Мұқағали Мақатаев лирикасының өміршеңдігі


Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі
«Көкше» академиясы
Ахметжарова Д. З.
Мұқағали Мақатаев лирикасының өміршеңдігі
ДИПЛОМДЫҚ ЖҰМЫС
050117- мамандығы - «Қазақ тілі мен әдебиеті»
Көкшетау, 2011
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі
«Көкше» академиясы
«Қорғауға жіберілді»
кафедра
меңгерушісі А. Е. Абдрахманова
ДИПЛОМДЫҚ ЖҰМЫС
Тақырыбы: «Мұқағали Мақатаев лирикасының өміршеңдігі»
050117- мамандығы бойынша - «Қазақ тілі мен әдебиеті»
Орындаған Ахметжарова Д. З.
Ғылыми жетекшісі
филол. ғ. к. А. Т. Қажыбай
Көкшетау, 2011
МАЗМҰНЫ
КІРІСПЕ . . . 4
І МҰҚАҒАЛИ ЛИРИКАСЫНЫҢ ШЕБЕРЛІК ҚЫРЛАРЫ . . . 6
- Мұқағали жырларындағы азаматтық сарын . . . 6
- Мұқағали Мақатаев жырларындағы туған жер табиғаты . . . 21
ІІ АҚЫН ПОЭМАЛАРЫНДАҒЫ КӨРКЕМДІК ШЕШІМ . . . 36
2. 1 Мұқағали Мақатаев поэмаларының тақырыптық ерекшеліктері . . . 36
2. 2 Мұқағали поэмаларында соғыс қасіретінің көрініс табуы . . . 50
2. 3 Аққулар ұйықтағанда» поэмасы - Мұқағали Мақатаев поэмаларының шыңы . . . 55
ҚОРЫТЫНДЫ . . . 59
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ . . . 61
КІРІСПЕ
Жұмыстың өзектілігі
Мұқағали Мақатаев - ең көп зерттелген, шығармашылық қырлары дипломдық жұмыстардың, магистрлік, кандидаттық, докторлық диссертация жұмыстарының тақырыбына өзек болған қаламгер. Ақын шығармашылығын диплом жұмысы ретінде алу осы тұрғыдан келгенде, көп зерттелгендігі себепті таптаурындық болғандай көрінгенімен, әрбір ізденушінің өзіндік жолы барлығын есчкере отырып, өзімізше жолды таңдадық. Екіншіден үстіміздегі жылы ұлы ақынның туғанына 80 жыл толып отырғандығы да диплом жұмысы таұырыбы ретінде ақын лирикасын алуымызға өзек болған болып табылады.
Жұмыстың мақсаттары мен міндеттері.
Дипломдық жұмыс тақырыбында ізденіс жасау барысында Мұқағали лирикасының шеберлік қырларын ттаныту, ақын поэмаларындағы көркемдік шешімдерді айқындау мақсаты алға қойылды.
Мақсатты іске саыру үшін мына міндеттерді шешу қажеттігі ескерілді:
- Мұқағали жырларындағы азаматтық сарывнды айқындау;
- Мұқағали Мақатаевтың туған жерге деген ыстық махаббатын танытатын өлеңдерге талдау жасау,
- ақын поэмаларын қарастырып, олардың тақырыптық ерекшеліктеріне мән беру;
- Мұқағали жырларындағы соғыс тақырыбына назар аудару;
- ақын шығармашылығындағы табиғат қорғау тақырыбын қарастыру.
Жұмыстың зерттеу нысаны.
Мұқағали шығармашылығымен жақынырақ танысып, ақын өлеңдерінің, поэмаларының сюжет еркешеліктеріне назар аудару арқылы ақын шығармашылығы жұмыстың зерттеу нысанына айналдырылып отыр.
Зерттеудің пәні.
Мұқағали Мақатаев шығармашылығын қазіргі қазақ әдебиетінің тарихы мен теориясы, сыны тұрғысында зерттеу жасау мақсаты іске асырылды.
Зерттеудің ғылыми жаңалығы:
Мұқағали Мақатаев лирикасы, ақынның поэмалары, онда көтерілген әлеуметтік мәселелер мен шығармаларының көркемдігі туралы біршама мағлұматтардың басын қосу арқылы өзіндік ізденіс, талдау жұмысын жүргізе алуымыз өзіндік аз да ғылыми жаңалық болып табылады.
Зерттеудің әдіс-тәсілдері:
Зерттеу барысында тақырып бойынша қажетті материалдарды жинау, оларды сұрыптау, талдау, қайта өңдеу, жазып бастыру сияқты жұмыстар жасалды.
Зерттеудің құрылымы:
Диплом жұмысы кіріспеден, екі тараудан, қорытындыдан, пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады. Кіріспеде жалпы мақсаты мен міндеттері, өзектілігі айтылса, бірінші тарауда Мұқағали Мақатаев лирикасының шеберлік қырлары танытылады. Аталған Мұқағали жырларындағы азаматтық сарын және Мұқағали Мақатаев жырларындағы туған жер табиғаты тақырыптары бойынша тараушалармен жұмыс жасалынады.
Екінші тарауда ақын поэмаларындағы көркемдік шешім айқындалып,
Мұқағали Мақатаев поэмаларының тақырыптық ерекшеліктері, ондағы соғыс қасіретінің көріністері қарастырылып, Аққулар ұйықтағанда» поэмасы туралы тоқталынады. Жұмыс қорытындыланып, пайдаланылған әдебиеттер тізімі көрсетілген.
І МҰҚАҒАЛИ ЛИРИКАСЫНЫҢ ШЕБЕРЛІК ҚЫРЛАРЫ
Белгілі бір кезеңде дүниеге келген көркем шығарманың кейін де оқырман назарын аударатын қасиеті - сан қырлылығында, сан сырлылығында. Сипаттары да соған орай сан алуан. Заман лебінің көркемдік мазмұнға әсер етуі және талант табиғаты мен танымы, жан дүниесі арқылы жаралған туындыны таразылау адам табиғатын, ұлттық болмысты, тарихи дәуір ерекшелігін барлауға бастамақшы. Бұл орайда дарынды қаламгерлер шығармашылығын байыптаудың мән-маңызы ерекше.
Қазақ әдебиетінде өзіндік айқын із қалдырған қайратты дарындардың бірі - Мұқағали Мақатаев. Оның өлеңдерінен байқалатын көркемдік айырмашылықтардың бірі - ырғағының ешбір мүдіріссіз құйылып тұруы, қазақы таным үшін етенелігі, табиғилығы. Біз аталған тарауда ақыннның өлеңдеріндегі шеберлік қырларын қарастыратын боламыз.
- Мұқағали жырларындағы азаматтық сарын
Бүгінде оқырман көпшіліктің жүрегінен жол тауып, қазақ поэзиясының жарық жұлдыздарының біріне айналып отырған ақындарымыздың бірі әрі бірегейі - М. Мақатаев. Ақынның дүниеден өткеніне де отыз бес жыл, туғанына 80 жыл толып отыр. Үстіміздегі жылы ақиық ақынның 80 жылдығын еліміз кең көлемде атап өткен болатын.
Көзі тірісінде ұсынған кітабы жарыққа шықпай қалмаған автордың бірі - Мұқағали. Атап айтқанда, "Ильич" (Поэмалар, 1964), "Армысыңдар, достарым" (өлеңдер мен поэма, 1966), "Қарлығашым, келдің бе?" (өлеңдер, 1967), "Мавр" (өлеңдер мен поэма, 1969), У. Уитмен "Шөп жапырақтары" ("Ұлы ақындар кітапханасы" сериясы, аударма (1969), В. Шекспир. "Сонеттер" ("Ұлы ақындар кітапханасы" сериясы, аударма (1970), Данте. "Құдіретті комедия" (бірінші бөлімі "Тамұқ", аударма (1971), "Дариға-жүрек" (өлеңдер мен поэма, 1972), "Аққулар ұйықтағанда" (өлеңдер мен поэма, 1974), "Шуағым менің" (өлеңдер мен поэма, 1975), "өмірдастан" (Таңдамалы, 1976) .
2001 жылы «Жалын» баспасынан ақын О. Асқардың құрастыруымен ақынның төрт томдық шығармалар жинағы әр қайсысы 5000 дана таралыммен толықтырылып, тұтастандырылып басылып шыққандығын шыққандығын да естен шығармағанымыз жөн.
Олай болса, Мұқағалидың артында қалған мол мұрасы талай зерттеулерге өзек болып, қарымды ойға қанат бітіретіндігі анық.
Мұқағали өзін көзі тірісінде-ақ мойындатқан ақын. Ол жөнінде көрнекті ақын Ф. Оңғарсынованың мына бір пікіріне назар аударсақ та жекілікті:
«Мұқағали поэзиясы - азаматтық пен адамгершілік симфониясы. Әр шумақ, әр өлеңнен - шындық пен ақиқат жеңісі үшін тауға да тасқа да жар салған ақын жүрегінің жанталас үні естіледі . . .
Мұқағали жырындағы трагедия - жан трагедиясы - жалпы жапан түз бен теңіздерді кезіп, тырналардың тізбегіне арманы толы жанарын қадап жүрген . . . - өнердің трагедиясы. Ал өнер де, өмірдің өзі сияқты, ылғи қуаныш пен шаттықтан тұрмайтыны белгілі. Бірақ ол трагедия - биік арман, мақсұт-мұратына үндейтін, тіршілікке етен, зорлық пен қорлықтың, өгейсіту мен өктемсудің, арамдық пен бақсатықтың қасіретті өткелдерінен қан кешіп өтіп Жеңіс тұғырына ту қадататын оптимистік трагедия. Ол - ақын тілімен айтқанда мәңгілік поэзия трагедиясы, жеңіс трагедиясы» [1, 165-166] .
Иә, «Поэзия менімен егіз бе едің?» деп жырлайтын ақынның жан сыры - поэзия арқылы ған ашылмақ. Мұқағали өзінің 13 жасынан бастап жаза бастаған алғашқы өлеңінен бастап, өмірінің соңына дейін тоқтаусыз жазған ақын. Мұның өзі ақынның шығармашылық қуатының қарымдылығын танытады. Бірақ, небәрі 45 жыл өмір сүрген ақын үшін қаламының ұшталып, тәжірибесінің молайған шағында жарық дүниемен қош айтысуы - қазақ поэзиясының орны толмас өкініші.
Алайда, бүгінгі таңда ақынның қолда бар мұраларын игеріп, оқырман қолына жеткізу де маңызды мәселелердің бірі. Әрине, ақын шығармашылығы жайында естеліктер мен жекелеген мақалалардан бастап, көлемді зерттеулер жазыла бастады.
Поэзия - адам табиғатының, ақын табиғатының жаршысы, жыршысы. өзектен өніп шыққан өлең ақынның өз табиғатын танытқанда, табиғилығымен тәнті етеді. М. Мақатаев өлеңіндегі осы табиғилық, қарапайым қазақы табиғат болмысының шынайы бейнеленуімен үлкеннің де, кішінің де көңіліне ұялай кетеді. Бүгінде саңлақ сардары санаулы, самғауы биік қазақ жырының сырлы өлкесінде көкіректің тұңғиық сырын сыбызғы сазымен сапырған сыршыл әуен - Мұқағали Мақатаев мұрасы.
Ақын-Жүрек миллион жүректі адамгершілік тегімен жақын тартып, бауырына балады.
Кең дүние, төсіңді аш, мен келемін,
Алынбаған ақым бар сенде менің.
Бұйрат құмдар - бұйығып шөлдегенім,
Бура бұлттар - бусанып терлегенім.
Аспаныңдай кей сәтте күрсінемін,
Жас талыңдай жауқазын бүршік едім.
Кең дүние керемет қалпыңменен
Жүрек балып кеудеме кірші менің.
Байтақ ел, балауса тал, бозаң далам,
Секілді бәрі менен көз алмаған.
Кең дүние, кенде етсең сыбағамнан,
Шырылдаған сәбидей мазаңды алам [2, 27] .
Небәрі үш-ақ шумақтан тұратын осы өлеңде алысқа талпынған арман, келешекке деген сенімнен қуат алған үміт, кең дүниенің көрінісін символ-бейнелер арқылы эстетикалық жинақтау, жалпақ ғаламның жанды көрінісі секілді, адам өмірі мен арманының аясы секілді кең дүниенің нақты-образды бейнесі елжірей қараған лирикалық кейіпкер, нәзік сыршылдық, т. т. бар. Дүние-шалқарға лирикалық кейіпкер үн қатып, «мен келемін, алынбаған ақым бар сенде менің» дегенде, жайдан жай емес, болашаққа қол созған, асқар асуларға талпынған арман елестетіп өтсе, өзін сол дүниенің бір бүршігі ретінде сезінуінен перзенттік үкілі үміт үлбірейді, байтақ ел мен жер көз алмаса, сенім артқаны секілді. Ал керемет кең дүниені «кеудеме кірші» дегенде, қаншама ынтықтық, құштарлық бар!
Бұйрат құмдардың «шөлдегенін» жай емес, «бұйығып шөлдегенін» көру үшін нәзік сезімталдықта, ақындық қырағы көз де керек. Шудаланған бұлттарды бураға ұқсату үшін де ақындық аңғарымпаздық алға түсуінің мәні айрықша. Бұйрат құм, бура бұлт, күрсінген аспан, жайқалған жас тал, жауқазын бүршік, байтақ ел мен балауса тау, бозаң дала барлығы - жиыла-жинақтала келе болмыстың кең дүниенің символдық көріністері, образ арқылы нақтылануы.
өлеңнің соңындағы «Шырылдаған сәбидей мазаңды алам» деген жолда ақынның философиялық-эстетикалық аңсары аңғарылады, ынтық дүниесі, адамгершілік мұраты, рухани әлемнің мөлдірлігі белгі береді.
Замандастарының естеліктерінде ертемен балалардың балабақшаға ұйқысын қимай қиналып жылап бара жатқанын көргенде, Мұқағалидың қатты қиналатыны айтылады. Осы сезімнің оттай шалқып көрінуі, «Майгүлге» арнаған өлеңінен байқалса, кейінгі көптеген өлеңдерінде сәби сезім, сәби жүрек, сәби сенім, т. т. символдық бейнеге ұласады. «Сәби болғым келеді» атты атақты өлеңіне ән де жазылғаны белгілі.
Ақын өз сыбағасын алу - өмірдегі өз орнын табу, өз тұғырында тұру үшін өштенбейді, кектенбейді, елжіреп тұрып, қалауының жүзеге асқанын тілейді, шырылдаған сәбидей түйсігі бардың бетін бері қаратпасқа қоймайды. М. Мақатаев үшін сәби - ұлы бейне, тазалықтың, адалдықтың, мөлдірліктің жарық дүниедегі ең теңдессіз, ең аяулы, ең қастерлі символы. Осы символдық сезім ақынның күллі теорчествосының - өлең, өнер жолына түскеннен бастап, өле-өлгенше үзілмес айнымас арқауы болды.
Ал сәбиге жаны ашымау, сәбидің тілегіне құлақ аспау ақын өлеңдерінің көркемдік логикасына, сезім мен ой ағысына қарағанда, мүмкін емес. Кіршіксіз жүрек өзін қоршаған керемет кең дүниенің перзенті сезінеді, сондықтан именбей-ақ тілегін айтады. Міне, осы эстетикалық-адамгершілік аңсар М. Мақатаев өлеңдерінің тағы бір сипатын аңғартады.
М. Мақатаевтың аталған өлеңінен де, оған қоса барлық жырлары мен поэмаларынан да ажарланып көрінетін тағы бір ерекшелік - әуезділігі. Бұл әуезділіктің құрылымын түзетін көркемдік қасиеттер ретінде дыбыс үндестігі - аллитерация, ассонанс, ішкі ұйқастар, өлеңнің мазмұнына сәйкес іріктелетін дыбыстар үйлесімі, сөздердің мағыналық үндестігі, өлең тармақтарындағы, шумақтарындағы әуені туыстас дыбыстардың гармониялылығы, солардың нәтижесінде музыкалық бипаздалуы сияқты белгілер мен бедерлері атап айтарлықтай айрықша. [7, 77] .
Поэзия!
Менімен егіз бе едің?
Сен мені сезесің бе,
Неге іздедім?
Алауыртқан таңдардан сені іздедім,
Қарауытқан таулардан сені іздедім.
Сені іздедім кездескен адамдардан,
Бұлақтардан, бақтардан, алаңдардан.
Шырақтардан, оттардан, жалаулардан,
Сені іздедім жоғалған адамдардан.
Сені іздедім досымнан, қасымнан да . . . [2, 343] .
Ақынның ағынан жарылған жан сыры осындай-ақ болар. Ал, «Ақ кимешек көрінсе, сені көрем . . . Ақ кимешек жоғалса, нені көрем?» - деген жолдар тілге оралғанда, боталаған ыстық жас көзіне жетпей жүрегіннен тамшылап, көкірек көзін көміп құйылып жатқандай ащы-тұщысы аралас тәтті мұңға бөлейді Әже . . . Ақ кимешек . . . Уақыт . . . Иә, өмірдің заңы. Кәдімгі пенделік сезім. Жас өседі, жасамыс қартаяды, қарт жанынан әл таяды. Бұл табиғат заңдылығы. Солай болуға тиісті. Сөйте тұра, «таныс дауыс, таныс сөз, таныс мәсілі» ақ әже, «Су сұраса сүт берген, айран берген» қайран жеңге исі қазаққа төл ұғым, төл сезім, табиғаттың өзі берген қазына. Иә, бұл этнографиялық әлеміш емес, бұл табиғи толғаныс, терең әрі тәтті мұң. Есейген сайын адамның алдағы күнге қызыға түсіп, ұмтыла түсіп, соңында қалып бара жатқан сәтті күніне жалт етіп бір қарағанындай алақұйын сәт. Бұл даму мен жан-дүние арасындағы сәттік арпалыс, диалектикалық заңдылық. . Әдеттегі сыншылардың тұлпар, дала, ауыл тақырыбы ескірді деген ұғымды әлсін-әлсін қайталауын үнемі құптай түсудің де қиын екендігін осыдан аңғаруға болады. Қай тақырып болсын шынайы сезімнің шарпуына оранса, табиғи қалпын өзі-ақ табады.
Мұқағали жырларын оқыған сайын тіршіліктің отына суарылған тірі сөздерден жүзіңізге ыстық леп ұрады. Сезімнің лебі, сөздің лебі, тағдырдың қызуы . . . Қай өлеңде де қалтқысыз тіршілік-тағдыр қызуы жүрекке қоламтадай тиіп, жан-жүйеңді қозғайды.
. . . «Неге ертерек суалдың, жаным Анам », «Жоқ! Дәрігер! Орнатпа басқа жүрек! Басқа лүпіл жасама, басқа леп. Қалай айтам, бүлінген жүрегімді, Білдірмей доғдыр алып тастады деп?! өңгеріп өгей жүрек қайда барам, өңгенің ғұмырын қайтіп пайдаланам», «өзімнің жүрегімді жерлеп келіп, өзгенің өмірін қайтіп жалғастырам?», «Неше мың жыл мен неге жасамаймын, мың жыл жасап жүргенде қара қарға!?» «Қызым менің, Гүлім менің, Аяулым! Жатыр молаң жотасындай қоянның. Құлпы тастың құны маған бес тиын. Бірақ таспен қалай жаншып қоярмын!» «Қайран біздің шешелер! Арды ойлаған, Шілік шауып, ши орып, бау байлаған . . . ».
Бұлар ақынның «өмірдастан» таңдамалысындағы әр алуан өлеңдерінің алуан тынысты тармақ, толғамдары. Азаматтық парасат сөзі, адамгершілік көңіл толқулары, адам, адалдық деп лүпілдеген тіршілікке іңкәр жүрек тынысы. Оқушының жанына, жүрегіне қозғау салмаған, бірге толқытып, бірге тебірентпеген өлең-өнер емес. Мұқағали Мақатаев өлеңдерін отты, жігерлі десек те, бірыңғай сазды, сыршыл, шешендік, ақылгөйлік сарындары бар десек те, нақ басып көрсете алмағанымыз.
«Мақатаев жырлары - азаматтық жан-дүние сырлары. Ал, оны өлең тілімен жеткізуде жоғарыдағы атаған сипаттардың бәрі де туынды табиғатына сай әр тұста әр түрлі деңгейде көрінеді. Ақиқаты - адамның, былайша айтқанда, кәдімгі жұмыр басты пенденің бойында, мінез-құлқында, тағдырында жақсы мен жаман қатар арпалысып жүр. Тек кейде жақсының бел алатынына, кейде жаманның дендеуіне қарай, «жақсы адам», «жаман адам» дейміз. Ақын жырларының жан өзегі осы Адам атты ұлы тұлға бойындағы екі ұдай тайталас. Жақсы мен жаманның текетіресі. Ақын уытты жырларымен (пендешілік, арамдық, көрсеқызарлық, жауыздық, қараниеттілік, екі-жүзділік толып жатқан түрлі зымияндықты білдіретін) жамандық атты ұғымның өзін тұншықтыруға, жоғалтуға құштар. Жақсы жыр, жақсы сыр, ақеден тебіреніс жамандықты жеңуге тиіс деп сенеді автор. Ақындық мінез, ақындық рух . . . [7, 97] .
Осы тұрғыда Мұқағали Мақатаев шығармашылығының шыншылдық, сыншылдық сипатын анық көреміз.
Кешіргін, Отан, кей-кейде,
Басып бір кетсем гөй-гөйге.
Тілі шықпаса, сәбиің
Тұшынып, сірә, сөйлей ме
Тасынып біраз мен кейде,
Басылып қалам деңгейде.
. . . Ашынам арзан ағайға,
Ашынам арзан жеңгейге.
Ашынам, қайта басылам,
Басыламдағы тасынам . . . [4, 71], -
десе, бұл ақынның дидактикалық ақылгөйлігі емес. Кәдімгі қазақтын, жыр үлгісіндегі тегеурінді тебіренісінің жаңа көрінісі. Белгілі, үйреншікті ұғымдар десек те қателесер едік. Жағымпаздық атаулының жағымсыз қасиет екені айдан анық, соның өзін ақын өз мәнерімен, өз мінез-құлқымен жеткізген, жағымпаздықтың өзін «Жалданып өскен жасынан» деп жаңаша ораммен, жеріне жеткізе айтады. «Жалданып өскен жасынан» . . . жасынан жалданып, тәуелділікте өткен тағдырда, өмірде, азаматта не өмір, не тірлік бар? Әдебиеттің тегінен сіңген асқақ мінез - адам жанының революциясын жырлау. Адамдықтың асыл қасиеті - жан-дүниенің, тән мен сезімнің тәуелсіздігі, бейкүнә тазалығы, бостандығы үшін күрес. Ақындық та, поэзия да адам жанының кең мағынадағы еркіндігін, еркін-рухын толғаушы. өлең авторы сол үшін ашынады, сол үшін күйінеді. Ақын өмірлік шындықты өз жүрегінің әсерімен, өз ақыл сезімінің көрігінде суарып шығарған.
Айтса айтсын айыбымды бетке қарып,
Қайтемін қаламымды көкке малып,
Арам шөптің орнына гүлді қырқып,
Әйтеуір, жүргенім жоқ кетпен алып.
Басымнан кемшіліктер өткені анық
Несіне өкпелеймін көпке налып.
Ащы жырым құйылса өтке барып,
Ашырқанып алайда сөкпе, халық
Мұңымды айтпай,
Шау тартатар жайым жоқ шетте қалып [5, 18], -
деген жолдарды оқығанда ақынның азаматтық тұлғасы көз алдымызда биіктей түседі. Алысқа да апаратын, аспанға да шығаратын ақиқат екеніне тағы да мойынсұнамыз. Не айтса да, қара қылды қақ жарып, ағынан төгіліп сөйлейтін суреткер тұлғасы сол орынсыз асып-таспай, көргенін, барды бардай етіп ашық толғауымен асыл.
Олай болса, әділ сыншылдық ашық, жарқын үн, жарқын ойлы ақын Мұқағали Мақатаев шығармашылығының ерекше мінезінің бірі. Мұндай сыншылдық қазақ поэзиясының реалистік туындыларына тән классикалық дәстүр ренктерінен саналады. Абайды, Сұлтанмахмұтты, Қасымды даралап көрсеткен ерекшеліктің өзі осы сыншылдық өткірлік, өлеңнің өзегіне өмірдің отын құю. өмірдің ащы шындығымен бақай есепшілердің етін күйдіру. Бұл өлеңнің мінезі ғана емес, ақынның, азаматтың үні, ел ішінде Халық - Ана салтына сүйегіне сүтпен сіңген қасиеті. Әдебиеттің дамытушылық қуаты да осындай сипатында.
«Мұқағали Мақатаев өзінің аз өмірінде әдебиетімізде мол мұра қалдырған дарын. Өмірі де бір өзен, өлеңі де бір өзендей, тұңғиық. Мұқағали жырлары бірде үн-түнсіз шымырлап қайнап, тереңге тартып, бірде ақ күміс бұлттарын түйдектетіп аспанға атқан сол өмірдің өзіндей. Егер дәстүрлі зерттеу «салтына» бағынсақ, өлеңдерді алуан-алуан тақырыпқа жіктер едік (Отан, ана, махаббат, пенделік тебіреніс, табиғат, т. б. ) . . . Ол, бір жағынан, дұрыс та шығар. Бірақ ақын жанын, талант қорытпасын, жүрек жарды сезімін жіктеп, жіліктеуге бола ма екен?» [8, 28] .
Қарғам сені жайым жоқ кем көретін,
Бимағұлым тағдырың сен көретін.
Зат болып неге жүрегім жаралмаған.
Қарғаларым, сендерге тең бөлетін?!. [4, 25] .
Жүрек - жыр, жүрек - сыр, жүрек - сезім. Жүрек - жыр мүшелеп бөлетін зат емес! Ақын жыры тұтас бір буынның, уақыттың, дәуірдің кесек бір бөлегінің өзгеге ұқсамайтын, өз мінез-сымбатымен көрінген көрінісі. Сонау, «Армысыңдар, достар?!», «Қарлығашым, келдің бе?», «Мавр» жинақтарынан бастап, соңғы «өмір-өзенге» дейінгі туындылардың бәрінен үзілмес бір ізді, жібек желдей жанға жайлы сырлы сазды, өзіндік дәстүр арнасын сезінеміз.
Қай заманда болмасын, қай қоғамда болмасын ақын болмысын, оның шығармашылық тұлғасын бір ғана өлеңмен тану мүмкін емес. Осы тұста М. Мақатаевтың мына бір сөзі ерекше назар аудартады: «Әрбір оқырман көркем шығармадан өзін, өз жанының бөлшегін іздейді.
Сондықтан мен өзімнің «Менім» арқылы жасырмай, жаппай өмірімнің шежіресін жасап шықтым. Жанымның мұңы мен қуанышы - бәрі сонда. Солар басқа жүректерге өз сәулесін түсіруге тиіс деп ойлаймын.
Сонымен, достар, бүкіл менің жазғаным - бар-жоғы бір ғана бүтін поэма. Адамның өмірі мен өлімі, қасіреті мен қуанышы туралы поэма. Егер нанбасаңдар, барлық өлеңімді жинап, бір жинаққа топтастырып көріңдерші. Естеріңде болсын, әрбір өлеңім өз орнында тұрсын. Яғни жылына және бойына қарай, сонан соң көз алмай оқыңдар. Сюжетіне көңіл аудармай-ақ қоюларыңа болады, ал композиция мен архитектоникасына зер салыңдаршы. Егер мені содан таппасаңдар, онда ақын болмағаным!» [6, 41] .
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz