Сөз мағынасының кеңеюі мен тарылуы


МАЗМҰНЫ
КІРІСПЕ . . . 3-4
I. СӨЗ ЖӘНЕ МАҒЫНА
1. 1. Сөз теориясяның негіздері . . . 5-12
1. 2. Сөздің лексикалық мағынасының түрлері . . . 12-29
II. СӨЗ МАҒЫНАСЫНЫҢ ДАМУЫ
2. 1. Сөз мағынасының кеңеюі мен тарылуы . . . 30-37
2. 2. Полисемия және контекст . . . 37-47
ҚОРЫТЫНДЫ . . . 48-49
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ . . . 50-51
КІРІСПЕ
Диплом жұмысының өзектілігі.
Сөз - тіл білімінің барлық саласының негізгі зерттеу объектісінің бірі болып саналады. Бірақ тіл білімінің әр саласы сөздің бір қырын ғана өз объектісі етіп алады да, өз заңдылықтары негізінде сөз етеді. Бұл сөздің универсалды қасиетін емес, олардың күрделі құбылыс екендігін білдіретін бір белгісі ғана. Сондықтан да сөздердің фонетикалық жақтан ғана талдап, барлық қасиеттерін анықтау мүмкін емес. Сондай-ақ сөздерге грамматиккалық жақтан талдау жасау мүмкін, бірақ сөздердің барлық қасиеттерін грамматикалық белгілері арқылы ашу мүмкін еместігін жасыруға болмайды. Фонетиканың ең кіші элементі болып саналатын фонема болсын, грамматиканың ең кіші элементі болып саналатын морфема болсын - барлығы да сөз бойынан табылатын нәрселер.
Диплом жұмысының өзектілігі. Сөз мағынасы, сөз мағынасының даму заңдылықтары, синоним, антоним сияқты құбылыстар да сөздерге тән заңдылықтар.
Сөз мағынасының тілдесім барысында тілдік мағынасына айналуы, ақпараттық мазмұнының кеңееюі сияқты мәселелер жұмыстың өзектілігі болып табылады.
Зерттеу нысаны. Сөздік тілдік бірлік ретіндегі тілдік ортадағы сипаты, қолданыстық ерекшелігі, тілдік мағынаның жасалу жолдары мен сөз астары сияқты құбылыстардың халық тілінің байлығын танытумен бірге, тілдің қолданылуының мол мүмкіндіктерін де көрсетеді. Сөздің әмбебап тілдік құрал екендігін жан-жақты саралай отырып, оны көркем шығарма мәтіндерінен алынған тілдік деректер негізінде анықтау ғылыми жұмыстың зерттеу нысаны болып табылады.
Диплом жұмысының мақсаты мен міндеттері.
Диплом жұмысының мақсаты - сөздің тілдік бірлік ретіндегі сипатын анықтау; сөздің белгілі бір мәнмәтінде тілдік мағынаға ие болып, ақпараттық өрісінің ұлғаю жолдарын саралау; шығарма тілінде құрылымдық өзгеріске ұшырап, окказионалдық сипат алған сөздердің мағынасын саралау.
Зерттеудің әдіснамалық негізі.
Б. Сағындықұлының «Сөздің тілдік мағынасы дегеніміз белгілі бір тілдік ортада қолданысқа түскенде білдіретін мағынасы»-деген анықтамасын басшылыққа ала отырып, сөз мағынасының қолданыстық әлеуетін анықтау. Автордың белгілі бір мақсаттағы қолданыстық ерекшелігі, атау таңдау еркіндігі тұрғысынан пайымдалды.
Зерттеу әдістері. Жұмыста көркем шығарма тілінен алынған тілдік деректерге анализ-синтез жасау, зерделеніп отырған тілдік бірліктерге қатысты ғылыми пікірлерді жинақтау, оларды қорытындылау барысында индукция-дедукция әдістері қолданылды.
Зерттеудің теориялық және практикалық қажеттілігі. Сөйлеушінің мақсатына қарай тілдік құралдарды саралап қолдану ерекшелігін зерттеп, белгілі бір мағынаның тілдік құралдар арқылы берілу жолдарын пайымдау зерттеу жұмысының теориялық қажеттігі болып табылады.
Диплом жұмысының материалдары мен тұжырымдары мұғалімдерге қазақ тілін тереңдетіп оқытуда, қазіргі қазақ тілінің лексикологиясы курсына қосымша материал материал ретінде, «Көркем мәтінді лингвистикалық талдау» курсына қосымша құрал ретінде пайдалануға болады.
Диплом жұмысының материалдары мен дереккөздері.
Шығармада қолданылған лексикалық бірліктердің қолданылу ерекшелігін айқындау негізінде түрлі ғылыми еңбектер мен осы тақырып көлеміндегі мақалалар, түсіндірмелі және фразеологиялық сөздіктер пайдаланылды.
Диплом жұмысының құрылымы.
Жұмыс кіріспеден, екі тараудан және қорытындыдан тұрады. Соңында пайдаланылған әдебиеттер тізімі берілген.
1 СӨЗ ЖӘНЕ МАҒЫНА
1. 1 Сөз теориясының негіздері
Сөз - тіл білімінің барлық саласының негізгі зерттеу нысандарының бірі болып саналады. Бірақ тіл білімінің әр саласы сөздің бір қырын ғана өзінің зерттеу нысаны ретінде таңдап алады да, өз заңдылықтары негізінде қарастырады.
Сөз - тіл білімінің барлық саласының негізгі зерттеу объектісінің бірі болып саналады. Бірақ тіл білімінің әр саласы сөздің бір қырын ғана өз объектісі етіп алады да, өз заңдылықтары негізінде сөз етеді. Бұл сөздің универсалды қасиетін емес, олардың күрделі құбылыс екендігін білдіретін бір белгісі ғана. Сондықтан да сөздердің фонетикалық жақтан ғана талдап, барлық қасиеттерін анықтау мүмкін емес. Сондай-ақ сөздерге грамматиккалық жақтан талдау жасау мүмкін, бірақ сөздердің барлық қасиеттерін грамматикалық белгілері арқылы ашу мүмкін еместігін жасыруға болмайды. Фонетиканың ең кіші элементі болып саналатын фонема болсын, грамматиканың ең кіші элементі болып саналатын морфема болсын - барлығы да сөз бойынан табылатын нәрселер. Сөз мағынасы, сөз мағынасының даму заңдылықтары, синоним, антоним сияқты құбылыстар да сөздерге тән заңдылықтар.
Сөздің күрделі екендігін көпшілік ғалымдар мойындаса да, оның қандай элементтерден құралатындығын анықтап, ол элементтерді белгілеп, жан-жақты сипаттап бере қоярлықтай пікір қазірше айтыла қойған жоқ. Тіпті сөздерге көпшілік ғалымдар мойындаған ғылыми анықтаманың да берілмегендігін айтудың өзі бұл мәселенің қаншалықты қиын екендінін көрсетеді. Бұдан, әрине, жалпы тіл білімінде сөз дербес зерттеу объектісі болмаған екен деген пікір тумауы керек. Керісінше, сөз - жүздеген ғалымдардың пікір айтуына, зерттеулеріне арқау болған категория. Сөз теориясына көз салсақ, оған үңіле қараған ғалымдардың көпшілігі не бірі екіншісін қайталайды, не өзінше азын-аулақ жаңалық қосуға әрекет етеді, тіпті, ең болмағанда, өзіне дейінгі айтылған пікірлерге шолу жасаумен қанағаттанады. Әр ғалымның өзіндік дәлелдері, өздеріне тән пікірлері де барлығын жасыруға болмайды. Өйткені әркім өз пікіріне, өз дәлеліне сүйене отырып көзқарасын айтады, пікірін дәлелдеуге әрекет етеді, анықтама береді. Олар берген кей анықтама басқаларынан қарапайым болып келсе, екіншілері күрделілігімен ерекшеленеді. Бүгінгі күнге дейінгі сөздерге берілген анықтамаларға талдау жасау біздің міндетіміз емес. Оларды тек салыстырып, сұрыптап бірнеше топқа бөліп көрсетуді жөн көрдік.
Орыс тіл білімінде академик В. В. Виноградов тілші Ф. Фортунатовтың «Жеке мағынаға ие болатын дыбыстардың барлығы да сөз» деген анықтамасына сын айта отырып, «Егер сөз тек екі жақты құбылыс дейтін болсақ, онда тілдегі әрбір жаңа түсінік, жаңа ұғым жеке сөзді талап еткен болар еді. Бірақ тілдегі жағдай бұдан сәл басқашалау» деген болатын. Автор сөзге берілген анықтаманы сәл күрделендіріп, оған жүйеге байланысты мағына қосады. «Сөзді дыбыс пен түсініктің бірлігі деп санау үлкен жаңсақтық. Сөзге бұлай анықтама беру оны өзі мүше болған құрылымынан ажыратады», ̶ деп көрсетеді [1, 16-б. ] . Сөзге мағына мен дыбыстың бірлігі, не мағына мен дыбыстың және грамматикалық категориялардың бірлігі деп берілген анықтамалардың бәрі қазіргі тілшілерімізді қанағаттандыра алмайтындығы анық, себебі сөз табиғаты одан күрделі болып табылады.
Тіл-тілдегі сөздердің табиғаты мен түрлі қасиеттерінің өзара сәйкес келе бермейтіндігі кей ғалымдарымыздың жалпы сөзге тиянақты анықтама беруге болмайды деген жаңсақ қорытындыға келуіне де себепші болған. Мысалы, М. Н. Петерсон: «Сөздерге қанағаттанарлық анықтама жоқ, оны берудің өзі де екі талай. Сөз - логикалық анықтама беріп болмайтын түсінік, сондықтан оны тек сипаттап не белгілерін көрсетумен ғана шектелген дұрыс», ̶ деген болатын [2, 12-б. ] . Осы пікірге жақын көзқарас Л. В. Щербада бар. «Шындығында сөз дегеніміз не? Меніңше, бұл түрлі тілдерде түрліше болады. Бұдан жалпы, сөз деген түсінік жоқ деген ұғым туады» [3, 24-б. ] . Екі автордың екеуін де сөзге анықтама бере алмағанын байқаймыз. Оның да себебі бар. Біріншіден, олардың екеуі де сөз мәселесін арнайы қастырмаған ғалымдар. Екіншіден, сөздің құрылымдық элементтері ол кезде толық зерттелмеген болатын. Үшіншіден, ол кезде ғалымдар жеке тілдердегі сөздерге емес, жалпы тілдердегі сөзге анықтама беруге тырысқан. Бірақ бұдан сөзге анықтама тек бір тілдің негізінде ғана беруге болады деген пікір қалыптаспауы тиіс. Демек, алдымен, бұл тілшілер жеке тілдердегі сөздердің табиғатын зерттеп, оларға анықтама беруді жөн көрген. Әр нәрсеге анықтама беру үшін оның қыр-сырын танып білу қажет. Сөзге де анықтама беру үшін алдымен олардың табиғатын жан-жақты біліп, оларға тән қасиеттерді анықтап алып, олардың өзара байланысын ашу керек болады. Сөз әмбебап тілдік бірлік ретінде оның қандай белгісі негізгі, қайсысы қосымша белгі болып табылатын айқындап, ажыратып алу қажет сияқты. Себебі жалпы тілдердегі сөздерге анықтама беру мәселесі - жеке тілдердегі сөздердің табиғатын толық ашып, оны анықтағаннан кейін ғана орындалатын жұмыс. Осыған орай, орыс тіл білімінде М. Д Степанова «Сөзге бір жақты анықтама беру, сөз түсінігін түрлі тілдерде универсалды етуге әрекет ету - сөзді қате талқылауға не жартылай ғана қамтуға, әсіресе анықтамалардың толық болмауына себепші болып жүр», ̶ деп айтқан пікірі өте орынды [4, 11-б. ] . Алайда сөзге тілдік бірлік ретінде көпшіліктің көңілінен шығатын анықтама берілмегенін көріп, сөзге мүлде анықтама беруге болмайды екен деген тұжырымға келуге болмайды.
Сөзге толық, оның қасиетін жан-жақты қамтыған, көпшіліктің көңілінен шығатын ғылыми анықтама берудің қиындығын көптеген ғалымдар мойындайды. Ғалым Л. В. Щерба: «Мен сөз туралы көптен бері ойланып жүрсем де, бұл проблеманы шешуді өз алдыма мақсат ете алмаймын», ̶ дей отырып, мәселенің күрделілігін, көп ізденуді қажет етіп, ұзақ уақыт бойы бұл мәселемен айналысу керектігін ескерткен болатын [3, 26-б. ] .
Кез келген құбылысқа анықтама беру дегеніміз - белгілі бір ұғымның барлық қасиеттерін санап беру деген сөз емес. Мысалы, тілшісі Н. М. Шанский сөзге тән 12 негізгі белгісін көрсеткен. Бірақ сөзге ғылыми анықтама бермей, тек жұмысшы анықтамасын бердім деп ескерткен. « . . . сөз өзінің негізгі формасында бір ғана екпіні бар және мағынаға ие, лексика-грамматикалық тұтастығы бар, бөлінбейтін тілдік бірлік», ̶ деп анықтама береді [5, 134-б. ] . Егер Н. М. Шанский санап көрсеткен сөздердің белгілерін анықтасақ, олар төмендегідей болады:
1) фонетикалық жақтан тұтастығы;
2) семантикалық валенттілікке иелігі;
3) арасына сөз салмайтындығы;
4) бір екпінге ие болатындығы;
5) бір лексико-грамматикалық категорияға қатыстылығы;
6) мағына мен дыбыс бірлігі;
7) қайта жасалынбайтындығы;
8) тұтастығы мен бірдей формаланатындығы;
9) көпшілік жағдайда сөз тіркестерінде қолданылатындығы;
10) ажыратылып тұратындығы;
11) номинативтілігі;
12) фразеологизмдік қасиеті барлығы [5, 132-б. ] . Сөздердің бұл сияқты көп қасиеттілігі кей тілшілердің бір тілдің өзінен бірнеше сөздердің түрлерін ажыратуына себепші болып жүр. Мысалы, 1960 жылы Ленинградта болып өткен сөздердің морфологиялық құрылымы туралы конференцияда баяндама жасаған О. П. Суник бір тілдегі сөзге анықтама беруге болады және сөздерге тілдің түрлі жағынан түрліше анықтама беруге болады деген. Сөзге бұл сияқты анықтама беруді бір кездерде В. В. Виноградов сыңаржақ зерттеуден туған қағида [1, 25-б. ] . деп бағаласа да, бұл пікірді дамытушылар да жоқ емес. Мысалы, С. Е. Яхонтев сөздерді түрлі қасиеттеріне қарап ажырата отырып, алтыға бөліп қарастырады:
1) графикалық сөз;
2) сөздіктегі сөз;
3) фонетикалық сөз;
4) жазба сөз;
5) флективті сөз;
6) бүтін сөз [6, 39-б. ] .
Тілші С. Е. Яхонтевтің бұл алты типті сөз теориясын тілшілер түрліше қабылдап жүр. Дегенмен, бұл сияқты топтастырулар да сөзге қолайлы анықтама беруге жағдай жасай алмайды. Керісінше, кей авторлар сөзге анықтама берудің орнына сөздің шекарасын, сөйлем ішінде бір сөзді екінші бір сөзден ажырату принципін басты мәселе ретінде қарастырғанын да байқаймыз. Бұларды тілші С. Е. Яхонтев көрсеткен сөздердің түрлері арқылы шешу мүлде мүмкін емес. Мысалы, графикалық сөз деген белгіге негіз болу үшін сөздер бірге жазылуы тиіс, ал бөлек жазылса, екі сөз болып саналады екен. Онда біздің: Байдалы дегеніміз - бір сөз де, тау ешкі дегеніміз - екі сөз. Өзіміз көріп отырғандай, мәселені тек күрделендіріп қана қойған. Себебі сөздің бірге не бөлек жазылуын орфографиялық принциптер белгілеп беретіні белгілі ғой. Ал орфографиялық принциптер сөздердің, тіл элементтерінің бір белгісіне қарап белгіленеді. Бірақ бұл принцип те тілдік заңдылықтарды барлық кезде дәл белгілей бермейді ғой. Мысалы, қазақ тілінің орфографиялық сөздігінде жоңышқабас (өсімдік атауы) бірге жазылса, тау сағыз (бұл да шөп атауы) бөлек жазылған. Бір таңданарлық жағдай сол - бұл сөздердің екеуі де шөптесін өсімдік атауы әрі екеуі де аналитикалық тәсіл негізінде жасалған зат есімдер. «Сөз - күрделі құбылыс» дегенде біз тілдік бірліктің тек тұлғасын есепке алып қана қоймай, сөздің басқа жақтарын да ескеуіміз қажет. Қазіргі кездегі жоғары оқу орындарына арналған еңбектерде сөзді мағына мен дыбыстың бірлігі деп тану кеңінен таралған түсінік екенін байқаймыз әрі оны көпшілік ғалымдар қолдайтын пікір десек те жаңылыспаймыз. Бірақ тілшілер арасында бұл екі категорияны әр түрлі түсінушілер бар екендігін жасыруға болмайды. Осындай пікір айтқан ғалымдарды, пікірлерінің ыңғайына қарай, бірнеше топқа бөліп қарастыруға болады.
Бірінші топқа: сөз - екі жақты категория деушілерді;
Екінші топқа: сөз - үш жақты категория деушілерді;
Үшінші топқа: сөз - таңба деушілерді енгізуге болады.
Сөз екі жақты не үш жақты құбылыс деп танушылар арасында тек сөз элементтерінің саны үшін ғана келіспеушілік бар деп айтуға болмайды.
Қай нәрсеге болмасын анықтама бергенде оның барлық қасиеттерін санамалап көрсету не түгел қамту деген сөз емес. Сондықтан заттарға не құбылыстарға анықтама бергенде олардың басты белгілерін анықтап, көрсетудің өзі де жеткілікті болады. Мысалы, адамды екі аяқты, екі қолды, тік жүретін саналы биологиялық ағза деп анықтама берсек, ол күлкілі болары анық. Ғалым Д. П. Горский кез-келген болмыстағы құбылысқа немесе затқа анықтама берудің екі түрі бар екендігін көрсетеді. Біріншісі, бізді қызықтырған затты басқа заттардан ажырату үшін берілген анықтама болса, екіншісі, жаңа терминдердің не бұрыннан бар терминдердің мағынасын анықтау мақсатында берілетін анықтама дегенді айта отырып, анықтама берілетін зат не терминнің күрделілігіне қарай, анықтама берудің он төрт түрлі жолы бар екендігін көрсеткен болатын [7, 63-б. ] . Сөзге анықтама бергенде де сөз түсінігін өзінен кеңірек түсінік құрамына енгізу керек. Яғни «Сөз дегеніміз - тілдің бір элементі». Бірақ қандай элементі деген заңды сұрақ туары сөзсіз.
Сөз тілдің қандай элементі екендігін көрсету үшін сөздің тіл құрылымындағы оның басқа элементтерімен қандай қатынаста болатындығын анықтау керек. Ол үшін сөздің ішкі құрылымын, қызметін ашып алу қажет болады: біріншіден, сөз бір не екі элементтерден ғана құралмайды. Егер күрделі сөз туралы пікір айтатын болсақ, онда ойлау, ұғым, объективті дүниедегі заттар сияқты түсініктермен бірге ішкі форманы есепке алу керек болады.
Екіншіден, дыбыс пен мағына жалаң өмір сүрмейді, олар өзара бір-бірімен белгілі қатынаста болады. Ф. де Соссюр мағына мен дыбыстың арақатынасын ақ қағаздың екі бетіне теңеген болатын. Дегенмен дыбыстар сөз құрамына енгенде қандай қызмат атқарады? Мағына қандай қызмет атқарады? Бұл сұраулардың да жауабы күні бүгінге дейін бір ізді емес. Үшіншіден, сөз бір дыбыстан да, дыбыстар тізбегінен де, көбіне дыбыстар тізбегінен жасалады. Әр сөздің құрамындағы дыбыстардың өзара іштей байланыстары қандай заңдылықтарға, неге сүйенеді? Бұл сұраулар қарапайым көрінгенмен ойланып жауап беруді талап етеді.
Төртіншіден, мағына түсінігі де жалаң түсінік емес, олардың да бірнеше кіші элементтерге бөлінетіні анық.
Тілші Б. Н. Головин «Сөз - мағына мен дыбыстардың бірлігі» деген анықтама беріп, оны жан-жақты дәлелдеген. Ал, «Сөз - белгілі бір ұғымды білдіретін дыбыстар тізбегі» деген анықтаманы, кей сөздер ұғымды білдірмейтіндіктен (мысалы, орыс тіліндегі да, нет, конечно, эх, ой), не кей ұғым сөздер тізбегі арқылы берілетіндіктен дұрыс емес дейді. Ал, өзі «пікір білдіру үшін еркін қолданылатын тілдің ең кіші мағыналық бөлшегін сөз дейміз» деп анықтама береді Анықтамада, сөздің негізгі белгісі ретінде:
1) тілдің ең кіші мағыналық бөлшегі;
2) Сөз сөйлеуде, пікір білдіруде қолданылатындығы;
3) еркін қолданылатындығы көрсетілген. Б. Н. Головин өзі берген анықтаманы талдай отырып, онда 4 түрлі негізгі белгіні есепке алғандығын ескертеді.
1. Сөздің дыбыс пен буыннан айырмашылығы - тілдің мағыналық бөлшегі екендігі.
2. Сөйлеу кезінде еркін қолданылады, яғни сөзсіз тіркесуді талап ететін басқа элементі болмайды. Бұл қасиетімен ол морфемалардан ерекшеленіп тұрады.
3. Сөйлесу кезінде өз дербестігін сақтайды. Бұл қасиеті жағынан ол сөз тіркестерінен ажыратылады.
4. Сөйлесу процесіне де қатынасады, яғни пікір алысу кезінде қолданылады, - деп көрсетеді. [8, 81-82 б. ] .
Сөз - мағына мен дыбыстардың бірлігі деген анықтама оқулықтарда көп кездеседі. Байыптап қарайтын болсақ, шындығында сөздің құрамында мағына мен дыбыстың болатындығы анық. Дыбысталусыз сөз болмайтыны сияқты, мағынасыз да сөз бомайды. Бірақ бұл анықтама да сөздердің барлық қасиеттерін анықтап бере алмайды. Мысалы, бір сөздің мағынасы тіл-тілдерде әр түрлі сөз арқылы беріледі. Салыстырыңыз, қазақша нан, орысша хлеб. Сондай-ақ бұл анықтама сөздердің көп мағыналық қасиеті мен синоним, антоним сияқты тілдік құбылыстардың басын ашып бере алмайды. Сол үшін де кей ғалымдар бұл анықтаманы сәл күрделендіріп: «Сөз - дыбыстар мен мағынаның тұтастығы, ақиқат заттың, құбылыстың жиынтық бейнесі», - деп береді [9, 11-б. ] . Соңғы анықтамада сөздің мағынасын ғана сәл күрделендірген. Жоғары оқу орындарында арналған осы оқулықта (лексика тарауын жазған Ғ. Мұсабаев) сөздің дыбысталу формасына да көңіл аударылады. Бірақ талдауда қиын соғатын, басқа тарауларда айтылған ойға қайшы келетін тұстары да бар екенін байқаймыз. Мысалы, үшін, сайын, гөрі сияқты шылаулар туралы айта отырып: «үшін, сайын, гөрі дегендер сөз емес, бірақ мұнда жүйелі дыбысталу бар», - деп қорытынды жасайды. Ең алдымен айтарымыз - шылаулар да сөз болып саналады. Автордың қандай негізге сүйеніп оларды сөз болмайды дегенін түсіну қиын. Соңғы кедерде жарық көрген оқулықтарда да бұл сұрауға жауап жоқ. Мысалы, 1979 жылы жарық көрген Ә. Болғанбаев оқулығында: «Сөз дыбысталу мен мағына бірлігінен тұрады. Әрбір сөз - белгілі бір құбылыстың аты», - деп жазылған [10, 8-б. ] . Осыған ұқсас анықтаманы тағы бір лексикологтың еңбегінен байқадық: «Міне осындай белгілі бір ұғымның атауы ретінде қолданылатын дыбыстардың комплексін сөз дейміз» [11, 13-б. ] ., -деген сияқты анықтамалар беріліп жүр.
Енді бір қатар тілшілер сөзге анықтаманы лексикалық мағынаның негізінде береді.
Орыс тіл білімінде тілші О. С. Ахманова сөз мағынасына келесідей анықтама береді де: «Белгілі бір дыбысталумен байланысты болып тілдік факті ретінде жарыққа шығатын адам ойындағы объектив өмірдегі заттардың (құбылыс, қатынас, процесс т. б. ) бейнесі; бұл шындықтың бейнесі сөз (морфеманың) құрылымының ішкі жағын (мазмұнын) жасайды, ол тілдік бірліктің дыбысталуы оның материалдық қабығын жасайды да мағынаны басқаға жеткізудің, хабарлаудың сондай-ақ оның өзінің пайда болуының қалыптасуының өмір сүруінің, дамуының негізі болады», -деп жазады [12, 160-161-б. ] .
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz