Бейімбет Майлин мұрасы


МАЗМҰНЫ
Кіріспе . . . 6
1 Бейімбет Майлин мұрасы . . . 8
1. 1 Бейімбет Майлин шығармашылығы . . . 8
1. 2 Бейімбет Майлиннің публицистикасы . . . 13
1. 3 Бейімбет Майлиннің драматургиясы . . . 25
2 Бейімбет Майлин әңгімелерінің семантика-стилистикалық сипаты және көркемдік ерекшелігі . . . 31
2. 1 Б. Майлин әңгімелерінің тақырыптық-идеялық сипаты және образдық жүйесі . . . 31
2. 2 Б. Майлин әңгімелерінің стильдік ерекшелігі . . . 44
2. 3 Теңеу, эпитет, метафора, метонимия, синекдоха қолданысы . . . 53
2. 4 Портрет пен пейзаж көрінісі . . . 70
Қорытынды . . . 74
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі . . . 75
Қосымша . . . 77
КІРІСПЕ
Дипломдық жұмыстың өзектілігі: Бейімбет Жармағамбетұлы Майлин -қазақтың көрнекті жазушысы, қазақ әдебиетін қалыптастырушылардың бірі. Қаламгердің поэзия, проза, публицистика, драматургияға қосқан үлесі өте зор. Бейімбет Майлин мұрасының көп бөлігін әңгіме жанры құрайды.
Әңгімелерінің басты тақырыптары кедей, ашаршылық, әйел теңдігі жайында. Жазушы әңгімелерінің зерттелуін, тақырыптық-идеясын Т. Бейісқұловтың «Дарын даралығы», Т. Нұртазиннің «Бейімбет Майлин творчествосы», С. Байменшиннің «Майлының Бейімбеті», Т. Бейісқұловтың «Би аға», С. Байменшиннің «Зергердің зертханасы», Б. Наурызбаевтың «Қазақ прозсындағы Б. Майлиннің прозасы» еңбектерінен көптеп кездестіруге болады.
Десек те, әңгімелерінің семантика-стилистикалық сипатын зерттеу мен көркемдік ерекшеліктерін анықтау әлі де үздіксіз зерттеуді талап етеді. Бұл тақырыптың өзектілігі болып табылады.
Дипломдық жұмыстың мақсаты мен міндеттері.
Зерттеу жұмысының негізгі мақсаты Б. Майлин әңгімелерінің көркемдік ерекшелігі мен суреткерлік шеберлігін таныту. Осы мақсатқа жету үшін мынадай міндеттерді шешу көзделді:
- жазушы әңгімелерінің тақырыптық ерекшелігін, идеясын анықтау;
- әңгімелерінің тіл көркемдігін зерделеу;
- суреткерлiк шеберлiгiн, стиль даралығын пайымдау;
Зерттеу нысаны ретінде Б. Майлин әңгімелері мен жазушы шығармашылығы туралы зерттеу еңбектер (Т. Бейісқұловтың «Дарын даралығы» (1994), «Қанатты қаламгер», Б. Наурызбаевтың «Қазақ прозасындағы Б. Майлиннің прозасы», С. Байменшиннің «Майлының Бейімбеті», «Зергердің зертханасы», Т. Нұртазиннің «Б. Майлин творчествосы» (1966) ), сонымен қатар мерзімді баспасөз бетіндегі ғылыми-танымдық материалдар пайдаланылды. Және Б. Майлиннің «Шұғаның белгісі» атты повестер мен әңгімелер жинағы, «Ел сыры», «Тұңғыш құрбан» еңбектері пайдаланылды.
Дипломдық жұмыстың ғылымилығы: Бейімбет Майлин әңгімелерінің тақырыптық-идеялық сипаты мен образдық жүйесі қарастырылды. Әңгімелерінің стильдік ерекшелігі анықталды. Әңгімелерінің көркемдік ерекшелігі сипатталды.
Дипломдық жұмыстың ғылыми дереккөздері. Зерттеу жұмысының теориялық және әдіснамалық өзегі жөнінде З. Қабдолов, Т. Бейісқұлов, І. Омаров, С. Байменшин, Д. Әбілов, М. Әуезов, Б. Наурызбаев, Т. Нұртазин, С. Мақпырұлы, А. Айғабылов сынды ғалымдардың еңбектерінен дәлелдер келтіріліп, тұжырымдар жасалды.
Дипломдық жұмыстың әдіс-тәсілдері. Дипломдық жұмысты жазу барысында ғылыми деректерді жүйелеу, талдау, жинақтау негізге алынды.
Дипломдық жұмыстың практикалық мәні. Жұмыс нәтижесін орта мектепте қазақ әдебиетін оқытуда, қосымша сабақтарда қолдануға болады. Б. Майлиннің шығармашылығына арналған арнаулы курстарды оқыту барысында пайдалануға болады. Арнайы курсқа арналған оқу құралдарын толықтырарлық деректердің болуы - жұмыстың практикалық мәнін тереңдете түседі.
Диплом жұмыстың құрылымы. Жұмыс кіріспеден, екі тараудан, қорытынды мен пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.
1 БЕЙІМБЕТ МАЙЛИН МҰРАСЫ
1. 1 Бейімбет Майлин шығармашылығы
ХХ ғасырдағы қазақ әдебиетінің аса көрнекті өкілдерінің бірегейі -Бейімбет Майлин. Ол поэзия, проза, драматургия жанрларында өнімді еңбек етіп, өз дәуірінің шындығын, қазақ елінің, әсіресе ауыл адамының санасындағы өзгерулер мен жаңаруларды, халықтың бастан кешірген күрделі оқиғаларын, әлеуметтік өмірдің шытырман қайшылықтарын көрсетті [1, 92] .
Революцияға дейінгі қазақ әдебиетіндегі басты жанр поэзия болды. Қазақтың сол кездегі басқа қаламгерлері секілді, Б. Майлин де негізінде өлеңдер жазды [2, 104] . Профессор С. Ордалиевтің пікірінше, Бейімбет әдебиетке өлеңмен келген [3, 9] .
1923 жылы белгілі қоғам қайраткерлері Сұлтанбек Қожанов «Ақжол» газетіне «Қазіргі революционерлердің барлығы да Абай мен Ахметтің шәкірттері»[4, 58] деп жазғанда қазақ қоғамының осы ғасыр басындағы шындығын дәл ашқан. Расында, зиялы қауымның қай - қайсысы да Ахаң түрлеген тіл мен әдебиеттен алшақ тұра алмады. Бейімбеттің бетін ашқан - Ахмет Байтұрсынов. Тұңғыш өлеңінің «Қазақ» газетінде жариялануының өзі бұған бұлтартпас айғақ.
Ахмет пен Бейімбет арасындағы жақындықты алашордамен байланысты бағалайтын деректер аз емес. Бірақ Бейімбеттің балапан қаламына Ахмет бата берген кезі назардан тыс қалып жүр. Уфадағы «Ғалия» медресесінде оқып жүрген кезінде Бейімбет «Қазақ» газетінің редакторы Ахмет Байтұрсыновпен жүздескен [5, 16] . Бейімбеттің бірге оқыған досы, белгілі башқұрт жазушысы Сайфи Құдаштың естелігі де мұны дәлелдейді.
«Бейімбет подошел ко мне.
- Знаешь, - заговорил он, явно желая поделиться своей радостью, - я только что побывал у больших людей. В Уфу приехал редактор нашей газеты «Казах» Ахмет Байтурсынов. Вчера он собрал всех казахских шакирдов и беседовал с ними. Я попросил, чтобы он принял меня для разговора о моих стихах. Байтурсунов охотно согласился. Вот сегодня я и пошел к нему в гостиницу. Вошел в номер и чуть не ахнул: у него сидят Галимджан Ибрагимов и Мажит Гафури. И хотя мне было неловко, я все же остался, присел в уголке. Мы говорили о вопросах, интересующих казахскую молодежь. Байтурсунов похвалил мои стихи, и обещал напечатать в газете «Казах»[6, 63] .
Бұл Бейімбеттің 19-ға шыққан кезі. Өлеңдері медіресенің «Садақ» қолжазба журналында, «Айқап» журналында жариялана бастаған шағы. Ал «Қазақ» газетіне шығармаларын жариялауы Ахметпен жүздесуден кейін басталды деп сеніммен айта аламыз.
Жалпы Бейімбеттің Ахмет Байтұрсыновтың ықпалымен Алашорда сапында болғаны тарихтағы бұлтартпайтын дерек. 1918 жылғы 30 шілдеде «Қазақ» газетіне жарияланған «Алашордаға» өлеңі де бұған куә.
Газеттің бірінші бетінде жарияланған бұл өлең екі бөлімнен тұрады. Алғашқы бөлімінде:
Бір -ақ қазақ алашым,
Ілгері қарай басасың.
Қол ұстасып ұйымдассаң,
Қатар жұрттан асасың.
Атағын мәңгі қалдырып,
Жасасын, алаш жасасын!
(Нұржан)
деп жазылған. Сірә, бұл шумақтарды газет эпиграф ретінде қолданған тәрізді. Себебі ортақ бас тақырыбы «Алашордаға» деп аталса да, екінші бөлімдегі өлең соңына «Бимұхамед Майлин» деп қол қойылған. Автор:
Бұл күнді де күн бар екен көретін,
Жасты айтып, тілекті Алла беретін.
Жаны үшін жол бастаған жастарға,
Ақыл тілеген азаматтар еретін, - деп толғанады
Қазан төңкерісіне бір жыл толар кезде жазылған осы өлеңінде Бейімбет:
Құтты болсын, алаш ұлы, теңдігің,
Көп жыл жүріп қолға түскен кеңдігің, -
деп алаш қозғалысын қуаттап, «алаш туын қолға алып, бірге жүріп бірге тұратын заман келді» деп қуанады. [2, 16]
Б. Майлиннің ақындық творчествосының басталуына ауыз әдебиеті нұсқалары мен ақындарының өлеңдері әсер етті.
Б. Майлин творчествосындағы үзілмес арқау, күретамыр - қазақ кедейінің өмір өткелдерін жырлау. Сондықтан да: «Жырлағаным - кедейдің жыры, сырлағаным - кедейдің сыры», [1, 85] - дейді ол.
Қатардағы еңбек адамына, кешегі малай, жалшыға, күңге совет заманы не берді, кедейлер өз теңдігін қандай күресте жеңіп алды, ескінің жаңамен арпалысы қандай шиеленісте өтті - бұл құбылыстардың бәрін де ақын реалистік тұрғыдан бейнелеп, өзіндік өрнегі мол поэзиясымен жауап берді.
Майлин поэзясының қадір-қасиеті екі нәрседе - жырлаған тақырыбында және бейнелеген образында. Біріншіден, Бейімбет қазақ кедейінің тұрмысы мен тіршілігін қазақ поэзиясында өзіне дейін болмаған аумақта, кең, терең және жан -жақты суреттеді. Екіншіден, Бейімбет қазақ кедейінің мінезі мен мүсінін қазақ поэзиясында өзіне дейін болмаған деңгейде дәл, тіпті типтік һәм символдық дәрежеде (Мырқымбай) тарихи жағынан нақты және өрбу, өсу үстінде сомдап жазды. Жалпы Майлин ақындығының өзгелерден оқшау тек өзіне ғана ерекшелігі белгіленеді де, қазіргі қазақ поэзиясының дамуына қосқан үлесі анықталады.
Бұрын бұғауда келген қазақ бұқарасының еркіндік алып, ел болуын Б. Майлин көп жырлайды. Соның қатарында ақынның көптеген шығарма арнайтыны қазақ әйелі, оның еркіндікке жетуі, адамгерлік санатқа енуі. Бұл арада Бейімбет Майлиннің поэмаларына көз жеткіземіз. 14 поэмасының бесеуін әйел тақырыбына арнаған ақын еркіндікке жетіп болмаған әйелдердің ескі ауылдағы тіршілігін әртүрлі тұрғыдан алып, жыр етеді.
Ақынның әйел тақырыбындағы поэмалары: «Байдың қызы» (1917), «Разия қыз» (1919), «Қашқан келіншек» (1921), «Зайкүл» (1921), «Маржан» (1923) .
Әйел тақырыбындағы поэмалары әрқилы. Мысал келтірер болсақ, 1919 жылы жазылған «Разия» қыз поэмасы лиро-эпикалық жанрға шеберленуде автордың елеулі табысқа жеткенін көрсетеді. Бұл едәуір көлемді шығарма, уақиғалары күрделі, революция күндеріндегі бастарына іс түскен кейіпкерлердің сезімдері терең ашыла мінезделеді. Поэма махаббат тақырыбында. Әйел теңдігі мәселесі жалқы алынбайды, уақиғаға большевиктердің және ақтардың белгілі қатынасы бар. Шығармада әйел теңдігі мәселесі таптық, советтік тұрғыдан кезіндегі әлеуметтік іргелі мәселелермен ұштастыра баяндалады.
Шығарманың сюжеті. Байдың қызы Разия оқыған Әлім деген кедей жігітке ғашық болады. Қашан келеді деп қарай-қарай көзі талып жүреді. Ақыры қыз бен жігіт жолығып, біріне бірі қосылуға уәде байласады. Әлім қыз әкесіне кісі салады. Бірақ баттал бай келгендерді елемейді. Ақыры қызды қатыны өлген біреу айттырады да, ұзатып жіберу қаупі туған соң, Әлім қызды іздеп келмек болады. Екеуі қашып, қалаға барып, жайларын большевиктерге айтады. Большевиктер оларды қолдап, қорғаймыз деп, бір жақсы пәтерге орналастырады. Бірақ уақытша күші басым ақтардан қауіптенген большевиктер қаланы тастап кетеді. Ақтар келеді.
Баттал бай оларға шағым етеді де, дуанға ертіп барып, Әлім мен Разияның қайда екенін нұсқап жөн сілтейді. Ақтар Әлімді большевикке қызмет істедің деп атуға алып кетеді. Жүгіре шыққан Разия сүйіктісімен бірге оққа ұшады.
Поэма 1919 жылы жазылған дедік. Ол кезде адасқан бағытынан қайтып, бірақ идеялық нысанасын пәлендей айқындай қоймады деп Б. Майлинге арнай мін тағылып жүрген кез еді. Осы поэма міннің орынсыз тағылғанын көрсетеді. Баттал бай құда түсеміз деп келгендерге көңіл аудармағанда баяғы үстемдігін, кедейді елемейтіндігін істейді. Поэмада таптық, саяси, сол кездегі әлеуметтік жағдай туралы айқын суреттемелер бар.
Әйел теңдігін қозғаған поэмада мәселе бұрынғы дәстүрлі жолмен қойылып шешілмейді, жаңаша қойылып, әлеумет революциялық үлкен шайқастар кезінде ғашық жастардың да тағдыры түрліше шешілетінін көрсетеді.
Бейімбет Майлин әдебиетіміздің барлық саласында, әр түрлі жанрларында бірдей қызмет еткен жазушы. Оның творчествосына тән халықтық, қарапайымдылық қасиет тек поэзиясында ғана емес, прозалық шығармасында да ерекше байқалады.
Бейімбет Майлин проза жанрының майталманы. Тіпті әңгіменің хас шебері деп те атаймыз.
Проза - әдеби жанр, қара сөзбен жазылған көркем шығарма (әңгіме, повесть, роман) [7, 341] .
Әдебиетіміздің проза саласында, әсіресе оның көркем әңгіме сияқты шағын жанрында Бейімбеттей көп еңбек еткен және реализмнің аса көркем шыңына жеткен жазушы жоқ десе де болғандай. Заманымыздың ұлы суреткері Мұхтар Әуезов: «Бейімбет Майлин әңгімелерінде терең шыншылдық бар, адам бейнесі, қарым-қатынастары әрдайым нанымды болып шығады. Және бұл шығармалардың түр, үлгісінде дөңгелек келген тұтастық айқын аңғарылады. Бейімбет әңгімелерінің көп топтары революцияның ең алғашқы жылдарынан бастап, отызыншы жылдардың ортасына дейін совет дәуірінде қазақ ауылында болған өмірдің ұзақ көркем шежіресі деуге болады» [8, 358] - деп әділ бағасын бергені аян.
Біздің бақытымызға қарай прозамыз жас болса да - Әуезов сияқты тамаша бөлек, өзінше жеке-дара тұрған құбылыс бар. Оның аты - Бейімбет Майлин [9, 67] .
Повестерінің саны, саспасы жағынан Б. Майлин әдебиетімізде үлкен орын алады. Оның жұртқа кең тарап, мәшһүр болған: «Шұғаның белгісі» (1914-15ж. ), «Раушан коммунист», «Берен», «Асулардан асқанда», «Құсайын Құлбеков», «Әміржанның әңгімесі», «Он бес үй», «Қырманда» повестерімен қатар, газет-журналдар бетінде жарияланып, кезінде жұртшылық таныған «Оспан Олжабаев», «Атылмаған оқ», «Жастық жалыны» повестері бар.
«Жастық жалыны» повесі советтің алғашқы жылдарындағы томаға-тұйық жатқан ауыл қызының тағдыры, ауылдың біртіндеп оянуы, ауыл мұғалімінің ағартушылық ролі мен ықпалы, бұрынғы үстемдердің озбырлығы, көптеген әділетсіздікке, азапқа ұшыраған кедей жігіт Қапанның санасы оянып, күрескерлікке бел байлауы, бұрынғы сүйіктісі Сақыптан көз жазып қалғанына қапалануы, сондай өмір өткелектерінен өтіп шыңдалған Қапанның оқуға аттануы, кетерінде досы Қасен мұғалімге хат жазып, өзінің советтік әділет үшін күресуге бел байлағанын баяндауға арналған шығарма. Повесттің композициясы идеясына лайықты дәрежеде емес, махаббат мәселесі, ауылдағы тартыстар, Байбол қудың сұмырайлық әрекеттері, қыз әкесі Әбілбайдың қайшылық мінездері тым ұзақ суреттеледі. Сақып қыз тұйық, дүниеден хабары аз, махаббатты, еркіндікті әкесінің билігіне көнумен қалай жанастыруды білмейтін тым ақкөңіл тәжірибесіз болып көрінеді. Қапанның інісінің еңбегімен пайдаланып, ауылда салымсақтануы, Қасен мұғалім әлденеше рет айтса да қоғамдық жұмысқа ықылас қоймауы, кейін күрт қиыншылықтарға көптеп ұшырауы, абақтыға түсуі, оған шығамын деп уәде байлап қойған Сақыптың әкесі мен туысқандарының зорлауы мен Байболға қосылуы, балалы болуы, Қапан ұстаудан келгенде егіліп жылай беруі - осының бәрі ептеп жасандылық барлығын, сентементализм элементі сезілетінін көрсетеді.
Алайда бұл идеялық-көркемдік маңызы бар, елеулі повесть. Мұнда бірсыпыра төбе-төбе мәселелер аршынданып көрініп, ұтымды бейнеленіп, дұрыс, оқушыға жақсы әсер етерлік күйде суреттеледі. Повесте психологиялық кезеңдер едәуір, жақсы суреттелген. Ескі әдет-ғұрыптың құрсауында езілген қазақ әйелі махаббаттың не екенін де білмейді, өзінің қоғамдағы ролін де ажыратып тани қойған жоқ. Совет тұсында оның адамдық, азаматтық, махаббаттық сезімдері біртіндеп оянады, томаға-тұйық жүрген әйелдер өзінің және өзгелердің күнделікті өмір практикасына қарап, өзінің көңілінің жетілуіне орайлас оңы-солын біртіндеп таниды. Сақыптың адамгерлігінің және махаббатының оянуы - осы қиын жолды көрсетеді.
Д. Әбіловтың айтуы бойынша Бейімбет Майлин әдебиетімізде повесть жанрын жасау, дамыту, шеберлендіруде бірінші дәрежелі еңбек сіңірді [10, 92] .
Б. Майлиннің «Азамат Азаматычы» «Әдебиет майданы» журналының 1930-1931 жылғы номерлерінде жарияланды да, ақыры 1934 жылы жеке кітап болып басылып шықты. Басқа романдары 1931-1936 жылдары сол журналда, газет беттерінде жарияланды. Әдебиеттегі басты жазушыларымыздың бірі Бейімбет Майлинмен ұзақ жыл творчестволық қаламдас болып бірнеше шығарманы қосылып жазған, сырына қанық Ғ. Мүсірепов, ол романдар жайлы төмендегідей пікір айтады. «Қызыл жалау» романын Б. Майлин жазып тамамдады. Жазушылар ұйымында оқылған, талқыланған. Жұртшылық жоғары баға берген.
Азамат Азаматыч» - романы жасалу әдісі, көркемдік ерекшелігі, стилі жағынан әдебиетімізде дербес шығарма. Ондағы басты ерекшелік - күлкілігі, байсалды реализм сықақпен, сатирамен cабақтасып отыратыны.
«Азаматта» комизмді, сатираны қолданудың екі түрлі сырлары бар. 1) Ескіре бастағанды сықақпен, зілді сынмен ұңғи әшкерелеу, берекесін қашыру, жиренішті, жұрт безінер күйге ұшырату; 2) Қазақ ұлтшылдығы мен байшылдығы туралы автордың философиялық тұжырымын көпке жаю болды.
Ал, «Тартыс», «Атылмаған оқ» романдарының бірнеше тараулары журналда, газеттерде жарияланғанымен, шығармалар жайында пікір айтарлық деректер аз.
Ұлттық әдебиетіміздің баршаға белгілі ізашарларының бірі Бейімбет Майлиннің мұрасы - халқымыздың рухани саладағы аса елеулі қазынасы.
1. 2. Бейімбет Майлин публицистикасы
Б. Майлиннің публицистикасы фельетон, очерк, мақала үшеуінен құралады. Қаламгер жүзге тарта фельетон жариялап, әзіл-күлкілік, сатиралық әдебиетіміздің іргесін қалады, бұл салада жаңадан жол тартты, соны дәстүр құрады. Б. Майлиннің аты сатира саласындағы басты қайраткерлердің бірі ретінде құрметтеледі. 20-30 жылдарда қаламгер очеркті де көптеп жариялап, қаламгерлердің көбінен көш бойы озық отырды. Оның алпыс шамалы очеркі газеттер мен журналдардың бетінде көпшілікке жетіп, оқушы қалың бұқараға игі әсер жасады, советтік рухта тәрбиелеуге көмектесті, очерк жанрын дамытуда мол қор болды, очерктік дәстүр құрап, ол саладағы талаптылардың талай буынына үлгі, өнегелі мектеп секілді болды.
Б. Майлин үшін аса батыл, икемді өткір құрал фельетон болды. Ол фельетон жазуды революция жылдарында бастайды да сатиралық шығармаларды өлеңмен де, проза түрінде де жазып төселеді. Қалайтын тақырыптары күнделікті толғақты мәселелердің төңірегінде. Сөзден, іске көшкен адамдарды, ол істі түрлі бағытта жасап, советтік өмір заңынан ауа жайылғандарды бейнелеу, заң тезіне, советтік өмір тезіне салу болды [2, 308] .
Бейімбет шығармаларын байыптаған кезде біз «оқшау» деген сөзге көбірек мән бердік. Мұның себебі де бар.
«Оқшау» деген сөз, - дейді профессор Темірғали Нұртазин, - революциядан бұрын «Қазақ» газетінде салтқа енген. Ондай әдіспен тек қана фельетон емес, оқиғасы өткір, кенеттен кез болғандай боп келетін сюжетті шығармалар атала берген. Кейде өзінің ішкі маңызының оқыс-ірілігі ия жаңалығымен көзге түсетін шығармалар да «оқшау» деген бұрыштамамен басылып жүрген» [2, 172] .
«Баспасөз бетінде Бейімбет әуелі шағын өлеңмен көрінген еді, - деп жазады профессор Бейсембай Кенжебаев. - Ұзамай, 1915 жылдан әңгіме, очерк, оқшау сөзбен (фельетон) де көрінді» [9, 31] .
Профессор Темірбек Қожакеев те «оқшауды» фельетонның баламасы ретінде қарайды [11, 223] .
«Бейімбеттің көптеген әңгімелерін фельетондар қатарында жатқызуға болады, - дейді профессор Сейділда Ордалиев. - Әдетте ол өз шығармаларына «фельетон» деген атауды қоюға көп бара бермеген [3, 79] . Ғалымның бұл тұжырымына қарағанда, оқшау - фельетон деген сөздің баламасын білдіреді.
Бейімбеттің «Кесінділер», «Сойқанды содырлар» атты еңбектерін саралай келіп, филология ғылымының докторы Бейсенғали Наурызбаев: «Жазушы екі жинағын да оқшаулар деп атаған. Өйткені ол тұста фельетон деген термин қолданылмаған. Сын мақала да, фельетондық сипаты бар туынды да, тіпті көркем әңгіме де бір кезде оқшау, оқшаулау қатарына жатқызыла бергенін көреміз» дейді.
Отызыншы жылдардың орта шеніне дейін оқшау фельетонның баламасы ретінде де, өз алдына дербес жанр түрінде де айтылып, жарияланып келді. Мысалы, «Социалды Қазақстан» газеті таңдаулы туындыларға бәйге жарияланған кезде «бәйгеге түсетін очерктер, фельетондар, оқшау сөздер, күлдіргі әңгімелер . . . » деп атап көрсетті. Газет 1935 жылдың соңына дейін «оқшауша» деген айдарды пайдаланып келді. Бейімбеттің осы кезеңде жарияланған «Бәйбіше байда . . . Тоқал қайда?» атты шығармасына, мәселен, «оқшауша» айдары қойылды. Демек, оқшауды « . . . газеттік мақала мен көркем шығарманың аралығында тұратын туынды» деп түсіну керек.
Сайып келгенде, оқшау - ұлттық баспасөздің қалыптасып, дамуы кезінде пайда болған, Ахмет пен Міржақыптың «Қазақ» газеті арқылы «салтқа енген» таза қазақы жанр. Оқшауды кез келген адам жаза алмаған, тек шынайы көсемсөзшінің ғана қолынан келген. Оқшауға нақты материал - факт, оқиға, құбылыс арқау болып отырған. Оқшау - фельетонның да, очерктің де, көркем әңгіменің де элементтері кездесетін күрделі шығарма. Оқшаудағы оқиға, адам аттары кейде шартты, кейде нақты беріледі. Әсіресе, 20 - жылдары негізінен редакцияларға түскен хаттарды арқау еткен Бейімбет шартты оқшауларды көп жазды. Профессор Бейсембай Кенжебаевтың «революцияның алғашқы жылдарында бүкіл совет баспасөзінде көбіне шартты фельетон болып жүрді; кейін ол қалып, тек фактылы фельетон қолданылды» деген пікірі бұл ойды тиянақтай түседі[9, 62] .
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz