Қазақ фольклорының тарихы және фольклористика ғылымы


Қазақ фольклорының тарихы және фольклористика ғылымы
Қазақ халқының ерте заманнан бері жасаған мәдени мұрасының бір түрі - халықтың ауыз әдебиеті.
Адамзат баласы табиғаттың сыр-сипатын, жұмбағын, қоғам өміріндегі түрлі болмыстың мәні мен мақсатын, шындығы мен қайшылығын ой-сана қуатымен, ғылыми-диалектикалық әдіспен зерттеп білсе, енді бірде көркем сөз өнері, соның ішінде өмір құбылыстарын образдық ой арқылы жеткізетін халықтың коллективтік творчествосы - фольклор шығармаларынан танып біледі.
Жазу-сызу өнері болмаған ерте кезде-ақ қазақ халқы өзінің тұрмыс-тіршілігі, қоғамдық өмірі, шаруашылығы мен кәсібі, қуанышы мен күйініші, дүние танудағы көзқарасы т. б. жайында неше түрлі өлең-жыр, ертегі-әңгіме, мақал-мәтел, аңыздар ойлап шығарған және оларды ауызекі айту күйінде тудырған. Сондықтан да бұларды халықтың ауызша шығарған көркем шығармасы, даналық сөзі, яғни ауыз әдебиеті деп атаймыз. Бұдан әрине, ауыз әдебиетін көп адам бірлесіп отырып шығарған деген ұғым тумайды. Ауыз әдебиетінің қандай үлгілерін болса да әуел баста жеке адамдар шығарған. Бірақ ерте кезде, жазу өнері болмағандықтан, ауыз әдебиетін шығарушылардың аттары хатқа түспеген, сақталмаған. Халық олардың шығармаларын ғана есіне сақтап және ауызша айтып, ұрпақтан ұрпаққа жеткізген, сөйтіп, жеке авторлар шығарған әдеби туынды кейіннен өңделіп, сұрыпталған, оған коллектив болып творчестволық өзгерістер енгізіп отырған. Бертін келе ондай шығармалар көпшіліктің еңбегіне, яғни халықтың ауызша шығарған әдебиетіне айналып кеткен.
Әр елдің, әрбір халықтың өзіне ғана тән фольклоры болады десек, соның сан-алуан нұсқалары қай дәуірде туған? Фольклор туындыларының жаратушысы кімдер? Оның жанрлық, көркемдік ерекшеліктері, ұлттық және тарихи сипаты неде? Ауыз әдебиетінен бөлінетін ерекшелігі қайсы дейтін көптеген сауалдар туады. Мұның бәріне жауап беру үшін фольклор шығармаларының ерекшеліктерін зерттеп, анықтау қажет.
Образдап ойлау адам санасының өзгеше бір формасы. Ол қоғам дамуының қай сатысында туды дейтін мәселе төңірегінде сан-салалы пікірлер, ғылыми тұжырымдар болды. Солардың бірі алғашқы қауымдық құрылыс кезінде фольклор сөз өнері ретінде қалыптаса қойған жоқ еді дейтін пікірге сайып келсе, белгілі совет ғалымы В. Е. Гусев мұндай сыңаржақ тұжырымдарға тойтарыс берген. Қоғам дамуының сәби кезеңінде қалыптаса бастаған фольклор шығармалары мен халық поэзиясының табиғаты өзара жақын. Осыған біз «халық ауыз әдебиеті» деген атауды қосып жүрміз. Халық әдебиеті жазба және ауыз әдебиеті болып екіге бөлінеді. Алайда екеуі де образдық ойдың көрінісі, соның тікелей жемісі болып табылады. Бұлардың жасалу жолдары да бірдей емес. Алғашқысы қоғам дамуының белгілі бір сатысында жазба мәдениеті шықпай тұрып туды да, оның өмір көріністерін белгілі бір көзқарас, дәстүрлі әдеби әдіс, стиль және жанр ерекшелігінде суреттеп көрсететін жеке айтушылары болады. Ауыз әдебиеті болса, көркем ойлау мен көркем сөздің озық үлгісі ретінде қалыптасқан. Оның айтушылары халық арасынан шыққан. Келе-келе ауыз әдебиеті мен жазба әдебиеті сабақтасып, қатар дамып, көркем әдебиеттің арналы екі саласын жасаған. Кейде олардың сюжеттері де ортақ болған.
Фольклор туындыларының өзіндік ерекшеліктері болады. Ең алдымен, фольклор - синкреттік өнер. Оның бойында халықтың тұрмыс-салты, театр, сөз, би және ән-күй өнері бір-бірінен дараланбайды. Фольклор шығармаларына тән осы белгіні белгілі орыс ғалымы, фольклорисі А. Н. Веселовский де айтқан еді.
Қоғам дамуының сәби кезеңдерінде фольклор шығармаларын орындаушылар от басы, ошақ қасындағы қарт-қариялар болған. Оларды біз халық поэзиясының қарапайым жасаушылары дейміз. Сонда фольклор шығармаларының жасаушылары да, айтушылары да халықтың өзі болып шығады. Өнері өрге жүзген дарын иелерінің аузынан шыққан үлгілі де ғибратты сөздер мен жырларды басқа айтушылар іліп әкетіп, өңдеп, дамытып, нақышына келтіре орындайтын болған. Жырау мен жыршылар көлемді эпостық жырларды айтуды үрдіс етсе, жұмбақ, жаңылтпаш, мақал-мәтел, тұрмыс-салт, айтыс сияқты ұсақ формалы өлеңдерді кішігірім айтушылар тудырып, көпшілікке ортақ рухани мұраға айналдырып отырған. Осы ретпен туып, атадан балаға жетіп, ел аузында сақталып келген көркем сөз өнерін, оның айтылу және орындалу ерекшеліктерін фольклор дейміз.
Ғылымда халық поэзиясын «фольклор», ал оны зерттейтін ғылым саласын «фольклористика» деп атайды. Неміс ғалымы И. Ф. Кнафальдің анықтауынша бұл атау халық даналығы деген ұғымды білдіреді. Осы пікірді (folk - халық, lore - білім) ағылшын ғалымы У. Дж. Томс та дамыта түсіп, фольклорды ел арасында туған өлең-жыр, ертегі, аңыз түрлі наным-сенімдерді жинақтайтын термин ретінде ұсынған.
Халық поэзиясы төңірегінде айтылған Н. Чернышевский, В. Белинский, Н. Добралюбов пікірлері де маңызды. Фольклор және оның мәні туралы Н. Андреев, Е. Аников, Ф. Буслаев, А. Веселовский, В. Миллер, Е. Кагаров, В. Анкин, Ю. Круглов, В. Гусев, П. Богатырев сияқты көптеген орыс және совет фольклористері де ғылыми пікір айтып, ой қозғаған. Осы сияқты көптеген пікірлер арқылы фольклор ұғымына баға беріп, оның парқына баруға болады.
Фольклор тарихы бұрынғы заманнан бері жалғасып келеді. Алғашқы фольклор үлгілері сонау бақташылық, бәлки одан да бұрынғы замандарда қалыптаса бастап, елдің экономикасы, салт-санасы, халық тілі біршама дамып, отбасы мен рулық құрылыс күрделенген кезде өзінің кемеліне жеткен.
Көптеген түркі тілдес халықтар сияқты ертеде қазақ халқының да негізгі кәсібі мал шаруашылығы болған десек, оның фольклордағы тірлігі мен ұғымы, барлық әдет-ғұрыптары бақташылық-көшпелі өмір табиғатына сай туындаған.
Ерте кездерде Орта Азия, Алтай және Қазақстан жерін мекендеген түркі тайпалары күнге, отқа, табиғаттың түрлі құбылыстарына табынғандықтан, қазақ фольклорының анимистік, магиялық және тотемдік белгілердің болуы да заңдылық. Сонымен қатар шамандық наным-сенімдер де айқын көрініс тапқан. Оның арғы тегі, Шоқанның айтуы бойынша, «көшпелілердің тұрмысымен тікелей байланысты» туған. Монғолдар алғашқы мергендерді «шаман» деп атаған. Шаманизм көшпелі түркі тайпаларының арасынан елеулі орын алған. Қазақтың ертегі, эпосында шаманизм сарындары бірде өлі аруақ, бірде тірі аруаққа сиыну, енді бірде «құт» саналатын заттарды қастерлеу (ақты төкпеу, жеті қазына, т. б. ) түрінде кездесіп отырады.
Қазақ аңыздарында құт басы - еңбек. Осы ретте ертеде қазақтар әр түлік малдың өз иесі болады деп, Шопан ата, Қамбар ата, Ойсыл қара, Зеңгі баба жайында аңыздар тудырған. Қазақ ертегілері мен эпостық жырларына ертеден енген бұл нанымдар халық санасының сәби кезеңінен хабар береді. Өмір, қоғам, ой-сана ылғи дамуүстінде болады десек, сол нанымдар арқылы халық өзінің тіршілігі мен іс-әрекеттерін жақтаған. Ел әрекеті табиғаттың алуан түрлі күштеріне, азулы аңдарға, одан бергі жерде адамды қанаушылыққа қарсы күресте нығайып отырған. Осындай құбылыстарға халық поэзия қуатын қарсы қойған. Халық үшін оның қуаты айрықша күшті, әсерлі болған. Жылан арбау, оң және теріс бата, алғыс, қарғыс бір ғана ауруға емес, жер-көкке ықпал етудің де шарасы болмақ.
Академик Ә. Марғұлан өзінің «Халық жырларын туғызудағы мотивтер» деген мақаласында қазақ эпосы мен ертегілерінен көрінетін түрлі ұғымдарға түсінік береді. Мысалы, ерте кезде халық өзіне жау күштермен күресу үшін жылан, қасқыр культін қолданған. Жезтырнақ, қасқыр, жылан, жалмауыздардың қай-қайсысы болса да қазақ фольклорында адамға жау күштердің жиынтығы, ұнамсыз бейнелер. Солардың бәрін образдап ойлаудың өз кезеңіне тән көрінісі, дәрежесі деп түсінген жөн.
Ислам әсері қазақ фольклорынан соншалық үлкен орын алмаған. Ол көбіне үстем тап ортасында туғанг жыр үлгілерінен кездеседі. Алайда «құдай», «пайғамбар» дейтін сарындар анық діни ұғыммен байланысты. Бір ғажабы, шығыстан келген дәу, пері, шайтан, одан қалды, қожа-молдалар образдарының бәрі дерлік қазақ фольклорында бір ғана ұнамсыз адамдар бейнесінде берілген.
Кейінгі замандарда туған ертегі, эпостық жырлардың тақырыбы өмірге терең еніп, елдік, халықтық мәселелерді қозғайды. Оның басты тақырыбы - әлеумет теңсіздігі, әдет-ғұрып қайшылығы, ел қорғау, махаббат еркіндігін жырлау, тарихи оқиғаларға үн қосу, қоғам, ел жағдайын жақсарту сарындары болып табылады.
Ә. Қоңыратбаев «Қазақ фольклорының тарихы» оқулығы. -Алматы, 1991 жыл, 7-15 бет аралығы.
Фольклордың шығу тарихы жайында өткен ғасырдың екінші жартысында батыста тағы бір теория пайда болды. Бұл «ауысып алу» («теория заимствования») деп аталды. Оны Ресей жерінде А. Пыпин, В. Стасов, А. Веселовский, т. б. ғалымдар қолдады. Бұлар орыс халқының ауыз әдебиетін басқа елдердің ауыз әдебиетімен салыстыра зерттеп отырып, әр елдің фольклорында кездесетін ұқсастықтарды қарастырып отырды. Осының нәтижесінде, бір елдің ауыз әдебиетінде кездесетін сюжеттер екінші бір елде ұшырай қалса-ақ болғаны, оны олар бір-бірінен ауысып алған деп есептеді. Мұндай ауысулар әр түрлі қарым-қатынас, сауда-саттық жолдарымен жасалған деседі. Сөйтіп, олар әрбәр халықтың фольклорлық туындыларын жоққа шығарады. Олардың ойынша, бірде-бір халық өз тарапынан шығарма тудыра алмақ емес, тек даяр сюжетке ие болады, сол сюжетті өз тілінде жырлайды және олардың мұндай шығармалары бір елден екінші елге ауысып отырады, мекені жоқ сюжетке айналыпты-мыс.
Фольклор туралы бұндай теория ғылыми жағынан теріс, дәлелсіз әне жаңсақ пікір. Марксизм-ленинизм іліміне сүйенген ауыз әдебиеті ғылымы, яғни фольклористика, бұл теорияны қатты сынға алып, жоққа шығарды. Ауыз әдебиетінің қандай түрін, қандай сюжетін алсақ та әрбір халық өз өмірінен, тұрмыс-тіршілігінен алатындығы айқындалады.
Рас, ерте заманнан бері әр түрлі шаруашылық, мәдени қарым-қатныастар жасаған және көршілес отырған халықтардың бір-бірінің әдебиетіне деген әсері болды. Мысалға қазақпен туыс өзбек, түрікмен, қарақалпақ халықтарын алайық. Бұлардың арасындағы туысқандық қатынас ерте заманнан бері келе жатыр. Сондықтан да олардың фольклорлық шығармаларында сәл де болсын ұқсастық кездесуі мүмкін.
Өткен ғасырдың ақырынан бастап революцияға дейінгі дәуірде ауыз әдебиетін зерттеу жөнінде жоғарыда аталғандарынан басқа да теориялар бар. Соның бірі - «тарих мектебі» деп аталатын, фольклордың шығу жайын тексеріп, тарихына үңілетін теория. Оның негізін салушы орыс ғалымы В. Миллер - ауыз әдебиетін, әсіресе орыстың батырлар жырын көбірек зерттеген адам. Оның пікірі бойынша, фольклор халықтың өміріне, тарихына байланысты туындайды. Әйткенмен, ауыз әдебиетін түгелімен өткендегі тарих және оның құжаты деп қарау қате айтылған пікір еді. Рас, халықтың тарихынан елеулі орын алған оқиғалар әдебиетке әсерін тигізері сөзсіз, кейде ол сол шығармалардың пайда болуына да себепші болып жатады. Алайда фольклор тарихи жайттарды, уақиғаларды сол қалпында жырлай бермейді. Тарихи фактілерді ескере отырып, оны қиялы арқылы құбылтып айтады, суреттеп көрсетеді, біресе әсірелейді, біресе асырып көрсетеді.
Сөйтіп, фольклордың туу, қалыптасу жайын буржуазияшыл ғалымдар толық ашып бере алмады. Бұл мәселені тек фольклористика ғана дұрыстап түсіндіре алады. Қазіргі ғылым ауыз әдебиеті адамдардың еңбек, кәсіп етуіне, тұрмыс-тіршілігіне, қоғамдық өміріне және оның дамуына байланысты пайда болғандығын дәлелдеді. Ол халық өмірімен тығыз байланыса отырып, оны жан-жақты суреттейді, әр түрлі бейнелеу арқылы елестетеді. Әрине, бұдан фольклор бірден дамыды деген пікір туындамайды. Оның кейбір үлгілері ескі дәуірде, рушылдық қоғамда туған; бертін келе - қоғамдық экономикалық жағдайлардың, адам баласының дүние танудағы ой-өрісінің ұлғайып өсуіне қарай әдебиеті де дамып отырған. Демек, халықтың қоғамдық өмірі, тұрмыс-тіршілігі, әлеуметтік көзқарасы т. б. фольклордың пайда болуына және қалыптасып дамуына әсерін тигізген. Сондықтан да ауыз әдебиеті өзінің даму жолында талай тарихи дәуірлерді басынан кешірген, талай таптық және қоғамдық тілектер мен көзқарастардың елегінен өткен. Әрбір қоғамдық құрылыс, таптық тілектер ауыз әдебиетінің идеялық бағытына, мазмұнына ықпал жасаған, әрқайсысы өздерінің мүдделеріне сай фольклор тудырған, оны қолданысқа енгізген.
М. Ғабдуллин «Қазақ халқының ауыз әдебиеті» оқулығы, 4-басылуы. -Алматы, «Санат», 1996 жыл, 7-10 бет аралығы.
Фольклор - халық даналығы тудырған сөз өнері болса, оның табиғаты мен тарихын зерттейтін ғылымды фольклористика дейміз. Оның зерттейтін объектісі - фольклор шығармалары қашан және қалай туды, сюжеті нақты өмірмен қабысып жата ма, әлде адам санасындағы түрлі ұғымдардан алына ма? Фольклор өмір шындығын қалайша көрсеткен, оның тарихилығы, жасалу жолдары мен көркемдік ерекшеліктері қай дәрежеде? Фольклор мен әдебиет арасындағы сабақтастық пен айырмашылық неде? Фольклорды жаратушылар кімдер? - дейтін мәселелер.
Қазіргі таңда фольклорист ғалымдар қатары кеңейіп келуде. Соның нәтижесінде жалпы қазақ халық ауыз әдебиетінің және оның жеке түрлерінің туу, даму тарихы жайында сан түрлі мақалалар, үлкен ғылыми зерттеулер (монографиялар, кандидаттық, докторлық диссертациялар, мектеп пен жоғарғы оқу орындарына ранлған оқулықтар, т. б. ) жазылып, баспа жүзңне жариялануда. Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясы шығарған «Қазақ әдебиетінің тарихы» атты күрделі еңбектің бірінші томы (екі кітап) осы тақырып аясына арналып жазылған.
XIX ғасырдың басында Гегельдің идеалистік философиясы туған еді. Қоғам мен мәдениет тарихын сөз еткенде Гегель үлкен экономикалық формациялар мен олардың ауысу заңдылықтарын, үстем тап санасымен жасалған мәдениет мазмұнын еске алмай әдебиетті қоғамның экономикалық базисінен бөлек алып қараған. Сөйтіп Гегель мәдени даму өзара тартыста болады, бірақ әр кезде күшті тіл, күшті мәдениет жеңіп шығады. Сол мәдениеттің ішінде ерте туып, өзінің орнын сақтаған және болашағы бар саласы - герман халықтарының мәдениеті мен тілі деседі.
Гегельдің жоғарыда келтіріліп отырған пікірін сол дәуірдегі ғалымдар қолданған. Мысалы, XIX ғасырдың басында Еуропа ғылымында барлық тілдер басында бір атадан тараған дейтін индоевропизм қисыны туады. Оны «ана тіл» теориясы дейміз. Неміс фольклористері ағайынды Якоб және Вильгельм Гриммдер мен ағылшын ғалымы Макс Мюллер болса, басында барлық елдер фольклорының сюжеті мифтен туған, олардың мифологиясына герман халықтарының мифтік сюжеттері негіз болған деген екен. Сол сюжеттер кейін түрлі халықтарға ертегі, эпос-жырлар түрінде тарап, өмір тонын киген дейтін қисынды жақтаған. Мысалы, Мюллер алғашқы сюжеттер ай, күн, жұлдыз, бұлт, найзағай, аспан мифтерінен туған десе, оның шәкірті В. Мангардт жер мифтерін зерттеп, жер-су, орман-тау, неміс тәңірлері жайындағы мифологияны ауыз әдебиетінің мазмұны деп білген. Осы бағытты белгілі түрде XIX ғасырдағы орыс ғалымдары Буслаев пен Афанасьевтер де қолдаған. «Мифология мектебі» өз кезінде жер жүзі халықтарының фольклорын зерттеуге едәуір ынта тудырған. Бірақ оның барлық фольклор сюжеттерін мифтен тудыруы даулы болады. Ресейде прогресс пен регресс идеялары тартысқа түскенде, орыс фильмдері фольклор арқылы халық тұрмысының ескілігін сипаттайды. Сондықтан бұл ағымды кейде ескілік романтизміне негізделген фольклористика деп атаймыз.
Фольклорда мифтік элементтер сөзсіз болады. Осы жайға анықтық енгізсек, Ф. Энгельс грек мифологиясы тұсында «Зевс тудырған», «Зевс асыраған» деген теңеулер ештеңені дәлелдемейді, өйткені әр ру өзінің түпкі тегін тәңірлердің бірінен бастайды, ал тайпа болмысының руы өз тегін неғұрлым атақты тәңірден, бұл арада - Зевстен бастайды, - деп жазады. Мифологиялық ойлау ежелгі халық үшін табиғат сырын түсініп, игерудің бір құралы болған. Олардың ой-санасы уш жүзге тарта миф тудырса, сол «тәңірлердің» бәрін бірдей мінсіз, адамға дос еді демейді. Мысалға алатын болсақ, адамға от тауып берген Прометейді Зевс тасқа шегелеп, о дүниеге аттандырды.
Бізге келіп жеткен қазақ фольклорында мифология элементі айтарлықтай елеулі емес. Ол көбіне ерте кезеңдерде туған қиял-ғажайып ертегілерінде ғана кездеседі. Қазақтың төл ұғымында туған мыстан, жезтырнақ, қарақұлақ образдары жамандық иесі болып, бірде адам, бірде аң түрінде кездесіп тұрады. Адам кейпіндегі көптеген мифтер - Желаяқ, Таусоғар, Көлтауысар, т. б. еңбекпен байланысты туған. Бұлар - адамның досы, қолқанаты. Ал ислам санасымен келген дию, жын, пері образдарының табиғаты бұдан өзгешелеу. Бұл тұста халық өмірде бар адам мінездерін, әлеумет теңсіздігін, діни ұғымдарды әжуалайды. Мысалы, Алдар көсе жайындағы әңгімелер - ескілікпен күлкі үстінде есеп айырысудың ғажап үлгісі.
Қазақ фольклоры осы сияқты ислам дінінің догмаларымен күрес үстінде дамып, жетіліп отырған. Бір кездері молдалар «Қозы Көрпеш - Баян сұлу» жырында бұтқа табынудың ізі бар, Баянның өз-өзіне қол жұмсауы шариғат заңына қайшы деп, мұндай жырлардың айтылуына зор қарсылық білдірген. Осы мәселе жөнінде Ш. Уәлиханов: «өзіміздің аңыз, эпос және әдет-ғұрыптарымызды киіз қаптап сорақы масқаралауда» деп сыр шерткен екен. Қазақ фольклоры талай уақыт осындай дін қыспағында өмір кешкен.
Қазақтың көшпелі өмірден туған мифтік образдары сол елдің өз ұғымына жақын. Алысты көретін айна, ұшқыш, кілем, шөл жүйрігі - Желаяқ образдарында болашақты болжаудың нышаны бар. Соның бәрі халықтың қиялдауынан туындаған. Алайда, фольклорды ғылыми тұрғыдан зерттегенде, күні өтіп кеткен анайы ұғымдарды, ескі әдет-ғұрып пен салт-сананы идеялау емес, ел тарихын зерттеп білу, оның ой-санасының қалай туып, есейгендігін, қазақ халқының бүгінгі зор прогреске, мәдениетті өмірге қалай жеткендігін тарихи материализм ізінде танып білу болмақ. Біз қазақ фольклорын өзінің тарихи-реалистік табиғатында зерттеп, ондағы түрліше қоспа, діни ұғымдардан туған қайшылықтарға сын көзбен қарап, фольклор материалын саналы түрде ғылыми негізде игереміз.
Ә. Қоңыратбаев «Қазақ фольклорының тарихы» оқулығы. -Алматы, 1991 жыл, 16-18 бет аралығы.
Қазақ фольклористикасының кеңестік дәуірдегі қалыптасу, даму және өсу жолын шартты түрде 3-ке бөолеміз:
Бірінші кезең - 1920-30 жылдар аралығы;
Екінші кезең - Ұлы Отан соғысы жылдары;
Үшінші кезең - Ұлы Отан соғысынан кейінгі жылдар.
20-жылдардың бас кезінде-ақ қазақ халық ауыз әдебиеті жайлы мәселелер қозғалып, фольклор туралы газет-журналдарда үлкенді-кішілі мақалалар жариялана бастады. Бұл мақалалдарда қазақ фольклорын жинау, зерттеу, бағалау хақында көптеген пікірлер айтылады. Мұның өзі қазақ фольклористикасының яғни ауыз әдебиетін зерттейтін ғылымның тууына негіз салды.
Алғашқы қадамы қазақ ауыз әдебиеті жайлы жазылған кішігрім мақала-заметкалардан басталған қазақ фольклористикасы идеология майдандарында шиеленіскен таптық күрес жағдайында, фольклордың тарихи және қоғамдық рөлі жайында көтерілген мәселелерге белсене араласу негізінде дүниеге келеді. Идеологиялық күрестердің негізінде туып қалыптаса бастаған қазақ фольклористикасы 1920-жылдардың бас кезінде-ақ фольклор саласы жөнінде бірнеше мәселелер көтереді. Солардың ішіндегі ең маңыздысы: ескі мәдени мұраны меңгеру, сонымен қатар халық ауыз әдебиетінің тарихын зерттеу мәселесі.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz