СОЛТҮСТІК ӨҢІРІНІҢ АҚЫН-ЖЫРАУЛАР ӨЛЕҢДЕРІНІҢ ТІЛДІК- КӨРКЕМДІК ҚЫРЛАРЫ


КІРІСПЕ
Солтүстік өңіріміздің ақын-жырауларының шығармашылық өмірбаяндары бүгінде зерттеу еңбектерінің нысанына айналып, жаңа кезеңнің дәстүрлі үрдісі ретінде көрініс беріп отыр. Ақындарымыздың поэзиясының қоғамдық өмір мен табиғат құбылыстарын көркем оймен қабылдаудағы және жеткізудегі көркемдік танымы мен тарихилығы өзара тереңнен тамырласып жатқан тақырыптық-идеялық, эстетикалық, философиялық ізденістері мен даму жолдары, стильдік, тілдік, бейнелеу амал-тәсілдері, ақындық өрнектерінің қалыптасуы жайында зерттеу жүргізу - қазақ тіл білімі ғылымындағы көкейкесті мәселе.
Осындай мол мұра қалдырған елді асқақтаған әнімен, өнерімен сүйсінткен, күнделікті тірлікті сұлу етіп сүре білген Ақан серіні, аспандағы аққудың сұңқылына әнін қосқан Үкілі Ыбырайды, от ауызды, орақ тілді дүлдүл ақын Шал ақынды, қазақ халқының маңдайына біткен шоқтығы биік қайталанбас біртуар перзенттерінің бірі Сегіз серіні, ұлттық сананың биік шыңын, ұлттық сергелдеңге душар болғандағы мұңын бір дастанға сыйғыздыра жырлап, «Елім-ай» дастанымен елге танылған Қожаберген жырауды, жырымен жұртын оятқан ақиық ақын Мағжан Жұмабаевты дүниеге әкелген киелі өңірді қалайша тегін деп айтарсың.
Диплом жұмысының өзектілігі. Ақын-жырауларымыздың ұлттық поэзия тарихындағы орны ерекше. Олардың әдеби мұрасы соңғы жылдарда әр қырынан талданып, зерделенуде. Дегенмен, өңіріміздің ақын-жырауларының поэзиялық шығармаларында көркемдегіш-суреттегіш құралдардың қолданылуына, көркемдік шеберлігіне қажетті деңгейде барынша назар аудару, зерттеу, тексеру - қазақ тіл білімі ғылымының өзекті мәселесі.
Жұмыстың өзектілігі мен зәрулігі ақындардың шығармаларынан көрінетін тілдегі көркемдегіш құралдардың, троптардың қолданылуы мен шығарма табиғатындағы көркемдік ерекшелікті айқындаумен сабақтас болады.
Жұмыста ақындарымыздың поэзиясының көркемдік құрылымының бүгінгі күнге дейінгі зерттелу деңгейіне арнайы тоқтала отырып, пайымдалғаны көрсетілді. Белгілі ғалымдар мен қаламгерлердің ат салысуымен ақындардың өмірі мен шығармашылық жолына, қазақ тіл білімінде алатын орны туралы еңбектер жазылды. Дегенмен ақындарымыздың поэзиясының көркемдік құрылымы негізінде сөз қолдану амал-тәсілдері мен көркемдегіш құралдарды пайдалану деңгейінде жүйелі қарастырылған зерттеу еңбектері әлі де көріне қойған жоқ.
Зерттеу нысаны. «Елдің атын ер шығарады» деп халқымыз бекер айтпаған ғой, біздің өңіріміздің атын алысқа жайған ірі тұлғаларымыздың шығармашылығы жете талдау жасауды, оның ішінде жұмысымызда көзделгендей көркемдік құралдарды қолдану амал-тәсілдері жағынан талдауды қажет етеді. Сондықтан Солтүстік Қазақстан ақын-жырауларымыздың сөз қолданысындағы көркемдік шеберлігін зерттеу жұмысымыздың басты нысаны болмақ.
Зерттеудің мақсаты мен міндеттері. Ақын-жыраулардың шығармаларында кездесетін тіліміздің образдық, суретшілдік, өлең өрнегінің түрленіп құбылуы, ақынның тілдің көркемдегіш құралдар қызметін жете түсініп, көркемдеп, әсерлі, жетік, мәнерлі қолдана білуі жеке зерттеуді, көп ізденісті қажет етеді.
Осы жоғарыда аталған мәселелер аясында зерттеу жасай отырып, алдымызға қоятын мақсатымыз: Солтүстік өңірінің ақын-жыраулардың шығармаларының көркемдік ерекшелігі мен ақындардың шығармаларында көркемдегіш құралдардың қолданылу ерекшелігін саралау. Сол көркемдегіш құралдар арқылы өлең өрнектерінің түрленуінде өзі өмір сүрген орта мен қоғамның сипатын әсерлі бейнелей білуіне көз жеткізу. Олардың ақындық даналығы мен даралығын белгілейтін, поэзиясының көркемдігі мен суреттілік сырларының тереңдігін, рухани байлығын, қиялының ұшқырлығын, қабылдау қабілетінің жоғары екендігін дәлелдейтін осынау күрделі құбылыстардың шығармаларында керемет көрініс тауып, өзіндік бағыт-бағдар алуы мен көркемдік нақыстар туғызуына негіз болғандығын байқадық.
Зерттеу барысында алдымызға қойған мақсатқа жету үшін төмендегідей міндеттер қойылды:
- өлең кестесіндегі көркемдегіш құралдардың, бейнелі сөздердің қызметін, алатын орнын анықтау;
- метафора, теңеу, эпитет, метонимия, кейіптеу секілді тілдік, образдық, бейнелі сөздерді қолданудағы амал-тәсілдері;
- ақындардың шығармаларындағы көркемдік ерекшеліктердің, түрлі сөз қолданыстарының табиғат, қоғам, жеке адам өмірін сипаттауда алатын орны.
- лингвостилистикалық, лингвопоэтикалық талдау арқылы көркем мәтінде кездесетін көркемдік құралдары мен айшықтау тәсілдеріне тілдік тұлға тұрғысынан назар аудару, концептілік өрісін айқындау;
- көркем мәтіндегі «ғаламның тілдік бейнесінің» концептілік құрылымын нақты тілдік деректермен дәйектеу;
Диплом жұмысының дереккөздері. Диплом жұмысының дереккөздері ретінде Қожаберген жыраудың, Сегіз серінің, Ақан серінің, Шал ақынның, Үкілі Ыбырайдың, Мағжан Жұмабаев шығармаларының жинақтары мен Ахметов З., Қоңыров Т., Қабдолов З. сынды ғалымдардың зерттеу еңбектері пайдаланылды.
Жұмыстың ғылыми жаңалығы. Жұмыстың ғылыми жаңалығы болып ақындар шығармаларындағы көркемдегіш құралдардың қолданылуы. Тілді байытар, көркем шығарманы шырайландырар тәсілдер ұшан-теңіз. Сол амал-тәсілдердің, тілдік-көркемдегіш құралдардың солтүстік өңірінің ақын-жыраулар шығармаларында қолданылуы, ақынның сөз құбылту, түрлендіру, суреткерлік шеберлігін алғаш рет димлом жұмыстың зерттеу нысанына алынып отыр.
Зерттеудің теориялық және практикалық мәні. Шығармашылықтары сан қырлы, күрделі құбылыс, сондықтан да жұмыстың ең негізгі нысаны олардың поэзиясындағы көркемдегіш құралдардың қолданылу ерекшеліктері мен лексико-грамматикалық байланысы қарастырылады.
Зерттеу нәтижелері қазақ әдебиетінің тарихы мен теориясына белгілі бір дәрежеде үлес қосады. Әсіресе, әдебиеттегі көркемдік тәсіл мен көркемдегіш құралдардың сипатталуына, өлең құрылысындағы ерекшеліктердің берілуіне септігін тигізеді. Ақындар мұрасының зерттелмей жатқан жақтарын толықтыруға жол ашады.
Ғылыми жұмыстың нәтижелерін қазақ әдебиетінің тарихы, қазақ тілінің стилистикасы, көркем мәтінді лингвистикалық талдау т. б. элективті пәндердің дәріс сабақтарында пайдалануға болады.
Қорғауға ұсынылатын негізгі тұжырымдар. Зерттеу нәтижесінде төмендегідей тұжырымдар ұсынылды:
- өлең өрнегіндегі көркемдегіш құралдардың, бейнелі сөздердің қызметі, алатын орны көрсетілді. Метафора, теңеу, эпитет, метонимия, кейіптеу секілді тілдік, образдық, бейнелі сөздерді қолданудағы амал-тәсілдері көрсетілді;
- Әрқайсысы да табиғатты адам өмірімен байланыстыра отырып табиғи суреттерді жандандыруда көркем сөз қолданыстарын шебер пайдаланған;
- Әр ақын не жырау поэзиясының стилі, көркемдік құрылымы, сөз мәнері, тілі ақындарымыздың өзіндік ерекшелігін көрсетеді.
Зерттеу әдістері: Диплом жұмысын жазу барысында төмендегідей әдістер пайдаланылды: салыстыру, жинақтау, топтау, тұжырымдау, талдау т. б.
Жұмысытың құрылымы: Дипломдық жұмыс кіріспе, негізгі бөлім және қорытындыдан тұрады. Соңында пайдаланылған әдебиеттер тізімі көрсетілген.
НЕГІЗГІ БӨЛІМ
І Солтүстік өңірінің ақын-жырауларының шығармашылық жолы
Өскелең ұрпақты өткеннің өнегесімен тәрбиелеу қажет. Көкірегінде өткенімізге деген мақтаныш сезімі ұялағанда ғана олардың бойында отаншылдық асқақ рух пайда болмақ. Бұл жұмыстың негізгі ұстанған мақсат-мұраты да осы.
Бабалардың ғасырлар бойғы арманы орындалып, азаттықтың ақ таңы атып, төбемізде тәуелсіздіктің көк туы желбіреді. Егемен ел болып, еңсемізді тіктедік. Бай тарихымыздың барын бағамдап, жоғын түгендеп, келмеске кеткен кер заманның кесірінен ақтаңдаққа айналған тұстарын жадымызда қайта жаңғыртып жатырмыз.
Бұған Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың “Мәдени мұра” бағдарламасын әзірлеп, іске асыруды тапсырғаны негіз. Бағдарламаның мақсаты - халықтың орасан мол мәдени мұрасын, соның ішінде осы заманғы ұлттық мәдениетін, фольклорын, дәстүрлері мен салттарын зерделеудің біртұтас жүйесін жасау, ұлттық тарих үшін ерекше маңызы бар елеулі мәдени-тарихи және сәулет ескерткіштерін қалпына келтіруді қамтамасыз ету, ұлттық әдебиет пен жазудың сан ғасырлық тәжірибесін қорыту және кеңейтілген көркем, ғылыми, өмірбаяндық дестелер жасау.
Айтулы бағдарлама негізінде еліміздің бай мұрасы зерттеліп, қорғалуда, тарихи және мәдени ескерткіштер қалпына келтірілуде. Солтүстік Қазақстан облысы аумағында мемлекеттік қорғауға алу үшін 600 ескерткіш Үкімет қарауына ұсынылған. Оның ішінде архитектуралық, археологиялық, тарих, монументтік өнер ескерткіштері бар. Республикалық маңызы барлары - 7.
“Жеті атасын білмейтін ер жетесіз, жеті ғасыр тарихын білмейтін ел жетесіз” деп атам қазақ бекер айтпаған ғой. Біз ата тарихын саралап, тарих қойнауын аралап, ұлыларымызды даралаудамыз. Ондағы мақсат - ұлыларды зерттеп, олардың мол мұрасын кейінгі келер ұрпаққа аманат ету.
Өткенге тағзым етіп, ата тарихын таразылауда атқарылып жатқан жұмыстар баршылық. Сонау замандарда исі қазақтың ұранына айналған, жаугершілік заманда құрып кетудің аз-ақ алдында қалған үш жүздің басын біріктіріп, жауға шапқан батыр бабамыз Абылай ханның Қызылжардағы ордасы қайта қалпына келтіріліп, санадан біртіндеп өшіп, жас жеткіншектерге беймәлім болып бара жатқан баба аты қайта жаңғырды. Бүгінде жас ұрпақты ерлікке, елжандылыққа, адамгершілікке тәрбиелейтін бірден-бір орынға, қаламыздың көркіне, мақтанышына айналды.
Сондай орындардың қатарына Айыртау ауданының Сырымбет қорымындағы Шоқан Уәлихановтың мемориалдық мұражайы мен оның әжесі Айғанымның мұражай қонысын, Жамбыл ауданында Қожаберген жыраудың жерленген жерінде орнатылған ескерткішті тағы басқаларын атап айтуға тұрарлық.
Бұдан басқа да ғибратты ғұмырлары мен ұлағатты сөздері исі қазаққа ортақ от ауыз, орақ тілді би-шешендер, елдік пен ерліктің қорғаны батыр-бағыландар мен ел ұстыны болған қайраткер тұлғалар тарихы Қызылжар өңірінде аз емес.
Қазақтың сал-серілер мектебінің алтын ордасы болған Есіл-Көкше өңірін еске алғанда Сегіз сері, Біржан, Ақан сері, Үкілі Ыбырай ойға оралады, көңіл толқытады, ән әлеміне бөленесің.
Үкілі Ыбырай
Үкілі Ыбырай Сандыбайұлы осы күнгі Солтүстік Қазақстан облысы, Айыртау ауданында қарасты Үкілі Ыбырай ауылында 1958 жылы ауылында дүниеге келді[1, 3 б. ] .
Біржан сал жас Ыбырайды алғашқы рет тыңдағанда Ақан серіге қарап: «Ақанжан-ай, ертіп келген шәкіртіңе қанықтым, қазақта жылқының перісі Құлагер болса, ақынның перісі осы екен. Қазақ әніне өзім жеке-дара тұрмын, өзгелерге Ыбырай жеткізбес»- деген баға берген екен[1, 4 б. ] .
Ыбекең тек қана ауыз әдебиетінің өкілі емес, ол өзінің ең жақын һәм жанашыр пір тұтқан ұстазы Ақан сері секілді суырып салма төкпе де, ойланып жазар жазба да ақын. Негізінде олар ауыз әдебиеті мен жазба ақындарының ортасындағы табиғи алтын көпірлер іспеттес жол салды. Ыбекеңнің ақындық ерекшелігіндегі басты көрініс сол жан-жақтылықта жатыр. Керегінде ағыл-тегіл құйғытып, қай сайысқа болсын іркілмей кірісе кетеді. Күрделі ән, не өлең туарда ішіндегі нәрестесін тоғыз ай, тоғыз күн көтеретін анадай ұзақ уақыт толғатып аққудың қос қанатына байлардай етіп жетілдіреді. Ақындық ерекшеліктің қайнар көзі нәзік сезімге оранған ақыл мен ойдан туса, сол көкейкесті түйткісін Абай айтқандай: «Тіл ұстартып, өнер шашардай» дәрежеге жеткізеді. Ақындық дерті - тілде. Ыбырайдың тілі де жебедей жеткіш өткір тіл. Жас кезінде әрлі сөз, ұлғая келе мәнді сөз, ашынғанда зәрлі сөз таба білген Үкілі Ыбырайдың тілінде ақындық ерекшелігінің басты арқауы жатыр. Ақынның тіл байлығы шерлі сөзімен зерлі сөзін қоса жекеше талдауды талап ететін үлкен қазына. Ол ержүрек, тапқыр да айтқыр, тіксілтегіш қайсар ақын [1, 6 б. ] .
Үкілі Ыбырайдың тіл өрнегіне назар аударсақ, оның мейірімі мен қайырымы тартып, өзгеден айырымы ашық көрініске жолығамыз. «Гәкку» деген сөздің өзі де қазақтың поэзиясы мен бүкіл тіл әлеміне алтын айдардай болып кірген ғажайып. «Үліпкер сүт бетінде балдай қаймақ» -десе «үліпкері» үздік тілдің белгісі ғой. «Қарақат көзді, сым саусақ» - теңеуге жүйріктігі. «Көк зеңгір, жасыл жартас Жалғызтауым» - дегені қандай әсем. «Қайқақтамай көтерер, досы үшін тау-тасын» - дегені де нағыз қазақы тіл. Ал: «Бір атым насыбайдан көңіл қалар, айта бер, айтсаң сағың сынбағанға» - дегені тереңдіктің көрінісі. Майталман ақынның қай өлеңін алсақ та, ұлттық суреткерлікті білдіретін бояуы ашық ояу сөзді, ішкі маңызы мен айтар ойға дәлме-дәл келтіріп, тап басқыштығына қайран қаламыз. Тіл мен жаққа құр сүйену емес, өткір тілі әсем әндеріне де дәйек болып ескек желдің табиғи сыбырындай поэзия әлемін кеңейте түсуге сенімді семсер міндетін атқарады[1, 7 б. ] .
Ақынның поэзиялық ерекшеліктері туған жері, өмір сүрген қоғамдағы ортасы, соған байланысты әлеуметтік һәм саяси құбылыстарды өз жүрегінен өткізіп, өзінше тебіреніп көңіл күйін, жүрек сезімін, ақыл-ой толғаныстарын ақ қағазға түсіре білуінде жатыр. Ерекшелік деген әркімнің өз болмысы, өз мінез-құлқының айнадағы бейнесіндей көрініс қой. Өмірде қаншама адам бар, соншама мінез-құлық бар, стиль - деп аталатын айқындауыш түрі бар. Сол стильде ақынның да ерекшеліктері әр теңіздің өз тасқынындай толқын ұрып жағалауға жетіп жатады[1, 21 б. ] .
Сегіз сері
«Елдің атын ер шығарады» деп халқымыз бекер айтпаған ғой, біздің өңіріміздің атын алысқа жайған бұл өңірдің тумасы Сегіз сері әнімен тербеген. Сегіз сері, 1818 жылы Гүлтөбеде дүниеге келген.
Ұлы қаламгер Ғабит Мүсіреповтің өзі «атақтының атақтысы» деп баға берген Сегіз (азан шақырып қойған аты - Мұхаммедқанапия) Баһрамұлы Шақшақов - қазақ халқының маңдайына біткен шоқтығы биік қайталанбас біртуар перзенттерінің бірі [2, 146 б. ] .
Сегіз сері әнші, күйші болумен бірге саятшылық, зергерлік істерімен айналысады. Сондай-ақ ол ақындық өнеріне де ден қояды. Сегіз сері Баһрамұлы Шақшақов қалдырған әр алуан өлең, толғау, қисса, дастандар мен мақал-мәтел, шешендік сөздерді алғаш жинап тапсырушылар - Мәди Болатов пен фольклоршы Қаратай Биғожин болды.
Сегіз сері жөнінде соңғы жылдары ғана сөз бола бастады. Алғаш ақынның есімі мен мұрасын еске түсіріп, қозғау салған әйгілі жазушы Ғабит Мүсірепов өзінің «Ұлпан» атты романында Сегіз сері туралы былай деп жазады: «Бұл келген Керей аталатын көп рулы елдің аты шулы ақын-әншілер жыраулар еді. Бәрі де атақтының атақтысы - Сегіз сері ақынның мұрагерлері [3, 164 б. ] . Кезінде Сегіз серіні қазаққа қиғысы келмеген кейбіреулердің: «Ұлпан» көркем шығарма, Сегіз сері - жазушының қиялынан туған кейіпкер», - деп жазғандар болатын. Бірақ бұл қате пікір, өйткені «Ұлпан» - деректі роман, ондағы кейіпкерлердің бәрі - өмірде болған адамдар [4, 11 б. ] .
Сегіз серінің әнші, күйші, жыршы, ақын болып қалыптасуына оның өскен ортасының игі әсері болғанын байқаймыз. Айталық, Баһрамының немере ағасы Жанкісіұлы Салғара (1750-1859) - атақты әнші, күйші, сазгерлігімен қатар, ақындығымен де жұртқа мәлім кісі. Сол елдегі Көшен Бауыржанұлы, Иманғабит Ырғызбекұлы іспеттес сал, серілер де кезінде Сегізге үлгі, өнеге көрсетіп, ұстаздық етеді. Тіпті Сегіз сері өскен ортадан ақындық пен сал-серілік дәстүр ешбір үзілмей, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып отырған. Мұны сол тұстағы халықтық өнер мектебі деуге де болар еді. Сегіз өзінің шығармашылығы жөнінде «Қашқан келбеті» атты өлеңінде былайша айтқан:
Гауһармын таразыға салынбаған,
Қылышпын қынабынан алынбаған
Керейдің Сегіз атты саңлағымын,
Секілді жанған оттай жалындаған.
Көп жігіттің топ бастар серкешімін,
Ортасынды биігі - өркешімін
Сал, серінің жетекші өнерпазы,
Үш жүздің бұл күндегі еркесімін [2, 148 б. ] .
Сегіз серінің артына қалдырған мол әдеби мұрасын ғылыми тұрғыдан зерделеу, зерттеу қажет. Қазірдің өзінде бұл орайда едәуір іс тындырылғанын оқырман қауым жақсы біледі. Десек те, Сегіз сері жайлы қалам тербеген көрнекті ғалымдар Әлкей Марғұлан мен Қайым Мұхамедхановтың, жазушы журналистер Есенкелді Жақыповтың, Нәбиден Әбуләлиев пен Төлеш Сүлейменовтің, тағы басқалардың еңбектеріне қайта-қайта үңіліп, соларды салыстыра отырып, тарихи шындықты іздестірсе, артық емес.
Осындай Бір ұмтылыс кезінде тарих ғылымының докторы, профессор Зұлқарнай Алдамжаровтың тарапынан жасалғанын айту зор ғанибет. Ол өзінің 2002 жылы «Арыс» баспасынан жарық көрген «Тарих:пайым мен тағылым» атты кітабында Сегіз сері туралы деректерді тарихи тұрғыдан тексеріп, ел ішінде айтылып жүрген шежіремен мұқият салыстырып шығады, дәлелді сөз айтады, кейбіреулердің көңілінде жүрген күдікті сейілтеді [5, 145 б. ] .
Ақан сері
ХІХ ғасырдың екінші жартысында қазақ халқының ұлттық мәдениетінің биікке көтеруге өз үлесін қосқан аса дарынды тұлғалардың алдыңғы сапында Ақан сері Қорамсаұлы тұрады.
Өмірі де, өнері де аса өнегелі талантты жанның туған жері мен өскен ортасын, тәлім алған мектебін, адамдық болмысын, серілік-өнерпаздық үлгісін тану әркімге де қызықты-ақ.
Ақан сері 1843 жылдың қыркүйек айында қазіргі Ақмола облысындағы Қоскөл деген жерде дүниеге келген. Саясында сексен көлі шалқыған, баурайында шоқ қайыңдар ырғалып өскен, жазығында жасыл желек жайқалған, биігінде қыран құстар қалықтап, етегінде киіктер жүйіткіген көрікті де көркем Көкшетау аймағы болашақ ақынның туып-өскен асыл мекен еді[2, 164 б. ] .
Ақан шыр етіп өмірге келгенде Қоскөлдегі ағайын-туыс бөркін аспанға ата қуанады. Шілдеханаға жиналғандар азан шақырып атын Ақжігіт қояды. Ата-анасы, ауыл-аймағы ақ көңіл, қағылез, алғыр, сүйкімді ұлды еркелетіп «Ақан» деп атап кетеді[2, 165 б. ] .
Сан қырлы дарындылық, поэзия мен музыканың тел қозыдай табысуы, өзіне ғана тін нақыш, жоғары деңгейдегі орындаушылық шеберлік Ақан сері шығармашылығына тән басты-басты қасиеттер. Қазақ мәдениетінің алтын қорына Ақан серінің елуге жуық музыкалық-поэтикалық мұрасы енген. Ақан сері шығармалары поэтикалық тұнықтығымен, образдар әлемінің тереңдігімен, поэтикалық және музыкалық тілінің шырайлылығымен, айрықша талғампаздығымен, нақыштық тазалығымен ерекшеленеді. Оның шығармашылық болмысының басты қасиеттері өмір шындығын боямасыз, жырлауы, психологиялық иірімдерге толы, эмоциялық бояуының қанықтығы. Шығармаларының басым бөлігін қамтитын кеңінен танымал көңіл-күй және махаббат лирикаларында ғажайып табиғат суреттері мен нәзік мұң, өмір қиыншылықтары туралы трагедиялық пайымдаулары шынайы да шымыр, қатар өріліп жатады. Оның стиліндегі жоғары жетістік кең тыныстылық, ән иірімдерінің нәзіктігі, әуен әсемдігі, интонациялық суреттерінің молдығы, сазының биік те асқақ, ырғақтары мен қайырымдарының ұзақтығы. Ақан серінің «Ақтоқты», «Алтыбасар», «Терқатқан», «Мақпал», «Балқадиша», «Сырымбет», «Майда қоңыр», тағы басқа әндері әйел жанының сұлулығын жарқырата көрсетумен бірге, махаббат құдіретін асқақтата суреттеуімен құнды. Кеңінен танымал бұл әндер әйелдер образының галереясын жасап, шынайы махаббат рухын ту етіп көтереді. Ақан сері ақын-әнші ғана емес, саңлақ аңшы, атбегі де. Ақанның сүйікті досына, қимас өмірлік серігіне айналған сәйгүлігі мен қыран құстарына арналған «Маңмаңгер», «Қараторғай», «Көкжендет», «Құлагер» әндерінде Ақан серінің ішкі жан-дүниесіндегі бұрқаныс, қан жылаған жүрек, телегей теңіз мұң мәймілдеп тұрғандай. Ақан сері басындағы трагедиялық күй кез келген жүректі толқытады. Әсіресе, «Құлагердегі» экспрессивті интонация, толқыған мұңлы әуен, драмаға суарылған қайғылы оқиға шынайылығымен баурайды. Ән ақын өмірінің трагедиялық сәтін бейнелеумен қатар, сол қоғамдағы өнер адамдарының тағдырын қамти отырып, өзі өмір сүрген қоғамның әділетсіз бет-бейнесін ашады. Ақан серінің музыкалық туындылары қазақ өнерінің өркендеуіне зор ықпалын тигізді. Оның шығармаларын белгілі әншілер Ә. Қашаубаев, Ж. Елебеков, М. Ержанов, Ж. Кәрменов, т. б. ел игілігіне айналдырады. Серінің өмірі мен тағдыры туралы І. Жансүгіров «Құлагер» поэмасын, Ғ. Мүсірепов «Ақан сері-Ақтоқты» драмасын, С. Мұхаметжанов осы аттас операсын, С. Жүнісов «Ақан сері» романын жазды [6, 48 б. ] .
Шал ақын
Шыңнан шыққан бұлақтай өзінің мөлдір таза үнімен, асқақ өлеңімен Шал ақын бабамыз арамызға екі жарым ғасырдан соң қайта оралып, қайта түлеп, жаңаша жаңғырып жетіп отыр. «Таза мінсіз асыл тас су түбінде жатады, таза мінсіз асыл сөз ой түбінде жатады» деп Асан қайғы айтқандай асыл сөздің атасы, шақпақ сөздің шебері Шал ақын.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz