ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕГІ ТУЫСТЫҚ АТАУЛАРДЫҢ СЕМАНТИКАЛЫҚ- ҚҰРЫЛЫМДЫҚ ТАБИҒАТЫ МЕН ҚОЛДАНЫСТЫҚ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ ЖОСПАРЫ


ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕГІ ТУЫСТЫҚ АТАУЛАРДЫҢ СЕМАНТИКАЛЫҚ-ҚҰРЫЛЫМДЫҚ ТАБИҒАТЫ МЕН ҚОЛДАНЫСТЫҚ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
ЖОСПАРЫ
КІРІСПЕ
Тақырыптың өзектілігі, мақсаты, міндеті, дереккөздері…… . . . … 3
Туыстық атаулардың зерттелу тарихы . . . 6
І ТАРАУ. ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕГІ ТУЫСТЫҚ АТАУЛАРДЫҢ ҒЫЛЫМИ НЕГІЗІ
1. 1. Туыстық аталымдардың қоғамдық мәні . . . 13
1. 2. Туыстық атаулардың ұлттық психологияға қатысты белгілері мен ерекшеліктері . . . 19
1. 3. Туыстық атаулардың лингвомәдени маңызы . . . 28
ІІ ТАРАУ. ТУЫСТЫҚ АТАУЛАРДЫҢ СЕМАНТИКАЛЫҚ-ҚҰРЫЛЫМДЫҚ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
2. 1. Туыстық атаулардың лексикалық құрамы . . . 36
2. 2. Туыстық атаулардың мағыналық тұрғыдан қолданыстық сипаты . . . 48
2. 3. Туыстық атаулардың лексика-семантикалық топтары . . . 57
ҚОРЫТЫНДЫ . . . 62
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР . . . 64
КІРІСПЕ
Тақырыптың өзектілігі: Туыстық атаулар - тілдің сөздік қорының қомақты бір саласы. Әр халықтың рухани мәдениетін көрсететін лексика-семантикалық топ. Олар адамдардың туыстық дәрежесін, туыстық қатысын білдіріп қана қоймай, халқымыздың тарихын, мәдениетін, психологиялық күйін, тектік тамырын да танытады. Осынша мол құрылымдағы туыстық атаулардың лексикалық құрамы мен қарым-қатынас процесіндегі қолданыстық ерекшелігін анықтау қажеттігі туып отыр.
Мақсаты: Қазақ тіліндегі туыстық қатысты білдіретін атауларға қатысты материалдарға сүйене отырып, туыстық атаулардың көлемін және олардың қолданыстық аясын анықтау, басты ерекшелігін көрсету.
Міндеті:
- Туыстық атаулардың ғылыми-теориялық негізін айқындау;
- Туыстық атаулардың ұлттық психологияға қатысты белгілері мен ерекшелігін көрсету;
- Туыстық атаулардың лексикалық құрамын анықтау;
- Туыстық қатысты білдіретін сөздердің мағыналық топтарын айқындау;
- Нысан етіп алып отырған сөздерге байланысты көркем әдебиеттен мысалдар алып, қолданыстық ерекшелігін сипаттау.
Ғылыми жұмыстың теориялық және практикалық маңызы: Ғылыми жұмыста туыстық мағыналы лексиканың ғылыми-теориялық негізі ашылып, олардың тілдегі қалыптасу арнасы, құрылымы анықталды. Сонымен бірге лингвомәдениеттану ғылымы тұрғысынан да зерттеуіне әсерін тигізеді.
Бұл ғылыми зерттеуді күнделікті өмірде қазақ лексикасының теориялық курсын оқуға көмекші құрал ретінде пайдалануға болады.
Дерек көздері: Қазақ халқының мәдениеті туралы еңбектерден, тілдің этнолингвистика, лингвомәдениеттану саласын зерттеушілердің зерттеулерінен, қазақ тілінің он томдық түсіндірмелі сөздігінен, түркі тілдес халықтардың сөздіктерінен алынды. Талдауға М. Әуезовтың «Абай жолы» төрт томдық кітабынан, Д. Исабековтың екі томдық кітабынан, Б. Нұржекеевтің шығармаларынан алынды.
Құрылымы:
І тарауда туыстық атаулардың зерттелу тарихы, қоғамдық мәні, ұлттық психологияға қатысты белгілері, лингвомәдени маңызы сөз етіледі.
Бұл сияқты тілдік бірліктердің астарында ұлттық сана-сезім мен ұғым-түсінік, салт-дәстүр мен әдет-ғұрып, халықтың рухани байлығы мен жан дүниесі жатады.
Зерттеу барысында туыстық атаулардың лингвомәдени маңызын халықтың тарихымен, мәдениетімен, сондай-ақ таным-түсінігі, салт-дәстүрімен байланысты қарастырылады.
ІІ тарауда туыстық мағыналы сөздердің семантикасына тоқталып, қолданыстық сипаты көркем әдебиеттен мысалдар арқылы анықталады. Лексикалық құрамын анықтауда ежелгі түрік дәуірінен бастау алатынын, өзге тілден араб-парсы, монғол тілдеріне ортақ қолданылатыны айқындалады. Туыстық мағыналы сөздердің ішкі семантикалық топтарына қарай топтап, әрқайсысының бір-бірінен айырмашылығы айтылады.
Ұлттың мәдениеті оның тілінде таңбаланады. Академик Ә. Қайдаров: «Этностың басып өткен сан ғасырлық дүниетанымы, ұғым түсінігі, даму жолы, оның даналығы мен дүниетанымы тек тілінде ғана сақталады, яғни олар бізге жеке сөздер мен сөз тіркестері, фразеологизмдер мен мақал-мәтелдер арқылы ғана жетуі мүмкін», - деп жазады (27, 1988, 84) . Демек, халқымыздың сан ғасырлық білімі, тәжірибесі, ұғымы бізге тек тіл арқылы ғана жетеді. Халықтың шын мәніндегі болмсы мен дүниетанымы оның тілінде сақталады.
Этностық ерекшеліктердің тілдік көрінісін зерттеуде лингвомәдениеттану тұрғысынан қарастыру ұтымды. Өйткені тіл білімінің бұл саласы лингвистикамен де, мәдениеттанумен де, психолингвистикамен де ұштасып жатқан дербес ғылым. Ол тілдік материалды талдауда ұлт мәдениетіне сүйенеді.
Адамдар арасындағы туыстық қатынас адамзат қоғамының әр кезеңінде өзіндік ерекшеліктермен сипатталады. «Туыстық қатынас бір-біріне әр түрлі жағдайда көмек көрсету кезінде байқалады. Мәселен, қыз ұзату, келін түсіру, енші беру сияқты қуаныш кезінде немесе кісісі өлген, үйге аза салу, оның жетісі, қырқы, жүзі не жылын, яғни кездейсоқ апатқа (жұт, өрт) т. б. ұшырап, мал-мүліктен жұрдай болғанда туысқа туыстық жақындығымен өз шама-шарқынша қарап, қосқаным деп көмек көрсету әдеті бұған дәлел» (5, 1973, 48) .
Осындай қарым-қатынастың нәтижесінде туындаған туыстық атаулар тілімізде халықпен бірге жасасып келе жатыр. Қолданыс барысында кейбір сөздердің белгілі бір кезеңдерге байланысты мағыналық тарылуы немесе қолданыстық қабілеті күшейгені байқалады.
Қорыта айтқанда, зерттеу еңбегімізде қазақ тіліндегі туыстық атаулардың семантикалық-құрылымдық табиғаты мен қолданыстық ерекшелігін зерттеуде ұлт мәдениетімен бірлікте қарастырылады.
І. Туыстық атаулардың зерттелу тарихы
Қандай да халықтың болмасын шыққан тегі, тарихы, оның басқа халықтармен қарым-қатынасы және туыстық байланыстары жөніндегі мәселе өз шешімін табуды көздейді. Ғылымда туыстық қатынас пен туыстық аталымдардың зерттелуі жанұя мен некенің ертедегі формаларының мазмұнына бойлауды керек етеді. Осы тұрғыдан алғанда «отбасы» ұғымының төңірегінде топтасатын туыстық атауларға көптеген ғалым-мамандар, этнографтар, тілшілер, тарихшылар зерттеу жұмыстарын жүргізді.
Түркі тіл білімінде туыстық қатысты білдіретін сөздер жөнінде Л. А. Покровскаяның, С. М. Миржанованың, Х. П. Юсуповтың, А. П. Дульзонның, К. Мусаев, Ә. Мәметов, Г. Азербаев, З. А. Битарова, Н. П. Дыренкова, М. С. Полинская мен В. Ю. Черчиннің ғылыми-зерттеу еңбектері бар.
Л. А. Покровская «Очерки сравнительной грамматики тюркских языков» (37, 1961) еңбегінде түркі тілдеріндегі туыстық атауларды дәстүрлі принцип бойынша қандық, некелік туыстыққа бөліп классификациялайды. Оларға семантикалық және салыстырмалы талдаулар жасайды.
З. А. Битарова «Лексика родства и родственных отношений в осетинском языке» диссертациялық жұмыстың авторефератында осетин тілінде туыстық қатысты білдіретін сөздерді былайша топтайды:
1) тар жанұялы қатынастағы туыстық қатынасты білдіретін сөздер;
2) неке мен некелік қатынасты білдіретін туыстық мағыналы сөздер;
3) қалыңдықтың күйеудің туыстарын атауына байланысты қолданылатын туыстық сөздер;
4) күйеу мен қалыңдық қатынастары үшін қолданылатын туыстық мағыналы сөздер.
Бұл - топтағы сөздердің қолданыс ерекшелігін көрсетеді (8, 1974) .
Ә. Мәметовтың «О терминах родства в крымско-татарском языке» (31, 1980) мақаласында қырым-татар тілдеріндегі туыстық атауларға талдау жасайды. Оларды өзге түркі тілдерімен салыстырады. Қазіргі қырым-татар тілдеріндегі туыстық атаулардың мағыналық ерекшелігін сипаттайды.
Н. П. Дыренкова «Брак, термины родства и психические запреты у кыргызов» еңбегінде: «Қырғыздар туыстық жүйені өте сақ қадағалайды, өйткені туыстық жүйе ата және ана тұсынан таралады» - деп, туыстық қатысты жеке адамның топқа қатысымен байланыстырады (15, 1927) .
Э. Г. Азербаев «О лексике японского и тюркских языков, связанной с термином родства» (1, 1986) мақаласында түркі тілдеріндегі туыстық атауларды жапон тіліндегі туыстық атаулармен салыстырады.
Г. Г. Джаффаров «Термины родства в азербайджанской системе и грамматической структуре языка» (13, 1974) ғылыми мақаласында әзірбайжан тіліндегі туыстық атаулардың құрылымын, мағыналық ерекшелігін ашып көрсетеді. Қарым-қатынас процесіндегі туыстық жүйені белгілеп, оларға тән ерекшеліктерді белгілейді.
Алтай тілдеріндегі туыстық атауларға В. И. Цинциус «К этимологии алтайских терминов родства» (48. 1972) деген еңбегінде алтай тілдеріндегі туыстық атауларға фономорфологиялық, этимологиялық талдаулар жасайды.
Туыстық мағыналы сөздерді зерттеу - оларды белгілі бір тілдің семантикалық жүйесін зерттеумен ғана емес, сонымен қатар олардың тіл құрылымындағы жүйе мен грамматикалық құрылысқа қатысын басқа тілдермен салыстыра қарағанда қызықты. Демек, салыстыра зерттеу арқылы туыстық атаулардың ең ескі қалпын, бейнесін, құрылымын, грамматикалық құрылысын танып-білуге болады.
Қазақ халқының туыстық қатысы этнографиялық зерттеулерде көбірек көрініп отырады.
А. Янушкеевичтің «Күнделіктер мен хаттар» (50, 1979), С. Самойловичтің «Запретные слова в киргизском языке замуженных женщин» (40, 1979) жазбаларында жалпы қазақ халқындағы туыстық қарым-қатынас жөнінде құнды мәліметтер берілген.
Х. Арғынбаев «Қазақ халқындағы семья мен неке» (5, 1973) еңбегінде туыстық атаулар мен қатынастар мәселесіне көңіл бөледі. Автор туыстық қатынасты білдіретін сөздерді таблицаларға түсіреді, оларды топ-топқа бөліп классификациялайды. Қазан төңкерісіне дейінгі қазақ отбасын, некелік қарым-қатынас пен туыстық жүйені, халықтық әдет-ғұрыпты, салт-дәстүрді жан-жақты сипаттаған.
Е. Жанпейісов «Этнокультурная лексика в казахском языке» (18, ) еңбегінде жазушы М. Әуезовтың шығармаларындағы этнонимдерге талдау жасап, табу сөздер мен туыстық атаулардың этимологиясына тоқталады.
Туыстық аталымдарды тіршілік тұрғыдан қарастыруда зерттеушілерге лексика-семантикалық топтарын ашып, лексикалық құрамын анықтау міндеті қойылады.
М. Оразов атаулардың барлығы өзара бірдей семантикалық байланысқа ие, оларды байланыстырып тұрған элемент, сема - туыстық атау болумен байланысты екендігін айтады. Туыстық атауларды қандық және некелік деп бөледі. Ал қандас туыстықтың өзін тікелей және сатылай қандық туыстық деп бөледі. Қандық туыстыққа ата, ана, перзент, ұл, қыз, аға, сіңлі, қарындас; сатылай қандық туыстыққа әже, баба, нағашы, немере, шөбере, жиен, бөле атауларын жатқызады (36, 1991) .
Т. Жексенбаев «Қазақ тіліндегі құдандалық атаулар» (19, 1976) мақаласында қазақ халқының құдандалық атауларына ерекше көңіл бөледі.
С. Бизақов «Қазақ тіліндегі туыстық атауларды түсіндірме сөздікте беру, анықтау нұсқалары» (7, 1990) мақаласында туыстық атаулардың ерекшелігін, көп мағыналылығын, туынды сөз жасауға негіз болатынын дәлелдеп, күнделікті өмірде қолданудағы бірыңғай нормасын саралап, орынды пайдалануды айтады.
Б. Тамаева «Қазақ тіліндегі сый-құрмет мағыналы сөздердің лексика-семантикалық тобы» (45, 1992) еңбегінде сый-құрмет лексикасының сипаты мен қарым-қатынас процесінде қолданылу мәселелері қарастырылған. Ғалым туыстық атаулардың сый-құрметтік мәнін:
а) сый-құрмет мағыналы ерлерге қатысты қандас атаулар;
ә) сый-құрмет мағыналы әйелдерге қатысты (қандас) атаулар;
б) неке қиюға қатысты сый-құрмет мағыналы ерлер және әйелдер атаулары деп топтарға бөліп, қарастырады.
Туыстық атаулардың тілдегі ортақ қасиеттерін, біріншіден, олардың туыс мағынада қолданылуын, екіншіден, туыстық мағыналық таза сый-құрмет мағынасына ауысып жұмсалуын, үшіншіден, туыстық мағынаға реңк мәнді жұрнақтардың қосылуы арқылы туыстық және құрмет мағынаның қабысып келетінін айтады.
А. Қобланова «Сөз этикеті единицаларының семантиклық сипаты» (29, 1993) еңбегінде қазақ тіліндегі туыстық атауларды мағыналық топтарға бөледі:
а) әке жағынан; ә) шеше жағынан; б) некелік қатысқа байланысты; в) құдандалыққа байланысты атаулар деп бөліп алады. Туыстық мәнді сөздердің номинативтік, қаратпа ретінде жұмсалу ерекшелігіне тоқталады.
Ғ. Д. Мұсабаева «Қазақ тіліндегі антропонимиялық аталымдардың этнолингвистикалық системасы» докторлық диссертациясында: «Қазақ тіліндегі қолданылатын антропонимиялық аталымдардың бір тобына - туыстық, жақындық, қатыстық атауларды жатқызамыз. Туыстық атаулар адамдар арасында неше алуан қарым-қатынастарда қолданылып, құрметтеу, ізеттеу, жақын тарту, ресми, туыстық дәрежесін айқындай түсу тәрізді мақсаттар мен мағыналық ерекшеліктерге ие» - дей келіп, «әр түрлі мағыналық реңктер, эмоция элементтері туыстық атаулардың бәріне тән» екендігіне түсінік береді (32, 1995) .
А. Сейсенова «Лингвистикалық мәдениеттану: этикет формаларына салыстырмалы талдау» (43, 1988) кандидаттық диссертациялық еңбегінде коммуникативтік актіде жиі кездесетін туыстық атауларды «үш жұрт» бойынша жіктеп, сөйлеу әрекетіндегі қолданысын лингвистикалық мәдениеттану пәнінің тұрғысынан қарастырады. Яғни, қарым-қатынас барысында туыстық атаулардың әр түрлі формада қолданылуы адамның жасына, жыныстық, туыстық жақындығына байланысты екендігін көрсетеді.
Л. О. Жолдасбекқызы «Қазақ сөйленістеріндегі туыстық атаулар» (20, 1998) кандидаттық диссертациясында туыстық атаулардың семантикалық ерекшелігін көрсетеді.
а) әдеби тілде баламасы бар диалектілік сөздер;
ә) әдеби тілде мағынасын сақтай отырып, қосымша мағынаға ие болғандарды сөз етеді. Ол зерттеуші-ғалымдар пікірлеріне тоқталып, қазіргі қолданыстағы туыстық мағыналы сөздерді көне түркі жазба нұсқаларының материалдарымен салыстыра баяндайды. Қазақ сөйленістеріндегі туыстық атаулардың құрамындағы кірме сөздер деп, ата-баба, бала-шаға тіркестеріндегі баба, шаға және құда лексемаларына талдау жасайды.
Сондай-ақ аналитикалық тәсіл арқылы жасалған әйел бала, нашар бала, кәрі-құртаң, шал-шабан, үрім-бұтақ, келін-кепшік атауларына тоқталады.
Қазіргі диалектілерде қолданылатын құдағи//құдағай, жеңеше//жеше атауларының фонетикалық ерекшелігін, дауысты дыбыстың алмасуын қарастырады.
Қазақ диалектілеріндегі туыстық қатысты білдіретін сөздер С. Аманжоловтың «Вопросы диалектологии и истории казахского языка» атты монографиясында () .
Ж. Досқараевтың «Қазақ тілінің жергілікті ерекшеліктері» сөздігінде, Ғ. Қалиевтің «Диалектные сложные слова в подчинительном отношении компонентов» (28, 1990) мақаласында, І. Кеңесбаев, Ш. Сарыбаевтың, Б. Бекетов, Ш. Бектұров, О. Нақысбеков, Ж. Болатов мақалалары мен ғылыми еңбектерінде біршама сөз етіледі.
Қазіргі әдеби тіліміздегі туыстық атаулардың тарихи төркінін білу үшін, әдеттегіше көне мұра-сөздіктерге жүгінеміз. Осы орайда, Ә. Ташауовтың «Кодекс кумманикус тіліндегі туыстық атаулар туралы сөз еткен» (канд. дисс) еңбегін ерекше атауға болады (47, 1995) . Туыстық ұғымды білдіретін атауларды лексика-семантикалық топқа:
а) қандық туыстыққа; ә) некелік қатынасқа бөлді.
Олардың «Кодекс кумманикус» тілінде қандай жағдайда қолданылғанын зерттейді.
Ескерткіштегі дара мағыналы туыстық атаулардың қазіргі қазақ тіліндегі мағыналық кеңейгенін, керісінше мағыналық тарылуын да анықтаған.
М. Маженованың «Әбу Хайианның кітаб-әл-идраклисан ил-атрак еңбегінің сөздігі жайында» мақаласында туыстық қатынасты білдіретін сөздер ескерткіште мынадай тұлғада кездесетінін айтады.
Мәселен, ұл бала, ұл (оғул), әже (улу анасы), шеше (чиже), ата (дәдә), аға (ычы), апа (аба) немесе (бибі), қарындас (қардаш), қатын (ханым), әйел (еврет), күйеу (күйегу) т. б. олардың қазіргі қазақ тіліндегі көрінісіне тоқталады (30, 1973) .
Туыстық ұғымды білдіретін сөздердің ғылымда зерттелуіне талдау жасауда оның көп ғасырлық тарихы бар екеніне көз жеткіздік. Десек те, бүгінгі күн талабына сай туыстық атауларды халықтың ұлттық-мәдени ерекшелігін танытудағы рөлін, қарым-қатынас (коммуникативтік-семантикалық) мәнін ашып, тұрғыда қарастыру қажеттігі туып отыр. Жалпы туыстық ұғымды білдіретін сөздер лингвомәдени қауымдастықтың негізгі сипаттамаларын беріп отырады. Демек, қарым-қатынас барысында қолданылатын туыстық атаулардың құрылымдық-мағыналық ерекшелігін ашып зерттеу - халықтың нақты өмірінен алынады.
І ТАРАУ. ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕГІ ТУЫСТЫҚ АТАУЛАРДЫҢ ҒЫЛЫМИ НЕГІЗІ
І. 1. Туыстық аталымдардың қоғамдық мәні
Қандай да халық болмасын оның ұлттық тілі сонау рулық, тайпалық, халықтың сатысынан бастау алып, сол дәуірдегі мәдениетпен бірге өмір сүріп, әр дәуірдің мәдениетін жалғастырып, қазірге дейін жетуіне негіз, арқау болған.
Тілді қолдаушы халықтың мәдениеті, анропологиялық жоспардағы тіл мен мәдениеттің қарым-қатынасын зерттеу оның қалыптасуы мен функцияларының негізгі факторы екені белгілі.
Ә. С. Ауназарова «халық мәдениеті» деген терминді кең мағынада түсіндіреді: «Бұл тарихи, әлеуметтік-қоғамдық, ұлттық-мәдени дәстүрлер кешені, бағалы ориентациялар жиынтығы, әлеуметтік нормалардың белгілі этикалық бірлікте қабылданған түрі» (6, 1984, 4) .
Сөздік белгінің ұлттық-мәдени біртұтастығы контексте «тілдік элемент», «әлем қатынасы» («әлем бейнесі») деген терминдер арқылы түсіндіріледі. Яғни, «тілдік элемент» қоғам мүшелерінің әлеуметтік факторларымен қарым-қатынасы кезінде, күнделікті тұрмыстық физикалық жағдайлармен байланысты практикалық қызметте қалыптасатын топтық-әлеуметтік дәстүрлер «тілдік таным нормалары» көрінетін аспект ретінде қалыптастырылады.
Тіл мен әлем бейнесінің өзекті проблематикасы конкретті тілдердің лексикалық бірліктерінде көрініс табады. Яғни, халық мәдениетін сақтайтын тілдің бір функциясы - лексикалық қабаты болып табылады. Ұлттық-мәдени ерекшеліктің бір көрінісі туыстық атаулар - ұлттың рухани мәдениетін, тектік айырмашылығы мен өзгешелігін білдіретін лексикалық бірліктер. Қазіргі құрылымдық-функционалдық парадигманың мектебінде осындай лексикалық бірліктерді жүйелі зерттеу мүмкіндігі бар.
Тіл - мәдениеттің бір көрінісі. Этностық болмысы мен дүниетанымы оның тілінде ғана сақталып, кейінгі ұрпаққа тіл фактілері арқылы яғни тілдегі лексикалық бірліктер мен сөз тіркестері, фразеологизмдер мен мақал-мәтелдер арқылы жетеді. Академик Ә. Қайдаров: «Этностың, бүгінгі ұлыстың, халықтың не ұлттың тілінде оның басып өткен бүкіл ұзақ өмірінің өрнегі жатыр» деп, мәдениеттің тіл арқылы бейнеленіп, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізілінетінін айтады (26, 1998, 30-34) .
Адамзат белгілі бір этностың, қоғамның, ұжымның мүшесі ретінде қоғамдасып, бір-бірімен тығыз байланыста, экономикалық, мәдени, саяси т. б. қарым-қатынаста өмір сүреді.
Қазақ тіліндегі туыстық қарым-қатынасқа байланысты қалыптасқан тұрақты тіркестер мен туыстық атауларда үлкен мазмұн - халық өмірінің мәдениеті бар. Олар халықтың туыстық қарым-қатынасының, тұрмыстық, әлеуметтік тәжірибесінің, дүниетанымын, салт-дәстүрі, әдет-ғұрпының негізінде туындаған этностың өміршең лексикалық қабаты.
Қазақ - Евразия бөлігіндегі әр тілдес, нәсілі де әр текті тарихи-этникалық қауымдастықтарын өз бойына сіңірген көне халық (3, 1994, 7) . Антропологиялық тегі жағынан халқымыз Шығыс Европалық және үнді-иран элементтерінен тұратын Оңтүстік-Сібір бұтағының негізгі тобына жатады екен. Қазақтың дене бітімінің мықты, сүйегінің берік, ғұмырының ұзақ та төзімді келетіні - оның осы көп құрамдық тегінен болса керек.
Ұлтымыздың тамыр тегі тереңнен тартса, мәдениеті мен рухы онан да тұңғиықтан, бес мың жылдық деп аталатын көшпелі өркениеттен қуат алады. Демек, халқымыздың бітім-болмысы мыңдаған жылдар аясында екшеленген күрделі игіліктер негізінде өз топырағымызда қалыптасқан төл құбылыс. Туған халқымыз өзін «қарға тамырлы қазақпыз» деген. Кең даланы өмір сахнасы етіп, ат үстінде айшылық жерге сапар шегетін қазақ жолшыбай кездескен ауылдың сүйек-шатыс болып шығатыны рас. Демек, «қарға тамырлы қазақ» дейтін тіркестің мәні осында.
Бір қиырдың қазағы мен екінші бір қиырдың қазағы араласқа түсті, жақын жегжат болды, құраласты, ортақ немере сүйді, мейірін қандырды. Батысы мен Шығысына, түстігі мен терістігіне тұлпар тұяғын тоздырып, әзер жетер кең өлкені өзара қосып тұрған қазақтың осы туысшылдығы. Жайық елімен Алтай елінің арасын жалғап жатқан шым-шытырық туыстық жолдары ұлттың әрі қатынасы, әрі хабар құралы болды. Осындай өзгеше, ұлттың «ақпарат жүйесінің» пайда болуы қазақта туыстық атаулардың тууына жол салғаны анық.
Халық жан дүниесінің, ұлттың ұлттығының бір көрінісі туыстық атаулардың әрі қысқа, әрі дәл болуы да сол халық даналығының жемісі. Қазақтардың «әпкемнің үлкен қызының күйеуі» дегенді «жиен күйеу», «шешемнің әпкесінің немесе сіңлісінің баласы» дегенді «бөле» немесе «шешемнің ағасының әйелі» дегенді «нағашы жеңге» деп қысқа, нақ атауы осының дәлелі болады.
Қазақ тілінде туыстық қарым-қатынасты білдіретін арнаулы сөздер (туыстық атаулар) мен тілдік амал-тәсілдер лексикалық байлығымыздың ең көне қаттамаларына жатады. Туыстық атаулар қазақ отбасындағы тұрмыс-тіршілікке, салт-дәстүр, әдет-ғұрыпқа орай қалыптасқан. Отбасы мүшелері қарым-қатынас барысында бір-бірінің атын атамай, әкесін (әке, аға, көке), шешесін (апа), ағасын (аға, көке), т. б. арнайы туыстық атаулармен атаған.
Отбасы ұғымының төңірегінде топтасып, ұлттың ұлттық-мәдени ерекшелігін танытатын туыстық атаулардың ұлттық тұрғыдан ұғынылуы күрделі. Олардың тілде өзіндік жүйесі, құрылымдық ерекшелігі бар.
Тіліміздің туыстық атаулар негізінен үш жұрт (өз жұрты, нағашы жұрты, қайын жұрты) бойынша бөлінеді.
Өз жұрты бойынша: әке, бел бала, немере, шөбере, шөпшек, немене, жүрежат, туажат, тумайжат, жекжет, жұрағат. Сондай-ақ ұлы баба, баба, ата, әже, көке, шеше (өгей шеше, тоқал шеше), апа, аға, әпке, іні, сіңлі, қарындас, ұлы, қызы, немере аға, шөбере апа, шөбере іні, шөбере қарындас т. б. атаулар өз жұрты бойынша таралатын туыстық атауларға жатады.
Нағашы жұрты бойынша: нағашы, нағашы ата, нағашы аға, нағашы апа, нағашы іні, нағашы қарындас, нағашы сіңлі, нағашы жеңге, нағашы келін т. б.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz