Қарсылық мәнді құрмалас сөйлемдер


Жұмыс түрі:  Дипломдық жұмыс
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 70 бет
Таңдаулыға:   

Мазмұны

Кіріспе . . . 3-5

Негізгі бөлім:

І тарау. Құрмалас сөйлемнің зерттелу тарихы

1. 1. Салалас, сабақтас құрмалас сөйлемдернің жүйеленуі . . . 6-10

1. 2. Салалас, сабақтас құрмалас сөйлемдердің жасалу жолдары . . . 11-33

ІІ тарау. Қарсылық мәнді құрмалас сөйлемдер . . . 34-37

2. 1. Қарсылықты салалас құрмалас сөйлемнің жасалу жолдары . . . 38-42

2. 2. Қарсылықты бағыныңқылы сабақтас құрмалас сөйлемнің жасалу жолдары . . . 43-54

2. 3. Жасалу жолы бір болса да, мағынасы басқа құрмалас сөйлемдер туралы . . . 55-60

Қорытынды . . . 61-63

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі . . . 64-65

Кіріспе

Тіл білімінде грамматика саласының аса бір күрделі тарауы - құрмалас сөйлем синтаксисі. Құрмалас сөйлемдер өзара қатынас құрал ретінде алуан түрлі қызмет атқара отырып, сан қилы құрылымдық, тұлғалық, стильдік, экспрессивтік сипатта келеді.

Қазіргі қазақ тілі синтаксисінің зерттелуін бүгінгі уақыт талабы, жалпы тіл білімі дамуының қазіргі деңгейі тұрғысынан алғанда, әлі де болса жете айқындалмай жатқан жайлары баршылық. Әсіресе, құрмаласты құраушы компоненттер арасындағы мағыналық қарым-қатынастар, олардың байланысу тәсілдері т. б. тереңдей зерттеуді қажет етеді.

Сөз еткелі отырған қарсылық мәнді құрмалас сөйлемдердің көптеген заңдылықтары мен құбылыстары күні бүгінге дейін, бірен-саран еңбектерде өз алдына қазақ тіл білімінде арнайы сөз болған. Бұл зерттеу жұмысына нысан Қ. Есеновтың еңбегі. Бірақ жоғарыдағы мәселелердің зерттелуі жалпы құрмалас сөйлем синтаксисінің аясында ғана анықталып жүр.

Түркі тілдері, соның ішінде қазақ тіл білімінің тарихында да құрмалас сөйлемдер синтаксисінің алғаш зерттеле бастауы ХІХ ғасырдың соңына қарай жарық көре бастаған орыс ғалымдарының еңбектерімен байланысты қарастырылады. Бұл туралы қазақ тілі құрмалас сөйлемдерінің зерттелу тарихына арналған еңбектерде жан-жақты айтылған. Алайда бұл еңбектерде құрмалас сөйлемнің зерттелуі ғылыми дәрежеде көтеріле алған жоқ.

Қазақ тіліндегі қарсылық мәнді құрмалас сөйлемдер туралы пікірлер ертеден-ақ қалыптасқан. Бірақ терминдік жағынан болсын жасалу жолдарын айқындау жағынан болсын әр зерттеуші әр кезеңде әр түрлі баяндаған.

Қазақ тіл білімінің негізін қалаушы, соның ішінде синтаксис мәселелері туралы да алғаш келелі пікірлер айтып, оның терминдер жүйесінің қалыптасуына басты негіз қалаған А. Байтұрсынұлының орны ерекше. Қарсылық мәнді құрмалас сөйлемдер туралы деректерді де алғаш осы ғалым еңбектерінен кездестіреміз. Оның 1925 жылы жарық көрген «Тіл құралы» атты еңбегінде құрмалас сөйлемді «сыйысулы құрмалас» және «қиысулы құрмалас» деп екіге бөледі. Мұндағы «сыйысулы құрмалас» деп отырғаны қазіргі бірыңғай мүшелі жай сөйлемдер, ал «қиысулы құрмаласты» автор екіге бөледі: салалас және сабақтас. Салаласты бес түрге «жиылыңқы», «қайырыңқы», «айырыңқы», «сұйылыңқы», «қойылыңқы» деп жіктейді.

Егер де алдыңғы сөйлемге кейінгі сөйлем қарсы мағыналы болып қиысса, қайырыңқы қиысулы болады деген анықтама - қазақ тіліндегі қарсылықты салалас құрмалас сөйлемге берілген тұңғыш анықтама.

Қарсылықты бағыныңқы сөйлемнің синтаксистік компоненттері мазмұндары жағынан бір-біріне қайшы қойыла айтылуына сай, олардағы оқиға, әрекеттің орындалу, орындалмау нәтижесі әр сапада болып отырады. Кейбір қарсылықты сөйлемдердің екі жақ компоненттерінде де оқиға, болмыстың орындалғаны (болымдылығы) көрсетілсе, енді біреулерінде, керісінше, орындалмағаны болымсыздығы көрсетіледі. Енді бір сөйлемдердің алғашқысында (бағыныңқыда) қимыл процесінің болғандығы, әрекеттенгендігі байқалса, екіншісінде (басыңқыда) сол қимыл өрісі, ерекет теріске шығарылады; ал қайсы бірлерінде аралық мағына қатынасы керісінше болады - алғашқы компонентте (бағыныңқыда) оқиға болмыс орындалмайды да, екіншісінде (басыңқыда) оқиға, іс өздігінен жүзеге асырылады.

Осы айтылғандарға сәйкес, Қ. Есенов қарсылықты бағыныңқы сөйлемдерді мағыналық қарым-қатынастарына қарай шартты түрде өзара екі топқа бөледі: реалды қарсылықты бағыныңқы, ирреалды қарсылықты бағыныңқы. Мұндай топқа бөлуде қарсылықты бағыныңқы сөйлемдердің екі жақ компоненттерінің баяндауыш тұлғасының жасалуы мен жалпы бір бүтін сөйлемнің беретін мазмұнын басшылыққа аламыз.

Реалды қарсылықты бағыныңқы сөйлемде қайшыласа айтылған мазмұндағы оқиға желісінің орындалғаны немесе орындалып жатқаны баяндалады.

Ирреалды қарсылықты бағыныңқы сөйлемде түпкі нәтижелі істің орындалмағаны білініп тұрады. Мұндай мағыналық белгі басыңқы компонент арқылы айқындалады.

Жұмыстың өзектілігі. Форма мен мазмұнның бірлігі я болмаса қайшылығы бірдей грамматикалық тұлға арқылы жасалған құрмаластарды мағыналық құрылысына байланысты анықтауда алатын орны ерекше. Бір формаға кем дегенде екі немесе одан да көп мазмұнды шоғырландыру синкретизмнің еншілігінде . Олай болса, зерттеуге нысан болған жұмыстың да өзектілігі осында болмақ.

Мақсаты мен міндеттері. Ұсынылып отырған жұмыстың жалпы мақсаты қарсылық мәнді құрмалас сөйлемдердің табиғатын анықтау, осы ретте оның өзіндік белгілерін көрсету, ішкі құрамдық, құрылымдық ерекшеліктерін айқындау, оның басқа сөйлем түрлерінен айырмашылығын таныту. Бір грамматикалық тұлға арқылы жасалған құрмаластарды бір-бірінен ажыратып, табиғатын толық түсіндіру.

Осы мақсатты орындау барысында төмендегідей міндеттер алға қойылды:

  • құрмалас сөйлемнің зерттелу тарихына шолу жасау;
  • салалас, сабақтас құрмалас сөйлемдердің жасалу жолдарына тоқталу;
  • Қарсылық мәнді құрмалас сөйлемдердің жасалу жолдарын көрсету. Реалды және ирреалды қарсылықты бағыныңқы сөйлемдерге тоқталу;
  • Формасы - бір, мағыналары әр басқа сөйлемдердің табиғатын ашып көрсету.

Зерттеу нысаны. Диплом жұмысының зерттеу нысаны қарсылық мәнді

құрмалас сөйлемдер.

Зерттеу жұмысының құрылысы. Диплом жұмысы кіріспеден, негізгі бөлімнен және қорытынды мен пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.

Зерттеу жұмысының дереккөздері. Аймауытов Ж., Бөкей О., Нұржекеев Б., Мұқанов С. жазушыларының шығармалары бойынша еңбектер пайдаланды.

І тарау. Құрмалас сөйлемнің зерттелу тарихы

1. 1. Салалас, сабақтас құрмалас сөйлемдернің жүйеленуі

Қазақ тіл білімінде құрмалас сөйлем синтаксисін зерттеу кешеуілдеп басталған салалардың бірі. Қазан төңкерісіне дейін жай сөйлемдер синтаксисінен аз да болса зерттеу еңбектері болса, құрмалас сөйлем синтаксисі жөнінде олай айта алмаймыз. Бұл кезеңге дейінгі зерттеулерде құрмалас сөйлем жүйесі өз алдына жеке қарастырылмаған. Берілген кезеңдегі зерттеулерде «сложное предложение», «подчиненное предложение» деген лингвистикалық терминдерді кездестіреміз, бұнда олар құрмалас сөйлемнің сырын ашу мақсатында емес, есімше, көсемше және етістік райларының синтаксистік қызметтерін анықтау мақсатында берілген. Ал құрмалас сөйлемнің басқа құрылымдық, семантикалық түрлері туралы сөз қозғалмаған десек те болады. Түркологияда құрмалас сөйлемдер жөніндегі алғашқы зерттеу еңбегі ретінде П. М. Мелиоранскийдің «Краткая грамматика казах-киргизского языка», В. Катаринскийдің «Грамматика киргизского языка» деген еңбектерді атай аламыз. Аталған еңбектерде құрмалас сөйлемдердің грамматикалық табиғатын табуда көптеген кемшіліктер мен олқылықтар болғанымен, сабақтас құрмалас сөйлемдердің жасалу жолдары және басыңқы мен бағыныңқы компоненттерінің арасындағы синтаксистік қатынастар жөнінде алғашқы мағлұмат береді.

Қазақ тілі құрмалас сөйлем синтаксисінің зерттелу тарихы отызыншы жылдардан басталады десе де болады. Құрмалас сөйлемге арналған оқулық, бағдарламалар осы отызыншы жылдары, ал қырықыншы жылдардан бастап құрмалас сөйлемдерге арналған бірнеше ғылыми мақалалар және жеке еңбектер жазылып, құрмалас сөйлемдер жүйесін зерттеу ғылыми арнаға түсе бастады. Бұл жылдардағы құрмалас сөйлемдерге байланысты зерттеулерден Н. Сауранбаев, С. Аманжолов. С. Жиенбаев, Ғ. Бегалив, М. Балақаев, А. Ысқақов пен еңбектерін атауға болады.

Қазақ тілі құрмалас сөйлемнің зертттелу барысында 1956 жылы Алматы қаласында түркі тілдеріндегі етістік түрі мен сабақтас сөйлем проблемаларына арналған координациялық кеңестің зор маңызы болды. Өйткені бұл кеңесте жалпы түркі тілдеріндегі сабақтас құрмалас сөйлемнің табиғаты туралы қарастырылған. Бұл мәселе жайында осы журналдардағы айтыстың келесі бір ұшы 1960 жылы «Қазақстан мектебі» журналында қайтадан қолға алынды.

Өзге де тілдік категориялар сияқты құрмалас сөйлемдердің өзіндік қалыптасу, даму тарихы бар. Қазіргі заманғы тілдердің, соның ішінде қазақ тілі құрмалас сөйлемдерінің сан алуан түрлері бір уақытта пайда болмаған. Олар уақыт өте бірте-бірте қалыптасқан. Құрмалас сөйлем бастапқы екі жай сөйлемнің іргелесе, ешбір жалғаулықсыз байланысу негізінде пайда болған. Ғалымдардың айтуы бойынша, тілдің әуелгі бастапқы дәуірде күрделі екі жай сөйлемнің құрмаласуымен емес, қатар тұруымен берілген.

Тіл білімінде құрмалас сөйлемнің пайда болу, қалыптасу жағдайын айтқанда, көбіне профессор А. Рифтиннің «Аккад тіліндегі құрмалас сөйлемдердің даму жолдары» деген мақала беріледі. Бұл мақалада құрмалас сөйлемдердің екі түрлі жолдары көрсетілген: бірінші жолы - жай сөйлемнің салаласа байланысуы, екінші жолы - жай сөйлемнің етістікті тіркестердің күрделеніп дамуы. Автор құрмалас сөйлемнің дамуындағы бұл айтылған екі жол барлық тілдерге тән ерекшелік, бірақ бір тілдерде біріншісі, екінші бір тілдерде екінші бір жолы жетекші болып келетінін айтады. Мәселен, флективті тілдерде жай сөйлемдердің салаласа байланысуы, ал жалғамалы тілдерде етістіктердің күрделенуі негізгі даму жолы болып саналады. Бұндай пікір қазақ тіл білімінде де жалғасын тапты. Профессор А. Ысқақов А. Рифтиннің пікірін қолдай келіп, қазақ тіліндегі құрмалас сөйлемнің дамуында екінші жол бар деген қорытындыға келеді. Ол «Бұл жердің адамында сіз білмейтін тағы бір сыр бар» деген сөйлемді құрмалас сөйлем деп қарастырған. Ал берілген сөйлем қазіргі қазақ тілі тұрғысынан үйірлі анықтауышты жай сөйлем. А. Ысқақов: «Тіліміздегі құрмалас сөйлемнің ішіндегі бағыныңқылары кәдімгі жай сөйлемнің дамуынан шыққан. Онан да анығырақ айтсақ, кәдімгі сөйлемнің негізгі бір мүшесінің күрделеніп дамуының нәтижесінде сол мүше өз алдына сөйлемге айналып, сөйлемнің ішінен сөйлем шыққан», - десе, бұл пікірді Қ. Есенов қостамайды. Оның айтуынша, сөйлем мүшелерінің (оралымның) күрделенуінен жеке сөйлем өрбіп шықпайды, тек бас мүшелердің жан-жақты айқындалуына мүмкіндік туады. [1; 8] .

Түркі тілдерінің синтаксистік жүйесінің тарихына зертеу жасаған тілші ғалымдардың бірі - Н. Сауранбаев. Ғалым бұл мәселе жайында 1944 жылы «Құрмалас сөйлемдер және олардың даму жолдары» деген мақаласында сөз қозғайды. Автор мұнда құрмалас сөйлемдер жайында бұрын-сонды айтылып жүрген теориялық болжамдарға шолу жасай келіп, түркі тілдерінің, соның ішінде қазақ тілінің құрмалас сөйлемдер жүйесінің даму жолын төрт кезеңге бөліп көрсетті.

Олар:

1. Біздің жыл санауымыздың ІV-VІ ғасырдағы түркі халықтарының тілінде жазылған орхон жазуының құрмалас сөйлемдер жүйесі;

2. Біздің жыл санауымыздың VІІІ-Х ғасырдағы ескі ұйғыр жазуы тілінің құрмалас сөйлемдер жүйесі;

3. Біздің жыл санауымыздың ХІІ-ХV ғасырлар аралығындағы Азиядағы түркі тілдерінің құрмалас сөйлемдер жүйесі;

4. Қазақ халқының құрыла бастаған дәуірінде шыққан халық әдебиет нұсқалары тілінің құрмалас сөйлемдер жүйесі.

Тіл ғылымында құрмалас сөйлемдерді жіктеу әрқилы боп келеді.

Н. Сауранбаев «Құрмалас сөйлем синтаксисі» атты еңбегінде құрмалас сөйлем компоненттерінің бір-бірімен құрмаласу тәсілдерін негізге ала отырып, құрмалас сөйлемдерді былай топтаған:

1. Салалас құрмалас;

2. Сабақтас құрмалас;

3. Аралас құрмалас;

4. Үйірлі мүшелі құрмалас.

«Тілші ғалымдардың әрқайсысы құрмалас сөйлемді жіктеуде өз жіктемесін келтіргенімен, қазіргі лингвистикада синтаксистік байланыстың екі түрлі тәсілі ғана бар: оның бірі - салаласа байланысу, екіншісі - сабақтаса байланысу», - деп Т. Қордабаев өз ойын тұжырымдайды. [2; 33] . Ал ғалым аралас құрмалас сөйлемді құрмаластың үшінші түрі емес алдыңғы екі түрлі байланыстың ең кем болғанда үш компоненттен құралатын бір құрмалас сөйлем ішінде топтасуы ғана деп шамалайды. Алайда, «Қазақ тілінің грамматикасында» құрмалас сөйлем үшке бөлінеді:

1. Салалас құрмалас;

2. Сабақтас құрмалас;

3. Аралас құрмалас.

Салалас құрмалас та, сабақтас құрмалас сөйлем де өз ішінен бірнеше топқа жіктелетіні белгілі және салаластың өз іштей жалғаулықты салалас құрмалас сөйлем және жалғаулықсыз салалас құрмалас сөйлем деп бөлінетіні тіл ғылымында анықталған. Енді осы аталған құрмалас сөйлемдердің жіктелу тарихына тоқталар болсақ.

Қазіргі таңда салалас құрмалас сөйлем басқа да тілдердегідей қазақ тіл білімінде де екі түрлі белгісіне қарай жіктеліп жүргенін білеміз: бірі - компоненттерінің бір-бірімен байланысу жолы да, екіншісі - құрамына енген жай сөйлемдердің мағыналық қатынасына қарай жіктеу. Аталған жіктеу түрлері ғылымда бірден айқындала қалған жоқ. Жиырмасыншы жылдарда қазақ тілінде жарық көрген алғашқы еңбектерде, А. Байтұрсынұлының «Тіл құралы» атты еңбегінде салалас сөйлемдер тек компоненттерінің мағыналық қатынастарына қарай ғана жіктеледі. Олар:

1. Жайылыңқы. М: Үлкен бастар, кіші қостар. (мезгілдес) .

2. Қайырыңқы. М: Қылыш жарыса бітер, сөз жарыса бітпес. (қарсылықты) .

3. Айырыңқы. М: Не сен тұрасың, не мен тұрамын. (талғаулы) .

4. Сұйылыңқы. М: Сарғайған жетер мұратқа, асыққан қалар ұятқа. (қарсылықты) .

5. Қойылыңқы. М: Не өгіз өлер, не арба сынар, екеуінің бірі болар. (талғаулы) .

Салалас сөйлемдерді жіктеудің екінші түрі 1936 жылы жарық көрген оқу бағдарламасында кездеседі. Мұнда салалас құрмалас сөйлемдер мағыналық қатынасына қарай былайша жіктелген:

1. Ыңғайлас салалас;

2. Ереуіл салалас;

3. Талғама салалас;

4. Себеп-салдар салалас;

5. Шарт-жағдай салалас.

Бірақ жасалу жолдарының ерекшеліктеріне қарай бұлардың біразы қазіргі айтылып жүрген түрлеріне сай келмейді.

Орталау, орта мектептерге арналған синтаксис оқулығының алғашқы түрі С. Аманжолов пен Н. Сауранбаевтың авторлығымен 1939 жылы жарық көрді. «Қазақ тілінің грамматикасы» деп аталған оқулықта салалас құрмалас сөйлемді алты топқа бөлген:

1. Тіркес;

2. Қарсылас;

3. Талғаулы;

4. Себепті;

5. Кезектес;

6. Бейтарап.

Аталған салалас түрлерінің біразы ғылымда орныға алмады. Кейінірек салалас құрмаласты жіктеуге ат салысқан ғалымдардың бірі - С. Жиенбаев. Ғалым өзінің 1941 жылы жарық көрген еңбегінде салалас құрмалас сөйлемдерді былайша топтастырады:

1. Ыңғайлас салалас;

2. Қарсылықты салалас;

3. Талғаулы салалас;

4. Себеп-салдар салалас.

Салаласты классификациялаудағы ала-құлалық олардың сандық немесе терминдік жақтарында ғана емес, жасалу жолдарын айқындауда да кездеседі. Бұл мәселе 1961 жылы шыққан жоғары мектепке арналған «Қазіргі қазақ тілі» атты оқулықта ғана бір жүйеге келтірілген.

Компоненттері бір ғана мағыналық қатынаста тұратын салалас сөйлем жалғаулықты да, жалғаулықсыз болып та айтыла береді. Мысалы: Мені босату қиын, ісімді тергеуші сотқа беріп қойды. (Ғ. Мұстафин) . Аманжол да артына қарай алмады, өйткені құтырынған жел өзі әлсіреген адамды құлатып кететін болды. (А. Тоқмағамбетов) . Жоғарыдағы мысалдарғы сөйлемдердің алдыңғысы жалғаулықсыз болса, кейінгісі - жалғаулықты, бірақ мағынасына қарай екеуі де себептес салалас құрмалас сөйлемге жатады.

Бұл жағдай компоненттерінің мағыналық қатынастары жағынан белгілі бір топқа жататын салалас сөйлемдерді бөліп-жармай, бірлікте алудың, бұл екеуін салалас құрмалас сөйлемнің белгілі түрін жасаудың екі түрлі тәсілі ғана деп түсіну керек. Ғалым Т. Қордабаев компоненттредің мағыналық қатынасына қарай салалас құрмалас сөйлемді сегіз түрге бөлген жөн деп біледі.

1. Мезгілдес;

2. Себептес;

3. Қарсылас;

4. Талғаулы;

5. Кезектес;

6. Түсіндірмелі;

7. Салыстырмалы;

8. Шартты.

Мезгілдес салалас, себептес салалас, қарсылас салалас сөйлемдер жалғаулықты да, жалғаулықсыз да түрінде қолданыла береді, талғаулы салалас пен кезектес салалас жалғаулықты түрде, түсіндірмелі салалас, салыстырмалы салалас, шартты салалас құрмалас сөйлемдер тек жалғаулық шылаусыз қолданылады.

Дегенмен қазіргі қазақ тілінде салалас құрмалас сөйлемді жеті топқа бөліп қарастырады.

1. Ыңғайлас салалас;

2. Қарсылықты салалас;

3. Себеп-салдар салалас;

4. Түсіндірмелі салалас;

5. Талғаулы салалас;

6. Кезектес салалас;

7. Салыстырмалы салалас.

Ал сабақтас құрмалас сөйлемнің түрлерін айқындауда бағыныңқы компонент баяндауышының жасалу жолдары мен бүтіндей сөйлемнің мағыналық жақтары ескеріледі. Осыған орай құрмалас сөйлем мынадай түрлерге бөлінеді:

1. Шартты бағыныңқылы сабақтас құрмалас сөйлем;

2. Қарсылықты бағыныңқылы сабақтас құрмалас сөйлем;

3. Мезгіл бағыныңқылы сабақтас құрмалас сөйлем;

4. Себеп-салдар бағыныңқылы сабақтас құрмалас сөйлем;

5. Қимыл-сын бағыныңқылы сабақтас құрмалас сөйлем;

6. Мақсат бағыныңқылы сабақтас құрмалас сөйлем;

7. Салыстырмалы бағыныңқылы сабақтас құрмалас сөйлем.

Сонымен сөйлемдерінің мағыналық қатынасына қарай сабақтас құрмалас сөйлемнің қазіргі қазақ тілінде жеті түрі анықталған.

Дегенмен 1967 жылы шыққан «Қазақ тілінің грамматикасында» сабақтас құрмалас сөйлемнің салыстырмалы түрі аталмайды. Бірақ қосымша түсіндірмелі сабақтас құрмалас сөйлем және ыңғайлас сабақтас құрмалас сөйлемдердің түрлері көрсетіледі.

1. 2. Салалас, сабақтас құрмалас сөйлемдердің жасалу жолдары

Екі не одан да көп предикативтік бөліктен құралып, мағыналық құрылымдық және интонациялық тұтастықта келетін сөйлемнің түрін құрмалас сөйлем деп атаймыз.

С. Аманжолов құрмалас сөйлем синтаксисін ғылыми тұрғыда зерттелген 1940 жылғы шыққан еңбегінде құрмалас сөйлемге мынадай анықтама берген: «Құрмалас сөйлем дегеніміз - екі я бірнеше сөйлемнің, яғни бірнеше субъектінің көрінісі болған сөздің я сөздер тобының жиынтығы». [3; 175]

Лингвистика ғылымында құрмалас сөйлемдерді топтастырудың бірнеше түрі қолданылып келді. Олардың негізгілеріне тоқталып өтсек:

  1. дәстүрлік;
  2. құрылымдық- семантикалық;
  3. функциялық.

Дәстүрлік немесе логика-грамматикалық топтастырулар бойынша құрмалас сөйлемдер салалас құрмалас, сабақтас құрмалас және аралас құрмалас болып бөлінеді. Демек, мұндай топтастыру кезінде таза логикалық, яғни сөйлемде қамтылған ой ғана ескерілмей, ол сөйлемнің грамматикалық жағы, яғни морфологиялық тұлға мен синтаксистік құрылымы да ескеріледі.

С. Аманжоловтың тиянақтауында құрмалас сөйлемдер салалас, сабақтас, аралас болып болып алғаш рет үш түрге жіктеледі. «Бірнеше сөйлем күрделі ойды білдіру үшін бір-бірімен ұласады, кейде біріне-бірі бағынып барып ұласады. Кейде әрі бағынып, әрі тең боп ұласады», - дейді автор. [3; 175]

Құрылымдық-семантикалық таптастырудың негізінде құрмалас сөйлемдер жалғаулықты және жалғаулықсыз түрлерге жіктеледі, өйткені мұндай жағдайда жалғаулықтардың қолдануынан немесе қолданылмауынан туатын мағына негізге алынады.

Функциялық жағынан топтастырғанда, құрмалас сөйлемдер, жай сөйлемдер тәрізді, хабарлы, сұраулы және бұйрықты сөйлемдер болып бөлінеді. Бұған қарағанда, құрмалас сөйлемдердің жұмсалу реттерінде нақтылы мақсаттың үлкен орын алатынын байқау қиын емес. Құрмалас сөйлемнің бір компонентінің сұраулы немесе бұйрықты жай сөйлемнен тұруының өзі сол құрмалас сөйлемнің түгелдей сұраулы немесе бұйрықты сөйлем болуына негіз болады: Сөйле деп тіл берген соң, қалай сөйлемейін? Ойла деп ой берген соң, қалай ойламайын? (Ғ. Мұстафин) деген құрмаластардың екеуінің де алдыңғы компоненттері хабарлы сөйлем, соңғы компоненттердің әсерінен түгелдей сұраулы сөйлемге айналып отыр. Басқа жағдайда, айталық, екінші компоненттер де хабарлы болғанда (сөйлеймін, айтамын), түгелдей хабарлы сөйлемдер ретінде қабылдайтынымыз сөзсіз: Сөйле деп тіл берген соң, сөйлеймін. Ойла деп ой берген соң, ойлаймын. Ал екі компонент те сұраулы болып келсе, ондай құрмаластың сұраулы екені өзінен-өзі түсінікті: Сен білмейді екен деп айтпасын ба, неге сіресіп құп алмайсың? (Абай) .

Бұйрықты сөйлем туралы да осыны айтуға болады, яғни құрмаластың бір компонентінің бұйрықты жай сөйлем түрінде келуі сол құрмаласты түгелдей бұйрықты сөйлемге айналдыруға жеткілікті болып табылады: Жаны барында қазір жөнелтсін! Үлкен пәле іздемесе, тыйылсын қазір! (М. Әуезов) . Көп жағдайда екінші компоненттің айтылу мақсатына қарай сөйлемнің қай түріне жататыны шешуші қызмет атқарып кетеді. Осы мазмұндағы сөйлемді хабарлыға айналдыруға да (Үлкен пәле іздемесе, тыйылады қазір), сұраулы сөйлемге айналдыруға да болады (Үлкен пәле іздемесе, тыйыла ма қазір?) мүмкіндіктің тууы осының дәлелі болып табылады.

Құрмалас сөйлемдерді топтастырудағы мұндай үш түрлі принцип бірін-бірі жоққа шығармай, қайта бірін бірі толықтырып тұрады. Шынында да, құрмалас сөйлемнің салалас түрінің жалғаулықты да, хабарлы да болатыны сияқты, сабақтастың өзін әлгі принциптер бойынша талдауға болады.

Предикативтік бөліктерінің баяндауыштары тиянақты тұлғада келіп, компоненттері тең дәрежеде байланысқа түскен құрмалас сөйлемнің түрі салалас құрмалас сөйлем деп аталады.

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Құрмалас сөйлем оның түрлері, жіктелуі
Қазақ және орыс тілдеріндегі салалас құрмалас сөйлемдер
Жүсіпбек Аймауытовтың "Ақбілек" романындағы құрмалас сөйлемдер
Салалас құрмалас сөйлем
Салалас, сабақтас құрмалас сөйлемдердің құрылымдық ерекшеліктерінің қалыптасуы
Құрмалас сөйлемдерді жіктеу мәселесі
Мезгіл мəнді құрмалас сөйлемдер
Аралас құрмалас сөйлем
Ағылшын тіліндегі құрмалас сөйлемдерді қолдану
Синтаксистік оралымдар және оның жай сөйлемдер мен құрмалас сөйлемдерге қатысы
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz