ПЕДАГОГИКАНЫҢ ӘДІСНАМАЛЫҚ ҚОРЫ



Жұмыс түрі:  Дипломдық жұмыс
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 67 бет
Таңдаулыға:   
2-ТАРАУ. ПЕДАГОГИКАНЫҢ ӘДІСНАМАЛЫҚ ҚОРЫ

2.1. Педагогика әдіснамасының мәнін зерделеу ұстанымдары

Әдіснаманы, көптеген ғалымдар, танымның жалпы әдістері туралы ілім,
қоғамдық өмірді зерделеудің диалектикалық-материалистік ұстанымдары мен
тәсілдеріне негізделген идеялар жиынтығы деп анықтайды. 90-жылдарға дейін
кеңестік ғалымдар өз зерттеулерінде ресми қоғамдық-ғылыми теория болып
табылатын марксизм-ленинизм әдіснамасын басшылыққа алған болатын.
Әдіснаманың мемлекеттік идеологияға тікелей бағынышты болуына байланысты,
зерттеулер түрлі салаларындағы партиялық-мемлекеттік саясат жетістіктерін
насихаттау бағытында жүргізілді. Дегенмен, қайта құрудың соңғы кездерінде
ғылыми еңбектерде партиялық ұстаныммен қатар, тарихилық және объективтілік
ұстанымы жиі қолданыла бастады. ХХ ғасырдың 80-90 жылдары маркстік-лениндік
әдіснамадан ғылыми зерттеудің көп түрлі әдістері мен тәсілдерін қолдануға
көшу байқалды.
1990-жылдары біздің елімізде болған әлеуметтік-экономикалық қайта
құрулар ғылыми зерттеулер әдіснамасының өзгеруіне әкелді. Жаңа қоғамдық-
экономикалық жағдаяттың пайда болуы еліміздің тарихи өткен жолында
қалыптасқан ұғымдарды, тұжырымдамалар мен тұғырларды қайта бағалаумен қатар
жүрді. Осы жылдары ғылымдағы өткір дағдарыстың көрінісі қоғамтанудағы
бұрынғы әдіснамалық ұстанымдарды жаппай сынға ұшырату болды. Оның ішінде,
жаңа қоғамдық құрылысты бастап алып жүретін күрделі үдерісті зерттегенде
диалектика ұстанымы да одан тыс қалған жоқ. Қазіргі уақытта, ғалымдардың
пайымдауынша, алынып тасталған әдіснаманың орнына жаңа әдіснама орныққан
да, жасалған да жоқ. Қазіргі зерттеулер түрлі теориялық және дүниетанымдық
бағдарларды басшылыққа алады.
Педагогика әдіснамасының қалыптасу үдерісін талдап қорыту, оны
түсінудің белгілі ұстанымдарын біріктіретін ортақ белгіні анықтауға және
олардың айырмашылықтарын белгілеуге мүмкіндік береді. Мұны талдауда Ю.К.
Бабанский, В.И. Загвязинский, Б.С. Гершунский, В.Е. Гмурман, В.В.
Краевский, М.Н. Скаткин және басқалардың әдіснамалық еңбектеріне сүйенеді.
Айталық, ғалымдар педагогика әдіснамасы мәселелерін шешу
философиялық және ғылымтану әдебиеттерінде түрліше түсіндіріледі деп
пайымдады. Бір авторлар әдіснаманы – әдістер туралы ғылым, басқалары -
философиялық үдерістер қолданылатын сала, үшінші біреулер - әдіснама тек
жалпы емес, сонымен қатар, нақтылы (басқа терминология бойынша – арнаулы)
зерттеу әдістерін жинақтауға арналған деп түсіндіреді. Аталған қарама-қарсы
көзқарастар әдіснамалық мәселелердің өрісін не қисынсыз тарылтады, не
ұлғайтып жіберетіні белгілі. Педагогика әдіснамасының мәнін ашып көрсету
бағытындағы алғашқы тұғырлардың бірі гносеологиялық деп аталады. Бұл атау
педагогикалық әдіснама ұғымына туыстас әдіснама ұғымы ғылыми әдебиетте
гносеология немесе таным теориясы ұғымдарына жақындығымен сипатталады.
Аталмыш тұғырды жақтаушылар педагогика әдіснамасының бір бағыты
– педагогикалық болмысты танып-білу әдістеріне немесе педагогикалық
объектілерді тану үдерісінің өзі туралы ғылымға баса мән береді. Бұл ретте,
педагогикалық болмысты тану және түсіндіру әдістерін толықтыру, жаңартудың
факторлары мен бастаулары, сондай-ақ, педагогикалық болмысты қайта құру
әдістері туралы ғылым ұзақ уақыт назардан тыс қалып келді. Педагогикалық
әдіснаманы бұлайша түсінуге сәйкес, белгілі отандық әдістемеші М.А. Данилов
былай деп жазды: Педагогика әдіснамасы – дамушы қоғам жағдайында үздіксіз
өзгерістегі педагогикалық болмысты дәл сипаттап көрсететін ғылымды
қалыптастырудың қағидалары, тұғырлары және тәсілдері туралы педагогикалық
теорияның бастапқы ережесі, негізі және құрылымы туралы білімдердің жүйесі
болып табылады.
Педагогика әдіснамасын гносеологиялық мектептің (И.С. Ладенко) дербес
ғылыми пәні ретінде ресімдеу:
- педагогикалық болмыс объектілерін талдау және оларды дамытудың
шарттарын іздеуде қайшылықтар теориясына сүйенді;
- зерттеуші - педагогтардың ғылыми - педагогикалық ойлаудың проблемалық
сипатына басымдық пен бағдар ұстануына және ғылыми - педагогикалық
ізденудің логикалық негіздерін іздеумен байланысты болды.
Әдіснамалық ізденудің осы бағытына тән педагогикалық әдіснаманың тек
гносеология ғана емес, сонымен қатар, онтологияның қызметін қатар атқаратын
таным кеңістігінің әрекеті жүйесін ерекшелеу, шындығында, нақтыланған
болатын. Жекелей алғанда, бұл ғылыми-педагогикалық фактілерді сипаттап,
педагогикалық объектілердің мәнін ашатын, олардың бұдан әрі өзгеруі мен
дамуының табиғаты мен шарттарын түсіндіретін сала ретінде педагогика
ғылымының пәнінің түсіндіруінде қарастырылады.
Қаралып отырған кезеңнің ғалым-педагогтар қауымдастығы жасаған
педагогика саласына диалектикалық ғылымның пәндік үлгісінің сызбасы
педагогикалық объектілердің бірқатар сипаттамаларын түрлі жүйелерге
біріктіруге және педагогикалық болмыстың алуан түрлілігін бейнелейтін
педагогикалық зерттеушілердің сан қырлы болғанымен бірегей кең әдіснамалық
стратегиясының қажеттілігін негіздеуге мүмкіндік береді. Аталмыш факті
әдіснамашылардың педагогикалық әдіснаманы қалыптастырудың бірінші сатысының
өзінде жүйелеуші тұғыр идеясы тірегінің көрсеткіші болып табылады.
Педагогика әдіснамасы пәнін дамытудың гносеологиялық парадигмасы
аясында іргелі және теориялық педагогикалық білім алудың логикалық моделін
жасау, оны талдау мен бағалаудың тиімді құралдары - диалектикалық логиканы
тірек ете отырып, педагогикалық болмысты танудың күрделі үдерісінде
анықталды. Педагогиканың әдіснамалық мәселелері саласында таным теориясын
дамытудың арқасында ғана педагогикалық болмысты танудың табиғаты мен
логикасын және әдістерін, көптеген педагогикалық құбылыстар мен
үдерістердің мәндік сипаттамаларын анықтау және түсіндірудің тәсілдерін
айқындай отырып, гносеологиялық тұғырды дамытты. Нәтижесінде, педагогиканың
әдіснамалық қолданысына педагогтің зерттеу мәселесін алға қоюы мен оның
нәтижелерін бағалауға дейінгі ойлау үдерісін қамтитын және ашып көрсететін
педагогикалық зерттеулерді ұйымдастыру логикасын жан-жақты түсіну ұғымы
енді. Белсенді даму үстіндегі педагогика әдіснамасы аясындағы
гносеологиялық тұғырмен қатар, педагогика ғылымы, оның объектісі мен пәні
шегінен тыс өмір сүретін философиялық ережелер жүйесі қаралған тағы бір
ұстаным анықталды.
Педагогика ғылымын дамыту әдіснамасы ретінде, философиялық деп
аталатын екінші тұғырдың авторлары, түрлі педагогикалық құбылыстар мен
үдерістерді тануға және зерттеуге қолданылатын диалектиканың заңдарын,
философиялық идеяларын қарастырады. Екінші ұстанымның жақтаушылары
педагогика әдіснамасының бастапқы ережелері мен қағидалары, түсініктердің
мәні мен жүйесі, ең алдымен, философиялық тұғырнамамен анықталады және
аталмыш ғылыми білім саласының құрамдас бөлігі болып табылмайды деп
тұжырымдайды. Тарихи талдауда аталмыш бағыттың өкілдері педагогика
әдіснамасының ғылыми-педагогикалық білімнің дербес саласы ретінде даму
мүмкіндігін жоққа шығарғанын атап өту маңызды.
Философия мен педагогика әдіснамасын теңдестіру педагогтар ғана емес,
бірқатар философтар тарапынан қарсылық туғызды. Белгілі философтар және
педагогтар (П.В. Копнин, В.Н. Садовский, В.А. Лекторский, Э.Г. Юдин,
М.Н. Скаткин, Ю.К. Бабанский, В.В. Краевский, Г.П. Щедровицкий және
т.б.) бұл ғылым салаларының шекарасын анықтау философиялық мәселелердің
шектен тыс ұлғаймауына мүмкіндік беретінін атап көрсетті. Бұл ретте,
философия нақтылы білімнің арнаулы саласына жататындықтан, педагогика
ғылымының әдіснамалық мәселелері есебінен теориялық ғылымтануға айнала
алмайды. Философиялық талдау педагогикалық талдаумен қатар қолданыла алады,
бірақ оның орнына қолданылмауға тиіс.
Педагогика тарихының бүкіл кеңестік кезеңінде ұзақ уақыт бойы маркстік-
лениндік әдіснама педагогика ғылымының оның практикасымен байланысты түрде
табиғаты мен дамуын объективті түрде және жан-жақты түсіндіретін бірден-бір
дұрыс ілім ретінде саналды. Марксистік-лениндік әдіснамаға педагогтар ең
алдымен педагогикалық болмысты дамыту жолдарын тану, түсіндіру және
бағдарлауда басшылыққа алынатын идеологиялық бағдардың жиынтығы ретінде
қарады. Осыған байланысты, педагогика әдіснамасын дамыту тарихында
Ресейдегі кеңес кезеңіндегі педагогика ғылымы мен практиканың өзін дамытуға
елеулі ықпал еткен үшінші идеологиялық тұғыр болғанын айтуға болады.
Кеңес дәуірінен кейінгі кезеңде 2001 жылғы әдіснамалық семинардың
ғылыми мақалалары жинағының алғы сөзінде В.В Краевский былай деп жазды:
ұсынылған тұғырлардың қалыптан тыс, пікірлердің әралуандығымен бірге,
өткен уақыттарда баршаға міндетті идеологиясыз елестету мүмкін емес
әдіснама енді мүмкін болды. Осылайша әдіснаманың өз алдына өмір сүруге
құқығы туралы ертеректе туындаған ой қолдау тапты.
Ғылым әдіснамасы мәселелерін басты назарға алған белгілі философтар
(М.Г. Ярошевский, А.Г. Спиркин, т.б) әдіснаманы жеке ғылым және оның даму
құралдарын ғылыми қызметтің құрылымы, пішіні мен тәсілдері және үлгісі
жөніндегі қағидалар ретінде қарастыру қажеттігіне барынша ден қойды. Осының
арқасында философия аясында әдіснама туындап, белсенді түрде дамыды, ал
қазіргі кезеңде ғылым дамуының тарихы өрістеу үстінде. Осының ықпалымен
педагогиканың әдіснамасын түсінуге деген көзқарас біртіндеп өзгеріп,
гносеологиялық, философиялық және педагогикалық тұғырлар барған сайын жиі
сынға ұшырай бастады.
Нәтижесінде, төртінші тұғыр – ғылымтану болып анықталды, ол
әдіснамалық, тарихи және теориялық ілімдерді ажырататын және біріктіретін
ғылыми-педагогикалық білімдердің құрылымдарын жаңартып, педагогтардың
әдіснамалық зерттеулерінің пәндік өрісі шекарасын анықтайтын, педагогика
әдіснамасын ғылымтану құрылымындағы ғылыми білімдердің айрықша саласы
ретінде түсіндірумен екрекшеленеді. Бұл тұғырдың ұстанымы бойынша
педагогика әдіснамасы өз аясында ғылыми жүйе ретінде педагогика ғылымын
дамыту қағидаларының, құралдарының, әдістері мен үлгілерінің
ерекшеліктерін, объектісі жүйе ретінде педагогика ғылымы және оның даму
үдерісі болып табылатын, табиғаты жағынан ғылыми зерттеудің әдіснамалық
рәсімдері мен жеке әдістерін зерттеп, айқындайтын ғылыми сала болып
табылады.
Баяндалған идея мазмұнында педагогика әдіснамасына білім жүйесі
сондай- ақ, осындай білім алу және арнаулы-ғылыми педагогикалық
зерттеулерді әдіснамалық қамтамасыз ету бойынша қызмет жүйесі ретінде
педагогика әдіснамасына неғұрлым жалпы анықтама беріледі және әрі қарай
мазмұны толығады. Мысалы, педагогика әдіснамасы мағынасында педагогикалық
болмысты бейнелейтін білім алудың қағидалары, тұғырлары және тәсілдері
туралы, педагогикалық теорияның негіздемелері мен құрылымы туралы білімдер
жүйесі, сондай- ақ, осындай білімдерді алу және бағдарламаларды, зерттеу
логикасы мен әдістерін негіздеу, зерттеу жұмыстарының сапасын бағалау
жөніндегі әрекет жүйесі түсініледі.
Философиялық және педагогикалық білімдерді дамыту үдерісінде осы
заманғы философтар мен педагогтар педагогика әдіснамасының объектісі мен
пәні аясында педагогтардың жобалау, қайта құру қызметінің әдістемесі мен
ғылыми- танымдық әдіснамасы ажырата бастады. Осыдан барып танымдық және
қолданбалы деп айтылуы мүмкін педагогика ғылымы жүйесінде салыстырмалы
түрде ерекшеленген қос кіші жүйені құру идеясы пайда болды. Біріншісі
шығарда ғылыми теориялар түрінде білімдер-бейнелеулерді береді. Алайда,
оларды алу үшін ғылыми танымның әдісі пайдаланылады, оның құрылуы және
қызмет етуі ғылыми танымның әдіснамасына, сондай-ақ, танымдық кіші
жүйесінің құрамына кіретін ғылымдар рефлекстеледі.
Екіншісі, шындығында, қолданбалы ғылыми-педагогикалық білімді –
педагогикалық практиканы қайта құру әдісін береді. Алайда, оларды алу үшін
практиканы қайта құру әдістерін әзірлеуде шешілетін арнаулы аралық тапсырма
болып табылатын ерекше білімдер-бейнелеулер қажет. Бұл білімдерді алу
үдерістері қолданбалы зерттеулер деп аталынуы мүмкін. Олар ғылымның
қолданбалы кіші жүйесінің ішкі аралық буынын құрайды.
Педагогикалық болмысты қайта құру әдістерін дамыту және іске асыру
педагогикалық әдіснаманың басқа саласына - педагогикалық әдіснаманың
құрамына кіретін және кейде практикалық әдіснама немесе педагогикалық
жобалау әдіснамасы деп аталатын педагогикалық болмысты дамыту әдіснамасына
сүйенеді.
В.С. Шубинский сол кезде педагогика әдіснамасы пәні педагогикалық
білімді және педагогика саласындағы таным үдерісін оқып-үйрену болып
табылатынын айтқан еді. Ал бұл әдіснаманы практикадан қол үзуіне мүмкіндік
туғызады, оған басқа міндетті – практикаға да, теорияға да, қатысы бар
шығармашылық – қайта құрушы міндетін орындауына кедергі келтіретінін атап
көрсеткен болатын. Сондықтан, педагогика әдіснамасының дамуы оның
пікірінше, тек қана таным әдістерін ғана емес, әдіснамалық білімнің қайта
құрушы рөлін ашатын педагогикалық болмысты қайта құру әдістерін әзірлеумен
байланысты.
Педагогика әдіснамасының практикалық бағыттылығы, оның педагогикалық
жаңашылдық практикасын дамытудағы елеулі алға басушылығына қатысты қайта
құрушы қызметі мәселесі баспасөзде 1980-1990 бастап жылдардан жиі талқылана
бастады.Бұл ретте, педагогика ғылымын дамыту мен педагогикалық практиканы
дамыту әдіснамасын бөліп қарау мәселелері және олардың арақатынасын іздеу
мына бағыттарда анықталды.
Бірінші бағыт зерттеушілердің педагогика әдіснамасының қандай
болмасын практикалық бағыттылығын жоққа шығаруды білдіреді. Бұл бағыт
өкілдері педагогика әдіснамасы жүйесін былайша жіктеді:
-педагогикалық болмыс объектілерін тану табиғатын және ерекшелігін
бейнелейтін білімдерді алудың қағидалары, тұғырлары және тәсілдері туралы
педагогика ғылымының негізі мен құрылымы туралы білімдер;
-басым түрде танымдық үдерістер ретінде арнаулы – ғылыми-педагогикалық
зерттеулерді әдіснамалық қамтамасыз ету қызметі.
Аталмыш жағдайда әдіснама объектісі болып тек педагогика ғылымы және
педагогтардың ғылыми-танымдық қызметі танылды. Мысалы, В.И. Загвязинский
педагогика әдіснамасын анықтауда оны ғылыми-педагогикалық зерттеудің
бастапқы ережесі, құрылымы, үлгісі мен әдістері туралы ғылым ретінде
түсіндіреді. Педагогикалық әдіснама және педагогика әдіснамасы
терминдері тек педагогика ғылымының және педагогикалық зерттеулердің
әдіснамасы ретінде біржақты түсініледі.
Педагогикалық әдіснама термині мағынасы жағынан педагогика
әдіснамасы терминіне қарағанда кең. Бірінші термин педагогикалық
ғылымдарды дамыту, педагогикалық зерттеулер, педагогикалық болмыс
объектілерін қайта құру, педагогтардың және оқытушылардың ғылыми-танымдық
немесе ғылыми қайта құру қызметін бағалау әдіснамасын білдіреді.
Педагогика әдіснамасы термині екі қырында – педагогикалық әрекетті ғылыми
тану және педагогтардың ғылыми-зерттеу әрекетін әдіснамалық қамтамасыз ету
негіздерінің әдіснамасы ретінде іске асырылатын педагогика ғылымы
әдіснамасы ретінде түсініледі.
Бүгінгі таңда ғалымдар педагогика әдіснамасының практикалық
бағыттылығын мойындайды. Бұл ұстаным осы заманғы әдіснамалық сипаттағы
көптеген жұмыстардан көрініс тапқан. Педагогика әдіснамасы, бұл -
ғылымдардың жалпыға бірдей әдіснамасынан және білімнің қоғамдық даму жүйесі
бағыттарын зерттеуден, педагогикалық теория ережелерінен бастау алған
білімдер жүйесі және педагогикалық құбылыстарды қарастырудың тұғырлары мен
қағидалары, сондай-ақ, алған білімді тәрбиелеу, оқыту және білім беру
практикасына ендіру жолдары екенін атап көрсетеді.
Көптеген зерттеушілер ұсынған пайымдаулар осы уақытқа шейін толықтай
тұжырымдалмағандықтан қисынын таппай келеді – жай ғана ресми жария етіледі
немесе ғылыми жетістіктерді практикаға ендірумен байланыстырылып,
педагогика әдіснамасының практикалық–қайта құрушы қызметін тек осыдан
қөреді. Педагогика әдіснамасы педагогикалық теория мен практика саласындағы
әрекеттің құрылымы, логикалық ұйымдастырылуы, әдістері мен құралдары туралы
ғылымды қамтиды. Ғалымдар дәстүрлі түрде педагогика әдіснамасы термині
қолданылғанымен, ғылым мен практика әдіснамасының педагогикалық әдіснама
құрылымындағы ара қатысы туралы былай деп айтты: Педагогика әдіснамасы,
бұл - ол туралы теориялық және практикалық әрекеттің нормасы, қағидалары
мен білімдердің белгіленген жүйесі. Әдіснамалық білім тек қана
педагогикалық білімнін өзгеруі туралы, педагогикалық болмысты тану туралы –
оны алудың тәсілдері мен үдерістері туралы білім емес, сонымен қатар, (мұны
атап айту керек) тиісті педагогикалық объектіні қайта құрудың тәсілдері мен
құралдары, қағидалары мен логикасы туралы білім ретінде анықталып отыр.
Үшінші бағыт педагогика әдіснамасының танымдық-түсіндіруші және
жобалау-қайта құрушы ретіндегі заңдылығын нығайтумен сипатталады.
Педагогика әдіснамасы ғылыми нәтижелерді ендірумен ғана айналыспауға
тиіс, сонымен бірге, оның міндеттері аясына осындай үдерістерді ендіру
жолдарын, жалпы тұғырлары мен іске асыру қағидалары енеді.
Педагогика әдіснамасының практикалық міндеттерін ашуда басқа да
ұғымдар баршылық. Педагогика әдіснамасының практикалық бағыттылығы нақтылы
педагогикалық әрекеттің ғылыми негізделген технологиясын жасауға арналған
ережелерден тұрады – бұл нормативтік әдіснама. Бұл ереженің дамуы
әлеуметтік саладағы жаңа педагогикалық, ақпараттық және гуманитарлық
технологияларды жасаудың әдіснамасын іздеуде іске асады.
В.И. Журавлев педагогика әдіснамасын дамыту болашағының екі түрлі
үрдісін атап көрсетті. Олардың бірі – әдіснаманың ғылыми және практикалық
әрекеттің түрлі саласына неғұрлым кең ауқымда енуі, оны әрекетті тану мен
қайта құрудың құралы ретінде жалпы ғылыми қауымдастықтың тануы. Екіншісі –
неғұрлым жетілдірілген және өнімді, танымдық, пәндік–өндірістік қызметті
қамтамасыз ететін әдіснамалық рәсімдерді дамыту, кеңейту. Ғалымның
пікірінше, педагогикалық праксиологияның педагогика әдіснамасының нәтижелі
бөлігіне жақындауы туралы айтуға болады.
Педагогика әдіснамасының мазмұндық аспектісі педагогикалық болмыс
туралы әдіснамалық білімдердің табиғаты мен көлемін ашады, нормативтік
аспект - түрлі тұғырлар, қағидалар мен әдістерді білдіретін педагогикалық
болмыс объектілерін тану және қайта құрудағы әдіснамалық бағдарлардың
жиынтығы болып табылады.
Мағыналық аспект - педагогтің ғылыми-танымдық немесе ғылыми-жобалау
әрекетіне қайсыбір әдіснамалық бағдардағы орны және маңыздылығы.
Сонымен, XXI ғасыр басында педагогика әдіснамасын түсінуде түрлі
тұғырлардың бар екені анықталды, олардың ішінде гносеологиялық және
праксиологиялық тұғырлар жиынтығында педагогикалық болмысты тану және
қайта құрудың әдістері туралы ғылым ретінде әдіснама туралы жалпы
көзқарасы дұрыс және педагогикалық әдіснама мағынасында ережелер мен
ғылымтану тұғыры идеяларына сәйкес жалпы ұғымы нақтыланды. Бірақ дәл
ғылымтану тұрғысынан педагогика әдіснамасы құрылымында педагогика ғылымының
әдіснамасымен қатар, педагогикалық практиканы жобалау әдіснамасының құрылу
қажеттілігі туралы тұжырым пайда болды.

Сұрақтар мен тапсырмалар
1. Педагогика әдіснамасы мәнін анықтаудың гносеологиялық тұғырын қысқаша
сипаттаңыз.
2. Педагогика әдіснамасы мәнін анықтаудың философиялық, тұғырын қысқаша
сипаттаңыз.
3. Педагогика әдіснамасы мәнін анықтаудың ғылымтанулық тұғырын қысқаша
сипаттаңыз.
4. Педагогика әдіснамасы және педагогикалық әдіснама ұғымдарын
салыстырыңыз,
5. Педагогика әдіснамасының практикалық бағыттылығын негіздеңіз.

2.2. Педагогика әдіснамасының даму тарихы.

Педагогика әдіснамасы дамуындағы негізгі қарама-қайшылық -
педагогикалық шынайылық пен педагогика әдіснамасы арасындағы
сәйкессіздік. Бұл қарама-қайшылықты шешу үшін ғалымдар мынадай жолдарды
ұсынады: педагогикалық құбылыстардың дамуы заңдылығында көрініс табатын
зерттеу әдістерін құрастыру; педагогикалық шынайылықты қайта құру
әдістерін іздестіру және жүйелеу.
Педагогика әдіснамасының даму үдерістері былайша аталады: 1)
педагогика әдіснамасы пәнінің түсінігі мен мәнін тереңдету; 2) педагогика
әдіснамасының міндеті - педагогикалық ойлау, ғылыми шығармашылық стилін
диалектикалық дамыту мен педагогикалық сананы сақтау, қалыптастыру; 3)
заманауи зерттеушілердің үш негізгі әдіснамалық талапқа бағыттылығы.
Бірінші талап: кез келген педагогикалық зерттеуде зерттеу нысанасының
қарама-қайшылықтарына мән беру керек, анықталған қарама-қайшылықтан
зерттеу мәселесін құрастыру және оның шешімін сәйкессіздіктерді нақтылау
арқылы негіздеу. Екінші талап: кез келген педагогикалық мәселе тәрбиелік
және дидактикалық жүйенің интеграциясымен, педагогикалық білім мен
үрдістің бірлігін, жүйелілігін ескеру арқылы қойылуы керек және шешілуі
керек. Үшінші талап: кез келген педагогикалық зерттеу педагогикалық
шынайылықты, оның қайта өзгеруі мен эмпирикалық таным нәтижелерін немесе
әдістерін қолдануды қажет етеді.
В.С. Степиннің пайымдауынша, ғылым дамуы әдіснаманың сол кезеңге сай
сипаттамасы мен түрлерін анықтайды. Ғылым дамуының классикалық кезеңі
(XVII ғ. – ХХ ғ. басы) ғалымдардың нысана мәнін тану құралынсыз танымды
жүзеге асыруға болады деген сенімділігімен байланысты болды. Классикалық
емес кезең (ХХ ғ. басы және ХХ ғасырдың 60-жылдары) – нысананы зерттеу
нәтижесінде алынған білім таным құралына қатысты болатынын ғалымдар
басшылыққа алды. Неоклассикалық кезең немесе Классикалық еместен кейінгі
кезең (ХХ ғасырдың 60-жылдарынан бастап) нысананы зерттеуге бағытталған
пәндік-тәжірибелік іс-әрекет нәтижесінде алынған білім тек қана таным
құралына ғана емес, субъектінің дүниетанымына, құндылықтары мен
нормаларына да қатыстылығын түсіндірумен байланысты еді. Бұл соңғы
жылдардағы әдіснамалық зерттеулердің нәтижесі, ғылыми ізденісте осыны
басшылыққа алу керек болды.
В.В. Краевский педагогика әдіснамасының даму тарихын ғылым дамуының
кезеңдерімен сәйкестендіру мәселесін қарастырды. Ол М.А. Данилов ұсынған
педагогика әдіснамасының анықтамасы педагогика ғылымы дамуының
классикалық кезеңіне сәйкес келетінін көрсетті. Педагогика әдіснамасын
әдіснамалық іс-әрекет ретінде қарастыру ғылым дамуының классикалық емес
кезеңіне сай келеді (В.В. Краевский, 1977). Сондай-ақ, Е.В. Бережнованың
(2003 ж.) еңбегіндегі педагогика әдіснамасының мағынасы педагогиканың
дамуының неоклассикалық кезеңіне сәйкес деп пайымдады.
Педагогика әдіснамасының даму үрдісін, қисынын ашу және тарихын
зерттеуге ХІХ ғасыр соңы мен ХХ ғасыр бойындағы педагогика ғылымының даму
кезеңдерң негіз болды:
• педагогика ғылымы мен тәжірибесі негізіндегі ғылыми-педагогикалық
ізденістегі жаңа әдіснамалық бағыттар мен негіздердің пайда болу көздерін
ашу және айқындау;
• ғылыми қауымдастықта белгілі және мойындалған идеялар, тұжырымдамалар
немесе теорияларды дамыту әдістері мен тәсілдерін жүйелеу.
ХХ ғасырда және ХХІ ғасыр басында жеке ғылыми бағыт ретінде педагогика
әдіснамасы дамуының іргелі негіздері қаланды, ол:
-философия категорияларын айқындау арқылы: қарама-қайшылық оқу-тәрбие
үдерісін дамыту көзі ретінде (М.А. Данилов, В.И. Загвязинский және т.б.);
педагогика мәні (В.В. Краевский, А.В. Коржуев және т.б.); педагогикалық
құбылыстардағы қажеттілік пен кездейсоқтықтың арақатынасы (Б.П. Битинас,
Г.В. Воробьев және т.б.); іс-әрекет психологиялық-педагогикалық
зерттеулердің нысаны ретінде, іс-әрекет түсіндірмелі ұстаным ретінде (В.В.
Давыдов, А.К. Маркова және т.б.); педагогикадағы заңдар мен
заңдылықтар (П.Н. Груздев, В.Я. Струминский, И.Я. Лернер, А.А. Левшин, Б.С.
Гершунский және т.б.); іс-әрекет жетістігі педагогика категориясы ретінде
(А.К. Рысбаева және т.б.); педагогикадағы жүйелілік тұғыр (А.Т. Куракин,
Л.Н. Новикова, Н.В. Кузьмина, А.П. Ковалев, Я. Скалкова, С.И.
Архангельский, В.П.Беспалько, Н.В. Бордовская, Т.Г. Галиев және т.б.);
педагогикадағы жүйелілік-құрылымдық тұғыр (М.А. Данилов, Т.А. Ильина және
т.б.); педагогикадағы жүйелілік-синергетикалық тұғыр (Н.Д. Хмель, З.
Жанабаев, Л.Х. Мажитова, Б. Мукушев және т.б.); педагогикадағы іс-әрекеттік
тұғыр (Г.И. Щукина, В.С. Ильин және т.б.); педагогикалық құбылыстарды
зерттеудегі кешенді тұғыр (Ю.К.Бабанский, М.М. Поташник, И.С. Марьенко және
т.б.); мәндік тұғыр (А.В.Коржуев және т.б.); өркениетті тұғыр (Г.Б.
Корнетов); құзырлық тұғыр (Д. Равен, Б.Т. Барсай және т.б.); ақпараттық
тұғыр Д.М. Жүсіпәлиева, С.Н. Лактионова және т.б.).
-педагогикалық білімдер жүйесі дамуының қисыны: педагогика мәртебелі ғылым
ретінде: педагогика нысаны мен пәні, педагогика құрылымын зерттеу
әдіснамасы, педагогиканың ғылыми білім жүйесіндегі орны (М.А. Данилов,
В.И. Журавлев, В.Е. Гмурман, Ф.Ф. Королев, Н.К. Гончаров, Э.И. Моносзон,
Б.Т. Лихачев, Н.А. Вершинина және т.б.); педагогика ғылымының даму қайнар
көздері, педагогика теориясы мен тәжірибесінің өзара әрекеті, ғылыми білім
қалыптасуының қисыны (Л.В. Занков, К.Н. Волков, Х.Й. Лийметс, Ф.А. Фрадкин,
Б.Т. Лихачев, В.С. Шубинский, Я.С. Турбовской, Н.В. Кухарев, Л.И. Гусев,
Г.Л. Лукпанов, В.И. Гинецинский, А.А. Арламов және т.б.); педагогика ғылымы
дамуының қарқынына дамушы факторлар (В.С. Ильин және т.б.); педагогиканың
ұғымдық-түсініктік жүйесін байыту, жүйелеу және реттеу (В.Е. Гмурман, И.М.
Кантор, И.С. Марьенко, В.И. Журавлев, Н.Л.Коршунова және т.б.);
педагогикалық зерттеуді ұйымдастыру мен жүргізу барысындағы педагогикалық
шынайылық туралы эмпирикалық және теориялық білімдердің жүйесін дамыту және
жаңартудың диалектикалық сипаты (Н.В.Бордовская, В.И. Загвязинский және
т.б.); педагогикалық зерттеу нәтижелері мен барысын талдаудағы іргелі және
қолданбалы зерттеулер сипаты (Е.В. Бережнова, В.В. Краевский және т.б.).
-педагогикалық құбылыстарды тану үдерісі: педагогикалық зерттеу әдістері,
олардың ерекшеліктері мен өзара байланысы (Ю.К. Бабанский,В.И.
Загвязинский, А.В. Клименюк, Я.Скалкова, А.И. Кочетов және т.б.); сандық
және сапалық сипаттамалардың арақатынасы(С.И. Архангельский, В.И. Михеев
және т.б.); мазмұндық және құрылымдық әдістердің арақатынас (С.И.
Архангельский және т.б.); зерттеудің қисынды және тарихи деңгейлері (Ф.Ф.
Королев және т.б.); зерттеудің эмпирикалық және теориялық деңгейлері (С.И.
Швырев, А.Я. Данилюк және т.б.); педагогикалық зерттеулердің әдіснамасы мен
әдістері (Ю.К. Бабанский, В.С. Шубинский, Я. Скалкова, Е.П. Агапов, В.В.
Егоров, Г.М. Кертаева және т.б.); дидактикалық зерттеулердің әдіснамасы мен
әдістері (Л.В. Занков, Г.И. Щукина, В.В. Краевский, Ю.К. Бабанский, В.
Оконь, А.В. Хуторской, А.В. Коржуев және т.б.); салыстырмалы-педагогикалық
зерттеулердің әдіснамасы мен әдістері (Г.Қ. Нұрғалиева, А.Қ. Құсайынов,
К.С. Мусин және т.б.); тарихи-педагогикалық зерттеулердің әдіснамасы мен
әдістері (С.В.Бобрышев, М.В. Назаров, Г.А. Уманов,
Г.М.Храпченков, К.К. Құнантаева, В.Г. Храпченков, Қ.Р. Қалкеева және т.б.);
әскери-педагогикалық зерттеулердің әдіснамасы мен әдістері (И.А. Липский,
А.А.Болатбаева және т.б.); әлеуметтік-педагогикалық зерттеулердің
әдіснамасы мен әдістері (И.А. Липский, Л.В.Мардахаев, Б.И.
Мұқанова, К.К. Жампейісова, З.Ө.Кеңесарина, Г.Ж. Меңлібекова, А.А.
Калюжный, А.Н. Тесленко және т.б.); тәрбие мәселелері бойынша педагогикалық
зерттеулердің (Л.И.Новикова, В.С. Ильин және т.б.), педагогикалық
зерттеулерді ұйымдастырудың қисыны мен типологиясы (В.В. Краевский, В.М.
Полонский және т.б.); педагогикалық зерттеулердегі ғылыми ақпаратты
құрылымдау (Б.П. Битинас және т.б.); болжамдық зерттеулердің
ақпараттық қамтамасыздандырылуы (С.И. Портнова және т.б.); тәжірибелік
зерттеуді үлгілеу (Э.А. Штульман және т.б.); педагогикалық тәжірибе (Г.М.
Меркис, А.С. Казаринов, М.И. Грабарь және т.б.); қолданбалы
зерттеулер (Е.В. Бережнова және т.б.); педагогикалық зерттеулердің сапасын
бағалау (В.М. Полонский, С.А. Писарева, А.М. Алтухова және т.б.).
Педагогика әдіснамасының мазмұны мен құрылымы және оның даму генезисі:
педагогика әдіснамасының нысаны мен пәні (П.Ф.Каптерев,
А.С. Макаренко, Ф.Ф. Королев, М.А. Данилов және т.б.); педагогика
әдіснамасының мәні мен ерекшелігі, оның қызметтері мен философиядан
айырмашылығы, жалпы әдіснама ғылымындағы орнын анықтау (И.Я. Лернер,
В.Е. Гмурман, В.И. Загвязинский, Г.В. Воробьев және т.б.); ғылыми білімнің
арнайы бағыты ретіндегі педагогика әдіснамасының қалыптасу тарихы (А.И.
Пискунов, С.И. Колташ), педагогика әдіснамасы үздіксіз өзгерістегі тарихи
біртұтастылық ретінде, үнемі дамуып отыратын педагогика ғылымы мен тәжірибе
бірлігіне қатысты динамикалық метажүйе (М.Н. Скаткин, В.В.Краевский және
т.б.); гуманитарлық әдіснама (А.А. Бейсенбаева, Е.З.
Батталханов және т.б.); педагогика тарихының әдіснамалық негіздері
(В.Г. Храпченков, Н.И. Гребенюк және т.б.); педагогикалық зерттеулердің
негізгі бағыттарын жүйелеу (В.М. Полонский, Б.С. Гершунский, И.А.
Липский, Н.В. Бордовская және т.б.); педагогиканың жалпы әдіснамалық
мәселелері ( М.А. Данилов, Ф.Ф. Королев и др.), дидактика (В. Занков,
В.В. Краевский және т.б.); тәрбие теориялары (Л.И. Новикова және
т.б.); педагогикалық мәдениеттану (М.Х. Балтабаев және т.б.); педагогикалық
болжау (Э.Г. Костяшкин, Б.С. Гершунский және т.б.); педагогикалық сараптама
(В.С. Черепанов, А.Д. Иванов және т.б.); озық педагогикалық
тәжірибені зерттеу, жалпылау және қолдану (М.Н. Скаткин, Ю.К. Бабанский,
Я.С.Турбовской, Ф.Ш. Терегулов және т.б.); маман үлгісін құрастыру (С.Я
Батышев, А.П. Сейтешев, Б.К. Момынбаев, В.В. Егоров және т.б.);
этнопедагогиканың теориялық-әдіснамалық негіздері (К.Ж..Қожахметова, Ш.М.-
Х. Арсалиев және т.б.); этномәдени білім беру (Ж.Ж..Наурызбай және т.б.);
педагогикалық өлшем (Н.В.Кузьмина, Н.М.Розенберг, С.И.Архангельский,
Б.П. Битинас, В.М. Михеев және т.б.); халықаралық типтегі мектептердің
білім беру жүйесін басқару (С.С. Құнанбаева, Д.Н. Кулибаева және т.б.);
білім беру идеалы (Г.К. Ахметова және т.б.); білім беру әлеуеті (Н.Э.
Пфейфер және т.б.); педагогикалық деонтология (Г.М. Кертаева және т.б.);
білім беру (А.М. Новиков және т.б.); жалпы орта білім беру мазмұнын өңдеу
(М.Н. Скаткин, М.Ж. Джадрина, Е.У. Медеуов, К.Ж. Аганина,
С.Д. Мұканова және т.б.); жоғары педагогикалық білім беру (К.А. Дуйсенбаев,
А.Д. Қайдарова, Б.А. Сайлыбаев және т.б.); педагогиканың әдіснамалық
негіздеріне зерттеушілерді оқыту (В.В. Краевский, Н.Д.
Хмель, А.М. Новиков және т.б.); педагогтің әдіснамалық мәдениетін
қалыптастыру (В.В. Краевский, В.А.Сластенин, Ю.В. Сенько, С.Т.
Каргин, Б.А. Оспанова, К. Нағымжанова, Ж.Е. Сәрсекеева, А.Н. Ходусов және
т.б.); аталмыш ғылымның шынайы және басқа да ғылым салалары жүйесіндегі
әлеуметтік мәртебесін анықтау үшін педагогика ғылымының ғылымтанулық
талдауы бағдарламалары, ғылым дамуының жалпы заңдарының әрекет ерекшелігін
анықтау және сол саладағы зерттеудің категориялық деңгейін, қисынды
құрамын, мазмұнының өзгеру заңдылықтарын табу (В.А. Дмитриенко,
В.И. Журавлев, В.И. Гинецинский, Б.С. Гершунский, А.П. Тряпицына
және т.б.). Оқулықтың соңында Әдіснамашы педагогтардың негізгі еңбектері,
Педагогика әдіснамасы мен зерттеулердің әдістемесі мәселелері бойынша
диссертациялар берілді (5-сурет. Педагогика әдіснамасының даму кезеңдері).
Әдіснамашы іс-әрекетінің нәтижелері олардың ғылыми-педагогикалық
әрекетіне сай педагогика әдіснамасының даму барысына байланысты келеді.
Педагогика әдіснамасы өз дамуының қазіргі кезеңінде әдіснамалық
білімнің жеке саласы ретінде айқындалады және өз әрекетімен, өз даму
қисынымен эволюция кезеңінде көрініс табады. Н.В. Бордовскаяның
пайымдауынша, ХХ ғасырдың ортасынан бастап қазіргі кезеңге дейін үш тарихи
маңызды кезеңдерді атауға болады: 1960 жылдың соңы –1970 жылдың басы, 1980-
1990 жж., ХХ ғасыр –ХХІ ғасыр басы. Осы үш кезеңде ғалымдар қалыптастырған
әдіснамалық дәстүрлер мен педагогиканы әдіснамалау үдерісін сыни талдауды
қайта қарауды қажетсінді.
Педагогиканы әдіснамалау үдерісінің бірінші кезеңі 1960 жылдардың соңы
мен 1970 жылдардың басында пәндік зерттеу аймағын аша түсу, педагогикалық
әдіснаманың құрылымы мен қызметтерін айқындау, педагогика мен философияның
өзара байланысының тиімді әдістерін анықтаумен сипатталады. Педагогика
әдіснамасының педагогикалық ғылымтану құрылымында ғылыми пән ретінде
қалыптасып, ғылым әлемінде өзі және мәртебесін айқындауы дидактикалық
материализмнің дамуымен, сонымен қатар, педагогтардың философия мен өз
ғылымының әдіснамасын талқылауға кіріскенімен байланысты.
Педагогикадағы әдіснамалық дәстүрдің қалыптасу үдерісінің екінші
кезеңі 1980-1990 жылдар педагогикалық зерттеулердің әдіснамалық
мәселелерінің кеңею үдерісі ретінде оның түрлі бағыттарда дамуымен
сипатталады.
Педагогиканың әдіснамалық дәстүрлер генезисін талдау, оның бүкіл
кезеңде де екі бағыт бойынша дамып отырғанын көрсетеді, олар кейде біріне
бірі қарама-қайшы болып та келген: философиялық-педагогикалық (М.А. Данилов
және т.б.)
педагогикалық шынайылықтың философиялық рефлексия түріне бағытталуы
(тұжырымдамалық кеңістік пен уақыт, оқыту, тәрбиелеу және дамыту
динамикасы; педагогиканың пәндік емес аймағында жатқан бұл үдерістердің
интегралды негіздерін іздеу; әдіснамалық мәселені адамзат тұрмысының тұтас
мазмұнында қарастыру және т.б.) және іс-әрекеттік-педагогикалық
(В.В. Краевский) педагогика нысандарының мәндік құрамы мен ғылыми-танымдық,
тәжірибелік және педагогикалық іс-әрекет байланыстарын ашу.
Әдіснамалық талдаудың аталған түрлерін педагогикаға біріктіру үрдісі
Н.Д. Никандров, В.С. Шубинский және басқа да аворлардың еңбегінде
сипатталды, олар зерттеу нысанының онтологиясын жүйелілік тұғырмен және іс-
әрекет теориясымен синтездеу жолымен алуға талпынды. Дәл осы әдіснамалық
мақсат ХХ асырдың 90-жылдары педагогика үшін өзекті болып табылды.
Үшінші кезеңде (ХХ ғасырдың соңы – ХХІ ғасырдың басы) педагогика
ғылымы мен тәжірибесін дамыту үдерісін талдауда ғалымдар әдіснамалық
сипаттағы мәселелерге қайта көңіл бөле бастады. Бұл бірнеше себептерге
байланысты:
- жаңа педагогика, тәуекел педагогикасы және жазалаусыз педагогика
қалыптасуының әдіснамалық негіздерін табу және мәнін ашу қажеттілігі;
- ғылыми ізденісте қолданып жүрген ғылымда пайда болған жаңа тұғырлар,
ұстанымдар мен әдістердің эвристикалық әлеуетін нақтылауға талпыну
және ХХ ғасырдың соңында педагогикалық тәжірибеде пайда болған білім
беру инновациясы барысында педагогикалық шындықтың қайта құрылу
жолдарын түсіндіру.
Сонымен қатар, Советская педагогика (қазір - Педагогика)
журналындағы және педагогика әдіснамасы және педагогикалық зерттеулер
әдістемесі бойынша Бүкілкеңестік семинар сессияларындағы педагогика
әдіснамасы түсінігі айналасында болып жатқан пікірталасты ескеріп отыру
маңызды.
Семинар тақырыптарын меңгеріп, түсіну педагогикалық зерттеулердегі
тиімділікті арттыру үшін әдіснамалық ізденістердің маңыздылығы туралы
ақпарат береді (1969-1992 жж.). 1994 жылы семинар Бүкілресейлік болып қайта
жұмысын жалғастырды. Семинарда педагогикалық тәжірибеге байланысты шынайы
мәселелер мен олардың әдіснамалық сипаттағы қисыны талқыланды. Ғылыми таным
үдерістерінің тиімділігі мен ерекшелігі, педагогикалық тәжірибенің табиғаты
мен әдістемесі, оның оқушыларды тәрбиелеу, оқыту мен дамыту үдерісін
зерттеудегі рөлі, мектептер мен педагогика ғылымының дамуын болжау,
педагогикадағы тәрбиенің диалектикалық сипаты, оқушыларды тәрбиелеудегі,
педагогикалық үдеріс пен құбылыстарды зерттеудегі құрылымдық-жүйелік тұғыр,
мен педагогикалық тәжірибенің рөлін айқындау, педагогикалық теорияларды
құру, педагогикалық құбылыстар мен үдерістерді объективті сипаттау, өлшеу,
педагогика ғылымындағы теориялық зерттеулердің тиімділігін арттыру;
педагогикалық тәжірибені зерттеу, жинақтау және қолдану; кешенді тәрбие
тұғыры; әдіснамалық мәселелер, педагогиканың дамуы, үздіксіз білім беру
жүйесінің қалыптасуы мен дамуы туралы талқыланды. Семинар зерттеушілерді
әдіснамалық ұстанымдарды құрастыруға ынталандырды.
Әдіснамалық семинар сессияларының тақырыптарын талдау арқылы
педагогика аймағындағы әдіснамалық білімнің даму динамикасын көруге болады.
Педагогика әдіснамасын дамытуға қомақты үлес қосқан ғалымдардың қатарына
П.Р. Атутов, С.И. Архангельский, Б.П. Битинас, Н.И. Болдырев, Г.В.
Воробъев, В.Е. Гмурман, М.А. Данилов, Н.К. Гончаров, В.И. Журавлев, Л.В.
Занков, Ф.Ф. Королев, Н.В. Кузьмина, Б.Т. Лихачев сияқты
әдіснамашыларды жатқызуға болады. Олар өз салаларында педагогикада жаңа
теориялар жасай отырып, педагогиканың әдіснамасын жоғары деңгейге көтере
алды.
Қазақстанда да ғалымдар педагогикалық білімнің түрлі саласында
зерттеулер жүргізумен қатар әдіснамалық құрылғыларға баса назар аударды.
Білім беруді жетілдірудің қазіргі жағдайында білім беру саласындағы
оның ғылыми негіздерін әдіснамалық талдау қажеттігі үнемі өзекті болып тұр.
Сонымен бірге, педагогика әдіснамасын жаңаша түсіндіру мен пайдалану
қажеттігі сезіле бастады.
Осылайша, педагогика әдіснамасына ғалымдар былайша бет бұрады:
- жаңа педагогикалық ойларды іздеуде және жаңа педагогикалық теорияларды
құрастыруда;
- педагогика ғылымы мен тәжірибесі арасындағы байланыстың жаңа түрлерін
ашуда;
- мақсаттылықты ғылыми негіздеу үдерісінде және педагогтардың білім беру
және тәрбиелеу әрекеті мазмұнын жаңартудың жолдарын іздестіруде;
- оқыту үдерісінде пәнаралық байланыстардың жаңа түрлерінің тиімділігін
ғылыми түсіндіруде;
- педагогикалық жобалау мен үлгілеудің жаңа әдістерін іздестіруде;
- қазіргі педагогика әдіснамасындағы педагогикалық инноватиканың орнын
анықтауда және білім беру мекемелеріндегі инновациялық іс-әрекетті
әдіснамалық қамтамасыз етуде және т.б.
Педагогикадағы әдіснамалық дәстүрлердің қалыптасуы мен дамуы,
педагогика әдіснамасының қалыптасу мен даму кезеңдерін талдау, көрсетілген
тарихи кезеңде педагогика әдіснамасы түрлі бағытта және үлгіде қарқынды
дамып келе жатқанын көрсетеді.
Педагогика әдіснамасының тарихын зерделеу, дамуының логикасы мен
үдерістерін ашып көрсету педагогика ғылымының XIX ғ. соңынан және XX ғасыр
бойы төмендегі жайттарды мүмкін етуімен шартты байланыста болады:
- педагогика ғылымы мен практикасының негізіне жататын ғылыми-
педагогикалық ізденістегі жаңа әдіснамалық негіздемелер мен
бағдарламалардың пайда болу көздерін, олардың жаңа идеялармен немесе
болжамдармен баюының көздерін нақтылау және ашып көрсету;
- ғылыми қауымдастықта танымал және мойындалған педагогикалық
идеялардың, тұжырымдамалардың немесе теориялардың дамуының әдістері
мен тәсілдерін жүйелеу.
Әдіснамашы ғалымдар ізденістерінің нәтижелері белсенді ғылыми-әрекет
кезеңдеріне сәйкес педагогика әдіснамасының дамуының сипатына енгізілді.
Бұл педагогикада әдіснамалық дәстүрлердің – педагогикалық әдіснаманың
кезеңдік даму тарихының қалыптасып келе жатқанын көрсетеді.
XX ғасыр мен XXI ғасырдың басында педагогика әдіснамасының жеке ғылыми
бағыт ретінде дамуының іргелі негіздері салынды. Олар:
-педагогикалық әдіснаманың нысаны мен пәні (П.Ф. Каптерев, А.С. Макаренко,
Ф.Ф. Королев, М.А. Данилов, В.В. Краевский және басқалар);
-педагогикалық әдіснаманың мәні мен ерекшелігі, оның қызметтері және
философиядан ұстанымдық өзгешелігі, ғылымдардың жалпы әдіснамасындағы орны
(Ф.Ф. Королев, М.А. Данилов, В.В. Краевский, В.Е. Гмурман, В.И.
Загвязинский, Г.В. Воробьев және басқалар);
-педагогикалық зерттеулер әдістері және олардың даму логикасы (Ю.К.
Бабанский, В.И. Загвязинский, М.Н. Скаткин, В.С. Шубинский және басқалар);
-педагогикалық зерттеулер типологиясы және ұйымдастыру логикасы (В.И.
Загвязинский, В.М. Полонский және басқалар);
-педагогикалық болмыс туралы табиғатынан диалектикалық болып табылатын
эмпирикалық және теориялық білімдер жүйесінің дамуы және жаңаруы (Н.В.
Бордовская және басқалар).
-педагогика әдіснамасының даму тарихы кеңестік кезеңде ғылыми білімнің
арнайы саласы ретінде 1960-жылдары қалыптаса бастауы (С.И. Колташ);
-педагогикалық зерттеулердің браысы мен нәтижелерін талдауда іргелі және
қолданбалы қырлары арақатынасының сипатын анықтау (В.В. Краевский, Е.В.
Бережнова және басқалар).
Педагогикалық әдіснаманың даму тарихы, педагогика саласындағы
әдіснамалық білім, педагогикалық әдіснаманың құрылымы мен қызметтері
педагогикалық зерттеулер сапасын бағалау мәселелері ерекше ғылыми тұрғыда
талданып, Бүкіл одақтық әдіснамалық семинарларда үлкен сынақтан өтіп,
ғылыми кауымдастыққа ұсынылды.
Сонымен, қарастырылып отырған кезеңде педагогика әдіснамасы
саласындағы жетістіктерге ғалымдар жаңа педагогикалық идеялар іздегенде
және педагогикалық теория жасағанда, педагогика ғылымы мен практикасы
байланыстарының жаңа типтерін қарастырғанда, педагогикалық жобалау мен
модельдеудің әдістерін іздестіру барысына сүйенеді. Педагогикадағы
әдіснамалық дәстүрді талдау 1971-1991жылдары педагогика әдіснамасы белсенді
дамыған және шын мәніндегі жүйелі әдіснаманың өрістеуіне кең жол ашты.
Соңғы жиырма жылдықта педагогика әдіснамасы ғылыми жүйе ретінде
жинақталды, зерттеушіге тура бағытталған, зерттеу жұмысының әлеуеті мен
білімін қалыптастыратын нормативті білім кешенін жасады.

Сұрақтар мен тапсырмалар
1. Педагогиканың әдіснамасының қалыптасуы мен дамуындағы Бүкілодақтық және
Бүкілресейлік әдіснамалық семинарлардың рөлі мен маңызын негіздеңіз.
2. Педагогика әдіснамасының даму тарихын кезеңдерге бөлу туралы В.Г.
Храпченковтың еңбегіне қысқаша шолу жасаңыз.
3. Педагогиканың әдіснамалық білімдерін дамытудағы Қазақстан Республикасы
ғалымдарының еңбектеріне шолужасаңыз.
4. Советская педагогика (қазір Педагогика) журналындағы педагогика
әдіснамасы және педагогикалық зерттеулер әдістемесі туралы 2 мақала бойынша
тірек конспектісін даярлаңыз.
5. С.И. Колташтың докторлық диссертациясындағы педагогиканың әдіснамасының
даму тарихын кезеңдерге бөлу өлшемдерін сипаттаңыз.

2.3. Педагогика әдіснамасының ғылыми мәртебесі және қызметтері

Кез келген ғылымның даму жетістігі оның әдіснамасы мен теориясының
жағдайымен анықталады. Әдіснама – бұл объективті нақтылықтың түрленуі мен
танымның жалпы қағидалары, ғылыми жетістік жолдары, тәсілдері туралы ғылым.
Педагогикалық құбылыстарды диалектика тұрғысынан оқып-зерттеу олардың
өзіндік ерекшелігін, басқа құбылыстар мен үдерістер арасындағы
байланыстарды анықтауға мүмкіндік береді. Негізінен, әдіснама жаңа, іргелі
білімді алу тәсілдерін қамтамасыз етеді. Өз кезегінде, іргелі зерттеулер
құбылыстардың мағынасын айқындайтын болса, қолданбалы зерттеулер таным
қорытындыларын тәжірибеге енгізу жолдарын қарастырады. Заманауи ғылыми,
соның ішінде, педагогикалық зерттеулер үлгісі барлық аталған қызметтерді
қамтиды.
Педагогика әдіснамасының мазмұнын анықтаудың қалыптасқан бағыттарын
талдайық.
М.А.Даниловтің педагогика әдіснамасы жайлы ғылыми мақалалары осы
саладағы еңбектердің алғашқыларына жатады. Бұған дейін жалпы әдіснама мен
педагогиканың әдіснамасы ретінде марксистік-лениндік философия саналып
келді. М.А.Данилов педагогика әдіснамасының келесідей анықтамасын ұсынды:
Педагогиканың әдіснамасы педагогикалық шынайылықты бейнелейтін
педагогикалық теорияның құрылымы мен негіздері, білімдер жасауға қажет
тұғырлар мен тәсілдердің қағидалары туралы білімдер жүйесі болып
табылады.
В.В. Краевский М.А.Даниловтың ұсынған педагогика әдіснамасының
анықтамасын қабылдай отырып, осы анықтаманың нақтылығын, бірақ толық
еместігін атап көрсетеді. В.В. Краевскийдің көзқарасы бойынша,
педагогиканың әдіснамасы жайлы еңбектің кемшілігі болып тек қана
әдіснамалық білім туралы айтқандығы болып табылады. Бұл білім жүйесі ғана
емес, сонымен қатар, оларды жасау әрекеті саласы болып табылады.
Педагогиканың әдіснамасы қаншалықты тереңірек зерттелініп, жасалынғанымен,
ол маңызды сұрақтарға анық әрі дұрыс жауап бере алмай отыр: педагогиканың
әдіснамасымен айналысу нені білдіреді, онымен кім айналысу қажет;
педагогикалық зерттеуді қалайша әдіснамалық қамтамасыз ету керек;
педагогикалық зерттеу құрылымында ғылымнан тәжірибеге көшу қалай жүреді?.
В.В.Краевский педагогиканың әдіснамасы педагогикалық шынайылықты
бейнелейтін педагогикалық теорияның құрылымы мен негіздері, білімдер
жасауға қажет тұғырлар мен тәсілдердің қағидалары туралы білімдер жүйесі,
сондай-ақ, арнайы ғылыми-педагогикалық зерттеулердің бағдарламаларын,
логикасын және әдістерін, сапасын бағалау туралы білімдерді алу бағытындағы
әрекет жүйесі деп тұжырымдайды
Педагогика әдіснамасының пәні ретінде педагогикалық нақтылық пен оның
педагогикалық ғылымда бейнеленуінің арақатынасы болады.
Қазіргі кезде педагогикалық зерттеулердің сапасы мәселелері өзекті
болып табылады. Әдіснаманың зерттеушіге көмек көрсетуге, онда зерттеу
жұмысы саласында арнайы қабілеттердің қалыптасуына бағытталуы күшейе
түсуде. Осылайша, әдіснама нормативтік бағыттылыққа ие және оның маңызды
міндеті болып зерттеу жұмысын әдіснамалық қамтамасыз ету табылады.
Жоғарыда келтірген педагогика әдіснамасының анықтамасынан көріп
отырғанымыздай, бұл ғылыми таным саласы екі аспектіде көрінеді: білім
жүйесі мен әрекет жүйесі. Әрекеттің екі түрі алынып отыр – әдіснамалық
зерттеу және әдіснамалық қамтамасыз ету. Әдіснамалық зерттеу педагогикалық
тәжірибемен байланысты. Олардың міндеттері: педагогика ғылымының даму
үрдісі мен заңдылығын анықтау, педагогикалық зерттеулердің сапасы мен
тиімділігін арттыру қағидаларын нақтылау, олардың мағыналық құрамы мен
әдістерін талдау.
Әдіснамалық қамтамасыз етудің мақсаты – нақты ғылым саласында зерттеу
әрекетін негіздеу үшін бар білімді пайдалану.
В.В.Краевский ғылыми-зерттеу әрекеттің осы екі түріне қарап,
әдіснаманың екі қызметін бөліп көрсетеді – дескриптивті, яғни объектіні
теориялық зерделеуді қалыптастыратын сипаттаушы қызметі және зерттеуші
жұмысы үшін бағыт беретін нормативті қызмет. Осы екі қызметтің болуы
педагогика әдіснамасының негіздемелерін екі топқа бөлуді анықтайды –
теориялық және нормативтік негіздер.
Педагогикалық әдіснаманың теориялық негіздеріне мыналар жатады:
әдіснаманы анықтау; ғылым әдіснамасының, оның деңгейлерінің қызмет жүйесі
мен білім жүесі ретіндегі сипаты (жалпы философиялық, жалпы ғылыми, нақты
ғылыми, зерттеу техникасы мен әдістерінің деңгейі); педагогика саласындағы
зерттеу қызметін әдіснамалық қамтамасыз ету көздері; педагогика саласындағы
әдіснамалық талдаудың объектісі мен пәні.
Педагогика әдіснамасының нормативтік негіздеріне мыналар жатады:
педагогикадағы ғылыми таным; педагогика саласындағы ғылымға жататын
жұмыстардың анықтамалары; мақсаттың сипаты, зерттеудің арнайы объектісін
анықтау; педагогикалық зерттеулердің типологиясы; танымның арнайы
құралдарын пайдалану; педагогика саласындағы ғалым өзінің ғылыми жұмысын
бағалай алатын зерттеудің сипаттары. Бұл негіздер арқылы әдіснамалық
зерттеудің объективті сапалары бейнеленген. Олардың нәтижелері педагог-
зерттеушінің педагогика әдіснамасы мен әдіснамалық рефлексиясының мазмұнын
толықтыратын элементтер ретінде қызмет етуі мүмкін. Нормативтік бөлімінде
олар білім берудегі нақты зерттеудің сапасы мен тиімділігін бағалауда
қолданылады. Жалпы алғанда меңгерілген білімдер педагогтің әдіснамалық
мәдениетін қалыптастырудың негізін құрайды, оның құрамы мыналарды қамтиды:
әдіснамалық рефлексия (өзінің ғылыми қызметін талдау қабілеті), ғылыми
негіздеуге қабілеті, сыни талқылауға және нақты тұжырымдамаларды, танымның,
басқарудың, құрастырудың формалары мен әдістерін шығармашылықпен
пайдалануға қабілеттілік.
Жетекші компонент әдіснамалық рефлексия болып табылады, ол зерттеушіге
өзінің ғылыми жұмысын талдап, жетілдіруге мүмкіндік беретін, ал ЖОО
оқытушысына болашақ зерттеушілерді даярлауды заманауи ғылым деңгейінде
жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Педагогикалық зерттеулердің сапасын
арттыру үшін екі бағытта әрекет қажет: әдіснамалық білім бар ғылым саласын
жетілдіру қажет және осындай білімдерді педагог-зерттеушілерді даярлаудың
мазмұны ету қажет. Зерттеушінің әдіснамалық рефлексиясының мазмұны оның
сапасын бағалауға мүмкіндік беретін педагогикалық зерттеудің келесідей
сипаттарында көрінеді: мәселе, тақырып, өзектілік, зерттеу объектісі, оның
пәні, мақсаты, міндеттері, гипотеза, жаңалық, ғылым үшін маңызы, тәжірибе
үшін маңыздылығы.
Әдіснамалық мәдениет – бұл жалпы ғылыми іргелі білімділік, әдіснамалық
білімді меңгерген, оқу–зерттеу әрекетіндегі шығармашылық, өзін-өзі
дамытуға құндылық бағдарлар жүйесі, тұлғаның тұтас, біріккен сипаттамасы
(оқулықтың 5.1., 6.3. және 6.5. тармақшаларында әдіснамалық зерттеу,
әдіснамалық рефлексия, әдіснамалық мәдениет ұғымдарының толық мамұны
берілген)
Заманауи анықтамаларға жақынырақ әдіснама мазмұнының анықтамасын
В.И.Загвязинский берді: Педагогиканың әдіснамасы – бұл педагогикалық білім
туралы, оны меңгеру үдерісі, түсіндіру әдістері және оқыту мен тәрбиелеу
жүйесін түрлендіру немесе жетілдіру үшін практикалық қолдану шарттары
туралы білім.
Педагогиканың әдіснамасы өзіне мыналарды біріктіреді:
- педагогикалық білім құрылымы мен әрекеттері туралы білім;
- жалпы ғылымдық мазмұндағы ағымдағы, негізгі, іргелі педагогикалық
теориялар, тұжырымдамалар, болжамдар;
- педагогикалық зерттеулердің әдістері мен логикасы туралы білім;
- тәжірибені жетілдіру үшін алған білімді пайдалану әдістері туралы
білім.
А.М. Новиков әдіснаманы білім беру саласы үшін әрекетті ұйымдастыру
туралы білім ретінде қарастырды (ғылыми, тәжірибелікпедагогикалық, білім
берудегі, оқу, ойындық). Әрекетті ұйымдастыру оның тұтастай жүйесін белгілі
бір сипаттамалармен, логикалық құрылымымен және оның жүзеге асыру
үдерісімен реттеуді білдіреді. Логикалық құрылымы өзіне келесі құрауыштарды
қамтиды: субъект, объект, пән, формалар, құралдар, әрекет әдістемелері,
оның нәтижесі. Осы құрылымға қатысты сыртқы сипаттарға мыналар жатады:
ерекшеліктері, қағидалары, шарттары, нормалары.
А.М. Новиков әрекетті жүзеге асыру үрдісін белгілі бір уақыт
аралығындағы кезең, саты бойынша реттілікпен жүзеге асырылып жатқан жоба
шегінде қарастырады (әрекетті ұйымдастырудың сыртқы құрылымы).
Әрекет (жоба) қайталымының аяқталуы үш кезеңмен анықталады:
-нәтижесі құрылып жатқан жүйе моделі мен оның жүзеге асу жоспары болып
табылатын жобалау сатысы;
-нәтижесі жүйенің жүзеге асыруы болып табылатын технологиялық саты;
-нәтижесі жүзеге асырылған жүйені бағалау және оның болашақтағы
түзетілімдері үшін қажеттілігі немесе жаңа өнімді шығару қажеттілігін
анықтау болып табылатын рефлекстік саты. Осы кезектіліктің ең негізгі сәті
болып мәселені қалыптастыру, жүйенің моделін құру, оның жүзеге асырылуын
бағалау болып табылады.
А.М.Новиковтың пікірі бойынша, әдіснаманы құру және түсіну бір ұстаным
мен бір логикада ғылыми-педагогикалық зерттеудің әдіснамасын, тәжірибелік
педагогикалық білім беру әрекетінің әдіснамасын және ... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Педагогиканың әдіснамалық негіздері
Тәрбие қажеттілігі мен педагогикалық теория дамуының әлеуметтік - экономикалық факторлары
Тұтас педагогика ұғымы
Қазақстан Республикасында педагогика ғылымының қазіргі жағдайы
Педагогика бойынша студенттердің өзіндік жұмыс дәптері (Оқу-әдістемелік құрал)
Педагогика әдіснамасы және педагогикалық зерттеудің әдістері
Жоғарғы мектеп педагогикасының басқа ғылымдармен байланысы
Қазіргі қазақ педагогика ғылымындағы әл-Фарабидің, Ж.Баласағұнидің, М.Қашқаридің тәлім-тәрбиелік идеялары
Ғылыми зерттеу жұмыстарының тақырыбын таңдап алу өзектілігін анықтау мен негіздемесін жазу
Тәжірибиелі эксперимент жұмыстары оларды ұйымдастыру және жүргізу
Пәндер