Алғашқы қойылымдардың көркемдігі мен дәстүрі



Жұмыс түрі:  Дипломдық жұмыс
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 66 бет
Таңдаулыға:   
Кіріспе
... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ..
... 5

I. XX ғасыр басындағы ұлт театры туралы
1.1. Ұлт театрының қалыптасуы ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... 8
1.2. Театрда туған ойлар
... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... . 17

II. Алғашқы қойылымдардың көркемдігі мен дәстүрі
2.1. Уақыт және
театр ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... . 39
2.2. Драмадағы
дәстүр ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... . 52

Қорытынды
... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... 66

Пайдаланылған әдебиеттер ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ..
67

Зерттеу тақырыбының өзектілігі.
Драматургия жанры мен театр тарихы мәселелері жайында А.Байтұрсынов
[1], Ж.Аймауытов [2], М.Әуезов [3], С.Садуақасов [4], Д.Әділов [5],
М.Дулатов [6], Ш.Құсайынов [7], Ә.Әбішев [8], Н.Ғабдулин [9], С.Ордалиев
[10] т.б. ғалымдардың әр түрлі кезеңдегі ой-пікірлері осы саланы зерттеудің
негізгі бастау іспетті.
Қазақ театры тарихы мен драматургиясын арнайы нысанаға алып зерттеу
үрдісі 1950 жылдардан бастап кеңінен қолға алынды. Ізденушілер С.Ордалиев
[11], А.Маловичко [12], Р.Рүстембекова [13], Н.Ғабдулин [14], Ә.Тәжібаев
[15], Р.Нұрғали [16], Т.Есембеков [17], Ж.Әбілов [18], С.Дәуітова [19]
С.Құлбарақов [20], Ә.Шапауовтардың [21] монографиялық зерттеулері соның
айғағы.
Театр тарихы мен драматургия өнері – өркениеттерді байланыстырушы
құбылыстардың ішіндегі ең нәтижелісі. Сонымен қатар ол өнер мен мәдениет,
әдеби байланыстарды қалыптастыратын, дамытатын сала. Ол елдер мен елдерді
жақындастырып, бір күшке айналдырған тіл, мәдениетті жер бетіне таратуға
орасан зор қызмет етуші.
Сондықтан зерттелетін материалдың молдығы, театр тарихы мен драматургия
теориясындағы жылдан-жылға толығып отыратын жаңа көзқарастар зерттеудің
тың жұмыс болуына негіз болды.
Тақырыптың зерттелу деңгейі. Жұмысымызда біз отандық, кейде
салыстырмалы түрде алыс және жақын шетел, орыс ғалымдарының пікірлерін
жинақтай отырып, қолдандық.
Қазақ және шетел театры тарихы мен драматургиясы байланыстары жөнінде
Ж.Абызов [22], Қ.Қуандықов [23], Б.Құндақбаев [24], Ә.Сығаев[25], К.Уәлиев
[26], т.б. сынды зерттеушілеріміздің еңбектері бар. Олар батыс-шығыс әдеби
байланыстарын, аудармалар және орыс драматургиясының қазақша аудармалары
туралы құнды пікірлер айтқан. Жұмысымызда бұдан өзге де жекелеген теориялық
мәселелерге қатысты басқа да ғалымдардың зерттеулері қарастырылды.
Зерттеу жұмысының мақсаты мен міндеттері. Жұмыстың негізгі мақсаты
қазақ театры тарихы мен драматургиясының көркемдік даму барысы, батыс және
шығыс, түркі халықтары театры тарихы мен драматургиясындағы ұқсастықтар
мен ерекшеліктерді айқындау.
Зерттеудің ғылыми жаңалығы.
− Ұлт театры тарихы мен драматургиясының көркемдік даму барысы,
бастаулары, оның даму деңгейі нысанаға алынады;
− орыс тілінен қазақшаға пьесалардың сөзбе-сөз аудару тәсілінің
ұстанымдары, өзіндік ерекшеліктері сараланды;
Зерттеу нысаны. Зерттеу жұмысының негізгі нысанасына қазақ, орыс,
ағылшын, неміс, поляк ақын-жазушылары шығармаларының төл нұсқасы мен
аудармалары алынды.
Зерттеу жұмысының теориялық және әдіснамалық негіздері. Еңбекте
отандық және шетелдік ғалымдардың театр тарихы мен драматургия тарихы мен
теориясына байланысты еңбектер, жанрлық ерекшеліктеріне арналған зерттеулер
негіз болды. Атап айтқанда, С.Садуақасов [27], М.Әуезов [28], З.Қабдолов
[29], С.Қирабаев [30], Р.Нұрғали [31], Т.Есембеков [32], Ж.Әбілов [33],
С.Құлбарақов [34], С.Дәуітова [35], Ә.Шапауов [36], А.Ақтанова [37],
Н.Насиева [38] және т.б. отандық көрнекті зерттеушілердің еңбектеріндегі
ғылыми-теориялық қағидалар басшылыққа алынды.
Зерттеу әдістері. Жұмысты жазу барысында негізінен салыстырмалы,
талдау, жүйелеу, жинақтау, тұжырым жасау әдістері және стилистикалық талдау
қолданылды.
Зерттеу жұмысының теориялық және практикалық құндылығы. Жұмыстың
нәтижелері мен тұжырымдары қазақ, орыс халықтары әдебиеттерінің ортақ
тарихын негізге ала жазылып жатқан зерттеулерге септігін тигізеді. Зерттеу
жұмысының материалдары орта және орта арнаулы білім беретін мектептердегі,
орта оқу орындарындағы әдебиеттану, өнертану бағдарындағы арнаулы пән үшін
көмекші құрал бола алады.
Зерттеу жұмысының сыннан өтуі мен жариялануы. Жұмыс Ш.Уәлиханов
атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің қазақ филологиясы
кафедрасында талқыланып, қорғауға ұсынылды.
Жұмыстың құрылымы. Кіріспе мен қорытындыдан, екі тараудан тұрады.
Жұмыстың соңында пайдаланылған әдебиеттер тізімі көрсетілген.

КІРІСПЕ

XX ғасырдың басындағы әлеуметтік қозғалыстар, төңкерістер әдебиет
беттерінде өзіне лайық таңба қалдырып отырды. Төңкерістер қолма-қол
әдебиетке әсер етті.
Көптеген идеялық ағымдары бар, жанрлары жан-жақты тармақтала бастаған
әдебиеттің өкілдері кешегі отар, қаналған елдің әр жастағы, әр деңгейдегі,
әр түрлі саяси бағдардағы перзенттері ұлы өзгерісті әртүрлі қабылдады.
Төңкеріс кезіндегі аса күрделі, шиеленісті әлеуметтік жағдайлар
жазушы қауымына да түрліше әсер етті. Тығырыққа тіреп, түрлі саяси қуғын-
сүргінге түсті, түрлі жала жабылды, абақтыларға қамалды. Олар зорлық-
зомбылықтың неше атасын көрді, отбасынан айырылды. Асыл азаматтар елінен
қудаланды. Шығармалары електен өтті, құртылды. Қаншама еліміздің бетке
ұстар, көзі ашық, кеудесі кең азаматтары, қаламымен жыр қозғап еліне күн
болам деген ақындары мен жазушылары, оқыған қауым зиялы өкілдері
құрбандыққа шалынды. Аяусыз опат болды.
Әдебиет – халық өмірінің айнасы, көркем бейнесі. Бұл заңдылықты қазақ
әдебиетінің туу, өзіндік қалыптасу жолынан да көруге болады. Саяси
толқындар легі, экономикалық дағдарыстар, қоғамдық ойдағы қым-қиғаш
тартыстар тұтас үрдісті тоқтатып, әдебиетке тосқауыл бола алмады. Кең
байтақ даланың дүбірлі өмірі бейнелі тіл өрнегімен қағаз бетіне өзіндік
бедерін салып жатты.
Табиғатынан дарынды халқымыздың мұраларын игеруде Мұхтар Әуезов,
Бейімбет Майлин, Көлбай Төгісов, Қошке Кемеңгеров, Ғабит Мүсірепов, Асқар
Тоқмағанбетов еңбектері елеулі.
ХХ ғасырдың 20-30 жылдарындағы қазақтың драмалық шығармалары негізі
туралы айтар болсақ, бұл драма жанрының аяқ алып, өмірге нық еніп қанат
жаяр кезеңінің нағыз бастауы, қайнар көзі екені мәлім. Қазан төңкерісінен
кейінгі далаға еніп жатқан жаңалықтар, халық күресінің кей келелі тұстары
драмалық шығармаларда өз арқауын тауып жатты.
Қазан төнкерісіне дейінгі әдебиет саласындағы негізгі байлығымыз халық
ауыз әдебиеті, яғни фольклор болса, төңкерістен кейін әдебиетімізде жанрлық
формалар өрістеді.
Қазақ әдебиеті мен өнері туралы тұтас ғылым салаларының туып,
қалыптасып, дамуында А.Байтұрсынов, Ж.Аймауытов, М.Дулатов, С.Сейфуллин,
М.Әуезов, С.Мұқанов, Е.Исмаилов, Қ.Жұмалиев, Б. Кенжебаев, М.Қаратаев көп
еңбек сіңіріп, жаңа арналарға негіз бола білді.
Қазақ әдебиеттану ғылымында поэзия, эпикалық проза, әсіресе роман
түбегейлі зерттеліп келе жатыр. Ал драматургия туралы арнайы еңбектерден
Ә.Тәжібаевтың Қазақ драматургиясының очеркі (1964), Р.Рүстембекованың
Қазақ совет комедиясы (1975), М.Дүйсеновтың Қазақ драматургиясының жанр,
стиль мәселесі (1977), Е.Жақыповтың Дастаннан драмаға (1979),
Н.Ғабдуллиннің Ғ.Мүсірепов – драматург (1982), Р.Нұрғалидің Арқау,
Ә.Шапауовтың “Драмадағы дәстүр” зерттеу еңбектерін бөліп атау қажет.
Егер әлем драматургиясы сан ғасырлық ұланғайыр жолдан өтсе, қазақ
драматургиясының тарихы бір ғасырға жетті. Қазан төңкерісінен кейін өрлеп
дамыды, халықтың мыңдаған жылдық дәстүрі бар фольклоры, кәделі өнері, бай
әдебиеті озық дәстүрлерімен қауыша түсіп, қазақтың жаңа сапалы өнерін –
драматургия мен театр өнерін дүниеге әкелді.
Тұтас жүйелі, жан-жақты әдеби-мәдени процесс пайда болды. Қазір қазақ
драматругиясы жалпы драмаға тән түгел қасиеттерге ие. Уақытпен ілесіп даму
үстінде. Әдебиеттің ерекше бір түрі - драматургия театрды нысана етеді,
сахна төрінде қойылу үшін жазылады. Танымдық, тәрбиелік мәнді, идеялық-
эстетикалық әсері орасан күшті-драматургия тағдырлар тоғысуы, мінездер
қақтығысы, сезімдер шайқасын көрсетіп, аса қатал композиция талаптарын
ескере отырып, ерекше көркемдік құрал- диалогтар мен монологтар арқылы
өмірдің түрлі шындықтарын ашады. Құбылыстарға баға береді, билік айтады.
Жанр тудыратын элементтер деп - сюжет түзілісі, композиция, тақырып,
поэтика, бір сөзбен шығарма идеясын және мазмұнын ашатын көркемдік
құралдарды айтады. Бұған драмалық эмоциялық әсер беретін формаларды да
қосқан дұрыс. Трагедия – қайғыртады, комедия - күлдіртеді, драма –
толқытады. [44,226].
Даму үрдісінде бұл жанрлар өзара ықпалдасады, бірін-бірі толықтырып,
байытады. Кей жанр құбылысы дегенде табиғи диалектикалық өзгерістерді
айтамыз, әйтпесе, шекарасыз, жағасыз, арнасыз жанрлық форма жоқ. Бұл
талаптар ескерілмеген жағдайда шығарма босаң, сюжеті болжыр тартады.
Көркемдік қасиеттері жұтаң реңсіздікке ұрынып эстетикалық қасиеттерінен
айрылады.
Жанр, - деп жазды М.Бахтин, - әрқашан өзі, әрі өзі емес, әрқашан көне,
әрі жаңа, жанр әдебиет дамуының әрбір жаңа кезеңінде, әрбір жаңа шығарма
тұсында қайта туындап жасарады. Жанр бүгінгі күннің тынысымен өмір сүреді,
бірақ әрқашан өз өткенін қасиет ретінде өз бойында сақтайды. Жанр – әдеби
даму процесіндегі творчестволық тұжырым түрінде қалады [45,178].
Кіріспе мен екі тараудан, қорытынды мен әдебиеттер тізімінен
тұратын бұл жұмысты драманы зерттеген ғалымдар еңбектеріне сүйене отыра
жаздық.

I. XX ғасыр басындағы ұлт театры туралы

1. Ұлт театрының қалыптасуы
Қазақ театры тарихы мен драматургия жанры саласы ХХ ғасырдың басынан
басталып зерттеле бастады. Алғашқы қазақ дарамалары жарық көргеннен кейін,
сыни-мақалалар газет-журнал беттерінде жариялана бастады. Қазақ
драматургиясын, театр өнерін М.Әуезов, С.Садуақасов, Д.Әділов,
Б.Құндақбаев, Ә.Тәжібаев, Қ.Қуындықов, Р.Нұрғали, Ә.Сығаев, К.Уәлиев тағы
басқа ғалымдар зерттеді.
Театр өнерін арнайы зерттеуші Бағыбек Құндақбаев Заман және театр
өнері [39,5] еңбегінде ұлттық сахна өнерінің даму белестерін қарастырып,
қойылымдар мен актерлік өнер жайлы айтады. Зерттеушінің осы кітапқа енген
Жүсіпбек Аймауытов және театр өнері мақаласы жарияланған. Жүсіпбек
Аймауытовтың драмалық шығармалары жайлы, өнер саласына тигізген ықпалы
жайлы айтып, оның жазушы, драматург, режиссер, актер екенін дәлелдейді.
XX ғасырдың басындағы, 20-40 жылдардағы ұлттық драма жанрының
зерттелуі, дамуы, тууы мен Жүсіпбек Аймауытұлының пьесаларындағы драмалық
жағдай, кейіпкерлер мінезі, қаһармандар арасындағы тартыс, 20-40 жылдардағы
драматург–жазушылардың пьесаларымен салыстырылып көрсетіледі.
XX ғасырдың 20-жылдарындағы отандық драматургияда негізгі мәселе
болған басты тақырып - әйел бостандығы мен теңдігі, үстем таптың халыққа
жасаған зорлығы. К.Кемеңгеров, Ж.Аймауытов, М.Дулатов, С.Сейфуллин,
М.Әуезов, Ж.Шанин, Б.Майлин шығармаларында туған халқының тарихы мен
тағдыры, еркіндігі мен теңдігі үлкен мәселе болды. Қандай да бір пьеса
болса да ел өмірінің тұрмыс-тіршілігі сол кездегі басты тақырыптары - 1916
жыл оқиғасы, би-болыстар мен қалың көптің арасындағы тартыс, әйел теңдігі
мәселесі, түрлі әлеуметтік қайшылықтар тағы басқа мәселелер көтеріліп,
театр сахнасында қойылды. Аталған дәуірдегі драматург – жазушылардың
драмалық шығармаларының бір – біріне ұқсас болып келуі, сол кездегі
әлеуметтік жағдайға байланысты екенін көреміз.
ХХ ғасырдың басындағы қазақ ұлттық театр тарихы мен драма жанрының
алғашқы суреткерлері И.Меңдіханов, Б.Серкебаев, К.Төгісов, Ж.Аймауытов,
М.Әуезов, Ж.Шанин, Д.Әділұлы, С.Сәдуақасов, Қ.Кемеңгерұлы негізін қалаған
ұлт театры, ұлттық драматургиямыздың, театр тарихымыздың орны ерекше.
XX ғасырдың алғашқы жылдарында-ақ жазыла бастаған қазақ пьесаларының
жалғасы іспетті XX ғасырдың 20 – жылдары Қ.Кемеңгеровтың [40,7] қаламынан
“Алтын сақина”, “Парашылар”, “Ескі оқу” пьесалары туады. “Байғұстардағы”
Жамал, “Надандық құрбанындағы” Хадиша, “Алтын сақинадағы” Халима болып,
“Малдыбайдағы” сараң Малдыбай дүниеқұмар Жәния мен Тәуірше болып,
“Бақсыдағы” өз құлқы үшін елін алдап жүрген бақсы Жұрынтай қожа –
молдалардың ісін әшкере ететін “Ескі оқудағы” молда болып, яғни, алғашқы
қазақ пьесаларындағы мінездер өз жалғасын Қошкенің драмалық шығармаларында
табады.
“Алтын сақина” – трагедия. Трагедия кейіпкері, әдетте, заманның теріс
әдеттерімен күрес процесінде түрлі – түрлі қиыншылықтарды көреді. “Алтын
сақинадағы” Халима да: “Үй берекесін қалай орнатуға болады? Сағынтайға арым
таза екенімді қалай сендіремін?” деген сияқты толғаныстар үстінде жүріп,
ақырында о дүниелік болады. Жәния мен Өріктің бірлесіп жасаған қорлықтары,
Сағынтайдың сабауы, ененің жала жабуы – осының бәріне көніп жүрген Халима
ененің “қолынан” құрбан болады. Үлкен қиянатқа ұщыраған Халима неден өлді?
Мүмкін, қатігез ененің көз көрмес, құлақ естімес істеріне ақ жүрегі
шыдамады ма? Әлде, сүйген жарының жала сөзге еріп әйеліне деген
опасыздығына күйзелді ме? Болмаса, теңдік үшін күресуге өзіне серік таппай,
жалғыздықтан өлді ме?
Драматургия жанрын проза, поэзиядан бөлектеп тұратын элемент – тартыс.
“Алтын сақинадағы” тартыс Жәния мен Халима арасында туындайды. Халима – ақ
жүректі, адал болып суреттелсе, Жәния оған қарама – қарсы қойылып
бейнеленеді, ол – арамдық пен қатігездік тоғысқан образ. Жәния мен Халима
арасындағы тартыс – ескі мен жаңаның, жақсылық пен жамандықтың, ізгілік пен
жауыздықтың тартысы. Халима қазаға ұшырағаннан жауыздық жеңеді деген мағына
емес, керісінше, сол адам күллі өмірін пида еткен арманның, мақсаттың,
тілектің қаншалықты зор екендігін танытады. Жәния арқылы берілген ескілік
әшкерелене отырып, оқырманды қаза болған кейіпкердің тілегі үшін күресуге
шақырады, алға ұмтылуға жігер рухын себеді.
Бір қарағанда бұл ене мен келін арасындағы бітпес дауды суреттейтін
туынды іспетті. Оны ғалым Р. Рүстембекова [41,9] да құптайды. Шынында да,
бұл туынды мазмұнында ене мен келін арасындағы дау жатыр. Бұл – тар
шеңберде қарастырғанда солай болып көрінеді. Алайда пьесадағы
кейіпкерлердің диалогтарына терең үңілсек, бұл мәселеден гөрі әйел теңдігі,
әйел бостандығы, әйелдің қоғам өмірінде алар орны сияқты күрделі, күрделі
де ауқымды мәселелер қозғалады.
Екі қазақ әйелінің – Бану мен Халиманың шағын ғана диалогынан пьесаның
идеясы айқындалады. Теңдік үшін күреспек түгілі өзінің тұрмысына риза
болған, барлық әйелдердің басында болған жайт қой деп көніп жүрген Банудың:
“Әйелдің қолынан не келеді дейсің? ” деген сауалына өр Халима: “Жағаласып
өл!” деп, оны күреске, теңдік үшін күреске шақырады. Бұл – сол кездің
барлық әйелдеріне арнала айтылған үндеу. “Әйелге қорлықты құдай жазып қойып
па? Анау күні біздің үйге бір қазақтың оқығаны келгенде, сол қатынын
әлпештеп – ақ отырды”1 деп, әр сөзінде үгіттік үні байқалатын Халима өмір
бойы теңдікті аңсап өтті. “Қазақтың оқығаны” дей отыра, шебер драматург бұл
тығырықтан шығар жалғыз ғана жол – оқу, білім – ғылым екенін байқатады.
Сөйтіп, Халима образы арқылы өзіндік ой – пікірлерін, көзқарасын білдіреді.
Қ. Кемеңгерұлы “Алтын сақина” арқылы өзі өмір сүрген қоғамның тынысын
бір отбасы мүшелері арқылы бейнелесе, қоғамның жағымсыз жайларын
“Парашылар” комедиясында күлкіге айналдыра шенейді. “Парашылар” – небары
бес – ақ кейіпкерден құралған бір перделі комедия. Комедия басында “сен
кір, сен кір” деп, бір – бірін итермелеп тұрған Қоңырбай мен Момынбай деген
ауыл адамдарын көреміз. Бұларға ақша жинап, жер мәселесін шешу үшін ауыл
ұлыққа жібереді, сенім артады. Ал олар 200 сомды қалталарына салып алып,
біраз болса да пайда түсіргілері келеді. Көп ақшаға кенелеміз деп жүрген
бұл екеуі абақтыға қамалады. Комедия Момынбайдың: “Енді ұлық алдына келсем,
имнасыз өтейін” 1 дегенімен аяқталады.
Комедияның әр элементі күлкі тудыруы шарт. “Парашылардың” басында – ақ
Момынбайдың бөркін басынан аламын деп жерге түсіріп алуы, Максимнің
айғайынан оянып ұшып кете жаздауы, Қарабек кірерде тағы да жығылып қалуы,
одан шалбардың тарлығынан аяғын әрең басып кіруі – барлығы да комедияға тән
күлкілі жайттар. Бұл әрекеттерге емес, екеуінің надандығына, аңқаулығына
күлеміз. Күлу арқылы жиренеміз. Кейіпкерлер есімдерінің өзі көп нәрсені
аңғартады. Момынбай – бірақ ол тіпті де момын емес, керісінше, өз қара
басын құнттап жүрген алаяқтардың бірі. Қарабек – атына заты сай, барлық іс
- әрекеті алдау мен арбауға жұмсалған оның ісі де, ниеті де қара.
“Ескі оқу” – 2 жарым бет көлемінде ауыл молдаларын қатты сынға алатын
бір перделі комедия. Кейіпкерлер диалогын шебер пайдалана отырып, қазақ
ауылындағы молдалардың барлық ісін көз алдымызға әкеледі. Молданың шыбықты
ала жүгіріп ұрып – соғуы, ауыздарын ашқызып қойып тілдерін созғылауы,
былапыт сөздерді айтуы – бәрі де арамза молданың надандығын көрсетеді.
Осындай ерсі, оғаш қылықтары арқылы молдалық әшкереленеді. Пьесаның молданы
қамшы астына алуымен аяқталуының өзінде авторлық мақсат бар. Ауыл жастарын
арамза молдалардың көзін құртуға шақырады.
Драмалық шығармалардың қасиетін танытатын бірден – бір құрал – тіл.
Академик Рымғали Нұрғали тілімен айтатын болсақ: ...тілі нашар пьесаға күн
жоқ....
“Алтын сақина” пьесасы – XX ғасыр басында дүниеге келген. Сол кездегі қазақ
әдеби тілінде тұрақталған, нормаланған, сөздік қорда актив қолданған шапан,
етік, қамзол, көйлек, жаулық, кебіс, бөрік, белбеу сияқты киім – кешек
атаулары кездеседі. Бүгінде бұл сөздердің көпшілігі көнерген сөздер
қатарына жатқызылады.
Драматург пьесаларында туыстық атауларын білідретін сөздер ( нағашы
апа, шеше, келін, ене, күйеу, жезде, жиен, тоқал, әке, апа ) жиі ұшырасады.
Ескі оқу пьесасының тақырыбы ескіше оқу болғаннан кейін, мұнда
аяттардан шағын үзінділер келтіріледі: Аузбелла мен ашайтан ерраким,
бисмилдә рахмен рақым. Әліп сана мамга сәкін ал, қысыпқа мөмге сәкін алқам
тұрлу алқамду, лам тады ла.
Көрнекті ғалым Ахмет Байтұрсынов “Әдебиет танытқышында” шығарманың
тіліне тоқталады да, шығарманың сөзіне мынадай шарттар қояды: Сөз
дұрыстығы; Тіл тазалығы; Тіл анықтығы; Тіл дәлдігі; Тіл көрнектілігі
[42,27].
Сөз дұрыстығы дегенде, “әр сөздің, әр сөйлемнің дұрыс жұмсалуы” деп
түсінеміз, яғни, сөйлем ішінде сөздерді дұрыс көптеу, септеу, сөз
тұлғаларын өзгертетін түрлі жалғау, жұрнақтарды дұрыс қолдану. Қошке
Кемеңгерұлы драмаларында Ахмет Байтұрсынов атап өткен “Сөз дұрыстығы” шарты
өте тамаша орындалған деп нық сеніммен айта аламыз. Тіл тазалығы дегенде,
ана тілді шұбарламау мәселесі туралы айта келіп: “ басқа тілден сөз тұтыну
қажет болатын болса, жұртқа сіңіп, құлақтарына үйір болған, мағынасы
халыққа түсінікті сөздерді алу” дейді. XVIII ғасырларда ислам дініне
байланысты қазақ тіліне араб – парсы сөздері ене бастайды. Ол кірме
сөздерді қазақтың тіліне әбден сіңіскен, жалпыға түсінікті болған, тіпті
төл сөздер болып кеткен десек те болады. Қ.Кемеңгерұлы драмаларында да
мұндай араб – парсы сөздері мен сөз тіркестері көптеп кездеседі: садақа,
құдайға шүкір, құдай сақтасын, аруақ, жалған, ұжмақ, сайтан, әзәзіл, күнә,
тамұқ, көр азабы, қиямет, аят оқу, жұмалық, дұғалық оқу, тасбық тарту.
Сонымен қоса “ Алла ” сөзімен қатар оның синонимі болып табылатын “ Жасаған
” сөзін де қолданады.
Қошке драмаларында кірме сөздер ғана емес, варваризмдер де баршылық.
Шебер драматург Қарабекке: “Енді шықпасаң арстовайт еткіземін” , “Чепуха!”
деп, Момынбай мен Қоңырбайға: “Спасиба”, “благорды нашандік! Нашандік,
дабайт мая денге... дела не қарош... денге өзіме дабай” – деп әдейі айтқызады.
Оған екі түрлі себеп бар: бірі – заманына орай қолданылуы. Ол кез қазақ
даласын орыс патшасы билеген уақыт еді. Сол себептен де пьеса кейіпкерлерін
драматург орыс ұлығының алдында орысша сөйлетеді. Екінші себеп – орыс
ұлықтарының алдында сөйлей алмаған Момынбай мен Қоңырбай болып, өз ана
тілімізден қашанға дейін безіп жүрмекпіз? Осы күймен алысқа бара аламыз ба?
Болашағымыз қандай? деген авторлық идея.
Бұл сөздер дәл сол күйінде де, фонетикалық өзгерістерге ұшырап та
жұмсалған: знәкөмилер, нашандік, жанарал, закон, стол, скамейка, здрәсти,
пенжег, коньяк, каталошке, оредник, пристоп, волостной, благорды нашандік,
дабай денге, не қарош.
Кейбір сөздердің орысшасы да, қазақшасы да еркін қолданысқа түскен:
закон – заң, волостной – болыс.
Орыс ұлтының өкілдері ретінде бейнеленген Максим, Ивандарды автор өз
ана тілдерінде сөйлетеді: “Солнце, как сияние”, “Неужели”, “Ай да молодец”,
“Веселие интересно”, “Что – то не ладно”.
Сол уақыттағы қоғамдық өзгерістерге байланысты, елдің саяси –
экономикалық өміріне байланысты ұлық, солдат, закон, каталошке, оредник,
пристоп, волостной сөздері қолданысқа енген.
“Парашылар” пьесасының тақырыбы парқорлық, мансапқорлық болғаннан
кейін, шығарманың өн бойында сан, яғни, ақша мөлшерін білдіретін сөздер өте
көп: 1 сом, 2 сом, 3 сом, 5 сом, 15 сом, 22 сом, 25 сом, 47 сом, 50 сом, 75
сом, 100 сом, 150 сом, 165 сом, 175 сом, 190 сом, 200 сом, 300 сом.
Сонымен қатар пьесаларының үшеуінде де фразеологиялық тіркестер көп
қолданған: Ауызды қу шөппен сүрту – бардың өзін жоқ етіп, тып – типыл ету
мағынасында, қанын ішіне тарту – ызаланып, жарылып кте жаздау, кегі, қатты
ызасы келді мағынасында, жанынан таспа алу - өлімші етіп сабау, азаптау
мағынасында, кірпік қаққанша – лезде, жылдам мағынасында, жағасы жайлау,
төбесі қыстау – мол өмір, уайым – қайғысыз тіршілік, еркіндік, көңілділік,
жайбарақат күйде күн кешу мағынасында, аш құлақтан тыныш құлақ – ешкімге
тиіспей, ешкім бізге тимей, өз жайымызға жүрелік деген мағынасында,
жығылған үстіне жұдырық – сорға сор қосылып, бұрынғының үстіне жаңа бәле
жабысты деген мағынасында жұмсалған.
Фразеологиялық тіркестермен бірге мақал – мәтелдер де кездеседі.
Мысалы, түс – түлкінің боғы, үндемей жүрген бәле болатын, сыныққа сылтау,
ащы жараның аузын тырнау, қорқақты көп қуса, батыр болады, сөз сүйектен
өтеді, қолда бардың қадірі жоқ.
Қошке Кемеңгерұлы өзінің драмалық шығармаларында өлең сөзді де
енгізген. Көркем шығармада өлең жолдарының кездесуін профессор Серік
Негимов [43,21] былай деп түсіндіреді: “Қара сөзді ақ өлең үлгісіне салып,
тақпақтатып, түйдектете, шешендікпен төгілту – қаһарманның басына іс түскен
сәтте, шын қысылған кезінде ағытылатын табиғи қалыпты жағдай”.
Қошке Кемеңгерұлы да өлең сөзді кейіпкерлердің жан дүниесін, мақсат –
мүддесін, ішкі тебіренісін айқын көрсету үшін қолданған. “Алтын сақинаның”
III пердесінде келетін:
Біз сорлыға атар таң болар ма екен,
Солған көңіл гүлденіп толар ма екен.
Малға сату жоғалып, күң ғып ұстау
Хайуандықты еркектер қояр ма екен деген қара өлең ұйқасымен 11 буынды
болып жазылған өлеңде астарлау бар. Солған көңіл гүлденіп толар ма екен
дейді, яғни, алдағы күнде теңдікке қолымыз жетер ме екен деген аңсау бар.
Аталған перденің соңында 2 тармақты өлең енген:
Қара түнде қайғылы қалғаным ба?
Ақ өлім мен риза алғаныңа!.
Бұл жерде Халима басындағы күйін әсерлі етіп көрсету мақсатында
қара, ақ антонимдері алынған. I тармақтың әр сөзі қ дыбысынан
басталса, Ескі оқуда енгізілген өлеңнің әр тармағы ж дыбысынан
басталады, яғни, ассимиляция:
Жаз келер, ақпан, қаңтар қысаң етіп,
Жерден қар, көктен суық ызғар кетіп,
Жалаң бас, жалаң аяқ жас балалар,
Жүгірер ойдан қырға дүбірлетіп.
Молда алдынан бюілім алып жүрген шәкірттер аузынан да Ағузы, ағам үйінің
ақ өгізі, Әсын, әпкел қара қойдың басын, Маканағалама, әлім келсін
молдаға, Қу уалла ақат, біздің молда арам қат сияқты ұйқасты жолдар
шығады.
Қ. Кемеңгерұлы – қазақ елі үшін өзіндік орны бар дарын. Патша
үкіметінің қысымына қарамай, XX ғасырдың қиын жылдарында шығармасы үкімет
басындағыларға ұнамаса да, абзал жан ескі қазақ ауылындағы надандық,
мансапқорлық, қазақ әйелінің басындағы қайғы – мұң сияқты мәселелерді
көтере білді. Қолжазба пьесаларынан бастау алған драматургия жанры Қошке
драмаларымен жаңа биіктерге көтерілді.
Қазақ әдебиеті күрделі жанрының бір түрі-драматургия.
Драматургия (грек. dramaturgia) – қандай да бір халықтың немесе жазушының
белгілі бір дәуір мен кезеңдегі драмалық шығармаларының жиынтығы.
Қазақ драматургиясының әлем халықтарының драматургия- сымен
салыстырғанда тууы, дамуы, зерттелуі жағынан кейінірек. Қазақ сөз өнерінде
драматургия классикалық үлгіде неміс, ағылшын, грек, орыс драма жанрымен
салыстырмалы түрде ХХ ғасырдың басында қалыптасты. Қазақ әдебиетінде
драматургия басқа әдеби жанрларға қарағанда көп кейін туды. Қазақтың ауыз
әдебиетінің халықтың тұрмыс-салтына, әдет-ғұрпына тән шығармаларында: жар-
жар, беташар, бәдік жыры сияқты өлеңдерде, айтыстарда драмалық
элементтердің барлығы аңғарылады.
Қазақ халқының ғұлама ғалымы Мұхтар Әуезов: Анығында ақындар
айтысының негізінде, өзгеше жанрлық бітім мазмұнында қолдану дәстүрінде
қазақтың халықтық театрлық өнерінің мол белгілері бар. Халық театрының дән
ұрығы бар деуге болады [44,145],-деп айтқан болатын.
Қазақ жастары ұйымдастырған әдеби ойын-сауық кештері ұлттық сахналық
өнер мен драматургияның бастамасы болды. Бұлардың тәжірибелері отандық
драматургияның пайда болуына, ұлттық драмалық шығармалардың жазылуына ықпал
жасады. Қазақстанның әр түкпіріндегі алғашқы сахналық талпыныстар Қазан
төңкерісімен ілесе, ұлттық драматургияның дүниеге келуіне негіз болды.
Алғашқы қазақ драмалары 1910-1915 жылдары пайда болды. Алғашқы пьесалар
авторлары К.Тоғысов Надандық құрбаны, И.Мендіханов Малдыбай,
Тамырлар, Байғұстар, А. Лиханов Манап, Б.Серкебаев Бақсы, Ғазиза,
Жер дауы. 1915 жылы К.Тоғысовтың Надандық құрбаны драмасы жеке кітап
болып Уфада басылып шықты. Одан кейін Ж. Аймауытов, С. Сейфуллин, М.
Дулатов, Қошке Кемеңгеров, Бейімбет Майлин, Мұхтар Әуезов, Жұмат Шанин тағы
басқалардың алғашқы драмалық шығармалары ұлттық драматургияның негізін
қалады.
Еуропалық үлгіде драматургияның қыры мен сырын меңгеруге қазақ
топырағында алғаш рет ден қойған Жүсіпбек Аймауытов. Оның тұңғыш үш пьесасы
Рабиға, Мансапқорлар, Қанапия-Шәрбану 1916-1917 жылдары, ал Ел
қорғаны, Шернияз, Сылаң қыз 1920-1925 жылдар ішінде жазылған.
XX ғасырдың 20-жылдарындағы Отандық драматургияда әйел бостандығы мен
теңдігі басты тақырыпқа айналды. Ж.Аймауытов, К.Кемеңгеров, М.Дулатов,
С.Сейфуллин, М.Әуезов, Ж.Шанин, Б.Майлин шығармаларында туған халқының
тарихы мен тағдыры, еркіндігі мен теңдігі қос арнадай ағынды ағыс құрайды.
Қандай да бір пьеса болса да ел өмірінің тұрмыс-тіршілігі сол кездегі басты
тақырыптары - 1916 жыл оқиғасы, би-болыстар мен қалың көптің арасындағы
тартыс, әйел теңдігі мәселесі, түрлі әлеуметтік қайшылықтар тағы басқа
мәселелер көтеріліп, театр сахнасында қойылды.
Мысалы, 1926 жылы К. Кемеңгеровтың Алтын сақина, Ескі оқу пьесалары
Қазақ драма театр сахнасында қойылған. Бұл пьесалардың негізгі тақырыбы -
әйел теңсіздігі мен қазақ балаларының ауыл молдасынан ескіше сауат ашып,
білім алуы суреттеледі.
Қазақ драматургиясының қалыптасып өрістеген дәуірі XX ғасырдың алғашқы
ширегі болатын. Қазақ драматургиясының туу, қалыптасу және даму процесі
сахналық драмалық өнері орыс, украин, армян және грузин халықтарын былай
қойғанда, туысқан өзбек, татар халықтары драматургиясының даму процесінен
өзгеше. Себебі, қазақ халқы бұрыннан өз өнерлерін тойларда көрсеткен
болатын. Қазақ драматургиясының ұрығы ерте заманда елдің әдет-салтынан,
ойын – сауығынан, ән – күйі мен өлең жырларынан басталған. Оған дәлел
суырып салма ақындардың өнері, айтыс өлеңдер, ертегі, аңыздар бола алады.
Қазақтың ұлттық театрын ұйымдастыру мәселесі ел ішінде Дала театры деп
атауға әбден лайық халық өнерінің сан қилы түрлері дамып, жетілген тұста
көтерілуі табиғи құбылыс. Солардағы драматургия мен театрға өзінің
көркемдік табиғатымен етене жақын элементтер жаңа өнердің дүниеге келуінде
ерекше орны бар. Қазақтың кең даласының әр түкпірінде тұңғыш әуесқойлық
қойылымдар мен драматургия- лық шығармалардың тууы халық шығармашылығының
көркемдік құдіреті. Дәлел ретінде Жүсіпбек Аймауытовты келтіруге болады.
Жүсіпбек Аймауытов Семейде оқып жүрген жылдары жастардың ойын-сауық
кештеріне қатысып, домбыра тартып, ән салып, спектакльдер қойған және өзі
басты ролдерде ойнап, өз өнерін халыққа паш еткен. 1917 жылы 17 желтоқсанда
Семейде оқитын жастардың әдеби кеші болып, онда Ж. Аймауытовтың Ескі
тәртіппен бала оқыту, Рабиға атты бір перделі пьесалары қойылған. Осы
кезден бастап Ж. Аймауытов әрі жазушы, әрі драматург, әрі режиссер, әрі
актер ретінде көзге түсе бастады.
Қазақ сахна өнерінің тууына тікелей себеп болған тағы бір жағдай -
1905 жылғы төңкерістен кейін Қазақстанға жер аударылып орыстың прогресшіл-
демократ оқығандарының келуі. Және осы кезде татар труппаларының
Қазақстанда гастрольдері басталған.
2. Театрда туған ойлар
Сахнаға қоятын пьеса болмағандықтан, олар алғашқы қадамдарын қазақтың
әдет-ғұрыптарын, ұлттық ойындарын сахналаудан бастайды. Осы кезде көркем
үйірмелер ұйымдастырылады. Қазақ жастары үйірмелерге қатысып, азды-көпті
тәжірибе жинайды. Көркем үйірмелер әдебиетіміздегі драматургия жанрының
дамуына ұйытқы болады. Бұған кәсіби театрымыз құрылмай тұрғаны кездегі
Жүсіпбек Аймауытов, Сәкен Сейфуллин, Мұхтар Әуезов, Жұмат Шанин және тағы
басқалардың драмалық шығармалары толық дәлел бола алады. Олардың
драматургиялық қадамына көркем үйірменің ықпалы зор болған. Осындай ірі
жазушыларымыздың әдеби сапарларының бастауында драматургия жанрының батыл
енуі кездейсоқ оқиға емес.
С.Сейфуллиннің Бақыт жолына атты пьесасының негізгі тақырыбы - өмірі
қорлық пен күндікте өткен бұрынғы қазақ әйелдерінің өмірі революция жеңісі
нәтижесінде теңдікке, бостандыққа ие болуы, сүйгеніне қосылуға мүмкіндіктің
тууы. Пьесадағы оқиға шағын да ықшамды, бірақ драмалық тартысқа толы. 1916
жылғы майданның қара жұмысына жігіт алу кезіндегі атақты дүрбелеңнің
күндерінде Терлікбай деген шал өзінің кіші баласы Телжанды қалайда аман
алып қалу мақсатымен жас қызы Мүслиманы елудегі Нөкербай деген болысқа
бермек болады. Бірақ орысша оқыған үлкен баласы әке ниетіне қарсы шығып,
қаладағы жолдастарының көмегімен қарындасына бостандық әпереді, оның сүйген
жігіті Біржанға қосылуына мүмкіндік жасайды. Бұл пьеса Жүсіпбек
Аймауытовтың Қанапия мен Шәрбану, Рабиға пьесаларына ұқсас келеді. Яғни
бұл екі жазушы сол кездегі таптық күресті, әйелдердің революция жеңісі
нәтижесінде теңдік алып, өз сүйгендеріне қосылуы суреттеліп көрсетіледі.
Мысалы, Қанапия мен Шәрбану пьесасындағы Жасасын бостандық! Жасасын
әйел теңдігі! Жасасын бұқара өкіметі!, - деп комиссардың сөзін барлығы
шулап алып кетуі Жасасын, жасасын!, Рабиға пьесасында да Рабиғаның
әйелдерді теңдікке, бостандыққа шақыруы суреттеледі. Міне, пьесадағы
суреттелінетін тақырыптың қысқаша баяндамасы осы. Бірақ бір адамның үй
ішінде болған осы бір кішкентай оқиғаны автор драмалық тартыс дәрежесіне
жеткізіп, мәселеге саяси мән беріп, суреттейді.
Адамды әрекет үстінде көрсету - драманың негізгі талабы. Бұл талап
драмалық шығарманың табиғи жаратылысының жанрлық ерекшелегінен туған заңды
талап. Драманың спецификалық ерекшелігі болып табылатын әрекетте,
драмалық мазмұнды ашу, бейнелеу тәсілі болып есептелінетін мінезде драма
жазған жазушылардан адамның ой-арманы мен іс-әрекетін жай сырттай
баяндамай, солардың тікелей әрекеті арқылы көрсетуді талап етеді. Сөйтіп,
суреттелініп отырған оқиғаға жазушының көзқарасын кейіпкерлердің іс-
әрекеті, мінезі арқылы танытудың қажеттігінен туады.
Драманың өзіндік осы бір ерекшелігін жазушы М.Горький жоғары бағалап,
драманы әдебиеттің ең қиын жанры деп есептеген. Оның қиындығы суреттелінген
оқиғаға қатысушы адамдар өздерінің бүкіл қасиеттерін роман, повестерден
автордың баяндауындай емес, әрекет, қимыл үстінде көрсетуінде. Пьеса
авторды еркін араласуына жол бермейді, пьесада көрушіге оның
түсіндірушінің, баяндауының қажеттігі мүлде жойылады, - деген жазушы.
М.Горькийден басқа орыстың белгілі жазушылары драманың осы қасиетін сан рет
айтқан болатын. Кеңес жазушыларының бірі А.Н. Толстой да драматургияның
жанрлық ерекшелігін айта келіп драматургтің өз атынан ештеңе айта
алмайтындығын, тек пьесадағы кейіпкерлердің ой-өрісі, іс-әрекеті,
психологиясы арқылы ғана өз мақсатына жететіндігін айтқандығы мәлім.
Театрдың жаны - драма, - деп Гоголь айтқандай, драмалық
шығармасыз сахналық өнердің тууы мүмкін емес. Төңкерістен бұрын бұдан басқа
да пьесалардың сахнаға қойылғаны туралы мәліметтер кездеседі. Мұндай
дүниелер аз болғанымен, солардың кейбіреуінің авторы белгісіз, әрі баспаға
басылмай қолжазба күйінде тарағандықтан, аты болмаса, заты бейтаныс
болғандықтан, олардың көркемдік-идеялық мазмұнын айту қиын. Ал, баспаға
басылып, жарық көрген пьесалар саусақпен санарлықтай болды.
Жоғарыда айтып кеткен пьесалар 1915 жылы жеке кітап болып Уфада
басылып шыққан Көлбай Тоғысовтың Надандық құрбаны мен уездік крестьян
начальнигі А.Лихановтың Манап атты драмалары Айқап журналының бірнеше
санына жарияланды. Бұл екі пьесада қазақ даласындағы ескіліктің шырмауын,
феодалдық дәстүрдің пасық кәделерін пайдаланып, халыққа зорлық жасаған
жуандардың сорақы қылықтары, әйелге деген қылмыстары көрсетіледі. Пьеса
авторы заң орындарындағы шенеуніктердің, адвокаттардың, тілмаштардың ақшаға
сатылып жасайтын әдет-қылықтарын дұрыс бейнелеген. Манап драмасына
байланысты сыни пікірлер көп кездеседі. Мысалы, Айқап журналының бетінде
Манап драмасы туралы Сәкен Сейфуллиннің мақаласы жарияланған. Осы
мақалада драма біраз сынға алынды. Біріншіден жазушы қазақ тұрмысын
білмегендіктен, қазақты мазақ қылып жазғаны және бұл шығарма қазақ тұрмыс-
тіршілігіне, әдет-ғұрпына сай емес - дейді Сәкен Сейфуллин. Жазушының олай
айтуының себептерін мына жағдайлардан көруге болады. Мысалы, Әлімбек шал өз
немересіне айттырған Гүлбаһрамды, немересі қайтыс болғаннан кейін, өзіне
әмеңгерлікке алуы. Манап драмасындағы қазақ әйелдерінің начальникке барып
күйеуінің ұрғаны, малай қылғаны жайлы айтып, күйеулерінің үстінен арыз
қылады. Бұны да Сәкен Сейфуллин жоққа шығарады. Қазақтың әйелдері өйтіп
топтанып та, жеке барып та начальникке арыз қылмайды - дейді Сәкен
Сейфуллин [45,7].
Манап драмасының тағы бір кемшілігі драманың қазақ тіліне сөзбе-сөз
аударылғандығы (аударған Мұхамбетқали Есенкелдин). Манап драмасында қазақ
халқына тән емес әдет-ғұрыптар көп кездеседі және орыс драмасына тән
құбылыстар бар. 1919 жылы халық үйінің қасынан Ақмола жастарының тұрақты
драмалық көркем үйірмесі ұйымдастырылды. Оның сахнасында Қошке
Кемеңгеровтың Бостандық жемісі, Алтын сақина, Ескі оқу атты пьесалары
мен Асаубаевтың Бейнетті мал пьесалары қойылды. Қазақстан қалаларында
театрлар ашылып, қазақ жазушыларының пьесалары қойыла бастады. 20-30-
шы жылдарда жазылған пьесаларда көтерілген мәселелер: ескі мен жаңаның
күресі, сол кездегі кертартпа элементтерді әшкерелеу, молдаларды сықақ ету
тағы басқа тақырыбы жағынан алғанда 1920-30 жылдардағы шағын пьесалар
негізінен өмір талабынан қалыспай, оған сай дамыды. Осындай тақырыптарды
қамтыған шағын пьесалардың Жүсіпбек Аймауытов, Сәкен Сейфуллин,
Міржақып Дулатов, Бейімбет Майлин, Қошке. Кемеңгеров, Мұхтар Әуезов тағы
басқа жазушылар қаламынан туғанын көреміз.
Драматург-жазушылардың сол кездегі кертартпа жағдайларды, ескі мен
жаңаның арасындағы жағдайды әшкерелеп жазғанын, өз шығармаларына арқау етіп
алғанын пьесаларынан көруге болады. 20-30-шы жылдары жас қазақ
драматургиясының тақырыбының шеңбері онша кең бола алған жоқ. Революция,
әйел теңдігі, махаббат, ескі салт-санаға қарсы күрес, жаңа өмір шындығының
кейбір көріністеріне арналып жазылған үлкенді-кішілі пьесалар болатын.
Қазақ драматургиясы тарихында өз дәуіріне белгілі болған шығармалар:
Жүсіпбек Аймауытовтың Рабиға, Шернияз, Қанапия-Шәрбану, Сылаң қызы,
Сәкен Сейфуллиннің Бақыт жолына, Қызыл сұңқарлары,
М.Әуезовтің Түнгі сарын, Бәйбіше-тоқал, Еңлік-Кебек, Қаракөзі,
Ж.Шаниннің Арқалық батыры, Б.Майлиннің Майдан, Ауыл мектебі, Шаншар
молда, Неке қияр, Ж. Тілепбергеновтің Перизат-Рамазан және
Е.Ерданаев, С.Абланов, Асқар Тоқмағамбетов тағы басқа драматург-
жазушылардың пьесалары ауылдағы көркем өнерпаздар үйірмелерінде, жаңа
құрыла бастаған қазақ театрының сахналарында қойылып, көпшілік қауымның
назарын аударды. 30-шы жылдары қазақ драматургиясына Мұхтар Әуезовтің
Түнгі сарын, Айман-Шолпан, Абай, Ілияс Жансүгіровтің Кен, Бейімбет
Майлиннің Аманкелді, Талтаңбайдың тәртібі, Ғабит Мүсіреповтің Қозы
Көрпеш-Баян сұлу сияқты пьесалары сахна төрінен орын ала бастады. Қазақ
драматургиясының ішкі жанрлық сипаты (драма, трагедия, комедия, водевиль,
скечь) айқындалды. Қазақ драматургиясында тап тартысы, революция,
революциялық жеңісті баянды ету сияқты өзекті тақырыптарға: Қызыл
сұңқарлар, Майдан, Түнгі сарын, Аманкелді сияқты пьесалар
жазылғанмен халық өміріне түбегейлі өзгеріс енгізген ұлы революция туралы
айтылар сөз әлі де болса алда кезек күтіп тұрған шындығы бар еді. Бұған
қоса Жүсіпбек Аймауытов пьесаларында айтуға болады. Жүсіпбек Аймауытов
пьесаларынан 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалыс көріністерін, революцияның
халық өміріне әкелген өзгерістерін айқын көре аламыз. Драматургия -
қазақ әдебиетінде 20-ғасырдың басында әлеуметтік - қоғамдық факторлардың
ықпалымен, ұлттық өнердің тарихи дамуының заңды жемісі ретінде туған жаңа
жанрлық түр. Драматургияның тез өсіп, жедел жетілуіне әсер ететін негізгі
факторлардың бірі - халықтың ғасырлар бойы жинақталған, сұрыпталған,
екшелген бай фольклоры. Фольклорымыздың күрделі, бай, мағыналы
арнасының бірі - айтыс халықтық драма, халықтық театр. Мұнда сахна
өнерінің, драманың барлық элементтері: көрермен, орындаушы, салтанат,
диалог, монолог, музыка - бәрі бар. Осы ұлттық драма, ұлттық театр, айтыс
негізінде ғасырлар бойы халықпен бірге жасаған өнер біздің заманымызда
социалистік қазақ ұлтының театры, драматургиясы болып, қайта туып, тез,
қауырт даму жолына түсті, рухани қазынамызға айналды [46,4] - деп Рымғали
Нұрғали өз ойын білдірген.
Тұңғыш қазақ пьесаларына ауыз әдебиетінің жасаған әсер ықпалы жанрлық
форманың дамуындағы күрделі процестен айқын көрінеді. Алғашқы драматургтар
эпостық материалдарды арқау ете отырып, Еуропа, орыс татар әдебиетіндегі
драмалық формаларды пайдаланып, жаң жанрлардың үлгілерін жасады. Сюжеті,
образдары эпостан алынған Жұмат Шаниннің Арқалдық батыр, Ғабит
Мүсіреповтің Қозы Көрпеш - Баян сұлу пьесалары драматургияның жанрлық
сырларын, поэтикалық ерекшеліктерін меңгерудегі қазақ әдебиетінде ең алғаш
тәжірибелер. Бұл пьесаларда эпоста баяндалатын оқиғаларды диалогқа көшіру,
жырдағы толғауларды өз қалпында алу, детальдарды, сөйлемдерді сөзбе - сөз
пайдалану жиі кездеседі. Эпос үлгілерін сахна ерекшелігіне қарай ықшамдап,
артистер ойынына лайықтап, драмалық формаға түсіре, инсценировкалау
тәжірибесі де көрінеді. Фольклор материалдарына сүйеніп жасаған Мұхтар
Әуезов, Ғабит Мүсірепов шығармалары бұл жанрға деген жаңаша көзқарастың,
әдебиеттің дамуы жолындағы жауапкершіліктің айғағы. Эпостан алынған
дүниелер көп зерттеліп, авторлық идеал, суреткерлік концепция тұрғысынан
қайтадан сомдалып шыққан. Олар фольклор үлгілерін, сөзбе - сөз көшіріп,
вариация жасамайды, белгілі мотивтерді қайталамайды. Халық даналығына өз
тараптарынан терең ой қосып, реалистік, типтік деңгейге көтерілген образдар
жасау, арқылы өнерді байыта түседі. Мұхтар Әуезовтың Еңлік-Кебек, Қара
Қыпшақ Қобыланды, Айман-Шолпан, Ғабит Мүсіреповтың Қозы Көрпеш-Баян
сұлу, Қыз Жібек пьесалары - эпостық дәстүрлер мен әлемдік драматургия
сабақтарын шебер ұштастырудан туған кесік шығармалар, әдеби дамуға ықпал
еткен ұлттық классика.
ХХ ғасырдың бас кезеңінде қазақ топырағындағы ұлттық драма жанры
табиғатына, бай ауыз әдебиеті жанрында драмалық элементтердің молынан
кездесетініне, далалық театр қойылымдарына байланысты ұлт қайраткерлері
Смағұл Сәдуақасов, Жүсіпбек Аймауытов, Сұлтанбек Қожанов, Ахмет
Байтұрсынов, Бекмұхамед Серкебаев, Мұхтар Әуезов, Дінше Әділов, Қошке
Кемеңгеров, Сәбит Мұқанов, Шахмет Құсайынов және т.б. айтқан пікірлері мен
жазған мақалаларының орны жоғары.
Көшпелі-отырықшы өмірмен күн кешкен халықтың мәдени дамуы – ауыз
әдебиеті үлгілерінің мол, озық жетілгендігі. Драма жанрының кейбір
элементтерін осы фольклорлық дүниелерден тауып, дәлелдей алатынымыз да
сондықтан. Әсіресе, айтыс, жар-жар т.б. түрлерінде қиын жанрдың
талаптарына жауап бере алатын мысалдар көп.
Еліміздің әр аймағында жазылған қолжазба пьесалар ХХ ғасырдың
басында, 1910-1915 жылдар аралығында өмірге келді. Қоғам дамуымен бірге
ілгері басып, ұлттық өнерімізбен қанаттаса отырып, белгілі бір дәрежеге
көтерілді. Бұл пьесалар қолжазба түрінде таратылып, алғашқыда сауыққой
өнерпаз жастардың күшімен ойын-сауық үйірме-кештерде бірнеше рет
көрсетілгені бүгіндері анық.
Қолжазба түрінде ол пьесалар заман тынысын, дәуір жағдайын,
көкейкесті мәселелерін, кезеңнің толғақты сырларын дер кезінде өткір
қозғады. Алғашқы пьесалар авторлары қатарына — бөкейлік Ишанғали
Меңдіханов, қызылжарлық Бекмұхамед Серкебаев, семейлік Көлбай Төгісов,
алматылық А.Лихановтарды т.б. жатқызамыз.
Қазақ халқы үшін ХХ ғасыр — ұлтымыздың оқуға, білімге бет бұру заманы
болды. Мұсылманша оқу орындары — мектептер мен медреселер діни сабақтар мен
қатар есеп, жағрапия, тарих, ана тілі, шетел тілдері де қоса оқытылды.
Қазан, Орынбор, Петербург, Уфа қалаларындағы баспаханалардан қазақ тілінде
біршама кітаптар шықты.
Қазақ халқының алғашқы қолжазба пьесалары халық арасында қойылып
көрсетілсе, ал, қазақ мемлекеттік ұлттық театрының алғашқы шымылдығы сол
кездегі астанамыз Қызылорда қаласында, 1926 жылдың 13 қаңтар күні Қошке
Кемеңгеровтың Алтын сақина пьесасымен ашылғаны тарих парақтарынан
белгілі.
М.Әуезов: Өзге жұрттың мысалына қарағанда, театр өнерінің ұрығы
елдің әдет-салтынан, ойын-сауығынан, ән-күй, өлең-жырынан басталған. Театр
өнерін туғызатын жайлы топырақ, қолайлы шарт елдің өз денесінен шыққан.
Өнердің іргесін қалайтын елдің өзі. Содан кейін мықты дүкен, сұлу күмбезді
жасайтын – сол ел тірегіне иығын сүйеген өнершілер.
Шынында, ерте күнде ас пен тойда, ұлы жиында ізденіп келіп өлеңмен,
әнмен айтысатын көп ақындар өз заманында театр жасамай не жасады? Онан соң
ұзатылған қыздың тойында еркек пен әйел қақ жарылып алып, айтысатын жар-
жар, салт ойыны туғызатын театрдың өзі емес пе? Жар-жар мен беташар бүгінгі
заманның сахнасына қою үшін ешбір қосымша керек қылмайды. Солар сияқты
толып жатқан айтыс өлеңдерінің қай-қайсысы болса да қалай болса, солай
қоюға болады. Бұл ескіліктердің тағы бір қасиеті – барлығы да арнаулы әнмен
ойналатын. Сондықтан жалғыз ғана драмалық театр емес, әнмен ойналатын
операларға да емін-еркін жарайды - десе, Рүстембеков Р. ...элементы драмы
еще в бытовом жанре фольклора жар-жар, беташар, бәдік, айтыс... - деп,
ал, Ә. Тәжібаев ...ауыз әдебиетіндегі ақындар мен шешендік сөздердің бай
түрлеріне қарап отырсақ, ең тамаша классикалық драмалардағы диалогтармен
таласатын сөз жарыстарының алуан түрлерін көреміз - дейді. Соңғы жылдары
қазақтың драмалық фольклорын арнайы зерттеуші Қ.Бижанов шағын айтыстарды
драмалық жанрға жақындататын өзіндік бірнеше белгілерін атап көрсетеді.
Тартыс пен мінез – драматургия жанрының ең негiзгi өзегі.
Драмалық шығармадағы тартыс – қарама-қарсы ниеттегi қаһармандар бойындағы
iшкi және сыртқы әрекеттерiмен тығыз байланысты. Кез-келген драмалық
шығармада тартыс пен мінез қызметi солғын болса, шығарма көркемдiгiн
төмендетуге апарады. Мінез мәселесiн ашуда да әр суреткердiң амалы әр
түрлi.
Драмадағы жағдай – кең ұғым. Қаһармандары өмiр сүрiп отырған
қоғамның тынысы, ортаның жай-жапсары, заманының ағысы, кейiпкерлерiнiң
атқаратын iс-әрекетi – барлығы жағдайға байланысты дамиды.
М.О.Әуезов:’’...қиын жанр, ең жауапты жанр – драма жанры'',-
деп атап өткенi, драматургия – кез келгенге жалынан ұстатар, жонынан
сипатар жанр емес екендiгi баршаға мәлiм жайт.
Кез-келген драматургтiң пьесалары – театрдың жақсы репертуары бола
бiлуiмен ғана шығармашылық өнерi жайында әдiл бағасын алады. Ғалым,
сыншылардың пiкiрлерiнен драматургия саласындағы алғашқы жетiстiктерi мен
сыни кемшiлiктерi жайлы республика театрларында табысты қойылып,
көпшiлiктiң ықыласына ие болғаны ып келе жатқанын аңғарамыз.
Қаламгердің жанрды игерудегi шеберлiгі жайында академиялық және облыс
театрларында әр жылдары қойылған драмалық шығармалары - әдебиет
зерттеушiлерi, театр танушылардың назарынан шет қалған емес.

Жазушы-драматургтердің төл драмалық шығармалары мен инсценировка-
пьесаларында тартыс пен мінездің атқаратын қызметi жоғары. Сонымен қатар
автор тудырған кейiпкерлерiнiң бейнесi алдыңғы және замандас драматургтер
шығармаларымен салыстыра қарағанда әлсiремей, шыңдала түскенiн байқаймыз.
Автор мінезді драма табиғатына лайық қатал сындарда шыңдап
барып бiрақ танытады. Бiр ерекшелiгi – пьесаларының негiзгi мазмұны, оқиға
арқауы бiрiншi көрiнiс-бөлiмiнде толық ашылуы. Бұны драматургия жанрында –
экспозиция дейдi. “Экспозииция (лат. expositio-түсiндiру) - көркем
шығармада оқиға дамып өрiстейтiн орынды, ортаны, ол оқиғаға қатысатын
кейiпкерлердi сипаттап алғаш оқушыға таныстыру. Экспозиция негiзгi оқиға
желiсiнiң шиеленiсiне тiкелей байланысты ... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Қазақстанның үздік балет театрлары
Қазақ ұлттық драма театрының қалыптасуы мен дамуы
Ана тілің - анаң
Цирк өнері
БАЛАБАҚШАДАҒЫ МЕРЕКЕЛЕР - БАЛАЛАРДЫ ШЫҒАРМАШЫЛЫҚҚА БАУЛУДЫҢ МАҢЫЗДЫ АСПЕКТІ
ТЕАТР ӨНЕРІНІҢ ШЫҒЫСТЫҚ ҮЛГІЛЕРІ
Вокал сабағындағы қолданылатын әдіс- тәсілдер
Мизансцена - режисердің көркемдеуші құралы
Драма - ежелгі өнер
ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІНІҢ ТАРИХЫ. ПӘННІҢ ОҚУ-ӘДІСТЕМЕЛІК КЕШЕНІ
Пәндер