Сарматтардың ғұрыптық кешендері



Жұмыс түрі:  Реферат
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 30 бет
Таңдаулыға:   
Сарматтардың ғұрыптық кешендері

Соңғы жылдарда, әсіресе, Орал мен Еділ бойы, сонымен қатар қазақ даласының батыс бөлігінің әртүрлі археологиялық кешендерінен шыққан көлемді және мазмұны жағынан ғажап мағлұматтар легі сарматтанудың өзекті зеттеу мәселелерін шешуі былай тұрсын, керісінше одан бетер пікір-таластарды өршіте түсті. Ол мәселелерсанатына әрқилы мәдениеттер мен мәдени көкжиектердің кезеңдемесі мен мерзімделуі, этникалық-тілдік сипаты (көптеген сармат тайпаларының ирантілдес екені туралы біржақты көзқарастың басым жағдайында), сармат этнонимінің талдануы (массагет, дай, дах, аорс, сирақ, язиг және т.б. қатысты дереккөздерін теңдестіру мәселесі сияқты) және теориялық-әдістемелік сипаттағы мәселелер жатады. Мұны сарматтанудың әртүрлі аспектілерін зертеумен айналысып журген бүгінгі көптеген мамандар да мойындайды (Виноградов, 1994,с.31-33; Медведев, 2000,с.233-255; Мещеряков, 2000,с.53-59; Мошкова, 2006,с.210-224; Полин, 1992; Полин, Симоненко, 2004,с.367-373; Симоненко, 2010; Скрипкин, 1990, 1994,с.28-31; Яблонский, 2008,с.5-18; Исмагилов, 1996,с.176-211; Таиров, 1999,с.173-175; Зуев, 1997; Гуцалов, 2004 және т.б.).
Б.з.д. I мыңжылдықтың екінші жартысында Еуразия кеңістігіндегі түрлі мәдени аймақтар өзара тығыз, көп сатылы байланыстардың әлеміне аяқ басып, мәдени әлемдердің жүйесін құрағанын бірқатар зерттеушілер атап көрсетіп отыр (Щукин, 1994, с. 15-31; Корякова, 1997, с. 8).
Сарматтардың тарихи-мәдени жаңғыртпасын жасау, ең алдымен, қоғамның қатардағы қарапайым және бай-шонжарлары қалдырған жерлеу ескерткіштерінің топтық сараптамасын жасау мен алынған нәтижелерді заттай мәдениет категориясымен шендестіруге негізделген. Бірқатар археологиялық ескерткіштерді сипаттау мен белгілі бір аймаққа шоғырландыруда грек-рим жазба деректерінің рөлі зор.
Еуразияның кең даласындағы этникалық топтардың (сармат деп аталатын жалпы этнонимге біріктірілген) шаруашылық-мәдени тіршілігі, діни нанымдары мен өмірлерінің басқа да қырлары жайындағы ғылыми ой-қорытындылардың шынайлылығы мен толыққандылығына кейде отырықшылардың қоныстары, қалалары, көркем өнер ескерткіштері (жартас және қабырғадағы суреттер, таңбалар, кескінді мүсіндер, ұсақ пластика және т.б.), ғибадатханалары және т.б. жайлы материалдарын қосымша түрде тарту арқылы жете аламыз.
Сарматтардың батыс тобындағы кейбір жерлеу ескерткіштеріне сәйкес келетін орманды-далалы Дон өзені бойынан ашылған қоныстар мен қала жұрттары сарматтану саласындағы зерттеудің деректік қорын едәуір кеңейте түсті (Медведев, 2000, с. 233-255; 2008).
Қазақстанның батыс өлкелеріндегі савромат және сармат құндылықтарын зерттеу ісі И.В. Синицин, Т.Н. Сенигова, Г.И. Багриков, Г.В. Кушаев, Б.Ф. Железчиков, М.Қ. Қадырбаев, ал соңғы жылдарда М.Н. Сыдықов, А.А. Бисембаев, С.Ю. Гуцалов және басқалардың да есімдерімен тікелей байланысты.
Зерттеліп отырған кезеңдегі археологиялық ескерткіштердің айрықша категориясын сарматтардың діни-ғұрыптық жоралғылары және дүниетанымдарымен байланысты Үстірттегі Бәйте III түріндегі ғибадатханалар құрайды. Қазір өлкеде көлемі мен сәулет-жобалық келбетінде кейбір айырмашылықтары бар елуден аса ғибадатханалық орындар бар.
Арал мен Каспий теңіздері арасындағы кеңістікте біз ашқан ғибадатхана кешендері б.з.д. I мыңжылдықтың ортасы мен екінші жартысы - б.з. I мыңжылдығы басында осы өңірде өмір сүрген көшпелі этностардың тіршілік әрекетінің рухани саласындағы киелі нысан болып қана қойған жоқ, сонымен қатар ірі бірлестіктерінің (сарматтар, дайлар, дах-массагеттер, сақтар) маңызды саяси орталықтары болғандығы да белгілі болып отыр.
Осы тектес ескерткіштердің таралу аймағы тек Үстірттің шың-кемерлерімен, тіпті Арал-Каспий даласымен шектеліп қалмайды. Сонемен бірге Арал бойындағы, Сырдарияның көне арнасы төңірегіндегі, біз қарастырып отырған уақыттағы мәдени, этникалық құрамымен, батысы, діни көзқарастары ұқсас тұрғындардың едәуір бөлігінің шикі кірпіштен соғылған құрылыстары сол ғибадатханалы құрылыстар категориясына жатады. Олар солтүстікте Доңызтауда кездеседі, одан ары қарай Мұғалжарға дейін таралуы мүмкін. Ақтөбе облысы территориясының солтүстік-батыс бөлігінде пішіні төртбұрышты, топырақтан үйілген Қызылүйік түріндегі ғибадатханалардан өзгеше бірнеше ескерткіштер бар. Олардың көпшілігінде антропоморфты тас мүсіндер бар және зерттеушілер тарапынан б.з.д. V ғасырдан көне емес уақытпен мерзімделген (Гуцалов, Таиров, 2000, с. 237-239).
Шығыста - Орал жақта ерте көшпелілердің Бәйте түріндегі ғибадатханалар кешені әлі белгісіз.
Үстірттегі Бәйте сайындағы геологтар тапқан тас мүсіндер мен обалардың көптеген сынықтары жөніндегі ақпараттар 1983 жылдан бастап белгілі (Ольховский, Галкин, 1990, с. 197).
Біз кітаптың міндетінің аясында Үстірттегі Бәйте III сынды бірегей ескерткіштердің сипаттамасына қысқаша тоқтала кетейік. Ол Бейнеу - Маңғыстау темір жолындағы № 4 бекеттен оңтүстікте шамамен 12 шақырым жерде орналасқан. Ол тас мүсіндері сынықтарының шоғырлары мен оба үйіндісі тәрізді үш тобынан тұратын, бір-бірінен аса қашық емес аралықта жатқан археологиялық кешеннің құрамына енеді. Олар ғылымда осыған сәйкес Бәйте I, II, III деп аталады.
Өткен ғасырдың сексенінші жылдары алдыңғы екі нысандағы алдын-ала зерттеу жұмыстарын Л.Л. Галкин жүргізген. Ары қарай 1988 жылдан бастап Бәйте кешенін және басқа да ескерткіштерді зерттеу З. Самашев басқарған ҚазКСР ҒА Ш. Уалиханов атындағы Тарих, археология және этнология институтының Батыс Қазақстан экспедициясының Үстірт отряды (жетекшісі В.С. Ольховский) мен КСРО ҒА Археология институты, кейіннен РҒА Археология институтымен бірлесіп жұмыс жасау туралы келісім шарт негізінде іске асты (Галкин, Ольховский, 1989, с. 126-129; Ольховский, Галкин, 1990, с. 196-206; Ольховский, 1992, с. 30-32; Ольховский, 1995, с. 329-330; Ольховский, Галкин, 1997, с. 141-155; Ольховский, 1997, с. 393-394; Ольховский, Самашев, 2001, с. 279-280).
Бәйте III-тегі тұрақты далалық зерттеулер 7 маусым бойы жалғасып, 1998 жылы аяқталды (Ольховский, Самашев, 2000, с. 376-377). Ескерткіштің аумағы киелі кеңістіктің барлық құрама элементтерін қосқанда 6-7 га шамасындағы жерді алып жатыр.
Бәйте түріндегі ғибадатханалардың негізгі элементі - түпкі диаметрі шамамен 19 м, цилиндр тәрізді (немесе дөңгелек) пішінді монументальды құрылыс. Бұл құрылыстың сыртқы және ішкі қаптама қабырғалары әбден өңделген және бір-біріне қабыстыра қаланған тас кесектерінен құралады, ал олардың арасы тас сынықтарымен, топырақпен толтырылған. Сақталған биіктігі шамамен 3м, пішіні дөңгелек келген қабырғаның қалыңдығы - 4,5м.
Храм (басты ғұрыптық құрылыс) цилиндр және күмбез тәрізді екі сатылы құрылымнан тұрады.
Құрылыс алдымен тегістеліп, сосын жалпақ тастар төселген жер бетіне салмақты цокольді негіздегі тас монолитті қаланды үстіне негізгі күмбезді біртіндеп шығару тәсілімен тұрғызылған.
Күмбездің тірегі диаметрі кішігірім (9,5 м) тақтатас төселген ішкі бөлменің крест тәріздес жоспарды құрайтын төрт ішкі контрфорсы есебінен арта түскен.
Трапеция тәріздес кескін беретін төрт контрфорс есебінен тура төрт құбылаға бағытталған ішкі бөлмелердің жоспары несториан крестін еске түсіреді.
Крестің қиылысар тұстарында аса улкен емес, дөңгелек бөлме қалыптасады, онда жоғарыда айтылған тас еденге биік емес ернеулі, бұрыштарында ойығы бар төртбұрышты ошақ қондырылған. От ошағының іші күл қабатына толы болды. Құрбандық тасының ортасында қиғаш крест суреті ойылып жасалған. Осы бөлмедегі от ошағына тура 3м биіктіктен әбден тапталған, көп сатылы тас баспалдақтар келіп түседі. Баспалдақтың жоғарғы басқышы ғибадатхананың цилиндр пішіндес қабырғасының жоғарғы шетіндегі тегістік деңгейінде орналасқан. Бұл алаң күмбез болып бітетін екінші ярус құрылысының шамамен тіреу-іргесі болып табылады. Күмбездің төбесінде жарық түсетін тесігі болуы мүмкін.
Сонымен, құрылысы аяқталған күйінде от ғибадатханасы бірінің үстіне бірі тұрған цилиндр мен тарыла келген ойық-тесігі бар күмбез түріндегі екі сатылы сәулет құрылысы болған.Оның түбінен күмбез төбесіне дейінгі биіктік 10 метрді құрауы мүмкін. Контрфорстар күмбезі бар үстіңгі цилиндр үшін қосымша тіреу қызметін атқарған. Ғибадатхана биігірек жерде тұрғандықтан, жазықтан оның келбеті 10-15 шақырымнан анық көрінеді.
Ғибадатхананың ішкі және сыртқы қабырғаларының қаптама плиталарына үшкір темір құралмен көптеген таңба-белгілер мен суреттер салынған. Бұл таңбалардың салынған уақыты мен этномәдени сипаты жайлы алғашқы қорытындылар жасалса да көптеген мәселелер сұрақ күйінде қалуда (Ольховский, Яценко, 2000, с. 295-315; Яценко, 2001; 2005, с. 114-116).
Ойма бейнелер, таңбалар мен белгілердің жіті талдануы мен мағыналық мазмұндарын ашу мәселелерін кейінге қалдыра отырып, археологиялық деректердің бұл түрі қазіргі уақытта сарматоидтық мәдениеттердің барлық аймағына танылғанын айта кеткен жөн. Бәйтеге ұқсас таңбалар Окса храмының колонналарында бейнеленген. Олардың пайда болуын храмның өмір сүруінің соңғы сатысында көшпелілердің келуімен байланыстырады (Литвинский, Пичикян, 2000, с. 114).
Ғибадатхананың айналасындағы киелі аймақта бұл кешеннің құрамдас бөліктері - кейбір бөліктерінде әртүрлі диаметрдегі дөңгелек пішінді үйметастары бар үзікті ор жасалынған. Ал алаңның кейбір жерлерінде ұлутастан жасалған тік төртбұрышты немесе дөңгелек келген үстелдер - құрбандықтар мен от ошақтары орнатылған.
Храмды кешен құрылысының ең негізгі және ерекше бөлігіне белгілі бір ретпен тұрғызылған, тігінен тұрған жауынгерлердің мүсіндері жатады. Мүсіндердің көбінде оң қолын төмен түсіріп, денесіне басқан, ал сол қолы бүгіліп, ішін ұстаған ер адамдар бейнеленген. Алайда кейіпкерлердің алғашқы бейнесінен басқа кейіпте бейнеленген нұсқалары да бар. Олар бастапқыдағы заңдылықтан айқын өзгешеленеді. Иконографиядағы өзгешеліктер уақыт аралығында Үстірт тұрғындарының наным-сенімдері мен дүниетанымында өзгерістер мен күрделі этноәлеуметтік, мәдени, миграциялық және тағы басқа үрдістердің жүргендігі жөнінде хабар береді.
Сақталған тұғырлары мен олардың бөліктерінің көптеп шоғырлануына қарай отырып, тас мүсіндердің басым көпшілігі от храмының оңтүстік-батыс жағына, ордың сыртына орнатылғанын көреміз. Жауынгерлердің бет-әлпеттері де сол батыс бағытқа қаратылған, бұл жайт кеңістіктің сипаттамасы мен күннің ұясына батуына - өлі рухтардың тірілерге тиер кесапатына қатысты өлілер елінің нышанына (мысалы, ежелгі мысырлықтардағы іспетті) тікелей байланысты болуы мүмкіндігін білдірсе керек.Ондай жағдайда, тас күзетшілердің тізбегі әлеуметті (оның нышаны - отты құрбандық орны бар ғибадатхана) сырттан келген тылсым күштердің әсерінен қорғауы керек. Осы уақытта жергілікті тұрғындардың діни салт-жоралық тәжірибесінде басқа да көптеген түсініктер шырмаланды және оларға байланысты алуан-түрлі іс-әрекеттер - кунге табынушылық және киелі алаумен тазартылу рәсімі; бес қарулы жауынгер культы, ата-баба және қару культы және т.б. күрделенді.
Тас мүсіндерде бейнеленген кейбір жауынгерлердегі көп тармақты алқалар мен білезіктер, қарулар мен киімдердің этнографиялық бөлшектерін мұқият қарастыру (әскери белдікке ілінген немесе аяққа байланған қанжарлар мен сармат кейпіндегі қылыштар; кейде шығынқы домалақ умбонмен әшекейленген қорамсақтағы садақ; дулығалар, беттің әскери бояуы және т.б.), сонымен қатар жеке кескін-келбеттерінің айқындығы көптеген жағдайларда зерттелініп жатқан уақыттағы тұрғындардың өмір сүру салты мен заттай мәдениетінің ерекшелігін зерттеудегі құнды деректер болып табылады.
Тас мүсіндердің қосымша бөлшектеріндегі бейнелерді, қару-жарақтары мен әшекейлерін көбінесе көшпенді элитаның бай жерлеулерінен табылған шынайы жәдігерлермен салыстырмалы түрде зерттеу келешекте тарихи-мәдени үрдістерді қайта жаңғыртуда неғұрлым шынайы ғылыми нәтижелерді алуға көмектеседі.
Үстірттегі тас мүсіндердің арасынан монголойдтық бет-бейнелі улгілердің кездесуі де аса маңызды дерек. Бұл жайт, әсіресе, РҒА Н.Н. Миклухо-Маклай атындағы Антропология және этнология институтының лабораториясында жасалған, жерлеуден шыққан бассүйектердің антропологиялық түрде қайта қалпына келтірулерімен жақсы үйлеседі (Веселовская, 2004, с. 271-280).
Осы шағын ауданда, 30 шақырымға дейінгі радиус көлемінде біздің экспедицияның Үстірт тобымен атқарған міндеті жағынан Бәйте III-ке жақын, бірақ көлемі жағынан, айналасында қойылған тас мүсіндер мен киелі аймақтық ауданы жағынан одан кішірек келген Бәйте I (Ольховский, Самашев, 2001, с. 279-280), Қарамөңке, Терең сынды жаңа ғибадатханалар зерттелінді. Олардың ішінде табылған жәдігерлері Бәйте кешеніндегі материалдар сынды пәнаралық зерттеулерге алынған Терең ғибадатханасын ерекше атап өтуге болады (Дженито, Ольховский, Самашев, Франкфор, 2000, с. 7-20; Взякова, 2000, с. 31-44; Ольховский, Медникова, Овчинников, Овчинникова, Веселовская, Друзина, 2000, с. 56-69; Антипина, Ольховский, 2000, с. 79-88).
Бәйте түріндегі ғибадатханалардың мерзімделуіне келсек, оны кейбір зерттеушілер б.з.д. V-III ғғ. Деп анықтайды (Zuyev, Ismagulov, p. 54-56). В.С. Ольховский ғибадатханалардың белсенді қызмет атқарған кезеңін б.з.д. IV-III ғасырлардан б.з.д. II ғасырлардың басына дейін деп шектей отырып, б.з. басында тұрғындардың ауысуымен туындаған храмның пассивті қолданылған кезеңін де бөліп көрсетті (Ольховский, 2005, с. 135). Храм кейінгі уақытта да енді ғибадатхана ретінде емес, керісінше керуен жолындағы уақытша паналайтын тұрақ қызметін атқарса керек. Оған ғибадатханадан табылған Алтын Орда кезеңінің қыш бұйымдарына дейінгі әр тарихи кезеңнің жәдігерлері дәлел.
Өткен ғасырдың соңында Батыс Қазақстан археологиялық экспедициясы Үстірттің солтүстік-батыс және солтүстігінде діни-ғұрыптық мәндегі көптеген ескерткіштерді тапты. Солардың біразы Тасастау мен Қайнар шыңырау құдықтары маңына шоғырланған.
Қайнар 1. Бұл ескерткіш Атырау, Ақтөбе, Маңғыстау облыстары шекараларының түйіскен тұсында, Дияр-Тасастау бағытындағы қара жолдың бойында, Қызылүйік ғибадатханасынан батысқа қарай 12 шақырым жерде орналасқан. Жағрапиялық координаты: 46°17´67´՛56°20՛03´´.
Қайнар кешені солтүстіктен оңтүстікке қарай созылған бес ғұрыптық нысаннан тұрады.
XXI ғасырдың 6-шы жылы зерттелген Қайнар 1 обасы қорымның солтүстік шетінде жеке орналасқан. Осы обадан оңтүстік-шығыста қазақ моласының қабір үсті тас қалауынан сарматтық тас мүсіннің бөлігі табылды. Адам тарапынан жасалған кері әсерлерге қарамастан, обьектілер өзінің алғашқы келбетін сақтап қалыпты.
Нысан дөңгелек пішінді екі қатар қоршаудан тұрады. Құрылыстың сыртқы қаландысының диаметрі 7,90 м, ішкі қаландының диаметрі 3,80 м. Қабырғаларының сақталынған биіктігі 0,5-0,6 м (үш қатар плиталар), қабырғаның қалыңдығы 2 м. Ішкі және сыртқы қаланды қабырғалардың аралығы кіші көлемді тастар аралас топырақпен толтырылған.
Қоршаудың сыртынан, оңтүстік-шығыс бағытта 0,25 м тереңдікте үзеңгі тәріздес қола ауыздық табылды. Ішкі дөңгелек қоршаудың әр бөлігінен әртүрлі тереңдіктен үшқырлы ұңғымалы қола жебенің ұшы, көзді және ақ пасталы моншақ пен қыштан жасалған дөңгелек пішінді бұйым алынды. Бұған қоса көне жер бетінен шашырап жатқан малсүйектерінің, киік мүйізінің, адамның бас және астыңғы жақ сүйегінің сынықтары мен саусақ сүйектері ашылды.
Зерттелген нысан храм-ғибадатханалар құрылымына енетін ғұрыптық құрылыстардың құрамдас бір бөлігі. Ғұрыптық нысанның тек негізі ғана сақталған. Қайнар ғибадатханасын толықтай зерттемейінше, бұл обьектіге қатысты атқарылған рәсімді анықтау мүмкін емес.
Осы ғибадатхана алаңынан бірнеше сарматтық тас мүсіндердің сынган бөліктері табылды.
Тасастау 1 нысаны Қызылүйік ғибадатханасынан оңтүстік-батыста 8 шақырым жерде, қыр үстіндегі батыстан шығысқа қарай созылған Тасастау 2 храмы мен Тасастау 3 оба-қоршауының батысында орналасқан.
.Қазбаға дейін Тасастау 1 нысанының ортасында өз тастарынан тұрғызылған биіктігі 2 м, ені 1 м қарақшы болды. Айналасында ешқандай заттар табылмаған, көлемі 5,7 x 3.25 м болатын сопақша пішінді бір құрбандық шалу орны мен төрт тастардың шоғыры жатты
Зерттеу нәтижесінде бұрыштары дөңгелене келген төртбұрыш пішінді, батыстан шығысқа қарай бағытталған, көлемі 7,45 м (Б-Ш) x 6,5 м (С-О) құрылыс ашылды.
Нысанды салар алдында қалыңдығы 0,16 м, диаметрі 10-12 м саз платформа дайындалған.
Сыртқы тас қалаулар бір қатар етіліп, жалпағынан қойылған, сыртқы беттері өңделген плиталардан жасалған. Керісінше, ішкі қоршаудағы қалаулар платформа үстінен бастап үш-төрт қатардан, бес қабат етіліп жасалған. Қабырғаларға қалаған плиталардың беттері өңделген. Ішкі құрылыс батыстан шығысқа созылған. Көлемі - 2,8 (Б-Ш) х 1,8 (С-О) м. Сырты сопақша келген, ішкі қалаулары ұзынша төртбұрыш пішінді.
Қабырғаларының ені - 2,4 м. Ішкі кеңістік ұсақ тастармен және топырақтармен толтырылған. Обьектінің алғашқы биіктігі кем дегенде 1,5 болған тәрізді.
Храмның оңтүстік жағынан дәліз тәрізді құрылысқа кіру орны (ені 1 м) болды. Кірер жер жартылай тастармен қалана отырып, арнайы жабылған күйінде ашылды.
Ескерткіш Қызылүйік ғибадатханасын салған архитектуралық тәсіл бойынша дайындалған, төбесі жабылмаған. Осы тектес ескерткіштердің қарапайым түрі.
Құрылыс ішінен, әр жерден және әр деңгейден жануарлардың сүйектері мен әртүрлі жәдігерлер: қола айнаның сынықтары, төрт қыш ыдыстың сынықтары, үш үшқырлы жебенің ұштығы, қола және тас моншақ, темір қанжар мен бір аяғында қасқырдың басы бейнеленген сарматтардың құрбандық тақтатасының бір бөлігі және т.б. табылды.
Темір қанжардың көбелек түріндегі балдағы мен рама тәрізді сабы болды. Қарудың жалпы ұзындығы - 40 см. Жүзінің жалпақтығы - 3 см, орта тұсында 2,5 см. Сабының жалпақтығы - 3 см. Көбелек тәрізді балдағын қоса санағанда, сабының ұзындығы - 13 см. Балдағының жалпақтығы - 7,5 см, биіктігі - 2,5 см. Жүзінің өткір тұсының қалыңдығы - 1 см. Сабы әрқайсысының қалыңдығы 1 см болатын екі темір қоспадан жасалған. Екі қоспаның ортасы ашық. Бұл ашық жер, саптың сыртын қаптаған ағаш немесе басқа бір затты бекіту үшін қалдырса керек. Олардың ортасында екі жерде араларын қосып тұрған, төртбұрышты келген жалғау бар. Осының балдақ жақ шетіндегісінде кішкене шегенің басы байқалады. Қанжар сабы сыртының әр жерінен қатарласа жатқан байлаған жіптің ізін байқауға болады. Қанжар сабының дүмінің тұсында аса үлкен емес кертік бар. Бұл кертік дүмінің негізі болып тұр. Қанжардың дүмі екі жаққа қараған грифондардың бейнесінде жасалған. Нашар сақталғандықтан жіктеп сипаттауға келмейді. Соған қарамастан бір грифонның дөңгелек көзі, тұмсығы мен құлағы нақты көрінеді. Жалпақ келген ұштығы біртіндеп жүзіне ұласып кетеді. Екі жүзді ұштығы көзше тәрізді пішінде берілген.
Тасастау қанжарының баламалары Қазақстан территориясында кеңінен таралған. Қанжардың дүмі мен сабының пішіндері Таулы Алтай, Моңғолия мен Қытай, сонымен қатар Қаратеңіз маңында таралған қанжарлармен ұқсас. Қоладан жасалған мұндай қанжарлар б.з.д. VI-V ғғ. мерзімделеді. Ерекшеліктері тек дүміндегі грифондардың орналасуында ғана болмақ. Бізге белгілі қанжарлардағы грифондар бірі-біріне тұмсықтарын тигізіп тұр. Ал грифондарды екі бағытқа қаратып жасау жергілікті ерекшелік дәстүр және осы өңірге ғана тән деуге болады. Сонымен бірге қанжар сабының жасалу дәстүрі ерте темір дәуіріндегі пішіндерге ұқсас. Қанжардың жіңішке ұшының көзше тәрізді болуы б.з.д. VI-V ғғ. тән. Сондықтан Тасастау қанжарын жасалған материалы мен ұштығына қарай алдын-ала б.з.д. VI-V ғғ. мерзімдейміз.
Тағы бір жәдігер аңның басы бейнеленген құймалы қола әшекей көне жер бетінен, құрылыстың оңтүстік-батысынан табылды. Жануардың көздерін улкен, дөңгелек етіп беріп, қарашығының айналасын шығыңқы рельефпен бедерлеген. Аңның езуі стилистикалық мәнерде берілген. Еріндерінің жұмсақтығын көрсету үшін толқынды, жұмсақ сызықтармен сырған. Қысқа құлақтары үшбұрыштанып келген. Басын да толқынды сызықпен, нақты бедерлеген. Жануар бейнесіне қарағанда шөпқоректі екені анық, киік болуы мүмкін. Әшекейдің сыртқы жағында бекіткіш ілгек бар.
Қасқырдың басы бейнеленген тас құрбандықтың аяқ бөлігі обьектінің оңтүстік-шығысынан табылды. Диаметрі - 24 см. Ернеуі дөңгелене, сыртқа аздап шығыңқы келген. Ернеуінің қалыңдығы - 1,6 см. Құрбандықтың бүйірінен түбіне ұласар тұсы қалыңдана түседі (қалыңдығы - 2,3 см). Түбінің қалыңдығы - 1,6-1,8 см. Аяғының ұзындығы 9 см, ені 5 см, қалыңдығы 4 см. Құрбандық тақтатасының аяғының басы қасқыр бейнелі болып келген. Қасқырдың құлақтары үшқырлы, қысқа және ернеуге жапсарлас жасалған. Көздері дөңгелек, қарашығы алға қарай шығыңқы. Езуі терең сызықтармен бедерленген.
Қола айна мен бірнеше қыш ыдыстардың сынықтары, біздің болжамымызша, құрылыс ішінде әртүрлі рәсімдерді орындау барысында әдейі сындырылып тасталған болуы мүмкін.
Тасастау 2. Тасастау құдықтарынан солтүстікке қарай 1,5 шақырым жерде орналасқан.
Храмның үстіне бетондалған бірнеше репері қазылып орнатылған ұзындығы 5 м ағаш үшаяқ қойылған екен. Обьектінің батыс және шығыс жағында терең емес орлар жатты. Құрылыстан солтүстік-батысқа қарай осы обьектінің тастарынан жер беті құрылыстары жасалған, белгітастары қойылған қазақ зираттары болды.
Құрылыстың қазбаға дейінгі диаметрі 24,2 (Б-Ш) х 23,9 м (С-О), сақталынған биіктігі 2 м. Координатасы - N 46°15᾿72, E 56°24'45.
Ашылған храм құрылысының сыртқы қаптама қабырғаларымен есептегендегі диаметрі 11 м (С-О) х 11,1 м (Б-Ш), сақталыну биіктігі 2 м. Құрылыс дөңгелек пішінді. Сыртқы қабырғасы әр жақтан 2-3 қатардан ғана сақталған. Құрылыстың ішінің диаметрі 3,63 (С-О) х 3,4 м (Б-Ш). Құрылыстың іші таза сары топырақ пен арасында аздап кездесіп отырған ұлутастардан тұрды.
Орташа көлемді ғұрыптық нысан екі сатыдан тұрса да, күмбезді төбенің белгілері сақталмаған. Екінші сатысының ені мөлшермен 1,4-1,6 м. Сыртқы қабырғасы өңделген плиталармен қапталған.
Дөңгелек қабырғаның қас беті өте жақсы өңделген тақтатастардан тұрғызылған. Кейбір тақтатастарда жүзі 4-6 см шамасындағы жұмыс құралының (тескіш тәрізді) іздері сақталған.
Құрылыстың оңтүстік жағынан бөлмеге жіңішке дәліз - дромос енеді. Дәліздің ұзындығы 2,15-2,3 м, ені - 1,2 м. Дәліздің ішкі табалдырығында, дәлізді арнайы жапқан тастардың арасынан екі тесікті темір сулық табылды.
Қабырғаның сыртқы қас бетіндегі құлаған тастардың арасынан ортағасырлық жасыл глазур бояулы қыш ыдыстың сынықтары алынды. Сонымен қатар ғибадатхана ішінен де бірнеше адамның шашылған сүйектері, қыш ыдыстардың сынықтары мен жануарлардың сүйектері табылды.
Кіре - берістің шығыс жағынан 0,4 тереңдікте, тас қаландылар арасынан жас әйел адамның мүрдесі ашылды. Адамның басы оңтүстік-батысқа бағытталып, шалқасынан жатқызылған. Мүрденің оң жағында үш бөлікке сындырылған қола айна, қара ақық пен ақ бордан жасалған моншақ, темір шеге табылды. Адамды ғибадатхана өзінің негізгі қызметін тоқтатқан соң ішіне лақат түрінде қоюы мүмкін.
Ғибадатхананың ішкі пішіні сопақша келген. Ішкі қабырғаның қаландылары өте тығыз және мықты орналасқан.
Ғибадатхананың аумағынан қазақ зираттарынан тыс тағы бір кейінгі ортағасырлық түркімендік қос жерлеу мен тастардың бес шоғыры тіркелді. Зерттеу барысында бұл бес құрылымнан еш зат табылмады және ғұрыптық істер атқарылған белгілер байқалмады.
Тасастау 3. Тасастау 2 ғұрыптық кешенінен шығыс, оңтүстік-шығыс бағытта, биік жерде орналасқан. Координаты - 045°53'37, 512°30'19. Обаның үстіне өз тастарынан қарақшы тұрғызылған. Диаметрі 10 м, жер бетінен 0,2-0,3 м биіктікте сақталған бұл обаның айналасын тереңдігі 0,15-0,20 м, ені 7-8 м ор қоршап жатыр.
Қазба барысында әртүрлі тереңдіктен ұсақ малдың сүйектері кездесті. Обьектінің оңтүстік-батыс бөлігінен, 0,30 м тереңдіктен екі тесікті қола сулық табылды. Сулықтың ұзындығы - 0,11 м, қалыңдығы - 0,08-0,09 м.
Ашылған оба-қоршаудың ені 1,6-2 м. Қоршау ортасынан солтүстік-шығыстан оңтүстік-батысқа қарай созылған, ұзындығы 2,2 м, ені 0,8 м қабір шұңқыры ашылды. Шұңқырдан әртүрлі деңгейден темір және қола заттардың сынықтары мен адамның шашылған сүйектері табылды. Адамның алғашқы қалпында жатқан омыртқа сүйектеріне қарай отырып, оның басын оңтүстік-батысқа қаратып, арқасымен жатқыза жерлегені анықталды. Табылған заттардан сүйек түтікшені, қамшы сабының бөлшегін, қорамсақтың қапсырмаларын және темір қанжардың сынықтарын атап өтуге болады.
Қорамсақтың қапсырмасы доғал тәріздес, дөңес-ойысты пластиналы, оюлы өрнектермен сәнделген, бірі-бірімен түйіскен екі темір сынығынан тұрады. Пластиналардың беткі жағында шекімелеу техникасымен орындалған өрнегі бар. Жиегінде өрнектің таралу аймағын шектейтін терең сызық салынған. Имектердің кеңістігі шырмалған өсімдік оюларымен толтырылған. Өлшемдері: екі бөліктің ортақ ұзындығы шамамен 15,5 см, ені - шамамен 2 см, қалыңдығы - шамамен 0,1 см.
Тасастау 4. Қызылүйік түріндегі ғибадатханалардың ішінен көлемі жағынан алғанда екінші улкен нысан. Ғибадатхана Қызылүйік ғибадатханасынан оңтүстік-батыста ... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Батыс Қазақтан сарматтарының дүниетанымы
Батыс Қазақстандағы сақ тайпаларының ескерткіштері
Қазақстан аумағындағы алғашқы көшпелілер және тайпалық одақтардың құрылуы
Батыс Қазақстан жеріндегі ескерткіштер
Сақ, массагет, сарматтардың көне қалалары
Сарматтардың аң стилі мен өнері
АРАЛ - КАСПИЙ САРМАТТАРЫНЫҢ МАТЕРИАЛДЫҚ МӘДЕНИЕТІ
Қазақтың дәстүрлі қару-жарақтарының этнографиясы
Сарматтардың мәдениетінің зерттелуі
Савромат-сармат тайпаларының археологиялық ескерткіштерінің зерттелу тарихы
Пәндер