Қазақ психологиясының даму кезендері және бала тәрбиесіндегі алатын орны


Жұмыс түрі:  Дипломдық жұмыс
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 60 бет
Таңдаулыға:   

ДИПЛОМ ЖҰМЫСЫ

Қазақ психологиясының даму кезендері және бала

тәрбиесіндегі алатын орны.

Жоспар

Кіріспе

“Қазақ халқының өмір салты мен психологиясы” . . . 3

І - Тарау.

  1. Қазақ хандығы тұсындағы ақын - жыраулардың психологиялық тағылымдары. 7
  2. ХІХ ғасырдың екінші жартысында қазақ психологиясына үлес қосқан ойшылдар. 23

ІІ - Тарау.

2. 1 ХХ ғасыр басындағы ұлттық тәлім - тәрбиенің көрнекті

өкілдерінің көзқарасы. . 36

2. 2 Қазақстандағы психология ғылымының жағдайы мен

перспективалары. 49

Тәжірибе бөлім … . . . . . 58

Қорытынды . . 60

Сілтеме әдебиеттер. 62

Қосымша. . 63

Кіріспе.

“Қазақ халқының өмір салты мен психологиясы”.

Қазақ жерінің қатаң континенттік климаты, яғни жазының ыстықтығы, қысының суықтығы өзін мекендеген халыққа мейірбандық сыйлаған. Табиғаттың қаталдығын өз көзімен көріп басынан кешіріп жүрген адам өзгеге мұндай қаталдықты тілей қоймайды. Халық аясына алып әлдилеген сұлу табиғат оның психологиясына ерекше әсер ете алады. Халық ауыз әдибиетінде үлгі ретінде сомдалған идеялар - батырдың мәрттігі мен аңқаулығы, отаншылдықтың жоғары тұруы, ар мен намысты қастерлеу, әлсізді жәбірлемеу, сұлудың тәқаппарлығы, жетімнің ақылдылығы, тазшаның тапқырлығы, қисынды сөзге тоқтау сияқтты қасиеттер қазақ халқының психологиясы ерекше екенін көрсете білген. Көшпенді өмір тіршілігі қара күшке мығым қиыншылыққа төзімді, құбылмалы табиғат жағдайына тез икемделгіш болуымен бірге жан жүйесі жағынан да жан-жақты жетіліп, кемел адамдарды қалыптастырды. Үйде де, түзде де бала ес білгеннен бастап із кесіп, жол қарап, жұлдыз санап өсті. Олардың көзі қырағы, құлағы сақ, қияндағыны шалатын болды: аң аулап, мал бағып,
күнделікті күйбең тіршілікпен жүрсе де ақынның сөзін, жыраудың жырын, әншінің өлеңі мен әуенін қалт жібермей тыңдап, ел аузындағы ұтымды мақал - мәтелді, ертек пен жұмбақты, терме мен шежірені есінде сақтап, халық даналығын өзіне рухани азық етіп отырды. Көшпелі халық өзі өмір сүрген қоғамның әлеуметтік - экономикалық жағдайларына, мәдениеті мен тарихына, табиғатына орайлы жас буынға тәлім - тәрбие берудің айрықша талап - тілектерін дүниеге әкелді. Қазақ халқы - рухани зор байлықтың мұрагері. Ол өзінің өрісі биік, сан - салалы өскелен мәдениетіне бір күнде, бір ғасырда жеткен жоқ. Осы мол қазынаның түр - төркіні сонау V - V ғасырдағы Орхон - Енисей, ежелгі түрік жазбаларынан басталады.

Қазіргі Қазақстан территориясында жүргізілген археологиялық қазбалар біздің ертедегі ата - бабаларымыз тек мал баққан, жерін шет жаудан қорғаған батыр, жауынгер ғана емес, сонымен бірге тамаша сәулетші, мүсінші, суретші ұстаз зергер болғанын дәлелдеп отыр. Маңғыстау түбегіндегі, Отырар маңындағы қазбалар, Шақпақ ата, Айша бибі, Қарақан, Алшахан, Қозы Көрпеш - Баян сұлу ғимараттары, Есіктен табылған “Алтын адам” қанқасы осының айғағы. Ежелгі ата бабаларымыздың күмбірлеген күміс күйімен, сыбызғы - сырнай үнімен, асқақтата салған әсем әнімен, ғашықтық жырымен, айтыс өлеңдерімен ерекше психологиясымен сан ғасыр бойы өз ұрпағын “сегіз қырлы, бір сырлы” өнегелі де өнерлі адамгершілік ар - ожданы жоғары, намысқой азамат тәрбиелеп келгені белгілі.

Бүкіл әлемдік өркениет тарихынан ерекше орын алатын, екінші Аристотель атанған әмбебап ғұлама, ұлағатты ұстаз Әл - Фараби бабамыздың да Қазақстан топырағында дүниеге келіп, артына ұлан - ғайыр рухани мұра қалдырып кеткенін бүгінгі ұрпақ мақтан етеді.

Осы дипломдық жұмысымды қазақ психологиясының даму тарихын толығырақ түсіну, оның психологиялық дамуына назар аудару болды. Әр халықтың психологиялы - теориялық мәселерін этнография мен сабақтас дамыған этнопсихология дейтін арнаулы ғылым саласы шұғылданады.

Этнопсихология - әрбір халықтың рухани әрекетінің яғни миф, фольклор, тіл дәстүр әдет - ғұрып, дін тағы басқада жемісін сол халықтық психологиясын, сана сезімін көрсеткен неғізгі өлшемдердің бірі деп есептейді. Этнопсихология жеке ғылым ретінде XIX - ғасырдың орта шенінде Ресейде кейінрек Батыс Еуропа елдерінде (өкілдері Лацариус, Штейнталь, Вундт тағы басқа) пайда болды. Қазақ топырағында бұл мәселемен көбірек айналысқан Шоқан Уәлиханов. Оның еңбектерінде “Халық рухы” дейтін ұғым жиі кездеседі. Мұны халықтық психологияның синонимі деуге болады. Халықтық психологияның тәрбиесі зор екені бүгінгі заманда бәрімізге аян.

Халқымыздың мыңдаған жылдар бойы тірнақтап жинаған рухани мұрасын ғылыми жағынан саралап, белгілі талапқа сай баяндау - бүгінгі күні қазақ психологиясы үшін маңызды нәрсе. Қазақ халқының тәлімдік мәні зор ой толғаныстары, бесік жыры мен батырлық эпостарында, ертегілер мен аңыздарда, шешендік сөздер мен айтыс термелерде мақал - мәтелдерде көптен кездеседі. Мұнда ұрпақ тәрбиесінің негізгі түйіні адамгершілік, имандылық, ақыл - ой, еңбек, эстетика, дене отбасы тәрбиесіне байланысты мәселелерді қарастырады.

Қазақ халқы арнайы бала тәрбиесімен айналысатын қоғамдық орындары бала - бақша тағы басқалары болмаса да өз ұрпағын бесікте жатқан кезінен бастап-ақ өлең-жырмен, әңгіме, ертегі, тақпақ, санамақ арқылы тәрбиелеп отырған. Әңгімеге үйір көшпелі халықтың баласы, небір қызық ертегілерді жыр дастандарды жаттап алады. Сөз өнерінің әдемі кестелері олардың сөйлеу қорын байытып, мағыналы да мәнді сөйлеуге жаттықтырды. Қазақ халқы отбасы психологиясында ерекше түсінген. Тәрбие басы алдымен әдептілікке үйретуді көздеген, әке - шеше баласына “Әдепті бол” - дегенді басты міндет етіп қойған. Баланы қайырымды, мейірімді, иманды болуға тәрбиелеген. Тіл алғыш, елгезек болуға баулыған. Адал шыншыл болуға үйреткен. Өнегелі ұстаз бен көпті көрген қарияның сөзін тыңдап “ақпа құлақ болмай, құйма құлақ” бол дегенді бойларына біртіндеп сіңіре берген. Үлкенді, ата - ананы сыйлап құрметтеуге үйретуді ең басты міндет етіп қойған. Сондай - ақ кісі айыбын бетіне баспай, біреуге орынсыз тіл тигізбейтін әдепті азамат бол, әсіресе қаріптердің табиғи кемдігін (көзі қисық, аяғы ақсақ) бетіне баспа деп үйреткен. Ел қорғаған батыр бол, халық алдында қызмет ет деп тәрбие берген.

Адамның жеке басының қалыптасып, саналы еңбек ететін азамат болып өсуі үшін жан тәрбиесімен бірге тән тәрбиесі де қажет. Жан тәрбиесі тән тәрбиесінен туындайтын процесс. Баланың жастайынан дені сау азамат болуын аңсаған. Жаңа туған нәрестені қалай күту жөнінде көп нәрсені енелер келіндеріне үйреткен. Халқымыз әр жастағы адамдардың көңіл күйі, сезімдері, мінез ерекшеліктері, түсінік талғамдары, сенім-қызығулары, әдет - дағдылары бірде болып келмейтіндігі жөнінде қызықты пікірлер айтқан. Сөз маржандарында адамның жас өзгешеліктері негізінен балалық, жастық, кемелдік және кәрілік шак секілді басты төрт кезең тұрғысынан қарастырылады.

Бұл дипломдық жұмысымның ең басты мақсаты - қазақ психологиясының даму тарихын тереңірек қарастырып, қазіргі психологияда қалыптасқан түрлі ғылыми түсініктердің көпшілігі атамекен топырағында жасалғанын жеткізу.

Жастарға өз халқымыздың психологиясын, төл мәдениетін, өнерін мұрасын, рухани қазына етіп қабылдату, саналы түйсініп, ой - тұжырымдарын жасауға дағдыландыру.

Ежелгі ел мұрасының төл туындыларын әдебиетпен, өнермен, музыкамен ұштастыра отырып, заман жайлы ой-түйінділеріне сүйеніп тәлім-тәрбиелік асыл мұраларды бала психологиясына және оны тәрбиелейтін ұстаз қауымына сіңірту.

Өзіне және өзгеге деген талғам тәжірибесін көтеру, халықтың асыл мұрасын дарыта отырып, ұрпақтың ұлтына деген мақтаныш сезімін туғызу, болашақ ұрпаққа насихаттау икемділігі мен дербестігін қалыптастыру.

Қазақ халқының рухани бай-мұрасын, ежелгі ел дәстүрін, тәлімін, әдебін, салт-санасын, аталық, аналық ұлағатты психологияны ұрпақ санасына сіңіру-бүгінгі қазақ психологиясының басты міндеті.

1. 1 Қазақ хандығы тұсындағы ақын-жыраулардың психологиялық тағылымдары.

XV-XIX ғасырдың бірінші жартысы қазақ халқының өз алдына хандық құрып, тайпалар бірлестігі мен феодалдық мемлекеттің нығая бастаған дәуірі еді. Ол әсіресе, халықтың тілімен, жол-жоралғысы, жөн-жосық, салт-дәстүрінен айқын сезіледі.

Қазақтың кең өлкесі сол кездерде жасақ пен жортуылдың шаңына көмілген еді. Өзбек, ноғай хандықтары ыдырағаннан кейін, кең байтақ қазақ даласы қанды майдан орталығына айналды. Халқымыз жүздеген жылдар бойы жоңғарлар шабуылына тойтарыс беріп отырды. Осы кезеңде қазақ мәдениеті біраз тоқырап, рухани байлығының біразынан айырылуы - соғыстар мен жойқын шабуылдардың себебі.

XVII ғасырдың 30-шы жылдарынан басталған патшаның қазақ жерін отарлау саясаты “Ақтабан шұбырынды”, ”Алқакөл сұлама” оқиғасына ұласып, өмір бойы бейбітшілік аңсаған дала халқының басына теңдесі жоқ қайғы-қасірет әкелді. Осы айтылғандар психологиямызға қолайсыз әсер етіп, жұртты мықты жан күйзелесіне ұшыратқаны белгілі. Отарлау саясаты халқымыздың ғасырлар бойына қалыптасқан салт-сана, әдеп -ғұрып, ұлттық психологияның қалыптасуына кері әсер етті. Сәбидей жаны таза, ақ көңіл, кең пейілді дала тұрғындарының арасынан жарамсақтар мен жалтақтар, арызқойлар мен пысық атқа мінерлер, жылпостар шыға бастады.

Қазақтың не бір жақсылары - бай, мырза т. б. патша жандайшаптарының аузынан арақ аңқып, темекі сасыған топас, өркөкірек урядник, полицейлерінің алдында құрша жорғалай бастады. Күні үшін тіршілік етуді өздеріне мақсат тұткан елпекбайлар көбейе түсті. Осындай жағдайлар, қым-қиғаш оқиғалар сол кездегі елдің қоғамдық ой-пікірлері тарихынан көрініс тауып отырды.

Сол кездегі ғұлама - ойшылдардың ішінде моральдік-психолгиялық толғаныстарымен ерекше көзге түскендердің бірі - Әбілқайыр ханның тұсында Керей мен Жәнібек сұлтандардың ақылшысы болған, туған халқының тағдырына, оның күйлі тіршілігіне қабырғасы қайысқан Асанқайғы елі үшін қайғы-мұңсыз, жаны да жері де жайсаң, жауласу мен арыздасуды білмейтін ”қой үстіне бозторғай жұмыртқалайтын” жерді іздеп тапқысы келді. Осы мақсатпен желмаясына мініп алып, қазақтың кең- байтақ даласын, тау-тасын шарлап кезумен болды.

Асанқайғы жайлы қиял-ғажайып аңыздар XV ғ. орта шеніндегі қазақ даласындағы қоғамдық тарихи - жағдайды бейнелейді. Жырау бейбітшілікті өз толғауларына ту етті, барша әлемге гуманистік пиғылмен қарады. “Қырында киік жайлаған ” атты толғауының мазмұнын ақтара қарап, сөз астарына ой жіберсек, өзара хандыққа таласып, қырқысып, елдің мазасын кетірген Алтын Орда хандарының әрекетіне наразылығын білдірді:

Ойыл көздің жасы еді

Ойылда кеңес қылмадың

Ойылдан елді көшірдің

Ерлер жортып күн көрген

Еділ деген қиянға

Еңкейіп келдің тар жерге - дейді.

Жеке басының қамын ойлап, қарамағындағы қара халыққа тізесін батыра бастаған Жәнібектің де өркөкірек, асқақтығын бетіне айтты:

Ай, хан мен айтпасам білмейсің,

Айтқаныма көңбейсін

Қымыз ішіп қызарып,

Мастанып, қызыл терлейсің.

Өзіңнен басқа хан жоқтай

Өзеуреп неге сөйлейсің . . .

Хош аман бол Жәнібек,

Енді мені көрмейсің, -

деп ханнан түңіліп, жұртына жайлы қоныс қарауға аттанады. Малға жайлы, елге ырыс, «Жерұйықты» іздеп шыққан Асан қайғы төңіректің төрт бұрышын шарлайды. Жолында кездескен тау-тас, өзен-су, шұрайлы жерлерді көріп, өсиетті сөздерін айтады. Ақыры «Жерұйықты» таба алмай өксіп келіп Сарыарқаның бел ортасы Ұлытаудың басына жеткенде дүниеден қайтады.

Осындай жерді өзі үшін емес, ел жұрты үшін іздеген Асан -ел қамқоршысы.

Ер азаматтың бойында қандай адамгершілік қасиеттің болуын қалаған Асан қайғы:

Ешкіммен ұрыспа

Жолдасына жау тисе

Жаңынды аяп тұрыспа

Ердің құны болса да,

Алдыңа келіп қалған соң

Қол қусырып барған соң

Аса кеш те қоя бер,

Бұрынғыны қуыспа, -

деп көпшіл бол, кешірімді бол, достықты бағалай біл деген үгіт-насихат айтады. Жатса-тұрса халық қамын жеген, халықты берекелі бірлікке, достыққа шақырып, сөз маржанын тізбектеп, терең ойды топшылап өткен Асан қайғы жырау:

Таза мінсіз асыл сөз,

Ой түбінде жатады. .

Ой түбінде жатқан сөз

Жер толқытса шығады, -

деп көңілдегі көрікті ойдың адам сезімімен, көңіл күйімен байланысты туатынына пәлсапалық топшылау жасайды.

Халық қамын жеуді, жаман сөзге ермеуді құлқының құлы болмауды адамгершіліктің үлкен парызы деп, жастарға мынандай ақыл айтады:

Адам азіз айтар деп

Көңіліңді салмағын

Нәпсі алдаушы дұшпаның

Насихатын алмағын.

Асан қайғы есімі тек қазақтарға ғана емес басқа да ағайын халықтарға кеңінен тараған. Жырау -толғауларының психологиялық мәні зор қанатты сөздер көп.

XVII ғ. 2-ші жартысы мен XVIII ғасырдың 1-ші жартысында өмір сүрген Ақтамберді Сарыұлы (1675 - 1768) тағылымдарының да психоллгиялық мәні зор.

Оның өлеңдерінен ағайын-туыстан жалғыз және қолы қысқа кедей болғаны байқалады. Бай ағайыннан қоғажу көрген жырау:

Жағама қолдың тигенін

Жалғыздық, сенен көремін

Жамаулы киім кигенім,

Жарлылық сенен көремін

Атадан тудым жалқы боп

Жақыннан көрдім талқы көп, -

деп өмірден өгейлікті жыр етеді.

Жігіт жанды бұласа

Ел шетіне жау келсе

Алдыңа, сірә, дау келсе

Батырсыңған жігіттің

Күшін сонда сынаса -

деп жігіттің жігіттігі өлім мен өмір белдескен қан майданда сыналмақ дегенді меңзейді.

Кейде бір жерді жол қылсам,

Шолақ бір жерді көл қылсам,

Құрап жанды көп жиын

Өз алдына ел қылсам, -

деп тебіренеді. Бұл нағыз елін, жерін сүйген патриот ұлдың арманы.

Жалпы достықты, сыйласымды өмірді дәріптеген жырау, оның нышаны отбасынан басталады деп ұққан. Ақын ерлі зайыптылардың татулығы өмірдің рақаты деп бағалай келе:

Мінезді болса алғаның,

Одан артық жан бар ма

Екі жаман қосылса,

Күнде жанжал, күнде шу

Ұяларлық ар бар ма . . .

Өз мінезін білген жігіттің

Тәлімінде мін бар ма, -

деп мінезің жайдары болсын, ұрыс-керіс отбасы шырқын бұзады, бір-біріңді өмірден сыйлап өт, өз-өзіңмен сын көзбен қарап, оны түзетуге тырыс деген өсиет айтады.

Жырау өнегелі өсиетін келер ұрпақтың санасына сіңіруді мақсат етіп:

Балаларыма өсиет

Қылмаңыздар кепиет

Бірлігіңнен айрылма,

Бірлікте бар қасиет

Татулық болса береке

Қылмасын жұрт келеке, -

деп ер бірлігін, жан-ұя татулығын, достықты, ұйымшылдықты дәріптейді. Ұйымшыл, берекелі, бірлікшіл болыңдар, адал еңбек ет, егіншілік, қол өнер кәсібін қастерлеңдер дейді.

XVII-XVIII ғасырларда өмір сүрген ақын-жыраулардың ішіндегі биік тұлғаның бірі- Бұқар Қалқаман ұлы (1685-1771) ол арабша өте сауатты адам болған. Ел билеу ісіне белсене араласқан. Абылай ханның ақылшысы, қабырғалы билерінің бірі.

Жыраудың өлеңдерінде ел берекесі, халық мүддесі көп сөз болады. Мысалы, «Тілек» атты өлеңінде шапқыншылыққа ұшырап, қыздың күн, ұлдың құл болуынан, алған жардың жесір қалуынан құдай сақтасын деген тілек білдіреді.

Айнала алмай ат өлсін,

Айыра алмай жат өлсін,

Жат бойыннан түңілсін

Бәріңіз бір енеден туғандай болыңыз, -

деп берекелі бірлікке, шынайы достыққа шақырады.

Хан мен қара халықтың арасын жалғастырып, кейде асып -тасып кететін Абылайға ақыл айтып, кеңес берген Бұқар:

Ханның жақсы болмағы

Қарашаның елдігі

Қарашы халық сыйласа

Алтыннан болар белдігі, -

деп ханның ісі халықпен, ақылды басшы халықтан қол үзбеуі керек дегенді айтады.

Бұқардың көптеген жырлары отбасылық қарым-қатынас, адамгершілік мәселелеріне арналған. Ол адам өмірінің әр кезеңін суреттей келе, ақылымен қажыр тасыған жастық шаққа ерекше тоқталады:

Күлдір-күлдір кісінетіп

Күреңді мінген жиырма бес

Күрек тісін қасқайтып,

Сұлуды құшқан жиырма бес

Іздесең де табылмас, -

дейді. Қарт жырау адам өмірінің ең қызықты кезеңі, ойына алған ісін қайратымен іске асыратын жиырма бесті іздесең де таппайсын, жас өміріңді дұрыс пайдалана біл деп ақыл береді. Оған қарама -қарсы кәрілік «ел қонбайтын шөл», екі жағы ор, түпсіз терең көл, алдың белгісіз қараңғы тұман түн» деген қорытынды шығарады. Жырау ұрпақтарына:

Қартайсаң қарт бабаңды сыйлай бер,

Күндердің күні болғанда

Кімдерде кімнің дейсің белі бүгілмес, -

деп қарт атаң мен әжеңді сыйла, өзіңе дейінгіні құрметтесең, кейінгілер де сені сыйлайтын болады дегенді уағыздайды.

Жақсы мен жаманды көп көрген дана қарт жастарға төмендегідей тәлім айтады:

Айтқан сөзге түсенбес

Жаман емей немене.

Сұрағанды бермеген,

Сараң емей немене.

Кісі ақысын көп жеген,

Арам емей немене …

Сыртыңдағы қулығың

Амал емей немене ….

деп сараң мен сақиды, адалдық пен арамдықты салыстыра сипаттап, ізгі адамгершілік қасиетті дәріптеп отыр.

Сондай - ақ жырау шынайы достық пен қастықты салыстыра келіп:

Екі жақсы қас болмас,

Екі жаман дос болмас

Дос болғанмен хош болмас.

Жырау жастарды шынайы достыққа, ар - ұждан, адамгершілік қасиеттерді өмір бойы қастерлеп өтуді айта отырып, өлмейтін, өшпейтін нәрсе жоқ, қоғам, табиғат, тіршілік үнемі қозғалыста, өзгерісте болады деген болжау жасап келеді де « Өлмегенде не өлмейді?» деп өзі сұрақ қойып оған:

Жақсының аты өлмейді,

Ғалымның хаты өлмейді,

деп жауап береді. Бұл ойдың астарлы мағынасында артыңда атыңды қалдырамын десең халқына пайдалы азамат бол, оқу оқып, ғылым жолын қу, бойындағы бар өнеріңді, ақыл - парасатынды қағазға түсіріп, кейінгі ұрпағыңа қалдырып кет деген өсиет жатыр.

Шал ақын (1748 - 1819) ХΙΙΙ ғ/ң 2- ші жартысында Бұқардың ізін баса қоғамдық аренаға шыққан суырып салма ақылғой - жыраулардың бірі: Шал (Тілеуке) Күлеке ұлы Көкшетау өңірінде дүниеге келген. Әкесі Күлеке Абылай ханның жақын серігі, белді ру басыларының бірі болған. Бала Түлеке он бес жасында-ақ даңқы шығып, ақын атанып, өнер жолын қуады. Шал туралы алғашқы пікір айтқан адам Ш. Уәлиханов. Ол Атығай руының Бейімбет тармағынан Шал деген көрнекті ақын шыққанын ескерте келіп, оны өз елінің тарихи шындығын көтерген жыраулардың бірі болғанын айтады.

Шал ақын өзінің ағайын, жекжат - жұрағат туыстарының достығын, береке бірлігін жырлап, оларды топтассуға, бір - біріне қол ұшын беруге, ізетті де әділетті болуға үндеді.

Жақының жат болады алыс болса,

Жат та жақын болады таныс болса.

Сыртыңнан жаман туыс табалайды.

Аяғын бір нәрседен шалыс болса.

Жігіттің мінезді болуы, ақыл - парасатқа байланысты деп топшылаған ақын:

Ашу -дұшпан болғанда нәпсі - жауың

Ақыл - тұрған алдында асқар тауың.

Жүрекке ашу келіп толған шақта.

Дененің біле алмассың ауру - сауын,

деген өлең жолымен адамның ашу қысқан шақтағы психологиялық көңіл - күйін дәл суреттейді. Адам психологиясын дәл басып бейнелеу ақын өлеңдерінде жиі байқалады. Жастардың бойында болуға тиісті қасиеттер: өнерлілік, зиялылық, парасаттылық. Ол жөнінде Шал ақын:

Жақсының жүрген жері той болады,

Ақыл жоқ кей адамда бой болады,

Көрмеге қандай жаман болса дағы

Парасат кей шаһбазда ой болады ….

Бұл үзіндіден парасаттылық бойға, көрікке байланысты емен, көзге қарап адамдардың ішінде де жаны жайсаң, рухани байлығы мол адамдар болуы мүмкін деген ой - пікірді байқаймыз. Ақын:

Майда бол жігіт болсаң тал жібектей,

Жарамайды қатты болу тікенектей.

Білімің болса дағы ұшан - теңіз,

Пайда жоқ өз халқыңа қызмет етпей,

деп өнерлі білімді, өнегелі азаматтың халқына адал қызмет етуін қалайды. Жастарға адал еңбек ет, мал бақ, еңбегіңнің қызығын, бейнеттін зейнетін көре біл, еңбек барлық адамға - байға да, жарлыға да, әйелге де, еркекке де бірдей табиғи қажет деген нәрсені айтады.

Адам қоғамда еңбегімен бағаланады деп ұққан ақын:

Адамды жөн білетін дана деп біл,

Істерін жалқау жанның шала деп біл.

Құр жасы елулерге келсе дағы

Білімсіз сондай жанды бала деп біл.

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Бала психикасының дамуын стратегиялық зерттеу
Қазақстандағы балалар психологиясы және оған үлес қосқан ғалымдар
Ғұламаның Оян, казақ
Жас ерекшеліктері туралы педагогикалық ой-пікірлер
Отбасындағы қарым-қатынас психологиясы
Бала тәрбиесінде халықтық педагогиканың алатын орны
Мектеп жасына дейінгі балалардың бойына халықтық салт – дәстүрді сіңіре білу
Қазіргі кездегі нәресте мен үлкендердің қарым-қатынасы және оның алғашқы сөздерін анықтау
XX ғасырдың бiрiншi жартысындағы Қазақстанда психологиялық ой- пiкiрлердiң дамуы
Оқу және сыныптан тыс тәрбие жұмыстарында оқушыларға эстетикалық тәрбие беру мәселелері
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz