Кеңес өкіметінің Қазақстанда күштеп отырықшыландыру және ұжымдастыру іс-шараларын жүзеге асыруы


Жұмыс түрі:  Дипломдық жұмыс
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 80 бет
Таңдаулыға:   

КІРІСПЕ

Зерттеу жұмысының өзектілігі.

Еліміз егемен болып, өз тізгінін қолға ұстап, әлемдік өркениет аясында даму сатысына қадам басқанда өткен тарихымызды саралап, бұрын тиым салынған ақиқатты бүкпесіз айтатын, оған жаңа тұрғыдан баға беретін кезең келгендіктен қарастырылып отырған мәселе өзекті екені күмән тудырмайды. 90-шы жылдардың басында тәуелсіз Қазақстан мемлекеті ерікті қоғам ретінде өз тарихы туралы ақиқатты білуге ерекше ынта қоя білді. Қазақстанның өткені, әсіресе кеңестік даму жолының басты және өзекті мәселелері тарихи ақиқат тұрғысынан қайта қаралып түсіндірілуде. «Қазақстан Республикасында тарихи сана сезімнің қалыптасуының тұжырымдамасында» Қазақстан тарих ғылымы алдында тарихи iлiм-бiлiмнiң үзiктiлiгi мен бiржақтылығынан мүмкiндiгiнше арыла отырып, өткен тарихымыздың шынайы бейнесiн жасау қажеттiгi айтылған [1] .

Кеңес дәуірінде тарихи оқиғаларға, сол кездегі тіршілікке, әділдік пен зорлыққа берілетін баға кесіліп-пішіліп, өңі айналдырылып, өзгертіліп берілгендігі бәрімізге белгілі. Бұл шындықты ашық айтуға зерделеуге тәуелсіздік алған кезден бастап мүмкіндік алдық. Қазіргі кезде өз тарихымызды жан-жақты зерделеп, тәлімінен үйрену, одан сабақ алу келешек үшін маңызды екені сөзсіз. Өткен тарихи оқиғалардың маңыздылығы туралы «Жадымызда жатталсын, татулық дәйім сақталсын» деген еңбегінде Елбасы Н. Ә. Назарбаев «яғни өткенімізді тұтас күйінде, ешқандай боямасыз, қоспасыз, қаз-қалпында қабылдағанымыз ләзім. Ал өткен жылдар шежіресін үнемі әрі бұрмалаусыз зерделеп отырудың жөні бөлек. Мұның өзі өткендегі тәжірибенің жақсысынан үйрену үшін, ескі қателіктерді қаулата бермес үшін, жаманнан жирену үшін қажет», - деп баға берген [2] .

Кеңестер Одағында жаппай ұжымдастыру үрдісі басталған кезде көшпелі және жартылай көшпелі шаруалар қожалықтарын жаппай отырықшыландыру мәселесі қоса көтерілді. Қазақстандағы отырықшыландыру ісін бастаған Ф. И. Голощекин бұл іске бірден саяси мазмұн беруге тырысты. Мұның өзі жаңа экономикалық саясат жылдары саяси тұрақтылық орныққан қазақ ауылына саяси дүрбелең туғызатын қауіп болды. Алғашында Республика үкіметі отырықшыландыру аудандарындағы ұжымшарлардың бастапқы түрі жерді бірігіп өңдейтін серіктіктер және малды бірігіп өсіретін серіктіктер болу қажеттігін көрсетті. Шын мәнісіне келгенде отырықшыландыру көрсеткіші төмен болған. Қазақстан басшылығының өзі де отырықшыландыру күшпен, дайындықсыз іске асырылғанын мойындауға мәжбүр болған, сондықтан алғашқы жылдары қателіктер мен қиыншылықтар болды. Шаруға берілген несие ақша да аз болатын. Өз отбасына арнап үй салудың негізгі ауыртпалығы зорлап отырықшыландырылған шаруаның өз мойнына түсті. Сондықтан алғашқы жылдары олар көбінесе жер үйлерге немесе балшықтан, қамыстан салынған лашықтарда тұрды. Алайда партия ұйымдары осының өзін керемет үй беріп тастағандай үлкен жиналыстарда ауыз толтырып айтатын.
Ұжымдастыру мен отырықшылыққа көшіру жылдарында Қазақстанда дәстүрлі мал шаруашылығы күйреп, малынан айырылып, баспанасыз әрі аш қалған қазақтар еріксіз үкімет саясатына бас иді. Сондықтан колхозға мүшелікке жаппай еріксіз кіріп жатты. Алайда отырықшыландырудың алғашқы бесжылдығында орындалмай қалған күрделі міндеттерді Кеңес өкіметі келесі бесжылдықта жүзеге асырды. Отырықшыландыру жылдарында қазақ ауылының мәдени-әлеуметтік жағдайы нашарлап кеткен еді. Аталмыш тақырып осы жақтарымен де өзекті.

Зерттеу жұмысының мақсаты - ХХ ғасырдың 20-шы және 30-жылдардың басындағы Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық жағдайын ашып айту.

Зерттеу жұмысының міндеттері:

- Кеңес өкіметінің Қазақстанды әлеуметтік-экономикалық және саяси жаңғыртуына тоқталу;

- Қазақстандағы ауыл шаруашылығын ұжымдастыру: Мақсаты мен барысы және салдарын сипаттау;

- Қазақстанның индустрияландыру кезеңіндегі мәселелерін ашып көрсету.

Зерттеу жұмысының нысаны ХХ ғасырдың 20-шы және 30-жылдардың басындағы Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық жағдайы.

Зерттеу пәні - ХХ ғасырдың бас кезіндегі Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық жағдайы.

Мәселенің зерттелу деңгейі. ХХ ғасырдың 20-30-шы жылдары «Әскери коммунизм», аграрлық реформалар, қазақ шаруаларын жаппай ұжымдастыру және отырықшылыққа көшіру Қазақстан тарих ғылымында едәуір зерттелді. Бұл тақырыпқа арналған көптеген еңбектер, кітаптар, монографиялар жазылып, ғылыми конференциялар өткізілген еді. Ең алғашқылардың бірі болып, осы тақырып бойынша зерттеу жүргізіп, кітап жазған қаламгер М. Б. Вяткин болатын: М. Б. Вяткин [5] . Сонымен қатар басқа да ғалымдардың еңбектері жарық көрді: В. К. Григорьев [8], Чапай Мусин [11], Н. И. Бухарин [15], М. Қ. Қозыбаев, І. М. Қозыбаев [16], Х. Д. Чурин, Ж. Сәрсеков [24], Көкіш Рыспайұлы [26], Т. О. Омарбеков [27], Г. М. Кржижановский [30], Ә. К. Төлентаева [33], Е. С. Қуандық [35], Н. Э. Масанов [36], Ж. Б. Абылхожин [37], Ж. О. Артықбаев [44], Т. Б. Балақаев, Қ. С. Алдажұманов, М. Қ. Қозыбаев, К. Н. Нұрпейісов [46], Қ. С. Қаражан [53], М. Х. Асылбеков, Тұрар Рысқұлов, Мұхамеджан Тынышбаев [54], К. Н. Нұрпейіс, М. Қ. Қозыбаев [61] .

ХХ ғасырдың 20-шы және 30-жылдардың басындағы Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық жағдайы толық дерлік зерттелді деуге болады. Дегенмен әлі де көптеген, зерттеуді қажет ететін мәселелер көп.

Ғалымдар Кеңес үкіметі кезіңдегі халқымыздың жағдайын әлі де зерттеу үстінде. Алайда мемлекеттік саясат ретінде қалай іске асырылды, оның тарихи тамырлары, жалпы әлеуметтік-саяси, мәдени-рухани нәтижелері әлі де болса терең зерттеуді қажет етеді. Оның ақтаңдақ беттерін ашу қысқа мерзімде бітетін іс емес деп ойлаймын.

Зерттеу әдістері: Зерттеу жұмысында қолданылатын негізгі әдістер - тарихи және статистикалық. Осы әдістердің арқасында ХХ ғасырдың 20-шы және 30-жылдардың басындағы Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық жағдайын зерттедім. Сонымен қатар зерттеу жұмысында тарихи салыстыру әдістері де кеңінен қолданылды. Кеңестік Социалистік Республикалар Одағы жайында біраз ақпаратқа қол жеткіздім.

Статистикалық әдісті пайдалана отырып Кеңес үкіметі кезіндегі халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайын және мал санын анықтадым.

Зерттеудің ғылыми жаңалығы мен тәжірибелік мәні зерттеу жұмысы барысында ХХ ғасырдың 20-шы және 30-жылдардың басындағы Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық жағдайы жалпылама түрде зерттелінді. ХХ ғасырдың 20-30-шы жылдарындағы Кеңес өкіметінің Қазақстанды саяси жаңғыртуы, ауыл шаруашылығы, индустрияландыру, аграрлық реформалар, ұжымдастыру, отырықшылыққа көшіру толық бір жүйеге келтіріле отырып, ғалымдардың еңбектері негізінде ХХ ғасырдың 20-шы және 30-жылдардың басындағы Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық жағдайы мен ерекшеліктері айқындалды.

Дипломдық жұмысты негізгі статистикалық дерек ретінде, білім беру мекемелерінде, кітап жазу барысында және тағы басқа мақсаттарға қолдануға болады.

Диплом жұмысының тәжірибелік базасы Ақмола облысының мемлекеттік мұрағаты, «М. Жұмабаев атындағы Ақмола облысының әмбебап ғылыми кітапханасы», Абай Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінің кітапханасы.

Зерттеу жұмысының құрылымы: зерттеу жұмысы кіріспеден, үш тараудан, қорытындыдан және пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.

Бірінші тарауда Кеңес өкіметінің Қазақстанды әлеуметтік-экономикалық және саяси жаңғыртуы жайлы баяндалған.

Екінші тарауда Қазақстандағы ауыл шаруашылығын ұжымдастыру: мақсаты, барысы, салдары жайында жазылған.

Үшінші тарауда Қазақстан индустрияландыру кезеңіндегі жағдайы жайында. Атап айтатын болсақ, бұл тарауда индустрияландыру мен сол жылдары атқарылған жұмыстар жайында және солардың нәтижесі баяндалады.

Зерттеу жұмысының нәтижелері қорытындыда айқындалады.

1 КЕҢЕС ӨКІМЕТІНІҢ ҚАЗАҚСТАНДЫ ӘЛЕУМЕТТІК-ЭКОНОМИКАЛЫҚ ЖӘНЕ САЯСИ ЖАҢҒЫРТУЫ

1. 1 «Әскери коммунизм» және ашаршылық

Азамат соғысы біршама қиындықтармен аяқталуына байланысты үкімет «Әскери коммунизм» саясатын енгізген еді. Оның мақсаты: Кеңес мемлекетін сыртқы интервенттер мен ішкі жаудан қорғау, елде қатал еңбек тәртібін орнату және Қызыл армияны азық-түлікпен қамтамасыз ету болатын. Сонымен қатар азық-түлік салығы енгізілген болатын. Елдегі байлар мен қарапайым халықтың астығын еш қайтарымсыз алған еді. Халықтың азық-түлігін тәркілеп алуына байланысты, бұхара халық жазықсыздан жазықсыз жапар шеккен еді. Осының салдарынан елді түгелге жуық аштық биледі. Халықтың біраз бөлігі аштан өлді.

Ленин социалистік революцияның стратегиялық мақсатын «бүкіл өндіріс құрал-жабдықтарын халық игілігіне берумен» байланыстырды. Ф. Энгельс өндіріс құралдарының нақты иесін атап көрсеткен еді. «Пролетариаттың билікті басып алуымен, - деп жазды ол, - бәрінен бұрын өндіріс құралы мемлекеттік меншікке айналды» [3] .

Қазақстанда 300-ден астам өнеркәсіп орны мемлекет меншігіне берілді. Олардың қатарында Спасск мыс балқыту және Шымкент дермене зауыттары, Қырғыз тау-кен өнеркәсібі акционерлік қоғамының қорғасын-мырыш зауыты, Риддер кеніші кәсіпорындары, Екібастұз және Байқоңыр көмір кені орындары, Ембі мұнай кәсіпшіліктері бар.

Ленин Қазан революциясы қарсаңында: «Буржуйлардан тартып алынған өндірісі құрал-жабдықтарына бүкілхалықтық демократиялық басқаруды ұйымдастырмайынша капитализмді тізе бүктіру мүмкін емес . . . » - деген болатын. «Бүкілхалықтық басшылықты» жүзеге асыру мақсатында жұмысшы бақылауы енгізілді, ал елдің экономикасын жоспарлы түрде басқару, оның халық шаруашылығы мен қаржысын бір орталықтан ұйымдастыру үшін кең өкілетті директивалық орган - Халық шаруашылығы Жоғарғы Кеңесі құрылды. Демек, үш басымдық - мемлекет меншігіне алу, орталықтандыру және директивалық жоспарлау экономикалық саясатта мемлекет бағдарын дәл айқындайтын болды [4] .

Алайда көп ұзамай мұндай идеология өнеркәсіптің қирауына әкеліп соқтырды. Соңғысы бюджетке түсетін салық түсімдерінің ең маңызды көздерінің бірі болып табылатындықтан, ондағы орасан зор тапшылықты тек станокта басып шығару арқылы ғана жабуға болатын еді.

Өнеркәсіп пен қаржы саласындағы күйзелісті жағдайды 1918 жылдың көктемі мен жазындағы аса ауыр азық-түлік тапшылығын, сондай-ақ енді басталған Азамат соғысын алға тартып, большевиктер ақталуға, тіпті өздері қалаған тауарсыз утопиясын жүзеге асыру жөніндегі экспериментін барынша ұтымды түсіндіруге тырысты. Ол бойынша коммунистік өндіріспен бөлу деп аталатын принципке тікелей көшу жағдайы қарастырылды. Мұндай саясат «әскери коммунизм» деп аталды. Осы идеологияның ауқымында нарық пен тауар-ақша қатынастарын толықтай тұншықтырумен қатар экономикалық институттар мен ынталандыру тетіктерін экономикадан тыс директивалық-бөлу жүйесімен ауыстыру, өндіріс пен бөлуді орталықтандыру көзделінген болатын. Қарапайым тілмен айтқанда, мұның өзі экономикалық өмірді толықтай билік қыспағында ұстауды, оның барлық саласына бірдей қатаң мемлекеттік бақылау орнатуды, социалистік теңгермешілік әдістің енгізілуін білдіреді.

Мұндай саясат экономикалық организмді сауықтыруға тіптен де ықпал ете алған жоқ, еңбек тиімділігін көтеруге емес, қайта оны құлдыратуға жеткізді, онсыз да соғыс жылдарының ауыртпалығымен күйі қашқан өндірісті онан әрі аздырып-тоздырды. 1920 жылғы өнеркәсіп санағының деректері бойынша Қазақстанда 891 кәсіпорын жұмыс істемеді, жұмысшылардың жылдық саны 1913 жылғы 20 мыңнан 1920 жылы 8 мыңға дейін азайды [5] .

Ауыл шаруашылығында «әскери коммунизм» саясатының жиынтық бейнесі ауыл шаруашылығы өнімдерін дайындаудың салғырттық жүйесі түрінде көрініс тапты. Азық-түлік салғырты жөніндегі большевиктік науқанды селолық кедейлер комитеттері (кедейлер комитеттерінің саны Қазақстанда онша көп болған жоқ) мен шаруалар өндірген өнімдерді (ең бастысы, астықты) «революция пайдасына» күштеп жинап алатын қарулы жұмысшылар отрядтары жүргізді.

Астыққа мемлекеттік монополия мен салғырт ісі Қазақстанда 1920 жылдан бастап кең көлемде жүзеге асырылды. Осы жылдың басында салғырт (ет салымы) әдісі мал шаруашылығында да кеңінен қолданыла бастады. Мәселен, 1921 жылы Батыс Қазақстанның Орал және Бөкей губернияларында салғыртқа қатысты азық-түлік дайындау органдарының шаруалардың қолындағы малын тартып алуы 120 және 112%-ды құрады. Бұл жоғарғы көрсеткіш партия органдарының осы фактілер туралы берген есептерінде айтылғандай, тіпті де «малшылардың революциялық құштарлығымен» емес, «пролетариат өкілдерінің» революциялық қыспағымен түсіндіріледі.

Егін өсіретін шаруашылықтардан астық бір дән де қалдырмастан түгелімен тәркіленді. 1920 жылы мамыр айының ортасында азық-түлік диктатурасын орнату, яғни ауыл шаруашылығы өнімдерін дайындау мен оны бөлуге мемлекет монополиясын орнату туралы жасырын партиялық нұсқау алды. Шаруаның көктемгі тұқым себу науқаны аяқталысымен, Ресей Кеңестік Федеративтік Социалистік Республикасы өкіметі декрет шығарды (1920 жылғы 20 маусымда), сол декретке сәйкес Сібірдің және Қазақстанның соған шектес аумақтарындағы астық өсірушілері әскери тәртіппен астық бастыруға және артық астықтарының барлығын тапсыруға міндеттелді [6] .

Осы нұсқау бойынша 1920-1921 жылдардағы азық-түлік дайындау науқанында Сібірдегі аудандардан 110 миллион пұт көлемінде азықтық жем алынды, оның 35 миллион пұты, яғни үштен бірінен астамы Қазақстанның солтүстік‑шығыс аудандарының мойнына түскен еді. Және бұл 1920 жылғы астықтың өнімділігі айтарлықтай төмен болған кезде жүзеге асырылды.

«Әскери бұйрықты» орындауға Халық Комиссарлары Кеңесі Кәсіподақтардың Бүкілодақтық Орталық Кеңесіне қарасты Әскери азық-түлік бюросының 6 мың азық-түлік отрядтарын, 9, 3 мың азық-түлік дайындау армияшыларын, Орталық Ресейдің, Мәскеудің, Петроградтың, өнеркәсіпті Оралдың ашыққан губернияларының 20 мың жұмысшылар мен шаруаларды жіберді. Сонымен бірге «пролетариат өкілдеріне» мынадай нұсқау берілді: «Артық астығы бар және оны астық құю пунктеріне тасып апармаған барлық адамдар халық жаулары деп жарияланып, Революциялық сотқа берілсін және кемінде 10 жыл түрмеге отырғызылсын, бүкіл мүлкі тәркіленіп, қоғамнан біржолата қуылсын . . . » (В. И. Ленин) [7] .

Батыс Қазақстанда да ақылға сыймайтын тапсырмалар белгіленді. Астық шығып жарытпаған Орал губерниясында 1920 жылы салғырт бойынша 1, 5 млн пұт астық тартып алынды, соның салдарынан мұнда азық-түлік тұтыну тапшылығы 2-2, 5 миллион пұтқа жеткен болатын. Қазақстанның барлық аймағындағы жағдай осындай еді. Елдің әр түрлі өңірлеріндегі азық-түлік жағдайы туралы жазбасында Лениннің Қазақстанға сілтеме жасай отырып: «Астық шаруалардан түгелімен сыпырылып алынды. Түк қалған жоқ . . . » деуі тегін емес. Рас бұл арада . . . көсем сұрақ белгісін қояды, шамасы күдіктеніп, мүмкін ұраларды тағы бір сүзіп шығуға болмас па екен деді ме екен [8] ?

Соғыс жылдарының салдары, осы кезге тап келген табиғат ауыртпалығы және ұтымсыз экономикалық саясат ауыл шаруашылығында жаппай сипаттағы қирап, құлдару үрдісін тудырды. Егіс алқабы 1914 жыл мен 1922 жыл аралығында 2 еседен астамға (3, 6 миллион десятинадан 1, 6 десятинаға дейін) қысқарды, астықтың жалпы өнімі 3 еседен астам азайды.

1 кесте - 1920 жылдың күзіндегі мемлекеттік және нарықтық баға

Тауар түрі
Мемлекеттік баға, пұт/сом
Нарықтық баға, пұт/сом
№:

1

2

3

4

5

6

7

8

Тауар түрі:

Картоп

Ұн

Орамжапырақ (капуста)

Ет

Күріш

Шөп

Үйрек (саны)

Қаз (саны)

Мемлекеттік баға, пұт/сом:

60-80

-

-

400

360

86

-

-

Нарықтық баға, пұт/сом:

800

1200

4000-5000

400-600

4000

-

700-800

1000-1200

Ескерту - [Сборник статистических сведений о движении населения, скота и урожаев по КССР с 1880 по 1922 гг // - Оренбург: Оренполигр, №5, 1925. - С. 68-69]

Мал шаруашылығы саласы да өте ауыр жағдайда қалды. 1914 жылдан 1922 жылға дейін ірі қара малдың саны 2, 1 млн басқа, жылқы 2 млн басқа, қой-ешкі 6, 5 млн басқа дерлік және түйе 300 экономикалық салдары күйзеліске ұшыраған Батыс Қазақстан (Орынбор губерниясы, Ақтөбе облысы, Бөкей Ордасы) өңірі мен Ақмола облысының бір бөлігін де апатты азық-түлік жағдайына әкеп соқтырды. Бұл өңірлерде егіс алқабы 1917 жыл мен 1921 жыл аралығында 55%-ға дейін қысқарды (бір шаруашылықта орта есеппен 5, 5 десятинадан 2, 7 десятинаға дейін) . Өңірде азық-түлік тұтыну тапшылығы 10, 7 миллион пұт құрады. 1, 4 миллион адам аштықтан қырылу шегіне жетті [9] .

Аш адамдарға көмек көрсетудің қолға алынуына қарамастан (тек америкалық көмек ұйымының өзі Батыс Қазақстанда көптеген адамдарды, ең алдымен балаларды құтқарып алды, оларға асханалар мен жүрек жалғайтын пунктер ашты) осындай төбе құйқанды шымырлататын апаттан мыңдаған, тіпті он мыңдаған адам құтыла алмады [10] .

Мемлекеттің күштеу саясаты ауылдар мен деревняларда наразылықты одан әрі өршітті. Тұтас алғанда кейбір жағдайларда билік орындары жүргізген әкімшілік террорға өштесу, ашық бүлікке және шаруалар тарапынан қарулы қарсылыққа ұласқан болатын. 1920 жылы Қазақстанның көптеген өңірлерінде «Коммунистерсіз кеңестер үшін», «Азық-түлік салғырты жойылсын!», «Коммунистік азық-түлік диктатурасы жойылсын!» деп ұран тастаған көтерілісшілер шеруі бұрқ етті. Көтеріліске шыққан шаруалар мұнда отрядтар мен «көтерілісшілер армияларын» құрды. 1920 жылы Семей облысы мен Павлодар уезінде большевиктерге ірі қарсы наразылықтар мен шерулер ұйымдастырылып, олар 10 мың адамдық «Көтерілісші халық армиясы» бақылауында болды. 1921 жылғы ақпанда «Сібір шаруалары одағы» бастаған көтеріліс Батыс Сібір өңірі мен Солтүстік Қазақстан аудандарын қамтыды: оған қатысушылар саны 30 мың адамға жетті. Көтерілісшілер уақытша болса да Петропавл және Көкшетау қалаларын басып алды. Қостанай губерниясы аумағында сан жағынан айтарлықтай қомақты «Шаруалардың жасыл армиясы» әрекет етті, бұрыңғы Ресейдің қызылшпуалар армиясы дивизиясының командирі А. Сапожков басқарған, өздерін «Әділетті қызыл армия» деп атаған қарулы отрядтар Батыс Қазақстанда бүлік шығарды. Аштықтан-ашық бас көтеріп, шаруалардың қарулы қарсылығына ұласқан наразылықтар Қазақстанның басқа губернияларына да таралды.

Осы қимылдардың бәрін билік аяусыз қанға бояп басты және кейін Бүкілодақтық Төтенше жағдайлар жөніндегі комиссияның өз есептерінде ол банды-кулактардың әрекеті ретінде бағаланды. Осыған орай, атап өткен жөн, шынында да көтерілісшілермен айқын қылмысты элементтердің де ауыз жаласқаны жиі кездесті, сондай-ақ бірқатар жағдайларда өзінің стихиялы бүліктік сипаты бойынша тұйыққа тіреліп, адамдарды әбден ашу-ызаға булықтырған шаруалар қарсылығы мүлдем ақтауға болмайтын қатыгез әрекеттерге ұласты. Дегенмен мынаны да мойындау керек: көтерілістердің әлеуметтік негізгі жаппай сипатта және шаруаларға ғана тән болды, ал оның себебі ауылдың тауар өндірушілерін барып тұрған қаталдықпен кемсіткен «әскери коммунизм» саясатына деген ащы наразылықта еді.

«Азық-түлік майданың» ашып және оны орындауға қарулы «азық-түлік армиясын» аттандыра отырып, Кеңес үкіметі шағын азаматтық соғыспен құтылды, осылайша әскери жағынан ұтқанмен, саяси жағынан ұтылды.

Сөйтіп, 20-жылдардың басында Қазақстанда қалыптасқан жағдай елді қамтыған экономикалық және саяси дағдарыстың жалпы бейнесін ашып көрсетті. Бұл арада да, барлық жердегі сияқты экономикалық қатынастарды қалпына келтіру, жаңа шаруашылық саясатына көшу қажеттігі айқын көрінді. Оның үстіне большевиктер «әскери коммунизм» саясаты уақытша, азаматтық соғыс жағдайында амалсыз жүргізілген саясат деп үнемі сендіргенмен, ол аяқталғаннан кейін де «тікелей таза социалистік формаға көшу, таза социалистік теңгермешілік» бағытын одан әрі жалғастыра берді.

Бұдан баяғы сол экономиканы өктемдікпен мемлекет билігіне алу және оның барлық буындарына, өзінің мән бойынша милитарландырылған басқару әдісін қолдану саясаты айқын көрінеді.

Ірі және орташа өнеркәсіпті барынша «қоғамдастырумен» шектеліп қоймай, Бүкілодақтық халық шаруашылығы кеңесі 1920 жылдың аяғында, ұсақ қолөнер шеберханаларын қоса алғанда, шағын өнеркәсіп орындарын (жұмысшыларының саны 10-нан немесе 5-тен асатын, бірақ механикалық двигателі бар) мемлекет меншігіне алуды жүзеге асыру үшін қатаң мерзім (бір ай ішінде) көрсетілген нұсқау шығарды. Іле-шала әлі қаз тұрып үлгермеген шағын кәсіпкерлік үшін нақ төбеден ұрғандай осы нұсқау «соғыстағыдай тездікпен, соғыстағыдай жігермен, соғыстағыдай тәртіпен» (Лениннің сөзімен айтқанда) жүзеге асырыла бастады.

Экономикадан тыс директивалы-бөлу жүйесін кеңейтуге 1920 жылдың соңы мен 1921 жылдың басында Кеңес өкіметі шығарған коммуналдық (пәтерге, электр жарығына және тағы басқалары) қызмет көрсету төлемдерінің күшін жою туралы, халыққа тамақты және көпшілік қолды тауарларды тегін беру туралы декреттер де «қызмет етті».

Еңбекке ынталандыру ретінде ақшалай жалақы емес, оның орнына коммуналдық қызмет, транспорт, киім, аяқ киім, азық-түлік тағы басқалар үшін карточкалық «паек» беріле бастады. Еңбектің денеге күш түсіретін ауыртпалығы бойынша оның нормасы, бұл ретте оның шекті мөлшері жіктелместен, үш салмаққа бөлінді. Осыған жатқызылған, мысалы, паекпен жабдықтаудың 3-санатындағылар, олар жұмысты саналы түрде атқарды ма, кәсіби шеберлігі жоғары ма, жоқ әлде керісінше ме, оған қарамастан «көшке ергеннің баршасы» бірдей сыйлық алған болатын, яғни еңбек өнімділігіне ынталандырылмады, олардың көрсеткіштері «теңдестірілген» мәнде ескерусіз қалды.

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Кеңес өкіметінің қазақ шаруаларын отырықшыландыруға байланысты мемлекеттік саясатын талдау
Аграрлық саясаттың шынайы ақиқаты
Қазақ шаруаларын отырықшылыққа көшірудегі мемлекет саясаты (ХХ ғ. 20-30-шы жж.)
Көшпелі және жартылай көшпелі қазақ шаруаларын отырықшыландыру
Қазақ даласындағы 1920-1930 жылдар арасындағы өзгерістер
Қазақстандағы ауыл шаруашылығын күшпен ұйымдастырудың тарихнамасы
Қазақ шаруаларын күштеп отырықшыландырудың салдары
Көшпелі қазақ шаруаларының жаппай отырықшылыққа көшуі
Дәстүрлі қазақ шаруашылығын күшпен күйрету науқандары
Ұжымдастыру (коллективтендіру) қарсаңындағы қазақ ауылы
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz