С. Қасқабасовтың қазақ фольклористикасының зерттелуіне қосқан үлесі


Жұмыс түрі:  Курстық жұмыс
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 42 бет
Таңдаулыға:   

Мазмұны

КІРІСПЕ . . . 3 НЕГІЗГІ БӨЛІМ

І тарау. Академик Сейіт Қасқабасов - фольклортанушы ғалым

1. 1 Фольклордың жиналуы, зерттелуі . . . 6

1. 2 «Едіге» жыры және С. Қасқабасов . . . 15

1. 3 С. Қасқабаев Абай және фольклор жайында . . . 21

ІІ тарау. С. Қасқабасовтың қазақ фольклористикасының зерттелуіне қосқан үлесі . . . 30

ҚОРЫТЫНДЫ . . . 41

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі . . . 43

КІРІСПЕ

Тақырыптың өзектілігі

Ауыз әдебиеті - халқымыздың бейнелі сөз маржандары, мәңгілік өлмейтін асыл да мол мұрасы. Ауыз әдебиетімен сусындамаған бірде- бір шынайы суреткер болған емес. Ауыз әдебиеті олардың нәрлі де құнарлы топырағы. Сөз өнерінің басы-фольклорда. Барлық халықтың, кейінгі жазба әдебиеттің бастауы фольклор болған.

Фольклор - синтетикалық өнер түрі. Онда көбіне сөз, музыка, хареография және театр өнері сияқты өнердің әр түрі шоғырланған. Фольклор ағылшын сөзі «халық даналығы» деген ұғымды білдіреді. Фольклор - синкретті, көпфункциялы руханият. Ол әрі танымдық, әрі эстетикалық қызмет атқарады. Фольклор тәрбиелік мақсатта да қолданылады. Сонымен бірге фольклордың утилитарлық /қолданбалы/ функциясы да бар, яғни ол белгілі бір жағдайда тұрмыстық қатеттілікті өтейді.

Қазақ фольклорын арнайы түрде жазып, жариялау ісі ХҮІІІ ғасырдың екінші жартысында басталады. Қазақ фольклорын жинау әсіресе Ресейдің Қазақстанды толық өзіне қарату үшін актуальді болды, сондықтан Ресейден шыққан арнаулы экспедициялар, әр түрлі іс сапармен сахараға келген шенеуніктер, миссионерлер, офицерлер, шенеуніктер, оқымыстылар қазақ+ әдет- ғұрпы, тарихы, этнографиясы, мәдениеті, ән -күйі туралы мәліметтер жинауды мақсат етіп қойған-ды. Осы саладағы жұмыстың бірі- халық поэзиясының үлгілерін де жинау, жариялау болды. Алайда отаршылдық мақсатта жүргізілген осынау іс қазақ фольклоры туралы ғылымды өмірге әкелді. Екі ғасырдан астам тарихы бар фольклортану ғылымын шартты түрде былай дәуірлеуге болады:

І кезең: ХҮІІІ-ХІХ ғасырдағы фольклортану. Осы кезеңдерде жиналған фольклор мағлұмат түрінде пайдаланылды. Олар көбіне шығарманың өзі емес, тек мазмұндамасы түрінде ғана беріледі. ХІХ ғасырдың екінші жартысынан бастап қазақ фольклоры ғылыми мақсатта жиналды, оны жинаудың арнайы бағдарламасы жасалды. Ресейдің В. Радлов, Г. Потанин, А. Васильев, Я. Лютш сияқты ғалымдарымен бірге қазақ оқығандары Ш. Уәлиханов, Ы. Алтынсарин, А. Құнанбаев, Мәшһүр Жүсіп, Ә. Бөкейханов жинастырып, зерттей бастады.

ІІ кезең: ХХ ғасырдың бірінші жартысындағы фольклортану. Өткен ғасырда қалыптасқан ғылыми шарттар осы жүзжылдықтың бірінші ширегіне дейін жүзеге асып жатты. 1930 жылға дейін Ә. Бөкейханов, Ә. Диваев, А. Байтұрсынов, М. Әуезов, Х. Досмұхамедовтер фольклор мәтінін жинай отырып, зерттеп жариялады. 1930-1950 жылдар аралығында фольклорға ерекше ден қойылды. Бұл кезеңдерде С. Сейфуллиннің, М. Әуезовтың, С. Мұқановтың, Ә. Марғұланның, М. Ғабдуллиннің, Е. Ысмайыловтың зерттеу еңбектері де жарық көрді.

ІІІ кезең: ХХ ғасырдың екінші жартысы. Бұл - өте күрделі кезең. 1947 жылғы Қазақстан Республикасы Орталық Комитетінің атышулы қаулысы фольклортану ғылымын таза идеологиялық қыспаққа салып, 1953 жылғы дискуссиядан кейін фольклорды тек таптық тұрғыдан бағалаудың салдарынан «Қамбар батыр» жырынан басқа жырлар халыққа жат деп танылды. Тек 1957 жылы ғана бұл идеология қате деп танылып, фольклорды зерттеу ісі жаңа қарқын ала бастады. Осы кезеңнен бастап эпос жанры бойынша М. Ғабдуллинің, Р. Бердібаевтың, С. Садырбаевтың, ертегі бойынша С. Қасқабаевтың, Е. Тұрсыновтың, аңыздар мен шешендік сөздер бойынша Б. Адамбаевтың, С. Қасқабасовтың, дастандар бойынша Б. Әзібаевалардың еңбектері жарық көрді.

Осы аталған ғалымдардың ішінде академик Сейіт Қасқабасовтың фольклортану ғылымының дамуына қосқан үлесі өте зор. Фольклортану саласында «Қазақ халық прозасы» А. 1984 ж; «Қазахская волшебная сказка» /1792 ж/, «Родники искусства» /1986/, «Казахская несказочная проза» /1990/, «Колыбель искусства» /1992/, «Абай және фольклор» /1995/, «Золотая жила» /2000/, «Жаназық» /2002/, «Люби безмерный памятник» /2002/, «ХҮ-ХҮІІІ ғасырлардағы қазақ әдебиеті»/2005/ атты монографиялар жариялады. Аталмыш ғылым саласының дамуы жайында академик былай дейді: «Жалпы, қазақ фольклортану ғылымының деңгейі төмен емес. Мен айтар едім, фольклортану ғылымы филология ғылымдарының ішіндегі классикалық ғылым. Әсіресе, алпысыншы жылдардың екінші жартысынана бастап фольклортану ғылымы жақсы қарқын ала бастады. Қазір саясат пен идеологиядан арылды. Бүгінгі таңда біздің фольклорды этнографиямен, тарихпен, археологиямен, тілмен байланыстырып зерттеуге мүмкіндіктер мол». [ 1]

Академик Сейіт Қасқабасовтың қазақ фольклорының дамуы жолында жазған еңбектері зерттеуді қажет ететін соны дүниелер. Ғалымның осы саладағы қызметі мен еңбектерін зерттеу, пікірлерін зерделеу - тақырыптың өзектілігі болып табылады.

Диплом жұмысының мақсаты мен міндеттері:

С. Қасқабасовтың фольклортану саласының дамуына қосқан үлесін зерделеу, саралау, еңбектеріне шолу жасай отырып, академиктің фольклортану ғылымында алатын орнын таныту, еңбектерінің мәнін ұғыну;

Осы мақсатты орындау барысында мынадай міндеттер алға қойылды:

  • Қазақ фольклористикасының даму кезеңдерін анықтау;
  • С. Қасқабасовтың фольклористика саласындағы еңбектерін зерттеу;
  • С. Қасқабасов зерттеу еңбектерінің ерекшелігін таныту;

Жұмыстың зерттеу нысаны:

С. Қасқабасовтың фольклортанушы ғалым екендігін дәлелдеу үшін ғалымның еңбектері, республикалық, облыстық басылымдар қолданылды. / «Ақиқат», «Жұлдыз», «Зерде», «Парасат» журналдары, «Егемен Қазақстан», «Арқа ажары» газеттері/

Жұмыстың құрылымы:

Зерттеу жұмысы кіріспе, негізгі бөлім, қорытынды және пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.

Сейіт Қасқабаев - фольклортанушы ғалым

С. Қасқабасовтың қазақ фольклористикасының зерттелуіне қосқан үлесі

С. Қасқабасовтың ғылыми- зерттеу еңбектері қазақ фольклорының теориясы мен тарихына, әдебиет пен өнер проблемаларына, этнография мен ауыз әдебиеті мұраларының тестологиясы мәселелеріне арналады. Ғалымның ғылыми - зерттеу еңбектерінің негізгі бағыты: фольклор мен әдебиет және өнер. Әсіресе мифология мен фольклорлық проза саласын зерттеуде айрықша ғылыми табыстарға қол жеткізген. Ол фольклордың прозалық саласын ғылыми тұрғыдан саралап, жанрлық жағынан жіктеген және қазақ мифологиясын типологиялық тұрғыдан тұңғыш тұжырымдаған ғалым. Оның мифология мен прозалық фольклордың шығу тегі мен даму жолдары, фольклордағы әр заман болмысының сипатталу ерекшеліктері, фольклордың көркемдік әдісі туралы теориялық ой- пікірлері мен тұжырымдары өзбек, татар, түрікмен, қарақалпақ, башқұрт ғалымдарының зерттеулерінде қолдау тауып, негізге алынды.

С. Қасқабасов қаламынан туған 300-ге тарта еңбектің мазмұны сан салалы. Онда әдебиет пен өнер тарихының, фольклор теориясы мен мәтінтанудың түрлі мәселелері қамтылған. Ғалымның басшылығымен әрі қатысуымен хайуанаттар жайлы ертегілердің академиялық басылымы /орыс тілінде/, «Қозы Көрпеш- Баян сұлу» жырының 8 нұсқасы, В. Радлов жинаған қазақ фольклоры үлгілері мен ақын -жыраулар шығармалары енген «Алтын сандық » /1993/, «Ел қазынасы - ескі сөз» /1994/жинақтары, Ж. Жабаевтың шығармалары жарық көрді.

Ғалым «Ойөріс» атты еңбегінде қазақ ғалымдарының фольклорға халық әдебиетін жатқызу дәстүрін енгізді де, екі атауды аралас қолданып келгендіктерін айтып өтеді. «Бірақ «халық әдебиеті» деген атау әлем қабылдаған «фольклор» ұғымын толық бере алмайды. Мысалы көркемдігі нашар, өнер деңгейі жоқ ауызша орындалатын шығармалар толық мағынада сөз өнері, яғни әдебиет бола ма? Сол сияқты алуан түрлі ырымдар, салттар мен нанымдар, бата, алғыс, қарғыс, арбау, жауын шақыру, күн жайлату, жарапазандар мағынасындағы әдебиет бола қоймас. Ендеше, «халық әдебиеті» ұғымын синоним ретінде көркем фольклорды, яғни өнер қасиеті бар шығармаларды сипаттау үшін қолданған орынды болмақ», - деп тың ой айтып, байлам жасайды. [ 1]

Фольклор мен сөз өнерінің ара жігін ажырту үшін Сейіт Қасқабасовтың «Ойөріс» атты еңбегіне жүгініп көрейік: «Бұл түсінік фольклордың аясын тарылтады және сөз өнерінің эстетикалық және эмоцялық қасиетін төмендетеді. Өнер дегеніміз - өмірді, оқиғаны, құбылысты немесе сезімді көркем түрде бейнелеп, қайта жаңғырту. Олай болса, арбау, алғыс, қарғыс немесе әр түрлі ырымдар мен нанымдар, болмысты я болмаса сезімді көркем түрде бейнелеуді, жаңғыртуды мақсат етпейтіндіктен сөз өнері бола алмайды. Бұған қоса, өнер болу үшін шығарманың поэтикасы, композицясы, іс- әрекет атқаратын кейіпкерлері, олардың қақтығысы т. б. қасиеттері болуы керек». [1] Автор осы тұрғыдан келгенде ұлттық өнерімізді үш түрге бөліп қарастырады: фольклор, ауыз әдебиеті /ақын, жыраулар поэзиясы/ және жазба әдебиет. Бұлардың үшеуіне де ортақ белгілер болумен бірге әрқайсысының өзіндік ерекшеліктері бар. Фольклордың үш сипаты бар: а/ фольлор -ежелгі дүниетаным, көне мәдениет әрі мұра; ә/ фольклор - тұрмыстың бір бөлшегі; б/ фольклор - сөз өнері.

С. Қасқабасов фольклордың синкреттілігі мен көпфункциялылығына тоқталады. Эстетикалық пен сейілдік- фольклордың ең маңызды функциясы деп атап көрсетеді.

Фольклордың -ежелгі дүниетаным және көне әрі мұра екендігіне ерекше тоқтала отырып, ғалым фольклорға «көп заманның, бірнеше дәуірдің, әр түрлі қоғамның жемісі, сондықтан ол көпқатпарлы, көпсатылы, көпмағыналы, көпқырлы» деген анықтама береді.

Фольклордың бір ерекшелігі көне дәуір адамдарының дүниетанымын, тарихын білдіретініне ғалым басты назар аударған. Атақты зерттеуші Ш. Уәлиханов «Оңтүстік Сібір руларының тарихы туралы ескертпелер» атты еңбегінде ол халық аңыздары мен ертегілерін өмірмен, шындықпен байланыстырады. «Егер Гомердің поэзиялық аңыздарынан, Геродоттың ел аузынан жинаған ертегілерінен аздап болса тарихтық қасиет тапсақ, егер өмірді қаншама бұрмалап баяндағанымен, әрбір ертегінің негізінде шындық жатады десек, қазақтардың бір- бірімен жалғасып жататын аңыздарында, өмір бейнесінде қазіргі әдет- ғұрпында бұрынғы ата - бабаларының тарихи мәні бар оқиғалары жататынына күмәнданбауымыз керек», -деген пікірі [3] бүгінгі күнге дейін мәнін жоймаған пікірі мен С. Қасқабасовтың фольклор жайлы айтқан салиқалы ойлары үндесіп жатыр.

Ежелгі дәуірдегі діни нанымдар, ұғымдар мен түсініктер, мифтер мен әңгімелер, ырым - кәделер фольклор болып бізге жеткен. Алғашқы қауымға тән дүнитаным мен діни нанымдардың қазақ фольклорындағы көрінісі болып анимизм, тотемизм, магия, табу, шамандық түсініктер мен аруақтарға табыну есептеледі және ғалым осы ұғымдарға нақты түсініктер береді.

Анимизм адамзат дамуының ерте кезінде пайда болған. Бұл наным бойынша дүниедегі нәрсенің бәрі жанды, өлі мен тірінің адам мен табиғаттың бір- бірінен еш айырмасы жоқ. Алғашқы қауым адамы өзін табиғаттан, жан-жануардан бөлмеген, яғни «адам мен табиғаттың теңдігі» туралы заң қалыптасқан. Адам өзін табиғаттан қоршаған ортадағы нәрсенің бәрі адам сияқты жанды нәрсе, олар адамша тірлік етеді, сондықтан олармен адам тікелей араласа алады, оп-оңай бір-біріне ауысады, құбылып бір-бірінің кейпіне ене алады, тілдеседі деп нанған. Мұндай анимизм фольклорда, әсіресе миф пен ертегіде жиі кездеседі: адам оп-оңай аңның, немесе басқа бір нәрсенің түріне енеді; я болмаса, хайуан адам кейпіне ауыса алады, ол адамша сөйледі; немесе адам мен жануар үйленіп, бірге ғұмыр кешеді.

Ғалымның айтуынша, магия-алғашқы қауымда пайда болып, кейін әр түрлі өзгеріске ұшырап, әлі күнге дейін ел арасында сақталған сөздің, немесе басқа бір іс-әрекеттің керемет қасиеті бар деп, олардың құдіретіне сену.

Табу-дүниеде зиянды күш көп, солардан аман болу үшін әр түрлі ырым, жоралғы жасалған, олар атқарылмаса, бақытсыздық болады деп енген алғашқы қауым адамдары реше түрлі тыйымдар ойлап тапқан. Тыйымның түрлері фольклорда ғана емес, күнделікті тұрмыста да жиі кездеседі. Мысалы, бүйірді таянбау, шашты жалбыратпау, есікті кермеу, түнде суға бармау, қасқырдың атын атамау, ай сәулесінің астында ұйықтамау. Мұндай тұрмыстық тыйымның көбісі ескі нанымдармен байланысты болса, енді біразы елдің тәжірибесінен туындаған. Ал фольклорда кездесетін табу-кейіпкердің тағдырына әсер ететін тыйым.

Шамандық ғалым тілімен айтсақ, «алғашқы қауым ыдырап, рулық қоғам қалыптасқан тұста және адам арасында ерекше кереметке ие, дүниенің барлық сырын білетін, тылсым күштермен араласып жүртін айрықша жан, ғажайып кісі болатынына сену». Оған мысал ретінде ертегі кейіпкерлерінің әрекеттерін сипаттай келе, Ер Төстіктің жер астына түсіп кетуі, содан соң қайтадан шығуы, Қорқыттың дүниенің төрт бұрышын шарлауы, Күнікей қыздың күн астында, Айсұлудың ай астында болуымен өз ойын дәлелдей отырып, шамандық наным жемісі деген қорытындыға келеді ғалым.

Ал фольклордың екінші сипаты деп фольклорды -тұрмыстың бөлшегі ретінде атап көрсетеді. С. Қасқабасов осындай фольклордың қатарына тұрмыстық функция атқаратын ғұрыптық және үйлену, жерлеу салтына қатысты жанрлар жататындығын атап өтеді.

«Сәби дүниеге келгенде жүзеге асырылатын әр түрлі ырым - кәделер мен соларға қоса орындалатын ғұрыптық өлең- жырлар, тілек- баталар, дұғалар, сол тәрізді сәбиді қырқынан шығарумен бесікке салу кезінде атқарылатын ырымдар мен айтылатын шарапатты сөздер, тұсаукесер мен сүндет той кезінде орындалатын кәде - жоралғылар мен өлеңдер, -бұлардың бәрі міндетті түрде орындалуға тиісті фольклор. Ол ырымдарсыз, шарапатты тілек- батасыз, ақ тілеулі дұғасыз аталған шаралар жүзеге асырылмайды. Демек, бұл тұста фольклор- тұрмыстың бір бөлшегі, тіршіліктің қажетті ісі болып көрінеді», - деп, ғалым фольклорды -тұрмыстың бөлшегі деген ойын осылайша дәлелдейді. [ 1]

С. Қасқабасов атап көрсеткен фольклордың үшінші сипаты- фольклор -сөз өнері. Фольклор - әрі әдебиет, әрі театр ролін атқарады. Қазақ қоғамында фольклор осы шартты түгел орындады.

Сейіт Қасқабасовтың қазақ фольклористикасының зерттелуіне қосқан үлесі ұшан -теңіз. Зерттеу барысында фольклордың тарихи даму жолдары мен кезеңдеріне, қазақ фольклорының бүгінгі жанрлық құрамына, фольклор жанрларының теориясы, фольклордың тарихи типологиясы, фольклор шығармаларының текстологиясына, фольклор поэтикасын зерттеу мәселесіне талдау жасап зерттейді.

Ғалым қазақ фольклорының бүгінгі жанрлық құрамын былайша жіктейді: мифтер, хикаялар, еңбек пен кәсіпке байланысты фольклор, ғұрыптық фольклор, ертегілер, әпсаналар мен хикаяттар, аңыздар мен шешендік сөздер, батырлар жыры, тарихи жырлар, ғашықтық жырлар, дастандар, айтыс, өлеңдер, балалар фольклоры, дидактикалық фольклор, жұмбақтар, мақал мен мәтел, терме, мысал.

Бізге жеткен фольклор - жанр жағынан бай, көркем дүниелер. Бұл туралы академик С. Қасқабасов « . . . ғылымда фольклордың тарихы, оның жанрлық құрамы дегенде басты критерий етіп фольклорлық шығармада белгілі бір дәуірдің шындығымен қатар санасы, ұғым -түсінігі, наным- сенімі қандай дәрежеде көрсетілетінін, қаншалықты сақталғанын, шығарманың көркемдігі қай дәрежеде екендігін және оның қандай мақсатпен орындалатынын алады», - дейді. [1]

Фольклордың әрбір жанрлық түріне сипаттама беріп, ерекшеліктерін саралап өтеді. Бір ерекшелігі ертегілерді дәстүрлі үш топқа /қиял- ғажайып, хайуанаттар жайлы және шыншыл ертегілер/ бөліп қарамай, оларды жанрлық жағынан байытып қарастырады. Қазақ ертегілерін академик М. Әуезов қиял- ғажайып, хайуанаттар жайлы ертегілер және шыншыл ертегілер үш жанрға бөледі. [ 1] Ал академик Сейіт Қасқабасов ертегілерді бес топқа жіктейді: хайуанаттар туралы ертегілер, қиял -ғажайып ертегілер, батырлық ертегілер, хикаялық ертегілер, сатиралық ертегілер. Ғалым еңбектерінде ертегілердің әр түріне сипаттама береді. Батырлық ертегілердің өзі екі сипатта болатынын атап өтеді. Бірі- батыр неше түрлі зиянкес құбыжықтармен кездесіп, арпалысып, оларды жеңіп, елін құтқарады. Екіншісі- батырдың қарсыластары - белгілі бір тайпа немесе басқа ел. Сол себептен де батырлық ертегілер қиял - ғажайып негізінде де, басқаша сипатта да дамиды.

Хикаялық ертегілерді фольклордың жаңа сатыға көтерілген түрі дейді. Бұл ертегілерде ешқандай тылсым күш жоқ, құпиялық қауіп, қорқынышты кейіпкер кездеспейді. Бұл ертегілерді новеллалық ертегілер деп те атайды. Новеллалық ертегілерде тәрбиелік ғибрат басым. Новеллалық ертегілер жайлы ғалым: «Қазақ фольклорында өзінің сюжеттік құрамы мен мазмұны, композициялық құрылымы мен стилі жағынан оқшауланып тұратын бірталай ертегі бар. Алайда ұлттық фольклортану ғылымында олар жеке зерттелмей, «тұрмыс- салт» ертегілерінің тобында қарастырылып жүр. Ал бұл ертегілер өзінің сипатты белгілері бойынша таза «тұрмыс -салт ертегі» емес.

  • Біріншіден, онда тұрмыс -салт ертегіге тән емес қиял- ғажайыптық элементтер көп, оқиғалар өте таңғажайыпты, шытырман болып келеді;
  • Екіншіден, сюже өте күрделі, ол бірінен- бірі асқан қым-қиғаш оқиғалар тізбегінен тұрады.
  • Үшіншіден, кейіпкерлер өз мұратына жету үшін қулықпен емес, ақылмен жетеді, дұшпандарын да ақылмен жеңеді», - деген сипаттама береді.

Ғалым осы ертегілер жайлы тың ойлар айтады. Қиял -ғажайып ертегілер мен тұрмыс- салт ертегілерінің ортасында тұрған ертегілерді «новеллалық ертегілер» деп атаған жөн деген соны байламға келеді. Новеллалық ертегілерге ғалым «Аяз би», «Балтеке», «Мархұма», «Минар мен Бибатима», «Үш өсиет», «Әке өсиеті», «Ақылды кеңес» ертегілерін жатқызады.

Ертегілердің бір түрі - сатиралық ертегілер. Онда ертедегі нанымдар мен түсініктер күлкіге айалады, олар жоққа шығарылады. Ғалым сатиралық ертегілер деп Алдар көсе, Тазша бала, Қожанасырдың атына құрылған ертегілерді атап көрсетеді.

Фольклор жанрларының тағы бір түрі- әпсаналар мен хикаяттар. Бұл жанрды Сейіт Қасқабасов үшке жіктейді: тарихи - мекендік әпсаналар, әлеуметтік -утопиялық әпсаналар және діни- кітаби хикаяттар. Әпсана аңыз негізінде туындайды. Тарихи-мекендік әпсаналар ежелгі мифтен тарайды, ал әлеуметтік - утопиялық әпсаналар болмысты, өмірдің көкейтесті мәселелерін қамтиды.

Тарихи жырлар да ғалымның назарынан тыс қалмаған. Тарихи өлеңдерде қазақ ұлтының бастан кешкен түрлі деректі оқиғалары, тарихи ірілі ұсақты ел басына қиын-қыстау күн туғандағы қайғы -қасіртеі, мұң мен шері, қуанышы мен келешек өмірге деген үміті көрініс табады. Өкінішке орай, көбіне ауызша айтылып, суырып салмалық дәстүр үлгісіде тарағандықтан, көне дәуірлерге қатысты өлең- жырлар ұмытылып үлгерген. Бұған бертіндегі жазу- сызу өнері орныққан кезеңдегі түрлі идеологиялардың қырсығын тигізіп, тарих теңізіне терең енуіне мүмкіндік бермегенін айтып өткен жөн.

Тарихи өлеңдер жанрын арнайы зерттеген ғалым -Б. Уахатов. Қазақ өлеңдеріне қатысты еңбегінде Б. Уахатов тарихи өлеңдерді лирикалық өлеңдер қатарына қосқан. Ол өзінің 1974 жылғы «Қазақтың халық өлеңдері» монографиясында тарихи өлеңдерге арнайы орын берген. Қазақ өлеңдеріне қатысты құнды зерттеу жүргізген ғалым былай деп жазады: «Шынында да, тарихи өлеңдердің шағын түрлерінің көлемі қысқа, эскиз секілді болып келеді де, ұзын -сонар оқиғаның ішінен тек сол өлеңнің идеясын ашарлық сәттерді ғана даралап көрсетеді» немесе « . . . қазақ халқының басынан кешкен тарихи оқиғалар көп. Бірақ, соның барлығы бірдей бір ауыз әдебиетінде сақталып қалмаған. Тек кейінгі бір- екі ғасырда туған тарихи аңыз -әңгімелер мен өлеңдер болмаса, арғы көне дәуірлердің нақтылы деректеріне құрылған жыр үлгілері жоқтың қасы. Соның ішінде тарихи ұсақ жырлар, яғни бір кездегі Қорқыт, Еділ- Жайық туралы, Шыңғыс ханның қаһарлы жорығы, Ақсақ құлан, Жошы хан туралы өлеңдер өте аз сақталған», -дейді. Халық поэзиясының дер кезінде хатқа түспеуінен көп қазыналар ұмытылып, кей үлгілерінің түрлі өңдеулерден өтіп отырғаны баршамызға белгілі. Ендеше тарихи өлеңдер халық поэзиясының бір саласы болғандықтан мұндай әрекетті айналып өтуі мүмкін емес еді.

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Сейіт Қасқабаев - фольклортанушы ғалым
Ғалымның қазақ ертегілеріне қатысты ұстанған көзқарастарының концепциясын айқындау
Қазақ халық ауыз әдебиеті
Ыбырай Алтынсарин - ақын
Рахманқұл Бердібай - фольклор зерттеуші
Қазақ ауыз әдебиеті - қазақ халқының көркем әрі шебер сөз туындысы
Орал өңіріндегі қазақ фольклоры
Ә.Қоңыратбаев - фольклортанушы
Қазақтың ғашықтық жырлары
Қазақ фольклортану ғылымының тарихы, даму кезеңдері фольклор табиғаты мен тарихы туралы әр кезеңдердегі пікір-тұжырымдар
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz