорықтары, жау адамдарының іс-әрекеттері жайын
суреттеуден туады.
Қазақтың батырлар жырының құрылысын сөз еткенде, оның көпшілігіне тән
ерекшеліктің бірі - жырдағы оқиғалар басты кейіпкерлер төңірегінде
болатындығында. Кейбір жырлардың оқиғалары көбінесе басты кейіпкерлерге
байланысты алынады да, солар арқылы дамиды. Бұған мысал ретінде "Қобыланды
батыр" мен "Ер Тарғын" жырын келтіруге болады. Жырдың мұндай құрылысы, яғни
оқиғаны басты кейіпкер арқылы дамыту -оқиғаны тізбектеп жырлау әдісі деп
аталады.
Қазақтың батырлар жырында оқиғаның басталуы әр түрлі болып келеді.
Кейбір жырлар ("Ер Тарғын", "Қамбар") әңгімені басты кейіпкерлердің ер
жетіп, есейген кезінен, содан былайғы жерде жасаған ерлік істерін
сипаттаудан бастайды, жырдың сюжетін осылай құрады. Ал енді бір жырларда
("Алпамыс", "Қобыланды батыр") жырдың сюжеттік желісі әріден, яғни басты
кейіпкердің дүниеге келмей тұрған шағынан тартылады. Осыдан былай жырдың
әңгімесі өрістей, сатылап өрлей, дами береді. Сондай-ақ кей-кейде батырлар
жырының оқиғасы басты кейіпкердің (мысалы, "Ер Тарғынның") бірден іс-
әрекетке кірісуінен басталады. Жыршы ақындар өздерінің жырындағы басты
кейіпкер жайын айтпастан бұрын, оның кім екендігімен тыңдаушыны таныстырмай
тұрып, батырдың ұрыс үстінде жасаған ерліктерін суреттейді. Содан кейін
ғана ақын батырға оралып, жырдың оқиғасын ілгерілете жөнеледі.
Батырлар жырының құрылысы сюжеттік әңгімелерді қиыннан қиыстырып айта
білу, әрбір оқиғаны тартымды етіп суреттеу, негізгі ойдың желісін бұзбай,
бір оқиғадан екіншісін тудыру, әрбір ұсақ бөлшектің өзін сипаттай жырлау
жыршы ақындардың шеберлігіне байланысты болып отырады. Қандай көркем
шығарма болса да, оның сюжет құрылысы шеберлікті керек ететіндігін батырлар
жыры да дәлелдейді.
14
Қазақтын өлең құрылысы жайын зерттеушілердің айтуына қарағанда, Абайға
дейін өлеңнің негізінде екі-ақ түрі болған. Біріншісі - он бір буынды өлең,
екіншісі - жыр.
Батырлар жыры өлеңнің жеті-сегіз буынды жыр түрімен айтылған. Өйткені
ерлік қимылды, көтеріңкі пафосты, атыс-шабыс, жорықтарды түйдектете, асқан
шапшандық шабытпен айту үшін өлеңнің оралымды түрі -жыр болған. Мұның
үстіне өлеңді суырып салып (импровизация) айту үшін де қолайлысы жыр деп
танылған. Жырда ұйкасымнан гөрі буын санына, ырғақ-екпінге ерекше мән
берілген. Ал он бір буынды өлең жорық, аттаныс, соғыс картиналарын беруде,
окиғаны үсті -үстіне түйдектете айтуда жыр секілді жеңіл, оралымды-ұшқыр
келе бермеген. Он бір буынды өлең ойланып айтуды, ұйқасымның үнемі болып
отыруын керек еткен. [6, 32-36 бб.].
Әрине, батырлар жырының барлығы жеті-сегіз буынды жыр түрінде айтылған
жоқ. Кейбір жырлар өлеңнің жыр түрін сақтаса, енді біреулерінде он бір
буынды өлең де, тіпті қара сөз де кездеседі. Оның себебі — жырдың оқиғасына
байланысты секілді. Егер жырда ерлік, аттаныс, жорық, күрес жайы айтылатын
болса, онда өленңің жыр түрі қолданылатыны байқалады. Ал жырдың оқиғасы
ерлік күрес жайынан ауысса, онда жыр он бір буынды өлеңмен немесе қара
сөзбен айтылады. Мұның мысалын "Алпамыс" пен "Қамбардан" көреміз.
Өлеңнің жыр түріне тән негізгі шарт — буын саны мен ырғақ, екпінінің
бір қалыпта болуында секілді. Жыршы ақындардың бәрі де осы шартты қатты
ескеріп отырады, жырдың буын санын жеті-сегізден асырмайды, ырғақ пен
екпінді де сақтайды. Ал өлеңнің ұйқасымы, жол саны жыр түрінде әр түрлі
болып келеді. Батырлар жырында белгілі бір пікірді білдіретін, соны
түйіндейтін шумақтың саны кем дегенде төртеу, асса 20—30 тармаққа дейін
барады. Өлең тармақтарының санына қарай ұйқасымы да әр түрлі келіп отырады.
Кейде өлең жолдары қатарынан немесе ерікті, аралас, шұбыртпалы түрлерінде
ұйқасады .
Батырлар жырында дыбыс қайталаудың алатын орны үлкен. Ол жырдағы
оқиғаларды дамыта және көркемдеп айту үшін қолданылады. Мұнымен қатар,
жыршы ақындар жырға қосып отырған оқиғасының қай мезгілде болғандығын
аңғару үшін де кейбір дыбыстарды қайталайтындығы байқалады. Жыршылар
дыбыстарды қайталағанда өлең жолдарын қатарынан бір дыбыстан бастайды.
Кейде бір тармақтағы барлық сөздерді не дауысты (ассонанс), не дауыссыз
(аллитерация) дыбыстан құрастырады. Кейбір жырларда кісі аттарының өзі бір
дыбыстан басталатындығы бар. (Мәселен, "Қобыланды батыр" жырындағы кісі
аттары: Қарақыпшақ Қобыланды, Қиятұлы Қараман, Құртқа, Қарлыға, Қазан болып
келеді.) Бұл айтылғандарға бір-екі мысал келтірейік.
Қобыланды батыр Алшағырдың тұтқынынан ел-жұртын құтқарып алады. Осы бір
картинаны жыршы ақын:
Қаладан шығып көп қыпшақ,
Қойдай маңырап шуылдап,
Қозыдай маңырап дуылдап,
Кобыланды ерге қосылды;
Қабыл болды бұл сапар,
Қобыланды ердің тілегі [5, 45 б.] , —
деп суреттейді. Жыршы кілең дауыссыз дыбыстарды қайталай отырып,
айтылған әңгімелердің (қыпшақтардың тұтқыннан құтқарылуы) осы сағатта
болғандығын аңғартады.
Жыршы ақындар қайталау ретінде дауысты дыбыстарды да пайдаланады. Мұны
олар көбінесе жырдағы адамдардың портретін жасау үшін, олардың өткен кезде
кім болғандығын баяндау үшін қолданатын секілді. Дауысты дыбыстарды
қайталауымен жыршылар адамның сырт келбетін суреттейді. Мәселен, Қобыланды
батырдың алдынан қарсы шыкқан Қазан батырды Біржан ақын:
Қара қасқа ат мінген,
Ат құйрығын шарт түйген,
Алдына дабыл төңкерген,
Артына сауыт бөктерген,
Аламанға дем берген,
Азды көпке тең көрген [5, 60 б.], —
деп Қазанның өткен кезде қандай батыр болғандығыи бейнелейді.
Қазақ ауыз әдебиетінің поэзия түрінде адам образын жасаудың алғашқы
үлгісін салған батырлар жыры деуге болады. Ел қорғау жолында ерлік
көрсеткен, аңдыған жауға қарсы аттанған батырлардың образын жасау үшін
жыршы, ақындар бірнеше әдістер қолданады. Ең алдымен батырларды халық
ұғымына аса күшті көрінетін жаратылыс құбылыстарына салыстырады. Батырдың
жаумен кездескен жерін суреттегенде "қабағынан қар жауып, кірпігіне мұз
қатып... Жауар күндей күркіреп" деп бейнелейді, ерте кездегі мифтік
ұғымдарға, фантастикаға апарады. Немесе батырды "жолбарыстай жүректі,
арыстандай айбатты" деп көрсетеді. Батырдың сырт тұлғасын, алып күшін
осындай теңеулер арқылы суреттей отырып, оның образын жасайды.
Мұнымен қатар, жыршы ақындар батыр образын оның өз сөзімен жасайды.
Батырлардың монолог түрінде айтатын сөздері арқылы оның бірсыпыра ерлік
істері суреттеледі. Бүған Қобыландының, Тарғынның айтатын монолог сөздерін
мысалға алуға болады. Монолог түрінде кейде бір адамның өмір тарихы, ерлік
істері баяндалатын кездері болады. Ақжүністің монологынан Қарт Қожақтың бес
жасынан бастап алпыс бес жасқа дейінгі өмірі баяндалады және оның батырлық
образы жасалады. Кейде жыршы ақындар батыр образын, оның ағайын
туыстарының, жора-жолдастарының сөзі арқылы суреттеп отырады. Тоқтарбай,
Аналық, Құртқалардың жоқтау сөзімен Қобыландының батырлық образы беріледі.
Қараманның сөзі арқылы Алпамыстың батырлық тұлғасы суреттеледі.
Жыршы ақындардың адам образын жасауда ерте кезден бері қарай қолданған
негізгі әдіс-амалдары осы сияқты деуге болады. Мұнымен қатар, олар
образдарды күшейту үшін, түймедейді түйедей", немесе "жансызға жан
бітіргендей" етіп суреттеу үшін әр түрлі портреттер жасау үшін өлеңдегі
әсірелеу, шендестіру, кейіптеу, бейнелеулерді де молынан пайдаланып
отыратындығы байқалады. Осылардың бәрін жыршы ақындар образдың сыртқы
келбетін, ерлік істерін, алыс-тартыс күрестерін сипаттау үшін алады.[6, 67
б.].
Ал батырлар жырында адамның ішкі ой дүниесі, психологиясы, қуанышы мен
қайғысы, көңіл күйі, көзқарасы, т.б . толығынан ашылмайтындығы байқалады.
Дегенмен батырлар жырының бұл жайларды аз да болса суреттеп кететіндігі
болады. Онда жыршылар адамның психологиясына байланысты сәттерді
табиғаттағы әр түрлі құбылыстармен немесе жануарларда болатын мінездермен
байланыстырады. Мәселен: Тарғынның мертіккендегі күйзелісі, психологиясы
тікелей суреттелмей, оны түрлі пернелеу арқылы білдіреді. "Айды, күнді бұлт
қоршайды, күн жауарға ұқсайды, көлде қулар шулайды, көк тұйғын түйілгенге
ұқсайды" деген секілді параллель жасалынып барып, адамның көңіл күйін
бейнелейді. Осындай параллель арқылы Тарғынның халі айтылады.
Халық әдебиеті мен жазба поэзияда образ жасау жолдары жайында
В.Г.Белинский былай деген еді:
"Көркем поэзия әрқашан да нақтылы халық поэзиясынан жоғары сатыда
тұрады. Соңысы халықтың сәбилік дәуіріндегі былдырлаған тәтті тілі,
қараңғыда қарманған түйсік, бұлдыр сезім дүниесінің көлеңкесі ғана; халық
поэзиясы айтайын деген ойын дәл етіп берерлік сөздер таба алмай, болжалдап
айту әдісіне, пернелеу, бейнелеуге әрдайым иек сүйеп отырады; ал көркем
поэзия бұл - ер жеткен сананың үзілді-кесілді сөзі, түрі мен мазмұны тең
түскен нақтылы шындық болмыстың көлеңкесі. Көркем поэзия айтайын деген ойын
әр кезде де дәл, жарқын, идеясымен тең түсерлік, айқын образдармен айтып
береді.
Демек, халық поэзиясы барлық жағынан шындалып жетілген образ жасауда
көркем (жазба) әдебиеттен кем жатады. Әрине, бұл халық поэзиясының айыбы
емес, ол халық поэзиясының қай дәрежеде болғанын және образдарды қалай
жасағандығын көрсетеді [2, 64-68 бб.]. Мазмұнының тереңдігі, оқиға
желісінің қызықты құрылуы, көңілге қонымдылығы батырлар жырының басты
ерекшеліктері болып табылады. Негізгі идеясының батырлықты, ерлікті
дәріптеуі, ондағы басты кейіпкер батырдың ер жүрек, өжет, намысшыл, адал,
сөзіне берік, адамдық қасиеті мол қайырымды болуы оқушының сезімін
қозғайды. Қазақ халқының тәлімдік мәні зор ой -толғаныстары батырлық
эпостарда көптеп кездеседі. Мұндағы ұрпақ тәбиесінің негізгі түйіні
адамгершілік, имандылық, ақыл-ой, еңбек, дене, отбасы тәрбиесіне байланысты
мәселелерге келіп тіреледі. Батырлар жырының ауызша таралып, бүгінгі
уақытқа дейін жетуі оның көкейге қонымды, тілге жеңіл болуымен де
байланысты, яғни халық ерекше ықылыспен тыңдап, тебірене сезініп жадында
сақтаған.
Батырлар жырындағы сүйікті кейіпкерлерінің ерлікке толы әрекеттері кез
келген баланы батырдай болсам деген арманға жетелейді. Қырық мың атты
қызылбас Қырық кісідей көрінбес Батырыңның көзіне. Тікелеп атқан оқтары
Тікенектей қадалмас Қоблекеңнің жүзіне. Қабағынан қар жауып, Кірпігіне мұз
тоңып Қатуланып, қатады, Буырқанып, бұрсанды Мұздай темір құрсанды [5, 55
б.] .
Қобыландының нағыз ер жүрек батырға тән ерекше бітімі, мыңдаған жау
әскерлерімен жалғыз өзі шайқасып, жеңіске жеткен, айбарынан жауы сескенген
ер тұлғасы оқушыны айрықша сезімге бөлеп, рухтандырары сөзсіз.
Енді бала алшаңдап,
Қайраты тасып қалшылдап,
Қойға шапқан бөрідей,
Жан жағына ырсылдап,
Әлемді алды айбаты,
Қабыландай арсылдап, [5, 57 б.].
деген Алпамыс батырдың әсерлі теңеулермен берілген ер келбеті оқушысын
шабыттандырмай қоймасы анық. Мұндай бейнелеулерді әрбір қаһармандық жырдан
кездестіреміз. Мұның барлығы жасөспірім баланы әсерлендіріп, бойына
патриоттық сезімнің дәнін сеуіп, жақсыға еліктеушілік, соған ұмтылушылық
қасиеттерін қалыптастырады. Осындай батыр бабаларының ұрпағы екендігіне
мақтанып, ұлтына деген сүйіспеншілігі артады. Батырлар жырын оқыған бала
өзі де ерлік әрекеттер атқарғысы келіп, қандай жағдайда болмасын үй-ішін,
туған-туыс, жора-жолдасы, ауыл-аймағын, яғни бір сөзбен айтқанда Отанын
қорғар азамат болуын армандайды.
Алпыс үйлі Арғынның,
Тоқсан үйлі Тобырдың
Ашыққанын тойғызды,
Батыр туған Қамбардың
Тимеді жоққа зияны [10, 25 б.].
Мұнда ағайын-туыс, ауыл-аймағын аң аулап асыраған жігіт тұлғасы
көрінеді. Отан отбасынан басталады деген халық даналығы. Ата-анасына,
ағайын-бауыр, көрші-қолаңға қайырымдылық жасап, қамқор бола білген бала ел-
жұртына, Отанына да адал қызмет істейді.
Өзінің ел-жұртын, халқын сүйген, оларға жан-тәнімен беріле адал қызмет
еткен және бұл жолда тамаша ерлік істер жасаған батырлар жайында шығарылған
жырлардың халық әдебиеті тарихынан алатын орны үлкен. Мұны көп ғасыр бойына
халықтың ұмытпай сақтап келуінің, сүйе жырлап, сүйсіне тыңдауының өзі-ақ
дәлелдей түседі.
Алғашқы үлгілері есте қалмаған сонау ерте заманда туған батырлар жыры,
бертін келе өзінің даму процесінде шындалып, жетілу үстінде болған. Ол
халықтың әр кезде жасаған ерлік істерін жырлау негізінде өсіп ұлғайған.
Әрбір тарихи кезеңде, халыққа төнген қауіп-қатер кезінде асқан ерлік жасап,
ел-жұртына қорған болған, батырлардың қаһармандық істері халықтың
әдебиетінен де орын алған. М.Горькийдің: "Ауыз әдебиеті тарихқа өзінше
ілесіп отырады", - дейтіні осыдан. Әрине, батырлар жыры тек қана жеке
адамдардың ерліктерін суреттеп қойған емес. Ол образдар арқылы бүкіл
халықтың батырлық тұлғасын, ерлік ісін, сарқылмас күш-қуатын елестетеді,
соларды бейнелеп көрсетеді. Батырлар жырының басты мәні де осыған
байланысты.
Халық өткен кезде батырлар жырын жастарды ел-отанды сүюге, халыққа адал
қызмет етуге тәрбиелейтін құралдың бірі есебінде пайдаланған. Жырдағы
батырлардың ел қорғаудағы ерлік істерін жастарға үлгі, өнеге еткен. Бұл
ретте де батырлар жырының тәрбиелік мәні болған. [7, 78-80 бб.].
Ертеден келе жатқан батырлар жыры біздің заманымызда да халықтық мәнін
жойған жоқ. Ескі мәдени мұраны қадірлей білетін қазақ халқы бұл жырлардың
ең таңдаулысын, идеялық-көркемдік сапасы жоғарыларын пайдалануда. Бұған
батырлар жырының ең тандаулы үлгілерінің жинақ болып бірнеше рет басылуы,
ғылыми еңбектер жазылуы, оқу орындарыңда оқытылуы, театр сахналарында және
киноларда көрсетілуі дәлел. Сондай-ақ, патриоттық ерлік істерді, Отанды
сүюшілікті суреттейтін батырлар жырын халық аса жоғары бағалайды, ескіден
сақталған мәдени мұраның ең жақсы үлгілері деп таниды.
Ел тағдырын өз тағдырынан биік қойған, ұлтының тұтастығын, жерінің
бүтіндігін мұрат еткен қазақ батырлары қазақ тарихының әр белесінде
тұлғалық деңгейге көтеріліп отырған. Яғни олар ұлттық тұлға болған.Осы
ұлттық тұлға биігіне кімдер көтеріле алған? Осы биік азаматтық мәртебеге,
халықтық бағаға кімдер лайықты болған? Ең алдымен ұлттық тұлға деген ұғым -
тарихи өлшем. Яғни тарихи тұрғыдан ұлт үшін, халық үшін орасан маңызы зор,
тарихи мәні терең іс -әрекетке барған, немесе аса жауапты тарихи сәттерде
халық тағдырында айрықша орны болған адамға халықтың өзі осындай ұлттық,
тұлғалық деңгейге көтеретін бағаны беріп отырған. Міне қазақ тарихының
әрбір белесінде осындай орасан зор халықтық мәні бар тарихи оқиғаларға
араласқан, немесе осы тарихи оқиғаларды басқарған, ұйымдастырушы болған,
немесе асқан ерлік көрсеткен азаматтар - халық батырлары атанған. Ұлттың
тұлғалары атанған. Қазақ ұлтының бағына, тағдырына орай Тарих-ана әр
ғасырда жаужүрек, батыр ұлдары мен қыздарын мол жаратқан. Ұлт содан аман
қалған.
Қазақ жерінің бір сүйемі де осылардың арқасында жаудың қолында кетпеді.
Осылайша, ол шеті мен бұл шетіне құс қанаты талатын казіргі кең байтақ
өлкемізді, құтты қоныс, ата мекенімізді ұлы жорықтарда батыр бабаларымыз
білегінің күшімен, найзасының ұшымен қорғай жүріп бізге аманаттап қалдырды.
Осы еңбегі үшін халық биікке көтерген, ардақтап, аттарын аңызға айналдырған
батырлардың ішінде, әсіресе, Абылай ханның бас қолбасшылары саналған
Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Шапырашты Наурызбай бір төбе болса,
тағы да осылардың қатарында бір шоғыр қазақ батырларының: Қарасай мен
Ағынтай, Саурық пен Тайлақ, Өтеген мен Сұраншы, Сеңкібай мен Шойбек,
Малайсары мен Райымбек, Бөлек пен Сатай, Жәнібек пен Тілеуке, Қылышбек пен
Естенбек, Есенқұл мен Сыпатай сынды ақберендердің есімдері де айрықша
жарқырап көрінеді. Сондықтан осы аттары аталған айтулы батырлардың ел
тағдырындағы тарихи орны мен олар жасаған ерлік жорықтарының мәні мен
маңызы да бірнеше ғасырлар бойында ел жадынан бір сәтке де ұмыт қалған
емес. Жалпы осы аттары аталған батырлардың болсын, немесе әр ғасырда өмір
сүріп, әртүрлі тағдыр кешкен басқа да сандаған ұлттық деңгейдегі
тұлғалардың қай-қайсысын алсаңыз да олардың тұлғасын алдымен халық ішінен
шыққан өнер иелері көркем сомдауға, әдебиет тілінде жырға қосуға ұмтылған.
Оның ішінде әсіресе халық ауыз әдебиетінің, яғни фольклордың үлесі дара
көрінеді.[8, 45 б.].
Қазақ батырларының бейнесі сонымен бірге жазба әдебиетімізде де,
әсіресе прозалық туындыларымызда көбірек сомдалды. ХХ ғасыр әдебиетінің
бастапқы кезеңінің өзінде-ақ қазақ қаламгерлері халық жүрегінен берік орын
алған осынау айтулы қазақ батырларының тұлғасын қоғамдық-әлеуметтік, тарихи
оқиғалармен астастыра отырып қазақ әдебиетіне алып келді.
20-30 жылдардағы және кейінгі онжылдықтар кезеңінде қабырғалы
қаламгерлеріміз бен ақын-жыршыларымыз І.Жансүгіров, С.Мұқанов, М.Жұмабаев,
М.Әуезов, Жамбыл, Иса, Нұрпейіс, Кенен, Қалижан Бекхожин т.б. өз
шығармаларының негізгі кейіпкерлері етіп батырлар тұлғасына қол артуы осыны
аңғартады. Қара қыпшақ Қобыланды, Қара қасқа атты Қамбар батыр, Ер Тарғын,
Абылай, Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Шапырашты Наурызбай, Батыр
Баян, Қарасай, Өтеген, Сұраншы, Саурық, Сыпатай, Райымбек, Махамбет,
Исатай, Сырым, Кенесары, Наурызбай, Амангелді, Бекболат, т.б. есімі елге
белгілі, қол бастаған немесе ұлт-азаттық күрестің ұйтқысы, басшысы болған
батырларымыз бен хандарымыздың көркем әдебиеттегі соқталы бейнесі сап
түзеп, осы арқылы қазақтың рухани әлемі жаңа белеске көтерілді, байтақ
кеңістікке шықты.
Қазақ тарихының әрбір кезеңі, яғни ел басынан өткен, халық тағдырында
терең із қалдырған тарихи, саяси оқиғалар енді нақты тарихи тұлғалардың -
қазақ батырларының бейнесі арқылы, солар өмір кешкен, азаттық жолында
арпалысып өткен заман, уақыт кеңістігі арқылы көркем шежіреленді. Әдеби
кейіпкер ретінде бой көтерген осынау тарихи тұлғалардың көркем, жинақталған
бейнесін сомдау енді өз кезегінде қаламгерлер үшін де жаңа суреткерлік,
шеберлік мүмкіндіктерге жол ашты. Осы орайда, әрбір әдеби жанрдың көтеретін
жүгі салмақ басып, әдеби әдіс-тәсілдердің көкжиегі де кеңи түсті. Осы
арқылы дәстүрлі қазақ поэзиясының кең тынысы жаңа құнарлы көркемдік
ізденістерге қол артуға қаламгерлерді итермеледі. Ғасырлар қойнауынан тамыр
тартқан әдебиет тарихындағы ұзын салқар рухани көшіміздің ең бір асылы мен
аяулысы да, яғни рухани құндылықтарымыздың баға ... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Оғыз қаған тарихи жұрт
НОҒАЙЛЫ ДӘУІРІНДЕГІ ЖЫРЛАРДЫҢ ЗЕРТТЕЛУІ
Қазақ өлеңдерінің құрылысы. Әдебиеттің тегі мен түрі. Әдеби үдеріс, әдеби әдіс, бағыттар мен көркемдік тәжірибелер
Сәндік кескіндемедегі ұлттық натюрморт
Поэзия
Мұхтар Әуезов қазақ әдебиетінің негізін салушы
Қазақ ғашықтық жырларының орындалу ерекшеліктері
Эпостағы қазақтану мәселелері (Қобыланды батыр эпосындағы)
Қазақтың көне эпосы
Мұхтат Әуезов өмірі, қазақ әдебиетінің негізін салушы
Пәндер