Шәкәрім поэзиясының еуропа, орыс әдебиетімен байланысы


Мазмұны
Кіріспе . . . 4
1. Шәкәрім поэзиясындағы шығыстық дүниетаным . . . 6
1. 1Шәкәрім және Хафиз . . . 15
1. 2Шәкәрім және Физули . . . 24
1. 3Шәкәрім және Сағди . . . 33
2. Шәкәрім поэзиясының еуропа, орыс әдебиетімен байланысы . . . 37
2. 1Шәкәрім және Пушкин . . . 37
2. 2Шәкәрім және Толстой . . . 43
2. 3Шәкәрім және Гете . . . 50
Қорытынды . . . 59
Пайдаланған әдебиеттер тізімі . . . 61
Кіріспе
Философия - жеке тұлғалардан құралған халықтық дүниетаным. Ежелгі заманнан өмір сүріп келе жатқан түркі тайпалары негізінде қалыптасқан іргелі халықтардың бірі қазақтар ғасырлар бойында жазба мәдениеті болмаса да, ауызша әдіспен өзіне тән бай рухани мұра жасай білді. Ал жазба әдебиет пайда болғаннан кейін бұл мұра өте үлкен қарқынмен дами отырып, әр қилы ерекшеліктерге толы күрделі тарихи жолдардан өтті.
Осы рухани мұра жүйесінде қазақтың ертедегі философиялық ойлау элементтерінен бастап, қазіргі замандағы толысқан философиялық теориясын түгелдей қамтитын ұзақ та жемісті философия тарихы мол орын алады. Оның негізгі бағыттары ретінде тұрпайы-диалектикалық ойларды, дүниеге шынайы түрдегі көзқарасты, дінді тану және басқа да еркін ойлау процестерін, моральдық мәселелер мен адам туралы ілімдерді, күш көрсетпеу идеясы және оның күш көрсету саясатына қарсы бағыттарды насихаттауы, т. б. мәселелері болды.
Ақындар мен жыраулар, саясаткерлер мен батырлар, хандар мен қолбасшылар, айтыскерлер мен ертекшілер, билер мен серілер - бәрі де өздері өмір сүрген заманның обьективті құбылыстарын тілге тиек, ойға өрнек етіп, әр түрлі деңгейде, бірақ жалпы алғанда жартылай даму тенденциясы шеңберінде қазақ халқының қоғамдық-саяси, мәдени, сайып келгенде, философиялық ойлау жүйесінің құрылымын жасады. Олар - шынайы реализм, білімнің негізгі жақтары еркін ойлау, деистік және пантеистік көзқарастар, адамгершілік, ізгілік, имандылық, зорлық-зомбылыққа қарсы күресу, құқықтың саяси және философиялық жақтары, мемлекет, қоғам, жеке адам мәні, т. б. еді.
Қазақ философиясы - қазақ халқының мәдени жетістіктерінің негізгі бөлігі және заңды жалғасы. Қазақ мәдениеті тарихтың әр қилы кезеңдерінде басты елдердің мәдениеттерімен біршама байланыста болып, олардан тікелей немесе жанамалай қуат алып отырды. Сыртқы әсерлер, негізінен, қазақ мәдениетінің ішкі мүдделеріне, оның тарихи қажеттілігәне, қандай мәселелерге зәру болуына байланысты игі ықпал етті, философиялық ойлау жағдайларын қалыптастырып, ұллтық дәстүрлер мен бағыт-бағдарларын айқындай түсті.
Өзге ұлттардың философиясы жанында қазақ философиясын жаңа бір биік деңгейге көтеру, оның бар екендігін мойындату әрі жазылмаған, зерттелінбеген тың дүниелерді қозғау алғашқы ғалымдар үшін оңайға түсе қоймағаны анық. Мұндай қиындықтарға қарамастан қазіргі кезде біршама жетістіктерге жеттік деп айтуға болады.
Қазақ философиясын кәсіби деңгейге көтерген тұлға - Шәкәрім Құдайбердіұлы. Шәкәрім сарайындағы жұмбақ қазыналар қазіргі күнде толық ашылды деп толық айта алмаймыз. Ақынның философиялық дүниелерін зерттеп оның қыры мен сырын ашуда ат салысып жүргендер қатарынан Ғарифолла Есім, Салтанат Ізтілеуова, Тұрсын Шаңбай, Ислам Жеменей сынды т. б. ғалымдарымызды көреміз. Осы ғалымдар пікірін ой елегінен өткізе келе Шәкәрімнің поэзиясындағы философиялық тұжырымдарды өзімізше сараламақпыз.
Осы тұрғыдан келгенде, Шәкәрім поэзиясындағы философиялық ойды ашу барысында, ақынның шығармашылығындағы философиялық түйіндердің Шығыс және Батыс ақындары поэзиясындағы философиямен тамырластығын қарастырмақпыз. Осы мақсатқа жету барысында мынандай нәтижелерге жетпекпіз:
1. Шәкәрімнің дүниетанымының қалыптасуына жол көрсетіп, ұстаздық еткен ұлы Абай екені анық. Ендеше әуелігі баста ұстаз бен шәкірт арасындағы рухани байланысты таныту;
2. Шәкәрімді алғаш оятқан Шығыс ақындары екенін ескере келе, өз кезінде поэзияны биік шыңға көтере білген, назира дәстүрін қалыптастырған Хафиз, Физули, Сағди сынды дүлдүлдерінің ғазалдарын қазақ ақынының шығармаларымен байланыста жеке-жеке қарастырып ой сабақтастығын ашу;
3. Шәкәрімнің поэзиясын И. В. Гете, А. С. Пушкин, Л, Толстой шығармаларымен салыстыра зерттей отырып, ақынның өсу, ақын, философ, ретінде қалыптасу кезеңдері мен суреткерлік шеберлігін айқындау;
Жоғарыдағы көрсетілген мәселелерді толық қамти отырып, Шәкәрім поэзиясындағы философиялық ойларды неғұрлым ашық етіп, айқындап танытуды басты назарда ұстаймыз. Жалпы диплом жұмысымыз екі тарау мен тараушалардан тұрады. Бірінші тарауда ақынның Шығыс ақындарымен сабақтастығын танытсақ, екінші тарауда Шәкәрімнің Батыс ақындарымен тамырластығын сөз етеміз.
Ақынның Батыс пен Шығыс мұраларынан қатар сусындап және осы мұраларды терең оқып, зерделеу арқылы Батыс пен Шығыс арасын жалғастырушы өзінің әдеби көпірін орната білді деп айтсақ еш қателеспейміз.
1. Шәкәрім поэзиясындағы шығыстық дүниетаным.
Қазақ халқының рухани мәдениетін қалыптастыруда, өзінің асқан пәлсәпашылдығымен, ақындығымен дараланып көзге түсетін ірі тұлға -Шәкәрім Құдайбердіұлы. Шәкәрім қазақ әдебиетін жаңа белеске көтеріп, қазақ халқының көркемдік ойының үздік үлгілерін туғызды, қазақ өлеңдерін түрлендіре түсіп, қазақ тілінің мол мүмкіндіктерін пайдалана отырып, асыл қазынасын теңіз түбінен сүзіп алғандай етіп жарқыратып жарыққа шығара білді. Оның шығармашылығының негізгі тақырыбы мораль философиясы мен мәдениет ілімін қамтиды.
Қазақ мәдениетінде бұрыннан келе жатқан идея - жанның мәңгілігі Хафиз, Физули, Сағди, Фердауси, Әл - Фараби мен Қожа Ахмет Иассауи, Абай жалпы Шығыс ғұламалары бойынша адамның дүниедегі тіршілік ету мағынасы жанның мәңгілігімен айқындалады. Әйтпесе, өмір мазмұны жануарлық күн көруден алыс кетпек емес. Әлем мен адамға бағыт беретін жол көрсетуші, мәңгілік пен шексіздіктің кепілі - Нұр. Оған адамның жәй ақылы жетпейді, оны аңғару, түсіну, жан дүниеңмен қабылдау қажет. Өтпелі өмірден мәңгілікке көшу, басқа сөзбен айтқанда, бұл дүниеден кету дегеніміз- адам жанының Нұрға қосылуы. «Жан, - дейді Шәкәрім, - менің айтқанымдай, баста бар болса тұрған денесі орын болуға жарамаған соң, денеден шыққанда біржола жоғалып кетпейді. Құр ғана өзгеретін болса, бұрыннан бар жанның жоғалуына түк дәлел жоқ. Олай болса, бір түрге түсіп барлықтың ішінде бар болып жүреді»[1, 39] . Осы «Үш анық» шығармасын Шәкәрім ұзақ дайындықтан соң жазған және ол жаңа замандағы қазақ кәсіпқой философиясының алғашқы туындысы екені даусыз. Батыстағы матерализм мен идеализмнің негізгі топшыламасында екі анықты ұсынады, ал Шәкәрім болса осы екі анықты толықтыра түсіп үшінші анықты ұсынған болатын.
Еңбекпенен, өрнекпенен
Өнер ойға тоқылса,
Жайнар көңіл, қайнар өмір
Ар ілімі оқылса[1, 18] .
Яғни, басты мәселе - ар ілімі, моральдің төңірегінде. Кәдімгі этиканы Шәкәрімінің «ар ілімі» деп атауында үлкен бар. Себебі оның негізгі категориясы, мәдениеттіліктің тірегі - ождан. Бұл котегорияны түсіну үшін Шәкәрім шығармашылығына тағы бір үңілсек: «Әрине жаның өлген соң тазарып, жоғарылайтынына нанған кісі қуанышта болып, жоғалуына нанған кісі өкініште болып біржола жоғаламын-ау деп өлсе керек. Және ождан, совесть жанның тілегі екеніне нанған кісі қиянат қылғанына қатты кейіп, жақсылық қылғанына жете қуанса керек. Олай болса, нанбай, ождан, совесть құр ғана көрініс үшін адамдыққа ылайық деген кісіге жақсылық, қиянаттың көп айырмасы жоқ болса керек.
Ізін білдірмеудің айласын тапса болғаны, себебі өлген соңғы жан өміріне нана алмай ождан, совесть, жан екі өмірге бірдей керек таяныш екеніне нана алмаған кісінің жүрегіне ешбір ғылым, өнер, ешбір жол, заң тазарта алмайды. Егер бір адам жанның өлген соңғы өмірі мен ождан соның азығы екеніне әбден нанса, оның жүрегін еш нәрсе қарайта алмайды. Адам атаулыны бір бауырдай қылып, екі өмірде де жақсылықпен өмір сүргізетін жалғаз жол осы мұсылман жолы сияқты. Кейбір діншілерді қорлыққа түсіріп жүрген шатақ дін, жалқаулық, әйтпесе, жаратушыда білім бар, өлген соң да бір түрлі жан тіршілігі бар. Жан екі өмірде де азығы - ождан, совесть деумен еш нәрседен кемдік көрмейді. Тіпті, бұл жоғарылаудың ең зор жардамы - үш анық дегенім осы»[1, 45] . Шәкәрім дүниетанымы тым кең. Шәкәрімнің білім темірқазығы мығым қағылып, өмірге деген, тіршілік атаулыға деген жалпы дүниетанымы әуелден бек дұрыс бағытта өрбіп ақынның жолды жаңылыспай тура табуына көп әсерін тигізді. Шәкәрім қажының тәрбиесіне зор ықпал еткен Абай мектебі екені даусыз.
Шәкәрім - қазақ әдебиетінің биігінде тұрған Абайдың ізін басқан үлкен ағадан туған інісі. Тек туыстық жағынан ғана емес, Шәкәрім Абаймен рухани дүниесі тұрғысынан алып қарасақ та ең жақын танымал есім. Шәкәрім Абай қазанға салып қайнатқан еттен жеп, сорпасын ішкен шәкірт. Оның қазақ әдебиетіндегі бейнесінің іріленіп ерек көрінуінің себебі де осында болса керек. Абай өзінің қолы жетпей кеткен мұраттарына осы Шәкәрім жетсе деп, Шәкәрімнің биіктеп ұшуын мақсат тұтқан. Шәкәрім өзі де Абай тұнығына ынтыға, шөліркей қол созып, асылы мен ақығын бойына сіңіре білді, Абай тәрбиесіндегі үлкен құндылықты жоғары бағалап бас иді. Шәкәрімнің «Жастарға» атты өлеңінен осыны аңғарамыз. Ақын:
Бұл Абай саудагер ғой білім сатқан,
Әртүрлі асылы көп өтпей жатқан[2, 59] . - дейді талантты шәкірт, Абайды ғылым жинап білім сатқан саудагерге теңей келіп, жастарды Абай қазынасынан өз сыбағаларын алуға шақырады.
Мұхтар Мағауиннің « . . . Арнайы оқу орынын бітірмесе де, Абайдың басшылығымен және өзінің ізденушілігінің арқасында қазақ қана емес, бүкіл Түркістан өлкесіндегі ең ғұлама адамдардың бірі болып шығады. Түрік, араб, парсы тілдерімен қатар орыс тілін де жетік біледі, классикалық шығыс поэзиясын, орыс және еуропа әдебиетінің озық үлгілерін терең түсіне оқумен шектелмей, философия мен дін тарихына қатысты еңбектерді де қадағалап отырды»[3, ] - деуінен де осы жайды анық аңғарамыз.
Ол ұстазы Абай салған сара жолды дамытып, өрісін кеңейткен, шәкірттік ізетінен еш уақытта жаңылмаған. Ақынның жоғарығыдағы «Жастарға» деген өлеңінде Абай тағылымына деген адалдығы айқын аңғарылады. Мұнда Абайдың рухани тұлғасы сомдалып, оның биік болашағымен даналығы жастарға үлгі етіледі. Шәкәрім поэзиясында Абай бейнесі - үнемі даналықтың, ізгіліктің, адамшылықтың үлгісі:
Мынау Абай - бір ғалым жол шығарлық,
Замандасы болмады сөзді ұғарлық.
Амалы жоқ, айналды енді бізге,
Күн туды етегіне жабысарлық [4, 33] .
-деген жолдарда Абай халықтың рухани әлемін түзетуші, ой-санасына білім, ғылым, ақыл, әділдікті мұрат етуші ретінде танылады. Шәкәрім ақын Абай тұлғасын болашақ ұрпақ санасына жеткізуде оның ұстанған мақсатын, шығармашылық бағытын, рухын терең түсіне отырып, оны көркем бейнелей білген.
Ендігі тақырыптың ауанын Шәкәрім мен Абай шығармашылығындағы ойдың түйісіп тұстас келіп жатқан арнасына бұрсақ. Абай шығармаларының өзегіндегі адам тәрбиесі, Алланы сүю, халықтық тәрбие болашағы, ел бостандығы, рухани дамуға қол жеткізу мәселелерін де Шәкәрім ақын өзінше өрбітеді:
Ақыл жоқ бұл қазақта ойға ұнарлық,
Өзін-өзі тексеріп, бой сынарлық.
Білім іздеп білуге кесел болар,
Көрсеқызар, көзі ашық бос құмарлық [5, 33] .
Адам бойындағы имандылық қасиеттердің туындауын адамгершілік ақыл-ой, білім, еңбек бәрі де ізгілікке ден қойған жастар бойынан табылса деген пайымдау да - Абай үлгісі. Екі ақын да адам бойындағы жағымсыз мінездерді жоюдың жолы ретінде білімді, ақылды, еңбекті бірінші кезекке қояды. Көрсеқызарлық, арамдық, залымдық, өтірік, өсек, надандық - адамның ізгі қасиетін тежейтін залалды іс. Бұл тек қана жекенің іс-әрекеті ғана емес, халық бойынан аулақ, сылып тастайтын зиянкес екендігін баса айтады. Ендеше, осылардан арылтатын құралдың бірі - Абайдың рухани дүниесі, Абайдың ізгілік жолымен жүріп, тағлымын тану дейді Шәкәрім. Ақыл, жүрек, ақжүрек, ой ұғымдарының дәріптелуі - Абай көркемдеп, келістіре жырлаған үрдістің заңды жалғасы. Шәкәрім шығармаларындағы философиялық көзқарас, дүниетаным мәселесінде Алла, жан, өлім, өмір, адамгершілік туралы ойлары да Абай дәстүрінің ықпалы екеніне дау жоқ. Абай көркемдеген «толық адам» бейнесi - алланы сүйген, адамзатты сүйген, әдiлеттi ту еткен махаббат иесі ретінде сомдалған. Алайда «толық, түзу адам» дәрежесiне әулие, хакiмдер, пайғамбарлар ғана жеткен десек те адам баласына Аллаға құлшылық ету, iшкi дүниесін жетілдіру, қанағат, рахым, мейiрiм, ынсаб қасиеттерін ұстану - адами қағидалардың негізі. Сондықтан да ақын «Ақыл, қайрат, жүректi бiрдей ұста, Сонда толық боласың елден бөлек» - деп тұжырымдайды.
Шәкәрім өлеңдері ащы шындық пен оптимистік үнге толы. Ақыл-ой, сезім деңгейі ерекшеленіп, дербестік дәрежеге жеткен, дараланған тұлға бейнесін, исламдық діни пәлсапа мен қоса ғылыми тұжырымдар, абстракциялық ойлау мен логикалық жүйені біріктірген, рухани таза жанды дәріптеген:
Айнымайтын ақ жүрек пен
Таза ақылды адамның,
Таппасы жоқ бұл өмірде.
Осынымды ұқ, балам! [4, 270]
Екі ғұлама көзқарастарындағы ортақ желі - өлім мен өмір жайлы тәлім. Адам мен болмысты Жаратушы бір құдай, діндер қанша көп болса да, адамзат әртүрлі болса да, барлық шындықтың бір себебі - Жаратушы. Жаратушы мейірімді және жомарт деген ойлардың сабақтастығы анық аңғарылады.
Ал Шәкәрім жан мен тән жайында сөз қозғағанда, жан мәселесіне айрықша мән береді. Абай ұғымында «ақыл мен жан - мен өзім», Шәкәрім болса «Ақылды жан, тән қамы үшін жұмсап жүр. Соған қызмет етеді» деген ұғым басым. Өмір жайындағы Абай толғаныстары мен ойларын Шәкәрім өзгеше сипатта суреттейді. «Ойлай берсең, у екен» - дейтін Абай тұжырымдары Шәкәрім толғамында:
Кейбіреулер жазады: «Қу өмір» - деп,
«Тұрағы жоқ алдамшы су өмір» - деп,
«Көрген қызық, қылған іс-бәрі де ұмыт, Иә, көлеңке, яки түс, у өмір»[4, 284]
- деп сипатталып, өмірді терең түсінуге, адам баласына мінді өз бойыннан іздеуге міндеттейді.
Қанша тілегіңе жетсең де, бақытқа кенеліп шаттансаң да, ғұмыр қысқа, барар жерің - біреу. Адамның жалған дүниеде мазмұнды өмір сүруінің маңыздылығын өмірдің қас-қағым сәттей өтінішті екендігі жайында ой қорытады:
Суынан да
Уынан да
Құтылармыз жоқ болып [4, 94] .
Осы мазмұны терең өлеңінде ақын ұғынықты оймен қоса, әдемі табиғат көрінісін бейнелейді. Бұнда негізгі ой адам өмірінің қысқалығы, алайда оны мағыналы өткізу маңызды екендігі айтылады.
Сондай-ақ Шәкәрімнің «жан» ұғымына тереңінен қарап, Абай қара сөздеріндегі үлгіні парасаттылықпен, байыппен пайымдап, зерделеуі «Жан мен Һәм көңіл», «Тәңір мен жан», «Тіршілік, жан туралы», «Мен адамның таппадым ақылдысын» т. б. өлеңдерінде ойы айқын байқалса, Шәкәрімнің «Тіршілік жан туралы», «Дін», «Мақтау мен сөгіс», «Талап пен ақыл», «Өмір», т. б. өлеңдерінде Абай зерделеген шындықтарды жаңаша пайымдай білді. Халыққа ғибрат ұсынған данышпандардың екеуі де түзу тіршілік жасаудың жолы білім, біліктілік пен адалдық, тазалық екендігін алға тартып, адам баласының бір-біріне мейірімді, қайырымды болуын тәңір алдындағы парызы деп есептейді. Қашаннан да қазақ халқының берекесін алып, құтын қашырып келе жатқан кемшіліктер - күншілдік, іштарлық, бақталастық жалқаулық екенін айтуда да ойлары үндеседі.
Ақынның өмірлік қағидалары, жалпы өз өмірі жайында мағлұмат беретін «Мұтылғанның өмірі» атты шығармасының лирикалық кейіпкері - ақынның өзі. Мұнда ақынның өмірі, қоғамға, адамға деген көзқарастары мен ақынның поэзиядағы өзіне тән даралығы мен көркемдік әлем жүйесі ерекшеленген. Ақынның өз жүрегіне үңілуі, жандүниесі арқылы өзін таныту, сонымен қоса ақынның тұлғалық сипаты дараланады. Адамның жас ерекшеліктерін, ондағы адам өмірін, адам психологиясын зерделеп, зерттеп, сонымен қоса, ақынның тыныс-тіршілігі суреттеледі. Балалық кезең бес жас пен он бес жас аралығында күндіз-түні ойынға тоймаған, алып-ұшпа бала көңіл мен бозбала жасқа жеткенде кейіпкердің білім, ғылымның маңызына мән берген кезеңін көреміз. Одан әрі Мұтылған тағдыры қазақ халқының әлеуметтік тарихының ерекшеліктері және адам мен қоғам қатынасындағы маңызды мәселелері арқылы көркем өрнек тапқан. Мұнда кейіпкердің өмір мен танымын, ішкі рухани сілкінісін баяндау және терең психологиялық сараптама маңызды роль атқарып тұр. Шәкәрім авторлық баяндауды монолог түрінде құрған. Автор өз идеясын Мұтылғанның монологы арқылы шебер бейнелеген. Ақынның көркемдік талабы жоғары. Шеберлігі мен көркемдік талғамы ақынның Мұтылған образын жаңаша қырынан аша отырып, қазақ поэзиясына адамның ішкі әлемі мен қоғам, өмір, заманның тұтас картинасын енгізген.
Шәкәрім поэзиясының негізгі арқауы - адам болмысы. Ол адамды физиологиялық, психологиялық, этикалық, эстетикалық және философиялық әлеуметтік құбылыс ретінде үнемі зерттеген. Ақын адам болашағына, оның рухани ішкі әлеміне және қуатына сенеді.
Жаратушы, жан, табиғат, қоғам мәселелерін сөз еткенде ақын, ондағы адам орнын ізденіспен көрсетеді. Осы мәселеде ақын өзінің көп сұрақтарына жауапты таба біледі.
Тiршiлiк, адам, жан, жаратушы, ғалам жайлы ой толғаған Шәкәрiм ақынның шығармашылығы өзiнен кейiнгi қалған ұрпаққа бай қазына болып қала бермек.
Шәкәрiм - ақыл-ой, сезiм деңгейi ерекшеленiп, дербестiк дәрежеге жеткен, дараланған тұлғалық бейнесiмен, исламдық дiни пәлсапа мен қоса ғылыми тұжырымдар, абстракциялық ойлау мен логикалық жүйенi бiрiктiрген, рухани таза жан.
Абай толық адам болу үшiн керектi адами сабырлы ақыл, қажырлы қайрат, ыстық жүрек қажет дейді. Оның бiреуі кем болса, толық адам деп есептемейді. Ал Шәкәрiм бұл тақырыпты өзiнше жаңа қырыннан көрсетуге ұмтылған:
«Мейiрiм», «Ынсап», «Әдiлет»,
«Шыдам», «Шыншыл», «Харакет»,
Түп қазығы: «Ақ ниет» -
Бұл жетеуiн ел қылу [4, 237] .
Абай талап, шыдам, қайрат, жұрек, ақыл сияқты адами сапалардың қатар болуын, адам бойынан бiрдей көрiнуiн қаласа, Шәкәрiмде, бұлармен қатар мейiрiм, ынсап, әдiлет, ақ ниет сияқты сапалық қасиеттердi уағыздау басым. Адами қасиеттердiң түп қазығын ол адалдық пен ақ ниетке келiп тiрейдi.
Адамның жан тазалығы, руханилығы оның болмыс кейпiнiң тартымдылығына әкелетiндiгiн дәлелдейдi Шәкәрiм. Ал шын әдiлет, шын махаббат адамға жаратушыны сүю арқылы, халықты сүю арқылы келедi, - дейдi ақын.
«Ақ жүрек» ұғымы да Шәкәрiм өлеңдерiнде терең ойларды, идеяларды синтездеген ұғым. Бұл ұғым ақынның көптеген өлеңдерiнде кездеседi. Ақ жүректi адам тек әдiлет пен шындықты қалайтын адам. Ақ жүректi адам ешкiмдi алдамайды, өтiрiк айтпайды, сатқындық жасамайды. Әдiлеттiң ақ жолынан ауытқымайды. Адамзатты жақсылық пен өркениетке тек ақ жүректi адамдар ғана жетелейдi деп есептейдi ақын.
«Арлы ақыл» - жақсылық пен әдiлет жолына қызмет ететiн ақыл. Шын ақыл жаманшылықтан аулақ болады. Арлы ақылы бар азамат өмiрiнiң мәнiн елiне, жерiне қызмет ету деп бiледi. Арлы ақыл бiлiмдi, iскерлiктi, өнердi жасампаздық пен игiлiк жолына бағыттайды. Арлы ақыл иесi халқының бүгiнi мен келешегi үшiн қызмет етушi азамат деп бiледi.
Адал еңбек, ақ жүрек, арлы ақыл бар жерде адам нәпсiсiне ие болады, әдiлетсiздiкке, арамдыққа, өтiрiкке, алдауға тосқауыл қояды. Осы үш құндылық арқылы адам түзу жолға түседi. Адам жөнделсе - қоғам мен өмiр жөнделедi, жаратушыны шын сүю басталады деп тұжырымдайды. Мына бiр өлеңiнде ақын:
Ескiден қалған сөз терiп,
Өз ойымнан өң берiп,
Үйретудi жөн көрiп,
Түзетпек едiм адамды [4, 105]
-деп өзiнiң iзгiлiктi мақсатын ашып айтады.
Айла күш - айуандықтың ең жаманы,
Боқты боқпен жуғанмен ел түзелмес
Ар түзейтiн бiр ғылым табылмаса,
Зұлымдықты жалғанда әдiл жеңбес [4, 86] .
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz