Елші Нәзір Төреқұлов



Жұмыс түрі:  Дипломдық жұмыс
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 38 бет
Таңдаулыға:   
Мазмұны

Кіріспе ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... .3

Негізгі бөлім.

1. Алаш қайраткері Н.Төреқұловтың өмір жолы мен қоғамдық
қызметі ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... .5
2. Н.Төреқұлов мұрасының зерттелуі ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... .10
3. Н.Төреқұловтың публицистикалық еңбектерінің идеялық мазмұны ... ... 21
4. Нәзір Төреқұловтың әдеби-сын еңбектері ... ... ... ... ... ... ... ... ... .. ..28

Қорытынды ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... .. ...42

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ..47

Кіріспе

Зерттеу тақырыбының өзектілігі
1920-жылдары көптеген ұлт қайраткерлері шығармашылықпен айналысумен
бірге баспасөз бетінде әдебиет, өнер жайында өз пікірлерін білдірді. Сынға,
аудармаға қатысып, сын-айтыстарға араласқан бұл қаламгерлердің өзіндік
жазғандары көп болмаса да, олардың әдебиет ағымына тигізген әсері мол
болғандықтан, бұлардан қалған мұралар зерттеліп, әдебиет тарихына енуде.
Олардың қатарында Нәзір Төреқұлов, Ғаббас Тоғжанов, Смағұл Садуақасов,
Мұстафа Қайыпназаров, Ыдырыс Мұстамбаев, Шаймерден Тоқжігітов сынды
қаламгерлерді атауға болады [1, 6]. Қазақ әдебиеті мен мәдениеті тарихына
үлес қосқан алаштың асыл азаматтарының, ұлт қайраткерлерінің есімі қайта
жаңғырып, олардың әдеби мұрасы әдебиеттану ғылымының зерттеу нысанасына
айналды.
Кеңестік ресми тарих мүлдем елемей келген, аты бірыңғай мансұқталған
алаш азаматтарының бірі – көрнекті қоғам қайраткері, әдебиетші, сыншы Нәзір
Төреқұлов. 1937 жылы репрессияға ұшыраған оның қайраткерлік еңбегі,
шығармашылығы кеңес дәуірінде қалыптасқан танымға байланысты арнайы
зерттелінген емес.
Ал, өткенге сындарлы көзбен қарау мүмкіндігі туған шақта ХХ ғасырдың
басындағы қазақ әдебиетіне айтарлықтай үлес қосқан алаш қайраткері Нәзір
Төреқұловтың шығармашылық мұрасын зерттеу қажеттелігі туып тұр. Сондай-ақ,
ұлтымыздың мүддесіне қатысты істерге белсене араласқан, рухани салада да
зор игі істер атқарған азаматтың мәдениет, әдебиет тарихындағы тұлғалық
орнын бағамждау қажет. Осы тұрғыдан келгенде сыншы Н.Төреқұловтың әдеби
мұрасын зерттеудің өзектілігі айқын байқалады.
Тақырыптың зерттелу деңгейі. 1920-жылдардағы қазақ әдеби сыны
мәселелері С.Қирабаев, Т. Кәкішев, Д.Ысқақұлы, Қ.Ергөбек, Ж.Әлмашұлы,
Д.Қамзабекұлы, Г.Орда еңбектерінде қарастырылған. 1920-жылдардағы әдеби
тартыстың бел ортасында болған Н.Төреқұловтың сын мақалаларының орнын ашып
зерттеудің ғылыми маңызы зор.
Зерттеу жұмысының мақсаты мен міндеттері. Зерттеудің негізгі мақсаты
– 1920-жылдардағы әдеби-тарихи үдерісте Нәзір Төреқұловтың сыншылық-
зерттеушілік орнын айқындау, шығармашылық еңбегіне ғылыми сипаттама беру.
Осы орайда алдымызға мынадай міндеттер қойылды:
– Алаш қайраткері Нәзір Төреқұловтың ғылыми мұрасының зерттелу
тарихын анықтау;
– Нәзір Төреқұловтың әдеби-публицистикалық мұрасын зерттеп-саралау;
– 1920-жылдардағы қазақ әдеби сынының қалыптасу, даму үдерісіндегі
Н.Төреқұловтың ролін көрсету;
– Қаламгердің әдеби-сын еңбектерін талдап, сыншының қазақ
әдебиеттануына қосқан үлесін көрсету.
Зерттеу жұмысының ғылыми жаңалығы:
Диплом жұмысында Н.Төреқұловтың әдеби мұрасы ғылыми айналымға түсіп
отыр. Сондай-ақ, жұмыста еңбекте 20-жылдардағы әдеби үдерісті, соның ішінде
әдебиетші, сыншы Н.Төреқұловтың әдеби мұрасы зерттелді.
– Н.Төреқұловтың қазақ әдеби сынына қатысты еңбектері арнайы зерттеу
жұмысының өзегін құрады. Оның әдебиеттанушы, сыншы ретінде қалыптасу жолы,
қазақ әдебиетін зерделеуге қосқан үлесі жан-жақты, жүйелі түрде, біртұтас
бірлікте алынып, зерттеу еңбектері тәуелсіздік талаптарына сай жаңаша
бағамдалды.
– Диплом жұмысында ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиетін зерттеген
ғалымдардың еңбектері ғылыми тұрғыдан жүйелі тұтас бірлікте салыстырыла
сараланды. Сол арқылы қазақ әдебиеттануындағы қаламгерлердің әр жылдардағы
көзқарастарының қалыптасу жолдары айқындалды.
Зерттеудің нысаны. Диплом жұмысының нысаны ретінде 20-жылдардағы
А.Байтұрсынов, М.Дулатов, Ж.Аймауытов, М.Әуезов, Н.Төреқұлов, Ғ.Тоғжанов,
С.Садуақасов, М.Қайыпназаров, М.Дәулетбаев, Қ.Кемеңгеровтің сын мақалалары,
Н.Төреқұлов өміріне қатысты материалдар мен мақалалар, зерттеулер алынды.
Қорғауға ұсынылатын негізгі тұжырымдар:
– ХХ ғасыр басындағы қаламгерлердің қазақ әдеби сыны мен дәуір үніне
қатысты әр жылдары айтылған ғылыми пікірлердің қызметі айрықша;
– 20-жылдардағы қазақ әдеби сыны мен қазақ әдебиеті дәуірге
жіктелуде, ондағы бағыттар мен ағымдардың анықталуында Н.Төреқұловтың
еңбектерінің маңызы зор;
– Алаш қайраткері Н.Төреқұловтың мақалалары ХХ ғасыр басындағы өзекті
мәселелерді көтерді. Оның мақалаларында оқу-ағарту, әдебиет, тіл тазалығы
туралы айтылды.
– Н.Төреқұлов – 20-жылдардағы қазақ әдеби сынына араласқан қазақ
қаламгерлерінің бірегейлерінің қатарынан орын алатын тарихи тұлға.
Диплом жұмысының құрылымы. Жұмыс кіріспеден, негізгі бөлімнен және
қорытындыдан тұрады. Еңбектің соңында пайдаланылған әдебиеттердің тізімі
берілген.

1. Алаш қайраткері Н.Төреқұловтың өмір жолы мен қоғамдық қызметі

Нәзір Төреқұлов қазіргі Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданына қарасты
Сыр бойындағы Қандөз деген жерде 1892 жылы туған. Әке балаға сыншы
дегендей, Төреғұлдың үміт күткен тұңғышы осы Нәзір болады. Әкесі Төреқұл өз
ортасынан өнер-білімге ерте қол созған талантты жастың бірі болса керек. Ол
кезде құмды шөлейт сахарадан он екі қақпадан Ташкент жағына білім іздеп
барып, оқуға түсу тек талантты жастарға тән қасиет болатын. Кейбір
мәліметтерде Төреқұл арнаулы білімі бар, қазақтан шыққан алғашқы
заңгерлердің бірі деп айтылады. Бірақ ол жөнінде нақты деректер кездестіре
алмадық. Дегенмен Төреқұл көп нәрседен хабары бар, заман ағымына жетік,
сауда-саттыққа бейімді, еті тірі пысық кісі болған [2, 6].
Төреқұл Нәзірді жасынан мұсылман мектебіне береді. Мұнан соң Қоқан
училищесінде оқиды. Мұндағы оқу бағдарламасы кең көлемде болады. Соның
нәтижесінде Нәзір сол жылдардың өзінде-ақ орыс және шет тілдерін жақсы
меңгеріп шығады. Нәзірді жете білетін көз көрген кісілердің айтуына
қарағанда ол сегіз тілді білген. Шешесі тәжік қызы болғандықтан парсы тілі
Нәзірдің екінші ана тілі санатында еді. Сол кездегі жақсы мамандықтың бірі
– заңгерлік пен сауда-саттық жұмысы. Осы мақсатпен Нәзір Қоқан қаласындағы
сегізжылдық коммерциялық училищеге түседі. Төреқұл Нәзірді өз мамандығына
баулуды көздеді. 1913 жылы Нәзір Мәскеудегі коммерциялық институтына түсіп
оқиды. 3-курста оқып жүрген кезде 1916-жылғы ақ патшаның 25-маусым
жарлығына байланысты қазақ жастары майдандағы қара жұмысқа алынғандығын
естиді. Әлихан Бөкейхановтың шақыруы бойынша Міржақып Дулатов, М.Есболов
батыс майдандағы жұмысқа алынған қазақ жастарының арасына барады [3, 9].
Бұл кезде олар Минск даласында болатын. Студент Нәзір де Мәскеудегі оқуын
тастап, солардың қатарына қосылады.
Ақпан төңкерісі болысымен ол Түркістан өлкесіне оралып, жаңа қоғам
орнату ісіне белсене кірісіп кетті. 1917 жылы шілдеде Орынборда өткен
жалпықазақтық бірінші құрылтайға Ферғанадан өкіл болып, ұлт қамын
ойластырған келелі әңгіменің ішінде болды. Торғай облыстық Қазақ мұңы
газетін ұйымдастырып, редакторлық етті. Кейіннен Қоқанға қайта оралып,
қалалық совдеп хатшылығына сайланады. 1918-1919 жылдары Ферғана облревкомы
төрағасының орынбасары, облыстық ағарту комиссары, Түркістан Орталық Атқару
комитетінің мүшесі қызметтерін атқарады. 1920 жылы Түркістан
республикасының оқу-ағарту комиссары, Түркістан компартиясы уақытша Орталық
Комитетінің жауапты хатышыс, РКПб Орталық Комитеті Түркістан бюросының
мүшесі болады. Түркістан республикасы басшыларының бірі – Тұрар Рысқұловпен
қызметтес, пікірлес үлкен мақсат жолында бірге күресті. Осы кезде екеуі
Түркістанда Түрік республикасы мен Түрік Компартиясын құру идеяларын
көтерді... Н.Төреқұлов 1920-1922 жылдары Түркістан республикасы Орталық
Атқару комитетінің төрағасы қызметін атқарады. Сөйтіп, құрамына қазіргі
Өзбекстан, Түркіменстан, Тәжікстан, Қырғызстан, Қазақстанның Оңтүстік
Қазақстан, Қызылорда, Жамбыл, Алматы облыстары кірген көпұлтты мемлекеттің
басшысы болды. Мұндай биік дәрежеге ол асқан білімінің, парасатылығының,
ұйымдастырушылық қабілетінің, сіңірген қажырлы еңбегінің арқасында жетті.
Түркістан республикасының басшысы ретінде ол түркі халықтарын біріктіру
мақсатында Акмал Икрамов, Абдулла Рахымбаев, Қайғысыз Атабаев, Абдулла
Әуляни, Сағидулла Тұрсынқожаев сияқты қоғам қайраткерлерімен бірге өлшейсіз
еңбек сіңірді. Халықтың жағдайын жақсарту жолында қыруар жұмыс атқарды:
экономика, жер, ұлт, мәдениет, дін мәселелері бойынша ол ұстанған бағыттың
дұрыс болғандығын бүгінгі күн көрсетіп отыр [4, 6]. Ол түркі халықтарының
ұлттық дамуына ерекше көңіл бөлді. Үкіметтің жанынан жергілікті ұлттармен
жұмыс жасайтын арнаулы бөлімдер ашты. Қазақ бөлімін тікелей өзі басқарды.
Н.Төреқұлов 1922-1928 жылдары Мәскеудегі Ұлттар Комиссариаты жанындағы
КСРО халықтарының Орталық баспасын басқарды; шығыс еңбекшілерінің
коммунистік университетінде КУТВ дәріс оқыды; біраз уақыт осында
проректорлық қызмет атқарды. Баспаны басқарған жылдары шығыс әдебиетінің
асқан білгірі ретінде ғалымдық дарыны жарқырап көрінді. Қазақ, орыс, өзбек,
түркі, араб, парсы, ағылшын, неміс, француз тілдерін еркін меңгерген жан-
жақты білімдар Н.Төреқұлов Мәскеу зиялылары арасында кеңінен танымал
болған.
Н.Төреқұлов – қазақ, өзбек, тәжік тілдерін ана тілім деп білген,
татар, башқұрт, қырғыз, әзірбайжан тілдерінде оқыған, ағылшын тілін білген,
аз уақытта араб тілін меңгерген полиглот, меңгерген білімін іске жаратқан
үлкен ғалым. 1926 жылы Бакуде өткен І түркологиялық конгреске арнайы
қатысып алфавит жайында баяндама жасады. Онда латын әліпбиін қолдады.
Қазақ, өзбек, тәжік тілдерінде оқулық жазды. Өмірінің соңында түрік
тілдерін салыстыра морфологиялық зерттеу жүргізді. Түрік халықтары кіндік
баспасы бас редакторы кезінде 12 тілде кітап ұйымдастырып, басып шығарып
отырды.
Н.Төреқұлов – Қазақстандағы алғашқы баспагерлердің бірі. Ұлт
республикасында баспа ісін ұйымдастырушы болған ол Мәскеуде 1922-28 жылдары
Күншығыс халықтары Орталық баспасында бас редактор болып істеді. Халық
даналығы дерлік түркі халықтары мақал-мәтелдерін, жұмбақтарын кітап етіп
бастырды. Қазақ Бөкейханов, Жұмабаев, өзбек Аблани, башқұрт Вилданов
секілді түркі халықтары ардақтыларын шығармашылық іске тартты [4, 7].
1918 жылы РКП (б) қатарына өтіп, Қоқан автономиясын құлатуға
қатысқан. Қоқан Ревком төрағасының орынбасары және хатшысы болды. Ферғана
облревкомының және Түркістан Республикасы Орталық атқару комитетінің
төрағасы болды.
1920 жылы Түркістан КП Уақытша орталық комитетінің мүшесі және оның
Атқару бюросының жауапты хатшысы қызметін атқарды. 1922 ж. Түркістан
Республикасының Оқу-ағарту комиссары болып сайланды.
1922 жылдың қыркүйегінен КСРО ОАК жанындағы Орталық баспаның басқарма
бастығы, сонымен бірге Мәскеу жоғары оқу орындарында шығыс тілдерінен сабақ
берді, ғылыми еңбектер жазды. Оның Бұхара Советтік Халық Республикасы,
Қоқан автономиясы, Ферғана мәселесі деген тарихи шығармалары бар. Өзбек
мектебі үшін алғашқы оқулықтар жазды. 1923 жылы Темірқазық журналын
шығаруды қолға алды. Бұл журнал қазақ әдебиетіндегі кенжелеп қалған сын
мәселесіне көңіл аудара бастады. Нәзір жолдастың сыны қазақ әдебиетіндегі
алғашқы сын деп айтуға болады [5, 114].
1922-1928 жылдары Нәзір Төреқұлұлы СССР халықтарының Орталық баспасы
басқармасының председателі болды. Орта Азия мен Қазақстанда баспасөз
орындарын ұйымдастыру, газет-журналдар шығару, марксизм-ленинизм
классиктерін, озық көркем әдебиет туындыларын ұл тілдеріне аудару және
оларды редакциялау ісіне басшылық жасады. Орталық баспа басқармасының
жанындағы Шығыс халықтары тілінде кітап шығаратын редакциялық алқаны да
тікелей өзі басқарды. Қазақтар үшін Темірқазық атты айына бір шығатын
саясат, шаруашылық, білім, әдебиет журналын ашып, оның әрі бас редакторы,
әрі белсенді авторы болды. Абай шығармаларын тұңғыш рет Ташкентте бастыру
ісін тікелей жүзеге асырған да – Нәзір Төреқұлов.
Көп ұлтты Түркістан Республикасының саяси тынысында Нәзір Төреқұлов
партиялық және мемлекеттік жоғары билік тұтқаларын ұстаған. Жергілікті ұлт
өкілдерінің алғашқылары қатарында Түркістан Компартиясы Орталық комитетінің
бірінші хатшылығына сайланған. Одан кейін де Түркістан Республикасы Орталық
Атқару комитетін (ЦИК), Оқу-ағарту халық комиссариатын басқарды. Түркістан
майданы революциялық әскери кеңесіне мүше болды. Сондай-ақ партия тарихы
институтын өз қолымен ұйымдастырып, оның органы Түркістанның қызыл
жылнамасы журналын шығарды. Сауаттылығы төмен елде қоғам құрып,
мемлекеттік құрылысты енгізудің қиыншылығын түсінген Т.Рысқұлов, С.Қожанов,
М.Тынышпаев, Х.Досмұхамедовтер оқу-ағарту ісіне аса мән беріп, Ташкентте
тұңғыш қазақ жоғары оқу орнын ашты, бұл істің басында Нәзір Төреқұлов
тұрды. Ірі лауазымды қызметтер атқара жүріп, саяси ғана емес, мәдени
шаралар бойынша да оң шешімдер қабылдады. Бүкіл адамзаттық құндылықтарды
игеруді қадір тұтуды өз ұлтының дәстүрімен ұштастырды.
Нәзір Төреқұловтың Түркістандағы қызметі аса бір күрделі кезеңге –
жаңа қоғамның әлеуметтік мұраттары жүзеге асырылған ауқымды әлеуметтік
сынақ уақытына тұстас келді. Л.Троцкийдің пікірінше, жұмыс барысында
кедергі аздай жергілікті саяси топтарға орталықтан жіберілген басшылар...
дем беріп, желіктіріп, түптің түбінде өз үстемдігін нығайтты... орталықтың
саясатына қатысты мәселелерден шебер бұрып әкетіп отырды... [4, 7]. Мұндай
аласапыранда өз танымы мен берік тоқтамын жүзеге асыру Нәзірге оңайға түсе
қоймады. Әйтсе де ол принциптеріне адалдық танытып, ешкімге бас ұрмады,
ұлтын, жолдастарын жасытып, сатып кетпеді. Әділдік орнығар деген үмітпен
ғұмыр кешіп, еңбек етті.
Н.Төреқұловтың оқу-ағарту саласындағы атқарған жұмыстары, айтқан
сөздері, жазған мақалалары бүгінгі күнге дейін күн тәртібінен түспей
келеді. Кезінде ол елді сауаттандыруға баса назар аударып, бірінші кезекте
жергілікті ұлттық мамандарды даярлауға ерекше мән берген еді. Осы ұлттық
мамандар арқылы ұлттық мектептер ашуға, әр ұлттың өз тілінде білім алуына
баса назар аударды.
Түркістаннан тысқары кеткен соң Нәзір Мәскеудегі КСРО халықтарының
Орталық баспасын басқарды, ғылыми-педагогикалық жұмысқа араласты. КСРО
Ғылым академиясы түркология секторын басқарып, ғылымға біржолата ден қойды.
Шығыс еңбекшілерінің Коммунистік университетінде (КУТВ) дәріс оқып, біраз
уақыт осы оқу орнында проректорлық қызмет атқарған. Осы жылдары Әлихан
Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Мағжан Жұмабаев сияқты ақыл-ой алыптары,
“алашордашылдарды” қамқорлығына алып, қолдау көрсеткені үшін ұлтшыл атанды.
Осылайша, өкінішке қарай, 1937 жылы нақақтан жала жабылып, жазықсыз атылып
кетті [6, 114].
Өзінің қысқа өмірін Нәзір Төреқұлов толығымен ұлтына, оның болашағына
арнады. Сол бір аласапыран заманда одақтық деңгейде басшылық қызметтер
атқарды. Соның ішінде Түркістан Орталық атқару комитетінің төрағасы ретінде
халқымыздың жағдайын, әл-ауқатын жақсарту, олардың рухани мәдениетін
арттыру, мәдениет, білім ошақтарын көбейту, жастарды тәрбиелеудегі еңбегі
ұшан теңіз. Ол тек қана қазақ халқы емес, бүкіл түркі тілдес халықтардың
мақтанышына айналды. Өмір жолының қай кезеңінде болсын, халықтармен етене
араласып, оларды мәдениетке, әдебиетке баулыды. Өзі шығарып отырған газет,
журналдар беттерінде жарияланған мақалалары езілген халықтарды
жігерлендіріп, бойларына күш-қуат берді.
1928-1936 жылдар – Н.Төреқұлов өмірінің үшінші кезеңі. Ол 1928 жылы
КСРО-ның һижаздағы (Сауд Арабиясы) бас консулы болып бекітілді де, көп
ұзамай-ақ өкілетті елші қызметіне тағайындалды. Осы жерде Н.Төреқұловтың
Орта Азия халықтарынан шыққан тұңғыш профессионал дипломат, өкілетті елші
екендігін де айта кеткен жөн. Бұрын дипломатиялық қарым-қатынас болмаған
араб елдерінде Н.Төреқұлов алғаш рет түрлі байланыстарға жол ашты. Екі
елдің арасындағы түрлі саяси, экономикалық мәдени қатынастардың орнығуына
тікелей қол жеткізді. Осындай орнықты істерінің арқасында өз әріптестері
арасында зор беделге ие болды; Сауд Арабиясындағы шетел елшілері корпусының
құрметті төрағасы – дуайені болып сайланады.
1936 жылы Н.Төреқұлов дипломатиялық қызметтен босатылған соң КСРО
Ғылым Академиясының Марр атындағы тілтану институтында түркі тілдері
секторын басқарып, біржола ғылымға бет бұрды. Жалпы, Н.Төреқұловтың
энциклопедиялық білім иесі болған [4, 16]. 1928 жылы 36 жасында ол
Хиджаздағы (Сауд Арабиясы) КСРО-ның өкілетті уәкілі болып тағайындалды. Ол
кезде мұндай жауапты қызметке жас адамның тағайындалуы дипломотиялық
тәжірибеде өте сирек кездесетін. Араға екі жыл салып, Н.Төреқұлов КСРО-дағы
тұңғыш қазақ елшісі атанды. Жаңадан іргесі қаланып, әлемді тек мұнайымен
ғана емес, рухани байлығымен аузына қаратқан Сауд Арабиясына КСРО-ның
елшісі болу қарапайым кезекті қызметке тағайындалу емес еді. Бұл елге елші
таңдаудың өзі үлкен саясаттың жемісі болатын. Тағайындау алдында
мұсылмандығы, қабілеті, білім дәрежесі, қазақ халқының өкілі екендігі –
бәрі-бәрі ескерілген. Оның үстіне Түркістан Автономиясында оқып, білім
алғаны, қызмет істегені еске алынды. Осылай ол алып империяның өкілі
ретінде шетелде 8 жыл бойы қайраткерлік көрсетті.
XX ғасырдың бас кезінде қоғамдық, мемлекеттік істерге араласа
бастаған қазақ интеллигенттері ұлттар арасындағы теңсіздікті жоюға, оқу,
білім, мәдениет, ғылым, техника саласында артта қалған жергілікті
халықтарды алға сүйреуге ұмтылды. Өзінің білім дәрежесі, күрескерлік
тәжірибесі, мұсылман елдері өркениетін жақсы білетіндігі жағынан
Н.Төреқұлов өзге замандастарынан оқ бойы озық тұрды.
Н.Төреқұловтың КСРО дипломатиясы мен саяси тарихындағы алар орны
ерекше екендігіне қарамастан, Алаштың абзал арыстары С.Қожанов, Т.Рысқұлов,
С.Сейфуллин сияқты Н.Төреқұлов та Кеңес өкіметінің солақай саясатының
құрбаны болды [7, 45]. Бір айырмашылығы, Н.Төреқұлов дербес мемлекет құруды
армандаған алашордалықтардың құрамында болғаны үшін емес, мұсылман елдері
өкілдерімен тығыз байланыста болғаны және мұсылмандық дінді сақтап қалуды
үгіттегені үшін кеңестік жендеттердің қолынан мерт болды. Бірақ, кеш болса
да 1958 жылы толығымен ақталды.

2. Н.Төреқұлов мұрасының зерттелуі

Қазақ елінің, қазақ жұртының тағдыры сынға түскен тарихи кезеңдерде,
алмағайып замандарда әсіресе қазақ оқығандары, ұлт зиялылары жанқиярлық
еңбек көрсетті. Ұлт болашағын ойлап қам жеген, халқы үшін от пен суға
түскен, азап шеккен, керек болса осы мақсатта басын бәйгеге тігіп, жан
қиған да осы Алаш арыстары болды. Әсіресе, ұлттық тәуелсіздік үшін күресте
олардың бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, тізе біріктіріп, ел
санасын оятудағы қыруар еңбегін ешуақытта ұмытуға болмайды. Алайда, 1937
жылдың қырғынында осынау қазақтың қаймағы болған арыстарымыз барлығы дерлік
қуғын-сүргінге ұшырап, басым көпшілігі ату жазасына кесілді. Ажалдан аман
қалғандарының өзі ұзақ жылдар бойында ескерусіз қалдырылды.
Осылайша, қазақ ұлтының іргетасын қаласуға сонау өткен ХХ ғасырдың
алғашқы жылдарында аянбай еңбек еткен, қыруар жұмыс жасаған А.Байтұрсынов,
Ә.Бөкейханов, М.Дулатов, Ж.Аймауытов, М.Шоқай, С.Садуақасов, Т.Рысқұлов
т.б. көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлерінің бел ортасында Нәзір
Төреқұловтың да есімі жарқырап көрінеді. Алаш идеясы бастарын біріктірген
осынау саңлақтарымыздың қоғамдық және саяси өміріміздің әр саласында еңбек
етіп, сол арқылы әрқайсысының түптің түбінде ұлттық тәуелсіздігімізге қол
жеткізуге әрекет жасағандығын аңғарамыз.
Патшалық Ресейдің отаршылдыққа негізделген империялистік саясаты
алдағы кезде Орта Азия мен Қазақстан халықтарының басына метрополиялық
бұғаудың темір ноқтасын мықтап кигізуді көздеді. Осы оймен олар жергілікті
жерлерден орыс-түземдік, тағы басқа мектептер ашты. Ондағы мақсаты –
жергілікті халықтан келешекте өзіне шын берілген сенімді адамдарды
тәрбиелеп шығару еді. Солардың алдыңғы тобы М.Шоқаев, Ә.Бөкейханов,
Б.Қаратаев, А.Байтұрсынов, Ә.Ермеков т.б. Бұлардан кейінгі екінші толқынның
қатарына Н.Төреқұлов, Т.Рысқұлов, С.Қожанов т.б. келіп қосылды.
Мемлекет және қоғам қайраткері Нәзір Төреқұлов та осы идея үшін
күресті, азабы мен абыройы қатар түсіп жатқан, қатал да қатыгез тағдыр
кешті. Оның өмір жолына қарап отырсақ, қоғамдық және саяси қызметінің
барлық белестерінде алдымен ұлтына, туған халқына аянбай көмек беруге
ұмтылғанын көреміз. Керек болса, осы мақсатта қолына қалам алып ғылыммен,
әдебиетпен және журналистік қызметпен де айналысты. Соның арқасында қазақ
әдебиеті мен өнері үшін, қазақ тіл ғылымы мен баспасөзі үшін, бір сөзбен
айтқанда, жалпы қазақ тарихы мен руханияты үшін қаншама құнды дүниелер
жазып тастап кетті.
30-жылдардағы репрессиялар тек қана жеке адамдарды құртып-
жойғандығымен ғана емес, сонымен бірге күллі тарихымызға, қоғамдық санаға
жасаған реставрациясымен де жиіркенішті. Жасанды жалалар салдарынан елім
деп еңіреген талай азаматтардың өмірі қиылып, революция мүддесі жолындағы
қызметі, сіңірген еңбегі жоққа шығарылғаны мәлім. Жеке басқа табыну
құрсауын бұзған алғашқы жылдарда жазықсыз құрбандыққа шалынған
қайраткерлердің адал есімдерін қалпына келтірумен қатар, ұмытылуға тиіс
емес істерін еске түсіру мүмкіндігі де туғандай болған, амал не, артынша
орнаған тоқырау дәуірі әділетті тағы да жартылай тұмшалап тастады. Жазықсыз
жазалауға ұшыраған кей азаматтар жөнінде толық деректер берілмеді,
түбегейлі зерттеулер жарық көрмеді. Сондай әділетсіздік аяғынан шалған
аяулы ааматтарымыздың бірі – партия, мемлекет қайраткері, дипломат, ғалым
Нәзір Төреқұлов еді... [8, 15].
Сонымен, Нәзір Төреқұлов кім, ол бізге несімен қадірлі? дегенде оның
қайраткерлігін алдымен атар едік. Түркістан түбіндегі Қандөз ауылында
заңгер отбасында туылып, Ферғананың Қоқан қаласында ержетіп, Мәскеуде
жоғары білім алған Нәзірдің қоғамдық жұмыстарға бет бұруы 1916 жылдан
басталады. Осы жылғы 25-маусымдағы патша жарлығымен мыңдаған қазақ жастары
майданның қара жұмысына алынды. Кейбір деректерге қарағанда, 250-300 мыңдай
қазақ майданда адам төзгісіз ауыр жұмыстарда еңбек етті. Мәскеудегі сауда
институтының 3-курс студенті Н.Төреқұлов оқуын тастап, Минск түбіндегі қара
жұмыстағы қандастарына жетеді. Осында Ә.Бөкейханов, М.Дулатов, М.Есболов
сияқты ұлтжанды азаматтармен танысып, солармен бірге түрлі насихат,
ұйымдастыру, көмек көрсету жұмыстарын жүргізеді [2, 9]. Осы кезде парасат-
білімімен, ұйымдастырушылық қабілетімен көзге түсті; саяси көзқарасы
қалыптасты.
Әлеуметтік оқиғалардың қалың ортасында жүріп, оның саяси бағыты
айқындала түсті: патша өкіметінің өзге ұлттарға жасап отырған озбырлығы оны
мазалай берді. Осындай ойлардың жетегімен Түркістан жастарының Еркін дала
атты саяси астыртын ұйымын құрып, жұмысына басшылық жасады. Бұл ұйымға
бірсыпыра ұлтжанды қазақ зиялылары мүше болды. Ұйымның негізгі мақсатын
халқымыздың көзін ашып, мәдениет жолында ілгері бастыру, мұның үшін түрлі
мектептер, стипендиялар ашпақшы һәм газет, журнал, мектептерге керек түрлі
кітаптар шығармақшы. Ресейдегі өзгеріске қарай халыққа мұқтаж саяси
шаруашылық жайын, жер туралы болған түрлі пікірлердің бағытын түсіндіру,
халықты оятып, өнер-білімге қозғау үшін ел арасында әр түрлі үлгі ойындар
көрсету (Қазақ, 1916, №236) – деп белгіледі.
Сөйтіп, Минскідегі кезең Ә.Бөкейхановпен, М.Дулатовпен бірге атқарысқан
қоғамдық қызмет кейіннен үлкен достыққа ұласып, Н.Төреқұлов өмірінің сара
жолын айқындап берді. Әлихандармен достық қарым-қатынас кейіннен саяси
көзқарас бірлігіне айналып, өмірінің соңына дейін гиеттес болды.
Жиырмасыншы жылдары Қазақстанда алашордашылар саяси қуғынға ұшырағанда олар
Тәшкенге барып Нәзірлерді паналады. Алашордашыл ақын-жазушылар Түркістанда
моральдық қолдау көріп қана қойған жоқ: шығармаларын газет-журнал
беттерінде жариялап, кітаптарын шығарды; кейбіреулері осында оқуға,
қызметке кірді. Кейін Н.Төреқұлов Мәскеуге ауысқанда да алашордашылар
Нәзірдің төңірегінен табылып, қанатының астын паналады [9, 19]. Бұл
фактілер Нәзірдің алашордашылармен саяси бағытының бір болғандығын ғана
емес, олардың дем берушісі, серкелерінің бір болғандығын да дәлелдейді.
Ол өзінің көп жылдық саяси-әлеуметтік күрес өмірінен алған
тәжірибесінде ұлт-насихат ісінің қаншалықты күшті әсері барлығын жете
ұғынғандықтан, Қоқанда кеңес өкіметі орнасымен-ақ жергілікті баспасөз
орындарын ұйымдастыруға белсене кірісті. Қоқанда Халық газетін
ұйымдастырды, газет бетінде оның мақалалары жиі жарияланып, онда партия
саясатын халық арасында терең түсіндіріп отырды. 1919 жылы республикамызда
басмашылармен кескілескен қанды күрес дәуірінде Нәзір Ферғана облревкомының
құрамына сайлана отырып, халық арасында үгіт-насихат ісін кең көлемде
жүргізді [2, 12]. Төреқұлов Ферғана облыстық халық ағарту бөлімінің тұңғыш
меңгерушісі қызметін атқара жүріп, оларды оқытушылармен қамтамасыз ету
ісінде орасан зор ұйымдастырушылық жұмысын атқарды.
Н.Төреқұловтың тамаша журналистік таланты да осы жылдары өзінің мол
жемісін бере бастады. Баспасөз бетінде оның басмашылардың халыққа қарсы
жүргізіп отырған үгіт-насихаттарын түбірімен әшкерелейтін өткір жазылған
фельетон, мақалалары бірінен соң бірі жарияланып жатты.
Қалың жұртшылық Төреқұлов жөнінде ұзақ жылдарғы үнсіздіктен кейін
алғашқы мағлұматтарды Сәбит Мұқановтың, Сәкен Сейфуллиннің еңбектерінен
оқыды. 1922 жылдан бастап Москвада Ұлттар баспасы аталатын мекеме
құрылды да, оның қарамағында қазақ тілінде Темірқазық атты журнал шықты.
Баспаның директоры да, журналдың редакторы да Нәзір Төреқұлов,- [10, 93]
деп жазды С.Мұқанов Өмір мектебінің үшінші кітабында. - ... Мен
Төреқұловтың өзге жердегі қызметін білмеймін, және білуге тырысып та көрген
адам емеспін. Өйткен себебім... көп тарихи деректің бір де біреуінде Нәзір
Төреқұловтың аты жоқ. Оның аты тек, 1923 жылы Қызыл Қазақстан журналында
жазған Сынға сын есімді менің бір мақаламда, 1929 жылы Еңбекші қазақ
газетінде Сәкен жазған (Нәзірдің Тар жол, тайғақ кешу туралы жазған
мақаласына жауап) бір мақалада ғана аталады. Осы екі мақаладан басқа Нәзір
Төреқұлов туралы жазылған баспасөз документі жоқ, сондықтан да оны өзімен
істес болғандардан басқа ешкім білмейді. Ендеше жұрт білмейтін адамның
өмірбаянын мен неге зерттеймін? Маған оның қажеті жоқ. Төреқұловты бұл
кітапта атаған себебім, өлеңдерімнің жинағын Шығыс баспасына өткізбеуіне
байланысты қылығын айту ғана ... [10, 106].
С.Сейфуллиннің Еңбекші қазақтағы жоғарыда аталған мақаласы оқырманмен
қайта қауышқан Тар жол, тайғақ кешуге қосып басылды. Онда Сәкен былай
дейді: Төреқұловтың сын деп жазғаны қандай сын екені оқыған жұртқа
көрінді. Төреқұлов тек мені ғана сынайды. Төреқұловтың мақсаты доктор
тәрізді мені түзеу болса, рахмет, ондай далбаса доктордың маған керегі
шамалы... мінімді түзейтін шын сыншым да, шалдықсам емдейтін докторым да,
қате бассам тергеп, өзінің түзу жолыңа салатын әділ, сыншыл сотым да
еңбекші ел, жұмысшы табы [10, 388].
Н.Төреқұлов есімінің осы уақытқа дейін көпшілік қауымға танымал болмай
келгендігінің бірнеше себептері бар. Оның бастылары – негізінен Түркістан
республикасында, Мәскеуде, шетелде қызмет атқаруы, ұлтшылдығы, соның
салдарынан Қазақстан басшылығындағы коммунистердің оған деген барынша теріс
көзқараста болғандығы дер едік. Қазақ совет әдебиетінің классигі С.Мұқанов
жазған Өмір мектебіндегі мына жолдарды оқығанда бұған көзіңіз жетеді:
...Мен Төреғұлұлының өзге жердегі қызметін білмеймін және білуге тырысып
та көрген емеспін. Өйтетін себебім, қазақ республикасының 43 жылдық
тарихында оның саясатын, экономикасын, мәдениетін басқаруда еңбегі бар
адамдар туралы баспасөзде мақалалар, кітапшалар, кітаптар шығып келеді...
Осынша көп тарихи деректердің бірде-біреуінде Нәзір Төреғұлұлының аты жоқ.
[10, 388].
Күні кеше Қазақстанның мәдениет, идеология саласында ықпалы күшті
кісінің бұл жазғандары бізге көп нәрсені аңғартса керек. Әсіресе Мен
Төреғұлұлының өзге жердегі қызметін білмеймін және білуге тырысып та көрген
емеспін - деуі Н.Төреқұлов туралы тек Сәбеңнің ғана емес, совет өкіметі
кезіндегі республика басшылығының ресми пікірі де болып келді.
Қазір, Аллаға шүкір, Нәзірдің есімі халқына қайта оралды. Белгілі
ғалымдар Б.Кенжебаев, Т.Қожакеев, Р.Бердібай, Ф.С.Бәкіров, С.Тілеуқұлов,
Ш.Оразымбетов, жазушы-журналистер Ж.Арыстанов, С.-Б.Сахабат т.б.
еңбектерінде Н.Төреқұловтың өмірі мен қызметі, шығармашылығы жайлы
бірсыпыра бағалы пікірлер айтылды. Ж.Әлмашұлы Н.Төреқұловтың
шығармашылығынан кандидаттық диссертация қорғады. Сондай-ақ, С.Қирабаев,
Т.Кәкішев, Ш.Елеукенов т.б. әдебиетші ғалымдардың еңбектерінде арнайы
болмаса да ішінара Нәзірге қатысты пікір кездесіп қалады. Бұл ретте соңғы
жылдарда құрылған Нәзір қорының айтарлықтай жұмыс атқарып келе
жатқандығын айта кету керек. Исмаил Ыбырай қажы басқаратын бұл қор
Н.Төреқұловтың қоғамдық қызметін, шығармашылық мұрасын зерттеудің бірден-
бір орталығына айналып, осы бағытта бірнеше кітаптар шығарды. Алда Нәзірдің
өмір жолын зерттей түсу, шығармалар жинағын толық шығару сияқты үлкен
міндеттерді межелеп отырды... [11, 5].
Осы орайда қалам қайраткерінің осынау баға жетпес құнды мұралары
жайында алғашқы іргелі ой-пікірлерді айтқан, сүбелі мақалалар жазған бір
ғалым көрнекті әдебиеттанушы ғалым, филология ғылымдарының докторы,
профессор Темірбек Қожекеев еді [12, 15]. Ғалым сонау 80-ші жылдардың аяғы
мен 90-шы жылдардың басында-ақ осынау тақырыпты терең қазып зерттеді.
Н.Төреқұловтың қазақтан шыққан тұңғыш кәсіби, білікті дипломат, елші
болғандығын және оның есімі сол кезде, көзі тірісінде-ақ халықаралық
деңгейде танылғандығын, жоғары бағаланғандығын бүгін үлкен мақтанышпен
айтуға тиістіміз. Бұл биік дәрежеге Н.Төреқұлов үлкен белестерден өтіп
келді.
Нәзір Төреқұлов өмірінің, қоғамдық-саяси қызметінің осы кезеңі
белгілі қоғам қайраткері, саясаттанушы ғалым Тайыр Мансұровтың соңғы
жылдары жарық көрген бірнеше еңбектерінде нақты деректік құжаттар негізінде
терең ашылады. Оның төмендегі кітаптарынан аңғаруға болады: Нәзір
Төреқұлов – Сауд Арабиясы корольдігіндегі КСРО-ның өкілетті өкілі.
Хаттар, күнделіктер, есептер (1928-1935жж), М.: Русский раритет, 2000.;
Елші Нәзір Төреқұловтың Арабия дастаны, 4 тілде (орыс, қазақ, ағылшын,
араб), М.: Реал-Пресс, 2001.; “Елші Нәзір Төреқұлов. Дипломат, Саясаткер,
Азамат”, М.: Реал-Пресс, 2003.; “Елші Нәзір Төреқұлов. Дипломат, Саясаткер,
Азамат(ағылшын тілінде) М.: Реал-Пресс, 2003.; Елші Нәзір Төреқұлов
(Жизнь замечательных людей: өмірбаян сериясы.) М.: Молодая гвардия, 2004.;
Елші Нәзір Төреқұлов. Дипломат, Саясаткер, Азамат (араб тілінде), Эр-
Риад: АБЕКАН, 2006 т.б.
Қазақтың біртуар, аяулы перзенті жүріп өткен қызмет белестері,
Н.Төреқұловтың өзі қалың ортасында жүрген, болған тарихи оқиғалар ауқымы
немесе елшінің өз көзімен көрген елді мекендер, ірі-ірі саяси тұлғалармен,
мемлекет басшыларымен жасаған қарым-қатынасы сынды азаматтың өміріндегі
маңызды сәттердің барлығы тиянақты түрде зерттеліп, Н.Төреқұлов тұлғасын
терең ашуда айрықша қызмет еткен. Әсіресе, елші Н.Төреқұлов жайындағы Ресей
Сыртқы істер министрлігіндегі, Ресей қауіпсіздік қызметінің Федералдық
бюросындағы, солардың кіруге рұқсат етілмейтін мұрағаттары мен
мұражайларындағы, құпия бөлімдеріндегі “аса маңызды мемлекеттік грифтегі
құжаттары мен олардың фотокөшірмелерін қолға түсіруде автор-зерттеуші
айрықша табандылық танытты [4, 17].
Нәзір Төреқұловтың араб тілінде басып шығарылуы, сөз жоқ, біздер –
қазақстандықтар үшін, әсіресе өткен ғасырдың 20-30-шы жылдарында Сауд
мемлекетінің қалыптасып, дамуының барынша қиын-қыстау кезеңінде онда кеңес
дипломатиялық қызметін біздің аты аңызға айналған отандасымыздың басқарғаны
зор мақтаныш. Кеңес-Сауд қарым-қатынастарының, “алтын ғасыры” түбегейлі
зерттелген. Кәсіби арабшылардың айғақтауынша, бұл зерттеу өз мақсатына
жеткен [4, 18]. Осы істе Нәзір Төреқұловты Араб дүниесіндегі барынша
ардақты Каирдың Айн-шамс университетінде аударуға ден қойған Сауд әл-
Фейсалдың рөлі айқын аңғарылады. Кітаптың жай мазмұнын ғана емес,
Төреқұловтың сыртқы істер халық комиссариатының басшылығымен жазысқан
хаттарындағы астарлы ой оралымдары мен аса бай тіл өрнектерінің бәрі де
араб тіліне шебер аударылған.
Ерекше айтарлық бір жайт, сол кездегі Кеңес одағының басшыларының
Н.Төреқұловты Сауд Арабиясына елші етіп тағайындау арқылы қандасымыздың
әлемдік тұлғаға айналуына жол ашқанын өздері де аңғармай қалды.
Н.Төреқұловтың сол кезеңде әлемдегі ең бір беделді, абыройлы дипломатия
басшыларымен, елшілік қызметінің көрнекті қайраткерлерімен тіл табысып,
қоян-қолтық араласып кетуі, сонымен бірге солардың құрметіне ие болуы,
керек болса сол елде қоныс тепкен шетелдік елшіліктер корпусының жетекшісі,
жолбасшысы (дипкорпус дуайені) биігіне көтерілуі, әрине, кеңестік
большевиктік үкіметтің толық қолдауына ие болуынсыз екіталай ед [4]. Қазақ
перзентінің халықаралық деңгейдегі ірі, көрнекті саяси қайраткерге айнала
бастауы, әрине, Кеңес Одағының, қызыл империяның шовинистік пиғылдағы
көсемдері басқарған 1930 жылдардағы репрессиялық аппаратына ұнаған жоқ.
Н.Төреқұловтың Кеңес Одағы үшін, ішінара, әрине, одақтас республикалар
ретіндегі түркі халықтары үшін жасап жатқан жемісті елшілік қызметін шұғыл
арада үздіртіп, Кеңес Одағына қайта шақыртып алу саясатында да осындай
астар бар еді [8, 4].
Сталиннің және оның төңірегіндегі жандайшаптарының, асыра
сілтеушілерінің тікелей ұйымдастыруымен, тікелей жала жабу арқылы көп
ұзатпай Н.Төреқұловты ірі қайраткер ретінде саяси сахнадан алыстату
мақсатында ашық, арсыз саясат жүргізілді. Түркі жұртына жаны ашығаны үшін,
көмек бергені үшін пантюркизм көсемдерінің бірі деді. Диверсиялық-
террорлық пантүркілік ұйымның белсенді мүшесі ретінде Тұрар Рысқұловпен
бірігіп Кеңес Одағын құлатуға әрекет жасады деген айып тағылды. Оның аяғы
арысымыздың нақақтан-нақақ ату жазасына кесіліп, 1937 жылдың 3 қарашасында
халық жауы деген айыппен мерт болуына алып келді [13, 113]. Н.Төреқұлов
осының барлығын сезді, білді. Біле тұра, зиялы, аса сабырлы, аса мәдениетті
жан ретінде ең соңғы сағатына дейін партияға сенді, әділдік жеңер деп
ойлады. Өзімен тұстас жаппай репрессияға ұшырап жатқан Алаш көсемдері Ахмет
Байтұрсынов, Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатов ағаларымнан жаным артық
емес менің деп, іштен тынып, соңғы деміне дейін жақсылықтан үмітін үзген
жоқ.
Осындай құнды деректердің барлығы жоғарыда аталған еңбектерде нақты
мысалдар арқылы дәлелденеді. Ату жазасын анықтаған құжаттардың
фотокөшірмелері беріледі. КСРО-ның Жоғарғы соты Әскери кеңесінің үштігімен
кесілген жаза шешімінің фотокөшірмесі жан түршіктіреді. Ешкім білмейтін,
ешкім танымайтын, бригадалық әскери заңгер деген атақтары бар Матулевич,
Стельмахович, Зарянов деген қатардағы үш офицердің жабық сот мәжілісін
өткізіп, жүрдім-бардым тергеп, жол-жөнекей қоя салған қанды қолдарының
айбақ-шайбақ көшірмелері талай боздақтарымыздың осылайша түбіне жеткенін
ойлағанда, түршігесің. Сталин сияқты жеке адамға табынған қоғамның тұтас
бір ұлттың үкілеген үмітіндей, алақанға салған аяулыларын шыбын құрлы
көрмей, қалайша аяққа таптағандығын көріп, зығырданың қайнайды. Көпе-көрнеу
жасалып жатқан қиянатқа не істерлерін білмей, шарасыз күй кешкен, намыс пен
ыза кернеген жүректері қан жылап, еш болмаса кегін ала алмай арманда кеткен
қайран арыстарымыз-ай! [14, 65].
Кітаптың тартымды тілмен, анық, айқын стильде, күллі репрессиялық
жазалаудың зардаптарын сол күйінде оқырманға жеткізуі Нәзіртану ғылымындағы
беймәлім беттерді ашады. Сонымен бірге Н.Төреқұловтың өмір деректері де,
елшілікке дейінгі қоғамдық-саяси қызметтерінің маңызды белестері де қысқа
да нақты баяндалып, назардан тыс қалмағандығы кітаптардың құнын арттырған.
Бұл зерттеу әдісі Н.Төреқұловтың тарихи тұлғасын толық сомдап шығуға
мүмкіндік берген. Қайраткердің елшілік қызметіне дейінгі азаматтық, адамдық
келбеті де қалай қалыптасқандығы тартымды өмір деректері арқылы ашыла
түседі.
Ең алдымен Нәзір Төреқұловтың өскен ұясы әулетті, ұлағатты, алған
білімі құнарлы, тиянақты еді. Қазақтан шыққан алғашқы кәсіпкердің отбасында
дүниеге келді, өз заманына сәйкес білім алды. Мәскеу қаласында, сол
заманның ең беделді жоғары оқу орындарының бірі – Мәскеу сауда институтының
экономика факультетінде оқыды. Бірнеше тілдерді қатар меңгерді. Соның
арқасында өз тұстастарынан оқ бойы озық тұрған нағыз зиялы жан болды.
Алайда, өз мемлекетінің мүддесін шет елде биік деңгейде қорғау үшін бұл
қасиеттер де адамға аздық етеді. Біліктілігі жағынан аса жоғары деңгейдегі
елші болу үшін алдымен, өмір ағымына жетік болу керек, ерік-күші қажет, сын
сағатта тығырықтан жол таба білген жан ғана қапы қалмайды.
Төңірегіндегілерді түсіне білу, әсіресе өзің елші болып келіп отырған
мемлекетіңнің басшылығымен терезең тең келісім сөз жүргізу, көрегендік,
шешендік өнер, осының барлығы бір бойыңнан табылып тұрмаса опық жеуің оп-
оңай. Осы қасиеттердің барлығы Нәзір Төреқұлов бойынан табылды.
1922 жылдың жазында Нәзір Мәскеуге шақырылады, сондағы Күншығыстың
кіндік баспасы деген отандық баспаның төрағасы қызметіне бекітіледі. Бұл
алпысқа жуық газет-журнал мен кітаптар шығатын үлкен баспа орны болатын.
Ә.Бөкейханов, М.Жұмабаев сияқты қазақтың аса көрнекті зиялы азаматтары
Нәзір маңына топтасып, сол баспада әдеби қызметтер атқарады. Нәзір сол
баспаның жанынан Темірқазық атты әдеби-көркем, қоғамдық саяси журнал
шығаруды ұйымдастырады [4, 44]. Нәзір осы кезде сол баспа арқылы жалпы
түркі тілдес халықтардың, соның ішінде қазақ халқының тарихы мен мәдениеті
туралы аса қажетті рухани қазыналарды жарыққа шығаруға белсене қызмет
етеді. Дәл сол кезде, Ө.Тұрманжанов, Б.Кенжебаев, Ж.Арыстанов т.с.с.
қазақтың талантты жастары сондағы Шығыс Еңбекшілерінің Коммунистік
университетінде оқитын [15, 72]. Бұлар Нәзірге барып, ақыл-кеңес, кейде
материалдық жәрдем алып тұратын.
Қалай дегенде де Нәзір Төреқұловтың қызмет еткен, тағдыр кешкен
жылдарында, сонан соң азамат соғысы кезеңінде жинаған іс-тәжірибесі зая
кетпеді. Кейінірек ол үлкен-үлкен жауапты қызметтерге сайланды. Түркістан
Компартиясы Орталық Комитетінің жауапты хатшысы, Түркістан Атқару
Комитетінің төрағасы, Шығыс халықтары институты директорының орынбасары
және КСРО Орталық Атқару Комитеті жанындағы Орталық баспа басқармасының
төрағасы, түрік халықтарының жазуын латын әліппесіне көшіру жөніндегі
Орталық Комитеттің төрағасы сынды басшылық қызметтерді атқарды [4, 41].
Осының барлығы Нәзір Төреқұловтың қайраткерлік тұлғасын қалыптастырды,
мемлекет ісін терең меңгеруге жол ашты.
Н.Төреқұлов елшілік қызметтің ең бір негізгі бағыттарын, бейнелей
айтсақ, үш тағанын – өз мемлекетінің беделін лайықты дәрежеде ұстап тұру,
оның саяси, сауда-экономикалық, басқа да мақсаттарын табанды түрде қорғау
және аса қажетті ақпараттарды дер кезінде електен өткізе білу сияқты
салаларды терең меңгеріп, осыларды мүлтіксіз орындап отырды. Ол сол кезеңде
өзі төтенше және өкілетті елшісі болып отырған Кеңес Одағының беделін
көтеруге күш салды, осы мақсатта әр деңгейдегі келіссөздерді шебер,
біліктілікпен жүзеге асырып отырды. Әсіресе кеңестік сауда жүйесінің
өміршеңдігін дәлелдеп, оған жасалған шетелдік қысымға шектеу салды, сол
арқылы елшіліктің сараптау жұмысының арнасын жаңа жолға қойды. Мұны біз сол
кезеңнің өзіндегі асқан шеберліктің үлгісі ретінде қабылдауымыз қажет.
Жалпы, Н.Төреқұловты Сауд Арабиясы сияқты мүлдем беймәлім мемлекетке
елші ретінде таңдаудың, тағайындаудың күрделілігі шын мәнінде тереңірек,
салыстырмалы түрде, керек болса тарихи құжаттарға табан тірей отырып, ой
толғауды қажет етеді. Сахара корольдігінің көп елге құпия жатқан ішкі сыры,
мемлекеттік, саяси ерекшелігі, қоғамдық-әлеуметтік өзгешелігі т.б. барлығы
жиылып келгенде кімді болса да аса қиын жұмыстың күтіп тұрғандығы айдан
анық еді [4, 41]..
Оның үстіне бұл елде, яғни ислам елінде еркін жүріп-тұру, өз еліңнің
саясатын тыңдата білу, діні жағынан мүлдем басқа бағыттағы мемлекеттің
сөзін сөйлеп, сойылын соғу жүрек жұтқандықпен тең еді. Айталық, бір-ақ
мысал, Мекке мен Медине сияқты ислам әлемінің қасиетті, қастерлі қалаларына
аяқ басу тек шынайы мұсылман жанға рұқсат етіледі. Оның үстіне атеизмнің
қызыл туы желбіреп тұрған, дінді жоққа шығарып отырған мемлекеттің өкіліне,
мұсылман болсаң да араб елінде емін-еркін жүріп-тұрудың реті келе
бермейтіні анық. Осының барлығын есептеп келгенде, Кеңес өкіметінің,
Коммунистік партияның Н.Төреқұловтың арқасына жүктеген, мойнына ілген
жүктің қаншалықты ауыр болғандығын түсіндіріп жатудың өзі артық [4, 42].
Солай бола тұра Н.Төреқұлов Араб жерінде құрметпен қарсы алынып, төрт
күннен кейін, 3-ші қарашада, Меккеде корольдің ұлы, тақ мұрагері Фейсалға
сенім грамоталарын тапсырды. Корольдің өзі Әбдел Әзиз Әл-Сауд
Н.Төреқұловтың тағайындалуы туралы М.Калининнің 1928 жылғы 9 маусымдағы
жолдауына Кеңестік миссияның жаңа басшысы Сауд үкіметі мен корольдің жеке
өзінің тарапынан екі елдің арасындағы достық байланыстарды нығайту үшін
құрметке, барынша жақсы қатынасқа бөленеді деп жауап береді [4, 4]. Бұл
лебіз жай ғана хаттамалық сыпайылық емес еді. Хиджазда болған сегіз жыл
бойы Н.Төреқұлов король мен оның төңірегіндегілердің шын ілтипаты мен
құрметін көрді. Бұған көп жағынан жәрдемдескен тарихи оқиғалар ағымы –
саяси ахуал ғана емес еді. Н.Төреқұловтың адам, азамат ретіндегі жеке басы,
кісілігі, адамгершілік қасиеті, терең білімпаздығы мен оқымыстылығы, биік
парасаты мен ақылы, барлығы оны қоршаған ортасына, әріптестеріне, керек
болса жаулары мен дұшпандарына да оның беделін мойындатты. Бойға біткен
ақсүйектік, қанмен келген тектілік Нәзір Төреқұловты дара феномендік
тұлғалық деңгейге көтерді.
Нәзір Төреқұлов жаңа қызметін тез арада меңгеріп, жергілікті саяси
қайраткерлермен, ірі саудагерлермен өзара сенімді қатынастар орната алды.
Бұл орайда мына бір фактіні келтіре кеткен орынды. Бұрын араб тілін арнайы
оқымаған Нәзір тез арада оны жақсылап үйреніп алғаны соншалық, аудармашы
қызметінен мүлдем бас тартты. Өйтпесем, бірдеңе айтсам, басқаша аударылады
да, әңгіменің мәні айдалада қалады [11, 6], деп жазады ол. Бұл оның
алдымен елшілік қызметінің өте жауапты әрі өте абайлап, сақтық ұстап
атқаратын еңбек екендігін терең түсінгендігінің белгісі.
Оның араб тілін жетік меңгергені соншалық, ғұламалармен дін
тақырыбында еркін сөз жарыстырып, салтанатты жиында король мен оның
төңірегіндегілермен дипломатиялық корпус атынан сол тілде көсіле сөйлей
алатын дәрежеге жетті. Араб тілін жетік білуі оны еуропалық дипломаттардан
жоғары қойды, араб сұхбаттастарының құрметіне бөледі. Ал еуропалық
дипломаттар бұл тілді білмейтін. Мысалы, британ миссиясының басшысы тек
қана ағылшын тілінде сөйлейтін [11, 6].
КСРО-ның Сыртқы істер халық комиссариатына жазған алғашқы хаттарының
бірінде Н.Төреқұлов Шығыстану институтының студенттерін Хиджазға бір жылға
тәжірибе жинақтауға жіберуді ұсынып, олардың тек араб әдеби тілін білуінің
жұмысқа жеткіліксіз екенін дәлелдейді. Құран тілінде бұл арада бір қорап
күкірт те сатып ала алмайсың. Ал біздің оқу орындарында, бейнелеп айтқанда,
арабистерді емес, аруақтармен және періштелермен ғана сөйлесе алатын
құранистерді даярлайды, – [11, 6] деп істің мәнін нақты түсіндіреді.
1930 жылы-ақ, сауда шарты жасалмаған кездің өзінде, Н.Төреқұлов Сауд
режіміне кеңестік мұнай өнімдерін сату жөнінде қым-қуыт келіссөз жүргізді.
Әңгіме 50 мың жәшік бензин, керосин сату туралы. Бұл өнім елдің бір жылғы
қажетін өтейтін еді. Келіссөз сәтімен аяқталды. Бірақ бұл үшін Нәзірдің
голландиялық Шелл және америкалық Стандарт ойл оф Калифорния
компанияларының өршеленген қарсылығын еңсеруіне тура келді. Сауд жағы мұнай
өнімдерінен басқа, КСРО-дан ағаш, ұн, күкірт, қант және мата сатып алуға
тілек білдірді.
1932 жылы 5 мамырда Н.Төреқұлов демалыстан оралғанда Жидда портында
оны дипкорпус мүшелерінен тыс сыртқы істер вице-министрі А.Таха, Жидданың
вице-губернаторы А.Амри, қаржы министрлігінің сенімді өкілі С.Хашем, құпия
полиция бастығы М.Тайиб қарсы алды [4, 66]. Осының өзі де Нәзірдің
беделінің өте биік, елші ретінде өте сыйлы, абыройлы болғандығын дәлелдей
түседі.
Сонау өткен ғасырдың 30-шы жылдарында Нәзір Төреқұловтай
отандасымыздың, қазақ азаматының әлемдік деңгейде терезесін тең ұстап, сол
алпауыттардың өз тілінде, өз дәрежесінде Кеңес Одағы сияқты алып
мемлекеттің елшісі ретінде абыроймен қызмет атқаруы, сүйте жүріп түркі
тектес халықтардың да мұң-мұқтажын шешіп, осы жолда қам жасап өтуін де
ерлікке пара-пар еңбек десек, артық емес [16, 81]. Нәзір Төреқұлов – тарихи
тұлға. Оның асыл бейнесін, ел алдындағы ересен еңбегін әрдайым есте
сақтаған жөн.
Қай кезде болсын белгілі бір қоғамның даму жолын алға жылжытуда
жекелеген тұлғалардын феномені ерекше орын алатындығы баршаға белгілі. Өз
елінің тәуелсіздігі мен ұлтының жарқын болашағы үшін күрескен ірі тұлғалар
бүкіл адамзат өркениетіне маңызды үлес қосып келеді. Осы орайда
Қазақстанның қазіргі заманғы мемлекеттілігінің бастауында тұрған аса
көрнекті тұлға, нағыз елжанды, ардақты азаматтарының бірі Нәзір
Төреқұловтың да ұлтымыздың әлемдік кеңістікте өзіндік орнын иемденуге
қосқан үлесін атап өтуге тиіспіз. Өткен ғасырдың басында егемен ел болу
үшін өлшеусіз тер төккен алаш қайраткері Нәзір Төреқұловты ұлтымыздың
арасынан шыққан тарихи тұлғалардың бірі, көрнекті мемлекет және қоғам
қайраткері ретінде тануға тек еліміз дербес саясатын жүргізе бастаған соңғы
кезде ғана мүмкіндік туды.
Кешегі патшалық Ресейде, 70 жылдан астам үстемдік құрған өктемшіл
саясат дәуірінде тарих сахнасына шыққан Ә.Бөкейханов, М.Дулатов,
А.Байтұрсынов, М.Шоқай, Т.Рысқұлов, С.Қожанов [17, 23]. сынды қайраткерлер
бүгінгі Тәуелсіздігіміздің жолдарын, амалдарын анықтап берген болатын.
Туған халқын жанындай жақсы көріп, табиғат молынан берген қабілет-
дарынын, ақыл-білімін, күш-жігерін соған адал қызмет етудің ізгі
мұраттарына арнаған қазақтың сайыпқыран перзенттерінің бірі, бірі емес
бірегейі Н.Төреқұлов болып табылады, – деп жазды халық жазушысы
Қ.Мұхамеджанов дипломат, саясаткер Т.Мансұровтың Елші Н.Төреқұловтың
Арабия дастаны атты кітабына берген алғы сөзінде [18, 23].
Нәзір Төреқұлов Ресей отаршылдығының ... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Нәзір Төреқұлов
Н. Төрекұловтың дипломатиялық қызметі
Мемлекет және қоғам қайраткері Нәзір Төреқұлов
Нәзір Төреқұловтың өмірбаяны
Драматургиядағы тарихи тұлғалар бейнесі
Қазақстанның Еуропа елдерімен өзара қарым-қатынастары
Қазақ мемлекеттігі дипломатиялық қарым-қатынасының тарихы
Өзбекстан халық ағарту комиссары
ЕЛІ ҮШІН ЕҢБЕГІ ЕРЕН
Қазақстанның ұлттық дипломатиясының қалыптасуы
Пәндер