Ағаш діңінен жасалатын әсемдік бұйымдар



Жұмыс түрі:  Дипломдық жұмыс
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 40 бет
Таңдаулыға:   
Ағаш діңінен жасалатын әсемдік бұйымдар

КІРІСПЕ

Бүгінде адамның тұрмысы өзгерді. Мәдениеттің дамуына байланысты адам
ағаш материалын өңдеу тәсілдерін жетілдіре түсті. Ағаш табиғатта өте жиі
кездесетін өсімдіктердің бірі болғандықтан, адам өміріне тигізетін
пайдасы көп, алар орны да бөлек. Басқа шикізаттарға қарағанда әр түрлі
мүліктер жасауға да өте қолайлы, тез өңделетін жұмсақ, жас күйінде
былқылдақ, июге, тоқуға, ойып шабуға келгенде теңдесі жоқ материал.

Қазақстанда объективті түрде алғанда ағаш діңімен жұмыс жасау
өнеркәсібі үшін шикізат базасы жоқ, дәстүрлі түрде қажетті сүректің 70%-
на дейін сырттан әкелінеді. Алайда, Қазақстанның ағаштың діңімен жұмыс
жасайтын кәсіпорындарында өндірістің өсуі өткізу нарықтарының кеңейтілуі
есебінен, сондай-ақ өнімнің өзіндік құнының азаюы жаңа технологияларды
енгізу есебінен болды.
Қазақстанда ағаш діңінен жасалатын әсемдік бұйымдарды жасауды дамыту
үшін отандық тауарларды сыртқы нарықтарға ілгерілетудің салалық
бағдарламасын әзірлеу және инвестициялық шығындарды оңтайландыру үшін
еркін индустриялық-өндірістік аймақтар, қосылған құн тізбегі бойынша
белсенді кооперация құру қажет.
Қазіргі кезде қандай дүкенге барсаңызда ағаштан жасалған сувенирлік
бұйымдар, суреттер көздің жауын алып тұрады. Ал, ағаш діңінен жасалатын
әсемдік бұйымдар одан әрі бұйымдарды ерекшелендіріп, көркейтіп тұрады.
Ағаш діңінен жасалатын әсемдік бұйымдар сыйлыққа беруге таптырмас бұйым
болып табылады. Ағаш діңінен жасалатын қабырғалық суреттерді және де
сувенирлік бұйымдар естелік ретінде ұзақ мерзімге төзімді. Сонымен қатар,
оларды үйдің кез келген жеріне іліп немесе сувенир есебінде қойып, әрі
ұсақ-түйек керек заттарды қойып қоюға да болады. Ағаш діңінен жасалатын
әсемдік бұйымдар ағаштің сыртқы қабығымен-ақ өзіндік ерекшелігі артық
көрініп тұрады. Сондықтан, ағаш діңінен жасалатын әсемдік бұйымдарды
үйде, жұмыс орнында, мейрамхана, дүкенде яғни, қандай жерде болмасын
қабырғаға ілініп тұрса, не сувенирлік бұйым ретінде үстел, жиһаздарда
тұрса, тек қана әсемдік бұйым ғана емес, керекті құтыша ретінде де
қолдануға болады. Сонымен, ағаш діңінен көптеген әсемдік бұйымдар жасауға
болады.
Табиғатта өңдеу тәсілдерінің бәріне дерлік көнетін ағаш сияқты
материал жоқ деуге болады. Ағашты тек қана кесуге, сүргілеуге, аралауға
және желімдеуге, бұрғылауға, жоңғылауға, жону мен күйдіруге ғана емес,
сондай-ақ баспақтауға, қалыптауға, жылулық және химиялық өңдеуге де
болады. Ұсақталған және арнаулы құрамдарға араластырылған ағашты металды
құйған сияқты құюға да болады. Ағаштың мамықтай жеңіл болуы, бытыра
сияқты тұтануы мүмкін. Алайда оны жанбайтын, қорғасын сияқты ауыр және
қоспа болат сияқты қатты етуге болады. Материал ретіндегі ағаштың сапасы
оны өңдеу және әрлеу барысында, сондай-ақ дайын бұйымдардан көрінеді.
Өңдеу тәсілдері өте көп, олардың көпшілігін адамзат бұдан мыңдаған
бұрын білген жәнее қолданған. Тіпті ағашқа суретті отпен емес, күшті
қышқылдармен күйдіріп салу сияқты әдіс бұдан жүздеген жыл бұрын белгілі
болған.
Қазіргі заман техникасы белгілі бір дәрежеде механикаландырылған және
олар өңдеудің алуан түрлі технологиясын жетілдіруге мүмкіндік береді.
Алайда бастапқы материал өзінің физикалық - механикалық қасиеттері
бойынша өзгермей қалып отырғандықтан, өңдеу жұмыстарының адамзат жасап
шығарған тәсілдерін түбірімен өзгертуге техниканың мүмкіндігі жете қойған
жоқ. Ал, қазіргі таңда қолмен өңделген арқылы жасалған бұйымдар өте
жоғары бағаланады.
Дипломдық жұмыстың мақсаты: ағаш діңінен алынатын әсемдік бұйымдар
жасау.
Дипломдық жұмыстың міндеттері:
- тақырыпқа байланысты ғылыми әдебиеттерге талдау жасау;
- ағаш діңінен жасалатын әсемдік бұйымдарға сараптама жасау;
- ағаш діңінен жасалатын әсемдік бұйымдардың технологиялық картасын
құру;
- ағаш діңінен жасалатын әсемдік бұйымдарды жасаудың экономикалық
есебін құрастыру.
Зерттеу нысаны: ағаш діңінен жасалатын әсемдік бұйымдарды жасау
үрдісі.
Зерттеу пәні: ағаш діңінен жасалатын әсемдік бұйымдар.
Зерттеу болжамы: ағаш діңінен әсемдік бұйымдарды жасаудың қарапайым
әдістерін қолдансақ, технология сабағында шығармашылық жобаның нысаны
ретінде қолдануға болады.
Дипломдық жұмыстың нәтижесі: ағаш діңінен жасалған әсемдік бұйымдар.
Дипломдық жұмыстың әдістемесі: ғылыми әдебиеттерді талдау, сараптама
жасау, синтез және анализ.

1. Ағаш діңін өңдеудің теориялық мәліметтері
1.1 Ағаш діңінен алынатын материалдарды қолдану ерекшеліктері

Ағаш - қатты бағаны бар, сабақтары мен тамырлары сүректеніп біткен,
өте жақсы жетілген діңі бар, биіктігі 2 метрден кем болмайтын көп жылдық
өсімдіктер. Ағаш - табиғаттың тамаша туындысы. Ағаш көп өскен жерді халық
орман, тоғай деп атаған. Тоғай ертеде адамның негізгі тұрақ жайы болған.
Алғашқы адамдар ағашты тіршілігіне қажет материал ретінде пайдаланған.
Мысалы, олар аң аулауға қажет құрал - саймандарды аша таяқ, үшкір (ағаш,
найза, қада, жебе тағы басқа) ағаштан жасады.
Ағаш негізінен 3 бөліктен тұрады: тамыры, ұшар басы, діңі (1- сурет).
Ағаш діңінен көптеген материалдардың кесінділері өңделеді. Ағаштың барлық
бөліктері өндірісте пайдаланылады: бұтақтарынан лак, шайыр, жібек,
киноүлдір, тамырынан медициналық тұнбалар алынады. Діңді дөңгелек түрінде
- бағана, кемелердің діңгегіне, көпірлерге, сондай-ақ кесілме материалдар
өндірісі үшін де пайдаланылады.

1- сурет. Ағаш бөлігі

Ағаштың құрылысы ағаш басқа өсімдіктер секілді бірнеше бөліктерден-
жер астындағы түбірі мен тамырларынан және жер бетіндегі діңі
бұтақтарынан тұрады.
Ағаш бұтақтары ағаштың ең жоғарғы бөлігінде орналасып, жапырақпен
жалғасады. Ағаштың ішкі құрылысын жақсы білу үшін ағаштың діңін көлденең
кесіп, микроскоппен қарағанда ғана түсініп толық мағлұмат алуға болады.

Ағаштың діңі - ағаштың ең негізгі бөлігі. Сондықтан ағаш өңдеу
жұмысының барлық процестерінде пайдаланылады. Ағаштың жоғарғы жіңішке
басын бөлікке бөлсе, төменгі жуан түбіріне жуық бөлігін екінші бөлікке
жатқызады. Ағаш сабағы дің деп аталады. Дің негізгі, өте құнды сүрек
беретін құрылым. Діңнің қабығы, сүрегі және нашар білінетін өзегі болады.
Діңнің сыртқы бөлігі қабық деп аталады, ол ағаш және бұта тұқымдарын
табиғаттың қолайсыз жағдайларынан қорғайды және ағаштың сыртқы әлпетін
көрсетеді.
Ағаштың түбірі - тамырдың жалғасы, ағашты құлатпай тік ұстап тұру
үшін және дің мен жапырақтарға жерден су мен минералды қоректік заттар,
көмірқышқыл газын беру қызметін атқарады.
Ағаш діңінің диаметрі - ағаштың өркендеуінің көрсеткіші, өсіп тұрған
ағаштар діңінің диаметрі көбінесе түбірінен тамыр мойнынан 1,3 метр
биіктікте өлшенеді (дене деңгейінде), есепті биікте бірнеше бірінші
реттегі бұтақтары бар ағаш үшін, бір ағаш болып көрінгеніне қарамастан,
әр қайсысы бөлек саналады.
Ағаш құрылысы . Ағаштардың барлық түрінің құрылысы бірдей. Ағаш
құрылысы 2-суретте көрсетілген.

2-сурет. Ағаштың құрылысы: 1) өзегі, 2) өзек сәулелері, 3) ядро,
4) тығындық қабық, 5) тін қабық, 6) шел қабық, 7) камбий, 8)
жылдық сақиналар.
Ағаштың өзегі - ағаштың негізі, ядросы. Ағаштың өзегі әрқашанда ағаш
діңінің орталығында орналасып, түрлі қоңырау болып келеді, өзі бос
борпылдақ тіннен құралады. Діңнің нақ ортасында өзек орналасқан. Өзекке
шайырлар, крахмал, қант және тағы басқа жинақталады. Өзектен қабыққа
қарай өзектік сәулелер тарамдалады.
Өзек сәулесі - ағаштың көлденең қимасынан жіңішке, бозарған сызықша
ретінде көрінеді. Олардың бойымен көлденең бағытта зат алмасу процесі
жүреді. Бұл сәулелердің бойымен өзек жеңіл жарылады. Бұл сәулелер
сүректің кебуі арқылы пайда болады.
Ағаштың ядросы. Сүректің орталық бөлігінің бояуына, түсіне қарап,
егер қоңырқай болса онда ядролық деп, ал қалған сыртқы ақшылдау бөлігін
ядросыз деп екіге бөледі. Ядролық текті ағаштарға қарағай, шырша, жөке,
шаған, қарағаш, терек және тал жатады. Ядросыз ағаштардың сүрегі ақшыл
болады. Оларға: қайың, қандыағаш, үйеңкі ағаштары жатады.
Жылдық сақиналар. Ағаш діңінің көлденең кесіндісінен оның жылдық
сақиналарын көруге болады. Жылдық сақиналар өзекті айнала орналасқан,
олар арқылы жасын анықтауға оңтүстік пен солтүстікті бағдарлауға болады.
Камбий. Сүрек пен тіннің астында камбий (латынның айырбас сөзінен)
орналасқан, ол өзінен жасушалар бөлу арқылы өзінің ішкі жағына сүрек, ал
сыртқы жағына тін қабатын құрайды.
Камбий қызметі - ағаштың ішкі жағынан-жаңа қалың қабат, сыртқы
жағынан-жұқа флоэма қабатын қалдыру. Осы қызметі арқылы ағаш діңі жылжан-
жылға жуандай түседі.
Флоэманың тор тәріздес түтікшелері арқылы жапырақтардағы органикалық
қосылыстар-көмірсулар төмен қарай, ағаштың басты бөліктеріне
тасымалданады. Флоэма камбийдің сырт жағынан орналасқан.
Ағаштың қабығы - сыртқы қабат ретінде оны қоршаған ортаның әсерінен
сақтайды. Ағаштың қабығы. Тығындық және тін қабаттары қабықты құрайды.
Олардың астында сүректің жылдық сақиналары орналасады.
Ағаштың қабығы - олардың ең сыртқы қабаты ағашты аурулардан, шаң-
тозаңнан, ауада кездесетін басқа да өзгеріс әсерлерден сақтап, қорғайды.
Қабықтың өзі төз және тін болып екі бөлікке бөлінеді. Ағаштың қабығы
астындағы қатты қабаттағы түтікшелер арқылы су мен минералдық заттар
тамыр арқылы топырақтан келеді.
Сүрек. Ағаш сүрегі ағаш діңінің негізгі бөлігін құрайды, ағаш діңі
осы сүректің өсу көлеміне байланысты, сүрек әр түрлі жасушалардан тұрады.
Сүрек ағаш түріне байланысты түрлі көлемді және формалы созылған жіңішке
жасушалардан тұрады. Ағаштың құрылымын діңнің көлденең кесіндісінен
бақылауға болады.
Сүректе ағзалық заттарды жинақтайтын және қорға жинайтын негізгі
ұлпалар өте аз. Оның есесіне өлі жасушалы өткізгіш ұлпалар 90-95%-ға
дейін жетеді. Сүрек діңнің, сабақтар мен бұтақтардың негізгі массасын
құрастырады. Оның физикалық (түрі, жылтырлығы, кебуі, ісінуі, қабықтануы,
тығыздығы, жапырақтануы, тағы басқа) және механикалық (қысқанға
төзімділігі, созылуы, қозғалуы, жарамсыздығы, бұралуы, иілуі,
жабысқақтығы, қаттылығы тағы басқа) қасиеттерімен шаруашылық мағынасы
және халық шаруашылығында қолдануы кеңінен байланысты [1].
Ағаштың қасиеттері:
Ағаштан әсем, жақсы бұйымдар тағы басқа тұрмыс қажеттілігіне керекті
заттар жасап шығару үшін, оның өсу процесінен бастап, кесіп, кептіріп,
дайындау жұмыстарын және де физикалық, механикалық негіздерімен қоса,
табиғи биологиялық процестерін білу қажет. Барлық ағаш түрінің өзіне тән
түрлі физикалық (табиғи) және механикалық қасиеттері болады. Осыған
сәйкес жұмысқа қажетті материал таңдау үшін ағаш сүрегінің қасиеттерін
білу керек.
Ағаштың физикалық қасиеттеріне қоршаған ортаның сүрекпен оның құрамын
өзгертпей өзара әсер етуінен пайда болатын қасиеттері жатады. Бұл
қасиеттері сүректің сыртқы түрін қарау, өлшеу, өлшемдерін алу, кептіру,
арқылы анықталады.
Ағаштың физикалық қасиеттеріне: түрі-түсі, сүрегі, сақинасы,
ылғалдылығы, қаттылығы, жылтырлығы, ағаштың кесіндісіндегі табиғи суреті
(текстурасы), жұмсақтығы, ылғалдылығы жатады.
Ағаштың түрі-түсі - оның жасы мен қоршаған ортасына байланысты. Жас
ағаштың түсі ескі ағашқа қарағанда ақшылдау болады. Ағаштың қабығы түссе,
оның түсі тез қарайып, ескіре бастайды. Жиһаз өндірісінде ағаштың түсі
өте маңызды. Осы қасиетін қолөнерші шеберлер жиһаз, ыдыс-аяқ және тағы
басқа заттар жасағанда ескеріп пайдаланады. Ағаштың түрі оның климаттық
және қандай жерде өскеніне, жасына байланысты өзгеріп отырады. Жас ағаш
әрқашан ақшыл болады. Әр ағаштың өзінің жеке - дара түрі-түсі, өзіне тән
иісі болып, табиғатта ақшыл түрден бастап қызыл, қара түрлерге дейін
кездеседі. Көктерек, қайың, жөке ақ болса, алма, емен қоңыр сұрғылт түсті
келеді. Осы ағаштардың өздерін бояулар, морилкалар арқылы басқа түстерге
өзгертуге мектеп шеберханасында толық мүмкіндік бар.
Ағаштың жылтырлығы оның тығыздығы, өзегінің өлшемі, өзек сәулесінің
жиілігіне, санына, көлемі мен орналасуына байланысты. Ағаштың жылтырлығы
әбден кепкен, айнадай болып тазарғанда көрінеді. Бұл құбылыс таза
ысқыланып жасалған заттарға жарық сәулесі түскен кезде жақсы байқалады.
Жылтырауық қасиеттері ағаштың негізгі тегі мен қаттылығына да байланысты.
Шамшат, үйеңкі, емен ағаштары жылтырлығымен ерекшеленеді, ал көктерек,
жөке, терек сүрегі күңгірт түсті болып келеді. Емен, шамшат, шаған
ағаштарынан жасалған бұйымдар өте әдемі және жылтар болады, лак, басқа да
жылтырататын заттар ағаштың осы айтылған қасиеттерін күшейте түседі.
Ағаштың табиғи суреті (текстурасы). Ағаштың түріне және діңнің
қабаттар мен талшықтарына қатысты аралау бағытына байланысты болады.
Ағаштың діңін тақтай етіп тілгенде, оның жылдық сақиналарынан тік
(вертикаль) сызықтар (тік не ирек) секілді суреттер пайда болады. Осы
суретті текстура деп атайды. Әдемі текстура алуда ағашты кесу бағытының
маңызы зор. Неғүрлым әдемі текстура, әдетте, діңнің бойымен өзектен
біршама қашықтық алып аралағанда пайда болады. Ағаштың текстурасы әдемі
жиһаз жасауда, бөлмені әрлеуде қолданылады.
Текстура термині латын тілінен аударғанда құрылыс деген мағынаны
білдіреді. Ағаштың қылқан жапырақты және жапырақты түрлері бар. Қылқан
жапырақты ағаш жұмсақ, шайырлы, сондықтан да шайырға тән иісі бар, оңай
өңделеді. Жапырақты ағаш түрінде шайыр жоқ. Олардың текстурасы әр алуан
болады. Емен, шамшат, үйеңкі, алмұрт тағы басқа ағаш діңдерін ұзына бойы
тілгенде, олардың текстуралары әсем көрінеді, әрі мықты болады [Қосымша
А].
Ағаштың табиғи сүрегі - ағаштың бұл қасиеті оны арамен ұзынынан
кескеннен кейін кептіріп, тазалап, ысқылап, май жаққан кездерде өте жақсы
көрінеді, оған ерекше бір көркемдік мән береді. Бұл сүректің бәрі жылдық
сақиналардың сәл көлбеу кесілуінен ерекше әдемілене түседі. Ағаштың
жылдық сақиналары бірдей болмай қисық жасалған заттың өң-түсі өрнек оюсыз-
ақ ерекше құлпырып тұрады. Қылқан жапырақты, жұмсақ ағаштардың
кесінділерінің табиғи сүректері өте қарапайым, ал жалпақ жапырақты
ағаштардың табиғи сүректері күрделі және қайталанбас таңбалармен
берілгендігін байқауға болады.
Ағаштың ылғалдылығы (дымқылдығы) - ағаштағы ылғал мөлшеріне
байланысты. Жаңа кесілген ағашта ылғал көп болады. Мұндай ағаштарды өңдеу
қиын әрі тез шіриді. Одан жасалған бұйымдар өздерінің көлемі мен пішінін
өзгертіп, жарылып кетуі ықтимал. Сондықтан да өңдеу үшін жақсы
кептірілген ағаштар қолданылады. Ағаштың бұл қасиеті - ағаштарды ойып,
кесіп үйге, үй құрылыстарына есік, терезе, ыдыс-аяқ жасағанда қатты
ескеріледі. Жаңа кесілген жас ағашта ылғал көп болғандықтан, толық
кепкенше пайдаға аспайды. Әбден шегіне жетіп кепкен абсолюттік ағашты тек
лабораториялық жағдайда ғана алуға болады.
Ағаштар ылғалдылығына байланысты бірнеше топқа бөлінеді: далада
кепкен, үй температурасында, лабораторияда кепкен ағаш. Мектеп
шеберханасында жұмыс істеу үшін еңбек жұмыстарына дайындалу қажет. Ол
үшін жаз айларында мектеп ауласында ашық жерлерден астында көлеңкесі бар,
жан-жағынан жел соғатындай етіп, көлеңке шатыр жасап, ағаштарды соның
астына кептіріп алыңдар, соның өзінде ағашта 12-18% ылғалдық қалады.
Ағашты кептіріп жұмысқа дайындаған кездің өзінде ылғалдығы тез азаймайды.
Жаңа кескен емен ағашында 50-70% ылғалдылық болса, бұл 6 айдан кейін 43%,
12 айдан кейін 39%, ал 18 айдан кейін 25-22%-ға жетеді. Ыдыс-аяқ, ер-
тұрман, үй жиһаздарын жасауға арналған ағаштарды кептіргенде, жарылып
кетпес үшін көлденең басына балшық болмаса сиырдың жас қиын жағып, не
қағаз желімдеп қойған жөн. Тез кебетін ағаштарға шамшат, қайың, алма,
орташа кебетіндерге шырша, балқарағай жатады.
Ағаштың ісінуі - су, ылғал тиген кезде көлемін ұлғайтуы, оның ісінуі
болады. Ағаштарды дұрыс сақтамағандықтан, дұрыс кептірмегендіктен олардың
бойындағы ылғал әр түрлі кебеді. Жылуға жақын жеріндегі ылғал тез кебеді
де, ал жылудан қашығырақ жағы кейінірек кебеді, осының салдарынан ағаш
жарылып кетеді, іске жарамыз болып қалады. Тез кепкенде, не су тигенде
ағаштар өздерінің сыртқы және ішкі түрлерін өзгертеді. Балалар, ағашпен
жұмыс істер алдында әрқашанда ағаштарыңды мұқият тексеріп алғандарың жөн.
Түзу, жарылмай кепкен ағаш жұмыстың сапасын арттырады. Жасаған
бұйымдардың да әдемі болып шығуы осыған байланысты және кейін кеуіп,
сынын өзгертпейді.
Ағаштың негізгі механикалық қасиеттеріне: беріктік, қаттылық,
шыдамдылық, морт сынғыштық, иілгіштік, былқылдақтық жатады. Ағаштың
механикалық қасиеттері жан-жақты, олар өздеріне әсер еткен әртүрлі
күштерге қарсы тұра алады.
Ағаштың беріктігі күш түскенде бұзылмауы оның төзу мүмкіндігіне, ағаш
тұқымына, тығыздығына, ылғалдылығына, жүктемелерге қирамай шыдауына
байланысты болады. Ағаштардың балта, шаппашоттың не басқа күштердің
әсерінен ортасынан қаққа айырылуы, болмаса жаңқаға айналуы - беріктіктің
белгісі.
Ағаштың қаттылығы оған аса қатты денелердің енуіне қарсы тұру
мүмкіндігімен сипатталады.
Қаттылық пен беріктік өзара тығыз байланысты. Ағаш неғұрлым кепкен
сайын соғұрлым қатып, беріктене түседі. Қаттылық пен беріктік 3 топқа
бөлінеді.
1) Жұмсақ ағаштардың беріктігі, қаттылығы аз (540 кг\м3). Олар:
қарағай, шырша, көктерек, тал, қара терек, балқарағай, жөке.
2) Беріктігі, қаттылығы орташа ағаштар (550-740 кг\м3). Олар:
балқарағай, қайың, шегіршін, алмұрт, шаған, алма, емен.
3) Өте берік, қатты ағаштар (750 кг\м3). Олар: аққараған, акация,
самшит, қызыл граб.
Ағаштың тығыздығы. Ағаштың ішкі бөлігінде бос кеңістіктер бар. Егер
бос жерлерді нығыздаса, біртектес қуыссыз қабат пайда болар еді. Ол
ағаштың тығыздығын көрсетеді. Тығыз ағаштар (шамшат, үйеңкі, алмұрт) өте
берік және жақсы өңделеді [2].
Ағаш діңін өңдеу технологиясы.
Әбден піскен ағаш діңінің кесіндісінің бояулары біркелкі және орталық
өзегінде ылғал аз болады. Сонымен қатар, ағаштың өсіп жетілгенін анықтау
үшін, олардың ядросын, өзегін, түрін, жылдық сақинасын жақсы білу қажет.
Сонда бұндай ағаштың өңдеу процестеріне дайын екенін білеміз. Ағаш діңін
дайындауды жарамды ағашты таңдау, оның діңінің жетілуін анықтау
жұмыстарынан бастайды. Ағаш діңін дайындауды әртүрлі мамандар жүргізеді.
Ағаш діңінің жетілуін таксаторлар (латынның бағалау сөзінен шыққан)
анықтайды. Ағаштарды аралап жығушылар құлатады, трелшілер тракторлармен
сүйрейді. Қуатты тракторлардың көмегімен бұтақ кесетін машиналарға сүйреп
жеткізіледі.
Бұталаушылар бұтақтары мен шырпыларынан тазалайды. Бұталанып,
өңделген материалдар бойлай тілінуге келіп түседі. Онда механикалық
құрылғы- бөрене тасығыш арқылы беріледі. Бөренелер арнаулы машиналар-ағаш
кескіш жақтауда кесіледі. Жақтаудың ортасында тік жағдайда кесуші аспап-
ара бекітілген.
Дайындалған ағаш діңі текшелеп (штабельдеп) жиналады. Ауа жүріп, ағаш
кебуі үшін қатарлар арасына қуыстар қалдырады. Сондықтан мұндай көлемді
қоймалық текше метр деп атайды. Штабель сөзі неміс тілінде жинастыру
орны деген мағынаны білдіреді.
Ағаштың кемшіліктері (1-кесте):
Діңгек пішінінің кемшіліктері. Діңгек мөлшерінің (қисықтығы,
сопақтығы, өскіндер және тағы басқа) әрқилы ауытқуларды қамтиды. Ағаш
құрылымынң кемшіліктері. Талшықтардың әртүрлі себептермен бағытынан
ауытқуы. Оған: талшықтардың еңістілігі, қисаюы, қос өзектілігі,
бұрамалығы, қуыстылығы, қосөзектілігі, өгей бұтақ, қатпарлығы, бүйірінің
кебулігі жатады.

1-кесте
Ағаш діңінің кемшіліктері
№ Ағаш кемшіліктері Суреті

1 Бұтақтар. Олар ағаш діңінің шыбық
түбірінен өсіп шығады. Түрі мен
әрқилы өсуіне қарай дөңгелек,
овалды, қырлы, бұталанған, өскінді
болады.

2 Жарықтар. Ағаштың шамадан тыс кебуі
және аяздан, ағаш қыртысының тегіс
жабылмауынан болады.

3 Талшықтардың әртүрлі себептермен
бағытынан ауытқуы.

4 Қосөзектілік

5 Өгей бұтақ

Саңырауқұлақтың зақымдауы. Саңырауқұлақ ағаштың түсін өзгертеді және
оның беріктігін техникалық тұрғыдан жарамсыз етеді.
Биологиялық зақымдар (құрт түсуі). Саңылаулар және жәндіктер,
құстардың тіршілігі нәтижесінде пайда болатын жолдар түрінде көрінеді.
Қисайғыштығы. Материалды тілу, кептіру немесе сақтау кезінде
пішінінің өзгеруі түрінде пайда болады. Ағаштың қисайғыштығы өңдеу
жұмысын қиындатады, оны пайдаға жарату үшін жарамсыз етеді [3].
Ағаш діңінен дайындалған, оның табиғи құрылымы мен құрамын сақтаған
дайындамалар - ағаш материалдары деп аталады. Ағаш материалдары - табиғи
сүректі байланыстырғыш заттармен (мысалы, синтетикалық шайырлармен)
қанықтырылып, желімдеп жапсырып, жоғары температурада қысымдап жасалған
құрылымдық және әртүрлі жөндеу жұмыстарын жасайтын материалдар. Ағаш
материалдары 2-кестеде көрсетілген.

2-кесте
Ағаш материалдары
Ағаш материалдары
Өңделмеген Өңделген
Бөренелер Шпон
Сырғауыл Араланған материалдар
Дөңбектер Жарма материалдар
Кеспеліктер

Ағаш діңі кесінділерінің түрлері:
Сырғауыл - араланып, бұталары мен шырпыларынан тазаланған ағаш діңі.
Діңін бөлу - ағаш діңін бөліктерге бөлу. Дөңгелек ағаш материалдарын
дайындамаларын алады. Одан әртүрлі ұзындықтағы кесінділер - бөрене,
дөңбек, кеспелдек деп аталатын жұмыстық ағаш ағаш сүректерін алады.
Бөрене (2-6,5 м) - бұл дөңгелек күйінде немесе араланған материалдар
алуға қолданатын жұмыстық ағаш материалы. Бөренеден көпір элементтерін,
бағаналар жасайды, үйлер қиып салады және тағы басқа істерге қолданады.

Ағаш діңінен алынатын тығыз материалдар бөренелер деп аталады. Оны
бұтақшалары мен бұтақтары кесілген, тазартылған ағаштан дайындайды.
Бөренені шыбықтардан және бұтақтардан тазалап, бірнеше бөлікке бөледі.
Бөренені бойлай және көлденеңінен одан әрі өңдеуге болатын ұсақ
материалдарға бөледі. Бөренелерді ағаш тілетін қондырғы - арамен бойлай
кесіп, кесілмелі материалдар деп аталатын материалдар алады. Бөренені
көбінесе екі әдіспен тіледі: алғашқыда қырлы бөрене мен тақтай, содан
кейін кесек және ені қысқа тақтайлар шығады. Бөренелер 3-суретте
көрсетілген.

3-сурет. Бөренелер

Қырлы бөрененің қалыңдығы мен жалпақтығы 100 мм-ден жоғары болады (4-
сурет). Оны тақтай, сүргіленген шпондар дайындауға, тірек ретінде және
тағы басқада қолданылады.

4-сурет. Қырлы бөрене
Кең тараған кесілмелі материалдарға тақта, шеттақтай, тақтайшалар
жатады. Кесілмелі материалдардың мынадай элементтері бөліп көрсетіледі:
қабат, жиек, қыры, шетжағы (бөрененің көлденеңінен кесілген жері).
Дөңбектер - тілінген ағаштың жалпақтығы 100 мм-ден жоғары, ұзындығы 2
метрден кем, төрт бұрышты материал. Дөңбек - шпал, шере (фанер), кеспек,
қарындаш, сіріңке дайындауға қолданылатын жұмыстық материал.
Кеспелдек - бұл білдектерде өңдеуге жарамды дөңбек кесіндісі.
Жарма ағаш материалдарын сүректі радиалдық немесе тангелталдық
жазықтық бойынша жару арқылы дайындайды.
Кесілмелі материалдардан басқа жайма ағаш материалдары да - шпон
(қабыршақ), шере (фанер), ағаш жаңқалы тақта (ДСП), ағаш талшықты тақта
(ДВП) кең қолданылады.
Ағашты өңдегенде қалдықтар: ағаш үгінділері, жаңқалары қалады.
Олардан ағаш жаңқалы тақта (АЖТ) алынады. Ағаш жаңқалы тақта (ДСП)-ағаш
ұнтағы желімге араластырылып нығыздау арқылы шығарылатын материал. Мұндай
плиталар өте берік, жақсы өңделеді, тез тұтанбайды. Тек оларды ылғалдан
қорғау керек. Ағаш жаңқалы тақтаның қолданысқа енуі кесілетін ағаш
мөлшерін азайтуға септігін тигізді. Ағаш жаңқалы тақта саз аспаптарын
жасауда көп қолданылады, бір қалыпты тегіс, оңай майыспайды, өңдеуге де
тез, сондықтан таптырмайтын шикізат. Ағаш жаңқалы тақта қабырғаларды
қаптауға, еденге жаюға, мектеп жиһаздарын жасауға пайдаланылады. Ағаш
жаңқалы тақтаның қалыңдығы 10-26 мм болады.
Ағаш талшықты тақта (АТТ) - ағаш массасынан талшықтарға ұсақталып,
буға ұсталып алынған жайма ағаш материал. Ағаш талшықты тақта (ДВП) -
жартылай құрылыс материалы. Олардың сырт көрінісі әдемі, сондықтан
құрылыста ғана емес, қабырғаны, үйдің төбесін әрлеуде, еден төсеуде,
жиһаз жасауда да кеңінен пайдаланылады, сондай-ақ саз аспаптарының қабын
жасауға өте қажет. Ағаш талшықты тақтаны 2 түрде дайындайды: ылғалды
күйде дайындалатын түрі кілем плиталарының арасында ылғалды күйде
бастырылып шығарылады. Дайын өнім арнаулы өлшеммен кесілгеннен кейін
ыстық преске түседі. Құрғақтай өңдеу ыстық престе кептіріліп болғаннан
кейін өтеді. Ағаш талшықты тақта қалыңдығы 2,5-25 мм болады. Бұл
тақталарды тұрмыста крагис деп те атайды.
Шпон (қабыршақ) - ағаштің жіңішке кесіндісі. Шпон термині неміс
тілінен аударғанда төсем, жаңқа деген мағына береді. Шпон - жұқа
жайма түріндегі ағаш материал, бөренеден кесіліп алынады. Шпон домбыраның
бет қақпағына өрнек түсіріп әшекейлеуге көп қолданылады. Саз аспаптарына
негізінен жаңғақ ағашы, шамшат, қайың, көктерек, емен тағы басқа ағаш
түрлерінен дайындалған шпондарды қолданады. Шпонның қалыңдығы 0,5-тен 3
мм-ге дейін және одан да жоғары болады. Шпонды екі жолмен өңдейді:
1) арнаулы жылжымалы станокпен, онда ағаш қозғалмастай бекітіліп, ал
станоктың пышағы қозғалыста болады; 2) станоктың пышағы қозғалмастай
бекітіліп, ағаш үнемі айналыста болады. Кесіліп алынуына қарай шпонды
тілінген және аршылған деп екіге бөледі. Оларды жиһаздарды қаптауға, шере
жасауға пайдаланады.
Шере - аршылған шпонның үш және одан да көп жаймаларын (әрбір
жаймадағы ағаш талшықтары өзара перпендикуляр орналасқан) желімдеп
алынған қабатты ағаш материал. Шере берік, майыспайтын, сынбайтын болуы
үшін осылай жасайды. Шере (фанер) термині француз тілінен аударғанда
қабаттау деген мағынаны білдіреді. Шерені құрылыста, жиһаз өндірісінде,
техникалық модельдер, ойыншықтар жасауда пайдаланады. Оны қалыңдығы 1,5-
18 мм етіп жайма түрінде шығарады.
Шпон, шере ағаш жаңқалы тақта (АЖТ), ағаш талшықты тақта (АТТ)
кесілмелі материалдар жартылай фабрикаттар болып табылады. Бұл
материалдардан әр түрлі бұйымдар жасалады.
Тақтай - кесілген ағаштың ені қалыңдығынан екі еседен артық болатын
материал. Тақтайдың 4 жағы кесілген және 2 жағы кесіліп, 2 жағы
кесілмеген түрлері де бар. Тақтайдан домбыраның негізгі бөліктерін
жасауға болады. Шанақ, бет, мойын ағаштары және алақаны да кесіліп
дайындалады. Тақтайлар қалыңдығы 100 мм дейін және ені екі қалыңдығынан
астам болады. Еден төсеу, есік, аралық төсем және тағы басқа үшін
пайдаланылады.
Ұшқат - шпонды бірнеше қабаттап желімдеген материал. Ұшқат тез
шірімейді, жарылмайды, әрі жеңіл, тез майысады. Ұшқатты қайыңнан,
қандағаштан, шетен, емен, көктерек, үйеңкі, терек, сағыз, қарағай, жаңғақ
ағаштарынан дайындайды. Оны 7 не одан да көп қабатты шпоннан дайындайды.
Оларды синтетикалық желіммен желімдейді.
Обрешётка - 50х50 мм-лік өлшем бірлікте кесілген ағаш бөлігі.
Стропила (итарқа) - тақтайдың жалпақтығы қалыңдығынан 3 не 4 есе көп
өлшемді алатын материал.
Горбыль (обапол) - ағаш діңін кесу кезінде шыққан жартыкеш тақтай
бөлігі [4] [Қосымша Б].

Ағаштан бұйым жасағанда әр ағашқа тән ерекшеліктер:
Ағаштың түрлері
1. Жұмсақ ағаштың бағалы түрлері (жөке, тал, көктерек, терек, талшын). 
2. Жапырақты ағаштың бағалы түрлері (қайын, қарағаш ағашы). 
3. Қатты жапырақты ағаштың түрлері (емен, үйеңкі, платан, самшит). 
4. Қатты жеміс - жидек ағаштың түрлері (алма, алмұрт, шие, қызыл шие,
шетен, жаңғақ). 
5. Жұмсақ қылқанды ағаштың түрлері (шырша, майқарағай, қарағай,
самырсын). 
6. Қатты қылқанды ағаштың түрлері (арша, балқарағай, кипарис). 
7. Шет жерлік ағаштың түрлері (махагони, макаре, мовинга, белинга, эбен
ағашы, секвойя, палисандр).
Қарағаш - қарағаштар тұқымдасына жататын көп жылдық жапырақ тастайтын
ағаш (5-сурет). Солтүстік жарты шардың қоңыржай белдемдерінде кездесетін
30-дай түрі белгілі. Қазақстанның далалы жерлерінде, сай-жыраларда, өзен
аңғарларында, тау етегіндегі құрғақ қойнауларда өседі.

5-сурет. Қарағаш

Сексеуiл - (латынша-Haloxylon) діңі  мен  бұтақтары бұраң-бұраң боп
келетін, құмды жерлерде өсетін, шөлге төзімді, морт  сынатын  жапырақсыз
 қатты ағаш тұқымдас өсiмдiк. Оның Орталық Азия мен Араб елдерiнде онға
жуық түрi бар. Соның үшеуi Қазақстанда өседi: ақ сексеуiл, қара
сексеуiл және Зайсан сексеуiлi. Жалпы бұлар Қазақстандағы орман қорының
48 пайызын алып жатыр.
Қара сексеуiл аққа қарағанда жуандау әрi iрi келедi. Оның өсу
биiктiгi көбiне 7 метрге дейiн жетедi. Ал тамыры 11 метрден де тереңдiкке
кетедi. Бұлар шоғырланып өседi. Өз ұрығы есебiнен табиғи түрде өсуге
бейiм. Орта Азияның шөлдi, құмды, сортаң жерлерiнде көп кездеседi.
Қазақстанның шөлді аудандарында, әсіресе, Қызылорда, Жамбыл, Оңтүстік
Қазақстан облыстарында көп кездеседі (6-сурет).

6-сурет. Қара сексеуіл

Қарағайдан ежелден қаптамалар, қақпалар, ернеулерге арналған
әшекейлерді ойды (7-сурет). Одан бұйым жасағанда өткір сайманмен өңдеп
қана қояды. Сүрегі ақ түсті, жұмсақ ағаш терек бабымен кепсе жарылмайды,
кепкен сайын киізденіп қатая түседі.

7-сурет. Кәдімгі қарағай
Қайың. Сүрегі біркелкі ақ түсті, қатты ағаш қайыңнан үй ағашын,
жиһаз, ер, ал оның безінен ыдыс, түрлі ұсақ бұйымдар жасайды. Ол күнге
қаңсымайды, ыстық-суыққа төзімді болады.
Қайыңның тозын ыдыс, құты жасауға, саз аспаптарын әсемдеуге
пайдаланады. Өте қатты, тығыз, берік ағаш емен сүрегінің түсі сарғыш
қоңыр болып келеді. Тез жарылғыш келетіндіктен баппен кептірмесе, өзегін
қуалай шытынап, жарылып кетеді.
Үйеңкі. Қатты әрі тығыз ағаш үйеңкінің сүрегі біртекті ақ сарғыш
түсті болып келеді. Домбыраны үйеңкіден тұтас шауып немесе құрап әзірлеу
өте қолайлы.
Жөке. Жапырақты ағаштардан ою үшін көбінесе жөкені пайдаланады. Жөке
ағашы оңай және таза кесіледі. Қаттылығының төмендегінен жөкені жиһаз
дайындауда пайдаланбайды, сондықтан оны қолдану тұрмыстық ұсақ
бұйымдармен шектеледі.
Алма, алмұрт, алхоры, жиде, шие, долана, өрік жеміс ағаштары қатты,
тығыз, жылтыр болып келетіндіктен, кәделік ағашқа саналып бұйым жасауға
жарамды деп саналады. Оюмен әшекейленетін ұсақ бұйымдар үшін ағаштың
сирек тұқымдары: алма, шие ағашы және тағы басқа ағаштар пайдаланылады.
Қандағаш оңай кесіледі, формасын көп өзгертпейді, өңдеуге оңай көнеді
және қызыл ағашқа ұқсас болады. Осының бәрі оны жұмыстардың барлық
түрлері үшін жарамды етеді.
Еменді көлемі ірі әсемдік ою жұмыстарына және оюлармен әшекейленетін
жиһаз жасауда қолданады. Емен ағашы өте қаттылығы мен айырылуға
бейімділігіне байланысты өте айшықты және әсем болып шығады.
Шамшат - бір үйлі (сирек екі үйлі) ағаштар. Биіктігі 50 м-ден,
діңінің жуандығы 2 м-ден асады. Дің қабығы тегіс, сұр түсті, көпшілігі-
жапырақ тастайтын ағаш. Шамшаттарды елді мекендерді көгалдандыру үшін,
орман шамшатында ағаштарды қорғау үшін отырғызады; сүрегі мықты,
сондықтан ағаш бұйымдарын жасауда қолданылады.
Терек - сүрегі ақ түсті, жұмсақ ағаш. Бабымен кепкен терек көп
жарылмайды, кепкен сайын киізденіп қатая түседі. Теректі зімпарамен
өңдесе түгі шығып тұрады. Сондықтан шеберлер теректен бұйым жасағанда
өткір сайманмен өңдеп қана қояды [5].

1.2 Ағаш діңін күрделі емес тәсілдермен қолмен және механикалық өңдеу

Ағаш өңдеу - ағаштан жасалған бұйымның арнаулы өңдеуден өткізіп
кәдеге жарату жолдары. Дайындалатын заттың бетін тегістеу, оймыштап бедер
салу, бояу ағаш бетін қыздырылған металлмен қару, біздің ұшымен қарып
өрнек, жазу түсіру және тағы басқа тәсілдер жатады. Аталған тәсілдерді
көбінесе үй жиһазы (көбіне ыдыс-аяқ түрлерін), саз аспаптарының,
үй, ғимараттың ағаш бөлшектерін (ұстын, тіреу, есік, қақпа және тағы
басқа) өңдеуге қолданған. Ол үшін әшекейленетін ағаш бетіне өрнектің
нобайын біз тәрізді өткір аспаппен немесе қызған иненің ұшымен батыра
сызып алып, әртүрлі мәнерде иілген теміртек (металл) қалыптарды отқа
қыздырып, өрнектің бойын қуалай, қарып (күйдіріп) шығады. Қарағай,
самырсын, шырша тәрізді шайырлы ағаштардан жасалған бұйымдардағы ағаштың
табиғи суретін (текстурасын) айқындай түсу үшін, өңделген бұйымды оттың
жалынына шарпытып алса, ағаш талшықтарының шайырлы жерлері сақталып,
шайыры жоқ тұстары күйіп, қарақоңыр түске еніп, жолақты табиғи өрнек
пайда болады. Ертеректе шеберлер ағаш бұйымдарға ру таңбаларын, адам
аттарын, ою-өрнек түрлерін қарып түсірген. Ағаш бөліктерін қатарластыра
қари отырып, сарғыш қоңырдан шымқай қаратүстің арасындағы реңдерді
шығарған. 
Ағашты механикалық өңдеу - ағаштың өзі өзгермей, көлемі мен формасы
өзгеретін өңдеу. Ағашты мұндай өңдеу ағаш зат тегі өзгеретін химиялық
өңдеуден ерекшеленеді [6].
Ағаш өңдеу кәсібі қазақтардың өндірістік қызметінің аса маңызды
салаларының бірі болып табылған, өйткені ол тіршілікті қамтамасыз ететін
мәдениеттің  элементтерін жасайтын.
Ағаш шебері - сүрек материалдарынан әртүрлі бұйымдар (терезе
жақтаулары, ірге бастырғылары, жақтау маңдайшалары, бөлмелердің немесе
ғимараттардың ішкі жабдықтарының элементтері, жиһаздар тағы басқа)
жасайтын ұста.
Ағаш өңдеуші - ағаш өңдейтін жұмысшы. Ағаш шеберінің құралдары
көптүрлілігімен ерекшеленбейтін: шаппа шот, қашаулар мен пышақтар, біздер
мен қысқыштар, аралар мен егеулер  жиынтығы. Ағаш шеберлері ағаштан әр
түрлі заттар жасаған, қымызға арналған жиынтықтардың түрлері көп және
сәнді болған: шара, тостағандар, қымыз құятын шөміштер мен ожаулар,
олардың көлемі мен пішіні әртүрлі болып, көбіне күміспен және сүйекпен
әшекейленген.
Ағаш материалдарын кесіп өңдеу - ағаш бұйымына сызба бойынша
берілген пішінді, өлшемдерді және беттеріне қажетті сапаны
қамтамасыздандыру үшін қаңқаны кесіп алатын өңдеу үрдісі.
Ағашты белгіленген кесіп өңдеу үрдісінің сапасын көрсететін
қасиеттерінің жинағы келесі көрсеткіштерден тұрады:
1) ағаштың тұқымы;
2) өңделетін материалдың түрі (дөңгелек бөрене, қырлы жуан бөрене,
тақтай, дайындама);
3) кесіп өңдеу технологиялық тәсілі (жақтаумен, таспамен, дөңгелек
аралармен аралау; цилиндрлік, конустық, шетжақты, ойықты жоңғылармен
жоңғылау; бұрғылау; жону; аршу, тағы басқа);
4) кесу түрі;
5) бас қозғалысқа қарағанда салыстырмалы беріс қозғалысының бағыты
(қарама-қарсы, жолай);
6) кескіш құралдың материалы мен құрылымының ерекшелігі (жүзінің
қоспаланған болаттан жасалуы, тез кескіш болаттан жасалуы, қатты
қорытпаның тілімімен жабдықталуы, араның тістерінің ажырасуына,
жұқартылуына немесе тілімдерінің жан-жаққа ілінуіне, пышақтың жаңқаны
сындырғышы, тіреуіші, қысқыш сызғышы бар-жоғы тағы басқа);
7) ағаш кескіш білдектің құрылымдық ерекшелігі (иілткішпен немесе
конвейерлі, үздіксіз немесе периодты берісті, кесетін бір немесе бірнеше
құралдар қойылулы тағы басқа) [7].
Ағашты аршу - аршылау білдектерінде немесе қол құралмен ағаштың
діңінен қабығын ажырату. Аршудың 3 түрі болады: тұрпайы, таза аршылау
және жарым-жартылай. Тұрпайы аршылау кезінде бөрененің тек қана қабығы
ажыратылады да, ал жарым-жартылай (бетінің 95 пайызына дейін) талшығы
тарамдалып тұратын қабығы алынады.
Ағаш шеберлік-ұсталық құралдар - ағаш материалдарды өңдеу үшін
қолданылатын қолмен атқаратын немесе механизацияланған құралдар. Бұларға
кесетін, өлшеп белгілейтін және қосымша құралдар жатады.
Ағашты қолмен және механикалық өңдеу операциялары мен құралдары
Белгілеу. Ағашты өңдеу осы операциядан басталады. Белгілеудің дәл
болуы оған қолданылатын аспаптың дәлдігіне байланысты, сондықтан
оқушыларды ағаш шебері үшбұрыш сызғышының жиегі бүлінбеген бе, циркуль
мен өлшеу бізінің ұшы үшкір ме, сызғыштың қыры бүлінбеген бе соны мұқият
тексеруі керек. Белгілеу сапасы сондай-ақ жұмыс тәсілдерінің дұрыстығына
байланысты.
Кесу - ағаш материалдарын белгілі бір мөлшерге лайықты етіп дайындау.
Аралап кесу - әртүрлі пішінде бөлшектер алу үшін ағашты аралау, ішінара
тілу. Ағаш талшығының орналасуына қарай кесуге байланысты аралаудың
бірнеше тәсілі бар: а) талшық бойымен жүргізілетін бойлай тілу; ә)
талшықты кесе көлденеңінен тілу; б) талшыққа қиыстай жүргізілетін
бұрыштап кесу.
Аралау кезінде ара тістері ағаштың талшықтарын кесіп, жіңішке кертік
(ойық, тілік) жасайды. Бұл кезде үгінділер ара тістері арқылы сыртқа
шығарылады. Ағашқа ара қаншалықты терең кірсе, ағаш сүрегін соншалықты
көп қажайды. Қажауды азайту үшін кесу ені ара төсемі қалыңдығынан енді
болуы керек. Бұл үшін ара тістерін жан-жаққа сәл майыстырып, тармақтайды.

Жұмсақ ағаш түрлерін (қарағай, шырша, терек, қандағаш) ірі тісті
арамен аралайды. Ағаш қанша қатты болса, ара тісі сонша ұсақ болуы керек.
Салынған белгі бойынша емес, белгіден 5 мм-ге шегініп, қосымша қалдырып
аралайды. Белгі сызық келесі бөлшек үішін қалып отырады.
Діңді аралаудың көлденең, радиалды және тангенциалды деп аталатын
түрлері болады (8-сурет). Көлденең аралауда текстура сақина түрінде,
радиал аралауда параллель сызықтар түрінде көрінеді. Ал тангенциалды
аралауда текстураның түрі бір-біріне еніп тұрған үшбұрыштар түрінде
болады.

8-сурет. Діңді аралаудың негізгі түрлері: 1) көлденең, радиалды,
тангенциалды
Аралау кезіндегі қауіпсіздік ережелері. Тістері дұрыс арамен аралау
керек. Дайындаманы жақсылап бекіту керек. Ағашты арамен кесу кезінде
денеңді, араны дұрыс ұстау керек. Ара оң қолыңда, сол қолыңмен кесетін
ағашты тіреп тұрасың. Оң аяғың сол аяқтан сәл алшақтау болсын. Ағашты
кескенде араны жұлқыламай, қатты салмақ салмай кеседі. Ағашты кесетін
жерін белгілеп алып, оны қыспаққа қысып, сол қолмен ұстап, оң қолмен кесу
қажет. Ара төсемін қолмен бағыттауға болмайды. Ол үшін арнайы
құрылғыларды (стусло, тірек тағы басқа) пайдаланады. Араны шеберүстелге
тістерін теріс қаратып қою керек. Ара тістерінің өткірлігін саусақтармен
тексеруге болмайды. Үгінділерді үрлемеу керек, қолмен сыпыруға болмайды.
Үгінділерді арнайы щеткамен жинау керек [8].
Ағашты сүргілеу. Ағаш бұйымдарының беті тегіс болу үшін, оны
сүргілейді. Ол арқылы қажет пішін мен өлшемі алынады. Сүргілеу барысында
ағаштың бетінен оның жұқа қабаты алынып тасталады. Оны жоңқа деп атаймыз.
Ағаш сүргілеу жұмыстары мынандай негізгі жұмыстардан тұрады:
1) сүргіленетін материалдарды іріктеп алу, 2) пышақты қайрау, 3) аспапты
жұмысқа әзірлеу, 4) сүргілеу жұмыстары, 5) істелінген жұмыстың сапасын
тексеру.
Ағашты сүргілеу жұмысын істеген кезде мынандай техника қауіпсіздігін
сақтау керек: 1) өңделетін ағашты верстакқа мықтап бекіту керек; 2)
жұмыс кезінде сүргілеу құралдарының ұясын жоңқадан арнаулы ағаш сынасымен
тазалап тұру керек; 3) пышақ жүзінің өткірлігін және өңделген беттің
сапасын қолмен тексеруге болмайды; 4) жұмыс арасындағы үзілістерде
сүргілеу құралдарын верстактың үстіне пышағының жүзін жұмысшыға теріс
қаратып жанымен орналастырады [9].
Ағаш бөлшектерін желімдеу. Желіммен құрастырып - бекіту шабақты,
кертікті, ойық-кертікті, шегемен бекіту сияқты тәсілдермен ұштастыра
жүргізіледі, сондай-ақ жекелеген элементтерден, қабаттап жапсырылатын
бөлшектерден дайындалған ағаш материалдарын әзірлеу үшін қолданылады.
Бөлшектерді желімдеп құрастыру желімнің мөлдір, жұқа қабаты мен ағаштың
үстіңгі беттерін жабыстырып тұратын күштің арқасында мүмкін болады.
Ағаш материалы өзінің беттескен қабатында қатайып кепкен желімнің
ұсақ бөлшектерін қысып ұстайды, ал желімнің ұсақ бөлшектері ағаштың
саңлауларына еніп, ұшы-қиыры жоқ, сансыз талшықтары арқылы екі үстіңгі
қабатты бір-бірімен жабыстырады. Желіммен жабыстыру арқылы құрастырып-
бекітудің бірнеше түрі бар. Желімдеп, жапсырудың мықтылығын тексерудің
өндірісте қолданылатын тәсілі осы принципке негізделген. Ол үшін бір-
бірімен желімдер, жапсырылған екі бөлшектен жасалған үлгі бұйымды қақ
айырып көреді. Егер бұйым желімдеп, жапсырылған жігінен жарылмай, ағаштың
тұтас жерінен жарылса, онда желімдеу сапасының жоғары болғаны.
Бөлшектерді төсем тақтайда желімдейді. Қылқан жапырақты ағаштардан
дайындалған бөлшектер қысылған жағдайда 12-18 сағат, жапырақты ағаш
бөлшектерді 24 сағатқа дейін ұстайды.
Ағаштан жасалған бұйымдарды желімдеу реті:
1) Желімді біріктірілетін екі бөлшектің беткі қабатына жұқалап, тегіс
жағып шығу керек.
2) Бөлшектерді кебу үшін (желім ағашқа сіңгенше) 2-3 минут ауада
ұстап тұрып, содан кейін біріктіріңдер. Жақсы бірігу үшін бөлшектерді
қосып, шеберүстел қысқышында қысыңдар.
3) Желім ағашқа сіңіп, бөлшектер арасында жұқа қабат түзеді.
Ағаш өңдейтін өндірістерде желімдейді арнайы аузы жабық
желімқайнатқыш ыдыстарда қайнатады.
Желімдеу кезіндегі қауіпсіздік ережелері: 1) ыстық заттардың (электр
плитасы, дәнекерлейтін аспап) қасында Момент, БФ сияқты желімдермен
жұмыс істеуге болмайды; 2) желімдеу кезінде міндетті түрде төсем
тақтайды пайдалану керек; 3) желімнің жұмыс істейтін ерітіндісін бетіне
жақын әкелуге болмайды; 4) жұмыс соңында қолдарыңды сабындап жуыңдар,
желім жағуға пайдаланған құралдарды тазалап қою керек [10].
Қашау - ағаш кесуге, тесуге арналған жүзі бар құрал. Басы қатты
темірден жасалып, бір ұшынан қиялап жонып жүз шығарылады. Қашау жұмыр
ағашпен сапталады.
Ағаш оймыштау (ою) -кәделік ағаштың бетін ұңғитын, оятын аспаптардың
көмегімен ағашты кертіп, қырнап, ұңғып, өрнекті бедер салу тәсілі. Ағаш
шеберлері сүргілеу, өңдеу, майдалау, тесу, қашау, ұңғуырлау және тағы
басқа жолдармен ойып, оймыштап бедерлеген. Оймыштауда ағаштың сүрегі мен
жылдық сақиналарының бағыты ескеріледі: егер оймыштау бағыты ағаш
талшықтарымен бір бағытта болса ұзын сүрек түседі.
Ағашты оюдың бірнеше түрі бар: бірі үш қырлы ою. Ағаш бетінде бірдей
көлбеулікте, тігінен ойылады. Өрнектің нобайы белгіленгеннен кейін
алдымен қырларының тұсынан тігінен кертіп тіледі де, өрнектің сыртқы
контурының аралығы көлбеулей қырналады. Бұл тәсілмен кесеқап,
сандық беттерін безендіруде көп қолданылады [11].
Ағашы оюдың кең тараған түрі - жазық бедерлі ою құрылымы күрделі
болып келеді. Ағаш бетіне өрнек нобайы салынып, имекбас қашаумен ойылады
да, өрнектердің аралығы фонға дейін қашаумен алынып тегістелінеді. Қиып
салынған оймыштау тәсілінде ағаштың әр жерінен бәрбімен тесіп, пышқымен
аралап алады. Ондайды саптыаяқтың сабы, төсағаш, сандық, жүкаяқтың
жақтауларынан көруге болады.
Көбінесе кебеже, сандық пен абдыра беттерін екі көлбеу жақты оймыштау
тәсілімен безендіреді. Ондайда өрнектің контурынан фонға, сонан кейін
керісінше көлбеулеп ояды да қырын тегістейді. Бедер анық тереңірек
шығады. Ағашты көркем өңдеу оймыштау тәсілдерінің бірнеше түрі қатар
қолданылады. Әртүрлі әдістердің астасуы көркем форманы жандандыра отырып,
композицияны байытады [12].
Ажарлау - дайындама беттерін қажақты аспаптармен тазалай өндеу
операциясы, дайындаманы қайрақ іспетті кұралмен тазалап өңдейтін ең соңғы
операция. Ажарлау - қолөнершіліктегі жасалған бұйымды сәндеу, әрлеу,
әдемі етіп құлпырту.
Әрлеу-бұйымды сырт көрінісін жақсарту мақсатымен және ылғал әсерінен,
жәндіктердің зақымдануынан қорғау үшін соңғы өңдеу. Бұйымды әрлеу бірнеше
тәсілден тұрады: беткі қабатын тазалау, бояғыштармен бояу, күйдіру арқылы
сурет салу. Бұл тәсілдер бұйымды құрастырмай тұрып немесе
құрастырылғаннан кейін орындалады.
Әрлеудің бір тәсілі - бояу, яғни бұйымға бояу жағу. Ағашты бояу-
ағаштан жасалған затты ертеде қазақ шеберлері көбіне табиғи бояулармен
сырлаған. Бояудың құрамында май болса ағашқа сіңіп, саз аспап дыбысына
нұқсан келтіреді. Көбіне үй ағаштарын бояуға сарғыш түсті топырақтан
алынған жосаны кең қолданған. Томар бояу, қына, рауғаш, сары ағаш,
шырғанақ тағы басқа сол сияқты өсімдіктердің тамырын бояуға араластырған.
Бояу мөлдір және мөлдір емес болып бөлінеді. Әр үрлі сырмен мөлдір емес
бяу іске асырылады. Мөлдір емес бояудың кемшілігі: бояудан соң ағаш
суреті (текстурасы) көрінбей қалады. Бояудан алдын бұйымның сызатын,
ойығын, тырналған жерін паста тәрізді массамен - тығыздағышпен
тегістейді. Мөлдір бояу ағаштың табиғи түсін қанық жасап, текстурасын
анықтай түседі, бұйымға әдемі түр береді. Мөлдір бояу алу үшін көбіне
табиғи бояғыштар бейнелер (металдың тотығын, ағаштың майын кетіруге
қолданылатын зат) пайдаланылады. Бұл кезде текстура бейнелер түсін алады.
Лактау. Бұйымды бояғаннан кейін лактайды. Лактағаннан кейін бұйымның
сырт көрінісі әдемі болады. Лактау алдында бұйымды тегістеп, шаңынан
тазартады. Бұйымды тампон немесе қылқаламмен сырлайды. Лакты талшық
бойымен жұқалап тегіс жағады. Үстіңгі қабаты жылтыр, тегіс болуы үшін
лакпен бірнеше қабат бояйды. Лактың соңғы қабатынан басқа қабаттарын
түрлі уақыт ішінде (лактың қасиетіне байланысты) кептіреді. Өндірісте
бұйымдарды арнайы лактайтын машиналарда лактайды. Бұл жұмысты лактаушылар
атқарады.
Лактау кезіндегі қауіпсіздік ережелері: 1) еріткіш, сыр, лак
қалбырларының бетін ашық қалдырмау керек. Жұмыс істегенде оларды
беттеріне жақындатпау керек; 2) лакты, сырды денеге тигізуге болмайды;
3) жұмыс аяқталған соң, бөлмені желдетіп алу ... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Ағаш өңдеу тарауын оқыту
Қылқан жапырақты өсімдіктер мен қылқан жапырақты ормандардың табиғаттағы және адам шаруашылығындағы маңызы
ОЮ-ӨРНЕК - ХАЛЫҚТЫҚ МҰРА
Ою-өрнектер
Сыныптан тыс жұмыстарын бейнелеу өнерінде пайдалану
Қайың ағашының пайдасы мен емдік қасиеттері
Мектеп оқушыларының ептіліктері мен іскерлік қабілеттерін қалыптастырудың ерекшеліктері
Наурызым қорығындағы қорғауға алынған өсімдіктердің биологиялық ерекшеліктері
Ағашты механикалық тәсілмен өңдеу
Жеке тұлғаға және оның эстетикалық талғамының қалыптасуына қолөнердің әсері
Пәндер