Қошке Кемеңгерұлының драмашылық шеберлігі


Жоспар
Кіріспе3 - 6
І тарау. Ұлт театрының тарихы. Ауыз әдебиетіндегі драмалық элементтер. . . . . 6 - 19
II тарау. Қошке Кемеңгерұлының драмашылық шеберлігі. 19 - 39
Қорытынды . . . 39 - 45
Пайдаланған әдебиеттер тізімі . . . 45 - 48
Кіріспе
Тақырыптың өзектілігі. Қазақ халқында театрдың тууына екі түрлі құбылыс әсер етті. Біріншіден, қазақ халқының бай ауыз әдебиеті. Сал - серілер өмірі, түрлі - түрлі айтыстар, ұлттық ойындар арқылы қазақ халқы өзінің театрын, дала театрын жасады. Екіншіден, орыс - татар мәдениеті ықпал жасады. Орыс - татар театрларына жұмысқа алынған қазақ жастары ауыл - ауылдағы адамдарға да түсіндіріп, айтқан әңгімелерімен қызықтырып, ауылдың театр өнеріне деген қызығушылығын оятады. Сөйтіп, ескі киіз үйлердің ішінде ойын - сауық кештері ұйымдастырыла бастайды. Ойын - сауық кештерінің құрылуына байланысты алғашқы қазақ пьесалары туады. 1926 жылдың қаңтарында тұңғыш ұлт театры ашылады. Әдетте, театрдың ашылуын сөз еткенде, ойымызға бірден түсетіні - алғашқы қойылымы. Күні бүгінге дейін ұлттық театрымыздың шымылдығы ең алғаш М. Әуезовтың «Еңлік - Кебегімен» ашылды деп келдік. Тіпті жуырда ғана, дәлірек айтатын болсақ, 2006 жылы қорғалған «Алғашқы қазақ пьесалары» кандидаттық диссертациясында Ләззат Аупбаева кәсіби театрымыздың шымылдығы осы пьесамен ашылды дейді. Шын мәнісінде театрда қойылған алғашқы пьеса - Қошке Кемеңгерұлының «Алтын сақинасы».
Бүгінгі күні, яғни, еліміз тәуелсіздікке қол жеткізген уақытта XX ғасырдың басында қамау, қудалау, ату бел алған кезеңде, яғни, Сталиндік уақытта жазықсыз атылып кеткен боздақтарымыздың аттары ақталды, шығармалары жарық көре бастады. Шәкәрім, Мағжан, Ахмет, Әлихан, Сәкендер өмірлері, мұралары зерттеу нысанына айналды. Сондай қазақ зиялыларының бірі - 1896 - 1937 жылдары өмір сүрген тарихшы, тілші, әдебиетші, көсемсөзші, дәрігер, қоғам қайраткері Қошке Кемеңгерұлының әдеби мұрасы, оның ішінде драмалық шығармалары әлі күнге дейін толық зерттелінбеген, әдеби жанр тұрғысынан ғылыми бағасын әлі де алмай келеді. Сол себептен де қазақ әдебиетіне, драматургия жанрының дамуына көп үлес қосқан Қошке Кемеңгерұлының драмаларын зерттеудің өзектілігі айқын. Күні бүгінге дейін театр тарихына қатысты еңбектерде, жалпы қазақ әдебиетінің тарихына қатысты зерттеулерде, Г. Ж. Ордаеваның «Қошке Кемеңгерұлының әдеби мұрасы» атты кандидаттық диссертациясында баяндалып өтетін, арнайы сөз болмаған Қ. Кемеңгерұлының драмалық шығармаларын терең зерттеу - бүгінгі таңда әдебиеттану ғылымында негізгі мәселелерінің бірі. Қ. Кемеңгерұлының драмалары, олардың тақырыптық, идеялық, көркемдік сипаттары, өзіндік ерекшеліктерін арнайы зерттеу объектісі ретінде қаралуы тиіс. Диплом жұмысы тақырыбының көкейкестілігі де осыдан туындайды.
Зерттеу нысаны. Театр туралы монографиялар және Қошке Кемеңгерұлының «Алтын сақина», «Парашылар», «Ескі оқу» пьесалары.
Диплом жұмысының мақсаты мен міндеттері. Жұмыстың алдына қойған мақсаты - XX ғасыр басында театрдың тууына алғышарт болған себептерді айқындау, қазақтар арасында туған кәсіби театрмен есімі тығыз байланысты Қ. Кемеңгерұлының драмалық шығармаларын зерттеу. Осы мақсатқа орай алдымызға төмендегідей міндеттер белгіледік:
- театр тарихымен тығыз байланысты қазақ әдебиетінің негізгі жанрларының бірі болып саналатын драматургияның қайнар көзі - халық ауыз әдебиеті екенін дәлелдеу;
- ойын - сауық кештерінен бастау алған алғашқы қазақ пьесаларын анықтау;
- қазақтар арасында театрдың тууына ықпал еткен тарихи факторларды айқындау;
- қазақтың тұңғыш ұлт театрында қойылған алғашқы спектакльді айқындау;
- театрдың құрылуына атсалысқан Қ. Кемеңгерұлының драмалық шығармаларын талдау;
- Қ. Кемеңгерұлы пьесаларының идеялық бағытын, сол кезде атқарған қызметін анықтау;
- Қ. Кемеңгерұлы драмаларының көркемдігіне талдау жасау.
Диплом жұмысының теориялық және әдіснамалық негіздері. Жұмыста, негізінен, қазақ театры өнерін, драматургиясын зерттеушілер М. Майшекин, М. Әуезов, А. Байтұрсынов, С. Сәдуақасов, Р. Рүстембекова, Р. Нұрғали, Б. Қойшыбаев, Б. Құндақбаев, Г. Ордаева, Ж. Әбілов, т. б. еңбектері, пікірлері негізге алынды.
Диплом жұмысының құрылымы. Жұмыс кіріспеден, негізгі бөлімнен және қорытындыдан тұрады. Жұмыс соңында пайдаланған әдебиеттер тізімі берілген.
I тарау. Ұлт театрының тарихы. Ауыз әдебиетіндегі драмалық элементтер
Драматургия жанры XX ғасырдың басында туып, қалыптасқанымен, оның негізгі элементтері қазақ ауыз әдебиеті үлгілерінде айқын көрінеді. Ерте замандарда ақындық, әншілік, әзіл айтушылық сияқты бірқатар өнер бір адамның бойынан табыла беретін. Ел арасында болған ойын - сауықтар, келін түсіру, қыз ұзату, беташар, айтыстар - драматургияның бастау көзі.
«Әрбір жұрттың өнері, әуелі әр елдің тіршілік қалпындағы белгілі шарттарынан туады. Әуелгі туысында ұлт өнері болып туады» дейді академик Мұхтар Әуезов [5, 13] . Шынымен де, театр, атап айтатын болсақ, дала театры қазақ халқында ертеден бар. Әрине, ол уақытта қазіргідей арнайы театр үйі, онда ойнайтын тұрақты артистер, “сахна”, “декорация” деген терминдер болмады. Алайда халық өзінің театрын, дала театрын жасады. Қазақ халқы ежелден - ақ ән мен күй, би, зергерлік, құсбегілік, т. т. сияқты өнерге құмар халық. “Әу демейтін қазақ жоқ” дегендей, әрбір қазақ баласының бойы тұнып тұрған өнер, импровизация. Қалың ел ас пен тойда, үлкен жиындарда дарынды жастарын айтысқа қатыстырған, палуандарын, бишілерін топ ортасына шығарып, өнерлерін тамашалаған. Екі ақынның айтысуы да өзінше бір шағын қойылым болды емес пе! Қыз бен жігіт айтысы, әзіл айтыс, қайым айтыс болып келетін айтыстардың тақырыптары да сан алуан еді. Әзіл айтысты алатын болсақ, екі адамның арасындағы ойын - күлкі, бірін - бірін сөзбен түйреу болып көрінетін болса, түп мағынасында үлкен ой жатыр, драматургияның бір түрі - комедияға тән белгілер айқын көрініс тапқан. Шығарманың негізі күлкі болғанымен, сол күлу әрекеті арқылы заман шындығын сынау жатыр, қателіктерді бетке басып мазақ қылу, одан жирендіру. Айтыстың көне түрі - жар - жар. Қыз ұзату тойында екі топқа бөлініп айтылады. Екі топ кезек - кезек сөз алады. Бұны екі топтың диалогы деп қарастыратын болсақ, осы процесс үстінде қыздың күйініші, зары көрінеді. Яғни, диалог арқылы қыздың болмысы даралана түседі. Бұл да драматургиядағы негізгі элементтердің бірі. Тұрмыс - салт жырларын алатын болсақ, бұл жырлардан қазақ халқының тұрмыс - тіршілігін көреміз. Шілдехана, бесік жыры, наурыз секілді жырлар көңілді отырып айтылатын болса, естірту, қоштасу, жоқтау, жұбатуды айтып ел қайғырады. Мәселен, “Қозы Көрпеш - Баян сұлу” жырындағы Ай мен Таңсықтың елімен қоштасуында:
Балталы, Бағаналы ел, аман бол!
Бақалы, балдырғанды көл, аман бол!
Кірім жуып, кіндігім кескен жерім,
Ойнап - күліп, ер жеткен жер, аман бол!
Жібектей шалғыныңа қонып өскен,
Сегіз сай тау біткенді сала, аман бол!
Үйеңкі, қайың, терек, тал, аман бол!
Халайық қалған елдің шалы, аман бол!. . -
деп келетін драматизм да драматургия жанрының алғашқы элементтері қатарына жатады. “Хан талапай”, “Ақсүйек”, “Алтыбақан” сынды ұлттық ойындардың өзінде сюжет жатыр. Ән айтып, әткеншек теуіп өз сырларын байқата білген. Қазақ эпостарын алатын болсақ, мәселен, “Алпамыстағы” Алпамыс пен Бадамшаның диалогы немесе “Ер Тарғындағы” Ақжүністің:
Қойда бағлан қозы едім,
Жылқыда шаңқан боз едім.
Қытай менен Қырымнан
Тамам жақсы жиылса,
Аузындағы сөзі едім, -
деген өз сөзі, не болмаса Тарғын батырдың:
Бұлғыр, Бұлғыр, Бұлғыр тау,
Бұлдырап тұрған құрғыр тау,
Қаптай қонар елім жоқ,
Елім - күнім Кәрібоз,
Сөйлесетұғын тілің жоқ!
Ел таптырар ма екенсің.
Арысаң да, жануар?
Көрсетер едің бір қара,
Саған мінер белім жоқ,
Белге қылар емім жоқ!
Бұл шамаға келгенде,
Ажалым аштан болды ма,
Ауызға жерге жемім жоқ?. . -
деп басталатын монологы бар. Мінекей, ауыз әдебиетінің бір бөлігі - батырлар жырындағы диалог, монологтар да кейіпкерлер мінезін даралайды.
Беташар, тойбастарды, әдетте, ауылдағы ең пысық, өнерлі жастар айтатын еді. Бұл өлеңдерді айтуға аса бір шеберлік қажет еді. Мінекей, қазіргі театрлардағы актерлер осындай өлеңдерді айтып жүрген, тойларды бастап, басқарып жүрген өнерлі азаматтардың шыңдала түсуінен қалыптасты десек те болады. Шілдехана, бесік жыры, жар - жар, сыңсу, беташар, қоштасу туралы М. Әуезов былай дейді:
”Бұл ескіліктердің тағы бір қасиеті барлығы да арнаулы әнмен айтылатын. Сондықтан жалғыз ғана драмалық театр емес, әнмен ойналатын операларға да емін - еркін жарайды» [5, 34] . Шынымен де, қазіргі театрларда қойылып жүрген опералық либреттолардың өзі бай ауыз әдебиеті үлгілерінен алынған. Мәселен, “Қыз Жібек”, “Айман - Шолпан” т. т. опералары. Күлдіргі әңгімелерді айтатын болсақ, сараңдықпен аты шыққан шық бермес Шығайбай, тапқырлығымен, шешендігімен танымал болған Жиренше, Алдар Көселер бар. Бұлардың әрбір қимылы, әрбір әрекеті, әрбір сөзі - барлық өмірі тұнып тұрған комедия. Жоғарыда айтылғандардың барлығы да театрдың негізін қалауға алғашқы қадамдар болған.
Қазақ халқында кәсіби театрдың тууына орыс, татар мәдениеті де ықпал жасады. 1765 жылы Омбыда, 1769 жылы Орынборда орыс драма театры ашылады. Ал ол кезде бұл қалалар - білім, ғылым орталығы еді. Білім алғысы келетін жастардың барлығы да осы қалаға аттанатын. Бұл қалада сол кездің өзінде оқу орындары, мұғалімдік курстар болатын. Оқитындардың көбі - ауылдан келген өнерлі, жалынды жастар. Олар орыс драма театрын көріп, өздері де қазақ ауылдарындағы киіз үй ішінде шағын ойын - сауықтар жүргізіп отырады. Ал 1918 жылы Торғай, Қостанай жақта Жангелдин атындағы «Қызыл керуен» труппасы құрылса, 1920 жылы «Ес - аймақ» деген атпен Семей үйірмесі ашылады. 1919 жылғы Халық ағарту комиссариатының театр туралы мынадай үндеуі шықты:
«Театр - халық қуанышы және халықтық іс.
Театр - адамды қуаныш пен түсінуде, шаттық пен қайғыда, табандылық пен болашаққа үміт артуда біріктіретін күш.
Театр - халықтың жан дүниесін жадыратып, халықтың ой - арманын сомдап, халық еркін білдіретін күш» [6, 100] .
Жалпы XX ғасырдың басы қазақ халқы үшін ояну дәуірі болды. Халық оқу - білімге, өнерге бет бұра бастайды. Діни сабақтармен қатар ана тілі, орыс тілі, тарих, жағрапия сынды пәндер де оқытылады. Қазан, Орынбор, Петербор, Уфада қазақша кітаптар басыла бастайды. Бұл кезде әдебиетте де өзгерістер болды. Ақындар поэзиялық туындыларымен қоса прозалық шығармалар да жаза бастайды. Жоғарыда аталған ойын - сауық үйірмелерінің ашылуына байланысты, мұнда ойын көрсету үшін пьеса, яғни, драмалық шығармалар қажеттігі туады. Қолжазба түрінде сақталған алғашқы қазақ пьесалары қатарына Иманғали Меңдіхановтың «Үйшік, үйшік», «Тамырлар», «Байғұстар», «Малдыбай», Бекмұхамед Серкебаевтың «Бақсы», «Ғазиза», «Жер дауы», Көлбай Төгісовтың «Надандық құрбаны» пьесалары жатады. Пьеса авторлары қазақ қызының тағдырын тақырып қылып алып, пьесаларын ел ішіне таратты, шағын көріністермен көрсетті. И. Меңдіханов «Байғұстарында», К. Төгісов «Надандық құрбанында» қазақ әйелінің өмірін, мұңын көрсетеді. К. Төгісов пьесасындағы халықты алдап жүрген молда, қараңғылықтың құрбаны болған кішкентай бала Жақып, болыс тоқалы Нұрилә, сүйгеніне қосыла алмаған Хадиша - барлығы да өмір шындығын көрсетеді.
1925 жылдың көктемінде ол кезде Ақмешіт атанған - қазіргі Қызылордада V Күлліқазақ құрылтайы өтеді. Жеке жиырма тоғызыншы бабпен «Қазақтың ұлттық театрын құру жеделдетілсін» деп тұжырған болатын. Ол кезде халық ағарту комиссары қызметіндегі Смағұл Сәдуақасов бұл іске қызу кірісті. Өз мақаласында ол театрға былай деп анықтама береді:
“…Театр - европа тілі, біздіңше айтқанда театр ойын деген сөз . . . Театр - қазақтың қыз ойыны, шілдеханасына да ұқсамайды. Театр деп қазақтың тойын, палуан қүресін де айтуға болмайды . . . Театр өмірдің ойыны. Театр тұрмыстың ойыны ” [7, 196] . Ұлт театрының алғаш актерлерінің бірі Серке Қожамқұлов былай деп еске алады:
«Сол уақыттағы нарком бізге: « - Жер - жерден сіздерді шақырып отырмыз. Театр үлкен нәрсе ғой. Сондықтан сендерді бес - алты ай оқытқаннан кейін барып ашамыз ба деген ойымыз бар еді, - деді. - Бұл нұсқауды Луначарский айтты. Ол кісі: Мынадай ән шыққан, күй шыққан елде үлкен өнер бар, оны театр арқылы білсін, » - деді. Енді осы іске мұрындық болып театр ашыңдар. Ноябрь, январьдың ішінде ашасыңдар ғой, » - деді. Сонымен біз әзірлікке көштік . . . » [6, 15] .
Сонымен, театрдың шымылдығы 1926 жылдың 13 январында ашылды. Бұл - қазақ мәдениеті үшін маңызы зор жаңалық. «Мен Қазақстанның түрлі қалаларына Сәдуақасовтың атынан сахна қызметкерлерін шақырған жеделхаттар жолдай бастадым. Ақыры . . . ұлт театры құрылды. Мені директор етіп тағайындады» [12, 6 - 7] дейді театрдың алғаш жетекшісі, ұлттық театрдың кәсіби сахна өнері болып қалыптасуына жол ашқан адам - Дінше Әділұлы. Д. Әділұлы - режиссура, актерлердің біліктілігін арттыруға көп еңбек еткен адам, театрдың құрылған күнінен бастап қызу еңбек етті. Оның адал қызмет еткені сонша, тіпті әр қойылымды талдап, әр сөзін сараптап, сахнаны безендіруде де әр детальді жан - жақты қарастырып барып, қойылымды көрермендер назарына ұсынатын. Дінше Әділұлы Омбы гимназиясында оқып жүріп - ақ, “Бірлік” ұйымының мүшелігіне өтіп, революцияшыл сарбаздардың қатарында болады. Онжеті жасар жас азамат қоғамдық істерге белсене араласа бастайды. Бірақ нағыз кемелденген шақта “халық жауы” деген айыппен 1930 жылдың 21 сәуірінде атылады. Өліммен бетпе - бе келгенде де: “…мен ешқандай да қайдағы - жайдағы қылмыс жасаған емеспін…” деп, қазақ азаматына лайық әрекет жасаған [12, 106] . Құпия түрде бір шұңқырға тасталынады. Бүгінде Дінше Әділұлының сүйегі Мәскеу қаласындағы ортақ ескерткіш - құлпытас қойылған бауырластар зиратында жатыр.
Театрдың ашылуын Хадиша Қожамқұлова былай деп еске алады:
“Бұл әлі күнге дейін дәл бүгінгідей көз алдымда. Театр спектаклі қойылуға тиісті кинотеатрға халық сыймай кетті. Қала тұрғындарын былай қойғанда, сырттан ауылдар мен артельдерден де жұрт ағылып келіп, жаңа өнерді тамашалағысы, қазақ театрының туғанының куәсі болғысы келді. Шағын кинотеатрға адам сыймайды. Бірін - бірін кимелеп, иін тіресе тұрғандар қаншама. Партия, совет қызметкерлері, үкімет басшылары, наркомдар түгел келді…” [6, 128] .
Алғашқы уақытта материалдық жағынан жетіспеушілік болды. Бұл заңды құбылыс, әрине. Белгілі бір бейнені сомдау үшін, оған киім - кешек керек болды, сахнаны безендіру үшін де түрлі - түрлі декорациялар, жабдықтар қажет еді. Театр артистері оны өз үйлерінен таситын. Материалдық жағынан ғана жетіспеушілік емес, сонымен қатар ойнайтын адам, яғни, артистер де жоқтың қасы еді. Ал артист - сахна өнеріндегі басты тұлға, сахна тірегі. «Артистердің алдында тұрған зор мақсат: ролін тереңдете білу. Бұл сөздің мағынасы мынау: кемпір болып ойнаған әйелге дәл ойнап тұрған сағатында шынында кемпірдей өмір сүре білу керек. Артистіктің ең үлкен өнері осында. Сондықтан артист сыршыл (психолог) болуы тиіс. Артист адамның ішкі сырын білсін. Өзі жиырмада болса да, сексендегі кемпірдің нендей өмірі барын білсін» [7, 206] . “Артист - театр діңгегінің бірі” [5, 275] . Өнер майданындағы актер жан - жақты өнерлі болуы шарт. Сахнада бейнені сомдаудың алдында артист, ең әуелі, көрсеткелі тұрған бейнені өзім деп қабылдауы тиіс. Бейнені толғандыратын мәселе мені де толғандырады деп, дүниеге, қоршаған ортаға деген көзқарасы ойнайын деген образдың көзқарасымен шектеледі. Сахнаға шықпас бұрын артист ақ тер, көк тер болып көп жұмыс жасайды. Ал сахнаға шыққанда артист өзін ұмытып, ойнайын деген образға енсе - пьеса сәтті шықпақ. Әрине, жүздеген адамның алдында өнер көрсету оңай емес. Сахнадағы артистке бәрі де әсер етеді. Тіпті тамашалап отырған аудитория да көп әсер етеді. Мәселен, ұйып тыңдап, қойылымның мазмұнына бойлап, образбен бірге тебіренген аудитория мен жай ғана тесіле қарап, не тыныштық сақтамай, қойылым мазмұнын түсінбей, өнерден махрұм аудитория арасы жер мен көктей.
«Меніңше, артистің жаспын, тәжірибесізбін деп, немесе қартпын, қайратым қайтқан адаммын деп, әйтпесе осы жолы көңіл - күйім болмай тұр, ауырып тұрмын деп, яки өткен жолы тәуір ойнадым ғой, осы жолы көз алдап шықсам да болар деп, нашар ойнауға хақысы жоқ. Себебі, оның творчестволық өнерінің нәрі - тағылымында, үлкендерге ой салып, жеткіншек ұрпақты жақсылыққа, адамгершілікке тәрбиелер ұлағатты ұстаздығында . . . Сол себепті де бұл өнер - аса жауапты өнер» [6, 175] . Артист - театр діңгегінің бірі дедік [5, 275] . Яғни, артист - театр жаны, жүрегі. Театр саласында артистке бөлінген роль ерекше. Кез келген спектакльдің (қойылымның) сәтті не сәтсіз шығуы артистің ойнағанына байланысты болады. Сол спектакльдің көрермен қауымның жадында сақталуы да артистің ойнағанына байланысты.
Театр тарихы - драматургияның да тарихы. Әдебиетте драма жанрының туып, көріне бастауының өзі театр өнерінің тууына байланысты. Қаламгер өзін толғандыратын, өмір ағымына сай, өзі өмір сүрген қоғамдағы хал - жағдайды суреттеп пьеса жазады. Пьеса жазу да әркімнің қолынан келе бермейді. Пьесаға қойылатын талап та өзге жанр туындыларынан ерекше. Ол жетпіс - сексен беттен аспауы тиіс, драматург өз шеберлігін кейіпкерлерінің диалогы мен монологы арқылы көрсете білуі тиіс. Романның бір бөлімінде қамтылған шындық пен суретті драматург пьесада бір - ақ ауыз сөзбен береді. Әр сөз, әр қимыл сол адамның табиғатын ашады. Отбасының, жеке бастың сан қилы тартыстарын арқау ететін драмалық шығармалар поэзия, прозадағы қат - қабат ұшырасатын көркемдік құралдарды мүлдем қолданбайды десек те болады, өмірді, қоғамды реалистік тұрғыдан бейнелеуде драмалық шығармалар нақтылы детальдарды көбірек қолданады. Күнделікті тұрмыстың түрлі қырлары драмада жан - жақты бейнеленеді. Мақсатын орындау үшін драмалық шығармалар кейіпкерлері сан алуан тартыстар тудырады. Осы күрес процесі үстінде өздерінің мінездері ашыла түседі. Тартыс пен мінез - драматургиядағы негізгі ұғымдар.
«Тартыс - көркем шығармадағы сюжет желісіне арқау болатын, аырықша шиеленіскен түрде көрініс беретін қақтығыс, қайшылық, күрес» [30] , - дейді ғалым БекниязоваТ. Ал ғалым Зәки Ахметов мінезге былай деп анықтама береді: «Характер - көркем шығармадағы кейіпкердің мінез - бітімі, ой - сезімі дүниесіне тән психологиялық, моральдық сипат - ерекшеліктері… характер күрес - тартыс үстінде, кейіпкердің іс - әрекеті, ой - ниеті, мақсат - тілегі арқылы көрініс тауып, анық танылады» [30] .
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz