Өтірік өлеңдердің жанрлық сипаты


МАЗМҰНЫ
Кіріспе бөлім . . . 4
Негізгі бөлім
1 Қазақ халық шығармашылығындағы өтірік өлеңдер мен өтірік әңгімелер
1. 1 Өтірік өлеңдер мен өтірік әңгімелердің жиналып, зерттелу тарихы . . . 8
1. 2 Ауыз әдебиетінің басқа жанрларымен өтірік өлеңдердің байланыс-бірлігі . . . 14
2 Өтірік өлеңдердің жанрлық сипаты
2. 1 Қазақ фольклорындағы өтірік өлеңдердің жанрлық ерекшеліктері . . . 18
2. 2 Өтірік өлеңдердің көркемдік ерекшелігі . . . 29
Қорытынды . . . 37
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі . . . 43
КІРІСПЕ
Зерттеу тақырыбының өзектілігі. Қазақ халық өлеңдерінің қатарынан лайықты орын алатын - өтірік өлеңдер. Халық шығармашылық өнеріне қатысты зерттеушілер назарынан өтірік өлеңдер тыс қалмай, әр кезеңде айтылып, байыпты бағалар берілген еді. Солай десек те, өтірік өлеңдердің шығу тегі мен дамуы, жанрлық ерекшелігі, өзіндік табиғи болмыс-бітімі бүгінгі күнге дейін арнайы тексерілмегендігіне көз жеткізуге болады. Ғұлама ғалым Ә. Х. Марғұланның «Өтірік өлеңдер басқа елдердің ауыз әдебиетінде сирек болғанымен де, қазақтың халық әдебиетінде едәуір орны бар жанр. Мұнда өтірік айтылса да, негізінде шындық жатады. Өмір құбылысы мен адамның әрекет, айласын бейнелеу, көбіне әсірелеу арқылы көрсетіледі», -деуін ел өтірігінің елеулі екендігіне мән беру керектігін ескерту деп түсінгеніміз абзал.
Сонымен қатар қазақтың өтірік өлеңдерін басқа да халықтардың өтірік өлеңдерімен салыстыра қарап, ғылымдағы озық әдіс-тәсілдермен түсіндіру қажеттігі фольклортанудағы келелі іс болмақ. Халық өлеңдерінің бірі делінетін өтірік өлеңдердің толық жинақталмауы және арнайы жеке жинақ ретінде жарық көрмеуі де бұл саладағы келеңсіздікті көрсетеді.
Күні кешегі Кеңес заманында өтірік өлеңдер балалар әдебиетіне қатысты қаралғаны болмаса, кең көлемде зерделенбеді. Халық шығармашылық өнеріндегі өтірік өлеңдердің парқына бармай, тар шеңберде жаңсақ пікірлер айтылғаны жасырын емес. Жаратылысқа жұптасу тән екендігін ескерсек, сөз өнеріндегі өтірік пен шындықтың арасын пайымдау оңай іс емес. Өтірік болмаса шындықтың салмағы, таразының басындағы ауырлығы білінбес те еді. Халық арасындағы айтылатын астарлы ойдың түйіні - шындық пен өтірікті тайталасқа түсіріп, шындыққа жетудің жолына жарық түсіру. Сөйтіп, өнердің жасампаздығын танытуда оның жеңбейтіні жоқ екендігін дәріптеп, өтірікті келістіре айтушылардың тапқырлығын, сөзге шеберлігі мен шешендік даналығын ұрпаққа үлгі-өнеге қылатындығына көз жеткіземіз. Түп-тамыры әзіл-оспақ, өткір сынға құрылған өтірік өлең - сөздегі тапқырлық, сөз барымтасындағы логиканың күштілігін барынша айғақтайды.
Біз бұдан халқымыздың шығармашылық өнеріндегі өтірік өлеңдердің маңыздылығына көз жеткізіп, оны ғылыми тұрғыдан зерттеу өзекті тақырып болады деген тұжырымға тоқтадық.
Зерттеу жұмысының ғылыми жаңалығы. Қазақ фольклорындағы өтірік өлеңдердің шығу тегі мен дамуы, жанрлық ерекшелігі мен тақырыптық бөлінісі және ондағы юмор мен сатираның белгілерін зерделеу ғылыми еңбектің мән-мағынасын таныта алады. Диплом жұмысында сөз өнеріндегі өтіріктің атқаратын қызметінің тексерілуі өтірік өлеңнің поэтикасын толық түсіндіруге арналған.
Жұмыстағы шешімін күткен мәселелерге жауап беру, шын мәнінде өтірік өлеңдердің халық поэзиясындағы алатын орнын анықтауға мүмкіндік береді. Еңбектің құрылымы мен ондағы негізгі нәтижелер ғылыми жұмыстың жаңалығын дәлелдейді.
Зерттеудің практикалық мәні. Диплом жұмысының нәтижелерін жоғары оқу орындарының филология факультеттерінде «Қазақ халық ауыз әдебиеті» пәні бойынша оқулық, оқу құралдары ретінде жалпы және арнаулы курстар мен семинарларға пайдалануға болады. Сондай-ақ, «Әдебиет теориясы», «Әдебиеттануға кіріспе» пәндері негізінде юмор мен сатира жайындағы түсінікті кеңейтуге септігін тигізе алады. Ел өтірігінің тек-тамырын, табиғи болмыс-бітімін кең көлемде алғаш сөз еткен еңбек Елбасының халыққа жолдауындағы Мәдени мұра игеру бағдарламасына сай жазылған.
Жұмыстың зерттелу деңгейі. Қазақ ауыз әдебиетінің үлгілерін ел арасынан жинақтап, жариялау ісімен айналысып, басқа халықтардың тіліне аударған XIX ғасырдағы Европа ғалымдары мен саяхатшыларының еңбектерінде өтірік өлеңдер мен өтірік әңгімелер қалыс қалмаған. Мәселен, қазақ фольклоры тарихында лайықты бағаланатын В. В. Радлов, Ә. Диваевтардың өтірік өлендерді жинақтап, баспа жүзіне шығаруы және ел өтірігіне қатысты азды-көпті пікірлері барлығы тексеру барысында нақтыланды. Бұл істе М. Ж. Көпеев, М. Жұмабаевтың үлесі бар екендігін білдік. Өтірік өлеңдердің кейбір үлгілері «Дала уалаятының газеті», «Жас қазақ», «Жаңа мектеп» журналдары және т. б. баспасөз беттерінде жарияланып тұрған.
ХІХ ғасырдың бас кезеңінен бастап, қазақ фольклорын жинақтау, жариялау және зерттеу ісі жедел қолға алынғаны мәлім. Осы кезеңде ел өтірігі де елеусіз қалмай, көптеген ғалымдар жинақтау, жариялау ісімен қоса, бағалы пікірлер қалдырған. Қазақтың көрнекті ақыны, қоғам қайраткері І. Жансүгіров өтірік өлеңдерді жинап, арнайы алғы сөз жазып 1927 жылы «Өтірік» деген атпен Мәскеудегі «Кеңестер Одағының кіндік баспасынан» кітап шығарады. Араб таңбасымен жарық көрген бұл еңбек көптеген жылдар бойы қолжазба қорында сақталып, жұрт назарынан тыс қалған еді. Кітап еліміздің тәуелсіздік алғанынан кейін, жиырма бірінші ғасырда оқулық болып жарық көрді. Өтірік өлеңдер бұдан кейін Ө. Тұрманжанов, Б. Кенжебаев, Н. Төреқұловтар құрастыруымен жарық көреді. Ал, өтірік өлеңдер туралы ғылыми пікір айту ауыз әдебиетіне байланысты зерттеу еңбектер мен көп томдықтарда ғана көрсетіліп, фольклордың тарихына арналған шолуларда ретіне қарай сөз болған.
Қазақтың халық поэзиясындағы өтірік өлеңдерге қатысты А. Байтұрсынов, Х. Досмұхамедұлы, М. Әуезов, Е. Ысмайловтар құнды пікірлер білдірсе, көп томдықтарға мақала жазған Ә. Марғұлан, Ш. Ахметовтар өтірік өлендерге арнайы тоқталған еді. Бұл істе балалар фольклорына байланысты маңызды бастамалар көтерген Ш. Ахметов, Ш. Ыбыраев, К. Ісләмжанұлы, Қ. Ергөбеков, Б. Ыбыраймов, С. Шахиналардың еңбектерінде де ел өтірігінің назарда ұсталғандығын түсіндік. Демек, өтірік өлеңдер зиялы қауымның нақты тексеру нысанасына айналмаса да, халық шығармасының бір саласы екендігіне қатысты қарастырылып келген.
Зерттеу жұмысының мақсаты мен міндеттері. Қазақ фольклорындағы өтірік өлеңдердің халық шығармашылығы арқылы қалыптасуы мен дамуын, халық поэзиясындағы алатын орнын анықтау зерттеу жұмысының басты мақсаты болып табылады.
Қазақ фольклортану ғылымын қалыптастыруға ат салысқан А. Байтұрсынов, М. Жұмабаев, Х. Досмұхамедұлы, С. Сейфуллин, І. Жансүгіров, М. Әуезов, Е. Ысмайлов, М. Ғабдуллин, Ә. Қоңыратбаев, Ә. Марғұлан т. б. дарынды ғалымдарымыздың халық мұрасына байланысты ой-пікірлерінде өтірік өлеңдер қалыс қалмай, өтірік өнер бәсекесі ежелден келе жатқан ауыз әдебиетінің бір саласы екендігі куатталған. Бұндай ой-пікірлер мен пайымдаулар біздің тексерісімізге тікелей таяныш-тірек болды. Сондай-ақ, өзге де халықтардың шығармашылығындағы өтірік өлеңдермен салыстыра қарауға К. И. Чуковский, В. Я. Пропп, Д. СЛихачев, Р. А. Хашба, О. Сафаров, О. Ф. Ягафаров, С. Т. Лазутин және т. б. еңбектерінің септігі тиді.
Халық поэзиясының құндылықтарына қатысты зерттеулер жазған Б. Уақатов, Р. Бердібай, З. Ахметов, Е. Тұрсынов, С. Қасқабасов, А. Сейдімбек, М. Тілеужанов және т. б. тұжырымдарына сүйеніп, ғылыми ізденістерімізде өтірік өлеңдердің халық ауыз әдебиетіндегі орнын нақтылай көрсетуге, біліміміз жеткенше тиянақтауға талпындық. Негізгі мақсатқа жету үшін алдымызға мынадай міндеттер қойдық:
- алдымен, өтірік өлеңдердің жиналуы мен жариялануына басты назар аудардық. Нәтижесінде өтірік өлеңдердің екі ғасырға жуық уақытта жинақталып, жарияланып келе жатқанын анықтадық. Екіншіден, өтірік өлеңдердің зерттелу шежіресіне көңіл бөліп, халық поэзиясына қатысты пікір білдірген ғалымдардың ізденістеріне жүгіндік. Нәтижесінде ел өтірігінің арнайы тексеріліп, ғылыми тұрғыдан жан-жақты бағасын алмағандығын түсіндік. Ол үшін төмендегідей маңызды мәселелерді жүзеге асыру қажет деген түйінге тоқтадық:
- қазақ халық поэзиясындағы өтірік өлеңдердің шығу тегі мен дамуына байланысты зерделеу ісі маңызды міндеттердің бірі болмақ;
- ғылыми ізденіс арқылы ауыз әдебиетінің басқа жанрларымен өтірік өлеңдердің байланыс-бірлігіне жауап беру қажет;
- ұлттық мұрамыздың сөз өнеріндегі бір түрі ретінде диплом жұмысында өтірік өлеңдердің жанрлық сипатына жауап берілуі керек;
- өтірік өлеңдердің түрлері мен тақырыптық топтасуларына нақтылы тұжырым жасалуы тиіс;
- басқа халық өлеңдеріне қарағанда, өтірік өлеңдердегі күлкі, әзіл-ажуа, сын-сықақ барлығын ескеріп, ондағы юмор мен сатираның белгілерін дәлелдеу өзекті мәселелердің бірі болмақ;
- сөз өнеріндегі өтіріктің атқаратын қызметіне тоқталу фольклордағы шешімін таппаған сұрақтардың бірі деп түсініп, бұл тұрғыда өтірік өлеңдерді құрылысы мен сюжеті, тіл өрнегі және өлең өлшемдері арқылы тексеруіміз жұмыстың маңызын арттыратындығын пайымдадық.
Зерттеу нысаны. Курстық жұмысты жазуда халық ауыз әдебиетіндегі өтірік өлеңдер мен әңгімелер пайдаланылды.
Зерттеу жұмысының әдіснамалық және теориялық негізі. Диплом жұмысының теориялық және әдіснамалық негізі әдебиеттану ғылымының жетістіктері арқылы жасалып ғылыми ізденістерді басшылыққа алудан туындаған. Әсіресе, қазақ халық поэзиясын оның тек пен түрлеріне қарай саралап, салыстырмалы әдістер арқылы қарастырылған еңбектер ізденісіміздің әдіснамалық жол басшысы және ғылыми тірегі болды. Бұл істе қазақ фольклортану ілімін қалыптастыруға үлес қосқан А. Байтұрсынов, Х. Досмұхамедұлы, С. Сейфуллин, М. Әуезов, Е. Ысмайлов, Ә. Марғұлан, Ә. Қоңыратбаев, Б. Уақатов, О. Нұрмағамбетова, З. Ахметов, Р. Бердібай, С. Садырбаев, М. Тілеужанов, С. Қасқабасов, Ш. Ыбыраев, А. Сейдімбек, Е. Тұрсынов және т. б. ғалымдар еңбектеріне зер салынып, қажеттілігіне қарай негізге алынды.
Сонымен қатар, орыс оқымыстылары мен фольклортанушыларының және басқа да халықтардың тақырыпқа қатысты зерттеген ғалымдарының ой-пікірлері кәдеге жаратылды. Жұмыста индуктивтік әдіс-амалдармен қоса, поэтикалық жағынан саралауда эвристикалық, синхрондық әдістер жүзеге асты
1 ҚАЗАҚ ХАЛЫҚ ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫНДАҒЫ.
1. 1 Өтірік өлеңдердің зерттелу тарихы
Қазақ ауыз әдебиеті үлгілерін ел арасынан жинақтап, жариялау ісімен айналысып, басқа халықтардың тіліне аударған XIX ғасырдағы Европа ғалымдары мен саяхатшыларының еңбектерінде де өтірік өлеңдер мен өтірік әңгімелер ұшырасады. Мәселен, қазақ фольклорын жинақтауға айтарлықтай үлес қосқан В. В. Радлов еңбегінде өтірік өлең жинақталып, онда ғалым өтірік өлеңді «Қара өлең» тобына жатқызған. [1, 256 б. ] . Өтірік өлеңдер Ә. Диваев жинақтаған этнографиялық материалдары ішінен де кездеседі. Мұндағы екі өтірік өлең Сырдария бойынан жазылып алынса [2, 1-31б. ], «Қырық өтірік» Әулие - Ата уезінен жинақталған екен [3, 138 б. ] . Өтірікті айтушылар жөнінде және олардың өтірік айтудағы өнерлеріне байланысты әңгімелер «Дала уалаятының газеті» беттерінде де жарияланып тұрған [4, 576 б. ] . Жоғарыдағы В. В. Радлов жинақтаған өтірік өлең нұсқасын белгілі ақын, халық ауыз әдебиетін жинақтаушы М. Ж. Көпеев те жазып алған. Бірақ салыстыру барысында белгілі өлеңнің көптеген айырмашылықтары бар екен. Бұның өзі фольклорға тән заңдылықты көрсетеді.
Қазақ фольклорының көптеген үлгілерін жинақтау, жариялау, зерттеу мәселелері XX ғасырдың бас кезеңінде жедел қолға алынып, тиянақты жұмыстар жүргізілгені мәлім. Халық арасынан жинақталған мұралардан сол кезеңде өтірік өлеңдер де жазылып алынып, сол уақытта жаңадан жарық көре бастаған газет-журнал беттерінде жариялана бастайды. Соның бір дәлелі «Жас қазақ» журналында «Құс төресі бидайықтың той бергені» [5, 51-55 б. ] және халық мұрасын жинаушы Ө. Тұрманжановтың аталған журналға «Қырық өтірікті» жариялағанын білдік [6, 87-88 б. ] . Сондай-ақ, «Жаңа мектеп» журналы бетінде М. Жұмабаевтың «Өтірік өлеңі» жарық көреді [7, 15-20 б. ] . XX ғасырдың отызыншы жылдарынан кейін балаларға арналған «Қырық өтірік» жеке кітап болып жарық көреді [8, 97б. ] . Осылардың ішінен І. Жансүгіровтің жинақтауымен 1927 жылы «Өтірік» деген атпен (араб таңбасындағы төте жазумен) Мәскеудегі «Кеңестер Одағының кіндік баспасынан» жеке кітап ретінде құрастырылған еңбекті айрықша атау керек [9, 104 б. ] . Кітап еліміздің егемендік алуынан кейін тұңғыш рет араб таңбасынан аударылып, оқулық болып жарық көрді [10, 63 б. ] .
Бұдан кейінгі өтірік өлеңдердің кейбір үлгілері арнайы жазылған халық әдебиетіне байланысты еңбектерде ұшырасады [11, 440 б. ] . Қазақ фольклорына арналған көп томдықтағы өтірік өлеңдерге қатысты жазылған мақалаларда да кейбір үзінділер мысалға алынған [12, 740 б. ] . 1962 жылы «Өтірік әңгімелер» жеке кітап болып басылған [13, 140 б. ] . Халық арасындағы өтірік өлеңдер мен әңгімелердің молынан жинақтаған үлгілерін М. О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының қолжазба бөлімінен ұшыратамыз. Аталған І. Жансүгіровтің «Өтірік» кітабы осында сақталған. Жинақталған мұралар арасынан «Төреғали Бекжанұлының өтірігі» [14, 341 б. ] және түрлі жәндіктерге қатысты өтірік өлеңдер [15, 146 б. ] мен белгілі «Қырық өтіріктің» үлгілері сақтаулы екеніне көз жеткіздік [16, 325 б. ] . Осындағы бар мұралардың көпшілігі Қазақстан Ғылым академиясының орталық кітапханасынан да табылады [17] . Қолжазба қорындағы мұралардың кей үлгілері «Балдырған» беттерінен әр жылдарда орын алған. Басты дәлелі журналдағы «Суайттың өтірік өлеңдері» [18], «Айға жеттім зымырап», «Құмырсқаға қой бақтырдым», «Мысықты торғай бүріп өлтіріпті» [19, 5 б. ], «Мұз тамақ», «Шыбын», «Бүркіт», «Кірпік шешен» т. б. жарық көргендігі. Қазақтың әзілі мен қалжыңы жүрген жерде өтіріктің де қалыс қалмайтындығы анық. Бұның қисындылығын Б. Кенжебаев, Н. Төреқұлов құрастырып, алғы сөзін Ө. Тұрманжанов жазған «Қазақтың күлдіргі сықақ әңгімелері» [20, 119 б. ] атты жинақта нақтылай түседі. Өтірік өлеңдерге байланысты «Ел өтірігі», «Сексен өтірік», «Қырық өтірік» жинақтары болса, әр дәуірдегі уақыт талабына сай бұл істің жаңарып, қайта түлеп отырғанын білдік. Бұл орайда, ел арасынан жинақталған өтірік өлеңдерді қайта қарап, жеке кітап қылып бастырған Ш. Ахметовтің «Өтірік өлеңдер» [21, 128 б. ] атты еңбегін, Б. Ысқақовтың «Асыл сөз» [22, 432 б. ] деп аталатын ауыз әдебиеті үлгілерін топтастырған жинағында да өтірік өлеңдерге орын берілген. Өтірік өлеңдердің көркемдігі жоғары нұсқалары фольклортанушы ғалым Ш. Ыбыраевтың «Ақ сандық, көк сандық» атты балаларға арналған оқулық-хрестоматиясында да жарияланып, кітаптың алғы сөзінде жалпы өтірікке қатысты құнды пікірлер айтылған [23, 246 б. ] . Ауыз әдебиетінің бір саласы болып табылатын өтірік өлеңдер мерзімді баспасөз беттерінде жарық көріп отырған [24] .
Қазақ халық ауыз әдебиетіндегі өтірік өлеңдер туралы алғаш салмақты пікір ірі түрколог, әдебиет теориясының негізін салушылардың бірі А. Байтұрсынов тарапынан айтылған еді. Өзінің 1926 жылы жарық көрген «Әдебиет танытқыш» кітабында былай дейді: «Өтірік өлеңнің не екенін аты да айтып тұр. Өтірік өлең қалай шыққанын сөйлейтін ертегі бар; ертегінің қысқаша мазмұны - қырық ауыз қисынын келтіріп, өтірік өлең айтқан адамға бір хан қызын берем деген. Соған біреу қырық ауыз өлең айтып, қызын алған» [25, 320 б. ], -дей отырып, арнайы үзінділер келтірген. Бүл пікірден өтірік өлеңнің шығу тегі мен дамуының негізін неден іздеу керектігіне мән беру бар екендігін түсінеміз.
Ел өтірігіне ерекше көңіл бөлгендердің бірі - айтулы ақын І. Жансүгіров болатын. Өзі жинақтаған өтірік өлеңдерге байланысты алғы сөзінде ол былай дейді: «Қазақтың өтірік өлең, өтірік ертегі дегендері расында кенеуі жоқ басқа өтірік емес, өте шеберлікпен, тілдің орамдылығымен өзгеше өңделген сөз. Тұрмыс құбылысындағы құнарсыз нәрсені дардай қылып, ойдан орақ орып, қырдан қысырақ матап, болымсыз нәрсені әлденеге ұқсатып, дандайсытып, тыңдаушының сілекейін шұбыртқан өтірік. Ел жанына жатпайтын жай сөз болса, белгілі бір түр алып «Ел әдебиеті» болмас та еді. Ел бұл күнге шейін сақталмас та еді. Өтіріктің өмір кілтеңіне ұқсастығы болмаса, ел әдебиетінің бойына сіңбес те еді. Жоқ, өтірік ел әдебиетінің бір мүшесі. Өтірік әдебиетте өмір көп. Салғастыру бар, сықақ мол» [10, 63 б. ], - дейді. Бұны қазақ поэзиясының дүлдүлі атанған ақынның сөзі мен туған халқының мұрасына деген терең түсінігі дегеніміз жөн.
Қазақ халық әдебиетінің тектері мен түрлерін және классификациясын жасап, жалпы жұртшылық назар аударуға ықпал еткен Х. Досмұхамедұлы еңбегінде де өтірік өлеңге орын берілген [26, 176 б. ] . Рухани мұрамыздың барлық болмыс-бітіміне айрықша мұқият қарап, мәнді еңбектер қалдырған ғұлама ғалым, заңғар жазушы М. Әуезов те өтірік өлеңдер мен әңгімелерге жете көңіл бөлген. Ұлы жазушы «Қырық өтіріктің» халық арасына кең тарағанын айтып, ондағы қырық санының өтіріктің көптігін білдіретіндігін және олардың тәлім-тәрбиелік қызметіне жауап береді. «Өзгешелігі халықтың тапқырлық, жүйріктік сияқты өнерді сүйгендігін білдіреді. Қиыннан қиыстырған өткір қиялды бағалағандығын көрсетеді. Халық фантазиясының тереңдік, жүйріктігіне айғақ болады. Ол фантазия өмірде барды ғана сөз қылмайды. Өмірде болса екен дегенді де сөз қылады» [27, 112 б. ] - дейді. Өтірік өлеңдердің сал-серілер салтында болғандығын белгілі ғалым Е. Ысмайлов та нақты мысалмен айтқан [28, 340 б. ] .
Қазақ әдебиетінің тарихына арналған көп томдық еңбекте академик Ә. Х. Марғұлан өтірік өлеңдерді жұртқа жағымсыз мінез-қылықтарды, өмір-тіршіліктегі кемшіліктерді сынап, сықақтайтын шығармалар тобына жатқызған [29, 338 б. ] . Бұндай пікір ауыз әдебиетіне арналған оқулық авторы М. Ғабдуллин атынан да айтылған [30, 680 б. ] . Халық ауыз әдебиетінің бір саласы өтірік өлеңдерге байланысты байсалды пікір қозғап, терең тексерулер жүргізген Ш. Ахметов болатын [31, 227б. ], . Қазақ фольклорындағы өтірік өлеңдерге мән беріп, ондағы кекесін, сықақтың молдығына қатысты пікірлер айтқан ғалым Т. Қожакеев еді [32, 156 б. ] . Өзінің сатираға қатысты еңбектерінде өтіріктегі сыншылдыққа ден қойып, ауыз әдебиетінің бұл түрін шешендік сөздер құрамына жатқызады [33, 258 б. ] .
Фольклортанушы ғалым Ш. Ыбыраев өтірік өлеңдердің пайда болуы, оның өзіндік дәстүрі мен көркемдік ерекшеліктері туралы құнды пікірлер айтады [34, 496 б. ] . Қазақ фольклорының қазіргі жанрлық кестесін ұсынған ғалым өтірік өлеңдерді балалар фольклорының қатарында қарайды [34] . Бұл пікір К. Ісләмжанұлы еңбегінде де қуатталған [35, 144 б. ] .
Сонымен өтірік өлеңдер мен өтірік әңгімелердің зерттелу тарихы бұл жанрдың ежелден қалыптасып, дамуын түсіндіреді.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz