ФРАЗЕОЛОГИЗМДЕРДІҢ СТИЛИСТИКАЛЫҚ ҚОЛДАНЫСТАРЫ


КІРІСПЕ
Диплом жұмысының өзектілігі.
Қазақ халқының рухани жан - жақты дамуына, ұлттық ерекшеліктің, ұлттық болмыстың өзіндік нақыштарын таза күйінде көрсету үшін ана тіліміздің бай қазынасын пайдаланып, өз туындыларында барлық сұлу сымбатымен көрсете білген, халқымыздың рухани мәдениет қорына өз үлесін қосқан ақын-жазушылардың еңбегін пайымдап, тілдік құралдарды қолдану шеберлігін саралау айрықша маңызды болып табылады.
«Жазушының қайсысына да қажетті ең басты талаптардың бірі сөз саптау тұрғысынан өзгеге ұқсамайтын ерекшелігінің болуы - деп жазады академик М. С. Серғалив, - Халық тілін байытуға классиктер ғана емес, жазушылықты мұрат еткен адамның қай-қайсысы да үлес қосуға тиіс. Оның аты - сөз қолдануда, жекелеген сөз жасауда, сөз мағынасын жіті аңғарып, жаңа қырымен пайдалануда өзіндік таңбасы болу керек деген сөз» [1, 132-б. ] .
Көркем шығарма тіліндегі тұрақты тіркестерді қаламгерлер тілімізде тұрақтанған қалпында да немесе өзге ораммен, жаңғыртып, жаңартып та өте шебер пайдаланады. Қазақ тіліндегі тұрақты тіркестердің тарихи қалыптасқан дағдылы түрлерін авторлық (окказионалдық) қолданыс тәсілдерімен байланыстыра зерттеу тұрақты тіркестердің табиғатын ашып қана қоймай, стилистикалық мақсаттар мен автордың тұрақты тіркестерді қолдану ерекшелігін, қаламгердің өзіндік қолтаңбасын анықтауға да мүмкіндік беретін
айрықша стильдік амал екені белгілі.
Диплом жұмысының өзектілігі ретінде көркем мәтіндердегі тұрақты тіркестердің бейнелі тілдік құралдар ретінде стилистикалық ерекшеліктерін айқындап, шығармада қолданылу сипатын көрсетудің, мағыналық-тақырыптық топтарға жүйелеудің мәні ерекше болып табылады. Осы тұрғыдан келгенде, фразеологизмдердің көркем шығарма тілінде түрлі функция атқаратын әмбебап тілдік құрал екендігін жан-жақты саралау.
Зерттеу нысаны. Фразеологизмдер халық тілінің байлығын танытумен бірге, тілдің қолданылуының да мол мүмкіндіктерін де көрсетеді. Фразеологизмдердің көркем шығарма тілінде түрлі функция атқаратын әмбебап тілдік құрал екендігін жан-жақты саралай отырып, оны көркем шығарма мәтіндерінен алынған тілдік деректер негізінде анықтау ғылыми жұмыстың зерттеу нысаны болып табылады.
Диплом жұмысының мақсаты мен міндеттері. Диплом жұмысының мақсаты - көркем мәтіндердегі тұрақты тіркестердің көркемдік стильдік қызметін талдау және көркемдік құрал қызметіндегі тұрақты тіркестердің қолданыс ерекшелігі мен тілдік табиғатын анықтау. Бұл мақсатты шешу барысында мынадай міндеттерді шешу көзделді:
- көркем шығарма тіліндегі тұрақты тіркестердің қолданыстық ерекшелігін айқындау;
- шығармада тілінде қолданылған фразеологизмдердің көркем мәтіндегі функциясын анықтау;
- шығарма тілінде құрылымдық өзгеріске ұшырап, окказионалдық сипат алған тіркестердің мағынасын саралау;
- шығармада қолданылған тұрақты тіркестерді мағыналық-тақырыптық топтарға жүйелеу.
Зерттеудің әдіснамалық негізі. Көркем шығарма тіліндегі фразеологизмдердің көркемдік мәні мен мәтін ішіндегі қызметін зерделеуде І. Кеңесбаевтың: «Фразеологизмдерді стильдік тұрғыдан пайдаланудың бір ұшығы сөзді мәнерлеп сөйлеуге байланыстында жатыр. Тілде сирек кездесетін көнерген сөздің өзін де баз уақыт құйқылжыта, қабын таба қолдану да осы стильдік тәсілге апарып соғады», - деген пікірі басшылыққа алынды да көркем мәтіндегі фразеологизмдерді зерттеу автордың белгілі бір мақсаттағы қолданыстық ерекшелігі, атау таңдау еркіндігі тұрғысынан пайымдалды.
Зерттеу әдістері. Жұмыста көркем шығарма тілінен алынған фразеологизмдерге анализ-синтез жасау, зерделеніп отырған тілдік бірліктерге қатысты ғылыми пікірлерді жинақтау, оларды қорытындылау барысында индукция-дедукция әдістері қолданылды.
Зерттеудің теориялық және практикалық қажеттілігі. Сөйлеушінің мақсатына қарай тілдік құралдарды саралап қолдану ерекшелігін зерттеп, белгілі бір мағынаның тілдік құралдар арқылы берілу жолдарын пайымдау зерттеу жұмысының теориялық қажеттігі болып табылады.
Диплом жұмысының материалдары мен тұжырымдары мұғалімдерге қазақ тілін тереңдетіп оқытуда, фразеологизм тақырыбын жан-жақты, толық жеткізуде теориялық материал ретінде, «Көркем мәтінді лингвистикалық талдау» курсына қосымша құрал ретінде пайдалануға болады.
Диплом жұмысының материалдары мен дереккөздері. Шығармада қолданылған тұрақты тіркестердің қолданылу ерекшелігін айқындау негізінде түрлі ғылыми еңбектер мен осы тақырып көлеміндегі мақалалар, түсіндірмелі және фразеологиялық сөздіктер пайдаланылды.
Диплом жұмысының құрылымы. Жұмыс кіріспеден, екі тараудан және қорытындыдан тұрады. Соңында пайдаланылған әдебиет тізімі берілген.
1 ФРАЗЕОЛОГИЗМДЕР − ЛЕКСИКАЛЫҚ БІРЛІКТЕР
- Фразеологизмдердің зерттелуі
Фразеология термині қазіргі тіл білімінде екі түрлі терминдік мағынада қолданылады. Ол белгілі бір тілдегі фразеологизмдердің тұтас жиынтығы деген мағынамен қатар, тіл білімінің фразеологизмдерді зерттейтін саласы деген ұғымды да жеткізеді. Жалпы тіл білімінде фразеологизмдерді қарастыруда, оның түрлі теориялық сипатын ашуда ғалымдар арасында әлі де болса, бір ізділік жоқ. Тілшілер фразеологизмдерді тілдің ерекше деңгейі ме, деңгей аралық тілдік құбылыс па, жоқ әлде лексикологияның бір саласы ма деген теориялық сұраққа жауап іздеуінің өзі − тұрақты тіркестерді зерттеуде басы ашылмаған мәселелер бар екенінің айғағы.
Кез-келген тілдің жүйелік сипаты тілдің әрбір деңгейінің ішінде болатын синтагмалық сипатымен ғана емес, сонымен қатар парадигмалық сипатынан да көрінуі тілдік бірліктердің табиғатын анықтауда қиындық тудыратыны белгілі. Фразеологизмдерді анықтау, оларды басқа тілдік бірліктерден ажырату қиындығы әлі де шешілмеген мәселе болып отыр. Бұл ретте, тілшілердің пікірлері әртүрлі екенін байқаймыз. Жалпы тіл білімінде фразеологизмдерді қарастыруда екі түрлі ғылыми бағытты байқаймыз. Ол қазіргі ғылыми ортада фразеологизмді кең мағынада және тар мағынада түсіну теориясы қалыптасқан.
Орыс тіл білімінде фразеологизмдерді кең мағынада Виноградов В. В, Шанский Н. М, Архангельский В. Л, Копыленко М. М. сынды ғалымдар қарастырса, тар мағынада түсінуді Молотков А. И, Жуков В. П, Аносова Н. Н, Чернышева И. И, Торопцев И. С. сияқты тілшілер қолдайды.
Фразеологизмді кең мағынада және тар мағынада түсіну теориясының негізгі қағидалары мыналар:
1) семантикалық тұтастығы тұрғысынан топтастыру;
2) грамматикалық тұрғыдан топтастыру;
3) функционалдық тұрғыда сипаттау.
Семантикалық тұтастығы тұрғысынан топтастыру қағидасын тілші Шанский Н. М. ұсынады. Ол академик Виноградов В. В. көрсеткен фразеологизмдердің үш түріне қосымша төртінші түрін енгізген. Ғалым фразеологиялық сөйлемше деп атаған тілдік бірліктерінің лексикалық мағынасын фразеологиялық байлаулы мағынаға жатқызады. Осыдан тілдік сипаты әртүрлі екі топ пайда болды. Олар семантикалық жағынан жіктелетін фразеологиялық сөйлемше мен фразеологиялық тізбек және семантикалық жағынан жіктелмейтін, тұтастық пен тұрақтылыққа негізделген фразеологиялық тұтастық пен фразеологиялық бірлік.
Фразеологимдерді кең мағынада түсіну теориясында тіркес мағынасының, тіркес құрамы мен құрылымының тұрақталуы негізгі белгісі болып табылады да мұндағы тұрақталу ұғымы тіркесімділіктің шектеулігімен түсіндіріледі. Осы тұрғыдан алғанда тұрақты тіркестерге Шанский Н. М. көрсеткен төрт түрін жатқызуға болады.
Фразеологизмдерді тар мағынада түсіну теориясында мағына тұтастығы мен компоненттерінің де семантикалануы, яғни өзінің лексикалық мағынасынан айрылып, тіркестің барлық компоненттері қосылып, өзгеше мағына білдіруі негізгі белгісі болып табылады. Тілші Молотков А. И. фразеологизмдерді сөзге тән белгілерінен (лексикалық мағынасынан, сөздің лексика-грамматикалық ерекшеліктерінен, түрлену жүйесінен) айрылған компоненттерден тұрады деп пайымдайды. Осы тұрғыдан алсақ, фразеологизмдерге фразеологиялық тұтастық пен фразеологиялық бірліктер ғана жатады.
Грамматикалық тұрғыдан топтастыру қағидасында тілші Молотков А. И. предикаттық қатынасқа негізделген мақал-мәтел, қанатты сөздерді фразеологизмдерге қоспайды. Ал фразеологимдерді кең мағынада түсіну теориясының өкілі Шанский Н. М. предикаттық қатынасқа негізделген тілдік бірліктерді фразеологиялық жүйеде қарастырады да олардың бір тұтас бейнелі - экспрессивтік мағынасын негізгі белгілері ретінде таниды. Мұндағы фразеологизмдердің бір тұтас бейнелі-экспрессивтік мағынасы уәжді болуы мүмкін, оны біз фразеологиялық бірліктерден байқаймыз және уәжделмеген мағына болуы мүмкін, оны біз фразеологиялық тұтастықтардан байқаймыз. Сондай-ақ тілшілер Виноградов В. В., Молотков А. И., Жуков В. П. т. т. фразеологизмдер қатарына басқа да тілдік бірліктер мен тілдік құрылымдарды жатқызады. Олар: на авось, за глаза, за счет, потому что. Бұларды фразеологизмдер деп танудың реті жоқ, себебі:
1. Олардың құрамында бір ғана атауыш сөз болады да тіркес жасай алмайды. Тіркес болу үшін кемінде екі сөзден жасалуы керек.
2. Бейнелі мағынасы болғанмен тұрақты тіркеске жатқыза алмаймыз, өйткені оларды тұрақты тіркес ретінде танысақ, онда сөз бен тұрақты сөз тіркесінің басты белгілерін, құрылым тұрақтылығы мен мағына тұтастығын, жоққа шығарамыз.
Орыс тіл білімінде Архангельский В. Л., Ломов сынды тілшілер фразеологизмдерді грамматикалық тұрғыдан топтастыру қағидасында тілдік бірліктердің үш тобын көрсеткен. Олар:
1) сөздер (бір ғана екпінге ие болған, бірақ предлогтары мен демеуліктері бөлек жазылатын сөздер) ;
2) сөз тіркестері (кемінде екі сөздің тіркесуінен жасалған, бөлек жазылатын сөз тіркестері) ;
3) сөйлемдер (предикаттық бірліктер) ;
Фразеологизмдерді тар мағынада түсіну теориясын қолдаушылар тұрақты тіркестердің қатарына тек сөз тіркестерін ғана жатқызады. Сондай-ақ осы екі көзқарасты да жартылай қабылдайтын аралық бағыт та бар. Тілшілер Молотков А. И. пен Жуков В. П. бір ғана екпінге ие болған, бірақ предлогтары мен демеуліктері бөлек жазылатын сөздерді фразеологизмдер қатарына енгізіп, предикаттық қатынасқа негізделген мақал-мәтел, қанатты сөздерді фразеологизмдерге қоспайды. Ал Шанский Н. М. сөз тіркестерін де, мақал-мәтел, қанатты сөздерді де, фразеологизмдер деп таниды.
3. Функционалдық тұрғыда сипаттау. Тіл қоғам сұранысын өтеу қажеттілігінен көптеген күрделі номинативтік - терминдік бірліктермен үнемі толығып отырады. Мысалы, демалыс үйі, қол қою, т. т. сияқты туынды, күрделі сөздерде атауыштық қызметі басым. Ал Шанский Н. М. тұрақты сөз тіркестеріне жатқатын тілдік бірліктерде мағынасындағы бейнелі -экспрессивтілік сипатын негізге алады. Фразеологизмдерге тән белгілерге бейнелілік, эмоционалдылық, бағалауыштықты атаймыз. Бұлар басты белгілері болып табылады. Егер сөз таптарына олардың атауыштық қызметін өтеуге мүмкіндік беретін меншікті лексикалық мағынасы негізінде пайда болатын заттық, сындық, сандық, қимылды білдіретін жалпы грамматикалық мағынасы негіз болса, фразеологизмдердің атауыштық қызметі олардың байлаулы фразеологиялық мағына құрамындағы бейнелілік, эмоционалдылық, бағалауыштық мағыналық бөлшектердің негізінде жүзеге асады. Осы ретте тілші Молотков А. И. пікірі өте орынды айтылған: «ФЕ - есть особый разряд языковых единиц, объединенных общей функцией и назначением - вызвать образное представление о предмете и дать ему эмоционально-экспрессивную характеристику».
Яғни, орыс тіл білімндегі фразеологизмдерді тар мағынада түсіну ядроны анықтауға бағытталса, фразеологизмдерді кең мағынада түсіну перифериясын анықтауға бағытталады. Фразеологиялық бірліктерді зерделеу барысында орыс тіл білімінде лексикалық аспект және грамматикалық аспект тұрғысынан қарастыруды байқаймыз.
1. Лексикалық аспект тұрғысынан зерттеу барысында шығу тегіне, стилдік қолданысына қарай фразеологизмдерге жасалған түрлі топтастырулар, фразеологиялық жүйедегі семантикалық қатынастарды анықтауда фразеологизмдердің синонимділік, антонимділік, көпмағыналық қасиеті мен варианттылықты анықтау, фразеологиялық сөздіктерді жасау осы бағыттағы зерттеу жұмыстарының нәтижелері болып табылады.
2. Грамматикалық аспект (морфологиялық және синтаксистік) тұрғысында фразеологизмдердің сөз табына қатыстылығы, олардың лексика-грамматикалық тобын анықтау, негізгі құрылымдық үлгілерін анықтау, фразеологизмдердің сөйлемдегі қызметі, фразеологизмдердің сөйлем ішінде басқа бірліктермен байланысы қарастырылады. Шарль Баллидің 1905 жылы жарық көрген «Краткий очерк стилистики», 1909 жылы жарық көрген «Французская стилистика» деген еңбектерінде фразеологизмдердің тілдік сипатын анықтаудағы алғашқы құнды пікірлер берілген. Ғалым фразеологиялық топтардың екі түрін көрсетеді. Бірінші түрін еркін деп атаса, екінші түрін бөлшектенбейтін, біртұтас тіркесіп бір мағына беретін тіркестер деп қарастырып, аталған екі топқа да жатқызуға болмайтын аралық сөздердің де кездесетін ескертеді. Ш. Балли тұрақты тіркестердің тек екі типін бөліп көрсетуді жөн көреді.
Олар: 1) фразеологиялық топтар (олар тура мағынада да ауыспалы мағынада да қолданылуы мүмкін) .
2) фразеологиялық бірліктер (фразеологиялық топтардан негізінде жасалып, тек ауыспалы мағынада ғана қолданылады) .
Орыс тіл білімінде фразеологиялық бірліктер бірқатар ғалымдардың еңбегінде қарастырылады. Срезневский Измаил Иванович «Заметки об образовании слов и выражений» деген 1873 жылы жарық көрген еңбегінде кейбір сөздер мен сөз тіркестерінің лексикалық тұтастығы туралы сөз етеді.
Фортунатов Филипп Федорович «Курс лекций по сравнительному языкознанию» деген 1899-1900 жылдары жарық көрген еңбегінде біріккен сөздер мен тұтасқан сөз тіркестері туралы тікірін білдіріп, сумасшедший, сногсшибательный сөздерінің бірігіп, бір лексикалық мағынаға ие болып, жаңа сөз жасалуын, ал без царя в голове деген тіркесте құрамындағы сөздердің бәрі қосылып, жаңа лексикалық мағына тудыратын айтқан. Шахматов Алексей Александрович «Синтаксис руссого языка» деген еңбегінде бөлшектеуге келмейтін мағыналық тұтастықта болатын сөз тіркестерінің болатын айтқан.
Поливанов Евгений Дмитриевич фразеологиялық бірліктерді құрамындағы компоненттерінің санына қарай синтаксистік бірліктерге жақын дей келе, ал лексикалық мағынасының сипатына қарай оларды лексикалық бірлік деп қараған. Ол тұңғыш рет фразеологияны тіл білімінің жеке саласы ретінде қарастыруды ұсынған. Щерба Лев Владимирович тіл мен сөйлеудегі фразеологизмдерді ажыратып көрсеткен.
Фразеология жеке лингвистикалық пән ретінде XX ғасырдың 40 - жылдары қалыптасты. Фразеологияның теориялық негізін қалаушылар ретінде француз ғалымы Ш. Баллиді, Ресей академигі В. В. Виноградовты атауға болады. Орыс тіл білімінде Ш. Балли теориясын одан әрі дамытқан академик В. В. Виноградов болды. Ғалым бірліктерді фразеологиялық тұтастық, топтарды - фразеологиялық бірлік деп атайды.
Ғалымның «Основные понятия русской фразеологии как лингвистической дисциплины», «Об основных типах фразеологических единиц в русском языке» деген еңбектері фразеологизмдерді теориялық тұрғыдан жан-жақты қарастырады. Тілші фразеологизм ұғымын теориялық жағынан негіздеп, анықтама беріп, фразеологияны тіл білімінің жеке бір саласы, жеке пән ретінде қарастырады.
Ларин Борис Александрович «Очерки по фразеологии» деген 1957 жылы жарық көрген еңбегінде фразеологизмдердің стилдік қызметін сипаттайды. Шанский Николай Максимович фразеологизмдердің тілдік бірлік ретінде өзіне тән негізгі белгілерін анықтап, фразеологиялық бірліктерді жеке сөзбен, сөз тіркесімен салыстырып, өзіне тән белгілері бар тілдік бірлік дей келе, фразеологизмдерге жасалған В. В. Виноградовтың топтастыруын дамыта отырып, фразеологизмдердің төртінші түрін көрсетіп, фразеологиялық сөйлемше деп атап, оған мақал-мәтел, қанатты сөздерді жатқызады. Ожегов Сергей Иванович өзіне дейінгі еңбектерге шолу жасап, тіл білімінде фразеологизмдердің кең және тар мағынада түсіндіріліп жүргенін алғаш көрсеткен [2, 24-31-б. ] .
Орыс тіл біліміндегі фразеологизмдер туралы айтылған құнды пікірлер қазақ тіл білімінде де өзінің заңды жалғасын тапты. Қазақ тілінің фразеологиясының іргетасын қалыптастырған тілші-ғалым − І. Кеңесбаев.
Ғалымның авторлығымен шыққан «Қазақ тілінің фразеологиялық сөздігі» атты еңбегі қазақ фразеологиясына ғана емес, қазақ тіл біліміне де, түркологияға да қосылған елеулі үлес болып табылады.
І. Кеңесбаев аталған сөздіктегі қазақ тілінің фразеологизмдері туралы жазған мақаласында фразеология туралы: «Тіл - тілдің өзіне тән ұлттық қасиеті оның барлық тарауларынан (ярустарынан) байқалатыны мәлім. Сол қасиет, әрине, тиянақты сөз тіркестерінен де анық көрінеді. Тіл байлығын сөз еткенде сөз байлығы (лексикалық қор) деген топқа осы сөздікте қамтылған алуан түрлі фразеологизмдерді жай, жалпылай жатқыза салуға болмайды. Басқаша айтқанда сөз байлығын тексеретін тіл білімі саласын лексикология деп атайтын болсақ, фразеологизм байлығын тексеретін тіл білімі саласын фразеология деп атау әбден орынды», - деп жазады [3, 589-б] .
Қазіргі қазақ фразеологиясы - зерттелген қырына қарағанда зерттелмеген тұсы әлі де көп тіл білімінің бір саласы. Автор аталған еңбегінде қазақ тіліндегі фразеологизмдердің теориялық мәселелерін де жан-жақты қарастырып, болашақ ғылыми-зерттеу жұмыстарына бағдар боларлық ғылыми пікірлер айтқан. Қазақ тілінің фразеологиясын зерттеуші ғалымдардың қай - қайсысы болмасын өз зерттеу жұмыстарында бұл еңбекті басшылыққа алады. Қазіргі қазақ тіл білімінің бір саласы ретінде танылып отырған фразеология - құрылымы мен құрамы тұрақты болып табылатын, даяр қалпында қолданылатын бейнелі тұрақты тіркестердің қазіргі жай-күйін және тарихи қалыптасуын зерттейді.
Ғалымдар Ә. Болғанбайұлы мен Ғ. Қалиев «Қазақ тілінің лексикологиясы мен фразеологиясы» атты еңбекте: «Фразеологизмдердің өз алдына дербес лингвистика саласы екендігін танытатын негізінен үш белгісі бар.
Олар:
1) даяр қалпында жұмсалу белгісі;
2) мағына тұтастығы;
3) тіркес тиянақтылығы», - деп жазады [4, 187- б] .
Фразеологизмдерге тән бұл белгілер әркез бір-бірінен айқын ажыратыла бермейді. Сондықтан фразеологизмдерді топтастыру тіл біліміндегі күрделі мәселелердің бірі болып табылады.
Қазіргі тілдік қорда қолданылып жүрген фразеологизмдердің біразы семантикасы жағынан адам эмоциясына қатысты. Адам эмоциясына қатысты фразеологиздердің бір тобы жеке тұрып адамның түрлі көңіл-күйін білдіретін болса, енді бір тобы контекст ыңғайына қарай эмоциялық реңкке ие болады. Біреудің қорыққандығын айтқымыз келсе, жүрегі ұшты, зәресі ұшты, үрейі ұшты, иманы қашты, көзі шарасынан шықты, көзі алақандай болы, жүрегі тас төбесіне шықты, зәресі зәр түбіне кетті, жаны мұрнының ұшына келді, төбе шашы тік тұрды деген фразеологизмдерді, ал біреудің қатты таң қалғандығын айтқымыз келсе, аузын ашып, көзін жұмды, рахаттанғанын айызы қанды, қуанғанын екі езуі екі құлағына жетті, жерден жеті қоян тапқандай болды, құмартқанын аузының суы құрыды, аузынан суы ақты, аузынан сілекейі шұбырды, ұялғанын айтқымыз келсе, кірерге тесік таппады, бет моншағы үзілді, бетінен оты шықты, құлағының ұшына дейін қызарды, жүзі шыдамады, жер шұқыды өкінгенін айтқымыз келсе, санын соғып қалды фразеологизмдері арқылы білдіреміз. Бұлардың барлығы ана тіліміздің шексіз байлығын, фразеологизмдердің эмоциялық реңк жасаудағы орамдылығын көрсетеді.
Фразеологизмдер сөйлем ішінде қолданылғанда стильдік ерекшелікті, эмоциялық реңкті айқын көрсетуге қызмет етеді. Мысалы, қуанды деген сөз бен екі езуі екі құлағына жетті фразеологизмінің, қорықты деген сөз бен жүрегі тас төбесіне шықты фразеологизмінің арасында мағыналық сәйкестік болғанымен, бұл сәйкестік толық балама бола алмайды себебі қуанды мен қорықты сөздерінде экспрессивті реңк жоқ. Бұл жөнінде І. Кеңесбаев өз ойын былай тұжырымдайды: «Жеке сөз өздігінен барлық жағдайда ауыс, бейнелі мағынада жұмсалуы міндетті емес (басқаша айтқанда, сөздің бұл жерде факультатив қабілеті бар да, бірақ оның әрдайым сырттай көрінуі басты шарт емес) . Ал фразеологизмнің бейнелі (дәлірек айтқанда, туынды) мағынада жұмсалуы - өн бойы кездесер қағида.
ФЕ (фразеологиялық түйдек те, фразеологиялық тіркес те) туынды мағынаны білдіреді де, сөз түбір мағынаны білдіреді. Осыдан шығатын тағы бір түйін: ФЕ мен сөз бір-біріне баламалық байланыста емес, жанамалық қатынаста болады деген топшылауды қолдаймыз. Яғни белгілі бір ФЕ-нің ішіндегі сөздердің бірде-бірі дербес мағынаның референті бола алмайды. Басқаша айтқанда, ФЕ құрамындағы белгілі бір компонент дербес мағынаны білдіре алмайды. Ал, жеке сөз өзінің референттік қасиетін сақтамауы мүмкін емес. Осыдан келіп, біраз ғалымдар ФЕ-нің мағынасын фразеологиялық мағына деп, сөз, еркін тіркес мағынасын лексикалық мағына деп атауды лайық көреді. Бұған келтірер үлкен дәлел: ФЕ тікелей мағынада емес, туынды мағынада ғана жұмсалады» [3, 597-б] .
Бұл мәселе туралы тілші С. Сатенова сөз бен оған мағыналас фразеологизмдердің қолданыс ерекшелігіне қатысты білдірген пікірінде фразеологизмдердің ойдың астарлы, бейнелі болуына ықпалын айта келіп: «…іші өлген, сырты сау қос тағанды фразеологиялық тіркесін «қайғылы, уайымды, шерлі» тәрізді лексикалық эквиваленттерімен ұйқасын, үйлесімін тауып ауыстырғанымызбен, фразеологиялық тіркес қолданысындағыдай әсерлі, сазды болуы және жаны күйзелген адамның сезім дүниесін соншалықты дәл жеткізуі екіталай болар еді», - деп жазады [4, 88-б] .
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz